Бір бақыт (әңгіме) Бір бақыт (әңгіме)
   Әсел НАЗАРАЛЫ, «Бір тамшы жыр» жинағының авторы, аудармашы, ақын, республикалық, ауданаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы   Ағаштан түскен бірен-саран жапырақ пен алманы теріп, самаурынның... Бір бақыт (әңгіме)

   Әсел НАЗАРАЛЫ,
«Бір тамшы жыр» жинағының авторы, аудармашы, ақын,

республикалық, ауданаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы

аСЕЛ нАЗАРАЛЫ-1

 

Ағаштан түскен бірен-саран жапырақ пен алманы теріп, самаурынның айналасындағы ағаш жаңқаларын ескі жусан сыпырғышпен сыпырып бір кемпір жүр. Азанмен екі сиырды сауып, бұзауына шелекпен сүт береді. Одан бір қарасаң, самаурынға ағашын салып қойып, сүт тартып отырады. Тартқан сүтін қазанға құйып, бір қазан қылып құрт қайнатады. Оның арасында нанын да жауып үлгереді. Сөйтіп жатқанда үйіндегі ұйықтап жатқан шалы тұрады. Одан дөңгелек үстелді жайып жіберіп, шалының алдына ыстық наны мен майын тосады. Екеуі самаурынды бұрқыратып отырып шәй ішеді. Рахат!
Күн шығыс жақтан Әулиешоқы тауы мұнартып тұр, оның жалғасындай болып арғы жағында Алатаудың қарлы басы көрініп тұр.«Алла бізге бала берсе есімін «Бақыт» деп қоямыз, деп бірін-бірі жұбатып, сол тауларға тамсана қарап, көз тастайтын екеуі.
Жас уақыттарында кемпір мен шал үйдің айналасын жағалай өрік пен алма ағашын отырғызған. Қазір олар да кәдімгідей діңі жуан ағаштарға айналған.
Қоңыр күз түскенше кәрі ағаштың жапырағы түспей, қызыл-сары түске еніп, құлпырып тұрады. Қыста тіпті әдемі. Қоңыр жапырақтарға әдемі ақ ұлпа қар қонып, алыстан қарасаңыз қолмен қондырған мақта секілді көрінеді. Таудан соққан әдемі самалдың, шашыңызды қайырғаны болмаса, үп еткен жел жоқ. Ғажаптығы сол бұл жерде табиғат суретін бұзбайды, әр мезгіл өз уақытымен келеді. Мән беріп бақылаған адамға бұл ауыл көрінісі құдды бір қолдан жаңадан салынған жанды сурет секілді.
Талдардың арасы тап-таза. Тек ағаш арасында күркетауықтың қауырсыны шашылғаны болмаса… Оны да шал азанмен теретін. Айналаны таза ұстағанды, жалпы тазалықты жаны қалайтын еді, марқұм. Бір айдай қиналып жатып көз жұмды. Қан қысымы көтеріле берген соң біреулерден естісе керек, тілінің астындағы күретамырынан«арам»қанын алғызған. Тілі аузына сыймай ісіп, тамағынан зорға ас өтетін. Ауданнан да, қаладан да дәрігер шақыртты. «Мені қимасаң, емханаға бірге, барып жатайық», – деп еді кемпірі, шалы қырсығып бармады. Оның бұл қырсықтығын іштей сезді. «Өлігім осы шаңырақтан шықсын», деп шалы айта алмаса да, кемпірі оны түсінді. Кемпір байғұс шөппен де емдеді, отпен де алас-
тады, болмады. Ажал айналдырып, алып кетті ақыры шалды.
Шал кеткелі бар тіршілік өзіне қалды. Арасында күркетауықтарына жем береді. Азанмен азын-аулақ қойын кезекке қосады, кешке бөліп алады. Оны бұрын шалы бағып келетін, енді оны көрші Бақтыбайдың баласына бақтырып жүр.
Кейде көршінің оқудағы қыз келеді ауылға. Жұмыртқасы мен кілегейін, құрт-майын салып береді кетерде. Себебі,үйде оны жейтін ешкім жоқ еді.
Есік алдындағы кәрі алма ағаш түбінде шалдың жасаған ескі тапшаны тұр. Ол кемпірдің шалы екеуі отырып, шай ішетін сүйікті орны болатын. Оның астын көлеңкелеп сары иті көзін бір ашып, бір жұмып, алдыңғы екі аяғын алдыға тастай көсіліп, шыбынын қағуға ерініп жатыр. Кемпір тапшанның үстіндегі көрпені қағып-қағып қайта салды да, отыра кетті. Кезінде осы көрпені өзі құрап еді. Құрағы жайнап тұратын. Біртүрлі бозғыл тартқандай көрінді. Тапшан үстіне төселген қара киіздің астына газетін қоя салады. Беторамалын, шашы оралған тарағын, шөлкейін тыға салады. Түскі шайдан соң бір мезгіл газетін оқып, көрпесін көктейді. Жатып демалады. Құрт жаяды. Қысқасы, бүкіл тірліктің бәрі сол бір жерде бітеді. Кемпірді іздесеңіз сол жерден тауып аласыз.
Үйдегі ойдан-қырдан әкелген жыртыстар мен маталарды құрап, тозып қалған киімдердің жамалғанын жамап, жамалмағанын құраққа қосатын. Құрақтан төрге ілетін үлкен тұскиіз кілемше жасағаны бар. Той жасағанда әркім бір сұрап әкететіп оны да жоқ қылды. Сандық үстінде қаншама көрпесі жинаулы тұр. Бөстектері қаншама. Бәрі тап-таза, бәрі де сол қалпы. Олар да ешкім түртпеген күйі ағаштағы жапырақ секілді өз табиғатын бұзбастан тұр. Сауда-саттыққа ебі жоқ па, әлде өз қолымен жасаған бұйымдарын қимайды ма, оларды сату тіпті ойына да келмепті.
Сөйтіп жүріп, марғау өмір, меңіреу тіршіліктің құрбанына айналып бара жатқанын өзі де білмей қалады. Күйбеңдеген қу тірлік бітер ме?!
Есіне әлденелер түсті ме екен, кемпір қатты бір күрсінді. «Мен өлсем бәрі иесіз қалады-ау!»-деген шығар, әлде мынау жалғанда осыншама әдемі бақты құшып жалғыз қалғанына өкінгені ме белгісіз? «Мен сорлы бақыттымын ғой, шал-ау! Сенің арқаңда, жақсы өмір сүрдім. Сен мен дегенде бар жақсылықты жасадың, бір- бірімізді қатты жақсы көрдік. Бірақ өкінішке орай мына қара шаңыраққа ие болар тұяқ болмады. Әке-шешеміз бен туыстарымыз екеумізді екіге айырғысы келді. Ақыры қашып келіп, тұрған жеріміз осы болды. «Біз түбі бақытты боламыз!» дедік. Ешкімнен ештеме сұрамадық. Дүние жиғамыз жоқ. Барымен базар болып өмір кештік. Үйге тіпті, артық шкаф та, артық ыдыс та алмаппыз қарап отырсам. Қолдан келгенше бәрін өзіміз жасауға тырысыппыз. Үйді де екеуміз салдық. «Ермек болар» деп малды да екеуміз алдық. Ағашты да екеуміз ектік. Ер жігіттің Алла алдындағы борышын өтедің. Бір-бірімізге қабақ шытқамыз жоқ. Сыйладық. Аяладық. Көңілімізге қарадық. Сен ауырып жатқанда мен жан ұшырып өзімді қоярға жер таппадым. Қаншама жылап-сықтап жүрсем де, ауырсам да саған бірін де білдірмеуге тырыстым. Сенің жаныңды ауыртқым келмеді. Сенің өмірге құштар жаныңның жапырағын ерте үзгім келмеді. Соңғы демің таусылғанша сенің қасыңда болдым. Ал сен мені осы әдемі баққа қалдырып, көзден ғайып болып, мәңгілікке кете бардың»… енді бәрі көңілсіз, енді бәрі мардымсыз, – деп күбірледі іштей.
Кемпірдің ойын «әкең естімесін, бұл не сұмдық!» деп айқайлаған көрші қатынның даусы бұзды. Көршінің қызы қалада биыл соңғы курста оқитын. «Бірдеме бүлдірген ғой, жақсы қыз еді» деп ойлады да қойды. Орнынан тұрып, жағдайын білгісі келіп еді, ниеті болмады. «Біреудің арасына түсіп нем бар? Онсыз да шайпау қатын, айқайлап жатыр. Одан да бір мызғып алайын», деп қиялданып отырып, өзі отырған тапшан шетіне қисайған.
Көзі ілініп кетіпті. Сөйтсе, тау басына қарай өзін әлдекім жетелеп бара жатыр екен. Әулиешоқының төбесін айналып, алып қыран қалықтап ұшып жүр. Әлгі жетектеген елес кемпірге бір тал гүлді алыстан нұсқады да, көзден ғайып болды. Тау самалын рахаттана жұтынып, өмірі гүл көрмегендей гүл өсіп тұрған жаққа қарай ұмтыла берді. Қанша тырысқанымен ілгері басқан аяғы кейін кетіп, гүлге қол жеткізбеді. Айналасына қарап еді, су таппады. Оянса ерні кеберсіп, шөлдеп жатыр екен.
Түсін әлдекімге жорытқысы келіп еді маңайында кәрі иттен басқа ешкімді таппады. Ол өмірінде тауға шығып гүл теріп көрмепті. «Енді не болар екен? Бұл не түс болды екен?» деген ойлар мазалап, қояр емес.
Шіркін, шалы болғанда айтар еді ғой ағынан жарылып, екеуі мәз-мейрам болып талқылар еді-ау! Шалының басына барып, Құран оқымағанына да біраз болды. Бүгін күн жұма. Аяңдап барып келсем қайтеді. Мауқымды басармын. Күн де керемет болып тұр. Галошын сүйрете басып, шал жатқан беткейге қарай аяңдады.
Әншейінде ермейтін кәрі ит те шалды сағынғандай, кемпірдің соңынан ілесіп кеп берді. Бейітке жете бере ит шал зиратын дәл тауып, айналдыра иіскеп, шалдың суретіне ұзақ қарап отырып, мұңын шаға үрді. Ит шөп арасына мұрнын тығып, шалдың иісін тапқандай қыңсылады. Ол суретті де кемпірі тас қалаушыларға айтып жатып, жапсыртқызған. Зираттың іргетасын қалап жатқанда, саусағымен қырып «Сен менің мәңгі жүрегімдесің!» деген жазуды жазып қалдырған. Саусағымен әлгі жазуды сипай өтіп, жерге жамбастай отырып алдымен өзі білетін сүрелерін оқыды. Қолын жайып, бетін сипады. Тәлтіреңдеп тұрып барып, сол бетін сипаған қолымен шалының маңдайынан сипап, шаңын жеңімен тазалады. Іштей күбірлеп, бір уыс топырақты алып қолымен майдалап, сыртқа тастады.
Іштей, үнсіз ойланып, біраз отырды. «Қара жердің астында мені мына өмірге жалғыз қиып тастап, қалай ғана жатыр екенсің? Ең болмаса көп көрпеңнің бірін астыма төсерсің мен кеткенде», деп қалжыңдаушы ең, көп көрпемнің бірін де төсей алмадым, кешір! Қара жер суық шығар. Топырағың жеңіл болсын! Алла алдыңнан жарылқасын! Қайтейін!» деп кемсеңдеген күйі орнынан әрең қозғалып, артына қарамай үйіне қарай кете барды.
Кемпір кейінгі кездері қатты шаршады. «Төркініме бір барып, бауырларыма Құран оқытып келсем» деген ой санасын жаулап алған. Бауырларынан ешкім қалмаған. Бәрі кеткен. Кейде есіне алып жылап қалады. Сондайда алдаусырататын немеренің де жоғы-ай!..
Көшенің арғы бетіндегі төбеден өзі тұрған үй алақандағыдай анық көрінеді. Көрініске сырттай қарап тұрып, көрші қатын мен қызының ауданға бара жатқанын көзі шалып қалды. «Қызын қалаға шығарып салып бара жатқан шығар», дейін десе қолдарында ауыр сөмкелері жоқ секілді. Галошын сүйреткен бойы соңдарынан ерді. Неге екені белгісіз, кемпірге олар ештеме демеді. Азанда қоршау сыртынан көріп амандасқан. Шайпау қатын жылаған ба, жыны бетіне шапшып тұр. Қара көз әйнегін, жылағанын сездіргісі келмегендей бас-
тыра киіп алған.
Қызбен сөйлескісі келді. Кейде көршінің қызына шашын өргізетін. Қызға кейде ақыл-арманын, басынан өткендерін айтып, бір сергіп қалатын. Бүгін онда да үн жоқ. Өзін кінәлі сезінгендей, көзінің астымен кемпірге қарай берді.
Гүр етіп ескі сары автобус тоқтап, үшеуін ауданға ала кетті. Кемпір қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Есі ауысқан адамдай, ол да арттарынан ере берді. Адам көп, күн ыстық. Автобуста бір жігіт тұрып орын бере беріп еді, құлағында «құлаққабы» бар, бір қыздың жайылған шашы кемпірдің қолына ілініп қалды. Ол қыз шашын артқа қарай лақтырмақ болып еді, қасында тұрған адамның бетіне тиді. Содан кемпір шыдамай, «Қарағым, бойжеткен қыз бала екенсің, шашыңды жинап жүрсеңші. Қаншама энергия бар мына жерде. Шашыңа шайтан ұялайды ғой. Шаң болады. Шаштың да жаятын жері бар. Оның өз жөні бар. Қатты айтты деме айналайын, сен де қазақтың баласысың ғой, біз айтпасақ, кім айтады. Бөтен деме, апаңбыз, жинақы жүр, жаным» деп арқасынан қағып қойды. Дәл қасында көрші қатын оны жақтырмай, «Азанмен қайда барады екен осы қақпас!» деп ернін бір сылп еткізді.
«Осылар шаштарын жайып жүреді, ей, құдды бір дискотекада жүргендей, жинаса қайтеді екен?!», деген ар жағынан біреулердің дауыс-
тары шықты. «Құлақтарында «наушник» бізді тыңдап жатқан да жоқ», деді орысшалап біреу. Онсыз да асығып, ыстықтан дем жетпей келе жатқан жұрттың жүйкесі тағы тозды. Автобустың іші у-шу. Жұрттың бәрі қызға қарайды. Әлгі қыз қызарақтап, шашын әрі-бері орап тұрды да, жинақтап, алдыңғы жағына салып қойды да, бір-екі аялдама жүрген соң түсіп кетті.
Кемпірдің шашы ұзын болатын. Шашын жуған соң мұрнының қырымен жоғары қарай тарақпен туралап алып, маңдайынан түп-түзу етіп екіге қақ жарып, екі жағына өріп қоятын. Өргенде де ұшына дейін өретін. Тарқатылып кетпесін дегені. Алдымен ірі жүзді тарағымен, содан соң жүзі майда мүйіз тарақпен тарайды. Онысы арасында бит-сіркелері болса, шаң-тозаңы болса түссін дегені. Ақ орамалды алдына жайып қояды. Соны шұқылап, қарап отырады. Қарап болғасын орамалын пештің алдына апарып қағып, орамалын тағады да, пештің алдын сыпырып, отқа лақтырады. Шашын күнде бұрқыратып тарап, өріп жатпайды ғой. Жуған соң бір тексеріп алғаны. Тастай қылып бір рет өріп алып, шашының артына доғал мүйіз тарағын қадап, басына ақ шыт орамалын байлай салатын, болды. Орамалын шалының алдында ешқашан шешкен емес. Кейде басын жуып болып, тарап жатқанда, арғы жағынан шалы көрінсе, шашын тарамастан жия салып, орамалын байлап қояды.
«Өзі азғантай ғана ағарған шаш. Неге шашын бір шаш қылып өріп, түймейді екен? Ыңғайлы ғой», деп ойлайтын көрші қыз. Кейіннен шашын көршінің қызына өргізе бастады. Тас-тай қылып екіге бөліп өрсін дегені.
Бірде қыз:
– «Апа, сізге бір шаш қылып өріп берейін бе? Сонда орамал тұрады. «Екі аша найзамен» түйреп қоясыз» дегені бар.
Кемпір отырған орнынан ыршып түсіп:
– «Қой, «түстен кейін мына кемпір құтырыпты», – дер жұрт. Керегі жоқ. Төбеме шашымды шошайтып, орамал тақпай-ақ қойдым. Шалы жоқ, жесір қатындар ғана шашын біреу қылып өреді. Төбесіне қоқайтады. Болмаса жайып жібереді. Ондайды екінші қайтара естіртпе. Екі шаш қылып өру – біз мәңгі екеуміз дегеннің белгісі. Жалғыз емеспін деген сөз.
Шалым жоқ болса да, жалғыз шаш қылып өрмеймін. Шашымды кеспеймін де, боямаймын да, осы кеткенім кеткен. Ұзын шаш әйел адам қайтыс болған кезде омырауын жауып тұру үшін керек. Кейін солай етерсіңдер», деп тарағаннан түскен бір уыс шашын қолымен жинап, түйдектеп-түйдектеп тарағына қыстырып, басына түйрей салды. «От жаққанда пешке салып жіберермін, жерге тастасаң торғай іліп әкетеді де ұясына салады. Содан адамның басы ауыратын болады, тастама» деп күбірледі де орамалын шаршылап басына тақты. Қыз одан кейін үндеген жоқ.
Көрші қыздың есіне кемпірдің «Қызым, шашыңды қидырма, өсір, жинап, маңдайыңды әрдайым ашып жүр жарқыратып, болашағың жарқын болады», – деген сөзі түсті. Ауылға келгенде кемпірдің үйінен шықпайтын. Шашын өріп, көрпесін құрасып, әңгімелесетін. Қыз қалаға барғасын кекіл қидырған, бірақ шашын қидырған жоқ. Кейіннен неге екені белгісіз, кемпірдің үйіне көп бармайды. Шешесі ол үйге онша жолатпайтын.
Бірден кемпірдің шашына көз тас-тады. Арқасындағы өріп қоятын қалың қара шашы сұйылып, азая бастапты. Басына орамалы тұрмай, сырғып шешіле берді.
Әрбір бақытты деген отбасының өзінде бір өкініш болатын шығар. Осы кемпірдің өкініші не? Дені сау, дүние жеткілікті. Шалын ойлайтын шығар. Бірақ одан бұрын да оның асыл арманы бар еді ғой. Осы кемпірдің арманы бала сүю еді ғой. Кемпірдің бүкіл тағдыры қыздың көз алдынан зымырап өтті. Кемпірдің әр айтқан сөзі оған сабақ болатын. «Шіркін-ай, менің де дәл осындай әжем болса ғой!»…
«Мен бүгін қайда келе жатырмын өзі? Не істеп жүрмін? Осы мен асылық жасап тұрған жоқпын ба? Шешесі оған «Мынаның көзін құрт, не өзің құры!» деген. Оқтай қадалған сөздері өңменінен өтіп кеткен. Әкесі бұл жайттан бейхабар.
Аялдамадан түскесін олар біраз көше жаяу жүрді. Анадайда аялдама жақтан аяңдап, галошын сүйретіп кемпір келе жатыр. «Осыдан алдырмасаң үйге кіргізбеймін!» деп, жалғыз қызын қарғап-сілеп көрші қатын келе жатыр. Артында сүметіліп, келе жатқан қыз кенет көшенің басқа жағына бұрылып, тайып тұрды.
«Не де болса Алланың бергені. Алла көрсін деген шығар. Маған сондай тағдыр берген шығар, «Бейкүнә періштені бақсын, адам қылсын» деп оған да ананы таңдап берген шығар. Маңдайға жазғаны сол болса, әуселесін көрейін. Жазықсыз адам өлтіріп күнәға батқым келмейді. Бұ дүниеден шешесіз өтсем де, шығарар шешімім осы! Ана емес пе, іздеп келер. Кешірер. Келмесе кейін өзім барармын. Бірақ менің бұл Алла алдындағы да, ата-ана алдындағы да кешірілмес үлкен күнәм» – деп қыз «лгері қарай жылдам адымдап жүре берген. Қыздың ақырғы шешімі осы болды. Артынан айқайлаған шешесінің даусын естісе де, бұрылып қарамады. Жолай кемпірді ілестіріп, басқа таксиге мінді де, қаладағы жатаханасына қарай тартып отырды.
Жатақханаға жеткенше ештеңе деп тіс жармады. Жете бере жатақхана алдындағы орындыққа жайғасып, кемпірмен ұзақ сырласқан. «Мен кетсем менің қара орманыма барып тұрарсың. Орнымда қарайып отырарсың», дегенді айтып, арасында жылап та алды кемпір. Екеуі бөлмеге келіп, бір шай ішкен соң көршінің қызы кешкісін кемпірді ауылға қарай бара жатқан таксиге салып жіберді.
Кеткен ғұрлы «сол кемпір қартайып қалмады ма екен, ауырып қалмады ма екен?» деген ойлар мазалап, оның үстіне аяғы күннен-күнге ауырлап, ұйқысы қашты. Бір жағынан «шешесі сорлыны» да аяйды. Әкесінің алдында абыройын төкті-ау!
Шешесі қызын іздеп, жатақханаға бірнеше рет келіп кеткен. «Оқуыңды тастап, қайт ауылға, қалай күн көресің» – деп еңіреген шешенің тілін алмады. «Өз күнәмді мойныммен көтеремін, өлмеспін!» – дегеннен басқа сөз айта алмаған. Көңілі қалғасын шешесі «оның бетін көрмеспін» – деп кетіп қалған. «Аман-есен босансам сізге айтпаспын» – деп қызы қалған.
Көрші қыз айы-күні жетіп, аман-есен қыз босанды. Есімін «Бақыт» деп қойды. Ең алдымен бұл хабарды ауылдағы көрші кемпірге айтқысы келген. Ауыл жақтан хабар ала алмады. Шешесінен басқа ешкімді танымайды да. Оған хабарласуға бет жоқ.
Қырық күн өткен соң, қол-аяғын жиып, сәбиін жөргекке орап алып, Әулиешоқының баурайына барып, кемпірді қуантқысы келді. Таксиге отырып, туған жеріне тартып отырды.
Таксиден түсе бере, анадайда арықтың жағасындағы домалаған алманы теріп бір кемпір жүр. Қолында таяғы бар, белі бүкшиген, арық. Алыстан көріп, «апам осы халге жеткен екен ғой» – деп, жылағысы келді. Қасына жақындап еді, ол кемпір емес. Қорқынышы басылғандай болды. Шалдың баяғы туыс нағашылары екен, қонаққа келген.
Үйдің маңайында адам көп, баяғы тапшанның үстіне кемпірдің бар көрпесі салыныпты. Бірдеңені сезгендей, қыз сәбиін құшақтаған күйі жерге отыра кетті. Ар жағынан шешесі жүгіріп келіп, «Апаңның қырқын беріп жатырмыз, үстінен түстің» –деп қызын құшақтай алды. Шыр еткен сәби даусынан басқа ештеңені естімеді. «Жаныма жақын еді, бәрін түсінетін, қайран апам-ай! Арманыңа жете алмадың-ау! «Бақытымды» иіскей алмадың-ау! Енді ондай адам жоқ бұл өмірде!», – деген ойлар көкірегінде сайрағанымен, булығып сыртқа шығара алмады. Көзінен еріксіз жас сорғалап жатыр.
…Дүние төңкерілген.
СИЛИКОН ЖҮРЕК

(фантастикалық әңгіме)

Мынау әлемде өзімнен өзім жалықтым. Менің таңертең төсегімнен әрең тұрып, беті-қолымды шая салып, шәйімді ішер-ішпестен жұмысқа қарай бет алуым, содан кейін жұмысқа келіп айналамдағы адамдармен амандасып, көңіл-күйімнің болмай жүргеніне қарамай, ешбір адамды ренжітпеуім, тіпті шашымды тарап, түюім де жалықтырды. Қайталанбалы құбылыс.
Неге мен адамдарды ренжітпеуім керек? Бәрін тастап безіп кеткім келеді. Бекерден-бекер жұмысқа келіп, бекерден-бекер ақша тауып, бекерден-бекер оны пайдасыз нәрселерге жұмсау, әдемі киіну, астымдағы қымбат көлігім, әдемі үйім, бәрі-бәрі жалықтырды. Мені тек бір ғана қызықтыратын нәрсе бар. Ол – Ұлы поэзия! Ол адам бойын жігерлендіріп, ерекше күш береді. Ессіз далада есі ауысқан пенденің күйін кешіп, жалғыз өзім ойлана басып келемін. Өз көңілімді көтеру үшін бар ақшамды аямай тамаққа да тойып алдым, киім алсам ба деп ем оны көңілім хош көрмеді.
Оны қай шекем қызды деп киіп жүрем. Не керек маған өзі? Сүлдерімді сүлесоқ сүйретіп, көңілім жай таба ма деп кітап дүкеніне бұрылдым. Әр кітаптың әр сөзінен жаныма жылы сөз іздегем. Таппадым. Кітап сатып алғым келді. Ақшам да жеткілікті. Бірақ кітап оқып байыз табатын күйде емеспін. Шылым шексем бе екен дедім. Сыра ішсем көңілім көтерілер бәлкім. Жоқ болмайды, көңіл-күй болмаса одан әрмен бұзып алармын. Намаз оқу ниеті бар негізі, бәрін қойғам. Не істесем екен? Бойымдағы «жыннан» арылғым келді. Көктемгі желік пе екен, жұрттар неге осы көңілді? Ешкім жоқ жерде бар даусыммен бақырып тұрып жылағым келді. Жылап алсаң жеңілдеп қаласың дейді. Бірақ өзімді өзім аядым. Оған жүрегім шыдамас. Онсыз да әлсіз жүрек.
Жұмысқа келдім. Бастығым креслода қалғып отыр. Светті ақырын сөндіріп қойдым да, сырт киімімді іліп шығып кеттім. Асханаға келдім. Су ішкім келді. Бірақ асхана жабық. Қайтадан кабинетіме келдім. Не істеп жүргенімді білмеймін. Бір ой мені әрі-бері қуып жүр.
Жүрегім төмен тартып ауырып барады. Неден ол? Жүректі тегін ауыстыруға болады деп еді, ауыстырсам ба екен? Бәлкім қажыған жүректен гөрі жасанды жүрек пайдалы болар… Ешнәрседе шаруасы жоқ. Тыныштық іздеген көңілге пайдалы нәрсе осы. Езуіме күлкі үйірілді. Жас баланың қиялына еніп кетем осы кейде. Болмайтын нәрсені ойлап тауып. Шынында да кардиологқа хабарласып көрейінші. Хабарласып ем:
– Түстен кейін келіңіз, көрейік қандай жүректер бар екенін. Сізге негізі махаббат жетіспейтін болар деп күлді.
– Е-ее, бұл жүрек махаббатқа тойған. Сол махаббат әсер етпеуі үшін ауыстырғалы жатқан жоқпын ба? Маған енді ешқандай махаббаттың қажеті жоқ. Махаббатымның соңы бақытсыз өлеңмен аяқталады. Кездескен жігітім кейіпкерге айналып, ғайып болып кетеді. Елес қуып жүрген періште секілді, қол бұлғап қала берем. Жүректегі дертімді өлең ғана жазады. Алланың қолыма қалам бергені мұңаймасын дегені шығар. Өлеңді бақытыма берді ме екен, әлде сор ма білмедім… Бақытсыз қылып жаратып, бақытты қылдым өлеңмен деген жігітім. Маған қысқасы жүрегімді ауыс-
тыру керек.
– Түсінікті.
Түстен кейін жұмыстан сұранып, жүрек іздеуге кеттім. Қандай жүректер бар екен? Кәдімгі адамның жүректері шығар? Оны қайдан алады адам соймаса? Қазір небір нәрселер шығып жатыр ғой. Ерін де, қас та қабақ та, басқа да жасалып, жапсырылып жатыр.
Кардиологтың кабинетіне келдім. Бойы ұзын, келбетті жігіт екен.
– Сіз бе жүрек сұрап жүрген?
– Иә, мен едім, жүрегім сезімге тоймай жүрген, – дедім ауыр күрсініп.
– Маған бір жүрек емес екі жүректі қоса салып берсеңіз де риза болар едім негізі, неге адамның жүрегін жалғыз етіп жаратты екен, Алла?
– Адамның жүрегі жалғыз дана болғанымен, ондағы сезімді жарты қылып жаратқан. Сіз толығымен сезіне алмайсыз, себебі адам миының жартысы ғана ойлау қабілетіне ие, Сіз соны білесіз бе, қарындас?
– Ойпырмай-ә! Бұрын соңды соған мән бермеппін. Демек маған екі жүрек салынған күннің өзінде пайдасы жоқ дейсіз ғой…
– Әрине, ол тек өмір сүру үшін ғана керек. Сонда Сіздің кеудеңізде екі түрлі дүрсіл пайда болады және оның біреуі ажал жетіп өлген күннің өзінде екіншісі Сіздің ойлау жүйеңізді басқара алмайды. Оны оймен байланыстыра алмайды медицина.
– Ал, екі жүректі байланыстырсақ ше, тамыр арқылы?
– Сіз өзіңіз қызық екенсіз. Қайсы жүректің ұзақ жасауын кім білсін? Сонда Сіз мынау дүниеге көңіліңіз толып, керемет болып кетем деп ойлайсыз ба? Адам көңілі ешқашан да толған емес. Бұл өмір сондай құпия сұрақтардан тұрады емес пе?
– Әрине, бірақ мен оны екі есе түсінгім келеді. Бір жүрегім сұрақ қойса, бір жүрегім жауап берер деген ой ғой баяғы.
– Қызық екен. Бірақ жүрекке әмір жүрмейді емес пе? Көрейік.
– Сонымен Сізде қандай жүректер бар?
– Біздегі жүректер силиконнан жасалған. Силикон – төтенше температураға тұрақты материал. – 70 градустан + 250 градусқа дейін шыдай алады. Медициналық бұйым ретінде оны 40 жылдан бері қолданылып келеді. 1958 жылдан бері патенттелген дүние. Түсі мөлдір.
– Адамның сыртқы денесіне силикон жапсырады деуші еді? Оны қалай енгізесіздер?
– Оны операциясыз жасауға болады. Қалай дейсіз бе? Сіз оны сұйықтай жұтып жібересіз. Ол ішек-қарынға емес, өңештен өткен соң жүрекке қорытылады. Сонда бұрынғы жүрегіңіздің орнына силиконды жүрек болып көмкерілмек. Яғни, жүрегіңіздің қорғаныштық қапшығы қысқаша айтқанда. Және ол Сіздің көңіл-күйіңізге байланысты ұлғайып, кішірейіп отырады. Оны айнадан көз арқылы байқауға болады. Көзіңіздің қарашығы ұлғайған кезде жүрегіңіз жақсы қызмет атқарып жатыр деген сөз. Бірақ оның айналадағы құбылыстарды қабылдау қабілеті өзгеше болмақ. Сіз қанша өмір сүресіз сонша жасайды. Өз бетімен дүрсілдеп, мазаңызды да алмайды. Қанша ойланам, қанша жынданам десеңіз де өз еркіңіз. Ешқандай сырттан ауырлық түсірмейді. Бірақ ешкімге ғашық та болмайды. Біреудің ғашық болуын да сезінбейді. Тек өмір сүруші тыныштық құралы ғана болмақ. Егер сол ерекшелікке келіссеңіз, қабылдаңыз.
– Міне қызық. Ғашық болмауға болады дейсіз бе? Жүректің дерті сол емес пе? Ендеше келістік. Мына әлемде ең бақытты адам мен болатын шығармын. Тәуекел!
– Жоқ, Сіз дұрыстап ойландыңыз ба? Бірақ ол бір салынған соң мәңгілік алынбайды. Соны ескеріңіз. Өзіңіз бойдақсыз ба?
– Иә, сол бойдақтық мені қажытқан. Содан осы жолмен құтылмасам болмас. Тіпті жалғыздығымды да сездірмейтін құрал болса тіпті жақсы болар еді дедім.
– Мен де бойдақпын. Есімді алған ессіз дүниеден құтылғым келеді кейде. Осы силиконды жұтып жіберсем бе деймін. Бірақ мәңгілікке ғашық болмай қалсам дүбәра болам ба деп ойлаймын. Жүрек қалауымды тапқан күні бірлесіп ішермін деген ойдамын. Бірлесіп жұтсақ қалай қарайсыз? Сонда мен де Сіз де ешкімге ғашық болмай, соңғы махаббаттың дәмін сезініп өтер едік. Бір қызығы бұл силиконды кіммен бірге жұтсаң сонымен бір күнде өлесің. Жүрегіміздің бақытты болуы махаббат па, басқа ма білмедім. Міне силикон. Ұстаңыз. Шыныдай мөлдіреген сұйықтықты қолыма ұстатты. Бетіне қарадым.
– Алла сақтасын! Алдымен мешітке барайық. Некемізді қиғызайық ең болмаса… Мен Сізге таңертең келемін, міндетті түрде. Егер сіз мені осы дерттен құтқаратын болсаңыз деген сөзді қалай айтқанымды білмеймін.
– Рас па? Мен Сізді расында да құтқарғым келеді. Жалғыздық атаулыдан Сіз де мен де құтылып, бұдан әрі ғашықтықты сезінбейікші. Қолымнан қысып, бетімнен сүйді.
– Жүріңіз үйіңізге апарып салайын деппін сасқанымнан.
– Жоқ менің өзімде де машина бар. Рахмет. Мүмкін мен Сізді шығарып салармын.
– Жарайды, күтейін.
Сыртта біраз тұрдым. Не істеп жүрмін өзі. Әп-әдемі кардиолог білімді жігіт екен. Екеумізге силикон жүректің керегі бар ма, бұдан кейін? Бәлкім жігіттен айрылып қалмас үшін керек те шығар…
Әдемі қысқа пальтосын киіп, туфлиін тазартып жігіт сыртқа шықты. Кілтпен кабинетін жуып, кілтін саусағында шыр айналдырды да көлігін оталдырды. Мен де машина ішінде айнадан қарадым да кеттік дедім. Алдында мен, артымда әдемі жігіт келеді. Бір-бірімізбен жарысып келеміз. Телефонын алмаппын-ау! Терезені ашып, ұялы телефонымды көрсеттім. Ол да терезесін аша бергенде терезеден ұялы телефонымды оған ішке қарай лақтырып үлгердім. Ол да өзінікін маған лақтырды. Менің нөміріме «маяк» тастап үлгеріпті. Содан тоқта деген белгі берді.
Екеуміз жолдың жиегіне қарай тоқтадық. Көліктен түстік де қарсы алдымыздағы ресторанға кірдік. Қолыма «соткамды» ұстатты. Қолдары неткен нәзік еді. Ғашық болудың не екенін енді ғана сезінген адамдай, ұялып қалдым. Сырт киімімді шешіп, орынға жайғастық.
– Ішпей-ақ қояйық, ертең мешітке барамыз ғой деді. Мен намаз оқитын едім. Сенің көңіліңді көтергім келген.
Оған бірден келістім. Оның үстіне екеуміз де «за рулем». Екеуміз танысып, біраз сырластық. Силикон жүрек бола ма шынымен де?
Мырс етіп күліп жіберді.
– Болмайды.
Манағы армандаған ойымның парша-паршасы шықты. Төбемнен біреу су құйып жібергендей.
– Неге? деппін таңырқай.
– Сол, мен Сізге ғашық болып қалдым.
– Қойыңызшы, қалайша?
– Маған ең алдымен Сіздің даусыңыз ұнады. Қандай дауыс иесі болса да үйленбекке бел шештім, келісесіз бе? Мен де мына өмірден жүрегіме пана таппай жүрген жанның бірімін. Одан кейін көзіңіздің көгілдір мөлдірлігі ұнады. Мына әлемге деген құштарлығы мол, ойлы көзіңіз мені баурап алды. Бүгін мен бақыттымын.
– Сонда… Сонда мен… шынымен де… Әкелші, ішпесем болмайды бүгін. Бүгін мен ессізбін!!! Манадан бергі жүрегімде тағат таппай жүрген мазасыз ойлар көз жасым арқылы шықты.
– Жоқ, мен Сізді емдеуім керек. Бұдан былай ішпеңіз. Ішкізбеймін де!
– Мен кеттім үйге, орнымнан тұрдым да есікке беттедім.
– Мен Сізді шығарып салайын.
– Ендеше артымнан қуыңыз. Мәшинемді оталдыра салдым да, газды бастым. Қарағанды тас жолының бойымен ұшып келем.
Ол да қуып келеді. Қызық жігіт екен өзі. Адамдарды қалай-қалай емдейді? Өз дертін қалай жеңеді екен? Атын сұрамаппын-ау! Беу шексіз дүние-ай! Қайда апарып соғады екенсіз пендеңді?!
Үй алдына келіп тоқтай қалдым. Артымнан іле-шала ол да тоқтады. Мәшинеден түсті де мені түсірді. Қолымнан ұстап алып, «Мәшинені жынды айдайды екенсіз?» деді.
– Бензин бітті, соңғы бензин еді, Сізбен жарысам деп жүріп, жолда құймаппын.
– Бұдан былай машинаны бұлай айдамаңыз, өтінем. Ертең келем. Көзін қысты да, бетімнен сүйіп, үйіне кетті.
Таңертең күн ерекше шығып тұр. Сырттан машинаның тоқтаған дауысы естілді. Халатымды жеңіл жамыла салдым да, балконнан қарадым. Қолында ұзын-ұзын 5 тал раушан гүлін ұстап кардиолог жігітім тұр. Атын атап қол бұлғайын десем, есімін сұрамаппын. Жылдам киіндім де, дәретімді алып, орамалымды қолыма ұстаған күйі сыртқа шықтым. Бетімнен сүйіп гүлді қолыма ұстатып, машинаның есігін ашып отыр деген ишара білдірді.
Гүлімді артына қойдым да, алдыңғы орынға отырып, мешітке қарай тарттық. Менің саған операциясыз салған «силикон жүрегім» осы, жаныңмен қабылда, деді күлімдеп. Бетіне қарап күлдім де, екеуміз іштей Аллаға ризашылығымды білдірген күйі мешітке кіре бердік…
P.S: Әңгіме 2013 жылғы 1 ақпанда жазылған. 2015 жылғы 4 қазанда Америка ғалымдары ең алғаш рет силикон жүрек ойлап тауыпты.

Ақ костюм
(әңгіме)

Алматыда ақ жауын құйып тұр. Жылы жаңбыр. Автобустан түсе сала, көңілім алып-ұшып Абылай хан көшесінің бойымен төмен қарай Одаққа қарай жылдамдата жүріп келем. Алдымнан бұрынғы таныстардан әлдекім шыға келетіндей. Әне бір қыз бен жігіт кітапханадан шығып, аялдамаға қарай жүріп келеді. Кешегі шілденің аптап ыстығы бір демде басылып, кеш салқын болса да біртүрлі тылсым жылы дем өз баурайына тартып барады Алматыны.
Шаһар жұрты көңілді секілді. Жаңбыр жауса да, қар жауса да қала жұрты тынымсыз. Арықтарынан алма домалайтын жол жиегіндегі бұрынғы арналар әрлі-берлі өтіп жатқан машиналардың дөңгелегінен шашылған суға толы.
Беу, шіркін! Алматының ақ жауынында аяқ киіміңді қолыңа ұстап алып, жауынның жауғанына қарамай, жаңбырға бетіңде тосқан күйі жүгірер ме едің, жалаңаяқ?! Сөйтіп келе жатқанда алдыңнан қолшатыр ұстаған бір жігіт жауыннан қорғап, үйіме дейін шығарып салар ма еді? Е-е, бұл құрғақ қиял ертегі! Менің де қиялдарым қызық. Болмайтын ойды ойлап. Содан… содан «Жаңбырлы түн, екеумізде бір шатыр, бір шатырда», жә, қойшы құрсын. Бірақ бүгін нағыз шабыт қуатын күн екен. Неге екені белгісіз, ойыма осы бір өлең оралды. Езуіме мырс еткен күлкі үйірілді.
Қиял қуып келе жатып, мен жеткенше, жауын да басылды. Одаққа жеттім. Бұл жақта не істеп жүрмін? Танысым да жоқ. Тамырым да жоқ. Тіпті, ешқандай жұмысым да жоқ бұл жерде. Мейлі, ішін бір көріп шығайын. Ақын-жазушы деген «жарықтықтарды» тірідей көзбен көру бақытына ие болайын. Мақсатсыз қыдырысым қызық болды-ау жаңбыры кеште…
Үшінші қабатқа көтеріле бергенім сол еді қарсы алдымнан ақ костюмін иығына желбегей жамылған тура бір опера әншісі секілді ірі денелі, салмақты бейтаныс кісі маған қарай қарама-қарсы жүрді. Бірдеңе дейтінін бірден білдім. «Осында жүрген ақын-жазушының бірі шығар», деп суыт амандасып өте бергенім сол еді, арт жағымнан, «Кімді іздеп жүрсіз?», деген сұрақ қойылды.
– Ешкімді, жәй.., ақын деген жаны таза періштені көруге келдім, – деп жалт қарадым. Неге екені белгісіз солай деппін.
Көкшіл жейдесінің жағасын кір шалмаған, қырлы шалбарын жаңа ғана үтіктеп кигендей, тап-тұйнақтай кірпияз кісі екен. Қасын көтеріп тұрып бір қарады да:
– Періштелер кешке қарай мұнда жүрмейді. Бәрі өз мекеніне кетіп қалған, жүріңіз, кабинетіме, шәй ішіп кетіңіз, – деп гүр етті. Иығына желбегей жамылған ақ костюмі сырғып бара жатқан соң, сол иығын қиқаң еткізіп, бір көтеріп сермей лақтырып, иығына қайта іліп алды. Шашын салалы саусақтармен артқа қайырып, ашық тұрған кабинетіне қарай аяңдап барып, солдатша есігін ашып кір деген ишара білдірді. Кабинетке кіріп кеттім.
Үстелге кофе мен қант салынған хрусталь ыдысты әкеп қойды да, қайнап тұрған суқұймадан екі ыдысқа кофе құйды. Су болған күртемді шешіп жатып, мен де қойнымдағы екі бүктелген газетті шығарып, үстел үстіне қоя салдым. Жолай өлеңім шыққан газеті сатып ала салғам. Сөмкеме сыймағасын, су болмасын деп қойныма тыға салып ем. Ұмытып кетіппін. Шалдар құсап қойнымнан шығарып жатқаным ұят болды-ау!
Күртемді орындықтың басына іліп қойдым. Қып-қысқа, арқасы ашық көйлек кие салып едім, күн ыстық болған соң. Қызыл шыт көйлегімнің арқама жабысып қалғанын сезіп отырмын. Арқам жаурап барады. Беліме түсер-түспес шашымды бұрқыратып, жайып жіберіп, сілкілеп алып, арқамды шашыммен жапқансып қойдым.
Кофенің біреуін қолына ұстап, құдды бір керілген кербез қораз секілді, арт жағымнан құлаштай адымдап, бір қолын артына қайырып алып, үндемей әрі-бері жүре бастады. Айнала қарап шықты білем. «Неғып кірдім екен кабинетіне? Танымайтын ер адамның кабинетіне жалғыз кіруден қорықпаймын, екі-кештің арасында, ұят-ай-ә!»… Кірерін кіріп алып, өзіме өзім сұрақ қойып, қайта шығып кете алмай қысылып отырмын. Екеуміз де үнсізбіз.
Үнсіздікті, «Сіз өзіңіз ақынсыз ба?», деген тосын сұрақ бұзды. Қойныңызға неменеге газет тығып жүрсіз, кешқұрым Одақта дегені шығар?..
– Жоқ, жәй ғана оқырманмын, – дей салдым.
– Оһо, нағыз періште Сіз болдыңыз ғой!». Қасымнан әрі-бері өтіп жүріп, иығындағы ақ костюмді маған жапты. Жып-жылы.
– Жамылып отыр, кофе ішіп, жылынып ал. Асықпай, барарсың үйіңе. Жаңбыр басылсын.
– Алматының жаңбыры құйды ғой, ағай, мұнда жаңбыр осылай жауа ма? Күшті ғой! – деп әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып әкеткім келді. Бірақ ойымда бағанағы әуеннің лейтимотиві тұр сарнап.
– Иә, Алматының ақ жауыны жауа салады, басыла салады. Дала деген керемет болып тұр ғой, жарықтық! Жан дүниені жадырататын бұл да бір Сіз секілді жып-жылы жаңбыр. Жүріңіз, сыртқа шығып, өлең оқып, Сізді шығарып салайын.
Маған керегі де сол еді атып тұрып жинала бастадым. Үстелде тұрған ыдыстарды жинай бастап едім, «жинамаңыз» дегендей қолымның үстіне қолын қойды. Үстімнен ток жүріп өткендей, қолымды жылдам тартып алдым да, ақ костюмін өзіне қайта беріп, жылдам-жылдам күртем мен қол сөмкемді қолыма ала сала, газетімді қолыма ұстаған күйі есіктен атып шықтым.
Есікті кілттеп жатып, қолшатырын білегіне іле шықты. Екеуміз сыртқа шықтық. Екеумізде де үн жоқ, жүріп келеміз. Әңгімеге тартып өзі жайында сұрақтың астына алуға да болушы еді, бірақ бір түрлі жүрексіндім. Қырындайтын түрі бар секілді, маған «Қарындас, Сізге ғашықпын», деп жабысып қалатындай елестеді. «Қалай құтылсам екен? Үйге тез кетуім керек. О, амалын таптым! Менен шошып қашып кетсін», деген оймен, біраз жер жүрген соң:
– Ағай, шылымыңыз бар ма?– дедім. Күтпеген жерден қойылған тосын сұрақ жүрегін тіліп өтті білем, маған жалт қарады. Қарады да, құрметпен, бір тал жіңішке сигарет ұсынып, оттықты тұтатты да, оттық өшпей тұрып қалғанын өзі шылымына тигізіп бұрқ еткізді. «Періште», деп ойлап келе жатқан ойын шылымның ащы түтіні улап кеткендей, ұзақ үнсіз қарап тұрды.
Шылымды сора бере қақалып қалдым. Көзіме жас толып, теріс қарадым.
– Көптен шегесіз бе?
– Жоқ, бүгін ғана.
– Ымм… Ондай-ондай болып тұрады кейде.
Жын соққандай саңқылдай күлдім. Бар ойым әлгі кісіден құтылу.
– Жігітіңіз қайда?
– Ей, ол да бір пенде. Ол менің «жынды әлеміме» сыя алмады. Көп жүрмедік, жөніне кетті. Кеткенде де жылап кетті. Көз жасын көрдім. Жігіттің көз жасын көрген қыз бақытсыз болады, дейді, ғой ағай рас болса? Қысқасы солай!
– Сіздей періштеге жігіттің жыламауы мүмкін емес, ол пендені неге жылаттыңыз?!
– Солай болуы керек болған демек!
Ол әрмен қарай қазбалаған жоқ. Маған да керегі сол болатын.
Бір кезде аяп кетсе керек, қолымнан ұстап, өзіне тартты. Алақаны жұп-жұмсақ екен. «Кетпеші, мен сені бақытты етем», дегендей ұзақ қарап тұрды. Қиылып тұрған қөзіне көзім түсіп кетті. Жүзінде бір қимастық бар. Мамық қолдарымен дымқыл тартқан шашымнан сипады да, «олай демеңіз» деді.
Бәрінен бұрын шылым шегетін қызға періште деп айтқанынан ұялдым. Ұялсам да білдірмейін деп, манадан бері тұтатқалы бері тартпай, не тастай алмай ұстап келе жатқан темекімді, тастай салып, аяғыммен мыжып, сөндіре бастадым.
…Неменеге темекі сұрадым екен? Тәртіпті қалпымда неге қабыл-датпадым екен өзімді? Періштені іздеген ол ма, мен бе? Әжептеуір кісіні алдап… Қайдағы жігіт, қайдағы көз жас. Беті аулақ, құрсын! Жынды екем ғой. Дап-дардай кісіні өтірік алдап, жынды қылып, мейлі енді… Өзіме өзім іштей монолог оқып келем.
– Рұқсат болса, үйге қайтайын, кешіріңіз, рақмет ағай Сізге, дедім. Ар жағымнан, аяқ асты бірдеме ойлап тапқанымнан не істерімді білмей іштей күлкі қысып барады. Осы арадан тезірек көзімді құртудың амалын таппай, қысылып та барам. Жаңбыр қайта құйды. Сөмкемді басыма қалқалаған күйі жүгіріп, жақын тұрған үйдің алдындағы кіреберісін қалқалап, тұра қалдық. Қырсыққанда жауын басылар емес, қарсы алдымызда кафе тұр. Құры тұрмай сонда барып отырайық, деді. Екеуміз кафеге қарай бұрыла бердік.
Шеткі жағына таман отырып, арақ-шарапсыз, тек қана тамақ іштік. «Ішем», деп ол айтқан жоқ, «құй», деп мен айтпадым. Кафе іші даң-дұң. Сөз тыңдайтындай емес. Бір-біріміздің бетімізге қарауға ұяламыз. Анда-санда көз тастап қояды. Сағатыма қарап, «сыртқа шығайық», деп ымдадым. Аялдамаға келдік. Қоңыр самал жел тамшы ұрған жапырақтарды одан сайын сілкіп тұр. Қалтасынан шылымын алып, оттықты тұтатты да, маған ұсынған жоқ, қайтып қалтасына салып қойды. Бұл жолы шылым сұрағам жоқ. Таксимен шығарып салмақшы болып ыңғайланған. Мінгім келмеді. Екеуміз де автобусқа міндік. Терезенің ар жағында қаланың әдемі шамдары жарқырайды. Толассыз жауған жаңбыр автобустың әйнегін жуып жатыр, жауып жатыр…
Автобустан түстік. Сорғалаған ақ жауын басылып қалыпты. Суға шыланған қалың жапырақты кешіп келеміз. Қолшатыр оның білегіне ілінген күйі жайына қалды. Қысқа қызыл көйлегім шешіп бір сығып алардай. Денеме дене болып жабысып қалған.
«Тоңдың ба, періштем?» — дегендей ақ костюмін бір сілкіп алып, маған қымтай жауып, иығыма қолын артып алды. Қолын қақпадым. Бір ысып, бір суып, жаңбырмен жарысып, өз ойыммен таласып келе жатып, «өлең оқып берейін бе?» дегенін де естімеппін, тіпті есімін де сұрамаппын, ол ақынның. Ол өлең оқып келеді.
– Түн неткен ғажап! Ол мені естіген жоқ. Шабыттана өлеңін оқи берді. Аспанға қарадым. Анадайда екі жұлдыз жымың-жымың етеді. Шашымнан аққан жаңбыр суы тамшылап ақ костьюмнің иығынан төмен қарай домалап түсті. Сырғыған тамшыны қаққам жоқ.
Жаңбыр тағы жауса екен! Үйдің жанына таядық. Түн ортасы қайда жүрсің? – дер ме екен? Әпкемнен ұят болды-ау! Ол да жас болған шығар. Ақын деген солай болуы керек. Олар түннің адамы. Оны түсінуі керек. Түсінбесе, түсінсін.
– Ағай, мен рұқсат болса үйіме барайын, дедім өлеңінің ортасынан бұзып.
– Көйлегің кепсін, шашың су-су қалай бармақшысың? Сәл тұра тұрайықшы, дегендей жүзіме қарады.
– Үйіңде кім бар?
– Туыстарым.
– Ымм!
Мен де бірден кете салмай, жып-жылы ақ костьюмді қимай тұрмын. Бетіне қарайын десем, жаңағы қылығымнан қымсынып барам.
– Ағай, дедім бір кезде еркелей. Сіздерге рахат, иә, Түнімен қанша уақыт жоғалсаңыздар да, түнімен не істесеңіздер де өз еркілеріңіз. Ешкім іздемейді, бәрі түсінеді. Күн де, түн де, қыздар да сіздердікі!
– Неге олай дейсің, оқырманым?
– Үйіңізге асықпайсыз дегенім ғой.
– Менің күйім қай жағына қарай тартылады, сол жер мен үшін бақыт. Жүрегімді бақытты еткім келеді, сен түсінесің бе?
– Бақыт, бақыт деген сонда түнімен қыз қасында өлең оқу ма?
– А-аа, айтпақшы, біз таныспаппыз ғой. Есіміңіз кім, қарындас?
Бетіне қарадым да,
– Айтпай-ақ қойсам бола ма, біз бір-ақ рет кездесетін жандармыз ғой, есімімді ойыңызда сақтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын, дедім.
– Менікі де жұмбақ болсын, ендеше! – деп күліп қолымнан ұстап ернімнен сүйіп алды. Күтпеген жерден осылай істегеніне таң қалғам жоқ. «Ақын деген жынды болуы керек шығар», деп ойладым да қойдым. Қолымнан ұстаған күйі, тіке көзіме қарап қадалып қалды. Көздері неткен әдемі! Желпілдеген шашынан ұстап алып артқа қарай қайырғым келген. Ол кенет соны сезді ме, шашын сілкіп тастап, жүрші, отырайықшы бір жерге барып оңаша дегені…
– Оңаша? Онсыз да оңаша тұрған жоқпыз ба?
– Сұрақ қоя бермей, жүрсеңші. Белімнен қыпсыра құшақтаған күйі өзіне тартып барады. Ыстық деміне күйіп бара жатсам да, сезімге ерік бермедім. Ақ костьюмді иығымнан ысыра салып, қолына ұстаттым.
– Рахмет, ағай, ойыңыз түсінікті болды.
– Тиіспеймін, тек қана иіскеймін, қорықпа! Ақындардың барлығы сен ойлағандай емес.
– Өз ойыңыз өзіңізде. Мен кеттім, сау болыңыз! Дереу барып, дарбазаны ашып, есікті тарс жаптым. Ар жағында есім шығып, аяқ-қолым дірілдеп, отыра кеттім. Бекер айырылдым-ау, ақыннан. Дұрыстап танысып, сөйлесуім керек еді… Не деген әдемі жігіт?! Орнымнан тұра салып, дарбазаның тесігінен сығаладым. Такси ұстап кетіп қалған болуы керек. Ақ костюмді жігіт, көзден ғайып болыпты.

***
– Келдің бе, ақыным?! – деді. Ішінен қайда жүрсің, су-су болып қаңғырып? дегендей әпкем ала көзбен бір қарап, жатып қалды. Ештеңе дегем жоқ.
Өкініш өзегімді өртеп, түнімен ұйықтай алмай шықтым. Көз алдыма әлгі бейнелер келе береді. Ол ақын кім болды екен? Телефон нөмірін де алмаппын-ау! Таң атсын, тағы барам Одаққа! Таң атар атпастан, атып тұрып жинала бастағаным сол еді, әпкем:
– Бүгін ауылға бара жатырмыз, үйде ешкім болмайды, жүр бізбен барып қайтасың ба? – дегені.
– Кейіндеу барам, ренжімеңіз, жұмыстарым бар еді, – деп салқын сөйлеп, қолшатырымды алған күйі үйден шығып кеттім. Жаяулатып тартып келем. Үстімде кешегі қызыл көйлек емес. Ақ жейде, галстук пен кара костюм.
Жұмысқа келсем, бастығым әлі келмепті. Бастық келмей тұрып боянып алайын. Айнаға қарап отырғаным сол еді, бастықпен бірге кешегі ақ костюм киген ақын кіріп келді. Әлденелерді айтып кіріп келе жатып, маған жалт қарады. Орнымнан қалай атып тұрғанымды білмедім. Амандасып, сыртқа шығып кеттім.
–Шәй, қоя салшы, Жанар, ағаңмен отырып шәй ішейік! деген бастықтың сөзін шығып бара жатып естідім. Кабинетке қалай кіргенімді білмеймін, шәйнекті алып шықтым.
Бастан-аяқ қарап отырған ақын жігіт мені таныды ма екен? Неге қарай береді? Таныды ғой, атымды біліп алды-ау! Кешегі сызылған көңіл-күйді сырып тастап, тарс-тұрс қимылмен екеуінің ортасына шәйді қойдым да, «ренжімеңіздер, қазір келем», деп, сөмкемді алған күйі сыртқа шығып кеттім.
Бізбен отырып шәй құйып берер деген ойы сарт үзілген шығар. Шықтым да далада біраз серуендеп жүрдім. Сол маңдағы саябаққа аялдап, балмұздақ жеп отыр едім. Артымнан әлдекім қарап тұрғандай болды. Әлдекім жып-жылы қолдарымен арқамнан сипап өткендей болды.
– Сіздің есіміңіз Жанар ма? – деді. Таныс дауыс.
– Иә, ақыры біліп алдыңыз ғой. Балмұздақ жеген аузым жағал-жағал болып тұрса керек, мырс етіп бір жымиды да:
– Балмұздақ жеген балдай тәтті ерніңізден балмұздақтың дәмін татып көрсем бола ма? –деді.
– Бастық қайда? дедім, аузымды сүртіп жатып. Әңгімені басқа жаққа бұрып әкетпек оймен.
– Бастық орнында. Мен асығып шығып кеттім.
– Мені қалай таптыңыз?
– Шыққан бетте артыңыздан жүрдім де отырдым.
– Содан? Ғашық болып қалдым деңіз. Ақындар тез ғашық болады деген осы-ау, ә!
– Солай десең де болады, Жанар ханым! Кешегідей емес, бүгін өзгеріп, тәртіпті бола қалыпсыз ғой.
– Темекі сұрағанымды айтасыз ба?
– Әдемі болып, құлпырып кетіпсіз. Шашыңызды түйгеніңіз, костюм-юбка кигеніңіз қандай жарасымды.
– Әрине, кеше жаңбыр жауған, бүгін аспан ашық. Мұнда неге жүрсіз?
Бастықта шаруаларыңыз бар ма еді? Оны қайдан танисыз?
– Ол кісі үйдегі жеңгеңнің туған ағасы.
– Ымм. Солай деңіз.
– Солай, қарындас.
– Сонда Сіз маған да туысқан болдыңыз ғой.
– Сізге? Қалайша?
–Мен бастықтың әйелінің ағасының қызы едім.
– Мәссаған!
– Ну, да! Қырсықтығым ұстап тағы өтірік айта салдым.
– Әйеліңіз бар екен, неге маған жабысып жүрсіз?
– Өлең оқып бергім келген. Басқа ойым жоқ.
— Өлең оқығанда осылай артымнан қалмай жүріп оқи ма екен? Ақын деген сайын құтырдыңыз-ау!
– Менің Музам боласыз ба?
–Кім? Муза деген не, көңілдес пе баяғы?
– Жоқ! Ол өлең тудыратын кейіпкер.
– Жүрегіңіз жараланып қалады деп ойламайсыз ба, аясаңызшы!
– Жырым-жырым жүректің қай тесігін жамайсың, Жанар! Жүректен шықпаған жырды сен секілді оқырман қабылдай алар ма екен? Мен жаныммен жазғым келеді, өлеңді. Сезінгім келеді мынау әлемде махаббаттың бар екенін, түсінесің бе?
– Оны неге енді әйеліңізге түсіндірмейсіз?
– Е, әйел деген періште ғой. Тап -таза күйінде қалсын деп ойлайсың. Менің жынды жанымды түсінбей-ақ қойсын ол. Ол менің тәнімнің күтушісі.
– Жаныңыздың күтушісі кім?
– Ол сен! Мен саған ғашықпын, Жанар! Оған не дейсің?
Ал енді, қайттім, ақынның нәзік жанын түсіну керекпін бе, әлде жанын жаншып, мыжып-мыжып умаждалған қағаздай тастай салуым керек пе?
– Тәуекел, көрейік, қай жерге дейін баратынымызды. Бірақ отбасыңызды бұзып алмаңызшы. Артық ешнәрсе керек емес, тек, өлең үшін солай істейік. Келістік пе?
– Келістік! Қолымнан қысып, арқамнан қақты. Көздері күлімдеп, қарай береді. Екеуміз қиялдап жүріп біраз жер жүріппіз.
– Әйелі бар адаммен бұлай істегенім ұят болды-ау!
– Әйелім оны түсінеді. Қаласаңыз, онымен де таныстырайын. Бірақ қызғанады-ау, иә?!
– Әрине, жаны жараланады. Өзіңіз айтқандай жын-шайтанды араластырмаңыз оның өміріне, ол періште ғой.
– Періштені іздеп жүр едіңіз ғой Одақта?
– Қателескен екенмін. Періште деген біз сияқты оқырман ғой.
– Енді түсіндіңіз бе? Ақ костюм кигеннің бәрі періште емес! Менің періштем Сізсіз! Жә, оны қойшы, бүгін кешке не істейсіз?
– Үйде болам. Жалғыз. Жалғыз деген сөздің қалай аузымнан шығып кеткенін білмеймін. Өзім де ғашық болып қалған сияқтымын.
– Жооо-қ, жалғыз емес, туыстарыммен.
– Әй, қу қыздар-ай! Алдау білмейсіңдер ғой!
– Бір жерге баратын едік, ауылға, ертерек кетуім керек бүгін, – дей салдым.
– Барсақ, бірге барайық. Ауыл деген жақсы ғой.
– Ағай, басқа күні кездесейікші, тып-тыныш үйге қайтайыншы, кеше де кеш келдім. Әпкем жақтырамады. Өйтіп, жексұрын болғым келмейді. Ол түсінер жарайды. Әке-шешем не дейді, олар ауылдың нағыз періштесі ғой.
– Біз, сайтанбыз. Сен де өлең жазасың ғой, оқып жүрмін. Несіне жасырдың?
– Жазам. Тек, сіз секілді емес.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *