Диуани хикмет – ұлттық тұтастық кепілі Диуани хикмет – ұлттық тұтастық кепілі
Болат Қорғанбеков, филология ғылымдарының кандидаты   Сопылық ілім арабтар мен парсылар арқылы түркілер арасына келген кезде мүлде жаңаша сипат алды. Отырықшылық өмірге көшкен түркілерде... Диуани хикмет – ұлттық тұтастық кепілі

Болат Қорғанбеков,
филология ғылымдарының
кандидаты

 

Сопылық ілім арабтар мен парсылар арқылы түркілер арасына келген кезде мүлде жаңаша сипат алды. Отырықшылық өмірге көшкен түркілерде әлеуметтік жіктелудің нәтижесінде сопылық поэзия да үлкен екі бағытта дамыды. Оның бірі – жазбаша сауатты ел билеушілері мен сарай қызметкерлеріне арналған диуан әдебиеті болса, екіншісі – қарапайым халыққа бағытталған дәруіштік поэзия болды.
Оның алғашқысы кітаптан оқуға арналғандықтан, аруз өлшемін басты поэтикалық құрал етіп қабылдады. Созылыңқы және қысқа дауысты дыбыстардың жүйелі, мөлшерлі қайталануынан түзілетін ырғаққа негізделген аруз өлшемі түркі тілінің табиғатына сай келмейтін еді. Сондықтан диуан әдебиетінің өкілдері араб сөздері көп араласқан парсы тіліне басымдық берді. Олардың поэзиясында түркі сөздері ілуде бір кездесетін. Оның жарқын мысалы ретінде Жалалладдин Руми мен Низами шығармашылығын атауға болады. Ал дәруіштік поэзия қарапайым көпшілікке арналғандықтан, түркі тілінде жазылып, оны халық айтушылары, ашугтар музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен ауызша айтып таратты. Қазіргі түрік әдебиетінің тарихында дәруіштік поэзияның ең көрнекті өкілі ретінде Жүніс Әмірені (Юнус Эмре) көрсетеді.
Ал көшпелілер даласында жағдай басқа еді. Мұнда еңбек бөлінісі мен әлеуметтік жіктелу көрінісі айрықша күшті емес еді. Мал шаруашылығына қатысты еңбек бөлінісінің елеусіздігі таптық антогонизмнің тууына жол бермейтін. Көшпелілер қоға-мын зерттеген Д.Кішібеков оларда құл иеленушіліктің мүлдем бол-мағандығын жазады. Сондықтан көшпелі түркілер қоғамының мү-шелерінде айтарлықтай таптық, әлеуметтік, тілдік, дүниетанымдық айырмашылықтардың болмауы да заңды еді. Бұл – Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің түркі тілінде жазылып, халық арасында ауызша тарауының ең басты себебі болатын. Оның «Диуани хикмет» жинағы ислам дініндегі түркі халықтарының діні мен ділі, тілінің тазалығына қызмет етті. Тіпті түркі тілінің мәртебесін көтеруді мақсат етіп, түркі тілінде арнайы шығарма жазған Әлішер Науаидан да Қожа Ахмет Ясауидің еңбегі зор екенін айтқан ғалымдар бар. Мысалы, татар зерттеушісі А.Сағди 1922 жылы жарық көрген мақаласында Ясауидің тіл үшін сіңірген еңбегін айта келіп, былай дейді: «Демек түрік тілінің парсы тілімен күресінде түрік тіліне үсемдік алып беруші, түрік тілінің тамырын тереңдетіп, оған жан бітіруші бас қаһарман Науаи емес, бәлкім Ясауи болар». Түрік зерттеушісі Н.К.Зейбек Ясауи өз тұсында құлдырап бара жатқан түркі тілінің мәртебесін көтеру үшін, хикметтерін мақсатты түрде түркі тілінде жазған деген ой айтады. Алайда Қожа Ахмет Ясауи алдына дәл осындай мақсат қойды деп айту қиын.
Біздіңше, оның түркіше жазудағы мақсаты одан да биік болған. Ол мақсат – хикметтерін қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізу. Өйткені жалпы адам баласының бақыты үшін күрескен әулиелер сұлтанының ұлттар арасындағы бәсекеге ден қоймасы анық. Оның үстіне, парсылану қаупі сол кездегі Селжүк мемлекетіндегідей, отырықшы түркілер арасында болғанымен, Ясауи өмір сүрген ортада дәл олай емес еді. М.Ф.Көпірілі Қожа Ахмет Ясауидің арғу түркілері арасында өмір сүргенін, арғулардың түрік және соғды тілдерінде қатар сөйлегенін, оларда шет тілдерінің ықпалы күшті болғанын жазады. Бірақ Ясауидің өз хикметтерін бірлі-екілі тайпа үшін емес, жалпы халық үшін жазғаны ақиқат. Сол себепті сол кездегі түркілердің басым бөлігі көшпелі болғандықтан және олардың көпшілігі жазбаша сауатсыз болғандықтан, ол хикметтерді түркіше және фольклорлық поэзияның өлшемдерімен жазды. Халық арасында кең тараған хикметтер түркі тілі мәртебесінің күрт көтерілуіне және халықтың көркемдік ойлауының жаңаша серпін алуына айрықша ықпал еткені даусыз.
Түркілер әлемінде жазбаша да, ауызша да қатар тараған Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегі сопылық ілімнің, дәлірек айтқанда, хал ілімінің мәнін ұғындыруға өлшеусіз қызмет етті. Әрине, бұл орта сопылық іліммен бұған дейін де біршама таныс болатын. Оған Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігі» мен Ахмет Югінекидің «Ақиқат сыйы» шығармалары куә. Алайда «Диуани хикметтің» бұл ілімді таратудағы орнының өзгеше болатынының ең басты себебі – оның мазмұнының тереңдігімен бірге, өлшемдік тұрғыда халық поэзиясына барынша жақындығы еді. М.Ф.Көпірілі: «Қ.А.Ясауи шығармасында әуелде айтылып өткендей, басты әрі негізгі екі нәрсе көзде түседі: исламдық, яғни діни-сопылық ерекшелік пен ұлттық, яғни халық әдебиетінен алынған элемент. Исламдық ерекшелігі негізінен шығарманың тақырыбынан, мазмұнынан, мағынасынан орын алса, ұлттық ерекшелік, керісінше, өлеңнің пішінінен, түрінен, өлшемінен орын алады. Исламды жаңадан қабылдаған және бұл діннің негіздерін түсінуге ұмтылған түркілер пішіні, пошымы жағынан өздеріне ешқандай жат емес бұл шығармаға үлкен баға берген еді. Негізінен тақырыбы мен мазмұны да оларды қызықтырғаны үшін, «Диуани хикмет» халық арасында қасиетті шығармаға айналды» дейді. Өте орынды айтылған пікір. Алайда «Диуани хикметтің» халық арасында кең тарауына тек қана оның фольклорлық пішінде жазылуы себеп болды десек, бір жақты кеткендік болар еді. Мазмұны тың шығарманы оңай қабылдап, оны іліп әкетуі үшін соған қолайлы ортаның қажет екені белгілі.
Қ.А.Ясауи өмір сүрген ортада дәл осындай жағдай болды. «Диуани хикметтің» исламды мемлекеттік дін ретінде қабылдаған елдерде емес, пұтқа табынушы қарақытайлар билеген өлкеде қанаттануының өзіндік себептері де жоқ емес. Шариғат заңдарын қатаң басшылыққа алу салдарынан догматизмге ұрынған орта шариғат нормаларына сыя бермейтін тариқат, хақиқат әдептерін қабылдай алмаса, дін қағидаларынан хабары аз қауымда мұндай кедергінің аз болатыны мәлім. Бұл – бір, екіншіден, осы өлкеде ескі сопылықтың әдет-ғұрыптарының іздері көп еді. Сопылық жолдың белгісіз бір өкілі айтқан: «Сопылық дәні Адам-Ата тұсында себіліп, Нұх пайғамбар тұсында көктеп, Ибраһим пайғамбар тұсында гүлдеп, Мұса пайғамбар тұсында бұтақтап, Иса пайғамбар тұсында пісіп, Мұхаммед пайғамбар тұсында таза шарапқа айналды» деген сөзі рухани ілімнің тарихынан мол хабар беріп тұр. Әр пайғамбарға келген діннің ақиқаты бұрмаланып, соны қалпына келтірудің қажеттілігінен туған, келесі дін келгенге дейін, руханият тазалығы үшін күрескен сопылар адамзат тарихының барлық кезеңінде болған.
Анахарсис (Анық Арыс), Тоныкөк, Қорқыт аталардың сопылық жолдан рухани қуат алған әулиелер екені көп күмән туғыза қоймайды. Мұны олардың зәуде бір, түрлі себептермен хатқа түсіп қалған кейбір ой-пікірлерінің кейінгі сопылық поэзия өкілдерінің сөздерімен мазмұндастығы айғақтай алады. Құдайдың елшісі саналатын әр пайғамбардың кезіндегі дінннің ақиқаты үшін күрескен сопылар ықпалы далалықтар арасында күшті болғанын тарихтың көмескі мәліметтерінен сезіну қиын емес. Бұл да Ясауи хикметтерінің халық арасына кең тарауына қолайлы жағдай туғызған фактордың бірі.
Көшпелі түркі ру-тайпаларының ислам дінін қалай қабылдағаны жайлы осы кезге дейін орнықты пікірлер айтылған жоқ деуге болады. Көптеген ғалымдар бұған қатысты шындықты өз заманына тән көзқарас тұрғысынан және өз дәуіріндегі қоғамдық-әлеуметтік заңдылықтар өлшемімен бағалады. Мәселен, даламызға ислам дінінің келуіне қатысты айтылатын «араб экспансиясы», «араб басқыншылығы» туралы болжамды айтсақ, осының анық дәлелі бола алады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мен оның әйгілі төрт серігі басқарған кездегі халифат тарихына «басқыншылық» атауын телудің мүлде жөнсіз екені анық.
Себебі адамсүйгіштікті (гуманизм) үрдіске айналдырып, бүкіл адамзат қоғамына жайған олардың басқыншылық саясат жүргізгені жайлы ой қозғау тіпті қисынға (логика) келмейді. Әдетте бұл идеяны пайғамбарымыз бен кейінгі төрт халифаның рухани кемелділіктің ең биік шыңына жеткен жандар екенін білмейтін немесе білгісі келмейтін, оларды да қызғаныш пен күншілдік бойынан табыла беретін қарапайым пенде деп санайтын атеистік көзқарас иелері айтты. Олардың бойынан тек ізгілікті қасиеттер ғана табылатынына сенімі мол діни көзқарастағы адам бұл қисынның жөнсіз екенін бірден байқайды. Оның үстіне, қазақ даласында арабтармен болған соғыс жайында ешқандай айғақ жоқ. Сондай-ақ арабтардың көптеп келіп, мектеп-медресе ашып, халықты сауаттандырғаны туралы да мәліметтер кездеспейді. Көшпелілер даласын аралап өткен саяхатшы-тарихшы арабтар болмаса, елдің ішіне келіп тұрақтап, жазу-сызуға үйреткен миссионер туралы да ешбір жәдігерлік жоқ. Осыдан келіп, біршама ғалымдар «түркілер ислам дінін өз еріктерімен қабылдаған» деп байлам жасады. Бірақ түркілер исламды неліктен оңай қабылдады деген сауал төңірегінде терең талдау жасала қоймады.
Шындығында, түркілердің исламды қабылдауын дұрыс түсіндіріп беруге материалистік негіздегі ғалымның өресі жетпейтін еді. Өйткені бұл үрдіс материализмге мүлде қарама-қайшы рухани іліммен, яғни жүрек көзін ашу ілімімен тікелей байланысты болатын. Көшпелі тайпалар арасында осы ілімді терең меңгеріп, руханият биігіне жеткен әулиелер әр заманда, исламға дейін де, одан кейін де көп болған. Бұл ілімді меңгеру үшін мектеп-медреседе ұзақ білім алу шарт емес. Жазу-сызуды білмей-ақ, даналығымен әлемді таң қалдырған хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірі осының жарқын мысалы бола алады. Рухани ілім – Жаратушымен тікелей байланысқа жетудің нәтижесінде, оның Өзінен алынатын таным түрі. Құранда «Бақара» сүресінің 31 аятында Алла тағаланың Адам Атаға ілім үйреткені айтылады. Бұдан рухани, яғни ладуни ілімнің осылайша, мерзімді оқусыз, Жаратушы тарапынан ғайыптан әрі бір сәтте берілетінін аңғаруға болады. Осыдан келіп, ладуни ілім оңай беріледі екен деген ой тумауы керек. Керісінше, бұл үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек нәтижесінде келеді. Ізденіс «мен – кіммін, қайдан келдім, қайда барамын» деген сауал төңірегінде әуелі өзін, кейін сол арқылы Жаратушы иесін тану бағытында болса, бұл ізденіс Құдайды бір сәтке естен шығармайтын халге жету мақсатындағы тынымсыз бейнетпен қатар жүрмек. Көшпелі тіршіліктің мұндай нәтижеге жетуге септігі тиетін тұстары жеткілікті еді. Рухани ізденіске ең күшті кедергі – материалдық игіліктердің жетегінде кету болса, көшпелі тіршілікте оның қаупі аз болатын. Көшіп-қонып жүретін шаруа үшін артық дүниенің пайдасынан кедергісі көп. Сондықтан мұндай қоғам мүшелерінің мүлік айырмашылығы аз болды.
Көшпелі қоғамда мектеп-медресе салып, жыл он екі ай бала оқытудың мүмкіндіктері де аз болды. Бірақ мұның рухани ілім алуға ешқандай кедергісі жоқ екені жоғарыдағы әңгімелерден белгілі болды. Исламдағы ілім атаулы шартты түрде батини (ішкі, жүрек ілімі) және захири (сыртқы) деп екіге бөлінсе, жазу-сызудың көбіне сыртқы ілімді үйретуге жұмсалатыны белгілі. Жазбаша діни сауатты адамдардың фихқ, шариғат ілімдерінің тұтқынында қалып, көп жағдайда рухани ілімнен қалыс қалуының бір себебі осында болса керек. Семиотика саласының білгірі Ю.Лотман ауызша және жазбаша мәдениетті салыстыра келіп, жазба мәдениетінің адамды эгоизмге тәрбиелейтінін, ал ауызша мәдениеттің ішіндегісін бүкпесіз көрсетіп, ашық қимылдайтын адамды жоғары бағалайтынын айтады. Шынында да, кітаптан білім алған ізденушінің өз-өзімен болып, дарашылдыққа бет бұратынын оңай аңғаруға болады. Ал жазусыз мәдениет өркендеген көшпелі қоғамда адамдардың сұхбатқа бейімділігінің, белсенділігінің нәти-
жесінде даналық қасиет өз деңгейінде бағаланады. Данышпандар құрмет-теліп қана қоймай, көпшілік соны үлгі тұтады. Алайда бұдан рухани ілімнің көшпелі қоғамда ғана дамитыны және жазу мәдениетінің қажетсіздігі туралы әңгіме айтылып отыр деген ой тумауы керек. Рухани ілімнің отырықшы елдерде де дамыған кездері аз емес, жазу мәдениетінің де қоғамға тиізген пайдасы өлшеусіз. Бұл жерде сөз көшпелілер мәдениетінің руханият дамуына туғызған қолайлы жағдайы туралы ғана болып отыр. Осындай қолайлылық өз нәтижесін беріп, көшпелілер арасынан шыққан әулиелер сан жағынан да, сапа жағынан да артықшылық танытты.
Рухани ілімге қол жеткізген әулиелердің таныған хақиқаты бір. Олар өзгелерге бейтаныс, құпия әлемдерді көре алады, болашақты болжайтын қасиетке ие болады. Әлемнің әр түкпіріндегі әулиелердің айтқан сөзі мен ісінде бірліктің және бәрінің бір көзқараста болуының басты себебі осында. Егер ислам хақ дін болса, хақиқатты жазу-сызусыз, қасиетті кітаптарсыз-ақ таныған әулиелердің (сондай-ақ олардың жазбаша сауаттылары да көп болды) жолы өз-өзінен исламға барады. Түркілердің исламды оңай қабылдауының себебі де осыдан келіп шығады. Ислам діні пайда болып, әлемге тарай бастаған кезде де түркілер арасында жүрек көзі ашылған әулиелердің болғаны, олар осы хақиқатты рухани ілім арқылы біліп отырғаны және оны бірден қолдағаны күмән туғыза қоймайды. Ә.Диваев жариялаған бір аңызда мынадай оқиға баяндалады: Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар сахабаларымен бірге Ухуд тауында кәпірлермен соғысып жатқан кезде, кәпірлерге жан-жақтан көмек келе бастайды. Сахабалар Құдайдан жалбарынып жәрдем сұрағанда, белгісіз бір тайпа шыға келіп, мұсылмандар жағына қосылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың ұрысқа түсуін сұрап, арабша, кейін парсыша үн қатқанда олар түсінбеген. Әбу Бәкірден (р.ғ.) бұл топтың Түркістан жақтан келгенін біліп, түрікше бұйырғанда, олар кәпірлерге лап қойып, жауды тым-тырақай қашырған. Бұл аңыздың шындыққа жақын жақтары көп. Түркі жұртынан шыққан, қазір бізге есімі белгісіз әулиелердің исламды әуел бастан қолдағанына, жәрдем көрсеткеніне сенім мол, соны дәлелдейтін айғақтар да бар. Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат түрік» еңбегінде мынадай бір қызық мәлімет бар: «Мен тәңірінің дәулет ұясын түріктер жұлдызына жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстіне айналдырып қойғанын көрдім. Тәңірі оларды «түрік» деп атады. Әрі оларды мемлекетке еге қылды. Заманымыздың хақандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен соларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады.
Шайх Әбубәкірдің ақырзаман турасында жазған бір кітабында ұлы пайғамбарымыздан нақыл келтіріп, мынадай хадисті баян етеді: «Ұлы тәңірі: Менің бір тайпа қосыным бар, оларды «түрік» деп атадым, оларды күшығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын» депті». Түркілер жұртынан Батысқа жасалған жорықтардың, мәселен, Еділ патшаның (Аттила), Шыңғыс ханның жүргізген соғыстардың түпкі мақсатын қазіргі тарихшылардың түсіндіріп бере алмауы көп жайтты аңғартады. Орхон жазбаларында да, «Моңғолдың құпия шежіресінде» де, халық аңыздарында да түркі қағандарының жорыққа Құдайдың әмірімен аттанғаны айтылады. Және оларды өз заманындағы халықтар «Құдайдың қылышы», «Құдайдың қамшысы» деп атаған. Еділ патшаға байланысты шетелдік дереккөздерге сүйеніп, толымды еңбек жазған С.Өтениязов осы ақиқат жөнінде былай ой түйіндейді: «Сол VІІІ ғасыр ақырында пайда болған аңыздарда Аттила Галлияда (қазіргі Франция жері) бекініс, храм, бірде-бір қала қалдырмай құлатқан, шапқан.
Сол аңыздар екінші жағынан Аттиланың ақылдылығы, данышпан мемлекет қайраткері, ұлы қолбасшы және әділ басқарушы болғанын жасыра алмайды. Сондықтан оны құдайдың жердегі елшісі ретінде танып, әр түрлі мифтер құрастырылған. Оны Еуропа халықтары тілінде «Құдай тоқпақ» (орысша «Бич Божий») латын, француз, испан, неміс, ағылшын, т.б. тілдерде «Құдай қамшы» деп атайды».
Дәл осы сияқты әңгімелер Шыңғысханға да қатысты айтылған. Тіпті ислам әлемі оны Құдайдың өзі қолдаған, Қызыр жолдас болған киелі тұлға деп санаған. Мұны соңына ислам елдеріне жақсы танымал «Тазкират ал-аулия» («Әулиелер туралы естелік») атты жинақ қалдырған Фарид ад-дин Аттардың өміріне қатысты мына әңгімеден көруге болады. «Шыңғысхан Нишапурға бастырып кірді және оның қатал әмірі бойынша, жауынгерлер қала тұрғындарын аяусыз қыра бастады. Халық көмек сұрап Аттарға келді. Ол алдындағы кесесін төңкерген кезде, ғажап оқиға болып, Шыңғысханның әскері түгел көрмей қалды. Жаппай қырған тоқтап қалды. Шыңғысхан ашуланып, әскеріне қырғынды жалғастыруды бұйырды. Келесі күні әскер іске кіріскен кезде, тұрғындар Аттарға тағы да өтінішпен келді. Ол кесесін және бір төңкеріп еді, әскердің көзі көрмей, кісі өлтіру тағы тоқтады. Үшінші күні Шыңғысханның өзі жазалауға қатыспақ болып шешті де, оның бұйрығы бойынша жауынгерлер бейбіт тұрғындарды өлтіре бастаған кезде, олар және көмек сұрап Аттарға келді. Аттар кесесіне қолын соза бергені сол еді, көз алдында Қызыр пайда болып, былай деді: «Сен Құдайдың қалауымен болған іске араласпауың керек. Саған онсыз да алдыңғы істегендеріңнің жауабын беруге тура келеді, егер бұл жолы да араласатын болсаң, оның ақыры сен үшін өте қиын болады». Бұдан соң Аттар Шыңғысхан жауынгерінің қолынан қаза табады. Белгілі тарихшы Л.Н.Гумилев Шыңғысханның немересі Батуды да орыстардың «қайырымды хан» деп атағандығын жазады. Бұл ақиқат Махмұт Қашқари өз кітабында келтірген хадиске сәйкес келеді. Ал Жаратушы әмірін мүлтіксіз орындау үшін Онымен тілелей сырласатын ладуни ілім иелерінің болуы шарт. Барлық пайғамбарлардың, сахабалардың, олардың көзін көрген табиғиндердің, әулиелердің басшылыққа алғаны осы батини (рухани, ладуни) ілім болатын. Қыпшақ даласында өмір кешкен әулиелер рухани ілім нәрін халыққа көркем мінез-құлықпен таратты. Олардың істеген істері мен өмір салты, әдеттері үлгі тұтылып, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа айналды.
Бұл жағдайлардың барлығы, бір жағынан, Ясауи өнеге еткен хал ілімінің көшпелілілер ортасында кең өркен жаюының алғышарттарын көрсетсе, екінші жағынан, хикметтер мен халық фольклорының түп негізінің қанаттас болғанынан хабар береді. Хал ілімінің қыпшақ даласында кең түрде өркендеуінің тағы бір себебі – Ясауи заманында бұл өңірде сенім еркіндігінің болғандығы. Бұл кезде аймақты билеген қарақытайлардың ешқандай дінге қысым жасамағандығы тарихи деректерде сақталған. Қарақытайлар – бұрынғы көшпелі түркі халықтарының дәстүрін ұстанған тайпалар еді. М.Қашқаридің «Диуани лұғат-ат түрік» жинағындағы деректерге сүйенген зерттеуші Ш.Шәмшетдинова қарақытайларды қазіргі қарақалпақ ұлтының негізін құраушы тайпалардың бірі екеніне көңіл бөледі. «Қытай – түрки халықлары ишинде тийкарынан қарақалпақ халқының негизин қураған алты елдиң бири. Қытайлар бурын Шын (Чин) мәмлекетін ийелеп турған. М.Қашқарлы олардың Жоқарғы хәм Ортанғы Шын жеринде жасағанлығын жазған. Түркиялы изертлеуши З.Куртер арабтар ХІ-ХІІ әсирлерде қарақалпақларды усы қабилесиниң аты менен «қытай» ямаса «қарақытайлар» деп атағанлығын ескертеди» дейді ол. Егер шариғат заңдары үстемдік алып, догматизм жайлаған қоғам болса, хал ілімінің еркін дамуына мүмкіндік азаятынын жоғарыда айттық.
Қожа Ахмет Ясауиге өзге мемлекеттердегі догмат діндарлардың жиі соққы жасамақ болғаны, бірақ олардың әрекеттерінің сәтсіз аяқ-талғаны бізге Ясауи хикметтері мен ол туралы халық аңыздарынан белгілі. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауиді дінбұзар деп есептеп, оны жөнге салмақ болып, ислам мемлекеттерінен келген Баба Машын мен Имам Меруазидің оңбай жеңіліске ұшырап, ақырында Ясауиге шәкірт болып қалғаны хикметттерде де, аңыздарда да қатар баяндалады.
Рухани ілімді барынша терең меңгерген тұлғаның бірегейі Қожа Ахмет Ясауидің қыпшақ даласынан шығуы бұл ілімнің осы ортада кеңінен тарауына үлкен себеп болды. Қазіргі кезде «Ясауи жолы» деген тіркестің жиі қолданылуы әбден заңды. Алайда мұны Қожа Ахмет Ясауидің өзі ойлап тапқан жол деп ойлау қате болмақ. Ясауи жолы – пайғамбарлар мен жүрек көзі ашылған әулиелер жүріп өткен ақиқат жолы. Ясауи танымы бойынша, бұл жолдың жолбасшысы – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар. Өзбек әдебиеттанушысы, сопылық әдебиет зерттеушісі, профессор Н.Комилов: «Ясауи ақидасы бойынша әлемнің бастау көзінде Мұхаммед нұры жатады. Тәңірі тағала әуелі сол Нұрды бар етіп, кейін өзге әлемді жаратқан. Бұл Нұр әлем сұлулығы мен кемелдігіне тән. Ясауи өз рухын да осы Нұрмен сәйкес деп біледі. «Миғраж узра хақ Мұстафа рухим курди», деп жазады ол. Бұл – Миғраж түні Пайғамбар көкте көрген пақыр нұрына ишара. Шайыр мен де осы нұрдай пәкпін, осы нұрданмын – пақырмын, Пайғамбардың жал-ғасымын, менің ышығым осы Расулалла ышығының жалғасы демекші. Ақырында Ясауидің кие тұтқан пірі Арстанбап төрт жүз жылдан кейін тілінің астында сақтап Ахметке жеткізген құрма қазіреті Пайғамбардың үлесі еді, яғни Ясауи Мұхаммед фақырдың, Мұхаммед сүндетінің және Мұхаммед тариқатының мирасқоры» дейді. Демек Ясауи жолы – оның өзі салған жол емес, оның өзі жүрген және қоғамға танытқан жол. Рухани ілімді даламызда орнықтырып, оның айқын үлгісін көрсеткен Қожа Ахмет Ясауи болғандықтан, «Ясауи жолы» деген ұғым қалыптасты. Ясауи өзі таратқан рухани ілімді «хал ілімі» деп атады. Ол ғылымқалмен, яғни қал ілімімен қатар айтылады. «Қал» арабтың «қала» – «айту» деген сөзінен келіп шығады. Сопылықта қал – айтуға болатын, тілмен жеткізу мүмкін ілім, яғни адам үйрете алатын ілім болса, хал – тілмен жеткізуге келмейтін, Жаратушының өзі ұстаздық қылатын ілім. Бұл туралы Ясауи жолының көрнекті өкілі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы былай деген болатын: «Ғылым екі түрлі болады: ғылымқал және ғылымхал. Пендеден пенде сабақ алып, көзбен көріп, тілмен оқылатын оқуды: «ғылымқал» дейді. Бір пендеден бір пенде мың жыл үйреніп, онымен дәнеме болмайды. Көңілден көңіл сабақ алатұғын бір жол бар: оны «ғылымхал», – дейді. Бұ көңілдегісін жүргізушінің ұстазы – Құдай тәбәрәк уа тағаланың өзінің ғылым сипаттары, калам сағатлары болады… Жарық-нұрдың асылы Құдайдан болатын болса, ғылым нұрынан жарық, ғылым нұрынан күшті нұр бар ма?! Құдайдан ғылым нұры бір пенденің көңіліне құйылса, ғылымхал сол пендеде болады». Қал ілімінің мақсаты халге жеткізу болса, халдің мақсаты – Құдайға жеткізу. Хал таппай, қал ғылымының тұтқынында қалып қою – сопы үшін ең аянышты жағдай. Өйткені ол түпкі мақсатқа жеткізе алмайды. Тіпті қабірде алынатын сұраққа да жауап беруге мүмкіндік жасай алмайды.

Мункур-Накир:
«Ман раббика» деб сауал қылғай,
Қала ғилимидин бир нуктаси
кар қылмағай – дейді бұл туралы Қ.А.Ясауи. Сондықтан әулиелер сұлтаны қал ілімін өз орнында пайдалануды ұсынып,
Қал ғилмини оқубан,
Хал ғилмиға етибан – дейді.
Қожа Ахмет Ясауи үйреткен хал ілімі жүректегі Құдайға деген махаббатты оятуды көздеген. Сол арқылы ол халықтарды адамсүйгіштіке тәрбиеледі. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерінде, әдебиетінде Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірттерінің қалыптастырған дәс-түрлерінің орны өлшеусіз. Қарақалпақ әдебиеттанушысы К.Мәмбетов діни әдебиеттер жайында айта келіп, одан әрі: «Буннан тысқары усы дәуирге тийисли болған диний-мистик әдебиаттың уәкиллери де бар. Булардан Хожа Ахмет Яссауийдиң «Дийуани Хикмет». Сулайман Бақырғанийдиң «Бақырған» «Жум-жума», «Бийбимәриям» китаплары ислам мәдениятының қол-қанаты болыуына қарамастан барлық түрк тиллес халықларға теңдей хызмет етти» – дейді. Қожа Ахмет Ясауи үйреткен хал ілімі түркі халықтарының рухани гүлденуіне игі ықпал етті. Бұл гүлдену тілі, діні басқа өзге халықтарға өз әсерін тигізді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *