16.01.2020 0 3 010
Ырысбек ДӘБЕЙ,
1979 жылы Алтай аймағында туған. «Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер,
«Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер, «Мөлтіл» атты әңгімелер
мен хикаялар жинағының, «Жылқы атылған жаз» романының авторы.
«Жалын», «Жұлдыздар отбасы», «Ақ желкен» журналдарында,
«Қазақ әдебиеті», «Астана ақшамы» газеттерінде жұмыс істеген.
Қ О Ң Ы З
(роман)
Бірінші тарау
1
Арса-арса қу сүйек тақ етіп Мұраттың алдына келіп түсті де, бір-екі ыршып барып тоқтады. Беті былшиған жас жігіт аш итке сүйек лақтырғандай мазағына мәз болып, ыржалақтай күлді. Өзіне жамырай қараған қалың көптен еш қымсынбай, сүйек салып әкелген целлофанын жұмарлай ұстаған күйі ол гүж ете қалды.
– Киіз үйдегілер беріп жіберді сендерге!
Алаңда тұрған нөпір жұрт толқып кетті. Әр жер-әр жерден ашынған айқай көтерілді.
– Балшыққа батқыр тексіз ит!
– Құдайын ұмытқан қорқаулар!
– Бүлік керек бұларға!
– Кеше кеудесін ұрған әкім қайда жүр? Әкетсін мына күшігін!
– Әнәс-с… Қайдан келген неме былшиып, блять?! Лақтырған сүйегін бір жеріне тығайын, ұсташы!
– Тоқта, мал! Құлағыңды ит жегір!
Жұрттың қаһарынан қаймыққан семіз жігіт қорбаңдап, киіз үйлерге қарай қаша жөнелді. Ешкім соңынан қумады. Бірін-бірі сабырға шақырған дауыстар бәсейіп барып тынды. Мұрат қалың жемпрінің сыртынан киген жолақ-жолақ қаудырлаған арнайы киімін қусырынып, тоңған аяқтарын жерге ұрып, айналасына нарау көз салды. Ақ бұлттар шығып, аспан алабажақтана бас-тапты. Қара суық соққан желмен екіленіп, айбатына мініп, айқұлақтана қариды. Алаңның батыс жақ шетіне ала қаз-қатар киіз үйлер тігілген. Киіз үйлер маңында түрлі-түсті жалаулар желбірейді. Әредік газдың сасық иісі мүңкиді. Үй ішіндегі ішіп-жеп, той тойлаған даурыққан дауыстарды алаңның қақ төрініне құрылған сахнада екі иығын жұлып жеп, ән салған жас әншінің үні тұншықтырады. Көп шуылдан құлақ тұнады. Алаңда мыңнан аса ереуілші, мерекеге жиналып, той тойлаған жұрт жыртылып айырылады. Әлем-жәлем безендірілген жаңа жылдық шыршаға сүйсіне қарап, суретке түскен бір топ жас қыз-жігіт шат-шадыман, мәре-сәре. Көзі аяғының астында жатқан қу сүйекке түскенде Мұрат құлазып сала берді. Тақыр-таза мүжілген жамбас сүйектің тесік көзінен табанын қарыған брусчатка сұрланып көрінді. Намысын қорлап, жалмап-жұтып бара жатқан жамбас сүйектің жалғыз көзіне ол тесіле қарап тұрды да, аяғымен түртіп, сырғанатып жіберді. Қу сүйек қарсы алдында мойнын созып, сахна жаққа қарап тұрған Сейсенбектің өкшесіне тиіп тоқтады. Артына сылбыр бұрылған ол сүйекті жерден іліп ап, Мұратқа қарады.
Дәу де болса құнан қойдың жамбасы секілді, нән екен.
– Әй, бала! Шашылған сүйектерді қоқысқа апарып тасташы, бізден көреді бұлар!
Елпек қағып жетіп келген жас бала шашылған сүйектерді қолындағы қоқыс жинап жүрген пакетіне салып, алаңның шығыс жағындағы көп қабатты үйлерге қарай құнжыңдап жүгіре жөнелді. Мұрат суық сорып бозарған жүзін алақанымен сипады да, Сейсенбекке:
– Мынасы енді артық, – деді.
– Нені айтасың?
– Мыналардың жамбас тартып, «сый» көрсеткенін айтам.
Сейсенбек артына қарай сырғи бастаған, қоңыр бұйра құлақшынының сыртынан киген капюшонын алдыға тартып қойды. Дәу капюшон жұдырықтай басын тұтас жауып, беті шүмшиіп көрінді.
Бізді адам санамайды. Әне, өздері етін жеп, арағын ішіп, тойын тойлап жатыр. «Қарынның ашқаны емес, қадірдің қашқаны» деген осы. Қадірді қашырды әбден. Қорлық қой! – деп Сейсенбек қабағы қатуланып, түнеріп кетті.
– Қорлық емей, не? Бұған дейін де біраз бопсасын көрдік қой бұлардың, бірақ мынасы намысты таптау!
– Құдай деген баласың ғой, менің шынымен үмітім кесілген секілді. Үйге барсаң, қатын-бала құлақ етті жейді. Ақша жоқ, қоңыз теріп кеттік. Қарыз болмаған адамымыз қалмады. Кредит кетті өсіп, оны ойлауды да қойдық. Не өмір болды өзі бұл?
– Таусылмаңыз, Сейсенбек аға. Бір қайыры болар. Жалақысыз жеті ай бәрімізге де оңай тиіп жатқан жоқ. Не істейміз енді? Бүкіл қоғамның назары бізде ғой. Билігі болсын, жұмыс берушісі болсын түбі бір санасар бізбен, – деп Мұрат жүзін тағы алақанымен сипап, есінеп қойды.
– Әй, қайдам, Мұрат! Бірді-екілі саяси партия жетекшілері, қоғам белсенділері келгені болмаса, бізді кім іздеп жатыр? Анау табақтай-табақтай газеттер жеті ай бойы не жазғанын білесің. Тұтас қоғамның біздің мұң-зарымызды білетіндігіне күмәнім бар. Даттап, қаралаған ақпараттар көп. Өңің бозарып кетіпті, ерте келдің бе?
– Иә. Жұмысқа шыққандай шығатын болдық қой мұнда, – деп күлді Мұрат. – Біздің үйде де тура сондай жағдай. Әке-шешенің пенсиясына қол жайғаның қиын екен. Бала-шаға бар, азғантай тиын-тебен не болсын? Ары тартсаң да, бері тартсаң да жетпейді. Қырқына шыдап, біріне шыдамайтын емес, соңына дейін көреміз енді не болса да. Мына мерекесі өтіп кетсінші, бір жөні болар. Талап-тілегіміз орындалғанша бейбіт шеруімізді жалғастыра беруден басқа, шарамыз не?!
Сейсенбек басын изеп, үнсіз қалды. Мұрат аяқтарын бір-біріне ұрып, айналасын шола қарап қойды. Алаңдағы адамдар көбейе түсіпті. Қатты музыкадан құлақ тұнады. Түрлі-түсті шар көтеріп, кішкентай бала жетектеген әйел жандарынан өтті. Жетегіндегі қыстығып жылаған балаға зекіп, қолын сілкіп-сілкіп қояды.
– Мұрат, қызыл списопка киген бөтен адамдар көбейіп барады, қайдан кеп жатыр? Танисың ба бұларды? – деді Сейсенбек.
– Жоқ, танымаймын. Киімдері де жаңа екен, біразы жүр.
Сейсенбек қалтасынан кішкентай құтысын шығарып, оң алақанына ұсақ-ұсақ қара-жасыл насыбай төкті. Құтысын қалтасына сүңгітті де, насыбай түйіршіктерін екі алақанына кезек-кезек аудырып, үрледі. Насыбайдың тозаңы ұшып, түйіршіктері ғана қалды. Оң алақанын ерніне төңкерген ол бір түкірді де, қолын қақты.
– Әнәс-с… Не дүрмек, не той деші!
– Таусыла бермейік. Бір реті болар, Сейсенбек аға.
– Шыжыған күнге күйіп, қақаған суыққа тоңдық. Барған сайын қатарымыз да азайып барады. Айттым ғой, мен үмітімді үздім. Жеті ай болды ғой, жеті ай!
– Түңілмеңіз.
Сейсенбек насыбай толы ерінін жымқырып, басын шайқады. Мұрат маңайын шолып, әлдекімді іздеді. Төңірегін көзімен қанша тінтсе де, жақын маңнан іздеген адамының қарасын көре алмады. Ол киіз үй жақтан қалбаңдап өзіне қарай келе жатқан жыршыны көріп қалды. Мұраттың қасына тақау келген жыршы жұмарлап ұстаған ескі кенебін жерге бүктеп қойып, үстіне отырды. Домбыра пішіндес қу ағашын қолына алып, күбірлетіп күй тартқандай кейіпке енді. Домбыққан саусақтары қу ағаштың сабын жоғары-төмен басып, перне қуғандай қимылдайды. Басын әрі-бері бұлғақтатып, бабына келгендей жөткірінді. Тұнық та әуезді мақам баяу қалықтап, әуелей жөнелді.
…Өңім осы, түс емес,
Ойлап тұрсам мынау іс –
Бәлшебектің ісі емес…
Жыршының әуенін дабыр-дұбыр дауыстар, тарсылдаған музыка басты. Қалың шуылдың арасынан қанаты қайырылған құстай зорға ұшып жеткен мақамды Мұрат кейде естіп, кейде ести алмады.
Көкмойнақтың үйірі-ай,
Домбыра тартсам күйім-ай,
Айқайласам әнім-ай,
Ашырқансам дәмім-ай,
Тұшырқансам тұзым-ай…
Тұлымшағынан тыңдап өскен тарихи жырдың бұл шумағын Мұрат жыршыға еріп, баяу айта бастап еді, жыршының жыры пышақ кескендей тоқтады. Айқай-шудан қажығандай қабағы түскен ол орнынан атып тұрды да, кенепті қолтығына қысып, келген ізімен кері қайтты. Мұрат оның соңынан көз алмай, киіз үй жаққа қарап тұрып қалды. Сейсенбек:
– Кеше осында киіз үй тігерде әкім берген қолхат сенде ме? – деді.
– Иә, менде.
– Соны алғандарың дұрыс болды.
– Мұндағы мереке аяқталып, мына киіз үйлерді алып кеткенше бойтұмардай сақтаймын ғой оны. Кеше әкім көптің алдында кеудесін ұрғанымен бірдеңе болса, жалтара салар.
– Әрине, сөйтеді. Оған сеніп бекер, талай ұрды ғой кеудесін, – деді Сейсенбек
Мұрат тігілген киіз үйлерге самарқау көз салды.
2
Сәске түс. Борты шатырмен бүркелген, ескілеу шағын жүк машинасы алаңның батыс жақ шетіне кеп тоқтады. Машинадан секіріп түскен ұзынтұра, саптама етік киген жүргізуші жігіт езуіне қысқан темекісінің күлін бір қағып, көліктің артқы жағына қарай жөнелді. Ол бортты аша бастағанда машинадан түскен егде әйел мен жас жігіт те солай беттеді. Жүргізуші мен жас жігіт борттан ыдыс-аяқ, қазан-ошақты жерге түсіре бастады. Іле-шала киіз үй артқан екінші, үшінші машиналар да келіп тоқтады. Алаңда ереуілдеп тұрған мұнайшылардың бір тобы киіз үй тігілетін аумаққа келді. Бірінші келген машинаны айнала қоршап алды.
– Апа, киіз үй сіздікі ме? – деді бас киімнің сыртынан арнайы киімнің капюшонын киіп, қолын жеңіне тығып, қусырынған мұнайшылардың бірі.
Еңкейіп тең шешіп отырған әйел көп уақыттан бері майланбай, тұмсығы ағарып, төтеленіп кеткен етік иесінің жүзіне басын көтеріп қарап қойды. Басына ораған түгі түсіп, тақырланған орамалының ұшымен мұрнынан аққан суды сүртті.
– Әдірәм қалғыр! Ит арқасы қияннан кеп нем бар еді, тоңып кеттім. Машинасы құрғыры да азынаған мола екен жылуы жоқ. Осыны тігем деп келдім, менікі болмағанда – кімдікі. Марқұм шалымның көзіндей көріп қараймын. Алтын берсе де анау-мынауға бере бермеймін. Ауылдың әкімі қайта-қайта қалап сұраған соң көңілін қимай, сіңлімнің ұлын ертіп жеткенім осы. Жалғыз ұл көп тойлап қойыпты, тұрғыза алмадық, – деп егде әйел теңнің үстіне отыра кетті де, жүргізушімен сөйлесіп тұрған жас жігітке айқай салды.
– Әй, Мәди! Келсейші, мыналарды ыңғайлайық. «Барсаңдар болды, бәрін қатырады» деп еді, кім тігеді бұл үйді? Мен бе?
– Қай ауылдан келдіңіз? – деді әлгі мұнайшы.
– Майқұдықтан.
– Сіздер бұл жерге қайтіп дәттеріңіз барып киіз үй тігесіздер? Жеті айдан бері маңдай терімізді даулап біз тұрмыз ғой мұнда, – деді мұнайшылардың тағы бірі.
– Не дейді, әдірам қалғыр! – деп әйел бүйірін таянып, орнынан тұрды.
– Мына қалың адам жаздан бері ереуілде тұрған мұнайшылар, апа, – деп нөпір адамды иегімен нұсқап, Мұрат та сөзге араласты.
– Айналайындар-ай! Сендердің тұрғандарыңды қайдан білейін. «Киіз үйіңді апарып тік, мереке» деген соң салып ұрып жетіп келмедік пе! Ақшасы да, басқасы да құрысын. Әй, Мәди! Жүктерді қайта тиейік, – деп егде әйел шешкен теңдерін буа бастады.
Басына шапка киіп, үстіне қысқа күрте ілген жас жігіт ештеңенің байыбына бара алмай, аңырып тұрып қалды. Ақсары өңі бозарып, біресе жүргізушіге, біресе апасына қарайды. Қабағынан қар жауып, бырысып-тырысқан жүргізуші:
– Маған артық ақша төлеген жоқ, тек жеткізіп тастасаң болды деген. Басқа да шаруаларым бар, мен жүрейін, – деп бұрқылдай сөйледі.
– Ой, айналайын! Әкім төлемесе, өзім бірдеңе қып ақшаңды берермін. Өстіп далаға тастап кетемісің?! Мұнда ереуіл боп жатқанын біз де білмедік қой. Сөзді қой, бізді алып кет! – деді әйел де қатуланып.
– Әкім келе жатыр! – деді әлдекім.
Көмекшілерін ертіп, екі қолын жанқалтасына салып алаңның ортасына келіп қалған әкімге мұнайшылар лап қойды. Әкімнің құндыз бөрігінің күнқағары көзілдірігіне тақала түсіпті. Қара жылтыр күртесінің жағасын көтеріп, сырмасының кеңірдек тұсын ғана ашық қалдырыпты. Қара суықтан жүзі қызғылттанып, тап-таза қырылған сақал-мұртының орны көгеріп көрінеді. Алыс-тан айқайлап жеткен наразы топты күліп қарсы алды.
– Не дүрмек, не той мынауың?! Киіз үй тігіп, жәрмеңке өткізетіндей не тындырдың, Көкеев мырза! – деді мұнайшының бірі.
– Жігіттер, мынадай тап-таза, әдемі жерге киіз үй тігіп, сахна құрып, мерекені дүрілдетіп атап өтейік те?! – деп қолын сермей сөйледі әкім.
– Осында тұрғанымызға жарты жылдан асты. Той жасайтын жер ме бұл? Бұрын-соңды қашан қыс ішінде тастың үстіне киіз үй тігіп едіңдер! – деді екінші дауыс.
– Тікпесек, тігеміз. Бұл – атап өтпесе болмайтын мерейлі күн, – деп әкім мойнын соза жан-жағына жалтақтады.
– Халықтың көңіл-күйі жоқ, не той жасамақшысың мұнда?! – деді төртінші дауыс.
– Жаңасу қаласында сендер ғана тұрмайсыңдар, жүз қырық мыңның үстінде халық бар. Олар адам емес пе?! Мерекені атап өтулері керек қой. Жастар бар, бала-шаға бар.
– Біреулер арандатып, басбұзарлар шықса, басыңмен жауап бересің бе?! – деп Мұрат көпшіліктің арасынан сытылып шығып, әкімнің алдына келіп тоқтады.
– Ештеңе болмайды!
–Кепілдік бересің бе? –деді шәңкілдеген әйел дауысы.
– Берем.
Көк шапка, көк пуховик киген, отызды орталап қалған қараторы әйел жұрт ішінен суырылып шығып, қолғабын шешті де, әкімге қолын ұсынды. Оның берген қолын тік көтерді.
– Міне, көрдіңдер ғой, «ештеңе болмайды» деп жігітше қолын берді! Көреміз, осыдан бірдеңе болса, өзі жауап береді, – деп қараторы әйел бір сөзін бірнеше қайталады.
Әкім әйелге берген қолын ажыратпай, жоғары көтерген бойы жан-жағына қарап:
– Болды ма енді? Көрдіңдер ғой, – деді.
– Көрдік, – деді әйел.
Әкім оның қолын босатты да:
– Ештеңе де болмайды, Құдай бар, ағайындар! Мен де Құдайдан қорқам. Ештеңе де болмайды, ештеңе! – деп екі алақанын кеудесіне қойды.
Киіз үй артып, алаң шетіне тоқтаған машиналардың да саны артты. Түсірген жүктерін машинаға қайта артып жатқан егде әйелді көрген басқалары борттан киіз үйлерін түсірер, түсірмесін білмей, дағдарып қалды. Әкімді қоршаған мұнайшылар көбейіп, сәл саябырлаған наразы дауыс қайта үдеді.
– Алаңға топырлатып той жасау тоқтатылсын!
– Арандатуға жол бермейміз!
– Саған және сенің «Құдайларыңа» сенбейміз, Көкеев!
– Жарты жыл айтқан өтіріктерің, бопсаларың жетеді!
– Алаң босатылсын!
Әкімнің өңі сұрланып, ашу-ызасы жүзіне ойнап шыға келді. Қалтасынан шытын шығарып, көзілдірігін алды да, әйнегін сүртіп, қайта тақты. Құндыз бөркінің күнқағарын сәл көтеріп, мойнын соза жан-жағын шолды.
– Біз сөйлесе алмаймыз! Бұған дейін де сөйттік. Мен де тапсырма орындаймын, кедергі келтірмеңдер! Әкімшілік жазаға тартыласыңдар! Той сендер үшін емес, халық үшін! – деп ол қолына рация ұстап, қара көзілдірік таққан көмекшісінің құлағына сыбырлады.
Екі көмекшісін ертіп, сытылып шыға берген әкім наразы топтың айқайын елең қылмай, киіз үй артқан машиналарға қарай беттеді. Қара көзілдірік таққан көмекшісі рациясын аузына тақап, әлдекіммен сөйлесті. Алаңды айналып жүрген қаптаған полицейлер де асығыс киіз үй артқан машиналарға қарай беттеді. Әр машинаға бес-алты полиция барып, қазан-ошақ, киіз үйлерді жерге түсіре бастады. Тек бір машина ғана борты жабылмаған күйі салдырлап, қарасын батырды. Егде әйелдің ертіп келген қолғанаты жалғыз өзі артқан азғантай жүкті, көп қол бірдемде жерге түсірді. Бажылдап, айқайға басқан егде әйелдің қасына киіз үй әкелген өзге кемпір-кешек, қыз-келіншектер жиналып қалды.
– Әдірам қалғыр! Бұлар қайтеді-ей! Қайдан ғана келіп едім! Мұнысы не масқара! Зорлықпен үй тіктіріп, бүйтіп той тойлағаны құрысын! – деп егде әйел түбіт ормалының ұшымен мұрнын сүртті.
– Әй, айналайын, әкім бала! Бері келші, бұ незат, бізге түсіндірсейші?! – деді алпыстың жуан ортасына келіп қалған ақсары әйел.
Әріректе полицейлердің бірімен сөйлесіп тұрған Көкеев басын қалың орамалымен қымтай орап, орамалының екі ұшын айқастырып, қоңыр күртесінің ішіне жіберген кейуананың шақырған дауысын естісе де, тапжылмады. Әйел екінші рет айқайлап шақырды.
– Әй, әкім бала! Бері кел деймін мен саған! Анадан тумағандай асқақтайсың!
– Ой, апа! Сіздерге келе жатқан жоқпын ба! Көңіл-күйді бұзып аналар да. Мерекелеріңізбен! – деп әкім жиналған әйелдермен сәлемдесті.
– Көңіл-күйіңді сенің… Наурызда тігейік тігетін үйімізді. Осыншама халық наразы болып тұрғанда үстіне үй тіккеніміз ыңғайсыз болар, бізді жібер. Осы қаланың шеті-ақ қой ауылымыз, қазір-ақ жетіп аламыз, – деді әлгі әйел.
– Ой, апалар! Өздеріңіздің келісімдері-ңізбен келдіңіздер ғой осында. Сіздермен келіскен соң біз басқа киіз үй іздемедік. Ертең мереке, аз-ақ уақыт қалды. Біз не істейміз енді? Давай, үйлер тез-тез тігілсін, уақыт аз қалды.
– Әкім бала, атың кім еді сенің, әдірам қалғыр?! «Жаман айтпай жақсы жоқ», ертең анау-мынау боп, киіз үйімізге бір нәрсе болса қайтеміз? Жіберетін түрлерің жоқ, болмаса соны біліп алайық, – деді егде әйел.
– Атым Балта Көкеев. Ертең ештеңе де болмайды. Тәуелсіздік мерекесін бірге тойлаймыз. Бірдеңелеріңіз бүлінсе, төлейміз. Үйлеріңіздің бір жібі қиылса, тастап кетіңіздер. Киіз үйдің құны қанша?
Әйелдер күбір-сыбыр болды да қалды. Әкім көмекшілерімен сөйлесіп, арасында алаңның әр тұсын қолымен нұсқап, нұсқау беріп тұр. Мұнайшының киімін киген орта жастағы семіз әйел әкімге таяп кеп екі саусағын шошайтты.
– Екі миллион!
– Нені айтасың?
– Киіз үйдің құны.
Өзгелері де ол әйелдің сөзін құптап, бастарын изектеді. Әкімнің жүзіне болымсыз күлкі үйірілді. Семіз әйел әкім жүзіндегі мысқыл күлкіні қалт жібермей, аңдап қалды.
– Болды. Алда-жалда қазақ үйлеріңе бірдеңе болса, төлейміз. Тек тезірек тігіңіздерші! Жігіттер де көмектеседі.
– Қолхат бересің бе?
– Берем. Бірақ бас-басыңа емес, бәріңе бір қолхат.
Шешілмеген теңнің үстіне барып отырған әкімге көмекшісі бір парақ қағаз бен қалам ұстатып, қара папкасын ұсынды. Ол ақ параққа сүйкететіп бес-алты жол жазды да, парақты көмекшісіне берді. Қасына келіп тұрған Саламат пен Мұратқа «не шаруа?» дегендей басын бір изектеді. Мұрат екі-үш парақ қағазды әкімге ұстатты. Әкім отырған қалпы жыпырлатып қол қойылған парақты бір шолып шықты.
– Ертең, 16 желтоқсан күні алаңда қандай да бір жағдай бола қалса, біз мұнайшылар оған жауапты емеспіз. Жеті ай бойы осы алаңда ағаштың бір бұтағын сындырмай бейбіт шеруде тұрғанымыздай, жалғасты солай тұра береміз.
Әкім қағазға қолын қойды да:
– Енді разысыңдар ма? – деп парақтарды ұстатты.
Мұнайшылар жүк артқан машиналар-дың маңын босатты.
3
Төрт-бес адам тігілген киіз үйдің әрбірінің есігінен сығалап, аралап жүр. «Әкімшілік қызметкерлері шығар» деп ойлады Мұрат. Сол қапталдағы биік бағана басындағы ту тынбай желбірейді. Қатарындағы темір мұнара қала төбесінен қарап, қаздиып тұр.
– Саламатты көрмедіңіз бе, Сейсенбек аға? Жаңа осында еді, – деді Мұрат.
– Иә, әлгінде жүрген. Магазинге кеткен шығар. Оның да мұрнының құрты бар. Мен секілді былшылдатып насыбай атпаса да, темекіні жейді, – деп Сейсенбек ернін жымқырды.
– Саған таң қалам. Не насыбай атпайсың, не темекі шекпейсің. Арақтан алпыс метр аулақ жүресің. Ішің пыспай ма?
Мұрат болымсыз жымиды. Киімінің төс жағындағы қиғаш қалтасынан ұялы телефонын алып, сағатына қарады. Ескі «Nokia-ның» сықсиған экраны оннан отыз бес минут кеткенін көрсетті. Ол телефонын қалтасына сүңгітті де:
– Ішім пысса, спортпен айналысам. Кейде аздап кітап оқимын. Соңғы уақытта спорт та жайында қалды, барып жүргем жоқ, – деді.
– Немен айналыссаң, сол көрінеді екен. Алпамсадай болмасаң да, денең мығым. Артық етің жоқ, біз секілді шілбиген тарамыс та емессің. «Аузың сасық» деп қатын күніне бір айтпаса, жеген асым бойыма тарамайды.
Сейсенбек өзі айтқан сөзіне өзі күліп, Мұратқа ыржалақтай қарады. Қалтасынан дәптердің бір парағын шығарып, сиыр мүйізінің ұшындай қып шиыршықтап орады. Қағаз орамды астыңғы ерініне тақап, жасыл қоймалжың түкірді.
– Жеңгеміз айтса, айтқандай-ақ екен, – деді Мұрат жымиып. – Күніне қанша рет насыбай атасыз?
– Кім санапты дейсің оны. Көп атуға болмайды бұ бәлені. Миыңды кептіріп, жүрегіңді көтеріп жібереді.
Сейсенбек жұмыс киімінің жанқал-тасынан түбінде бес-алты умаждалған қағазы бар целлофан шығарып, қағаз орамды соған салды. Целлофанды сәл жоғары көтерді де:
– Алаңда ереуілде тұрғаннан бері осындайды таптық. Әйтпесе мұндай әуресі жоқ еді бұның, былш еткізіп түкіріп кете бересің, – деп ыржалақтай күлді. – Кешке санайыншы, күніне қанша насыбай атады екем.
– Тауықтың боғын қосып жасайды дей ме бұны? Өткенде бір жігіттер интернеттен сондай бірдеңе көріп отырды.
– Өйтпейтін шығар. Интернет қарасаң, тамақ та жегің келмейді. «Малды бітеу күйінде жүн-жұрқасымен фарш қып айдайды. Аусыл тиген сиырлардың бір қылшығын қалдырмай колбаса жасайды» дейді. Тектеп, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Оған қарағанда тауықтың боғын ерніңе ғана салып, түкіре салған әлдеқайда абзалырақ.
Мұрат күліп жіберді. Ыржалақтап тұрған Сейсенбектің үстіңгі жалғыз алтын тісі жылтырап көрінді.
– Қатырасыз, аға! Атпағаным – насыбай, шекпегенім – темекі болсын. Бірдеңемен айналысу керек болса, спортпен-ақ айналысып жүре берейін.
– Енді оған барып жүрген жоқсың ғой. Бұған арнайы уақыттың керегі жоқ. Ерініңе саласың да, кез-келген шаруаны істеп жүре бересің, – деп Сейсенбек қарқылдай күлді.
Екеуінің не айтып, неге күліп жатқандарын түсінбей маңайындағылар селсоқ қарап қояды.
– Иә, аға. Спорты да, басқасы да жайында қалды. «Ораза намаз – тоқтықта» деген сол екен.
– Әрине, біздің ұл да сондай бірдеңеге барып жүруші еді, қазір қойды. Айттым ғой, нан алып жеудің өзі мүшкіл болып барады. Алатын аздаған тиын-тебенді ептеп жеткізуші едік, ол кесілді. Бұл тұрыстың қашанға созылатынын кім білсін? – деді Сейсенбек.
– Балалар есейіп қалған шығар?
– Иә. Екі ұл, бір қыз ғой. Ұлдың бірі он, біреуі жеті оқиды. Қызым енді төртінші класқа барды.
Мұрат оған қарап үнсіз басын изеді. Жүзінде әлгіндегі әзіл-қалжыңның жұр-нағы да жоқ. Торығып, шаршағаны байқалады. Мына тұрысы қалт-құлт етіп, жанып бітуге тақаған машамның соңғы білтесіндей көрінді. Капюшонының ішіндегі қоңыр бұйра құлақшыны көзіне түсіп кетіпті.
– Саламатқа звондайыншы, қайда жүр екен? – деп Мұрат қалтасынан ұялы телефонын шығарды.
Музыка дауысы құлақ тұндырады.
Екінші тарау
1
Шағын жүк машинасының баллонына арқасын сүйеп, ескі матрастың үстінде отырған Саламаттың басы ауырып, мазасы кетті. Ары-бері қозғалып, жан-жағына қарады. Аспан ала бұлт. Қуаң далаға қаққан қазықтай қадалған сансыз электр бағаналары көзге түседі. Кеніш басындағы машина жөндейтін орынның аласа қоршауы, арғы жағында бір-біріне жалғап салған бірнеше ақ үй тізілген. Шағын жүк машинасының артында жасыл қақпалы дәу гараж тарс жабық. Сәл ғана қиыстағы асфальт жолдан ары-бері зулаған машиналардың дауысы естіледі. Жол шетінде билбордтар ілулі тұр. Жүк машинасының айналасында отырған аштық жариялаушылардың ішінде басын ақ матамен тас қып таңып, жамбастай отырған қырық жас шамасындағы қара әйел құм-топырақты уыстап ұстап, қайта төгеді. Осы әрекетін тынымсыз қайталап, маңайға мазасыздана қарайды.
Саламат шекесін шеңбектеп қысып қойды. Бойы дел-сал тартып, буыны құрыды. Газдың сасық иісі қолқасын қауып, лоқсып жібере жаздады. Матрас шетінде жатқан көне лофер аяқ киіміне кіріп-шыққан зауза қоңыздар тыным таппайды. Саламат оң жағында отырған орта жастағы мұнайшының бүйірінен ақырын түртті.
– Басым әкетіп барады.
– Давлениең бар ма еді? – деді орта жастағы мұнайшы үні қарлығып.
– Жоқ.
– Аштықтың әсері шығар онда? Дәрі іш.
– Дәрі ішссең «бұлар витамин ішеді, аштық жариялағандары өтірік» деген сөз таратуы мүмкін біреулер. Оның үстіне дәріге жазылатын бас емес бұл, – деді Саламат.
– Не болып еді?
– Бұрын бұрғылауда істеп жүргенде темір құлаған, – деп Саламат екі шекесін қос қолымен қаты-қатты қысты.
– Бұрғылауда істеп пе едің?
– Иә, әскерден келген соң 2005 жылға дейін бес жыл бұрғылауда істедім.
Жүк машинасынан сәл қиыс шетте ереуілге шыққан жүздеген мұнайшының дабырлаған дауыстары естіледі. Олар мен бұлардың арасы алпыс-жетпіс метрдей. Тура ортадағы құмдауыт төмпешікке құйрығын қойып, домбыра пішінді шапқан қу ағашын құшақтаған жас жігіт отыр. Кенет ол жын қаққандай қу ағашын қағып-қағып жіберді. Оң қолы ішек қағып, сол қолы жаңылмай перне қуғандай қимылдайды. Қоңыр дауысы құйқылжып, зар сіңген әуен әуеледі. Саламат көзін жұмып, басын изеп, әуенге елтті.
Әлқисса болар сөз басы,
Ақылдың иман жолдасы.
Бұл күндері болғанда
Ақыл мен иман бүлінді,
Заманым қырық құбылды,
Жоғалып ынсап, қанағат…
Мұнайшылардың дабыр-дұбыры аза-йып, көбі жырға әуесі кетіп, құлақ түреді. Жыршының басы екі жаққа баяу қозғалып, бір тыныспен жыр айтып отыр.
…Сұлап жатқан көп өлік,
Бұйрат құмды жағалап.
Түлкі сарып сырыққа,
Қарға қонды құрыққа,
Қара шыбын балалап.
Қырылып жатқан халықтың,
Көзін ғана ойып жеп,
Құзғын ұшты табалап…
Жыршы басын төмен салып, мақамын созып отырып алды.
Еңіреп жылағандай естілген мақам үзілді. Жыршы орнынан ұшып тұрып, жолға қарай кетті. Аузы-басын ақ матамен тұмшалап ораған орта жастағы мұнайшы қара көзілдірігін шешіп, көзін сүртті де:
– Уһ! Сай-сүйекті сырқыратты ғой мынау! – деді күрсініп.
– Айтпаңыз. Бұрын есі дұрыс кезде теледидарға көп шығушы еді. Талай жырын тыңдадық. Аяқ астынан не болды екен байқұсқа? Анда-санда қу ағашын құшақтап, базар маңында отырғанын көріп қалам, – деді Саламат.
– Бұ жігіт туралы ел арасында неше түрлі алыпқашпа әңгіме айтылады. Қайсысы өтірік, қайсысы шынын кім білсін? – деді орта жастағы мұнайшы.
– Естімеппін. Қандай әңгіме?
– Әңгіме көп. Бірақ мен сене бермеймін ондайға. Біреулер «бұл жыршы жаздың бір күні теңіз жағасында ұйықтап қапты. Түн ортасында тықырлаған дыбыстан оянса, тура жанына үйір жылқы жайылып кеп қапты» дейді. Бұл құйрық-жалы төгілген сүлік қара айғырдың жалына жабыса кетіп, үстіне қарғып мінеді. Үркіп қашқан үйір, теңізге күп беріп, суға сүңгіп, ғайып болады. Теңіз суы қара айғырдың жалынан асқанда бұл сыпырылып, суда қалады. Өлдім-талдым дегенде жағаға жеткен бұл дірілдеп-қалшылдап бас ауған жаққа жүгіреді. Ертесі ес-түссіз жатқан жерінен ел тауып алыпты. Тағы бір айтылымда жыршы иен далада жылқы жайып жүрген Қамбар атаны көріп, содан осындай болып қалған дейді.
– Қамбар атасы несі? – деді Саламат.
– Жылқы атасы Қамбар ше? Соны көріпті дейді.
– Мен ондай нәрселерді түсіне бермеймін, айта беріңіз, – деді Саламат.
Өзге аштық жариялаушылар өздерімен өздері. Бірі мүлгіп, бірі жан-жағына мазасыздана қарайды. Екеуі күбір-сыбыр.
– Бір шапқыншылықта түрікпендер қазақтың тоғыз жасар екі баласын қолға түсіріп, жалшы қылады. Жылқы баққан Қамбар деген бала күй тартқанда жылқылар күйдің әуеніне елтіп, баланың қасында жусап жатып алады екен. Жылқылар қоңданып, семірмей қойған соң қожайындары баланың күй тартуына тыйым салады. Күй тартпаса, ішкен асы бойына тарамайтын Қамбар бала ақыры бір күні домбырасын алып, қашып кетеді. Қуғыншылар баланы қуып, Қаратүлей деген жерде қуып жетейін дегенде қара жер қақ айырылып, Қамбар құрдымға кетіп, домбырасы қалып қояды. Осы оқиғадан соң жылқы пірі Қамбар аталыпты. «Әр жылы желтоқсанның жиырма екісі күні бұ дүние мен о дүниені жалғап тұрған есік ашылып, өлген ата-баба аруақтары жер бетіне, өздерінің тірі ұрпақтарын көріп қайту үшін келеді екен» дейді.
Тірілер бұрын сол күні аруақтарға сый-садақасын беріп, құрбандық шалған екен. Қамбар ата о дүниеде де өлген жандардың жылқы кейпіндегі аруақтарын күй тартып бағады екен. Қамбар ата қысқы тоқыру күні аруақтарды бастап, жер бетіне келген күні бұл байқұс иен далада оны көріпті. Содан есі ауып құлап, осындай күйге түскен дейді. Осындай ертек-аңыздарды жұрт бұл сорлының басына іле береді. Айтпақшы, әлгі үстіне қарғып мінген қара айғырды суын айғыры дейді. Баяғы ата-бабамыздың асыл тұқымды жылқылары содан тарапты. Судан шыққан суын айғыр кәдімгі біздің жабайы жылқыға шапқан ғой, қысқасы, – деп орта жастағы мұнайшы болымсыз жымиды.
– Өзі ауырып отырған бастың быт-шытын шығардыңыз, – деп Саламат қинала күлімсіреді.
– Темір құлаған кезде емделмедің бе сонда?
– Апарып тексерткен сол кезде. Дәрігерлер ештеңе таппады.
– Әрине, таппайды олар. Тапса, компания саған ақша төлейді. Шығын шығарғысы келеді деймісің?! Ым-жымы бір бәрінің. Денсаулық өзіңе керек, басқа жаққа барып қаралмадың ба?
Орта жастағы мұнайшы қара көзілдірігін киді де, мұрнын жартылай жапқан ақ матаны жоғары көтеріп қойды.
– Соған бір ыңғайы келмеді. Жұмыстан босамайсың, демалыста үйдің күтіп тұрған қат-қабат шаруасы. Көп ауырмайтын, кейінгі кезде жиі ауыратын боп жүр, – деп Саламат шекесін тағы шеңбектеп қысты.
– Сен қатыспай-ақ қоюың керек еді бұл акцияға.
– Неше күннен бері отырмын ғой, не болса да шыдайын. «Жұмысқа шығыңдар» деп қорқытып-үркіткен шолан-шошырақ бастықсымақтар болмаса, «Сумұнайгаздың» бір дөкейі жоқ. Әкім қайда жүр? Адам ғұрлы көрмейді бізді. Көр де тұрыңыз, кірпігім қимылдаудан қалғанша осында жатқаным жатқан, – деп Саламат жүк машинасының баллонына арқасын сүйей шалқайды.
2
– Құлыным-ау, әкеңнен айырылып қалдық!
Армиядан оралған Саламатты қақпа алдынан күтіп алған шешесі оны құшақтап, ұзақ жылады. Жүзін жуған жасын алақанымен сүртіп, шешесін жетектеп аулаға кірген Саламатты екі жеңгесі кезек-кезек құшақтап, бетінен сүйді. Үлкен жеңгесі басына тартқан орамалының ұшымен тамшы жас тұнбаса да, көзін сүртіп-сүртіп қойды. Қатпиған қара, бойы ұзын кіші жеңгесі кең ауланың шығысындағы мыжырайған шағын үйіне қарай жүре жөнелді.
– Ағаңды оятайын, – деп үлкен жеңгесі қақпаның оң жақ қапталындағы жаңадан салынған екі бөлмелі времянкаға тартты.
Домаланған семіз сары әйел артына бір-екі рет бұрылып қарап қойды. Үлкен ауланың қақ төріндегі зәулім болмаса да, кең-мол салынған ақсұр үй Саламатқа шөгіп, аласарып кеткендей көрінді. Ауланың әр жеріне жусан өсіпті, желмен баяу тербеліп тұр. Аласа дуалдың кей түкпірінде жыртылып, шашылған цементтің қағаз қабы жатыр. Шашылған, жүдеу ауланы көзімен шолған Саламат онан бетер құлазып кетті.
– Ағам үй салыпты ғой, мама.
– Солар салды дейсің бе?! Сен армияға кеткенде бастаған. Әкең екі жыл жағаласып, көтемде бітіріп еді. Айырылып қалдық қой, айырылып. Бүйтіп жұртта аңыратқанша, мені неге алмайды, бұ Құдай!
Саламат зарлаған шешесін қайта құшақтады. Көзінен аққан жас анасының арқасына тырс-тырс тамды.
– Ой, бауыре-ем! Ой, бауыре-ем!
Көзі ісіп, шашының ұйпа-тұйпасы шыққан үлкен ағасы таяп кеп қапты. Саламат ағасына қарай жүгірді.
– Ағатайым-ау!
–Бауырым-ау, арыстай әкемізден айырылдық!
Ағалы-інілі екеуінің құшақтары айқасты. Саламаттың мұрнына шіріген жоңышқаның иісі келді. Сасық иіс кеңсірігін кернеп, лоқсып жібере жаздады. Ағасы құшағын босатып, оның бетінен шөпілдетіп сүйді.
– Азамат бопсың, азамат!
– Үйге кірейік, – деп шешесі Саламаттың қолынан тартты.
Тұрған орнында тәлтіректеп барып, бойын түзеп алған ағасына Саламат көзінің астымен қарап қойды. Екі иығы қушиып, арықтапты. Жабағы мұрты жалбырап, мұртының ұштары сарғайып кетіпті. Үстіндегі шолақ жең, көк түсті футболкасының өңі түсіп, оңыпты. Ол қызарған көзін қайта-қайта уқалап алды да, қалтасынан қорабы мыжылған темекісін шығарды.
– Азамат болды деген осы. Аман келдің бе, айналайын?! Әттең, папамыз тірі болғанда қандай қуанар еді. Үйге бара бер, мен сосын кірем, – деді ағасы.
Саламат сөмкесін көтеріп, шешесінің соңынан жүрді. Анасының бойы еңкіш тартып, белі бүгіліпті. Жиі-жиі ақылап-үкілеп күрсіне берді. Оның тарамыстанған қолы ауыр ағаш есіктің тұтқасын ұстап, шалқайта ашты.
– Жүр, балам. Әкең болғанда Аққаладан барып күтіп алар еді. Мыналардың түрі мынау, күндіз-түні арақ ішкеннен басқа жұмыстары жоқ. Тым құрыса әкелерінің қырқы өткенше ішпесе қайтеді. Бет топырағы жасырылмай жатып бұрынғы әтеттеріне басты. Бір емес, екі ұлдың өстіп жүргені елден ұят екен. Үміт үздім, қайыр күтпеймін бұлардан. Айналайын, сен арақ ішпе! – деп шешесі тағы да күрсінді. – Міне, үйдің түрі, аңырап қалды, аңырап.
Кіреберіске сөмкесін қойған Саламат көз жасын көлдеткен шешесін қолтығынан сүйеді.
– Ана жаққа, – деп шешесі зал үйді қолымен нұсқады.
Төрде жайылған шағын дастарханның беті жабық. Залдың төр жақ бұрышындағы аласа шкаптың үстінде «Toishba» маркалы теледидар сарнап тұр. Саламат диктор қыздың «Мәдениетті қолдау жылы» аясында даңқты қолбасшы Әбілқайыр ханға ескерткіш орнатылды» деген жаңалықпен сүйіншілеп жатқанын естіді.
– Ананы сарнатпай өшіре салшы, балам. Бұл үйде Құран оқитын да адам жоқ. Беті-қолыңды жуып кел, бетімізді сипап, ырымын жасайық, – деп шешесі жабулы тұрған дастарханның бетін ашты.
Саламат сыртқа шықты. Үлкен ағасы есік алдындағы қада ағашқа қағылған кішкентай темір қол жуғыштың суын ағызып, қақырынып-түкірініп беті-қолын жуып тұр. Екі жеңгесі екі жақтан таяп кеп қапты. Кіші ағасының қарасы көрінбейді. Саламат қол жуғыштың түбіндегі аз сумен қолын шайып, үйге кірді.
Әкесінің қырқын өткізіп, бір ай үйден ұзамаған Саламат шілденің соңында мұнай бұрғылауға жұмысқа кірді. Зілдей бульдозер мен скреперлер тақыр даланың шаңын аспанға шығарып, шахтаның орнын күреді, таптады. Тапталған шахтаның орнына крандар ауыр цемент плиткаларды тізді. Плиткалардың үстінде көкке шаншылған темір мұнара тербелді. Құлақ сарсытқан мотор дауысы тынбады. Кеңсірік жарған газдың, химикаттың сасық иісі мүңкіді. Саламат ыстыққа қақталып, суыққа қарылып жыл бойы жұмыс істеді. Әкесінің жылын беретін күнге туралап вахтадан қоржыны тоқ қайтты. Екі мұнайшы жүгін қала шетіндегі алыпсатардың ауласына кіргізді.
– Не бар?– деді алыпсатар сығыр көзін сығырайта түсіп.
– Көлемі әртүрлі үш долото. Неше метр екенін білмедім, кабель бар. Ключтер… – деді Саламат.
– Қанша сұрайсыңдар? – деп алыпсатар жуан мойнын ары-бері қозғап қойды.
– 500 мың.
Дауысы дірілдей, сенімсіз шыққан мұнайшыға алыпсатар басын изеп, күліп қойды.
– 500 мыңға татиды, – деді Саламат серігінің сөзін құптап. – Үш долото бар, алмаздың құнын білесіз ғой өзіңіз де.
– Ондайға ала алмаймын. 300 мыңға берсеңдер, алам.
– Қоспайсыз ба?
– Жоқ.
– Сонша жерден алып келдік, болма-ғанда 400 мыңға алсаңызшы. Алып шығу да оңай болған жоқ, – деп Саламат алыпсатардың арқасынан қақты.
– Ұрланған дүниені жөнелту де оңай емес. Берсеңдер сол баға, бермесеңдер өздерің білесіңдер.
Екеуі келісті. 300 мың теңгені тең бөліп, қалталарына басты да, ауладан шықты. Түс ауған мезгіл. Күн қатты шыжып тұр. Олар тар жолмен үлкен көшеге өтті. Анда-санда ары-бері зулаған машиналар болмаса, жан баласы көрінбейді.
– Үйіңе қайтасың ба? – деді Саламат серігіне.
– Иә. Қайтам.
– Мен базарға соғам. Әкеміздің жылы боп қалды, продукты алам.
– Жақсы, ниет қабыл болсын. Хабарласармыз, – деді серігі.
Саламат ойлы-шұңқыр, тесік-тесік асфальт жолдан кесіп өтіп, такси тосты.
Күн батар шақта УАЗ автокөлігі қақпа алдына келіп тоқтады. Машинадан түскен Саламат қиюы қашқан темір қақпаны ашты. Машина үй іргесіне келіп тоқтады. Ол қызыл танау болып борт тола азық-түлікті кіреберістегі кішкентай бөлмеге түсірді. Машина боратындағы соңғы екі қап ұнды көтерісіп, көмек қылған жүргізуші ақысын алды да, жайына тартты. Есік алдында күн сап қарап тұрған үлкен жеңгесі времянкасына кіріп кетті.
– Сәлем бердік, мама!
– Аманбысың, құлыным! Тықырлатып жүргеніңді естідім. Сен екеніңді білдім. Бір-екі күннен бері аяқ құрғыр бастырмай, жанымды шығарды. Әкеңнің жылы өткенше ауырмай тұрса жарар еді. Жаңа түсте ана үлкен келін байының атаукересін әкеп аяғыма жаққан, аздап жақсы болған секілді. Қақсап, шыдатпай жатыр еді, әйтпесе.
– Ертең апарып емдетем. Уайым-дамаңыз, мама.
– Өткенде саған звондаған күні ауырып бастаған, сен алаңдамасын деп айтпадым. Мұндайы жоқ еді.
– Суық өткізіп алғансыз ғой. Ертең ыстық укол салғызып жіберсек, суықты жоқ қылады.
– Газдың үстінде келіннің әкелген бірдеңесі тұр, жылтып же. Тамаққа тәбетім де жоқ. Бір қасық ас жесем, күні бойы асқазаныма батады, –деді шешесі күрсініп. – Менің де дәм-тұзым таусылайын деген шығар.
Саламат ас үйге кіріп, газға шай қойды. Түбінде езіліп піскен әппақ макароны бар кішкентай қазанның астын жақты. Үстел үстіндегі жуылмай, шашылған ыдыстарды бір шетке жинап, иістене бастаған дымқыл тряпкамен үстел бетін сүртті. Сайтан көбелек түскен жарты кесе қара шайды босағадағы жуынды құятын шелекке төкті. Кесенің жартысында шайдың жұққан дағы қалды.
Ол шешесін үстел басына сүйеп әкелді де, ұзақ отырып шай ішті.
– Саған серік болайын. Айттым ғой, ештеңеге тәбетім жоқ, – деді шешесі өңі жадырап. – Осылай жүре бересің бе, тойыңды көріп кетсем жақсы еді.
– Ой, мама! Тап бір өлетін адам секілді сөйлейсіз. Бұйырса үйленем. Аздап тиынның басын құрап алайын.
– Біреуің бар ма өзі?
Саламат үндемеді.
– Жұмыс, ақша деп жүрсең, жүре бересің. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды».
– Мыналардың малы неге екеу болмайды? – деп Саламат артындағы терезені бармағымен нұсқап, күліп жіберді.
– Арақтарын қойып, жұмыс істесе, бәрі де болар еді. Оған жүрістері мынау, не дейін? «Әкеміздің жылы, дайындалайық» деп жүрген ешқайсысы жоқ, не деген адамдар екенін. Бір апта қалды, сен болмасаң бұлар әкелерінің жылын да бермейді-ау. Қайта балалары есейіп, өзі күндерін өзі көріп кетті.
Дастархан басындағы көңілсіз әңгіме күнді батырды. Далада шілделік шырылдайды. Саламат шешесін төсегіне апарып жатқызды да, сыртқа шықты. Желемік еседі. Айсыз ашық аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Кіші ағасының үй жағынан әйелдің долдана боқтанған дауысы естілді.
Түннің бір уағына дейін оның көзі ілінбеді. Ары аунап, бері аунап қалжырап барып, тас боп қатты. Сәске түске дейін тұяқ серіппей ұйықтаған оны ашылып-жабылған есікті шиқылы оятты.
– Мама, сіз бе? – деді ол дауыстап.
– Ау, балам. Не дейсің?
Шешесінің дауысы өз бөлмесінен шықты. Саламат апыл-құпыл киініп, сыртқа атып шықты. Пакет көтерген жеңгелері екі бағытқа – өз-өзі үйлеріне қарай жылдам жүріп барады. Ол табалдырықтан қайта ішке аттады. Кіреберістегі жинаулы тұрған азық-түлік азайып, шашылып жатыр.
– Есектер! – деді ол тістеніп. – Құйттай ұят болсашы, өз үйлерінің дүниесін өздері ұрлап.
Саламат пакет көтеріп, ары-бері зулаған жеңгелерін әкесінің жылдығын берген күні де көрді. Ләм демеді. Жұмысқа кететін күні шешесіне:
– Мама, күзде үйленем. Үй жалдасақ та, қаланың басқа жағында тұрамыз, – деді.
Жапан түзде қаңқиған қырық бір метрлік бұрғылау мұнарасынан ызыңдаған мотор дауысы тынбайды. Шыр айналған ротор тоқтағанда бұрғылаушының кө-мекшісі қолына екі-үш метрлік жуан арматураны алып, блогтің ілмегін жапты. Жұмысын уақытша атқарып болған ротор айналдырушы квадрат темір орнына жайғасты. Бұрғылаушының көмекшісі арматураны мұнараның қабырға темірлеріне тігінен сүйеп қоя салды. Элеватордың ашық бөлігін тұрбаға кигізіп, қабырғасын рычакпен жапқан Саламат элеватордың екі жағындағы ілмек жалғауына болат сырғасын кигізіп, машиниске ишара жасады. Ұңғымаға сүңгіген он метрлік сансыз тұрбаның үшеуін суырып жер бетіне шығарған элеватордың болат арқандары жоғарғы балконға жетіп тоқтады. Болат арқанды ораған барабан дамылсыз айналады. Саламаттың мұрнына жоғарыдан ұңғымаға жіберілген химиялық ертіндінің қышқылтым иісі келді. Темір тұрбаларды жалғаған аралық муфтаны шешкен автоматтандырылған бұрғышы кілтінің пыш-пыш дауысы шықты. Ол муфтасы шешілген тұрбаның төменгі ұшын тартып, мұнара қабырғасындағы тұрба жинайтын орынға жеткізді. Үстіңгі балкондағы бұрғылаушының көмекшісі де тұрбаның жоғарғы ұшын элеватордан шығарып, арқанмен орай тартып, төменгі ұшымен теңестірді.
Тұрбасы суырылған ұңғыманың түбі химиялық ертіндімен толды. Болат арқанды тарқатқан барабан қайта айналып, блог іске қосылды. Саламат элеватордың ашық бөлігін тұрбаға кигізді. Кенет басындағы каскасының даң еткен дауысы шықты. Көзінің оты жарқ етіп, басы айналып, жүрелеп отыра кетті. Басына тиген күшті соққы өкпе-бауырын солқылдатып жіберді. Сасық иіс жүрегін көтеріп, лоқсып-лоқсып жіберді. Ол қинала басын ұстап, көсіліп отырды. Мұнара қабырғасына бос сүйей салған жуан арматура жанында жатыр.
– Не болды? Темір құлады ма?
Машинист басын ұстап, есеңгіреп қалған Саламаттың жанына келіп, бетіне үңілді.
– Иә, – деді ол тілі бұралып. – Басым, басым әкетіп барады.
Саламат каскасын шешіп, басын сипады. Шашы сұйылған бас терісі алақанына жұмсақ тиді.
– Қатты ауырып тұр ма?
– Жатайыншы, шыдатпай барады.
– Мұнда жат, – деп машинист арнайы киімін шешіп, бүктеп қойды да, оны сүйеп жатқызды.
Ызыңдаған мотор дауысы тынып, роторға адамдар жиналып қалды. Саламат мұнара басына қарап, шалқасынан жатты. Анда-санда кірпігін қағып, жұтынып қояды.
– Мастер келді, – деді мұнайшының бірі.
– Не жағдай? – деді алқынып, ентіккен мастер.
– Басына арматура құлады, – деді машинис.
– Арматура құлағаны несі?
– Блогтің ілмегін ашқан арматураны сүйеп қоя салған еді, сол құлап кетіпті.
– Оны неге ол жерге қойып жүр? «Бірден жерге түсіріңдер» деп үнемі айтам ғой сендерге. Вышка солқылдайды, қозғалады. Сүйеулі арматура құламағанда қайтеді. Қауіпсіздік ережелерін күнде қақылдап айтсақ та, жүре тыңдайсыңдар. «Касканы шешуші болмаңдар» дейтініміз сол, әйтпесе миың шашылып кетер еді. Өзің тұрып жүре аласың ба, вагон жаққа барайық? Обед те болды, – деп мастер Саламаттың жүзіне еңкейіп қарады да, баспалдақпен төмен түсіп кетті.
Ол басын көтеріп, мойнын ары-бері бұрды. Алақанымен басын сипап, жанында тұрғандарға жапақ-жапақ қарады. Мұнайшының бірі оны қолынан тартып тұрғызды.
– Вагон жаққа барайық, қалаға жібе-ретін шығар сені.
Кішкентай терезеден түскі ас үлестіріп тұрған әйелдің аузы да, қолы тынбайды. Саламат алдына алжапқыш тартып, басын ораған, елудің айналасындағы, етті-женді әйелдің қолынан сылдыр сорпа, тауықтың бірнеше түйір еті қосылған ақ күрішті алып, табаққа қойды да:
– Апа, айран бере саласыз ба? – деп қинала сөйледі.
Екі-үш жапырақ нан мен қара шай алып жетіп келген аспаз әйелдің қара сұр түсі түтігіп, майлы беті тыржыңдап кетті. Еті қалың ерінін бір сылп еткізді.
– Вахта ауысымы боп қалды, қайдағы айран! Мен ішіп-жеп қойды дейсің бе соның бәрін?! Қалың ауыздан не қалсын, таусылды да.
– Ашуланбаңыз. Бар ма екен деп жай сұраған.
– Жоқ! Біреуі окорачка қайда, біреуі айран қайда дейді. Бар күні іштіңдер айрандарыңды, жедіңдер қос-қостан окорачкаларыңды. Міне, вахтаның соңы, қалған азық-түлікті екі-үш күнге жеткізуім керек. Етімнен ет кесіп берем бе енді сендерге?!
Саламат табақты көтеріп төрт адамдық үстелге кеп отырды. Алдындағы асын татып еді, тағы лоқсып барып басылды. Басы солқылдап ала жөнелді.
– Ас болсын, жігіттер. Сен неге тамақ ішпей отырсың? Басың қатты ауырып отыр ма? – деді машинист.
– Иә, сәл басылған сияқты боп еді, қайта бастады. Түк тәбетім жоқ.
– Мыналарың сылдыр су берейін деді ғой, тамағының түрін қарашы, – деді мұнайшының бірі.
– Үнемі вахтаның соңғы күндері осылай боп кетеді, әйтеуір, – деп машинист сәл жымиды.
Жақ жүні үрпиіп, қараусыз мұрт-сақалы ретсіз өсіп кеткен оған Саламат тесіле қарады.
– Дұрыс емес қой мұнысы. Айлықтың түрі анау, тамақтың түрі мынау. Он бес күн осында ит боп істейсің, тапқаның қарызыңа жетпей қайта келесің, – деді оң жағында отырған мұнайшы. – Қалаға сені қазір жеткізіп тастайтын шығар, Саламат? Миың шайқалса, қиын болады. Дұрыстап тексеріл.
Саламат есінеп, орындықтың арқа-лығына шалқайды. Қолына ұстаған стакандағы шайын үстелге қоя салды.
– Иә, қазір кетеміз деген қалаға.
– Дұрыс, барып тексерілгенің жөн. Бас-пен ойнауға болмайды, – деді машинист.
Тамақтарын ішіп болған мұнайшылар вагон алдына шығып, әлденені айтып, дабырласып тұр. Кішкентай терезеден ыдыс-аяқтың сылдырлаған дыбысы естіледі. Есік ашылды. Елден бұрын асын ішіп, сыртқа шығып кеткен мастердің денесінің жартысы көрінді.
– Әй, тамағыңды ішіп болдың ба, Саламат?! Машина күтіп тұр, қалаға жетіп ал!
Саламат орнынан тұрып үлгергенше кішкентай терезеден аспаз әйелдің жуан басы сумаң етіп шыға келді.
– Мастер, мастер! Дайын машинамен мен де қалаға барып келсем. Барам да, қайтам.
– Сізге не бар, шаруаңызды істемейсіз бе?!
– Вахта уақыты бітті, бір-екі күнде қайтамыз. Артық жүктерімді жеткізіп алайын. Ертең қайтуыма да оңай болады!
– Не жүк сонша?!
– Кірлеген киім-кешек, анау-мынау. Ертең бір жолда алып жүру қиын болады маған, жеңілдете берейін!
– Жарайды! Аш қалмайық, кешкі асқа үлгеріңіз. Тез болыңдар енді! – деп вагон есігін жапқан мастердің сырттағылармен сөйлескені күңгірлеп естілді.
Кішкентай терезеден шығып тұрған аспаз әйелдің басы ары-бері бұрылып, қақшаң-қақшаң етті.
– Ыдыстарың босаса, мұнда әкеліңдер тезірек. Жинап кетейін, келген соң жуам. Жолдан қалдырасыңдар, тез болыңдар!
Жұрт соңында қалған төртеуі босаған ыдыстарын терезе алдына апарып қойды да, сыртқа шықты. Ойлы-қырлы тақыр дала мүлгиді. Әріректегі бұрғылау мұнарасының үшкіл басы көкке шаншылып, қаздиып тұр. Жазық далаға қағылған қазық секілді электр бағаналары мұнартады. Каскасын желкесіне қарай ысырып, ыбырсып шашылған вагондардың маңын жинастырып жүрген жұмысшының бірі арматураның ұшына ілінген целлофанды түсірмекші болып, ұзын темірді сілкіп-сілкіп қояды. Жүргізуші ескі УАЗ автокөлігінің әр жерін шұқылап, жол қамына кірісіпті. Машина маңына жиналған үш-төрт мұнайшы дабырласып, мәз-мейрам.
Саламат темекі тұтатып, вагон алдындағы жиналған темір-терсектің үстіне отыра кетті. Қасына келіп, саусағының ұшын жыбырлатқан, сақал-мұрты өскен мұнайшыға бір тал темекі ұсынды. Оттығынан шыққан күшті жалын сақал-мұртымен қоса, қас-кірпігін күйдіре жаздаған ол Саламатқа қарап ыржиып күлді. Оттығын өшіріп, газын азайтып, қайта жақты. Саламаттың жүрегі айнып, басы зеңіп кетті. Сәл ғана шегілген темекісін лақтырып жіберді де, киімін ауыстырғалы жатын орнына кетті.
– Ал, кеттім. Аман болыңдар.
Кішкентай сөмке көтерген Саламатқа мұнайшылар қолдарын көтеріп, қоштасты.
– Басыңды дұрыстап тексерт, жақсылап емдел, – деді бірі.
– Аққалаға барып қаралмасаң, біздің Жаңасу қалай болар екен, – деді екіншісі.
Вагон жақтан аспаз әйелдің дауысы естілді.
– Әй, жігіттер! Жүгімді машинаға жеткізіп беріңдер!
– Машина бара салады ғой, күтсеңізші, – деді Саламат.
– Күтіп отырамыз ба, апарып сала берейік. Келіңдер!
Сірескен ала дорбаны есік алдына шығарып үлгерген аспаз әйел ішке кіріп бара жатып, айқайлап сөйледі.
– Апара беріңдер, қазір шығам!
– Сен машинаға бара берсеңші, біз-ақ жеткіземіз, – деді сақалы өскен мұнайшы Саламатқа.
– Басым айырылып кеткен жоқ қой, жеткізе салайын.
Саламат зілдей сөмкені елу метрдей жерге дейін көтеріп барды да, жерге қоя салды.
– Тас салған ба мынаған, әнәс-с…
Ол тыңқиған ала дорбаны тағы біраз жерге дейін көтеріп апарды да, қайта жерге қойды.
– Не сап алған өзі?
Саламат ала дорбаның сырмасын сәл ашты.
– Мұз сап алған ба мына қатын?
Ол желке тұсынан аспаз әйел қарап тұрғандай қарадай қысылды. Ала дорбаның сырмасын жапты да, дедектеп көтере жөнелді.
3
Орта жастағы мұнайшы машина баллонына сүйеніп, көзін жұмып, үнсіз қалған Саламатқа қарады.
– Не істейсің енді? Қатты қиналсаң, аштықты тоқтат. Қалған тоғызымыз бармыз.
Саламат көзін жұмған күйі басын шайқады.
– Айттым ғой, шыдаймын. Айтпақшы, бүгін нешесі?
– Отыз бірі, – деді орта жастағы мұнайшы.
– Ертең маусымның бірі ме сонда?
– Иә.
Орта жастағы мұнайшының дауысы талып естілді. Саламатқа оның көзілдірігі тым қап-қара болып көрінді.
– Жыл бойы «жұмыс-жұмыс» деп балаларға көңіл бөлетін уақыт та бола бермейді. Демалыста тағы сол жүгіріс. Бірінші июньде балаларды ертіп шығып, қаланы аралатып қайтасың, әйтеуір, – деді Саламат қинала сөйлеп.
– Қанша балаң бар?
– Бір ұл, бір қыз. Негізі үшеу еді, біреуі туа сала кетті.
– Ауырды ма?
– Жоқ.
– Енді не болды? – деді орта жастағы мұнайшы.
– Сап-сау туған бала, өлді. Анығында өлтірді. Еске алғың да келмейді, – деп Саламат қос қолымен басын шеңбектей ұстады. – Ұстамасы бар секілді осы бастың. Жаныңды шығарып ауырады, сосын басылады.
Орта жастағы мұнайшы Саламатқа бүркелген жүзін бұрып, тесіліп қарап қалды. Мұрнының қырынан сәл сырғыған ақ матаны жоғары көтеріп қойды.
– Әй, жігітім! Бұлай болмайды. Не дәрі іш, не аштықты тоқтат.
– Дәрі ішейін. Негізі дәріге үйретпегем, өзі қоятын.
Орта жастағы мұнайшы алысырақта тұрған топ адамға қолын бұлғады. Топты адамнан суырылып шыққан жас жігіт, бұларға қарай аяңдады.
– Інім, цитрамон ба, бірдеңе әкеліп берші. Ағаңның басы шыдатпай жатыр, – деп орта жастағы мұнайшы жас жігітке бұйыра сөйледі.
Бас киімінің күнқағарын еңкейтіп, көзіне түсіре киген төртпақ қара жігіт басын изеді де, кері бұрылды. Қайта барып топ адамға қосылды.
– Қазір әкелетін шығар, дәрі ішкенің дұрыс. Бұ жатысымыз қанша күнге созылатынын бір Құдай білсін, – деп орта жастағы мұнайшы қинала сөйледі.
Саламат басын изеп, ала бұлттан анда-санда көрініп, еңкейіп, батуға арқан бойы аралық қалған күнге қарады. Аяқ киіміне кіріп-шыққан зауза қоңыздар тынбайды. Мұрнына газдың сасық иісі келді.
Үшінші тарау
1
Мұрат Саламаттың нөмірін терді. Қалың шудан «желі бос емес» деген оператор әйелдің дауысы әзер естілді. Ол телефонын қолына ұстаған күйі жан-жағын шолды. Алаңдағы адамдар көбейе түсіпті. Суық жел қызыл-жасыл жалауларды желбіретіп, бір тынбайды. Алаңнан әріректегі биік бағана басына ілінген үлкен ту да құлашын жазып, кілкіп аққан көк иірімдей қозғалады. Бағананың оң қапталындағы қаңқиған темір мұнара сұрғылттанып, тым асқақ көрінеді. Мұраттың қолына ұстаған телефоны дір ете қалды. Ол телефон экранына үңілді де, жалғады.
– Алло!
– Қай маңдасың, Мұрат?
– Киіз үйге жақын жерде жүрмін.
– Естілмейді.
– Не дейсің, Мұрат? Мен де алаңда жүрмін, сені қайдан табам?
– Тура сахна жақтан санағанда бірінші киіз үйге кел. Әйтпесе таппайсың, естілді ме? – деп Мұрат айқайлап сөйледі.
– Қазір барам, – деді телефонның арғы жағындағы дауыс.
Мұрат телефонын қалтасына салды да, сеңдей соғылысқан адамдар арасынан өтіп, киіз үй жанына жетті. Үй ішінен даурыққан дауыстар естіледі. Әлденені айтып, өзелене өңештерін созады. Ол киіз үйге таяп кеп қалған Динаны көрді де, оған қарсы жүрді.
– Тәңертең ерте кетіп қапсың, айтып үлгермедім.
Мұрат әйеліне аңтарыла қарады. Басына қалың орамал тартып, сыртынан күртесінің капюшонын басып кисе де, Динаның бидай өңі қара суыққа қарылып, қызғылттаныпты.
– Не айтайын деп едің, Дина?
– Сол мектептің жыры ғой. Кеше де жай келдің. Сөйлесе алмадық. Арыз жазып, жұмыстан кетсем деп едім.
– Біздің жүріс мынау. Енді сен жұмыссыз қалсаң, не болды деші.
Мұрат сәл жымиып, әйелінің иығына оң қолын артты.
– Әбден тойдым. Мұғалім емес, құл секілдіміз. Мерекеде де демалтпайтын болды бұлар. Директор «парад болады, оқушыларды бастап бар» деп бүгін де үйге отырғызбады.
– Парады несі?
– Енді мереке деп оқушыларды алаулатып-жалаулатып осы жерден жүргізеді де.
– Біздің үстімізден басып-жаншып парад жасайсыңдар ма сонда? – деп Мұрат басын шайқап күлді де, әйелінің иығынан қолын алды. Алаңның о жақ, бұ жағына қарады, – Ана алаң шетіндегі жолдармен жүретін шығар? Мұнда адамдар тұр ғой.
– Онысын білмедім. «Алаңда парад болады, оқушыларды бастап бар» деді бізге. Әбден шаршатты! Директор қоңыр күзден бері соңыма тіптен түсіп алды. Бірдеңе болса, елден бұрын мені іздейді. Әр ісімнен кемшілік іздеп, жоқ нәрсені сылтауратып, ұрса береді.
Дина жасаураған көзін қолғабының сыртымен сүртіп, күйеуіне жәутеңдей қарады.
2
Қиюы қашқан қақпаны жартылай ашқан, ұзын бойлы, арық қара кісі «не шаруа?» дегендей Динаға тесірейе қарап, иегін қақты.
– Сәлем бердік.
Арық қара кісі салалы саусақтарымен ретсіз өскен әппақ шашын артына қарай қайырып, аузын жыбырлатты.
– Кіруге бола ма? – деді Дина.
Арық қара кісі есікті үлкенірек ашты да, кері бұрылып, кең ауланың төрін ала салынған, шатыры аласа шағын үйіне қарай жүре жөнелді. Дина соңынан ерді. Оның мұрнына әжетхананың сасық иісі келді. Шетте күн жеп, қаусаған, артқы бір дөңгелегі жоқ, кірпішке сүйенген «Жигули» автокөлігі тұр. Әр жер-әр жерде темір-терсек, сынық кірпіштер шашылып, аула іші ыбырсып жатыр. Үй алдындағы құлап жатқан пластмасс шелекті тұрғызып қойды да, қара кісі Динаға түксие қарады. Дина оның сұсты жүзінен қаймығып, көзін төмен салды. Үй иесінің жалаң аяғына іле салған астаудай сүйретпесінен оза шыққан сояудай тырнақтары кірге толып, қап-қара болып кетіпті.
– Не шаруа?
– Жазып-сызып, тізімдейтін шаруа бар еді. Ішке кірсем бола ма? – деді Дина.
– Кір.
Қара кісі оны залға бастап барды. Дина жан-жағына көрпеше төселген, аласа жер тақтайдың шетіне келіп отырды. Әлдебір иіс қолқасын қауып, жүрегін айныта берді. Залдың үлкен терезесінен төгілген күн сәулесінде сансыз тозаңдар қалқиды. Ол сөмкесінен қағаз, қаламын шығарып, қарсысына келіп отырған үй иесіне қарап, баяу сөйледі.
– Бұл үйде қанша адам тұрасыздар?
– Әкімшіліктен келдің бе?
– Жоқ, – деді Дина.
– Енді?
– Мұғаліммін.
Үй иесі мырс етіп күлді:
– Мұғалім?
– Иә.
– Мұғалім мектепте бала оқытпай ма екен?!
– Оқытамыз. Арасында осындай шаруаларымыз да болады.
– Алты адам тұратынбыз, – деп қара кісі күрсінді. – Үш қыздан кейін көрген жалғыз ұл жол апатынан қайтыс болды. Қазір қай ай?
– Қыркүйек.
– Онда үш ай боп қалды. Жалғыз ұлдан айрылып, қанатымыздан қайрылып отырған түріміз осы.
Дина оның қайғылы жүзіне қарап, үнсіз отырып қалды.
– Жаза бер, қызым. Қазір кемпір екеуіміз ғана тұрамыз. Жас қой, келінге рұқсатымызды бердік. Екі немеремді алып, төркініне қайтты. Бағы ашылса, көрер біреу-міреудің етегінен ұстап. Оған да шүкір, анда-санда немерелерімді әкеліп, иіскетіп кетеді.
– Балаңыздың иманы жолдас болсын. Нешеге кеп еді ұлыңыз?
– Әмин, айтқаның келсін. Отызға таяп қап еді, көктей солған деген сол шығар. Талай жылдан бері мұнайда істеді, кеше анау ереуілге қатысты. Белсенді болды. Бұлар ереуілге қатысқандарға талай сұмдықты жасап жатыр дейді. Білмеймін, сол жол апатын қолдан ұйымдастырды ма екен деп те ойлаймын. Қатты белсенді еді, – деп қара кісі терең күрсінді.
– Мұнайшылардың наразылығы бас-талған кезде болған екен ғой жол апаты?
– Иә, маусым айының орта кезі. Не сұрайсың, қызым? Сұрай бер.
– Сонда мұнда екі адам тұрасыздар ма?
– Иә, кемпір екеуіміз. Ол базар жаққа кетіп еді, келіп те қалар.
– Фамилияңыз?
– Мансұров Садық. Кемпірдің аты Гүлжамиға, фамилиясы Құлжанова.
– Мал ұстайсыздар ма?
– Жоқ.
– Тауық-мауық, қаз-үйрек асырайсыздар ма?
Қара кісі болымсыз езу тартты.
– Осының бәрі кімге керек екен? Жоқ, әлде қорама қой, өрісі ме жылқы салып бермекші ме бұлар?
Дина да сәл жымиып, үй иесіне сұраулы жүзбен қарап, ләм демеді.
– Бес-алты тауық қалып еді, екі-үш күн бұрын ит жеп кетті. Бала қайтқан соң ештеңеге көңіл бұрғың келмейді екен. Мен соны түсінбеймін, неге осының бәрін сендер адақтап, санақ жүргізулерің керек? Сендердің міндеттерің бала оқытып, білім беру емес пе?! Сайлау болса да үй біткенді аралап, үгіт-насихат жасайтын мұғалімдер. Бұл не заман болды өзі? Анау әкімшіліктің сабылып жүрген пәленбай қызметкері не істейді сонда? Не мына шаруаны істемесе, не анау шұбырып көшеге шыққан халықтың мәселесін шешпесе, атасының басына жүр ме?! Кемпір екеуіміздікін қосқанда айына елу мыңдай зейнетақы аламыз. Ол да керек болатын шығар, жазып ал, қызым.
Үй иесінің сөзі Динаның бітеу жарасының аузын тырнағандай болды. Көзіне лықсып жас толды.
– Сіз айтып отырған бергі жағы ғана. Бізде сұмдық қой, аға!
– Не сұмдық?
– Мұғалімдердің өмірі.
–Қаз-тауық санағандарыңнан байқа-лады.
– Айтпаңыз, – деді Дина күрсініп. – Облыстан комиссия келсе, кеткенше шабылатын тағы біз. Айлығымыз асып-тасып жатқандай соларды күтеміз. Сатып алатын әнші-бишінің билеті, ақын-жазушылардың кітаптары таға бар. «Білім бөлімінің тапсырмасы, алсаң да аласың, алмасаң да аласың» деп күштейді. Қасарыссаң, ебін тауып, жұмыстан шығарады. Кейде балаларға жаның ашиды. Берген бір жапырақ қағазымызды бұлдап, ақшасын өздерінен жинаймыз.
– Не қағаз ол?
– Оқу үздіктеріне берілетін қатырма қағаздар. Екі-үш жүз теңгеден өздерінен жинап аламыз соның өзін. Мектепті жөндеуге де мұғалімдер жарымаған жалақысынан бөліп береді. Бір тал борға дейін өзіміз сатып аламыз. Сонда дейімін де, не деген сорлы ел болдық. Шылқыған мұнайдың үстінде отырып, көрген күніміз осы. Мен анау ереуілде тұрған мұнайшыларды қолдаймын, өзім-нің де күйеуім бар солардың арасында. Күйеуім жоқ болса да қолдайтын едім ол наразылықты. Әділет болу керек қой, әділет! – деп Дина булыға сөйледі.
– Әділет дейсің бе? Әй, сол қалай болар екен? Қанша қайғыдан қан жұтып отырсам да, там-тұмдап естіп қалам. Мұнайшыларды қорқытып-үркітіп, зор-лық-зомбылық жасаудан басқа дәнеңе істеп жатқан жоқ сияқты ғой бұларың.
– Иә. Күйеуімнен небір сұмдықтарды естіп, жаным түршігеді. Айтпақшы, аға, туған жылдарыңызды жазбаппын.
– Қырық тоғызыншы жылдыкімін. Міне, алпыс екіге толдық. Туған күнім майдың жиырма бесі.
– Апаныкі ше?
– Апаң елу алтыда. Елу бесінші жыл, он екінші апрель.
– Жақсы. Мен жүрейін. Арғы көшені басқа мұғалім аралайды. Менікі бітті сізбен. Балаларға обал, онысызда екі сағат сабақ қалдырдым.
– Қай пәннен сабақ бересің? – деді қара кісі орнынан тұруға ұмсынып. – Апаң жоқ, шай да ішпедің.
– Физика пәнінен сабақ берем. Ниетіңізге рақмет, шай ішіп отыратын уақыт та жоқ. Аман болыңыз, – деп Дина жиналып, сыртқа беттеді.
Өзін аулаға дейін шығарып, қаңқиып тұрып қалған қара кісінің мұң торлаған жүзіне қайырылып қараған Динаның санасын қамырық ой қажады. Үй иесінің қуқыл тартқан бас сүйегі қу томардай құлазып көрінді. Ол «автобусқа отырсам ба екен?» деген ойынан бірден айныды да, ойдым-ойдым көшені бойлап, мектепті бетке алды.
Желемік еседі. Жарқылдаған көк маягі алыстан көрінген екі полиция машинасы Динаның қасынан зу-зу етіп өте шықты. Полиция көлігінің арнайы дыбыс сигналынан оның құлағы тұнды. Бір сағатқа жуық уақыт жүріп, айналасы ауқымдырақ, екі қабатты, ақсұр мектеп ауласына кіргенде барып телефонына үңілді.
– Қырсық, шәй ішіп те үлгермейтін болдым,– деп күбір етті Дина.
Мектеп ауласында ары-бері шұбырып, дабырлаған балалар дауысы тынбайды. Дина ішке кірген бетте оңға бұрылды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орын-басарының кабинетінің алдына келіп, иығына ілген сөмкесін қолына алды. Іштен әлдекімге зеки сөйлеген дауыс естілді. Есікті жұлқи ашып, іштен атып шыққан жас қыз бетін басқан күйі дәлізді бойлап, жүгіре жөнелді.
– Осылар мен үшін жұмыс істеп жүргендей міндетсиді! Шаршаса, жалықса жолы ашық, кете бермей ме екен! Осында біреу байлап-матап ұстап отыр ма, барсын!
Көзі сығырайған, бойы аласа, толық қызылсары келіншек қайнаған шәйнектей бұрқ-сарқ. Орнына бір отырып, бір тұрады. Дина сөмкесінен қағаздарын шығарып, оның ыбырсып жатқан алдына қойды.
– Маған берілген көшенің санағын түгел жасадым. Барлығы осында, – деп Дина үстел үстіне қойған қағаздарын орынбасарға қарай ысырды.
– Боссың ба? Әкімшіліктің жиналысына бір-екі адам жіберуім керек, – деп қызылсары келіншек басын шеңбектей ұстады.
– Сабағым басталды. Түскі ас ішуге де үлгермедім.
– Анау да ештеңе ішпепті, уақыты жоқ екен.
– Нені айтасыз?
– Сабағым басталды демедің бе! Қай сынып? – деді қызылсары келіншек ызбарланып.
– А-а.. Иә. Тоғызыншы «В».
– Қолы бос мен ғана секілдімін осында. Жарайды, бара бер.
Орынбасардың кабинетінен шыққан Дина жүгіре басып, екінші қабатқа көтерілді.
– Сәлеметсіз, апай!
Сынып ішінде ары-бері ойқастап, дабыр-дұбыр етіп отырған балалар орындарына жайғасып, жамырай сәлем берді. Басын изеп, терезеге тақау қойылған үстелге келіп отырған Дина түбі жыртылып тозған физика оқулығының бетін ашты.
Айдың ортасы болды, жоспар бойынша осы сағатта 3-параграф өтілуі керек еді. Біз кешігіп жатырмыз. Он күн ағаш әктеп, акциялаттық. Шөп жұлып, шөңге тердік. Үй тапсырмасын сосын тексерем, сабақ өтейік, – деп ол тақта алдына барды.
«Векторлар және оларға амалдар қолдану».
2-параграфта өтетін сабағымыз осы, – деп Дина маржандай әріптермен тақтаға жазылған тақырыпты қолымен нұсқады. – Мына формула естеріңізде шығар?
Ол тақтаға S = (x_2-x_(1 )) формуласын жазды.
Жетінші сыныпта материялық нүктенің түзу сызықты бір қалыпты қозғалысын қарастырғанда біз Ox координата осін қозғалыс бағытымен бағыттап, орынауыстыруды соңғы және бастапқы нүктелер координаталарының айырымы ретінде анықтаған едік. Нүктенің бастапқы орнын, жылдамдықтың мәні мен бағытын біле отырып, оның 1 с, 2 с және т.с.с. өткеннен кейінгі орны қай жерде болатынын айта аламыз. Бірақ дененің қозғалыс траекториясы белгісіз болған жағдайда бұл мәліметтер жеткіліксіз. Әй, Марат! Шиқылдатып, не істеп отырсың?!
Дина терезе жақ қатардың соңғы жағында отырған Мараттың жанына жетіп барды. Әлдебір затты қалтасына салып үлгерген ол Динаға ыржия қарады.
– Сотка ойнап отыр, – деді ортаңғы қатардан әлдекім.
– Сабақ үстінде мұның не! Қой мұнда! – деді Дина.
– Кешіріңіз, апай! Енді ойнамаймын.
– Мұнда қой деймін! – деп Дина партаны тақ еткізіп ұрды.
Қаңылтақ, аққұбаша бала жап-жаңа «Nokia 8800» маркалы ұялы телефонын шалбарының қалтасынан алып, партаның үстіне қойды. Мұрнын тартып, ыржиып отырған оған:
– Мұндай телефонды бір мұғалімнің қолынан көрмеппін. Сұмдықсыңдар ғой, тегі. Сабақ біткен соң аласың, дәріске назар аудар, – деді Дина.
– Мұның әкесі мұнайдың бастығы. Скважиналары бар.
Орта қатардан шыққан дауысқа балалар күліп, дабырласып кетті.
– Балалар, тыншталамыз! Сабақ оқимыз, кәне, – деп Дина салмақты ұялы телефонды үстеліне қойды да, тақтаның алдына барды. – Мысалы, ұшақ А орыннан В орынға жетті делік.
Ол тақтаға сәл көлбеу қылып кесінді салып, А мен В нүктесін белгіледі. Есік тық-тық қағылды. Дина жалт қарады. Сәл ашылған есік жапсарынан ішке өңмеңдеп кірген қолдың сұқ саусағы өзін шақырып бүгіліп жазылып, бүгіліп жазылып ишара жасады.
– Кім бұл?
Есік жабылды. Бірақ ешкім үн қатпады.
– Мұндағы АВ кесіндісі ұшақтың орын ауыстыруы болады. Дененің бастапқы орнын және орын ауыстыруын біле отырып, оның жаңа орнын таба аламыз. Бірақ бұл жағдайда АВ кесіндісі ұзындығының сандық мәнін ғана емес, сондай-ақ оның бағытын да білуіміз керек.
Есік қайта қағылып, сумаңдап кірген қолдың сұқ саусағы қайта изектеді.
– Ой, қасқа!
Дина жылдам басып, есікті ашты. Беті қушиған, орта бойлы, арық әйел:
– Кешірерсің! Ғали Майқанов оқу-ларына біздің бір бала кетіп барады, соның жолақысын жинап жүрмін. Соны бере салшы ренжімей, – деді.
– Қанша берем?
– 10 теңге.
– Қазір, – деді де Дина ішке кіріп, 10 теңге алып шықты.
– Алыңыз. Осыны сабақтан кейін жинауға болмай ма?
Арық әйел алақанына түскен он теңгені әмиянына салды да, қысқа белдемшесін жоғары көтеріп-көтеріп қойды.
– Кешірші! Осылай сабақтың үстінде келмесек, бәрі жан-жаққа кетіп қалады ғой, әйтеуір.
Дина зорлана күлімсірегендей болды да, басын изеп ішке кірді.
– Балалар, тынышталыңдар! Саба-ғымызды жалғастырамыз, – деп ол қызылқоңыр костюмін шешіп, орын-дықтың арқалығына ілді.
– Жаңа AB кесіндісі ұзындығының сандық мәні, бағыты туралы айттық. Ал орын ауыстырудың кез келген басқа бағытында ұшақ дәл сондай қашықтыққа, бірақ мүлдем басқа орынға, мысалы, С орнына жеткен болар еді. Демек, орын ауыстыру өзінің ұзындығымен ғана емес, кеңістіктегі бағытымен де сипатталады, – деп ол тақтада көлбеу жатқан кесіндінің А нүктесін бастыра B нүктесіне қарама-қарсы түп-түзу үзік сызықтармен тағы бір кесінді салды.
Есікті қақыратып жіберетіндей қатты соққы Динаның сөзін тағы бөліп жіберді.
– Не болды-ей, мыналарға!
Ол есікке жеткенше, есік шалқасынан ашылып, етті-женді еңселі әйелдің пошымы көрінді.
– Завуч тез кеп кетсін дейді.
– Сабақ өтіп жатырмын ғой.
– Сосын өтесің. Ол кісі сыртқа кетіп бара жатыр екен, – деді семіз әйел ентігіп. – Тез келіп кетсін дейді.
– Жақсы, кете беріңіз, қазір барам.
Дина орындықтың арқалығына ілген костюмін киді де, тақтаның алдына барды.
– Қысқасы, өзінің сандық мәнімен қоса кеңістіктегі бағытымен де сипатталатын шамалар векторлық шамалар немесе векторлар деп аталады. Түсінікті ғой, мен қазір келем, – деп ол қолдарын бір-біріне ұрып, бордың жұққан қалдықтарын қақты.
Дина кабинетіне кірер-кірместен қызылсары келіншек:
– Ана әкімшіліктің жиналысына баратын адамдарды реттедім, – деді.
– Сабақ өтіп жатыр едім, маған не шаруа тапсырасыз?
– Шаруа болғанда былай, ертең қа-ламызда ана елімізге танымал Айгүл Қартқожаеваның концерті болады. Соған бізден адамдар бару керек. Айналдырған бес билет еді, сенің алдыңда төртеуін төрт мұғалімге бердім. Біреуі саған бұйырайын деп тұр. Концертке барып, демалып, рухани байып қайтасың. Қалалық Білім бөлімі ақшасын бүгін жинап беріңдер деп жатыр.
– Концертке өткенде ғана бардым ғой, – деді Дина.
– Не деген қасарысқан адамсың! Жиналысқа ол бармадың, енді мынауың не?! Концертке бармаған, рухани байымаған адам қалай мұғалім болып, қалай балаларға сабақ береді?!
– Кешіріңізші! Өткенде ғана концертке барып, сіз айтқандай рухани кемелденіп қайтіп едім, – деді Дина суық жымиып.
– Дұрыс қой енді, ондай жерге жиі барғанның зияны жоқ.
– Ақшасы қиын ғой, әйтпесе күнде концертке жіберсеңіз де бара берер едім. Билет қанша екен?
– 3000 теңге.
– Не деген қымбат. Ондай ақшам жоқ. Қазір өзі отбасымызда да жағдай мәз емес. Күйеуім үш айдан бері айлық алмайды.
– Анда тұр ма әлі ереуілдеп? Олардыкі де дұрыс емес. Міне, республикалық газеттер жазып жатыр, – деп орынбасар Динаға қарай бүктелген «Ел» газетін ысырды. – Мұнда бәрі анық жазылған. Білмеймін, біздікілерге не керек екенін. Осы айтылған нәрселерге көніп, жұмысқа шықпай ма? Қатын-баласын жәутеңдетіп, алаңда тұрғаннан не өзгереді?
– Сіз басқа газеттерді оқысаңыз, бүйтіп айтпас едіңіз. Газетті қоя беріңіз, күйеуім сонда, мен анық білем ғой. Ешкім келісімге келіп, мұнайшылармен сөйлесіп жатқан жоқ. Итпісің, кісімісің демейді.
– Жарайды, саясатта шаруам жоқ. Сыртқа шығып барам, билеттің ақшасын бере сал, – деп орынбасар орнынан тұрып, үстел үстінде жатқан ұялы телефонын қолына алды.
– Шын айтып тұрмын сізге. Билет ала қоятындай жағдайым жоқ.
– Біреуден қарыз ала тұрсаңшы.
– Айдың ортасы, ешкімде ақша жоқ қой қазір.
– Дұрыс түсін, бұл шаруаны қалалық білім бөлімі директорға, директор маған тапсырды.
– Оны түсіндім.
– Енді?
– Ала алмаймын.
– Жағдайың не болатынын білесің бе?!
– Шамалаймын.
– Жұмыстан кетесің.
– Билет алмағаным үшін бе?
– Біздің директорды білесің, тапсырмасын орындамаған адамды аямайды. Қырсыққан адам екенсің.
– Қырсығайын деп тұрғаным жоқ. Жағдайым сол.
– Жағдайыңды директорға айтарсың. Мен кеттім, – деп орынбасар ашуланып, орнынан қозғалды.
Орынбасардың соңынан еріп, Дина да кабинеттен шықты. Есігін кілттеген орынбасар, дық-дық басып, кете барды. Дина күрсініп жіберді. Көзіне жас толып, басы зеңгіп кетті. Таңдайы құрғап, шөл қысты.
– Ажалымнан бұрын өлтіретін шығар осылар, – деді ол дауысы дірілдеп.
Ол нарау басып, сыныпқа кірді. Үстеліне келіп отырды. Әр жерге ұйлығып, шу-шу еткен балалар оның ішке кіргенін байқамай да қалды. Өз орындарында отырған оқушылардың кейбірі «апай келді» дегендей шулаған балаларға жалтақ-жалтақ қарап қояды. Үстелге екі шынтағын тіреп, басын шеңбектеп біраз отырған Дина үстелді тарс еткізіп ұрды.
– Шуламаңдар! Не бардак мынау, орындарыңа жайғасыңдар!
Ұйлыққан балалар оқыс дауыстан естерін жиғандай әр тұсқа жүгіріп, орындарын тапты. Аққұбаша бала жүгіріп келіп, ұялы телефонын Динаның алдына тарс еткізіп тастай салды да, кері бұрылды.
– Әй, бала! Мынауыңды сөмкеңе салып қой. Мә!
– Аққұбаша бала Динаның қолынан телефонын алды да, ыржалақтап орнына барып отырды.
– Кәне, сабағымызды жалғастырамыз, – деп Дина тақтаның алдына барды. – Сонымен орын ауыстыру векторлық шама болып табылады. Векторларды бағытталған кесінді түрінде кескіндейді және бір әріппен немесе вектордың басы мен ұшын көрсететін екі әріппен белгілеп, төбесіне стрелка қояды. Мысалы…
Дина тақтаға тағы бір кесінді салды. Кесіндінің екі ұшын әріптермен белгіледі. Осы сәтте үзіліс болғанын ескертіп, қоңырау шырылдады.
3
– Сол әншің мына концертке келмеп пе екен? Үш мың теңгесін беріп, директорыңның басыңа кигізген қарғыс қамытын алдырсақ, – деп Мұрат әйеліне әзілдей сөйледі.
– Үлкен қаланың ақ саусақтары мына қыста бұ жақтан не іздесін. Түсте үйге қайтасың ба? Тоңып, бозармай үйге барып ыстық шай ішіп келсеші. Парады бітсе, балаларды үйіне жіберіп, мен де қайтам ғой.
– Мына жастар қайтеді-ей, өзі!
Мұрат анда-санда айқайлап, елеуреп тұрған бір топ жас жігітке қарап, кейи сөйледі.
– Үйге қайтіп кетсеңші, біреулер арандатып, бүлік шығарып жүрмесін, – деп Дина жан-жағына үрейлене қарады.
Темекілерінің түтіні будақтап, әлденені айтысып, даурыққан жастар мәз-мейрам, мәре-сәре. Темекісінің тұқылын табанына тастап, таптай салған ұзын бойлы біреуі қақырынып-түкірініп алды да, селкілдеп билей бастады. Сахнада айтылып жатқан әнге еріп айқайлап, құтырына жер тепкіледі.
– Ондай бола қоймас. Кеше әкім «ештеңе болмайды, мереке тойлаймыз» деп қолхат та жазып берді. Мына қаптап жүрген полицейлер не бітіреді, ел-жұрттың тыныштығын күзетпегенде?! Сағат қанша болды екен өзі? Түсте барсам, барып қайтатын шығармын үйге. Сен қашан қайтасың? – деп Мұрат қалтасынан телефонын шығарды. – Иә, он бір боп қапты. Оннан елу минут кетіпті.
– Парад он бірден аса басталады деген, қайтам сосын. Кеше демалыс күні жұмысқа шақырғаны ішіме сыймай, соны айта қояйын деп саған.
– Жеңілдеп қалдың ба енді? – деп Мұрат жымиып күлді.
– Демалыс өтсін, бұл жұмыстан кетем бәрібір. Адамға адам деп қарамайды, істеген шаруаңды көрмейді көзің шыққырлар. Шаршадым әбден!
Динаның өңі түтігіп, кейи сөйледі.
– Ой, батыреке! Сабыр, сабыр. Өңің бұзылып кетті ғой, – деп Мұрат әйелін құшағына алып, бауырына қысты.
– Алаңның қақ ортасында Төлеген мен Қыз Жібек болып тұрсыңдар ғой, жайшылық па?!
Мұрат әйелін босатып, артына жалт бұрылды. Інісі ыржалақтай күліп, жанына таяп келіп қалыпты.
– Болсақ, не бопты, қайным-ау! Құдайдың жарығында ағаңды көрмегелі жеті ай болды. Ерте кетеді, кеш келеді. Тіпті үйге түнемейтін күндері де көп. Енді сөйлесіп, шүйіркелесе қалып едік. Соны да көп көрдің бе?!
Дина қайнысына қалжыңдап, өңі бал-бұл жанды. Ағайынды екеуі қол алысып, төс қағыстырды.
– Абысыным қалай? Бала-шағаң аман ба? Қашан келдің? – деп Дина оған жайраңдай амандасты.
– Шүкіршілік, бәрі аман. Бағана келгем. Үйге барып, мамаға амандасып, базарға соғып, маманың тапсырған дүниелерін әкеліп беріп, келген бетім осы. Сіздерді осында деді.
Орта бойлы, қаңылтақ, ақсары жігіт тізесіне түскен қарасұр күртесінің сырмасын тамағына тақап, көтеріп қойды.
– Өздеріңіз қалайсыздар?!
– Шүкір. Сол баяғы тұрыс. Бүгін мереке деп үстімізге үй тігіп, сахна құрып осындай бірдеңе жасап жатыр, – деп Мұрат інісіне күлімсірей қарады.
– Онысы қызық екен. Мамадан естіп, мен де таң қалдым,– деп Мұраттың інісі қолын күртесінің жанқалтасына салып, жан-жағын шола қарады.
– Мына даңғырлаған музыкасы несі, адамның нервісіне тиіп! «Не қыласың, қолыңнан келгенді істеп ал» дегені ғой. Әй, бұлардың халықтың өлген-тірілгенімен жұмысы жоқ екен.
– Қайным-ау, үй жақтан келе жатқанда кежім жапқан аттарды, алаулаған-жалаулаған балаларды көрдің бе? Қазір осыннан салтанатты парад жасап өтеміз. Неге қара аспанды төндіре бересің? Алға, Қазақстан! – деп Дина жұдырығын түйіп, оң қолын жоғары көтерді де, сықылықтай күлді.
Мұрат пен інісі де оған қосыла күлді.
– Ой, жеңге, қатырасыз! Жаман пат-риот екенсіз ғой. Бәсе, неге демалыста үйде отырмай, алаңға шығып кеткен деймін.
– Иә, қайным! Сұмдық патриот боп кеттік. Тіпті ел үшін, жер үшін деп ұйқы-күлкіні ұмыттық. Қой, мені іздеп қалмасын, кеттім. Бүгін қонатын шығарсың, әңгімені кешке айтамыз, – деді Дина.
– Бара беріңіз, жеңге! Осындамыз.
Дина екеуіне қолын бұлғап, қайшалысқан адамдар арасына сіңіп кетті. Сахна жақтан концерт жүргізушы жігіттің мәнерлеп өлең оқыған дауысы естілді. Қарнын сипап, киіз үйден шыққан екі-үш адам әлденені айтысып, алаңның шетіндегі әкімшілік ғимаратына қарай аяңдады. Қарсы алдарынан қу ағашы мен ескі кенебін құшақтап шыға келген жыршыны біреуі иығынан ұстай алды. Оның екі қолын сілкіп тастап, сытылып шыққан жыршы киіз үйден өтіп барып жерге кенебін төседі. Музыка сәл тынып, саябырлай қалғанда жыршы қу ағашын сабалап, мақамына басты.
…Бұл салғырттың бойында
Нелер батыр өтпеді?
Жауды көрсе жараған,
Сөз десе бұлты тараған.
Нелер тақ-тақ өтпеді?
Аруанадай зарлаған,
Ұл туады анадан
Қиқуды естіп даладан.
Көлденеңім – көк отау,
Қырқа жағым – қырық отау,
Ойпаң жағым – он отау,
Белдеуінде әр үйдің
Таң аспаса Көкмойнақ –
Ол ауылдың несі артық
Сырлаған сары моладан?..
– Мына кісі қандай керемет жыршы! Мақамы сұмдық екен. Псих пе? – деді Мұраттың інісі.
– Бұл емес, аналар псих, – деп Мұрат киіз үй жақты иегімен нұсқады. – «Көкмойнақтың үйірін» бұ төңіректе бұ кісідей айтатын жан жоқ.
Мұраттың ұялы телефоны безілдеп қоя берді. Экран бетіне Саламаттың аты-жөні шықты. Ол түймешікті басып, телефонды құлағына тосты.
Төртінші тарау
1
Саламат бір тізбек дәрінің қағазын жыртып, бір талын аузына алып, қылғына жұтты.
– Су ішіп жібер, – деп орта жастағы мұнайшы оған қолындағы жартылап қалған жарты литрлік ыдысын ұсынды.
Ол судан қылқылдатып бір жұтты да, басын шайқап-шайқап қойды.
– Дәріден тағы біреу ішіп ал, – деді оған орта жастағы мұнайшы. – Басың қатты
ауырып тұрса, біреу аз болатын шығар.
Саламат тағы бір дәріні аузына салып, іле-шала суды аузына төңкерді. Босаған бөтелкені аяқ киімінен асыра лақтыра салды.
– Мә, рақмет! – деп ол дәрінің қалғанын алдында бір қырына бұрылып, бүйірін таянып тұрған төртбақ қара жігіттің қолына ұстатты.
Басын болымсыз изеген жас жігіт шапкасын қолына бір алып, қайта көзіне түсіре киді де:
– Айтпақшы, ертең осында әкім келеді екен, – деді.
– «Сумұнайгаздың» басшылары ше? – деді орта жастағы мұнайшы.
Оны білмедім. «Әкім келеді, айта сал» деді ағалар.
– Е-е… Келсін-келсін, – деді орта жастағы мұнайшы қинала жан-жағына қарап. – Мына ғұрша адам аштан бұралып төрт-бес күн жатқанда санасына су жүгірген екен де. Келсін-келсін.
Төртбақ қара жігіт иығын бір қиқаң еткізді де, келген ізімен қайтты. Саламат терең күрсініп, машина баллонына арқасын сүйей шалқайып отырды. Асфальт жолда ары-бері зулаған машиналардың гүрілі құлақ тұндырады. Ол оң-солына самарқау көз салды. Ештеңемен шаруасы жоқ, бастары салбырап, мүлгіп отырған мұнайшылар жан дүниесін онан сайын құлазытты. Іші түгел босап, ішектері бір-біріне жабысып қалғандай өзін тіптен жайсыз сезінді. Хәлі құрып, көзін жұмды. Көз алдында пайда болған қызыл-жасыл сансыз сәулелер басын айналдырып, лоқсытып жіберді.
– Аш қарынға ішкен соң дәрі жүрегіңді көтеріп жатқан шығар, – деді орта жастағы мұнайшы. – Басың қояйын деді ме?
Оның дауысы Саламатқа құдық түбінен шыққандай естілді.
– Сәл қояйын деді. Бірақ қатты әлсіреп кеткен секілдімін.
– Арық атқа қамшы ауыр» деген бар. Көп сөйлемеген жақсы, әлсірей бересің, – деді орта жастағы мұнайшы.
– Иә, – деді Саламат үні көмейінде жұтылып.
Көз байланып, төңірек қарауыта бас-тады. Шілделіктер шырылдап, айнала самарқау тартты. Жолға таяу топтасқан мұнайшылардың қатары сиреп, дабыр-дұбыр азайды. Асфальт жолды жап-жарық етіп, машиналар жүйткиді. Арасында кеніш басынан жұмысшыларды алып қайтқан автобустар да бар. Саламаттың бойы мұздап, тоңа бастады. Ол көсілген аяғын жинап, жіліншігін қос қолымен құшақтап, иегін тізесіне қойып, бүрісе түсті. Ұшып кеп білегінің қырына қонған зауза қоңызды сілкіп, ұшырып жіберді. Зауза қоңыз Жаңасуға көшіп келуден бұрынғы қаперсіз балалық шағына алып ұшқандай, қиял құшағына сүңгіді…
– Қойдың алдынан шық! – деді әкесі есік алдында дәу қара пышақпен ағаш жонып отырған Саламаттың желке тұсына келіп.
– Қазір, – деді де Саламат орнынан ұшып тұрып, алдына жабысқан ағаш жоңқаларын қағып, тұра жөнелді.
Ата-әжесінен әкесіне қалған ескі үй көшенің де, ауылдың да шеті. Көрші екі үйдің арасында қоршау да жоқ, тек ашық алаңқай ғана бар. Саламат көрші үйге жалтақ-жалтақ қарап, әулие мазарын бетке алды. Ақ тасты балауыздай кертіп, шебер қол қалаған әулие мазарының жанына күндегідей балалар жиналыпты. Ол ұл-қызы аралас оншақты баланы көзімен тінтті де, өзі келген ақ шаңдақ жолға қарады. Көз ұшында қарауытып бір сұлба көрінді.
– Қойлар өрістен қайтпаған ба? – деді Саламат қолында пласстмас құтысы бар, бүгежектеп қоңыз теріп жүрген балаға.
– Жоқ, әлі келмеді, – деді қара бала мұрнын қорс-қорс тартып.
Үстіндегі шолақ жеңді ала-ала футболкасы оңып, өңі кетіпті. Басындағы кірлеген матрос-шапкасын шекесіне қисайта киген оған Саламат:
– Асығып жүріп құты ала шықпаппын, – деді.
– Ана жерде біреуі бар, – деп қара бала жүгіріп барып, әулие мазарына қаланбай қалған кесек-кесек ақ тастардың арасынан бос пластмасс құты алып келді.
Саламат та бүгежектеп, қоңыз іздеді. Ол қурай бастаған алаботаның түбінде құмдауыт топыраққа жартылай көміліп, қара қоңыр жоны жалтырап жатқан зау-
за қоңызды саусақтарымен қысып ұстап, орнынан тұрды. Қоңырқай жирен түсті жарғақ қанатынан қысып ұстаған ол жәндікті шалқайтып, кеудесінде жыбырлаған үш жұп аяғына қызықтай қарады. Түбінде аздаған топырағы бар құтының ішіне қоңызды тастай салған ол:
Ей, көп қоңыз, көп қоңыз,
Кебенегі көк қоңыз,
Желге мініп келдің бе?
Ей, сары қоңыз, сары қоңыз,
Кебін киген нар қоңыз,
Менен қашып көрдің бе? – деп өлеңдетіп, еңкейіп келесісін іздеуге кірісті.
– Қойлар келе жатыр!
Балалардың бірі айқай салды. Саламат саусағымен қысып ұстаған тағы бір қоңызды құтыға салды да, орнынан тұрды. Үндемей, артында тұрған көрші үйдің қызын сонда байқады. Шыт көйлегі балғын денесіне құп жарасқан ақсары қыз алдына түскен қос бұрымының бірін ұстап, оған жымия қарады. Саламат қарадай қысылып:
– Ұстай тұршы, қойды айдасып келейін, – деп қолындағы құтысын қызға ұстата салды да, қойдың алдынан жүгірді.
Ол қызарып батып бара жатқан күнге күн сала қарап алды да, қайта жүгірді. Жүрісі де, тұрысы да өзіне ыңғайсыз сезіле берді. Саламат сүрініп барып, етбетінен құлады. Атып тұрып, артына бұрылды. Ешкім соңынан қарап, аңдып тұрмапты. Ақсары қыздың жерге қарап, шошайып отырғанын көрді.
– Ассалаумағалейкум!
Саламат «шәй-шәйлаған» қойшының жанына келіп, дауыстай сәлем берді.
– Уағалейкумассалам!
– Қой кезегіңіз жақсы өтті ме, аға?
– Жақсы ма, жаман ба? Өтті ғой, – деді ат үстіндегі елуді еңсерген шоймандай қара кісі.
Кеберсіген еріндерін жалап, ат үстінде түксиген қара кісіні онан ары сөйлетуге жүрегі дауаламаған Саламат өрген қойдың соңынан еріп, әулие мазарының жанына келді. Оған қулана қараған ақсары қыз:
– Қоңыздарды босатып жібердім, – деді.
– Оның не?
Саламат қыз ұсынған бос құтыны алды да, қаулап өскен бір топ бұйырғынның түбіне тастай салды.
– Ренжіп қалдың ба? – деді қыз өзін жазықты сезінгендей бота көзі жәутеңдеп.
– Жоқ.
– Байқұстарға жаным ашып кетті. Обал екен.
– Олардың ең зиянды жәндік екенін білесің бе? Ағаш пен шөптің тамырынан түк қоймайды. Жүрген жеріне шөп шықпайтын бәлелер.
– Жоқ, білмейді екенмін. Сондай ма?
– Әрине!
Саламаттың қыз алдында дәрежесі өскендей иығы көтеріліп, өзін еркін сезіне бастады. Екеуі ауылға беттеген қой соңынан қос арқан бойы қалып, баяу ілбіп келеді. Алға озған балалар улап-шулап, қойларды тықсыра айдады.
– Әй, мал көрмеген мақаулар! Тоқ малды жініктіріп өлтірейін дедіңдер ме?! Құмалағын түсіретін болдыңдар ғой, қуаламаңдар! – деп кертөбел аттан аяғы салбырып, қой алдында кетіп бара жатқан қойшы артына бұрылып, айқай салды.
– Ашуы жаман екен өзінің, – деп Саламат ақсары қызға ыржия қарады.
Қыз жымиып күлді де қойды. Ойға шомып, үнсіз қалған оған:
– Не ойлап кеттің? – деді Саламат.
– Сонда біздің далаға ағаштың көп өспейтіні, жердің тақыр, құм басып жататыны сол қоңыздардың кесірінен бе? Теледидардан жасыл желек жамылған далаларды, қалаларды, тауларды көргенде қатты қызығам. Біздің жер қу дала құсап көрінеді кейде маған, – деп ақсары қыз Саламатқа мұңая қарады.
Кешкі шапаққа малынып, қызыл күрең тартқан даланы енді көргендей Саламат жан-жағын шолды.
– Таза тақыр емес қой біздің дала да. Қара, жусан мен күйреуік жайқалып тұр, – деді Саламат қолын сермеп. – Құмды жерлер де көп. Әрине, зауза қоңыздар көбейе берсе, бұларды да құртатын шығар. Баяғыда әжем марқұм тірі кезінде осы қоңыздар туралы көп айтатын.
– Не деп?
– Ертек-аңыз ба? Сондай бірдеңелер.
– Айтсаңшы, – деді ақсары қыз қиылып.
– Ұмытып қалдым ба, білмеймін. Айтып көрейін, – деп Саламат бұтындағы көк түсті жолақ-жолақ трикосының белін көтеріп қойды. – Ертеде пайғамбар ма, әулие ме бір кісі болған екен. Құдай не тілесе де тілегін қабыл қылыпты. Күндердің күні оның алдына келген бір адам: «Құдай сенің тілегіңді қабыл етеді екен, маған да бір дұға қылшы. Жарлы-жақыбай адам едім, мен де бір өсіп-өнейін», – дейді. Жалынып-жалпайып болмаған оған Құдайдың досы: «Жарайды, мен тілек тілеп, дұға қылсам, екі түрлі адамға айналасың. Бірі – ілім-білімі мол ғұлама ғалым боласың. Екіншісі – мал-мүлкіңнің есебі жоқ, лықсыған байға айналасың. Қайсысын таңдайсың?», – дейді. Жарлы кісі жоқшылықты көп көргенін айтып, бай болуды қалайды. «Бай болсаң, кедейді ұмытпа. Оларды құл қып жұмсап, табан ет, маңдай терін жеме. Садақа беруді ұмытпа. Бұл айтқанымды орындамасаң, қарғысқа ұшырайсың», – дейді Құдайдың досы. Екеуі серттеседі.
Тілек қабыл болады, жарлы байға айналады. Бірақ дүниеге қызығып, көзін шел басқан сорлы серттен таяды. Малын бағып, жерін еккен жұмысшылардың жалақысын дұрыс төлемей, еңбегін жейді. Садақа беруді ұмытады. Берген уәделерін орындамайды. Оны іздеп келіп, тәубеге келуін ескерткен Құдайдың досын келеке етеді. Сол сәтте-ақ ол қоңызға айналыпты. Жерде жатқан сиырдың жас тезегін домалатып, басы ауған жаққа лағыпты. Содан бастап ол қайда бара жатқанын өзі де білмейді, ұзақ күні боқ домалатумен өтеді екен. Домалатқан боғы үлкейіп, дәу болғанда «қарным ашқанда жеймін» деп жерге көмеді. Бірақ артынан сол боғын қанша іздесе де таппайды екен. Елдің табан ет, маңдай терін жегені үшін өзінің жиған боғы өзіне бұйырмайтын жәндікке айналыпты. Әжем көп айтатын осыны.
– Қызық екен. Бірақ жаңағылар зауза қоңыздар ғой, – деді ақсары қыз.
– Зауза ма, боқ домалатыны ма, бәрібір – қоңыз.
– Неге бәрің қоңыз іздегенде «көк қоңыз, сары қоңыз» деген тақпақты айтасыңдар?
– Жай айтқан ғой. Әйтпесе қоңыздар сол тақпақты естіп, бізге көрінеді дейсің бе? Сенен бірдеңе сұрасам бола ма? – деді Саламат.
Қатарында келе жатқан қызға тіке қарауға жүрегі дауаламаған ол ауыл шақты көзімен шалып, кеудесін кере тыныс алды.
– Иә, болады. Не сұрайын деп едің?
– Осы балалардың ішінде жақсы көретін біреуің бар ма?
– Неге осы балалар?
– Жалпы өмірде дегенім ғой.
– Жоқ.
– Шынымен бе?
–Иә. Өзіңнің ше?
– Бар, – деп Саламат ақсары қызға көзінің қырын салды.
– Кім ол? Мен танимын ба?
– Өте жақсы танисың.
– Кім ол? Қай сыныпта оқиды? Аты кім?
Қыздың бастырмалатып сұрақ қойға-нын Саламат жақсылыққа жорыды. Сұқ саусағымен шекесін қасыды.
– Есімі дейсің бе? Айтсам, ренжі-меймісің?
– Жоқ, неге ренжуім керек? Айтшы жұмбақтамай.
– Есімі жеті әріптен тұрады. Менен бір сынып жоғары, 8 класста оқиды.
– Кім болды екен ол?
Саламат қыздың сүйріктей саусақтары бүгіліп, кімнің есімі қанша әріптен тұратынын санап келе жатқанын байқап қалды.
– Таппадың ба?
– Иә. Біздің сыныпта есімі жеті әріптен тұратын қыз жоқ сияқты.
– Сен барсың, – деді Саламат.
Оған өзінің үні оғаш естілді. Қызға қарамауға тырысып, шаң бораған қой соңынан көз жазбады. Азан-қазан мүңіреген сиыр, қозы-лақтың дауысы ап-анық естіле бастады.
– Сен албаты қиялдамай, сабағыңды дұрыс оқып алшы! – деді де ақсары қыз алға жүгіре жөнелді.
Шақпақ-шақпақ ақ түсті шыт көйле-гінің етегі желбіреп, жүгіріп бара жатқан қыз соңынан қарап тұрып қалған Саламат жабырқап, жасып қалды. Ақшамғы ауыл айдалаға ауа көшіп кеткендей құлазып, иен қалғандай көрінді.
Ертесі әулие мазарына елден бұрын жеткен ол мазар алдында тізерлеп ұзақ отырды. Қос қолын жайып, күбірлеп тілек қылды. Мазар маңынан іздеп жүріп бөтелке сынығын тапты. Бір шетте жатқан кесек ақ тастың алдына жүгініп отырды да, тас бетін сызғылай жөнелді.
– Ұқсата алдым ба өзі?
Ол күбірлеп сөйлеп, орнынан тұрды. Қолындағы әйнегін жерге тастады да, сәл шегініп барып, тас бетіне қадала қарады. Тас бетіндегі күлімсіреген, қос бұрымы алдына түскен бас суреті көңілінен шықты. Өз-өзінен жымиып, әйнек қажаған сұқ саусағының төменгі буынын оң қолымен сипап-сипап қойды. Әйнекті қолына қайта алып, суреттің астына ақсары қыздың атын жазды. Сонадайдан мазарды бетке алған балалардың қарасы көрінді. Саламат мазардан сәл қашық, топырағы ұшқан тақыр дөңнің үстіне шығып отырды. Мазардың маңына үздік-создық жеткен балалар дабырласып, мәре-сәре болысты.
– Әй, көп қоңыз, көп қоңыз…
Қоңыз теріп, күнделікті ермегіне кіріскен балалардың бірі ақ кесектердің жанына келіп, өзгелерін шақырды. Қиқылдап-шиқылдап күлген топ баланың ішінен суырылып шыққан ақсары қыз тас алдына жүрелеп отыра кетті. Саламаттың құлағына тас пен әйнектің қажалған дауысы естілді…
– Ауылдан көшіп кеткелі не заман, халі нешік екен?
Саламат өз-өзінен күбірлеп жүріп бүктеп, астына басып отырған одеялын алып, оранып отырды. Аштық жариялаушылардың кейбірі қиналып, әлсіз ыңырсиды. Түн қабағы салбырап, қараңғылық қоюлана түсті. Алабажақтанған аспанның әр тұсынан жұлдыздар сарғайып көрінеді.
2
Сәске түс. Кеніш басындағы машина жөндейтін жердің маңы көліктерге лық толды. Есік пен төрдей ақ, қара, жып-жылтыр «Toyota Land Cruiser-лер» мен шағын тұрпатты машиналар, газель автокөліктері әр тұста іркес-тіркес тоқтап тұр. Машинадан аппараттар түсіріп, құрып жедел қимылдаған әкімшілік қызметкерлері әкім қолына микрафон ұстатты. Наразылыққа шыққан мұнайшылардың саны көбейіп, қарасы молая түсіпті. Саламат көрпесін бүктеп, бас жағына қойды да машина баллонына арқасын сүйеп, көсіліп отырды.
– Басың қалай? – деп орта жастағы мұнайшы әлсіз жұтынды.
– Жақсы боп қапты.
Саламаттың үні тұншығып шықты. Баллонға арқасын сүйеп, көзін жұмған күйі әкімнің сөзіне құлақ түрді.
«Жұмысшылар кеніш басында жұмыс тастап, аштық жариялап, наразылыққа шығыпты» дегенді даладан, елден естігенше барайық, өз көзімізбен көрейік деп алдарыңызға келдік. Өздеріңіз білесіздер, былтыр да осындай бір тұрыс болды ғой, – деп әкім бір қолына мик-рофон ұстап, бір қолын шалбарының қалтасына салып, бір-екі аттап оң-солына тізілген оншақты адамның алдына шықты. – Ол тұрыстың заңды екенін сіздер боп, біздер боп бәріне дәлелдедік. Бәрі де заңды болған соң заңды талаптар орындалып, жалақыға коэффициенттер қосылды. Жігіттер, айып етпеңдер! Мен ешкімнен қорықпаймын, мұнда жалғыз өзім де келе алам. Жаңасуға қорқақ адам әкім болып келмес болар.
Саламат әкімнің сөзін анық естіді. Бұлдыраған көзін әкімнен алмай, телміріп отыра берді. Әкім көзілдірігін көтеріп қойып, алдыға тағы да бір-екі аттады.
Мен мына ардагерлерді, мұғалімдерді, дәрігелерді басқа да кісілерді той-садақада тараған, ел арасында желдей ескен өсекке сенбесін деп әдейі ертіп келдім мұнда. Міне, алдарыңызда тұр, – деп әкім екі жағына кезек бұрылып, артында тізіліп тұрған, өзімен бірге келген адамдары иегімен нұсқап көрсетті. – Мұнайшыларды көрейік, мұнайшылар қалананың өзге жұртын көрсін деп келдік. Құдайға шүкір, балалар өсіп жатыр. Мектебіне барып, дәрігеріне көрініп жүр. Қаламызда су, жарық, жылу бар. Тәубе дейік. Соның бәрі сіздердің еңбектеріңіздің, кешегі берілген коэффициенттердің арқасы. Жалақы көтерілген соң сіздер коммуналдық төлемдерді дер уақытында төлей бастадыңыздар. Соның арқасында коммуналдық мекеме қызметкерлерінің жағдайы жақсара бастады. Мен әкім болып келгелі солардың жалақысын көтердім. Біздің артымызды тазалап, боғымызды жуып жүрген тазалықтың адамдары бұған дейін қанша айлық алатынын білесіздер ме? Жиырма тоғыз мың теңге алатын, жиырма тоғыз мың! Солардың айлығын өсірдім. Ол да сіздердің арқаларыңыз. Заңды талап заң шеңберінде орындалды. Айлықты өсірді, өтірік пе?
– Өтірік! – деп мұнайшылар айқайлап, дабырласып кетті.
Саламат мойнын созып, топтасқан мұнайшыларға елеңдей қарады. Іштерінен суырылып шыққан біреуі:
– «Жоспар орындалмады, өндірген мұнайларың аз» деп бізді тақырға отырғызғандарыңды кім білмейді! Өңкей ұры, өңкей қарақшы өндірген мұнайыңды сатып, талан-таражға салса, жоспар қайтіп орындалсын! Порттан сыртына «сұйық битум» деп жазылған 57 вагон шикі мұнай тәркіленгенін сен қалай ұмыттың? Бұл біздің жоспарға кірмей ме? Сарнамай, сен соған жауап берші?! – деп айқайлай сөйледі.
Әкім алдыға тағы бір қадам аттап, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарады. Саламат баллонға арқасын сүйеп, қайта шалқайып отырды. Халі құрып, терең тыныстады.
– Ол ертерек болған әңгіме, – деді әкім. – Біз бүгінгі мәселені талқылайық!
– Бұл қай сасқаның?! Ертерек емес, ол ұрлыққа ары кетсе бір-екі-ақ жыл болды! Сонда сен қазір ұры жоқ демекшімісің?! Біздің жоспар неге орындалмайды? Біз өзміміз өндірген мұнайды өзіміз жерге төгіп, табан ет, маңдай терімізді өзіміз далаға шашып жатырмыз ба?! Жоспардың орындалмауында жалғыз-ақ себеп бар. Ол – дәніккен ұры мен құныққан қарақшының сыбайлас, жең ұшынан жалғасқан жегі құртқа айналғаны, – деп әлгі мұнайшы артына бұрылды. – Солай емес пе?!
– Дұрыс, дұрыс айтасың! Тап солай!
Әр жер-әр жерден айқай көтеріліп, топ адам толқып кетті.
–Жігіттер, шуламайық. Айқай-шумен ештеңе шешілмейді. Сендермен сөйлесейік деп келдік. Әрқашан есігім ашық, іздеп келіңдер. Жұмыста да сөйлесейік, – деді әкім.
Мұнайшылардың ішінен еңгезердей жігіт атып шығып, әкімнің қасына жетіп барды. Саламат оның оқыс қимылынан тіксініп, тіктеліп отырды. Еңгезердей жігіт алдында тұрған кімді болсын салып жіберердей шалт қимылдағанмен, ешкімге зәбірі тиген жоқ. Булығып, біресе буырқанып қолын сермей сөйледі.
– Әкім деген халыққа жақын болмай ма?! Осы мұнайшыларды уақытында жинап, бір жиналыс өткізіп көрдің бе?! Сені іздеп барсақ, кірмек түгілі, есігіңнен сығалай алмаймыз. Осы айқайдың арқасында сені бірінші рет көріп тұрмыз. Шын ғой, көптің алдында мойындайсың ба?! Саған барсақ, охранник кіргізбейді. Болмаса «анда кетті, мұнда кетті» деп қаныңды қайнатады. Енді келіп алып мұнайшыларға өкпелейсің! Неменеңе өкпелейсің?!
– Мен өкпелеймін мұнайшыларға! – деді әкім.
– Не бетіңмен өкпелейсің?! – деді еңгезердей жігіт.
– Өкпелеймін. Айтам қазір. Жаңа да айттым.
– Ал, айт. Кеше шикі мұнай тиеп ап, айлақта қаңғып жүрген вагон анау.
– Ол вагон біздікі емес. Өсек, өтірік сөздің керегі не бұл жерде, – деді әкім тұрған жерінен әрі-бері қозғалақтап.
– Не керек ондай әңгіме. Теледидардан да көрсетті, кім айтты саған өсек деп!
– Жұрт шулап, Саламат әкімнің сөзін естімей қалды. Сабырға шақырған дауыстардан кейін барып, айқай-шу басылды.
– Жігіттер! – деп әкім микрофонды үрлеп-үрлеп қойды. – Жігіттер, мен бұл жерге қатынөсек естиін деп келгем жоқ. Айтатын әңгімелерің болса, дұрыстап жеткізіңдер! Бір-бірімізді тыңдап, сабыр қылайық, ағайын!
– Ал, айт! Сені тыңдайық, сосын сен бізді тыңда! – деп еңгезердей жігіт тобына барып қосылды.
– Жігіттер, мен де, көмекшілерім де заңның бәрін аударып-төңкеріп қарап шықтық. Сендерді айтақтап жүрген анау заңгер әйелдің талабы мүлде қисынға келмейді. Осы өңірдің жұрты менің атымды білмесе, білмейтін шығар. Бірақ еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін сол заңгер әйелді біледі екен.
Әрине, менің атымды білу міндетті емес. Бірақ 1,7 және 1,8 коэффициенттерін енгізу, зиянды жұмыс жағдайы үшін қосымша төлем төлеу дегеннің ақылға қонбайтын талап екенін басқа заңгерлер дәлелдеп отыр. Сондай болмайтын талапты қойып, елді дүрліктіріп, наразылыққа шақырғаны үшін ол заңгер әйелдің қамалғаны рас. Оны сіздердің талап-тілектеріңізде көрсетілгендей босату менің құзіретімде емес. Неше жерге бардық, адамдар министрліктен, соттан, прокуратурадан келді. Бәрі заңгер әйелдің талаптарының ішінен дұрыс нәрсені емге тапқан жоқ. Сосын алдарыңа келіп тұрғаным, жігіттер! Не біз жынды, не ана әйелдің есі ауысқан. Менің соған ақылым жетпеді. Енді оны қалай шешуге болады? Әрқайсың өз-өздеріңе сұрақ қойып көріңдер. Меніңше біреудің артынан көзсіз еріп керек емес. Ренжімеңдер, жігіттер, шындықты айтайық! Аштық жариялап, мына азаматтар жатыр, – деп әкім жүк машинасы жаққа бұрылып қарап қойды. – Мүмкін, алған айлық жетпей жатқан шығар, оны түсінем. Кім шалқып отыр дейсің қазір. Сіздер далада жүргенде «біздің де айлық аз» деп дәрігерлер, мұғалімдер жатып алса қайтеміз?! «Жалақымыз төмен, 40 мың теңге түкке жетпейді. Өз боғыңды өзің жу, болмаса қаланың басқа адамдары жусын» деп ГОС-тың әйелдері шулап жатыр.
Сонда мен не істеймін? Мен барам ба, сіздер барасыздар ма сол ГОС-қа?! Мен сіздердің алдыларыңызға келіп тұрмын ғой, сіздер соларға барып түсіндіріп көріңіздерші! Теледидардан көріп жүрсіңдер ғой, жұмыс тастап мұғалімдер, дәрігерлер, мусор тазалаушылар жатады. Бәріміз 1,7 коэффициент талап етіп, завостапка жасап, қаланы боққа батырайық! Сонда не болар еді?! Бүкіл республикада мұғалімнің жалақысы елу мың теңге. Мұнайшылардың жалақысымен салыстырғанда өте төмен. Бірінші шілдеден бастап сол мұғалімдердің айлығын отыз пайызға көтереді. Сонда қосылатыны он бес-ақ мың теңге. Ал, коммуналщиктерге ештеңе қосылмайды. Ол ақшаны беретін сіздер, міне. Оны да төлегілерің келмейді, жігіттер! Менің есебіме бірде-бір мұнайшы келген жоқ. Жылдың басында қаланың ішінде сегіз есеп жасадым, бір мұнайшы келген жоқ сол жерге. Ал, ол да шындық! Бәріміз қуықтай бір қалада тұрамыз, неге келмейсіңдер? Бәріміз забастовка жасап, аштық жариялап жатайық. Не болады сонда?
– Дұрыс, дұрыс! Жатайық. Еуропа болады сонда! – деп топ ішінен біреу айқай салды.
Саламат болымсыз жымиып, басын шайқады. Оның құлағына әкімнің дауысы жарықшақтанып естілді.
– Мен ерігіп жүргем жоқ, жігіттер! Еуропа боламыз, не сөз мынау! Жоқ, мені ақымақ қылғыларың келе ме? – деді әкім күйіп-пісіп.
– Сізді біреу зорлап айтқызған жоқ, халықтың жағдайын өзіңіз айтып тұрсыз. Сонша байлықтың үстінде отырып, халіміз неге сонша мүшкіл?! Неге өзіңіңіз айтқан адамдардың бәрі төмен жалақы алады?! Республиканың басқа аймақтарындағы адамдар білмесе де, қанша мұнай өндіріп отырғанымызды біз жақсы білеміз. Соның игілігін неге көрмейміз?! Сонша ақша қайда кетіп жатыр? Кімнің қалтасына түседі?! Бәрін біледі екенсіз, соған жауап беріңізші! – деп топ ішінен шыққан жас жігіт әкімге тақау келді.
Әкімді сұрақтың астына алған жас жігітті Саламат дауысынан жазбай таныды. Наразылық басталғалы жан-жаққа арыз жазып, шапқылап жүрген Мұраттың бойы оған сорайып, өсіп кеткендей көрінді.
– Иә, ондай сөз бар, жұрт арасында айтылып жүр. Үкімет те жетіспей жатқан шығар, сабыр қылайық, жігіттер! Мәселен, сен мұнайда кім боп істейсің? Қанша жалақы аласың? – деп әкім Мұраттың өзіне сауал қойды.
– Жер асты қысымын сақтау операторы болып жұмыс істеймін, – деді Мұрат.
– Оператор ППД болсаң, жаман жалақы алмайсың ғой. Имандай шыныңды айтшы жұрттың алдында!
– Осы өңірге келіп істеп жатқан менің дәрежемдегі шетел жұмысшысының қанша жалақы алатынын білесіз бе?! Алдымен соны біліп алып, сосын қойыңыз сауалыңызды. Мұнда жиналған жұмысшылардың біразы сіз айтқан отыз-қырық мың айлықпен күнелтіп жүр. Тіпті одан да төмен айлық алатын жұмысшылар өте көп. Бізбен салыстырғанда шетел жұмысшыларының айлығы үш-төрт есе артық. Қымбатшылық жайлаған мына қоғамда еңбек шартын қайта қарап, мұнайшы мұңын тыңдаңыздар!
Неге жұмысшылар қолына тиетін айлық пен компания көрсеткен жалақы мөлшері сәйкеспейді? Ортадан ақша жасап отырған кім?! Мұны да бізге анықтап, ақ-қарасын айырып берсін! Халық тілегін дөкейлердің құлағына жеткізіңіз. Мұнайшы десе, май шайнап жүргендей көресіздер. Сіз жаңа бір сөзді дұрыс айттыңыз. Біз ғана емес, бүкіл халық боп наразылыққа шығып, аштыққа жатпасақ, құл болғанымыз, болған! – деді Мұрат.
Ол кері бұрылып, мұнайшылардың қатарына барып тұрды. Кенет пайда болған құйын мұнарасы шаң-топырақты ұршықша үйіріп, бұлғақтаған күйі мұнайшылардың ту сыртынан айналып өтіп, асфальт жолға түсті. Саламат жолды бойлап, дедектеп біраз жерге дейін барып, сұлбасы ағараңдап барып ғайып болған құйынды көзімен ұзатып салды.
– Сөзді бұрмалап, мені арандатпаңдар! Сөзсіз, бұл наразылықтың артында біреу тұр. Қайда екен сол адам, неге алдыға шығып жауап бермейді?! Сіздер осында тұр деген соң келдім, әрі қарай ақыл-ойларың жеткен жерге дейін барасыңдар! Ниетім таза, халықтың алдына келіп, айтатынымды айттым. Ал, жаңағы «сені іздеп барсақ, таба алмаймыз» деген бос әңгіме. Керек болса түнгі үшке дейін адам қабылдаймын. Бірақ сіздер маған келген емессіздер. Өйткені көйлектерің көк, қарындарың тоқ. Маған келсе, жалақылары төмен мұғалімдер, дәрігерлер, коммуналщиктер келеді.
Таңнан кешке дейін сендерді ғана қабылдайтын болсам, салынып жатқан мектептерді, аруханаларды кім тексереді. Қойыңдар, жігіттер, ойланыңдар! Елдің азаматымыз десеңдер, жұмыстарыңызға барыңыздар! Осы тұрыс кімге керек өзі? Айттым ғой, біреу тұр мұның артында. Осы жерге шықпай ма екен? Мына жігіттерді пайдаланып, аштық жариялатып жатқызып қойды, әне! Бұ кісілер ертең денсаулықтан айырылады, зиян шегетін кім сонда? Әрине, сіздер. Біреуге жем болмайық, ойланайық, жігіттер! Мені тыңдағыларың келмесе, ағаларыңды тыңдаңдар! – деп әкім микрофонды артында тұрған ақсақалға ұстатып, костюмының жанқалтасынан алып шыққан қолтелефонына үңілді.
– Бас десе, құлақ дейтіннің өзі екенсің! Біз не сұрадық, сен не айттың?! Спектакліңді бітір де, жолыңа түс! – деп топ ішінен әлдекім айқай салды.
Қолына микрофон ұстаған ақсақал алға шықты. Басына ақ тақия, үстіне көк көйлек киген, селдір сақалы бар, жетпістің жуан ортасына келген ұзын бойлы қарияны Саламат қайдан көргенін есіне түсіре алмады. Тұп-тұнық дауысы да таныс секілді сезілді.
– Жұмысқа барасыңдар ма, жігіттер?! – деді қария.
– Жоқ! – деп шу ете қалды қалың көп.
– Ал, онда бірер ауыз сөз айтайын, шуламаңдар!
– Айтыңыз! – деді қалың көп.
– Мен ешкімнің құйыршығы емеспін, халайық! Болғым да келмейді. Елу жылдай жұмысшы боп істедім. Соның жиырма төрт жылын мұнайшы болып өткіздім. Осы өңірдің перзентімін. Атамыз қазақ «бір күн керістің қырық күн қырсығы бар» дейді! Керіс керек емес. Екінші, қанағат керек, ағайын, қанағат! Мен жұмысымды күні кеше елу бір мың теңгемен аяқтадым. Аштан өліп, көштен қалғам жоқ. Неге сендер алған айлықтарыңа разы емессіңдер?! Олай болмайды. Ақша мен денсаулықтың қайсысын таңдайсыңдар?! Әрине, денсаулықты таңдайсыңдар. Біраз күннен бері аштық жариялаған мына жігіттер денсаулығынан айырылып жатыр. Боқ дүние үшін солай қылған бар ма екен?! Ана жақта «ұсталып, абақтыға жабылар ма екен?» деп үй-іші алаңдап отыр бұ кісілердің. Сондықтан ауру бастың бәлесін сау басқа алдырмаңдар. Давай, жұмысқа шығайық! Бұл тұрыстан ешқандай пайда жоқ. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» деген бар.
Жалақыны өсіртем деп жүріп, жұмыссыз қалсаңдар не болады?! Қатын-балаларыңды кім асырайды?! Онысыз да «Жаңасудағы кен орнының жұмысшыларының елу пайызын қысқартады» деген сөз тарап жүр. Наразылыққа шыққан осы бір топтарыңды алдымен қысқартып тастаса, не істейсіңдер?! «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегенді білесіңдер ме?! Берекесіздікті қой, ағайын, ақылға кел! «Кеңеспен пішкен тон келте болмайды», кеңесейік, ақылымызды айтайық деп алдарыңа келдік. Айтқанды ұғып, жұмысқа шығайық! – деп қария қолын сермеп-сермеп барып тоқтады.
Әкіммен еріп келген жас әйелдің бірі жұлқынып алға шықты. Қара түсті қол сөмкесін иығына іле салып, қарияның қолындағы микрофонды алды. Кеудесі ашық, шолақ жең кофта киген көзілдірікті әйел:
– Құрметті, жаңасулықтар, мұнай-шылар! – деп тұрған орнында теңселе сөйледі. – Біз мұнайшыларымызға барып, бір-екі ауыз сөзімізді айтып қайтайық десек, мына жерде кейбіреулеріңіз қатты кетіп жатсыздар. «Спектакліңді бітір де, жолыңа түс. Анау-мынау» деп мекемелердің адамдарына қатты кетіп жатсыздар. Мұнда не болып, не қойып жатқанына біздің де көзіміз жетіп жатқан жоқ. Бізді әкімге жақтасып, етегінен ұстап жетіп келді деп ойламаңыздар. Олай емес. Біз де осы Жаңасудың тұрғынымыз, бәрін білуге, көруге қақымыз бар. Сіздер жақсы білесіздер, өткен ақпан, наурыз айларында алты әйел осындай әлеуметтік мәселені көтеріп, аштық жарияладық. Ұйымдастырушы мен болдым, оны мақтанайын деп айтып тұрғаным жоқ. Сонда сіздердің біреулеріңіз келіп, қолдау көрсеттіңіздер ме?! Сіздер жұмыс тоқтатсаңыздар жұмыссыз жүрген жастар көп, солар істесін. Елу мың, отыз мың жалақыға шүкіршілік етіп, соның нанын жеп отырған жоқпыз ба?! Сіздер жүзді екі жүз, екі жүзді үш жүз қыл дейсіздер, ұят емес пе!
Мұнайшылар шу ете қалды. Саламат әйелдің айыптай сөйлегеніне жаны күйді.
– Мыналарды әбден дайындап әкелген екен ғой, қайдағы екі-үш жүз мың айлықты айтып отыр, – деді ол сыбырлай сөйлеп.
– Әрине, сөйтеді, – деді орта жастағы мұнайшы.
– Сонша көп айлық алсақ, аналар нәр татпай күннің астында еріккеннен жатыр ма?! – деп мұнайшының бірі айқай салды.
– Әй, әкім! Сен біздің талап-тілекті тыңдағалы емес, Жаңасудың халқын бір-біріне айдап салғалы келгенсің бе?!
– Қоя ғой, айналайын! Жұмсақ креслоңа барып жайғас! Бізге «Сумұнайгаздың» директоры, осы қаладағы «Шұғыла Ел» партиясының бастығы келсін!
– Адамдарыңды айтақтатпай, жолыңа түс!
Тұс-тұстан айқай көтерілді. Әкім жан-жағына жалтақтап, микрофонды алды. Ол:
– Жігіттер, ақыры бізді тыңдамасаңдар, мен де сендерге сөздің ашығын айтайын! Қалалық соттың шешімі мынау, сендерге аштық жариялауға, митинг өткізуге рұқсат берілмеген! Бұл тұрыстарың заңсыз, сөз осы! – деп қолындағы қағазын жоғары көтеріп, бұлғап-бұлғап қойды.
3
Күн қақ төбеге келіп, жер-әлем өртеніп тұр. Маусымның аптап ыстығы аштық жариялаушылардың азабын ауырлатып жіберді. Жан-жағына қазық қағып, үстін ақ матамен жапқан алаңқайда отырған олардың қатары молайған. Әйелдің қинала ыңырсыған дауысы естіледі. Әлсін-әлі күрсініп, жүзін мұң торлаған орта жастағы мұнайшының қарсы алдына келіп отырған Саламат:
–Қайта-қайта айта берді деп ренжімеңіз. Мынандай жағдайда сіз үйге қалайда қайтуыңыз керек, – деді оған.
Орта жастағы мұнайшы ләм-мим демеді, үнсіз басын шайқады. Жол жиегіне жиналған қара нөпір мұнайшылар арасынан шыққан үшеу бұларды бетке алды. Ұзынды-қысқалы екі кісіні ерткен үшінші адам шеру басталғалы жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүрген мұнайшының бірі. Үшеуі таяған сайын аштық жариялаушылардың үстеріне керген ақ матасы олардың жүздерін көрсетпей, далдалай берді. Саламат ашық алаңқайға шығып отырды.
– Халдарыңыз жақсы ма? – деді ұзын бойлы, мұртын ақ шалған, ақ көзілдірік таққан ақсары кісі.
– Саламатсыздар ма? Денсаулық-тарыңыз мықты ма? – деді қазақшаны акцентпен сөйлейтін, қаңылтақ, орта бойлы жігіт ағасы.
Ақ матаны көтеріп, еңкейіп ішке қараған ақсары кісі:
– Әкесі қайтыс болды деген азамат қайсыңыз? – деді.
– Мына кісі, – деп аштық жария-лаушының бірі орта жастағы мұнайшыны көрсетті.
Сырттан келген екеу орта жастағы мұнайшының жанына келіп, қолын алды. Жерде жазулы жатқан ескі матрасқа отырды.
– Қайғыңа ортақпыз, иманы жолдас болсын, – деді ақсары кісі.
Қаңылтақ жігіт ағасы да бұл сөзді қайталады.
Жігіттерден естідік, ертең жаназа екен. Барып, марқұмға топырақ салып қайтпадыңыз ба? «Тас түскен жеріне ауыр», үй-іштегілеріңіз шулап, есі шығып жатыр ғой. Барғаныңыз дұрыс, – деді ақсары кісі.
Орта жастағы мұнайшы ауыр күрсінді. Саламат оның жасқа толған жанарын байқап қалды.
– Кешеден бері жігіттер де қайт деп жатыр. Ниеттеріңізге рақмет! Мен үйге барып келер болсам, «үйіне қайтты, тамаққа тойып келді. Әйтті-бүйтті» деген сөз тарайды. Біз «соңына дейін тұрамыз» деп серттескенбіз, сертті бұзбайын. «Атан өлсе, сойылар. Атаң өлсе, қойылар» демей ме! Халық бар, әкем көмусіз қалмас. Келесі айда сексен үшке келер еді жарықтық, – деп орта жастағы мұнайшы күрсініп, қолына ұстап отырған көзілдірігін киді.
Әйелдің әлсіз ыңырсыған дауысы естілді. Үнсіз қалған ақсары кісі жан-жағын шолды да:
– Мен «Алаш» газетінің бас редакторымын. Атым – Рысхан Сәрсенғали. Бұл жігіт «Еркін» партиясының тең төрағасы Құрыш Әділов, – деп қасындағы серігінің атын айтты. – Бізбен бірге келген тағы үш азаматымыз ана жақта қалды.
Біз сіздерді көзімізбен көрейік, жағдайын білейік деп алыстан ат өксітіп арнаулы келдік. Бұл наразылық басталғалы екі аптадан асса да, әлі бір жоғары шендінің төбе көрсетпеуі дұрыс емес. Ауданның емес, облыстың әкімі, мұнай компаниясының директоры келіп, халықпен сөйлеспей ме?!
Газетіміз бұл мәселені жіті қадағалап, наразылық басталған күннен бастап жазып, жариялап жатыр. «Алаштың» таралымы жақсы, жалпы жұрт хабардар деп біліңіздер. Мына кісіні көріп, ауызға сөз түспей отыр. Осындай ынтымақ, береке болса, билік сіздермен санаспай, қайда барады.
Газет редакторының сөзі дем беріп, Саламаттың жалы күдірейіп, жаны жадырап қалды. «Еркін» партиясының тең төрағасы матрастың үстіне тізерлеп отырды да, жан-жағына қарап:
Біріншіден, жұмыс беруші мен жергілікті билік не айтып жатыр? Әрине, сіздердің бұл наразылықты заңсыз санайды. Біз олай ойламаймыз. Қалай болса да билік сіздермен ашық әңгімеге келуі керек еді, өкінішке қарай ондай қадамдар жасалып жатқан жоқ. Үкімет басшысы қайда? Облыс әкімі неге келмейді? Компания директоры ше? Демек олардың сіздер қойған талапқа жауап бергісі келмейді.
Бірақ олардың не айтатыны белгілі. «Ақша жоқ, осы жалақыны қанағат қылыңдар» дейді. Жағдай мүлде олай емес, өткен жылы бүкіл әлем бойынша мұнай бағасы елу пайызға өсті. Ал, сіздердің еңбекақыларыңыз елу пайызға өсті ме? Әрине, жоқ. Неге өспейді? Мұнайдың ақшасы қайда кетіп жатыр? Бұған кім жауап береді? Ешкім де жауап бермейді. Жауап бермейтін жауапсыздардан митингі өткізуге рұқсат сұрау логикаға сая ма? Әділет үшін осындай қадамға барған екенсіздер, халық сіздермен бірге. Бәрін қарап, біліп отыр. Айтатынымызды жаңа ана жерде де айттық. Аман болайық. Осындай бірлік болсын, – деп ол түйулі жұдырығын жоғары көтерді.
– Раушан апаның жағдайы нашарлап кетті, – деді аштық жариялаушы жас жігіттің бірі.
– Тездетіп жедел жәрдем шақыру керек, кешігуге болмайды. Жүріңіздер, жігіттер жаққа барайық, – деп бастап келген жігіт редактор мен партия төрағасын ерте жөнелді.
Бір сағаттан кейін жер-дүниені басына көтере шиқылдап жедел жәрдем көлігі жетті. Басын таңып, матрас үстінде қинала ыңырсып жатқан әйелді әрі-бері тексерді де дәрігер:
– Жағдайы қатты нашар, алып кетеміз, – деді.
Жұмысшылар әйелді зембілге жатқызып, көлікке жеткізді. Шамы жарқылдап, озандаған жедел жәрдем көлігі асфальт жолға шықты да, көзден таса болды. Дел-сал, өне-бойы ауырлап, көзі қарауытып отырған Саламаттың құлағына жыршының мұңлы мақамы жетті.
…Мынау, мынау, мынау күн –
Қасірет күн, жылау күн.
Қатын-қалаш, кемпір-шал,
Бала-шаға болмаса,
Аш өзектен шалдырды…
Ертесі күн шыға кеніш басында қазан асылып, от жағылды. Саламат өткен түні мұнайшылардың ата-баба аруағына құран оқытып, құрбанға қой шалатыны туралы естіген-ді. Ол алысырақтан будақтап шыққан түтінге қарап, ернін жалап, жұтынып қойды. Мұрнына қой етінің қош иісі келгендей жабысқан ішектері әлсіз шұрылдады. Кенет асфальт жолдан өздеріне қарай бұрылған шағын автобус, полиция көлігі сәл жүріп барып тоқтады. Автобус ішінен бастарына каска киіп, қолдарына таяқ, қалқан ұстаған арнайы жасақ топырлап түсе бастады. Қолына дауыс зорайтқышы бар полицейлердің бірі:
– Мұнайшылар, құлақ салыңдар! Бұл митингінің заңсыз екені сендерге талай мәрте ескертілген, бірақ әлі тарамадыңдар! Енді тарамасаңдар, күш қолдануға мәжбүр боламыз. Бір сағат ішінде мына жерді босатыңдар! Қарсыласқандар қатаң жазаланады! – деп айқайлады.
– Облыс әкімі, компания директоры келіп бізбен сөйлессін! Басшылар келмесе, тарамаймыз!
Мұнайшылар жан-жақтан айқайлап, қарсылық білдірді. Саламаттың көзіне қалқандарын көтеріп, сапқа тұрған арнайы жасақ қатты қабыршақты қоңыз секілді елестеді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.