Тәртіп Тәртіп

Тәртіп

26.04.2015 0 2 564

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ 1939 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Аюлы баурайында туған.  Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Мектепте, аудандық оқу бөлімінде «Білім» қоғамында, аудандық... Тәртіп

fileКәмел ЖҮНІСТЕГІ

1939 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Аюлы баурайында туған.  Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Мектепте, аудандық оқу бөлімінде «Білім» қоғамында, аудандық «Замана» газетінде қызмет еткен. «Дос көңілі», «Көне хикая», «Құба белдері» трилогиясының, «Тар заман» спектаклінің авторы.

Қаланың қақ ортасындағы тоғыз қабат ғимараттың нешіншісіне көтерілгені Қаршығаның есінде жоқ, осындағы көптің бірі боп қызыл есікке телміріп тұр. Қызыл есіктің иесі болар, жылтыр сары жігіт ағасы мана ішіне енген. Білетіндер дәл өзі, осы тәртіптік кеңестің бастығы Текебаев десті. Сонан соң шамалы уақыт өткізіп, жұрттың бетіне қарамай, біртіндеп тағы біреулер ішке енді. Қазақ ең болмаса бас изесуші еді, бұларда ол да жоқ екен, түксимесе де қабағын сыртқа салып, қалайы солдаттардай өтіп жатыр.
– Е, құдай, – деп қалды Қаршыға.
– Иә, о не? – деп осы жерде танысқан Қазыбек деген жігіт жалт қарады. Ол да өзі сияқты бір ауылдың әкімі екен. Осы тұрғанда аса даурықпаса да бірақ әңгіменің басын шалып, анекдоттарды да қыстырып жіберген.
– Е, жәй ғой, жәй.
Қаршығаның бұл тұрысы екі әйелдің арызы. Бұрынғы совхоз болған талай-талай ауыл шаңырағы ортасына түсіп қирап жатқанда Қаршыға біреуді ақылға көндіріп, біреуін теріс қарап кеткен үкіметпен қорқытып, ауылдың бір кірпішін бұздырмай ұстап келген. Алақашып-жұлақашуға дайын тұрған талай мұнысына ырза емес, сыртынан даттайды. Есігінің алдына күл-қоқысын үйіп қойып, соған тамашалағандай болып отырған ауылдасы Тәжитке қабақ шытып еді, ол отағасы «Е; менің күйеу балам мұндайды тілмен жалағандай етеді» деп күпсінді. «Ендеше, айта салсайшы, мына боқты да жалай салсын» дегені елге тарап кетті. Көшенің әр жеріне қоқыс салатын жәшік қойдырып, аптаның аяғында жиналған қоқысты өз машинасымен өзі тасып, сонау қазан шұңқырға төгеді. Онысына әуелде біраз жұрт үрпиісе қарап еді, кейін көндігіп, «Е, тазалыққа бұл да дұрыс екен» деуге шықты.
«Елге жақса да елеукенге жақпадының» кері екен. Ауылдағы аяқққаптай медпункттің жылуынан басталды. Іші бірі жылымайды. Насостың керегі жоқ, өзі айналады, өзі жылиды дейтін батареялар тастай. Күйелеш-күйелеш от жағушы «Көрген күнім осы» деп алақанын жаяды. Әнебір дәрігер екі әйелдің мұнымен ісі жоқтай. «Тастай» дейді де тастап жүре береді. Жұмыс кестелеріне де өздері қожа. Шәйларын ішіп, бусанып онда есігін ашса, бір сағат, жарым сағатта ізім-қайым. Ауылда көксау шал да бар, тұмауға тұншыққан бала да жетерлік. Қаршыға шыдамады.
– Оу, бұларың қалай? Айтпайсыңдар ма, ізденбейсіңдер ме?
– Иә, — деп шақ етті жақтырмаған үлкендеуі.
– Медпункт сендердікі ғой.
– Иә, «Онда нең барды» иегімен танытты екіншісі.
– Бұларың дұрыс болмайды, ауру көбейіп барады.
– Оны емдейтін біз ғой.
– Онда не шаруасы бар екен.
«Ұрысқың келсе келе ғой»-дың теріс қабағын танытқан біреуі басындағы кепкасын (Мұнысын әкім баспақ дейді) түзеп, екіншісі шәлісін жұлқып, шыға келді. Қиыстау жатқан ауылға келіп бұларды кім тексеріпті, өздерінікі өзіне жөн.
– Әу, ренжіскеніміз дұрыс болмас, жөнге көшейік. Ауру-сырқау бізге қарап отыр ғой. Осы жұмыспен бала-шағаның нәпақасын тауып отырсыңдар ғой.
– Ақыры керісіп тынды. Өзін би, өзін қожа таныған екеуі дес берер емес. Бұлармен түсінісе алмаған Қаршыға аудандағы бастығына жағдайды айтуға мәжбүр болды. Оған да қарамай, тіміскіленіп жүріп кішігірім насос тауып, аққан су мен майға үсті-басын бұлғап, жылу жүйесіне орнатып тынды. Сонда да екі әйелдің қабағы жібір емес, жұмысқа келіп-кетуі де баяғыша.
– Медпункт жылы. Енді бұларың болмайды. Ауру бар ма, жоқ па, мәселе онда емес, мәселе әркімнің жұмыс орынынан табылуында. Ұнамаса орынды босатыңдар, дәрігер табылады, – деп Қаршыға қаттырақ кеткен.
«Қуып жатыр. Орынымызға бір жақынын алмақшы». Арыз аудан әкіміне жетті. Ол жақ мәселенің байбына барып, арызды өрістетпей, жауып қойған. Сонан соң арыз облысқа, онан әрі Астанаға бірінен соң бірі кетті. Арыздың мазмұн, кейпі де өзгерген. Қаршыға әкім емес – тиран. Жұртты ығыр қылған деспот, елге сүйкімсіз жексұрын. Сонымен тағдырын шешетін осы облыстық тәтіптік кеңестің есігіне телміріп тұр.
Осы жұмысқа қайдан ілігіп едім деп қынжылады іштей. Сәбет үкіметінің тұсында совхоздың білдей жылқышысы еді. Баққан малы өсіп берді. Бірен-саран ұрлық та тиылды, даланың үйір-үйір көкжалына да тай-құлынды жем етпеді. Алдыңғы қатарлы атанған соң ауданнан да бастықтар жиі келгіштейтін. Жолы түсіп, ауданның бірінші басшысы Петровичтің өзі келе қалмасы бар ма? Әйтеуір ас пісіп тұрған. Жылқыны аралап шығып, қатаң қыста қылшығы қисаймағанына риза болған бастық орысша-қазақшасын араластырып:
– Ну, давай, не тамағың бар? – деп қосқа енген. Жылқышы қосы – вагон. Іші жып-жылы. Петрович төрге озды. Ауызғы бөлмеде көмекші жылқышы майысқан алюмин тегенеге ет турап жеп отырған. Бастықтың соңына ерген управлениенің нәшәндігі Мөріш «Мына итаяғың не» деп тегенені етігінің тұмсығымен түртті. Сасып қалған жас жылқышы көзі бағжаңдап, үн қата алмады. Адал асын салып, табақ ретінде пайдаланып отырған тегенені тепкеніне Қаршыға шыдамады.
– Құдай қаласа осы итаяқтан сізге де ас ішкізем, – деп салды.
Абырой болғанда, бүгін қазанға жылқының бір шиманды мүшелері түскен екен. Тегенеге туралған етке Петрович ұмтыла қол салса да, Мөріш қол соза қоймады.
– Ты, бери, — деп бастық бір-екі рет ескертті. Сонан соң ере келген партком Үкібайға бірдеме дәметкендей тесіле қарады.
– Әй, Қаршыға, әлгі стақандар және…, – деп Үкібай шыр айналды.
– Ондайды қойғанбыз.
– Әй, сен өзің… Өзің қалайсың, ей? Біз үшін қойып па ең? Тәртіп қайда, тәртіп, – деп партком шыжалақтаған. Үлкен адам келгенде…
– Тащи, – деп бәрін түсінген аудан бастығы шопырына ым қаққан.
– Қырлы стақанды ортасынан жоғары етіп бір тастап жіберген Петрович асқа әлі қолын созбаған Мөрішке алара қарады.
– Ты, что, жеркеніп отырсың ба? А? Мен жеп отырмын ғой. Ты, смотри, а?
Мөріштің асығыс созылған қолы тегенеге сарт етті. Сол бетінде майлы етті шала шайнап қылғытып жіберген. Қаршыға мырс етті.
– Вот, так вот, – деді енді риза болған бастық.
– Әрине, әрине, – деді езуінен күлкі кетпеген Қаршыға.
– Дұрыс. Сен ризасың келгенімізге. Бұл соның күлкісі, – деп үстеді бастық.
– Тәртіп қой, тәртіп, — деп нығыздады партком.
Сол кездің тәртібі солай шығар. Істеген жұмысы ұнады ма, кім білсін, көп кешікпей Қаршығаның жұмысы ауысты. Селсоветтің бастығы кетіп, Қаршыға селсовет боп шыға келді. Әйтеуір қалтасында мөрі бар. Басқа тартса аяққа жетпейтін бюджет дегеніне ие. Оның өзін сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарағандай, тоғыз жерден қадағалап, тиынын есептеп отырады. Ой-хой, бастық, айхай селсовет дегені болмаса нағыз билік совхоздың директорында. Кездескен сайын әлгі қылжақбас құрдасы Әукеш:
– Әлгі кіндіктен төмен, екі қарыс, – деп нағыз өлшемін айтатын бастық сен емессің бе, – деп анекдоттың шетін шығарады да жүреді.
Япыр-ай, десейші. Сөйтіп жүргенде Сәбет үкіметі құлап, табан астынан әкім бола қалды. Сол аласапыран тұста ешкімнің ала жібін аттамады, басқаға да аттатпауға тырысты. Бірақ әкімнің қайбір мұршасы бар, талай талапай да болып жатты.
– Әй, қамығып тұрсың ғой, – деп Қазыбек әкім ойын бөлді. –Мана біреу кіріп еді, әлі шыққан жоқ. Жүндей түтіп жатқан болар, бейшараны.
– Несіне қамығам. Қызмет қолдың кіріндей демеуші ме еді.
– Әй, шынында да, – деп біреу сағатына қарады.
Әртүрлі іспен кезек күтіп тұрғандардың арасында сыбыр-күбір көбейді. Манағы бір әркім өз ойымен өзі болған тыныштық бұзылып, тірліктің қозғалысы басталды. Осы қозғалыс әркімнің арқасын кеңейткендей. Сөмкесін ақтарған енді біреу газетін ала салып, соңғы жаңалықтармен бөлісті. Журналист мал ұрлығының көбейгенін ашына жазған екен. Бір ауылдың отыз алты бас жылқысын үптеп кетсе, келесі ауылда түнде қапысыз ұйқыдағы біреудің қырық бас қойын тиеп әкетіпті.
– Сонша малын, қорасын ашып тиеп жатқанда иесі қайда? Шіркіндердің ұйқысы мұнша қатты болар ма, ә, – деді мұртты жігіт.
– Пәлі. Соның алдында Қанақбет деген ауылдасы қаладан ит атушы әкеліп қасқыр алатын алпауыт тазысын атып әкетіпті.
– Тазыны атуға болмайды ғой, – деп қалды Қазыбек. – Әдейі қорасын тонауға аттырған да.
– Тазының еті де таза ғой. Талайын пирожкиге өткізіп жатқан жоқ па, –Мұртты жігіт мұртын сипады. – Әй, анау кім дедің? Қанақеб дедің бе? Әлде Қанағаб па? Өзі нағыз имансыз екен? Тазы мен қазақ бірге жасасын дегің келеді ғой, орысқа тазыны аттырғаны қазақтың намысын таптағаны да.
Жалт етіп есік ашылды да, әңгіме шырт үзілді. Сыртқа шыққан толық қара жігіттің соңынан есіктен басын шығарған қыз:
– Дәуқараев, – деп тағы біреуі жетектеп жөнелді.
– Әу, Мәнтан, не болды? – деп ентелесті кезек күтіп тұрғандар толық қара жігітке.
Мәнтан жауап беруге асықпай, тершіген көзін әркімге қадап, қалтасынан әдемілеп бүктесе де суға малып алғандай болған орамалын алып, әуелі маңдайын, сонан соң мойнын сүртті.
– Уһ, Мәнтанның түрі қамыт көріп, жегілген аттай.
– Өзің әбден болдырып шықтың ғой. Не жаза алдың, ей?
– Әбден сілкіледі.
– Ә,бәсе.
– Ана кісі, тіпті ыңқитып, ыңқитып жіберді. Сүргілегенде жаным шығап кете жаздады. Уһ, –Мәнтан, су-су орамалымен бет-аузын сілкілеп, жалтырап жатқан еденге сүрініп ұзай берген.
– Қазыбек мырс етті.
– Менің есіме бір анекдот түсіп тұр.
Мәнтанның түрін көріп қобалжығандар анекдот тыңдауға аса құлықты болмаса да мойын бұрысты. Кім білед, бәріне бүйтіп ұрса қоймас. Анекдот естіп көңілді басып алған да теріс емес шығар.
– Сәбет үкіметі заманында Бетбаққа жақын бір совхозда жұмыс жүрмей қойыпты. Сан партком ауысыпты. Сонан Жұрынбайды партком етіп бекітуге бюроға әкеледі білем. Аты шулы совхозға білімі бар азаматтың бірде бірі жоламайды. Жұрынбай төрт класты іштей, жетіншіні сырттай бітірген сабаз. Кейде қолы тигенде газет оқиды. Жұнттай киінген, мойнында галстук. Бюрода талай мәселе қаралып, талй жігіт терлеп-тепшіп шығып жатса керек. Терлеп-тепшігендердің аузында бір-ақ ауыз сөз «Әлгі анау бар ғой, әлгі прокурор, не әлгі екінші хатшы, әйтпесе біріншінің өзі мені ыңқитты. Тура өлімші етті».
Бюроның не екенін Жұрынбай осы жерде түсінді. Партком боп бекіп, қиқулы совхозға жеткен соң ол да кішігірім бюро ашыпты. Жеті адам көп қой, үш адам жетеді деп шешіпті. Жұрынбай барған соң-ақ совхоз жұмысы жақсара бастайды. Әйел түгілі жатып ішер еркектердің өзі аяғының ұшынан басып, жұмыс десе елпілдеп жөнеледі. Бұған таңданған аудан басшысы жөн сұраса
– Мен де бюро аштым, – дейді екен Жұрынбай.
Озық тәжірибенің мәнісін білуге аудан басшысы әуелі кәсіподақ бастығын, сонан соң управление нәшәндігін, кейіндеу екінші хатшыны жіберсе керек. Бірақ, олар «иә, жұмыс жақсы жүріп жатыр екеннен» әріге бармайды. Көріп-білгені туралы жақ ашпайды. Сонан аудан басшысы мәселені өзі білмекші болып, Жұрынбайды шақыртады білем.
– Иә, айтшы?
– Бюро аштым. Жетеу көп қой, үш адам жетеді.
– Олар не істейді?
– Олар отыратын бөлмені әбден жабдықтадым. Жұмыс істегісі келмейтіндерді сол бюро бөлмесіне кіргізіп жіберемін, жазасын алады.
– Бюроңда кім бар?
– Үш-ақ армян бар.
Қарқ-қарқ күлуге мұршалары келмей, есік жаққа жалтақтағандар ауыздарын баса тұншыға мырс-мырс етіп теріс айналып кетіп жатыр. Аман шыққаннан кейін есін жинаған Монтан шегін басып еңкейген қалпы көзінен аққан жасты тыя алмай, терезенің алдына отыра кетті.
Кезегі келіп ішке еніп кеткен Қазыбекті тәртіпті кеңес ұзақ ұстады. Ол кешіккен сайын ендігі кіретіндердің қобалжуы да көбейген. Манағы бір күлкі де сап тыйылған. Үміт үздіргендей болып барып ол да шықты да өзіне үңілген көпке аса аялдамай
– Қызмет қолдың кірі деп пе едің, Қаршыға? Солай болды, – деп есікке беттеді.
– Қызметпен қоштасқан екен ғой.
– Солай сияқты.
– Е, бәрімізді қуып шықпас.
«Бәрімізді қуып шықпас» деген сөз бәрінің көңіліне жаққандай. Біреуін аямай жазалаған екен, ашулары осымен тарқаған шығар. Қызмет қолдың кірі болғанымен бала-шаға бар ғой, аздаған тиын-тебен солардың нәпақасы ғой. Екі қолға бір күрек дейтін де заман емес, табаның тайса істей қоятын басқа жұмыс жоқ. Сәбет заманындағы «Әй, мен кеттім, жұмысыңды өзің ал» деп, есікті серпе жауып тайып отыру енді қараса астамшылық екен. Ол кезде қағаз жұмысын бермесе ең болмаса баздың қиын аршитын күрек табыла кетуші еді ғой. Енді не жарып отырған ауыл жоқ, не зауыты мен фабрикасы қара күшке емініп отырған қала жоқ. Базарда тәшке тасу қазақтың баласының маңдайына қойылған таңба емес шығар.
Тәртіптік кеңестің кабинеті кең екен. Төрде отырғандарға жеткенше де әлсіздің буыны қалтырар, бетті сөзінен жаңылар. Қаршығаның берген сәлеміне жауап қатқан ешкім жоқ. Текебаевтан басқасы қағазға үңіле қалыпты. Қаршыға бос тұрған орындыққа отырарын не тұрарын білмей екі аяғын кезек суытты.
– Мемлекеттік қызметте жүрген азаматтың аса ізетті болуы керегінен түсінігің бар шығар. Солай десек те сенің мына ісіңді түсінбедік. Ауылыңа дәрігер керегі жоқ па, қалай? Неге қуғынға салдың бұл екеуін? Өзің сол орынға туысқаныңды тықпалайсың. Қорғансыз адам бар деп пе едің? Кәне жауап берші.
Қаршыға ойланып қалды.Ізеттілік деген жақсы ғой. Соның өзі жоғарыдан бұзылып жатса елге не өнеге? Өткенде бір аудандағы бір жиналыстағы уақиға есіне оралды. Басшы мекеме бастығының бірін жіберген азын-аулақ кемшілігі үшін «мақұлықсың, жексұрынсың, сенен ит жақсы» деп жатқанын естіп, түңілгені бар. Құдайға шүкір, ондай өрескелдіктен өз басы ада. Иә, өз жұмысына жауапсыз қарағаны үшін қатты ренжігені рас.
– Әй, сенің дәрігерде не шаруаң бар? Оны түзейтін сен емес, ауданда басшылары бар. Медпункті суық болса соларға айт. Міне «суырша шақылдап, маза бермейді» деп жазыпты. Сен өзің елге жұмыс істетпейтін көрінесің ғой, – деп кірісіп кетті егделеу біреу. Қаршыға оның алдындағы табличкаға қарап «Адамин» дегенді оқыды.
Қаршыға суық медпункті жылыту үшін өзі іздеп жүріп насос орнатқанын. Бұған ешкімнің қаржысы кетпегенін алға тартқан. Әрманырақ отырған қияқ мұрт қойған отыздар шамасындағы жігіт кірісіп кетті.
– Не? Медпукке сантехник боп тұрыппе едің? Осының өзі-ақ сенің кіріспес жерге кірісіп, өзі істелетін жұмысқа кедергі келтіріп жүргеніңнің анық көрінісі емес пе? Енді келіп осы жерге бір қайырымды адам боп көріне қаласың. Сен тіпті насосты тегін алып, тегін салып берген болып тұрсың. Осының артында тағы бір сыбайластық жатпағанына кім кепіл. Сөйте тұра ана екі әйел дәрігерді шырылдатасың-ай, келіп.
Тәртіптік кеңестің төрінде отырған бесеу екен. Алдарында жатқан Қаршығаның үстінен жазылған арыз болар, соған үңіліседі де қым-қиғаш сұрақты жаңбырша жаудырады. Мұндайды көрмеген басы әуелде қатты абдырап, айтар жауабына мүдіріп, берекесі кеткен еді, аздан соң тозаққа да үйренеді дегендей, есін жиып, сөзіне сөз қайтара бастады.
– Міне қараңдаршы, – деді әріректегі көзілдірікті сары. –Клубтағыларға да маза бермейтін көрінеді. Мынау өзін жарым патша санап жүрген біреу ғой, ә.
– Енді қайтейін, көз алдымда «клубқа ремонт жасадық» деп өтірік айтып кетсе. Менің білгенім жөндеуге деп үш жүз жиырма мың бөлінген. Ол түгілі үш жүз теңгеге де жөндеген жоқ. Клубтың бір бұрышын, ит сарыған жерін лайлады да кетті, – Қаршыға терін сүртті.
– Мынаның тілінің ащысын. Ит сарыған дейді. Әй оны тексеретін, ақшасын іздейтін жер бар. Сенің оған қимаң неге қышып отыр. Мынау өзі қандай адам, – деп көзілдірікті сары Текебаевқа мойнын созды.
Қаршыға енді осы отырған тәртіптік кеңестің мүшелерінің аты-жөніне көз жүгірткісі де келмеді. Байқағаны ортада отырған мосқал қара кісі ғана қағазды аударып-төңкергені болмаса аса ештеңеге кірісе қоймай үнсіз отыр. Кейде басқаларының сол кісіге жалтақтап қалатынын байқады.
– Мынаны қара, «сымнан өрт кетеді» деп тиісіпті әлгі медиктерге. Онда сенің не шаруаң бар, ей? Өртенсе – хабарла өртшілерге!
– Сонда не? Үй-қара, маялы шөп жанып жатса да, сонау ауданға хабарлап қойып, шәй ішіп отыра бермекпін бе? – деп шарт сынды Қаршыға.
Мосқал қара мырс етті. Қияқ мұртты абдырап, танауының астынан бірдеңе деп міңгірлеп, Текебаевқа жалтақтаған еді, тәртіптік кеңестің бастығы сөзге араласып келеңсіз жағдайдан шығарып әкетті.
– Сен тіпті шаруа қожалықтарына да тиіседі екенсің ғой. Жылқының бағынында не шаруаң бар, ә? Оның саған не қатынасы бар. Сен барлы-жоғы әкімсің, бәріне кірісетін совхоздың директоры емессің. Осыны неге түсінбейсің?
– Айтайын.
– Ал, айтшы.
– Бір жыл үндемей жүрдім. Соның салдарынан жылқышылар елдің малын қыста жаздай мал шиырлап тастаған жерге тебінге салып, мал іш тастап, көтерем боп зорға шықты қыстан. Сонан келер жылы қыста малды қайда, қашан салатынын бақылағаным рас. Оным қателік болса, енді не айтайын.?
– Жігіт шаруашылықты білетін адам сияқты, – деп қалды мосқал қара. Қатайып бара жатқан жиналыстың екпіні осы сөзден кейін сәл босаңсығандай еді, көзілдірікті сары жаңа екпін енгізді.
– Ал, анау қыстақтағы екіқабат әйелге ауылыңдағы екі дәрігердің бірін ертпей неге өзің барасың? Сен, не, акушерсің бе? Бұл не деген бетімен кеткендік?
– Осы жерде еш жазығым жоқ.
– Жазығы жоғы несі мынаның. Өйтіп ақталма.
– Өзі айтсын, – деп қалды мосқал қара.
– Ал, зарлашы, тағы не өтірігің бар, – деп тіксінді Текебаев.
– Гинеколог келген. Сонау қияндағы қыстақтағы келіншек есептерінде екен. Соған баруы аса қажет. Ауылдағы екі дәрігер қарасын көрсетпей кетті. Амал жоқ, бір тракториске жалынуға тура келді. Он шақырым жерге қыста он екі сағат жүріп бардық. Кабинада тракторис пен гинеколог. Мен үшінші болып зорға сығылыстым. Сонда ауылдағы дәрігер қатынды іздеуім керек еді? Аудандағы бір мықты «сен жұмсалмайтын H3-дағы солярканы бердің» деп айып салды. Оны да өз қалтамнан төледім. Әлде, гинеколог әйелдің аяғына шаңғы байлап «ал, жөнел» деуім керек пе еді?
– Әй, сен өйтіп қиястанба. Сенің ойнайтын жерің бұл жер емес. Ауылыңда не болса соны істеп, аузыңа келгенді айтып бетіңмен кеткенсің, – деп зілденді Текебаев. – Қарашы мұны. Тағы кімде, не бар?
– Ұрлықты да өзі жауыпты. Өзі сот, өзі прокурор мұның, – деп іліп әкетті қиық мұртты.
– Ұрлықты неге жабасың?
– Ол ұрлық емес.
– Сонда қойды тападай тал түсте әкетіп бара жатқан кім?
– Дұрыс айтасың, тал-түс кезі. Өзі мас, жетектеп бара жатқан қой ол орта жолда жығылған соң қашып кеткен. Масты кезіккен таныс адам үйіне жеткізіп тастапты. Ертеңіне милициямен алдырып едім, есіткен ел силайтын Қапкең ақсақал басын сұқты да: «Масқа қой не, ит не? Жетегіне жүрсе болды ғой» деді де есікті жауып шығып кетті. Сол ісі үшін мас болған жігіт иесінен кешірім сұрады, айыбын берді. Осындай болмашыға бола соттай берсек, түрме жетпес. Елді де тыңдау керек қой.
– Сен не, бізді елден безген дегің келіп тұр ма? – деп қыстырылысты көзілдірікті сары.
– Қателігін түсінбей осы жерде бізбен салғыласып тұр. – Қиық мұртты ұшып-қонды.
– Бұл осы жерде өстиді, елге не демейді, не істемейді, ә? – деп таңданған болды Текебаев. – Әлгі арызда «Тиран» деп жазған ба? Иә, оңай емес.
Тәртіптік кеңестің мүшелері өзді-өзі күбірлесіп, Қаршығаның шыға тұруын өтінген. Бес-он минуттан кейін қайта шақырды.
Айыбың жеткілікті екен, әкім жігіт. Сені орыныңнан алу керек еді, бірақ кейбір мәселелерге байланысты әзірше қызметін атқара тұрсын деп шештік. Жазасыз емессің, қатаң сөгіс береміз. Осы ісіңді қайталасаң орыныңнан босатамыз, – деп Текебаев әр буынға салма тастап, нығырлап сөзін бітірген.
Ертеңіне-ақ естіген газет шулатып көтеріп әкетті. Қасықтап жинаған абыройы бар еді, табан асты тапталып шыға келді. Есігін ашып «Не болды» дегендерге ақталып та жатпады. Қылмыспен ұсталғандай елге қарауға бет жоқ. Еңсесі түсіп, солбырайып кеңсесінің сыртында тұрған ол дәрігер екі әйелдің шиқ-шиқ күлкісін естіді. Көзінің қиығын да жүгіртпей, аяздан жасқанған адамдай теріс айнала берді.
Жүнжіңкіреп жүр. Екі айдан аса уақыт өткен. Пошташы әйел «мына бір мақаланы оқыңызшы, қызық екен» деп облыстық газетті қолына ұстатты. Япыр-ай! Өз көзіне өзі сенбей, уқалап жіберіп қайта оқыды. Мәссаған. Облыстық тәртіптік кеңестің жұмысына шүйлігіпті. Соның бастығы Текебаев сыбайластыққа салынған екен, жұмыстан босатып, өзіне іс қозғапты.
Қаршыға көшеде жалғыз тұрғанын енді байқады. Батыс жаққа еңкейіп қалған күн бұлттарды алқызыл реңге бояп, қайталанбас сурет салып тұр екен. Алқызыл реңге малынған бұлттар да асықпай аяңдайтын қаздардай мамырлап, баяу жылжып барады. Алыстағы көкше таулардың бергі бетіне көлеңке де түсіп үлгергендей. Япыр-ай, тып-тыныш кешкі мезет қандай тамаша! Аптап ыстықтың да беті қайтіп, қоңыр салқын самал үрлеген.
– Әкім аға! Әкім аға! – зырылдатып келіп қалған бала велігін шаң шығара тежеді. – Көдектің қасқа сиырына жай түсіпті, – деді де әрі қарай жүйткіте жөнелді.
– Е, – Қаршыға велосипедші баланың соңынан аңырап қарады. – Енді ол жазмыштың ісі де.
Бұл сөгіс алғаннан бері жәшік-жәшіктегі қоқысты да ешкім шығара қоймапты. Көзінің қиығын салып, бүгежектеп үйіне қарай кете берді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *