ТӨРТ ТЕҢІЗДІ ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКИЯ ТӨРТ ТЕҢІЗДІ ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКИЯ
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Біздің редакциямыздан таяқ тастам жерде «Стамбул» деген дәмхана бар, әрі-бері өткенде шыны қабырғаның арғы бетінде... ТӨРТ ТЕҢІЗДІ ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКИЯ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі

туркия

Біздің редакциямыздан таяқ тастам жерде «Стамбул» деген дәмхана бар, әрі-бері өткенде шыны қабырғаның арғы бетінде кофе ішіп отырғандарды жиі көремін. Республика даңғылы бойындағы «Стамбул» деген дүкенде Түркиядан жеткізілген киімдер сатылады. Осыдан-ақ қандастарымыздың бизнес әлемінде көптеген елдерді жаулап алғанын аңғарамын. Расында, Түркия таңғажайып табиғатымен әлем халықтарының назарын өзіне аударып отырған өркениетті мемлекет. Кезекті еңбек демалысымда осы ғажайып өлкеде болып қайтудың сәті түскен еді. Жұмыс орныма келе жатып та, қайтып бара жатып та «Стамбул» деген жазу жылыұшырап кезіге бергендіктен де болар, қаламыма қанат біткендей. Оның үстіне туысқан Түркия топырағынан тапқан олжам қойын-қонышыма сыймай жүрген еді. Сол сапардың әсерін оқырмандармен бөліскенді хош көріп отырмын.
Шымкент әуежайынан көтерілген алып лайнер зау-заңғар аспанда бес сағат бойы заулады. Ту-ту-у төменде тау – төбедей, теңіздер – тебендей, өзендер – өрмектей болып қалып бара жатты. Ұшақ көтерілген биігінен төмендей бастағанда ну жынысты ормандар мен тәкаппар таулар, телегей теңіздер үстімен келе жатқанымызды көрдік. Тауыр (Тавр) тауы маңғаз көрінеді. Гонюк (түрікше «аспанкөк тараптағы құнарлы аңғар» жазығында бірнеше тақтаға бөлінген алқап жатыр. Гонюк – анар мен апельсин бақшасымен белгілі. Жасыл, алқаракөк, қоңыр, сарғыш, көгілдір түске малынған танаптарда түрлі көкөніс өседі. Негізінен, түріктер жылыжай өндірісін жақсы жолға қойған. Анталияға қонар алдында ұшақ бірнеше жылыжайдың үстімен ұшып өтеді.
Анталия әуежайында бізді туристік фирманың өкілі (гид) күтіп алып, автобусқа бастап әкелді. Мұндағы автобус жолаушылар үшін өте қолайлы. Салон іші мұнтаздай таза. Орындықтары кең де жұмсақ. Кондиционер бірқалыпты жұмыс істеп тұр. Теңіз жағалап тартып кеттік.

Түтінсіз өнеркәсіп

Кеңқолтық қазақ мақтанғанда қонақжайлығын көлденең тартады. Түріктердің қонақжайлылығы бізден бір мысқал да кем емес, қайта асып түскендей. Олар осы қонақжайлылығын кәсіпке айналдырып алған. Жоқтан – бар, бардан – байлық жасап отырған есепшіл халық. Туристерді күтіп алу, оларды қонақүйлерге жайғастыру, мәмлелесу, түсінісу жағына келгенде олардың алдына түсетін жан жоқ. Қызмет көрсету сапасынан мін таба алмайсыз. Қонақүйлерде құжаттарыңызды рәсімдеп бола бергенде қол жүгііңізді бөлмеңізге қарай ала жөнеледі. Автобус жүргізушісі де қонақүйге жүгімізді өзі түсіріп беріп кетіп еді. Адамдары алдыңда құрдай жорғалап қызмет етіп жүргендіктен де шығар, өзіңді бір сәт сұлтан санап қаласың.
Біз Кемер қаласына беттеп келеміз. Үш рет тауды қақ жарып тескен туннелден өттік. Әр туннелдің ұзындығы 10-15 километрдей. Іші самаладай жарқырап тұр.
Айнала сұқсыр сұлулыққа малынып тұр. Тауыр тауы, теңіз жағалауы, әртүрлі дәрежедегі, әртүрлі кескін-пішіндегі зәулім қонақүйлер, пальма ағаштары, бәрі-бәрі таңсық.
Кемер – Анталияның оңтүстік-ба-тысында 42 шақырым қашықтыққа орналасқан курортты қала. Айналасын Тауыр тауы қоршап тұр. Халқының саны 20,1 миллионнан асады. Кемер – Анталия провинциясының орталығы болып табылады. Бельдиби, Гейнюк, Кемер, Кириш, Чамьюв, Текиров болып алты зонаға (біздіңше шағынаудан) бөлінеді.
1910 жылға дейін Кемер Эскикей (қазақшасы ескі ауыл) аталатын батпақ үстіндегі ауыл екен. Кейін Лихия Идрос ауылы атанған. Таудан жиі сел түсіп, үйлерді қиратып кете берген соң ХХ ғасырдың басында жергілікті тұрғындар 23 шақырым тас қабырға салады. Таулармен қоршап тұрған қабырғаның құрметіне қала түрік тілінде «белдеу» ұғымын білдіретін Кемер атауына ие болады. Жерорта теңізі жағалауында жолыққан түрік қандастан «Кемер не мағына береді?» деп сұрағанымызда олар белдігін көрсеткен. Содан барып менің есіме «кемер белдік» деген сөз түсті.
Ал, Текиров деген жер атауы «Теке» деген сөзден шыққан. Бізде Текелі қаласы бар емес пе? Өзін Али деп таныстырған түрік жігіті «Бельдиби» сөзін «беліңді бу» деп аударып берді. Түріктерде «қызыл», «қырмызы», «жұлдыз» деген сөз бар. Түріктер «қырмызы» деп ақ түсті атайды. Али «біздің атажұрт – Алтайда» дейді. Сосын «Қазақстан біздің Атажұрт» деп қосып қойды. Туыс қайда да, тіпті Айда да туыс. Төбеміз көкке жетпей қалды.
Кемер – палеолит дәуірінен қалған көне тарихи ескерткіштерге бай қала. Бельдби үңгірінен рок-картиналар, тұрмыстық құрал-саймандар, ыдыстар табылған. Олимпос көне қаласының қираған орыны, тау жықпылдарын ойып салған тауасты жолдары, арқанды жол, Фаселис қаласының қалдықтары, Афина мен құдай Гермес храмының қирандылары туристердің айналшықтап шыға алмайтын жері. Жол бастаушылар осы маңдағы ғибадатханада ұлы Александрдың қабі-рі бар деп сендіреді. Ал, жерасты су қоймасы – акведук қалдықтары тіптен таңырқатады. Оның құрылысы әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып келеді екен. Ганюк жазығындағы табиғи ескерткіштер, ғажайып таулар мен шатқалдарды тамашалауға әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Тахтала-Кемердің ең биік нүктесі. Оған Еуропадағы ең ұзын телекоммуникациялық көлікпен жетуге болады. Биіктен туристік қала алақанындағыдай көрінеді.
Түркия – туризм саласымен дәуірлеп отырған мемлекет. Осында жылына 30 миллион турист келіп, тынығып кететін көрінеді. Тереңірек үңілсек. Түркия елінің сұлулығын басқа елдерге танытуды мақсат тұтқан Ататүрік өз отандастарына «түтінсіз фабрика» салып беруді жоспарлайды. Осы мақсатпен 1923 жылы «Түркия – саяхат» қауымдастығы құрылады. Ұйым тозығы жеткен ғимараттар мен маңызы бар жерлерді қалпына келтіруге үлес қосады. Ал, 1985 жылдан туризм секторына инвестиция көптеп бөліне бастаған. «Түтінсіз өнеркәсіптің» негізі осылай қаланады.
Шын мәнінде қандастарымыздың тұр-ғылықты жеріне Алланың назары молынан түскен. Мемлекетті Ақтеңіз (Жерорта), Қара теңіз, Мәрмәр, Эгей теңізі қоршап жатыр. Мемлекет территориясының 97 пайызы Азияда, 3 пайызы Еуропада. Сондықтан осы елден келетін туристер қыруар. Теңіз туризмінен түріктерге түсетін қаржы миллиардтаған долларды құрайды. Туристер қонақүйлермен қатар яхталарда түнегенді ұнатады. Сарқырамалар, өзен аңғарлары, арал-дар мен түбектер қонақтарды қашан да қызықтырады.
Жерорта теңізін Ақтеңіз деп те атайды. Десе дегендей, теңіз беті аппақ болып жатады. Суы тұзды болғанымен мөлдір. Теңізден шыққан соң суды денеден шайып тастамау керек. Өйткені, тұзды су тері ауруларына таптырмайтын шипа. Мөп-мөлдір су астында аппақ тастар көрініп жатады. Шабақтар аяғыңды тістелеп ойнайды. Теңіз беті таңертеңнен ымырт үйірілгенше тынығушылардан босамайды. Кемелер әрі-бері жүзіп өтеді. Әуе шарына мінгендер заңғар көкте қиқу салады. Оларға шағалалар қосылады.
Туристік сервис өте жақсы дамы-ғандықтан да Түркия елінен жер алып, бизнес ашқысы келетіндер көп. Әйткенмен, мұнда жер учаскесі өте қымбат. Егер 3-5 соттық жерге 4-5 қабатты ғимарат түсуі тиіс болса, үкімет сізге жобасын, құрылыс эскизін өздері дайындап береді. Құрылысты толықтай өз қаржыңызға салдыруға болады. Қаражатыңыз жетпесе, үкімет бөліп төлеуге төмен өсімді несие береді. Құрылыс компаниясымен келісіп, ғимарат сала аласыз. Мұндайда ғимаратты құрылыс компаниясымен бөлісуге тура келеді.
Айтпақшы бізді «Ғате Residence park» қонақүйіне әкеліп орналастырған жігіттің есім-сойы Амир еді ғой. Біздіңше Әмір. Қонақжайда ет, сүт, көкөніс және балық өнімдерінен дайындалған тамақ түрлері ұсынылады. Мұндағы қарбыз сопақтау келеді екен, алайда дәмі тіл үйіреді. Шай, кофе ішемін десеңіз, мархабат, шектеу жоқ. Қонақүй қожайыны Сонер деген жігіт шын мәнінде қонақжай жігіт болып шықты. Оның айтуынша, кофе ХV ғасырда Түркияда пайда болған. 1554 жылы қызғалдақтың баданасы Стамбулдан Венаға әкелінген, сөйтіп Еуропа бойынша тұқымы тарап кеткен.
Мен Сонерге «Ақсақ Темірдің алмас қылышы» деген кітабымды тарту еттім. «Үйімнің төріне қоямын. Осында бір қазақ жазушысы демалды деп үнемі айтып отырамын» дейді ол. Кітаптың құдіреті ме, әлде қанда бар туыстық па, сол күннен бастап Сонер бізге ықылас таныта бастады. Би кештерінде бізге арнайы үстел жабдықтады.
Кешкі Кемер келісті де көркем. Көше бойлары самаладай жарқырап тұрады. Негізінен мұнда сауда кешке қызады. Барлық үйлердің бірінші қабаты дүкендерге арналған. Сатушылар есік алдында түрік шайын ішіп отырады.
– Сәлем, жігіттер!
Жалт қарадық. Алдымызда күлім-деп түрік жігіті тұр. Қазақшаға судай. Сөйтсек, Жамбыл облысы Мерке ауданында туып-өсіпті. Мехмет бізді дүкеніне шақырды.
Орталық алаңда адамдар ығы-жығы болып тұрғандықтан, солай қарай аяңдадық. Киіз үйлер тігіліпті. Бір жерде бауырсақ пісіріп жатыр. Мұнда кезек ырғың. Сөйтсек, осы жерде әлем әдебиеті алыптарының бірі Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналған іс-шара өтіп жатыр екен. Айырқалпақты ағайындар көзімізге жылы ұшырады. Ш.Айтматовтың түрік тіліндегі туындыларын келушілер көптеп сатып алып жатты.
Кемер көшелерінде автокөліктер мен токпен жүретін мотоциклдер көп-ақ. Оларды бір немесе екі сағатқа сатып аласыз да қаланы емін-еркін аралап шығасыз. Мені тағы бір таңырқатқаны хабарландыру, маңдайшалардың барлығы дерлік орыс тілінде жазылған. Тіпті, көшеде «орыс борщы» деген асхана да бар. Мұның мәнісі демалысқа Ресей, Украина, Белорусь мемлекеттерінен туристердің көп келетінінде екен. Сауда орындарындағы тауарлар қолжетімді бағада.
Сауда демекші, Түркияның Бурса дейтін қаласында 400-ден астам жылдан бері өсіп тұрған шынар ағашы бар. Ағашты айналып тілек тілеушілер көп. Бір таңқаларлығы, төрт жүз жылдық ағаштың бір бұтағы да қурамаған. Ал көлеңкесінде қаншама адам демалып отырады. Осы маңдағы ауылдардың тұрғындары келушілерге жүзім, шабдалы, алма әкеліп сатады. Ағаштың көлеңкесіне дейін туристік бағытқа айналдырған бұл неткен тапқыр халық! Бізде осындай киелі жерлер аз емес қой. Айталық, Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем қорығы, Өгем таулары, Бәйдібек ауданындағы жерасты мешіті, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Қырық қыз, Шәймерден әулие, апырай, толып жатыр ғой…
Мұнда кейбір жолдар ақылы. Жолды пайдалану ақысы автокөліктің терезеге жапсырылған QR коды арқылы алынады. Сондықтан көлікті тоқтатып жатқан ешкімді көрмедік. Түріктердің тағы бір таңқалдырарлық тірлігі – жолаушыларға қызмет көрсетуі. Жолда жүру бағасы аса қымбат та емес. Ал, ұшақта орындықтарға әйел мен әйелді, еркекпен еркекті отырғызады екен. Анталиядан Стамбулға дейінгі ұшу бағасы бар болғаны 10 мың теңге шамасында екеніне қайран қалдық. Бізде ғой, ұшақ бағасы, пойыз бағасы мың құбылады.

Стамбул суреттері

Келбетті Кемердің кешкі көріністерін тамашалап жүрміз. Мұнда аяқ басқан сайын алдыңыздан туристік фирма шығады. Жылыұшырай қарсы алған жігіттің аты Арман екен. Әңгімелесу орысша жүрді. Ол бізді Стамбулға шақырды.
Таңғы сағат 4-те қонақ үй алдына туристік автобус келіп тоқтады. Не деген дәлдік десеңізші. Анталия әуежайынан Стамбул қаласына көтерілдік. Ұшақтан қарағанда қаланың о шеті мен бұ шетіне көз жетпейді.
Ұшақ Стамбулдағы халықаралық әуежайға келіп қонды. Ол қаладан 40 шақырым қашықтыққа орналасқан. Әуежайдың аумағы бір қаланың көлеміндей. Осындағы туристік сервисті, әуежай кеңдігі мен әсемдігін айтып жеткізе алмайсыз. Тағы ыңғайлы да жайлы автобус бізді ала жөнелді. Бірге барған досым, Шымкент қаласындағы балалардың бос уақытын тиімді өткізу мектебінің директоры Жолдасбек Күздеубаев теңізде керемет жүзетіні секілді Стамбул тарихына да жүйрік еді. Ол осында бірнеше рет болған.
Стамбул – тарихи орындар мен қорғанға толы қала. Көне Рим мен ислам мәдениетінің түйіскен бесігі.
Жолбасшымыз бізді әуелі Сұлтан Сүлеймен мешіті мен қорғанына бастап келді. Жалпақ жұртқа танымал «Сұлтан Сүлеймен» фильміндегі сарайлар мен гаремдерді көріп тұрмыз. Міне, мынау Осман империясының билеушілері тұрған Сұлтандар сарайы. Толқымау, тебіренбеу мүмкін емес. Бізге белгілі Сұлтан Сүлеймен мен Хюррем ханшайымның табанының ізі қалған киелі орын ғой. Қорған – Сұлтандар сарайы Стамбулдың ең биік жеріне салынған екен. Жолбасшымыздың айтуынша, осы сарайға туристер «Сұлтан Сүлеймен» көп сериялы фильмі шыққан соң бұрынғыдан да көбірек ағыла бастапты. Сұлтандар сарайын аралап шығу үшін бір тәулік аздық етеді. Біз Сұлтан Сүлеймен тағын, гаремдер бөлмесін, Хюррем ханшайымның хауыз-моншасын, сұлтандардың кеңес өткізген бөлмелерін мүмкіндігімізше аралап шықтық. Музейлердегі алтындалған бұйымдар, соғыс қарулары, жаһұт жәдігерлер көздің жауын алады. Сол замандағы салтанат сарайларының бояу-нақыштарына таңырқамай тұра алмайсыз.
1453 жылы ІІ Фатих сұлтан Мехмет бастаған османлы әскері Константинополь қаласын басып алды. Осыған дейін мұнда Византия императорының сарайы болған. Бұл кезде Мехмет 19 жаста ғана екен! Зеңбіректі қала – Топқапы сарайының өзі таусылмас тарих. 1854 жылы сарай құрылысы қайта жалғастырылыпты. Сарай 400 жыл бойы Ұлы Османлы мемлекетінің бас сарайы болып келген. 1983 жылы Топқапы музей үшін берілген. Қазір мұнда 65 мыңнан астам жауһар жәдігер бар. Осы жәдігерлер ішінде түріктердің талантты суретшілері табандап айлап-жылдап жатып Константинополь қаласын османлы әскерінің қалай жаулап алғаны жөнінде салған полотно табиғилығымен жүрек шымырлатады. Осындай полотноны Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінен де көргенбіз. Бүгінде Түркістан облысында да тарихи жәдігерлерді ояту жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Көне, қираған қалалардың орындарын аспан астындағы музей ретінде туристерге көрсетіп қана қоймай, 3Д форматымен түсірілген фильмдерді оларға қоса-қабат ұсыну жоспарланып отыр. Қала іргетасы мен көлемі, ғимарат орындары арқылы бүкіл шаһарды экран арқылы қалпына келтіріп, көрермендерге ұсынбақ. Лед экранда тіпті қала халқы саудасын істеп, зергерлік бұйымдарын жасап жатады. Тең-тең жүк артқан керуен-көш қалаға кіріп келеді. Осындай панорамалық музейлер туристерді көптеп қызықтырары хақ. Ендеше, сәттілік тілейік.
Сонымен, 1520-1566 жылдары билік құрған атақты І Сүлеймен салдырған құрылыстың кереметін тіліміз жеткенше жалғастыралық. Осында Сұлтан Сүлей-меннің музейі бар. Қасындағы Синан салдырған мешітте 5000 мұсылман бір мезетте Жаратушыға құлшылық ете алады.
Айя София музейінің іргетасы император Константиннің бұйрығы бойынша 325 жылы қаланған деседі. Оны 10 мың жұмыскер 5 жылда салып бітірген. Талай рет қираған, талай рет қалпына келтірілген. Кезінде Айя София әлемдегі ең үлкен ғибадатхана болды. 1935 жылы Ататүрік Айя Софияны музейге айналдырады. Ал, 1953 жылы мешітке айналдырылып, ішкі көрінісі қайта көркемделген.
Музейге келушілер ғимараттың биіктігіне, ішкі бөлмелеріне, архи-тектуралық пішіміне таңырқайды. Музей-дің екінші қабатына арбамен шығатындай айналма жол салынған.
Мәрмәр теңізінің жағасындағы Сұлтан Ахмет мешітін кезінде Сұлтан Ахмет салдырған. Мешіт 1616 жылы ашылыпты. Ай нұрына шағылысқан мұнаралары бұлтпен тілдеседі. Күмбездерінің түріне қарап мұны «Көк мешіт» деп атайды. Қара теңіз бен Мәрмәр теңізінің тоғысқан тұсында төбесіне ешқандай құс қонбайтын мешіт бар. Оны 1580 жылы Осман империясының уәзірі Шемси Ахмет паша арнайы тапсырыспен атақты сәулетші Мимар Синанға салдырған. Уәзір құлшылық үйінің төбесі таза болуы үшін «үстіне ешқандай құс қонбайтын болсын» деп тапсырған көрінеді. Сондықтан мешітті «құс қонбас» деп те атайды.
528 жылы Византия императоры Анастасия салдырған Галата сарайы жау келе жатқанда белгі беретін мұнара ретінде тұрғызылыпты. 1348 жылы қайта қалпына келтірілген. Бүгінде жоғары қабаты – ресторан. Ал, теңіз ортасындағы «Қыз күлкісі» атанатын мұнараның тарихы да қызық. Аңыз бойынша болашақ күйеуін ұнатпайтын бір бай теңіз ортасына мұнаралы абақты тұрғызады. Сөйтіп қызын осы мұнарада тығып ұстайды. Алайда, қызын жылан шағып өлтіреді. Қандай аянышты тағдыр десеңізші! Осы мұнараға қайықпен бару үшін 25 лира (біздіңше 2500 теңге) төлейсіз.
Осы маңдағы Рим империясы тұсын-дағы жерасты су қоймасы тіптен керемет. Сол замандардағы ұсталар мен суретшілер, шеберлер мен құрылысшылардың қиял еркіндігіне жоғарыда айтылған ғимараттарға қарап отырып еріксіз таңырқайсыз.
«Қазақтарда қала болмаған. Олар өмір бойы мал соңында көшіп-қонып жүрген» деп елімізді ғасырлар бойы тұқыртып келген империяларға мемлекетіміздің әр қиырынан табылып жатқан көне қалалар мен «алтын адамдарымызды» әспеттеп көрсететін уақыт жетті. Тек Шымкент қаласының төңірегінен ондаған қала орны табылып отыр. Күні кеше Ордабасы ауданында тағы бір қала орны табылды. Археологтар Шымкент қаласының жасын екі мың жылдан асырап отыр. Түркістан қаласының маңындағы Қарнақ, Қарашық елді мекендерінің жасы 2000 жылдан асыпты. Созақ сахарасында, Отырар алқабында, Түлкібас, Төлеби топырағында, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт қыраттары мен тауларында ата-бабаларымыздың қолынан шыққан небір ғимараттар мен көне қала орындары, киелі орындарды санап тауыса алмайсыз. Осының бәрі туризмге сұранып-ақ тұр. Тек құнтты қол керек.
Тәберікті Түркістанды түрлендіру барысында атқарылып жатқан жұмыс шаш-етектен. Бүгінде «Нұр-Сұлтан» алаңы, облыс әкімдігінің жаңа ғимараты, «Алатау» медиаорталығы, «Гүлдер» саябағы, Неке сарайы, Аттракциондар бағы, шығыс үлгісімен салынатын жаңа ғимараттар жәдігер қала – Түркістанға ағылар туристердің санын еселеп арттырады деп күтуліміз.
Анталияда измирлік Мехмет Метли Етхен деген түрік кәсіпкерімен таныстық. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында су құбыры жүйелерін салуға атсалысқан азамат екен. Қазір Алманияда тұрады. Қазақтарды туысым деп білетін ол Түркістанда болыпты. Мехмет «Эфес» туристік аймағы, Артемида ғибадатханасы туралы айтып берді.
Түптеп келгенде, түріктер нағыз еңбекқор жандар. Айталық, Али деген түрік жігіті 1992-1997 жылдары Түркиядан Алматыға балмұздақ апарып сатқанын айтқанда таң қалдым. «Жүк көлігімен алты тәулікте Алматыға кіріп барушы едік» дейді ол.
«Түтінсіз өндіріс» атты шағын тарауымызда туризм саласына біршама тоқталдық білем. Әйтсе де «түтінді өн-діріс» жайлы айтсақ, мақала көлемі тым ұзап кетеді. Ол туралы алдағы мақалаларымыздың бірінде арнайы тоқталармыз.
Түбі бір туысқан Түркия халқының тәуелсіздік жолындағы жанкешті күресі мың өліп, мың тірілген қазақтармен бірдей. Тамырлас, тағдырлас екі халық-тың ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етер тарихы көп-ақ. Бұл – ұлт рухының биіктігінде, халық санасының ашық-тығында көрініс тапса керек.
Мәрмәр теңізінде кемемен сая-хаттаудың өзі бір ғанибет. Теңіз жаға-лауындағы зәулім үйлердің сұлулығы бірінен бірі өтеді. Біздегі Шардара су қоймасы мен Қызылкөл жағалауларына да дәл осындай болмаса да әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер таңырқайтындай қонақ үйлер, демалыс орындарын, сауда қатарларын көптеп салуымыз керек-ақ. Туризм – толағай табыс тетігі. Әлемдегі ең үздік 30 елдің қатарына кіруге талпынып жатқан шағымызда қолға алар басты жұмыстарымыздың бірі осылар деп білеміз.
Ақ теңізбен, ақжарқын адамдармен қимай қоштастық. Толқындардың жағаға ұрған тылсым дауысын қалта телефоныма жазып әкелген едім. Алыстан алқынып келіп жағаға соғылған толқындар дауысында керемет бір тылсым сыр бар. Енді бағамдасам, ол – сағыныш сазы екен ғой. Туыстас, тағдырлас екі елдің бір-біріне, Атажұртқа деген сағынышы!

Шымкент-Анталия-Кемер-Стамбул-Шымкент

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *