Алыста қалған асыл ер Алыста қалған асыл ер
Әбсаттар Дербісәлі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Тараздан профессор Сәмен Құлбарақ мырза телефон соғып, Қазақстанның Үндістандағы... Алыста қалған асыл ер

Әбсаттар Дербісәлі
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры,
Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Тараздан профессор Сәмен Құлбарақ мырза телефон соғып, Қазақстанның Үндістандағы төтенше және өкілетті елшісі Болат Сәрсенбаев мырзадан Кашмирдегі «Мазар-и Салатиндегі» – «Сұлтандар мазарындағы» Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) зиратын Үндістан тарапы жөндеп, ретке келтіргенін, соған байланысты оны ресми түрде ашуға М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті де қатысса деген ұсыныс түскенін хабарлады.
Тараз университеті көрнекті мемлекет қайраткері, тарихшы ғалым, ақын Мұхаммед Хайдар Дулати атын алып, онда ғылыми-зерттеу орталығы ашылғалы академик Әлкей Марғұлан айтқандай қазақтың тұңғыш тарихшысының өмірі мен шығармашылық тұлғасын зерттейтін бірден-бір орталыққа айналды. Онда 2 жылда бір рет Мұхаммед Хайдар Дулати оқулары өткізіліп тұрады. Оқуларда тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдерінің тарихшы, әдебиетші ғалымдары да бас қосып жүр. Материалдары жеке жинақ болып жариялануда.

%d0%ba%d1%83%d0%bb%d0%bf%d1%8b%d1%82%d0%b0%d1%81
Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметқали Сарыбеков мырзаның білім ордасына жаңадан қабылданған студенттерге тарихшы, ойшылдың өмірі мен шығармашылығын сөз ететін лекция оқуы да дәстүрге айналды.
2017 жылдың күзінде Орталыққа жарты жүктемемен мен де профессор етіп қабылданған болатынмын. Өйткені Орталық жұмысы баяулап қалуына байланысты, осы істі қарқындатуға қолқабыс тигізсе деген ниет болса керек. Сонымен Сәмен Құлбарақ мырза айтқандай университет ректоры, профессор Махметқали Нұрғалиұлы мырзаға өз ойларымды айтып төмендегідей хат жібердім.
«Құрметті
Махметғали Нұрғалиұлы!
2017 жылдың 15-қарашасында уни-верситеттеріңіздегі М.Х.Дулати атындағы ғылыми-зерттеу Орталығының директоры Сәмен Құлбарақ мырза сіздің тапсырмаңыз бойынша хабарласты. Соған байланысты төмендегідей ой-пікіріммен бөліскенді жөн көрдім.
Делидегі елшілігіміздің ұйым-дастыруымен Кашмирдегі М.Х.Дулати зиратының жөнге келтірілгені дұрыс болған. Сол себепті оны салтанатпен ашу, Кашмир университетінде бірлескен халықаралық конференция өткізуді де орынды іс санаймыз. Мен «М.Х.Дулати Кашмир тарихында» атты баяндама жасауға дайынмын.
Елшілік пен Кашмир университеті басшылығына төмендегідей ұсыныс жасалса:
– Қазақстан делегациясы Срина-гардағы М.Х.Дулати жерленген «Мазар-и Салатинге («Сұлтандар мазарына»)» барғанда онда ғалым баба рухына Құран оқылса;
– Кашмир университетінде бірлескен халықаралық конференция өткізілсе (мен өз тақырыбымды көрсеттім); Конференцияға «Мұхаммед Хайдар Дулати – Үндістан мен Қазақстан арасындағы алтын көпір» деген тақырып қоюға болар еді.
– Делегация Кашмирдің орталық өлкелік мұражайына барса;
–М.Х.Дулатидің резиденциясы болған Кашмирдегі Андаркөл-Индракотқа зиярат жасалса;
– Сринагар маңындағы М.Х.Дулати қаза тапқан жерді де барып көрсе. Егер кашмирліктер ол жерді білмейтін болса,онда мен өзіммен бірге оның қайда екені жазылған тарихи мағлұматты ала барам. Ол қазіргі Сринагар әуежайына жақын маңда;
– Елшілік Үндістанның Кашмирдің Премьер-Министрі, оқу, ғылым, білім министрі, Кашмир университеті ректорының ресми қабылдауын ұйымдастырса.
Нью-Делидегі Қазақстан
елшілігіне ұсыныс
1. Делегацияның Үндістанның патшасы болған Нью-Делидегі Һумаюнның кесенесіне;
2.Делидегі Бабыр салдырған орталық тарихи мешітке;
3. Һумаюнның резиденциясы болған «Пурана қилаға»;
4. Делидегі Қызыл қамалға;
5.Делидегі Бабыр және оның ұрпақтары салдырған өзге де сәулеттік маңызы бар ескерткіштерге баруы жоспарланса;
6. Нью-Делидегі Абай ескерткішіне гүл қою;
7.Нью-Делиде (елшілікте) М.Х.Дула-тидың Үндістандағы зерттеушісі профессор Мансура Хайдармен ұшырасып, сұхбаттасу;
–Нью-Дели шетіндегі тарихи Тұлғақабад қалашығына; ондағы имам Замин Түркістанидың кесенесіне зиярат жоспарланса;
– Үндістан астанасына барған соң Дели мен оның тарихи жерлерін көруге 1 күн керектігі ескерілсе;
– Сринагардан Делиге қайтқанда да Нью-Делиде бір күн болуы қаперде болса; Нью-Дели кітап дүкендерінен М.Х.Дулати орталығына қажет кітаптарды іздеу, алу қажеттігі жадымызда болса;
– Делиден 180 шақырым Аградағы «Тадж Махалға зиярат жасау да ескерілсе;
–Егер қажет болса делегацияның Джавахарлал Неру, Дели уни-верситеттерінде кездесуі ұйым-дастырылса.
Делиде, Кашмирде елшіліктің, Кашмир аймағы мен университет басшылығына халқымыздың салтымен жақсы шапан жабуды да ұмытпағанымыз дұрыс.
Басқа да ұсыныстар болса, тағы да хатпен жіберермін.
Бұл ілуде бір болатын маңызы зор экспедиция болғандықтан, делегацияның барлық жұмысын суретке, видеоға түсіру жағы да ескерілуі тиіс. Егер делегациямен ондай мамандар алып бару қиын болса, онда оларды елшілігіміздің ұйымдастыруымен Делиден де табуға болады.
Құрметпен, Әбсаттар Дербісәлі»
Қазақстанда бұрындары азын-аулақ тарихшылар болмаса жалпы жұрт Мұхаммед Хайдар Дулатиді біле бермейтін. Өзбек ғалымдары 1996 жылы Ақсақ Темірдің туылғанына 660 жыл толуына байланысты Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашидиін», мен 2007 жылы «Жаһаннаме» поэмасын Қазақстанда шығарғаннан бері жұрт қазір оны әжептәуір біліп қалды.
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати көрнекті мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, тарихшы ғалым, ақын. Ол XVI ғасырда ғұмыр кешті. Өмірінің көпшілік бөлігі Орта Азия мен Шығыс Түркістан, Тибет пен Үндістан елдерінде өтті. 1540-1551 жылдары Кашмирдің жеке дара билеушісі болды.
Ол Орта Азия халықтарының тарихы, этнографиясы мен географиясы, тілі мен әдебиеті, мәдениеті, жайын сөз ететін «Тарих-и Рашиди» және «Жаһан наме» атты классикалық шығармалардың авторы. Ақындық та мәдениеті жоғары ғалым баба нені сөз етсе де, нендей жайтты суреттесе де оған азаматтық көзбен қарап, шындық тұрғысынан келуге тырысқан.
Сонымен жоғарыда айтылғандай алдын ала дайындықтан кейін 2018 жылдың 23 қаңтары күні Алматыдан Делиге ұшып шығып, 4 сағаттан кейін Үндістан астанасындағы Индира Ганди әуежайына қондық. Бұл менің Үндістанға жасалған 6-сапарым екен. Соңғы рет 2008 жылы Делиде өткен халықаралық конференцияға қатысқан едім. Содан Алла тағала нәсіп етіп он жылдан соң мұнда тағы да келіп отырғаным.
Әуежайда бізді Елшіліктің жауапты қызметкерлері қарсы алды. Делиде жаңбыр сіркіреп тұр. Жалпы Үндістанда жаңбыр маусым, шілде, тамыз айларында ғана жауады деседі. Мен мұнда бұрындары желтоқсан, қаңтар айларында келетінмін. Онда күн жарқырап тұрушы еді. Дели бұл жолы сөйтіп бізді жаңбыр төге қарсы алды. Сәлден соң машиналарға бөліне жайғасып қалаға тарттық. «Умрао» атты қонақүйге келіп түстік. Түскі астан соң елшілікке бардық. Елшіміз Болат Серғазыұлы Сәрсенбаев деген азамат екен. Бұған дейін ол Қазақстанның Иорданиядағы елшісі болған. Жақсы қарсы алды.
Делиге біз 9 кісі болып келдік. Менен басқалар: Тараз университетінің ректоры Махметқали Нұрғалиұлы Сарыбеков жұбайымен, Дулати университетінің Дулати ғылыми-зерттеу Орталығының директоры, профессор Сәлмен Құлбарақ және ағылшын тілінің маманы, тәржімашы. Делегацияда сондай-ақ, оқу орнының «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі профессор Айгүл Қабиева ханым бастаған бірнеше студенттер де болды. Мақсат – тек ғалымдар ғана емес, сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулати жұртының бүгінгі ұрпағы қазақ халқының әндері мен күйлері, биін орындап, үнділіктерді, кашмирліктерді өнерімен де таныстыру. Делегация сөйтіп үнді жұртына осындай да игі мақсаттарды мұрат ете жолға шығып еді.
Делегация ішінен елші мырза Махметқали екеумізді қабылдады. Әңгіме барысында ол мені жақсы білетіндігін байқатты.
Әл-Фараби атындағы КазМУ-де проректор кезіңізде жолыққаным бар деді. Сонымен елшімен бір сағаттай сұхбаттастық. Осыдан бірнеше ай бұрын Болат Серғазыұлы Махметқали Сарыбековке төмендегідей хат жібергенінен хабардар едім.
«Соңғы кездері Қазақстан-Үндістан арасындағы мәдени-гуманитариялық салаларда өзара ынтымақтастық қарышты даму үстінде екендігін хабарлаймыз.
2015 жылы 16-19 қарашада кезекті іс-сапармен ҮР Джамму мен Кашмир штатына барып, онда штат губернаторы Н.Вохрамен және Кашмир университетінің ректоры, профессор Х.Андрабимен кездесулер өткіздім.
Кездесу барысында белгілі тарихшы, қоғам қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірбаянын айтып, оның қабірінің бұзылуы себебінен, оған жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныс енгіздім. Осындай тарихи нысандарға бақылау орнатып, жөндеу жұмыстарын жүргізетін Үндістанның «Археологиялық шолу» (Archaeological Survey) атты ұйымының директоры Р.Тиваримен де кездесулер өткізіп, жөндеу жұмыстарын қолға алуын сұрадым.
Аталған кездесулердің нәтижесінде үнді тарапы М.Х.Дулатидің қабіріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастағанын мәлімдеді. Қабірінің жанына қазақ, ағылшын және урду тілдерінде М.Х.Дулатидің өмірі мен қызметін баяндайтын ақпараттық тақта (информационная табличка) орнату жөнінде үнді тарапымен шешімге келдік. Осыған орай сол тақтаға жазылатын мәтінді жіберуді сұраймыз. (Ол соңыра жіберілді).
Екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту барысында өзіңіз басқарып отырған М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Кашмир университеті арасындағы 2016 жылы тамыз айында қол қойылған өзара түсіністік меморандумын атап өту керек деген ойдамыз. Жақсы басталған екіжақты ынтымақтастық болашақта серпін алып, үдей түседі деген үміттеміз.
Осы Меморандум шеңберінде Кашмир университетінің жанындағы Орталық Азияны тану орталғының қызметкері Вилал А.Малик (Bilal A.Malik) көмек көрсетуді сұрайды. Ол «Қазақстандағы дін мен саясат: ұлттық мобилизацияны және ислам белсенділігін зерттеу» (Religion and Politics: A Study of Nationalist Mobilization and Islamic Activism) атты тақырып алып, PhD дәрежесін қорғау мақсатында жұмыс істеуде. Осыған орай, мүмкіндігіне қарай Б.А.Маликті университеттің бір жатақханасына орналастырып, ғылыми жұмысына тиісті көмек берілсе жөн болар еді деген ойдамыз».
Елші — Б.Сәрсенбаев

Кашмир қазір Үндістаннан азаттық алу үшін күрес жүргізіп жатыр. 2017 жылы ғана үнді әскерлерімен болған шайқастар мен қақтығыстарда Кашмирде 500-дей адам мерт болған. Осындай күрделі жағдайға қарамай Болат бауырымыз Мұхаммед Хайдар Дулатиге байланысты Кашмирде жоғарыда хатта айтылғандай біраз игілікті істерді жүзеге асырған.
Болаттың айтуынша, «Кашмир халқының кейбірі Мұхаммед Хайдарды біздің елді басып алған деп есептегендерімен көпшілігі (суннитер) дұрыс көзқараста көрінеді. Делиге аттанарға бір күн қалғанға дейін Үндістан жағы біздің делегацияға виза беруді кешеуілдетті. Тіпті бір күн қалғанға дейін виза мәселесі шешілмеді. Одан елшілік хабардар болып отырды. Сол себепті Болат мырза Үндістанның Ішкі істер министрінің орынбасарына дейін қоңырау шалған. Визаның кешеуілдете беруілінің бір себебі делегацияның Кашмирде болғандағы қауіпсіздік мәселесі. Әйтсе де 22 қаңтар күні Қазақстан делегациясының Кашмирге келуіне үнді тарапы рұқсат берді. Сіздер солай қиыншылықпен келдіңіздер» дейді елшіміз.
Елшіліктен шыққаннан соң күн батқанға дейін Делидің оңтүстігіндегі Үндістанның ежелгі астанасы Туғлақабадты көрдік. Мұнда ортаазиялық түркі текті бабаларымыздың ізі қалған. Онда түрлі ислами жәдігерліктері бар-ды. Құтб минар деп аталып кеткен тарихи қалашықта, ортағасырлық ислам қайраткері Имам Замин Түркістанидің (?-1539) кесенесі бар-ды. Ол кезінде Бабырдың Үндістанға ту тігіп, иемденуіне қолынан келгенше көмек көрсеткен. 1539 жылы қайтыс боларының алдында, көзі тірісінде оған Бабырдың үлкен ұлы, Үндістан билеушісі Һұмаюн (1508-1556) кесене салдырған. Имам Замин 1539 жылы дүние салған соң, сонда жерленген. Ол туралы кезінде мен жазғанмын.
Делидеміз. Таң атты. Күн ашық. Кешегіден гөрі жылылау. Түске таман әуежайға келдік. Сағат 14.00-де «Индиго» әуекомпаниясының ұшағына отырып Кашмирді, яғни оның астанасы Сринагарды бетке алдық. Бір сағат 30 минуттан соң Гималайдың Пир-Панджал жоталарынан астық. Олардың бас жағы қар, етек жағы құрғақ.
Сринагар әуежайына жайлы қондық. Әуежай жаңадан салынған сияқты. Бұрындары ескілеу еді. Қала толы әскерлер. Бізді Кашмирдің ресми кісілері күтіп алды. Соның біреуі өзін Аффан деп таныстырды. Жас жігіт Кашмирдегі Йасауи қорының басшысы екен. Иә, сөйтіп Кашмирде Йасауи қоры да бар екен.
Машиналарға бөліне жайғастық. Алдымыздағы джипте 4-5 автоматшылар, артқы машинада да соншама сарбаздар күзетіп келеді. Болат Серғазыұлы екеуміз бір көліктеміз. Көшелер шетінде әрбір 30-50 метр сайын автомат асынған сарбаздар тұр. Кейбір көше қиылыстарына пулеметтер қойылыпты.
Болат Серғазыұлымен әңгімелесіп келеміз. Сринагар майдан шебіндегі қала дейді ол. Тек 2018 жылдың қаңтар айындағы ғана мұнда 50-ден астам адам оққа ұшқан. Біздің келетіндігімізге байланысты күзет күшейтілген. Әуежайдан шығып сәл жүрген соң, джибіміз тоқтады да, жүргізуші қасында отырған азаматқа көше бойында тұрған бір кісі пистолет берді де бірдеңе деді. Бұл кім, неге пистолет беріп жатыр деймін елшімізге. Әлгі кісі мына жігітке «Қауіпті сәт туындай қалса, ата бер» деді дейді.
Біз келе жатқан бас көше. Үкімет адамдарды да осы көшемен жүретін көрінеді. Сол себепті де күзет күшті. Міне, алдымыздағы Желам (кашмирліктер Жәһлім дейді екен) өзенінен де өте шықтық. Онда су жоқ. Табаны көрініп жатыр. Желам Гималай таулары мұздақтары мен еріген қар суларынан жиналып, қала ортасымен ирелеңдей ағып, батысқа Пәкістан жақты бетке алады. Суы жазда көкпеңбек боп ағады.
Сонымен ілгері жүріп отырып маған таныс, бұрын да бірнеше рет көрген, Дал көліне де жеттік. Оның шығыс шетін бойлап келеміз. Сәлден соң батыс жағындағы «Кашмир университеті» деген жазуы бар студенттер қалашығына жеттік. Күзетті әрі қарай университет жүзеге асыратын болған соң, сарбаздар осы жерде қалып қойды.
Ректорат алдына келіп тоқтадық. Ішке кірдік. Ректор күтіп отырған залға келдік. Ол жалғыз емес екен. Декандар, кафедра меңгерушілері, студенттер, магистрлер, PhD докторлары жиналыпты. Әңгіме әуелі танысудан басталды. Екі жақ та өз делегация мүшелерін атап шықты. Кашмирліктер негізінен университеттің белгілі ғалымдары болып шықты. Іштерінде физик те, географ та, әдебиетші, тарихшы, биолог, химиктер де бар. Әуелі Тараз бен Кашмир университеттері арасындағы суыңқырап қалған байланысты қайта жалғастыру, алыс-беріс мәселелері талқыланды. Өз ойларымызды ортаға салдық. Мұхаммед Хайдар Дулати атын алып отырған Тараз университетінде қандай мамандықтар бар, олардың қайсысы заманауи екені және т.б. жайттар айтылды. Сұхбат барысында университет басшылары өзара ұсыныстарды қабылдап, әріптестік қатынастарға дайындықтарын білдірісті.
Ұшырасу бірер сағатқа созылды. Университет жанында мешіт те бар екен. Азан шақырылды. Әңгіме осымен біткен соң, университет мейманханасына барып жайғастық. Бөлмелер салқын. Кашмирде үйлерде от жағылмайды. Біздегідей батареялар жоқ. Тек электрмен жылыту жиһазы ғана бар. Кешке бәріміз бірігіп ас іштік. Кашмирліктердің астары Үндістанның өзге де жерлеріндегідей өте ащы. Сондай болса да жүрек жалғағандай болдық.
Елшіміз Болат мырза әңгімешіл. Тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесі бар. Көп нәрсе біледі. Астан соң да біраз сұхбат құрдық. Сонан соң демалуға тарқастық. Ертең көп іс күтіп тұр.
Тағы бір таң атты. Күн салқын. Ызғар бар. Терезеден қала жақсы көрінеді екен. Сринагарды қоршап жатқан Гималай таулары мен оның Пир Панджал жоталары менмұндалап тұр. Қала шетіне жете жығылып жатыр. Жоғарыда университет қалашығы Дал көлінің жағасында дедім. Таңғы шайдан соң жеңіл машиналарға бөліне жайғасып, осы көлдің батысындағы ескі қалашыққа бет алдық. Біз бара жатқан «Мазар-и салатин» Сринагардың ескі махалласында еді. Ұзамай діттеген жерімізге жеттік. Желам өзенінің жағасындағы «Мазар-и салатин» маған таныс. Мұнда бірнеше рет болғанмын. Қазіргі сапардың алдындағы 2007 жылы жасаған зияратым жайлы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Шежіресінде» жазылған. Реті келіп тұрған соң үшінші жақтан баяндалған сол жолдарға назар аударайын.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» түсіру тобы (режиссер Калила Омаров, оператор Мұстафа Өсер) қазақтың тұңғыш тарихшы ғалымы, көрнекті мемлекет қайраткері, әдебиетші, ақын XVI ғасыр ойшылы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) туралы деректі фильм түсіру мақсатымен Үндістанда болып қайтты. Фильмнің бас кеңесшісі Әбсаттар қажы Дербісәлі. Топ Делидегі Құтб минар, Тоғлықабад, Пурана қила, Һұмайун (1508-1556) кесенесі мен Қызыл қамалда болып, М.Х.Дулати болған тарихи, мәдени нысандарды түсірді.
Қазақстан елшілігінде М.Х.Дулатидің Үндістандағы үлкен зерттеушісі, тарихшы проф. Мансура Хайдардың ұлы баба жайлы ой-пікірлері таспаға жазылды және 1540 жылы мамырда М.Х.Дулати мен Һұмайун патшамен Үндістан тағына таласқан ауған текті әмірші Шер Шаһпен (1472-1515) шешуші шайқасы өткен Ганга өзені жағасындағы Канауджге барып, ұрыс болған жерлерді де фильмге арқау етті.
Сонан соң Аградағы әлемнің жеті кереметінің бірі Бабырдың ұрпағы Шаһ Жаһан (1592-1666) салдырған Тадж Махал мен Агра фордты (қамалды), Сикандрадағы Һұмайунның ұлы Акбар шаһ (1542-1605) кесенесіне зиярат жасады.
Түсіру тобы сондай-ақ Мұхаммед Заһир ад-Дин Бабырдың (1483-1530) Дели сұлтаны Ибраһим лодимен (?-1526) Үндістан тағы үшін 1526 жылы кескілескен соғысы болған Панипатқа барып, оны да түсірді.
Шығармашылық топ Кашмирге сапар шегіп, «Мазар-и салатиндегі» – «Сұлтандар мазаратындағы» М.Х.Дулати зиратында болып, дұға жасады. Оны және Сринагар маңындағы М.Х.Дулатидің резиденциясы – патша сарайы болған Индаркотты тауып, фильмге түсірді.
Түсіру тобы сондай-ақ М.Х.Дулати жүрген, тыныстаған Кашмирдегі Желам өзені бойында да бірқатар түсірулер жасады. Кашмир университетінде болып, оқу орны басшылығымен, ғалымдарымен ұшырасты. Кашмир халқы М.Х.Дулатиді, үлкен парасат иесі, ойшылды жақсы білетіндіктерін мәлімдесті. Олардың М.Х.Дулати туралы ой-пікірлері де таспаға жазылды.
Жалпы Үндістан халқы және Кашмир жұрты да Мұхаммед Хайдар Дулатиге құрметпен қарайтынын байқатты. Ол өзі патшалық еткен кезде елдің мәдени, рухани өміріне үлкен қамқорлық жасаған. Балалардың түгелдей мектепке тартылуын қадағалаған. Үндістан және Кашмир зиялылары екі елдің мәдени және рухани байланысын қалпына келтіріп, жандандыру мәселесін жиі көлденеңдетті.
Бас мүфти Делиде Қазақстан елшілігі еліміздің тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған іс-шараға қатысты. Елшілік тәуелсіздік күніне орай «Көшпенділер» фильмін көрсетті. Одан соң елші Қ.Омаров (қазір Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілі) сөз алып, іс-шараға жиналған Үндістанның зиялы қауымы, дипломатиялық корпус һәм шетелдердің осы жұрттағы елшілік қызметкерлеріне Бас мүфтиді таныстырды. Дінбасы қазақ елінің тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, ұлттар мен ұлыстар, діниаралық достық, Қазақстан мен Үндістанның сан-салалы достық қарым-қатынасы, өздерінің бұл елге келу мақсаты, атқарған іс-шаралары туралы әңгімеледі, көптеген сұрақтарға жауап берді» деп жазылған.
Сонымен «Мазар-и салатиндегі» зираттар ортасымен өтіп, қабірстанның солтүстік бөлігіне келдік. Ғалым баба зираты шынында да біраз жөнге келтіріліпті.
Мырза Хайдардың зиратына 1551 жылы ол қаза тапқан соң, құлпытас қойылған. Ол тұт ағашының солтүстік жағында, ал оның оңтүстігінде 1822 Ұлыбританияның атбегісі У.Муркрафт (1770-1825) Кашмир сапарында «Мазар-и салатинде» болып, ғалым зиратына екінші құлпытас қойдырған. Онда тағы да бірнеше үлкенді-кішілі құлпытастар бар. Мен оларды Мұхаммед Хайдар Дулатидің өлтірілген отбасы мүшелеріне қойылған деп ойлағанмын. Қазір де сол пікірдемін. Оны жоққа шығаратын нақты деректер әлі әзір табылған жоқ. Тас та, ондағы жазулар да біраз ескірген.
Енді осы екі құлпытастардағы жазуларға назар аударайық.
Сонымен 1551 жылы қойылған алғашқы құлпытас және ондағы жазулар не дейді? Үлкен тұт ағашының арғы жағында ұзындығы шамамен 1 метр 15 сантиметр, ал көлдеңені 70 сантиметрдей бір көне құлпытас жатыр. Тастың етек жағынан қиғаштай сынған бөлігі жоғалып кетпесін делінгендіктен де бас жағына тіреуіш етіп қойылыпты. Тастардағы жазуларды қайта-қайта салыстыра қараған соң, бұлардың бір дүние екеніне көзім жетті.
Онда бірақ жазулар көп емес. Тастың жоғарғы үшкілдеу жағына «Лә илаһа илла Алла Мұхаммадур расул Алла – Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген қасиетті жазулар қашалған. Ал құлпытастың жиектеріне Құран шәріптің 2-сүресінің 255 аяты («Аяту-л күрси») үлкен әріптермен өрнектеліпті де ортасындағы төрт бұрышқа ұлы ғалымның қазасы жайлы астарлай айтылған, жүрекке мұң байлар төмендегі екі бәйіт жазылыпты.
1. Шаһ гурган
Мырза Хайдардың ақырында,
Шаһидтік патшалығының
дабылы соғылды.
2. Алланың жазмышы осылай еді,
Қаза-и илаһи Тәңірімен
қауышу мерзімі болды.
Екінші бәйіттегі (жолдағы) «қаза-и илаһи» деген шартты сөз бұл жерде хронограмма қызметін атқарып Мырза Хайдардың бақилық болған жылын көрсетіп тұр. Бірақ оны шешуде қазірге дейін ғалымдар арасында мәміле жоқ. Сринагар университеті қолжазба қорындағы «Баһаристан-и шаһи» атты ортағасырлық қолжазбада «қаза-и илаһиді» һижраның 957 жылы дей отырып, Мырза Хайдар сол мерзімнің зу-л қағда айының 8-де (1550 жылдың 18 қарашасы) өлтірілді деп көрсетілген.
Үндістан ғалымы Р.К.Парму де осы уәжге тоқтайды. Әйтсе де ағылшын оқымыстысы Ней Элияс (1844-1897) пен кашмирлік тарихшы Г.М.Суфи «қаза-и илаһиді» керісінше һижраның 958 жылы деп шешкен де, оны 1551 жылға қиыстырған. Ней Элияс тіпті «Тарих-и Рашидидегі» (Лондон басылымы 1885, 1895 ж.) алғысөзінде «һижраның 958 жылы 1551 жылдың 9 қаңтарында басталған» деп шегелеп те кеткен.
Осы құлпытастан бір метрдей жерде, парсыша жазулары бар басы да, аяғы да жоқ кішірек тағы бір тас жатыр. Онымен айналысуға бірақ уақыт болмады. Мырза Хайдардың құлпытастары табылған соң, оған мән бермегеніме қазір өкінемін. Дегенмен оның реті тағы бір келер деген ой жұбаныш.
Мырза Хайдар зиратының шығыс жағында әшекей өрнек немесе жазуы да жоқ тағы да төрт құлпытас бар. Біреуі жасөспірімге қойылған сияқты. Өйткені көлемі шағын.
Сөйтіп барлығы бес құлпытас жатқан бұл жерді кашмирліктер «отбасылық зират» деп атайды екен. Сонда Мырза Хайдар құлпытасынан өзгелері кімдікі? Неге ол «отбасылық» деп аталған?
1822 жылы қойылған екінші құлпытас және ондағы жазулар.
Мәрмар тас беті 18 жолға бөлініпті. Соның бәрі жазу. Бірақ кейбір сөздер мен олардың нүктелері өшуге айналған. Сонда да кешке дейін отырып тексті дәптерге көшірдім. Онда:
«Бұл – бақилық Мырза Хайдар гурган ибн Мұхаммед Хұсейін гурган Жүніс ханның немересі, Бабыр патшаның бөлесі, Жаркент пен Моғолстанның билеушісі Әбу Саид хан ибн Сұлтан Ахмед ханның уәзірі. Ахмед хан аталмыш Жүніс ханның, ал ол Тохлық Темір хан әулетінің, Темір хан Шыңғыс хан ұлы Шағатай хан ұрпақтарының бірі. Мырза Хайдар Ұратөбе қаласында даңқты һижраның 905 (1499) жылы туылды. Біраз (жылдан соң) Әбу Саид ханның бұйрығымен Жаркенттен аттанып Тибетті бағындырған жылы – шаъбан айының 4 күні 4000 мың аттылы сарбаздарымен Кашмирді де өзіне қаратты. Мырза Хайдар Кашмир уалаятының билігін Кашмир патшасы Мұхаммед шаһқа берді де сол кезде Тибетте тұрған Әбу Саид ханға қайтып кетті. Хан оған Лхасаны жаулауға өкілдік берді де өзі Жаркентке бет алды. Мырза жолай жолдастарынан бөлініп қалды. (Содан) ол ат басын Бадахшанға бұрып, одан әрі Хұмаюн патшаға бару үшін тағы да Үндістанға жол тартты. Патша күйзеліп Иранға бара жатқанда Мырза һижраның 947 (1540) жылы раджаб айының 20 күні (20 қараша) 450 аттылы сарбаздарымен Лаһордан шығып тағы да Кашмирді басып алып оны он жыл биледі.
Ол Алланың, жазмышымен бір қателік себебінен біреудің қолынан шаһид болды.
Мырза Тұран мен Моғолстан және Үндістан елдерінде болды. Ол ұлы адамдармен қызметтес болды. Ол көптеген өнерді (меңгерді) һәм сөз шебері, сосын ержүрек азамат, биік парасат иесі еді. Ол «Тарих-и Рашидидің» авторы.
Оның қабіріне Саиид Изатулла ханның ынта-жігері, ағылшын империясының бас атбегі, жоғары мәртебелі Уильям Муркрафтың бұйрығымен бұл қаза тақтасы даңқты һижраның 1238 (1822) жылының жұмада ас-сани айында орнатылды», — деп «Тарих-и Рашидидегі» ғалымның өзі жайлы айтқан деректері жазылған. Десек те осы ретте 3 мәселе туралы айта кету керек.
1. Мырза Хайдар жайлы зерттеулерде күні бүгінге дейін ол Ташкентте дүниеге келген делініп жүр. Ал құлпытаста оның Ташкентте емес, керісінше Орта Азияның Ферғана мен Самарқан арасындағы ежелгі қалаларының бірі – Ұратөбеде туылғандығы көрсетілген. Бұған да құлақ қоюға болады. Өйткені автордың өзі «Тарих-и Рашидиде»: «Сұлтан Махмұт хан өзінен бір жас үлкен Хұб Нигар ханым атты әпкесін менің әкеме ұзатты. Олардың некесі шамамен һижраның 809 (1493-1494) жылы Шаш (Ташкент) шаһарында қиылды. Некелері қиылған соң, ол Мұхаммед Хұсейінге бүгінде Ұратөбе деген атпен белгілі , бұрынғы Урсушана аймағын беруге жарлық етті… Бұл аймақты әкем тоғыз жыл бойы биледі. Осы мерзім ішінде көптеген оқиғалар болды. Әкемнің билік жүргізе бастағанына 6 жыл өткенде дүниеге мына мен пақыр келіппін», — дейді.
2. Құлпытаста Мир Саиид Изатулла хан Мырза Хайдарды «947 жылы раджаб айының 20 күні тағы да Кашмирді… басып алды…» деп көрсеткен. Мұнда бірақ шамалы ағаттық кеткен. Өйткені Мырза Хайдардың өзі «Тарих-и Рашидиде» Кашмирді… раджаб айының 20-да емес, 22-де алғанын жазған.
3. Мир Саиид Изатулла хан құлпытаста Мырза Хайдардың қай жылы қаза тапқанын көрсетпесе де оны Кашмирді «он жыл биледі» деп жазған. Сонда асыл ердің 1551 жылы емес, 1550 жылы қаза тапқаны ма?!
Зират басында митинг өткіздік. Әуелі марқұмдарға арнап Құран оқыдым. Сонан соң елші, одан кейін Махметқали, сонан соң мен сөйледім. Зираттың батыс жағына мемориал тақта қойылыпты. Онда ағылшын-урду тілдерінде төмендегідей жазулар өрнектелген.

Мемориал тақта
(ағылшын тілінде)
М.Х.Дулати
Мұхаммед Хайдар ибн Мұхаммед Хусейн Дулати (1499-1551) түркілердің билік басында болған Дулат тайпасының өкілі – қазақ халқының көрнекті тарихшыларының бірі, ақын, көрнекті әскербасы және белгілі мемлекет қайраткері. Оның ата бабалары аймақтың Ұлысбегі іспетті жоғары лауазымды билеушілері – тархандар, хан уәзірі және ортағасырлық Моғолстан мемлекетінің ірі саяси иерархия өкілдері болды. Оның құрамына осы күнгі Моғолстан, Қытайдағы Шығыс Түркістан (Шыңжаң – Ұйғыр автономдық районы), Өзбекстан мен Қырғызстан кірді.
1544 жылы ол Қашғар хандығының іргетасын қалауға қатысты және 17-18 жыл бойы оның көшбасыларының бірі болды. 1533 жылы Үндістанға келіп, Ұлы Моғолдар сарайында император Хумаюнның кеңесшісі қызметін атқарды. 1540 жылдан 11 жыл бойы Кашмирдің әміршісі болды., 1551 ж.қайғылы қазаға ұшырады.
М.Х.Дулати қаламынан туған тарихи-мемуарлық «Тарих-и Рашиди» және «Жаһан наме» поэмасы әлем мәдениетінің қазынасына кірді. «Тарих-и Рашиди» XIV –XVI ғасырлардағы оқиғалар өрнектелген, оның ішінде Қазақ хандығының құрылуы туралы энциклопедиялық үлгіде, түркі тілінде (шағатай диалектісінде) философиялық мәнерде жазылған еңбек. «Жаһаннаме» поэмасы – таза да шынайы махаббатқа арналған.
1997 ж. 3 қарашасында Қазақстан өзінің ұлы перзентінің есімін Тараз мемлекеттік университетіне беріп мәңгілікке қалдырды. 1998 ж. 26 тамызда ежелгі Тараз қаласында Мұхаммед Хайдар Дулатидің құрметіне ескерткіш қойылды.
1999 ж. М.Х.Дулатидің 500 жылдығы ЮНЕСКО аясында тойланды.
Үндістанның
археологиялық қызметі
Сринагар бөлімі
Мемориал тақта ресми құжат болғандықтан, қазақ тілін біле бермейтіндер үшін оның орысша нұсқасын да келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.

Мемориальная доска
(на английском языке)
М.Х.Дулати
«Мухаммед Хайдар ибн Мухаммед Хусейн Дулати (1499-1551, представитель правящей знати тюркского племени Дулат) – один из наиболее известных казахских историков, поэт, полководец и выдающийся государственный деятель. Его предки занимали высокие должности (Улусбеги – правители региона, Тарханы – визиры хана) и были представителями политической иерархии средневекового государства Могулистан, в который входили части современных Казахстана, Восточного Туркестана (Синьцзян-Уйгурского автономного района Китая), Узбекистана и Кыргызстана.
В 1514 г. он принимал участие в заложении основ Кашгарского ханства и на протяжении 17-18 лет являлся одним из его лидеров. В 1533 г. он приехал в Индию, где служил в качестве советника императора Хумаюна при дворе Великих Моголов. С 1540 г. на протяжении 11 лет он являлся правителем Кашмира, в 1551 г. трагически погиб.
Историко-мемуарное произведение «Тарих-и-Рашиди» и поэма «Джахан-намэ», написанные М.Х. Дулати, входят в сокровищницу мировой культуры. «Тарих-и-Рашиди» — это произведение, в котором в энциклопедической манере описываются исторические события 14-16 веков, включая образование Казахского ханства. Основной лейтмотив «Джахан-намэ», поэмы в философском стиле, написанной на тюркском языке (Шагатайском диалекте) — это истинная любовь.
3 ноября 1997 г. Казахстан увековечил память своего великого сына, дав в его честь его имя Таразскому государственному университету. 26 августа 1998 г. в древнем городе Таразе был воздвигнут монумент в честь Мухаммада Хайдара Дулати.
В 1999 г. 500-летие Мухаммада Хайдара Дулати было отпраздновано ЮНЕСКО».
Археологическая служба Индии
Сринагарское отделение

Мемориал тақтада Қазақстан үшін өте маңызды төмендегідей жолдар бар. Олар 2015 жылы халықаралық деңгейде кеңінен атап өтілген Қазақ хандығының 550 жылдығының дереккөзі ретінде «Тарих-и Рашидидің» көрсетілуі. 1997 жылы қарашада Қазақстан өзінің ұлы перзентін мәңгілік есте қалдыру үшін Мұхаммед Хайдар Дулатидің атын Тараз мемлекеттік университетіне берді. 1998 жылы 26 тамызда ежелгі Таразда Мұхаммед Хайдар Дулатидің құрметпен аты берілді деген жазулар.
Үндістан археологиялық қызметі атынан ресми түрде мемориалдық тақта қойылуы, енді зират мемлекет қарауында болады дегенді білдіреді.
Зират басында елші Болат Сәрсенбаев сөйтіп тебірене сөз сөйледі. Ол әуелі зиратты ретке келтіргендері үшін Үндістан өкіметіне рақмет айтты. Өз сөзінде сондай-ақ Мырза Хайдардың ғалымдық жағына да баса көңіл аударды. Сонан соң Махметқали да Мырза Хайдардың қайраткерлігі, өмірін еске ала келе, ғалым ғұмырының ашылмаған жайттерінің әлі де жетерлік екендігі, қазір өзі басқарып отырған университеттің Мырза Хайдар атымен аталатындығына тоқталды. Сонан соң мен сөйледім. Осыншама игі іс атқарғаны үшін Қазақстанның Үндістандағы елшісіне рақмет айттым. Содан кейін марқұмға құран оқыдым. Осы іс-шара аяқталғанша бір топ автоматшылар бізді қоршап, қорғап тұрды.
Аздан соң Мазар-и салатиннен шығу үшін есікке беттедік. Осы жерге қой әкеліп қойған екен. Құрбандық шалдық. Сонан соң машиналарға отырып жүріп кеттік. Жолай Мазар-и салатиннен онша алыс, ежелгі мешіт алдына кеп тоқтадық. Мұнда кезінде Мырза Хайдар да келіп намаз оқып тұрған деседі. Мешіт Амир-и Кабир Әли ас-Сани Саид Али Хамадани атымен аталады екен. Ол жайлы Мырза Хайдар «Тарих-и Рашидидің» «Кашмирдегі ислам дінінің жайы және Кашмирде бұрын билік еткен мұсылман сұлтандар туралы қысқаша әңгіме» атты тарауында «…Оның заманында Әмір-и Кабир Әли ас-Сани (Саиид Әли) әл-Хамадани (1314-1384) деген атпен белгілі (Алла оларды пәк және азиз еткей) осы жерге (Кашмирге) келді» деп жазған.
Осыдан біраз бұрын мешіттің біраз жерін өрт шалыпты. Бірақ ол аса көп зиян келтіре қоймапты. Мешіт ғимаратымен танысып шықтық.
Біз келгелі Қазақстан делегациясында бұрынғы бас мүфтидің барлығын естіген кашмирлік дін қызметкерлері де бізбен бірге жүрді. Олар шамалы араб тілін біледі екен. Олар мешіттің тарихынан хабардар етуде. Алыстан туған-туысқандары келіп қалғандай жүздерінен қуаныш байқалады.
Университетке қайтып оралдық. Залға жұрт лық толыпты. Бұл жерде мұндай жиындар көп өте бермесі анық. Өйткені елде соғыс жүріп жатыр. Жиналыстар өткізіп тұратын шақ емес.
Конференция әуелі Тараз бен Кашмир университеттері ректорларының екі оқу орындары арасындағы әріптестік туралы жаңа меморандумға қол қою рәсімімен басталды. Екі жақ та Мұхаммед Хайдар жайлы жақсы сөздер, оңды пікірлер айтты. Сонан соң сый-сияпаттармен алмасты. Алғанды кім жек көреді, кашмирліктердің жүздерінен ризашылық байқалып тұрды. Содан соң Болат Сәрсенбаев та жүрекжарды сөздер легін ағытты.
Конференцияда ректор, профессор Хуршид Иқбал Андраби, одан соң Тариқ Ратхар, Махмуд Ахмад шаһтар өз ойларымен бөлісті. Профессор Сыдық Уахиб проректор екен. Ол университтегі Ислами ой-пікір мен технологияны дамытудағы жетістіктер туралы сөз етті.

%d0%ba%d0%b0%d1%88%d0%bc%d0%b8%d1%80
Ендігі кезек Қазақстан ғалымдарына берілді. Менің баяндамам: «Мұхаммед Хайдар Дулати Кашмир тарихына» арналды. Осыдан біраз жыл бұрын Кашмирде болғанымда кітап дүкендерін де аралағанмын. Бірінен Г.М.Суфи деген кашмирлік тарихшының екі томдық «Кашмир тарихы» атты кітабын сатып алған едім. Бірінші томның бір тарауы Мұхаммед Хайдарға арналған. Бізді үндістандық және әсіресе кашмирлік тарихшылардың Мырза Хайдар туралы пікірлері мен ойлары қызықтыратыны белгілі.
Менен кейін университет деканы, профессор М.Ашраф Вани баяндама жасады. Ол бірақ Үндістан ғалымдарының Мұхаммед Хайдар жайлы еңбектерінде айтылған маған белгілі жайттарды қайталаудан аса алмады. Р.К.Пармудың «Үндістан тарихындағы мұсылман патшалары» атты 1990 жылдар басында шыққан монографиясында Мұхаммед Хайдар туралы жақсы материал берілген-ді. Онда Мұхаммед Хайдардың Кашмирге патшалық еткен жылдары жасаған игі істері сөз етілген. Вани де негізінен соларды айтты. Одан соң Дулати орталығының директоры, профессор Сәмен Құлбарақ мырза М.Х.Дулатидің «Жаһан наме» поэмасының көркемдігі туралы сөз етті.
Осы жерде айта кететін жайт, Махметқали Нұрғалиұлы Кашмирге өзімен бірге Қазақстанның Астана қаласы туралы ағылшын тіліндегі насихаттық 10 минуттық ролик ала келген екен. Кашмирліктер оны қызыға көрді. Оны Тараздағы М.Х.Дулати университеті туралы тағы бір ролик жалғастырды. Тараз университетіндегі факультеттер, пәндер, ұстаздар мен студенттер өмірі, Тараздың табиғаты, қаланың 2000 жылдық тарихы бар екендігі, оқу орнында шетелдіктер де оқып жүргені әдемі де әсерлі баяндалған.
Одан кейін Кашмир университеті жанындағы Азияны зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Рафиуддин Махдуми сөз алды. Оны бұрын Алматыда көргенмін. Мен дін қызметінде жүргенде оны Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры профессор Саттар Мажитов ертіп келіп, таныстырғаны бар. Сондай-ақ оны 2007 жылы осы Кашмирде «Қазақфильм» киностудиясының түсіру тобымен болғанымда да көргенмін.
Келесі баяндамашы Гульшан Мажид деген ғалым әйел екен. Ол М.Х.Дулатидің өмірбаянына тоқталды. Өз сөзінде тарихшы ғалымның Ташкентте туылғаны жайлы айта келіп, М.Х.Дулатидің Қазақстанға қандай қатысы бар дегендей ой аңғартты ғой деймін. Соған қарағанда ол өзбек ғалымдарының ықпалындағы кісі-ау деген ой келді маған.
Болат Сәрсенбаев ағылшынша оған толық әрі жақсы жауап берді. Ташкентте осы күнге дейін түрлі түркі халықтары тұратынын, бір кездері онда осы күнгі қазақ халқының көп өкілдері күн кешкенін, Ташкенттің тарихи қала екені секілді жайттарды тәптіштей айтты.
Конференция соңында жоғарыда аталған Аффан Пірзаде Йасауи де Мұхаммед Хайдар Дулати жайлы сөз етті. Йасауи демекші, осы конференцияны ұйымдастырушылардың бірі де осы Аффан екен. Ол 30-дардан асқан жігіт.
Йасауи дегеніне қарағанда оның біздің бұрынғы Йасы, қазіргі Түркістан қаласына қатысы бар ма, жоқ па деп сұрадым. Аффан өзінде ата-тегінің шежіресі барлығын, онда олардың Йасы шаһарынан тарайтыны айтылатынын мәлімдеді. Кашмирде Йасауи қорының барына қарағанда, мұнда жүздеген йасауилер тұратын сияқты.
– Ол шежірені көруге бола ма деген сұрағыма Аффан мырза оны Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Руслан Ахметке бергенін айтты. Руслан: «Қажет болса сізге берейін» деді. Бірақ, бұл жәйтке қайта оралудың сәті түспеді.
Йасауилер дегеннен шығады, араб тілді дерек көздерінен мен Х-ХІХ ғасырларда ғұмыр кешкен Йасылық, кейінірек Кашмирлік аталған төмендегідей зиялыларды тапқан едім.
Әбу-л Аббас Ахмед бин Мұхаммед әл-Йасауи (?-1004)
Шейх Шамс ад-дин ат-Түркімани әл-Банипати (?-1315)
Шейх Мырза Камил бин аш-шейх Ахмед бин Малик әл-Йасауи ат-Ташканди (?-1718)
Шейх Ахмед ибн Мустафа әл-Кашмири (1736-1803)
Шейх Мухаммед бин Мустафа ар-Рафиқи әл-Кашмири (1740-1804)
Шейх Тайиб бин Ахмед ар Рафиқи (1679-?)
Маулана Абд Алла әл-Кашмири (?-1757)
Бұлар Аффан сияқты осы күнгі кашмирлік, арғы тегі Йасылық-Түркістандық Йасауилердің ата-бабалары болуы бек мүмкін.
Осы жерде тағы бір айта кетерлік жайт Аффан Йасауи мырза маған Қожа Ахмет Йасауидың «Диуани хикметінің» ағылшын тіліндегі нұсқасын көрсетті. Ішіне оны шығарушылар болса керек, бірнеше кісілердің суреттері беріліпті. Тақия киген Бөкебай атты азаматтың аты аталыпты. Ағылшын тіліндегі «Диуани хикметпен» және оны шығарушылар жайлы толығырақ білуге мүмкіндік болмады.
Кашмирлік зиялылар «бізді исламдандыру үшін Орта Азиядан орта ғасырларда 600-ден астам ата-бабаларыңыз келген» десе, ал делилік ғалымдар «Орта Азиядан мұсылман сопылар Үндістанға моңғол шапқыншыларынан қашып, бас сауғалап келген» дегенін талай рет естігенмін. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін әрине бір Алла біледі.
Кешірек ақшам намазы алдында хазрат Бал атты тағы бір тарихи мешітті барып көрдік, ол мир хазрат Бұлбұл шаһ атымен аталады екен. Кашмирдің тарихы ғана емес, өзен-көлдері, тау-тастары, табиғаты, діни ахуалы мен дін қайраткерлері, ру-тайпалары туралы құнды деректер қалдырған Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінен» мир хазрет Бұлбұл шаһ жайлы жолдарды кездестірген емес едім. Сонда ол кім деймін мешіт имамына. Ол Бұлбұл шаһ туралы төмендегідей әңгіме айтты.
«Бұлбұл шаһ күні бүгінге дейін Кашмир алқабы тұрғындарының аспанында асқақтауда. Ол іс-әрекеті, мінез-құлқымен жұрт жүрегін жаулап, халықты таза ханиф дінге шақырып, жүректерін монотеизм (бір құдайға ғана сенушілік) нұрына бөлеп, имандылық пен тақуалыққа шақыруда. Жұрт оны «Кашмир бұлбұлы» деп атайды.
Бұлбұл шаһ Сухравардия орденінің өкілі — мәшһүр әулие шаһ Ниғматулла Фариси Ширази мейірімінен көп үміт еткен. Ал ол өз кезегінде Зия ад-дин ан-Наджиб Абд әл-Қаһириге ниетті, ықыласты болған.
Бұлбұл шаһтың туған қаласы жайлы жұрт арасында әлі күнге дейін ортақ пікір жоқ. Доктор С.Н. Наз оны көне Иранның Тамкастан ауданынан шыққан дейді. Ал бағзы біреулер Хагдадпен байланыстырса, үшіншілері оның түп-тамырын Түркістаннан іздейді. Бұлбұл шаһ Кашмирге ұстазы Молла Ахмедпен бірге келген. Ал біреулер оны мұнда моңғол шапқыншылығынан қашқан мыңдаған босқындармен бірге келген деп болжайды. Тағы біреулер оны Кашмир аңғарына 1324 жылы Ранчан шаһ билігі тұсында келген деп жорамалдайды. Біз де оның Кашмирге келуі Орталық Азияның Хорасан өлкесіндегі Балхтың билеушісі, дәл осы Ранчан шаһ тұсына сәйкес деп есептейміз. Ранчан шаһ ол кездері ақиқат жолын (Құдай жолын) іздеуде еді. Ол өз ізденісінде индуизмнен жауап таба алмады, сондықтан да Бұлбұл шаһқа бет бұрды. Олардың кездесуі әмірші жүрегінде өшпестей із қалдырды. Ол Бұлбұлдың іс-әрекеті, мінез-құлқы арқылы ислам ілім-білімін түсініп, біле алды. Сонан соң осы дінді қабылдады да Садр ад-дин деген ат алды. Онымен бірге мыңдаған кашмирліктер ислам дініне кірді.
Ранчан шаһ ислам дінін таратуға үлкен үлес қосты. Ол Бұлбұл шаһқа арнап Булбуллинко махалласында Ханаке-е Бұлбұл шаһ атты монастыр салуды бұйырды. Ол бірақ бүгінгі күнге жеткен жоқ. Біз оны және ол салдырған мешіт пен бірнеше ғимараттарды кітаптардан ғана білеміз. Зиялылардан (ақсүйектерден) ислам дінін қабылдағандар арасында, сондай-ақ кашмирлік әскербасы Раван Чандра да болды. Ол әулие Бибі Лалланы өзіне өкіл қыз етті де оны болашақта әулие болады деп болжады және оның бұл болжамы шындыққа айналды.
Хазрет Бұлбұл шаһ көрнекті ғалым, ақын, дінтанушы еді. Бұдан басқа ол киелілік және рухани ілім-білімнің де биік шыңына шықты. Ол жүректердегі қараңғылықты сыр ашу және ғажайыптар һәм иман алауымен жарық етті. Әлдеқалай Кашмирде қатты аяз болады, Желам өзені қатып қалады. Жұрт судың жоқтығынан зардап шекті. Бұлбұл шаһтың өзі бастап су іздеді, бірақ қатып қалған Желам өзенінің мұзын жару мүмкін болмады. Ол әуеге қарап: «Жылуымен қарды ертітетін күн қайда» деді. Оның бұл сөздерінен соң күлімдеп күн шықты, қатып қалған мұз еріп сала берді.
Бұлбұл шаһ керемет және таңғаларлық тұлға еді. Монастыр образы арқылы ол әлемнің орны мен тыныштық жайын жасай алды. Ол жерден бүкіл алқапқа бата мен имандылық сел болып ағылды. Ол һижраның 7 раджабында (1326) дүниеден өтті» деп әңгімесін аяқтады имам.
Кашмирліктердің айтуына қарағанда мешіттің салынғанына 60-70 жылдай болған сияқты. Мешіттің өзге де Кашмир мешіттерінен өзгешелігі, онда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сақал шәріпі сақтаулы екен. Сөйтіп әңгімелесіп тұрғанда, кенет:
— Кетейік деді бізді бастап жүрген университет қызметкері, түсі суық белгісіз біреулер жинала бастаған сияқты, кетейік. Мешіт ішіне кіріп, сәулетімен де танысып үлгермегей амалсыз аттанып кеттік.
Осы ретте тағы да айта кетер жайт – біз Кашмирде жүргенімізде Үндістанның Ішкі істер министрінің орынбасары Болат Серғазыұлына бірнеше рет телефон шалып, амандық-есендік туралы сұрап отырды. Бұның да жайдан-жай еместігі өзінен өзі түсінікті болса керек.
Келесі күні таңертең университет мұражайына бардық. Онда кітапхана да бар екен. Мұражай да, кітапхана да гуманист ақын, ойшыл дана Мұхаммед Иқбал (1877-1938) атында. Ойпырмай, Үндістан Пәкістанмен дүрдараз соғыс жағдайында болса да, Кашмир кітапханасы мен мұражайына пәкістандық зиялы, ақын, ойшыл Иқбалдың атын беріпті деп таң қалыстық.
Мұражайдағы Мұхаммед Хайдар Дулатиге арналған бұрышты да көрдік. Оған Дулати жайлы аз-кем мағлұматтар мен Мұхаммед Хайдар бейнеленген кілемше қойылыпты. Оларды әрине бұрындары осында болғандарында Тараз университетінің өкілдері берген. Этнология жағына келсек, мұражайда өзбек, тәжік, түркімен халықтарына қатысты мағлұматтар беріліпті де олардың әрқайсысы жеке-жеке көрсетіліпті. Ал, қазақтарға келгенде олар бейнеленген тақтаға Руссия (Россия) деп жазылып қойылыпты. Сонда деймін-ау, олар Қазақстанның тәуелсіз ел екенін білмей ме? Жоқ біледі.
Бірақ біздің Ресейдің қолтығына қайта-қайта кіре беретіндігімізден де болар, тәуелсіздігімізге онша сене бермейтін секілді. Неге бұлай дегенімізде, біздің делегация мүшелерінің бірі «өзімізге де сол керек» деп қалды.
Түс қайта жолға шықтық. Кашмирлік достар сәт сапар тілесті. Бізбен бірге әуежайға дейін Аффан мырза ілесе жүрді. Дал көлінің солтүстік және шығыс жағын орай өтіп келеміз. Сәлден соң көліктеріміз тоқтады. Көл жағасында бірнеше қайықтар тұр. Аффан мырзаның айтуымен қайықшылар бізді қайықтарға отырғызып, көлде серуендетті. Кашмирге бірнеше рет келіп жүріп Дал көлімен қайықпен жүзбеген екенмін. Көлде қолы бос кездері Мұхаммед Хайдар да балаларын серуендеткен деседі.
Ұзамай ол жерден де аттанып кеттік. Әуежайға бір шақырымдай қалғанда бізді алдымызды кес-кестеген қарулы кісілер тоқтатты. Тексерістен тексеріс басталды. Жүктерімізді түсіріп магнит белдеуден өткізді. Өзімізді де, үсті-басымызды да мұқият тексерген соң, қайтадан машиналарға жайғасып, ілгері жүрдік.
Кашмир әуежайының жаңадан салынғанын жоғарыда айттым. Онда да бірнеше рет тексерістен өттік. Бүгін жұма. Әуежай қызметкерлерінің бірсыпырасы жұма намазын оқуда. Біткен соң оларды да әуежайға қайта тексеріп кіргізіп жатыр. Әйтеуір қауіпсіздік мәселесі мұнда өте қатаң.
26 қаңтар Үндістанның тәуелсіздік күні. Бірақ Кашмирден Тәуелсіздікке деген салтанатты, құрметті байқамадық. Таңертең Болат мырза Делидегі салтанат парадқа қатысу үшін Кашмирден ұшып кеткен. Сағат 16.00 шамасында ұшаққа отырдық. Сонымен сол күні кештетіп Нью-Делиге қайтып оралдық.
Үндістанға кім және қандай мақсатпен келсе де, Аградағы әлемнің жеті керметінің бірі Тадж Махалды көрмей кетпеуге тырысады. Біз де сол дәстүрді бұзбай таңертең ерте тұрып жолға дайындалдық.
Таңғы 5-те Аграға, Тадж Махалға бару үшін жолға шықтық. Ерте шыққанымыз – жол ұзақ. Үндістанға келген сайын Аграға осылай жолға таңға жуық шығушы едік. Одан кеш қалсаң кептеліс басталып Аграға барып қайтқанша кеш болып кетеді. Бір айта кететін жайт — Аграға дейін жаңадан даңғыл салыныпты. Сонымен зымырап келеміз. Тұман. Үндістанда Дели мен Аграда желтоқсан-ақпан айларында әдетте аталмыш жерлерді түске дейін қалың тұман басып тұрады.
Сонымен сәскеге таман Аграға жеттік. Қарақұрым халық. Кесенені көру үшін біз де кезекке тұрдық. Тағы да Кашмирдегідей тексеріс. Ұзамай Тадж Махал ауласының бас қақпасы арқылы ішке өттік. Тадж Махал сол қалпында. Оның тарихы жайлы бұрындары жазғанмын. Сол себепті бұл жолы оған тағы да тоқталмай-ақ қояйын.
Дей тұрғанмен осы Тадж Махалды салдырған Бабырдың бесінші ұрпағы Шаһ Жаһан жайлы айта кетейін. Ол үшін әуелі сөзді Бабырдың ата-тегінен бастау керек.
Әмір Ақсақ Темірдің (1336-1405) ұрпағы Мұхаммед Заһр ад-Дин Бабыр (1483-1530) Мұхаммед Хайдар Дулатидің туған бөлесі. Бабыр атақты билеушінің Жаһангир (1356-1376), Омар шейх (1356-1394), Миран шаһ (1366-1408), Шаһруһ (1377-1477) атты төрт баласының үшіншісі Миран Шаһтан тарайды. Миран шаһтан – Сұлтан Мұхаммед – Сұлтан Әбу Саид — Омар шейх – Мұхаммед Заһр ад-дин Бабыр – Һұмайун – Мұхаммед Акбар шаһ – Жаһангир (Салим) шаһ– Шаһ Жаһан (Хұррам) – Шаһ Алам (Баһадүр шаһ) – Жаһангир шаһ – Мұхаммед шаһ (ХІХ ғ.) болып шығады.
Бабырдың әкесі жоғарыда көрсе-тілгендей Омар шейх. Шешесі Жетісудің билеушісі Жүніс хан (?-1487) қыздарының бірі еді, яғни Бабыр мен Мұхаммед Хайдар бөле-тін (Құтлық Нигар ханым – Бабырдың шешесі, Хұб Нигар ханым –Дулатидың анасы).
Бабырды Самарқанындағы тағынан айырған Жошы ханның ұрпақтарының бірі Мұхаммед Шайбани (Шаһибек хан) (1451-1510). Ол Мұхаммед Хайдар Дулатидің әкесі Мұхаммед Хұсейн Дулатиді де қазаға ұшыратты. Бабыр жауынан қашып Кабулды паналады. Ол жерде де тыныш өмір бола қоймайтынына көзі жеткен соң, 1526-27 жылдары қазіргі Делидің солтүстігіндегі Панипат деген жерде Дели сұлтаны Ибраһим Лодиді жеңіп Үндістанды басып алды. Астанасын Дели емес, Агра етті.
Бабыр 1530 жылы қайтыс болған соң, таққа үлкен ұлы Һұмайун отырды. Одан соң Үндістан билігі Мұхаммед Акбар шаһқа (1542-1605), одан соң Жаһангирге (1569-1627), одан соң Тадж Махал кесенесін салдырған Шаһ Жаһанға (1592-1666) тиді. Мұмтаз Махал ханым Шаһ Жаһанның сүйікті әйелі болатын. Ол он төртінші перзентін туу кезінде қайтыс болды. Шаһ Жаһан сүйікті жұбайына, кейінірек әлемнің жеті кереметінің бірі аталған осы Тадж Махал атты кесене салдырды. Қайтыс болған соң, өзі де сонда қойылды.
Мұхаммед Хайдар 1540 жылы күзде Һұмайунның рұқсаты, әрі көмегімен Кашмирге ту тікті. Сонда патшалық етті. 1551 жылы жергілікті тайпалардың көтерілісі кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Кашмир астанасы Сринагар қаласындағы «Мазар-и салатинде» («Сұлтандар мәзаратына») жерленді. Оның онда жерленгенін мен 1998 жылы Кашмирге арнайы барып тауып, Қазақстан билігіне хабарладым.
Тадж Махал кесенесінің батыс жағында, сол кездері салынған мешіт тұр. Онда бірақ саяхатшылар болмаса намаз оқыла бермейді екен. Бірнеше кісі мешіт ішін сыпырып, тазалап жүр. Оларға садақа бердік. Сонан соң мешіттен шықтық. Аяғымызға бахила киіп Тадж Махалға кірдік. Гидіміз ауыз жаппай Тадж жайлы әңгімелеп келеді. Біраз уақыт бұрын Тадждың сыртқы мраморына арнайы жасалған лай жағылыпты. Әппақ болмаса да ғажайып кесене сыртының шамалы тазарғаны байқалады. Енді күмбезі қолға алынбақ. Оған да дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Ұзамай Делиді қайта бетке алдық. Тұман сейіліпті. Даңғылмен зымырап келеміз. Жолбасшымыз КазМУ-дің кезінде мен ашқан Шығыстану факультетінің үнді-урду тілдері бөлімін бітірген, елшіліктің 2-хатшысы Азат Барбосын. Осында қызметке келгеніне бірнеше жыл болыпты. Елші бір сөзінде бүкіл елшілік қызметкерлері ішінде Руслан Ахмет пен Азат Барбосын ғана һинди тілін біледі деген еді. Азат мақтанышпен: «Мен Әбсаттар ағай ашқан Шығыстану факультетінің түлегімін» дейді. Мұндай сөзге бір түрлі риза болып қалады екенсің.
Руслан Ахмет те тәуелсіздікке дейін менің аспирантым болған. Руслан Ташкент университеті Шығыстану факультетінің урду-һинди тілдері бөлімін тәмамдаған соң, аспирантураға түсіп, Сүлеймен Бақырғанидің сопылық поэзиясын зерттеуді мақсат етті. Еліміз тәуелсіздігін алып, шет елдерде елшіліктеріміз ашыла бастағанда, Сыртқы Істер министрлігі оны қызметке шақырып, Үндістанға дипломатиялық қызметке жіберді. Сөйтіп ол бірде Делиде, ондағы қызметтік мерзімі аяқталғанда Пәкістанға, одан қайтадан Үндістанда қызмет етіп жүр. Өзі имандылық жолын ұстап намаз да оқиды.
Аградан оралған соң делегация басшысы Махметқали Сарыбеков Делидегі елшілік қызметкерлеріне дастархан жайып, ризашылық білдіруді жөн санады. Қонақтар «Умраоның» мейрамханасына кешкі 7-ге шақырылды. Оның алдында жоспар бойынша мейманханаға Дели университетінің профессоры Мансура Хайдар ханым баласы екеуі келді.
Реті келіп тұрған соң Мансура ханым туралы да айта кетейін. Мен Үндістанда бірнеше рет болғанымды жоғарыда айттым. Сондай бір сапарымда сол кездегі елшіміз (қазір атын ұмытыппын) осы профессормен таныстырды. Ол Орта Азия тарихын зерттеумен айналысады екен. Өзбекстан ғалымдарымен жақсы қарым-қатынаста болған. Ташкентке барып тұрған. Онда бірде лекция оқыса, енді бірде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Орыс тілін әжептәуір біледі.
Сөйтіп үнділік тарихшы ханыммен тіл табысып кеттік. 2007 жылы жоғарыда айтылғандай «Қазақфильмнің» түсіру тобын бастап Үндістанға барғанымда, ол елшілікке келіп Мұхаммед Хайдар жайлы сұхбат берді. Жақсы пікір білдіріп, жүрекжарды сөздерін айтты.
Тағы бірде Таразда өткен Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына арналған конференцияға қатысып баяндама жасады. Мұхаммед Хайдар жайлы Үндістанда түсірген фильмімізді көрді.
Келесі жолы Алматыда қазақстандық тарихшы – шығыстанушы К.А.Пищулинаның 70 жылдығына арналған конференцияға қатысты. Сондай-ақ ол 2007 жылы әл-Фараби атындағы КазМУ, менің 60-жылдық мерейтойыма арналған іс-шара өткізгенде де Алматыда болды. Сөйтіп арамызда жақсы қарым-қатынас орнады.
2010 жылы ол Үндістанның кітапханалары мен қолжазба қорла-рындағы парсы, һинди тілдерінде Мұхаммед Хайдар Дулати жайлы орта ғасырларда жазылып, сақталып қалған мұрағат деректерін жинап, оларды ағылшын тіліне аударып, кітап етіп шығарды.
Оның ол еңбегін біз орыс тіліне тәржімалаттық (аударғандар Марияш Мәкішева мен Алма Мұртазаева). Кітаптың тұсаукесері Нью-Делиде өтті. Мен делегацияға қосылып Үндістанға аттанар алдында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының шақырып қалуына байланысты, Үнді еліне бара алмадым.
Мансура ханыммен соңғы рет Атырауда 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты өткен халықаралық конференцияда ұшырастық. Ол 80-ге тақап қалғандықтан шаршаңқырап қалған екен. Саттар Фазылұлы Мажитов оны қоларбамен алып жүрді.
Міне содан кейін де біраз жыл өтті. Осы соңғы сапар аясында Нью-Делиде, мейманханада кездесіп отырмыз. Сөйтіп мейманхана залдарының бірінде Мансура ханымды ұлымен қарсы алдық. Сұхбаттастық. Өткен –кеткенді еске алдық. Ханым М.Х.Дулати туралы аталмыш кітабын орыс тіліне аударғанымыз үшін ризашылығын білдірді. Мұхаммед Хайдар жайлы тағы бір зерттеуін бітіріп, Болат Сәрсенбаевқа беріпті. Ғалымның ол дүниесін Болат Серғазыұлы шығарып беруге уәде етіпті. Мансура Хайдар онымен де шектелмей, ортағасырлық тарихшы ғалым баба жайлы тағы бір кітап жазып жатқанын айтты.
Ұзамай әңгімеге Болат Сәрсенбаев келіп қосылды. Біз Кашмир сапарының елшілік көмегімен сәтті өткенін айттық. Махметқали 2018 жылы қазан айында Тараз университетінің 60 жылдық тойы өтетінін мәлімдей келе, ғалым ханымға арнайы шақыру жіберетінін айтты. Ол қатысуға уәде берді. Мансура ханым қартаюына байланысты өзімен бірге баласының да баратынын, соның да шығындарын көтеруді сұрады. Махметқали оның да дұрыс шешілетінін қаперге салды.
Сөйтіп профессор Мансура Хайдар қоштасып кеткеннен кейін, үстел басына тек қазақстандықтар жиналдық. Жақсы әңгіме-дүкен құрдық.
Болат Серғазыұлы 2017 жылы Қазақстан-Үндістан қарым-қатынасына 25 жыл толуына байланысты терең мазмұнды, көркем суреттермен безендірілген «Қазақстан-Үндістан қарым-қатынастары: 25 жылдық табысты серіктестік» атты кітап шығарыпты. Соны Махметқали екеумізге қолтаңбасын жазып сыйлады. Болат Серғазыұлы «Абсаттар-аға, с уважением дарю эту книгу. В 25-летием сотруничестве Казахстана с Индией есть и Ваш вклад. Булат Сарсенбаев, посол Республики Казахстан в Республике Үндістан. 27 января 2018 года. Нью-Дели, Үндістан» деп жазыпты.
Мен Мұхаммед Хайдар жайлы алғаш рет 1965 жылы «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдар» атты кітаптан оқыған едім. Дулати деген ныспысына қарап әйтеуір оның қазаққа қатысы барын ұқтым.
Студенттік жылдары онымен айналысуға мүмкіндік болмады. Тек КазМУ-де ұстаздық қызмет етіп жүрген жылдары ғана ол жайлы жазбаша деректер жинауға кірістім. Бірде Мәскеуде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен ТМД елдерінің университет ректорлары конференциясына барғанда, сол оқу орны жанындағы Азия және Африка елдері институтының кітапханасынан үндістандық Р.К.Парму деген ғалымның «Үндістанның мұсылман патшалары» деген кітабын көрдім. Онда М.Х.Дулатиге арнайы тарау арналған екен. Автор М.Х.Дулатидің Кашмирді 1540-1551 жылдары билеген кезде елдің әл-ахуалын, мәдениетін көтергенін айта келе, оның жергілікті халықтың көтерілісі кезінде абайсызда қаза тапқанын, әрі сондағы «Мазар-и салатин» мазаратында жерленгенін жазыпты.
Бірақ тағы бір деректен оның Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі орта ғасырларда болған Қашғар хандығының астанасы Жаркентте 20 жылдай тұрып, сонда жерленгені жайлы жолдарды да оқығанмын. 1993 жылы қызмет бабымен Шыңжаңның аталмыш қаласында болдым. Бірақ ол жалған болып шықты. Тағы бір деректерде оның Пәкістанның Лаһор қаласында күн кешіп, сонда қайтыс болғаны айтылыпты. 1994 жылы Лаһорда да болдым. Ол да бос сөз екен. Енді жоғарыда айтылғандай Кашмир дерегін тексеру ғана қалып еді.
1997 жылы ҚР Сыртқы Істер министрі Қ.К.Тоқаевтың шақыруымен Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Риядта ашылған елшілігімізге дипломатиялық қызметке жіберілдім. Содан сәті келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жаздым. Кашмирге барып М.Х.Дулати жайлы мағлұматтар жинап келуге рұқсат сұрадым. Министр рұқсат берген соң Делиге келдім. Елшілік көмегімен Делиде Кашмирді жақсы білетін бірнеше ғалымдармен кездестім. Олар «Мырза Хайдардың Кашмирде ғұмыр кешкені де, сонда қаза тапқаны да, осы жерде жерленгені де ақиқат. Бірақ зират жоғалып кеткен шығар. Одан бері 500 жыл өтті емес пе» деген күдіктерін айтты.
Шешінген судан тайынбас дегендей, өз көңілім өзімнен қалсын деген оймен орта жолдан қайтпай Кашмирге, Сринагарға барып қайтайын деп шештім. «Мазар-и салатинді» де, онда жерленген М.Х.Дулатидің зиратын да таптым. Риядқа оралған соң Қазақстанға тиісті мекемелерге ресми хат жібердік.
Бірақ отандастарымыз онша сеніңкіремеді. Мәселенің мән-жайын өз көздерімен көріп қайтсын деп 8-9 кісіден тұратын Үндістанға арнайы делегация жіберді. Мен қайтадан Делиге келіп, оларды Кашмирге бастап бардым. Зиратты көрдік. Ондағы жазуларды оқыдық. Көзіміз жетті. Кашмир университетінде бірлескен халықаралық конференция өткіздік. Ол жайлы еліміздің басшыларын да хабардар еттік.
1999 жылы М.Х.Дулатидің туыл-ғанына 500 жыл толуына орай Алматыда өткен халықаралық конференцияда бас баяндаманы жасадым.
Дін қызметінде жүргенде, 2002 жылы желтоқсанда Делиде өткен қасиетті Құран жарысына жюри мүшесі ретінде шақырылдым. Сол жолы мені Үндістан президенті Абдулкалам, Оқу, білім, ғылым министрі Абханияр арнайы қабылдап құрмет көрсетті.
Абдулкалам өз сөзінде бұдан 500 жыл бұрын Кашмирге патшалық еткен батыр, ғалым, ақын бабаңызды іздеп тапқаныңызды біліп риза болдым десе, Абханияр мырза профессор Мансура ханымның аталмыш кітабын сыйлады. Осылай бірте-бірте Дулати жайлы мағлұматтар молая түсті.
2003 жылы М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты асыл мұрасын Ислам Жеменей парсы тілінен қазақ тіліне тәржімалады. Ол менің үлкен алғысыммен жарыққа шықты. Ал мына 2018 жылғы экспедиция Кашмирге жасалған 4-сапар деп әңгімені бітірдім.
Бұны айтқаным, Болат Серғазыұлы Қазақстанның Үндістандағы жаңа елшісі. Бұрындары Үнді – Кашмир елдерінің тарихымен айналыспаған. Сондықтан да оған дейін жүргізілген іс-шаралардан хабардар болсын деген ой еді.
Сонымен отырыс жақсы өтті. Елшіміз Болат Сәрсенбаевтың тапсырмасымен Қазақстан делегациясының Үндістанда атқарған іс-шарасы жайлы дайындалған ресми хабарды Малайзия, Қытай, Пәкістан, Ауғаныстан, Сингапур секілді елдердің бұқаралық ақпарат құралдары жариялады. Кашмирде М.Х.Дулати зиратының басында түсірілген видеоақпаратты «Хабар-24» телеарнасы көрсетті.
Сөйтіп Кашмирге жасалған 4-сапар (экспедиция) осылай мазмұнды да, нәтижелі өтті.
Дей тұрғанмен, уақыттың аздығынан Делидегі тарихи біраз жерлерде болудың, оларды көрудің реті келмеді.
Келесі күні түске таман Индира Ганди әуежайынан елге, Отанымыз Қазақстанға, Алматыға ұшып шықтық. Айтпақшы Кашмирден қайтарда Тараз топырағынан әкелінген бір уыс топырақты зиратқа қойдық. Атақты ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері, ақын баба зиратынан Таразға да бір уыс топырақ ала қайттық. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын ұлтымыз ғана емес, түркі жұртының да ардақтысы, қадірлі Мырза Хайдар Дулати баба. Ұрпақтарың сені ұмытпайды. Қолдарынан келгенінше осындай имандылық шараларын атқара береді. Бұл осымен бітті деген сөз емес, М.Х.Дулатидің өмірі мен шығармашылығы жайлы ізденістер мен зерттеулер, оны насихаттау жалғасын таба береді.
P.S. Кашмир сапарынан соң шамасы бір айдай өткенде Сринагардан Қазақстанның Үндістандағы елшісі Б.С.Сәрсенбаев пен маған арналған хат келді. Хат авторы Кашмир университеті кітапханасының бұрынғы директоры, қазіргі күндері кітапхананың кітапхана мен информатика бөлімінің қызметкері, доктор Абдул Маджид Баба екен. Онда ол былай жазыпты:
«Қазақстанның Үндістандағы төтен-ше және өкілетті елшісі доктор Болат Сәрсенбаев пен профессор Әбсаттар Дербісәліге:

«Ассалаумағалайкум!
Сіздердің жуырдағы Кашмир сапарларыңыз кезінде Мырза Хайдар Дулатиге арналған конференцияда танысқанымызға бек қуаныштымыз. Біз сіздермен бағдарламада өзара қызметтес бола алатынымыз туралы түрлі мәселелерді талқыладық. Сіз (Әбсаттар Дербісәлі) маған кітаптар тізімін бердіңіз, олардың көпшілігі бізде бар, олар қолжетімді. Сондай-ақ сізді Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінің» қолжазбасы қызықтырды. Мен біздің мемлекеттік басқармаға қарасты ғылыми-зерттеу кітапханасынан «Тарих-и Рашиди» қолжазбасының екі нұсқасын таптым. Соңыра олардың сыпаттамасы, көлемі, беттері жайлы мағлұматтарды жазып жіберем. Біз сіздермен кездескен кезде өзара талқылағанымыздай Дулатидың өзі немесе ол жайлы жазылған Үндістандағы барлық құжаттарды таба аламыз.
Сіз(дер) Таразда М.Х.Дулатиге арналған конференция өтетіні жайлы айттыңыздар ғой. Онда өзара пікір алмаса алатынымызға байланысты маған аталмыш жиын туралы толығырақ хабарласаңыздар.
Қазақстанның Үндістандағы елшісі Болат Сәрсенбаев пен Тараз университетінің профессоры Махметқали Сарыбеков мырзаларға менен сәлем айтыңыз. Сіз менімен хабарласады деген үміттемін.
Сіздердің сапарларыңыз және Кашмир университетінің ғалымдарымен кездесулеріңіз жайлы мағлұматты (газеттегі мақаланы) қоса жіберіп отырмын.
Құрметпен,
Университет кітапханашысы
Кашмирдің Орталық кітапхана-сының бұрынғы басшысы
Кітапхана мен информатика бөлімі.
Кашмир университеті
Сринагар, Кашмир».

Абдул Маджид Бабаның хатын Қазақстан және Кашмир университеті ғалымдарымен әріптестік, ғылыми, мәдени байланыстың жалғасын таба беретінінің дәлелі деп сенуге әбден болады деп ойлаймын.

Алматы–Дели–Кашмир –Дели–Алматы

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *