КЕРМЕК ДӘМ КЕРМЕК ДӘМ

КЕРМЕК ДӘМ

24.09.2020 0 2 173

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі   Түсім бе, өңім бе, ыстық алақан бетімнен, басымнан қауырсынның жұмсақ самалындай ғана леппен сипап... КЕРМЕК ДӘМ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Түсім бе, өңім бе, ыстық алақан бетімнен, басымнан қауырсынның жұмсақ самалындай ғана леппен сипап өтті. Дәл сол кезде тұмауратып денемді көтере алмай жатқан мен шуақты бір күйге бөленіп, жеңілдеп сала бердім. Іле басыма «бұл кім болды екен?» деген ой келді. Жақында ғана бір топ студентті мақта теріміне әкелген. Күн өтіп кетті ме, ауа райы жақпады ма, кім білсін, басымды көтере алмай құлағам. Боса–болмаса да анашым ауылда қалған. Алыста ажырамас арқасүйер кімім бар? Көңіл иірімдері тереңіне тарта түсті. Басымды жастықтан жұлып алдым.
Бұл–Гүлзада еді!
–Сені ауырып қалды деп естіген соң …Бүгінге куратордан сұранғам. Саған не әкелгенімді білесің бе?– деді ол маған ұяң ғана тіл қатып.
Оның көзінен де, сөзінен де бауырға деген жанашырлық лебі сезіліп тұрды. Өн бойым ысып сала берді.
Гүлзада әкелген түйіншегін аша бастады. Құдай–ау, онда не жоқ дейсіз? Мұның барлығын қайдан алған? Мына дәрілерді қайдан тапқан?
–Басың ауырады ма? Мына дәріні ішіп алшы, жеңілдеп қаласың,–деп бәйек болып отыр.
Ол маған дәрі мен су ұсынды.
Құдайақы, рас айтамын, тұла бойым жеңілдеп сала берді. Жаңа ғана ішкен дәрі бойыма дарып та үлгермеген шығар–ау. Маған күш берген, сенім берген осы бір екі көзі боталаған, жүрегінен ылғи да жылылық есетін Гүлзада еді. Ол қараторының әдемісі. Қос жанары мойылдай қара. Сол мойылдай қара көз елжіремелі күйде қарағанда тұла бойым өзінен өзі ысып сала береді. Күле сөйлегенде екі бетіне пайда бола кететін шағын шұңқыршалар оның сүйкімін арттыра түседі. Жеңіл де жылдам қозғалатын қыз бойында ерекше бір еркелік бар.
Негізінен ер балаларға арналған бұл жатақханаға қыздардың ешқайсысы бас сұқпайды. Бас сұғу былай тұрсын, маңайламайды да. Батылын қарай гөр, ештеңеден қысылмастан, қымсынбастан Гүлзада жалғыз келіпті. Анамдай аялап, жанашыр болып отырған қызды қалай жақсы көрмейін?!
Бірақ, менің жақсы көруім, іштегі жасырынулы жанартауым мүлде бөлек еді…
Біздің оқу орынында қыздар құмырсқадай қаптап жүреді. Небір жәудір жанарлы, аршын төс, қыр мұрынды, оймақ ауызды, бота тірсекті үріп ауызға салғандай ажарлы бойжеткендер «мсні неге көрмейсің?» дегендей әрі де, бері де сапырылысып өтуші еді. Бірақ, сол мыңдаған қыздың ішінен менің көзім тек Гүлзадаға ғана байланды.
Айтпақшы, көршілес дала қосынан небір бұраңбел бойжеткендер кешкі ойын–сауыққа келіп, биге араласушы еді. Негізі, қыздар былайғыда бұйығы көрінгендерімен, биге келгенде ашылып, жайраң қағып шыға келеді ғой. Кешкі биде олардың талайымен кездесесің. Тоқ балтырлы толық қыз, бота тірсек бұраңбел бойжеткен, ақ борықтай сұлу мүсінділер мұнда толып жүр. Құлындай сұлу мүсінді бойжеткендер саз ырғағымен мың бұрала билегенде сезім шарпылысы шарықтап, көңіл көкдөнені қияға ала қашады. Би алаңы–сұлулық салоны дерсің. Сұлулық жиынтығынан көзіңді ала алмайсың. Қанша жерден биге келгенде ебедейсіздеумін деп өзіне–өзі сене алмай тұрғаныңмен, думанды ортаға лап етіп түсіп кеткеніңді аңғара да алмайсың.
Міне, осы сұлулық салонында менің көзіме Гүлзададан басқа ешкім түсе қоймады. Гүлзада былай қарасаң, басқақыздардан асып–артып бара жатқан ештеңесі жоқ, тәмпіш танау, қараторы қыз. Бойы да аса биік емес. Орта бойлы. Бірақ, неге екенін өзім де білмеймін, Гүлзада десе жүрегім дүрсілдеп қоя береді. Оны көрмесем, әлденемді жоғалытқандай беймаза күй кешемін.
Тағдыр кейде адамға тосын сый тартулап жатады. Өз қиялыңдағы адаммен ойда жоқта кездейсоқ жолығасың. Қол жетпес армандай көрінетін арудың жанында жүргеніңе сеніп–сенбесіңді білмейсің.
Расында, Гүлзада маған тағдырдың өзі жолықтырған ару еді! Нақ қай күні кездестік, қай күні бір–бірімізге алғаш тіл қатыстық, есімде жоқ. Бірақ, ол маған бұрыннан таныс–білістей жақын еді. Тым жақын болатын. Бәлкім, бізді табыстырған әдебиетке деген махаббатымыз шығар.
Иә,иә бір күні ол кітапханада менің қойын дәптерімдегі шатып–бұтып жазған өлеңсымақтарымды көріп қалды. Қолына ұстап тұрған дәптерді кері қайтарып ала алмадым. Оның ретін таппадым.
– Өлең жазады екенсің ғой.
– Аздап…
– Ақын екеніңді білмеппін.
Менің бетім ду ете қалды. Өйткені, осы уақытқа дейін мені ешкім ақын деп атамаған еді. Мектеп қабырғасында жүргенімде аудандық газетке мақалаларым шығып, «тілші бала» атанғаным бар. Осы құрметпен мектептегі қабырға газетінің редакторы болып сайланғанмын. Десек те, ешбір газет–журналға бірде–бір өлеңімді жариялата алмағанмын. «Көркемдік қуаты әлсіз екен, ұйқастары шымыр емес, ойыңды анық жеткізе алмапсың» деген сияқты біртектес жауаптар келетін. Ерегіссе алған бетінен қайтпайтын бірбеткей балалар болады ғой. Мен де өлең дегенде алған бетімнен қайтпадым. Қаншама ақындардан сын естісем де поэзия әлемінен пырағымды әкете алмай–ақ жүргенмін. Бұдан бөлек, қойын дәптерімде алғашқы махаббатыма арналған өлеңдерім бар емес пе? Гүлзада сол өлеңдерді оқып қоймас па екен?
Гүлзада дәптердің бір–екі бетін аудастырып, бірер шимайымды оқып көрді.
– Санжар, өлеңдеріңді әлі де ширата түсуің керек сияқты,–деді тұнжыр томсарып.
Өлеңдерімнің әлі де бір қайнауы ішінде екенін ішім сезуші еді. Газет–журнал қызметкерлерінің хаттары менің өр кеудемді өрекпітіп, тулатқанымен, жазуға деген талпынысымды ірке алмаған. Ал, өзіме етене жақын тартып жүрген қыздың тұнжыр күйде айтқан түйіні мені алай–дүлей күйге түсірді. Мен сонда да от–өлеңмен қоштаса алмадым. Өйткені, Гүлзадаға деген сезімімді басқалай жеткізе алмаймын деген нық сенімде едім. Бәлкім, бұдан да тәуірірек өлең жазуыма Гүлзаданың септігі тиіп қалар. «Жігіт қызға ғашық болса ақын болады»деп білетіндер босқа айтпаған шығар. Ақын бола алмасам да ,ақынжанды шығармын. «Мына алмағайып, аласапыран заманда бір таза болса, ақындардың ғана жүрегі таза» дегенді бір кітаптаноқығаным бар. Ал, жүрегі таза болып өту– әр адамның арманы емес пе? Түптеп келгенде жүрегі таза жігітті қыздардың сүймеуі мүмкін емес.
Осы оймен өлеңмен де, Гүлзададан да қоштаса алмадым.
– Әлі-ақ сауығып кетесің,–деді Гүлзада тағы да басымнан сипап.
Алақанының жылы табы басымды шарпып өтіп, жүрегіме нұр болып құйылып жатқандай. Қолын басымнан алмаса екен, осылай отыра берсе екен деп іштей тілеп тұрмын.
– Менің кетуім керек. Түсінесің ғой. Тағы да келемін,–деп ол орнынан тұрды.
Гүлзада мақташылар жатақ-ханасынан шығып бара жатқанда көңілімнің көгіне бұлт қонақтап, жылы жаңбырлар жүзімді жуып жатты. Теріс қарап аунап түсіп, неге екенін білмеймін, ұзақ жыладым. Ауылды, ауылда менің ертерек адам болуымды Алладан жатса да, тұрса да тілеп отырған, жастайынан жесір қалып, қолынан орамалы кетпеген, көзінің сорасы кеппеген, қайғы–мұңынан арыла алмаған анамды, соңымнан ерген інімді ойладым ба, кім білсін, жұбана алмадым. Бәлкім, Гүлзаданың маған деген бауырмал пейіл–ықыласы жүрегімді елжіреткен болар. Бозшолақ атты бейдауа дүние–ай, адамды мұншалықты мұңға орап, мұнарға малындырып қоярмысың!
Гүлзада уәдесіне берік екен. Ертесіне де, одан кейін де сөмкесіне әлденелерді салып келіп тұрды. Келген сайын мені бауырындай еркелетіп, әкелгендерін ауызыма тыққыштаумен болады. Осындай өбектеулерден соң мен шолжаң баладай еркелеп, ауырған болып жата бергім келеді. Әлпеш көңіл біреу мелдектетіп мейірім–шапағатын молынан себелеп тұрса деп тілейді. Аялы алақанды сірә, ешкім де жек көрмейді. Мен де барақат тапқан сәттерімнен ажырағым келмейді. Алайда, тепсе темір үзетін жігіттің шамалы самалданғанға шалжиып жатып алғанын кім хош көреді. Кіртиіп қалған көзімде от тұтанып қалғанын көрсе керек, кураторымыз ендігі еркелігімді артық санады.
Біз мақталықта жолықтық.
– Жұмысқа шығыпсың ғой,– деді Гүлзада қасыма келіп.
– Иә.
– Басыңның ауырғаны қойды ма?
– Сені көрсем, жазылып кетемін.
– Бәлесін қарай гөр өзінің?
Мұны айтқан Гүлзада емес еді. Оның қасында Ақбота бар болатын. Гүлзада екеуіміздің үнемі бірге жүретінімізді білетін ол кейде әзілдеп, кейде әзіл–шыңы аралас екеуімізді үйлендіріп те қояды.
– Қарашы, Гүлзада! Мына Қозы Көрпешің ғашықтықтан үзіліп кеткелі тұр ғой.
Ақботаның мына сөзі жаныма жағып барады. Гүлзадаға ұрлана қарасам, түк болмағандай жылы жымиып қана тұр екен. Оның байыпты да байсалды жүзінен бауырмалдық мейірім көрдім. Тәтті сезімге пәк көңілдің жауабын таппай, екіұдай күйде аласұрдым да қалдым. Әлде мені сүймейді ме? Олай болса неге әурелейді? Осы сауалдардың жауабын таппай, ойқамаулы күйде сергелдеңді соқпаққа сүңгідім де кеттім. Менің кірнесіз көңілімді бір түсінсе, Гүлзада түсінуі тиіс деп ойлаушы едім.
Бұл күні де мен терген мақтамның жартысын Гүлзадаға бердім. Неге екенін өзім де білмеймін, ол үнемі алда болса екен деп тілеймін. Оның үлбіреген нәзік саусақтарын аяймын.Мені арқа тұта ма әлде бұрын мақта теріп көрмегендіктен бе, ол үнемі құрбы қыздарынан қалып қоя береді. Соның орнын толтыру үшін тергенімнің жартысын оның қапшығына саламын.
– Керегі жоқ, керегі жоқ,–деп тартыншақтайды Гүлзада мұндайда шыр–пыр болып.
– Неге? Ақботадан қалып қоясың ғой.
– Мейлі. Қалсам, қалып қояйын. Онда тұрған не бар?
– Үлкен мәселе бар. Сені біреулер ақсаусақ деуі мүмкін.
– Дей берсін. Бұдан былай маған көмектеспе. Жалқау болып қалуым мүмкін.
– Жалқау емессің. Бұрын мақта теріп көрмегендіктен, әлі үйрене алмай жатырсың.
– Дұрыс айтасың. Мен әлі–ақ озат терімші атанамын. Сен бұдан былай маған терген мақтаңды беруші болма.
– Неге?
– Өйткені, біздің бұл жұмысымызға еңбекақы жазылады. Ертең қалаға қайтқанда саған да киім, тамақ керек.
– Керек емес. Жоқ,керек. Мен ауылдан ақша алдырамын. Ал, сенің ауылың алыста. Сондықтан саған ақша көп керек,– деймін оған уәж айтқансып.
Қарап отырсам, ауылдан мол қаржы алдыра қоятындай қандай мықты тірегім бар? Апам болса шашы–сыпырғы, қолы–көсеу болып жүріп кеңшардан болмашы қаржы табады. Оны мен сыпырып әкетсем, інім екеуінің жайы не болады? Қыстық отын керек. Мектепке баратын ініме киім керек. Мұндай керектер біздің үйде толып жатыр. Бірақ, мен бұл ойымды Гүлзадаға айтпаймын. Бауыры бүтін, бүйірі тоқ адам болып көрінгім келеді.
Осында келгелі қатарлас жүйекте бірге мақта теріп жүрміз. Жұбымыз жазылмайды. Талай сыр ақтарылды. Соның арасында әкесіз өскенімді, ауылда анам мен інім ғана қалғанын да сөз ретіне қарай айтып қойғанмын. Сонда менің бұл мақтанғаным қай мақтану? Қыз біткеннің бір естігенін оңайлықпен ұмытпайтын сұңғыла болатынын есімнен тарс шығарып алыппын. Менің бөсіп келе жатқанымды сезіп Гүлзада нарау тартып қалды. Ернін жымқырып, бір түмен ойға батып кетіпті. Әлден соң ол басын көтерді.
– Санжар, екеуіміз мақта теріп жарысайық,–деді сосын.
Мен оның «бұдан былай терген мақтаңды маған беруші болма» дегенін түсіндім.
Еңкейе-еңкейе бел талды. Мен бір тізерлеп отыра кеттім. Мақтаны сабағынан жалаңаш қолмен жұлғандықтан алақандарым дуылдап ашып барады. Сонда да айналамдағы аппақ әлемге қызыға қараймын. Бәлкім, қасымда Гүлзаданың болуы ұшпалы көңіліме желік бітіретін шығар.
Гүлзада иіліп келіп қасыма отырды. Қапшыққа сүйеулі басымды көтеріп, тізесіне қойды. Жылы да жұмсақ бір леп басымды аралап өтті. Өн бойыма тарап бара жатқан жылы ағыс жүріп өткен жолын түгелдей шымырлатып, ток соққандай дірілдетеді. Мұндай серіппелі сәтті бұрын басымнан өткермегендіктен де шығар, буындарым босай бастағандай.
Бауырмал қыздың ойы шөпшекте шығар-ау, ал сол мезетте менің құбылмалы қиялым қиырларды шарлап кеткен еді. Бойды балқытқан тәтті шымыр басылмаса екен деп тілеп жаттым. Осынымды сезгендей Гүлзада жылы да жұмсақ алақандарымен шашымды тарай бастады. Мен ішпей–жемей мас болдым. Төрткүл дүние көз алдымда шыр айналып, ғажайып әлемге сүңгіп бара жаттым.
– Кешегі ауырғаныңның салдары шығар, өзің сатқақ ұрғандай жүдеп кетіпсің,– деп қамқорлық танытқан қыз еңкейіп шашымнан иіскеді.
– Шашыңнан күн иісі шығады. Інімді де осылай еркелетуші едім. Оның да шашынан күн иісі шығып тұрушы еді. Сағындым өзің,–деп бір қойды.
Менің ішім қылп ете қалды. Осыншалық жақындықты балауса, балғын махаббатыма жауабы шығар деуші едім. Сөйтсем, ол… Жарымкөңіл ақсақ сезім қоңылтақсып қалды. Ішіме бір түйін пайда болып, ащытып барады. Көкейіме өксік тығылды. Бірақ, қыз тізесінде жатып, жылай алмайды екенсің. «Сүймейді екен. Несіне емексітіп, емінеді» деген ой санамды әлем–жәлем құйынға айналдырды. Бәлекей бойжеткен түрімнің бұзылып кеткенін лезде аңғарды.
– Санжар, саған не болды?–деп көзіме тік қарады.
– Жай, апамның еске түсіп кеткені,–дедім ішкі арпалысымды бүркемелеп.
– Апаңды сағынып жүр екенсің–ау. Мен де анамды, бауырларымды сағынып жүрмін.
Бір тамшы жас бетіме үзіліп түсті. Мен басымды көтеріп, оның жас жуған бетінен сүйе бердім. Жастың кермек болатынын тұңғыш сонда аңғардым. Гүлзада қолымды қаққан жоқ.
Сол күні біз кешке дейін бір–бірімізбен жарысып мақта тердік. Бір–бірімізге қарамауға тырыстық. Қарай қалсақ, ішкі сырымызды ашып алатындай жасқандық.
Мақтаны таразбанға тапсырып шыққанда күн ұясына қонып та үлгерген еді.
Мақталық шетіндегі арықты бойлай жүріп келеміз. Әлден соң көз байлана бастады. Кібіртек әңгіме көсіле алмады. Менің ішімдегі бітеужараның ұшығы қайтпай–ақ қойды. Сонда да көзге көрінбейтін бір жіп екеуіміздің арамыздағы нәзік байланысты байлап тастағандай босатпады.
Екеуіміз өз ойларымызбен келе жатқанда жапырақтар арасынан бір торғай пыр етіп ұшып шыға келмесі бар ма? Селк ете қалған Гүлзада ытқып келіп менің құшағыма кірді де кетті. Япырай, құшағы жанып тұрған от екен ғой. Кеудесіндегі көріктей қос алмасы басылып–керілгенде денемді өртеп жібере жаздады. Әлдебір құштарлық от болып тұтанып, бойымды шымырлатып келе жатты. Мен қызды құшағыма қуып тыққан торғайға риза едім. Тағы бір торғай аяқ астынан пыр етіп ұшып, қыздың құшағымнан босамағанын қалап келемін.
–Ой, қатты қорыққаным-ай!–деді әлден соң алқынып тұрып.
Ол жатақханаға жеткенше менің қолтығымда жүрегімді жылытып келді. Осы екі арада не сөйлестік, не айтып ақтарылдық, есімде жоқ. Сірә, көптен күткен жұлдызды сәт есімнен тандырған шығар.
Студенттер кешкі тамақтарын ішіп болып, жатақханаға тарай бастаған екен. Асханадан екеуімізге бірдеңе табылды. Алайда, бұл кеште мен ішпей–жемей тоқ едім. Алабұртқан қыз жанарына қарай беруден жалықпадым. Ол да маған тұнжыр көзімен жиі қарағыштап, құшағыма тығыла түсті. Бақыттан басым айналды.
Сол суымаған сезім сілкіністерімен билеп жатқан жастардың ортасына сүңгідік те кеттік. Кешкі тымық ауада әуелеген әсем әуен делебе қоздырады. Алқын–жұлқын биге араласқан қыз–жігіттер әуен ырғағымен мың құбылып тербеліп жүр. Қарақат көзді қараторы Гүлзада құндыздай құлпырды.Ауызым ашылып қалыпты. Балғын денесі былқ–сылқ етіп ырғақ әуенімен әсем қозғалады. Ол бүгін тым ажарланып кетіп еді.
Курстас досым Нығымет тақап келіп:
– Ау, Санжар, рұқсат ет, сұлуыңмен мен де бір рет билеп келейін, – деді.
– Жоқ,–дедім мен батылданып, –айналаңа қарасаңшы, қыз дегенін толып тұр ғой.
Гүлзаданың көзінен ризалық табы сезілді. «Солай ет. Бақытыңды оңайлықпен уысыңнан шығарма» дейтіндей.
Бақкүндес курстастарымның сырттай көбік сөзді сапырып тұрғандарын іштей сеземін. Бірақ, құшағымнан сүйіктімді бір сәтке де босатқым жоқ. Дүние шыр айналып, дөңгеленіп өтіп жатты. Бұл кеште мен тек Гүлзадамен ғана биледім. Ол да биге шақырған жігіттердің бірнешеуіне үнсіз қар-сылық білдірді. Бұған менің қыбым қанып қалды.
Сол түні біз жатақханадан жырақ кетіп, торғын шымылдықтай таңғы мұнарды бірге қарсы алдық. Күн қуанып оянған баладай күлімдеп тұрды.
Мақта терімінен махаббат отын маздатып оралған мен оқуыма алаңсыз кірістім. Қасымда Гүлзада барда, махаббатым барда менің тек жақсы оқуым керек еді. Ана аманатын орындауым керек еді. Гүлзададай гүл реңді келінге ол ғана емес, бүкіл ауыл болып қуанары анық.
Абай атамыз айтып кеткен махаббат қызық, мол жылдарда уақыт шіркін ұршықша зыр айналады екен–ау. Қызығы мен қуанышы, шаттығы мен шуағы мол күндер ақырын–ақырын шегініп, құрғырлардың алыстап кетерін ойлаппыз ба? Негізі шаттық, қуаныш құшағында жүргендер Уақыт атты ұлы құдіреттің бағасын білмейді. Білгісі де келетін шығар-ау, алайда, болып–толмаққа, білмекке ұмтылған көңіл құсы самғай ұшып, уақыттың зығыршықтай зыр айналып өтіп жатқанын байқамайды екен. Әне–міне дегенше бірінші курсты да бітіріп тастаппыз.
Адамдар кейде әлдебір асылын, қимас затын жүрек қатпарына жасырады да оқыс есіне түскенде сарылып іздей бастайды. Бірінші курсты бітірген студенттер де осындай алаңжарлы көңіл–күйде еді. Сынақтарын түгел тапсырып болғандар едел–жедел жиналып, ауылдарына асығыс аттанып жатты. Иә, әркімге де кіндік қаны тамған жері ыстық. Отбасына, әке–шешелеріне, бауырларына, құрбы–құрдастарына деген сағыныш та оларды сабырсыздандыра түсті.
Несі бар, үш ай үш күндей болмай өте шығар. Қоңыр күз есік қаққанда еліміздің әр түкпірінен алтын бесік ұямызға қоңыраулатып жетерміз. Сағынысып қауышармыз.
Осы оймен Гүлзадамен күмән–сезіксіз қоштастым. Перронда тұрып мойылдай қара көзіне ұзақ қарадым. Ол да мені бұрынғысынша бетімнен, басымнан сипап, қимастықпен қарап тұрды.
– Апамды сағындым. Ол кісі соңғы кезде жиі сырқаттанып қалатын болыпты. Қасында болып қайтайын. Бара салып хат жазамын,– деді дауысы құмыға шығып.
– Шығарып салушылар! Түсіңіздер! Пойыз жүргелі тұр,–деп ескертті жолсерік.
Оның алабұртқан жүзінде қимастық табы алаулап тұрды. «Сүйеді екен ғой, сүйеді». Біздің қолдарымыз зорға ажырады.
Вагоннан секіріп түскенде жүрегімнің бір бөлшегі Гүлзадамен бірге кетіп бара жатқанын сезіндім.
Пойыз қозғалып бара жатты. Мен пойызбен ілесіп едәуір жерге дейін жүгіріп бардым. Терезеден Гүлзаданың қол бұлғап тұрғанын көріп қалдым. Пойыз ауық–ауық ауыр күрсініп ұзай берді. Қолымда қыздың ыстық табы, көз алдымда асыл бейнесі қалып қойды. Көкірегімнен ел көшкендей құлазып келе жаттым. Мына қым–қиғаш тіршілігі күндіз–түні бір басылмайтын қала ішінде жападан жалғыз қалғандаймын. Көзіме ешкім көрінбеді.
Әлдеқайда асыққанда уақыт шіркіннің тұсаулап қойған аттай кібіртіктеп жүрмей қоятыны бар–ау. Маған әр күн бір жылдай баяу жылжыды. Күн сайын ауылдағы байланыс бөлімшесіне барамын. Гүлзаданың сағынышқа толы хаты кешеуілдей берді. Не жағдай болып қалды екен? Анасы аман болса игі еді. Дүдәмалы күйде ішіккен баладай кірнеленіп селқос жүрген күндердің бірінде зарықтырған хат та қолыма тиді. Гүлзаданың өзі келгендей қуанғаным–ай сонда. Хатты ашпас бұрын конвертті иіскеп көрдім. Танауыма әдемі бір хош иіс келді. Осы сәт сары жаздың қоңыр самалы дөңгелене соғып, кеудемді уанышпен әлдилегендей жұбаныш таптым. Бірақ бұл жұбаныш ұзаққа бармады. Гүлзада амандығын, анасының әлі де ауырып жатқанын ғана жазып, хатты қысқа қайырыпты. Көңілім қоңылтақсып қалды.
Торығып жүрген тайғанақ күн-дерімнің бірінде кеңшар бригадирі үйге іздеп келді.
– Оу, батыр! Осылай селтеңдеп жүре бересің бе? Жұмысшылар жетіспей жатыр. Шөпке шық. Ақша табасың. Ертең қалаңа қайтқанда керегіңе жарайды. Әлде шешеңнің шыр–пыры шығып жүріп тапқан бес–он сомын қақшып әкеткелі жүрмісің?
Осы сөз қамшы болып, сол күні-ақ белімді шарт буып, басыма қағаз қалпағымды киіп, қолыма айыр ұстап кеңшардың қауырт науқанына гүмп бердім де кеттім. Сірә, мені сарытап сағыныштан бір сәтке болса да қарбалас жұмыс құтқарған шығар–ау.
Уф! Көптен күткен күн де келіп жетті–ау ақыры. Киімдерімді, жаз бойы жұмыс істеп тапқан ақшамды чемоданыма салып, Шымкентке шұғыл аттандым. Анамның «оқуыңа әлі біраз күн бар ғой» дегеніне «Жатақханадан орын алуым керек. Өткенде бір сынақтан қарыз болып қалып едім, соны тапсырамын» деп өтірік айттым.
Жатақхана жабырқаулы қарсы алды. Менен басқа бірде-бір студент ауылдарынан оралмапты. Комендант апай: «немене сені біреу ауылдан қуып жіберді ме?» деп күлді. Мейлі, күлсе күле берсін. Менің ішімдегі сағыныш сазын ол қайдан білсін?!
Уақытты босқа өткізбейін деп базарға барып, жаңа киімдер алдым. Мына сықиған түрімді көріп Гүлзада қуанып қалатын болды. Оған қандай сыйлық алсам екен? Жә, өзіне таңдатпаймын ба? Өз қалауымен алған дүние қымбат емес пе? Оның бір керегіне жарасам, мұның өзі жігіттік парызымның өтеуі болар.
Курстастарым соғыстан қайтқан солдаттардай үздік–создық келе бастады. Қатарымыз көбейген сайын қуаныш еселенді. Алайда, мен үшін Гүлзадасыз қуаныштың ешқандай қадірі жоқ. «Жолаушының кешіккенінен сүйін» деуші еді бұрынғылар.Жарқ ете қалып жүрегімді жарып жіберер ме екен?
Кітапханадан шығып келе жатып ойда–жоқта Ақботамен соқтығысып қала жаздадым. Оны көріп қуанып кеткенім сонша,сасқалақтап не айтарымды білмедім. Әлден соң біреу санама сыбырлағандай болды.
– Ақбота! Сәлем! Қашан келдің? Гүлзаданы көрдің бе? Одан не хабарың бар?– депбастырмалата сұрақты жаудырып жатырмын.
Ақбота әлдебір жайсыз хабарды естіртетіндей тұнжырай қарады. Жүрегім зірк ете қалды. Біраз үнсіздіктен соң:
– Иә, хабарым бар. Ол жазғы каникулда осында келіп, құжаттарын алып кетті. Анасының сырқатына байланысты оқуын Қызылордада жалғастырмақ, – деді Ақбота жүзін менен ала қашып.
Әлдекім төбемнен суық су құйып жібергендей мелшиіп тұрып қалыппын.
– Мұны маған неге айтпады? Ақбота, неге айтпады?
– Айтты. Саған дәті шыдап арнайы хат жаза алмапты. Маған жазған хатынан саған арнаған жеке парақшықты. «Сабаққа барғанда өзіне жеке берерсін» депті. Міне, сөмкемде тұр. Оқығам жоқ,–деп ол сөмкесінен төрт бүктеуді хат алып, қолыма ұстатты.
Хаттың бүктеуін жазып, тез оқи бастадым. Қолым дір–дір етеді.
«Санжар бауырым!
Саламатсың ба? Апаңның жағдайы қалай? Сағынышыңды басып оралған шығарсың. Мен анамның жағдайына байланысты оқуымды Қызылордада жалғастыратын болдым. Бұған сен ренжімейсің ғой,ә. Ренжіме, жаным!
Мен сені бауырымдай жақсы көремін. Сен менің бауырымсың. Саған қаншама рет айтуға оқталып батылым барып айта алмадым. Мен саған әпке боламын. Сенен үш жас үлкендігім бар. Мұндай жағдайда екеуіміз үйлене алмаймыз ғой. Сен бұл жағдайды бұданда есейіңкірегенінде түсінесің. Түсінесің де мені кешіресің.
Саған шексіз бақыт тілеймін. Менен де көрікті, менен де ақылды қызға жолығатыныңа сенемін. Үйленгенде шақыр. Жарай ма? Алғашқыларың қыз болса атың Гүлзада қоярсың. Мейлі, екінші де бола берсін.
Мен сенің қашан да әпкең болып қаламын!
Кешір,жаным! Мен сенің балауса, балғын махаббатыңды аялай алмадым. Қорғай да алмаймын. Бірақ, бізге жазылған тағдыр осы.
Бауырым! Қашан да аман бол. Мені ұмытпа!
Сәлеммен әпкең Гүлзада.»
Жүрегім жаншылып, ауа жетпей қалғандай қармандым. Көзімнен ыршып түскен жасты көрсетпеу үшін жалт бұрылып, сыртқа ата жөнелдім.
Неге менің мөлдір махаббатымды түсінбедің? Неге? Мен сені тіпті он жас үлкен болсаң да жақсы көретін едім ғой. Жар ететін едім ғой. Екеуіміз бақытты болар едік.
Бір есімді жисам, жатақханада өз орнымда жатыр екенмін. Қашан келдім? Сандалып, сансырап жүрген жерімнен кім тауып әкелді? Білмеймін. Жастығым суланып қалыпты.
Сол күннен бастап делқұлы, булыққан бір лепірме алақұйын, беймаза күйге түстім. Сабаққа баруды мүлдем қойдым. Қаңғыбастармен бірге арақ ішіп, ара-арасында айықтырғышқа да түсіп шықтым. «Өміріңді қор етпе. Әлі талай жақсы қызға жолығасың. Сабағыңа бар. Анаңның үмітін ақта» деп Ақбота жалынғандай болып алдыма талай келді. Илікпедім. Еңсемді жаншып тұрған бір күш есер қылығымды қолдады.
– Гүлзаданың мекен–жайын бер. Іздеп барайын, – дедім бір есімді жиғанымда.
– Ол институттың сырттай факуль-тетіне ауысыпты. Қазір анасына қарап отыр екен. Үйінің нақты мекен-жайын жазбайды. Хатты почтаның «кездесу бұрышы» арқылы жіберіпті. Барғаныңмен, таба алмайсың ғой. Сәл шыдай тұршы. Тағы бір хаты келіп қалар. Мүмкін мекен–жайын сонда жазар,–деді Ақбота.
Бірақ, неге екені белгісіз, Гүлзада хатты Ақботаға да жазбады. Осылай сергелдеңде жүре берсем, әлденеге ұрынатынымды анық білдім. Жанашыр курстастастарым да осыны айтып, ескертумен, сақтандырумен болды. Ойлана келе академиялық демалыс алып, облыстық әскери комиссариатқа бардым. Әскерге шақырылған адам жетіспей жатыр ма, басқадай себебі болды ма, олар менің бұл талабымды жедел қолдады. Әскери–дәрігерлік тексеруден мүдірмей өттім.
Алда ұзақ жол жатты. Мәскеу іргесіндегі Калининец поселкесіндегі әскери бөлімде керзі етікпен жерді аямай тепкілеп, жауынгерлік ән шырқап, іштегі қайғы–мұңды ұмытуға тырысып бақтым.
Анам қой жүнінен қолғап, носки, жемпір тоқушы еді. Ресейдің қатал да ұзақ қысында маған бұл жақсы қорған болды. «Апа! Маған бұдан басқа ештеңе де керек емес. Мұнда қарнымыз тоқ, уайымымыз жоқ. Мүмкіндік болса бандеролмен кітап, газет–журнал ғана жіберіңіз» деймін ауылға жолдаған сәлем хатымда.
Бір күні менің атыма бандерол келді. Бір бума газет–журнал екен. Ішінде аудандық газетке дейін бар. Мұндай қуанбаспын. Ауыл түгел көшіп келгендей сағынышым едәуір басылып қалды. Газет–журналдарды асығыс түгелдей шолып шықтым. Кейін асықпай оқи беремін ғой. Япырай, мына кереметке қараңыз.Облыстық газетке Гүлзаданың «Өмір» атты әңгімесі жарияланыпты. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды.Оның әдебиетке жақын екенін білгеніммен әңгіме жазатынынан хабарсыз екем. Әңгімені екі–үш қайтара оқып шықтым. Құлағыма Гүлзаданың жұмсақ та ерке үні келді.
Әңгіменің соңына «Гүлзада Серікова» деген аты-жөні тұр. Демек, ол оқуын жалғастыру үшін Шымкентке қайтып келген ғой. Қызылордада болса, сол облыстың газетіне әңгімесін жариялатпай ма?Отыра қалып курстастарыма хат жаздым. Менің курстастарымның қайбір ұқыптысы бар еді, зарықтырып барып жауап жазды әутеуір. Бірақ олар Гүлзаданың әңгімесі облыстық газетке жарияланғанынан бейхабар. Гүлзада Шымкенттегі институтқа оралмаған да. Сонда бұл қалай болғаны? Жұмбақ түйінін шеше алмай басым мең–зең болып отырып қалдым.
«Әскерден қайтқан соң редакцияға барып, Гүлзаданың мекен–жайын тауып аламын» деп ойлағам. Уақыт шіркін баяу болса да жылжып, әскерден де босатылдым. Мәскеуден Шымкентке алып лайнермен ұшып келдім. Ертесіне-ақ облыстық газеттің редакциясын іздеп таптым. Әдебиет, мәдениет және өнер бөлімінің қызметкерлері оқырман қолжазбасын ұзақ сақтамайтындарын айтты. Дегенмен, менің үстімдегі әскери киімді көріп өздерінше ой түйді ме, бір шкафтан қобыраған бір топ қағаз шығарып, алдыма тастай салды.
– Міне, осылардың арасынан табылып қалуы мүмкін, – деді шашы қобыраған журналист жігіт.
Шаңы бұрқыраған қағаздарды ұзақ ақтардым. Кенет Гүлзаданың қолтаңбасы көзіме оттай басылды. Маржандай тізілген сұлу әріптер көзіме жылы ұшырап, өзіне тартып барады.Ол редакцияға әңгімесін қолжазба күйінде тапсырыпты. Қолжазбаның бірінші бетіне редакцияға қай күні келгені, қандай нөмірмен тіркелгені жазуы тұр. Тіркеу нөміріне қарағанда әңгіме осыдан үш жыл бұрын тіркелген. Демек, Гүлзада ауылына қайтпай тұрғанда осы әңгімесін редакцияға өзі әкеліп тапсырған болып шығады.
Екі жыл бойы көкірегімде қоламсадай бықсып жатқан үміт шоғы осылай өшті. Талабым тасқа шабылды. Редакциядан ұнжырғам түсіп дел–сал болып шықтым.
Ендігі ілгергі үміт Қызылорда қаласына арнайы іздеп бару ғана еді. Еш ойланбастан Қызылорда қаласына тартып кеттім. «Бір білсе, облыстық газет редакциясындағылар білетін шығар. Өйткені, оның мұнда жүріп әңгіме, мақала жазбауы мүмкін емес» деп өз–өзімді алдаусыратып қоямын. Әлдеқашан көзден ұшқан жоғым қияндағы қаладан табылардай асықтым. Қырсық қырық ағайынды емес пе, мұндағылар Гүлзада Серікова деген авторды білмейтін болып шықты. Ішім уылжып,беймаза күйге түсіп, өзімді өзім ұстай алмадым. Тұмсығы тасқа тиген балықтай есеңгіреп қалдым.
«Шешінген судан тайынбас». Ендігі бір үмітім осындағы педагогикалық институтта. Одан арғысын пешенемнен көремін де. Шіркін-ай, институттан оның дерегін тапсам ғой. Осындағыларға алыстан орағытып жатпай, келген шаруамның тоқетерін айттым. Сөз арасында осы қызды көптен іздеп таба алмай жүргенімді қыстырдым.
– Сені түсініп отырмын. Иә, басындағы бақыт құсын ұстап қалуың керек еді. Оны ұшырып алыпсың. Қыз дегенін қырық қатпарлы, құпиясы құндақтаулы болады. Осы уақытқа дейін сені күтіп жүрсе жақсы,–деп құжат қарап жатқан апай көңіліме күдік ұялатты.
Ұры көңіл босқа алаңдамапты. Серікова деген студент қыз сырттай оқытатын факультеттен табылмады.Өмірде түрлі жағдайлар бола береді ғой, бәлкім ол мұнда келген соң мамандығын ауыстырды ма екен?
Туысым жоқ, танысым жоқ қалада ұзақ жүре алмадым. Салым суға кетіп кері қайттым. Көңілім мұндай құлазымас. Жол–жөнекей менің жадап–жүдеген түрімді көрген жолаушылар «мынау безгек ауруына ұшыраған–ау» деп шошынды. Үміті біржола үзілген жанның қайғысы қара тастан да ауыр болатынын олар қайдан білсін! Мен сол қайғының ащы дәмін татып келемін.
Үйге келгеннен соң әскери альбомымның ішіне жапсырулы тұрған Гүлзаданың әңгімесін қайта оқып шықтым. «Қайғы да, қуаныш та, дәурен де өтеді, тек өкініш қана қалады» деп жазыпты ол әңгімесінің бір оралымында. Мен де жүрегімді ашып көрсем, өзегімде өксікті өкініш қана қалыпты. Қай тағамның да тұзсыз дәмі кірмейтіні тәрізді өмірдің керуен–көшінде тіршіліктің де кермек дәмсіз мән–мағынасы, құны болмайды екен ғой. Иә, бақыт дегеніңіз көшпелі бұлт па дерсіз, нөсерлетін жауынын төгіп өте шығады. Мені үзілген үміттің балдай өкініші әлдиледі.
Альбом бетіне тырс–тырс етіп жас тамшылары түсіп жатты. Кермек дәм көпке дейін таңдайымнан кетпей қойды.
Қайда екен, қайда, дариға сол қыз?…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *