ҚАСИЕТ ҚОНҒАН КИЕЛІ МЕКЕН СЫРЛАРЫ ҚАСИЕТ ҚОНҒАН КИЕЛІ МЕКЕН СЫРЛАРЫ
  БАЛ ЕСЕПШІ Ауылым — Көкдөненде. Көкдөнен — аңызда айтылатын жігіттің есімі. Ол өз руласындағы көрікті Көгершін сұлуға ғашық болады. Ауылдастары, ата-анасы әдет-ғұрып бойынша... ҚАСИЕТ ҚОНҒАН КИЕЛІ МЕКЕН СЫРЛАРЫ

 

БАЛ ЕСЕПШІ

Ауылым — Көкдөненде. Көкдөнен — аңызда айтылатын жігіттің есімі. Ол өз руласындағы көрікті Көгершін сұлуға ғашық болады. Ауылдастары, ата-анасы әдет-ғұрып бойынша олардың үйленуіне қарсы болады. Екі жас Шал бабадан бата алуға барады. Шал баба да рұқсатын бермейді. Қос ғашық биік құздан құлап, мәңгілікке көз жұмады. Қарттардың айтуына қарағанда осы екі ғашықтың құрметіне біздің ауыл қоныстанған жазық Көкдөнен даласы деп, ал әйгілі Абсенттің ауылы тұсындағы тау Көгершін тауы деп аталып кеткен көрінеді.
Сол таудың батыс жағындағы қабағы шытулы қарлы шыңдарды Шал тауы деп атайды. Біз — осы Шал баба ұрпақтарымыз. Атақты сазгер ағамыз Мелс Өзбеков «Шал тауында ауылым», «Көгершін алқабында», «Көкдөнен вальсі» атты әндер циклын жазды. Бұл махаббаттың мәңгілік символына айналған өнер туындылары еді. Құдайдың құдіретімен әулиелікке ие болған кісілер болады.
Менің пайымдауымша, «Әулие» деген аттың өзі кез келген адамға беріле бермейтін сияқты. Әдетте, ондай адамдарға Алла тағала ерекше бір қасиет береді. Ал, «Әулие» деген атты оған халық берсе керек. Біздің аналарымыз бір үлкен істі бастар алдында немесе жаны қатты қиналғанда Бибі Фатимаға, Домалақ ене Нұрилаға сиынып, соларды көмекке шақырады. Әлбетте, Алланың атын алдымен аузына алып: «Жаратқан ием, жәрдем бере гөр!» деп алдымен Құдайға құлшылық етіп, одан соң әулие аналарды атайды. Сондықтан болар: Әулиенің нұры далада, Жарықтық төгін жауып тұр. Сәулеңді құйып самала, Пендеңнің жанын сауықтыр,- деп одан мәулет тілейді. Шын ниетімен тілеген жанға Алла тағала үміттің шырағын жағып, оның тілеуін береді.
Біздің Шал бабамыздан тараған әулеттен шыққан осындай әулие кісілердің бірі бала кезден «Бал Есепші» атанған атамыз – Әлібек Бұғыбайұлы. Бізді ата туралы деректерді көбірек ынтықтырған ол кісінің: «Жәндіктермен, ұшқан құспен, жанжануармен тілдеседі екен» деген әңгімелері еді. Сонымен, біз керемет бір сиқырлы, әлде бір біздің еркімізден тыс күштің бар екеніне тереңдей түстік. Алдымен атаның Көкдөнен ауылында тұратын сексенді алқымдап қалған келіні Сүлия әжейге келіп жолықтық. – Менің осы үйге келін боп түскеніме алпыс жыл болды, – деп бастады әңгімесін аруана, – Жайлауымыз-қара сай, қыстауымыз — Үмбет құм. Көшіп-қонып жүре беретінбіз. Сендер «ата туралы айт» дейсіңдер… айтайын, қарақтарым… Бірде есік алдындағы топ шеңгелге сауысқан келіп қонды.
Оған біз әдеттегідей зер салып қараған жоқпыз. Ал, ата әлгі байқұс құстың қасіретін бізден бұрын көріп қойыпты. Аяғы қан, жарақаты бар сауысқан атамның жанына жақындағанда да ұшқан жоқ. Алақанымен сипап өткенде тамшылап тұрған қан тиыла қалды. Бірде (Жүсіп) атамен бірге жол жүріп келген күйеуім Сақпанқұл: «Керемет, атам қарақұртпен сөйлесті!» — деді. Мен аса мән бере қоймап едім, отыра қалып жолда көргенін таңдана, таңырқай отырып айтып берді. «Ойбай-ау, қара құрттың балалай алмай жатқанын біз қайдан білейік. Атам әлгі қара құртқа кәдімгідей-ақ көмектесті. Түкіріп өтіп, дұға қылды.
Қайтар жолда әлгі жәндік шынымен-ақ балалап жатыр екен. Ата: «әлгі қара құрт: мен сенің үрім бұтағыңа зиян жасамаймын» — деді. Мен: Сіз онымен сөйлестіңіз бе? дедім сасқанымнан: Ол маған жауап берудің орнына: «Балам ауылға тезірек жетейік, атыңды қамшылай түс. Ана бұлтты көрдің бе, сел әкеле жатыр», — деп шаба жөнелді. Біз көрші ауылға жеткенде нөсерден соңғы сел ауылды ағызып бара жатқанын өз көзімізбен көрдік». Ата ауа райын күні бұрын болжап айтып отыратын. Ауыл есепші ата «көш!» дегенде ғана көшетін. Егіншілерге де әдейілеп барып ауа райының жайын айтып қайтатын.
Осы Қаракемерге орыс (переселендері) жатақтары келіп егін салды. Олар да есепші атаның айтуымен егін салушы еді. Әлібек ата Бұғыбайұлы 1816 жылы Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Әрине, ол кезде қазақ халқы әлі де болса, көшіпқонып жүретін. Есепші атаның ең үлкен атасы – Майбасар. Атаның жазғы жайлауы, Көкдөнен мен Көгершін тауының қиылысқан жері – Қарасай. Табиғаты өте әсем жер. Қыстауы құм. Әлібек атаның Салиха атты жалғыз қызы және Самыратбай, Рысбек, Жүсіп деген үш баласы болған. Рысбек баласы жастайынан қайтыс болып кетеді. Ол баласының да әулиелік қасиеті болса керек. Баласы қатты сырқаттанып қалған да, яғни хал үстінде жатқанда әкесін шақыртып былай дейді: «Әке екі қошқардың басы бір қазанға сия ма?» — дейді. Сонда әкесі: «Жоқ, балам», — деді. Баласы: «Онда, әке, мені бұл жерге емес, Тектұрмасқа апарып жерлеңіз», – дейді. Әкесі баласының өзі секілді бір қасиеті бар екенін біліп, баласын Тектұрмас әулиенің жанына жерлейді. Ал, Самыратбайдан туған Рамазан және Қабыл атты ұлдары, Жүсіп атадан қалған Сақпанқұлдың Тілеш, Тілепберген, Бектұрсын атты ұлдары Әлібек түтінін әлі түтетіп отыр. Атаның жалғыз қызынан қалған Алдаберген, Ниязалы деген екі жиені бар. Ол екеуіне де тән Күшікбай атты ұл бар. Есепші ата туралы тың деректерді біз осы Жақсылық ауылындағы жиенінен білдік. Күшікбай кісінің айтуына қарағанда, Әлібек ата денелі, кісіге тік қарайтын сұсты жан болса керек.
Есепші атаның күйеу баласы Есей би қалжыңбастау кісі екен. Бірде қайын атасына қалжыңдаған боп қатты сөз айтып, ренжітсе керек. Ертеңіне күйеудің аузы қисайып қалады. Күйеу бала өз ағаттығын түсініп, қайын атасынан кешірім сұрайды. Қасиетті кісі қолымен бір сипап, оның аузын қалпына келтіреді. – Әлібек ата көріпкел, балшы, есепші болған. Мен ол кісінің қаптағы тарының дәнін аузын ашпай-ақ, есептеп айтатыны туралы әкемнен естідім.
Ата еліне: «биыл қыстың аяғы созылады. Сондықтан азықты ысырап ете бермеңдер» дейді. Алайда көктем ерте шығады. Оған ауыл адамдары «қателестің» деп кінә тағады. Әлібек ата бір топ адамды ертіп тауға келеді. Кең сарайда лағын емізіп тұрған елікті көрсетіп тұрып: «Анау мақұлық Алладан күннің жылынғанын жалбарынып сұраған еді, құдай оның көз жасын көріп, тілеуін уақытша болса да беріп тұр», – дейді. Әлібек ата Бұғыбайұлы 16 жасынан-ақ, көріпкелдігімен көзге түсе бастаған. Ол: «Көктем ерте шыққан екен деп, көктеуге көшпеңдер. Күн әлі қатты суытады» дейді ауыл қарияларына.
Өкінішке орай, ел «бір жас баланың айтқанын тыңдап қайтеміз» деп тауға көшіп кетеді. Сөйтіп, біраз малшы малын шығындап, опық жейді. Күн расында да тез суытып кетеді. Әлібек атаның жиені Күшікбайдың үйінде бал-есепшінің жез шылаушыны, шәугімі, шапаны, үкісі, қамшысы, кітаптары бар. Ол кісі бұл бұйымдарын қызына әдейі қалдырса керек. Жиенінің өз жолын ұстайтынын көзі тірісінде-ақ білсе керек. Осы уақытқа дейін бұл бұйымдар сандықта сақталып келді. Күшікбай ата он жыл ауырды.
Оның құдай жолына түсіп, ислам парыздарын орындай бастауына Алматыдан Жақсылық ауылына бір кісіні емдеуге келген емші қыз себеп болады. Ол: «Сіз намазға жығылыңыз. Сандықтағы заттарды шығарсаңыз болды, науқасыңыздан құлан таза жазыласыз», — дейді. Емшінің айтқанын екі етпей істеген Күшікбай ата расында да ауруынан айығып кетеді. Қазір оған есепші ата жиі аян беріп, ауа райын болжайтынын, т.б. көріпкел сәуегейлігін жиеніне айтып отыратын көрінеді. – Ата әрқашан менімен бірге, қасымда, — дейді Күшікбай аға. – Мен ол кісінің рындаушысымын. Атамның (көмегімен) кеңесімен Түркістандағы әулиелерді аралап, батасын алып қайттым. Атаның сандар сырын ашып беретін қасиетінің арқасында алдыма келген науқас жандарды емдеп, шипалық жасап жүрмін.
Есепші-ата құдайдың берген құдіретімен бірде маған: «балам, саған құстар, жәндіктер, жануарлар да тіл қатып сөйлей береді, тек сен одан қорықпа». Менің рухым – Үркер жұлдызында дейді. Әлібек ата Бұғыбайұлы 1916 жылы дүниеден өтті. Ол құмда көз жұмады. Өзінің аманаты бойынша Шал тауына кіндіктес жатқан Көгершіннің бөктеріне жерленеді. Атаның өзі өлгенімен, оның рухы өлген жоқ.
Ол осыдан 85 жыл бұрын көз жұмар алдында: «Мені перішелер әкеткелі жатыр. Екі бүйіріме екі қап тұз байлап қойыңдар. Мен сендердің ғұмырыңа керек боламын» — деген екен.
Иә, атаның қабірі басынан шарапаты тиген жандар қаншама?Бір перзент сүюге зар болған ата-аналардың арманы орындалғандары қаншама? Қатерлі ісіктен, ұйқысыздықтан, талма т.б. неше түрлі дерттен сауыққан кісілер тек біздің ауданда ғана емес, облыста, өзге мемлекеттерде де бар. Тегі науқас адам ғана емес, атаның дәруімен топалаң, қарасан тиген мал да жазылып кетеді екен.
Атаға Алла тағала таңғажайып күш берген. Ол – жаны таза, құдайдыңсүйген құлы. Ол Алланың есімін зікір етіп, тәні мен жанына түскен кірден көп адамдарды тазалап, оларды дертінен айықтырады. Ол адамдар атаны пір тұтады. Оған жантәнімен беріледі. Атаның қабірі басына барғанда ол кісімен тілдеседі.
Сондай кісілердің бірі — Шекер апай. Ол кісі де көп ауырды. Қазір құдай жолында жүр. «Атаның басына мазар тұрғызсақ» деген ниетті осы ауылдың баласы Оразалы да бүкіл болмысымен қолдайды. Иә, бәріміз де Жаңабай ата ұрпақтарымыз. Шал бабаның, есепші ата Әлібектің бұтағымыз. Сіздерді осындай қадір-қасиеті мол әулие кісілердің әруағының рухы қолдап жүрсін әрқашан.

Бал есепші туралы ел аузындағы әңгімелерді жинастырған —

филология ғылымдарының магистрі
Балмира Мырзабаева

ЖЕР-СУ АТЫ – БАБАЛАРДЫҢ ҰРПАҚҚА ЖАЗҒАН ХАТЫ

«Қазақстан сарбазы — Воин Казахстана» газетінде (2000 ж. 14 сәуір) менің хатым жарияланды: «…Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты «Абай» колхозынан оңтүстікке, қырғыз Алатауына қарағанда, Алматы жақтан келіп Алатаудың біткен тұсында; күн батыста – Қаратаудың Шымкент жақтан келіп үзілген жерінде жергілікті халық «Қоңыр төбе» немесе «Бурыл тау» деп атап кеткен биіктігі 714 метрге жететін бел жатыр. Жазық жердің тұрғындары үшін — тау, таулықтар үшін – төбе!
Бұл төбенің күн шығысында – «Құмжота» ауылы, «Ровное» шаруа-шылығы, «Көктал» елді мекені, күн батысында – «Шайқорық» пен «Бесжылдық» ауылдары қоныс тепкен. «Бурыл таудың» оңтүстігінде бір қапталды түгелдей Тараз қаласы алып жатыр. Енді осы тау неге «Бурыл» аталған деген сұраққа толығырақ тоқталайық. Данагөй халқымыздың «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», т.с.с. эпикалық батырлық жырларын жетік білетін нағашы Момбай атамыз (1974-1975 жылдары) айтушы еді: – «Мына, сендерге көрініп тұрған Бурыл тауда Қобыланды батырдың «Тайбурыл» атты тұлпарының су ішіп, жем жеген тас аттақыры бар. Соны міндетті түрде барып көріңдер!» 1999 жылы күз айында Бурыл тауға арнайы шығып, әлгі айтылған Тайбурылдың аттақырын іздедім. Үміттеніп барсам – жоқ!
Содан біраз уақыт өткен соң Жамбыл облыстық өлкетану мұражайына келіп, балбал тастардан тұратын мұрағаттарды аралап жүрсем, Тайбурылдың су ішкен аттақыры бұрышта тұрғанын көріп қуандым. Алдындағы тақтайшаға: «Қара қыпшақ Қобыланды батырдың тұлпары «Тайбурылдың» тас аттақыры, IXғ.» деп (суретте) жазылыпты. Бас киімімді алып, тағзым жасадым. Бұл тас мұнда қайдан келген?
Бұны сол арада өлкетану мұражайының бұрынғы басшысы Күзембай Байбосыновқа жолығып сұрағанымда, ол кісі былай деп әңгімеледі: — «Бұдан 10 жылдай бұрын (яғни, 1989 жылдарда) маған «Ровное» ауылының бір қариясы келіп: — «Жақында пияз 12 егушілер үлкен канал арықты байлап, оған тосқауыл үшін салмағы 4 тоннадай келетін тасты сүйретіп суға тастатты. Бұл бассыздықты бүкіл ауыл қариялары біліп, ешкім тимесін деп, әлгі каналдан тасты шығартып алдық, қазір ол пионер лагерінің ауласында тұр! Егер мүмкін болса, сол тас жоғалып кетпей тұрғанда алып кетіңдер!» — деді.
Енді не істеу керек?! Көмек сұрап іле-шала автобаза бастығы болған, бүгінде АО «Агросервис»-тің бастығы Медеуов Жетенге (шын аты — Жетпісбайға) (суретте) жеттім. Жағдайды ести сала, ол көмек қолын созып, қасиетті тасты мұражайға жеткізіп берді». Осындай елінің өткеніне сергек қарайтын азаматтардың арқасында бұл тас халқымыздың да, шет елдік қонақтардың да таңдай қаға тамашалайтын экспонатына айналып отыр. Тас астаудың жоғары ернеуіне киіз үйдің уығыниетін арнайы қуыс бар.
Бұдан шығатын қорытынды – жергілікті халық бұл тасты өз пайдасына молынан пайдаланған сияқты. Тарихи және мәдени ескерткіштер арқылы біз өткен замандағы бабалардың материалдық және рухани өмірін, олардың даму деңгейінбағдарлай аламыз. Жамбыл облысының аумағында қазақ халқының қол өнеріне жетіктігін, дарындылығын көрсететін, оның тұрмысын, мәдениетінайқындайтын, ғылыми-көркемдік және мәдени-тәрбиелік мәні бар өте ежелден бүгінгі таңға келіп жеткен тарихи ескерткіштер көп. Соның бірі – біз айтып отырған «Тайбурылдың тас аттақыры».
Егер, біздер, мұғалімдер, тәрбиеші-офицерлер, ата-аналар, ұр-пақтарымызды қазақстандық патриотизмге тәрбиелегіміз келсе, бірінші кезекте өзіміздің төл тарихымызға жүгінуіміз керек. Тәрбие көзі қайда жатыр?! Жастарымыздың теледидардан көретіні — кілең бір ойдан-қырдан құрастырылған атыс-шабыс, қырып жою, зорлық-зомбылық. Біздің жастарымызға мұндай тәрбие керек пе? Керісінше, жастарымызды батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерлікке толы дәстүрлеріне баулитын шараларға көбірек көңіл бөлінсе ғой.
…Сонда Бурыл гуледі, … Арандай аузын ашады, Табаны жерге тимеді. Аяғын топ-топ басады. Көлденең жатқан көк тасты, Бір төбенің тозаңын, Тіктеп тиген тұяғы, Бір төбеге қосады. Көлденең жатқан көк тасты, Кешке таман Тайбурыл, Саз балшықтай иледі. Жын қаққанға ұқсады… …Балалық шағымызда ауылда, аталар мен әжелердің тәрбиесін көріп өстік. Ол кездерде телевизор деген енді-енді ауылдарға келе бастаған. Ертелі-кеш «Қазақ радиосын» тыңдаймыз. Қариялар жағы батырлар жырын оқытып қояды. Кезектесіп, жарыса оқимыз! Қойлы ауылда малды жайғап, жатар орынға ошақ басына жиналғанда, ет піскенше, одан ұйқыға кеткенше жеңгеміздің оқуында «Мың бір түнді» тыңдаймыз.
Осылайша ауыз әдебиетінің әліппесімен таныстық. Әкеміз «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болғандықтан шығар, баспадан басылып шыққан барлық эпостық жырлар кітап сөрелерінде сықасып тұратын. …«Кіші Бурыл» тауының ең биік шоқтығына шығып, жанжағыма көз салғанда, ойыма алғаш келген сөз: — «Мұнда мұнара тұрғызу керек!». «Тура Мәскеудегідей, Париждегідей! Төбесінде көру алаңы бар! Құс ұшар биіктікте!» Кейінірек, ол мұнара тұрғызылар болса, аты — «Нұрсұлтанның нұрлы мұнарасы» болсын деген тұжырым жасадым. Бұл жоба Қобыландының Тайбурылының аттақырын іздеп «Кіші бурыл» тауына шыққанда идея болып ойға келгенмен, оның нобайын Қазақ Елінің әскерлері қатарындағы қызметіммен қатар алып жүріп, ұзақ жылдар бойы жасаумен болдым. «Мәтібұлақ» әскери-сынақ полигонында қызметте жүргенде, мұнара сызбалары түсіме аян болып енді. Запасқа шыққанда, сол жобаны бір демде жасап шықтым.
Қобыланды батырдың Тараз өңірінде болғандығы туралы атадан балаға беріліп келе жатқан аңыздарды әр ауылдан естуге болады. Мысалы, 2003 жылдың 19 қазанында «Құмжота» ауылының тұрғыны, руы өтеміс, «Құмжота», «Бурыл» ауылдарындағы мектептерде 40 жылға жуық ұстаздық еткен Сәтенов Орынбай ақсақалды арнайы іздеп барып, өз аузынан естіп-білгендерін жазып алған едім.
Сол сапарда қария «Тайбурылдың аттақыры» тұрған орынды апарып көрсеткен еді. «Кіші Бурыл» тауының батыс жағындағы аяқталар тұсында Қобыланды батырдың отырған тас орынтағы әлі күнге дейін ашық аспан астында тұр. Ол тастың бар екенін ойламаған жерден білдім. 2009 жылдың 26 қазанында «Бесжылдық» ауылына кіреберісте көлігімді қалдырып, «Кіші Бурыл» тауының жоғары жағында, болашақ мұнара тұратын жердің ыңғайын қарастырып жүргенмін.
«Бесжылдық» ауылының «Дене-шынықтыру»сабағынан қашқан 5-7 сыныпта оқитын бір топ ұл-қыздары да тау басында жүр екен. Таныстық. Мен оларға осы таудың басынан «Тайбурылдың аттақыры» табылғанын айтып таң қалдырмақ болып едім, олар өзімді тұйыққа тіреп қойды. – Аға, сіз Қобыланды батырдың отырған тас орынтағының бар екенін білесіз бе?–деп сұрады.
Мен ондай тастың бар екенін өздерінен қазір естіп отырғанымды айттым. – Онда біз Сізді сол тасқа ертіп апарып көрсетейік! – деп алып барды. Мен олардан: – Бұл таста батыр бабамыз Қобыландының отырғанын қайдан білдіңдер? –деп сұрадым. Олар: – «Бізге әкелеріміз бен аталарымыз үнемі айтып отырады»,–деді. Қазақта: «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды!» деген нақыл сөз бар. «Халық айтса қалып айтпайды!».
Ерте, орта ғасырлардағы ерен батырлардың қол жинап, сыртқы жаулардан осынша байтақ өлкені қызғыш құстай қорғауында заңдылық бар сияқты. Қобыланды батырдың өмірде болғаны — айдай шындық. Қобыланды батырдың көне Тараз маңындағы «Кіші Бурыл» тауының биіктігіне көтеріліп, жер шолғаны анық. Осы сәтті халық жадында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Ол заман — жазу-сызудың болмаған кезі. Халқымыз хатты тасқа қашап жазып, ұрпақтарына аманаттаған.
«…Қобыланды батырдың тарихта болған адам екендігі туралы Кастанье деген кісінің «Қазақ даласындағы ескіліктер» деген кітабында біраз мағлұматтар бар. Кастанье кітабында «Қобыланды» әңгімесінің мазмұнын айтумен бірге, оның Қобда өзенінің бойындағы кірпіштен салынған моласы туралы да бірталай материал келтіреді. Қобыландының кешені туралы енді бір мақала 1905 жылы «Орынбордың ғылыми архив комиссиясының жинағында» басылып шықты.
Бұл мағлұматтар да Қобыланды жырының қиял емес, өмір шындығынан туғанын, Қобыланды батырдың тарихи адам екенін көрсетеді». Әлкей Марғұлан (1904-1985), ф.ғ.д., профессор, академик. 2007 жылдың 7-8 қыркүйек күндері Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Қобдаға «Ешкі қырған» өзенінің құяр жеріндегі «Жиренқопа» ауылында Қобыланды батырдың басында мемориалды Кешенінің ашылу салтанаты болды.

Құрманбек Әділбекұлы Оңалбеков,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттікуниверситетінің

әскери кафедра оқытушысы, ҚР ҚК-нің запастағы офицері, майор

 

«ТАСТӨБЕ» ТӨБЕШІГІ

Тастөбе — ортағасырлық қала орны. Жамбыл облысында Жамбыл ауданында Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылынан солтүстікке қарай 300 шақырым жерде орналасқан. Қалашықты 1898 жылы В.А. Каллаур, 1936 жылы Жетісу археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н. Бернштам), 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи өлкетану мұражайының экспедициясы зерттеген.
Ескерткіш үш бөліктен тұрады. Алғашқысы – дөңгелек төбе, биіктігі 18 метр, диаметрі 100 метрге жуық; екіншісі – осы төбені барлық жағынан қоршаған, өлшемдері солтүстіктен оңтүстікке қарай – 130 метр шығыстан батысқа қарай – 170 метр террасадан тұрады; орталық бөлігі ормен бөлінген. Негізгі төбеден оңтүстік-батысқа қарай 30 метр жерде өлшемдері 50-80 метр биіктігі — 2,5 метр шығыстанбатысқа қарай созылыңқы бекіністің қалдығы сақталған; үшіншісі – негізгі төбеден солтүстікке қарай — 50 метр жерде орналасқан. Оның табанының аумағы 70-90метр Қалашықтың үстінен қыш ыдыстардың, күйдірілген кірпіштің сынықтары кездеседі.
Археологиялық қазба барысында табылған заттарға қарағанда қалашықты тұрғындар 6-12 ғасырларда мекен еткен. Олар мал өсіріп, егіншілікпен айналысқан.
1. Тастөбе қаласы – VII-X ғасырлардағы қала орны. Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылының солтүстік аумағынада 400 метр жерде биік төбе орналасқан, айналасында қыш құмыра, күйген кірпіш сынықтары көптеп кездеседі.
2. Қорғандар тобы (7) тас жолдан 500 метр жерде, Жамбыл аудынының жанында, б.э.д I-II ғасырда соғылған археологиялық ескерткіш.
3. Ақтөбе ежелгі елді мекені, қазіргі Жамбыл селосы аумағында орналасқан, б.э.д I-III ғасырда соғылған, археологиялық ескерткіш.
4. Жалғыз қорған. Тастөбе селосы маңында орналасқан. Б.э.д. I-II ғасырларда салынған археологиялық ескерткіш, сонымен бірге бір төбе ретінде Жалғыз төбе деп атайды. 5. Көлқайнар сазы. Көлқайнар Тастөбе қаласының батысы мен айналасын алып жатқан аймақ. Бұл жерде бұрынбірнеше ондаған қайнар бұрқырап шығып жатқан бұлақтар, бірнеше көлшіктер болған. Қарасу өзені мен бірнеше өзеншілерде болған. Бұлақтар мен көлдерге байланысты аймақ Көлқайнар деп аталып кеткен.
Тастөбе Тастөбе ауылының беделді ақсақалы, 7 ұл, 4 қыздың әкесі, 42 немере мен 30 шақты шөбере сүйіп отырған, 85 жастағы Өнербеков Құтжан атамен кездестім: «30 жылдары ревалюция жүрді ғой, мен сол кездері дүниеге келдім. Тастөбеге 37жылы келдік. Ол кездері ауылда мен секілді кішкентай балалар болмады. Көшеге шығып ойнамайтынбыз. Көшеге шықсам өңкей қария кісілер әңгіме айтып отыратын. Сол кісілердің қастарына барып әңгіме тыңдайтынмын.
Сол қариялардан естігенім бар. Тастөбе – бұл төбешік бұрынғы заманда Әмір Темір билеген заманда осы жерді билеген. Сол кезде қалмақтар осы жерге келген. Бұл төбені содан Тастөбе деп қойыпты. Бұл енді ең биік орталық қарауыл болған. Ол уақытта техника болмаған атпен мыңдап, жүздеп келген осы төбеге.
Бұдан тіке 15-20 шақырым жерде Құрылысбай деген төбе бар. Тастөбенің төбесінен дүрбімен қарағанда келесі төбедегі атырлар бір-бірін көріп жер, ел қорғап тұрған. Дәл осындай төбе Ескі Жамбылдада бар ол Ақтөбе деп аталады. Ол төбешіктіде мүрде, бейт қылып 24 жіберген. Бұндай төбелер әр жерде болған. Жалпы олардың арақашықтығы 15-20 шақырымды құрайды. Бұл батырларды қойған қарауыл екен. Бірақ бұның бәрін адамды қинап, қолдап істеген. Құмыралармен, қаппен құм тасып, төбешік қылған. Қазір құмыра, құмыраның сынықтары табылған. Бұның барлығын тексерді, Тастөбенің маңынан, төбесінен тесіп, тексерді. Ештеңе таппады, біреулер айтады, астында монша болған деп, бір жылдары астынан қоңырау сыңғырлады дегенді де естідік. Бұл төбе қазір мемлекет қорғауында тұр. Төбе 18-20 метрдей биік болған.Қазір басылып кетті. Тастөбенің түбінен бір түп тал шықпаған. Алғашқыда өкімет бұл дәу төбеге адам қойғызбаған. Қазір жан-жағының барлығы мүрделер. Бұл төбе арқылы батырлар жау шапса, бір-біріне түтін шығарып белгі берген деседі. Негізі бұл туралы аңыз көп», — деп сөзін аяқтады.

Жазира Ережепбаева,
«Журналистика» мамандығының
3 курс студенті

 

«НОҒАЙШАН» МЕШІТІ

Жамбыл облысы Талас ауданының Көктөбе ауылының маңында орна-ласқан кішігірім мешіт бар. Ауыл адамдары неге осы мешіт жайлы ауыз толтырып, мақтанып айтпайды. Көненің көзі болған бұл киелі жердің маңызы қандай? Құдыретінің күші неде? – деген сан сұрақ мазалаған болатын. Сондай-ақ, мектеп оқып жүрген кезде маңына барып, есігін ашу маған бала арманның бірі болды. Тарихына қызықтым, тамырына үңіліп, тереңірек білмекке құмартып, ауыл ақсақалдарынан осы мешіт жайлы айтқан аңызәңгімелерін естідім. Шама-шарқынша толық ақпарат алуға тырыстым.
Толығырақ тарқатсақ, бұл мешіттің негізін салушы — Шаяхметтің баласы Сапарғали. Жас кезінде осы ауылдың бір қариясы 13 жасында ауылға дінді насихаттау үшін мола адам етіп алып келеді. Осы ауылда орналасқан бірнеше қаракөз сәтек елі жиылып, мал беріп, тасын қалап осы мешітке материалдық тұрғыдан өз ықпалдарын тигізген екен. Менің анамның анасы, яғни, нағашы әжем осы мешітке шырақшы болған.
Сол кісінің аңыз-әңгімелерін көп тыңдап өстік. Негізі, Шайһы Ахметтің 5 ұлы болыпты, содан барлығын дін тарату үшін жер-жерге таратып тастаған екен. Шымкенттегі Созақ қаласының маңында, тарихтан аты мәшһүр Аягөз қалаларында өте үлкен мешіттер бар. Бірде жөндеужұмыстарын жасамақ болып, Созақтағы мешітке барса, ешқандай бояу мына бояларға сәйкес келмейді деп жөндеу жұмысы жасалмапты.
Алайда қазір түсінің қанықтығын, көз тартар мөлдірлігін әлі жоғалпаған. Ал, мына мешітті қазір халық арасында «Ноғайшан» мешіті дейді. Шын мәнінде ол тек атауы ғана. Совет үкіметі кезінде құдай жоқ деп танып, имам, молдаларды өлтіріп, мешіттерді бұзбақшы болды емес пе? Ресей әскерлері мылтықпен мешіттің сыртынан құлатпақшы болғанда, оқ өзіне қарай бағытталып, көз жұмған деседі.Сол дәуірде менің нағашы әжем бар тағы үш кемпір бірігіп, Сапарғали моланың денесін мешіттің ішінен алып, құмаққа апарып жерленген. Қаншама сандық болатын құран кітаптарды осы мешіт тұсына көміп кеткен екен. Бұл да әжемнің маған айтқан сөзі. Совет үкіметі бұл мешітке қолдап бұзау қаматқызды. Бұзаудың барлығы қырылып қалса, кейіннен 2 қызымен келген орыс сатушы да осы жерді дүкен етіп отырды. Киелі жер киелілігін жасамай қоймайды ғой, екі қызы бірдей шетінеп кетті.
Енді бұл жерге не істерін білмеген халық мақта еккен. Дәу қара жылан әйелдерге мақтаны да тергізбей қойыпты. Кейін Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, бұл жерді қорғауға алып, қоршап қойды. Жөндеу жұмыстарын жасамақшы болғанда құрылысшылардың киіз үйі мен бояуға керекті моторы қоса өртеніп, күмбездің үстінде жүрген жұмысшы құлап, қаза тапқан.
Ал, осында жүк тиеп келе жатқан үлкен жүк көлігі де жетержетпестен аударылып, заттары еш керексіз болып қалады. Жаңа айтып өткенімдей, менің нағашы әжем осында шырақшы болды дедім ғой, елдер ауырып докторға жүгірсе, әжем біз ауырсақ осы жердің бір түйір кішкене топырағын әкеліп, біздің таңдайымызға қойса, лезде жазылып қоя беретінбіз.
Міне, бұл жердің киелілігі мен құдыреттілігі жайлы білетінім осы, — деді ауыл тұрғыны Сәрсенбеков Әбдікерім. Ауылдың ішінен көз көрген, айтары абыз, сөздері шежіре, болмысы тарих қария кісілерді іздеп көрдік. Қаракөз сәтек елінің қазіргі сол ауылдағы үлкені Құтжанов Мәйкөн есімді қариядан сұрап көрдік. Талай кезеңді бастан кешірген, өмірдің түрлі өткелінен өткен, тіпті, Ноғайшан мешітінің маңынан күйген кірпіш дайындайтын пеш тауып алған ақылы дана, дария кісі. Сөзіне толық тоқталып, барынша тарқатып көрейік. Ноғайшан мешітінің сол қалпында сақталуы оның кірпішінде. Бұл мешітті соғуға қаракөз сәтек елі емес, бүкіл ойық елі жабылған. Әрбір кірпішін құюға түйе мен ешкі жүнін қосып, сүтпен араластырып, топырақ қосып жасаған. Міне, сыры осында. Үлкендер қара жыланы бар деп көп айтатын.
Содан бір күні имамды алып, құран оқытайын деп мешітке бардым. Кірсем, дәл есік алдында тапжылмай қара жылан жатты. Ішке кіруге жүрегім дауаламай, сыртынан құран бағыштап қайттым.
Ал енді, мен партияға жұмыс істеп жүрген кезде, өз адамдарыммен осы мешіттің айналасын қазып, шөп жинау тапсырылды. Содан мешіттің күншығыс жағынан пешін тауып алдық. Алайда,әруақты жердің киелілігін ұмытпай, қайта көмдіріп, ары қарай қазбауға тапсырдым. Кейін Дадабаев пен әкімдер келіп суретке түсіріп, көріп кеткен.
Мешіттің киелілігі сол, онда тәспіңді қайырып, намазыңды оқып, таза болып бару керек сияқты. Бұл жерді бірі білсе, бірі білмейтіні анық. Осы аймақтың тумасы, талай дәуірдің тарихын білетін Болат Бекжан ағадан да осы мешіт жайлы сұрадық. Сонда ел ағасы: « — Мұнда менің білетінім, бала оқытқан, діни сауатын ашқан. Күмбезінің үстінде киелі дегелек құс отыратын. Бірі тоққа түсіп өлді, екіншісі ұшып кетті-ау, шамасы.
Өкімет қаражат бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізбекші болған, неге екенін білмеймін, аяқсыз қалған. Бірақ киелілігіне еш күмәнім жоқ», — деді. Осы тұщымды ой салатын әңгімелерді естіп, мешітке жол тарттық. Ойымызда мешіттің мемлекеттік қорғауға алынғандығы, сыртын айтарлықтай қоршап, киелі жер екенін тақтайшағажазып қойған шығар деген ой келеді. Бірақ айтатыным, бұның бәрі жәй ғана ой. Сырты тот басқан темірмен, сым керіліп әзер тұр. Мал кірем десе ойланбай сындырып кетеді.
Есіктің өзі түртіп қалсаң, аяғыңды басып қала жаздап құлап түседі. Мешіттің есігі болмашы бір құлыппен құлыптаулы екен. Ішіне кірдік, құран кітап, ақ орамал, енді бір жерде тақия, Сапарғали имам жерленген жер матамен жабылып белгіленіп тұр. Бас жағында шапан ілініп тұр. Ішін тым құрыса сыпырып, жинастырып, неге ауыл имамдары отырмайды екен деген бір ой ішімізді тырмалап сала берді. Алланың қалауымен қара жылан алдымыздан шықпады. Бірақ мешіттің төрт жағынан да суретке түсіріп, қарадым. Кірпіштерін сындырып, бұрыштарын бұзып, күмбезін әйтеуір сыбап кеткен. Жағдайы жанды ауыртады. Сонда киелі жер деп кие тұтқандағы істегеніміз осы ма?! Жастар әулиелі, әруақты жер барын білмейді деп тағы шағым айтамыз. Сонда күнәнің көкесі кімнен?!

Ардақ Сапибулла,
«Журналистика» мамандығының
3 курс студенті

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *