ЖАРЫЛЫС тар зардабынан  арылдык па? ЖАРЫЛЫС тар зардабынан  арылдык па?
Жанна ИМАНҚҰЛ «Жалын» журналының қызметкері, «Ақпарат саласының үздігі» белгісінің иегері Қасиетті қазақ жеріне орны толмас қасірет алып келген алапат апаттан арылтқан «Невада-Семей қозғалысына» биыл... ЖАРЫЛЫС тар зардабынан  арылдык па?

Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі»
белгісінің иегері

Қасиетті қазақ жеріне орны толмас қасірет алып келген алапат апаттан арылтқан «Невада-Семей қозғалысына» биыл 30 жыл толып отыр. Семей полигонының және әлемдегі барлық ядролық жарылыстардың құрбанына айналғандардың қанды жасы әлі құрғамады. Қаншама жыл ашық таралған өлім бұлты сейілгенмен зардабынан толық тазару үшін 30 емес 300 жыл уақыт та аз болар бәлкім. Халықты жеті ұрпағына дейін санасыз құбыжықа айналдырған зұлматты дер кезінде тоқтатпағанда қазіргі халіміз қандай боларын елестетудің өзі қиын.
Атом бомбасының зардаптары қайталанбауы үшін өткен қасіретке қайта-қайта көз тастап, атомнан алынатын алапат күшті тек бейбіт мақсатқа қолдану – адамзаттың болашақ алдындағы ең үлкен міндеттерінің бірі.
Әңгімеміздің әлқиссасын әлемдегі ядролық қару тарихынан бастайық.
Ядролық қару – жаппай қырып-жоятын тажал. Бір сәтте дүниені астаң-кестең етіп, тиген жерін өртеп, күлін көкке шығарып, тіршілікті түгел тып-типыл ететін қару әлемді алақанда ұстағысы келгендер үшін әлі күнге өте маңызды болып қалып отыр. Бұл үлкен ғаламдық мәселе екені анық. Ядролық және термоядролық болып бөлінетін, көзді ашып-жұмғанша барды-жоқ ететін қарулардың әскери, әкімшілік орталықтарды, өнеркәсіпті, флот күштерін талқандау, қоршаған ортаны радиоактивтік ластандыру, жаппай бүлдіру, суға батыру, т.б. мақсаттарға қолданылатын түрлері бар. Ядролық қару адамдарға күшті моральдық және психологиялық әсер етеді. Оның қуаттылығын да арнайы өлшеммен белгілейді. Ядролық қару жарылған кезде: екпінді толқын, жарықтық сәулелену, өтпелі радиация, радиоактивті за-қымдану мен электр-магниттік импульс сияқты зақымдаушы құбылыстар пайда болады.

Алғашқы жарылыс

ХХ ғасыр адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи оқиғаларға толы болды. Дүниежүзілік жойқын екі соғыс пен революциялық толқулар мен күрестер билікке талас дәл осы ғасырға, онда да бірінші жартысына тиесілі болды. Отарланған елдер тарапынан болған ұлт-азаттық күрестер, нәсілге бөлінуге қарсы толқулар, империялық көзқарастағы елдердің әлемді түгел билеуге жанталасы жалын атып тұрды.
Қайтпай қайсарлық танытқан күрестің нәтижесінде көптеген елдердің жанкештілікпен тәуел-сіздіктерін алды, тарих сахнасына жаңа мемлекеттер шығып, дами бастады.
Бұдан бөлек ғылыми-техникалық прогресс сәт санап дамыды. Ғылымның кілтін тапқан адамзат баласы байыз таппай ядро мен атомға бөлшектенген тозаңнан қуат алуға кірісті. Мұндай құдіретке ие болған адамзат баласы үшін бұрынғыдай ғарыш, жер, жерасты, мұхит т.б. қорқынышы сейілді. Адам баласы «жартықұдайға» айналды.
Генинженерия, кибернетика, биотехнология, жерсеріктері, зымырандар, айға бара салу, робот, компьютерлер т.б. ХХ ғасырдағы адамның жасаған ұлы жетістіктері.
Ғылым мен техника дәл осылай аттап, секіріп жатқанда хомо сапиенс өкілдері мәдени жақтан та бойын тіктей бастады. Әдемі киінді, әдемі сөйледі, жаппай білім алды, еңбек етіп, ақысын алды тағысын тағы. Бірақ…
Бірақ адам бойындағы ашкөз-ділік, «жартықұдайға» тән жар-тылық тыныштық таппады. Жартықұдай өзіне өте қолай келген құрал – ядролық қаруды көре сала айырылғысы келмеді. Себеп – күллі адамзатты үрей мен қорқынышта ұстаудың бұған тең келетін үлгісі жоқ.
1935 жылы Гитлер еврейлерге өз еріктерімен Германиядан кетіп-қалу туралы талап жасады. Осы лекте ұлты еврей Альберт Эйнштейн де АҚШ-қа қоныс аударады. 1939 жылы Эйнштейн бастаған ғалымдар президент Ф.Рузвельтті ядролық ыдыратуды әскери мақсатта қолдану мүмкіндігін зерттеу бағдарламасын бекітуге көндіреді.
1939 жыл. АҚШ. Бұл елдің саяси ұстанымдары атомдық қаруды жылдам жасап, сынауды қажет деп тапты. Бірінші атом бомбасын жасау туралы құжат «Манхэттен жобасы» жобасы (Manhattan Project) деп аталған.
Зерттеудің көп бөлігі Колумбия университетінде жасалды. Яғни, университет орналасқан жерге байланысты «Манхэттен» деген кодты атауға ие болды. Бірқатар зерттеулер Калифорния, Чикаго университеттерінде өткізілген.
1943 жылы Нью-Мексикодағы Аламогорда мекенінде бомбаны өндіретін зертхана үшін Лос Аламос полигоны салынады. Бұл жобадағы ғалымдарды еврей ұлтынан шыққан дарынды физик Роберт Оппенгеймер басқарған.
Екі жылдан соң 1945 жылдың 16 шілдесінде сағат 5:29:45-те Аламогордо авиабазасында әлемдегі тұңғыш жерүсті атом жарылысы тәжірибелік мақсатта сынақтан өткізілді. Жалпы, жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 2 миллиард доллар жұмсалып, оған 125 000 адам қатысты. Жарылғандағы жалыны 290 км алыстан көрінген, дауысы 160 км-ге дейін жеткен.
Араға ай өтпей 1945 жылдың 6 тамыз күні – Хиросима, 9 тамыз күні – Нагасаки қалаларына АҚШ атом бомба тастап, Жапония жайрап қалды.
Хиросимада «Little Boy» – «Кішкентай ұл» деген шартты атаудағы бомба жарылысынан – 140 мыңнан астам адам, ал Нагасакиге тасталған «Fat Man» – «Семізден» – 75 мың адам бірден опат болып, қалалар күлге айналды. Бұл «жартықұдайдың» бірмезетте жаппай қыра алатын мүмкіндігінің жойқын мысалы еді. Хиросима, Нагасаки қалаларының тұрғындары бұдан 74 жыл бұрын әуеден тасталған атом бомбасының зардабын осы күнге дейін тартып келеді. Елде 100 мыңнан астам адам радиациялық улы сәулелердің салдарынан түрлі ауруларға ұшыраған. Сол оқиғалалар жапон халқы үшін ең қасіретті күн ретінде жыл сайын тамыздың 6-сы және 9-ы күндері еске алынады.

Кінә кімде?
Ғалымдарда ма?

Жылдар бойы күн мен түнді шатастырып, милары қайнап жаңалық ашқан ғалымдар оның салдары осылай боларын болжамаған.
Итальян жазушысы Дино Буцаттидің «Эйнштейнмен кездесу» атты шағын әңгімесінде ғалымдардың бұл жаңалығының тажалдың қалауы болғанын бейнелейтін сюжет бар. Альберт Эйнштейн мен Ібіліс 3 рет кездеседі. Алғашқы кездесуде алып кетпек болғанда одан Альберт 30 жылын сарп еткен еңбегін аяқтауға бір айға мұрсат сұрайды. Екінші рет тағы бір ай бере тұруын қиылып өтінеді. Ал үшінші кез келгенде Эйнштейн енді қайда болсын еріп кете беруге дайын екендігін айтады. Сонда Ібіліс қарқылдай күліп: «Енді сен маған керек емессің. Тозаққа жол ашып бердің. Қанша қажет десең сонша өмір сүр» деп кетіп қалған екен.
Жапонияға тасталған бомбадан соң Роберт Оппенгеймер «Біз шайтанның ісін істедік» деп жылаған. Американың сол кездегі президенті Гарри Трумэнмен кездесу барысында, «бұл жарылыстан соң қолымыз қанға малынды» деп, өкініш білдіргенде, президент «ештеңе етпейді, ол сумен оңай жуылады» деп жауап берсе керек.
Сана деңгейлері жоғары, әлемді прогресске апаруға қызмет етуді мақсат еткен ғалымдардың қолымен жасалғанымен, жаңалық жауыздыққа қарай бағыт бұрады. Американың бұл қанды қырғыны КСРО-ге әлемнің жалғыз иесі менмін деген өз қуатын көрсететін үлкен саяси үстемдік белгісі еді.

1948 жыл. КСРО

КСРО-дің саяси жүйесінің діңгегі ұстап тұрған империалистік көкбет саясат бұған төзіп тұра алмады. Сталин мен оның айналасындағылар атом бомбасының құпиясын қолға түсіруде барлық амал-шарғы, қулық-сұмдықты қолдануды алдау-арбаудан басталды. 1945 жылғы жеңістен соң Германиядағы ядро, атом мәселесіне қатысты зерттеу жасап жүрген 300-ге тарта ғалымдар және Химия және металлургия, К.Вильгельм атындағы Физика институтының зертханаларынан түрлі электротехникалық құралдар; циклотрон, күшті магниттер, электромикроскоп, осциллограф, жоғары кернеу трансформаторлары т.б. КСРО-ға әкелінеді.
1948 жылдың 14 мамыры күні Израиль мемлекеті өзінің құрылғанын жария етеді. Мысыр, Сирия, Ливан, Ирак, Трансиордания, Сауд Арабиясы сынды елдер тарапынан жасалған қыспақта қалған Израиль үшін Совет Одағы жасаған достық қолдау өте маңызды еді. Сталиннің бұл саясатының астарында үлкен мақсаттар бүгіп жатқан еді. 1948 жылдың 3 қыркүйегінде Израиль елшілігі ашылып, тұңғыш елші болып Голда Мейерсон атты әйел бекітіледі. Сыртқы істер министрі В.М.Молотовтың әйелі Полина Жемчужина да еврей ұлтынан еді. Голда мен Полина арасында бірден достық қарым-қатынас орнайды. «Аз уақыттан соң Қырымды түгел еврейлерге беріп, одақтас республика орнатамын» деген Сталиннің жоспары П.Жемчужинаға құпия ақпарат ретінде жетеді. Бұған бар жан-дүниесімен сенген ол Голда Мейерсонға айтпай тұра алмады. Голда Мейер бірден Израилге хабар жеткізеді. Бұл хабар айналып АҚШ-тағы атомның атасы Роберт Оппенгеймерге жетеді. Ұлтжанды еврей бұл жаңалықтың сүйіншісіне атом бомбасының бүкіл құпиясын бере салды. «Ірімшік жерге салп етті, Іс бітті, қу кетті…» П.Жемчужникова Сталин өлгенше түрмеде отырады.
Құпия қолға түскен сәттен-ақ Лаврентий Берия бастаған топ Сталиннің бұйрығымен жанталаса әрекетке кіріседі. Американдық үлгі бойынша атом бомбасы үшін уран, нақтырақ ураннан бөлініп алынатын плутоний керек еді.
Плутоний туралы қысқаша тоқтала кетелік. Plutonіum – Pu – элементтердің периодтық жүйесінің ІІІ тобындағы жасанды жолмен алынған бірінші радиоактивті химиялық элемент. Плутонийді 1940 жылы американдық ғалымдар Г.Сиборг, Э.Макмиллан, Дж. Кеннеди және А.Валь ашқан. Түйірлі Плутоний ауада баяу тотығады, ұнтақ және жаңқа күйінде өздігінен тұтанғыш Плутоний – өте улы, адам ағзасына түскенде сүйектер мен бауырда жиналады. Плутонийді ураннан бөліп алуда пайдаланылады. Плутоний ядролық реакторларда, атомдық, термоядролық бомбаларда т.б. қолданылады. 238Pu изотопынан қуаты 5, одан да көп жылға жететін ат. электрбатареялары жасалады. Қазіргі уақытта да өте бағалы ең ауыр радиоактивті металдың 1 грамы 4-5 мың доллар шамасында екен.
Плутон (грек. Πλούτων, лат. Pluto) – ежелгі грек мифологиясындағы (б.з.б. V) жер асты құдайларының бірі. Аңыздар оны былай сипаттайды. Плутонға жер асты әлемі және өлгендердің жандарына билік ету берілген. Плутон өзінің мекеніне оңай кіргізеді де, бірақ ешкімді қайта шығармайды. Ол барлық адамдарды өзінің еңсерілмейтін қорқынышына сендіреді. Себебі, ол жер бетіне тек өзінің келесі құрбанын жер асты әлеміне алып кету үшін ғана шығады. Плутон мекеніне күн сәулесінің түспеуін өзі тексеріп қадағалап жүреді-мыс.
Плутоний элементінің қорқы-нышты күшін бағалаған ғалымдар оны ежелгі танымдағы Плутон құдайдың есімімен атаған.
КСРО-де жасалған алғашқы атом бомбасы үшін уран Германиядан алынады. Соғыс жүріп жатқан кезде зерттеуші ғалымдар бұл елде уранның үлкен қоры бар екенін жариялайды. Соғыс біткен соң жеңімпаз КСРО-дің ІІХК (НКВД) қызметі Германияның қуыс-қуысын аралап, уран іздеуге кіріседі.
Іздегендерін дайын күйінде Неиштадт-Глеве деген кішкене қалада орналасқан тері зауытындағы ағаш бөшкеден тапқандардың қуанышында шек болмаған. Мұның не екенін білмеген неістер уран тотығымен зауыт қоршауын бояп жатқан екен.
Германиядан әкелінген салмағы 100 килограммнан асатын уран тотығы КСРО-да атом бомбасын жасауды 1 жылға тездеткен деген жорамал бар. Дегенмен, уақыт тығыз, екі бомбаны жарып тастаған АҚШ-тан бәрін күтуге болатын еді. Қалай болғанда да уран кенін табу ең басты мәселе болып қадалды.
Бұл мәселе көп ұзамай шешіледі. Одақтас республикалардың әр өңірінен уран кендері табылып, өңдейтін алып зауыттар іске қосылады. 1970-80 жылдары КСРО жыл сайын 16 мың тонна уран өндіріп, әлемдегі ең бірінші орынға шығады.
КСРО құрамына енген елдердің ішінде уран байлығы өте көп ел Қазақстан болды. Қазіргі техникалық мүмкіндіктердің көмегімен Қазақ-станның ұлттық «Қазатомпром» компаниясына тиесілі 21 уран кенішінен соңғы уақытта жылына 24-25 мың тонна уран өндіріледі. Бұл әлемде өндірілетін уранның 40 пайызы Қазақстан өндірісіне тиесілі екендігін көрсетеді. Еліміздің бір ғана уран байлығының өзін айтқанда көз алартушылардың сілекейі шұбырып кете берері анық. Қазыналы, қасиетті жеріміздің қадіріне жетсек қой, шіркін.

1949 жыл тамыз. КСРО-дағы алғашқы атом бомбасы

Қазыналы, қасиетті жеріміз КСРО үшін тек сынақ пен тозақ алаңы ретінде арнайы таңдалып, еліміздің шығысынан 18 млн. га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Полигонды дайындау 1947 жылдың 21 сәуірінде басталды. Полигонды салуға КСРО әскері қатарында жүрген 15 мың адам жұмылдырылды.
УП-2 МО – деп шифрланған полигон Семей қаласынан 170 км қашықтықта орналасты. Бұдан бөлек полигоннан 60 км қашықтықта қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарайтын) Курчатов (алғашқы ядролық жарылысқа жауапты топқа жетекшілік еткен Игорь Васильевич Курчатов) қаласы жылдамдықпен салына бастайды.
«РДС-1» деген құпия атаумен аталған алғашқы атом бомбасының аты әртүрлі декодталды: «Россия делает сама», «Родина дарит Сталину» т.б. Бірақ ресми құжатта «Реактивный двигатель «С» деген атаумен бекітілген. 1949 жылғы 29 тамызда таңғы сағат 6-30-да көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайған отты шар жерге қадалып барып, көкке көтерілген. Көз қарықтыратын жарқыл мен қуаттан шыққан дауыс жер мен көкті айналдырып жібергендей көрініс тудырады. Бір түп шөп, қыбырлаған жәндік қалдырмаған жарылыстан туған қолқа қапқан ащы күйік иісі айналаға әп-сәтте тарап үлгереді.
Технократтық жетістіктерін Сталин бастаған Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери шенділер мен атақты ғалымдар т.б. тасадан бақылап, масаттанды. Алғашқы жарылыс кезінде халыққа сынақ туралы ескерту де жасалмаған. Ескерту жасау тек 1953 жылдан басталады. Онда да адамдар мен малды жарылыс кезінде радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіргенмен, жарылыстан кейін олар уланған үй-жайларына қайта қоныстанған
Бұдан соң жарылыстар жарысы басталды да кетті. Уикипедия анықтамалығының «Ядролық қару» бөлімінде мынадай деректер берілген.
1952 жылы 1 қарашада АҚШ-та қуаттылығы 3 мт термоядролық қондырғы жарылды. Авиациялық бомба түріндегі термоядролық қару АҚШ-та 1954 жылы жасалды. КСРО-да термоядролық бомба 1953 жылдың 12 тамызында бірінші рет сынақтан өткізілді. 50-жылдардың ортасында АҚШ пен КСРО-да ядролық қаруды әр түрлі қашықтықтарға жеткізуге арналған әр түрлі кластар мен типтердегі тасығыштар жасалды.
1960 жылы КСРО-да Қарулы Күштердің ерекше түрі – стра-тегиялық мақсаттағы ракеттік әскер құрылды. АҚШ пен КСРО-дан басқа Ядролық қару 1952 жылы 30 қазанда Ұлыбританияда, 1960 жылы 13 ақпанда Францияда, 1964 жылдың 16 қазанында Қытайда пайда болды. Кейіннен Үндістан мен Пәкістан да ие болды.
Қазіргі кезде кем дегенде 30 ел ғылыми-техникалық жағынан ядролық қару шығаруға дайын. АҚШ-та 1975 жылдың өзінде 30 мың бірліктен астам ядролық қару-жарақ түрі болды (әскери-әуе, әскери-теңіз күштері мен құрлықтағы әскерлердің иелігіндегі 80 мың стратегиялық және 22 мыңдай тактикалық түрі).
Ядролық қаруды межеге жеткізу үшін әр түрлі алып ұшақтар жасалып, олар тұрақты әскери дайындыққа келтірілді. 1976 жылдың қарсаңында АҚШ-тың стратегиялық шабуылдаушы күштерінің құрамында 1054 құрлықаралық баллистикалық зымырандар (“Титан-2”, “Минитмен-2”, “Минитмен-3”), 400-ден астам ұшақтар В-52 және В-111) болды, 41 атомдық сүңгуір қайық “Поларис А-3” және “Посейдон” зымырандарымен жарақтандырылды.
Осы тектес атомдық қару түрлері басқа атомдық державаларда да жеткілікті дәрежеде. Сондықтан ядролық қару бүкіл адамзат үшін орасан қауіп болып есептеледі. Мысалы, Америка мамандарының есептеулері бойынша қуаттылығы 20 мт термоядролық қару 24 км радиустағы барлық тұрғын үйлерді жермен жексен етіп, оның эпицентрінен 140 км-ге дейінгі аралықтағы тіршілік иелерін жоя алады.
Қазір мынадай сұрапыл күшке ие қарулардың аты аталмай, жасырын тұрғаны қаншама екенін кім білсін? Бұлардың бірнешеуі әскери мақсатта қолданысқа енетін болса адамзат ақырзаманы орнайтыны анық.
Полигон неліктен қазақ
даласында салынды?

Семей полигонын ашу туралы КСРО билігі жасаған бұйрықтың, құжаттың бәрі әлі күнге құпия сақталған. Атом энергиясына қатысты айсбергтер әлі күнге сіресіп жатыр. Тек қана Қазақстанның жер көлемі кең, ал Семей өңірі адам сирек қоныстанған болғандықтан таңдап алынды деген жауап қана алға тартылған. Оның өзі кейін айтылған жалтарма сөз.
1938 жылы халық жауы боп атылған саясат және мемлекет қайраткері Н.И.Бухарин «Чингисхан, прочитавший Маркса» – «Маркстi оқыған Шыңғысхан» деп атаған, жауыздығына шек болмаған И.В.Сталин өзі сияқты бас ал десе шаш алатындарды жанына жинады. Оның қолшоқпары болған Ф.Голощекиннiң қазақ халқына ойына келгенін істеп, геноцидтік қырғын жасауы, ұлтшылдық, халық жауы қуғын-сүргіні ұзақ формациядан өткен, ұлттық құндылықтарын, наным-сенімдерін қалыптастырған этностың тоз-тозын шығарды. Даралық келбет, ұлттық ерекшелік жойылуға шақ қалды. Бұдан соң 1941-45 арасындағы соғыс тағы бар.
Қазақтың көрер құқайы мұнымен бітпеген екен. Абай шыққан киелі топырақ, тарих тұнған дала – уланған, үңірейген тұлдыр тақырға ойыққа айналды. Түптеп келгенде, Кеңестер өкіметіне қазақ жері де, оның халқы, денсаулығы, тағдыры, болашағы еш маңызды болған емес. Әлем қожасы атану жолындағы құрбан ретінде ғана қажет болған.
Жаппай қырып-жою қаруының сұмдық сәулеленуін жылдар бойы жұтқан қазақ жері мен ондаған бүкіл тіршілік атаулының жарасы өкінішке орай, әлі жазылмады. Бірақ бұл тажалды 30 жыл бұрын тұншықтырып, қайта түлеп, дамуға бет алғанымыз – теңдессіз жеңіс еді.

Семей полигонындағы
ядролық жарылыстар

Семей ядролық полигонындағы 40 жылда 459 ядролық және термоядролық жарылыстар бол-ған. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды.
1949-1962 жылдары ашық ауада 88 сынақ, жер қойнауында 3 рет бомба жарылды. 1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдын 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы жанталаса қаруланған дүниежүзінің державаларын Кеңес Одағының алдында тізе бүгуге мәжбүр етті.
Өйткені, бұл сынақ адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Сондай-ақ, Кеңес елі осы уақыт аралығында ядролық заряды бар 6 құрылғыны жеті қат көкке жуық жоғары биіктікте сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, жер қабатындағы тік ұңғымалар мен көлбеу туннельдерде 340-тан астам сынақ жүзеге асырылды. Одан 1,5 миллион адам зардап шекті.
Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды. Сынақ жүргізілген жерлерде радиацияның деңгейі еселеп өскен. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
Сынақ аймағын радиациялық тексеруден өткізгенде, ондағы радиоактивтік заттардың (цезий-137, стронций-90, плутоний-239; 240, кобальт-60) мөлшері қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады.
Семей аймағының халқы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 топқа бөлінді:
1-топқа – жарылыс эпицентрінен 100-150 км қашықтықта орналасқан Абай, Бесқарағай және бұрынғы Абыралы, Жаңасемей, Шұбартау ауданы мен Семей қаласы жатады;
2-топқа – 150-300 км жерде орналасқан Жарма, Аягөз, Бородулиха және бұрынғы Шар, Жаңашүлбі аудандары кіреді;
3-топ эпицентрден 300 км-ден әрі орналасқан Үржар, Көкпекті және бұрынғы Таскескен, Ақсуат, Мақаншы аудандарының тұрғындарын қамтиды.
Ал Семей полигонының ошағы болған қазіргі Курчатов қаласы бірде бір географиялық картада көрсетілмеген. Курчатов – Павлодар облысының Май ауданындағы қала. Ресми түрде Шығыс Қазақстан облысының құрамына кіреді. Семей қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км. жерде, Ертіс өзенінің сол жағасында орналасқан. Іргесі 1947 жылы әскери горнизон ретінде қаланды. Аса құпия жер болғандықтан оның аты жиі өзгеретін. Москва-400, Семей-21, Ақырғы нүкте, ал 1974 жылы қалалық статус алып, Курчатов болып аталды. Қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының Бас дирекциясы орналасқан. Қалада 2010 жылғы санақ бойынша 10 836 адам тұрады.

Семей полигонының
зардаптары

Ғалымдар Семей полигонының салдарынан болған барлық тұқым қуалау ақаулары болашақта, ұрпақ алмасқан кезде неғұрлым толық көрінеді деп болжаған. Бұл болжам өзінің шын екенін нақтылаған. Семей полигонына жақын аудандарда туа біткен кемтарлық дүниеге келген әрбір мың нәрестенің қырық сегізінде кездесіп отырады. Бұл орта есеппен республика бойынша алғанда 6-10 есеге көп, ал полигонға жақын орналасқан ауылдарда бұл көрсеткіш одан да жоғары.
Ғалымдар мен дәрігерлердің пікірінше, сәуле алған ата-анадан туған екінші ұрпақ денсаулығы, бірінші ұрпақтың яғни тікелей сәуле алған балалардың денсаулығынан едәуір төмен, бұл сәуле алудың генетикалық зардаптары.
Бұл өңірде лейкоз – қан рагы, лимфоцит – ақ қан ауруымен ауыратындар саны көбейген. Өкпе мен сүт бездерінің рагы, басқа да қатерлі ісікті аурулар жиілеп, рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өскен. Әсіресе, әйелдер арасындағы анемия ауруы республика бойынша бірінші орын алады. Уақытына жетпей босану, салмағы аз, әлсіз, балалардың тууы, туа біткен анемия және мезгілінен ерте қартаю көрсеткіштері өсіп, әйелдердің бедеулігі республикалық көрсеткіштен екі есе жоғарылады. Әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан адамдардың саны 960-тан 1624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3105-тен 4612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3692-ге көбейген. Сары ауру, туберкулез, іш ауруы, сияқты ауру түрлері халықты әбден мүжіп бітірген. Жазылмайтын тері ауруларының алуан түрлері пайда болған.
Адам ағзасы радиациялық улану алған кезде жасушаларда сақталған гететикалық код бұзылады. Сәулеленудің әсерінен туындайтын генді сақтайтын геном тұрақсыздығы бірнеше ұрпақтарға беріледі. Жасушалардың қырылуы, мутациялар, хромосомалық аберрациялар (жаңылысу, ауытқу) және ісіктердің тасымалдануы сияқты, ДНҚ-ның алғашқы құрылымының зақымдалуы сынды биологиялық өзгерістер пайда болады. Сондай-ақ ата-аналарының ағзасы гендік әсерге ұшыраған болса, олардың балалары жоғары мутациялық және канцерогендік қауіпті топқа жатады.
Семей полигоны тудырған қасірет құжаттары мен мұрағаттарындағы жаңа туған сәбилердің, жан-жануарлардың арнайы сақталған бейнелері көрген адамды есінен тандырады. Дәрі мен дәрігерлерді дәрменсіз еткен полигоннан келген зұлматты түгендеп біттім деудің өзі қиын. Жалғыз көзді, аузы жоқ, не мұрны жоқ, бас сүйегінің жартысы жоқ т.б. ақыл-естің кему ауруының сан түрі, «мәңгілік бала бейнелер» – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған құбыжық түрлер – адамзаттың қолдан жасаған қорқынышты қасіреті. Тәндік және естік кемшіліктермен туған сәбилер, одан басқа да қауіпті ауру түрлері мен өзгерістер туралы есеп-қисатар 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді.
Республика бойынша орташа жас ұзақтығы ерлерде – 59, әйелдерде – 62 жас болса, полигон аймағына жататын аудандарда ерлерде – 52-55, әйелдерде 58 жас күйінде қалып келеді.

Невада-Семей қозғалысы

1989 жылы 13 ақпанда болған кезекті жарылыстан кейін ра-диациялық тұман сейілмей, Шағандағы әскери-ұшқыштар қалашығын басып қалды.
Әскери ұшқыштар бұл қиын жағдайды шешу туралы көмек сұрайды. Олардың бұл дабылы бірден еленіп, жаппай қолдау жұмыстары басталады. 1989 жылы 28 ақпанда «Невада-Семей» деп аталатын ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым құрылды.
Қозғалыстың атауындағы Невада («Nevada Test Site») – Семей полигонымен тағдыры бір Американың Невада штатындағы 1951 жылдан бастап ашылған ең үлкен полигондардың бірі. Бұл жерде 928 ядролық жарылыс жасалған.
Әлемде ең көп жарылыс болған екі полигонның атауларын біріктіріп құрылған қозғалыс, ядролық жарылыс-
тар күллі адамзатқа ортақ қасірет екені туралы дабыл қағуды мақсат тұтты.
Бұл қозғалыс қаншама жылдар бойғы жарылыстарға қарсы жарылыс болды. Халық қалың ұйқыдан оянды. Оның дүмпуі шекараларды жарып өтіп, әлемдік қозғалысқа ұласты.
Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті. Қозғалысқа кәсібі мен жасына, діні мен тіліне қарамай республика халқы бір кісідей жұмылды. Соның арқасында жарты ғасыр індет ошағы болған дертті аумақ жабылды. Антиядролық қозғалысқа қатысушы Қарағандының 130 мың шахтері егер ядролық сынақ тоқтамаған жағдайда мерзімі шектеусіз ереуілге шығатындарын мәлімдеген болатын. Болашақ қорқынышсыз, үрейсіз болу – ядролық қарусыз болу керек деген шахтерлер ұранын Семей, Павлодар, Өскемен, Жезқазған жұмысшылары, оңтүстік, батыс, солтүстік өңір халқы және Жоғарғы Кеңес қолдады. Міне, осылайша халық рухы қайсарлық танытып, тиянақтылық пен табандылықтың арқасында жеңіске жетті. Ең алдымен Семей полигонында жоспарланған сынақтар саны азайды. Қозғалыс 18 ядролық сынақтың 11-ін тоқтатқан.
Ал 1991 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жар-лығымен Семей полигоны жабылды. Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Сөйтіп 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды.
Семей полигоны жабылғаннан кейін көп ұзамай, Ресейде – Жаңа Жер, Америкада – Невада, Францияда – Морурора, Қытайда – Лобнор жабылды.
«Невада-Семей» антиядролық қоз-ғалысының 20 жылдық мерейтойына қатысты сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «Менің қаулыммен Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Бұл дата – ғаламдық және әлемдік масштабта тұрақтылық пен келісімді достық пен жемісті түрде нығайтудың рәмізі іспеттес. Бұл шешім Қазақстан жерінде сансыз қасірет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылыстарға тоқтау қойды. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырып, одан ерікті түрде бас тартудың одан маңыздылығы кем емес» деп ядролық қарудан бас тартудың негізгі себептерін талқылап өткен еді.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы – 1991 жылдың 29 тамызы күні шықты. Кейіннен бұл күн халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілді. Осылайша Қазақстан ядролық қарудан ерікті бас тартқан алғашқы мемлекет болды.

Жарылыстар уы қашан тазарады?

Ядролық кару – алапат күшінен болған жер бетіндегі тозақтың қаупі өкінішке орай сейілген жоқ. 1949 жылдан бері салынған жер астындағы қоймалар мен сынақтардың ауыздары да дұрыс жабылмаған күйде қалған. Қырық жылғы қырғынның қалдықтарын залалсыздандыру немесе қауіп келтірместей етіп құлыптау еліміз үшін әлі де күрделі мәселелердің бірі.
Ауыр металдар, улы инертті газдар, басқа да радиациялық заттар әлі күнге жер бетіне жайылып жатқанын зерттеушілер талай рет дәлелдеген. Жарылыс кезінде бөлінетін зиянды – «Стронций-90», «Плутоний-238», «Цезий-137», тағы басқа ауыр металлдардың зиянсыз қалыпқа түсуі бірден бола қоймайды. Тозаңға айналып, қоршаған ортаға зиянсыз күйге енуі үшін стронцийге – 56 жыл, ал цезийге – 30, плутонийге – 2100 жыл қажет. Бір жарылыстың өзінде 10-20 мың түрлі қосылыстар мен улы газдар пайда болатын болса, 459 жарылыс салдарынан туған зиянды қосылыстар санын елестетіп көріңіз.
Жарылыс салдарынан болған жасанды радиация, атом бомбалары, уран кеніштері тұрмақ, табиғи және электр, магниттік толқындар тудыратын радиацияның өзі өте зиянды. Олар сыртқы ортаға туынды бөлшектерді үздіксіз атқылап денелердің атомдары мен молекулаларының химиялық-физикалық касиеттерін өзгертіп, олардың араларындағы қалыпты байланыстарды үзеді. Сөйтіп, биологиялық денелер де, басқа табиғи денелер де өзгеріске ұшырайды. Әсіресе тірі табиғат: адам мен жан-жануарлар, өсімдіктер мен басқа да тіршілік иелері зор зардап шегеді.
40 жыл ажал шашқан полигонның жабылғанына 30 жыл өткенімен, оның уы мен зәрі қанша ұрпақтың денсулығында көрініс табатыны өзекті өртейді. Атом энергиясын қауіпсіз өндіру және бейбіт мақсатқа ғана пайдалану күллі адамзатқа қойылып отырған үлкен сын.

Қазақстан – бейбітшілік пен қауіпсіздік отаны

Атомды бағындыру – адамзаттың ақыл-ойының жемісі, ғылым тудырған теңдесі жоқ күш. Қазақстан өз еркімен әлемге жария етіп, ядролық қарудан бас тартатынын жариялағанға дейін бұл күш жасырын, ерекше құпия түрде қаншама жыл зымиян әрекет етіп келді.
Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы-мен 2012 жылы 29 тамызда 70-тен астам мемлекет өкілдері қатысқан Астанадағы “Ядролық сынақтарға тиым салудан – ядролық қарусыз әлемге” атты халықаралық конференцияда адамзатты ядролық қауіптен құтқаруға шешуші үлес қосатын жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құру туралы бастама көтерілді.
Ал 2015 жылы Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлемдегі барлық ядролық қару заңсыз деп танылсын» деген бастама көтерді. Бүкіл адамзаттың тыныш өмір сүруі жолында Қазақстанның ұстанған бағыты тура жолдан айнымақ емес. Маңызы зор мәселе жаһандық деңгейде шешімін тапқанша бейбітшілік жолындағы күрес жалғаса бермек.
Ядролық қару мен сынақ полигондарынан бас тарту, зардабын жою, жер бетінде тыныштық орнату үшін әлемдік қозғалыс құру мәселері талқыланатын кез-келген конференция мен әрбір жиын – өз үстемдіктерін мойындату үшін ядролық қаруларды сынап, жаңартуға мүдделі елдердің ядролық сынақтардан, қарулардан бас тартуын жылдамдатады деген сенімдеміз.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *