30.01.2020 0 204

    Өнерлі ұрпақ – ел болашағы          Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын...

    Өнерлі ұрпақ – ел болашағы 

        Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының оқушылары әртүрлі тақырыптарға өздерінің балғын жүректерінен шыққан өлеңдерін арнайды. Кейбіреуі  ана тілі, ата-ана, ұстазға деген  ізгі тілектері, сүйіспеншіліктерін, мектеп түлегі, үлгі тұтар ұлағатты азамат, ел қорғаны,    ҚР ҰҚК басшысы болған Әділ Шаяхметов ағаларын   өлең жолдарына қосса, көпшілігі данышпан ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қарасөздерінен туған ойларын қауырсын қаламдарына  серік етіп, ақын өлеңдерін жанына жақын тұтатынын, мәні, мағынасын  терең түсінгенін, үлгі тұтатынын  байқатады.

Смайыл  Думан

11-сынып оқушысы

Смайыл Думан

Сен айтпасаң кім айтады қазаққа?

 

Абай деген қазағымның шуағы,

Абай деген қазағымның бұлағы.

Келер толқын ұмытса егер Абайды,

Болмас елде ақылының тұрағы.

 

Жүрегімде сақталады жыр әнің,

Жағып кеттің парасаттың шырығын.

Сен айтпасаң кім айтады қазаққа?

Мына өмірдің жалғандығын,сынағын.

 

Әрбір сөзі сақталады көңілде,

Қарасөзі самғасыншы көгімде.

Абайымдай алыптарым болса егер,

Қазақ елі қалар тарих төрінде.

 

Тамырымда қайнап жатыр тектілік,

Абай жайлы жазар едім көп қылып.

Жетпей қалар қағаздар да, қалам да,

Жазсам егер еңбектерін бек қылып.

 

 

Нұртай  Әбілхайыр

10-сынып оқушысы

Нұртай Әбілхайыр

 Телғараның текті өлеңін сағынам


Тере жүріп, маржан сөзді таныған,
Телғараның текті өлеңін сағынам.
Тұла бойдың делебесін қоздырып,
Жыр оқыдым  ұлы Абайдың бағынан.
«Абай жолын» оқымаған қазақ па?
Аттың сынын оқып жылқы танығам.

Абай ма, әлде Құнанбай ма  көреген,
Сөз атасын биік қойған Төреден?
Хан көтеріп қара сөзін қазақтың,
Өлеңді де патшалыққа теңеген.

Жаратқаным жаратты ма сүйектен
Ыстық қайрат, ақыл, жылы жүректен?!
Қара сөздің құдіретін көрдің бе?
Қараңғылық, надандықпен күрескен.

Танымаған кейбір надан жүр азып,
Сағынғанда жүрегіме  жыры − азық.
Адамзаттың сағынышы бір бөлек,
Шыңғыстаудың таулары тұр құлазып…

Өлең сөзді биік қойған тағынан,
Талғампаздың бірі болып табылам.
Хан даланың сөз патшасын таба алмай,
Телғараның текті өлеңін сағынам…

 

 

Дәулетбек  Думан

9-сынып оқушысы

Дәулетбек Думан

ЖЕБЕУШІ…

Жырларың қандай, теңіздей терең тұңғиық,

Қара халықтың жағдайын жырлап, шын күйіп.

Жеті жоқтарын түгендеп қазақ жұртының,

Ертеңді ойлап, көңіліне толған мұң-күйік.

Қырғи тілі мен қанжардай өткір қаламы,

Хәкім Абайдан айтыңдар, қане, кім биік?

 

Хақ Тәңірімнен білдірем тілек бола гөр,

Тірі пендеңе ақыл мен ойлы сана бер!

Жақсы-жаманға, бай-кедейге де ақыры,

Бұйыратыны қырық сүйемдей қара жер.

Осыны ұғып қолыңа қалам алдың да,

Жаһаннан жалғыз іздедің, баба, жаңа жол.

 

Өмірде мынау сан қилы белес, жолменен,

Біреулер жүрді ақ, адал асын жеуменен.

Біреулер жүрді болыс болуға ұмтылып,

Күншілдік ойын күбірткідейін жеуменен.

Ал, Абай бабам шығарған жанын кеудеден,

«Қазағым елім, қайран да жұртым» деуменен.

 

Біз қазақ едік,

Қымызын ішіп, күйіне құлақ түргізген,

Билігін жалғыз Жаратқан ғана жүргізген.

Ақ патша келіп, қаймағын бұзып қазақтың,

Жақынды жат қып, келімсектерін кіргізген.

Бөрілерінің азу тістерін алғызып,

Күшігін әкеп босағамызда үргізген.

 

Заманда сондай запыран жұтып, зәр іштің,

Адалдық үшін арамдықпенен алыстың.

Болашағыңды қара сөзіңмен баулыдың,

Бұғанасындай берік болуға барыстың.

Төртеумізді түгендеп, сірә, жүрсің-ау,

Аруағыңменен төріңде сонау ғарыштың.

 

 

Дәуренбекұлы  Абылай

10- сынып оқушысы

 Дәуренбекұлы Абылай

                        ТҮС

(Абай Құнанбайұлының рухымен тілдесу)

 

Жасымас жігерің − от, намыс − жалын,

Белгілі мыңмен жалғыз алысқаның.

Қара қылды қақ жарып қайран ата

Ұрпаққа ұлы мұра табыстадың.

 

Жұртың үшін сен шыққан төбе құнды,

Ұлтың үшін көтердің беделіңді.

Жырға қуат, жаныма азық етіп,

Санама серік қылдым өлеңіңді.

 

Абай ата, сен менің киелімсің,

Құлай қалсам қолтықтан сүйерімсің.

Айналған өмірімнің өзегіне

Әрбір қарасөзіңді сүйемін шын.

 

Осылай терең ойда жатқанымда

Ұйқы қысып, көз ілдім қас қағымда.

Тілдестім мен өзіңнің рухыңменен,

Жол сілтеп, жөн көрсеттің жас дарынға…

 

«Бүгін сен қара өлеңге қадам бастың,

Қара қылды қақ жарған ақ алмассың.

«Жүрегіңнің түбіне терең бойла»

Әйтпесе, тым әріге бара алмассың.

 

Шалқысаң, өз ұлтыңмен шалқы дер ем,

Дәріптей біл дәстүрін салтыменен.

Еліңнің сүйіктісі болам десең,

«Адамның баласы бол алдыменен».

 

Тәтті түс, мен дәміңді татып тұрдым,

Қалың ой орманына батып кірдім.

Абайдай тұлғалардың ұрпағымын,

О тоба, мен не деген бақытты ұлмын!

 

Ғажап түс, тағы бір сәт орал тегі,

Мұндай бақыт басқаға қонар ма еді?!

Жан дүнием жадырап, денем балқып,

Қара өлеңге ғашықпын содан бері.

 

Шалқып кірдім қара өлең базарына,

Жүрегім талай дастан жазады ма?

О, Тәңірім, қарызбыз біз өзіңе,

Абайдай тұлға берген қазағыма.

 

Түлеп ұштым Абай жыр мекенінен,

Өлеңмен елге қызмет етемін мен.

Даңғыл жолды бетке алып Абай салған,

Ұстадым қара өлеңнің жетегінен.

 

                  ЕЛІМ ДЕЙТІН ЕРМІЗ

Жылқының да дарасы бар қазанаты бір бөлек,

Жігіттің де данасы бар азаматы бір бөлек.

Ер жігіттің хас сұлтанын елден кім деп сұрасы,

Ойланбастан Шаяхметов Әділ аға деу керек.

 

Өнегелі өмір жолың тебірентіп жырымды,

Парасатты басшылықты мақсат қылдым сырыңды.

Қауіпсіздік комитетін абыроймен басқарған,

Елді ойлаған Ер Түріктің ізі сенсің бүгінгі.

 

Қызмет еттің күні-түні ұлтың  үшін көз ілмей,

Мақтап айтар қасиетің қанға  сіңген төзімдей.

Ерім дейтін ел боламыз қалауымен Алланың,

Елім дейтін ерлер болса айбаты бар өзіңдей.

 

 

 

 

Әшімбек  Ұлтай

10-сынып оқушысы

Әшімбек Ұлтай

 

АБАЙЫ ЖАСАЙ БЕРСІН ҚАЗАҚТЫҢ!

 

Әрбір сөзін, әр өлеңін Абайдың,
Тәрбиенің ордасы деп санаймын.
Оқимын да таң тамаша дем алып,
Жыртығы көп жүрегімді жамаймын.

 

Құлаш сермеп, ғылым менен ілімге,
Жырлап өткен жалпақ  жұрттың тілінде.
Ата сенің мұхиттайын мұраңды,
Мен қасықтап ішіп келем бүгінде.

 

Жұмбақ адам заманында дүрбелең,
Жүрегіммен жаратылған бірге өлең,
Ұлы Абайдың «У»-ы барма ішпеген,
Жалғыз  өзі алысқанда мыңменен.

 

Көгімізден  нұрын төгіп азат күн,
Отанымыз күйін кешіп ғажаптың.
Әр сөзінен ұғындырған ұлылық.
Ұлы Абайы жасай берсін қазақтың.

 

 

Қаирмағамбетова  Томирис

10-сынып оқушысы

 

Қаирмағамбетова Томирис

                    АБАЙ ІЗІМЕН

 

«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»,

Әлде бұл сұм заманның парқынан ба?

Дос деген жем іздеген тауық болып,

Дұшпаның жау көзімен сұқтағанда.

 

Дос дейміз арзан күліп бір жүргенді,

Сөзіңді сөйлеп сені құп көргеңді.

Бұлт төніп, алмағайып күн туғанда,

Сезерсің шаян болып сырт бергенді.

 

Дұшпанның қоқырайған сырты бүтін,

Зұлымдық ойлап-ойлап іші түтін.

Ол қашан қастық қылып үлгергенше,

Іштегі өз жауыңнан мықтап күтін.

 

Іздеймін ақ пейілді адал жанды,

Көңілім қаламайды жамандарды .

Заманның адамына қарным ашып,

Менің жап-жас жүрегім алаңдаулы.

 

 

              ЗАМАН АҚИҚАТЫ

 

Көк байрақты тәуелсізбіз, ерікпіз,

Тіліміз бен дінімізге берікпіз.

Салтымыз бар ата-баба мұрасы,

Бірімізге біріміз халқым серікпіз.

 

Алайда мен айтайын деп шындықты,

Бел байладым, сол күн міне туыпты.

Өсек, өтірік, мақтаншақтық бүгінде,

Әр қазақтың араларын суытты.

 

Еркінбіз деп кеудемізді кереміз,

Қытайларға неліктен біз сенеміз?

Ақша дедік, тиынды да артқа сап,

Керісінше коммунистен келеміз.

 

Ақыл, сана, сабыр менен тұнықтық,

Қайда қалған қазағымда ұлықтық?

Ұйқы, тамақ, күлкі бізге жат қылық,

Соны неге халқым-ау, біз ұмыттық?

 

Қызыл тілдің құдіретін түсінбей,

Қалай болса солай сөйлеп күрсінбей.

Санасыз, ойсыз, ақылсыз, надан халықты,

Көрген кезде қорқынышты түсімдей.

 

   ҚИЯЛДАН ТУҒАН АРМАНЫМ…

 

Көзге елес болып,

Жанымды менің

Жаралап едің, соны ұққам.

Жүректің сөзін,

Санама тоқып,

Мен сені біраз ұмытқам.

 

Сезімнің еріп жетегіне тым,

Махаббат па еді жолыққан?

Ғашықтық па әлде,

Бір қинап,  бірде жылытқан.

Күлкіңнен ғана

Көруші едім,

Бақыттың сәл-сәл белгісін.

 

Қиялдан туған арманым болдың,

Арманым болдың мен үшін.

Құр үміт мені алдады тағы,

Шыдауға енді кем күшім.

Жанарың түсіп, көзге ілмей тіпті,

Қинадың мені не үшін?!

 

Тілеулес  Марат

9-сынып оқушысы

 

Тілеулес Марат

Әрбір сөзін, әр өлеңін Абайдың

Кішкентайдан жаттап өстік талай күн.

Жүректерге жақын болған жырлары

Тұла бойын елжіреткен талайдың.

 

Қарасөзің бізге үлгі емес пе,

Үйретіп ең орынсыз бір күлмеске.

Бес нәрседен қашық болған адамдар

Бұл өмірде қателеспей жүрмеске.

 

Парасат пен білімің бар бойыңда,

Інжу, маржан құндылық бар ойыңда.

Ақындардың ішіндегі жұлдызы

Болар сені ең биікке қоюға.

 

Үйреттің ғой барлығын да еңбекке,

Адамдықты үйреткен ең сен көпке.

Сен ғанасың күллі қазақ баласын

Ақылыңмен биіктерге өрлеткен.

 

 

Абжанова  Мерейлім

8-сынып оқушысы

Абжанова Мерейлім

                   АБАЙ АТА

 

Жырлары жүрегіме жағады ғой,

Абайдың өсиеттері салады ой.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», −

деген сөзі жүрегімде қалады ғой.

 

Адамдықты мақсат еткен әр адам,

Абай сөзін нәр етуді қалаған.

Бес нәрседен қашық бол деп үйреткен,

Бес нәрсеге асық болған әр адам.

 

Абай деген ұлы ақын қазақта,

Абайға жетер ақын бар  ма ғажап та.

Мұхтар атам айтып кеткен Абайды,

Барша қазақ жаны мәңгі қалайды.

 

Қалидолда Шалқар

8-сынып оқушысы

 

Қалидолда Шалқар

                     АБАЙҒА АРНАУ

 

Абай ата, қазақ жұрты өзіңмен мақтанады,

Жырыңды оқып жастарың шаттанады.

Ақыл толы қарасөздеріңді естігенде,

Ләззат алып жүрегім бақ табады.

 

Сенен алып өнеге ұлағаттап,

Ұрпағың есіміңді жүрер жаттап.

Өзіңіздей болмасам да ақын мен  де,

Маңындамын өлеңнің әдеп сақтап.

 

Сендей ақын жоқ мүлде, бұл ғаламда,

Сыршыл едің «өлең» атты жыр қалада.

Өрмелеп шыға алдың, Абай ата,

Өмірде көкке тиген шыңға дара.

 

Дәуленхан Аружан

8-сынып оқушысы

Дауленхан Аружан

 

                    АБАЙ АТАҒА

Сөз әлемі секілді әр ақынға,

Қалықтаған қара өлең қанатында.

Сүрлеуін сөзбен салған Абай атам,

Поэзия әлемінде дара тұлға.

 

Қарасөз, қара өлеңі өрістеген,

Әр сөзінен таусылмас жеміс терем.

«Қалың елім,  қазағым, қайран жұртым»,

Деп жырлаған «У бар ма, мен ішпеген..»

 

Ақындар көп аңсаған азат таңын,

Ойлаған оқырманның озат халін.

Осындай ақындардың тек данасы,

Абай ата сөздері мәңгі қалды.

 

Оқысам, өлеңіңе тасып толдым,

Өлеңге жас кезімнен ғашық болдым.

Бес нәрсеге жетуге асық болдым,

Бес нәрседен Сіз арқылы қашық болдым.

 

Тасмұратова Дана

8-сынып оқушысы

Тасмұратова Дана

 

АБАЙ ТІРІ – ЖАСАЙДЫ ОЛ МӘҢГІЛІК

 

«Абай ата болған бұрын, қазір жоқ»,

дейтіндерге өкпем  менен назым көп.

Абай тірі, Абай жасайды мәңгілік,

Ұрпақтары біз тұрғанда жалын боп.

 

Абай ата жанымызда әрдайым,

Әлі күнге жұмбақ бізге қандайың?

Тәнің өлі болғанменен рух тірі,

Шабыт берер әрбір сөзің әрдайым.

 

Абай – дана, ғұламасы қазақтың,

Өлең сөзі, ой санасы  ғажап тым.

Абай деген атты естісе бұлқынып,

Намыс оты оянады қазақтың.

 

Құнанбайдың тұяғы ол – мақтаныш,

Ойыменен шешендігі ор қылыш.

Қызыл тілім бұлқынады тұлпардай,

Шабыт келсе тоқтамайды қаламұш.

 

Абай тірі жанында әрбір ақынның,

Шығар шыңын көрсетеді ақылдың.

Әрбір сөзі қалар мәңгі санада,

Соқыр көзін ашады ол пақырдың.

 

Абай –дара, Абай –дана қазақта,

Абайды оқып мен сенемін ғажапқа.

Абай тірі, жасайды ол мәңгілік,

«Жоқ» деп айтқан шыдамаймын азапқа.

 

Абайды біл, Абайды оқы, өлмейсің,

Өзіңді Абай шәкіртіңдей көргейсің.

Абай – асыл, Абайы ол халықтың,

Абай тірі осыған сен сенгейсің.

 

 

Сүндетова Анель

8-сынып оқушысы

 

 

АБАЙ – ХӘКІМ

Абай − хәкім, Абай −дана, көзін ашқан халықтың,

Дана ойлары тәлім берер бағдаршам ғой  ғажап тым.

Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілген,

Тілегені, ойлағаны − аз халқына азаттық.

 

Абай  тірі  − жасайды ол ілімімен мәңгілік,

Қарасөзі, өлеңдерін тәлім етем жыр қылып.

Талап, еңбек, терең оймен болашаққа барамыз,

Толығады даналықпен ақыл-ой мен санамыз.

 

 

Түймехан  Мейрамбек

8-сынып оқушысы

Түймехан Мейрамбек

 

АБАЙЫМДАЙ АҚЫНМЕНЕН МАҚТАНАМ

 

Абайымдай ақынменен мақтанам,

Құндылығын өлеңнің ол сақтаған.

Іздеп, көріп бәрін де сіз секілді,

Өлеңнің мен қойнауын ақтарам.

 

Қазынасы, байлығы ол халықтың,

Өнеріне Абай ата  қанықпын.

Ол туғанда айдың өзі жымыңдап,

Көк аспанда жарқыраған жарық күн.

 

Көкірегін ешқашан ол кермеді,

Қарасөзге келгенде дес бермеді.

Ұл туса да ақын болмас Абайдай,

Себебі ол сөз қылышын сермеді.

 

Абай  жырын айтам мәңгі жыр қылып

Атырған ғой  өз өнерін таң қылып.

Өлмейді ол, өшпес аты, еңбегі,

Жүрегімде соғып тұрар мәңгілік.

 

Оразгелді  Дана

8-сынып оқушысы

Оразгелді Дана

                           ***

Қарасөзі толы болған тек ақылға,

Өлеңімді арнаймын дара ақынға.

Көрсеттің өз халқыңа үлгі-өнеге,

Қалдырған тағы да бар өсиетің де.

 

Қалайша Абайды мен пір тұтпайын,

Қалдырған өнегеңді ұмытпаймын.

Дана болған, дара болған Абай атам,

Өсиетіңді жүректе мен сақтаймын.

 

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек,

Абай атам айтып кеткен бұл өсиет.

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті деп,

Тектен текке айтпаса оны керек.

 

Абдулла Назым

8-сынып оқушысы

Абдулла Назым                       

  ДАРА ДАРЫН

 

Енші болып Абайға зерек, мол дарын,

Қайда барсақ, қамтып кеткен ол бәрін.

Тілге жеңіл, жылы тиген жүрекке,

Кімдер жатқа айтпайды өлең жолдарын.

 

«Желсіз түнде жарық айдан» тарайды ән,

Аударма да басталады Абайдан.

Ғақлия қарасөздің қайнары,

Той тарқамас Абай соққан сарайдан.

 

Болса деді өмірдің әр сәті ізгі,

Халық құптап, одан үміт жат үзді.

Әулиеден артық көріп пір тұтты,

Фирдаусиді, Низамиді, Хафизді.

 

Кемеңгердің болмайды деп бөтені,

Таныстырған Лермонтовты,  Гетені.

Әр заманға айтары бар сарқылмас,

Айтыңдаршы, Абайға кім жетеді?

 

 

Зейнабидин  Заңғар

11-сынып оқушысы

     Зейнабидин Заңғар

 

ӘДІЛ ДЕЙІН АҒАЛАРЫМ КӨП БОЛСА…

 

Қазақ дейтін батыр халық ежелден,

Дұшпанына садақ, найза кезенген.

Намысты Һәм, өшпес ізді ерлер көп,

Жазар болсам өр ерлігін өлеңмен.

 

Ерек батыр, білемін ер ағамды,

Халық берер, анық берер бағаңды.

Әділдейін ардақ тұтар ағам бар,

Қорғап жүрер  елім, жерім, даламды.

 

Ұшқан талай ұлағатты қыз-ұлдар,

Дарыным бар, астын ерек сызыңдар.

Әділ аға, біздер мақтан тұтатын,

Бұл мектепте сенің жарқын ізің бар!

 

Кеудесінде рухы билік құрғанда,

Дұшпанымыз жоламайды бұл маңда.

Генералы жауынгердің жарақты,

Сүрінбеген соқпағы жоқ сындарда.

 

Санамыз да шартарапқа бөлінбес,

Жастарымыз жалындаған от болса.

Ел іргесі ешқашанда сөгілмес,

Әділдейін ағаларым көп болса!

           

         ҰСТАЗЫМА

Ұстаз деген шапағаттан жаралған,

Шапағаттан нұр сәулесі таралған .

Елім деген ұрпағыңның бәрі де,

Бір ұстаздың тәрбиесін тең алған.

 

Кімге болсын ашық еді көңілің,

Үлгі-өнеге біздер үшін өмірін.

Сыйлар едім қолдан келсе теңізді,

Сыйлар едім көктегі бұлт бөлігін.

 

Айтатұғынсың ғылымын ұғып жер көктің,

Тек біздер үшін, тек біздер үшін тер төктің.

Күндіз білім деп, түнде уайым жеп жүретін,

Жемісін көрдің ізгілікпенен еңбектің.

 

Ұстаз ана жайнай берсінші гүл бағың,

Мендік білімің өмірден түйген, тұнғаным.

Келеді әлі тәрбиең бізді жетелеп,

Қазағымның қыздары мен ұлдарын.

 

     ҚАЗАҒЫМНЫҢ АЛЫБЫСЫҢ, СӘКЕН АҒА!

Қазағымның алыбысың талмайтың,

Көңілімнің ұшқынысың жалғайтын.

Сенде күш бар киелісің себебі,

Сен пірімсің жаман аттан қорғайтын.

 

Құрбаны боп ұлты үшін сүргіннің,

Ащы дәмін көрді-ау бабам көргіннің.

Азап   пенен азаттықтың жолында,

Ғұмырын қиды,есте болса білгеннің.

 

Мен сенемін ұрпағына Сәкеннің,

Мен сенемін ұлдарына Сәкеннің .

Сен бірлікке, бостандыққа шақырып ,

Қазағымды жаңа өмірге әкелдің.

 

Болмасын деп байлығы басқаға азық,

Кеткен бабам тарихын тасқа жазып.

Тарих болар сен өмір сүре білдің,

Мәңгілікке отысың жүрегімнің!

 

Сапы  Бақытжан

11-сынып оқушысы

Сапы Бақытжан

  ӨНЕРДІҢ ШЫҢЫ, ӨЛЕҢНІҢ АЛЫП ТІРЕГІ

 

              ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВҚА АРНАУ

 

Ұлы баба!

Жамбыл тауы ма, әлде Алатау ма едің,

Қойнауы қазына жинаған өлеңнің кенін.

Ұлытау ма едің, қара өлең, есімің де ұлы,

Ұлықтай аламын ба, ұлылығыңды сенің?

 

Жүрегі жүз, жырлары мәңгі жасаған,

Өмірі − өлең, серігі жыр мен асқақ ән.

Батырлығың патшаға қарсы сөз айтып,

Өлеңі − ұран, майданда қолды бастаған.

 

Жыр алыбы, айтыстың  асқан шебері,

Өнердің шыңы, өлеңнің алып терегі.

Қиналсам егер басыңа барып табынам,

Жарама дауа, жаныма қуат береді.

 

Сен ғасырсың! Есімде жыр байтақ ән,

Өлең мұхиты, жыр толқыны шайқаған.

Сен мәңгісің Алатаудың алып қыраны,

Ал біреулер, қата өмірге келсе қайтадан.

 

 

Қанапия Алтынай

11-сынып оқушысы

Қанапия Алтынай

                  СЫПЫРТҚЫ

 

«Оқы балам, ерінбе, оқы балам,

Кез болмайсың тірлікке тоқыраған.

Көңілінде бір уайым қайғысы жоқ,

Өмірінде оңбайды оқымаған!

 

Разы болсын әкең мен саған анаң,

Не болады деймісің?

Қара, балам!

Сыпыртқымен жүресің көшелерде,

Анау адам секілді, анау адам!

 

Мен оқуға кезінде жан салып ем,

Қарашы, қандай болдым, қанша білем!»

Деп бір әке ұлына «ақыл» айтып,

Жұмысшыға нұсқады саусағымен.

 

Қай жағынан байқасаң, көрсең мейлі,

Шенді боп, шекпенді боп өнсең мейлі.

Жоғарыдан қарама ешкімге де,

Адамдық мамандықпен өлшенбейді.

 

Не деп енді атаймыз мұндайларды,

Ой бұлдырап, қайтейін, тіл байланды.

Оқыдым деп несіне шіренесің,

Өткізгендей басыңнан мың майданды?

 

Адамдық − асқар биік шыңдай мәңгі,

Өмірді өткізейік сынбай мәнді.

(Айтпақшы, ал сол әке сол мезетте

Өзі айтқан сыпыртқыға тұрмай қалды)

 

 

           ОТЫРАРДЫҢ ДАРА ҰЛЫ

 

Әрбір таңын оқуменен атырар,

Жанарында даналықтың оты бар.

Мың  жыл бұрын дүниеге әкепті,

Бір ұлыны алтын құрсақ Отырар.

 

Пайдаменен өткізем деп жыл сәтті,

Тек ілімге аударыпты ынсапты.

Майшам жағып, ғылым іздеп әр түні,

Бар тапқанын кітаптарға жұмсапты.

 

Қанық болған біліктілік сырына,

Күллі әлем бас иеді ұлыға.

Ғылым іздеп, білім іздеп жас күні

Шықты биік даналықтың шыңына.

 

Деректері шын қазына, шын асыл,

Айтқанында тұрар әркез тұна сыр.

Бізге жеткен еңбектері бүгінгі −

Ұлы ұстаздың баға жетпес мұрасы!

 

Ұлы басқан әр уақытта жатар із,

Кітабынан білім нәрін татамыз.

Күллі әлемге «екінші ұстаз» атанған −

ӘбуНасыр әл-Фараби атамыз.

 

Ғылым деген, білім деген  бақта күш,

Тарихымда көп болған ғой мақтар іс.

Фарабидің болғанымыз жерлесі −

Біздер үшін, міне, нағыз мақтаныш.

 

Шалқар Досмахан

10-сынып оқушысы

Шалқар Досмахан

 

Әділ ағам ел намысын қорғаған,

Көш соңында еш уақытта болмаған.

Келешектің мұнарасы секілді,

Бабалардың аманатын жалғаған.

 

Барша қазақ айдынысыз елдегі,

Үлгі-өнеге аламыз біз ендігі.

Генералдық міндетті атқаруда,

Қазағымның ертеңі еді еңбегі.

 

Ел аңсаған әділетті жолдансыз,

Ел шыңына еңбекпенен қонғансыз.

Алтын топшы самұрықтың басшысы,

Айқындықтың символы да болғансыз.

 

 

Бақытжанова  Ақбота

9-сынып оқушысы

Бақытжанова Ақбота

 

                    ТІЛІМ МЕНІҢ

 

«Тілім менің – тірлігімнің айғағы»,

Егеменді елдің ұлы байрағы.

Рух беретін, мәңгілікке бастайтын,

Шоқ жұлдызы, ұлттың нағыз айбары.

 

«Тілім менің – тірлігімнің айғағы»,

Тілін сүйген болар ұлттың қаймағы.

Онсыз болмас тіршілік те баянды,

Халық үшін нағыз қару ойдағы.

 

«Тілім менің – тірлігімнің айғағы»,

Сенсіз менің күнім де жоқ жайдары.

Тектіліктің белгісіндей бабамыз,

Тіл дегенде серттен әсте таймады.

 

 

Шайхы Нәзік

 10-сынып оқушысы

 

 Шайхы Нәзік

 ЖАҢА ЖЫЛ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

 

Жаңа жыл келген сайын жасарып,

Жыласақ та қуаныштан жас алып.

Жаныңызға ойын, күлкі серік боп,

Жолдасыңыз болып алсын қасарып.

 

Жия алмай есімізді масайып,

Жүрейік ырыс-бақтың көгінде.

Жатып алсын құт-береке шалқайып,

Жылдан жылға үйіңіздің төрінде.

 

Жерімізде  күн сәулесін таратқан,

Жебеп жүрсін бәрімізді Жаратқан.

Жаңа жылға тілегіңіз қабыл боп,

Жолдаманы ұтып алыңыз, Жәннәттан!

 

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *