Қансейіт Абдезұлы, ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясы және Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Абдезұлы, ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясы және Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор
ӨРШІЛ РУХ ДАУЫЛЫ Болат Шарахымбайдың күрескерлік поэзиясы хақында        Бұғаудағы асау дала әлсін-әлсін бұлқынып қоятын. Бірақ, бұғатты бұзып-жарып өту үшін ұзақ уақыт... Қансейіт Абдезұлы, ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясы және Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

ӨРШІЛ РУХ ДАУЫЛЫ

Болат Шарахымбайдың
күрескерлік поэзиясы хақында

БОЛАТ

       Бұғаудағы асау дала әлсін-әлсін бұлқынып қоятын. Бірақ, бұғатты бұзып-жарып өту үшін ұзақ уақыт керек еді…
Отаршылдық пен озбырлықтың обыр қамыты қос бүйірден қысқан сайын байғұстың ырғайдай мойыны торғайдай болып бұлғақтап, дөңайбат дауылға қарсы қауқар көрсете алмай жаны ышқынды… Алдымен патшаның ылаңы, сонан соң қызыл қырғынның қара бұлты төбеге үйірілді… Құрбандықтардың қаны су болып ақты… Талай тағдырлы тұлпарлардың тұяқ серпуге шамасы келмей қалды… Капиталистік Еуропаның алдында жер тізерлеген алып Азия қалың ұйқысынан оянып келе жатты… Ұлы дала бұғатты бұзып-жарып өту үшін асау өзендей ақтарылды… Аспан мен жердің арасы жан алысып, жан беріскен өмір мен өлімнің айқас алаңына айналып, олар итжығыс түсіп жатқанда, азу тісі ақсиып албасты ажал жүрді арасында…
Осындай ұлан-ғайыр даланы ғасырлар бойы емін-еркін билеп-төстеген халықтың құлдық қамытқа еті үйренбей-ақ қойған. Үйренбейтіні әуелден аян еді. Сондықтан қазақ даласының түкпір-түкпірінде ауық-ауық бостандыққа, еркіндікке үндеген бұлқыныстың дүбірі шығатын. Азаттықтың бір жұтым саф ауасын аңсаған елдің жан айқайы естілетін. Сол жанайқайдың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Қазақ желтоқсаны! Қақаған аязда ауыздан шыққан демнің жалын болып лаулап жанып, мұз ұстаған қолдың өзін күлдіретіп күйдіріп жіберетін өның оттан да ыстық қызуын егндігі ұмыту мүмкін емес-ау, сірә.
Иә, тау өзеніндей асау өршіл рух дауысы тағы да серпіліп алға ұмтылды. Жолындағының бәрін жапырып жаншып өтті. Ілескені ерді, ілесе алмағаны қалды… Алайда, күш тең емес еді. Теңізден көтерілген алып толқындар лықсып барып меңіреу жартастарға соғылды… Еркіндік сүйгіш жас толқындар сол жерде аяусыз басып-жанышталды… Міне, азаттықты аңсап бейбіт шеруге шыққан жас қазақтардың тоталитарлық жүйе тарапынан дәл осылай аяусыз басып-жанышталуы КСРО тарихының бетіне басылған үлкен қара таңба болып қалды… Содан кейін не болды? Мәңгі мызғымастай көрінген өктем күштің іргесі сөгіліп жүре берді… Осы бір тарихи кезең қазаққа қайғы-қасірет әкеліп, иығына батпан салмақ салғанымен, ұлттық әдебиетке, оның ішінде поэзияға соны серпін, тың тақырыптар әкелгені сөзсіз. Ұзақ жылдар бойы қапастан шығар саңлау іздеп іште тұншығып, булығып жатқан азаттық идеясы бұрқ етіп аспанға атылған жанартаудай сыртқа лықсыды. Ол бірден арынды өлең легіне айналды. Мысалы, Желтоқсан құрбаны, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің абақтыда жатып, саусағынан қан сорып жазған жырлары осы айтқанымыздың жарқын бір дәлелі ғана. Азаттық идеясы бұл ешбір әлеуметтің мәртебесіне, ұлты мен нәсіліне, ұстанған діні мен сеніміне қарамай барша адамзат баласының ортақ тақырыбы, оны философия тілінде түсіндірсек, өмірге құштарлық пен өмір сүргіштікті, азаматтық ірілік пен ұлттық тұтастықты білдіретін текті ұғымға жатқызуға болады.
Осы ретте сол бір азапты да азалы күндердің шерлі шежіресін шынайы әрі өткір суреттеуімен ерекшеленген ақын Болат Шарахымбай шығармалары Желтоқсан тақырыбына арналған өрелі поэзияның төрінен өз орнын ойып тұрып алады.
Біреу білер, біреу білмес, Болат Алматыдағы Желтоқсан шеруіне қатысып, жалалы күннің бар азабын өз басынан өткізген, оның қайғы-қасіретін жан-дүниесімен түйсінген, сосын оған арнап жүрегі қарс айрыла қайсар өлең жазған алғашқы ақын. Яғни, Желтоқсан тақырыбна тұңғыш болып өлең арнаған. «1986 жыл. Желтоқсан» атты өлеңінің өмірге келу тарихы жайлы ақынның өзі былай еске алады: «… Біз тұратын үйдің астында қуықтай жеркепе бар еді. Едені ағаштан өрілгенімен, қалай болса солай төселген олпы-солпы бөлме бірер күнге күн көріске жарап тұр. Өзі көзге бірден түспейтін тасалау орналасқан. Сол бөлмені күл-қоқыстан тазарттық. Сосын мұнтаздай етіп жарқыратып жуып-шайдық. Оны бітіргесін жоғарыдағы екі темір кереуеттің біреуін төменге түсіріп, терезе түбіне орналастырдық. Міне, мен сол жерге жайғасатын болдым.
Реті келгенде мойындау керек, менің осынау қысқа ғұмырымдағы ең ауыр да азапты сәттерім осы күндер мен түндер болған шығар-ау!.. Кеудемді кемірген әлдебір үрейден ғана емес, өзің туған жеріңнің өгей баласы болудан да қатты азап шектім. Басыма нелер кіріп, нелер шықпады. Жымын білдірмей ындыныңды құртатын әлдебір жымысқы ойлардан іштей мүжіліп, күйреп, ақыр аяғында мойным ұзарып, қушиып қу сүйегім қалды. Иә, ұлттық сезімнің мұншалық нәзік, мұншалық жіңішке, мұншалық ұлы болатынын бұрын соңды сондағыдай сезінбеген шығармын.
Неткен ауыр сезім еді!.. Сосын… неткен тәтті!.. Міне, бұл өлең осы көрсоқыр қараңғы жертөле-
де желтоқсанның 23-і мен 25-і аралығында дүниеге келді. Бір ғажабы, кәдімгі май шамның жарығында. «1986 жыл. Желтоқсанның» өзім үшін соншама қымбат, соншама ыстық болатыны сондықтан. Он жеті шумақ, алпыс сегіз тармақ аяулы жырлар…» (Жүрегімдегі Желтоқсан жарасы. «Алматы. 1986. Желтоқсан» айғақ-кітабы, 2011., 4-том, 286-298 бб.). Олай болса Желтоқсан аласапыранынан соң іле-шала дүниеге келген аза-жырдың өзіне кезек берейік.

Өгей қала. Өгей жұрт. Өгей бәрі.
Өгей дүние өгейсіп қарайды әні.
Көше толы сенделген тірі өліктер,
Сары орыстың кездігі сорайғалы,
Өгей дүние. Өгей жұрт, Өгей бәрі.

Күл-талқан боп
қираған қалпым мынау,
Шөгіп кеткен-сияқты паң Алатау.
Шатыр-шұтыр мидағы
жарылыстан,
Шарқайраққа түскендей
шарқ ұрдым-ау!..
Міне, жасқазақтардың қаһарлы жойқын қозғалысына арналған алғашқа өлең осылай туған. Амалы құрыған шарасыздық. Жеңілістен кейінгі дәрменсіздік. Бір-ақ сәтте өгейленген қала, өгейленген жұрт, өгейленген күллі дүние. «Көше толы сенделген тірі өліктер». Әлдебір зілмауыр ойдан әбден шаршаған, қажыған, «күл-талқан болып қираған» ақын. Іші толған ыза мен кек. Шарасыздықтан шарқ ұрған жүрек. Жарылуға шақ тұрған намыс.

Біздің үйдің сыртында
ұры бардай,
Шәуілдейді кәнден
ит дымы қалмай.
Тиіп кетсең едені сықырлаған,
Жеркепеде жатырмын
үн шығармай.

Қайда жүрсе қайғы, лаң,
қан былығы,
Қанішердің есімде сан қылығы.
Тышқан түрткен
түнектің түкпірінен,
Естіледі кісеннің жаңғырығы.

Құлақ қоям үн-түнсіз бәріне мен,
Жым-жырт қалған дүниеге
жаным елең.
Ғұмырнамам жазылып
жатыр менің,
Желтоқсанның қып-қызыл
қаныменен…

Өлеңнен «ақылынан адасқан», «қоқсық пен бықсыққа белшесінен батқан» заман ырқына көнгісі келмеген асау ақынның рухы сезіледі. Ол жай рух емес, асқақ рух! Лирикалық кейіпкердің тынымсыз, өжет те тәкәпар болмысы әлдебір үрейден, әлдебір қорқыныштан беймаза хал кешеді. Алайда, алтыннан соқсаң да кісеннің аты-кісен, оның «тышқан түркен түнектің түкпірінен естілген жаңғырығы» ақынның жігерін жасытса да, сындыра алмайды. Қайта осы тұстан бастап қара жұртының қайғысын рқалаған ақын тауға барып соғылған қара бұлттай теңселеді, жон арқасына қарағайдай қара жал бітеді. Енді оның бүкіл «ғұмырнамасы Желтоқсанның қанымен жазыла» бастайды. «Жарақаты тәнімнің жазылар-ау, жарқаты жанымның жазылар ма?!» – жеп аһ ұрады.
Алайда, өлең рухының ерекшелігі сонда, бұл жолдардан қайғырып-қамықса да, тауаны шағылған жігерсіздікті, мүжіліп-қажыса да, маңдайы тасқа соғылған қайрат-сыздықты кездестірмейсіз. Шетінен бұлт астынан кенет шақырайып шыға келген күннің сәулесіндей ащы, жалаңаш кеудеңді тіліп түсетін қанжардай өткір. Өлеңді оқып отырып, Желтоқсан қасіретінің ақын жүрегі мен миының әрбір талшығына дейін сіңіп, енді содан кек пен ыза болып қайта шығып жатқанын сезесің.
Желтоқсан көтерілісінен кейінгі колбиндік жазалау кезеңідегі қазақ қоғамының ауыр жағдайы, оның жендеттік тәртібіне көнгісі келмеген, жоғарыдан әділдік, теңдік іздеген жасқазақтардың өршіл рухы мен жүрек бұлқынысы Болат поэзиясының негізгі лейтмотиві. «Жаралы Желтоқсан. Тізе бүгу», «Желтоқсандықтар», «Азаттақ ауасы», «Сен құрметте оны», «Рухтың оралуы», «17 желтоқсан қандай күн?», осы сарында жазылған «Хан Кене ескерткішінің алдындағы ой», «Кенесарының рухымен тілдесу», ұлт батыры Бауыржан Момышұлына арналған «Арыстан текті, барыс жүректі» топтама өлеңдері қай-кезең үшін де өткір жазылған, туған елі мен жерін сүйген жүрек батылдығы мен қалауынан туған өжет туындылар деп айтуға дәтіміз барады.

Буырқанған, бұрқанған қаным барда,
Тайсалмастан түсемін жалындарға,
Қарамастан қара жел, жауындарға,
Қарсы қарап тұрамын дауылдарға,
Өзің тіккен көк туды тік көтеріп,
Асқақ алып шығамын таңыңды алға.

Үзілмесін үркердей үзеңгі үміт,
Үзеңгі үміт ішінде жүзіп тіліп.
Отандасым, ызғардан ақшам жаққан,
Желтоқсанның алдында тізеңді бүк!..

Бұл – «Жаралы Желтоқсан. Тізе бүгу» өлеңінен үзінді. Иә, өкініш бар, қамығу да жоқ емес, бірақ тауаны қайтқан жігерсізті, қайратсыздықты көрмейсіз. Рухы тұла бойыңды шымырлатып жіберетін ерен күшке, бұла мінезге ие. Сондықтан да ол ірі, қайратты, қайсар. Біздіңше, бұл да жоғарыдағы сөз еткен рух деген сұрапыл құбылыстың құдрет – күші болса керек. Желтоқсанның алдында тізе бүгу – қазақ ерлігі мен елдігінің алдында тізе бүгу, Желтоқсанның алдында жер тізерлеу. Сол себептен де бұл өжет жолдар бізге ерекше ыстық әрі сәулелі.
Бір сәт мынадай ойға ерік беріп көрейікші. Адам баласы сусыз өмір сүре алар ме еді? Жоқ, сүре алмас еді. Ауасыз өмір сүре алар ма еді? Жоқ, ол да мүмкін емес. Енді айтыңызшы, ауасыз, сусыз, тамақсыз өмір сүре алмайтын адам баласы поэзиясыз өмір сүре ала ма?.. Әрине, таңданыс тудыратын күтпеген сұрақ. Тіпті, сұрақтың астарлы мағынасын аңғармаған біреулердің күлкісін келтіруі де мүмкін. Соған орай айтылатын жауаптардың да әркелкі болатыны белгілі. Ал, менің жеке пайымдауымша, адам баласы поэзиясыз да өмір сүре алмас еді. Неге? Себебі, поэзия – жан түкпіріндегі ең бір нәзік қыл ішектерді қозғалысқа түсіретін ұлы ырғақ, жүрек лүпілі мен дүрсілі емес пе?! Жан түкпіріндегі қараңғылықтықты жарып шыққан арман-аңсары емес пе?! Асқақ армансыз, биік аңсарсыз адам баласы қалай өмір сүреді?!. Өмір сүре ала ма еді?!. Адам баласының аңсар-арманы мен жүрек үміті таусылса, оларды қозғалысқа түсіріп отырған рухтың да күл-талқан болып қирағаны ғой… Үміт үзілісе, арман таусылса, рух құласа одан әрі өмір сүруде қандай мән-мағына қалады? Ешқандай да мән-мағына қалмайды.
Өйткені, арман, аңсар, үміт деген ұғымның өзі рух ұғымымен мағыналас, тамырлас, туыстас болса керек, дәлірегі рухи болмыстың бір формасы, яғни болмыстың ішкі ізденісінен туған өршіл ырғаққа жақын. Өйткені, біз рухты адамға қатысты сөз еткенімізбен, ол адам затының жаралауына дейін пайда болған шындық. Мәселе осы тұстан тіпті күрделене түседі. Шын мәнінде рухтың қуаты оның осы тылсымдығында, жұмбақтығында, құпиялығынды болса ше?!.
Бұдан шығатыны адам баласы өмір сүру үшін ауа, су, тамақ қандай маңызды рөл атқарса, музыка, ырғақ, әуен де сондай рөл атқарады екен. Яғни, адам баласы музыкасыз, ырғақсыз, әуенсіз, қимыл-қозғалыссыз өмір сүре алмайтыны сияқты сөзсіз де, сөз рухынсыз да өмір сүре алмайды. Одан да нақтылай түссек, бұл дүниеде сөз үстемдігінен өткен үстемдік жоқ. Сөз қуатына жететін қуат жоқ. Сәз рухы қуатының алдында жеті қат көк пен жеті сан жер арасындағы дүн-дүниеңіздің баршасы дәрменсіз. Өйткені, бұл дүниедегі күш-қуаттардың бәрі де ой мен сөз арқылы келген. Яғни, алдымен Сөз жаралған! Сол себептен құдайдың құдіреті мен адамның қолымен дүниеге келген қуат-күштің баршасы сөз арқылы басқарылады.

Жүз жылдық наладан,
Жазықсыз жабылған жаладан,
Сыздаған жарасын жалаған,
Кеудесін тік ұстап
тайсалмай тесіліп,
Ажалдың көзіне тұп-тура қараған!

Ар туған арландар,
Тас бекем тарландар,
Бостандық жолында қан жоса болғандар.
Ұлтым деп ұран сап,
Сорғалап жасындай,
Қызыл империяның
жүрегін жарғандар.
Күллі әлем баласын
осылай оятқан,
Қазақта қандай арман бар!
Міне, сізге сөз қуаты, рух үстемдігі! Жаңа ғана мойыныңыз салбырап, ұнжырғаңыз түсіп, рухани мүсәпір халде отыр едіңіз, мынау алақандай бір жапырақ өлең жолдарын оқып, қансонарда томағасы ағытылған қырандай дүр сілкіндіңіз. Ұршықша үйірілген ұйығына тартып бара жатқан опасыз ойды шұғыл серпіп тастадыңыз. Жанарыңыз шоқ түсіп кеткендей жарқ ете түсті. Өйткені, сіздің жүрек түкпіріңізде әлдекім дұшпан пиғылмен көзін алартса намысы қозып шыға келетін «еңселігі екі елі, егіз қоян шекелі» ата-бабаңыздың қаны ойнап шықты. Қазақ поэзиясында желтоқсаншылардың қайсар образын дәл осындай дәлдікпен суреттеп берген қандай ақынды білесіз?.. Ал, өлең жолдарындағы «қорқау қасқырлар», «ашқарақ көздер», «империя жендеттері» образдарының астарлы мағынасы кім-кімге де белгілі. Өткен ғасыр аяғындағы қоғам шындығы мен уақыт тынысын, оның ішкі психологиялық астарын дәстүрлі троп үлгісімен дәл өстіп көркем кестелеп беру мен ел басына түскен ауыр жағдайды жаны күйзеле отырып жирене жеткізген суреттеу – тек Болат сияқты суреткер ақындардың ғана қолынан келетін шығар. Осы мақаланы жазу барысында менің бір нәрсеге көзім жетті – Болат ақынды Желтоқсаннан бөліп қарастыру мүмкін емес екен. Ақынды Желтоқсаннан бөліп қарастырамын деу – оның табиғатына қарсы шығу екен. Басқасын былай қойғанда, өлеңдеріндегі ұйқас, образ, троп, форма, теңеу, үйлесім, баршасы ақын мінезімен тұтасып кеткен дерсің. Оның ақындығын азаматтығынан, азаматтығын ақындығынан бөліп алып жеке қарай алмайтындығымызда осындай гәп бар. Ал, заман шындығын қанын шығарып тұрып суреттеген бұл қайсар өлеңдер бір тараптан формалық мазмұн-мағынасы тұрғысынан ерекшеленсе, екінші жағынан азаттықты аңсаған көп ғасырлық дәстүрі бар өршіл рухты поэзияның жаңа кезеңдегі көрінісі, тың парағы ретінде қарастыруға болады.
Шүкір деп айтайық, қазақ поэзиясында Желтоқсан тақырыбына арналып жазылған дүниелер аз емес. Оның себебі мынада: Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының көп жылғы кегі, ызасы, намысы, жанайқайы, қайтпас қайсарлығы. Бұл не деген сөз? Яғни, 1986 жылғы оқиға қазақтың кегі мен ызасынан, намысы мен рухынан пайда болған ерен жарылыс. Қазақтың қайта оралған рухы! Осыны терең ұққан, содан қуат алған қазақ ақындары ХХ ғасыр аяғында ұлт басына көлденең келіп киліккен қиянатты, тоталитарлық басқару жүйесінің жас қазақ демократиясын жазықсыздан жазықсыз қанға бөктірген қатігездігін жан-дүниесімен сезінді. Нәтижесінде, желтоқсаншылардың тартқан тауқыметі мен тағдырын суреттеген көптеген поэтикалық дүниелерді өмірге әкелді. Тіпті, өлең тілінде өріліп, өрнектелген тұтас, галерея жасақталды.
Желтоқсан тақырыбына арналған осы алып галереядан ақын Болат Шарахымбайдың туындылары да өзінің лайықты орнын ойып алатыны туралы жоғарыда айтып өттік. Бұл реттегі ең маңызды мәселе, ақын Желтоқсан оброзын ашуда тың теңеу, ажарлы бояу, тосын формалық эксперименттерге иек арқанын айтып өтуге тиіспіз. Оқиға барысындағы және одан кейінгі сан түрлі, сан қилы қоғамдық құбылыстарды ешкімге ұқсамайтын жаңаша қалыпта қағазға түсіре білді, сырлы суреттермен, тосын теңеулермен толықтырды. Өйткені, ол Желтоқсан құбылысын жалпылама естіген қалыпта емес, өз басынан өткізгенін өзінше көре алды және өзінше көрсете білді. Мысалы, ақынның «Желтоқсанның 17-і қандай күн немесе ұлым Елдардың сұрағына жауап» туындысына бір көз жүгіртейік.
Қарап отырсақ, бұл дүниеде уақыттан өткен әділетті сот та, ақиқат та жоқ екен. Бәріне төреші ұлы мәртебелі уақыт. Кешегі уақыт бүгін қайталанбайды, өзгерген, бүгінгі адамдар да басқа, өлшемдер де өзге. Қоғамдық көзқарастар да осыдан отыз жыл бұрынғы көзқарасқа ұқсамайды… Ақын жылдағы дәстүр бойынша желтоқсанның 17-і күні он жасар ұлын ертіп екеуі Республика алаңына барады. Барса, алаң қара-құрым адамға лық толыпты. Одан қалса, жан-жақтан топ-топ болып ағылып келіп жатқандары қаншама! Басына ақ орамал тартқан бір жасамыс әйел Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып жатады… Ірі денелі бір кісі жер тізерлеп отыра қалып, қолын жайып, күбірлеп құран оқи бастайды… Қолына әдемі безендірілген асатаяқ ұстаған қария оқшаулау жерде ойға шомып тұрады… Енді бір топ жастар анадай жерде қолдарын бей-берекет шошаңдатып, әлденеге қызу айтысқа кіріскен…
Бір қызығы, бәрінің өңдері сынық, көбіне үнсіз. Ал, он жасар балаға осының бәрі таңсық, әрі қызық. Бала кенет әкесіне мынадай сұрақ қояды: «Көке, мына кісілерге не болған? Неге жүздері сынық? Неліктен қапалы? Бүгін қандай күн өзі?». Әкесі баласынан басқаны күтсе де, дәл мынадай сұрақ қояды деп күткен жоқ-ты. Лирикалық кейіпкер ә дегенде алай-түлей болып, іштей аласапыран күй кешеді. Қамығады. Түрлі ой құшағында тербеледі. Толқу да жоқ емес.
Бірақ, ол ұлы қойған тосын сұраққа дәл қазір жауап беру керектігін жанымен сезінеді. Ең құнды жауап та уақытында қайтарылған жауап болса керек. Өйткені, жас өрен Желтоқсан жайлы ақиқат шындықты уақытында біліп, түйсініп, қорытып өсуі тиіс. Сонда ғана шындықтың құны аласармайды.

…Бүгінгі күн-қазақтың
қаны ойнаған,
Нар намыстың найзасы
қайралған күн.
Боздақтардың көзінде
бұлт шарпылып,
Есіл ерлер жауына оқша атылып,
Тағдырлары бір оққа
байланған күн.
Біз жай әсерлеу емес, шындығы – осы. Енді осы жолдардың астарына үңіліп көрейікші, астарында талай сыр мен гәп жатыр. Меніңше, Желтоқсанды қазақ жастарының ұлттық намыс жолындағы жан айқайы, бұлқынысы, отаршылдық астамшылдыққа қарсы алып-төгілген ашу-ызасы, өршілдігі мен өжеттігі, рух дауылы деп қабылдау қажет. Өйткені, Желтоқсан құбылысы – тарихи тамыры тереңде жатқан Ұлттық Рухтың қуатын, ерлік пен ерлік дәстүрге адал әрі берік халықты шын мәнінде ешқандай зорлықшыл жүйемен, қиянатшыл күшпен тізе бүктіру мүмкін еместігін көрсетті. Қазақ жастары құлдық бұғауды бұзып-жарып шығу үшін алғашқылардың бірі болып бас көтеріп қана қайған жоқ, аранын ашқан зұлым күшке қасқайып қарсы тұра білді. Қазақтан мұндай қайсарлықты ешкім күткен жоқ еді. Не керек, бұл күні – ер қазақтың аты бүкіл әлемге жайылды. Ұлы дала рухы өлмегенін, әлі тірі екенін паш етті. Сондықтан да бұл күн қазақ үшін әрі қасиетті, әрі қасіретті. Қасиетті болатыны бұл күні қазақтың басы бір жерде бірікті, соңғы таңдау сәті келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын біртұтас организм екенін көрсетті. Қиындық туғанда қазақ баласының біріге алатын, жұмылған жұдырықтай болып топтасып, дұшпанына қарсы тұра алатын ерен күш екенін дәлелдеген құбылыс болды.
Қазақ біріксе, оны алатын күш жоқ екеніне тағы да көз жеткізді. Шешуші кезеңде шешім қабылдай алатын жанкешті ұлт екенін дәлелдеді. Осы жанкештілік елдігіміз бен ерендігімізге үміт сыйлағай деп жер тізерлеп, қолымызды жайып, көктен жалбарынып сұраған, Тәңірім тілекті қабыл еткен күн болды. Осы бірлік Ұлы Дала елі болуымызға үміт сыйлаған аруақты күн болды. Осылайша, бұл күні – жас қазақтардың «ұйқылы-ояу қалғып жатқан күтпеген жерден оянды». Бұл күні – ұлттық рухтың ерен қуатын, елдік пен ерліктің мұратын, қазақтың қайыспайтын қара нардай қайратын танытты. Мұның өзі Кремльді қатты үйрейлендіргені анық.
Ал, қасіретті болатын себебі – қаншама қазақ жастарының нақақтан қаны мен ары төгілді, қыршыннан қиылды, итке таланды, тағдыры тәлкекке ұшырады. Қаншама жауқазын армандар көктемей ерте солды Ақын сөзімен суреттесек, «сынған қол, жарылған бастан алаң қып-қызыл қанға боялды», «көк пен жердің арасы бөрідей ұлыды», «Алматының аспаны қан түкірді», «қаншама боздақтар шаһид кешті», «өз халқына оқ атқандар мақталды», «жастарға қорған болады деген ел ағалары жат мінез танытты», «ер қазақтың рухы нақақтан сотталды», сөйтіп «қазақ арманы күл-талқан болып қирады».
Шыңыраудай терең мұндай суреттер, теңеулер, штрих, детельдар Болат шығармашылығында аз кездеспейді. Оған ондап, жүздеп мысал келтіруге болады. Ақын тапқырлығына таңдай қақпау, әсерленбеу мүмкін емес. Тұтас бір драма. Ойландырады, толғандырады, аһ ұрғызады, намысыңды қайрайды. Ақыр соңында өзіңнен өзің ақын рухымен тілдескің келіп кетеді. Бұл метаформаларды, сөз жоқ, ақынның поэтикалық жетістігі демеске әддің жоқ.
Бұл жерде қарасөзбен жазылған әлқисса – детальдар өз миссиясын толығымен атқарып тұр деп айтуымызға әбден болады. Егер бұлай болмаған жағдайда көп нәрсенің орны толмай қалғандай әсер етуші еді. Өйткені, Желтоқсан құбылысы, ең алдымен тағдыр, өмір. Адам тіршілігі мен келбеті, заман мен уақыт кеңістігі. Бірақ, ол бос жатқан кеңістік емес. Ол кеңістік қаншама қан жұтқан, қайғы ішкен, қасірет жеген, батпан мұң арқалаған, сонымен бірге қазақтың ерлігі мен өрлігін әлемге паш еткен рух дауылы. Міне, қазақты шындық шырағданы арқылы шамырқандырып, ақиқат алдаспаны арқылы қайрап келе жатқан аяулы ақын Болат Шарахымбайдың шығармашылығы бізге сонысымен де қымбат әрі құнды.
Ұлттық намыс – ақын көз-қарасындағы ең басты тақырып болғандықтан, онда райдан қайту, бітімге келу жоқ, қайралған үстіне қайрала түседі. Осы бір күрескерлік рух, желтоқсаншы жастардың алдындағы қарыз бен парыз, сондай-ақ өзін сол жасқазақтардың бір мүшесі ретінде тану – Болат поэзиясының азаматтық әуенін күшейтпесе, еш бәсеңдетпейді. Осы бір жан ауыртар тақырыпқа қайта-қайта айналып соғып, жүрек сыры мен шерін дүркін-дүркін төгіп отыруында осындай себеп жатыр деп айта аламыз. Кейінірек жазылған «Сен құрметте оны!» өлеңіне көз жүгіртіп көрейік.
Сен құрметте оны!
Алдыңда сенің қымбат қой
оның бағасы,
Ол деген ерлік – қазақтың
өшпес жарасы.
Жылғадай жылжып
Желтоқсан айы жеткенде,
Атылған оқ боп жауына
кек пен наласы.

Дұшпанның сонда
нақақтан жапқан жаласы,
Сындыра алмаған, жетпеген
оған шамасы.
Ол деген рух – азаттық
жолын таңдаған,
Ол деген мәңгі қазақтың
аза-намасы.
Өлең астарында тек ақын мінезі ғана емес, дұрысы ұлт мінезі жатыр. Қазақы қайсарлық! Өлең 1986 жылы Желтоқсанда мұз жастанып, қан түкірген жас демократ қазақтардың әліге дейін бір сәтте де аласармағанын, төмендемегенін, өз ұстанымына болаттай берік, майысса да сынбайтын, сынса морт сынатын қайсар қалпын еске түсіреді.
Олар туралы айтылар әлі аңыздар,
Өрімдер жайлы, керімдер
жайлы жаны ызғар.
Болашақ үшін сау басын
тіккен бәйгеге,
Сондықтан оған келешек
ұрпақ қарыздар!
Сен құрметте оны!
Иә, қазақ үшін әрі қасіретті, әрі қасиетті саналатын Желтоқсан тақырыбын жеріне жеткізе жырлаған мұндай поэтикалық суреттер Болат Шарахымбай шығармашылығында баршылық. Бұл тақырыпқа жазған өлеңдерін айтпағанда, Желтоқсан шындығын жеткізуде оның көптеген зерттеу еңбектері мен публицистикалық дүниелерінің өзі бір төбе.
Қорыта келгенде, ақын Болат Шарахымбайдың шығармашылығындағы – азаттықты, еркіндікті, теңдікті көксеген сан ғасырлық тарихи мен дәстүрі бар қазақ күрескерлік поэзиясының жаңа кезеңдегі көрінісі, тың парағы. Ақындығына кісікиіктік өмір сүру дағдысын серік еткен аяулы ақынның қазақ әдебиетіне тарту еткен мұндай қуатты, өршіл дауылды жырларына сүйсініп қараймыз.
Ендеше, алдағы уақытта да ол өзінің шыққан биігінен аласармайтын асау өлеңдер жарататынына өз басым кәміл сенемін. Өйткені, оның өлеңдері бүгінгі күні де ат үстінде, ереуілде, шеруде, жан алысып, жан беріскен халықпен бірге алаңда жүр.
Желтоқсан үшін күрес әлі аяқталған жоқ…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *