ИIРIМ ИIРIМ

ИIРIМ

30.07.2019 0 2 679

Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ, Моңғолияның Баян-Өлгий Аймағының Цэнгэл сұмын (аудан) жерінде 1943 жылы туған. Экономика ғылымының докторы (PhD), профессор. Ұлан-батырдағы «Халықаралық экономика, бизнес университетінің» құрметті профессоры,... ИIРIМ

Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ,
Моңғолияның Баян-Өлгий Аймағының Цэнгэл сұмын (аудан) жерінде 1943 жылы туған. Экономика ғылымының докторы (PhD), профессор. Ұлан-батырдағы «Халықаралық экономика, бизнес университетінің» құрметті профессоры, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, жазушы, аудармашы, дипломат. Моңғолия қазақтарының рухани көш басшыларының көрнекті өкілдерінің бірі.

8. ЖАТ ЖҰРТ, ЖАҢА КӘСІП

…Сан-Францисконың эмигранттар мекемесі Лиза, Бек, Ариуна үшеуін түнгі ресторанның даяшылық қызметіне орналастырды. Ағылшын тіліне жеттік, туадан елгезек сезімтал, пысық Лиза апайы кешікпей ресторанның даяшылығына ауысып, Ариуна ыдыс аяқ жуысып, Бек жүк түсіріп артатын міндет атқарды. Бірнеше ай түнгі ресторанның суымен кіріп, күлімен шыққан Ариуна мен Бек те ағылшынша шәй ішерлік қалге келген. Күнді-күн, түнді-түн демей, тұралағанша жүгірсе де даяшылық жерінің етек басты шаруасы біте ме? Күндізгі шаруасын кеште, бүгінгісі ертең қайталанған, үй іші, от басының күйкі-күйбеңіне ұқсас. Әсіресе кешкі кезектің айқай шуы мен қолқаны атқан темекінің көк түтіні, қапырық ыстық, тамақтың күлімсі исі қандай. Тынысы тарылып, діңкесі құрыған жастар түн ортасы ауа жалдамалы үйіне қайтады. Бір бөлмелі үйдің ауқымы аядай. Үйдің төріне Лиза мен Ариуна жатады да Бек асхананың қауашақтай бөлмесіне төсенішін жайып, киімшең қисая кетеді. Сүріне-жығыла жұмыстаса да Бек, Лиза мен Ариунаның көңіліне дақ түсірмеу үшін, өзінше ер жігіттік мінез көрсетуге тырысады. Бүгінгі Россия мейманхана ресторанының айқай шуға толы тыныс тіршілігі, жалаңаштана билеп, көрінгенге көз сүзген қыздардың қимылы сияқты реңсіз көрініске алғашында жүзі ұялса да жүре келе көз үйір болып, елеп ескергенді қояды екен.
Әуелі, сұлу бикештердің жалаңаш билегеніне ұрлана қараған шақта көздің құртын қоздырып, көңілдің күйін қозғайтынын айтсаңшы?! Тіршілік тауқыметі Лиза апайын да сол бикештердің қатарына апарып қосты. Ресторан қожайыны бір күні Лизаны шақырып алып,
– Сен ән, биге икемді екенсің. Бос уақытыңда музыкадан қосымша сабақ алып, нота үйрен. Мен сені залдың көмекші әншісіне тағайындаймын. Жалақың да қосылады! деп бұйырса керек. Кеш-құрым жатар орындарына оралған сәтте Лиза қожайынының бұйрығы жөнінде Бек пен Ариунаға айтты. Елең еткен Ариуна,
– Сонда сіз де жалаңаш билейсіз бе? деп аңтарыла сұрады.
– Ән айтып, би билеу қолымнан келеді. Бірақ,…
– Жоқ, болмайды! (Бек үзілді-кесілді тартынды.) – Екеуіміз қалай бір мекемеде жұмыстаймыз. Ендеше мен бұл арадан кетемін!
–Кеткенде қайда барасың? Үше-уіміздің жалақымыз ешнәрсеге жетпейді. «Олай тартсаң өгіз өледі. Былай тартсаң арба сынады». Ел қатарында киініп, ішінуіміз керек. Басымызға үй тігіп, бауырымызға қазан асу қажет. Қайтіп өмір сүреміз?! Өмір бойы байдың малшысы, ақ жағалылардың жалшысы болып өтпекшісің бе?! Болмаса екеуің мектеп оқып, маман игермейсіңдер ме!
– Білмейді екенмін.
– Білмесең мен біліп, шешім шығарамын. Елдің істегенін мен неге істеуге болмайды. Шешінген судан тайынбайды деген. Шешінгенмен олардың еркіне көну шарт емес қой!…Үшеу ара болған әңгіме осымен тәмамдалды. Бек пен Ариуна наразы болса да Лиза өз білермендігімен көмекші әнші болуға келісіп, шарт жасады. Керісінше Ариунаны өз орнына залдың бармендік даяшылылығына тағаындатты. Ол бірнеше ай сабақ істеп, көмекші әнші міндетін атқара жүріп, ән, би, нота, музыканы ешкімнен төмен емес игеріп алды. Лизаның тығыршықтай денесі, ақ құба сұлу жүзі, қарақат көзі, жылы ілтипатпен қатнасатын сүйкімді мінезі, билегенде талшыбықтай бұралған қозғалысы жапон, кәріс байларының көзінің құртын қоздырып, көңілін желіктіре бастаған сияқты. Лизаның алғашқы би кеші бүгінге дейін Бектің көз алдында. Қиық жағалы ақ жейдеге көбелек қанат галстуг тағып, алдыңғы етегі жоқ, артқы жырық құйрығы салпылдаған ағылшын фрак киіп сәнденген мырзалар Лизаны кезегімен биге шақырып үйріліп-айланып, столына шақырып шарап ұсынып, алдына отырғызып, ышқырына берер доллар қыстырып, масаңдау қайсы біреулері аймалап әуре сарсаң болғанда Бектің іші күйіп кетті. Бір әке, бір анадан туған апайының жалаңаштанғанына қалай төзіп отырсын? Сол кеш Бек түнгі жұмыс орнын тастап кетті. Қайда барарын білмей сенделген ол жол жөнекей мырзаханаға аялдап, бір көзе висск мен бір кесе салқын сыра алдырып өз көңілін өзі ауламақшы болды. Арақ пен сыра қосылған соң көңілі тыншыққанның орнына іші тіптен күйіп, ызасы қозып, әлдекімге ашу шақырып, әлдекімнің жағасына жармасқысы келгендей. Ақыры сыртқа шығып, шылымын шегіп, аздап желпініп салқындаған соң іші орталап, жалдамалы жатағына келді. Түнгі мырзаханалар түн ортасы ауа есігін ұстайтындықтан Лиза мен Ариуна келмеген екен. Аядай жалғыз бөлме аңғал-саңғал. Бек үйреншікті асхана пешінің алдына әлгі төсенішін жайып киімшең қисая кетті.
Таң алдында есіктің тұтқасын тықырлатып Лиза мен Ариуна кіргенін Бек ұйқылы-ояу күйде сезді. Киімін жеңілдеткен екеуі төргі ескі диванды сықырлата отырғанын да естіп жатты. «Әттең ит өмір, қу тіршілік-ай!» деп ашына сөйлеген әпекесі еңіреп қоя берді. «Қайран апайым-ай!» деп егілген Бектің де іші-бауыры езіліп бара жатқандай. Ол орнынан сүйретіле тұрып бөлмеге кіргенде көл-көсір жылаған Лизаны Ариуна құшақтап уата алмай отыр екен. Бек те әпекесін бас салып, өкіріп жіберді. Үшеуі қосыла жылады. Лизаның шашынан қош иісті судың лебі сезіледі. Оларды уататын ешкім де жоқ. Жетім қозы түртінер де отығар. Басқа не шара? Осыдан соң Бек басқа мырзаханаға жұмысқа орналасып, Лиза мен Ариуна жаңа қызметіне жанын сала араласып кетті. Мырзалардың келемажын елеп-ескеріп жүрген Лиза жоқ. Кешке биден тапқан олжасын санап, үшеуінің жалақысынан үнемдеген ақшаға қосып тығып тастайды. Айдың аяғында үшеуі кезекпен киім-кешек алады. Лиза апайы кейбір кештерде арақ исін мүңкітіп келетінді шығарды. Бірақ, Бектің ойы әпекесін айыптаудан аулақ. Өмір-өзен ілгері баяу жылжып жатқан күндер…

***
«Россия» қонақүйінің мырзаханасынан кештетіп шыққан кешегі Бек, бүгінгі Билл Ханс шалдыққанын жаңа сезді. Бөлмесіне келіп, шешініп жеңілдеген ол моншаға кіріп, салқын сумен жуынған соң денесі серги бастады. Көрпеге кірген соң да ұйқысы ашылып, өткен күндердің көлеңкесі көз алдында көлбеңдеп, көңілдің жарасын сыздатып, тыныштық бермеді. Екі бүйіріне кезек аунап біраз жатқан Бек қайта тұрып, төрдегі абажадай релевизорды тамызып, көрпеге оранып, арқасын төсектің басына сүйеп, түнгі арналарды алма кезек ауыстырып тамашалады. Орыстың ұлттық арналарының көбі бүгінгі бағдарламасын аяқтап, батыстың әрқилы арналары эротик көріністерді жарыса беріп жатыр. Америкада мұндай бағдармалар төлемді болушы еді. Орыс ағайындардың еркіндігі асып, жасырар ешбір нәрсе қалмағандай, эротик көріністерді жадағай жайлақ, еркінше жариялаған. Тағы да би, тағы да тыр жалаңаш қыздар. Жаңа ғана мейрамханада көрген көріністер енді міне, көз алдында, телевизор сахнасынан көрініс беріп зеріктіреді. Бек телевизорды сөндіріп, түнгі қараңғылықты теліміріп, ойға батып отыр…

***
Лиза, Бек, Ариуна үшеуі түнгі мырзахананы паналағалы екі жылға жуық мерзім өткен-ді. Бір күні түн ортасы ауа шылым исін бұрқыратып, масаңдау келген Лизаны Ариуна жетектеп әкелді. Ашынған, ызаланғаны белгісіз Лизаның көзі қан талап, шашы дудардай болып, ақ құба сұлу жүзі күреңітіп, қолына іліккен ыдыс-аяқты салдырлатып, әлденелерді лақтырып, өзімен өзі болып жүр. «Жатып дем алыңызшы?» деген Ариунаның сөзіне де тоқтар емес.
– Ит өмірден жалықтым! Алдамшы тіршілікті адыра қалдырып, басым ауған жаққа кетсем бе екен?! Бұл өмірде біз сияқты пендеге қызық жоқ! Біттім, түңілдім, түгесілдім мүлде!!!…
– Сізге не болды, әпеке? Жатып дем алмайсыз ба? – дейді Бек.
– Дем ал дейсің-ау, бауырым. Мүлде демің үзілсе ғана дем аларсың! Қалай тыныш тіршілік етіп, қайтіп дем аларсың мынау сұмырай заманда! Намысың табанда тапталған мынау сұмырай ортада тірі жүргенше өлгеннің өзі-ақ артық шығар! Құтыратын қылық қой шіркін! Қараңғы түн біз үшін тыныштық емес, қапас қайырымсыз мылқау дүние! Қорқыныш, күнә!
– Ендеше қайтсек болар екен?
– Қайту керек екенін ер азамат сен білетін жөнің бар емес пе? Әйтеу өз басым осынау тұрпайы, тұрлаусыз өмірден жалығып болдым. Иә, әбден жалықтым, түгесілдім бауырларым!..
Лиза көл-көсір жылап, көз жасын сығымдап алған соң ауыр күрсініп, төрдегі ескі диванға сылқ етіп отыра кетті. Ариуна мен Бек оны екі жағынан сүйеп, көңілін аулайды. Бек әпекесінің арқасын, шашын сипалап алдарқатып, қаусыра құшып аз отырған соң,
– Сіз мына жұмысыңыздан шығыңыз. Асықпаған арбаға мініп, қоянға жетеді. Тірі жанға тағы да бір тіршілік табылар. Аш болсақта адал өмір кешелік. Көппен көрген ұлы той. Көппен бірге, ел қатарында жүрсек болғаны емес пе?! Деді. Ариуна да Бекті қостап,
– Басқа мейрамханаға ауысалық. Мен де Бектің қызметтейтін мейрамханасына ауысамын! деді, өтініп. Лиза еңсесін көтеріп, жаңадан серпіле сөйледі.
– Иә, мен ертеңнен бастап адыра қалған бұл мейрамхананы тастаймын! Бірақ, ар намысымды айрандай төкпей, мүлде жаңаша өмір сүремін!
– Сонда қалай? (Бек әпекесінің бетіне таңдана қарады)
– Қалай дейсіңдер ме? Мен өмірімнің жаңа жолын таңдадым. Мені кешіріңдер бауырларым? Маған бөгет те болмаңдар? Мен Тако Ханамен үйленемін.
– Қасқа бас, кәрі жапонмен бе?
– Иә, солай. Оның қасқасы да, қарттығы да мен үшін маңызды емес. Тако Хана біздің мейрамханаға келушілердің ішінде көкірегінің жылты, көңілінің жылуы бары сол. Ол әуестіктің құлқыны емес, жанашыр жар іздеген жан. Оның ақыл парасаты да, мал дәулеті де маған демеу бола алады. Тек оған серік бола білсем болғаны. Тако мұндағы шаруашылығын Нью-Йоркқа көшіріп, сонда жаңадан мейрамхана ашпақшы. Мені сол асхананың меңгерушісіне тағайындаймын дейді. Менімен тұрмыс құру үшін артымнан ергелі бірнеше айдың мерзімі өтті. Енді көк түтін тұтатқан көген көздердің мазағы бола алмаймын, жеткілікті! Тако зайыбынан ерте жесір қалған, өмірдің қатты-тәттісін татқан, адамшылығы бар азамат…
Бек пен Ариуна үн-түнсіз отыр. Басқаны қойғанда өз тағдырының тізгінін түзу ұстай алмай жүрген Бек үшін әпекесіне айтар нендей ақыл болсын. Бармень-даяшы, көмекші әнші, жеке орындаушы, кешкі клуб меңгерушісі дегендей есейіп, ер жетіп, өсіп өркендеп, Бек пен Ариунаны артынан ертіп, қолынан жетектеп, алға сүйреп келе жатқан әпекесі отыз жасты орталатып, қырыққа таман аяқ басып келеді. Туып өскен ортадан шалғайда басқа кіммен тұрмыс құрып адам санатына көшпекші? Пәнде болып жаратылған соң басқаның көрген қызығын көріп, ұрпақ сүюге неге болмасын? Бекті мазалаған ой-осы!…
Турашыл апайы ертеңінде-ақ түнгі мейрамхананың қожайынымен есеп-шотын істеп, келісім-шартын аяқтап, бірнеше күннен кейін Тако Ханамен жетектесіп Нью-Йоркқа кетуге бел буды. Ариуна: «Сізден бөлініп, мұнда қала алмаймын! Өлсем сізбен бірге өлермін!» деп Тако мен Лизаның етегіне жармасып, жылап-еңіреп әлек салды. «Орналасып болған соң жағдай келіссе Бек екеуіңді бірге алдырармыз!» деген Лиза мен Таконың сөзіне де иланбай, ақыры екеуін көндірді. Тако Хана орта бойлы, сидам арықтау денелі, жылмақтай ақ сұры жүзді, маңдай тұсы қасқалау, төбеден кейінгі сұйқыл қара шашын желкесіне қарай сылай тарап қоятын, үсті-басына қылшық жуытпайтын таза, жасы аопысқа таяған, жапон азамат. Ол туып өскен мекенінен қашан шығып, алыс Америкаға қашан келіп, қалай дән-дәулетті болғанын білетін бір жан жоқ. Әредік Бектердің қызметтейтін түнгі мейрамханасына келіп, шекті оңашалау орынды жалғыз иеленіп, бір кесе салқын сыраны кетер-кеткенше сораптап отыратын-ды. Көбінде Лизамен билеуге құштар. Бір ерекшелігі шылым шегу жағынан алдына жан салмайды. Лизаның ән мен би, музыкаға бейім таланты мен ұйымдастыру қабілеті, қағылез пысықтығына қызығып, «Осындай бір іскер менежерлі болар ма едім?» деп армандайтын. Ол Лизамен танысып, бірге билеп, кей кештері арнайы бөлмеге Лизаны шақырып, тәтті дәмді тағам, жеміс шарбымен сыйлап, өткен өмірі мен келешек мақсаты жөнінде жасырмай, ашық-екі ұзақ сырласатын-ды. Лиза да өз өмірінің бұралаң жолы, тар жол тайғақ кешкен күндері туралы бүкпесіз әңгімелеп, Такодан қажетті кеңес алып, қысылған күндері қаржылай жәрдеміне сүйеніп, шынайы жанашыр пиғылына риза болған-ды. Түнгі мейрамханаға жиналып, көрікті қыздармен көңіл көтеруге құшар қартаң ағылшындар мен өркөкірек негірлер, пайдакөр кәрістерден жиреніп, тек Таконың шақыруын жылы шыраймен қабылдайтын. Осылай жатырқамай сырласып, жақындаса келе ұғысып, бірін бірі ұнатысқан екуі Американың аты шулы ұлы қаласына қарай жол тартты. Өмір бойы жетекетесіп өткен жалғыз әпекесі мен жан досындай жақы болып кеткен Ариунадан айрылған Бектің көңілі ел көшкен жазғы жайлаудай құлазып қалды. Ол Сан-Францискодағы мейрамханада жападан жалғыз қалып, күн сайын одыраңдаған қожайынға кріптар болып, әр таңды сарғая күткен күндері жалғызсырағаны сонша, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып, ойы онға, санасы сан жаққа бөлінді. Әке, шеше, аға мен жезде, ағайын туыстан айрылған түк те емес екен. Нағыз ғаріптік енді басына түсті. Жалғыз бөлме баспана үйдің бір жақ қабырғасы құлап қалғандай. Үй де, жұмыс орны да тұрақ болмады. Жиырмадан асқан ер азамат бола тұра жалғыздық пен сағыныштың сарығы қатты батып, ақыры көбінде жұмыс орнында қона кететінді шығарды. Күту бейнеті мен сағыныштың зейнетін, уақыт атты өлшемнің қадір қасиетін енді ғана ұққандай…

***
Келер жылғы көктемде Лиза мен Тако Бекті Нью-Йоркқа шақырып алды. Олар шағын шаруашылығын “ASIA” атты көлемді компания етіп, шаруасын недәуір ұлғайтып, оңтайлы орынға “ASIA”деген мейрамхана ашыпты. Онда жалаңаштанып билеудің ешбір қажеті жоқ. Кешкі сағаттарда орындайтын ән мен музыкалық көркем бағдарламасы бар. Азиялық ерекше мәнермен көркемделген, жайлы орынды, көз тартар жиһазды, Азия халықтарының ұлттық тағамдарын таңдау мүмкіншілігі артық, тұрақты келімсектері бар, бір кешті көңілді өткізгісі келетін Азиялықтар көбінде осында жиналатын көрінеді. Қытай тіліне жеттік Ариунаны жағаттаған қытай, кәрістер келсе, Тако Хананы баран тартқан жапондықтар жиналады. Лиза мен Бек қанша тілесе де Нью-Йоркдан қазақ келімсектерді таппайды. Сан-Францисконың түнгі мейрамханасындағыдай мас болып тыныштық бұзатындар, қыз-қырқын іздеп келетін жеңіл етектер жоқ, мәдени орта болып қалыптасты. Компанияның барлық шаруасын Тако Хана өзі басқарып, мейрамхананың ісін Лиза деңгелек айландырады. Ариуна залдың даяшылығын қолына алып, өнерпаздар клубын басқарып, мейрамхананың шаруашылығы Бекке жүктелді. Жездесі мен әпекесі Бекті шоферлер дайындайтын сабаққа отырғызып, шаруасына мінетін жеңіл машина алып берді. Қонысбаевтар жан ұясы қайта шаңарақ көтерген, қуаныш қызыққа толы күндер еді-ау, шіркін сол жылдар!
Сол жылдары Лиза мен Тако Хана ұлды болып, ұрпақ сүйіп, Бек пен Ариуна үйленді. Ариунаның қазақтарға ұқсас қарақаттай көзі, дөңгеленген сұлуша орта бойы, желкесіне дейін қиып, сәндете тараған көмірдей шашы, бәр-бәрі оның өзіне ерекше жарасып тұратын-ды. Адамның басы алланың добы. Сонау шалғай Азия құрлығынан келген жапон, қазақ, монғол ұлттар өкілінің тағдыры осынау “ASIA” атты ресторанда тоғысты. Мейрамханаға келген Азиялықтарды Бек шылы шыраймен қабылдап, қолайлы орынға орналастырып, кейде олармен бір кешті бірге өткізіп көңіл көтеріседі. Бек пен Ариунаның байырғы есімі әлдеқашан жырақта қалып, Билл Ханс, Аруана аталып кетті. Кеше ғана Нью-Йоркдан телефон шалып, «Қаңғырмай үйге қайт!» деп жылап еңіреген адам сол өмірлік жары Аруана! Ариунаны Аруана атап жіберген кісінің бірі-Лиза апайы. Ариуна да Лизаның еркелеткен есіміне құштар. Лиза мен Бектің Ақкөл дөрбеттерінен ұққан бірнеше монғол сөзі Ариунамен қатнасуға жарамай қалды да олар өзара ағылшынша түсініседі. Олардың тіршілік өміріне мұрындық болып, қол ұшын берген адам-Тако Хана. Жат ұлт болса да Билл Ханс пен Аруана жапон жезделеріне өмір бақи борышты. Жездесі мен апайының «борышын өтедім бе?» деген сауалға Билл бүгінге дейін тиянақты жауап тапқан емес. «Шынтуайтққа келсе олар жалғыз ұлы мен Аруана екеуіміз үшін барлық ғұмырын сарп етіп, ауыртпақшылықты көтерді емес пе?» деген ой Билл Хансты мазалап, көңілі бұзылып кетті. Бек бала кезінде Жоңғар хандығы мен Еділ қалмақтарының қазақ даласына салған лаңын, тарихи оқиғаларды үлкендерден естіп өшпенділіктің отына қаны қайнайтын. Басқа ұлт, жат елдің барлығын «кәпір» деп, жауға санайтын-ды. Ақыры Лиза апайы ойда-түсте жоқ самурайлардың ұрпағымен үйленіп, өзі Торғауыт төресінің қызымен отасты. Бек пен Ариуна ұл сүйіп, ол ержеткен соң шикіл сары, үрпиген ағылшын қызын жетектеп келді. Барлығы ұлттық ортадан, төл мәдениет пен тілден жырақта өсіп-өрбіп, рухани тұрғыда бұратана жандар болып шықты. Олар өздерін «Американдықпыз» десіп, мақтан тұтады. Бұл елде «Американдықтар деген ерекше құқылы адамдар өмір сүріп отыр. «Америка азаматы» десе сөз басқаша ғой! «Америка адам», «Американдықтар» деген ұғым қазақ, монғол, жапон үшеуінің қайсы біріне де жанаспайды. Сондықтан Қонысбаевтар үшін әйтеуір, бір нәрсе кемшілік етеді де тұрады. Бек кейде өзін рухани жағынан шала жансар, бұратана жанмын-ау деп ойлайтын. Бірақ, өмірдің бұралаң жолын ол қалай түзете алмақшы? Қолынан келер ешбір мүмкіндігі жоқ. Өмірдің бұралаң жолы оны алға қарай жетелеумен келеді…

9. ҚҰЛАЗУ

Адам деген пенде ерлігі асқан батыр бағылан бол, мейілі байлығы асқан жомарт болсын бір нәрседен кем баға көріп, өмір бойы бір нәрсеге аңсары ауады да тұрады екен-Ау! Ол-туған жер, кір жуып, кіндік кескен жұрт, жүрек түкпіріне берік ұялаған ұлттық отан! Бек туып өскен ұлттық отанын бір көруді армандап, сағынудан жалықпаған, үмітін үзбеген жан. Көзбен көріп, көңілі шалқымай сағыныш сарығы басылмас сірә!. Ал енді көзбен көріп көзайдын болар ма екен, көңілі тояттар ма екен? Қайдам, тоймаспын да, тояттамаспын-ау!…Ол Москва-Алматы бағытының поезына отырар отырмастан көңілдің көк дөнені алып ұшып тағат тапсайшы? «Несіне осынау ат арбатай шабан көлікке отырдым? Өйткенімше ұшаққа отырып, неге тез жетпедім? Жоқ! Қазақтың Сарарқасын, құс қанатын талдырған бабамыздың ұлы сайын даласына құныға қарап, көз қандырып, көңіл тояттатамын демеп пе едім?! Сонсоң, шабан-шардақ болса да осы көлікті таңдаған жоқпын ба? Адамның көзі мен көңілі-ай десеңші! Көңіл тояттайсың ғой, көз шіркін сен бір уыс топырақ құйылып, суалып жоғалғанша жақсылыққа тоймассың! Елу жыл бойы еңіреген ел жұртты көріп тоймасыңды да сезінемін, сенікінің де жөн бар-ау, ашқарағым!…
Осындай ойдың ұшығын ұстаған Бек төрт төсекті аядай купеге елу жастар шамасындағы, ет женді, боғақты, мығымдау денелі орыспен бірге орналасты. Үстінгі екі орын бос. Ол өзін Федор Иванович деп таныстырды. «Мендағы сол Федяның бірімін» деп қалжыңдаған Бек: «Билл Ханс деген боламын. Америка азаматымын. Нью-Йоркдан келемін. Туып өскен отанымды көруге асығыспын» деп жодасының қолын алды. Аздап аңтарылып қалған Федор Иванович жайғасқан соң қоржынын сөгіп, бір шөлмектің тығынын алған соң екі қырлы стаканға толтыра құйып, өзі ыдыстың түбі көрінгенше тартып өтті де, тереңнен дем алып, бір түйір нанды иіскеп үнсіз отырды. Бек орыс ағайындарша сілтеуге машық болмағандықтан арақтан бір ұрттады да қалғанын стол үстіне қойды. Түгесіп ішуге асыққан жоқ. Араққа қыза бастаған жолдасы әңгіме тиегін ағыта бастады.
– Мен де сіздің сыңарыңызбын. Ұлы отан соғысы жылдары жетім балалармен бірге Қазақстанға келіп паналағанмын. Қазір ойлы-қырлы демей, олай-былай көшіп, қоныс аударысып, адамдар туып өскен мекенін іздейтін болды ғой. Менде сұрау салатын ағайын туыс та жоқ. Әке, шешемнің мекені Смоленскге барып, қайтып келе жатқан жолым осы. Қазақстандағы неміс, орыс, украин, белорусь, кәріс дегендей, мен білетін ағайындар көшіп жатыр. Қытай, Монғол, Иран, Ауған жақтан келушілер де баршылық. Мен қоя тұрамын! Не іздеймін? Ал, ағасы сіздің ойыңыз қалай? Ауқатты ел-Американы қиып тастайсыз ба?
– Ол туралы ойланып үлгіргенім жоқ. Ауқаттылық, байлық-базарлықты қоя тұршы інішек! Біздің қазекеңдерде «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген сөз бар. Неғылғанмен туып өскен, тас үй тігіп ойнаған жерімді, әке-шешем мекені мен атамның қыстау, жайлауын көруге зәр болып келемін.
– Е-е-е, байғұс-ай! Сөйтеді ғой, сөйтеді! Бірақ, сізді танитын бір пенде табылар ма екен? Жоғалды ғой барлығы… Ата бабаңның мүрдесі қалған жер соқаның жүзіне ілініп кетті ме кім білсін? Тың игерген жылдары бұл далада жараланбаған жер қалмаған-ды. Трактормен жыртып тастады ма қайдан білейін? Жәрайды, ішімдікке сараңдаусың ғой. Тағы бірді тартып жіберелік пе?
– Рахмет інішек! Маған осы да жеткілікті. Менің бұған зауқым аздау.
– Шара жоқ, нағыз Американдығың білініп тұр!
– Жоқ, мен қазақ адаммын. Америка азаматы десең сөз басқаша.
– Азаматы не, Американдығы не, бәрі бір ғой! Елу жыл бойы Америкаша тәрбиеленген пендеде не қалады, тәйірі?! Осы Американдықтар қалайша, қайтіп байып алған? Сондай бай ел ме, әлде басқа бір сиқырлығы бар ма?
– Ешбір сиқырлық жоқ. Тек әділдік пен адал еңбекті ту етсе қарапайым кім болса да жақсы өмір сүруге болады.
– Ойбой, сіз баяғыдағы коммунизмнің кәрі сүрлеуіне түсіп кеттіңіз-ау! Әділдіктің үні өшкені қашан? Әлемде әділдік деген болама ағатай? Өз басым көоген емеспін!
– Кім білсін, болатын жерде бар шығар. Оған басыңды ауыртпа бауырым.
– Рас, осы сөзіңіздің жаны бар. Әділіктің түбіне жетеміз десек су түбіне кетеміз. Онанда жатып дем алайық…
Бек жолдасына қарсы ешбір уәжі айтқан жоқ. Үнсіз отыр. Федор Иванович қырлы кесемен тағы бірді тартып жіберіп, шылым шегуге дәлізге шықты. Бетің-жүзің демей шындықты айтқан, ақкөкірек Федор Ивановичтың сөзіне разы болған Бек жатып дем алуға ыңғайланды. Жата сала да ұйқысы келе қойған жоқ. Бала кезінде күні бойы ойнайтын құм төбелерін, атасы мен әжесінің қой қоздататьын қоңырқалта қорасын, әке, шешесінің қызмет орнын есіне түсіріп, толғанумен көп дөңбекшіді. Адам жасы ұлғайған сайын кір жуып, кіндік кескен топырағын, алаңсыз өскен балалық шағы мен туып өскен ортасын өгейлейді-ау деймін. Сонау жылы «Біріккен Ұлттар Ұйымының кезекті жиынына Кеңес үкіметінен келген өкілдердің арасында Қазақстандық бір азамат бар екен» деген хабарды Лиза апайы айтып келді. Ағайын туыстарынан біреу келіп жеткендей көңілі лепірген Бек қуанышын қойнына сиғыза алмай барып жүздесуге асыққаны сонша!
– Әлдеқашан елден шығып, Америка азаматы болған бізді кім елеп ескерер дейсің? Жат елге сатылып, капиталистік көз қарасқа берілген сенімсіздер» деп үдере қарайтын шығар бауырым! Деген Лиза апайының сөзін де құлағына асқан жоқ. Кешқұрым «Нью-Йорк» мейманханасының он екінші қабатына орналасқан Кеңес үкіметі өкілдерінің есігін қақты. Ішкі жақтан «Да, Да!» деген жастау азамат ердің даусы естілді. Қымсына ішке кірген Бек,
– Сәлеметсіз бе? Менің есімім Билл Ханс! Осында Қазақстан азаматы тұрама? деп орысша сауал қойды. Жаңа ғана есік ашқан шикіл сары әлгі жігіт,
– Жоқ, Қазақстан азаматы емес, Кеңес үкіметінің азаматтары тұрамыз. Сізге кім керек еді? деп ұры көзбен қырындай жауап берді.
– Ғафу етіңіз, қателік менен! Кеңес үкіметінің азаматы, қазақ ұлтының өкілі бар ма екен, осында?
– Иә, бар. Айтбай Қасымович!
Ол әлде кімді шақырды. Аржақ бөлмеден ұзын бойлы, етженді, самайында қылау көріне бастаған, қою қара қасты, қараторы еркек шығып келді де,
– Здравствуйте! – деп орысша сәлемдесіп, өзін таныстырды.
– Ассалаумағалейкум! Шаршап шалдықпай, ат көлігіңіз аман-есен келдіңіз бе? (Бек байырғы қазақтарша сәлем берді)
– Сен қазақсың ба?
– Иә, Қазақстаннан шыққалы көп жыл өтті. Менің есімім Бек Қонысбаев. Билл Ханс десеңізде болады.
– Екеуіміз тек орыс тілінде ғана қатынасуымыз қажет
– Қазақ бола тұра ма?
– Иә, біздегі жосын солай. Оған бола маған ренжімеңіз. Сонымен, нендей шаруамен келіп едіңіз?
– Жәйша, сізбен танысып, туып өскен жерімнің жаңалығын тыңдамақшы едім.
– Ендеше үшінші адам кепілдікте болып қатынасуға тиіспіз.
– Жоқ, маған ешбір кепілдіктің қажеті шамалы. Тек туып өскен топырағым туралы… Айтпақшы, сіз қазақ даласының топырағын ала келген жоқсыз ба?
– Жоқ, бұл қалай?
– Жәйша, сұрағаным ғой.
– Не үшін ол қажет?
– Адам үшін туып өскен елінің топырағынан ыстық, одан қымбат дүние бола ма?
– Ендеше, сол қымбат дүниеңізді тас-тап, мұнде неге тентіреп жүрсіз?!
– Тентіреп жүргенім жоқ, қуғын-сүргін көріп, тіршілік тауқыметімен қашып-пысып келген жеріміз осы. Ол үшін мен кіналы емеспін, ағай! Қымбат дүниені тастамаймын десем бүйтіп тірі жүрмес те едім.
– Бәрекелді! Сіз екеуіміздің сөзіміз ұтырлы-тетірлі болып, ұйқаспауға айланып бара жатыр.
– Туған жердің топырағы болмаса қазақ даласын басқан етігіңіздің табанын көрсетіңізші?
– Әй жігітім, сен не деп тұрсың? Бұл келамаж мазағың ба, әлде бір әжуа мысқылың ба?!
– Ешбір мазақ та, мысқыл да емес, шын пейілім. Егер нағыз қазақ даласынан келгеніңіз рас болса сіздің етігіңіздің табанынан туған жердің топырақ исін іздегенім ғой.
– Түсініксіз! Сіз екеуіміздің әңгімеміз келіспейтін түрі бар.
– Өкінішті-ақ!. Сіз отаныңызда отырсаңызда оның қымбаттылығын, баға жетпес құнын бағалай алмайды екенсіз. Нағыз қатерлі кінарат осы! Қош болыңыз!..
Бек кімге өкпелерін білмей Нью-Йорк мейманханасынан мұңайып шықты. Ыстық сезіміне салқын су шашқан жерлес ағайынның қылығын ойлағанда жүрегі сыздап, көңілі құлазып, кімге мұңын шағарын білмей самарқау қайтқан-ды. Қазақстанға барғанда сондай пенделер алдынан шықса не болғаны? Уақыт озып, заман өзгерген, ескіліктің тоңы жібіген шақ қой!» деп ол өзін өзі жұбатты. Федор Иванович купеге қайта оралған соң төсегін жөндей бастады. Москвадан кеш шыққан поезд бақырып-шақырып, ырғалып-жырғалып, тасыр-тұсыр еткізе зорға қозғалғанша кеш болып кетті. Жол жөнекей әредік кезіккен бекеттердің бозғылт жарықтарынан өзге көзге ілігер нәрсе жоқ. Терезеге үңілгенде орыс жерінің қайың, терек аралас шоқ-шоқ ормандары қарауытып қала береді. Ұйқысы бұзылып, елегізген Бек дәлізге шығып, терезе алдындағы орындықтың арқалығын түсіріп, шылым шегіп аз отырған соң купеге келіп жатты. Қарсы төсектегі Федор Иванович қабырғаға бетін беріп қорылдап жатыр. Көп жылдан бері поезға отырмаған Бектің құлағы дүңгірлеп, басы зеңіп, ұйқысы мүлде ашылып кетті. Ойдан өзге оның серігі жоқ сияқты…
…1961 жылдың күрең күзі. Бек қынаптан суырған қылыштай қылпылдаған, қырықтың қырқасына шыққан, өмірдің арғы бергісін ұққан, саясаттан да хабардар болып толықсыған шағы. Бір күні Ариуна: «Монғол Халық Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке ілесіпті. Ұлы жиынға Монғол елінің өкілдері қатысқан екен. Ертең мүшелікке өткен елдердің байрағын көтеретін рәсім БҰҰ-ның алдындағы алаңда өтетін көрінеді!» деген жаңалық әкелді. Өмірінің бір кезеңінен сонда асып, алғашқы махаббаты Аят, Аяулы бауыры Азат екеуінен тірідей айрылысқан Монғол елі туралы сөзге елең еткен Лиза «Қашан? Кімнен естідің? Сонымен?…» деп бәйек болды. Олар тың хабарға елегізіп, өзара шуласып, ертеңгі рәсімге түгелдей баруға келісті…1961 жылы қазан айының 28-і күні. Ұлы қаланың көбінде мұнартып тұратын сұрғылт аспаны бүгін шайдай ашылған. Күз аяғы болса да бұл жақтың орман, дала, өсімдіктері жаңа ғана өңін өзгерте бастап, сары, күрең, қызыл, қоңыр, неше түрлі бояуға малшынып, құлпырған мамыржай күн. Тамылжыған күзгі күннің алтын шапағы ұлы қаланың зәулім ғимраттарының төбесін жарылқасада етегіне жетпей, тар көшелердің бойын көлеңке шалып, сансыз машиналар мен адамдар легі айналаны тұншықтырған қапырық ыстық болсада Бек пен Ариуна екеуі жездесі мен апайын асықтырып, балаларды қолынан сүйрелей БҰҰ-ы ордасының алдындағы алаңға жетті. Байрақ көтеру салтанатын қызықтаған әр ұлыс, ұлттардың өкілдері алаңды айнала қоршап, серт беріп бой түзеген жасақтар қаздай тізіліп, оркестрде айбынды марштың үні шалқып, БҰҰ-ның басшылары мен мүшелікке жаңадан өткен елдердің өкілдері мінбеге көтерілді.
Кешіпей алтын реңді ел таңбасы жапсырылған, ортасы қызыл, бас аяғы көк Монғол елінің көкала байрағын биік бағананың бойымен жоғары қарай сырғыта бастады. Бағананың алқымына дейін көтерілген көкала байрақ күзгі қоңыр желдің лебімен көк аспанда баяу желбірей бастағанда алтын реңді ел таңбасы ашық күнге шағылысып, алаулаған оттың жалынындай шалқығаны көрер көзге ыстық, көңілге жуық еді. Ариунаның қарақат көзі жасаурап, бірнеше күміс тамшылар омырауына қарай домалап түсті. Ол жетектесіп тұрған жарының қолын қатты қысып қалғанын да аңғарған жоқ. Монғол елінің байрағы Мексика мен Марокко байрағының арасына орналасқан екен. Құттықтаған жылы лебіз, құшақ-құшақ гүлдер, көңілі көпірген топ. Қуанышын жасыра алмаған Ариуна: «Тәуелсіз ел болу деген қандай мақтаныш! Қандай асыл мұрат еді! Қазақстан елінің байрағы осылай желбірейтін күн туар ма екен, шіркін?! Сол сәтке куәгер болсақ қандай бақыт десеңші!» деді күрсініп. Жан жарының көңіл күйін етене сезініп, өзі де осындай ойда толқып тұрған Бек: «Өмір жолы толассыз, әрі ұзақ. Мүмкін арманымыз орындалар!» деді.
Ерлі-зайыпты екеуінің сөзіне құлақ асып, көңілі бұзылып тұрған Лиза: «Сендердің бақыттарың әлі де алда. Менің ондай сәтті көруім екі талай шығар?»деп мұңайды. Тако Хана оның жауырнынан алақанымен ақырын ғана сипай күлімдеп: «Өлмген құл алтын аяқтан су ішеді. Біз көрмесек те біздің ұрпақ, үрім бұтағымыз сондай сәтті көрер. Үмітсіз шайтан деген ғой. Қанеки, Қуаныштың белгісін үйде жалғастырсақ қалай көресіңдер?» деп еді-ау! Жат ұлт болса да жаны жайсаң қайран Тако Хана, зарығумен өмірі өксіп өткен қайран алтын апайым-ай!…
…Ойға шомып, көңілі қобалжудан көпке дейін көз ілмей жатқан Билл Ханс дүрсілі қатты болса да поездің тербетуімен ұйқыға кетті. Купенің кішкентай терезесінен күн сәулесі түсіп, Федор Ивановичтің тықырлатқан дыбысынан оянғанда таңертеңгі мезгіл болғанын сезді. Билл жолға арналған жеңіл киімін киіп, дәлізге шыққанда жүргіншілердің кейбіреуі жуынатын бөлмеге қарай шұбырып, тағы біреулері терезенің қақпағын ашып, шылым шегіп, алысқа телміреді. Орыс жерінің орман шоқтары сиреп, жол жөнекей сиректеу өскен көк терек, егін алқабын қоршай отырғызған торанғы, емен ағаштар мен жол бойындағы жатаған бұталар бұлдырап қала береді. Батыс Сибирдің орман алқабынан алыстап, қазақтың Сарарқасын пұшпақтай өтіп бара жатқан сияқты. Билл Ханс беті қолын жуып сергіген соң даяшы орыс келіншектен бір кесе қара шай алдырып таң сәресін айырды да дәлізге қарай өтіп, сар даладан көз айырмай аяғы талғанша терезеден қарады да тұрды. Түс әлетінде үзік-үзік өскен теректер де артта қалып, бұдырмақ төбелер жалғасып, түстен кейін бұта, ши, қарағанды жазықты басып өтіп, ақселеуі желге желпінген сар далаға жолықты. Билл «вагон-ресторан» деп аталатын асханаға барып тамақтанғаннан кейін де терезе алдындағы көлделең тұтқаға сүйеніп сағындырған сардалаға қарады да тұрды. Аты шулы Сарарқамен күні бойы зымырасада таусылар емес. Сардаланың шеті мен шегі жақындаған сайын жайқалған ақселеу сұйқылдап, жусан, бозаң, жатаған бұта, бұйырғын өскен құмдауыт өлке басталғаны Сарарқаны кесіп өтіп, Бетбақдаланың шөлі жақындағанның белгісі еді. Бектің балалық шағында осынау сайын далада қора-қора қойлар өрістеп, мыңдаған жылқы түлігі мыңғырылып жатушы еді. Жазғы күндері сай-сала, жылғалардағы тоқтау су, көлшік, бұлақ, бастау, құдықтарды барандап қонған ауылдар қатарын түзеп, жирен, бөкен, қарақұйрықтар үйір-үйірімен жер қайыстыра жүретін-ді. Қазір көзге ілігер ауыл, елді мекен, аң-құс жоқ. Әредік темір жол бекетінің жатаған тамдары мен орыстардың отырықты мекеніне ұқсас ауылдықтар кездеседі. Алмаға толтырған шелегін жол бойына қойып, күнге қақталған орыс әйелдері тұрады. Олар бастарына шұбар ала шыт тартып, жұқа көйлегінің сыртынан алдына шалғыш шалған. Жалаң аяқтарына киіз кебіс киіп, жол бойындағы ағаш бағанаға немесе қашасына сүйеніп, күні бойы сатып алушыларды күтеді. Осындай көріністерге көзі қанық бола бастаған Билл Ханс: «Жергілікті жердің бұрынғы адамдары, біздің қазақ ағайындар қайда кеткен? Олар да мен сияқты басы ауған жаққа босып, көшіп кеткеннен сау ма? Әлде барлығы қала жастанып, далансын келімсектерге бергені ме? Қазақтардың баяғыдағы мыңғырылған малы, қора-қора қойы, үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиыры неге көрінбейді?» деген ойға батты. Шөл далада иек астынан шығатын күн бір білгенде бұдырмақ төбелердің артына жасырынып, кешікпей-ақ кешкі алакеуім бей уақыт басталды. Таулы өлке болғанда күн әуелі тау басына таман еңкейіп, көлеңке созылып, батар күннің алтын шапақтары әрбір тау, төбенің басы мен еңселі жерлерде алаурап, күн нұры бірте-бірте қарауыиып барып кешкі қараңғылық жабылар еді. Жазық даланың мінезін Бек біледі. Білсе де енді міне,шыт-жаңадан таңырқап тұр…
Көршілес купеде шылымдарын бұрқыратып, араққа бүйірі қызған бірнеше жігіттердің айқай шуы күшейіп, орысша балағаттаған тұрпайы сөздері естілді. Олар әуелі орталарына бір шөлмекті қойып карта ойнап отырғанын Бек байқап қалған. Біраздан соң вагон-ресторанға кезегімен шұбырып, арақ тасымалдаумен көбі масаңдап, дауыстары зорая түсті. Араларында бикеш-қыздар да бар. Орыс, қазақшаны араластыра қойыртпақтап, тілдерін шайнап, түкірігін шашып, өзара өзеуреп кермалдасады. Біреуі дәліздің аяғындағы дәретханаға жетер жетпесте бұрыштағы қоқыстың жәшігін құшақтай құлап, құсып жатыр. Көрер көзге бәрі тым жиренішті. Жастардың даусы қатая келе айқай-шуға ұласып, жұдырықтасқан екеудің біреуі мұрнының қанын сорғалатып дәретханаға қарай жүрсе де бойын еркін билей алмай, аяқтанбаған жас боташа тәлтіректеп, екі қабырғаға өзінен өзі кезек соғылып, кезіккен кім болса да қағып-соғып әрмен жоғалды. Вагонның даяшы әйелі қанша байбалам салып, балағаттаса да оның сөзін елеп-ескерген пенде жоқ. Кешікпей қыз баланың айқайлаған ащы даусы құлаққа ұрып, «Өлтірді! Арашалар тірі жан бар ма?! Құтқарыңдар?!» деп купеден шыға қашуға тырмысты. Қолына пышақ ұстаған жігіт оның жағсынан ала түсіп, шашынан жұлып, желкелеген тұрпайы қылығына Билл Ханстың қаны қайнап, намысы өртеніп кетті. Маскүнем жігіттің қолына түсіп өлермен болған қыз: «Аға, құтқара көріңіз?! Ағакеш-ау, қарап тұрасыз ба? Мені өлтіретін болды ғой мына ант ұрған!» деп еңіреп жіберді. Билл,
– Федор Иванович, мына жігіттердің қылығы шектен асып барады. Бұл некткен бейбастақтық. Сіз маған көмектесіңізші? деп әлгі жігіттің пышақ ұстаған қолының білегіне жармасты. Ызаға булыққан жігіт,
– Өй, кәрі ит, саған не керек! Жоғал әрмен! – деп Биллдің ішіне теуіп өтті. Түнгі мейрамханаларда мұндай үрпек бастармен талай шайқасып, төбелес мектебінен өткен Билл Ханс мас жігіттің қолын артына қайырып, пышағын тартып алды да кеудеден бір соғып ұшырып түсірді. Оның күнін жоқтау үшін ұмтылған тағы біреуін Федор Иванович соқты-ай келіп.
– Тоқтатыңдар бассыздықты! – деп қолындағы пышақты жоғары көтерген пен сом денелі Федор Ивановичқа қарсы ұмтылудан жүрексініп жасқанған жігіттер жым болды. Вагонның даяшы әйелдің шақырумен асыға жеткен орыс сақшы әуелі Биллдің қолындағы пышақты алды. Мас жігіттердің көбі бет-бетіне қашып жоғалды да көрші купенің жігіттері мен әлгі бикеш қана қалды. Сонымен не керек? Пәле басы осы екен. Сын, сыдырғы мен тектеп, тексеру басталып кетті. Жолаушылар Алматыға келгенде біреуді ағайын жегжаты, енді біреулерді құшақ-құшақ гүл бумасын ұстаған сүйіктісі күтіп тұруы түсінікті ғой. Ал, Билл Хансты кім құшақ жая қарсы алсын? Керісінше құрыштай қаруланған сақшылар Федор Иванович екеуінің қолына бұғау салып, ұстап алды. Зарығып сағына, талығып шалдыға келген ұлттық отаны, туып өскен өлкесі Бекті осылай қарсы алды. Ол пісіп қатпаған албырт жігіт желеңдерден болған бұл оқиға үшін ешкімді кіналаған жоқ. «Қайда да кезігетін келеңсіз жағдай ғой» деген оймен кеңпейілді, кешірімді болуға тырысты.

10. ТОСЫРҚАУ

Вагондағы жастардың бұзақылығы жөнінде тәртіп сақтауға міндетті қызметкерлер Алматыға алдынала хабарлаған болар. Билл мен Федор екеуінің қолына бұғау салған сақшылар артық-ауыс сөз де жоқ тура машинаға отырғызып, қамау жеріне алып келді. Бірауыз сөзге келетін пенде бұл жерде болсайшы! Тек бастықтарының тапсырмасы осылай екенін көлделең тартады. Вагонның бір купесінде дәм тұзы жарасып, бірнеше тәулікті бірге өткізген жол серіктер тағы да бір камераға қамалды. Ол жерде орыс, қазақ, ұйғыр, чечен дегендей қырық темірдің қылауы жиналған екен. Адам өлімі, ұрлық-қарлық, тонаушылық, бұзақылық сияқты әрқилы себептермен келгенін кейсібіреуі мақтан тұтқандай заң ережелерін жатқа сыдыртып, Билл мен Федор екеуінен: «Не үшін ұсталдыңдар?» деп жан алқымға алады. Екі қария: «Еш нәрсе болған жоқ, жай әншейін..» десе камераның атаманы аталған бір содыр жігіт: «Сақшылар өсти береді. Қалталылар мен шенеуніктерге тісі батпағанмен шама-шарқы жоқ бейуаздарға арыстандай айбатты келеді емес пе? Сөйтеді бұлар, сөйтеді! Мына мен сияқты бауырларыңыз мүндай қамақ, камера тұрғой қатал режимді абақтысына да бірнеше рет кіріп шыққан, піскен бас қой! Жұмыс, тіршілік жоқ көшеде шаң боратып жүргенше осынау салқын камерасы да тыныш. Дайын тамақ, жайылған төсек. Несіне тарығсың, жата беріңдер!» деп шалқақтайды. Көп адам жатқан камераның ауасы тымырсық тар, қараңғы бұрышқа жиырма шақты адамға ортақ бір кәтел қойғаны ауыр, жеңіл дәретке арналған «әжетхана». «Осы жасқа келгенше қуғын-сүргін, бас сауға, аш жалаңаштық дегендей көрмегенді көріп, көн тулақты кисем де мұндай сорақы нәрсеге кім кезігіпті тәйірі?! Қорлық қой! Аңсары ауып, іздеп келген отанында деші? Бұл елдің сақшыларына дейін орыстар. Жергілікті қазақтар қырылып қалған ба, әлде барлығы басшы болып, орыстардың майлық сулығына қол жаулық болдырып алған ба?» деп ойлаған Бектің зығырданы қайнап, намысы қозды. Ал, Федор Ивановичтің қаперінде дәнеңе жоқ,
– Қам жемеңіз, ағасы. Сіз екеуіміз басына қатер төнген мүсәпір жанға араша түскеніміз болмаса кісі өлтіріп, елді тонаған жоқпыз. Не үшін қапаланасыз? Ақ, қарасын айырып, жөнге келер! деп ешбір іш жимайды.
– Ақ, қараны айырып болғанша күйініп өлетін түрім бар.
– Ештеңе етпейді, ағасы! Қамықпаңыз. Мұндай құбылыс бұл жақта күнде бола беретін әншейінгі көрініс қой.
– Жәйбір көрініс болатыны қалай? Сендер күн сайын осындай ортада өмір сүресіңдер ме?!
– Енді қайтушы едік? Патшаң шайтан әмірін тұт деген. Бірнеше күн бойы өз көзіңмен көрдің емес пе? Жәй бір құбылыс сияқты сезілмей ме? Сорлыға сойыл бұрын тиеді. Әлгі бір бикешті арашалаймыз деп… Өзімізде де бар, жайымызға жата бермей.
– Қалай жата бересің? Әйел адамға пышақ жұмсап, шашынан жұлып, итше талап жатқанда еркек басымызбен қарап тұру жөн бе? Таласқан итті де айырады емес пе!
– Әлбетте солай ғой, ақсақал. Бірақ, осындай қылықтарды соңғы кез біздің адамдар қаперіне алып, ескергенді қойған. Жастар жанжалдасып, қызыл шеке болысып, қырылып-жойылып қояды өздері-ақ. Осындай да менің де төзімім түгесіліп кетеді. Сөйтсе де сіз екуіміздің кешегі қимылымыз көлделең жүрген көк аттыға киліккеннің қылығы ғой.
– Олай емес Федор! Мен ақтаушы адвокат аламын.
– Адвокат дейсіз бе? Ол пенденің қажеті не, алдыңғы шығындалғаның аз емес. Олардың да құлқынына құрық бойламайды. Қалтасын толтырамын десең, әйтеуір мен сияқтының ғұмыры да жетпейді. Онымен қоймай сол ақтаушы-адвокаттардың өзі қалталы, билік басындағыларға қызмет көрсетпесе, мен сияқты құралақан құлды көзіне де ілмейді…
Ол екеуінің сөзіне әлгі камераның «боссы» араласты.
– Ағалар, не туралы әңгіме қозғап отырсыздар? Шет елдерде адвокат, анау-мынаулар болады деседі. «Ханннан қазаншы артық» деген тәмсіл бар. Біздің бұл жерде сонау есік алдында қалтиып тұрған қарауылға бірнеше сом ұстатсаңыз ішпек-жемекке тарықпайсыз. Кешкілік таза ауаға шығуыңызға да болады. Тергеушінің тамағынан молдау өткізсеңіз мына қараңғы қамаудан шығуыңыз да мүмкін!…
Билл көрер таңды көзімен атқызды. Ал, Федор Иванович атасының төрінде жатқандай бір жігітті жастанып алаңсыз қорылдайды. Камераның ауасы тарылып, күлімсі иіс тыныс алуға қиын болса да Билл тұмсығын жеңіне тығып, ащы терін сыпырып таң атырды. Таңертең әр кімге бір кесе қара шай, бір тілім нан бергеннен соң, сәресін ашқан босс,
– Бүгін менің танысым қарауылды басқарады. Мен сыртқа шығатындықтан тапсыратын нәрселерің болса ертерек ескертіңдер! деп маңғазданды. Камерадағы дәмдестері темекі, сіреңке, сусын, тамақ, тағы тағыларды тапсырып жатыр. Босс тағы да бір нәрсені ескертіп өтті.
– Кешікпей тергеушілер келеді. Ағалар, сіздер қара ағаштың бұтағынша қатая бермесңіздер жылғаға таман итере салады. Әсте кішірейіп, түсіп беруге болмайды, ұқтыңыздар ма?!
– Жарайды…
Расында көп кешікпей тергеуші азамат келіп Билл Хансты ертіп, басқа бөлмеге әкетті. Тергеушінің жанында жеңіл мылтық асынған сақшы тұрады екен. Иығында лейтаненттік шеннің белгі шегесі бар, қап қара шашты, «жерлес» жігіт тергеу жүргізе бастады Ол да орысша ауызданса керек.
– Есіміңіз бен фамилияңыз?
– Билл Ханс.
– Болған жағдайды басынан бастап мәлімдеңіз! Жалған мәлімдеме берсеңіз қылмысыңыз ауырлайтын болады!
– О-о-й, қайдағы қылмысты айтып отырсың?!
– Орысша жауап беріңіз!
– Мен орыс тілін білмеймін. Ұлттық тілде, қазақша тергеу жүргізуді талап етемін!
– Бізде ресми іс қызмет орысша жүріледі. Мен қазақша да білмеймін.
– Ендеше ағылшынша мәлімдеме беремін. Тілмаш шақыртыңыз!
– Ағылшын тілінің тілмашы бізде жоқ. Қазақша аударушы әкелуге болатын шығар.
– Жоқ, мен АҚШ-тың азаматымын. Әуелі АҚШ-тың Елшілігінен тілмаш шақыртып бер. Және де адвокат алған соң мәлімдеме беретін боламын.
– Жарайды, ендеше сіздің төл құжатыңызды тектеу қажет…
Билл Ханс кешегі сақшыдан жасырып, алып қалған АҚШ-тың азаматтық су жаңа паспортын шығарып көрсетті. Оның төл құжаттарын айландыра көрген тергеуші желкесін қасып аз отырған соң сәл жұмсарып,
– Қандай адвокат аласыз? деді.
– Қандай ақтаушы барын қайдан білейін. Әуелі АҚШ-тың Елшілігіне мен туралы хабарлап, тілмаш сұра. Солармен ақылдасқаннан кейін адвокат таңдаймын…
Тарыққан тергеуші жігіт үн-түнсіз шығып кетті. Осыдан соң екі-үш сағат мерзім өтіп, АҚШ елінен Қазақстанда отырған Елшіліктің қызметкері келіп, болған жағдайды Билл Ханстан толық тәптештеп сұрап, сақшылар мекемесінің басшы, қосшыларына мән жәйды ұғындырып, арнайы нот тапсырып Биллді босатып алды. Билл «Алатау» мейманханасынан бөлме алып, Елшіліктің қызметшісімен танысу жосынын жасап, бірге тамақтанған соң арқа басын жазып дем алуға жатты.

***
Сонау ит арқасы қияннан ат арытып, тон тоздырып келген Билл Ханс өзіненен өзі мұңайып, кімге ренжуін білмей, сыртқа шығуға да зауқы соқпады. Мейманхананың терезесінен қарап еді жол бойы ағылған машиналар мен адамдар легінен өзге көзге ілінер нәрсе жоқ. Адамдар европа жосынымен киінген, көбі шикіл сары реңді, күрең сарғыш шашты, әредік «байырғы жергіліктілер-ау» дерлік қара шашты жастар ерсілі-қарсылы ағылып өтеді. Алыста ақбас Алатаудың шыңдарын батар күннің алтын шапақтары құшып, тым айбарлы көрінеді. Тау бөктерін өрлеп, Алматының сән салтанатын биіктен көргісі келсе де тағыда бір бұзықтарға жолығып, жығылған үстіне жұдырық тиер деп өзін өзі тежеді. Бөлменің телевизорын тамызып, қазақ арналар іздеп еді, бұл құлшынысы сәтсіз болды.
Кешқұрым аз уақыт ұлттық тілінде қысқа хабар берген арналар жарыса орыс тілінеде сайрап ала жөнелді. Қаланың бет пердесі мен тұрғындардың сыртқы кеспір-келбетін бажайлағанда байырғы отандастары мүлде жаңарып, өркениетті батыс елдеріне ұқсауы мақтан тұтарлық болса да өзіндік ұлттық бояуын өгейлеген Биллдің көңілі құлазып тұр. Ол ақыры ұзақ ойдың ұшығын қуып, баяғы өткен өмірі мен Лиза апайын есіне алды… «Қайран апайым менің орнымда тұрса қандай күйде болар еді? Әке, шешем топырағын әлдеқашан тапқан болар еді-ау! Ал, менің жүрген кейпім болса, мынау! Жінтіксіз бейбақтың өзі болдым.
Апайым байғұс мен үшін, біздер үшін шаршап-шалдығып, шашы ағарғанша тырбанса да жырғаулы өмір сүре алмады ғой. “ASIA” серіктестігі аяғынан тік тұрып, мейрамхана жұмысы реттеліп, тіршілігіміз енді оңалып, ел қатарына жеткен шақта сүріндірді-ау, қатал тағдыр! Өзінен жасы көп ілгері Тако бақилық болып, жалғыз ұлы Вьетнам-Америка соғысында қаза тапты. Осыдан кейінгі жалғыз жылда Лизаның шашы ағарып, еңсесі түсіп, қолы қалтақтап, ақыры есі кіресі-шығасы адамша кейде беталды сөйлеп, күйініп кететінді тапты.
Билл Ханс пен Аруана екеуі оны қаншама алдарқатып, көңілін ауласа да ешнәрсеге алданбады. Бірнеше рет теңіз жағалауындағы шипахана, дауажай, демалыс орындарына жіберіп, Хавай аралына Аруана өзі ертіп, саяхатшылар тобымен бірге барып қайтса да Лизаның еңсесі көтеріле қоймады. Ол селт етіп сергудің орнына тіпті жүдеп, дүниенің бәрінен көңілі қалғандай «Маған енді еш нәрсенің де керегі жоқ! Таконың өлімі өмірдің заңдылығы болса да ұлымның мезгілсіз қазасын ойлағанда маған тірі жүрудің де мәні қалған жоқ. Бауырым, Аруана екеуің мына шаруашылықты құлатпай, дұрыс алып жүріңдер?! Жалғыз ұлдарың үшін барлық жағдайды жасаңдар? Тек соғысқа жіберуші болмаңдар! Лағнет болсын, сол соғысына! Біреудің қанын төгіп, мойнына жанын жүктеп өлгенше өз бетімен абақтыда жатып өлген артық!» дейтін-ді.
Оның жалғыз ұлы жастайынан әскер болуға құштар еді, марқұм. Соғыс машинасы, мылтық, қару-жарақ сияқты ойыншықтарды жинайтын. Әскери міндетін өтеп келгеннен соң тіленіп жүріп кәсіпкер офицер қатарына өтіп, шен-шекпен таққан кезде әлгі антұрған соғысы басталмасын ба?..
Байғұс апайымның бағы ашылмаған пенде болды ғой. Тек біз үшін түн ұйқысын төрт бөліп, жан тәнін жаралаумен бұл пәниден өтті-ау, шіркін! Бек үші әке мен шеше, аға мен жезденің қасіреті Лизаны ойлағанда ештеме емес екен. Нағыз қайғы қасірет, жетімдік пен жалғыздықтың мұң зары апайының өлімінен кейін басталды. Көңілі құлазып, ой санадан құлдырап, арақ-шарап, ащы судың артынан түскен күндері де болды. Апайының тапсырып кеткен шаруашылығын тоздырып ала жаздаған жәйіті де бар. Сүрінгенде демеп, жығылғанда тұрғыздған Аруана болмаса оның тағдыры неге соғарын да болжау қиын еді. Ақыры жалғыз ұлы лайықты маман игеріп, ел қаратына ілескен шақта Бектің өмірге деген сенімі қайта бекіп, еңсесін көтерген-ді. Ұлы Калифорния штатының ағылшын қызымен үйленіп, ол екеуі жоғарғы білім, шаруашылық игеру тәсілін игеріп, “ASIA” серіктестігінің жанын жар басына құлаудан бұрын алып қалды. Осылай сүріне жығылып, талпынып қайта тұрып, Тако мен Лиза апайының тамыр-таныс достарының демеуімен еңсесін қайта көтерген-ді.
Лиза апайы алғашында «Өлген соң мүрдемді өртетіп, күлін анамның қасына апарып жерлеңдер» дейтін-ді. Соңында «Өлім қайдан болса топырақ сонан. Жалғанда көрген жалғыз ұлымды тастап қайда барамын. Жат ұлт болса да жан жолдасым ғой. Қиын-қыстау кезде жолығып, сүйеу болған Тако да осында. Екеуінің қасына жерлеңдер. Тек менің топырағымның бір уысын аяулы анамның топырағына апарып қосыңдар?» деп өсиет қылып кетіп еді. Сондағы менің сиқым мынау! Алыстан алып шыққан бір уыс топыраққа да ие бола алмадым. Апайымның қабірін қайта көруге дәтім қалаай шыдамақшы? Аруана мен ұлымның, келінімнің бетіне қалай қараймын? Сорлы болған сормаңдай басым!…» Өз ойынан өзі түңілген Бек өкіріп жылағысы, жан даусы шыққанша айқайлағысы, басын жерге тоқпақтап, мейманхананың терезесінен секіріп өлгісі келді. Тағы да өзімен өзі болып, өзін өзі жәбірлей бастады. «Жінтіксіз өлімтік! Өле алмайтынын біле тұра өле қоймақшы! Су жүрек сұмырай, саған ондай ерлік өлім қайда? Жанының аяулысын қарашы!»…Кешімен, түнімен ойға батып, жүз өкініп, мың мұңайған Билл Ханс талығып барып ұйықтап кетті.

***

Таңертеңгі шайдан соң АҚШ Елшілігінің кешегі қызметшісі әлгібір тергеушіні ертіп мейманханаға келіп Билл Ханстың төл құжаттарын қайтарып берді. Жол жөнекей сойылға жығылып, жылап еңіреген әлгі бикеш пен вагонның даяшы әйелі, Федор Иванович, тағы тағылардың кепілдігін алып, тектеп тексерген тергеуші Билл Хансты бұл қылмысқа байланысы жоқ деп көрсе керек. Тергеуші азамат Биллден кешірім сұрап, қолын шекесіне апара бере кері айланып шығып кетті. Билл Елшілік қызметкеріне бастан кешкен өмірін басынан аяғына дейін тәптештеп әңгімелеп, осында келген түпкілікті мақсатын ұғындырып, емен-жарқын ақылдасқаннан кейін осы елдің Қоғамды қауіптен қорғау мекемесінен әкесінің тағдырын анықтатуға келісті. Елшіліктен сол мекемеге арналған мәлімдеме ноотын дайындатып алды. Ең әуелі әкесінің нәубатқа ұшыраған себебін естіп, өмірінің соңғы сәттері туралы тектеп, сонсоң шешесінің қабірін іздеуге бекінді. Бірақ, өткен дәуірдің қиқар мінезінен тазара қоймаған КГБ атты мекеменің аға офицері көңілдегідей жауап қатпады.
– Сіздің тілегіңізді тектеп, мұрахат кепілдігін дайындауға шамалы уақыт қажет. Ресей елінің Мемлекетті қауіптен сақтау орнына қарасты бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі кепілдлеме құжаттарды іздеуге тура келуі мүмкін, деп шіренді. Билл Ханстың да төзімі түгесіліп, жүйкесі жұқара бастаған сәт қой бұл.
– Уақытсыз дүние жоқ қой. Ол маған түсінікті. Сөйтсе де менің жер мойны алыстан ат арытып келгенімді ескерерсіз? деп өтінді.
– Әлбетте солай ғой. Ден қойып, жылдамдату шарасын ойлармыз. Сіз бір аптадан соң хабарласыңыз. Кешіріңіз?
– Жарайды. Барынша мұқият қарауыңызды өтінемін, мәртебелі мырза?
– Түсінікті, Сіз қайта беріңіз…
Осы кездесуден соң Билл бірнеше күн Алматы қаласының сауда саттық орындарын аралап көз тойдырып, қазақ тілінде дайындаған әндердің үн таспасы мен касеталарын, видео бейнелерді, тарихи, көркем шығармаларды жинап, зайыбы мен ұл, келініне арнап ұлттық киім, сый сияпаттарды сатып алды. Соның ішінде көңіліне ең қонымдысы майлы бояумен сызылған, Алатаудың асқар шыңдарын бейнелеген көркем сурет пен ұлттық тоқыма, кестелі бұйымдар, сарала дырау қамшы, домбыра, қобыз сияқты ұлттық таңсық заттардың орны ала бөтен еді. Оларды “ASIA” мейрамханасының төріне іліп, көпшіліктің көзін тартпақшы. Оларға қарап өзі де марқайып отырмақшы! Тағы бір күні Алатаудың қойнауына орналасқан “Медеу” атты мұз айдыны кешенін қызықтап, самал желге төсін тосып, кеудесін кере дем алған Билл қайтар жолында ”Айнабұлақ” атты кафеге аялдап аяқ суытып, бесбармақ тапсырып, салқын сусын ішіп, кештете мейманханаға келді. Сонда да сағыныш сарығы басылмады. Алматының түнгі мейрамханаларын аралағысы келіп, “Самал” атты ресторанға барды. Кіреберісте күзгі жеңіл сырт киімін іліп әкеткен қақпашы орыс ақсақал әлекендей жаланып, ар жақ, бержағына өтіп, Биллдің қылшық тимеген таза костюмын сипалап бірдеңе дәметеді.
Мұндай құбылыс мына заманға ортақ әдет қой. Билл шалдың қолына бір доллар ұстата бере төрге тартты. Даяшы жігіт иіліп сәлем берген ілтипатыпен күтіп алып, ыңғайлылау бір орынды нұсқады. Сөре толы әлем-жәлем әшекейлі арақ, шарап, сыра, сусын жинаған сатушы өз келімсектерін күтіп тұр. Мейрамхана іші ақ, сары түсті батыстықтар мен қап қара Африкандықтар, өзіміздің қой көзді қоңырқай Азиалықтар дегендей жиһанкез, сахатшы жастар мен жасамыстарға лық толған. Кеш болған сайын арнайы орын тапсырған қосақтар мен жан ұялы адамдар, кезбе аяқ қағылған-соғылғандар молайып, ине шаншар жер қалмауға айланды. Күтілушілерге толған мейрамхана «Самал» емес көк түтін көз қарлықтырып, қапырық ыстық тынысты тұмшалаған нағыз тұншықпа болды да шықты.
Оның үстіне тамағы қарлыққанша айқайлаған, алты айрығынан тер сорғалағанша қара сорпа болып тепкіленіп билеген, шылым бұрқыратқан адамдардың иіс қоңысы қосылып, еркін дем алу да қиынға соқты. Жеңіл тамақтанып, салқын сусын ішкен Билл бір шөлмек күрең шарап тапсырып, дырдуға араласқан топты тамашалап аз отырды. Сахна өнерпаздары қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі әр қилы әндерді жаз музыкасының ащы даусына қосылып шырқағанда тоқтай алмай шиыршық атады.
Әбден қараңғышылық түскен мезетте биші бикештер жалаңаштанып сахна шетіндегі бағанаға оратылуы бірнеше күн бұрын Москвада көргенінен айырмашылығы шамалы. Олар күзеген қысқа шаштарын қызыл, сарғыш, көкшіл реңмен өзгерткен, көздерін көкала бояумен сәндеген, жасанды кірпік жапсыртқан, кәдімгі батыстықтар сияқты болса да орта бойлы, қарақат көздері қазақтың байырғы қыздары екенін аңғартады.
Билл еріксіз ойға шомып отыр. «Жапан жүзді жалмаған осынау жалаңбұт билейтін өнерсымағы мұнда да жеткен екен-ау! Көргенінің барлығын көшірген адам деген мақұлық пенденің қылығы ма, әлде заманауи бір құбылыс басталғаны ма? Иә болмасын, адамзатты қинаған «ақша» атты мәртебелі мырзаның ғажайыбы осы ма? Әйтеуір, адамдардың бір тобы ұят, намыс дегенді ұмыта бастаған. Мына бейбіт азат қоғамда адам атты пендеңіз ар, намысын саудалап өмір сүруге тура келгені ме?»…
Шекесі қызып мас болған кейбір жастар айқайға басып, жұдырықтасып та жатыр. Залдың меңгерушісі сақшы шақырып ретке келтірсе де қақпашыға бірер сом ұстатқан әлгі содырлар қайтып келіп тағы да сойқан бастады. Кейбіреулердің төзімі түгесілсе де үлкендер кішілерге ақыл айтып, берекеге шақыру жоқ. Бек білетін бұрынғы заманда рулы ел болып бір зиялыға бағынып, тұтас ауыл түгелдей жалғыз ақсақалдың аузына қараушы еді. Қазір сақшы, әскер, абақты, зындан дегендей барлығы қаптап бір содырды бағындырудан қалғаны ма? Москваның кейпін көріп «Нью-Йоркдан асып түскен-ау» деп ойлап еді. «Алматы Москваны да артқа тастаған екен. Бәрекелді-ай, десеңші! Жастар әйел, еркек демей қауыша құшақтасып, аймаласа сүйісіп, бүйірін бұлтыңдатып, жаяларымен жанасып, сандарын соғыстыруы Билл үшін тың құбылыс болмаса да қара көз қарындастарды аялап, әлде кімдерден қызғанғандай. Ол тағдыр талқысымен жат жұртта солардың салтына сіңісіп, жайсыз көрініске де көзі үйір болып кетсе де мынау туып өскен жері, ұлттық отанында өз жерлестерін өзгенің жат қылығынан арашалағысы келіп, намысы қозып қоя берді. Жастар үлкеннен имену жоқ. Әсіресе қыздардың ибағат ұяты қайда кеткені белгісіз. Қозғалыс қылығы жігіттерден де басым. Көрер көз ұялар түрі бар. Осындай жадағай жайлақ ғадетке бой ұрған жастардың арасында Бек құралыптас аға буын өкілдері де отыр. Олар да жалаңаш жадағай бикештердің биіне сұқтана қарап, көз қиығын айырмай тамсанып, әредік екі езуі екі құлағына жеткенше ыржыңдап, шапалақ соғып, қолпаштағаны тым ерекше! Масаңдаған жұрт ес ақылдан айрылуға жақын қалғандай.
Арақ деген асты қандай пенде ойлап шығарған десеңізші? Ақылдыны ақымақ, ақымақты мал болғызатын, жуасты жуан, бұзақыны құтырық ететін осынау ащы су ата-анасының қойнынан жаңа ғана шыққан жастарды мәңгірт, тірі бейбақ болдырып, тіршіліктен айырмасқа шара бар ма?! Былайша ойлағанда осы жынды суды әлдебір ақылды адам ойлап тапты ма екен? Мұңайған пенденің қайғы қасіретін жеңілдету үшін, жалғызсыраған жанды зерігуден сақтап, сергіту үшін, жас ғашықтардың махаббат отын маздатып, сүйіспеншілік өртіне шалдыру үшін, жұбанышты адамның көңілін шалқытып шаттандыру үшін жасады ма екен, сірә?!
Әлде құлан таза мүшені уландырып, сауды аурыру болдыру үшін, сергек ойды сергелдең ету үшін, парасаттыны мәңгүрт, кең пейілдіні қызғаншақ, қарапайымды қаскөй болғызып, өз бетін айнадан көретіндей басқаның бетін қисық айнадан көргісі келген пенде ойлап тапты ма? Неғылса да осынау ащы судай адамның мінез құлқын өзгертетін нәрсе жоқ-ау деймін! Арақ атты осы ас алдына қойған мақсаты жоқ, артында қалар ізі белгісіз, іс қызметтен жаны аулақ, атар күнді асыға күтіп, батар күнмен қынжыла қоштасқан пенделердің үлесіне тиген-ау деймін! Бұл шіркінге «Ақша» деген албасты қосылған соң қайда барып тоқтасын? Пайда тапса болғаны, өтірік ату, өсек ысқырту, ұрлық істеу, қарлық қылу, анадан туған ару денені былғау, адамгершілік қасиет, ар ұятты аяққа таптау дәнеңе емес, сірә!…
Билл Ханс әдейі іздеп, әуестеніп келген нәрседен өзі жиреніп, көңілі мұңайып, есеп-шотын айыруға ниеттенген сәтте қарақат көзді, қоңырқай жүзді, арықтау, кішкентай қыз ерткен, ақсары шашы үрпиген, жоны бүкірдеу, арық сары шал қатарына келіп орналасты. Билл жаңа қоңсысын тастай қашудан қымсынып, тағы да отырып қалды. Жас қыз өзін:
– Оля! – деп таныстырды. Сары шал,
– Роберт! – деді, сәл иіле беріп.
Жаңа таныстарының бір біріне деген ілтипат ықыласы, қылымсыған қылығы мен ашық-шашық қатнастарына қарағанда қалайда аға, қарындас емес, ерлі-зайыпты адамдар сияқты. Олар сусынннан өзге ішімдік, ас тапсыра қоймады. Балағы қара санан жоғары келетін, шортик атты қысқа шалбар, шолақ жең жұқа жейде, жазғы жадағай шақай киген бикештің шаршап шалдыққаны әлсін-әлі есінеп, жасаураған көзін сүрте бергенінен аңғарылады. Әуелгі сөзді қыз бастады.
– Сіз Алматылықсыз ба?
– Жоқ. Әлбетте, Сарыарқалықпын. Бірақ, бұл жолы алыстан жолаушылап келген едім.
– Қазақсыз ба?
– Иә.
– Мен де қазақпын. Жолдасым Бельгиялық! (Қыз қазақшаға шорқақ болса да түсінерліктей айтты)
– Бельгия деген ол қандай ұлт?
– Бельгия деймін-ау. Білмеймін аға, білмейді екенмін. Жігітім негізінде ари ұлтынан. Тек Бельгия елінің азаматы дегенім ғой.
– Е-е-е, солай де! Сонымен екеуіңіз ерлі-зайыпты ма, қалай?…
Қыз Билл Ханстың сөз мәнісін енді түсінгендей іліп ала жөнелді.
– Роберт менің жұбайым ғой. 1962 жылы сатып алған спорттық жарыстың ескі маштнасымен жарты әлемді аралап келе жатырмыз. Әуелі Бельгиядан Үндістанға дейін кемемен бардық. Үндістаннан шыққан соң Бирма, Пекин, Қашқар, Үрімжі, Улаанбаатар, Барнауылды басып елге жеткеніміз осы, аға! Әріқарай Қырғыз, Өзбек, Түркменді аралап, Европаға жетсек Бельгияға жеткеніміз. Шет елдің саяхатшыларымен бірге жүрміз.
– Сонымен, ел жұртыңызды тастап кете бересіз бе?
– Иә. Бельгия азаматтығын алу үшін әлі де үш жыл уақыт керек, аға. Мен бұрынғы Кеңестік паспорт, төл құжатыммен жүрмін. Үш жылдан соң Бельгия азаматының паспортын аламын…
…Билл: «Үш жылға дейін мына қаусаған шалың тірі жүреріне қандай кепілдігің бар?» деп сұрағысы келсе де тілін тістеп, аузына ие болды. Бикеш Азия елдрінің тамағы нашар, жолы күдір, адамдарының мәдениетсіз, тұрпайылығын біраз тілге тиек етіп, салқын сусыннан қылқ еткізді де бишілерге назарын аударған сәтте Роберт сөзге араласу ниетін білдірді.
– Мен орыс, қазақшаның қайсысына да жоқпын. Бірер сөз жаттап едім, екі қайыруға келмейді. Біздің Оля болса…
– Оқасы жоқ. Ағылшынша сөйлессеңіз де болады.
– Окей!
Роберт туып өскен мекені, өз тағдыры, мына жүрісінің маңыз мақсаты туралы ағылшын, неміс тілін қойыртпақтай сыдыртып өтті. Оның әңгімесінен Бектің аңғарғаны: Оля Бельгияға эмигранттық жолмен барғалы бірнеше жыл болған. Осы көктемде екеуі үйлену тойын жасап, саяхатшылармен бірге бал айын белгілеп, Алматыға келген жолы екен. Қаусаған қарт пен құлшынған жастың келешек өмір жолы туралы өзінше тон пішіп, толқып отырған Бектің көңіліне тағы бір ой келді. «Қайран Лиза апайымша тағдырыдң тәлкегімен мынау қаусаған шалдың қамқорлығына өтті ме? Басқа нендей себеп болды екен? Роберт ақсақал құлап қалса балбыраған балаусадай денесін қураған шалға арнаған Оля қарындастың тағдыры немен тынар екен? Өлгеннен басқаны баз кешкен мына кәрит бар дәулетін Оля қызға мұра болдырып бере қоямас –ау. Немістердің заты қиын жұрт. Бар дәулетін бұрынғы әйелінің балаларына әлдеқашан бөліп беріп, қуыс үй, қу кеуде ғана қалған қақпас болмаса игі?! Батыстықтардың тілі майда болғанымен діні қатты болатынын байқұс бала-Оля қыз біле ме екен?…
– Ғафу етіңіз? Менің кететін уақытым болды. Бүгінгі кешті екеуіңіз жақсы өткізіңіздер! Жолдарыңыз болғай?!
Бек жаңа таныстарынан кешірім сұрап, кетуге ыңғайланды. Олар қол алысып, жылы ілтипатпен қоштасты.

11. ЖҰБАНУ

Билл Ханс КГБ атты мекеменің табалдырығын тоздырып, төзімі түгесілгенше күтіп, кейде өң шайысып, ақыры әке орнына бір парақ қағазды қолына тигізді-ау, әйтеу! «Анықтама» делінген парақ қағазға орысша: «Аман Қонысбаев 1890 жылы Жезқазған облысының Ақадыр ауданында дүниеге келген. 1930 жылы заңсыз нәубатқа тартылып, Иркутскнің абақтысында атылған. Аталмыш қылмысы заңды түрде негізсіз болғандықтан нақақтан сотталғаны үшін 1956 жылы Кеңес үкіметінің Жоғарғы сот шешімі бойынша ақталған…» деген бірнеше сөйлем ғана жазылған. Бар болғаны осы! Ардагер азаматтан, қызыл армияның аты шулы комиссарынан, төңкеріс пен жаңа заманның туын жалаулатқан күрескерден, Қазақтың Сарыарқасында Кеңес үкіметін құрысып, оны нығайту жолында тебінгіден тер төгіп, толарсақтан қан кешкен қайраткерден, социалистік құрылыстың жасапмпаз қайраткерінен, аңыраған анасының ғұмырлық жарынан, үш баланың аяулы әкесінен, ұрпақтарының асқар таудай қорғанынан, бір жан ұяның шаңарақ иесінен қалғаны осы ма еді?! Осының барлығына жалғыз парақ татығаны ма? Адамның басы алланың добы, алтыннан қымбат өмірі сұраусыз адыра қалған, құқы құнсыз болған заманның белгісі осы қағаз ба еді? Бұл неткен қорлық десеңші!.. Билл Ханстың жүрегі сыздап, жаны ауырып кетті.
– Осыдан өзге жылы шырай білдірмейсіз бе? Ешбір жазықсыз жандарды неге осынша қорлаған! Себебі не?!
Биллдің бетіне тура қарауға дәті жетпеген қызметкер күмілжіп,
– Оның себебін мен білмеймін аға! Бұл үшін бүгінгілердің ешкімі кіналы емес. Сіз әкеңіз үшін айыпқа төлем алуыңызға болады, деді.
– Төлем дейсің бе? Ол немене?
– Ақша.
– Тфү! Лағнет дүние-ай! Ақша деген солқұрдайын неге тұрады? Адыра қалғыр қу дүние емес пе! Адамның асыл затын, алтыннан қымбат жанын неше сомға бағаламақ болғаны, бұл?! Адыра қалғыр ақшаңның маған қажеті жоқ! Жол жөнекей ұры-қары, тонаушылар да әкеткен ақша ғой ол! Аяулы әкемнің исі сіңген киім-кешек, керектенген заттары, өсиет бірауыз сөзі жазылған хат, қағазы болу керек қой?!
– Ондай ешбір зат жоқ Билл Ханс мырза.
– Билл Ханс емес, Бек Қонысбаев деген жерлесің боламын!
– Сіздің төл құжатыңызда солай көрсеткен ғой, ағасы!
– Солайы солай. Баяғы сол тар заманның таққан моншағы ғой. Сонымен бар болғаны осы ғана ма?
– Осылай Б-е-е-к… мырза.
Амалы таусылған Бек Қоғамды қауіптен сақтау мекемесінің бөлмесінен есеңгіреп шықты. Басы зеңіп, екі құлағы шуылдап, аяғын анда бір, мында бір баса тәлтіректеп, есі кіресі-шығасы жандай жарымбақтап келеді. Көңілі мұңды. Кімге ренжірін білмей құлазыған Бек: «Ел басы Назарбаевпен жолықсам ба екен? Жолыққанда қайтпекші?…Қайтеді маған, ол!…Ол да мен сияқты ет пен сүйектен жаралған жан шығар!» деп өзінен өзі буырқанды-ай келіп. Осы ойын АҚШ елшілігінің азаматтарымен бөлісуге барып еді, олар: «Мұндай басы артық, орынсыз жұмыс таппайсыз. Болары болып, бояуы сіңген іске Назарбаев не істейді? Күллі қоғамның кінасын өз мойнына алатын пенде жоқ, бүгінгі күні! Кімге ренжісеңіз де жартастың жаңғырығы деген сөз. Бүйтіп босқа тозғанша Нью-Йорктағы үйіңізге қайтыңыз» деген кеңес берді…Иә, сол бір сұрқылтай заманды ойлағанда Бектің алдында жалама жартас көлделең тұрғандай сезілді. Одан айланып өтпесең жол беру деген ұғым мүлдемге жоқ. Именіп иілмейді де, такапбар кеудесін тік ұстайды. Айқай салсаң алдыңнан әлгі сөзіңді өзіңе қайталайды. Басқа ешбір дыбыс естімейсің. Бала кезінде Абайдың,
Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым.
Одан да шықты жаңғырық.
Баяғы жартас, бір жартас,
Қаңқ етер түкті байқамас… – дейтін сегіз аяқ өлеңдерін жатқа оқушы еді. Ұлы ойшыл ақын жансыз суық жартастай сезімі өлі жандар мен сұрқылтай заманның суық мұзын еріту үшін барын салса да үміті үзіліп, қарадай қамығып, қайғы жеп, жүрегін жаралап өткен-ау, шіркін! Бек те «Болары болып, бояуы сіңгені» рас-ау. Енді босқа сенделмей ата анамның жұртын іздейін. Жұрты болмаса да жұрнағынан бірдеме табылар» деген бітімге тоқтап, өзін өзі жұбатты. Басқа қолынан не келер дейсің…
Ол кедген ізімен кері қайтып, Алматы-Москва бағытының поезімен Балқашқа тартты. Балқаш жаңаша қала болып бой түзеп, мыс қортатын өндірісі шет ел дәулетімен бет пердесін мүлде өзгерткен екен. Бек балалық шағының елестерін есіне түсіріп, сол кездің кейбір суреттерін көз алдына әкелсе де қолға ұстар ештеме қалмапты.
Тек аспан түстес айдынды Балқаш ғана өзгермеген. Ыс, түтін сіңген бұрынғы жатаған үйлер, жер кепелер, шикі кірпіштен қалаған дуал, қалашық шетінде тізілген жұпыны тұрғын лашықтар жоқ. Бек қала әкімі, өндіріс қожайынымен жүздесіп, өзі туралы таныстырып, әке, шешесі мен аға, апайы туралы бастан аяқ әңгімеледі. Өкініштісі олар туралы білері жоқ болып шықты. Өндірістің ендігі қожайыны Кореялық сырт елдің азаматы екен. Орыс, қазақ, кәріс, ұйғыр, түркі, чечень сияқты қырық темірдің қылауынан құрылған ұжым. Қала әкімі жүзі жылы жігіт екен. «Түзі игіден түңілме» деген есек дәмемен Бек соған жалбарынды болды. Әкім обалы қанеки, жылы шыраймен қабылдап, шамасынша жәрдемдесуге тырысты.
– Біздің облыс пен қаланың тарихын қамтыған бір кітап бар еді. Жаңартушы жастар ескінің барлығын талақ етіп, тас талқанын шығарған ғой. Сол кітап табылар ма екен? Сіз қала кітапханасынан іздеңізші? Мен де меңгерушісіне ескертейін.
– Жарайды шырағым! Мен қазір жетейін!
Бек асыға-үсіге қозғалып, қалалық кітапханаға дереу жетті. Кітапхана меңгерушісі саркідір әйел әкімнің ескерткенін айтып, күлімдей қабылдап, қолды аяққа тоқтамай зыр жүгірді.
– Алаңдамаңыз! Ескіліктің нәрселерін өртегенде тарихи маңызы бар бірнеше кітаптарды іріктеп алып қалып едім. Суреттері бар бір кітапты өзімше әрірек сақтағанмын. Сәті болып табыла кетпес пе екен!
– Япырмай десеңізші! Мұқият қарай көріңізші?
– Сөйтемін ағай, абыржымаңыз!
Аузы мұрнын ақ орамалмен орап алған әйел кітапхана түкпіріндегі ескі кітаптардың қоймасына кірген соң көп күттіріп, ақыры шаң басып парақтары сарғайған, қалыңдау мұқабалы бір кітапты алып келді. «Балқаш қаласының тарихы» атты кітап 1950 жылы баспадан шығыпты. Бек кітаптың сарғайып тозаң тұтқан парақтарын тез-тез аударыстырып, орыс тілінде жазылған әр бет, сөйлемдерін қадағалай қарап отыр.
Әуелгі бөлімінде Балқаш кенін тұңғыш ашып, қорту өндірісін құруға ат салысқан кеңес одағының ардагерлері мен мемлекет қоғам қайраткерлері, орыс, ағылшын инженерлері туралы, қаланың алғашқы тағаны мен тұңғыш құрылысарының фото бейнесі қамтылыпты. Үмітін үзбестен кітаптың келесі парақтарын аударып отырған Бектің көзіне таныс бейне ұшырай кетті. Мұндай қуанар ма?! Айна қатесі жоқ әке бейнесі! Әкесі нәубатқа кеткенде Бек ақыл тоқтатқан, орысша хат таныған, он жасар ұл. Неге ұмытсын, өз әкесін! Әкесінің желкесіне қарай қайыра тараған қара шашы, кере қарыс кең маңдайы, қою қара қасы, дөңкиген қоңқақ мұрны, европаша киінген келісті бейнесі көз алдында тұр. Көз жасы мөлтектеген Бек мұрнын қорыс еткізіп, бетін кітаптың сарғайған парағына басып, жас балаша өкіріп қоя берді. Кітапхана меңгерушісі саркідір әйел таңдана қарап қалған.
– Сіздің жақын жанашыр адамдарыңыз ба?
– Әкемнің фотосы бар екен. Қайран әкетайым-ай!
– Өйбүй, байғұс-ай, лағнет атқан соғыста қаза тапқан ба еді?
– Жоқ. Соғыс емес, бейбіт заманда ұсталып кеткен-ді. Ақталған кепілдік хаты мынау…
– Япырмай десеңізші! Сабыр етіңіз? Қажет деп көрсеңіз кітапты біржолата алуыңызға да болады.
– Жоқ! Мен сияқты тағы бір бейбаққа шәрапаты тиер. Ескінің көзі азайған мынау заманда қала мен өндірістің тарихын қойнына жасырған кітапты мен алғанда мен сияқтылардың күні не болмақ. Тек әкемнің фотосын көшіріп алсам болғаны сол, маған!
– Жарайды.
– Сіз осы қаланың ең көп жасаған тұрғындарын айтып бере аласыз ба? Мен анамның мүрдесі жерленген орынды тапсам деп едім. Кім білсін? Біреу болмаса тағы біреулер білетін шығар.
– Қайдан білейін ағатай. Бұл қалада жөн-жосық білетін ақсақалдар да жоққа тән. Мыс қотатын өндіріс аса улы деседі ғой. Жұмысшылары зейнетке шығысымен кешікпей көз жұмады. Қалғандары көшіп-қонып, қоныс аударып кетеді. Иван Арсентьевич деген қария бар…
Меңгеруші әйел қарияның үйін көрсетіп берді. Иван Арсентьевич қаланың алдыңғы жағында, бір қабат кірпіш үйде тұрады екен. Көзі анық көруден қалған, құлағы керең қариямен қаланың ескі, жаңа тіршілігі туралы әңгімелесу Бек үшін қиямет қайымның ісіне айналды. Иван Арсентьевич көз бен құлақтан кембаға болса да көкірегі кең сарай ақсақал екен.
– Мұнда байырғы халық дейтіндер жоққа тән. Қазақтардан соң орыстар келді. Одан кейін ағылшын, кәріс дейме… Жастар тұрақтап мекен етпейді. Мен де Москвадан келген келімсектердің біреуімін. 1940-шы жылдары келгенмін. Соғыстан оралғанымда бұрынғы қабірлерді күреп тастап орнына абақты салған көрінеді. Шешеңнің жерленген орнын таба алмассың бауырым. Кейінректе абақтыны Сибирьге көшіріп, тың игерген жылдары оның орнына өндірістің көмекші шаруашылығын апарған-ды. Тағы бір жылдары көмекші шаруашылықтың орнына парник деген бірдеме салып, жеміс жидек өсіретін-ді. Оны да жекелендіру желеуімен жоғалтты десіп жүр ғой, мына жұрт. Қазір ербиген темір терсек пен қорыс қопа қоқыстар көрінеді. Ескі елеусіз болып, жаңа жаңғырған шақта өткен кеткенді іздеп нең бар балам. Осы қалада менен өзге қуарып тозған нәрсе жоқ. Барлығы жаңарып жатыр. Әке, шешеңнің жұртына келген екенсің, бір жүз грамм тартып жібермейсің бе?
Бек бұған наразы болған жоқ. Қария бес литрлік баллонға құйған қол арақтан шөмішті толтыра құйып, қырлы стаканның екеуін шөпілдете толтырды. Екі мұңлық стакандарын сүзістіре сала төңкеріп тастады. Қызуы жоғары қол арақ Бектің өңешін тілімдей өтіп, асқазанын дереу қыздырып, өне бойын өртеп бара жатқандай. Ол өмір бойы мұндай қызуы күшті арақ ішіп көрген емес-ті. Көзі жасаурап, ыстық демін сыртқа шығара, жұдырығын иіскеп үн-түнсіз аз отырған соң,
– Рахмет ақсақал! Мен жолымнан қалмайын! деп орнынан тұрды.
Ол машина жалдап Балқаштың мыс қортатын заводын, қаланың скі, жаңа ауылдарын, көмекші шаруашылық орны мен қоқыс төбені түгелдей аралап шықты. Бірақ, көзге түртер таныс көрініс жоқ. Қаланың шеті темір, бетон, құрылыс материалдарының қалдықтары мен ақ қалайы, сым темір үзіктері сияқты күл, қоқыстарға толы. Өліктердің қазіргі мекені 1950-жылдардан басталғанға ұқсайды. Олардың ат жөніне қарап Бек өзі танитын бір де бір пендені қайдан тапсын. Иван Арсентьевичтің жобалауы бойынша бұрынғы зираттардың орнынан бір уыс топырақты сыпырып алып иіскеді де қалтасынан орамал шытын шығарып, соған түйіп сөңкесіне салды. Дымқыл сызды топырақтан әлдебір күлімсі иіс сезіледі. «Аяулы анасынан қалған асыл дүние ме, өндірістің қоқыс қалдығының ласы ма, әлде осында өсірген жеміс ағаштарының тамыры мен дәнінің шірігі ме, кім білсін?.. Топырақтың өзгеше исі мұрнынан кетпеген Бектің көңіл күйі бұзылып тұр. «Жылжыған жылдар құпиясын қойнына жасырған жер ана! Суық болса да көңілге ыстық, лас бола тұра сезімге аяулысын қарашы?! Әттең дүние-ай! Бабалардың асыл мүрдесін, қан мен терін сақтаған қайран жер ана-ай!» Бектің жүрегі шымырлап, кеңсірігі ащып, көзіне жас толып кетті…Ол мейманханаға барар жолда парақтары сарғайған әлгі кітаптың беттерін аударыстырып, әкесінің бейнесіне телміре қарады да отырды. Суреттің басқы жағына «Аман Қонысбаев. (1890-1930 жыл)» деп жазылыпты. Ал, суреттің аяғына иесінің қысқаша өмір баяны жазылғанынан ол Жезқазған, Қарағанды, Балқаш өндірістерін құрысып, Атбасар-Ақмола шойын жолын салысып, бірнеше облыс, ауданда кеңес үкіметін құруға белсене қатнасқанын түсінді.
Сонымен, Бек анасының қабірін таба алмады. Апайының қабірінен алған бір уыс топырағынан жол жөнекей айрылып, мұнда жеткізе алмады. Бірақ, аяулы анасы туған жерінің торғын топырағына сіңіп, сонда бау бақаша өсіп, бәйшешек гүлдеп, тірі жандардың тіршілігін жебеп отыр. Ол осы жердің бір уыс топырағын алып барады. Апайы сонау алыс Америкада сүйген жары Тако мен сүйікті ұлының қасында мәңгі ұйқыда жатыр. Бақиға кеткен келмек жоқ, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Әкесінің естелік бейнесін тауып алғанының өзі көп олжа. Қазір фото студияға соғып, әкесінің бейнесі мен өмір баянын түсіртіп алады. Сонсоң Нью-Йоркға апарып қайтадан жөндеуден өткізіп, үлкейтеді. Май бояумен реңді сурет сыздырып, “ASIA” мейрамханасының төріне орналастырады. Бұған да шүкірлік емес пе? «Мынау менің сүйікті әкем! Әйгілі әкенің көрнекті ұлы – Аман Қонысбаев» деп Аруанаға, ұлым мен келініме көрсетемін! Серіктестіктің атын «Аман-Азия» деп өзгерсем қайтпекші?! Тұра ұр, әлі де ойланайын. Суретті қалай әсірелеп, реңіне қалай келтірсе болар екен? Таптым! Алыста ақбас Алатау айбарлы көрінуі керек. Тау бөктерінде алма, алмұрттың бау бақшасы жайқалып, Айнабұлақтың арасан суы сылдырап ағады. Бұлақ жағасында райқан гүл шоғын құшқан әкемнің бейнесін түрлі түспен шебер бейнелеу жөн. Айтпақшы, әкемнің қасында аяулы анам қатар тұру керек екен ғой!…
– Келіп жеттік, ағасы! – деген такси жүргізушінің қоңырқай даусынан селт етіп, ойынан сергіген Бек есеп-шотын жасап, рахметін жаудыртып, мейманханаға қарай бұрылды.

12. ТОҒЫСУ

Бек Алматы көшелерін бірнеше күн бойы мауқын басқанша аралап, театр, мұражай, мәдени даяшылық орындарымен танысты. Москва-Алматы бағытының поезымен қазақтың сайын даласын екі мәрте басып өткенде туып өскен жерінің тұрпатыа көзайдын болып, Бетпақдала мен Балқаштың жағалауына көзі талғанша телмірді.Жергілікті жерлерде үлкен қалалар қаланып, елді мекендерде шағын қалашықтар салынып, халық отырықты өмірге қалыптасыпты. Қаладан алыстағанда әредік табын сиыр, қоралы қойлар көрінеді. Бектің балалық кезінде елсіз далада топ тобымен жыртылып айрылатын жирен, қара құйрық, бөкеннің үйірлері жоқ. Бек енді ойласа мұнда келгеннен бері әр ұлттық өкілі, әр түрлі адамдармен жолығыпты. Бірақ, қырдың қарапайым малшы, қоңырқалта қауымның өкілінен біреуін де кезіктірмеген екен. Енді солардың біреуімен жолығып әңгімелескісі келді. Елдің сөз аңысына қарағанда Алматыдан тым қашық емес Нарынқол ауданында байырғы малшылар тұратынын көрінеді. «Нарынқол» дегені «Наран гол» немесе «Күнес өзен» деген мағына беретінін ол сонау жылдары Монғолиның Ақкөл елді мекенінде өмір сүрген жылдары монғолдардан үйренген шала-пұшық тілден аңғарды. Баяғыдағы Жоңғарлардан қалған із ғой, бұл. Жер жөнін білмесе де нартәуекелге басып «Нарынқол қайдасың» деп тартып отырды. Өз халқының қонақжай қасиетін біледі. Әр жан ұяның қара кебежесінде қонаққа арналған бір жілік ет пен жылы жұмсақ сыбаға болатынын, тосыннан құдай қонақ келсе дастарханын жайып, тәтті дәмдісін салып, күрең шайды құятын қазекемнің қасиетті дәстүрін ол ұмыта қойған жоқ.
Осынау дәстүр есіне түскен Бек жан ашыр жақын туысына барардай қаланың сәлем-сауқытын дайындап, шет елдік бір шөлмек арақ, жеміс жидек, тәтті кәмпит сияқтылармен қоржынын толтырып жолға шықты. Әуелі аудан басшыларымен жүздесіп, адресс картын ұсынып, басынан кешкен тағдырын да жасырмай, өгдеп келген бұйымтай шаруасын айтты. Кішпейіл, қағылез, ұлттық мінезі мен тілі бұзылмаған ауданның жас әкімі оны жылы шыраймеен қабылдап,
– Біздің ауданға біржола көшіп келіңіз? Меншікке жер алып, күрделі дәулет жасаңыз. Мұнда түркілер де бар. Қытай мен Монғолиядан қандас ағайындар да келіп жатыр. Олар ұлттық отанында қалай орнығып жатқанымен танысыңыз? Колхоз тарамаған жылдары халықтың тіршілігі оңды, дүниенің барлығы дайын болушы еді. Колхоз шаруашылығы жекеленгеннен соң жергілікті тұрғындар тұтқиылдан кезіккен жаңаша жағдайға қалыптаса алмай жатқан жәйіт бар. Мен сізді Дүйсен ақсақалмен таныстырайын. Ертеректе Шынжаннан келген ағайындардың біреуі. «Октябрь» колхозының озат малшысы болатын. Ұлы таңертең аудан орталығында жүр еді, кетіп қалды ма екен! – деп, жас әкім емен жарқын әңгімеге көшті.
– Дүйсен ақсақалдың үйі аудан орталығынан алыс па?
– Тым алыс емес, жоғардағы тау бөктерінде. Күзеулікке жуықта ғана қонған-ды. Мен сізді өзім жеткізіп салайын. Қайтарда Дүйсен ақсақалдың ұлы жаңа ғана алған «Нива»-сымен темір жол бекетіне жеткізер. Оған мен де ескертемін.
Аудан әкімінің сыпайы қатнасына риза болған Бек: «Шенеуніктердің барлығы осындай болса көшіп келсем де болар еді. Әттең өткен күндері жолыққан кейбіреулерінің қылығын ойлағанда ішің ашиды» деген ойға тірелді. Олар тау бөктеріндегі ауылға жеткенде Дүйсен ақсақал үйінде екен. Күзгі салқын әлдеқаша түссе де тау қойнауындағы қоныс тым ықтын, жылы екен. Ақсақал бейтаныс қонағы мен аудан әкімін қуана қарсы алып, дастархан жайылды.
– Әкім бауырым көптен көрінбей кеттің ғой. Қонып, бір малдың басын мұжып қайтарсың?
– Жоқ, ақсақал. Артымдағы шаруа ашық-шашық қалып еді, асығыспын. Сізге алыстан ат өксітіп келген ағайынды таныстыруға әдейі келіп едім. Қазір қайтамын. Сіз ауданымыздың аужайын, ел мен жердің сыр сипатын Бек ағайға таныстырып, қонағыңызды ертең темір жол бекетіне жеткіздіртіңіз?
Аудан әкімі келген ізімен қайтуы анық болған соң Дүйсен ақсақал «Қазақстан» атты коньяк арағын шығарып, жеңіл-желпі астың арасында бірер тостыны да көтертіп жіберді. Бастықтардың көңілін табуға шебер сияқты. Шын ниетімен Бекке жанашырлық жасап, Дүйсен ақсақалмен жолықтырған бастық уақыт тарлығын тілге тиек етіп, аудан орталығына қатып кетті. Бек ақсақалға жейде, зайыбына көйлектік торғын дегендей сәлем-сауқытын бір шөлмек Виск арағымен қоса ұсынып, өзінше жол жоралғысын жасап жатыр. «Танымаған жерге тон сыйлы, таныған елге жол сыйлы» дегенді қазекең бекер айтты дейсің бе? Т-ү-ү Америкадан келген, шыттан киініп сәнденген Бекті өзінің туған туысы келгендей қабылдап, сый сияпатына көңілденген шал мен кемпір қошамет көрсетіп, жалпылдап жатыр. Жат жердің жаңалығын тыңдағысы келген Дүйсен ақсақал да ашық ауыщдың біреуі секілді Бекті әңгімеге тарта жөнелді.
– Тағдырды қойсаңызшы! Сонау Америкадан келген сенімен жолығам деген үш ұйықтаса ойға келгенбе тәйірі! Мен де кезбе аяқтың бірімін. Сөйтсе де сенің кешкен жолыңның жартысын да көргенім жоқ. Менен бірнеше жас кіші болсаң да мүшелге тола қоймас. Сонымен әңгімеңді айта отыр, деп Бекке жақындап, кимелей келіп отырды. Бек өз өмірі туралы жасырып жаппай, өсіріп өңдемей сол қалпында айтып берді. Жол жөнекей Москвада, поезде, Алматыда болған күлкілі көріністерді де бүкпелеген жоқ. Дүйсен ақсақал мен кемпірі аң-таң.
– Ойпырмай, Американың капита-листері қандай екен? Кедей табын қанап, бай мен жарлылар қырылысып жатыр ма? Қанаушы таптың үкіметі құлайтын ба?
– Ондай мәселе жоқ, ақсақал. Америкада кедейлер де сонша көп болмайды.
– Ойбай-ау, мына жұрт нені айтып жүр! Капиталист елдерде халқы күн көре алмай жоқшылықтан аштан өліп, көтеріліс жасап жатыр деген не сөз?
– Үгіт насихат пен күнделікті өмір өзгеше екенін қарапайым қауым ұғынатын күн де жақындап келеді ғой.
– Солай де. Ал, енді бір сөз-осы Америкалықтар анда-мында соғыс ашып, жүрген жерінің барлығын бүлдіріп жатыр. Кешікпей бізге де қауіп төнуі мүмкін. Жаппай жалмайтын қаруы бар дейді ғой.
– Ұлы державалардың талас, тартыс дүниесі көп қой ақсақал. Басқаны жаулаған өзіне жау табады деген тәмсіл бар. Жауласқанның орнына ептесіп елдесетін жол іздеп жатқан жоқ па осы заманда…
Екі қарияның әңгімесі көпке созылып кеш болды. Дүйсен ақсақал,
– «Октябрь» колхозы жекеленгенде меншікке алған екі жүздей ұсақ малым бар. Бір тоқтысын сен жеп кет бауырым. Алыстан өгдеп келіп, әбден кеш болған соң жолға шығып қайтесің? Зәудеғалам тағы да бір бұзақыларға жолығып қалсаң сойқанның үлкенін сонда көресің. Біздің жастар да бұзылып барады, басқаға күлнр жеріміз жоқ! деді. Бек те отағасының сөзін ұйғарды. Дүйсен ақсақалдың балалары қонақасы малын жәркемдеуге кірісті. Тер сіңіп тозған сырмалы қара кепешін желкесіне таман ысырып, тақырлау селдір ақ шашты басын әлсін әлі қасып, иегіндегі селдір ақ сақалын оң жақ алақанымен жоғары қарай қайыра сипап, ұшын аузына дейін апарып, қайта төмен қарай тарап отырған Дүйсен ақсақал тағы да әңгіме тиегін ағытты.
– Сонымен осында көшіп келу ниетімен қоныс көріп, жұрт шалып жүрсің бе?
– Қазірше пәлендей шешімге келе алған жоқпын. Әуелі әкемнің тағдырын тектеп, шешемнің топырағын көріп, туып өскен елімнің бүгінгі түр тұрпатымен таныспақшымын. Адамның басынан не кешпейді.
– Мұнда келсең біраз жылға дейін «Америка» деген ат атақтан айрылмайсың. Өзіңнен кейінгі ұрпақтар заманында ұмытылмаса, оған дейін жағаңа жармасып қалмайды. Біз ағайынды екеуіміз 1962 жылы Шинжаннан жетектесіп бірге келгенбіз. Бізді «Қытайлар» дейді. «Қытай Дүйсен» десе осы маңның үрген иті де біледі. Өткен жылы Монғолиядан бірнеше қазақ үй көшіп келген-ді. Мынау мойнақтың астында ғана күзеп отыр. Оларды «Монғолдар» дейді.
– Ендеше мен «Америка-Бек» атанамын деші? Туада Бек атанғаным болмаса Билл Ханс деген болып кеткенмін.
– Әне, көрдіңіз бе? «Ел елдің заты басқа, иттері қара қасқа» деген сол! Сонда сенің қатын, балаң кімдер болады?
– Әйелім Қалмақ тектес, Шынжанның Торғауыты. Есімі – Ариуна, біз Аруана дейміз. Жалғыз ұлымыз бар. Ол ақ нәсілді, ағылшын қызбен үйленген. Америка азаматы деген сөз. Қойыртпақтау жан ұя деп ұқсаңыз болғаны. Бір сөзбен айтқанда жан жақтан тоғысып, қосылып, бірімізге біріміз сіңісіп жатырмыз деген сөз.
– Солай де! Қойыртпақ, тоғысу демекші біздің аяққы ауылдағы көршіміздің есімі – Құдабай. Нағыз жергілікті жердің байырғы қазағы. Тағдырды қойсаңызшы! Әйелі орыс. Қарындасы сонау Венгрия деген елде оқып жүренде мажар жігітке тұрмысқа шығып, сол елдің азаматы болыпты деседі. Құдабайдың үлкен келіні орыс пен украинаның буданы, кіші келіні осындағы жергілікті немістің қызы. Ойлап қараңызшы? Бір шаңарақтың астында қанша елдің азаматы, нендей ұлттардың өкілі түтін тұтатып отырғанын көресіз бе?! Нағыз қосылып қойыртпақ болудың, тоғысып араласудың кейпі емес пе!
– Иә, солай ақсақал. Мен үшін тағдырдың жазмышы ғой..
– Құдабай үшін де сол емей, басқа не болушы еді? Ұлы отан соғысы жылдар осында жетім жесір кәріс, немістер келіп бас сауғалаған. Тың игеру дақпыртымен орыс, украин, белорусьтан бері шеру тартқан көш Алматыдан тізгінді бірақ тартқан. Не істерсің? «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы емес пе? Солардың үрім жұрағаты Құдабайдың түтінін тұтатқаны сол!
– Бір ойлағанда бөлініп жарылып, тарыдай шашылу сияқты. Ал, былайша шабыстырып қарағанда қосылып қойыртпақтану, араласып тоғысу сияқты. Қызық тағдыр ғой ақсақал!
– Қызық емес, қытымыр тағдыр бауырласым! «Көргеннен көрмегнің көп» деген осы да. Аллатағала әлі не көрсетерін кім білсін? Мына түрімен жер бетінде таза қанды пенде қала ма, жоқ па кім білсін? Әй, қалмайды-ау, сірә!
– Ғалымдар «қан араласып тоғысудан нәсіл сапаланады» дегенді шығарып алыпты.
– Астағыпиралла! Тоғыстырып тоздырудың сыпайы тәсілі емес пе? Ендеше нағыз қазақ қанды адамның өзін емес-ау, суретін тарихи китап, мұражайдан көретін болармыз.
– Солай да болуы мүмкін. Ендеше менің бүйтіп өгдеп жүруім, туып өскен жер, ұлт ұлтаным деп қаңғыруым артық емес пе, ақсақал?
– Жоқ! Адам жер кіндіктес пенде. Кір жуып, кіндік қаның тамған жер сенің анаңдай аяулы мекен. Ол өле-өлгенше жүрек түкпірінен өшпейді. Қайуан мал да өз мекеніне тартпайтын ба?!.
Дүйсен ақсақал мен Бектің әңгімесі түні бойы жалғасып, олар кейде сөз таластырып, бірде күлісіп, бірде күрсінісіп, ортақ тұжырымға келе алмай дағдарысты. Кейбір сауалдардың жауабын өздері де таба алмай әуре сарсаң болып, аяқсыз қалтырды. Неғылғанмен ол екеуін туған жер, ұлт ұлыс деген ортақ ұғым жиі тоғыстырып, өздерінің өткен өмірі, кешкен жолы әредік алыстатып, қызу әңгімелері астау толы тоқтының еті мен жас сорпасы алдына келгенше алғау болды. Ет пен сорпаның артынан қымбат арақтан бірер тостыны да көтеріп тастады. Жатар алдында сыртқа шығып, күзгі салқын ауаны кеудесін кере сіміріп, ойы мен бойы сергіген Бек: «Қазақтың мәдениеті мен салт дәстүр, ұлттық тілі отырықты қаланың ордасында емес, қойшының қорасында қалыпты-ау. Нағыз еркін өмір таудың қойнауы, малшының жайлауында екен ғой!» деген тұжырымға тоқтады.

13. ТОРЫҒУ

«Алатау» мейманханасына келіп тыныққан Бек тағы да оймен оңаша отыр…
«Енді қайтсем болар екен? Нью-Йоркға қайтамын ба? Әрине, үй күйім сонда болған соң қатамын. Сонда қандай істі тындырдым деп барамын? «Анамның топырағын, әкемнің суреті мен өмір баянын тауып әкелдім» деген мақтанышпен ұялмай барамын. Туып өскен елімнің бүгінгі түр тұрпатын көңілде тоқып, жаңа ойлам, жаңа бағытпен баратын боламын. Әлгі Аруана байғұс алағызып алаңдаумен тозды-ау! Балаларды да сағынған сияқтымын. Қайтайын енді!.. Жол жөнекей артынан ерген Азат ағам мен жамандық күнде жар болған Аят жездемнің мүрдесі қалған орнын іздеймін бе?
Өмірімнің арта қалған белестерінің белгісі, бас сауғалаған күндерімнің елесі Монғолия мен Шынжан жерін басып өтіп, Ақкөл мен Сарсүмбенің бүгінгі өзгерген өмірін көрер ме едім? Жанды шүберекке түйіп, жанұшырып өткен сол елді мекендердің бүгінгі кейіп кеспірін көру де қызық емес пе? Әнтек бұл жолы діңкем көтерер дейсің бе! Басты ауыртып, балтырды сыздатпай қайтқаным жөн болар. Тұра тұр, сонда мен деген пенде қайтсем жарар екен?
«Отан» деген не?.. Иә, отан атты аяулы ұғым бар. Ұлттық отаныма қайта ораламын ба, әлде асыранды отанымда қаламын ба? Қазақстан ата бабаларымның елі, әкемнің аты, анамның мүрдесі жатқан жер. Өзімнің кір жуып кіндік кескен жұртым. Келдім дегенде, тамыр таныс бір жан жоқ. Танудан қалған Балқаш па? Тоғыз жолдың торабы, тосын жандар тоғысқан, жастар мен жасамысы түнгі мейрамхананы дүбірлеткен Алматы ма?
Әлде, бірнеше мал сатып алып, Дүйсен ақсақалша бір таудың қуысында, алланың уысында, өз еркіммен көшіп-қонып, емін-еркін өмір кешіп, ғұмырымның соңын күтейін бе? Аруана екеуіміз бұған көндігерміз-ау! Американың әлем-жәлемінің қақ ортасында туып өскен ұл мен келін көне қоймауы қақ. Кемпір байғұс не дер еді? «Әке, шешемнің көзін құртқан коммунистердің сыбайласын көргенім қалып па?!» деп ашу шақырар ма екен? Әлде, «Элстэй»-ге барып, қалмақ бабаларымның отанын көрем!» дер ме екен? Кім білсін, бәтшағар-ай десеңші!..Қазақстан өзгеріпті делікші!
Сонда қазақ атты менің қандас халқымнды келешек қандай тағдыр күтіп тұр екен? Өткен өміріміз теңсіздік, әділетсіз кесім, ала бақан алауыз, бақталас күреске толы тағдыр болды. Бүгінгі түр тұрпаты тәуелсіз ел болса да, діні мен ділі, тілі мен салты аралас-құралас, жастары ішімдікке бой ұрған, жасамыстары ауыл арасында ықпалы жоқ, байырғы кейпінен айрылған, бұратана тіршілік басым-ау деймін.
Келешек елдің тәуелсіздігі мен қауыпсіздігі, ұлттық мақтаныш, салт сана, мемлекеттік дәстүрі нығая бергей! Жаман ат жатпайды, жат көрініске көзден таса қалмайды емес пе, қашанда! Жат қылықтарға да тап болып, жақсыға да көзайдын болдым. «Ащы болса да дәрі дару» дегендей әркімге ойымдағыны да жасырмай айтып өттім. Шындығы сол болған соң қайтейін? Туып өскен ел мен жерімді жек көргеннен емес, аялағаннан туған сезім шығар. Әлемді аузына қаратқан Америкада да жат көріністер жетіп жатыр.
Бірақ, асыранды болған ол елді де жамандағым келмейді. «Америка азаматы» деген атқа марқайып, сол елде еркін құқылы болғаным шындық. Менің ең аяулы жандарым Лиза мен Таконың асыл мүрдесі сол елдің топырағына сіңіп жатыр. Күнделікті кәсіп тіршілігіміздің көзі “ASIA” серіктестігі мен баспана, дәулетіміз сонда. Ғұмырлық жарым мен ұрпағым сол елде. Сөйте тұра «Жат ел» деген жағымсыз бір ұғым жарты ғасыр бойы жадыңнан кетпей, жаныңды жегідей жейтіні де рас. «Ұлттық отан» деген ыстық сезім адамның жан дүниесінен, жүрек түкпірінен бір кетпейтін ғажайып ұғым десеңізші! Мынау заманауи дәуірде «әр кім өмір сүресін ортасын өзі таңдайды» деген ғахлия пайда болды.
Ендеше «отан дегеннің өзі кімге керек» деген есалаң ой кейде мәңгірген басқа оралады. Сөйте тұра көңіл деген пір пәле бұзылады да тұрады. Сол бір «өзі таңдайды» деген құқы ашықтан ашық бола тұра жасырын, жабық қитұрқы тәсілдер болатыны қалай? Қалаған еліне сапар шегіп, өмір сүргенді қойып, уақытша қонаққа бару үшін шақыру, виза, рұқсат дегендей аяққа оралтқы бөгеттер толып жатыр. Әр адам қалаған елде өз еркімен өмір сүруге құқылы болса мынау шекара, бөгет, тектеп тексеретін өткелектердің қажеті не? Адамның арман тілегі мен көңіл сезіміне бөгет жасауға бола ма? Адамның аяғына тұсау салса да көңілін байлауға келмес сірә!…
«Ұлт» деген отанмен одақтас ұғым-ау, деймін! Адам атты пенделер сонша аралас-құралас болып, бір біріне сіңісе тұра өзінің түпкілікті тегін, түп тұқиянын, қандас мұңдасын іздейтін тағы бір машақаты бар деңізші! Ұлт деген немене? Ет пе, сүйек пе, әлде қан ба? Адамдар мыңдаған жыл бұрын ақ, қара, қызыл, қоңырға, ру, ата, әулетке бөлініп,өзіндік тіл, салт санасын қалыптастырған ұлт ұлыс болып, сол қалыптасқан кейпін сақтау үшін қан төгіп, жан беріп, жан алып қорғана тұра өзара қайтадан тоғысып, сіңісе бастайтыны несі?
Қазіргі араласып құрама атанған Американдықтарды ақ пен қараға, ұлт ұлысқа бөлуден қалған сияқты. Сөйте тұр қарасы қарамен, ағы ағымен, Европа тектесі батыстықтармен, Азиялықтар өзара мөңіресетіні бар! Мендағы қазақ атты тегімді қуып жүрген кейпім болса, мынау! Ертеңгі күні Аруана қалмақтарын өзейлеуі заңды құбылыс. Ал, ұл мен келін ше? Ешкімді өгейлемес сірә?! Осыны ойлағанда ұлт дегеніміз маңызды бола тұра мәні жоқ, қажет бола тұра керексіз, ажыраса тұра араласқыш, араласа тұра бөлінгіш, түсінуге ауыр ұғым сияқты. Неғылғанмен адам атты ақылды бола тұра ақымақ пенде отан, ұлт ұлыс, ұрпағы үшін өмірін сарп ететіні даусыз.
Мынау заманауидың ойшылдары осынау ұғымдардың құпиясын шешіп қиналудың орнына «Ғаламдану» атты ғажайыпты ойлап тапқаны ма, әлде әлемнің барлық сырын біліп алып, аралас-құралас, тоғысып-сіңісіп, «келешекке бірге ұмтылғаннан өзге амал жоқ» деп шешім шығарғаны ма? Жәрайды, бұған бола мендей пақырың миды ашытып, көк жұлын болмай-ақ қойсын! Кім болса да ел қатарында адамша өмір сүруге талпынуы заңды. Мен де сол үшін бақыт пен бейнет тоғысқан тағдырды бастан кешіп келемін емес пе?!…»
Бек балкон-текшеге шығып, таза ауамен кеудесін кере дем алған соң шылым шегіп аз тыныстады. Көпшілік көліктер түнде тоқтап, жеңіл машиналар зымырап өтеді. Жастар жарық көшелерді өрлеп-құлдап, тобымен, қосағымен шуылдасып, түнгі жым-жырт тіршілікке сән бергендей.
Қос ғашықтар көше бойындағы кәрі терек, жарық бағанасына сүйеніп немесе аялдама тақтасында ықтындап аймаласқаны Америка жастарынан айырмашылығы жоққа тән. «Қазіргі жастар бір ойлағанда бақытты заманда туып өскен. Қайда болса сонда ішіп-жеп, ойнап-күліп, әндетіп-билеп, улап-шуылдап, құшақтасып аймаласып, ырғап-жырғап жүргені!» деп ойлаған Бек жаурап қалғанын жаңа сезді.
Ол бөлмеге қайта кіріп, «Мини бар» деп аталатын салқындатқыштан бір шөлмек салқын сыра алып, шөлін басқаннан кейін телевизордың еркін арналарын ақтара бастады. Баяғы аймаласқан тыр жалаңаштар. «Қазіргі адамдар осынша ұят намыс дегенді ұмытқан жандар ма, әлде біздің бабаларымыз бен әке шешеміз махаббат, сүйіспеншіліктің сезімінен жұрдай мәңгүрт жандар болған ба? Әйтеуір үлкеннің алдында жастар, бала шағаның қасында ата-аналар аймаласып отырмаушы еді. Ендігі адамдар басына қонған бақытына мас болып, манаурап жүретін болғаны ма?» Бек телевизорды өшірді. Бөлме іші тым-тырыс, жым-жырт. Жұмсақ диванда аяғын көсіліп, екі қолын кеудесіне айқастыра қойған Бек шалқалай отырып тағы да ой ұшығын қуалаумен отыр…
«Бақыт» деген не? Қарын тоя жеп, иін тола киінуді, аспа-төкпе тіршілікті бақытқа балайтындар бар. Менімше, өз отаныңда, от басың аман, ойнап күлетін ұрпағың болса сол бақыт. Осынау өлшеммен қарағанда үйлі-баранды болып, ұрпақ сүйсем де «отан» атты ордасыз өткен мен бейбақ бақытты өмір кешпеген екенмін.
Жат жұрт, шалғай жерде басқаның ырқында бақытты өмір кешкеніме алданып Америкада қалуым керек пе? Басқаның жерін басып, дәмін татып, дәстүрін сақтау шынтуайтқа келгенде ішпек-жемек, ілмек-кимектің кейпі. «Басқа елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» деуші ме еді, біздің қазекеңдер? Америкада меншіктенген жерім бар, жиған мал дәулетім жеткілікті болса да кісі жеріндегі келімсектің бірімін.
Ал, туып өскен ел мен жеріме келгенде дүниенің барлығын басынан бастап, шыт жаңадан жасауым керек. Иә, өмір сүретін ортамды өзім таңдауға құқым бар. “ASIA”-ның бөлімшесін Алматыда құрып, “ASIA-ALATAU” деп атауым керек пе? Дүйсен ақсақалдың салған сара жолымен таудың бір қуысын мекенденіп, басқаның ырқында бақыт кешкенше өз еркіммен бейнет шегейін бе? Ұлым мен келінім: «Сіз солай-ақ болсын, біз үшін туып өскен отанымыз Америка! Біз осында кір жуып, кіндік кестік. Осы елдің ерікті азаматымыз! Бағымыз бен сорымыз осы елден! Осында қаламыз!» деп қара ағаштың бұтағындай қасарысса қайтемін? Олар осылай айтуға толық құқылы. Адам деген аштықты көтерсе де тоқтықты көтере алмайтын пенде ғой. Әнтек осынау заманға кеш жолықтым! Тағдырдың тәлкегін-ай десеңші!…
«Бейнет» деген не? Шөліркеп ашығуды, ауыр жұмыс істеуді, киімі жыртылып иіні түсуді бейнет көретіндер бар. Менімше, әке шешеден жетімдік көріп панасыз қалу, ұлттық отансыз кезбе аяқ болу, ұрпақ сүймей ізсіз ұмытылу бейнеттің үлкені! Мен бейнеттің талайын бастан кештім. Әлі де қандай ауыртпашылық алдымда күтіп тұрғанын қайдан білейін? Неғылғанмен адам тосыннан кезігетін қиыншылыққа алдын ала бекініп, дайын болуы шарт. Пәле қайдан, жала қайдан дейтін емес, бейнеттің ең ауыры өлім де бізді күтіп тұрғаны рас. Шындыққа мойын ұсынсақ өлімге де бекем болумыз керек емес пе! Өлімді-жітімді болдым деп өлгеннің артынан өлмек жоқ. Өлгенді бақиға аттандырып, туғанды жөргекке орап, тірінің тіршілігін жасау адамзат өмірінің заңдылығы.
Сонымен менің бұл жолғы сапарымның соңы ғұмырымның күні еңкейіп, көлеңкесі ұзарған шақта бейнетім мен зейнетімді шабыстырып ойлауға түрткі бодлы-ау деймін. Сапарымның мақсаты ақыры өмірімнің мәнін ұғынуға себепкер болуы да ықтимал ғой.
Ендеше «өмірдің мән-мағынасы» немен өлшенбек? Сау-саламат тірі жүру ме? Тірі жүрдім, көп жасадым дегенде алдыңа қойған мақсат жоқ, артыңа қалтырған ізің жоқ, өлгеннен кейін өгейленбесең не болғаны?!
Бүйтіп өмір сүргенше әуел баста бұл өмірге келмегенің абзал ғой. «Өмірге келмегенің» деймін-ау, әлбетте тіршіліктің түтінін тұтатып отырған бүгінгі кейпім туралы ойлап отырған жоқпын ба, мен бейбақ?! Атам айтушы еді, жарықтық аруағың разы болғыр: «Ер жігіт жақсы өмір сүріп, жақсы өлу керек» деп. Өмірдің мән мағнасы осы емес пе екен? Жақсы өмір сүру туралы түсінуге болатын шығар. Ал, «жақсы өлім» деп атам жарықтық нені меңзегені? «Алдындағы арманы биік, артындағы ізі анық» болуды меңзегені ме? Ақсақалдар: «Жасың ұзақ болсын, көп жаса қарағым!» деп жастарға бата беуші еді.
Көп жасағанмен алдына қойған мақсаты жоқ, артына қалдырған ізі белгісіз болса баяғы қу тіршіліктің құлы болу дегенге сайып келеді. Кейбір ақсақалдар: «Қарағым, жүз жаса!» деп те бата береді. Көпті көріп көз ашпай, көкірек соқыр қалпында жүз жасаған жан жүз жыл текке киім киіп, жүз жыл бойы ас ішіп, аяқ босатқан пенде болып шықпай ма?
Ендеше өмірдің мән мағнасы дегеніміз бақыт пен бейнет, туған отан мен тума құқық, мал дәулет пен рухани байлық сияқтылардың жиынтығы болса керек. Солардың барлығы бір жерден тоғысса игі деші?
Бірақ, солардың ең әуелгі маңыздысы қайсысы болғаны? Еркін құқық, рухани байлық, мал дәулетсіз өмір сүру мүмкін емес екенін өз басыммен сезініп, көзіммен көрдім. Олар болды дегеннің өзінде отансыз адам қорғансыз құлмен бірдей екеніне де көзім жетті.
Отанында отырып, адами құқықтан айрылып, мал дәулет пен рухани байлықтан айрылып, жат елде бас сауғалап өмірі өксіген адамның айпарадай мысалы мына, менмін!
Сондықтан, солардың барлығы бір жерден тоғысса ғана адам деген пендеңіз жырғаулы өмір кешуге болар. Басқаны мен пақырыңыз білмеймін. Енді ғұмыр бойы жинақтаған сол байлықтарды туған отаныма арнауым ғана қалған сияқты. Жалған нәубатқа ұшырап, тағдыр тәлкегін көрсем де билік басындағыларға өкпелемесем, туып өскен отаныма өкпелейтін орным жоқ. Қонуға алаң таппаған ұшақ, малтауға су таппаған балық, қайтуға жол таппаған жолаушы, қайта қонар жұрты жоқ адамның тағдыры не болмақ? Мен келер жолым даңғыл, қонар жұртым күреулі жанмын! Бұған ешбір пенде бөгет жасауға тиіс емес!…» Бек жоғын тауып, жолы ашылғандай кеудесін кере дем алып, «Үһ!» деді. Уақыт әбден кешкіріп, түн ортасы ауған шақ.

***

Әркімнің айтуына қарағанда Билл Ханс атанған Бек ақсақал кешікпей үйіне қайтқан деседі. Ол ойланып толғанумен, армандап көксеумен, шабыстырып зерделеумен ғұмырының соңын мән мағналы, саналы да салиқалы бодыру үшін алдына үлкен мақсат қойып, артына өшпестей із қалдыруға тырмысқаны даусыз. Әлбетте, не ойлап, қандай шешімге келіп, оны іске асыру жолдарын қалай жоспарлап, кесіп пішіп қойғанын келер күндердің өзі көрсетер.

(Монғол тілінде жарияланған алғашқы нұсқасын қайта өңдеп, қазақшаға аударған автордың өзі. 2016 жыл)

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *