жастарға тән қасиеттер жастарға тән қасиеттер
Жансерік СЕРИКБАЙ Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиетінен IX «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми жобалар... жастарға тән қасиеттер

Жансерік СЕРИКБАЙ

Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта
мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиетінен IX «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми жобалар конкурсының ІІІ орын, С.Демирел университетінің грант иегері, Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың ІІ орын иегері

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Ақының қай өлеңін алсақ та шындық өмірдің бет айнасы көрініп тұрады. Автор өлеңдері арқылы тыңдармандарына ой салды, өлеңдері арқылы тәрбиеледі.
Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде:
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат», —
деп, бозбалаларға өзінің ақыл-кеңесі мен шын ықыласын білдіреді. Мақсаты – ұрпағын түзу жолға салу.
Бүкіл әлемде өмір сүру күрделенеді, елімізде демократиялық құрылымдық пайда бола бастайды. Болашақта жастар өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңуге, өз мәселелерін шешуге, сапалы шешім қабылдауға дайын болу керек. Бүгінгі күннің жігіттеріне тән қасиеттеріне ой жүгіртсек, ақыл-ойы жоғары алды-артын ажырата білетін, өзіндік ой-пікірі бар, шешім қабылдай алатындарға қарап мақтана аламыз. Дегенмен, Абай дәуіріндегі кейіпкерлер бізде де кездесері сөзсіз. Арзан күлкінің түп төркініне мән бермей, сауық-сайраннан опық жейтінін сезбейтіндер де жүр арамызда. Ұлы ойшылдың сөзімен емдесек, өз пиғылдарынан ұялар ма еді деп ой түйгім келеді. Мысалы,
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ бұлдай былғайды, бір дым тисе, — деген сөзі бүгінгі таңда тек құлқынның құлына айналып бара жатқан замандасымның бейнесін ашып тұрғандай. Ғасыр өзгерсе де, адамның пиғылы, пендешілігі көп өзгеріске түсе бермейді. Неге? –деген сұраққа жауап іздер болсақ тағы да Абайға жүгінеміз.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз! –
деп, шын адамгершілік жолына, қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.
Татулығы құрысын ойыны мен,
Дәл соларға ұқсайды мына заман, —
дегенде, адасқанға ақыл айтып, басу айтсаң, райынан қайтар ма еді, ата-анадан мейірім көрсе, жамандыққа барар ма еді дегендей болады ішкі ойым. Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылын ана сүтімен бірге дарыту қажет. Өйткені «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» емес пе?!
Өлеңде халқын сүйген ақын үлкен достықты отбасылық өмірден, жастар сезімінің тұрақтылығынан іздеді. Өздерін заман ағымына сай өсіп келе жатқан жастармыз деп кеудесін қағып, еркіндікті сылтау етіп, жүргендерге тағы да ақынның өсиетін үлгі етіп ойымды қорытқым келеді.
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып!
Саналы азаматқа мұнан артық қандай сөз керек?..

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *