ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ  САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ  САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Құралай Ермағанбетова Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, философия кафедрасының аға оқытушысы Соңғы жиырма жылдай уақытқа созылып отырған Қазақстанның саяси жүйесінің трансформациялануы қоғамның барлық саласына... ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ  САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Құралай
Ермағанбетова
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті,
философия кафедрасының
аға оқытушысы

Соңғы жиырма жылдай уақытқа созылып отырған Қазақстанның саяси жүйесінің трансформациялануы қоғамның барлық саласына ықпалын тигізіп отыр, соның бірі — көпшілік саяси сала деп есептемейтін мәдениет. Басқа салалардағыдай, мемлекет мәдени институттардың қызметінің мазмұнын айқындаған әкімшілік-әміршілік басқарудан, демократияландыру, плюрализм, сипатталатын нарықтық жүйеге көшті. Бірақ бұл үрдіс басынан бастап-ақ қарама-қайшы сипат алды, көптеген қолданылған шаралар тиімсіз болды, ал алынған нәтижелерді күні бүгінге дейін біржақты бағалау қиын болып отырғандықтан осы мәселені жан-жақты саяси талдауға тырыстық.
Осы тарау «Мәдени саясат» түсінігін талқылаған жағдайда «саясат» және «мәдениет» ұғымдарын ғылыми тұрғыдан ажыратып, ара-жігін ашуға негізделді.
«Мәдениет» түсінігіне келер болсақ, жеке дара лексикалық бірлік ретінде мәдениет түсінігі ғылыми айналымға ХVIII ғасырда енді және ол қоғамда адам әлемінің табиғат әлемінен айырмашылығын, ерекшелігін анықтайтын категория ретінде тараған болатын. Бұл түсінікті ғылыми айналымға неміс философы, ағартушы П.Г.Гердер енгізген. Ол өзінің «Идеи философии истории человечества» (1791) деген еңбегінде мәдениет қоғамдық дамудың нәтижесі екендігін көрсетті. П.Г.Гердердің заманы мен 1919 жылға дейін батыс зерттеушілерінің санағы бойынша мәдениет түсінігінің жеті анықтамасы пайда болған. Ал ХХ ғасырдың ортасына таман анықтама саны 170-ке жуық болды. Алайда 60-жылдардың соңында жарыққа шыққан А.Мольдің «Социодинамика культуры» деген еңбегінде бұл феноменнің екі жүз елуге жуық анықтамасы көрсетілген.
Мәдениет мәселелерімен біршама айналысқан ғалымдардың бірі – Э.Б.Тайлор (1832-1917) болды. Ол «мәдениет жөніндегі ғылым – реформаторлар жөніндегі ғылым» деп тұжырымдай отырып, мәдениет үздіксіз даму үстінде болады деді.
Ал қазақ мәдениеттанушылары «мәдениетті араб тілінде «маданият» — қала деген мағынаны білдіреді, яғни адамдардың әлеуметтік болмысты сақтау мен жаңарту жөніндегі қызметі және осы қызметтің жемістері мен нәтижелері» деп қарастырады [1, с.103].
Қазақстан Республикасының «Мәде-ниет туралы» Заңының 1- бабының 4- тармағында мәдениет ұғымын «адамзат жасаған әрі жасайтын және жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан Республикасы азаматтарының отаншылдығын тәрбиелеуге және эстетикалық қажеттері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы» деп қарастырады. Осы құжатта «Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат — мәдени және рухани құндылықтарды жасауға, қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға, таратуға және пайдалануға арналған, мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар кешені деген анықтамаға ие [2].
Ғылыми әдебиетте қоғамдық мәдени саясат түсінігінің айтарлықтай көп анықтамасы берілген. Мысалы, В.П.Халиповтың редакциясы негізінде жарық көрген саяси сөздікте «мәдени саясат ол мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың ғылым, білім, өнер, әдебиет және көркем мәдениеттің еркін және шығармашылық дамуына қажетті материалдық, әлеуметтік-психологиялық және адамгершілік жағдайлардың жасалуын қамтамасыз ететін қызметі» деп көрсетілген [3, с.134]. Мұндай түсінік саясаттың мәдениет саласында міндетті түрде шығармашылық, ғылыми және әдеби интеллигенция қызығушылықтарына негізделуі қажет екендігін, оларға өз пікірлерін еркін білдіруге және айтуға мүмкіндік беру керек екендігін көрсетеді.
«Мәдени саясат» феноменінің ғылыми зерттелу қажеттігі жайында бірінші рет 1967 жылы Монако конференциясында айтылды. Онда мәдени саясат түсінігі негізінде мемлекеттің мәдениет саласындағы негізгі әрекеттерін қамтамасыз ететін операционалды принциптердің, әкімшілік және қаржылық қызмет түрлері мен әрекеттерінің кешені негізге алынатындығы шешілді. Бұл контекске сай саясаттың мәдениет саласында жүзеге асуы қоғамның табиғи және рухани ресурстарын тиімді пайдалану арқылы нақты мәдени мақсаттардың жүзеге асуына бағытталған қоғамдағы барлық саналы және ойласып істелген әрекеттерді көрсетеді.
Мақсаттық көзқарас негізінде югославакиялық ғалым М.Драгичевич-Шешичтің дефинициясы ең жақын болып саналады: « …мәдени саясат қоғамның жалпылай мәдени дамуына байланысты мәдениет саласына қатысты кез-келген мәселелер бойынша қажетті шешімдерді қабылдауды саналы реттеуші болып табылады» [4, с.27]. Оның ойынша, адамзат қоғамын мәдениетсіз елестету мүмкін емес, сонымен қатар, бұл қоғам мәдени саясатсыз өмір сүре алмайды дегенді көрсетеді.
Ал егер институционалды көзқарас тарапынан қарайтын болсақ, онда мәдени саясат негізінде шығармашылық қызметтегі субъек-тілерді қалыптастыратын, шы-ғармашылық саласындағы талаптар, шекаралар мен басымдылықтарды анықтайтын әлеуметтік институттармен қабылданатын, қоғамның мәдени құндылықтарды қабылдауын, іріктелуі мен таралу үдерісін қадағалайтын ұйымдардың ережелер кешені түсіндіріледі.
А.Я.Флиердің ойынша мемлекеттің мәдени саясатының басты қызметтері төмендегідей болып табылады:
1) қоғамның өмір сүруінің тарихи тәжірибесін жинақтау;
2) осы тәжірибені бағдарлар құндылығы жүйесі түрінде тарату;
3) бұл бағдарларды әртүрлі әлеуметтік коммуникация тілдерінде жеткізу және сол әлеуметтік-коммуникативті байланыстарды жүзеге асыру;
4) қоғамның іс жүзінде өмір сүруін ұжымды және индивидуалды болмыстың әлеуметтік-мәдени ережелерінің құндылық бағдарларына негіздеу көмегімен реттеу;
5) бірегейлік бейне түрінде жеке ерекше белгілер мен айрықшылықтарды анықтау және түсіндіру (яғни, қоғамның мәдени іс-әрекетінен көрініс табатын өзі туралы, өзінің тағдыры мен тарихи «міндеті» туралы субъективті түсінігінің болуы және т.с.с.);
6) технологияда және әрекеттің басқа түрлерінің өнімдерінде оларды бағыттап қайта өндіру [5, с.87].
Мәдени саясатты мемлекеттің даму кезеңі мен сол даму кезеңіндегі қажеттіліктерін ескере отырып, нақты қоғамдық құрылысы негізінде қарастыру қажет.
А. Визанд ХХ ғасырдың соңында Еуропада бір мәдени саясаттың даму түрін екінші бір даму түрі ауыстырған екі басты типін ерекшелейді: мемлекеттік мәдени саясаттың жалпылама жағдайы түрінен мәдени саясаттың нарықтық түрінен ауысқан. А. Визанд бұл мәдени саясат түрінде биліктің басты назары қаржыландыруды қажет ететін мұражай, театр, кітапхана және мәдени орталықтар сияқты басты мәдениет институттарың дәстүрлі типінде болатынын көрсетеді. «Мәдениетті мемлекетте» тәжірибелік мәдениетке қарағанда эстетикалық білім беру жоғары бағаланады, ал шығармашылық қызметкерлері көп ретте миссионерлер рөлін атқарады.
Саяси мәдениет адамзаттың жалпыөркениеттік дамуының эле-менті болып табылады. Ол басқа да мәдениеттер сияқты, адамдар үшін тектік құндылықтарды құрайды және адамзаттың прогресс жолымен қозғалысында анықтаушы рөл атқарады. Қолданбалы тұрғыда аталмыш ұғымды ашудағы бірінші тәсіл үшін саясаттанулық энциклопедиялық сөздіктегі саяси мәдениеттің анықтамасын алуға болады: «Саяси мәдениет – саясат сферасындағы әлеуметтік қауымдастықтар мен жеке адамдардың тарихи тәжірибесі, жады, олардың саяси жүріс-тұрысқа ықпалын тигізетін бағдарлары, дағдыларың.
Әрине беріліп отырған анықтама осынау проблемаға жақындата түсетін, бастапқы тәсіл үшін ғана құндылыққа ие. Аталмыш ұғымның тек жоғарыда аталған белгілерге ғана телу саяси мәдениет сияқты қоғамдық өмірдің фундаментальды құбылысының мазмұнын толықтай бейнелеп бере алмайды. Бұл анықтамада саяси мәдениеттің тек субъектілік аспектісі, яғни, ғана,атап айтар болсақ субъектінің тәжірибесі, оның жады, бағдарлары мен дағдылары ғана бейнеленген.
Алайда саяси мәдениет неде шынайы көрініс табады, оның фундаментальдық мәні қандай деген мәселелер бұл анықтамада көрсетілмеген.Сондықтан, саяси мәдениеттің мәнін толықтай ашу үшін, бізге ең алдымен «мәдениетң ұғымын қарастыру қажет.
Мәдениет – адамзат даныш-пандығының жемісі, ол – адамның рухани және материалдық қызметінің нәтижесі, бірақ мұндай нәтиже белгілі бір дәрежеде адамнан өгейсінеді және өмірге келген адамдардың тіршілік етуінің жағдайы мен алғышарттары ретінде көрінеді. Мәдениет – әлеуметтік жағдайға, материалдық және рухани құндылықтарға ену арқылы жасалатын, кодталатын және беріліп отыратын адамның ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отыратын шығармашылық энергиясы. Мәдениет адамзатты табиғат кіндігінен ажыратады, табиғи күштердің толықтай тәуелділігінен құтқарады және оны өзінің мақсаттарын жүзеге асыру үшін жеткілікті түрде ерікті етеді. Мәдениет – болмыстың адамзаттық тәсілі. Сондықтан мәдениетті құндылықтық, іс-әрекеттік және технологиялық сияқты әртүрлі позициядан қарастыруға болады.
Саяси мәдениет мәдениеттің бір бөлігі ретінде биліктің қалыптасуы және қолданылуымен байланысты саяси шынайылық сферасында, субъект-субъектілік қатынастарда көрінеді. Яғни, саяси мәдениет саясат сферасындағы субъектілердің тарихи тәжірибесі мен өзара әрекеттесуінің жалпылануы мен беріліп отырылуын көрсетеді. Ол – қоғамдағы биліктік қатынастармен, яғни әлеуметтік субъектілердің мүдделерін жүзеге асыру үшін билікті қалыптастыру және пайдаланумен байланысты адамдардың ерекше рухани-саяси қызметтерінің туындысы.
Сонымен, өте тар пәндік мағынада саяси мәдениетті биліктік қатынастар мәдениеті, билік құру мәдениеті деп атауға болады.
Саяси мәдениет ұғымының мазмұнын ашуға кірісе отырып,ең алдымен методологиялық мәні бар бірқатар ережелерді бөліп көрсетелік:
1. Адамнан,оның мүдделері мен саяси қызметінен тыс ешқандай саяси мәдениет болмайды. Ол бастапқыдан және өзінің барлық мазмұнының байлығымен адамзат туындысы, саяси институттар, саяси рөлдер, саяси жүріс-тұрыс актілерінің (бұқаралық, топтық және жеке әрекеттер) жүйесі ретінде және адамның билік қатынастары сферасындағы іс-әрекетін айқындайтын олардың сана сферасындағы (сезімдер, көзқарастар, идеялар, теориялар) идеалды бейнеленуі ретінде пайда болады және дамиды.
2. Саяси мәдениет – адамзаттың жинақтаған тектік тәжірибесі, теориялық байыпталған, кристалданған эмпирикалық саяси іс-әрекет. Эмпирикалық мағынамен салмақталуы, субъектілігі – адамдардың тіршілік әрекетінде қызмет ететін саяси мәдениетке тән ерекшеліктер. Саяси мәдениеттің осы субъектілігі саяси ойлар классигі Н.Макиавелли еңбектерінде ерекше көрсетілген, ол өзінің эмпирикалық тәсілі негізінде саясатты мемлекетті басқару және мемлекеттік билікті нығайту өнері ретінде қарастырады.
3. Саяси мәдениет үздіксіз дамып отырады, себебі адамдардың әрбір жаңа ұрпағы оны өздерінің практикалық саяси қызметіне пайдалана отырып, саяси мәдениеттің мазмұнын байытады, арттырады, оның өзегіне саяси практиканың ситуативті және субъективті қажеттіліктеріне сай әртүрлі жаңалықтар енгізеді.
4. Саяси мәдениеттің дамуы – адамзат тегінің оның шыңдарын бірте-бірте бағындыруының бір түзулік процесі емес, керісінше, ол үшін белгілі бір тарихи және аймақтық-этникалық шектеушілік пен тұйықтық, құрылымдық көпварианттылық, құндылықты әрқилылық, сондай-ақ тарихи, аймақтық әлеуметтік-мәдени саяси жүйелердің пайда болуы, дамуы мен ыдырауы тән күрделі, қарама-қайшылықты құбылыс.
5. Қаншама парадоксальды болғанымен, әлеуметтік-мәдени саяси жүйелердің көптүрлілігі, олардағы тарихи қабаттардың, аймақтық ерекшеліктердің болуы адамзаттың саяси мәдениетінің қалыптасып келе жатқан бірлігін жоққа шығармайды, ол адамзаттың тіршілік әрекетінде қызмет ететін саяси нақтылық, көптүрліліктің бірлігі ретінде, жалпыадамзаттық саяси мәдениет ретінде саяси мәдениеттің тарихи, аймақтық жүйелерінің құндылықтарының қарқынды өзара әрекеттесуі мен алмасулары нәтижесінде қалыптасады.
Адамдар қауымдастығының әлеуметтілігі, оның «тәнініңң гетерогенденуінің күшеюі, әлеуметтік өмірдің субъектілігінің қалыптасуы мен дамуы өріс алғанына байланысты тұрақты дамуды, тұтастық пен беріктікті қамтамасыз ететін орган ретіндегі биліктің құрылымдары мен қызметін күрделендіре түсетіндігі даусыз. Осы шиеленіс жаңару тенденцияларын тудыра отырып, саяси мәдениеттің дамуының үздіксіз себепкері болады.
Тұтастай алғанда, саяси мәдениеттің қызмет етуі адамдардың тіршілік әрекетінде дағды күші ретінде көрінетін инерция күші деп атауға болатын құбылысты тудырады, алайда шынайы өмірде пайда болатын проблемалар және оларды шешудің қажеттілігі әлеуметтік-саяси практиканы инерциялық жолдан, оның дағдылы, үйреншікті қағидаларынан шығарып жібереді, ал бұл шұғыл бетбұрыстарды, түпкілікті жаңаруларды, сапалы өзге-рістерді талап етеді.
Саясаттың қуатты «тетігініңң қатысынсыз бұл проблемалар өздігінен шешілмейді. Қозғалыстың жаңа орбитасына өту үшін адамдардың байыпты біріккен күші, әртүрлі күштер мен құралдарды пайдалану, элитаның пассионарлық қызметі талап етіледі.
Демек, саяси мәдениеттің даму-ындағы жаңару үрдісі қоғамдағы қызмет атқарып отырған биліктік және саяси қызметті ұйымдастыру формалары, тәсілдері мен биліктік және саяси іс-қызмет әдістері тоқырап, олардың әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете алмауынан, қоғам организмінде туындап отыратын қайшылықтарды адамдар үшін ауыртпалықсыз және қоғам үшін тиімді шешілуіне мүмкіндік туғызбауынан келіп шығады. Аталмыш адамдар қауымдастығының тіршілік әрекетінде қызмет ететін саяси мәдениет жеткіліксіз, ал билік құрылымдарының қызметі тиімсіз болып шығады. Міне, осы үрдіс бұқаралық санада өзгерістерді күту ретінде, саяси дағдарыс түрінде көрініс табады.
Саяси мәдениеттің дамуының қайнар көзі ретіндегі қазіргі саяси тәжірибеге келер болсақ, өзіндік саяси тәжірибе мен басқа елдердің қазіргі тәжірибелерінің айырмашылығын ескеруіміз қажетті. Әрине, елдің саяси мәдениеті, ең алдымен өз тәжірибесінің негізінде – жаңғыруларды апробациялаудың тікелей процесінің нәтижесінде дамиды. Бұл жағдайда, өзіндік тәжірибе қаншалықты икемді болып, одан қоғам ғимаратын орнату қанша жеңіл болғанымен, ол шектеулі, себебі онда дамыған формалардың көптүрлілігі жоқ, таптаурын жолдың инерциясы әрекет етеді- яғни өзіндік тәжірибе жаңарудың мүмкіндігін тежейді.
Бөтен тәжірибе өзінің табиғаты, әлеуметтік-мәдени негізі бойынша белгілі бір дәрежеде бөтен, сондықтан оны қолданбас бұрын сыни тұрғыда бағалап алу керек: біріншіден, ол мүлдем басқа әлеуметтік жағдайда қолданылып отыр; екіншіден,оны саяси қатынастардың басқа субъектілері қолданып отыр. Бөтен саяси тәжірибе өзі қолданысқа түсетін әлеуметтік-мәдени ортаның саяси проблемаларына бейімделіп, өзгертілген түрде қызмет етуі шарт.
Қазіргі кезде саяси мәдениеттің жүйесі ретінде демократия неге даусыз және абсолютті құндылық болып саналады?
Біріншіден, демократия халық өміріндегі түпкілікті мәселелерді шешіуде олардың қатысуын қамтамасыз етеді. Ол бұқараның саяси дербестігінің тәсілі ретінде жеңіл игеріледі.
Екіншіден, саяси қатынастар субъектілері үшін бәсекелестікті, жариялылықты, құқықтық теңдікті қамтамасыз ете отырып,оларға қажетті әлеуметтік жағдайларды жасайды.
Үшіншіден,ол әлеуметтік-саяси жағдайдағы өзгерістерге бейімделгіш, өзіне саяси жаңғыруларды жеңіл қабылдайды.
Төртіншіден, демократия – маневр үшін қолайлы жағдайлар жасайтын саяси ықпалдың әртүрлі құралдарына ие және осы қасиеттерге орай әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қабілетті терең тізбектелген саяси жүйе.
Бесіншіден, ол әлеуметтік-саяси жағдайды жеңілдетеді, компромистік шешімдерді жасақтауға көмектеседі, консенсус үстемдігіне мүмкіндік береді.
Осылардың барлығы қазіргі саяси өмірде демократияның саяси баламасының жоқ екендігін көрсетеді. Ол биліктік құрылымдарды, қоғамның саяси жүйесін ұйымдастырудың бірден-бір формасы болуға міндетті. Тек демократиялық саяси мәдениет, оның формалары мен ықпал ету құралдары ғана қоғамның шынайы прогресін қамтамасыз ете алады. Міне, сондықтан Қазақстан Республикасының Конституциясының бірінші бабында былай деп жазылған: Қазақстан Республикасы — демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет.
Адамзаттың саяси мәдениеті – ерте дәуірден біздің заманымызға дейінгі адамзаттың саяси қызметінің бар байлығын бойына жинақтаған күрделі құрылым. Аталмыш қызметтің ұйымдастырушы өзегі субъект-субъектілік қатынастарда билікті қалыптастыру мен пайдалану болады. Бірақ,адамның барлық саяси қызметінің тарихи дамитын негізі, стихиясы мен шынайылығы саяси мәдениет болады.
Саяси қызмет үшін қажетті теориялық идеяларды, көзқарастарды, ұйымдастыру формаларын, принциптер, әдістер, құралдар, жүріс-тұрыс актілерін адамзат саяси мәдениеттен алған және алып та жатыр.
Мәдени саясаттың мазмұндық мәні, бағыты, мақсаттары және міндеттері ең алдымен, мәдениеттің объективтік мағынасымен, оның қоғамдық өмірдегі жаңа рөлі мен орны туралы көзқараспен айқындалады. Сондықтан да мәдениет саласындағы басқару стратегиясы мен тактикасындағы, мәдени саясаттың мақсаттары мен міндеттерін анықтаудағы ерекше қиындық мәдениеттің екіжақтылығын және көпқырлы қызметін түсінумен, оның мәні мен мазмұнының көп қырлылығымен, көп деңгейлілігімен және осыларға сәйкес социомәдени процестерді реттеуде көп өлшемді тәсілдің қажеттілігімен сипатталады.
Мәдени саясат оқшау түзілім ретінде берілген қоғам дамуының стратегиялық жолдарын көру мен ұғынудың рухани-құндылықтық және адамгершілікті-нормативтік бағдарларын бейнелейтін мемлекеттің тұтас саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Ол елдің Конституциясында, сондай-ақ мәдени институттарды мемлекеттік басқарудың заңгерлік-нормативтік базасында өзінің негізгі көріністерін табатын мемлекеттің белгілі бір стратегиялық мақсаттарының және негізгі міндеттерінің тікелей ықпалымен құрылады.
Талдау нәтижесі бойынша, мәдени саясат қазақстандық қоғамның саяси трансформациясы жағдайында өзгеше құбылысты білдіреді. Қалыптасқан құндылықтар жүйесі бұзылып, өмірлік идеалдар түбірімен өзгеріп, қайта пайымдалып жатқан тұста мәдени саясат қоғамды жан-жақты социомәдени модернизациялауға бағытталған, ғылыми негізделген көзқарастар мен шаралардың жиынтығы түрінде көрінеді.
Дәл осы саяси трансформация жағдайында объекті бүкіл қоғам және әсіресе, жастар болып табылатын мәдени саясат негізінен бұқаралық санаға жаңа мәдени мағыналарды енгізуге, қоғамның жаңа социомәдени санасын қалыптастыруға, оның ментальдылығын, аксиологиясын, өзіндік бірегейлік образдарын, әлеуметтік ұмтылыстарының сипаты мен әлеуметтік танымалдылық формаларын өзгертуге бағытталады.
Мәдени саясатты жүргізудің нақты процестерін зерттеу, әсіресе ол әлеуметтік-экономикалық және саяси трансформация жағдайында жүргізілсе, қоғам дамуының нақты бір сатысында шешімі кезек күттірмейтін, неғұрлым өзекті деп мойындалатын социомәдени басымдылықтар мен міндеттер туралы мәселе мемлекет алдында өткір қойылатынын көрсетеді.
Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап, мәдени саясат саласында мемлекеттің қызметі ең алдымен, халықтың рухани дамуын өркендетуге, қазақ ұлтының мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға, оның ұлттық мәдениетінің егеменді дамуының тарихи сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталды. Оның ішінде, тәуелсіздіктің алғашқы күндерін бастап, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдени саясат саласындағы басты міндеттерінің бірі — қазақ тілін қайта түлету, оның әлеуметтік маңызын көтеру, қазақ тілін саяси, мемлекеттік, ғылыми, мәдени және өмірдің өзге де маңызды салаларында лайықты қолданылуы үшін мемлекеттік-қоғамдық сипаттағы кешенді шараларын жүйелі түрде өмірге енгізуі болды.
Осыған байланысты мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге байланысты біз мынадай ұсыныстар жасауды жөн көрдік:
Біріншіден, Қазақстан үкіметі елдің кедей азаматтары үшін мәдени мақсаттарға жұмсалатын шығынын өтеуге қажетті қаржының әртүрлі деңгейдегі бюджеттердің құрамдарынан өтемақының белгілі бір жүйесін тез арада құруы қажет. Бұл шара ең алдымен, ұлттық қауіпсіздік мүддесінде қажет, өйткені мемлекет бүгін білім беру мен мәдениет саласына неғұрлым аз қаражат бөлген сайын, ертең құқық қорғау жүйесіне соғұрлым көп құятын болады.
Екіншіден, мұның бәрі қазіргі кезде қазақстандық қоғамға ықпал ететін, қазіргі шындыққа толығымен жауап беретін мемлекеттік мәдениет саясатының келешектерін ғылыми тұрғыда негіздеп, айқын жарияланған бағдарламалық-концептуалдық тандау мен социомәдени дамудың тұтастай жаңа концепциясын жасауды қажет ететіндігін аңғартады.
Бұл тұрғыдан алғанда, динамикалық түрде қалыптасып келе жатқан қазақстандық қоғамның социомәдени құндылықтық бағдарлары сатысының параметрлерін, әлеуметтік болмыстың басымдылықтары жүйесін, негізгі мемлекеттік, қоғамдық институттар мен жекелеген индивидтер арасындағы социомәдени нормаларды даярлауға баса назар аударуы тиіс.
Қоғамдық дамудағы мәдениеттің өсіп келе жатқан ролін санаға терең сіңіре және осы негіз құраушы принциптен шыға отырып, социомәдени негіздер мен мәдени институттардың өздерінің қызметінің нақты мақсаттарын қалыптастыру қажет, тұрғылықты халықтың негізгі әлеуметтік және кәсіби топтарының социомәдени сұраныстарын қолдаудың стратегиясын ой елегінен өткізу керек.
Тұтас мемлекеттік саясаттың барлық бағыттарының ажырамас бөлігі ретінде күшті және терең пайымдалған мәдени саясат қана қазақстандық қоғамның социомәдени дамудың сапалы жаңа сатысына көтерілуіне және XXI ғасырда тәуелсіз және гүлденген мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасуына мүмкіндік береді.
Үшіншіден, мемлекеттік мәдениет саласындағы саясатты жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың Қазақстанда енді қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғаммен байланысын күшейтуі қажет. Қазіргі кезенде бұл байланыс деңгейі төмен. Сондықтан да мәдени даму бағыттарын жұмыла отырып жобалап, оның жүзеге асуына бірлесіп қатысу керек.
Төртіншіден, Қазақстан Респуб-ликасының мәдениет саласындағы саясаты ұлттық қауіпсіздіктің бір саласы ретінде қаралуы керек. Сондықтан да ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көңіл бөлінуі қажет және қазақ халқының тарихын, тәуелсіздік жолындағы күресін насихаттайтын және қазіргі қазақ қоғамының қыр-сырын көрсететін кино өнерін дамытуға жағдай жасалуы қажет.
Бесіншіден, жас ұрпақтың мәдени өмірге араласуына жағдай жасалмауына байланысты қоғамда жасөспірімдер арасында қылмыс көбейіп отыр. Сондықтан да балаларға арналған музыка және өнер мектептері жүйесін қалыптастыру керек, әсіресе, ауылдық жерлерде балалардың мәдени өмірге қатысуына жағдай жасау керек.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия/Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2004. — 696 б.
2. Мәдениет туралы Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңы. Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., N 24, 147-құжат.
3. Политический словарь / Под. ред. В.П. Халипова.-Москва.-1995.-245 с.
4. Драгичевич-Шешич М. Перспективы культурного развития: новые модели общей культурной политики //Обсерватория культуры. – 2006.-№2.– С. 27.
5. Сужиков М.М. О путях сохранения межнациональной стабильности в Республике Казахстан Межнациональному согласию в Казахстане альтернативы нет. Алматы: Институт филос. НАН РК. -1993.-195 б.
6. Ғабитов Т.Қ. Қазақ мәдениетінің типологиясы: Мәдениеттану оқу құралы. – Алматы: Қазақ. Университеті, 1998. – 203 (13).
7. Ғабитов Т.Х., Мүтәліпов Ж.М., Құлсариева А.Т., Ибекеева С.Е. Мәдениеттану. — Алматы: Раритет, 2007. — 416 б.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *