ЖҮРЕГІМЕ ЖАЗЫЛҒАН ТАҒДЫР

НАСЫР-АКЫН сайт сурет

Насыр МАХАМБЕТОВ,
1991 жылы Түркістан облысы, Жетісай ауданында туған. Өлеңдері «Жастық жалын жыр» жинағына, «Үркер» журналына, сондай-ақ облыстық және аудандық газеттерге жарияланған.

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

СУРЕТШІ

 

Шын сезімнің кедергі көп жолында,

Жүректерді айналдырған қорымға…

Ерініңді су бетіне сала алмай,

Мен одан да безіп кеттім соңында…

 

Есіміңмен атап барлық қаланы,

Мен сен үшін ақ дей салдым — қараны.

Жүрегіңді жерге сызып көргенде,

Адамдардың басып кетті табаны.

 

Өтті дейсің бұл ісіме кім күлмей,

Қалған жоқпын мен, әйтпесе, тіл білмей.

Қайтқан құстар жүрек салды аспанға,

Біреу айтып қойғандай-ақ — білдірмей…

 

Жүрдім соны көпке дейін ұқпай да,

Суретшілік мені жарға жықпай ма?

Мүсініңді жасап берсем ақ қардан,

Еріп кетіп, өтірігім шықпай ма?

 

Күндеп сені, ішке бүксе Ай кегін,

Сұлулыққа сұқтанбаудың айт емін!

Ақ бұлттардан қояр едім ескерткіш —

Желмен бірге көшіп кетсе,  қайтемін?

 

Айтылмаған қайтем, осы сөйлемді?

Сен тыңдамай қоя салшы, мейлі енді.

Тірі жанның келісімін сұрамай,

Құрап алам, жұлдыздардан бейнеңді.

 

Шоқжұлдыздар жасырынып, Күн шықты,

Әлсіз шыбық көтермеді шымшықты.

Ең соңында айналсын деп өлеңге,

Құдай сендей берген шығар қырсықты.

Суретші болмаймын енді!

 

НЕ ЕКЕНІН БІЛМЕСЕМ ДЕ БАҚЫТТЫҢ

 

Әдебі бар, сұраудың да жай, көңіл,

Ұнаттың ба? Сыр сақтамай айт, егіл.

Не екенін білмесем де бақыттың,

Саған бақыт тілеп келем, әйтеуір…

 

Жатырқама, жүдемеші, жасқанба,

Өз ойыңнан өзің безіп қашқанда.

Жалғыз қанат періштедей біз енді

Құшақтассақ, ұша аламыз аспанға!

 

Қос қанаттың көрем сонда күресін,

Қос есімнен шыға келер бір есім.

Жә, аспанда әбігер боп қайтеміз,

Тағдыр атап, жерден берсе үлесін…

 

Түсінбесең, сұрасаңшы, ерінбе,

Іздемесін, сағынбасын дедің бе?

Тергеу болса әшкерелеп қоятын

Саусағымның ізі қалған беліңде.

 

Жаңбыр түгіл, төтеп берген бұршаққа,

Жүрек өлең жарататын құрсақ па?

Ауа-райын сұрайтынмын мен сенен,

Біз екеуміз бір қалада тұрсақ та.

 

Әдебі бар, сұраудың да жай, көңіл,

Сүйесің бе? Сыр сақтамай айт, егіл.

Не екенін білмесем де бақыттың,

Саған бақыт тілеп келем, әйтеуір…

 

ЖҮРЕГІМЕ ЖАЗЫЛҒАН ТАҒДЫР

 

Еркелігі басымдау назы бардың,

Ұнатпаса айтпайды әзіл әркім…

Маңдайыма жазғаны өшіп кетіп,

Жүрегіме тағдырды жазып алдым!

 

Асықпай тұр, қалаға кешке жетем,

Жанаспайды шындыққа еш келекең.

Көз жасыңмен суарып жүргендіктен,

Көңіліңе қара гүл өскен екен.

 

Сен өкінбе, айнамкөз, өкіндірме!

Бір бақытқа көз байлап, бекіндің бе?

Серік етіп өзіне көлеңкесін,

Белі талып, билейді жетім гүл де.

 

Сен қарама оған да еш аларып,

Сұлулығың өзіңнен асары анық.

Өлең жазып жібердім саған қарай,

Мен қайықты қағаздан жасап алып.

 

Өз қалауы көңілдің өтелсін деп,

Бақыт үшін күресіп өтерсің тек!

Секірмейтін екенсің арықтан да,

Сен әдейі: «арқалап, көтерсін», — деп!

 

Сағынышым барады шоқтай қарып,

Өз кеудем де өз үнім жоқтай налып,

Міз бақпаймын, маңайда жоқтай қауіп.

Үмітімді махаббат үзген еді,

Суреттегі жүрегің соқпай қалып…

 

Бұл кезеңнен бір емес, жүз өтеміз,

Ақ жейденің жағасын түзетеміз…

Бақыт құсы қонғанын күте бермей,

Ұстап алсақ қайтеді біз екеуміз?!

 

Қағидаға айналып жай талабың,

Айнадан да өзімді байқамадым.

Кәлимамен алғандай шатастырып,

Есіміңді ішімнен қайталадым!

 

СЕН МЕН ҮШІН СЕГІЗІНШІ НОТАСЫҢ

 

Келмесең де жерге алыс мекеннен,

Жақындықты сезіндірдің бөтеннен.

Күзде қурап көңіліңе қонсын деп,

Жапыраққа өлең жазып кетем мен!

 

Шамаң келсе, бұл сезімді ал күштеп,

Әрі кетсе бармағыңды қал тістеп.

Енді сенің қарғысың да өтпейді,

Себебі мен қабылдаймын алғыс деп.

 

Періштелер ұшып келіп қонатын,

Тыңдап көрші жүрегіңді, ол — ақын.

Әсерленіп саған жазған өлеңнің,

Буын саны кейде артық болатын…

 

Жатып алмай мен көлшікті терең деп,

Есім кетпес ен дәулетке елеңдеп.

Өз-өзіммен ақылдастым содан соң:

«Саған сыйға қандай кітап берем?» — деп.

 

Қанат жоқ та, тілінгендей ақ табан,

Көңіліңді көншітпейді мақтаған…

Сен мен үшін сегізінші нотасың,

Ешкім іздеп қолжазбадан таппаған!

 

ТАМШЫЛАРДАН ТҮСКЕН ХАТ

 

Күз жылайды, сен таңырқап күлсең де,

Жапырақты талға қайта ілсең де.

Есіміңді терезеге жаздым мен,

Жаңбыр жуып кететінін білсем де.

 

Үнсіздікпен үйлескенде  тал билеп,

Тамшыларға кете қоймас тау күйреп.

Мен де сенің махаббатың болайын,

Жүрегіңді алақаным әлдилеп.

 

Қош айтысты содан бері кей қылық,

Желбіреген бұлттың шашын қидырып.

Қолшатырдан әуен ойлап тапқандай,

Салып кетті аспан тағы қиғылық.

 

Таң бозара, көріп қырау түскенін,

Бітпей қалған әңгімені — түс, дедім.

Қайтер едің ұшып кетсе аспанға,

Жүрегімді тістеп алып, құс менің.

 

Қос көзіне өлең жазып бір құстың,

Мен тағдырды өзгертуге тырмыстым.

Көңіліңді айналдырсаң молаға,

Ол қай түрі болар екен қылмыстың?

 

Кереметтер келер кейде оқыста,

Болыс мейлі, өз еркіңде болыспа.

Жапырақпен құрап жазған атыңды

Біреу жинап, төгіп кетті қоқысқа.

Обалы кімге оның?

 

АҚЫН БОЛЫП КЕТЕТІН СИЯҚТЫМЫН

 

Құстар жерге қонса да жамырай кеп,

Өлең оқып беремін: «Өмір-ай», -деп.

Сенің қара көзіңе ұқсап қалып,

Кірлеп кетсе қайтемін көңіл-әйнек?

 

Терезеге тамшыдай ұрылмастан,

Ұстап алдым ұйқыңды бүгін қашқан.

Мына бір жол аспанға сүңгіп кетті,

Етегіне таулардың — бұрылмастан.

 

Мендегінің бәрін де байқа келіп,

Сен не таптың шындықты айта беріп?!

Секіреді биікке көк толқындар,

Қосыларын білгендей — қайта келіп.

 

Қайталаса кінәлі жиі ақтығын,

Ұялмаған беттерден ұяттымын.

Саған деген сезімнің әсерінен,

Ақын болып кететін сияқтымын!

 

СЕНІҢ АТЫҢ

 

Таң аруы ашып тастап көрпені,

Дала күйін ұшқан құстар шертеді.

Тылсым маған сенуді де үйреткен —

Сенің атың ертегі ғой, ертегі!

 

Ізгі майдан, жүрегімде жарылыс,

Еміренсең — тұнық жырдан қанып іш.

Шіркін, маған сезуді де үйреткен —

Сенің атың сағыныш қой, сағыныш!

 

Сабылдырды сылқым үнге сұраныс,

Тасығандай теңіздегі бұла күш.

Мұңсыз маған күлуді де үйреткен —

Сенің атың қуаныш қой, қуаныш!

 

Алдырмайтын сияқтанған  бекініс,

Саған жетпей тұр-ау мендік, өтініш.

Үнсіз маған төзуді де үйреткен —

Сенің атың өкініш қой, өкініш!

 

Жапырақпен билесе де күз вальс,

Шақырымдар бөлгенін-ай бізді алыс.

Отсыз маған күюді де үйреткен —

Сенің атың қызғаныш қой, қызғаныш!

 

Кезергенде ессіз ерін қаталап,

Шаттық əнін түгендейді шапағат.

Тілсіз маған сүюді де үйреткен —

Сенің атың махаббат қой, махаббат!

 

МІНДЕТТІСІҢ

 

Сөздің мәні кетсе де айта беріп,

Жалықпайды ізіңнен сайтан еріп.

Есіміңді өшіріп тағдырымнан,

Құдай жазып қойғандай қайта келіп…

 

Тосылатын жоқ оның қиын түгі,

Бір өзгеріс болады биыл түбі.

Алып ұшып адамдар іздеп жүрген,

Бақыт деген сәттердің жиынтығы!

 

Анықтама оған да бере кетем,

Өзі соқыр, соқырға ере ме екен?

«Бақыттымын»,— деп, жұртты алдап соғып,

Өзіңді де алдағың келеді екен…

 

Болмаса да бұл теңеу онша мықты,

Көңіліме сездірмей қол салыпты.

Ақ жаңбырдың астында жылап тұрып,

Сағынбайтын сен кімсің соншалықты?!

 

Саған қарай ұшырдым құрмет құсын,

Жүрегімде есімің тұр деп түсін.

Ақ толқындай алаңсыз құшақтасқан

Махаббатты сақтауға міндеттісің!

 

БЕУ АЛМАТЫ

 

Беу, Алматы, қандайсың,

Пенделіктің пейілінен аумайсың!

Алатаудың желкесіне шығып ап,

Неге бізге назарыңды салмайсың?

Ей, Алматы, қандайсың?!

 

(Мен ақының, маған ұқсас тауыңда,

Таудай тірек болсам деймін ауылға)

Абыздарым: «оян қазақ» -дегені,

Қамшы басқан секілденер сауырға.

 

Қайран өлең, торуылдар кеңсайды,

Көкжиегін мұнарлы мұң қоршайды.

Үкіміңе қарай, қарай жасқана,

Сырын бүккен ала бұлтта қартайды!

 

Қай бірінің бағын аштың бес елі,

Кімнің сенен қайтқан еді меселі?

Бір алыбың арыз жазып кеткесін,

Тас мүсін ғып, беріпсің-ау көшені.

 

Пәк сезімі көгершіндей ұсынған,

Ару қайда — көз алдымда қысылған?

Таңғы шықтай күн шыққанын хабарлап,

Қара түннің зəре-құтын ұшырған.

 

Аспан — алып, жер — пендеге мекен ғой,

Кей шындықты айтпау — шындық екен ғой!

Сенің мен де бір қалауың бар шығар,

Мен сенсіз-ақ өмір сүріп өтем ғой.

Бірақ, сені сағынбау да бекер ғой!

 

P.S. Барлық ақын саған ғашық екен ғой…

 

ҚҰДАЙ СОНЫҢ БІЛМЕЙМІН ҚАЙБІРІНДЕ

 

Жаңбырдан соң аяғың  тайғанақтап,

Келгендейсің көлшік пен сайдан аттап.

Білінбейді жүрегің бар-жоғы да,

Ақ көйлектің сыртынан, Айдан аппақ.

 

Айдан аппақ көйлекті мақтанып ең,

Төсегенде сары күз баққа кілем.

Мен көзімді ашпай-ақ содан бері,

Саған қалай баруды жатқа білем.

 

Іздесе де ұсақтар — іріден мін,

Тірі емес барлығы тірілердің.

Сені сүйген әлемде екеу болса —

Сол екеудің әрине, бірі менмін!

 

Айтқан емен оны да тек ешкімге,

Шындық деген — үндемеу деп өстім де.

Қанаты жоқ періштем, тіпті сені

Мендей сүйген, мен ғана емеспін бе?!

 

Үміт арту қашанда ұлы сенім,

Сол сенімді ақтауға кірісемін!

Бұл кеудемде соғып тұр екі жүрек,

Бірі менің жүрегім,  бірі сенің.

P.S. Құдай соның білмеймін қай бірінде…

 

АҚЫЛ ТІСІ КЕШТЕУ ШЫҚҚАН ДЕМЕСЕҢ

 

Қара басын күйттеп жүрген емес ем,

Көз жасыңмен гүл өсірдің неге, сен?!

Бір кісідей ақыл айтам негізі,

Ақыл тісі кештеу шыққан демесең!

 

Мән бар анау аңдап басқан қадамда,

Алақанмен жылу берген табанға.

Бір мезгілде екі күз жоқ, сондықтан,

Сендей сұлу сен ғанасың ғаламда!

 

Келбетіңнен аяқ тартса нілдей мұң,

Нілдей мұңды қай бетіммен тілдеймін?

Мен түсіңе қалай бардым, о, тоба,

Сен тұратын мекенжайды білмеймін!

 

Айтылмаған бар оның да қызығы,

Қайталанбас тағдырыңның үзігі…

Саған бастап барар жолдың төтесін,

Саусағыңның көрсеткендей сызығы…

 

Бұл тұспалға жоқ секілді таласың,

Қимағандай сағыныштың қаласын…

Сен егер де іздеп жүрсең өзіңді,

Онда менің жүрегімнен табасың!

 

ЖОЛДАНБАҒАН ХАТ

 

Мүмкін осы қалады хатым дауға,

Енді ақын тиісті атылмауға!

Ол оқыған өлеңді «мынау кім»  — деп,

О, дүниелік тыңдайды ақындар да!

 

Бұл пікірмен қаншама келіскен ел,

Табылады әрине теріс көрер…

Ақ жүрегін ақынның қысылмастан,

Жалға алып тұрады періштелер…

 

Сол періште қол соғып, іштей ғана,

Күндегенге қынжылар,  түспей ара.

…Ақ түс мақтап өлеңін қара түске,

Қапияда білгенін істер ала.

 

Ұйқысынан тұрса да сайтан атып,

Беу,  бақталас, сен оны байқама түк!

Күмбезіне мешіттің қонақтаған

Құстарға да қойғандай қайталатып!

 

Жаттап алып кең дала, терек, көшең,

Тау, теңіз де қайталар мезі етпесең.

Жатырдағы сәбидің жүрегін де,

Жылытады өлеңі, керек десең!

 

Артық кетсем ендеше терге мені,

Өлеңнен басқа берем елге нені?

Шын ақынды көмусіз қалдырсаң да,

Жүрегіне халықтың жерленеді!

 

КӨЗІҢДЕГІ АСПАН

 

Із қалмайды соңында шимайланып,

Құстар кетсе ұшпаққа үйді айналып.

Қонды сенің именіп жанарыңа,

Жұлдыздар да аспанға сыймай қалып…

 

Бір бейнені ақ бұлттар құрап берді,

Түтініндей шылымның шұбап келді.

Түсінбейтін несі бар деп қарадым,

Жарты жүрек емес пе сұрақ белгі?

 

Көзі бір сын тәрізді, сөзі бір сын,

Сен тұспалды ұқпайтын өзі кімсің?

Іші пысқан бұлттар да қабарып тұр,

Жауса жаусын, жаумаса — өзі білсін!

 

Сен де көштің жүрекке тізіп арман,

Есіміңнің көңілде ізі қалған.

Көк аспанға тығылған жұлдыздар да —

Тәспісіндей Тәңірдің үзіп алған!

 

ЕНДІ ЖҮРЕК ЖОҚ МЕН ДЕ

 

Ескермей-ақ ереженің ешбірін,

Түсініппін бұл сезімнің кеш тілін.

Сен туралы сұрап жүріп біреуден,

Маған ғашық екеніңді естідім.

 

Тың деректі ұсынса да күзгі бақ,

Түсінбейтін боп көріндік біз бірақ.

Мен тағдырды өзгертемін деп қоям,

Өлең жазған дәптерімді мыжғылап!

 

Қарайласа таң бозарып жолыңа,

Назарыңа ілмей қойдың оны да.

Жапыраққа жазып кеткен өлеңім,

Күзде қурап, өзі түсер қолыңа.

 

Қарашамен шатастырып Тамызды,

Сарғаймаған жапырағын тал үзді.

Құстан қанат сұрап алып, жүрегім,

Саған қарай ұшып кеткен тәрізді.

Енді жүрек жоқ мен де…

 

АЙНАҒА ҚАРАП СҮЙМЕСЕҢ

 

Мейірімін дарытатын сәбиге,

Сендей сұлу ана керек әр үйге.

Қылығыңды қайталайды демесең,

Көлеңкенің жүрегі жоқ әрине.

 

Жер түгілі, атың таныс аспанға,

Ізің қалмас топырақты басқанда.

Құстар ұшты өлең оқып бір тілде

Көңіліңнің терезесін ашқанда.

 

Сен өнерді жарататын өнерсің,

Көндірерсің, амалың жоқ көнерсің.

Ұстап көрсем үркіп, ұшып кетпей ме?

Көйлегіңнің ішіндегі көгершін…

 

Алданасың, ол аз десе алдайсың.

Талқылайсың, тың тақырып талдайсың.

Сен өзіңді қанша жақсы көрсең де,

Өз ерніңді өзің сүйе алмайсың!

P.S. Айнаға қарап сүймесең…

 

КҮЗДІҢ ҚОЛТАҢБАСЫ

 

Қолтаңбадай қалдырыпты күз белгі,

Жаңбырдан соң пайда болған іздерді.

Кемпірқосақ салды теңбіл аспанға,

Ойыншықпен алдарқатып біздерді.

 

Ақ қайыңды көріп, сен де керілдің,

Сұлулығын сөз етуге еріндің…

Бұл сезімді түсінуің үшін де,

Жүрек керек, керегі жоқ еріннің!

 

Құстар ұшып көрсетпесе онша түр,

Өлең оқып беретіндей болса тіл.

Анда-санда жылайтынын айтпасаң,

Керең бұлттар екеумізге қолшатыр.

 

Таңырқадық бұл ертегі деп кейде,

Ертегілер ойды бұзып кетпей ме?

Сенің ғана көңіліңде мен осы,

Ескерткіштей қалып қойсам, жетпей ме?

 

Жазды күтпей, маған ғана келді Күз,

Сағынышы айырбасқа бергісіз.

Жүрегіңе жазар едім өлеңді,

Ол кітап боп шығатыны белгісіз…

 

Күн батқанда көлеңке де бөтен ғой,

Мен оған да үйренісіп кетем ғой.

Шын бақытты сезінуің үшін де,

Бізге ғашық болу керек екен ғой!

Күзге ғашық болу керек екен ғой!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *