ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ
Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ Мәдениет және өнер Адамның өмірін – материалдық, биологиялық, рухани деп үш салаға бөлуге болады. Егер де материалдыққа адамның әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыру үшін... ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – ҰЛЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

Мәдениет және өнер

Адамның өмірін – материалдық, биологиялық, рухани деп үш салаға бөлуге болады. Егер де материалдыққа адамның әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыру үшін үй салып, киім киіп, тамақ ішетінін жатқызсақ, биологиялық деп денесінің тынығуы үшін ұйықтайтынын айтамыз. Ал руханилыққа адамның еңбек етіп, ұйықтауынан басқа бос уақытта істейтін іс-әрекетін жатқызуға болады.
Әрине, әр адам бос уақытын өзінің қалауы бойынша әртүрлі өткізуі мүмкін, бірақ та көп адамның мақсаты бос уақытын өзінің рухани қажеттілігін қанағаттандыруға жұмсайтыны анық. Рухани қажеттілік адамның санасына, мәдениетіне, біліміне байланысты. Егер де адамның санасы төмен, мәдениеті дамымаған, білімі аз болса, ол адамның рухани қажеттілігі де мардымсыз болады. Олай болса, біз әуелі рухани қажеттілік деген не және оны қалай дамытуға болады деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Алла Тағала жер бетіне биологиялық тіршілік иесі етіп адамды жаратқанда, оған өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дене құрылымына – жүрсін деп екі аяқты, істесін деп екі қолды, көрсін деп екі көзді, естісін деп екі құлақты және осының бәрін басқару үшін ақыл берген.
Бірақ та адам жәй тіршілік иесі емес, онда сонымен қатар – сана, иман, рух, көңіл, нәпсі сияқты тек адамға ғана тән қасиеттер бар. Адамның бұл дүниедегі басты парызы осы қасиеттерді жетілдіріп, әрі қарай дамыту болса, оны дамытудың басты құралы деп өнерді айтуға болады. Олай болса, өнер адам өмірінің мәні, сәні, мақсаты болуға тиіс.
Рухани құндылықтың түпкі мәні ұлттық өнер, ол адамдардың рухани қажеттілігін қанағаттандырады, сол
себепті адамдар өнердің түрлі туындыларын өмірге әкеліп, өздері содан ләззат алып отырады. Өнер арқылы адамдардың дүниетанымы кеңейіп, эстетикалық талғамы өсіп, мінез-құлқы қалыптасады.
Өнер тек жеке адамдар үшін емес, қоғамның дамуында да өте маңызды рөл атқарады. Егер де қоғамның рухани мәдениеті жоғары дамыған болса, онда өмір сүретін адамдардың да мәдениетінің жоғары болары сөзсіз, себебі адамдар қоғамда тәрбиеленеді.
Өнердің түрлері көп және олар бір-бірімен тығыз байланысты. Өнер негізінен өмірді бейнелейді, бірақ та әрбір өнердің түрі өмір шындығын толықтай бейнелей алмайды. Мысалы, музыка адамның ішкі жандүниесінің құпия сырларын әуен, ырғақ арқылы бейнелей алады, бірақ та адам болмысын толық суреттеуге оның шамасы келмейді. Әдебиет сөз арқылы адамның өмір тіршілігін суреттесе, сәулет өнері адамдардың сол өзі өмір сүрген заманындағы тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Сол сияқты өнердің басқа да түрлері өздерінің образдарын жасап, сол арқылы өмірдің шынайы көрінісін беруге тырысады.
Адам баласы жер бетінде пайда болғаннан бері даму үстінде және олардың санасымен қатар рухы да дамып келеді. Адамдар материалдық байлықты жасау мақсатында еңбек құралдарын жетілдіру үшін техника мен технологияны меңгеруге тиіс болса, рухани байлықты жасау үшін олар философияны, дінді, өнерді дамытулары керек. Егер де техниканы дамыту арқылы адам өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз етсе, өнерді дамыту арқылы рухани қажеттілігін өтейді. Адамның рухы бай болған сайын оның адамгершілік қасиеті де жетіліп, инабатты адам болатыны белгілі. Олай болса, адамның санасы мен рухы қатар дамып жетілуі тиіс екен.
Адам білім-ғылымның арқасында ауыр өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын жетілдіріп, өздерінің күнделікті тұрмысын қажетті заттармен қамта-масыз етеді және бұған тек ақыл-парасат арқылы қол жеткізуге болады. Егер де біз мұны сананың дамуы деп түсінсек, адамға сонымен қатар рухани даму да қажет. Себебі рухани мәдениетсіз адам толыққанды адам болып өмір сүре алмайды.
Олай болса біз рухымызды дамытып, жетілдіру үшін оның жолдары мен әдіс-тәсілдерін толық зерттеп, жақсы білуіміз керек. Адамның адамгершілік қасиеті оның рухының сапасына байланысты болса, адамның рухын өсіріп-жетілдіретін, ол — өнер. Адам өз халқының ұлттық өнерін жасынан бойына сіңіріп, соны жан-тәнімен сүйіп өссе, ол өз отанының патриоты болып оның тілін, дінін, салт-дәстүрін жақсы меңгеріп, әрқашан да соған қызмет етуге дайын тұрады. Өз кезегінде ұлттық өнердің дамуы сол қоғамның өмір салтына байланысты. Егер де ол қоғамның экономикасы күшті дамыған, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы жоғары болып, адамдары салт-дәстүрін берік ұстайтын болса, ондай ортада ұлттық өнердің де берік сақталатыны анық. Адамның ұлттық санасы, дүниетанымы, өмірге көзқарасы күнделікті өмір салты арқылы қалыптасады. Оның өмір сүретін ортасында имандылық сақталып, заң орындалып, адамдар өздерінің ақыл-парасатымен бостандықта өмір сүретін болса, ондағы адамдар да қайырымды, ізетті болмақ. Ал өмір салты болса, ол қоғамдағы өмірге байланысты. Егер де адамдар өмірдің мәні мен мағынасын дұрыс түсініп, өздерінің өмір сүретін қоғамында салауатты өмір салтын қалыптастыра білсе, онда өмір сүретін адамдар қызықты да мағыналы өмір сүру үшін ұлттық өнерді дамытып, оны әрі қарай жетілдіруге ұмтылады. Осындай әділ қоғам орнатып, онда өмір сүру үшін біз әуелі өмірдің не екенін біліп, оның даму заңын зерттеп, оқу орындарында “Өміртану“ немесе “Салауатты өмір салты“ пәнін оқытсақ, жастардың дүниетанымы дұрыс қалыптасып, олардың өмірдің мәні мен маңызын ерте түсінуіне көмектескен болар едік. Егер де адамдардың өмірге көзқарасы жас кезінен дұрыс қалыптасқан болса және онда өмір сүретін адамдарды құрметтеп, бәрін де өз бауырындай сүйе білсе, ондай адамдар еш уақытта басқаларға жамандық ойламайды. Ал өмірді сүю – өнерді сүю деген сөз, себебі адамның ішкі жандүниесінің нәзік сезімдерін оятып, оның жүрегіне нұр сәулесін түсіруге тек өнердің шамасы келеді.
Өнерді жасап, оны әрі қарай дамытатын халық арасынан шыққан талантты жеке тұлғалар. Халық осы жеке тұлғалардың туындыларын күнделікті өмір салтында пайдаланып, есінде сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Өнердің түрлері өте көп және олар адам өмірінің барлық саласын қамтып, оның мағыналы өмір сүруінде үлкен рөл атқарады. Егер де өнердің туындыларын жеке адамдар жасайды десек те, оның бәрі ұлттық сипатта және ұлттық шеңберде жасалынады. Сол себепті бір ұлт пен екінші ұлттың мәдениетінің айырмашылығын тек өнер арқылы танып білуге болады. Ұлттық өнердің түрлері тарихи даму барысында сол ұлттың өмір сүретін табиғи ортасына, оның өмір салтына және әдет-ғұрпына тығыз байланысты. Олай болса, өнерді ұлттың жаны деуге болады, егер де ұлт қазіргі жаһандану заманында мәңгі жасағысы келсе, бірінші кезекте өзінің тілі, діні, салт-дәстүрімен қатар ұлттық өнерін де сақтап, оны күнделікті өмір салтында толықтай пайдаланып, әрі қарай дамытуға міндетті.
Қазіргі қазақ қоғамының тәуел-сіздік алғаннан бергі баса көңіл бөліп, іске асыра алмай келе жатқан проблемасының бірі осы өнер мәселесі болып тұр. Ұлттың рухын шыңдап, оның мәдениетін байытатын осы өнер, сондықтан да ұлттық өнерімізді сақтап, онан әрі дамыту ұлт үшін стратегиялық маңызы бар мәселе.
Өнерге біз сәулет өнерін, бейнелеу өнерін, сән өнерін, ән-күй өнерін, қол өнерін, т.б.с.с. жатқызамыз. Осы айтылған өнерлердің кейбірі бұрын қазақ халқының күнделікті өмір салтында кеңінен қолданыста болып, олардың ұлттық рухының қалыптасып дамуына үлкен әсер еткен. Әсіресе көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқында өзінің тұрмыс-тіршілігіне лайықты ауыз әдебиеті, ән-күй және қол өнері өте жоғары дәрежеде дамыған болатын. Соның ішінде ауыз әдебиетін алатын болсақ – батырлар жыры, толғау, айтыс сияқты өнерлердің түрлері халық арасында кең тараған. Мұндай жыр-толғауларды халық ішінен шыққан ақын, жыраулар ауызша жаттап алып, халыққа таратып отырған. Сол сияқты ән-күй өнері де қазақ халқының күнделікті тұрмысында өте кең тараған. Ауыл адамдары шаруадан қолы босаған уақытында әртүрлі ойын-тойларда ән шырқап, күй тартып, би билеп, көңіл көтерген. Болмаса халық ішінен шыққан суырыпсалма талантты ақындарын айтыстырып тамашалайтын болған.
Қазақ халқының қол өнері деп күнделікті тұрмыста жиі қолданатын – өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты творчестволық өнер жиынтығын айтамыз. Қазақ халқы өзінің күнделікті өмір салтында тіршілікке қажетті үй мүліктерін, киім-кешектерін, азық-түлігін өндіруді тұрмыстық кәсіп ретінде дамытса, сән-салатанат үшін әсем бұйымдар жасап, қол өнерін өте жоғары сатыға көтере білді. Бұдан біз халық өнерінің сол халықтың өмірімен, тарихымен, кәсібімен тығыз байланысты болғанын көреміз.
Егер де қазіргі қазақ халқының күнделікті өмір салтында ұлттық өнердің атқаратын рөліне социо-логиялық зерттеу жүргізіп көрсек, оның тым мардымсыз екеніне көзіміз жетеді. Бүгінгі заманда көбіне өнерді халық арасына таратып қоғамдық сананы қалыптастыратын ақпарат құралдары, соның ішінде теледидар екенін айрықша атап өтуге болады. Олай болса, біз осы ақпарат құралдарынан күнде нені көріп, естіп, оқып жүрміз. Егер де Қазақстандағы қоғамдық ақпарат құралдарының сексен пайызы орыс тілінде берілетін болса және оның негізгі насихаттайтыны батыс пен орыстың өмір салты, мәдениеті, идеологиясы болса, біздің қазақтың қалайша ұлттық өнері дамып, ұлттық санасы қалыптасып, ұлттық рухы өспек? Қазіргі кезде қазақ халқының алдында қайткенде тарихта ұлт болып сақталып қалуға болады деген сауал тұр. Меніңше, оның бірден-бір дұрұс жолы ұлттық өнерді күнделікті тұрмыста қолданысқа кіргізіп, іске асырып, әрі қарай дамыту.
Ұлттық өнердің дамып әрі қарай жетілуі, ол тікелей күнделікті өмір салтының сапасына байланысты. Біз негізінен Шығыс әлеміне жататын мұсылман елі бола тұра, көбіне Еуразия құрлығының ортасында орналасқанбыз, сондықтан да Шығыс пен Батыс өркениетін тең ұстап, екі жақтың да мәдениетінен сусындауымыз керек деген қағиданы көп айтамыз. Бірақ та шын мәнісінде біз күннен-күнге батыс мәдениетіне, өнеріне, идеологиясына бет бұрып барамыз. Бұл қазақ халқының болашақта өзінің рухани мәдениетін, тілін, дінін әрі қарай дамытуға кеселін тигізетін үлкен қауіп. Сондықтан да біз өз өркениетіміздің тамыры болып саналатын мұсылман өркениетіне бет бұруымыз керек.

Музыка – адам жанының үні

Адамдардың міндеті күнделікті өмір салтындағы басты саланың бірі рухани мәдениетті жетілдіру болса, соның бірі әрі бірегейі музыка деп атауға болады. Себебі өнердің қай саласында болмасын музыканың қолданылмауы кемде-кем. Адамдар мейрам-мерекелерде, той-думандарда, ойын-сауықтарда би билеп, ән шырқап, көңіл көтереді. Осы іс-шаралардың бірде-бірі музыкасыз өтпейтіні белгілі. Олай болса, музыка өнерінің адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде алатын орны өте зор екенін білеміз.
Музыка өнерінің бір ерекшелігі сол, онымен дыбыс ырғағы арқылы адам өзінің ішкі жандүниесін, көңіл-күйін, сана-сезімін білдіре алады. Әуен арқылы адамдар аңсаған арманын, қуанышы мен қайғысын, өмір сүрген қоғамын әнге қосып, толғаған. Олар өздерін қоршаған табиғатты, оның өзен-көлдерін, орман-тоғайларын, асқар таулары мен байтақ даласын жырға қосып, оның әсем көркінен рухани ләззат алып отырған. Бұрынғы қазақтардың домбырасының қоңыр үні мен олардың қара өлеңі осыған дәлел.
Қай халықтың болмасын оның тарихи жағдайына, күнделікті өмір салтына, әдет-ғұрпына байланысты дамып жетілген музыка өнері болады. Сол сияқты қазақ халқының да өзіне тән ұлттық дәстүрлі музыка өнері бар. Музыка өнерінің негізін қалаушылар халық арасынан шыққан дарынды өнер иелері – композиторлар.
Әр күйді шығарушы әуен иелері болады, бірақ та біз қазір күйлерді халық күйі және халық композиторларының күйі деп екі топқа бөліп жүрміз. Оның себебі кейбір күйлер ғасырлар өтіп, оның авторларының аты ұмыт болып, дарынды күйшілердің орындауы арқылы халық арасында күйдің әуені сақталғандықтан ол бара-бара халық күйі болып аталып кеткен.
Ел ішінде кең тараған халық күйлері мен әуендерін дыбыс арқылы жеткізу тәсілі саз аспаптардың арқасында мүмкін болды. Халық тұрмысында музыкалық аспаптардың түрі өте көп болған. Бірақ та оның көбі күнделікті өмірде пайдалануға сай келмегендіктен өте сирек қолданылады. Ал кейбірінің дыбыс шығару мүмкіндігі жоғары және пайдалануға ыңғайлы болғандықтан күнделікті тұрмыста кеңінен тарап, халықтың мәдени мұрасына өте үлкен үлес қосты. Музыкалық аспаптардың халық арасында кең тараған түрлері домбыра, қобыз, сыбызғы. Осы аспаптар арқылы халық күйлері мен саз, әуендерін орындап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде бұл құралдардың рөлі өте зор болды.
Ел өмірінің тарихи кезеңдері оның музыка өнерінде жан-жақты бейнеленді. Халық өзінің әндері мен күйлерінің әуен сазы арқылы күнделікті өмір тіршілігінің көрінісін суреттеп, оны бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп отырады. Қазақ халқының көшпенді өмір салты өзінің ұлттық сипаттағы музыка өнерінің дамуына қолайлы жағдай туғызды. Мысалы, дүниеге жас нәресте келсе, қырқынан шығару, ат қою, бесікке салу сияқты бірнеше сауық кеші өткізіліп, онда ән айтылып, күй тартылған. Болмаса жастар үйленсе, той-думанда айтылатын жар-жар, беташар, сыңсу сияқты әдет-ғұрыптар да әнмен басталған. Немесе қайтыс болған адамды естірту, көңіл айту, жоқтау сияқты салт-дәстүрдің бәрі ән арқылы орындалған.
Қазақ халқы бұрын қалаларда тұрмағандықтан олардың қазіргідей опера, драма, кино театрлары болған жоқ, сол себепті олардың көңіл көтеріп, өнерді тамашалау жағдайы басқаша болды. Олар жаз жайлауға көшіп, мал төлдеп, ақ молайғанда, Қымызмұрындық мерекесін өткізіп, сонда жастар алтыбақан теуіп, ән шырқап, күй тартқан. Үлкендер болса, бір жерге алқа-қотан жиналып, ақындарды айтыстырып, күйші-жыршыларға ән айтқызып, күй тарттырған.
Қазақтың ырымы бойынша ел ішінде беделді, халыққа қадірлі, атақты адам қайтыс болса оған ас беру салты болған. Осындай ас беру кезінде Қазақстанның әр түкпірінен ақын-жыраулар, әнші-серілер, балуандар шақырылып, ойын-сауық өткізілген. Сол жиын-тойларда ақындарды айтыстырып, әнші-күйшілерге ән шырқатып, балуандарды күрестіріп, ат бәйгесі, көкпар тарту сияқты неше түрлі өнерлер көрсетіліп, үлкен мерекеге айналдырылған.
Қазақ халқы музыка өнерін күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де өте кең қолданған. Ол кезде әрбір қазақтың үйінде домбыра аспабы көрнекті жерде ілулі тұрған және ауыл ішіндегі ойын-сауық кештерде ән айтылып, күй тартылып, қазақтың түрлі ұлттық ойындары орындалған.
Ертеректе қазақта ауылдың алты ауызы деген болған. Оның мәні, үйге келген жолаушы қонаққа сый-құрмет көрсетілгеннен кейін көрші-көлемдер жиылып, онан өзінің өнерін көрсетуін өтінген және өздерінің де өнерлерін көрсеткен. Осындай тұрмыстағы өнерге жақын өмір салтының арқасында халық ішінен ақын, жырау, әнші, күйші, жыршы шығуына қолайлы жағдай жасалған.
Бұрын халық арасынан шыққан өнер адамдарын композитор, әнші, күйші деп бөлмеген. Себебі олардың көбі сол өздері шығарған әндердің сөзін өзі жазып, бірінші орындаушы да өзі болған. Немесе күй шығарған композитор сол күйді домбырамен алғашқы орындаушы болды. Егер де орындалған ән немесе күй көпшілікке ұнап, ел оны жылы қабылдаса, басқа орындаушылар оны халық арасына кеңінен таратып отырған. Осындай әншілік, күйшілік, орындаушылық өнердің жолына түскен өнерпаздарға көрермендер өздерінің лайықты бағасын беріп, оларға халық үлкен сый-құрмет көрсетіп, кейбір асқан таланттыларды “сал“, “сері“ деп атаған. Халық ішінен шыққан үлкен ақын-жыршылар, әнші-композиторлар халық өміріндегі ерекше маңызды уақиғаларға өздерінің үнін қосып, егер де кемшіліктерді көрсе, оны батыл сынға алып, көпшіліктің ой-пікірін билеуші топқа жеткізіп отырған.
Ұлттың рухын қалыптастырып, әрі қарай дамуына ықпал ететін – тарих, әдебиет, философия сияқты гуманитарлық ғылымдар болса, ол адамға сана арқылы әсер етеді. Яғни адам оқып білім алып, логикалық ойлау қабілеті арқылы өзінің рухани көзқарасын қалыптастырады.
Ал, музыка болса, ол адамға сезім арқылы оның өте нәзік ішкі жандүниесіне әсер етіп, махаббат сезімі сияқты оның жүрегіне тура жол табады. Сол себепті әр халықтың рухына, психологиясына, менталитетіне тән өзінің ұлттық музыка әлемі болады. Осы музыканы сол ұлттың өкілі жастайынан бойына сіңіріп өскен болса, ол музыка оның рухани құндылығына айналады.
Бұрынғы елін-жерін қорғаған қазақ батырлары, әділеттілік үшін күрескен билері, халқының рухын көтерген әнші-күйшілері өздерінің ұлттық қоғамында өмір сүріп дәстүрлі мәдениетімен тәрбиеленгендіктен олардың патриоттық сезімі жоғары, рухы күшті болды.
Қазақ халқы соңғы ғасырларда бодандықтың кесірінен өзінің ұлттық рухани құндылықтарын әлсіретіп алғаны белгілі, соның ішінде музыка өнері де бар. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ көшпенді өмір салтынан отырықшылдыққа ауысуының да ұлттық өнерге әсер еткені анық.
Оның үстіне Кеңес үкіметі социалистік өмір салтын орнатамыз деп, қазақтарды тарихи ұлттық санасынан ажыратуға тырысты. Осындай объективті себептерге байла-нысты ұлттық рухымыз әлсіреп, өзіміздің төл мәдениетімізді еліміздің болашақ иесі жастарымыздың санасына сіңіре алмай, ұлттық менталитетімізге айтарлықтай зиян келтірдік. Қазіргі жастарымыздың көбі ұлттық өнерден гөрі орыстың немесе батыстың өнеріне өте құмар.
Себебі көзін ашқаннан көретіні батыстың киносы, тыңдайтыны батыстың музыкасы, киетіні батыстық модадағы киімдер.
Былайша айтқанда олар батыстың мәдениетімен тәрбиеленіп, батыстың өмір салтымен өмір сүріп жатыр. Бұл жөнінде уақытында К.Маркс “сананы тұрмыс билейді“ деген болатын. Бұл қағида адамның санасы, өмірге көзқарасы, дүниетанымы жаңа қалыптасу сатысында тұрғанда шындыққа жақын болуы мүмкін. Сол себепті де жастарымыздың санасы қазіргі өмір салтымызға байланысты батыстың мәдениетіне еліктеп, сол бағытта қалыптасуда. Бірақ та бұл біздің ұлттық рухани мәдениетіміздің дамуына өте қауіпті тенденция.
Біз мұндай ұлттық мүддемізге жат әрекеттен құтылу үшін өзіміздің ұлттық рухани мәдениетімізге негізделінген қазақтың “Тұрмыс түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды“ деген қағидасын басшылыққа алып өзіміздің өмір салтымызды қалыптастырып, соның принциптерімен өмір сүруіміз керек. Сонда ғана біз өзіміздің тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, оны әрі қарай дамыта аламыз.
Адамның ақыл-парасаты толысып, өзінің оң-солын танып, тұлға болып қалыптасқаннан кейін мұндай батыстың теріс идеясымен әрі қарай өмір сүре беруге болмайды. Себебі әрбір адам белгілі бір ұлттың өкілі болып өмірге келеді. Және ол ұлттың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі бар.
Егер де ол адам сол ұлттың өкілі болғысы келсе, ұлтының қасиеттерін әрі қарай дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін өз ұлтының патриоты болуға тиіс.
Сол себепті әрбір адам өзінің қабілетіне қарай ұлтына қызмет етіп, “сана адамды түзейді“ деген жаңа принциппен сапалы өмір сүрулері керек. Біз бүгін бір нәрсенің басын анық ашып алуға тиіспіз, кейбіреулер ұлттың рухани мәдениеті туралы сөз қозғалса болды, мұны ұлтшылдық деп түсінеді. Бұл өте қате ұғым, себебі қазақ халқы бірнеше ғасырлар бойы отаршылдықта болып, өзінің ұлттық рухани мәдениетін дамыта алмай қалды.
Енді тәуелсіз ел болғаннан ке-йін, біріншіден, сол кенже қалған мәдениетін орнына келтіріп, әрі қарай дамытамын деуі сол ұлттың заңды құқығынан туындаған әділ талап. Екіншіден, қазақ халқы басқа ұлттарға мәдени экспансия жасай алатындай өте көп санды халық емес.
Олардың алға қойған бар мақсаты, өзінің тарихи отанында тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап, әрі қарай дамыту. Үшіншіден, қазіргі техника мен технологияның арқасында ақпарат құралдарының мүмкіншілігі артып, түрлі мәдени экспансия белең алды.
Сол себепті жаһандану дәуірінде қазақ халқы сияқты тәуелсіздігін жаңадан алған, рухани мәдениеті бекімеген ұлттар, басқа мәдениетке жұтылып кетпеуі үшін, өзінің төл мәдениетін, соның ішінде ұлттық музыкасын дамыту ауадай қажет. Ұлттың рухы – өнерінде, мәдениетінде, салтында, сондықтан да қоғамымызда “Салауатты өмір салтын“ орнату біздің стратегиялық мақсатымыз.

Рухани мәдениетке үйрету

Әрбір адам өмір бойы даму үстінде болады және оның денесімен бірге ішкі жан дүниесі де дамуға тиіс. Сонда ғана ол адам деген ардақты атқа лайықты, жан-жақты жетілген, жеке тұлға болып қалыптасады. Адамзат қоғамының өзі жеке адамдардан тұрады, олай болса қоғамның дамуы, оның әрбір мүшесінің дамып жетілу сапасына байланысты екен. Ендеше біз жеке адамдардың өмір салтының рухани жан-жақты дамуына жете көңіл бөлуіміз керек.
Адамдар қоғамда материалдық және рухани құндылықтарды жасау-мен айналысады және олардың жануарлардан бір айырмашылығы сол, ол адамдарға рухани жан азығы керек, онсыз адам адамгершілік қасиеттерден айрылып, жабайы аңдарға ұқсап кетеді.
Егер де табиғатта адам ақылы жетіп болмайтын бес құпия сыр болса (сана, жан, материя, кеңістік, уақыт) соның үшеуі адам бойына шоғырланған. Сондықтан да адамның ішкі жан дүниесін түгел біліп болу мүмкін емес. Оны тек адам бойындағы рухани болмысынан көріп, тануға болады. Олай болса, күнделікті өмірде көп қолданылатын рухани мәдениет, рухани байлық, рухани құндылық, өнер ұғымдарының мәнін анықтап алуымыз керек. Біз рухани мәдениет дегенде ең алдымен тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді айтамыз. Тіл қазақ болуымыз үшін, дін адам болуымыз үшін, салт-дәстүр ұлт болуымыз үшін қажет.
Рух деген сөз, діни түсінік бойынша адамның «жаны» деген ұғымды білдірсе, ғылымда оны адамның ішкі жан дүниесінің шабыт-сезімінің көрінісі деуге болады. Ал мәдениет дегеніміз – адамның іс-әрекеті, оның даму формасы. Өйткені адам табиғи заттар мен құбылыстарды өзінің мүддесіне, талап, тілегіне сай өзгертіп отырады. Мәдениет адам мен табиғаттың өзара тұтастығы, өзара қарым-қатынасының тарихи дамып өзгеруінің өлшемі.
Адамдар толыққанды өмір сүріп, тіршілік жасау үшін оларға материалдық және рухани байлық керек. Байлық еңбек етіп, тер төгу арқылы пайда болады. Сондықтан да әркім өзінің қабілетіне, біліміне, талғамына қарай әртүрлі салада еңбек етіп, біреулер материалдық байлықты жасаса, екіншілері рухани байлықты жасайды. Бұл байлықтар адамның жан құмарлығы мен тән құмарлығы қажетін қанағаттандыру үшін жасалынады. Тән құмарлығы дегеніміз – адамның ішіп-жесем, дүние жисам, рахат-шаттықта өмір сүрсем деген мақсатта пайда болған оның құлқыны. Көбіне адамдарды қылмыс жасауға апаратын да оның осы тойымсыз нәпсісі. Ал, жан құмарлығы дегеніміз – білімге, ғылымға, өнерге деген адамның махаббат сезімі. Бұл адамдарды болсам екен, көрсем екен, білсем екен деген жақсы арман-қиялға жетелейді.
Әрине, мұның екеуі де қажет қасиеттер, егер де адам бай болса -оған өзінің қажеттілігін қанағаттандыру жеңіл болады, ал жарлы болса- ондай мүмкіншілігі болмайды. Сондықтан да адал еңбек етіп, тер төгіп, өзінің қабілетімен байыған адамды ешкім де жазғырмайды. Бірақ та адал еңбегімен байығанның өзінде, оның рахаты өз басынан ауыспаса, мүгедек, кедей-кепшіктерге қамқорлығы болмаса, ондай адамдар дүниеге бай болғанмен, рухани кедей адамдар, ондайлардан халыққа еш қайырым болмайды.
Сондықтан да әрбір ата-ананың, қоғамымыздың басты міндеті әрбір жеке адамды – рухани мәдениеті бай, жан-жақты дамыған, имандылық қасиеті жетілген азамат етіп тәрбиелеу.
Әрине, бұл әрбір адамның дүниетанымына, өмірге көзқарасына, мүддесіне байланысты. Кейбір адамдар жанын қинап, еңбек еткісі келмейді, олар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, біреуді қанап немесе тонап, болмаса ұрлық жасап басқалардың есесінен уайым-қайғысыз рахатта өмір сүргісі келеді. Ондай адамдарды қоғам әшкерелеп, жазасын беріп, жөнге салып отырады.
Біз бодандықтың кесірінен ата-
бабамыздың ғасырлар бойы жиып-
терген рухани байлығын, яғни, тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің соңғы жылдары қадірін кетіріп, күнделікті өмір тірші-лігімізде қолданып, дамытудың орнына оны ұмыт қалдырып, діні басқа, тілі басқа, ділі басқа ұлттардың мәдениетіне еліктеп, адасып келдік.
Енді тәуелсіздігіміздің арқасында, өз билігіміз өзіміздің қолымызға тигеннен кейін, есімізді жиып, алды-артымызды бағдарлап, жаңа өмір салтын орнататын уақыт жетті. Бұдан әрі бұл мәселені кешіктірсек, жаңа өсіп келе жатқан жас ұрпақ бізді түсінбей, сырт айналуы мүмкін. Сондықтан да қазірден ұлттық рухани мәдениетіміздің бүгінгі заман талабына сай жаңа бағдарламасын жасап, соны күнделікті өмір салтымызға батыл ендіруіміз керек. Сонда ғана біз өзінің дербес ұлттық рухы, мәдениеті, санасы дамып жетілген өркениетті ел болып, адамзаттың ұлы көшіне ілесіп, басқа халықтармен терезесі тең халық ретінде өмір сүре аламыз.

Әдебиетсіз – рухани мәдениет жоқ

Қоғамда рухани мәдениет деген ұғым бар, мұның материалдық құндылықтан бір айырмашылығы сол, оны көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес, оны тек қана санамен ойлап, көңілмен сезу арқылы ғана ұғуға болады. Ол – біздің рухани құндылығымыз. Ал, рухани құндылыққа біз әдебиетті, өнерді, ән-күйді, ұлттық ойындар мен ұлттық мейрамдарды жатқызамыз. Соның ішінде біздің әңгіме еткелі отырған тақырыбымыз – әдебиет.
Әдебиет, бұл жер бетінде саналы адамдар пайда болып, олар бір-бірімен сөйлесу арқылы қатынас жасап, өздерінің өмірдегі қуанышы мен ренішін, рахаты мен азабын ой елегінен өткізіп, оны сөз арқылы бейнелеу қабілетіне ие болғаннан бері, халықпен бірге жасасып келеді. Сол себепті әдебиет мазмұнынан халықтың талай ғасырлардан бері бастан кешкен өмір жолын, тарихи тағдырын, арман-мұратын көреміз.
Жер бетіндегі барлық халықтың өзіне тән күнделікті өмір салты арқылы қалыптасқан әдебиеті бар. Біз оны ұлттық әдебиет дейміз. Себебі ол әдебиетте сол ұлттың ерте заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихи санасы, ұлттық болмысы, салт-дәстүрі түгел қамтылған.
Әрбір ұлт өзінің рухани мәдениетін ұлттық әдебиеті арқылы сақтап, оны әрі қарай дамытып отырады. Әдебиет өзінің түрлі жанрлары арқылы қоғам өмірінің барлық саласын көркем сөз арқылы суреттеп, ондағы жағымды немесе жағымсыз кейіпкерлер арқылы оның жетістігі мен кемшілігін дер кезінде анықтай алады. Сол себепті бізге көркем әдебиетті қоғамның рухани айнасы деуге толық негіз бар.
Ал енді рухани құндылық мәселесіне келетін болсақ, өмірдің даму заңы бойынша әрбір адам қоғамда өсіп-жетіліп, тәлім-тәрбие алып, өзінің ақыл-парасаты, рухани-жігері, талап-қабілеті жеткенінше қоғамға қызмет етіп, кейінгілерге азды-көпті рухани мұрасын қалдырады.
Кейбір талантты ақын-жазу-шыларды, өнер адамдарын, үлкен ғалымдарды халқына көп қызмет етті, артына мол рухани мұра қалдырды деп дәріптеп, әркез еске алып, марапаттап отырамыз. Олай болса, рух дегеніміз не және оны қалай түсінуге болады деген сұрақ туындайды. Көбіне біз рух пен жанды бір ұғымда түсініп, екеуін жиі шатастырамыз.
Егер де бұған терең ой жүгіртіп көрсек, жанның жер бетіндегі әрбір тіршілік иесінде бар екенін білеміз, бірақ оларда рух бар деп айта алмаймыз, себебі онда адамдарға тән сана жоқ. Олай болса, рух пен сананың арасында байланыс болғаны, бірақ та барлық адамдардың рухы бірдей деп айтуға тағы болмайды.
Қазақта біреулерге мінездеме бергенде, оның істеген іс-әрекетіне қарап біреулерді, ол батыл, жігерлі, рухы күшті екен деп, болмаса басқа біреулерді қорқақ, жігерсіз, рухы нашар екен деген баға береді. Соған қарағанда рух дегеніміз адамның мінез-құлқы, көңіл-күйі, айтқан сөзі, бір сөзбен айтқанда, оның адамгершілік болмысы, іс-әрекеті деп түсінуге болады.
Әрине, бұдан талантты, рухы күшті адамдардың бәрі жақсы, қайырымды, иманжүзді адамдар екен деген түсінік болмауы керек. Неге десеңіз, рухы күшті, талантты, батыл адамдардың да ішінен жауыз, қанішер, опасыз адамдар шығып жатады, ондайларды тарихтан көптеп келтіруге болады.
Рух тек жеке адамдарға қатысты емес, ол ұлтқа да қатысты. Себебі жеке адамдар сияқты ұлттың да алдына қойған мақсат-мүддесі болады. Сол мақсатына жету үшін ұлттың тіршілік әрекетіне, қажыр-қайратына қарап оның ұлттық рухының қай дәрежеде өсіп-өркендегенін көреміз.
Кейбір ұлт өзінің санының көптігіне, жерінің кеңдігіне, табиғи байлығының молдығына қарамай, рухани-мәдениеті төмен, әлеуметтік-экономикасы нашар, қоғамдық-саяси жүйесі жетілмеген, былайша айтқанда, тұрмыстың барлық жағынан артта қалған ел болып саналады. Ал, кейбір елдердің сандық көрсеткіші мұнан әлдеқайда төмен болса да, олардың сапалық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болып келеді.
Мұнан біз әр халықтың даму деңгейінің әртүрлі екенін және оның көбі сол халықтың ұлттық рухының сапасына, білім деңгейіне, еңбек ету қабілетіне байланысты екенін көреміз Егер де қоғам ішінде өмір сүретін адамдардың рухы күшті, ақыл-ойы жетілген, еңбекке қабілеті жоғары болып, ол ұлтын сүйіп, сол үшін аянбай еңбек етсе ғана, ол ұлттың алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына қосылып, өзінің ұлттық мүддесін қорғап, толыққанды мемлекет болып дамитыны сөзсіз.
Қазақ ауыз әдебиетінің жанр-ларының бірі – салт жырлары. Қазақ халқы көшпенді өмір салтымен өмір сүргендіктен және негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, олардың тұрмыс-тіршілігі де соған бейімделген болатын. Көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын халықтың басқалардан бір ерекшелігі сол, олар қысы-жазы, күні-түні табиғатпен тығыз байланысты болады. Сол себепті олар табиғаттың сұлулығын бойына сіңіріп, оның құпия сырларын көңіліне тоқып өскендіктен, олардың жан сезімі де өте нәзік болып келеді.
Бұл қасиетті олардың сөйлеген сөзінен, мінез-құлқынан, іс-әрекеттерінен анық көруге болады. Мысалы, қазақтың мінезінің жайдары, пейілінің кең, жүрегінің ақ болуы, адамдарға сондай бауырмал, қонақжай болуы – соның дәлелі.
Қазақ халқы өзінің тұрмыс-салт жырларында күнделікті тіршілігінің тірегі болып саналатын төрт түлік малды өлең-жырларына қосып дәріптеген. Оның ең таңдаулы үлгілеріне: “Жылқышы атаға“, “Шопан атаға“, “Зеңгі бабаға“, “Ойсыл қараға“ сияқты жыр үлгілері жатады.
Өлең-жырлардың тақырыптары алуан түрлі болып келеді, соның ішінде Ұлыстың ұлы күні Жаңа жыл “Наурыз“ мейрамына арналған жырлар, бақсы-балгерлердің қобыз тартып, сарнап айтатын өлеңдері, дүниеге сәби келгеннен кейінгі бесік жыры, жастардың отау құрып, үйленуіне байланысты жасалынатын әдет-ғұрыптарда айтылатын – тойбастар, жар-жар, беташар, т.б.с.с.
Қазақ ауыз әдебиетінде тұрмыс-салт жырларынан басқа ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, айтыстар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар сияқты басқа да жанрлардың түрлері көп. Мұның бәрінің мазмұнында негізінен қазақтың ертедегі өмір салтында кездесетін түрлі уақиғалар суреттеледі. Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тұрмыс-салт, қиял-ғажайып, жануарлар туралы ертегілері өте көп.
Тұрмыс-салт ертегілерінде сол кездегі қазақтардың көшпенді мал шаруашылығына байланысты олардың тұрмыс-тіршілігі айқын суреттелген.
Жануарлар жайындағы ертегілерде қазақ ауыз әдебиетінде аңызға айналған арғымақ аттар, желмая түйелер, бозінген сияқты төрт түлік мал тақырыбына арналған аңыз-әңгімелер бар.
Қиял-ғажайып ертегілері – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі болғандықтан, онан алғашқы қауымдық қоғам кезіндегі адамдардың өмірінен көп мәлімет алуға болады.
Ауыз әдебиетіндегі халық арасында кеңінен тараған жанрлардың бірі – ол батырлар жыры. Батырлар жырын жыршы-жыраулар қобызға, домбыраға қосып, белгілі бір әуенмен айтып, ауыздан-ауызға тарату арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Қазақтың батырлар жырындағы басты кейіпкерлер – халқын, отанын басқыншы жаудан қорғаған өзінің елін, жерін жанындай сүйген ұлтының қаһарман ұлдары болып келеді.
Халық ауыз әдебиетіндегі өзінің ерекшелігімен көзге түсетін жанрлардың қатарына айтыс өнерін жатқызуға болады. Айтыста екі айтыскер ақын өлеңмен қолма-қол суырып салу арқылы сөз жарыстырып, пікір таластырып, өзінің шешендігі мен алғырлығын көрсетуге тиіс. Айтыс мереке-мейрамдарда, үлкен тойларда, басқа да елеулі уақиғаларға байланысты халықтың мол жиналған жерлерінде өтеді.
Қазақтың ауыз әдебиетіндегі – ғашықтар жыры, мақал-мәтелдер, жұмбақтар сияқты жанрлар туралы да осына айтуға болады, себебі олардың бәрінің айтатыны халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, адамдардың рухани имандылығы туралы. Осы айтылған халық ауыз әдебиетінің түрлі жанрлары қазақтың тұрмыстық өмір салтында оның ұлт болып қалыптасып, өзінің рухани мәдениетін жасап, дүниетанымын жетілдіруде өте үлкен рөл атқарады. Бірақ та қазақ халқы Ресейдің отарына айналғаннан кейін, әсіресе Кеңес үкіметі орнап жаппай отырықшылдыққа көшуіне байланысты және қалалар, өндіріс орындары салынып, халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі тарихи өзгеріске ұшырауы себепті қазақтың өмір салтына үлкен өзгерістер ене бастады.
Әсіресе Кеңестік дәуірде коммунистік идеологияның саяси тотолитарлық жүйенің салдарынан қазақ халқының бұрынғы салт-дәстүрін феодалдық-патрихалдық артта қалған қоғамның мәдениеті деп оны жамандап, жаңа советтік өмір салтымен өмір сүруге үгіттеп, қазақ халқын өзінің ұлттық төл мәдениетін ұмыттыруға тырысты.
Осындай солақай саясаттың салдарынан қазақ халқының бір бөлігі шын мәнісінде өзінің ұлттық тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен қол үзіп, мәңгүрттенуге мәжбүр болды.
Енді еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес ел болғаннан кейін, бұрынғы жоғалтқан рухани байлығымызды қалпына келтіріп, әрі қарай дамытуға талпынып жатырмыз. Бірақ та бірнеше ұрпақтың санасына сіңіп қалған интернационалдық идеология және құлдық психология бұл салада еркін және батыл әрекетке баруымызға мүмкіндік бермей отыр.
Дегенмен жетістігіміз де жоқ емес, тілімізді мемлекеттік тіл деп жариялап, дінімізді жаңғыртып, көптеп мешіттер сала бастадық, кейбір жер, су, қала аттарын қазақшаландырып, бұрынғы айтыс өнерімізді қалпына келтіріп, ұлттық ойынымыздың кейбір түрлерін күнделікті тұрмысымызға ендіріп келеміз.
Алдағы міндет – тәуелсіздігіміздің арқасында елімізде шын мәніндегі ұлттық мемлекет орнатып, жаста-рымызды салауатты өмір салтымен өмір сүруге тәрбиелеу.

Имандылық қасиеттерді жетілдіру

Имандылық деген сөз қазақ халқының ұғымында тек діни мағынаны білдіріп қоймайды, сонымен қатар ол адамгершілік, ар-ұят деген мағынаны білдіреді. Егер де адамның ар-ұяты жоғары болса, ондай адамды халқымыз иман жүзді деп оған сеніммен қарап, қадір тұтқан, ал егер де ол ар-ұяттан ада, арсыз болса, ондай адамды имансыз деп одан түңіліп, оған сенбейтін болған.
Яғни, имандылық қазақ халқы үшін адамгершілік қасиетінің ең жоғарғы белгісі. Ендеше кімде-кім өзінің адамгершілік қасиетін сақтағысы келсе, ол бірінші кезекте жеке басының ар-ұятын таза ұстауға ұмтылуы тиіс. Сондықтан да әр адамда нұрлы ой, ақ ниет, қанағатты құлқын басым болуы керек.
Әрине, әрбір ата-ана өзінің баласын әдепті, арлы, адамгершілігі жоғары адам болуын қалайды және сондай болып өсуіне мүмкіншілігінше тәрбие беруге тырысады. Бірақ та бұл мақсатқа екінің бірі жете бермейді. Бір отбасында тәрбиеленген ағайынды балалар өсе келе адамгершілік дәрежесі әртүрлі деңгейдегі азамат болып өседі.
Мұндайда қазақ: «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деген. Яғни адамгершілік тек тәрбиеге ғана байланысты емес, оның басқа да себептері бар екен. Ендеше ол қандай себеп және оны қайткенде түзетуге болады? Бұл әрине, қазіргі психология, педогогика, социология ғылымдарының алдында тұрған басты сұрақ. Біздің мақсатымыз, тек жеке тұлғалардың адамгершілік қасиетін біліп қана қою емес, сонымен қатар жалпы қоғамдағы моральдық құндылықтардың даму дәрежесі туралы болуға тиіс.
Шынын айту керек, қазіргі кезде біздің адамдардан имандылық, ізгілік, инабаттылық қасиеттер азайып барады, оның орнына қатыгездік, зұлымдық, қайырымсыздық күннен-күнге күш алуда деген сөздерді көп естиміз және бұл негізсіз де емес. Оған дәлел, қоғамымыздағы күнде болып жатқан түрлі қылмыстар мен зиянды әдеттердің көбейіп отырғаны. Осының бәрі айналып келгенде адам бойындағы имандылық қасиетінің жетіспегендігіне келіп саяды.
Қазақта «адам күні адаммен» дейді. Яғни адамға жақсылық істейтін де, жамандық істейтін де адам. Себебі жер бетіндегі жан-жануардың ең құдіреттісі де, ең күштісі де, ең айлакері де, ол – адам. Сондықтан адамға адамнан басқа ештеңе де зиян келтіре алмайды. Адам жақсы іс істесе де, жаман іс істесе де ақылмен ойланып істейді. Ендеше оларды жаман істен сақтандырып, жақсы іске бастайтын олардың ар-ұяты болуы керек.
Адамның ары таза, көңілі ақ, ниеті түзу болса, ол еш уақытта адамдарға жамандық ойламайды және қылмыс жасауға бармайды. Ендеше, қылмыспен күресудің бірден-бір дұрыс жолы, ол адамдарды имандылыққа тәрбиелеу екен.
Кеңес заманында, коммунистік идеология үстемдік құрып тұрған кезде имандылықты діни ұғым деп қарап, оны айтуға тыйым салды және имандылықты уағыздаушы қожа-молдаларға қуғын көрсетті. Соның кесірінен бірнеше ұрпақ имандылықтың не екенін білмей, ар-ұяттан ада болып өсті. Осындай солақай саясаттың салдарынан көп адамдар адамгершілік қасиетінен айрылып, азғындық жолға түсті.
Ендігі мақсат, осы олқылықтардың орнын толтыру үшін қайтадан діни қағидаларды халық арасында ашық және кеңінен насихаттау, сол арқылы адамдардың ар-намысын оятып, оларды имандылық жолына баулу.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін, діни нанымдарға кеңшілік жасалып, көп жерлерде мешіттер салынып, адамдар имандылық жолына бет бұра бастады. Бірақ та онда қызмет істейтін имам, молдалардың сауатының аздығынан кейбіреулері оны күнделікті күнкөріс көзіне айналдырып, дініміздің қадір-қасиетіне нұқсан келтіруде.
Соның салдарынан кейбір адамдар басқа діндерге мойынсұнып, ата салтына опасыздық жасауда. Алдағы уақытта осы айтылған кемшіліктерді жою үшін, біз жаңа өмір салтымызбен өмір сүруге тиіспіз.
Жаңа өмір салтымыздың негізгі принципі «имандылықты сақтап, заңды орындап, парасатты өмір сүру». Егер де біз осы қағиданы басшылыққа алып, өмір сүретін болсақ және болашақ ұрпағымыздың санасына оны сіңіре білсек, еліміздің келешек тағдырына зор сеніммен қарауға болады.
Құран-Кәрімде иман сөзі 336 рет қайталанады екен, яғни бұл Алла Тағаланың адамзат баласына иман келтіруді өте жауапкершілікпен міндеттегенін көрсетеді. Иман сөзі қазақ тілінде сенім деген мағынаны білдіреді. Ол Алла Тағалаға, періш-телерге, Құранға, пайғамбарға және ақирет күніне сену.
Сонымен қатар иман мұсылман үшін бес парыздың бірі және қазақтар біреудің жақын-жуығы қайтыс болса, оған көңіл айтқанда “ақыры қайырлы болсын, иманды болсын“ деп жатады. Мұның бәрі діни мағынада айтылатын сөздер. Сондықтан да кешегі атеистік заманда біздің елде иман сөзін ауызға алуға тыйым салынған болатын. Бірақ та қазақ ұғымында имандылық тек діни мағынада айтылмайды, ол сонымен қатар адамның адамгершілік қасиетіне, ар-ұятына, мінез-құлқына баға бергенде айтылатын сөз. Егер де адам инабатты, ізетті, қайырымды болса, оны иманды деп құрметтеп, ал егер де ол арсыз, ождансыз, дөрекі болса имансыз деп ондай адамға сақтықпен қараған. Біз адамның өмірдегі басты міндеті – “АДАМ“ деген құрметті атаққа кір келтірмей, оны жоғары ұстау деп білсек, имандылық адамның адамгершілік қасиетін анықтайтын киелі сөз. Олай болса, имандылық адамға ол дүниеде де, бұл дүниеде де қажетті әрі қасиетті сөз екен.
Біз ауыз екі сөйлегенде имандылық сөзін ауызға көп алғанымызбен, оның ғылыми мағынасын осы кезге дейін анықтадық деп айта алмаймыз.
Егер де біз имандылық қазақ ұғымында адамның моральдық қасиетін анықтайтын сөз деп түсінсек, ал орысша “нравственный“ сөзінің баламасы болып шығады.
Әрине, дінге шын көңілімен иланатын адамдар имандылықты сақтап, мейірбанды болып, әдептілікті пір тұтатыны анық. Діннің басты қағидалары – адамдарға қайырымды болу, басқаларға қиянат жасамау, ғайбат сөз айтып адамдардың намысын қорламау. Ұрлық-қарлық жасап, басқаларға өтірік айтып, алдап-арбамау, жетім-жесірді налытпау, мүгедектерге қайыр-садақа беру, ата-ананы ардақ тұту, туған-туыстарға бауырмал болу. Бірақ та жетпіс жылдың үстінде үстемдік құрған коммунистік идеология бірнеше ұрпақтың санасын атеизм идеясымен улап, адамдардың жүрегін қарау етіп, олардың көңілінен имандылықты жоюға тырысты. Соның салдарынан адамдар дінге сенбей, Құдайдан қорықпай, қатыгез қайырымсыз, мейірімсіз болып тәрбиеленді. Осыдан келіп моральдық құндылықтарды дұрыс бағаламай, адамгершілік қасиеттің қадірін кетіріп, қоғам ішінде қылмыс көбейіп, парақорлық күш алып, адамдардың көңілін имансыздық билеуде.
Адамдар өмірде дінге сеніп, оның қағидаларын бұлжытпай орындауға тырысса, қоғамда имандылық үстемдік құрып, адамдардың арасында түсінушілік орнап, қылмыс азайып, зұлымдыққа орын қалмаған болар еді. Бірақ та адамның дінге сенуі ол әрбір адамның дүниетанымына, өмірге көзқарасына, ниетіне байланысты. Былайша айтқанда, ол әркімнің көңіл қалауы мен еркі.
Сондықтан да имандылықты бір ғана дінмен байланыстырып қоюға болмайды. Егер де адам дінге сенбегеннің өзінде оның адамгершілік қасиетті жоғары ұстап өмір сүруі парыз, себебі оның бойында намысы мен ар-ұяты болуға тиіс. Қазақта адамға иманды немесе имансыз деп баға бергенде оның осы ар-ұятының деңгейіне қарай айырады.
Өмірде әділетті қоғам құру бұл әрбір дәуірдегі өмір сүрген адамдардың алдына қойған басты мақсаты. Бірақ та бұған қол жеткізу оңай емес, себебі ол сол заманда өмір сүрген адамдардың имандылық қасиеттерінің даму деңгейіне байланысты. Ал, жеке тұлғаларды имандылыққа тәрбиелеу бұл өте күрделі, көп қырлы, әрі қарама-қайшылыққа толы процесс. Олай болса, адамдардың имандылық қасиетінің қаншалықты жоғары екенін қалай білуге болады?
Біз адамның бойында басты-басты бес қасиет бар деп есептейміз. Олардың осы қасиеттеріне қарап, кімнің кім екенін білуге болады. Ол қасиеттер – сана, иман, рух, мінез, нәпсі. Осы қасиеттердің қайсысы адам бойында басым болса, адам да соған бейімделіп өмір сүреді.
Әрине, осы айтылған қасиеттердің бәрі де әркімнің бойынан табылуы мүмкін, бірақ та оның кейбірі басқаларына қарағанда басымдау келеді. Мысалы, адамның саналылығы – ақылы мен білімінің молдығын; имандылылығы – арының тазалығы мен жүрегінің қайырымдылығын; рухының күштілігі – жігері мен қабілетінің зор екенін, мінезінің жайдарлылығы – көңілі мен ниетінің ақтығын; нәпсісінің қанағаттылығы – құлқынының нысапшылдығын көрсетеді.
Осы қасиеттеріне қарай адамның өмірде де бір нәрсеге қабілеті жоғары болады және ол сол бейімділігіне байланысты мамандық таңдауға тырысады. Егер де саналы болса – ғылыммен; иманды болса – ұстаздықпен; рухты болса – ел басқарумен; мінезді болса– ән-күй өнерімен; нәпсісі басым болса – шаруашылықпен айналысып дегендей… Бірақ та бұдан осы қасиеттер бойына дарыған адамдардың бәрі де жақсы адамдар деген түсінік тумауы керек. Мүмкін ол ақылды немесе шығармашылықпен айналысатын дарынды адам болуы мүмкін, бірақ та оның имандылығы, ар-ұяты аз адам болса, басқа адамдарға пайдасынан гөрі зияны көбірек тиюі мүмкін.
Қоғам ішінде қылмыстың көбеюі, жаман әдеттердің тыйылмауы, әділетсіздіктің жиі кездесуі, осы имандылықтың жетіспеушілігінен болатын жағдай.
Адамдар бейбіт-тату өмір сүрудің орнына бір-бірімен айтысып, көмектесудің орнына күш қолданып, адам өлтіріп, қайырымды болудың орнына басқаға немқұрайлы қарап, көреалмаушылық басым түсіп жатады. Адамдардың бір-бірімен түсініспеушілігінің салдарынан дау-дамай туындап, оның аяғы егеске, ұрыс-керіске, соғысқа апарып соғады. Мұның бәрі адамдардың сол өмірде қалай өмір сүретінін, олардың мінез-құлығы мен арының арасындағы байланыстың қандай деңгейде екенін, олардың материалдық жетістікке жетеміз деп жүріп рухани құндылықты ұмытып кетуінің салдарынан болып жатады. Бұдан шығатын қорытынды-біз қоғамымызда имандылық орнатқымыз келсе, оны әр жеке адамның ар-ұятынан бастау керектігіне көзіміз жетеді.
Олай болса «қайткенде адам бойына имандылықты көбірек дарытуға болады» деген сұрақ туындайды.
Имандылық адам бойына өмірде көру, есту, сезі арқылы, яғни күнделікті өмір салты арқылы дариды. Егер де оны қоршаған орта, оның санасына жағымды әсер етсе, жастар да соған еліктеп, оның көңілінде — көрсем, білсем екен деген қызығушылық пайда болып, айналасындағы қоршаған адамдардың жақсы мінез-құлқынан, инабатты қарым-қатынасынан, із-гілікті іс-әрекетінен өнеге алып, сол арқылы дүниетанымы, өмірге көзқарасы қалыптасып, жақсы адам болып өсуге ұмтылады.
Сонымен қатар әр халықтың өмір салты арқылы тарихи қалыптасқан моральдық дәстүрлері болады және имандылық құндылықтар әрбір қоғамның қабылдаған заңдарында, діни нанымдарында, әдеби, философиялық шығармаларында, өнерінде көрініс туып, сол арқылы адамдардың имандылық принциптері қалыптасады.
Әрбір халықтың имандылық дәстүрі отбасында сақталып, дамып және ол бір ұрпақтан екінші ұрпаққа осы отбасының тәрбиесі арқылы беріліп отырады. Отбасы тәрбиесінің жасөспірімдердің мінез-құлқына, көңіл-күйіне тигізетін әсері өте зор. Өйткені отбасында жасөспірімдердің тұрмыс-тіршілігі, рухани мәдениеті, адамдармен қатынасы қалыптасады. Сол себепті отбасында қандай үлгі-өнеге алса, болашақта ол сол алған тәрбиесіне лайық адам болып өседі. Отбасы мүшелерінің әрқайсысы өз рөлдерін біліп, соны дұрыс атқарып отырса, ол отбасында әркез түсінушілік, сыйластық, үйлесімдік болады. Қоғамдағы имандылық жағдай көбіне осы отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты қалыптасады.
Қазіргі кезде мектеп қабырғасын көріп, сонан тәрбие-білім алмайтын жасөспірім жоқ десе де болады. Ендеше біз мектептегі тәрбие жұмысына аса көп мән беріп, оған өте жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазіргі кезде өкінішке қарай, мектептерде және жоғары оқу орындарында техникалық білімге көп көңіл бөліп, гуманитарлық білім беру екінші кезекке қалып жатады.
Ал, шын мәніне келгенде, ол қандай мамандықтың адамы болмасын, бәрібір бірінші кезекте адамгершілігі мол адам болуы керек. Олай болса, оқу орындарында имандылық тәрбиесі бәрінен де жоғары тұруға тиіс. Сол себепті жастар жастайынан өмірдің даму заңын терең түсініп, дұрыс тәлім-тәрбие алулары үшін оқу орындарында “Өміртану немесе салауатты өмір салтын“ білім беру бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізуіміз керек.
Негізінен қоғамдық сананы қалыптастырып, адамдарды имандылыққа тәрбиелейтін қоғамдық ақпарат құралдары болуға тиіс болса, бізде бәрі керісінше. Себебі бізде шығатын газет-журналдардың, радио-телевизияның 70-80% пайы-зы орыс тілінде және олардың насихаттайтындары батыстық өмір салты. Оның көбі атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, нашақорлық, маскүнемдік, әйел зорлау сияқты жастардың психологиясына кері әсер етіп, оларды имансыздыққа, қатыгездікке, дөрекілікке үйрететін өте зиянды материалдар.
Оларды бақылауға алып, жастарға теріс тәрбие беретін көріністерге тыйым салып, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын әділ талап үкімет тарапынан болмай отыр. Оның себебі біздің зиялылардың көбі өзінің ана тілінен, рухани мәдениетінен хабарсыз, соның кесірінен бұрынғы метраполияның ықпалынан шыға аламай жүр. Осының салдарынан адамдардың көбі әлі күнге дейін құлдық психологиядан арыла алмай, жастарымыздың көбі мәңгүрт болып өсуде.
Адамның бойында имандылық болмаса, ол қанша жерден талантты, дарынды тұлға болса да, оны рухани мәдениетті адам деп айта алмаймыз. Себебі имандылық адамның адамгершілік қасиетінің басты кепілі. Сол себепті имандылық жоқ жерде көркем мінез бен парасаттылық туралы сөз қозғау мүмкін емес.
Олай болса, әрбір адам өзін имандылыққа тәрбиелегісі келсе, оның- ойы, сөзі, ісі бәрі имандылық қағидаларына сай болуы керек. Сонда ғана адамзаттың ғасырлар бойы армандаған әділетті қоғамын құрып, отанымызда салауатты өмір салтын орнатып, осы қоғамда өмір сүріп жатқан қазіргі замандастарымыздың қолын бақытқа жеткізіп, болашақ ұрпағымыздың әділетті қоғамда өмір сүруіне жағдай жасаймыз.

Ар-намысымызды
жоғары ұстайық

Ар-намыс адамгершіліктің басты белгісі десек, артық айтқандық болмайды, себебі ар-намыс жоқ жерде адамгершілік қасиеттің де болуы мүмкін емес. Ал, адамгершілігі жоқ адамның абыройы қандай болатыны өз-өзінен белгілі. Абыройы жоқ адамда бедел де болмайды. Адамның адам болып өмір сүргендегі негізгі мақсаты — абыройлы адам болу. Бұл жөнінде қазақта “өлімнен ұят күштірек“ деген мақал бар. Яғни ол арыңды сақтамасаң, өмір сүрудің де қажеті жоқ деген сөз.
Әрине, әр адам өзінің табиғи қабілетіне, алған біліміне, істеген еңбегіне қарай қоғам ішінде әртүрлі деңгейдегі абыройға ие болады. Былайша айтқанда, адам абыройды өмір бойы мысқылдап жинайды. Бірақ та адам өзінің ар-ұятын әр кез жетілдіріп, қадағалап таза ұстамаса, өмір бойы жиған абыройынан бір күнде айырылып қалуы мүмкін.
Сол себепті әркім ар-намысын барлық уақытта таза және жоғары ұстауға ұмтылуы керек. Қазақ “Ар – иманның жолдасы“ дейді, яғни ар-ұят жоқ жерде иманның да болуы мүмкін емес, ал иманы жоқ адамда адамгершілік қасиет те болмайды. Олай болса, имандылық, ар-ұят, намыс – мұның бәрі адамның адамгершілік қасиетінің басты белгісі екен. Сол себепті қазақ жастарға тәлім-тәрбие бергенде “Арыңды жасыңнан сақта“ деген өсиетті тегіннен-тегін айтпаған болуы керек.
Олай болса, біз әуелі ар-намыс деген сөздің мағынасын терең түсініп, дұрыс ұға білуіміз керек.
Ар деген сөз ғылымда этикалық категорияға жатады және адамның айтқан сөзіне, іс-әрекетіне моральдық бақылау жасап, оның адамгершілік қасиетке жататын-жатпайтынына баға беріп отыратын адамның ары, яғни, оның ішкі жан дүниесінің сезімдік қасиеті. Ар-намыс адамның ақыл-ойын, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын бір жүйеге келтіріп, оны реттеп отырады. Ол өзінің басқа адамдар алдындағы абыройын, міндетін, жауапкершілігін осы ар-намысы арқылы сезініп, әр кез өзінің имандылығының алдында жауап беруге мәжбүр болады.
Күнделікті өмірде адам әртүрлі жағдайларға кездеседі және барлық уақытта қандай жағдайда қалай әрекет жасау керектігін алдын ала біліп, жоспарлап отыру мүмкін емес.
Сондықтан да адамның моралдық әрекетін реттеп, жөнге салып отыратын оның ар-ұяты болып табылады. Яғни ар-ұят адамды қателесіп, өзінің абыройына нұқсан келтіретін іс-әрекеттен сақтандырып, оның адамгершілік қасиетін күзетіп отыратын сақшысы деуге болады. Ар-намыс адамның сана-сезімін, ішкі жан дүниесін бақылап, оған моралдық баға беріп, үкім шығарып отырады. Мұндай жағдайды адам өмірінен көптеп кездестіруге болады.
Егер де адам бір себептермен қылмыс жасап немесе жазықсыз біреудің намысына тиіп, оны қорласа, ар-ұяты бар адам соңынан өзінің теріс қылығын түсініп, қателігін сезінгеннен кейін ол адамның ары оны іштей жазғырып, қашан ол кінәсі үшін кешірім сұрағанша, болмаса қылмысы үшін жазасын өтегенше ол өзінің ожданы алдында азап шегіп, ары оған тыныш өмір сүруге мүмкіншілік бермейді. Яғни ар-намыстың адам өмірінде атқаратын рөлі өте зор. Олай болса, әркімнің соты, айыптаушысы, әшкерелеушісі өзінің ары болуы керек, сонда ғана адамдарда имандылық болады. Абай айтқандай: “тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылдық“.
Бір сәтке адамдар моралдық құнды-лықты мойындамай, имандылық қа-сиеттерінен айрылып, ар-намыссыз өмір сүріп көрді делік. Ондай жағдайда заң орындалмай, күштілер әлсіздерге зорлық-зомбылық көрсетіп, олардың мүлкін тартып алып, дүние астан-кестен болар еді. Яғни бұдан біз заң мен ар-ұяттың бір-бірімен тығыз байланыста екенін көреміз, егер де адамда ар-ұят болмаса, ол еш уақытта заңды да сыйламайды деген сөз.
Қазірдің өзінде біз демократия орнатып, құқықтық мемлекет құрып, зайырлы қоғам жасаймыз десек те, адамдардың көбі соның ішінде шенеу-ніктер заңды бұзып, адамдардың құқығын аяқасты етіп, қоғамда әділетсіздіктің белең алуына жол беріп отыр. Сол себепті әрбір адам мейлі ол үлкен лауазым иесі болсын, болмаса қатардағы жай азамат болсын, кім болғанда да бірінші кезекте өзінің ар-намысын бәрінен де жоғары қойып, өзінің іс-әркетіне жауапкершілікпен қарап, заңды бұлжытпай орындауға тырысуы керек.
Сонда ғана адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы жақсарып, имандылық салтанат құрып, қоға-мымызда әділеттілік орнамақ. Осы мақсатқа жету үшін біз жастарға ерте бастан дұрыс тәрбие беріп, оларды өз ар-намысын қорғай білетін білікті, батыл азамат етіп өсіру баршамыздың борышымыз.
Әрине отбасында, балалар бақшасында мектепте әдепті, арлы болу жөнінде жастарға аз уағыз айтылмайды. Бірақ та соған керісінше қоғам ішінде, әсіресе жасөспірімдер арасында қоғамымызға жат әдеттер жыл сайын көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Оның басты себебі сол жастарға ақыл айтып, моралдық тәрбие беретін үлкендердің сөзі мен ісінің арасындағы көп айырмашылықтың болуы. Сол себепті жастарға уағыз айтатын тәрбиешілердің сөзі нанымсыз жалған болып көрінеді.
Адамның қоғамдық санасы, өмірге көзқарасы көбіне көру, есту, оқу арқылы қалыптасады. Соның ішінде шамамен көру арқылы 70 пайыз, есту арқылы 20 пайыз, оқу арқылы 10 пайыз. Яғни жастардың санасы, дүниетанымы, күнделікті өмірден, кинодан, көгілдір экраннан көру-есту арқылы қалыптасады. Ал олардың күнделікті көретіндері соғыс, ұрлық, секс, нашақорлық, маскүнемдік. Осының бәрі жастардың санасына кері әсер етуінің кесірінен олардың дүниетанымы дұрыс қалыптаспай, ақыр аяғында бұл олардың қатыгез, қайырымсыз, дөрекі болып өсуіне әкеліп соғады.
Ерте заманда қазақ жастарын өмірде көрген-білгендері көп, беделді ақсақалдар мұсылман дінінің қағидаларымен, ата-бабаның дәстүрімен, өздерінің тәжірибесімен тәрбиелеген болатын.
Соның арқасында жастар иманды болып, ата-анасын, туған-туысқандарын құрметтеп, үлкендерді сыйлап, инабатты азамат болып өсті. Осындай ұлттық тәрбиенің арқасында қоғам ішінде адамгершілікке жат қылықтар аз болып, ел басқарған билердің, қожа-молдалардың, ауыл ақсақалдарының сөзіне құлақ асып, адамгершілік ар-намысты бәрінен де жоғары қойды. Осындай өмір салтымен өмір сүрген қоғамның ішінен әділеттілікті айтатын билер, ел қорғайтын батырлар көп шықты.
Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін қазақтың бұрынғы салт-дәстүрін жоққа шығарып, интернационалдық идеологияны дәріптеді. Әрине, олар да жастарға жаман болыңдар деген жоқ, бірақ та моралды тым саясаттандырып, былайша айтқанда, бәрін де “советтік өмір салтымен“, ал шын мәнісінде, орыстың мәдениетімен өмір сүруге тәрбиелеп, ассимилия-цияландыру саясатын жүргізді. Коммунистік партия пролетариат диктатурасын бетке ұстап, сол кездегі саяси билікті тоталитарлық жүйеге айналдырып, соның салдарынан демократия дамымай, бюрократия күш алып, адамдар шын пікірін айта алмай, екі жүзді болып өмір сүруге мәжбүр болды.
Біз қызыл империядан құтылып, өз алдымызға тәуелсіз ел болып, демократиялық, құқықты, зайырлы мемлекет құрамыз дегенімізге жиырма жылдай болды. Бірақ та осы кезге дейін біздің осы жолда тындырған ісімізден гөрі сөзіміз көбірек.
Рас, біз жеріміздің табиғи байлығының арқасында экономикадан біраз табыстарға қол жеткізгеніміз рас, бірақ та рухани тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алмай келеміз. Рухани тәуелсіздіктің басты міндеті ұлттық сипаттағы мемлекет құру болса, біздің қазіргі мемлекетімізді толық мәніндегі ұлттық сипаттағы мемлекет деп айта алмаймыз. Ұлттық мемлекеттің басты белгісі — сол мемлекет құрып отырған байырғы халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі өз отанында толық мағынасында дамып, сол халыққа қызмет етуі керек. Ал, біздің мемлекетіміздің жағдайына келетін болсақ, бәрі керісінше. Егер де тілді алатын болсақ, қазақ тілі сөз жүзінде мемлекеттік тіл бола тұра, іс жүзінде сол баяғысынша екінші қатардағы тіл болып, дискриминацияға ұшырап отыр. Бұрын қазақ тілін отбасы тілі деп келсек, қазіргі көп қазақтар отбасында да ана тілінде сөйлемейтін болып барады. Кейбір адамдардың ойлайтынындай тіл тек қатынас құралы емес, ол сол халықтың ар-намысы, өткен тарихтан хабар беретін рухани қазынасы, ұлтымыздың сана – сезімін қалыптастыратын басты құралы.
Қоғамдық сананы қалыптастыратын негізінен ақпарат құралдары десек, қазіргі Қазақстан жағдайында қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының рөлі өте төмен. Елдің саяси элитасы қазақ тіліндегі ақпараттарды пайдаланбайды десе де болады.
Яғни олардың саяси санасы, мәдени көзқарасы нигилистік рухта қалыптасып, өз халқының ұлттық мүддесінен бейхабар болып барады. Ал, шын мәнісінде, билік басындағы саяси элита өз халқының ұлттық мүддесін қорғап, оны ары қарай дамытатын басты күш болуға тиіс. Ол жөнінде : “Францияны Франция еткен француздар емес, француздарды француз еткен Франция“ деген мәтел бар. Бұдан ұғатынымыз мемлекет және оның саяси элитасы бірінші кезекте өз халқының ұлттық мүддесін қорғап, сол үшін қызмет істеуі керек екен.
Ұлттық дініміз, салт-дәстүріміз жөнінде де осыны айтуға болады. Қазақ ұлты бұрын бір дінді халық болса, қазір көп дінді халыққа айналып барады. Бұл болашақта ұлтымыздың бірлігіне және оның рухани мәдениетіне үлкен соққы боп тиетіні айдан анық. Бірақ та билік басындағылар бұған мән бермей, басқа діннің миссионерлеріне өз уағызын еркін жүргізуіне жағдай жасап отыр.
Ұлттық салт-дәстүр жөнінде сөз қозғаудың өзі ұят, неге десеңіз, біз қазір өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды бағаламай, түгелдей батыстық мәдениетке бет бұрып барамыз. Егер де алдағы уақытта да осы бағытта дами берсек, қазіргі жаһандану дәуірінде өзіміздің ұлттық рухани мәдениетімізден қол үзіп, ұлттық ерекшеліктерімізден айырылып қалу қаупі бар. Сондықтан да қазірден ұлттық идеологиямызды анықтап, дінімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді ұлттық ар-намыс ретінде қорғауымыз керек.

Парасаттылық – саналылықтың көрінісі

Адамның басты қасиеттерінің бірі сана болса, осы санаға жақын – ақыл, ой, сезім, парасат деген ұғымдар бар. Адам баласының басқа тіршілік иелерінен басты айырмашылығы да – оның осы сана арқылы ойлау қабілетінің болуы. Егер де адамның ойлау қабілеті болмаса, ол барлық жануарлардың ішіндегі ең әлжуаз, әлсізі болған болар еді. Адам дүниеге келген күннен бастап оның санасы бірте-бірте қалыптасып, ол адамның бүкіл өмір бойғы тіршілігіне басшылық етеді. Сөйтіп оның адам деген құдіретті атаққа қолын жеткізеді. Яғни сана адамның басты қасиеті және адамды адам еткен сана деуге толық негіз бар. Сондықтан да біз “болмыс сананы билейді“ десек, оны “сана адамды түзейді“ деп толықтыруымыз керек. Сонда ғана біз адамның басты қаруы, сананың рөлін көтеріп, оны өз орнына қоя аламыз.
Қазіргі адамдар осы сананың арқасында бүкіл жер шарын меңгеріп, енді ғарышқа аяқ басты. Сана арқылы адамзат өзінің қоғамын құрып, оның рухани және материалдық байлықтарын жасап, өзін күнделікті тіршілікке қажетті заттармен қамтамасыз етті.
Адам баласы сана арқылы ғылым-білімді меңгеріп, соның арқасында техниканы, технологияны дамытып, еңбек құралдарын ойлап тауып, түрлі машиналар шығарады. Сол техниканың күшімен қалалар, ірі өндіріс орындарын, жерде, суда, ауада аса шапшаңдықпен қозғалатын қатынас құралдарын, әлемнің барлық аймағымен хабарласа алатын байланыс құралдарын ойлап тапты. Қазіргі ғылым-білімнің даму деңгейінің шарықтап өскені сонша, адамдарға өзінің рухани-материалдық қажеттілігін қанағаттандыруға толық мүмкіншілік бар. Бір сөзбен айтқанда, осы сананың арқасында адам баласы жер шарындағы барлық жан-жануардың табиғат байлықтарының толық қожасына айналды. Яғни адамның санасы оны дұрыс орнымен игілікті іске пайдалана білсе, барлық адамның қолын бақытқа жеткізуге толық мүмкіншілігі бар. Бірақ та адамдар өзінің санасын барлық уақытта тек ізгілікке ғана емес, кейбір жағдайларда зұлымдыққа да пайдаланады. Мысалы, жеке адамдардың бір-біріне қастандық жасап, қылмысқа баруынан бастап, бір мемлекет пен екінші мемлекеттің арасында жанжал туындап, оның аяғы соғысқа апарып соғып жатады.
Осындай жеке адамдардың арасындағы араздық пен мемле-кетаралық қақтығыста бірін-бірі жеңу үшін оларға қару қолдануға тура келеді. Ал, қаруды адам саналы түрде қазіргі ғылым-білімнің жетістіктерін пайдалана отырып жасайды. Дүние жүзі бойынша бір елдерде аштықтан мыңдаған-миллиондаған адамдар өліп жатса, екінші елдерде миллиардтаған қаржы жұмсап, адамдарды жаппай қырып-жоятын қарулар шығарып жатады. Және оның бәрі адамдардың білімімен, ақылымен, еңбегімен істелінеді. Егер де біз адамзат баласының даму тарихына көз жүгіртсек, мұндай жағдай дүние жүзінде болып келген және алдағы уақытта да бола беретін түрі бар. Яғни адам санасының адамға пайдасымен қатар зияны да бар екен. Олай болса, сананың адамға тигізетін пайдасын көбейтіп, зиянын азайту үшін не істеу керек?
Ол үшін адамның санасын имандылыққа тәрбиелеу керек, ал иманды адам болу үшін, оның ақылымен қатар ар-ұяты да болуға тиіс. Ар-ұяттың не екенін адамның санасына жастайынан сіңіріп, оны өзінің намысын ардақ тұтып, оны қорғай білуге үйретсе, ол ізгілік пен зұлымдықты жастайынан айыра білетін және адамгершілікті бәрінен жоғары қоятын парасатты азамат болып өседі. Қоғамда әділеттілік болу үшін заң орындалуы керек, ал Заңның орындалуы ол адамның ар-ұятына байланысты, егер де адамда ондай қасиет болмаса, қандай әділ заң болса да, орындалмағаннан кейін онан ешқандай пайда болмайды.
Парасатты адам болу үшін ақыл керек, ал ақыл болса, ол барлық адамдарда бар , бірақ әртүрлі деңгейде. Ақыл негізінен адам бойына туа бітетін қасиет. Біреулер табиғатынан дарынды, зерек, ұғымды болып келеді. Ондай адамдар жастайынан білім алса, өсе келе өмірден тәжірибе жинап, парасатты адамға айналады. Кейбір адамдар ондай қабілеті болмаса да, оқып, білім алып, сол білімнің арқасында оң мен солын танитын, жақсы мен жаманды айыра білетін сауатты азамат болып өседі.
Енді біреулері ақыл-білімі болса да, оны қоғамның пайдасына жұмсамай, өзінің қара басының қамын ойлап кетеді. Мұндай адамдардың ниеті теріс, ойы қарау болып келеді. Сондықтан да олардан халыққа келетін зиян, ақылсыз адамдардың жасаған қылмысынан әлдеқайда көп болады.Себебі, ондай адамдардың қылмысын әшкерелеу оңай емес, және олар үлкен қылмыстар жасауға барады. Қазіргі қоғамымызда біреулердің тапсырмасымен кісі өлтіру, сыбайлас жемқорлық, парақорлық осының көбін білімі бар, қолында билігі бар, ақылдан кенде емес шенеуніктер жасайды.
Қазіргі заманда дүние жүзі бойынша бүкіл материалдық байлықтың 80 пайызы 20 пайыз адамның қолына шоғырланған, яғни бес адамның біреуі бай болса, төртеуі кедейшілікте, жетіспеушіліктен аш-жалаңаш өмір сүреді. Қазақстанның қазіргі жағдайы туралы да осыны айтуға болады. Яғни, республика тұрғындарының бестен төрті кедей. Олай болса, осы айтылған әлеуметтік әділетсіздікті азайту үшін адамның ақыл-парасаты мен біліміне әлі көп жұмыс істеуге тура келеді. Негізінде бұл орындалмайтын арман емес, оны Батыстың өркениетті елдерінің тәжірибесінен көруге болды. Бұл жерде адам біліп болмайтын ешқандай құпия сыр жоқ.
Олар, біріншіден, қоғамның саяси жүйесіне реформа жасап, оны демократиялық жолға түсірді; екіншіден, нарықтық экономиканы дамытып, оған техника мен технологияны кеңінен қолдана білді; үшіншіден, адамдардың құқығына еркіндік беріп, оларға еңбек етуге жағдай жасады. Әрине, мұның бәрі өздігінен бола қоятын жәй шаруалар емес, ол үшін адамға парасатты ақыл, терең білім, үлкен талап керек. Осы жерде Абайдың: “талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз“ деген дана сөздері ойға оралады.
Адам тіршілік етіп, өмір сүруі үшін оған өзінің материалдық қажеттілігін қанағаттандыру керек. Ол үшін адамға еңбек ету, еңбегі өнімді болу үшін еңбек құралдарын жасау, еңбек құралдарын жасау үшін ғылымды меңгеру, ғылымды меңгеру үшін білім, білім алу үшін ақыл-парасат керек. Сонымен айналып келгенде адам деген ардақты атаққа ие болып, соған лайықты, абыройлы өмір сүру үшін, адамға ақыл-ой, парасат-пайым керек екен. Көбіне адамның ойлаған ойы, іс-әрекеті оның ниетіне, пиғылына байланысты. Егер де оның ниеті түзу болып, тек адамгершілік туралы ойласа, оның парасатты адам болғаны. Ал егер де нәпсінің қамын ойласа, нәпсінің қалауы – қарынның қамы. Қарынның қамын ойлаған адамның санасы, тек өзінің құлқыны үшін жұмыс істейді. Құлқынның мақсаты оңай пайда табу, ол үшін ниеті қара адамдар қандай қылмыс жа-саудан да тайынбайды. Сондықтан да парасатты, ибалы, қайырымды адам болу үшін адамның ниеті түзу, көңілі ақ, мінезі жарқын болуы керек.
Күнделікті жеке адамдардың тұрмыс-тіршілігінен бастап бүкіл қоғамның немесе дүниежүзілік маңызы бар проблемалардың бәрі сананың, ақылдың, ойдың арқасында іске асырылады. Олай болса, бүкіл адамзаттың болашақ тағдырының қалай қалыптасып, дамуы жәй адамдардан бастап, ел басқаратын саяси қайраткерлердің санасының парасаттылығына тығыз байланысты екен.
Қазіргі Қазақстан жағдайына келетін болсақ, біз саяси тәуелсіздігімізді жаңадан алған жас мемлекетпіз және бірнеше ғасырлар бойы отаршылдықта болып, ұлттық құндылығымыздың көбін жоғалтып алдық. Енді қазір ұлттық мемлекетімізді құру үшін бізге саналы түрде ақылға салып, аса парасаттылықпен дұрыс саясат жүргізе білуіміз керек. Себебі, біздің халықтың тең жартысына жуығы және саяси элитамыз түгелге жуық ассимиляцияға ұшырап, өзінің ұлтттық қасиетінен айрылып, мәңгүрттеніп кеткен.
Сол себепті олардың дүниетанымы, өмірге көзқарасы, ойлау қабілеті, өзінің ұлттық рухани мәдениетіне нигилистік тұрғыдан қарап, елімізде ұлттық мемлекет құруға өзінің теріс әсерін тигізіп отыр. Оның үстіне қоғамдық ақпарат құралдарының ұлттық мүддеге қайшы үгіт-насихат жүгізуінің салдарынан қоғамдық сана дұрыс қалыптаспай, қазақ ұлтының бірлігіне нұқсан келтіруде. Яғни, Қазақстанда өмір сүретін қазіргі ұрпақтың алдында болашақта ұлттық мемлекет, нарықтық экономика, демократиялық қоғам орнатып, халықтың рухани мәдениетін көтеріп, адамдарды имандылыққа тәрбиелейтін бірнеше аса маңызды міндеттер тұр. Мұның бәрін атқару үшін жеке адамдардан бастап бүкіл қоғам алдарына айқын мақсат қойып, соған қол жеткізу жолында күш біріктіріп, еңбек етуіне тура келеді. Ол үшін ең алдымен әрбір адамда өз Отанын сүйетін патриоттық сезім, қоғамға пайда келтіруді ойлайтын адал ниет, не істеу керектігін анықтайтын парасатты ақыл, қалай істеу керектігін білетін терең білім және сол мақсатқа жеткізетін үлкен жігер болуы керек.
Парасатты ақылдың арқасында алға қойған мақсатты түсіне білу бар да, оны күнделікті өмірде іске асыру бар. Көбіне біз кейбір мәселелерді дұрыс түсініп, ол жөнінде көп айтамыз, бірақ та соны іске асыруға келгенде оның әдіс-тәсілдерін білмей, құр сөзге айналдырып жібереміз. Егер де біз ақыл-парасатымызды өмірде дұрыс қолдана білсек, жеке адамдардан бастап бүкіл қоғамның тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін оның материалдық байлығын жасап, адамдардың өзара қатынасын жақсартып, бір-біріне сенімділігін арттырып, оларды қайырымдылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеген болар едік.
Адамдарға имандылық, пара-саттылық, ізгілік жөнінде құр уағыз айту жеткіліксіз. Негізгі мақсат осы айтылған жақсы сөздерді күнделікті өмірде іске асыру болмақ. Оның бірден-бір дұрыс жолы елімізде Салауатты өмір салтын құру, себебі салауаттылық пен парасаттылық – егіз.
Олай болса, біз ақыл-парасатымызды кейбір адамның санасы жетіп болмайтын Құдай бар ма, жоқ па, әлем қалай пайда болды, адам неден жаратылды деген абстракциялық сұрақтарға уақытымызды кетіріп, басымызды ауыртпай, әуелі қоғамымызды қалай дамытып, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартып, адамдарды қалай имандылыққа тәрбиелеу керек екенін ойлауымыз керек.
Жігерлілік –
іс-әрекетіміздің кепілі

Адам өмірде алдына қандай мақсат қойып не істеу керектігін сана арқылы ой елегінен өткізіп алады, оны ғылыми тілде идея дейді. Сол ойлаған идеясын адам сөз арқылы жарыққа шығарып, оны өмірде іске асыру үшін әрекет жасайды. Бірақ та адамның ойлаған ойы түрлі кедергілерге тап болып, бірден іске аспауы мүмкін. Мұндай жағдайда адамға алға қойған мақсатына жету үшін батылдық, байыптылық, табандылық керек. Адам бойындағы мұндай қасиетті жігерлік дейміз. Олай болса жігерлікті адамның күнделікті өмірде өзінің сезімін, болмысын, психологиялық жағдайын басқара білу қабілетінің көрінісі деуге болады. Жігерлік адамға имандылық, ар- намыс, парасаттылық сияқты өте қажет қасиет, өйткені адам құр идея-мен ештеме істей амайды, сондықтан да ойлаған ойын іске асыру үшін адамға жігер керек.
Өмірде жеке адам үшін де, ұлт үшін де ең қымбат – еркіндік, бостандық, тәуелсіздік болса, оларды тек рухани жігері күшті адам немесе ұлт қана қорғай алады. Адамға жігер беретін оның бойындағы намысы мен қажыр-қайраты, қазақша айтқанда “ерлік білекте емес, жүректе“.
Адамда ниет немесе мақсат қажеттіліктен туындайды. Әуелі адам алдына қойған мақсатын белгілеп алады, содан кейін ғана талдау жасап, шешім қабылдайды да, оны орындау әрекетіне көшеді.
Адамның алдына қойған мақсаты ұзақ мерзімді стратегиялық немесе қысқа мерзімді тез, қолма-қол шешім қабылдауды қажет ететін тактикалық іс-шаралар болуы мүмкін. Адамға өзінің ойға алған мақсатын іске асыру үшін оған ынталылық, дербестік, еркіндік сияқты қасиеттер қажет. Бойында осындай қасиеттері бар адамдар кездескен кедергілерді жеңу үшін кез-келген уақытта батылдық, табандылық, ұстамдылық көрсетіп, көздеген мақсатына жете алады. Адамның іс -әрекеті барлық уақытта да қандай да бір кедергілерге, қиыншылықтарға тап болып отыруы мүмкін. Ол сыртқы объективті немесе ішкі субъективті жағдайларға байланысты болмақ. Адам алдына бір мақсат қойса, соған жетудің әртүрлі жолдарын іздестіреді, осындай жағдайда оның санасында қандай амалды қолдану дұрыс болады деген сұрақ туындайды. Мұндай кезде дұрыс шешім қабылдау үшін адамның мінезіндегі жігері басты рөл атқарады. Егер де оның жігері күшті болса, ол кездесуі мүмкін қиыншылықтарға қарамастан ойлаған мақсатына саналы түрде бағытталған шешім қабылдайды. Ал, егер жігерсіз, қорқақ адам болса, ол оңай жол іздеп, ойланбай жеңіл-желпі шешім қабылдай салады. Сондықтан да ондай жігері әлсіз адамдар сыртқы кедергілер түгіл, өзінің санасындағы ішкі қайшылықтарды да жеңе алмай, сол сәтте өзінің көңіл-күйі қалаған сезімге беріліп, алдына қойған үлкен мақсаттарға жете алмайды. Ішкі кедергілер деп, адам бойындағы еріншектік, қорқақтық, ұялшақтық сияқты жағымсыз қылықтарды айтуға болады.
Жігерге күнделікті әдет пен үйреншікті дағды да әсер етеді. Адам бір істі тек қайталап істей берсе, ол әдетке айналып, адамға ол жөнінде ойланып немесе артық жігер жұмсауды қажет етпейді. Сол себепті адамға үйреншікті дағдыға айналған әрекеттер уақыт өте келе оның өмірге көзқарасына, әдет-ғұрпына, мінез- құлқына оңай әсер етіп, адамның еңбек жолын жеңілдетуі мүмкін. Әрине адамның ақыл-парасаты әр кез оның сезімінен, әуесқойлығынан жоғары тұруы керек, болмаса ол адамның еркін билеп алып, оны теріс жолға түсіруі ғажап емес. Табандылық адамның жігерін қалыптастырып, оның алға қойған мақсатына жетуге көмектеседі. Адам мінезінің қалыптасу процессінде оны батылдылық, төзімділік, ерлік сияқты қасиеттерге шыңдап өсірген дұрыс.
Адамның қорқақтығы, оның батылдығына қарама-қайшы қасиет, бір маңызды істі істеуге батылы жетпейтін қорқақ адамның алдына бір мақсат қойып, жолдағы кездесетін қиындықтарды жеңіп, көздеген мақсатына жетуі мүмкін емес. Сондықтан жігерлілікті адамның бойына дарыту үшін оны жастайынан соған тәрбиелеп, егер керек болса оны қорқақтық сезімінен арылту үшін әрдайым сынақтан өткізіп тұру керек.
Жігерлілік тек жеке адамдарға ғана емес, ол қоғамға, мемлекет құрушы ұлтқа қажет. Жеке адам өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігі үшін, отбасын асырау үшін еңбек етіп, әрекет жасаса, әлеуметтік таптың мақсаты әділ қоғам құрып, онда өмір сүретін адамдардың рухани және материалдық қажеттілігін қамтамасыз етіп, адамдардың бәріне тыныш, қауіпсіз өмір сүруге жағдай туғызу. Ал, ұлт болса, өзінің ұлттық мүддесі болып саналатын – тәуелсіздігінің нығаюы, жерінің тұтастығы, тілінің дамуы, дінінің сақталуы, салт-дәстүрінің өркендеуі үшін ұлтық мемлекет құрып, оны демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекетке айналдыру. Осы айтылғандарды іске асыру үшін жеке адамға да, әлеуметтік топқа да, ұлтқа да жігер-қайрат өте қажет, онсыз өмірде ешқандай жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Мысалы, жеке адамның толыққанды адам болып өсуі үшін оған денсаулық керек. Денсаулығы мықты болуы үшін гигиенаны сақтап, денесін шынықтыруы керек. Ол үшін адам спортпен шұғылдануы қажет. Біреулер спортпен шұғылдану спортшыларға кәсіби спортшы болу үшін ғана керек деп ойлайды, ол дұрыс емес. Спортпен шұғылдану адамға ең алдымен денсаулығын нығайту үшін керек. Спортпен айналысқан адам оқуы немесе жұмыс істеуі мүмкін, сондықтан да оған уақыт тауып, энергия жұмсап, өзін қызықтыратын басқа істерден бас тарта тұруға тура келеді, ол үшін адамға жігер керек.
Қазіргі ғылым мен техниканың заманында еңбектің көбі автомат-тандырылған, оны меңгеру үшін адамға мамандық керек, мамандық алу үшін оқу керек. Ол үшін адам өзіне талап қойып, ізденіп, кездескен қиыншылықтарға төзе білуі керек.
Адамға өсіп, ер жеткеннен кейін үйленіп, отбасын құру табиғи заңдылық. Содан кейін мамандық алып, табыс тауып, отбасын асырау қажет. Адам тек өз басын немесе отбасын ғана ойлап қоймайды, оған азамат ретінде өзі өмір сүретін қоғамы үшін, өзінің ұлты үшін, өзінің туған Отаны үшін қызмет етіп адамгершілік борышын өтеуі тиіс. Осы айтылғандарды іске асыру үшін адамға күшті рух, батыл жігер, табанды төзімділік керек.
Адам баласы табиғатынан топтасып, қоғамдасып өмір сүруге бейімделген, оны ғылыми тілде әлеуметтік топ дейді. Әлеуметтік топтардың әрқайсысы белгілі бір кәсіпке байланысты мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Осындай әлеуметтік топтардың бірігуімен қоғам құрылады. Әлеуметтік топтардың міндеті халықтың рухани және материалдық қажеттілігіне байланысты, олардың сұранысын қанағаттандырып отыру. Біреулер өнеркәсіпте, енді біреулер ауыл шаруашылығында, үшінші біреулер тұрмыстық тұтыну саласында еңбек етеді. Адамдардың толыққанды өмір сүруі үшін оларды тек материалдық байлықпен қамтамасыз ету жеткіліксіз, оларға сонымен қатар рухани құндылықтар да қажет. Осы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жеке адамдар жұмыс істейді, соның ішінде ақын-жазушылар кітап жазады, композиторлар саз-ән шығарады, ғалымдар ғылыммен айналысады, осылай халықтың рухани қажеттіліктерін қанағаттандырып оты-рады.
Қоғамның ішіндегі осындай түр-лі салада еңбек ететін әлеуметтік топтардың басын біріктіретін, оларға халық үшін жұмыс істеуге басшылық ететін қоғамдық-саяси жүйе керек. Оның бәрін атқаратын жеке адамдар, сол себепті қоғамдық жүйе дұрыс жұмыс істеуі үшін ондағы адамдардың иманы таза, саяси сауатты, өз мамандығын жақсы меңгерген адамдар болуы тиіс. Сонда ғана қоғамдағы еңбек ететін жай ғана азаматтар мен ел басқаратын тұлғалардың арасында түсінушілік орнап, қоғамдық сана қалыптасып, әлеуметтік әділеттілік салтанат құрып, қоғамымызда тыныштық орнамақ. Мұның бәрі жеке адамдардың, әлеуметтік топтың және бүкіл қоғамның күш-жігерімен орындалатын іс-шаралар.
Адамзат қоғамы рухани, эко-номикалық, саяси болып құрамдас үш салаға бөлінеді. Осы салалардың ішінде руханида жеке адамдардың, экономикада әлеуметтік топтардың, ал, саясида ұлттың атқаратын рөлі өте зор. Біз жоғарыда жеке адамдар мен әлеуметтік топтың қоғамда атқаруға тиісті міндеттерін атап өттік. Ал енді ұлттың қоғамда атқаратын рөліне келсек, ол өзінің ұлттық қасиетін сақтап, оны одан әрі дамыту үшін бірінші кезекте ұлттық мемлекет құруы керек. Қазіргі заманда ғылым мен техниканың ғарыштап дамуының арқасында мемлекет аралық рухани, экономикалық, саяси интеграция күннен-күнге жетіліп, өте жоғары дамыған өркениетті елдердің мәдени, әлеуметтік, саяси ықпалы экономикасы нашар дамыған елдерде барған сайын күшейіп, әлемдік жаһандану процессі жүріп жатыр. Бұл процесс дамыған елдер үшін тиімді болғанымен, жаңадан саяси тәуелсіздігін алып, бірақ та өзінің ұлттық мүддесін, соның ішінде – тілін, дінін, салт-дәстүрін толық айқындап, ұлттық идеологияны жасай алмай жатқан ұлттар үшін өте қауіпті. Сол себептен халықаралық интеграцияға толық енбестен бұрын жаңадан тәуелсіздігін алған елдер “экономикалық интеграция, саяси бейтараптылық, рухани тәуелсіздік“ принципін басшылыққа алып, ұлттық идеологиясын анықтап, тәуелсіз ұлттық мемлекетін құруға ұмтылу керек. Мұндай аса маңызды жұмысты атқару үшін ұлттың рухы күшті болуы тиіс. Сонда ғана ол ұлт өзінің ұлтының ерекшелігін сақтай алады. Ол үшін қатардағы жай азаматтан бастап, зиялы қауым және ұлттық саяси элитамыздың патриоттық сезімі жоғары болуы қажет. Әрине бәріміздің басымызды біріктіретін бір идея болуы керек, ол идея меніңше салауатты өмір салты болуы тиіс. Себебі барлық адамдар ұлтына, тіліне, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, бәрінің де салауатты өмір сүргісі келеді.

Жақсы мінез-құлық
адамның көркі

Адамдардың сыртқы кейпі бір-бірінен қалай өзгеше болса, олардың мінез құлқы да әртүрлі болып келеді. Әрбір жеке адамның өзіне тән оның туа біткен және өмірден үйренген мінез-құлқы бар. Олай болса біз мінез-құлық дегеніміз не, ол қалай пайда болады және адам өмірінде қандай рөл атқарады деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Адам өмірге келгенде оның дене бітімінің кейбір түрлері ата-анасына немесе басқа туыстарына қалай ұқсайтын болса, оның кейбір мінезінде де сондай ұқсастық болады. Оның әке-шеше, не атасының, болмаса нағашысының біреуі қызуқанды, шапшаң қимылдайтын, мінезі жеңілтек немесе салқынқанды, баяу қимылдайтын, мінезі ауыр адам болса, олардың баласының кейбір мінезі де соларға ұқсауы мүмкін. Болмаса адамның тегінде өнерлі, ақын немесе шешен адам болса олардың ұрпағында да сондай қасиет болу ғажап емес.
Мұндайда қазақ баланы әкесіне не шешесіне, болмаса басқа туысқанына тартқан екен деп жатады. Яғни адамның мінез-құлқы немесе басқа қасиеттері де қан қуалайды екен. Бірақ та біз барлық уақытта да солай болуға тиіс деп айта алмаймыз. Біздің бұл айтып отырғанымыз физиологиялық қасиеттер болса, сонымен қатар адамды әлеуметтік орта да тәрбиелейді. Қоғам, әлеуметтік орта, өмір салты адамның кейбір қасиеттерін, соның ішінде мінез-құлқын дамытса, кейбір қасиеттеріне шектеу қойып отырады. Сондықтан да біз адамға жастайынан дұрыс тәрбие беруіміз керек деуіміздің себебі сол, болмаса адам әлеуметтік ортада дұрыс тәрбие алмаса, оның дүниетанымы, өмірге көзқарасы, мінез-құлқы дұрыс қалыптаспай өскеннен кейін қоғамға жат элемент болып, адамдарға кеселі тиюі мүмкін.
Мінез дегеніміз жеке адамдардың тұрақты, өзіне тән психологиялық сапасының көрінісі. Ал, психология болса-сезім, көңіл, жігер сияқты адамдардың ерекше қасиеттерінің бірі және мұның бәрі адамның санасымен тығыз байланысты. Сана болса адамның бойындағы психологиялық процеске басшылық етеді. Сананың танымдық құрылымына-түйсік, қа-
былдау, ес, ойлау, қиял сияқты қасиеттер кіреді.
Адам мінезі әр түрлі болып келеді және ол адамның іс-әрекетінде айқын көрініс табады. Кейбір адамдар іске ойланбастан кірісіп, шапшаң бітіріп тастағысы келеді. Мұндай қасиет мінезі жеңіл, қызуқанды адамдарға тән. Басқа біреулер іске кіріспестен бұрын асықпай ойланып, оны тиянақты бітіргісі келеді, бұл мінезі ауыр, салқынқанды адамдарға тән.
Мінез адамдардың ерік-жігеріне де байланысты. Егер де жігері күшті болса, ондай адамдарды ,,қатал мінезді” адам дейді. Мұндай адамдар қажырлы, іске алғыр, ойлаған мақсатына жетуде қандай қиыншылық болса да қарсы төтеп бере алатын, табанды адам болып келеді. Ал, егер де жігері әлсіз адам болса, оны ,,мінезсіз” қиыншылыққа қарсы тұра алмайтын қорқақ, алдына батыл мақсат қоя алмайтын, өзінің дербес бағыт-бағдары жоқ, басқалардың ықпалынан шыға алмайтын адам деп санайды.
Адамның мінезіне әсер ететін оның сезімі. Сол сезім арқылы адам айналасындағы құбылыстарға өзінің бағасын беріп отырады. Ол адамға жақсы-жаман, ұнамды-ұнамсыз, қажетті-қажетсіз сияқты түрлі деңгейде әсер етеді. Егер де адамның айналасындағы болмыс пен құбылыстар оның сезіміне оң әсер етсе, оның көңілі көтеріңкі, егер де керісінше болса оның көңілі жабырқау болуы мүмкін. Себебі көңіл ылғи да сыртқы немесе ішкі әсерлерден туындайды. Ал, өз кезегінде көңіл-күй адамның мінез құлқына әсер етеді. Егер де адам көңілді болса, ол ашық-жарқын мінез көрсетіп, шат-шадыман күйде болады, көңілі жабырқау болса ызалы, болмашы нәрсеге ашуланғыш болып келеді.
Мінез туралы әңгіме қозғағанда адамның темпераменті туралы айтпау мүмкін емес. Себебі адамдар ақыл-парасатқа ие болғаннан бері өзінің кім екенін білу үшін өзін-өзі зерттеумен келеді. Сондағы олардың алғаш көңіл аударғандары өздерінің мінез-құлқы туралы.
Темпераменттің өзі негізінен адамның эмоциясына байланысты. Біреулердің эмоциялық сезімі тез немесе күшті болуы, ал екіншілерінікі баяу немесе әлсіз болуы мүмкін. Осыдан келіп адамдардың мінезінде түрліше көріністер пайда болады. Мысалы – эмоциялық сезімі тез пайда болатындарды-холерик, әлсіздеу болса-сангвеник, ал баяу сезімділерді-меланхолик, тым әлсіздерін-флегматик деп атайды. Мұндайда қазақ, мінездері жеңілдеу адамдарды, ыстық қанды, ал мінездері ауырлау адамдарды салқын қанды деп екі түрге бөледі. Бірақ та бұл сырт көзге бір көргеннен солай болып көрінуі мүмкін, әйтпесе адамның мінезі күнделікті өмірде әр кез,түрліше кездесетін жағдайларға байланысты әр түрлі болып келеді. Яғни біркелкі темпераментке ие адамдарда әр қилы мінез болуы мүмкін.
Адам мінезі барлық уақытта бір қалыпты болып тұрмайды, ол адамның жасына да байланысты. Жас ұлғайып, ақыл-ойы толысып, өмір тәжірибесі көбейген сайын адамның мінезі де өзгере бастайды. Егер адам жасында қиялға берілгіш, арманшыл, белсенді болып келсе, өсе келе өмірге шынайы көзібен қарайтын парасатты, жалған мен ақиқатты айыра алатын, әлеуметтік кемелденген тұлға болып қалыптасады.
Біз өмірде мінезі жақсы адам немесе мінезі жаман адам деген сөзді жиі қолданамыз. Адамның мінез бітімінің көбі біреуде ұнамды, жарасымды, екіншісінде ұнамсыз, сорақы болып көрінуі мүмкін. Мысалы, адам бойындағы-әдепті, кішіпейіл, ибалы мінезді ,,жақсы мінез”, ал, әдепсіз, дөрекі, мылжың мінезді ,,жаман мінез”дейміз.
Адам бойындағы мінез-құлықтың жақсы не жаман болуы ол адамның күнделікті өмір салтына, яғни оның істейтін ісіне, әлеуметтік ортасына, әдет-ғұрпына байланысты қалыптаспақ. Ол туралы осыдан мың жыл бұрын Әл-Фараби: ,,Адамның белгілі бір мінез-құлыққа ие болуына немесе жақын жуысудың арқасында бір мінез-құлықтан басқа бір мінез құлыққа ауысуына себепші болатын нәрсе – әдет болады, ал әдет деп, белгілі бір әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қайталануын айтамыз. Жақсы мінез-құлықтың өзі де әдет арқылы келетін болғандықтан, біз әдеттене келе біздің жақсы мінез-құлқымызды тудыратын және сондай-ақ оңбаған мінез-құлқымызды тудыратын нәрселерді де әңгіме етуіміз керек”деген болатын.
Адамның ойлаған ойы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеті оның мінез-құлқынан көрініс береді. Сол арқылы біз адамның рухани-имандылығы, ақыл-парасаты, күш-жігері қандай дәрежеде екенін біліп, оның адамгершілік болмысын пайымдай аламыз.
Адам қоғамда қауымдасып, бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы өмір сүре алады. Сол себепті адамдармен қатынаста, от басында, ұжымда тіл табысып, тату-тәтті өмір сүрулері үшін, оларға бір-бірін түсінісіп ұғыса білулері керек. Мұндайда адам өмірінде мінез-құлықтың атқаратын рөлі өте зор.
Қоғамда ,,жақсы мінез,“ ,,жаман мінез” деген ұғым бар. Жақсы мінезді деп ақ көңіл, өтірік айтпайтын, жалған сөйлемейтін, жамандық ойламайтын, күншілдікті білмейтін адамдарды айтамыз. Ондай адамдарды халық құрметтеген және олар дүние- байлыққа қызықпай, әр кез рухани байлықты материалдық байлықтан жоғары қоя білген. Сол себепті адамдар әр уақытта оларға сенім артып, арларының таза, ниеттерінің ақ екеніне күмән келтірмеген.
Бұрын мұндай адамдар көбіне діни білім алған, Алла Тағалаға шын пейілдерімен сеніп, имандылықты бәрінен жоғары қойған, адамгершілік қасиетті ең үлкен құндылық деп санап, адамдарды рухани имандылыққа шақырған. Олар әр кез, қоғам ішінде тәртіп және түсінушіліктің болуын қалап, адамдарды бейбітшілікте, бақытты өмір сүруге үгіттеген тақуа адамдар болған.
Енді жаман мінезді адамдарға келетін болсақ, олар басқаларды көре алмайтын қызғаншақ, қулық-сұмдыққа жаны құмар мақтаншақ, баққұмар адамдар. Мұндай адамдар қазір де арамызда жетерлік. Сол себепті қылмыс жасау, біреуді алдап-арбау, күншілдік пен арамзалық барлық уақытта да болып тұрады және оны көбіне санасы төмен, ниеті қара, мінезі нашар адамдар істейді. Әрине мұндай жаман қылықтар адам бойына туа біткен әдет емес, оны өмірден жүре-көре бойына сіңіріп өскендіктен сондай болады.
Біз әлемнің басты кейіпкері адам дейміз, сол адам жастайынан дұрыс тәрбие алып, оның ақыл-ойы, мінез-құлқы ойдағыдай дамып жетілсе, ол жаман әдеттерге бармай, адамгершілік қасиетіне кір келтірмей, ар-намысын сақтап, парасатты адам болуға тырысар еді.
Өкінішке қарай кейбір ата-аналар балаларын жақсы көрудің жолы осы екен деп, оларды шектен тыс еркелетіп, ештеңеден қолын қақпай, не талап етсе де айтқанын екі етпей орындап, ең болмаса қолынан келетін жұмысты да істетпей, жөнсіз қорғаштап өсіреді.Соның салдарынан ондайлар барға қанағат етпей, жоққа шыдамай, қиыншылыққа төзбей, қайтсе де көңілі қалағанына қол жеткізу үшін қандай жолмен болса да оны орындауға ұмтылып, тіпті қылмыс жасаудан да тайынбайды.
Ондай адамдарға дер кезінде шара қолданып, дұрыс жолға салмаса, айналасындағы адамдарға, қоғамға ауыр залал әкеледі. Сондықтан да Мұхаммед (ғ.с.ғ.) Пайғамбарымыз хадисінде:»Перзенттеріңізді құрметтеумен бірге, мінез-құлқын жақсы тәрбиелеуге күш салыңдар” деген болатын. Егер де біз Пайғамбарымыздың осы қағидаларын әр кез еске алып, ұрпағымызды жастайынан дұрыс тәрбиелеуге күш салсақ, қоғамымызда қазіргідей қылмыс көбейіп, адамдар азғындық жолға түспеген болар еді. Сондықтан да жастарға тәрбие бергенде ең бірінші олардың мінез-құлқының көркем болып қалыптасуына көңіл бөлуіміз қажет.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *