ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ —  ЖАҢА ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫ ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ —  ЖАҢА ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫ
Аман Абасилов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Саясат, оның ішінде тіл саясаты туралы айтқанда белгілі бір мақсатты жүзеге... ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУ —  ЖАҢА ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫ

Аман Абасилов,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты

абасилов аман

Саясат, оның ішінде тіл саясаты туралы айтқанда белгілі бір мақсатты жүзеге асыруға бағытталған саналы әрекетті түсінеміз. Тілге қатысты адамдардың қандай саналы әрекеті, оны өзгертуға бағытталған нендей мақсаты болуы мүмкін? Адамдар тілден нені өзгерткісі келеді? Адамдар тілдің өзіндік жүйесі мен құрылымына, дамуына қалай әсер ете алады, ол қаншалықты мүмкін? Мұндай тіл саясатын кім жоспарлайды және кім жүргізеді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Тіл мен саясат – тіл дамытудың өзара тығыз байланысты категориялары. Тіл – саясаттың әрі нысанасы (обьектісі), әрі құралы.
Ал саясат – тіл тағдырын шешетін мемлекеттің өзіндік ұстанған бағыты, шаралар жүйесі. Демек, қандай да бір мемлекеттегі тілдердің қоғамдық қызмет ауқымын саналы түрде арнайы дамытуға болатыны, не болмайтындығы туралы мәселенің басын ашып алу қажет. Жалпы әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, тіл екі түрлі жолмен дамиды да, құриды да: оның бірі – өзінен-өзі, арнайы ұйымдастырылмаған (стихиялы) түрде дамиды, не қолданыстан шығып құриды; екіншісі – қоғам, мемлекет тарапынан керекті бағытты жоспарлы түрде арнайы дамыту, не құрту.
Ендеше қоғамдағы не белгілі бір мемлекеттегі тіл мәселелерін шешу мақсатында белгіленген лингвистикалық шаралар мен идео-логиялық принциптер жиынтығы тіл саясатын құрайды.
Көптеген елдерде тіл саясатын жоспарлайтын негізгі субьекті деп әр алуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттарды атайды. Ал адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің негізгі салалары деп әлеуметтік лингвистикалық әдебиеттерде тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі, терминологиясын қалыптастыру мен дамыту және әліпбиі мен емлесін жасау, жетілдіру мәселелері көрсетіледі. Осылардың ішінде әліпби – жазба тілді қалыптастырудағы адамдардың саналы әрекеттерінің бірі, тіл саясатының басты нысаны екендігін көреміз. Әліпби – арғы тегі гректің «alphabetos», яғни альфа және бета деген басқы әріптердің атынан алынған атау. Ол жеке дыбыстық элементтерді символ арқылы бейнелеп, тілдегі сөздердің дыбыстық келбетін бейнелейтін таңбалар жүйесі. Әліпбидің дүниеге келуі кез келген табиғи тілдердегі мәтінді жазуға мүмкіншілік берді. Жазудың шығуы мәдениеттің дамуына көп әсер етті. Тіл өзінің өмірдің түрлі салаларындағы қызметін кеңейтті, дамудың жаңа жолына түсіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Қай қоғамда, қай елде болмасын әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпыхалықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мәселе.
Сондықтан ол – саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік лингвис-тикалық, әлеуметтік, экономикалық т.б. жақтан ойланып, толғанып шешетін маңызды әрі күрделі проблема. Олай дейтін себебіміз:
Біріншіден, тіл табиғатына сай әліпби жасау мен таңдау мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытады.
Екіншіден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, оның өзіндік бетбейнесін көрсетеді.
Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес орфографиялық, орфоэпиялық ере-желерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді.
Төртіншіден, таңдалып алынған әліпбиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік лингвистикалық қырын танытады.
Бесіншіден, әліпби ауыстыру – бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз.
Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы – ол сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліпби ауыстыру ұлттық жаңғырудың бастамасы, еліміздің лингвистикалық егемендігінің белгісі деп санаймыз. Бұл үшін алдымен халық арасында мәселенің мәнін ашып түсіндіру, ұғындыру, насихаттау т.б. жұмыстар жүргізілуі керек.
Алтыншыдан, әліпби ауыстыру көп қаражатты қажет етеді. Демек, ол экономикалық жақтан нақтылы әрі тиімді шешілуі керек. Олай болса, осындай және бұдан да басқа мәселелерді жинақтап қорытындылайтын, бағыт-бағдар көрсететін үкімет тарапынан арнайы тұжырымдама қабылдануы тиіс. 2006 жылдың қазанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халық-тар ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгін де телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес.
Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс. Біздің балаларымызды ағылшын тілінде оқытудың өзі латын әліпбиімен байланысты. Ал біз қазір барлық мектептерде ағылшын тілін оқытамыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ», – дей келе «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай оның плюстері мен минустарын зерделеп алуымыз керек», — деген еді. Бұл мәселе бұдан кейін Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында тағы көтерілді. Онда: «Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.
Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп осы жолы бұл мәселеге нүкте қойды.
Бізге неге әліпби ауыстыру қажет дегенге келсек, оның көптеген себеп-тері бар.
Біріншіден, тіліміздің табиғи заң-дылықтары бұзылып барады. Өзге тілдің дыбысы, өзге тілдің сөзі, өзге тілдің ережесі өз тілімізді өгейсітіп айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей, өз сөзіміз өзіміздікі болмай отыр. Бұл әсіресе тіліміздің фонетикалық жүйесін қатты әсер етті. Үндестік заңы тұншықты. Тіліміз әуезділігінен айырылды.
Екіншіден, тіліміз осы заманғы ғылыми-техникалық прогеске икемді болмады, терминологиямыз жетіспейді деумен өзге тілдің сөзін аударамыз деп өзегіміз талды.
Үшіншіден, өзге тілден сөз ауысу тоқтады. Кірме сөздер қазақтың айтылуына негізделмей, сол тілдің нұсқасында енді. Тіліміз «импорттанған» сөздерге толды. Өзге тілден сөз алғанда оны басып, жаншып ұлттық дәстүрде алу керек деген принцип далада қалды. Міне, осындай және тағы басқа да фокторлар тілімізді дамытуға кедергі келтіріп отыр. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту, әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосу, болашақ тілі болуына жағдай жасау – әрбір қазақ азаматының арманы. Біз бүгінгі күні әліпби ауыстыру арқылы осы уақытқа дейін кеткен кемшіліктерді жоя отырып, жаңа тұрпаттағы тіл дамыту жұмысын саналы түрде қолға алуымыз қажет. Жалпы әліпби – адамдар ақылдаса отырып жасайтын, тіл дамытудағы саналы әрекеттердің бірі.
Қазіргі таңда елімізде әліпби таңдау, оның ішінде латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау мәселесі өткір күн тәртібіне қойылды. Мұны мен қолдаймын. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, орыс жазуына негізделген қазіргі қазақ-орыс жазуы ұлттық мүддеден ауытқып, басқа жаққа бет алып бара жатыр. Мұны күнделікті газет, журнал, ғылыми кітап, оқулықтардың кез келгенін алып, ондағы мәтіндердегі сөздерді орфографиясына қарай топтастырып, саралап көрсек, таразының бір басында қазақ тілінің заңдылығымен жазылған, екінші басында орыс тілінің тәртібіне түскен алабөтен сөз үйірін байқаймыз.
Жыл өткен сайын мұндай «импортталған» сөздердің саны еселеп өсіп, көбейіп бара жатыр. Бұл қазақ тілінің ежелден келе жатқан дәстүрлі нормасының бұзылу қаупін туғызып, қарсы тұру иммунитетін әлсіретуге алып келді. Ал дәстүрлі нормасынан, қорғаныштық қабілетінен айырылған тіл қанатынан айырылған құстай дәрменсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды. Сондықтан тіліміздің төл табиғатын бұзбай сақтап қалу үшін қазіргі қазақ орфографиясын қалай болғанда да өзгертпей, реформаламай болмайды. Ал ол үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғысынан келгенде бізге орыс графикасынан гөрі латын алфавиті қолайлы. Латын графикасына көшу арқылы біз тіліміздің табиғиғатын сақтаймыз, даму заңдылығының бұзылуына жол бермейміз, фонетикалық жүйесін қалпына келтіреміз, орфографиямызды түзеп аламыз, қысқасы өз сөзіміз өзіміздікі болады.
Қазіргі заманда өзімен-өзі бөлек, оқшау тұратын, томаға тұйық жеке өмір сүретін ешбір халық, ұлт жоқ. Дүние жүзіндегі халықтар бірбірімен әртүрлі экономикалық, мәдени, саяси т.б. қарым-қатынаста өмір сүреді. Демек, олардың осындай өзара байланыстары тілдерінің де қарым-қатынаста болуына, араласуына әкеледі. Бір тіл екінші тілден сөз алып лексикалық қоры байып дамып отырады. Бір-біріне сөз ауыспайтын әлемде бірде бір тіл жоқ. Бұл әсіресе қазіргідей ғаламдасу заманыныда қашып құтыла алмайтын заңдылық.
Бірақ бір тілден екінші тілге сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.б. тілдік бірліктер ауысып араласқанымен, бір тілден екінші тілге дыбыс алмасуы өте сирек құбылыс. Дыбыс алмасу — екінші тілдің сөзін алғанда оның дыбысын қоса алу – тіл заңдылығының бұзылуына алып келетін зиянды үдеріс. Сондықтан дүниедегі дамыған елдер өзге тілдің дыбысын алмауға, тіл заңдылығын бұзбауға, тіл тазалығын сақтауға қатты көңіл бөледі. Айталық, ағылшындар француз сөзін қалай жазамыз деп француз тілінен дыбыс алмайды. Сол сияқты жапондықтар қытай сөзін қалай таңбалаймыз деп қытай дыбысын өздерінің жазу жүйесіне енгізбейді. Бір графикалық жүйеде бола тұра орыстар қазақ сөзін қалай жазамыз деп қазақтың «қ» дыбысын алмайды, өздерінің дыбысымен «казах» деп жазады.
Сол орысша жазу ізімен ұлты-мыздың, мемлекетіміздің атын латын әрпімен «Kazakһstan» деп қате жазып жүрміз. Ал біз неге орыс тілінен енген «циркуль» деген сөзді «серкөл» деп жазбай, сол тілдің «ц» дыбысын әліпбиімізге енгізіп, «циркуль» деп жазуға мәжбүр боламыз. Қазақтар мен орыстар көрші халықтар ретінде ежелден қатар өмір сүріп келеді. Бұл олардың тілдерінің үнемі қарым-қатынаста болуына, бір-біріне сөз ауысуға себепші болды.
Бұл күнде бірінің сөзі екіншісіне сіңісіп кеткені соншалық олардың о баста қай тілден енген сөз екенін айыру қазір мүмкін емес болып кеткен жайттар баршылық. Бұл олардың бір бірінің сөзін өз дыбыстауына, өз тілдерінің заңдылығына сәйкес алуына байланысты. Мысалы, ата-бабамыз «Москва» сөзін өз дыбыстауында «Мәскеу», «самоварды» «самаурын», «кроватты» «кереует» деп алды. Сол сияқты осы күнгі орыс тіліндегі «стакан» қазақтың «ұстаған» сөзінен, «деньги» «теңге» сөзінен ауысқаны баршаға аян. Әрбір тілден өзге тілден сөз алғанда өз тілінің заңдылығына сәйкес дәстүрлі дыбыстау жолымен немесе баламасын тауып аударма жасау арқылы алады.
Сөйтіп тілінің сөздік қорын байытады. Бұлардың ішінде бірінші жолмен, яғни өзге тіл сөзін тілдің фонетикалық заңдылығына сай дыбыстап басып, жаншып алу қазақ тілінің табиғатына жақын келеді. Біздіңше, бұл сол тілді тұтынушылар арасындағы тілдік бөгетті азайтады, тілдің қарым-қатынасты оңайлатады. Латын әліпбиін таңдауымыздың себебі не? Жалпы қай әліпбиді таңдасақ та ондағы таңбалар қазақ тілінің өзіндік дыбыстық жүйесіне сай келсе болғаны. Әліпбиде жат дыбыстар болмауы керек.
Басқаша айтқанда, мынадай орыс сөзін қалай жазамыз деп орыс тілінің дыбысын, ағылшын сөзін жазамыз деп ағылшын тілінің дыбысын алуға болмайды. Олай ететін болсақ, әліпби ауыстырудың қажеттілігі жоқ. Қарап отырсақ, кирилл әліпбиінің иесі — орыстар, армиян жазуының иесі — армияндар, иероглиф – қытайдікі, араб — жазуы арабтікі, ал латын әліпбиі барлық тілдерге ортақ. Өйткені латын тілі – тек жазуда ғана қолданылатын өлі тіл.
Сондықтан оны ағылшын да, француз да, неміс те, италияндық та, өзбек пен түріктер де пайдаланады. Латын әліпбиі сондай-ақ ғылым мен техникада, әсіресе компьютер тілі ретінде кеңінен қолданылады. Сондықтан латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау – заман талабы, уақыт сұранысы.
Әліпби ауыстыру – өз тілімізді ұмытып басқа тілге (латын тіліне) көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы замаңғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа әліпбиді игере алмаймыз деп қорқудың, дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдірейік. Енді латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің талқылауға ұсынылған жобаларына байланысты өз ойымды ортаға салайын. Парламенттік тыңдауға ұсынылған қазақ әліпбиінің бірінші жобасындағы кейбір дыбыс таңбаларын ой елегінен өткізіп қайта қарау керек. Әсіресе бұл жіңішке дауысты «Ә», «Ө», «Ү» дыбыстарына байланысты. Бұл дыбыстарды ұсынылған әліпби жобасындағы диграфтармен беру көптеген қиындықтар туғызатын сыңайлы.
Атап айтқанда: Біріншіден, осы уақытқа дейінгі қолданылып келген әртүрлі қазақ әліпбилерінде мұндай бір дыбысты қос таңбамен беру кездеспейді. Сондықтан осыған орай қоғамдық сана «бір таңба – бір дыбыс» түрінде қалыптасқан. Екі таңбамен бір дыбысты беру, оның үстіне өзіміздің төл дыбыстарымызды айту мен жазуда қиындық туғызады, шатасуға әкеледі. Оны оқытып үйретуге, дағды қалыптастыруға ұзақ уақыт кетеді.
Екіншіден, қазақ тілінің заңды-лығында екі дауысты дыбыстың қатар келуі де тілдік санаға кері әсер етеді.
Үшіншіден, жалғамалы тілдер типіне жататын қазақ тіліндегі сөздердің бір буынды түбірлерге дейін бөлшектене алатынын ескерсек, бір дыбыстың екі таңбамен берілуі сөз түбірі мен қосымшаларын айыру да, сөзді буынға бөлуде қиындық туғызып, әуре сарсаңға салады.
Төртіншіден, тіліміздегі үндестік заңына нұқсан келеді, ілгерінді және кейінді ықпал заңдылықтарына мұның әсер ететіні анық.
Бесіншіден, жаңа әліпби жоба-сындағы осындай шикіліктер «Ғ» және «Ң» дыбыстарына да қатысты.
Алтыншыдан, жазу – аса жауапты іс, өйткені жазу дұрыс қабылданбаса, ол тұтастай тілді өзгертіп жібереді Бізде әуелі тілдік заңдылықты қолдан жасап алып, сонан соң тілді сол заңдылыққа бейімдеуге тырысушылық кездеседі. Мұндайға жол беруге болмайды.
Жетіншіден, қоғамда пікір туғызып, шикіліктері мен олқылықтары бар деп көрсетіліп жүрген мұндай әліпби жобасын одан әрі көпшілікке салып, дау-дамайға жібере беруге болмайды. Тіл мамандары бас қосып бір шешімге келгені жөн. Елбасы назарына ұсынылған, «Ақорда кз» сайтында жарияланған жаңа әліпби біздің графикалық санамызға сай «бір әріп – бір дыбыс» ыңғайында жасалған. Бұл үйренуге де үйретуге де ыңғайлы. Тілдің заңдылығына да сай келіп тұр. Латын графикасындағы 26 таңба да толық игерілген деп айтуға болады. Тіліміздегі жіңішке дауысты «Ә», «Ө», «Ү» дыбыстары, сондай-ақ дауыссыз «Ғ», «Ң» дыбыстары апострофтармен берілген. Мұндай үлгі бірнеше тілдерде (неміс, түрік, әзербейжан, өзбек т.б.) бар. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Сондай-ақ жаңа әліпбиде кірме дыбыстар ретінде 4 дыбыстың таңбасы (Ф, Х. В, Ч) алынған. Бұл да қажет болар.
Өйткені бұл дыбыстармен көптеген сөздер (мыңнан аса) енген, оларды қайта таңбалап, шатасушылық тудырудың қажеті жоқ сияқты. Бірақ бір ескеретін жағдай бұл кірме дыбыстарды негізгі қазақ әліпбиіне ендірмей, оларды қосымша ретінде, өзге тілдерден енетін сөздерді жазуда қолданатын дыбыстар етіп алу керек, Өзіндік емле ережесі жасалуы тиіс. Бұл айтылғандар жаңа әліпби жобасын талдау барысындағы біздің құптайтын тұстарымыз. Ал енді кейбір дыбыс таңбаларына таңбалауға байланысты ұсыныстарымыз да жоқ емес.
Олар: Біріншіден, тілімізде «Ы» және «І» дыбыстары жуан және жіңішке пар дыбыстар ретінде қатар жүреді. Сондықтан осы дыбыстарды «А» және «Ә», «О» және «Ө», «Ұ» және «Ү» дыбыстары сияқты бір таңбамен, яғни дауысты «Ы» дыбысын ешбір апострофсыз «І» таңбасымен, жішке «І» дыбысын апостроф немесе жоғары жағына нүкте қою арқылы «І’» таңбасымен берсе дұрыс болар еді.
Екіншіден, жаңа әліпби жобасында «І» таңбасымен екі дыбыс дауысты «И» және дауыссыз «Й» беріліпті. Осындағы дауысты «И» дыбысы біздің тілімізде жоқ болғандықтан оны алып тастау керек. Ал дауыссыз «Й» дыбысын «Ү» таңбасымен беру керек.
Үшіншіден, әліпби жобасында дауыссыз «У» дыбысы апостроф арқылы «Ү» таңбасымен беріліп тұрғаны біздіңше дұрыс емес. Жалпы әліпбиде алдымен таңбаның аз болғаны, сондай-ақ қосымша дәйекшелердің тіптен аз болғаны дұрыс десек, «У» дыбысын «W» таңбасымен берген жөн.
Төртіншіден, жаңа әліпи жобасында латын графикасында бар «С» таңбасы игерілмей қалған, ол таңбаны апострофпен «Ч» дыбысын беруде ғана қолданған. «Ч» дыбысын түркі халықтарында және өзіміздің оңтүстік говорларда бар деп алудың қисыны жоқ сияқты. Бұл дыбысты «Ш» дыбысымен айтуға әбден болады. Сондықтан ешқандай апострофсыз «С» таңбасын «Ш» дыбысының таңбасы ретінде алу керек. Сонда әліпбиде таңба да, апостроф та азаяды.
Бесіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа әліпби жобасында кірме үш дыбыс (Ф, Х, В) алынған. Осылардың ішінде «Н» таңбасымен «Х» және «Һ» дыбыстары берілген. Біздіңше «Һ» дыбысын алып тастау керек. Өйткені ол дыбысты қазақтың «Қ» дыбысы толық алмастыра алады. Егер қабылағалы отырған әліпбиді «латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі» деп атайтын болсақ, онда тілімізге тән емес жат дыбыстар болмауы керек. Сондықтан біздің ұсынысымыз мұндай кірме дыбыстар негізгі әліпбиге қосымша ретінде беріліп, өз алдына емле ережесі жасалуы керек сияқты.
Алтыншыдан, жаңа әліпби жобасында пайдаланғалы отырған апострофтардың қойылуын әлі де ойлану керек. Латын әліпбін алған елдердегі (әсіресе түркі халық-тарының) тәжірибе ескерілгені дұрыс.
Жетіншіден, қабылданып отыр-ған жаңа әліпбиімізді компьютердің перне тақтасына орналастырылуы да мінсіз болуы керек. Ол ағылшын, орыс немесе басқа тілдердегі мәтінді теруге кететін уақыт мөлшерінен кем болмауы тиіс.
Өйткені осы күнгі пайдаланып жүрген кирил жазуындағы әліпиіміздің перне тақтада ретсіз орналасуы кесірінен қазақ тіліндегі мәтінді орыс не ағылшын тілінде теретін уақыттан көп жұмсалатыны, қиындық тудыратыны көп айтылып жүр.
Осы жоғарыда айтылған мәсе-лелерді, яғни бізге неге әліпби ауыстыру қажет деген мәселе мен латын әліпбиін таңдауымыздың себебі не деген сұрақтарды жалпы жұртшылық бүгінгі күні түсінді, халықтың көпшілік бөлігі өздерінің оң көзқарасын білдірді деп ой түюге болады. Оның үстіне Елбасы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасына қол қойды. Енді алдымыздағы міндет – осы қол қойылған әліпбидің кем-кетігін жөндеп, оны қолданудың емле ережесін жасау. Бұл алдыңғы мәселеден де күрделі, аса жауапты іс. Оны жағарыдағы мәселелер сияқты бүкіл халыққа салып, дабыра қылудың қажеті жоқ. Бұл, біздіңше, ұйымдасқан түрде аса саналылықпен шешілетін жұмыс. Бұлардың бәрі ашық түрде БАҚ арқылы жұртшылыққа таратылып отруы керек.
Мамандар ақылдаса отырып, бір шешімге келіп, нақты байлам жасалған соң қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру бойынша құрылған ұлттық комиссия арнайы тұжырымдама жасап, қазақ жазуының жаңа емле ережесін халыққа жан-жақты насихаттауы қажет. Ол одан әрі талқылауға жатпайтын, халықты осы іске барынша сендіре алатын, орындауға жұмылдыра алатын құжат болуға тиіс. Жалпы жаңа әліпби ешқандай дау туғызбауы керек.
Өйткені жазу – аса жауапты іс, ол дұрыс қабылданбаса тұтастай тілді өзгертіп жібереді. Осындай жан-жақты ойланып жасалған осындай мүлтіксіз әліпби мен мінсіз жазу ережесі ғана қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейтіп, әлем тілдерінің қатарына қосады.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

СЫҢАР СЫРҒА

СЫҢАР СЫРҒА

Желтоқсан 4, 2019 0 314