АҚ БҰЛТТАРДАН НӨСЕР БОЛЫП ТӨГІЛДІМ
Шерхан ТАЛАП,
1993 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңажол ауылына қарасты кіші Айдархан елдімекенінде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің түлегі.
«Дарын» жастар сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының бас жүлдегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. «Адасқақ ойлардың аспаны», «Катарсис» жыр жинақтарының авторы.
АҚЫНХАНА
Көкшіл кеште будақ-будақ сөз маздап,
Гүртханадан ақын аңқып, жыр есер.
Өрттей жанған өлеңшіл топ көзді арбап,
Кеуде керіп күмбірлейді… кіл есер…
Бой жылыса қан қызады, жан балқып,
– Ей, официант, ізгі іс еді құйсаңдар!
Темекінің түтінінде тән балқып,
Кеңістікте тербеледі биші ойлар.
– Шулы шаһар – күрсінісі қобыздың…
Тұман деген – серуені Тәңірдің…
– Анау таулар толқыны еді теңіздің,
Тасқа айналып тұнжырайды – ауыр мұң…
Іштегі өртті өлең бе тек басатын?
Қолына алып көзе толы наласын,
Өксіп тұрып жыр оқиды жас ақын:
– Бұл Алматы – ақындардың моласы!..
Өлең үшін өмірлерін қиярдай.
Көтере алмай қастерлі аға қазасын,
Жыр оқиды жүректерге сия алмай,
Аспанға айтып азасын!
Шерлі ақынның дертте өлгеннін
көксей ме ел?!
Тарқағанда баянсыз бұл той-дүрмек,
Ғасырдағы ең ұлы ақын боп сөйлер,
Сөздерінен қасиетті ой бүрлеп…
Көздерінен қасіретті сөз тамып…
ОЛАР…
Олар…
Жаңбырды тағдыр деп ойлайды,
Жаурайды қолшатыр сыртында.
Сезімін сенімге байлайды,
Сатқындық салты жоқ ғұрпында.
Олар…
Шексіз бір ой кешіп шалқиды,
Сөйлейді түйсігі тілінде.
Сағыныш нұры боп аңқиды,
Жұпарлы боз жусан түбінде.
Олар…
Өлімді өмір деп ұғады,
Қорқады өлеңнен ғұмырсыз.
Дауыл боп, жауын боп тұрады,
Көшені кезбеңіз, бүгін Сіз!..
Олар…
Ессіздік көктемін кешеді,
Һәм қарсы жүзеді ағынға.
Ғасырдан ғасырға көшеді,
Құбылып уақыттың жадында.
Олар…
Дәуірін аңсаған Сөз еді,
Бұл шақтан өз орнын табар ма?
Кезегі келерін сезеді,
Бір жарық мөлдіреп жанарда.
АҚЫН-ҒҰМЫР
Ақ таңнан алса мазаны дүбір,
Арманға бастар асыл мұң.
Ақындық тағдыр, азалы ғұмыр –
Ғазалы ғазиз ғасырдың!
Күрсінсе жаны түнекке ұйып,
Өлеңі өрге тарта алар.
Әлемнің мұңын жүрекке жиып,
Жаһанның жүгін арқалар.
Сермейді талмай қанатын кеңге,
Жесе де жаны кіл опық.
Қайғырар қамсыз қара түндерде,
Жалғыздығына жыр оқып.
Жүрегін қайғы жеуде шын келіп,
Тағдырға қалай төзесің?!
Көтерер солай кеудесін керіп,
Көз жасы толған көзесін.
Заманның зәрлі зарымен бастап,
Жыр оқыр… мұңын жас шайып…
«Адамша ойлап арымен асқақ,
Құдайша сөйлер қасқайып!»
Жанына жырды емге іздер жанша,
Құныға түсер мұңды адам.
Келмеске кеткен кербездер қанша,
Кеңсайды керек қылмаған.
Қашқандай жаннан едәуір маза,
Болашақ үшін бекін бір.
Ақындар үшін ең ауыр жаза,
Жоқтаусыз қалса жетім жыр!
МҰҢ КЕШУ
Өзімді іздедім, сезімді іздедім,
Мейрімге зәру ғасырдан.
Уақытқа айтар сөзімді іздедім,
Мыңжылдықтарға шашылған.
Басымнан көшкен тағдырға налып,
Сезімге малдым сөзді асыл.
Сәуірде жауған жаңбырда қалып,
Дәуірдің кештім көз жасын.
Зарығып өлді сан күз кеудемде,
Сынбауға сонда серт бергем.
Көп ішіндегі жалғызбын мен де,
Өлеңге жаны дерттенген.
Баянсыз өмір – бұл дағы сүргін.
Жарығын сүйіп жарлы айдың,
Жарым түндерде жырға құлшындым –
Азабы бітпес маңдайдың.
Тек үміт таппай ертеңге мүлде,
Желігіп жаным қайтса да.
Ақын ғұмыры өртенген бірде,
Ерте өлген гүл ме, айтшы, аға?
Дертіме менің деместен ел түк,
Жапты ма тағы жала-мұң?
Өле алмай жүрген елеске елтіп,
Өлеңге сіңіп барамын.
АНКАРА ӘУЕНДЕРІ
I
Аспанымда Ай сөнерде таң алды,
Жесір түнді құшағымнан босатып,
Жетім ойды жанарымнан ұшырып,
Тереземнен тамған нұрға өртендім.
Тəнім қазір күлге айналып кетердей,
Жаным содан байыз табар мəңгіге.
Суық таңның сəулесіне сүлде іліп,
Жалғыздықта жоғаламын жалқы сəт…
Кірпіктерім айқаспады осы түн.
Топыраққа жерік неге көз біткен?
Бөлме ішінде қаңғып жүрген жарықты,
Саусағымның ұшына əкеп қондырдым.
Кенет көзім періштеге байланды…
Алас, алас! Пəлелі ойдан арыл ми!
Сəлден кейін азан даусы қалықтап,
Бір ғажайып сазға елтеді бұл шаһар!..
II
Анкараның аспанына тұнды əуен.
Азан үні – тыныштығы жүректің.
Мейірімге шөлдегенде мұңды əлем,
Түкпірінен қол созады түнектің.
Дұғалы əуен жаңғырады асып қыр.
Жанды арбаған тəтті əуезге ауды есім.
Көкірегіме құйылады шашып нұр,
Мешіттерден төгілген үн сəулесі.
Алып қала таңғы тылсым сазға ұйып,
Құбылаға бет түзейді елестей.
Тағдырымнан тартпап едім аз күйік,
Ессіз күйде егілемін неге іштей?
Дəл осы сəт өзегіме өрт толып,
Көз алдыма бір мұңды ой келді ауыр:
Жүрегімде бұлқынады дерт болып,
Азан даусы естілмеген шерлі ауыл.
Молдасынған жалғыз шалын күндейді ел.
Қандай кінə арта аларсың көпке бұл?
Жол алдады, сор арбады – білмейді ел.
Оралмады Құдайды іздеп кеткен ұл.
Көңілімнің неге келмей жүр хошы?
Ауылды ойлап үзіледі жас кейде.
Бала кезде бірге ойнаған бір досым,
Түсімде ылғи отырады мас күйде…
АУЫЛҒА БАРА ЖАТҚАНДА…
Мына жол – сағыныш өртеген
жүректің көктемі.
Сарғайған сəттердің сəулесі
секілді шашылған.
Алқынған көңілім аптығын
баса алмай толқиды,
Арманшыл ойларым ауаға асылған.
Мүлгіген далада мейірім жұпары еседі.
Құбылған сан түрлі бояулар
шеруін ұсынды.
Ыңырси қозғалған көлікке
сыймаған аңсарды,
Ізгілік аңқыған əлемге ұшырдым.
Балалық шағымның елесі кезеді даланы,
Шындыққа айналған қиялын
тосады ол жол қарап.
Терезе түбінен қараймын
жоғалған уақытқа,
Секундтар ағады əр сəттен сорғалап.
Он жеті жасымда мен елден
кеткенде шалғайға,
Қабарған қара жол малынып
жап-жасыл тұманға,
Жыландай иреңдеп жанарым
ішінде биледі –
Жанымды арбаған үміт пе, күмəн ба?
Мен солай аттандым бағытсыз
жолдардың көшіне,
Жүректе əлдилеп өлеңге
байланған өмірді.
Жалғыздар жадында жабыққан
ғасырды түртіп ем,
Қаламым ұшында қасірет төгілді.
Мына жол – сабырын ұрлатқан
сезімнің құндағы.
Ол мені іңкəрлі ең ұлы сапарға бастады.
Бұл жолдың аяғы мен туған
мекеннен бітеді.
Мені онда күтеді əкем мен
анамның аспаны.
***
Күрсініс талыққан бөлмеде,
Дыбыстар шуына шөлдеген,
Ауада тербелген елеспін,
Жалғыздық ойымын – мен деген.
Қабырға – сұрланған қамалдай.
Айнадан өзімді таба алмай,
Мәнсіздік ішінде жоғалам,
Көзімнен көзімді ала алмай.
Оң жаққа тарайын шашымды.
Сол жақтан періштем асылды.
Ақынға айналып кетейін,
Ерніме қондырып ғасырды.
Сөз болып құйылам мен ертең.
Соңымнан шұбалған жол ертем.
Болашақ атынан күледі,
Айнада күрсінген көлеңкем.
Тәнімді түнекке тастаған,
О, неге қатыгез тас қала?
…Асүйде отырған адам кім?
Мен бе, әлде басқа ма?
Ол неге жыр жаза бастаған?
ЗАРЫҚ
Қара түннің құшағында ой налып,
Тағы отырмын жүрегімде күз жылап.
Тәнім – мұңға, жаным – жырға айналып.
Неге мені адастырды жолдар кіл?
Аспанымда Ай жүзеді қорғансыз,
Жалғыздығың, жалғыздығым – ол бәлкім…
Жан әлдиім, аспан сенің мекенің.
Жұлдыздардан жұпарыңды аңқытып,
Жүрегімді тіліп өттің, не етейін?!
Содан бері көңіліме қайғы алып,
Көкке қарап дұғамды оқып тұрамын,
Сынған айдың сәулесіне байланып.
Көзім жұмсам кеудеңе әсем гүл қадап,
Сағымдардан қол созасың –
Қол созам,
Жанарыңнан жалғыз тамшы сырғанап.
Тылсымына тартқан кезде зарлы әнім,
Тұңғиықта жан ышқынып, тән жүдер,
Көз жасыңның көтере алмай салмағын.
Көздеріңнен сүйейінші, жарығым!
АДАСҚАҚ
Қараша түнінде – Арқаның желі ессіз.
Жан жаурап, тән тозар қабарып қара аспан.
Бейтаныс қалада бейуақ адасқан,
Белгісіз жолдарға жұтылған елеспіз.
Біз неге жоғалдық, сертке сор сезімдей,
Кеңістік төсінде күнәсін билеткен,
Сұрықсыз көшеде сүлдесін сүйреткен,
Сұп-суық ойлардың үрейлі сөзіндей.
Өлеңге байланған тәніміз, жанымыз,
Асылзат аңсардың ділі жат құлқынға.
Саясат мүңкіген сарайлар сыртында,
Арзандау сыра іздеп түн кештік тағы біз.
Бұл жақта түн неге думансыз, дүбірсіз?
Ерке Есіл есіліп жыр оқып бермей ме?
Біздегі адасқақ арманға сенбей ме?
Ай неге ажарсыз, гүл неге ғұмырсыз?
Желіккен жел бүгін шырқайды жат әнін.
Үміттің алауы көңілде сөнбесін.
Ең ізгі сезіммен жүректе тербеші,
Тәуелсіз қазақтың бұл шерлі шаһарын.
Ғарышқа ұмсынған біздегі ой дербес.
Ең ұлы сағыныш бір мұңға бастады…
Көзіңде мөлдіреп Алматы аспаны,
Сен бұлай қарама, Айкербез!..
АҢСАР
Шексіздікке шырмалған бір шерлі едім,
Сезімі елткен сағымға.
Ең аяулы әнім болдың сен менің,
Әлдилейін жанымда.
Әлди, әлди… алыстағы аңсарлы ән,
Көңіл сенсіз дерттенер.
Бізді қандай тағдыр күтер қарсы алдан?
Сеніміңді сертке бер.
Түндер кештім – нені сездім, не білдім?
Көзім алды байланып.
Ақ бұлттардан нөсер болып төгілдім,
Сағынышқа айналып.
Ой зарығып, үміт алдап бүтін күн,
Жолға қарап жалтақтай.
Жалғыздықтың жанарына жұтылдым,
Қол созарға жан таппай.
Өмірімді шуақ қылған затың нұр,
Сенсіз күннің бәрі мұң.
Түнге сіңіп, тағы адасқан сәтім бұл,
Қайдасың сен, жарығым?
***
Қарашығың – қара түн,
Ай қалқыған ішінде.
Түнге жұлдыз таматын,
Жанымды өртеу үшін бе?
Аққан жұлдыз сәлемі,
Сөнген үміт обалы.
Сәттерімді әдемі,
Сағынышқа орады.
Сөздеріңнен тән балқып,
Көздеріңде ай жылап;
Көкірегіңде жан қалқып,
Кірпігіңнен ой құлап.
Шексіздіктен оралдың,
Жырға ұқсадың жұмбақ тым,
Мұңға айналдың…
жоғалдың…
Түсім бе бұл, қымбаттым?
Адастырған сәтін көп,
Жанарды елткен тозды нұр.
Бақыты кем ақын боп,
Таусылар ма аз ғұмыр?..
ТЕАТРҒА БАРУ КЕРЕК…
Театрға бару керек… жалғызбын…
Іздеп жүрмін жүзі сұлу, жанды ізгі.
Маған қиын ұқсамаса Гүліме,
Білегінен ұстап кету әр қыздың…
Театрға бару керек… жүдеумін…
Қарашы енді сағыныштың үдеуін.
Жалғызыма ұқсап кетті бір ару,
Ойға мас боп отырғанда түнеу күн.
Театрға бару керек… мұңды арман –
Жүргімде жазылмаған жыр қалған…
Жанымызды бір тазартып алайық,
Дүниенің боқтығына былғанған.
Театрға бару керек ұдайы,
(Қорғансызға жар болсыншы Құдайым.)
Лас өмірде жұбанатын не қалды?
Шырмалайық басқа әлемде шынайы.
Театрға бару керек ұғынып,
Күрең күндер өтіп жатыр құбылып.
…Әртіс жігіт әсерлетіп сөз айтса,
Менің ішкі әлемімнің сырын ұқ.
Театрға бару керек… бұла шақ…
Бізде жұрттың бір қатарын құрасақ.
Тек екеуміз драмаға ду күліп,
Тек екеуміз комедияға жыласақ…
Театрға бару керек жұп болып,
Жанарыңа мөлдірген шық толып.
Ырыс тұңған шаңырақ қой киелі,
Кетер бәлкім басымызға құт қонып.
***
Жалған үмітке сеніп кей,
Қашанғы шыдар құр сүлде.
Жәудіркөз ару еліктей,
Жатырқап әлі жүрсің бе?
Керімсал мінез, керім Сен,
Тәуекелім ең бекінсем.
Кермаралдайын керілсең,
Көктемге сіңіп кетуші ем.
Жанымды өртеп, шарпып от,
Шері боп тұндым ғасырдың.
Тәкәппарлығыңа тәнті боп,
Менмендігіңе бас ұрдым.
Тірі жан ұқпас мұң ба едің?
Жетпейтін қолым биікте ең.
Асқақтығыңмен құнды едің,
Сен соныңменен сүйікті ең!
Сезімнен мөлдір шық тамып,
Паңдана керші қасыңды.
Сұлулығыңа сұқтанып,
Алайын сығып жасымды.
Кедейге біткен байлығым,
Бұралып өскен бұласың.
Қасиетін ұғып қайғының,
Жыласа жаным жыласын.
Кеудеме мұңды күй сіңіп,
“Тек мені қалқам күтердей”
Жүрейін сырттай сүйсініп,
Қол жетсе – қиял бітердей.
Жақындамай-ақ жаныңа,
Ең ұлы жырды жазамын!
Қинашы мені тағы да,
Таусылмас тәтті азабым…
МУЗЕЙДЕГІ ТҮН
Музей кеші. Бөлмені ымырт қамап,
Жалғыздыққа байландым сынық қанат.
Басымды алмай күндізгі күйбең істен,
Ауыр ойға батамын күйреп іштен.
Түйсігімнің түкпірін мекен қылып,
Бойды билеп алғандай секем, күдік,
Бір белгісіз сезімге арбаламын.
Жаным бұзып шыққандай тән қамалын,
Кеңістікті кешемін, тербелемін,
Көзбен ішіп тарихтың мол дерегін.
Шақырады – тұңғиық тылсым әлем.
Жаным байыз тапқандай тыншып әрең.
Бабаларды еске сап кешегі өткен,
Мыңжылдықтар елесі көшеді еппен.
Тасқа түскен тарихқа тіл бітіріп,
Уақыт ағып барады түнді тіліп.
Жүректі өртеп бұл жұмбақ сезім ғажап,
Шексіздікке қараймын көзім қадап.
Ойшылындай Тобылдың тілсіз көпке,
Телміремін о, неге үнсіз көкке?..
Көне сарын бойымды шырмағанда,
Аласұрып, сия алмай бұл ғаламға,
Сәулелі сәруар шақты үміт қылып,
Ай мүйіз, алтын зерлі күлік мініп,
Дәуірлердің көшінде дүбір кешіп,
Күлтегіннің басында күбірлесіп,
Күрсінісін жұтамын қоңыр кештің.
(Көз ұшында көлбеңдеп өмір — бес күн.)
Картиналар бұрышта кемсең қағып,
Бір өкініш басады еңсемді анық.
Ұлылардың көзіндей – әр жәдігер.
Сырын ашпай қылардай жанды әбігер.
Жүзігінде Махамбет, Хан Кененің,
Тізбектелер тарихтың сан дерегі.
Домбырасы Динаның күй төгілген,
Булығады мән таппай күйкі өмірден.
Шанағына саз ұйып, шер түнеген…
Серті де өлең, болғанда дерті де өлең.
Портфелінен Мағжанның парақ алып,
Қаламында Қадырдың шала жанып,
Кеңістіктен көңілге мұң көшіріп,
Кетердеймін біржола түнге сіңіп…
***
Көшелер бүгін де ояу,
Тағы бір таң атты жаңа.
Көзіңде көшеді баяу,
Автобус терезесіндегі қала.
Белгісіз бағытқа маңған,
Бұлттарға ұқсайды өмір.
Сенімін кірлетіп алған,
Тұнжырап бейкүнә көңіл…
Таңғы шәй ішпедің үйден,
Шығарып салмады жарың.
Күндегі бітпейтін күйбең –
Соңынан жеткізбес сағым.
Жұмысың күтпейді сені,
Тірлікке тұсалған еркің.
Жаныңды жегідей жеді,
Адасқақ ойлардың дерті.
Жылдардан жасырды нені?
Жырақта жат болған бауыр.
Қарасұр қараша демі,
Әкеңнің үнсіздігіндей ауыр.
Астана аспаны – тұнжыр,
Кеудеңде булықты нала.
Көзіңде көшеді бұлдыр,
Автобус терезесіндегі қала…
***
Ауық-ауық аспанымда бұлт жылар,
Көз жасы оның болар ма еді мұнша ауыр.
Бұл қыстың да мінезіне жұрт шыдар,
Сылқымдайын мың құбылған күн сайын.
Көктемді ертең қала қайтіп қарсы алар?
Тым жылауық, тұнжырауық бақтары.
Көше кезіп көңілсіз бір ән салар,
Алматының ақ жауынды ақпаны.
Оның мұңын мендей қайсың ұға алар,
Неге ақпанның қайталадым сол әнін?..
«…Көктемнің де көз жасында күнә бар,
Аппақ қардың арқалаған обалын».
Соны ойласам жанарымды мұң қамап,
Еске аламын мөлдір шақтар елесін.
Түссіз тамшы тереземде сырғанап,
Жүрегімді айғыздайды о, несін?
…Гүлдерді ертең қала қайтіп қарсы алар?
Көкірегін көтертпейді өктем үн.
Көше кезіп көңілді бір ән салар,
Күнәсі көп, кінәсі жоқ көктемім…
ЕРЕСЕК ҚЫЗ
Сенделген сезімдердің егесі ек біз,
Ел үшін айтылатын бір өсекпіз.
Сіз мені бір елемей қойдыңыз-ау,
Санамды сабылдырған, Ересек қыз.
Жанардан мұңды жасым тамса жайсыз,
Ұрысып, жүрегімді паршалайсыз.
Шынашақтай баланың сүйгендігін –
Паңданып, өзіңізше ар санайсыз.
Біз жайлы өрши түссе ел өсегі,
Жұбатып: “қайтесің?” деп жел еседі.
Өзімнен үлкен қызды сүйіп қалсам,
Ол менің есерлігім емес еді…
Іздеген бағымыздың елесі егіз,
Сезімнің майданында егесеміз.
Мен сізге қорғаныш та бола аламын,
“Алты жас кішісің ғой…” демесеңіз.
Бақытты боламын деп басқаменен,
Қашқақтап жүргендейсіз босқа менен.
Қайтесіз құр қырсығып,
Білесіз ғой,
“Махаббат қарамайды жасқа деген”
Кей сәтте бір үмітті артасыз да,
Алдайсыз, түлкі сынды жортасыз да.
Сіз әлде менің қарыс құшағымда,
Жылынбай қаламын деп қорқасыз ба?
Мен сізді әр сөзіме сенсін деп ем,
Адасып баратырмын елсізбенен.
Телміріп көзіңізге қарай берем,
Бейкүнә сезімімді менсінбеген…
ПЕРІ ҚЫЗ
(Асан қайғы аңызының ізімен)
Пері қызын іздеп шықтым жолға мен,
Сеңгір-сеңгір таулар асып сорлап ем.
Желмаяға мініп алып жер шалдым,
Ілбіп басып келе жатыр ол да әрең.
Апырмай-ай, қай бағыттан табамын?
Қармағымды қай өзенге саламын?
“Су сұлтаны Пері қызы нәсіп” – деп,
Қатырды ма әлгі балгер – қарағым?
Төрт өзенге кезек барып төнгелі,
Үмітімнің бір сәулесі сөнбеді:
Еділге кеп еңкілдедім елдегі,
Сырға келіп сыр ақтардым сенбеді.
Ақ Жайық та іңкәрлікті мендегі,
Сорға айналған жағасына жерледі.
Ең ақыры Ертіске де өрдегі,
Барып едім ештеңе де өнбеді.
Қармағымды қаппаған қыз, қайдасың?
Арманымды таптаған қыз, қайдасың?..
Пері қыз ғой перілігін танытып,
Әлде менен асырды ма айласын?
Жасыл-жасыл жаның – көктем, тәнің – нұр,
Қайткен күнде жетем саған бәрібір.
Табанымнан таусылдырмай жолдан шық,
Көп ішінен өз бағыңды танығыр.
“Тек тілі жоқ, сымбатында еш мін жоқ”
Ех, Пері қыз, көңілімде көштің көп.
Асан құсап қасіреттен қан жұтып,
Біздің сезім бітіп қалмас бес күн боп.
Сағыныштан сартап болған мың өлең,
Менің ішкі әлемімде түлеген.
Жүректегі жыр дәптерден жатқа оқып,
…Мылқау қызға тіл бітіріп жіберем.
Табылғасын қосағымыз, теңіміз,
Бақытты боп күн кешеміз тегі біз.
Содан кейін, содан кейін, сосын ба?
…Періштеге айналады Пері қыз!!!
ТЕҢІЗ ЖЫРЫ
Үстірттің бойы – ата-қыр.
Көкке қарап қиял кешіп жатады ұл.
Өрттей лаулап көкірегімде сөз көшер,
Буырқансам басылар ма, а, Тəңір?!
Жалғыз тамшы зар қылып.
Құм Нарынның кеудесінен тамды үміт.
Мен-дағы анау жайылып аққан Жайық ем,
Ақкөбік толқын жарды ұрып.
Уай, жалған, несін құбылдың?
Қысқалығын ұғына алмай ғұмырдың,
Көзімнің жасы көл болып,
Соңымда ізім шөл болып,
Айнам, Каспий, саған жетіп жығылдым.
Наласын жұтып ғасырдың.
Жемір жылдар жетегіне бас ұрдың.
Тұңғиығыңда – тоғыз қайықтың тағдыры.
Қандай сыр тағы жасырдың?!
Көкмойнақтайын көсілген.
Көк бұйра толқын кетпей де қойды есімнен.
Жағаңда өскен ұлдарың ұран қылғанда,
Ұлтына қарсы ұрыс
бастағандарды кешірмен!..
Бозғылт белдердің шексіздігінде
шер кештім.
Жанарын жасқа бұламасыншы енді ешкім.
Төңірегіне ақ нұрын шашсын ақ айдын,
Төбеңде қалқып сөнбес Күн.
