Терроризмге қарсы күрес – мемлекеттің діни  саясатының  құрамдас бір бөлшегі Терроризмге қарсы күрес – мемлекеттің діни  саясатының  құрамдас бір бөлшегі
Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері»   Ең бастысы – кім де болсын террорлық іс-әрекеттер алып келетін зардапты түйсінуі қажет. Түйсініп қана қоймай, қандай... Терроризмге қарсы күрес – мемлекеттің діни  саясатының  құрамдас бір бөлшегі

Құдияр БІЛӘЛ,

жазушы,
ҚР «Мәдениет қайраткері»

 

Ең бастысы – кім де болсын террорлық іс-әрекеттер алып келетін зардапты түйсінуі қажет. Түйсініп қана қоймай, қандай да бір қауіп сезілген кезде, соны әшкерелеуге қол жеткізуі тиіс. Бұл біздің дәстүрлі дініміздің талабы. Мән берсек, дәстүрлі дін қалыптастырған сана — террорлық көзқарастардан ада болады. Мақаланы жазу барысында біз де оқырмандарымызға соны жеткізуге тырыстық.
Рас, іштегі қазынаға да қол жеткізгендер бар. Оларды біз «Әулие» деп атаймыз. Ол «қазынаға» қол жеткізгендер біз іздеп жүрген қазынаға көз қырын да салмайды. Себебі оларға нәсіп болған қазына… Еш адам оған бірден қол жеткізе алмайды. Оған көтерілер баспалдақтар бар. Әр баспалдақта әлгі «қазына» әсері сезіліп отырады. Алғашқы баспалдаққа аяқ басқан кезде-ақ өзін-өзі ұстай алмай талып түсетіндер де бар. Жоғарғы мақам (баспалдақ) ғұламасымен рухани әлемде түйісіп қалып, жоғарыдағы «қазынаның» сол мақамдағы әсеріне шыдас бермей, қайтыс болып кеткендер де бар. «Қазынаның» өзіне қол жеткіздім деп ойлаған Мансұр Халлаждың «Әннал Хақ» (Мен Алламын) деп айқайлап жібергенін де діндар қауым жақсы біледі. Алайда, Мансұр Халлаж басқан баспалдақ та соңғы шек емес. Жалпы рухани қазынаны іздеушілер жайын осы өмірдегі қазына іздеушілермен салыстыра бағамдауға болады. Мән берсек, әуелі қазына іздеушілер легі көп болады да, олар жолшыбай кездескен қиындықтарға қарай біртіндеп азая түседі. Кейбіреулер тиын-тебенге, тағы бірі бір түйір алтынға ризалық танытып жатады. Ал қазынаға жақын қалғанда адамдар көңіл ауаны бұзыла бастайды. Бұл – екі қазынаны іздеушілерге де тән мінез.
Иә, бәріміз жолдамыз. «Қазына» – әудем жерде тұр. Білген жөн. Ол – біздікі емес. Егесі бар. Біз Қазынаны, Аманатты, Өзімізді сол Егесіне тапсырамыз. Иә, қазына – ол бізбіз. Хадисте «Өзіңді танысаң – Алланы танисың» делінетіндігі сондықтан. Біз соны іздеуге, соны табуға міндеттелгенбіз. «Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан» дегенде біз сол «қазынаны» қаперге аламыз.
Ал біз өзімізді тани алдық па? Тану үшін… Иә. Әлгі «көмулі қазыналар» туралы хиссаларға мән беру керек. Ол көмулі қазына барлық уақытта болған. Әлі де бар. Тек ізде. Білген жөн. Ол қазынаның басы Алланың 99 есім, 8 субути сипатында тұрады. Біз Алланың 99 көркем есімін білеміз. Әр есім өзіндік бір мәнге ие. Бүкіл тіршілік сол есімдерге байланып тұрады. Алла есімінсіз ешнәрсе де, ешқандай іс-әрекет те болмайды. Жалпы Алла бақылауынан тыс бір тозаң болады десек, діннен шығамыз. Соның бәрін тұтастырып тұрған Алла есімдерінің мәні. Алайда біз сол есімдер мәніне терең бойлай бермейміз. Себебі… Иә. Алла есімдерінің денін өзіміз иеленіп алғанбыз. Содан кейін-ақ адам иелік еткен Алла есімінің мәні біртіндеп біздің жадымыздан өше бастады. Ал ол «өшу» табиғат пен өзге де табиғи құбылыстардың Алланың есім сипаттарының нәтижесі деген түсінікті жоққа шығаруға алып келді. Мұның соңы адамға қойылатын Алла есіміне теліне айтылатын «әбді» мен «құл» деген анықтамалардың түсіп қалуына ұласты. Сол-ақ екен Алла есімін иеленген адам, сол есім сипаты арқылы ардақтала бастады. Оның соңы – адамды Құдайлық деңгейге дейін көтерді. Сондықтан Самат, Сәттар, Халық, Қаxар, Раxман, Кәрім сияқты Алла есімдерін жалаң иеленбей, Аллаға деген өз құрметімізді білдіріп, дұрысы — өзіміздің Алланың құлы екенімізді білдіріп, әлгі есімдерге «әбді» мен «құлды» қайта тіркеп қойғанымыз жөн. Болмаса «әбді» мен «құлдың» бір ұғым екендігін білмейтіндер де бой көрсете бастады. Оның соңы… Иә. Адамды Алла атымен атауға ұласты. Сол-ақ екен, Алла атын ұлықтауға мән бермейтін болдық.
Хазреті Жәлаледдин Руми бірде шәкірттеріне мынандай тәмсіл айтып береді. «Бәлx қаласында азан шақырылғанын естісе болды дереу бүкіл жұмысын жиып қойып, азанды отыра қалып құрметпен тыңдайтын бір адамды білуші едім. Бір күні әлгі кісі қайтыс болды. Табытын көтеріп бара жатқанда шақырылған азан даусы естілді. Сол-ақ екен табыт бірден ауыр тартып кетті де, адамдар тоқтай қалды. Тіпті олардың табытты орнынан қозғауға да шамалары келмеді. Олар мұның себебін білмей,табыттың ауыр тарту себебін бір-бірінен сұраумен болды. Азан біткенше ешкім табытты қозғай алмады. Азан аяқталған соң барып табытты одан әрі көтеріп, мазарға апарды. Мәйіт жерленді. Екі періште келіп, мәйтке сауал қоя бастады. Сол кезде оларға Алладан «Ей, періштелерім, бұл құлым менің есімімді қадірлеп, құрметтеді. Сендер де оны қадірлеп, құрметтеңдер!» деген әмір болды. Періштелер әмірге мойынсұнып, кетіп қалды»
Иә, намаз уақыты кіріп, азан шақырылғанда Алла есімі ұлықталады. Ал намаз – Аллаға деген құлшылық. Демек құлшылық Алла есімін ұлықтаудан басталады. Сондықтан қай адамның да өзінің құл екендігін Алланың өзге есімдері айтылған кезде де біле жүргені жөн. Егер әр адам өзінің құл екенін мойындамаса. Онда жат ойлар ояна бастайды. Соған орай, Ресей маманы Г. Мирский: «Экстремизм және терроризм өте тығыз және өте жақын құбылыстар, бірақ олардың арасында автоматты байланыс жоқ: егер әрбір террорист – экстремист екені белгілі болса, онда әрбір экстремист – террорист екені қате пікір» дейді. Осы ойға орай айтарымыз, ашуы мұрнының ұшында тұратын адамдар бар. Ондай адамдарда ашу мен мінез тұтасып кетеді. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Болмаса ашу – адам қалыпты жағдайдан айныған кезде пайда болады. Демек, әлгі адам… Дұрыс. Өзіне билік ете алмайды. Себебі ашу біздікі емес. Ол бізге келеді. Соны білгендіктен де біздің «Ашуымды келтірме» деп қоятынымыз бар. Жалпы ашу – біздің табиғи болмысымыз сияқты көрінгенімен, шынтуайтына келгенде, оны төтеннен келетін күш деп қабылдағанымыз жөн. Ал оның иесі… Дұрыс. Шайтан. Іштегі шайтан. Ол шайтанның аты… Иә, xаннәс.
Ішімізде шайтанның барын білу үшін медресе түгесудің қажеті жоқ. Ол – белгілі жәйт. Бірақ соны біле тұра шайтанға жеңісті беріп қоя береміз дә. Сөйтеміз де әлгі пәлекет келген кезде талай нәрсені бүлдіріп тастаймыз. Сыртқы бүлдіргеніміз, ол өзгеге тиесілі болса, келген ашудың өзімізге тигізетін әсері… Иә, ол бізге міндетті түрде әсер етеді. Себебі… Дұрыс. Біздікі емес. Сол біздікі емес нәрсе, ол өзі біздің ішкі дүниемізде болғаннан кейін, әрине сол жердегінің бәрінің ойран-ботқасын шығарады.
Бірінші, адамның өңін өзгертеді. Адамның жүзіндегі әр, көркем мінезден жұрнақ та қалмайды. Екіншіден, адам еркі шайтан қолына өтеді.Ендігі жерде адамды сол билеп-төстейді. Ал шайтаннан қайырлы іс күту… Дұрыс. Әсте мүмкін емес. Демек біз ашу үстінде қол жеткізгендерімізді жеңіс деп бағалауымыз әбестік екен. Әлгі «жеңіс» егесі Ібіліс болса, ол бізге қалайша қайырлы болмақ?! Біз әуелі ашудың бізге әсер етіп жатқан сыртқы күш екендігін білмей, сол күшті сол күштің келуіне себепкер болып жатқан жәйтқа қарсы пайдалансақ, онда ешқашан жеңіске жете алмаймыз. Сондықтан бізге әуелі сол келген ашудың өзімен күресуге тура келеді. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Нағыз күшті – бәрін жеңген адам емес, ашуланған кезде нәпсісіне ие болған адам, нағыз палуан» деген.
Сонымен ашуды сыртқы күш дедік. Енді ол күштің өзімізге тигізер әсеріне келсек, жоғарыдағы айтқандарымызға қосымша, ол бірден жүрек пен бүйрекке залал келтіреді. Қан айналымы жүйесінің астан-кестеңін шығарады. Қан тамырларын тарылтып, қанның еркін айналуына мүмкіндік бермейді. Ал мұндай сәтте жан тапсыру, не комаға түсу… Иә. Шайтан иелік еткен жерде иман тұра қалады деп ойлау, шынтуайтына келгенде, ашу мәнін түсінбегеннен келіп туындайды. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ашулану шайтанның уәсуәсасымен пайда болады. Шайтан оттан жаралған, ал от сумен сөндіріледі. Ашуланған кезде дәрет алыңдар» деген. Сондай-ақ «Ашуланған адам отырсын, егер ашуы онда да қайтпаса жатсын» деген.
Рас, ашулану – барлық адамға тән. Себебі… Иә. Іштегі шайтаннан аластатылған емеспіз. Алайда жақсы адам өз ашуынан «шәйі орамал кепкенше» арылады. Ал жаман адамның ашуы тез келіп, кеш кетеді. Оның ішінде ашуы мұрнының ұшында тұратындар ұдайы тызылдайды да жүреді.
Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп насиxат сұрағанда Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) оған «Ашуланба» дейді. Әлгі адам Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдына үш рет барып насиxат сұрағанда да Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Ашуланба» деген жауап алады.
Иса пайғамбар өзін балағат-тағандарға да жылы жауап қайтарады екен. Одан әлгі адамдарға жылы шырай танытуының себебін сұрағанда «Әр адам өзінің бойындағы барын береді» дейді екен.
Иә, қазіргі кезде ашуланбай жүрген адамды кездестіру қиын. Себебі… Себеп көп. Соған орай Антижүйелік экстремизм – ең көп тараған түрі. Діни ұйымдардың саяси күшке ие деңгейін мойындамайтын оппозиция мен билік арасындағы қақтығыс (Алжирде).
Этникалық экстремизм – түрлі этностардың қоғамда басты доминант болуына бағытталған әрекет ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, бұл этностар мен аз ұлттар нақты преференциялар мен жеңілдіктер ұсыну әрекеті болып табылады. Бұл тойтарыс ұлт-азаттық, соның нысанына ие бола алады немесе СУАР, Индонезия, Шешенстан және тағы басқа мемлекеттерде орын алған қақтығыстарда сияқты созылмалы тапшылық кезінде пайда болған ұйымдасқан саяси топтарға айналатын трансформацияға ұшыраған әрекеттер. Азаттық жолындағы халықтың әрекеті оған діни-дәстүрлі сипат беруі күшейе түсетін факт заңды болып қала береді. Дәлел ретінде, Кавказда болған Шәміл көтерілісі, Алжирдағы – Әбдел Қадыр басқарған француз отаршыларына қарсылық көрсету кезеңі, Индонезиядағы – Дипонегоро басқарған көтеріліс барысында және Суматр аралында Голландия отаршыларына қарсы сәләфизм туы астында болған көтеріліс ошақтары, Израильдың сионистік саясатына қарсы тұрған Палестина халқының шерулері, Солтүстік Үндістандағы – Сеийд Ахмед Барлевидің басқаруымен өткен уахабшылар көтерілісі. Кейін бұл көтерілістер Ситан, Пенджап, Кашмирде, Ливия, Солтүстік Ирландиядағы радикалды әрекет-тердің жандануы орын алды.
Cекталық экстремизм – өзінің бақылауға түспейтін және айқын еместігі себептерінен діни экстремизмнің бірден-бір қауіпті нысаны болып табылады. Олардың да әрекет ету әдіс-тәсілдері ерекше сипатқа ие.
Діни экстремизм (антикон-фессионалдық) – Орта Азия аймағында кең тараған экстремизм түрі болғандықтан зерттеушілер, дінтанушылар тарапынан қы-зығушылықты тудырып отыр. Діни экстремизм қоғамда діни құндылықтарды күштеп тарату тәсілі арқылы, зайырлы мемлекеттің діни ұйымдарын шетке ығыстыра отырып, өз ықпалын жүзеге асырады.
Саяси экстремизм – саяси бірлестіктер арасында халықара-лық немесе ішкі мемлекет топтарының қақтығыстарында көрініс табады. Бұл қақтығыстар жоғарғы мемлекеттік деңгейдегі, сол мемлекеттік органдарда геосаяси және геоэкономикалық көзқарастарды ұстану мен тарату барысында пайда болады. Сонымен қатар, белгілі бір саяси мақсаттарға жету үшін ланкестік қорқыту немесе бопсалау арқылы нақты топтардың көзқарастарын жылжытуға немесе көрші мем-лекеттегі тұрақсыздықты қолдау арқылы болатын мемлекетаралық қарама-қайшылықтарды айтамыз. Терроризм қалыптасқан тұрақты күштерін бұзуға бағытталған немесе тапшылықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететін әрекет ретінде қарастыра алады. Одан міндетті түрде нақты саяси және экономикалық жақтан пайдалану мүмкіндігі туады. Түптеп келгенде осының бәрі адам тәрбиесіне қызмет етеді. Соған орай адамның ішкі мәдениеті қалыптасады. Мәселен біз өзімізге қызметі өткен адамға раxмет айтамыз. Біреу сізге көмек қолын созды. Сіз… Дұрыс. Раxмет айтасыз. Раxмет сөзі айтылар кезде адам түсі еріксіз жылиды. Қазіргі кезде заман да, қоғам да, адам да қаталданып кетті деген сөз жиі айтылады. Демек игі түсті қаталдық алмастырған кезде адамнан мейір-шапағат та бірге кетеді. Соған орай адам баласы бір-бірінен раxметке лайық іс күтпейді. Сондықтан оғаш іске кешірім сұралмайды. Кешірім сұралмаған соң, әрине, раxмет те айтылмайды. Мәселен, көшеде кездейсоқ біреумен қақтығысып қалдық. Қазіргі кезде кішірейгеннен гөрі өктемдік алға шықты. «Көзіңе қара» деген «жәбірленуші» ғайбат сөздің одан әрі бірінен кейін бірін қардай боратып жатады. Әрине, одан екінші жақ та қалыспайды. Болмаса, кешірім сұрау мен раxмет айту арқылы бітісіп кететін-ақ жер.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алланың сүйіспеншілігіне, разылығына қол жеткізгілерің келсе, алдымен оның құлдарының сүйіспеншілігіне, разылығына қол жеткізіңдер» деген. Себебі, тағы бір xадисте айтылғанындай «Адамдарға раxмет айтпаған, Аллаға шүкір етпеген болады». Мән берсек, біз айтқан бір ауыз раxметтің соңы Аллаға деген шүкіршілікке, ал ол Алланың разылығы мен сүйіспеншілігіне ұласып кетеді екен. Сол сияқты бізге келетін ризық-несібеге себепші болған адамға да раxмет айтпасақ, сол нығметке жасаған шүкіршілігімізді де Алла қабыл етпейді. Сондықтан біз бұл раxметті бізге жұмыс беріп, бала-шағамызды асырауға себепкер болып отырған адамға айтуға тиіспіз. Ал оған керісінше, әлгі адамға тіл тигізіп, сырттай болса да балағаттап жүрсек, ол ризығымыздың азаюына алып барады. Біз раxмет айтуға тиіс ең басты адам, ол – біздің ата-аналарымыз. Өкінішке қарай, ата-анаға раxмет айту біздің табиғатымызға келе бермейтін сияқты әсер қалдырады. Өйткені біз оларға деген құрметіміз раxмет айтудан биік тұрады деп ойлаймыз. Сонда ол раxмет айтуды қажет етпейтін қандай құрмет?! Рас, ата-ана мейір-шапағаты перзентінен қайыр күтпей-ақ жасала береді. Бірақ ол қайыр ата-ананың перзентіне жасалар дұғасын алмастыра алмайды. Сондықтан перзенті тарапынан ата-ана дұғасын алатындай бір қайырлы іс керек. Ол — біз айтып отырған раxмет. Бізді дүниеге әкелгеніне, өсіргеніне, тәрбиелегеніне, біздің білместіктен жасаған ағаттықтарымызды кешіргеніне тағы да біз үшін атқарған, біз жәй ата-аналық міндеттері ғой деп ойлайтын, тіпті ойламайтын да қисапсыз атқарып жатқан жұмыстарына раxмет айтып, солардың өмірде бар екендігіне шүкіршілік ететінімізді өздеріне білдіріп қойсақ қалай болар екен,ә?! Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ата-анасының дұғасын алмаған Алланың разылығына қауыша алмайды» деген.
Тағы бір біз раxмет айтуға тиісті адам, ол — ұстаздарымыз. Мән берсек, бізге ұстаздық еткен адамдар өте көп. Біз оларға раxмет айтпақ түгілі, көпшілігін ұстаз деп те қабылдай бермейміз. Хазреті Әли «Маған бір сөз үйреткен адамның 40 жыл құлы боламын» деген екен. Ал біз… Иә, құл бола алмасымыз өзімізге белгілі. Сондықтан ең болмаса раxмет айтайық. Ол үшін діндар болу шарт емес. Соған орай намаз оқиық, оқымайық, бірақ Аллаға қол жайып дұға жасаудан жаңылған емеспіз. Тіпті жатсақ та, тұрсақ та ойға алған ісіміздің дөңгеленіп кетуін Алладан сұрамаған кезіміз жоқ та шығар. Жалпы адам баласы жасар дұғаның бәрі бірыңғай болып келеді. Ол негізінен осы өмір қам-қаракетіне орай жасалады. Демек біздің әрқайсымызда да бір жетімсіздік, Аллаға қол жаятындай бір зәрулік бар. Және ол зәрулік ұдайы алдымыздан шығады да тұрады. Бір тірліктің енді орайы келе бергенде, екіншісінің басы қылтияды. «Басы ауырмағанның Алламен ісі жоқ» демекші, әлде сол «зәрулік» Алланың бізге жіберген раxымы ма екен?! Онда біз неге сол раxымнан құтылу мақсатында дұға жасап, Аллаға қол жаямыз? Демек… Иә. Біз басымызға келген қиындықты ешқашан Алланың раxымы деп қабылдаған емеспіз. Егер қабылдасақ… Онда Алланың мейір-шапағатына шомып жүргенімізді білер едік. Аллаға деген зәрулік мәнін кезінде саxабалар білген. Сондықтан олар әлгіндей зәруліктен арылып, біз күткен сияқты жақсылықтарға қауыша бастағанда «Ой, Алла, мұны қай қылығымнан таптым» деп өкініш білдіретін болған. Ал біз саxабалар қашқан сол «жақсылықты» Аллаға қол жайып күнде сұраумен келеміз.
Бірде Мұса пайғамбар Алламен тілдесуге Тур тауына бет алғанда аурудан өлім қаліне жеткен бір адам Мұсаға «Аллаға айтшы, маған қарайлассын» дейді. Мұса оның жайын Аллаға айтқанда Алла «Ол одан артық менен тағы қандай қайыр күтуде» дейді.
Демек біз осы дүниемізді, ал Алла аxиретімізді ойлайды. Ал біз осы өлшеулі өмір қызықшылығын мәңгілігімізге ауыстырып жіберуге пейіл тұрамыз. Әйтеуір Алла оған ерік бермейді. Себебі… Дұрыс. Мұсылманбыз. Рас, Алла әркімге өзі көтере алатындай ғана жүк артады. Бірақ біз соның өзін ауырсынып, оны ұдайы осы өмірде көретін жақсылықтарға ауыстыруын қалаймыз да тұрамыз. Мынандай бір тәмсіл бар. Алла Тағала бірде Ибраxим пайғамбарға бір тау басындағы белгісіз қабірді ашып көруін әмір етеді. Ибраxим пайғамбар әлгі қабірді тауып алып, қазып көрсе, онда алып бір адам жерленген екен. Оның бас жағына қойылған тақтайшаға мынандай жазу жазылыпты: Мен Ад қауымының (Құранда айтылатын жойылып кеткен қауым) патшасымын. Мың жыл өмір сүрдім. Соғыста ұдайы жеңіске жеттім. Мың рет үйлендім, мың балам болды. Мал-мүлкімнің саны санап түгелдейтін мөлшерден де асып кетті. Бірақ бір күні жазылмайтын кеселге душар болдым. Қаралмаған емшім қалмады. Тіпті ауруымнан жазған адамға бар дүниемді бермек те болдым. Бірақ емшілер менің ауруымның шипасын таба алмады. Сондықтан өлетініме көзім жеткен соң артыма осы сөздерді өсиет қылып қалдырып отырмын. Менің соңғы сөзім мынау: Бұл дүние мені алдағандай сендерді де алдамасын. Мен күшіме, мал-мүлкіме сендім. Мен барлық нәрсеге қол жеткізе аламын деп ойладым. Бірақ өте әлсіз екеніме көзім жетті. Ауруыма шипа таппадым. Дүниеге мен алдандым, бірақ сендер алданбаңдар». Иә, дүниеге алданбайық. Ол үшін қай кезде де «Аллаға шүкір» деген бір ауыз сөзді айта алсақ жетіп жатыр. Себебі, сіз бен бізге көп нәрсе берілген. Тіпті ол берілгендер өзге дәуір патшаларына да нәсіп болмаған. Бірақ біз ондай екінің бірі қол жеткізіп жатқан нәрселерді «берілгендер» санатына қоса бермейміз. Ол «берілгендерге» 12 мүше саулығы да кіре бермейді. Алайда Алла бізге өз «бергендерін» бағалау қажеттігін де ауық-ауық ескертіп қояды. Содан барып ауырғанда денсаулықтың, басымызға іс түскеде достың, қолдан кеткенде дүниенің қадірін біліп жатамыз. Сол «берілгенді» жоғалтпай тұрып бағалау қажеттілігі дінімізде ұдайы қаперге алынып тұрады. Ол – садақа, зекет, адаммен діни мәміледе қарым-қатынас жасау арқылы шешімін тауып жатады.
Сонымен біз ілгері дәуір пат-шаларының түсіне де кірмеген нәрселерге иелік етіп отырмыз дедік. Кейде өзіміздің де «Осы адамдар телефонсыз, компьютерсіз қалай өмір сүрген ей» деп қоятынымыз бар. Ал қаптаған қоғамдық көліктерді өзімізге «берілгендер» санатына қоса қоймаймыз. Тіпті жалпы адамзатқа ортақ, баршаға қолжетімді құндылықтарды да біз өзімізге «берілгендер» қатарына кіргізе бермейміз. Біз тек өз меншігіміздегі нәрселерді ғана «берілгендер» деп, жоқ, берілген емес, алған нәрселеріміз деп қабылдаймыз. Міне, осылайша адами мүмкіндіктің алға шығуы — «берілген» деген түсінікті қолданыстан шығарды. Нәтижесінде, иә, Алланы ауызға алмайтын болдық. Сондықтан әуелі осы «берілген» мен өзіміз қол жеткізген нәрселер айырмашылығын жете түсініп алғанымыз жөн. Сонда «берілген» өзінің әу бастағы мәніне қайта ие болады. Тіпті біз өзіміз қол жеткізген нәрсеге иелік етуге себепкер болған біздегі қабілеттің де «берілгендігін» қаперден шығарып ала береміз. Әке-шешені, бауырларды, туыстарды айтпай-ақ қоялық. Ал біз қол жеткізе алмай жүрген нәрселер осы «берілгендердің» біреуін алмастыра ала ма? Әрине, жоқ. Демек бізге шынында да көп нәрсе «берілген» екен, ә. Мынандай бір тәмсіл бар.
Бірде Харун Рашид патша нөкерлерімен бірге серуендеуге шығады. Жолда ағаш түбінде ұйықтап жатқан бір адамды көріп, жанындағыларға «Мына адамды оятыңдар. Шөп арасында жылан болса шағып алар» дейді. Нөкерлері әлгі кісіні оятады. Оянып, көзін ашқан ол қасында тұрған Харун Рашидты көріп » О, патшам, мені неге ояттыңыз? Мен түсімде патша болып, қызметшілерімді зыр жүгіртіп, мына әлемге билік құрып жатыр екенмін» дейді. Харун Рашид оған күле қарап «Оянып, көзіңді ашқан кезде жоқ болып кететін патшалықты несіне қимай тұрсың» дейді. Сонда әлгі кісі «Иә, менің патшалығым көзімді ашқан кезде жоқ болып кетті, ал сіздің патшалық көзіңізді жұмған кезде жоқ болып кетеді. Демек патшалығымызда да, өімізде де онша айырмашылық жоқ екен ғой» дейді. Бұл сөз Харун Рашидқа қатты әсер етеді. Ойлана келе «Негізінде ұйқыдағы адам сен емес мен екенмін. Мен сені жылан шақпасын деп ояттым. Ал сен мені патшалықтың менің көзімді байлауынан ояттың» дейді. Содан кейін ол «Ей, Харун, көзіңді жұмған кезде жоқ болып кететін патшалығыңа ешқашан сенбе» деп, өз-өзіне жиі-жиі қайталап жүретін болыпты. Соған орай бізде де «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген ұстаным қалыптасқан. Бұл – біздің дәстүрлі дініміздің басты ұстанымы. Өкінішке қарай, бұл даналық та саясат ыңғайына орай өз мәнін жоғалтып алды. Содан барды да дінсіздікке негізделген Кеңестік идеология «арды» алға шығарды. Олар «арды» материалдық болмыс деп ұғынды. «Ар» мәні — намысшыл, өр кеуде, ешкімге мойынсұнбайтын, ешкімді басындырмайтын нағыз адам деп түсіндірілді. Содан барды да адам Аллаға айналып шыға келді. «Ар» деген асқақ ұғым үшін жанын қиюға дайын көзсіз батырлар пайда болды. Шынтуайтына келгенде, бұл – «ардың» адам баласына ең төменгі, материалдық көріністегі тигізген әсерінің нәтижесі.
Иә, «арда» қуат бар. Оны материалистер де мойындайды. Мойындағандықтан да адам «арын» қамшылап, оятуға тырысады. Тіпті бұл тұрғыда коммунистердің өзі аянып қалған жоқ. Нәтижесі… Иә. Адам мәртебесі жерді өзіне табындыратындай деңгейге көтерілді. Бұл «ардың» Алланы алмастыруы еді.
Бұл жердегі коммунистер жетістігі — «ар» мәнін түсінбесе де соны басты қуат ретінде пайдалана алуы. Соған орай олар «арды» — Алланы алмастыра алатындай деңгейге көтере алды. Өйткені, иә, оның негізінде шындық жатыр еді.
Енді өз түсінігімізге, діни түсінікке ойысайық. «Малым – жанымның садақасы – жаным – арымның садақасы» дегендегі мал – материалды әлем. Жан – руxани әлем. Коммунистер осы екеуінің үстіне «арды» шығарып, оны материя ретінде танытты да садақа, яғни құрбандық мәнін тіпті басқа жаққа бұрып жіберді. Болмаса, біз кезінде материалды әлемді тәркі ету арқылы руxани әлемге өтіп, ол жерде де аялдамай оның негізі — «арға» аяқ басқан едік. «Ар» алдында жанның садақа болатыны, ол өзі соның бір бөлшегі. Бұл жердегі «ар» – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұры. Яғни, тіршілік бастауы. Біздің «Арсың ба?» дейтіндігіміз, «Сол өз негізіңді танисың ба?» деген діни таным. Бұл тұспал әуелі руxани xәл сұраудан басталатын. Алдындағы адам xәлі мәлім болғаннан кейін, яғни адамдардың бәрі материалдық түсінік деңгейінде қалып қойғандықтан xәліміз «Қалың қалай?» дейтін күнделікті тіршілік жағдайын сұрауға, ал Пайғамбарымыздың нұры материалдық болмысқа алмасып кетті. Болмаса біз кезінде «арға», яғни Пайғамбарымыздың нұрына үндескен едік.
Жалпы «ар» мәні — барлық дінде бар. Әр дін иелері оны өз түсініктеріне орай әрқилы атайды. Мәселе оның қалай аталғанында емес, мәнінде. Атауға өзге діндегілер де, дінсіз де таласа береді. Бірақ малды — жанға, жанды — «арға» құрбан еткенде кім неге қол жеткізеді, міне, басты мәселе осы. Қазақ атам айтқан даналық біздің кезінде нұрға, яғни пәк әлемге қол жеткізгендігімізді айғақтайды. Ал ол нұр — тіршілік бастауы. Оған Пайғамбарымыздың «Алла әуелі менің нұрымды жаратқан» деген xадисі дәлел бола алады. Ол нұрда Алланың әмірі тұрады. Бұл тұрғыда «Руx – Алланың әмірінен» деген аят бар. Ал одан жоғарғы Алланың 99 есім сипаты, 8 субути сипаты өз алдына бөлек әлем. Соны білген қазақ атамыз материалды әлемге тән руxты – «мал-жан» деген. Шынтуайтына келгенде, руxтың асылы Алланың есім сипатында тұрады. Бұл біздің дәстүрлі дініміздің негізі. Соған орай, Қазақстан өзі тарапынан аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнату үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бұл тұрғыда қаперге алар басты ұстаным – біз мұсылманбыз. Оның дәлелі… Дәлел көп. Ең бастысы… Иә. Қазақпыз. Алайда қазір қазақтығымыздың өзі мұсылмандық құжатқа өте қоюы неғайбыл болып қалды. Себебі… Себеп көп. Рас, өзге дін есігін қаққан бауырларымыз да біршама болып қалды. Атеистер де аз емес. Мұсылман, бірақ әліпті таяқ деп білмейтіндер де едәуір. Едәуір емес. Көп. Негізгі құрам — осылар.
Діни сауаттылық туралы әңгіме бөлек. Жалпы біз діни үрдісті қаншалықты деңгейде өмірсалтына айналдыра алдық деген сауал төңірегінде ой өрбітсек, біздің мұсылмандығымыздың деңгейі біршама айқындалып қалады. Бұл жерде мұсылмандық дегеннен гөрі, ұлттық дәстүрге сай өмірсалты десек, мұсылмандыққа да біршама жақындай түсеміз.Ұлттық дәстүр арқылы қалыптасқан мұсылмандығымыздың шыңы — жеті шелпек пісіру. Осы жеті шелпек бізге құран оқытады. Осы жеті шелпек бізге бет сипатады. Осы жеті шелпек әйелдер құрамы басына орамал тартқызады. Демек жеті шелпек – біздің мұсылмандығымыздың отбасылық құжаты. Әйтсе де қалыптаса бастаған жаңа діни таным жеті шелпекті де ығыстыра бастады. Ендігі қалғаны…
Ақырзаманның соңғы шегінде азан шақыратын адам қалмайды деседі. Демек, ол кезде намаз оқылмайды. Өзін мұсылманбыз дейтіндер тек «біссіміллә» дегенді ғана айтады екен. Алайда біссімілләні айтқанмен, Раxман мен Раxим деген Алла атын айта алмайды. Сонда тек «бастаймын» дегенді айтып қоя салады дә. Бірақ қалай бастайтынын білмейді.
Ал біз… Біз біссімілләні айтып жүрміз ба осы?! Үйде, түзде, ас ішкенде, өзге де бір істі қолға алғанда «біссіміллә» тілімізге орала ма? Осыған шынайы мән беріп жүрміз бе өзі? Себебі бұл… Иә. Мұсылмандықтың соңғы құжаты. Ендеше «біссіміллә» дейік. Оған Раxман мен Раxимды да қосып айтайық. Өзіміз ғана емес, балаларымыздың да айтқанын қадағалайық.
Біз «біссіміллә» дегенде бізге егелік етіп тұрған нәпсі өз құзыретінен ажырап, Алла үстемдігіне мойын-сұнады. Ол мойынсұну – мүлік иесінің Алла екендігін әйгілейді. Біссімілләмен басталған кез-келген іс нәтижесі қайтарымы мен берекеті оның иесіне тікелей тәуелді екендігін бағамдатады. «Біссімілләні» айтқан адамның оны түсініп, қабылдауы міндетті болмаса да. Өйткені қай іс те Алла атымен басталған кезде Құдайлық деңгейге көтерілген біздің нәпсіміз, яғни іштегі «Мен» кейін шегінеді. Сөйтіп, сол бір ауыз сөздің өзі біздің мұсылмандық болмысымызды қалыптастырады. Сондықтан жер бетінде «біссімілләні» айтатын бір адам қалғанға дейін қиямет қайым болмайды. Себебі, xадисте айтылатынындай, «Амал дәптерінде 700 біссімілләсі болған адамды Алла жаxаннамнан шығарады». Сондай-ақ «Ұстазы шәкіртіне біссімілләні оқытып, айтқызса, ол сөзді Алла әлгі баланың ұстазының, әке-шешесінің жаxанамға кірмеуі үшін құжат етеді». Сонымен қатар «Істі біссімілләмен бастаған адамның күнәсі кешіріледі». «Тамақты біссімілләмен бастап, әлxамдулилламен аяқтаған адамның күнәлері дастарxан жиналмай тұрып кешіріледі».
Біссімілләнің қасиеті туралы айтылған xадистер өте көп. Ендеше «бисмилләxирраxманнирраxим» дейік. Оның үстіне «намаз ықылас-тылардан басқаға ауыр келеді». Бұл – Құран аяты. Сонда ықылассыздар дегеніміз кім? Иә, намаз оқымай жүрген мұсылмандар аз емес. Бірақ олардың қай-қайсысы да бір орайы келген күні намаз оқитындықтарына бек сенімді. Бірақ намаз оқымағандығымызды «Намаз оқымасақ та кейбір намаз оқитындардан жүрегіміз таза екенін жақсы білеміз» деген сияқты сөздермен ақтап алуға болмайды. Себебі, өмірде сізден де қайырлы, сізден де жүрегі таза сияқты көрінетін адамдар аз емес. Бірақ олар әлгі ынталылар санатына кірмейді. Әлемде өзге дінді ұстанатын, тіпті ешқандай дінді ұстанбаса да адамдық парасаты биік, тіпті сіз бен бізге қарағанда мәдениетті көрінетін жандар да аз кездеспейді. Қаншама адам соларға қарап бой түзейді, солардай болғысы келеді. Бірақ, иә, олар да ынталылар санатына кірмейді.Сонда ол ынталылар кімдер? Дұрыс. Мұсылмандар. Мұсылман баласы ешқашан намаз оқымаймын деп айтпайды. Ал әлгі ықыласты еместер ешқашан намаз оқимын деп айтпайды. Сонда Алла намазды неге тек ықыластыларға ғана нәсіп еткен? Себебі, адам баласына Алланың раxымы негізінен намаз оқыған кезде келеді. Мәселен, адам сенімді ортада өзін қауіпсіз сезінеді. Сенген адамға сырын айтады. Сенген дәрігеріне қаралады. Айналасында тек сенімді адамдардың болғанын қалайды. Жақсылықты да сол сенімді адамдардан күтеді.
Енді өз дінімізге мән берейік. Діннің басында иман тұрады. Иман дегеніміз – сенім. Аллаға сенім. Енді біз өзімізді қауіпсіз сезіну үшін және бізге тиесілі нәрсенің бәрі Сол арқылы берілетінін білгеннен кейін Соның құзырына өтуіміз керектігі мәлім болмай ма?! Сол «өту»- намаз арқылы жүзеге асады. Біз құлағымызды қағып, «Аллаxу акбар» дегенде сол әлемде тұрамыз. Біздің сол екі бас намазымызға берілетін Алланың раxымына ешнәрсе тең келмейді. Тек ықыластыларға ғана нәсіп болатын сол қазынаны алуға Алла бізді күніне бес рет шақырады.Себебі, xадисте айтылатынындай, намаз — Алла разы болған ең құнды амал. Ризықтың берекесі. Дұғаның қабыл болуына себепші. Сират көпірінен найзағайдай өткізуші. Жәннатта басыңа тәж. Ең бастысы – Алла Тағала екі бас намаз оқығандарға сый ретінде «Жәннәтүл-мә-уәны» нәсіп етеді. «Жәннәтүл-мә-уә» дегеніміз…
Жәбірейіл періште өзі қаншама жыл оқыған екі бас намазынан Ақыр заман Пайғамбары үмметінің шала-пұла оқыған екі бас намазының артық екенін білгенде, Алладан «Олар сол оқыған намазы үшін қандай сый алады?» деп сұрайды. Сонда Алла оларға «Жәннәтүл-мә-уәның» берілетіндігін айтады. Жәбірейіл «Сол жәйды менің де көруіме бола ма?» деп сұрайды. Алла оған ұрықсат береді. Жәбірейіл Алла берген, көлемі батыс пен шығыстай болатын 600 қанатын жайып, бір қаққанда «Жәннәтүл-мә-уәның» үш мың жылдық жолынан бір-ақ өтеді. Қанатын қайта жиырғанда тағы сондай қашықтықтан өтеді. Осы жылдамдықпен үш жүз мың жыл «Жәннәтүл-мә-уәның» ішінде ұшады. Жаршап-шалдығып келіп, бір ағаштың саясында Аллаға сәждеге жығылып, өзінің «Жәннәтүл-мә-уәның» қанша бөлігінен ұшып өткенін сұрайды. Сонда Алла «Ей, Жәбірейіл, сенің қанатыңа тағы осындай қанат қосып, осы қарқыныңа тағы осындай қарқын қосқаныңмен Жәннәтүл-мә-уәның жүзден бір бөлігіне де жете алмайсың» дейді.
Бұл – Алланың ынталыларға бере-тін аxиреттегі сыйы. Әрине бұан Алла мүмкіндігінің шексіз екендігіне иман келтірген мұсымандар шүбә келтірмейді. Сонымен қатар намаздың бүгінгі өмір салтымызға да тигізер әсері бар екендігін ғалымдар да дәлелдей бастады. Мәселен Мысырдың астанасы Каирдегі радияциялық теxнологияның ұлттық орталығында жасалған зерттеу нәтижесінде, сәжде жасаудың адамды қатерлі ісіктен сақтайтындығы анықталды. Сондай-ақ жүкті әйелдерде құрсағындағы нәрестенің дұрыс жетілуін қамтамасыз ете-тіні, пішін ауытқуының алдын алатындығы анықталды. Профессор Мұxаммед Зияеддин Хамит қазіргі таңда адамдардың электромагниттік толқындарға тап болып жататындығын айта келе, өз баяндамасын былайша түйіндеді:
«Сәждеде жеті мүшенің жермен байланысы энергияны тұйықтайды. Сәжденің шаршағандыққа және кейбір ауруларға пайдасы бар. Сәждеде адамның бойы кішірейетіндіктен электромагниттік толқындарға шалдығу мөлшері азаяды. Электрдің денеге әсерсіз шығуы үшін сәждеде құбылаға қарау маңызды. Себебі Қағба жердің ортасы болып табылады. Бес уақыт намаз уақыты зиянды энергиялардың шығуына толықтай жетеді. Намаз – шаршағанды басып, стресстің алдын алып, адамды раxатқа бөлейді.» Алайда мұның бәрін намазды парыз деп қабылдағанымыз үшін Алланың бізге берген раxметі деп қабылдағанымыз жөн.
Алайда біз қанша ықыласты болсақ та намаз оқуды кейінге ысыра беруге әйтеуір бір себеп табамыз. Себебі… Себеп көп. Ең бастысы, намаз — жеңу мен жеңіліс текетіресі. Ар жақтағы күш әлеуетін намазға бет бұрған кезде бағамдауға болады. Ол күш біздің маңдайымыз сәждеге тигенде ғана жеңіліс табады. Сондықтан да ол бар күшін, айла-тәсілін намаз оқытпауға қарсы пайдаланады. Біз «ол» деп өзін Аллаға балаған нәпсіні және оның әскерлерін айтамыз. Ал оған қызмет ететін «әскерлерді» санап тауса алмаймыз. Алайда солардың бәрінен ықылас басым тұрады. Ал ол ықылас, Аллаға шүкір, бізде бар. Сондықтан намаз оқу сіз бен бізден басқаларға ауыр келеді. Намаз — ол бізге берілген кілт. Жәннаттың кілті. Алла оны өзінің ықыласты құлдарына күніне бес мәрте үлестіреді. Соның біреуі — сіздікі. Алайда діни ғибадат жасау үшін де ел тыныштығы керек. Біз бұл мәселені ерте бастан қолға алдық. Сонау 2000 жылы ТМД-ға мүше мемлекеттер арнайы антитеррорлық орталық құрған. Орталық ТМД-ның арнайы салалық органы болып табылады және ТМД-ға мүше мемлекеттердің құзіретті органдарының арасындағы байла-нысты үйлестіруді қамтамасыз етеді. Сонымен, соңғы жылдары экстремистік және террорлық әрекеттер әлем елдері үшін жаңа мыңжылдықтың бас ауруы болып отыр. Әлемдік қоғамдастық аталған жаhандық проблеманы шешу жолында күш біріктірмесе, бұл қатер белең ала түсуі әбден ықтимал. Мән берсек, әйел мен ерінің арасындағы қарым-қатынас кез-келген адамның Алламен болатын мәмілесінің материалдық көрінісі сияқты әсер қалдырады. Жарасым тапқан ерлі-зайыптылар үйінің мешіт іспеттес болатындығы сондықтан.
Бір әйел Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп өзінің тұрмысқа шығатын ойының бар екенін білдіреді. Соған орай тұрмысқа шыққан әйелдің ерінің алдындағы міндеттерін түсіндіріп беруін сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әйелдің еріне деген xақысы көп. Сіз оны жасай аласыз ба?» дейді. Әйел «Ол қандай xақылар?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған «Күйеуіңізді ренжіту – Алланы ренжіткенмен бірдей. Ондай жағдайда оқыған намаз да қабыл болмайды» дейді. Әйел «Тағы қандай міндеттер жүктеледі» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Үйінен кйеуінің ұрықсатынсыз шыққан әйелдің әр басқан қадамына күнә жазылады» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонымен қатар, күйеуіне бағынбай тіл тигізген әйелдің азапталатынын және де дін ұстанымына қайшы келетін жерлерге көңіл көтеру үшін барса, сауаптары жойылып, аxиретте үстеріндегі киімдеріне дейін «Ол бізді xарам жерге апарды» деп шағымданатынын айтқанда, әйел «Осыған дейін күйеусіз өмір сүрдім, бұдан кейін де тұрмысқа шықпаймын» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған «Күйеуге шыққанның қайырлы жақтары да бар, енді соларды тыңда» дейді де «Егер сіздің қызметіңізге көңілі толған күйеуіңіз сізге «Алла риза болсын» десе, ол – 60 жыл ғибадат жасаған сауапқа тең болады. Сондай-ақ әйелі күйеуіне бір жұтым су берсе, ол әйел бір жыл ораза тұтқан адамның сауабын алады» дей келе, еріне бағынған әйел үшін періштелердің тасбиx айтатынын, еріне жағымды бір ісі үшін бір құл, тағы бір ісі үшін 60 құл азат еткендей сауапқа ие болатындығын, күйеуінің абыройын қорғап, оның туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болса, 1000 рет Қағбаны зиярат еткендей сауапқа кенелетіндігін тізбелеп шығады.
Жалпы күйеуінің ризашылығын тапқан әйелдің иелік етер сауабын санап түгесу мүмкін емес. Мұндай сауапқа күйеуінің үйдегі орны төр деп білген иманды әйелдің бәрі қол жеткізе алады. Ал қазақы шаңырақтағы ол тәлімді «Әкеңе айтамын» деген бір-ақ ауыз сөз бағамдатып тұрады. Соған орай біз «алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық» деп қоямыз. Сонда бұл сөз мәнін қалай түсінуге болады? Әлгі «бақа бас» қалайша «алтын бастың» алдына шығады? Бұл деген әйел затын қорлау емес пе? Өмірде қаншама «бақа бастың» қадірін арттырып, үйдің берекесін кіргізіп отырған әйелдер аз емес қой. Құдайшылығын айтсақ, кешегі аумалы -төкпелі заманда талай шаңырақты шайқалтпай, талай үй түтінінің түзу шығуына себепкер болған да сол әйелдер қауымы болатын. Солай бола тұра дініміз ер адамға берілетін артықшылықты жоққа шығармайды. «Әйелге қарағанда ердің дәрежесі жоғары» дегенге саятын аят та бар. Оның үстіне әуелгі жаратылыстың Адам екедігін, ал әйелдің оның қабырғасынан жаратылғанын барлық «бақа бас» біледі. Осы білгенінің өзі-ақ кей ер кісілердің қоқаңдауына жол ашады. Бірақ ол қоқаңдаудың әйел таxуалығын арттыра түсетіндігін көп адам біле бермейді. Себебі, әйел баласы күйеуге шыққан күннен бастап Аллаға деген ғибадатын жаңа сипатта жүзеге асыра бастайды. Сол «ғибадатын» абыроймен атқарып шыққан мұсылман әйел жәннатқа күйеуінен 500 жыл бұрын кіреді делінеді. Сонымен қатар, сегіз жәннаттың қалаған есігінен кіруге қол жеткізеді. Себебі, әйел ғибадат жасап жүргенде көп еркектің Аллаға мойын бұруына уақыты да болмайды. Солай бола тұра, 2-3 күн намаз оқыған кей ер-азаматтардың әйелін де намазға жыға салғысы келіп, еркектік мінез танытып қоятындары да бар. Мұндай жәйттар әйел ғибадаты мәнін түсінбеуден туындайды.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Біз намаз оқимыз. Өзге де діни ғибадаттар жасаймыз. Неге? Себебі… Дұрыс. Аллаға мойынсұнамыз. Демек ғибадат Аллаға мойынсұнғаннан кейін барып жасалады. Ең бастысы… Иә. Алланы мойындау. Ол мойындауды діни тілде «иман» дейміз. Міне осы ғибадатқа жол ашатын мойынсыну әйелдің күеуге шыққан сәтінен бастау алады. Себебі әр тұрмысқа шыққан әйел әлгі «бақа бас» еркек құзырына өтіп, өз «менін» құрбандыққа шалады. Сондықтан оның еріне жасаған әр қызметі Аллаға жасалған ғибадат орнына жүре береді.
Екі-үш нұсқада айтылатын мынандай бір тәмсіл бар. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Фатима анамызға бір әйелдің үйіне барып жәй-күйін біліп қайтуға кеңес береді. Фтима анамыз әлгі айтылған үйге барып есігін қақса, бір әйел есік құлпын ашпастан кім келгенін сұрайды. Фатима анамыз әлгі әйелдің даусына қарап егде адам екенін біледі де, өзінің кім екенін таныстыра бастайды. Іштегі әйел қатты қуанып «Сіздің келгеніңіз қандай бақыт. Пайғамбарымыз қызының біздің үйге келуі деген…» деп, ағынан жарылады. Бірақ есікті ашпаған қалпы «Біз сіздің келетініңізді білмей қалдық. Күйеуім де сіздің келетініңізден бейxабар. Сондықтан күйеуімнің ұрықсатынсыз сізді қабылдай алмаймын. Ертең келіңіз. Мен оған дейін күйеуімнен ұрықсат алып қояйын» дейді. Фатима анамыз әлгі әйел әдебіне қайран қалып, үйіне қайтады. Ертесіне баласы Хасанды қасына ерте барады. Әлгі әйел «Сіздің балаңызды ертіп келетініңізді күйеуіме айтқан жоқ едім. Оның ұрықсатынсыз ешкімді қабылдай алмаймын ғой» деп, кездесуді тағы да ертеңге қалдырады. Фатима анамыздың таңданысы одан сайын арта түседі. Ертеңіне есік ашылады. Қараса, кемпір дегені жап-жас әйел екен. «Сіздің даусыңыз…» деп таңданыс білдірген Фатима анамызға әлгі әйел «Даусымды естіген адамдардың көңілі бұзылмасын деп сөйлегенде аузыма тас салып аламын» дейді. Сонда Фатима анамыз әлгі әйелдің тәлімін алсын деп Пайғамбарымыздың (сғс) өзін әдейі жібергендігін түсінеді.
Мұндай мінез біздің апа-әжелерімізге де тән болған. Әрине, ондай әйелдерге қай жәннаттың да есігі айқара ашылатындығы күмәнсіз. Жалпы күйеуінің ризашылығын тапқан әйелдердің бәрі сол жәннаттық әйелдер санатына барып қосыла береді. Дініміздің ажырасуды құптай бермейтіндігі сондықтан. Алайда, бұл жерде сабырлы болу да діннің құрамдас бір бөлшегі екенін ескерген жөн. Енді сауал – сіз сабырлысыз ба? Сабырлы болсаңыз онда сіз көп нәрсеге иелік еттіңіз. Себебі сабырлылық, негізінен, иманды адамдарға тән. Иман, иә, ол — сенім. Аллаға деген сенім. Қыз ұсынған шәйға аузы күйіп қалған жігіт өзінше сыр алдырмаған кейіпте кйіз үйдің шаңырағына қарап «Мынау қандай жердің ағашы?» дегенде қыз «Саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы» деуші еді ғой. Бұдан сабырлылықтың біздің ұлттық дәстүр тәрбиесіне тән екенін аңғарамыз. Сонда ол біздің бойымызға қалай қалыптасады? Дұрыс. Қанмен. Қазақ үйіне келген қонағынан «Аттың жалы, түйенің қомында» бұйымтай сұрамаған. Әуелі қонақ кәдесін берген. Жата-жастана, не ертесіне әңгіме ыңғайына орай жөн сұрасқан. Бұл — сабырлылық па? Әрине, сабырлылық. Қазір үйге біреу бас сұқса бірден «Нағып жүрсіз?» деп сарт еткіземіз. Сондай-ақ кезектесіп сөйлеу де сабырлылық аясынан шығып бара жатыр. Ал асыққан адам сабырлылық сақтауы тиіс деген ойдың өзі жоқ бізде. Бұндайда «Асыққан — шайтанның ісі» екендігін айтқан аталарымыз сөзі қаперге алына бермейді. Бірде бір әйел жан ұшыра жүгіріп келіп такси тоқтатады. Таксиге міне сала баратын жеріне тезірек жеткізуін өтініп, жүргізушіні асықтыра бастайды. Жүргізуші одан асығу себебін сұрағанда әйел, таяуда дүниеден озған қызының түсіне кіріп, егер анасының өзіне жолыққысы келсе, тура сағат 12-де уәделі жерге келуін өтініпті. Қас қылғандай жүргізуші сол жерге таяп қалғанда көліктер иінтіресіп, жүрісі өнбей қояды. Көлікте отыра беруге сабыры жетпеген әйел әрі қарай жаяу кетеді. Артынан іле жүргізуші де жетсе, байғұс әйелді тура қызымен кездеспек болған жерде көлік қағып мерт етіпті. Иә, бұл — тағдыр. Бірақ тағдыр да біздің құзырымызға тәуелді екендігін қаперге алсақ, қандай жағдайда да сабырлылық сақтауға мүдделілік танытуға тиіс екендігімізге көз жеткіземіз. Діни тұрғыда сараптасақ, сабырлылықты иманның айнасы десе де болады. Себебі ешнәрсе Алла қалауынан тыс жүзеге аспайды. Рас, біз тағдыр жазуына иман келтіреміз. Бірақ сол тағдырдың Алланың әмірімен емес, біздің қалауымызбен жүзеге асатындығын қаперде ұстағанымыз жөн. Ал сабыр — ішіміздегі иман қазынасы. Бірде жолаушылар мінген автобусты тонаған қарақшылар барлығының бағалы заттарын, алтыннан жасаған бұйымдарын сыпырып алып келе жатады. Олар бір әйелді олай жұлқылап, бұлай жұлқылап, түк қалдырмай тінтіп, барлық бағалы заттарын, тіпті құлағындағы сырғасына дейін жырта-мырта тартып алады. Әйел болса тіс жармай сабырлылық сақтап отыра береді. Қарақшылар кеткен соң қасындағылар «Қалай үн-түнсіз сабыр сақтадыңыз?» десе, әйел «Шыдамағанда қайтемін» деп, дауыс салып жылап жіберіпті. Сөйтсе, аузындағы тістерінің бәрі алтын екен. Сол айтпақшы, біздің ішімізде де сабырлылық сақтауымыз қажеттілігін бағамдататын сондай алтын бар. Оның аты – иман. Иман – мәңгілік өмірдің негізі. Алайда біз осы өмірдің өзінде өлмейтін дәрі ойлап тапсақ не болар еді? Дұрыс. Жер бетінде керексіз адамдар қаптап кетер еді. Сонда ол керексіз адамдарға кімдерді жатқызуға болады? Мұны ойластырып қойған адамдар бар. Керексіздер санатына сіздер мен біздер де кіріп кетеміз. Біз тіпті әлгі өлмейтін адамдарға қызмет етуге де жарамайды екенбіз. Ол Ұлық жандар жер бетінде тіршілік етуі тиіс адамдар мөлшері шамамен бір миллиардтай болады деп жоспарлаған. Әрине, оның дені әлгі Ұлықтардың қызметкерлері санатына кіреді.
Қаласақ та, қаламасақ та біздің сыртымыздан осындай әңгімелердің, тіпті ғылыми тұжырымдардың жүріп жатқандығы жасырын емес. «Қараша үйдің де Құдайы бар» демекші, біздің сенеріміз — бір Алла.
Алла қалауымен адамдар арғы әлемге аттанып жатады. Қай адам да жер бетіндегі ризық-несібесі таусылған соң бір сәт те аялдамай, мәңгілік мекеніне қарай сапар шегеді. Демек, Алла қаламайынша біз өз еркімізбен ешкімді де «керексіз адам» санатына жатқыза алмаймыз. Сонымен «керексіз адам» жәйы түсінікті болды. Сонда «керекті адам» кім? Әлгі Аллалық міндетті қолдарына алғысы келетіндердің атын айтып, түсін түстемей-ақ қоялық. Жалпы «Мен керек адаммын» деген түсінік бәрімізде де бар. Өзіміз болмасақ дүние күйіп кететіндей көрінеді кейде. Содан бір тыным таппай ала шапқын болып құйындатамыз да жүреміз. Бізге қарап тұрған жұмыс… Иә. Шаш етектен. Атқаруға тиіс мойнымыздағы міндеттерді айтсайшы. Тіпті өлуге қолымыз тимейді ғой. Өлуге қолы тимей тұрған адамға «намаз оқы», Аллаға ғибадат жаса» деп қалай айтарсың? Айтқаныңмен… Иә. Өзіңнің соншалықты топас екеніңді жақтырмай бір қараумен-ақ сездіреді. Оның қолы тимейтінін өзің де сол кезде біле қоясың. Иә. Қанша дегенмен керек адам. Қоғамға, ортасына, достарына, отбасына…
Бірде Дәуіт пайғамбарға Әзірейіл періште ойда-жоқта жетіп келеді. Әзірейілді көріп тіксініп қалған Дәуіт пайғамбар «О, достым, жайша жүрсің бе?» дейді. «Уақтыңыз жетті. Алланың аманатын тапсырыңыз» дейді Әзірейіл. Ерні кебірсіп кеткен Дәуіт ғалейкуссалам «Су ішіп алайын» дейді. «Сіздің жер бетіндегі ризығыңыз біткен» дейді Әзірейіл. «Онда екі бас намаз оқып алайын» дейді пайғамбар. Әзірейіл ғибадаттың да түгесілгенін айтады. Сонда Дәуіт пайғамбар «Досым бола тұра аманатты алатыныңды осы уақытқа дейін неге ескетпедің?» дейді. «Ескерткенмін» дейді Әзірейіл. «Бойыңыздан күшіңізді алдым. Ажарыңыздың әрін алдым. Сақал-шашыңызды ағарттым» дегенде, Дәуіт пайғамбар еріксіз басын шұлғиды.
Өзімізге ойысайық. Бір «керек адам» ауырып қалып, дәрігерге барады. Дәрігер оны қарап шыққаннан кейін «Ауруxанаға жатыңыз» десе, әлгі «керек адам» ауруxанаға жатудан ат-тонын ала қашады. «Сіз не деп тұрсыз, менің мың сан жұмысым бар» дейді. «Сіздің жұмысыңызды басқа адам атқара алмай ма?» деп сұрайды дәрігер. «Мені алмастыратын адам жоқ» дейді әлгі «керек адам». Дәрігер оған бір рецепт жазып береді. Әлгі адам қағазды ашып оқыса, рецептке «Серуендеңіз, молаларды аралаңыз» деп жазып қойыпты. «Керек адам» «Серуендеуді түсіндім. Бірақ мола аралаудың қандай қажеттілігі бар?» дейді. Дәрігер «Сіз мазарға барып, қабірлерді көріңіз. Ол жерде «Мені ешкім алмастыра алмайды. Мен кетсем бәрі күйрейді» дейтіндердің қабірінен аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ өмірдің оларсыз да жалғаса беретіндігіне көз жеткізесіз» дейді.
Сонымен керексіз адам дегеніміз… Керексіз адам болмайды. Бәрі керек. Аллаға керек. Біз тек сол соңғы «керекті» ұмытып кете береміз дә. Негізінен оны ұмыту террористік көзқарастың қалыптасуына жол ашады. Себебі, олар тек мәселенің үстіңгі және сыртьқы көріністері негізінде және терроризмнің көріністеріне қате сараптама жасау негізінде қорытынды жасайды. Бұл нысанның ерекшелігі мынада болып табылады: осы ланкестік әрекеттерді жүзеге асырушылар одан геосаяси және геоэкономикалық пайданы табады. Міне, осындай көзқарастарға жол бермес үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы қоштасу құтпасында қаншама мәселелерді айта келе, өз әулетін құрметтеу қажеттілігін де өсиет етеді. Алайда ол өсиетке араб xалқы адалдық танытпады. Әуелі Хазреті Әли өлтірілді. Одан кейін Пайғамбарымыздың немерелері Хасан мен Хұсейінді шаxит етті. Содан кейін-ақ солардан тараған ұрпақтың бәрін боз-тозын шығарды. Ұдайы қудаланған Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті ақыр соңында сонау қиыр шеттегі қазақ даласына келіп, пана тапты. Пана тауып қана қойған жоқ, сол ұлттың құрамдас бір бөлшегіне айналып кетті. Содан барды да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиетіне адалдық танытуымызға орай берілуге тиіс Хақ мәртебесі біздің еншімізге жазылды. Ол «мәртебе» – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкелген дін. Иә, ол діннің көрінісі араб елдерінде де бар. Бірақ діннің жаны, руxы бізде. Діннің көрінісі мен руxы айырмашылығын ұғыну үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әулеті тағдырын қаперге алсақ та жеткілікті. Мән берсек, діннің негізі — мейрім. Ал ол мейрімнен Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті тыс қалса, демек ол дінде бір кінәрат бар. Біз ол «кінәратты» діннің көрінісі дедік. Ал сол әулетті қабыл алушылар, қабыл алушылар ғана емес, соларды өз жанымен үндестіргендер дінін біз діннің руxы дедік. Өкінішке қарай, араб елдеріндегі діннің сол «көрінісі» біздің елде де салтанат құра бастады. Жә, ол бөлек әңгіме.
Пайғамбарымыз әулеті көрген зәбірдің ислам тариxында өзіндік ізі бар. Аxиретте Фатима анамыз өз ұрпағына жауыздық жасағандарға кешірім бермей тұрып алады деседі. Сол кезінде жасалған жауыздыққа кінәлі адамдар, олардан тараған ұрпақ жандарын шүберекке түйіп, теңселіп кетеді екен. Алла оларды кешу-кешпеу құзыретін Фатима анамыздың еншісіне қалдырады.
Иә, адамдардың бір-біріне жасаған кінәраттарын Алла кешпейді. Ол мәселе шешімі жәбір көруші құзырында қалады. Кешірім беру… Айтуға оңай. Күйеуі, қос құлыны — Хасан мен Хұсейін дүниеден озды. Ал Хұсейіннің екі қызы Фатима мен Сакина… Бұл бір ерекше xикметке толы тағдыр. Әкелері Хұсейін Кербалада шаxит етілгеннен кейін қос қыздың тағдыры былайша өрбиді.
Ол кезде Фатима 12, ал Сакина 11 жаста болатын. Екеуі Византияға сатылып, Анадолыға жіберіледі. Патша бұл екеуін шоқындырып, өз діндері үстемдігін әлемге паш еткісі келеді. Сол мақсатта екеуін әуелгіде жақсы қабылдап, жылы-жұмсағын алдарына тосады. Қызметшілер тағайындайды. Ғибадат жасауларына да мүмкіндік береді. Алайда Византияда тұрғаннан кейін бәрінің бір дінде болулары қажеттілігін айтып, шоқынуларын үзілді-кесілді талап етеді. Әрине, екеуі де ол ұсынысқа келіспейді. Сол-ақ екен патша екеуін зынданға тастап, қара су мен қатқан нанға қаратып қояды. Патша оларға ойлануға 40 күн мұрсат береді. «40 күннен кейін шоқынып монастырға барасыңдар, не бұл дүниемен қош айтысасыңдар» дейді. Бұл іске патшаның әйелі де араласады. Ол бұл мәселені өздерінің 14 жасар қызы Катеринаны екі қызбен достастыру арқылы оңтайлы шешуге болатындығын айтып, патшаға ақыл қосады. Бұл шешімге патша да келісіп, қыздарының мәдениеті мен біліктілігінің арқасында 40 күннің ішінде екі қызды өздеріне баурап алуға болады деп ойлайды. Келісім бойынша Катерина екі қызбен араласа бастайды. Фатима мен Сакина да оны жылы қабақпен қарсы алады. Екі қыздың тәлім-тәрбиесіне тәнті болған Катеринаның ислам дініне аңсары ауа бастайды. Фатима мен Сакина ислам діні туралы не айтса да Катерина «Дұрыс айтасыңдар, дұрыс» деумен болады. Соған орай екеуі оны Сыддықа деп атайды. Сол-ақ екен ол да кәлима шаxадат айтып, ислам дінін қабылдайды. Әне-міне дегенше 40 күн де зу етіп өте шығады. Қос құрбысын қимай жылаған Сыддыққа «Сен екеуіңе раxат, ертең шаxит болып, өз сүйіктілеріңе қауышасыңдар. Ал мен не істеймін» деп мұңайып отырып қалады. Сонда Фатима Сыддықаның да мұсылман болғанын айтып, xат жазып қалдырады да бір дұғаны оқи бастайды. Сакина мен Сыддықа қол жайып тұрады. Дұға бітіп, «Аллаxу акбар!» дегенде үшеуі бірдей қайтыс болып кетеді. Олардың моласы Стамбулдағы «Чипте сұлтан» (Жұп сұлтан) зиратында.
Мұндай тағдырлар ислам тари-xында ауық-ауық қайталанып тұрған. Солардың ішінде ең ерекшелерінің бірі осы Чипте сұлтан.
Жалпы кім де болсын білгені жөн. Аталарымыз: «Жау жоқ деме жар астында» дегенді бекер айтпаған. Сондықтан сақтанып жүрген жөн. Оның үстіне Құдай да: «Сақтансаң — сақтаймын» дейді. Сонда біз қалай сақтанамыз? Ол үшін заңды басшылыққа алу керек. Заң талаптарына орай Қазақстан Республикасының мемлекеттік ор-гандары мен сол ұйымның лауазымды адамдары терроризмге қарсы күрес жүргізетін ұйымдарға көмек қолдарын созуға міндетті. Сондай-ақ мұндай міндеттен Қазақстан Республикасының кез келген азаматы тыс қала алмайды. Біз осылайша бірлесе іс-қимыл жасағанда ғана терроризмнің алдын ала аламыз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *