Көптің Көпені еді… Көптің Көпені еді…
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі   Былтыр қараша қаздар қайтқанда Астана жақтан келген қаралы хабар төбемізден жай түсіргендей болып еді-ау.... Көптің Көпені еді…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Құрметті журналисі

 

Былтыр қараша қаздар қайтқанда Астана жақтан келген қаралы хабар төбемізден жай түсіргендей болып еді-ау. Содан бері де атқан оқтай зымырап бір жыл сырғып өте шығыпты. Иә, Көпен көкені көрмегенімізге жыл толды. Осы мезгілде жүрегімізде беріш болып қатқан түйін ұлғаймаса кішірейген жоқ. Желемік желмен жапырақ сыбдырласа да, есік кенеттен айқара ашылса да Көпен көке кіріп келетіндей елеңдейтініміз қалай?
Өйткені, ол өзінің алғаусыз адал жаратылысымен айналасына ақжарылқап пейілі мен мейірімін, шуағын шашып жүрді. Оның біреуді алалағанын, бөтенсінгенін байқамаппыз.

 

Кімді болса да іші-бауырына тартып, жақын көріп тұрушы еді. Күлкіден күмбез тұрғызған келісті көкем жұрттың жоғын жоқтап, мұңын азайтуға да көбірек көңіл бөлетін. Бір таңырқатары Көпекең шаршау, еріну, бүгінгі істі ертеңге қалдыру дегенді білмейтін. Қашан да ел аралап, көпшіліктің ортасында жүргенді хош көрді. Ел ішінде жүргенде ағайынның, туыстың, дос-жаранның қуанышы мен қайғысына ортақтасып, бірге жүруді өзінің азаматтық борышы санады. Сондықтан ол көптің Көпені атанды. Өзі сүйген халқының жұбанышы да, қуанышы да бола білді.
Ана бір жылы Шымкентте (облыс орталығы болып тұрған кез) республикалық «Наурыз» ақындар айтысы өтті. Қазылар алқасының төрағасы қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі еді де, жүргізушісі Көпен Әмірбек болатын. Біз сол қазылар алқасының құрамында отырдық. Сонда ғой, ақындар айтысып болғанда, келесі жұпты хабарламаққа Көпекең шығады. Оның әр шыққаны ду-ду күлкі. Тауып айтады, бүлдіріп емес, күлдіріп айтады. Жиналған қауым ақберен айтыстың ауқымдылығына ауыздары қанып айбарланса, Көпеннің күміс күлкілеріне көміліп қалып еді-ау сонда.
Үзілісте сөз тапқыш Қадыр ағам айтады: «Бұл Көпен мұхиттағы акула сияқты. Акуланың түрі көп. Солардың бірі туа салып үнемі қозғалып тұрады. Өйткені, қозғалмаса су түбіне кетеді. Көпен де сол, шаршауды-шалдығуды білмейді. Үнемі қозғалыста. Бір қарасаң Көкшетауда, бір қарасаң Ақтауда, енді бір қарасаң Қаратауда жүреді» деп. Расында, Көпекең үнемі қозғалыста, ізденісте болды. Оған көкемнің Садықбек Адамбеков атындағы сықақшылардың республикалық конкурсын өткізуі, сатириктердің антологиясын шығаруға мұрындық болғаны, «Көпен келе жатыр» атты театр ұйымдастырғаны, «Жол-жөнекей» бағдарламасын жүр-
гізгені, жабылып қалған «Ара» журналын жанкештілікпен алып қалып, жарыққа шығарып келгені, тағы да толып жатқан еңбектері куә. Бұлардың арасында ол телеарналарда жүргізілетін сандаған бағдарламаларға қатысып, құнарлы пікір айтатыны, қазылар алқасында болып, үміткерлердің таланттарын бағалаулары да бар. Мұның ара-арасында республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өтіп жатады. Қазылар алқасының төрағалығына ұсынылады, құрметті қонақ ретінде шақырылады, осының барлығына да уақыт тауып, думан-той ортасында Көпекең күлкі шашып жүреді. Ол жүрген жер қашан да көңілді, сол ортада өзіңді суда жүзген балықтай еркін сезінесің. Осы жерде курстарын жұмылдырып, университет бітіргендеріне елу жыл толғанда «Дариға, қайда сол жылдар» атты үш жүз елу беттік кітап шығаруға мұрындық болып, жинаққа өзі редакторлық еткенін қосыңыз.
Көптің адамы – Көпекең адамдармен тез тіл тапқыш. Табан астында тауып айтатыны талайларды тамсандырған. Жалпы, күлкіде құдірет бар. Ол адамды жадыратады да ойға салады. Айталық, әлемнің әпендісі – Қожанасырды алайық. Оның қай қалжыңын алсақ та тұнып тұрған философия. Бір ауыз сөзімен талайларды тұрмастай етіп талдырып тастаған. Адамның кәпелімде ойына келмейтін жауапты Қожекең бір ауыз сөзімен жеткізеді. Сол бір ауыз сөзімен-ақ тоқмейілсінген талайларды түйреп тастайды. Мұндай тапқырлық Көпен көкеде де бар болатын.
Бірде Шымкент әуежайында жолы-ғып қалдық. Бір жамағайындары қаза-ланып, соның қырқынан қайтып бара жатқан беті екен. Ұшақтың көкке көтерілуіне әлі біраз уақыт бар. Мұндайда уақыт оздыру үшін әңгіме ширатарымыз бар. Кенет бір таныс адам туралы сөз бола қалды. Көкем: «Ол ракета сынды адам ғой. Өзі алға озып кетеді. Дүбірі соңында шығады» деп сипаттады. Таң қалдым! Расында, ракеталар ту-ту алыста кетіп бара жатады. Ал, дүбірі өзінен әлдеқайда артта, басқа жақта шығып жатады. Біз ортақ әңгімеде тілге тиек еткен адам тап сондай жан еді. Қарап отырсаңыз, жымын білдірмей, жібін ілдірмей қасымызда тып-тыныш жүреді. Ал, атақ-даңқы алыстарға жетіп жатады. Соны қалай ұйымдастырады? Атақ алуда алдына жан салмайтын сол бір кісінің барлық болмысын қалай дәл тапты? Оның осындай тапқырлықтарын жинастырсақ, бір кітапқа жүк болады. Бұйыртса сол күнге де жетерміз.
Тапқырлық демекші, Көпен көкеміздің бауыры Төпен ағаның да бір түйері бар еді. «Төпен айтыпты» деген сөз талайлардың ауызында жүр. Бір жолыққанымызда Көпен көкем «Төпеннің тапқырлықтары туралы бір жинақ шығарсам деймін. Соған естігендерің болса, жазып берсеңші» деп өтініш айтқан. Менің есіме мына бір әңгіме түсті. Отырарға іс-сапармен барғанымда Төпен аға «біздікінде боласың» деп қолқа салды. Қалай бармайсың? Таңертеңгі шай үстінде жеңешеміз «Мені ертең келмен әлі жұмысқа алмай жатыр. Бір ауыз айтып қойсаңшы. Қашанғы жүгіре беремін?» деді ағамызға. Сонда Төкең: «Жүгіре берсеңші, жүгірген денсаулыққа пайдалы» деп қарап отыр. Осыны Көпен көкеме айтып беріп едім, рақаттана бір күлгені. Жалпы, ол күлсе риясыз, жүрегімен күлетін. Осы жерде және бір қосарым, Әмірбековтер әулеті әзіл-қалжыңға түгелімен бір табан жақын жүреді.
Шәмші Қалдаяқовтың туғанына сексен жыл толуына орай белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Серік Ибадуллаев «Шәмші әлемі» атты жинақ шығаруды мақсат етті де, осы кітапқа материал жанап топтастыруды маған сеніп тапсырды. Кітап дайын болған күні Серік аға екеуіміз Алматыға сапар шектік. Таңертең пойыздан түссек, алдымызда Көпен көкем жайрандап күтіп тұр. Ол өзінің көлігімен келген екен. Баспаға ертіп апарып, қолжазбамызды тапсырдық. Сол күннен бастап Алматыда бес күн бойы жүрдім. Ол кезде Көпекең «Шалқар» радиосының бас редакторы. Шаруасы басынан асады. Сонда да жұмыстан соң баспаға келіп, түннің әлдебір уақытына дейін отырады. Жинақты бірге қараймыз. Кем-кетігін түзейміз. Сонда талай сырласып едік. Бірге түстеніп, талай әңгіменің басын қайырдық. Сонда ол сатириктер арасында Оспанхан Әубәкіров пен Сейіт Кенжеахметовты ерекше бағалайтынын айтып, солардан үлгі алу керектігін есіме салған-ды. Студент кезінде күреспен айналысқанын, «Қызғалдақтар» ансамблінің мүшесі болғанын, мектеп бітірген соң ау-дандық мәдениет бөлімі жанындағы халық театрында актер болғанын да сол сәулелі кештердегі сыр-сұхбатта естігенмін.
Қайсыбірін айта берейін, біздің ағалы-інілі байланысымыз сонау
1980 жылы басталды. Сарыуыз сатирик менің «Мұрша» атты сықақ әңгімемді «Ара» журналына шығарып, тұсауымды кесіп еді. Содан бері қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Мені «Ара» журналының Оңтүстік облыстары бойынша меншікті тілшісі етіп жұмысқа қабылдады. «Сен «Араға» фельетон жазып жүрмін деп ойлама. Болашақ жинағымды жазып жүрмін деп сана. Менің де кезінде «Араға» жазған фельетондарым бір жинақ болды» деп мені жігерлендіріп қоятын.
Мәскеу мен Ташкентте өткен Бүкілодақтық жас сатириктер байқауының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бұқаралық ақпарат саласындағы ҚР Президенті сыйлығының екі мәрте және «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбек былтырғы қара күзде қараша қаздармен ілесіп, қайтпас сапарға аттанды. Күн сондай суық болатын.
Содан ба, әлде өзіңіздің жоқтығы-ңыздан ба, әлі де денем тоңазиды…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *