МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР  ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР  ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ
Жанна Иманқұл, «Жалын» журналының қызметкері, «Ақпарат саласының үздігі» иегері Мәдениет – адам баласының әлемнің қай түкпірінде өмір кешкеніне қарамастан мыңдаған жылдар бойғы шығармашылығы, тайпалық,... МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР  ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Жанна Иманқұл,
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері

Мәдениет – адам баласының әлемнің қай түкпірінде өмір кешкеніне қарамастан мыңдаған жылдар бойғы шығармашылығы, тайпалық, қауымдық, даралық ізденісі, рухани, материалдық құндылықтар жүйесі. Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият» – қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырдағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке зерттеушілер мен философтар тарапынан сан мыңдаған анықтама айтылған. Олар оның аксиологиялық, футурологиялық, герменевтикалық тағыда басқа түрлерін атайды. Бірақ қайсысы болса да адамзаттың танымы мен өмірлік сабақтарынан, діні мен тілінен бастау алып, жалғасын тапқан.
2013 жылғы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленіп келеді. Бір күнді ресми бекітіп, мәдениет пен өнердің керегесін кеңейтіп жүрген жандарға арнау уақыт талабынан туған бастама. Бұл орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мәдениет – ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші — зиялы қауым. Себебі, әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс — тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет — адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды», – деген түйінді ой айтқан. Жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауларында да Елбасы мәдениет пен өнер саласындағы жандардың қоғамдағы орны мен қажеттілігін ерекше ескеріп отырады. Бұл салаға айрықша көңіл бөлу – мәдениет пен өнердің өркендеуіне қолайлы жағдайлар туғызу, оларды дамыту, дүниежүзілік үндестікпен бір ырғақта болу т.б. сияқты жоғары адамзаттық жобаларды қамтиды.
Рухани байлық пен мәдени дәстүрлерімізді, өнерімізді сақтап, өркендету жолында аянбай еңбек етіп жүрген еліміздің барлық өңіріндегі өнер, мәдениет қызметкерлеріне жандарға шығармашылық табыс, ұлттық құндылықтарды сақтаудағы еңбектерінің еленуін тілеген ақжарма тілектер айтылады. Мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлерге Елбасының жарлығымен соңғы бес жылда көрсетіліп жатқан құрмет аз уақытта көпшілік қауымның қолдауына ие болды.
Мәдениет пен өнер қайраткерлеріне деген құрмет күнін белгілеу мемлекет билігі ішкі саясатында руханиятқа үлкен мән беретіндігінің бір белгісі деп санауға болады.
Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің еңбегінде адам баласына – «хайуани мадани», яғни, «адам мәдениетті жан» деген анықтама берілген. Адам – жаратылыстың табиғи дамуының жемісі. «Адамзат қоғамы «қалалардан» (яғни, таптардан) тұрады, надан және азғын қалалардың тұрғындары өздерінің билік, атақ, байлық құмарлығы, азғындығымен қажеттілік қаласы тұрғындарын бейшаралық халге түсіріп отыр» деп жазды. Мемлекет туралы ілімінде Фараби оның сыртқы және ішкі функцияларын анықтайды. Ұлы ойшыл мемлекеттің тұрақтылығы мен баяндылығы өз халқына қатысты ұстаған ішкі саясатының кемелдігіне байланысты болатындығын сараптап түсіндіреді.
Адамзат қоғамы сан түрлі қоғамдық-тарихи дамулар мен тоқыраулардан, реформалардан өтті. Әрбір кезеңнен өзіндік белгілер мен адамзаттың дамуы мен өркендеуі үшін ескерткіштер мен рухани мұралар қалды. Б.д.д. 3-2 мың жылдықтардан сыр шертетін Мысыр өркениетінің белгісі перғауындар пирамидасы, осы кезеңге сай келетін сансыз құдайға табынған әйгілі 90 метрлік Вавилон мұнарасын қалдырған Шумер өркениеті, ежелгі Үндістан мен Қытай, Иран-араб, Орталық Азияны жайлаған ержүрек түркі бабаларымыздан қалған бітік тастар мен жазылмаған дала заңдары т.б. адамзаттың қол жеткен табыстарының жиынтығы деп айтуға болады. Бүкіл адамзат иеленетін әлемдік өркениет мұралары бар да шағын өркениет яғни әрбір ұлтқа тән өркениет пен мәдениет айырымдары бар.
Жаһандану жағадан алып тұрған уақытта әрбір ұлттың, мемлекеттің өзіндік руханияттағы, мәдениеттегі, саясаттағы, экономикадағы, өндіріс-тегі, шаруашылықтағы бірегейлігін сақтау үлкен мәселеге айналған.
Адамзатқа тән барлық құндылықтарды жоғары дәрежеде қолданысқа ендіру, пайдалану – мәдениет болып табылады. Құндылық туралы алғашқы пікір айтқан грек ғалымы Сократ «құндылық – адамның өмірді бағалауы» десе, Аристотель «этиканың мақсаты – таным емес, ізгілікке үйрету. Этикалық зерттеулер рухани-адамгершілік дегеннің не екендігін білу үшін емес, осы рухани-адамгершілікке жетудің жолдарын үйрету үшін қажет» дейді.
Адамзат өркениетінің де, әр мемлекет пен ұлттың мәдениетінің де айнасы ең алдымен – тіл. Адамзат қоғамы тілсіз өмір сүре алмайды. Тілдің дамуы мен қоғамның дамуы, мәдениеттің дамуы бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар. Ұлттық сананы, ұлттық болмысты ұстап тұрған тіл мәдениетін сақтасақ, жаһанданумен жармаса еніп жатқан қауіптерге қарсы тұрып, ұлттық бірегей мәдениетімізді сақтап қаларымыз анық.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *