Жастар және ұлттық мәдениет
19.08.2018 0 20 688
Гүлсім Нурадинова,
Қызылорда қаласы, М.Мәметова атындағы
гуманитарлық колледжінің оқытушысы
Ел басымыздың «Қазақстан-2030» атты еңбегінде ертеңгі күні ел тұтқасын ұстар азаматтардың бүгінгі өнегелі тәрбиесі, олардың бойына дүниеге деген жаңа көзқарастық бағдар-жекешіл, дербес дүниетанымдық бағдарды, қазақстандық Отанын сүйгіштік сезімді, нарықтық экономикалық қатынастар жағдайында жемісті еңбектенуге қажетті білімді, біліктілікті, дағды-шеберлікті сіңіру, қатаң бәсекелестік пен бұралаң бұрылысы көп жаңа бетбұрыстық жолда асқақ адамшылдық пен адамгершілік қадір-қасиеттерді, жұғымды мінез-құлық нормалары мен жоғары имандылық құндылықтарды, саяси кемелділік пен әлеуметтік белсенділікті қалыптастыру-уақыт талабы, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтің «Қазақстан-2030» атты еңбегінде жан-жақты негізделіп, нақтыланған міндеттер. Жастар мәселесін шешу және талқылау қазіргі қазақ қоғамының әлеуметтік саяси бағыттарының бірі болып саналады. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңына сәйкес мемлекеттік жастар саясатының мақсаты жастардың рухани, мәдени, кәсіби және физикалық қалыптасуына әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық шарттарын және кепілдіктерін қалыптастыру, жалпы қоғамның қызығушылығында оның шығармашылық қабілеттілігін ашу болып табылады.
Қоғамның мəдениетін, əлеуметтік, рухани өмірін дамытуда əр адамның жеке тұлғасы, азаматтық келбеті, адамгершілігі отаншылдығы, ұлтжандылығы, еңбекке деген шығармашылық қабілеті мен белсенділігі шешуші роль атқарады.
Бүгінгі заман талабына сай жас ұрпақты осындай тұлға етіп тəрбиелеуде шебер ұстаз — жетекшінің атқарар жүгі мол екендігі даусыз. Əрине, бұл жолда ұстаз үшін тəлім–тəрбие ісін жаңаша ұйымдастыру, жаңа тəрбие бағдарламалары мен тəрбие құралдарын қолдану негізгі басымдыққа ие болатыны анық. Эстетикалық тəрбие дегеніміз — жас ұрпақты өмірдегі, күнделікті тұрмыстағы, еңбектегі, табиғаттағы жəне əдебиет пен өнердегі əсемдікті, сұлулықты, асқақтықты, азаматтықты, адамгершілікті дұрыс қабылдап, түсініп бойына сіңіре білуге, əділ бағалауға, тіршілкте іске асырып отыруға баулу, əсемдікті тани, жасай білуге үйрету. Эстетикалық тəрбиенің мақсаты- əр адамның ақыл- ойын, əсемдік жөніндегі сауаттылығын арттырып, мінез- құлқының, тəн мен жанның қалыптасуына ықпал ету. Жасампаздықты мұрат тұтып, өзінің тұрмысын, мінез — құлқын, адамдармен қарым- қатынасын, ұйымдастыра білу қабілетін, қиялын, эстетикалық талғамын дамыту. Эстетикалық тəрбие жан — жақты дамыған, еңбексүйгіш, достыққа берік, жаны сұлу, əдепті жастарды тəрбиелеудің басты бір саласы.
Халқымыздың “Ақылды болсаң, əн тыңда”, “Əн — көңілдің ажары”, “Ауылдың алты ауызы”, “Қонақ кəде” айту, күй шерту, күй жарысы, айтыс, терме айту, сазды ойындар ойнау, би билеу сияқты құралдары жастарға отбасында, мерекелерде, той думандарда эстетикалық тәрбие берсе, салт-дəстүр арқылы да өз ұрпағын ізгілікке тəрбиелеген.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе»,-деп кемеңгер сөз шебері М.Әуезов айтып өткендей еліміздің жарқын болашағы үшін өскелең ұрпақ бойына саналы тәрбиені сіңіру мақсатында атқарылып жатқан мектебіміздегі осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына бек сенімдімін.
Ел қуатты болса, қуаныш та тұрақты болады. Ел Президентінің биылғы халыққа Жолдауында Мәңгілік Ел идеясына басымдылық берілді. Бұл идеяны жүзеге асыруда ұлағатты ұстаздардың атқарар жүгі салмақты екені сөзсіз. Осы жауапкершілікті сезінген сайын бала тәрбиесінің қыр-сырына тереңірек үңіліп, әр істе біліктілік пен парасаттылық таныту – сынып жетекшісінің абыройлы да қасиетті міндеті екенін терең сезінемін.
Жастар Қазақстан халқының жартысынан артығын құрайды және қоғамның белсенді бұл тобы ел болашағында шешуші роль атқарады. Жастар-еліміздің болашағы, ертеңі. Қоғамда пайда болған саяси вакуумға тез арада Шығыстан да, Батыстан да өзгенің бәрі құйыла бастайды. Басқа құндылықтарды бойларына сіңіртіп, рухани дүниесін өзгелерге билетіп қою еліміздің өркениеттілік деңгейін көтереді деп айту қиын. Қоғамның бейбіт өміріне қажетті озық игіліктерге жол аша келе, олардың дәстүрлі мәдениет пен отандық тарихтан алынған өмір үлгілерімен қосылу тетіктерін зерттеу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге жатады.
Қазіргі жастардың ұлттық құндылықтарды дәріптеп, рухани тәрбиелену мәселесінде. Сонымен қатар жаһандану үрдісінің жастарды өте белсенді, әрі психологиялық жағынан әр түрлі қылықтарға әкелуі аса маңызды. Жаңа саяси-әлеуметтік жағдайда республика үшін ғылыми негізделген өркениетті жастар саясатының қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр. Әр түрлі саяси ағымдардың жастарға тигізетін әсерлерінің молаюы мемлекеттен пәрменді жастар саясатын жүргізуді талап етеді.
Жастардың саяси санасы бос кеңістікте қалыптаспайды. Оған этникалық, діни, мәдени факторлар тікелей әсер етеді. Әсіресе, діни қайта жаңғырту түбегейлі саяси-әлеуметтік факторға айналып отыр. Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты-жастардың шығармашылық, жаңашылдық қуатын қоғамды алға бастайтын басты күшке айналдыру. Қоғамда елдің болашағын ойлап, дәстүрлі құндылықтар жүйесін сақтайтын жас ұрпақты тәрбиелеу, әлеуметтік-мәдени, саяси бағдар қалыптастыру зерттеу жұмысының өзектілігін айқындайды. Осы орайда еліміздің белгілі философы Д. Кішібековтың жалпы мәдениет пен өркениет атаулыны зерттеудегі жалпыәдіснамалық мәселенің бірі «қазақ қоғамының тарихи кешегісі мен рухани дәстүрін ескеру керек» дейтін пікірімен келісеміз.
Жастар мәселесі көптеген ғалымдардың зерттеулерінің объектісі болып, сонау антика кезеңіндегі Сократ, Аристотель, Платон, орта ғасыр кезеңінің философтары Августин, Макиавеллиден бастап жаңа заман философтарының философиялық идеяларынан бастау алған. Тақырыпта негізгі зерттеу объектісі болып табылатын жастардың мәселесімен терең айналысқан бірнеше ғалымдарды айтуға болады. 1990-жылдардан бастап, жастар тақырыбы ғылымның түрлі салаларын (саясаттану, философия, педагогика, тарих, әлеуметтану) қызықтыруда. Г.Ж. Жұмалиеваның, Ш.М.Мухтарованың, Г.Т.Алдамбергенованың, Н.М.Кудроның зерттеулері жастар мәселесі бойынша жазылған соңғы еңбектер қатарында. Д.К.Кішібеков, Ә.Н.Нысанбаев, А.Қасабек, Ж.Молдабеков, С.Е.Нұрмұратов, Н.Ж.Байтенова, Р.Б.Әбсаттаровтың, Г.Т.Телебаев, М.Б.Тәтімов және де басқа ғалымдар қоғамды қозғаушы жастардың интеллектуалды және инновациялық мүмкіндіктерін пайдалану мәселелерімен айналысты. Соның ішінде студент жастардың мәселелері жеткілікті деңгейде ғылыми зерттеудің пәні болып келеді. XX ғасырдың басынан бастап әдебиет жанрында студенттік өмірге арналған сұрақтар қарастылған еңбектер жарыққа шыға бастады. Қазіргі зерттеушілердің көпшілігі 1900-1909 жылдары студенттердің әлеуметтануы пайда болды деп есептейді.
Беделді зерттеушілер қазіргі жастар субмәдениетін зерттей отыра, олардың қатты өзгеріске ұшырағандығы туралы қорытынды шығарды. Бірақ та бұл туралы зерттеулердің мазмұны және тереңдігі аз зерттелген деңгейде. Жастардың әлеуметтік-саяси құндылықтары, тұлға ретінде қалыптасуындағы құндылықтық көзқарастарық бағдары, оқу-тәрбие процесіндегі саяси бағдарларының қалануы және студенттік өзін-өзі басқарудың жастардың әлеуметтенуінде басты фактор екендігі жөнінде еңбектердің авторларына: Б.Қ. Мұхамбетжанов, Е.Б. Әбдырайымов, Г. Абдираимова, Ж.К. Түймебаева, А.М. Канагатова, Э.О. Столярова, П.А. Добряев және т.б. Жастар ортасында саяси мәдениеттің қалыптасуы, жастардың маргиналдық мәдениеттің ерекше объектісі мен субъектісі болатындығы туралы мәселелер, жастар тұлғасының мәдениеті және т.б. мәселелер А.Р. Масалимова, Б.Қожамберлиев, Б.С. Қабыкенова, Э.К.Қалымбетова, Б.И.Иманбекова, Ш.О.Омаров,Т.К.Биғожанов, Д.А.Калетаев, В.И.Зыряновтың жұмыстарына арқау болды.
Қазақстандағы жастар мәселесі — ТМД және Отандық ғылымда әр қырынан, түрлі салаларда зерттеліп жүрген мәселелердің бірі. Қазіргі кезеңде философиялық, мәдениеттанулық, әлеуметтік-пси-хологиялық және педагогикалық концепциялар негізінде жастар мәселесін зерттеу деңгейі жоғары деңгейде. Жастардың әлеуметтік-мәдени бағдары және жастар мәселесі туралы ой-пікірлер айтқан шетелдік және Отандық ғалымдарды ерекше айтып кетуге болады.
Жастарды әлеуметтік жағынан терең зерттеген ғалымдар қатарына С.Н. Быков, А.А. Матлуенис, А.А. Мансуров, Л.Я. Рубина, З.А. Саар, В.Г. Лисовский, В.Л. Оссовский және т.б. еңбектерін келтіруге болады. Ф.Р. Филиппов пен М.Н. Руткеевич зерттеулері де жастар мәселесін тереңірек қарастырды. В.Н. Шубкинмен бір мезгілде дерлік Сверловскіде Ф.Р. Филиппов пен М.Н. Руткеевич зерттеулер жүргізе бастады.
Олардың зерттеу тәсілдерінің өзіндік бір ерекшелігі мынада еді, жастар мәселелері кеңес қоғамының әлеуметтік құрылымын жаңғырту мен ұрпақаралық әлеуметтік өзгерістер арқылы қаралды.
Қоғам дамуының үш құраушысына баса назар аударылды: қоғамдық қажетіліктер, білім беру жүйесі мен жастар, сондай-ақ олардың арасындағы қарама-қайшылықтар.
Жастар мәселесіне қатысты негізгі зерттеулерді ленинградтық мектеп ұсынған әлеуметтік-психологиялық сала. Лисовскийдің бастамасымен жұмыс жасайтын бұл сала эмпирикалық материалдың негізінде студент жастардың тіршілік әрекетінің үлгілерін жасады. Оның жастар мәселесіне арналған көп кітаптары 60-жылдардың соңынан бастап осы уақытқа дейін жастардың мәселелері жөніндегі ақпараттың негізгі әдіснамалық дереккөзі болып келеді.
Ал осы ленинградтық мектеп аясында өз қызметін бастаған И.С.Кон жасөспірімдік шақ пен Батыста кең тараған бағыт-жастардың субмәдениеті психологиясымен айналысқан. Жастар мәселесін жан-жақты қарастырғанымен, қазіргі информациялық, техногендік кезеңде бұл тақырыптағы зерттеулер әлі де жеткіліксіз. Жастардың әлеуметтік бейімделу, мәдениет саласындағы, саяси процеске қатысуындағы белсенділіктері жөнінде терең сараптамалар жасау бүгінгі күнде басты міндет.
Уақыт өткен сайын жастар арасында әлеуметтік-саяси, мәдени құндылықтар өзгеріп, дүниеге деген жаңа көзқарас пайда болады. Бүгінгі жастардың қоғамдағы белсенділіктерін және олардың өміріндегі дәстүрлі құндылықтардың ролін анықтау өте маңызды. Сондықтан да қоғамдағы қазіргі қазақ жастарының мәселесін жан-жақты зерттеу ізденісімнің өзіндік ерекшелігін білдіреді.
Негізгі мақсаты – қазіргі жастардың ұлттық мәдениеттегі орнын, соның ішінде ұлттық құндылықтарды бағалау ерекшеліктерін көрсету. Қазіргі жастарға әлеуметтік-мәдени топ ретінде мәдениеттанулық талдау жасау. Осы мақсаттарға жету үшін мынандай міндеттер белгіленді:
— қазіргі жастардың әлеуметтік бітім-болмысын, тұлғалық кескінін, азаматтық-адамгершілік сипатын анықтау;
— жастардың құндылық бағдарларын және оқу-тәрбие процесіндегі белсенділіктерін сипаттау;
— қазіргі жастар ортасындағы девианттық мінез-құлықтың пайда болу себептерін көрсету;
— жастардың ұлттық құндылықтарды бағалау деңгейін сараптау;
— бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктердің жастардың саяси мәдениеті мен әлеуметтік белсенділігін қалыптастырудағы ролін анықтау және жастардың ұлттық мәдениетті сақтаудағы әрі дамытудағы зор рухани қуат екендігін негіздеу.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміз – біздің басты байлығымыз. Қасиетті де киелі қазақ жерін, қазақ болмысын сақтап қалу – бүгінгі үлкен мәселенің бірі. Жаһандану дәуірінің өзіндік жақсылығы мен қиындығы қатар жүруде. Ұстаздарымыз үлкен сын сағатында тұр. Әрине, қай кезде де бала тәрбиесі оңай мәселе болмаған. Сәл ғана қателік жіберсең, жас өскінді сындырып алуың әбден мүмкін.
Еш нәрсені де көзден таса етпей, өзіңе тапсырылған сыныптағы әрбір баламен тиянақты, жан-жақты тәрбие жұмысын жүргізу – ұстаздардан үлкен біліктілікті, тәжірибені, жан-жақтылықты талап етеді.
Ұстаз ең бірінші өзі балаға үлгі бола алатындай тұлға болуы керек. Ұстаздың бойындағы ақыл-парасат, терең білім, кәсіби біліктілік, сабырлылық, ұлтжандылық, ізде-німпаздылық, өз кәсібіне адалдық, ең бастысы, баланы сүйетін үлкен жүрек иесі болу – бала тәрбиесіндегі ұстаз жетістігінің басты шарттары деп түсінемін.
Ел Президенті ұсынған Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыру барысында ұлттық тәрбиеге баса назар аудару керек. Ұлттық тәрбиенің негіздерін басшылыққа ала отырып, оны мектептегі тәрбие жұмыстарына кеңінен қолдану – ұлт болмысын сақтап қалудың негізгі діңгегі болмақ. Бүгінгі балаға ақпарат кеңінен берілуде. Сол беріліп жатқан ақпараттарды дұрыс қабылдап, талдай білуге баланы үйретуде ата-ананың атқарар міндеті зор. Жақсының не екенін, жаманның не екенін білуге үйретуде сынып жетекшісінің де табанды еңбегі керек.
Халықтың жаны – ана тілінде. Ұстаздар үшін тәрбие көзі бола алатын тарих та, асыл сөз де, асқақ рух иелері болған, балаға үлгі бола алатын дана да батыр бабаларымыз жетерлік. Тек осы рухани байлығымызды саф алтындай жарқыратып балаға көрсете білсек, бала да оны көре біледі, қызығады және қабылдайды. Ұлттық рухта тәрбиеленген бала – сол ұлттың болашағы бола алады.
ХХІ ғасыр адамы – адами қасиеті қалыптасқан, ұлтжанды, жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, терең білімді, жаңалыққа құмар, бәсекеге қабілетті, салауатты өмір сүре алатын, шығармашыл тұлға болуы керек.
Бала тәрбиесі – ұстаз бақыты. Ендеше, бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ үшін сапалы адам тәрбиелеуде аянбай еңбек етейік. Біз Мәңгілік елдің Мәңгілік халқымыз!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.