ЖЕТЕСІЗ ЖЕТЕСІЗ

ЖЕТЕСІЗ

25.04.2015 0 500

Айдос АМАНТАЙ 1989 жылы Қытай астанасы Бейжіңде туған. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін тәмамдаған. «Сынықтан құралған сыбат» атты қытай тіліндегі... ЖЕТЕСІЗ

Айдос АМАНТАЙ

1989 жылы Қытай астанасы Бейжіңде туған. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін тәмамдаған. «Сынықтан құралған сыбат» атты қытай тіліндегі өлеңдер жинағы жарияланды. «Айдос-Шолпан» романы Шыңжаң жастар баспасынан он мың таралыммен шығып, оқырмандардың қызыға, іздеп оқитын шығармасына айналды. Әңгімелері мен повесьтері Қытайдағы мерзімді басылымдарда жарық көріп тұрады. Өлеңдері мен әңгіме повесътері ағылшын, тибет, ұйғыр және моңғол тілдеріне тәржімаланған. Сіздердің назарларыңызға ағылшын тілінде Қытайда шығатын «Сhutzpan» («Тiannan») журналында жарияланған «Жетесіз» повесінің аудармасын  ұсынып отырмыз

Мен Бейжіңде туып-өскен қазақпын, сондықтан өз ұлтымнан көп алыспын. Былтыр сәуір айында ғана сәті түсіп Шыңжаңның белгілі бір қалашығына барып қазақ оқушыларына сабақ бердім. Сонда ғана өз қандастарыммен қауышатын орай болды.
Орталық қала Үрімжіге ұшақпен жылдам жеттік. Бірақ, алда әлі бірнеше сағат автобуспен жүретін жол бар еді. Жап-жасыл сахараны ендей өтіп зымырап бара жатқан автобустың терезесінен анда-санда ақ боз киіз үйлер жалт ете қалып ғайып болады.
Ол үйлерде қазақтар тұратынын білемін, дегенмен олардың өмірі қалай екені маған әлі беймәлім. Мен өзі кіммін? Мен – Бейжіңде туып, Бейжіңде өскен қазақпын. Сахара тынысын сезінбедім. Сол бір ұлы даланың топырағын құшырлана иіскемедім. Тіпті бұл далаға келген болсам да, келуінен кетуі тез жолаушы болдым. Басқа да саяхатшылар секілді мән-мағанасыз бірнеше рет суретке түсіп, естелік қалдырып осы араға өзімнің келгенімнің бірден-бір дәлелі қыламын.
Жүрегімнің терең түкпірінде өзімді-өзім көзге ілмеушілік, жетесіздік сезімі мені мазалай береді.
Алайда қолымнан келер не амал бар?
Бейжіңді тастап, сахараға келіп қой бағайын, сонда бұл өзімнің қазақшылығымды тапқаным ба? Өз өзімді тапқаным ба?
Тіпті, келген күннің өзінде мен сол баяғы Бейжің акцентімен ханзуша сөйлеп, Кафканың шығармалары-нан шабыт алып, демалыс күндері қыз досыммен бірге Нәнлогу көшесіне барып кофе ішуді жақсы көретін қала баласымын ғой. Сахаралық болмаған соң, адамда сахаралық мінез де қайдан болсын?
Автобуста жолаушы көп емес, тіпті, жарты орыны бос келе жатты. Алайда кеңсірігімді бір жағымсыз иіс жарып келеді. Бұл мүмкін саз балшықтың иісі болса керек. Бірақ, мұндай иіс маған қазір тым бейтаныс.
Мұны ойлап мен терең бір күрсініп алдым да, терезеден алысқа көз жібердім.
Сахараның қиыр шетінде күн қызарып батып бара жатыр екен. Сөз жетпес бір сұлулық, шіркін…
Қалашыққа да жеттік.
Маған бұл қалашық дүниенің мешеу қалған бір бұрышы болып көрінді. Алайда, сахараның жастары үшін бұл қалашық шыныменен «сыртқы дүние» болып есептелінеді.
Қаланы әбден аралап таныспас бұрын, бірден мектепке аттандық. Мектеп қақпасының алдына келгенде мен ұзақ тұрып қалдым. Сонан соң ғана қақпадан бүрсеңдей өтіп, жалтақтай мектеп ауласына кірдім.
Мені қарсы алдымнан балалар емес, олардың жымиған жүздері қарсы алды.
Осылайша, келе салысымен бір тозығы жеткен сыныпқа қаумалай кіріп келдік.
Бейжіңде жүргенімде оқушылар ұйымының төрағасы болғанмын, бүкіл мектеп оқушылары алдында сөз сөйлегенде еш тартынбаушы едім. Ал бұл жолы мына оқушылар алдында қатты сасып қалдым. Себебі, менің бетпе-бет келіп тұрғаным тек балалар емес, менің қарсы алдымда жәудіреген жанарлар жымың қағып, менен бірдеме тілегендей сезіледі. Маған бұрын ешкім бұлай қадала қарамаған-ды. Балалардың жанарларында қандай сыр жатқанын біле амадым. Сонда да, өзімді қатты бақытты сезіндім.
Мен бейжіңдік акцентті араластыра қазақша быдыға сөйлей бастадым: «М, әл-гі… Мен… сен-дер-дің жаң-а мұ-ға-лім…». Айтып болмай жатып сынып іші ду күлкіге толды. Мен ақырын басымды қасып қойдым да, ұялғанымнан тілімді шығардым.
Оқушылардың онан арман ішек-сілесі қатты.
Сәлден соң мектеп жетекшілерінің бірі алдыға шығып мені салмақты түрде таныстырды. Мені қазақтың мақтанышы, астанамыз Бейжіңнен келген, Бейжіңде туып-өссе де, осы қиырдағы аудандағы оқушыларға білім бергелі келді, бұдан барлықтарың үйренулерің керек деп мақтап-мақтап қойды. Менің қазақтың шынайы мақтанышы екенімді тағы айтты.
Оқушылардың назары мектеп жетекшісіне ауатын емес. Барлығы қап-қара мөлдір көздерін маған қадап, мені бастан-аяқ барлайды кеп. Кейбір сотқар балалар маған қарап бетін тыржитып қояды.
Мен бір жағынан балалардың отты жанарының нұрына балқығандай боп, тағы бір жағынан мектеп жетекшісінің асыра мадақтауына қысылып та тұрмын. Басында мұндай мақтауға тойтарыс берейін деп ойладым, кейіннен өзі білсін деп ескермей тұра бердім.
Себебі, біріншіден, мен оған мардымсыз қазақшаммен бірдеме жарытып айта алмаймын. Екіншіден, ана балалардың мөлдіреген көздеріне көзімді түйістіргенде бұның еш қажеті жоқ екенін сездім.
Мен олардан бес жас қана үлкен болсам да оларды бала деп атағанды жақсы көрем.
Сыныптағы балалар басқа сыныпқа барып: «Бізді бейжіңдік мұғалім оқытады. Ол Бейжіңнен келген!» – деп мақтанатынды тауыпты.
Олар Бейжің десе қатты таңданады, алайда сұрайтын сұрақтарының бәрі өте қарапайым:
– Бейжіңнің ғимараттары биік пе?
– Иә, өте биік!
– Бейжіңде машина көп пе?
– Иә, өте көп!
Менің жауабымды алысымен олар үнемі «А» деп таңырқай қалады.
Мен бұл таңырқаудың астарында не жатқанын білмедім. Дегенмен балалардың өздері де білмейтін шығар деген ойдамын.
Шындығында Бейжіңдегі өмірдің еш қызығы жоқ. Апта соңында жаңа айтқанымдай қыз досыммен бірге Нәнлогу көшесіне барам, болмаса 798-ші өнер қалашығында қыдырамыз. Өмірдің мәнсіздігі соншалық бір мәнсіздікпен тағы бір мәнсіздіктің орнын толықтыруға тырысасың да жүресің.
Әрине, мұны балалар біле бермейді, мен де оны оларға айтпақ емеспін.
Менің бір түсінбейтінім сол, мына балалар шеті мен шегі көрінбейтін осыншама кең байтақ сахарада өмір сүре тұрып неге керісінше қаланы үлкен деп ойлайды екен?
Мүмкін олардың үлкен дегені шынайы мағынадағы «үлкен» емес болса керек. Оны және өздері ғана түсінеді.
Біздің сынып өте жұпыны болды.
Қара тақтаны оқушылар өздері бояған. Тіпті, сынып қабырғасын да олар өздері ақтапты. Менің келгенім бір жатақты мектеп болып, оқушылардың барлығы мектеп ауласында тұрады екен. Түнде кезекші мұғалім кезекшілік бөлмесінде отырып балалардың қауіпсіздігіне жауапты болады және олардың демалысын қадағалайды.
Мектеп басшылығы маған қалашық ішінен бір жеке үй қарастырмақ болыпты, бірақ мен қажеті жоқтығын айтып кезекшілік бөлмеде тұрғым келетінін білдірдім. Осылай істегенде басқа мұғалімдер де кезекші болып қиналмайтын болды. Бәрі риза.
Балалар да бұған қуанып қалыпты. Мына бала мұғаліммен тіл табысу оңай екен деп ойласа керек. Дегенмен, мен кезекшілік еткенде олар өздерін бұрынғыдан да тәртіпті ұстады.
Бұл қазақ тілді мектеп, ал мен балаларға ханзу тілі пәні бойынша сабақ беретін болдым. Олар үшін ханзу тілі (қытай тілі) шет тілі секілді.
Олардың ханзушалары тым нашар болғанына қарамастан барлығы сөйлеуге тырысады.
Ханзушалап былдырлап маған: «Мұғалім біз жақсы көреді, біз мұғалім жақсы көреміз», – деп қояды.
Мұны естіп жүрегім жылып сала берді. Менің қазақшам олардың ханзушасынан кем болмаса, артық емес. Бәріміз тілі жаңадан шыққан бала тәріздіміз. Алайда, біздің арамыз тілмен түсінісуді қажет епестей жақын тартып кетті.
Олардың кейбір айтқан сөздері мені қатты тебірентеді, әрі естен мәңгі шықпастай.
Бір күні Әйгерім атты бір кішкентай қыз қасыма жетіп келді. Жымия күліп маған қарап тұрып: «Мұғалім – бейжіңдік, ал біз қазақпыз. Біз мұғалімді сүйеміз», – деп қатты айтты.
Оның киіп алған гүлді көйлегі сәнсіз көрінді. Үстіндегі күртешесі де не қоңыр емес, не қызғылт емес белгісіз бір түсті. Екі беті қызарып жарылардай болып тұр. Сәби жүзді жас қыз.
Айтып болысымен қайтадан желдей ұшып, секіріп-ойнап кете барды. Ол маған қатты ұнайтын бір сөз айттым деп масайрап барады білем.
Олар Бейжіңге сонша құштар.
Мүмкін олар Бейжіңнің қандай екенін мәңгі білмес-ау. Дегенмен олардың әр қайсысының жүрегінде бір Бейжіңі бар.
Олар менің Бейжің жайлы айтқанымды ұйып тыңдайды.
Мен жамау-жамау қазақшаммен оларға шамам келгенше, «Бейжің өте-өте үлкен. Уаңфужиң өте-өте әдемі. Ғимараттар өте биік, әдемі қыз-жігіттер бар», – деп айтып беремін. Олар мұны естіп қатты риза болады.
Мен қазақшам жеткенінше оларға Бейжіңді осылайша суреттеп берем.
Бір күні сабақта олар өте белсенді отырды, сөйтсем олар тағы да Бейжің туралы естігісі келген екен. Мен олардан не туралы тыңдағыларың келеді? – деп сұрағанымда, сынып іші жым-жырт күйде қалды.
Кенет бір бала тағы да сол өткендегіні қайта айтып беруімді сұрады.
Сонымен мен тағы сол зәулім ғимараттар, әдемі қыз-жігіттер туралы айттым.
Мұны естіп олар жымия күліп қуанып кетті, бейне бұл әңгімені алғаш рет тыңдап отырғадай.
Сыныпта жасы менен де үлкен бір қыз оқушы болды, аты Айдана.
Ол Үрімжіде көп жыл бойы даяшы боп қызмет етіп ақша тауып сол қалада тұрақтап та қалған екен. Қонақ үй басқарушысы оны бас даяшылыққа өсірем деп отырғанда ол шала-шарпы ханзушасымен «меңгеруші, мен қайтатын болдым», – деп бас тартыпты.
Елу жас шамасындағы әйел басқарушысы одан, «Сенің жағдайыңды жасай алмадық па? Жоқ әлде жаңа жұмыс таптың ба?» – деп қазбалай сұрапты.
Айдана сәл дірілдеген үнмен: «менің оқығым келеді», – деп жауап беріпті. Басқарушы:
– Сен әдетте көп сөйлемейсің, жұмысты да беріліп істейсің. Өзің білесің, бұл қонақ үйде қазақ ұлтынан бір өзің ғана. Мен сені бас даяшы етіп қояйын деген себебім тіпті ұлттар достығы деген сылтау да емес, мен сенің тиянақтылығыңа сенемін, әрі өзің сонша бір қиындыққа беріле қоймайтын жансың. Мен саған өз қызымдай қарайтын болдым. Сен тағы ойлана ғой. Айдана:
– Меңгеруші, сіз менің осы жылдары неге көп сөйлемей жүргенімді білесіз бе? Басқарушы:
– Жоқ, балам, Айдана.
– Себебі, мен ханзушаны мандымды білмеймін.
Осылайша қонақ үй басқарушысы Айданаға біраз ақша беріп жолға салыпты. Аттанарда оған оқып болған соң қайта оның қонақ үйіне келіп қызмет ететін болса, оны тағы да бас даяшылыққа қоятынын айтып шығарып салыпты.
Айдана маған бұл әңгімесін айтып болды да, үнсіз маған қарап қалды. Бейне аяқталмай қалған тағы бірдеме бардай.
Бұл қалашықта ешбір ерекшелік жоқ та шығар, алайда балалардың көңілінде бұл жер бір ғажайыпқа толы әлем.
Өзгешелігін айтар болсақ, ең алдымен ауызға ілінері – асханалары.
Мектеп алдында бір «Лағман және манты» атты асхана бар еді. Есіктен кірер-кірместен қожайыны қонағына қарап: «Лағман ба? Манты ма?» деп айқай салады. Мұндай асханаларда сол екі-ақ таңдау болады. Мен сияқты қалың менюді сапырылыстырып отырып не таңдайтынын білмейтін қала баласы үшін бұл бір өте жүрекке жылы тиетін нәрсе екен.
Бұдан да қызығы бар. Және бір асхананың атауы «Палау» екен. Есіктен кірер кірместен еңгезердей ұйғыр аспаз «үлкен тәрелке ме, кішісі ме?» деп айқайлайды. Босағадан тапсырысыңды аласың да ішке кіріп орын тауып отырасың. Мынадай жылдамдық тіпті «KFC»-ді (фастфудтың америкалық мейрамхана) шаңына да жуытпайды ғой.
Жаңа келген адамға мынадай жер тым жұпыны көрінетін шығар. Дейтұрғанмен, тағамын татып дәмін алған соң оның бейжіңдік қалыптасқан үлгіден әлдеқайда жеңіл және көңілге қонымды екенін байқайсың.
«Хай мырзаның асханасы» маған ең терең әсер қалдырды.
Онда еш даяшы жоқ, Хай фамилиялы бір қарт кісі ғана жұмыс істейді. Ол өзі үнемі іште отырып газет оқып ел ісін талдайды екен. Әдетте келетін қонақтары да көп емес секілді.
Бір күні мен оқушыларымды осы араға ертіп келдім. Бұнда ғой меню бар екен, бар болған да толтырып жазып қойыпты. Мен тапсырыс беріп болысымен, Хай мырза менюді жапты да сыртқа қарай желе жортып шығып кетті. Шыға бере, «мұнда қарайлай отырыңдар» – деп бізге қарай айқай салды.
Мен оқушыларға қарап, олар маған қарап не дерімізді білмей отырып қалдық.
Шамамен бес минуттан соң қарт мырза ентіге асханасына қайта кірді. Қолында ұстаған бір қалта көкөнісі бар. Асылы бұл асхананың көкөністі тапсырыс берген мезетте сатып алатын салты бар екен. Бұндағы тағамдар арзандығы соншалық 20 юаньға төрт-бес адам отырып тойып алады екенсің. Оның үстіне тамағының дәмін айтсаңшы, сондай керемет.
Біз тамақтанып отырғанда қарт қожайын бір шетте отырып газет оқыды. Әредікте бізден «сиыр етінің қуырылуы қалай болыпты? Ауыздарыңа татыды ма? Тұзы тым ащы боп кеткен жоқ па?» – деп жіті сұрап отырды.
Бейжіңде мұндай «Хай мырзаның асханасы» секілді асхана жоқ.
Балалар мені қанша жақсы көрсе де мені әлі де «бейжіңдік» деп қарайды. Олардың жанына бара қалсам барлығы қысылып қалғандай болады.
Тек Әйгерім ғана менен тартынуды білмейді.
Ол әр күні түсте менің кабинетіме келіп менен ханзу тілі сабағынан сұрақтар сұрайды.
Менің оқушыларымның ішінде маған ең ыстық көрінетіні де осы Әйгерім. Оның ханзушасы өте нашар. Алайда, қос жанары әрқашан менен қалмай мені барлайды да жүреді. Мені көрген бетте жымия күліп жадырай кетеді.
Мен оның маған айтқан «сіз – бейжіңдіксіз, ал біз – қазақпыз» деген сөзіне бола да жақсы көргендеймін. Ал қазір ол мені өзі қатарлы жандардан деп қабылдайды. Мұнысы менде бірдеңені дәлелдегендей немесе жеңгендей бір сезім тудырады. Бұлардың қайсысы болмасын бәрі менің жүрегіме қуаныш сыйлайды.
Мұндай қуанышты жасыруға немесе бүркемелеуге келмейді екен. Ол менен осы бір қуанышты байқайды, бірақ ол қуаныштың себебін сезбейді.
Мен кейде кешкі пысықтау уақытынан бұрынғы бос уақытты пайдаланып оны қалашықтағы жалғыз «Шинхуа» кітапханасына апарып кітап оқытатынмын. Ол онда қазақша кітаптарды оқитын.
Қайтар жолда мен оған мардымсыз қазақшаммен көп нәрселер айтатынмын.
– Кафка…, Кафка, ана…, ол бір жазушы, өте мықты жазушы. Оның жазғандары қазақшада жоқ. Егер мүмкін болса қытайша жақсы үйрен. Қытайша үйренсең соларды оқисың.
Ол Кафка жайлы білмейді, сондықтан тек басын изеп күліп қояды.
Айтып-айтпай, мен Бейжіңнен келдім, аз тола кітап оқыдым десем де Әйгерімге айта алар көп ештеңем жоқ. Тек бар қазақшамды жиып-теріп оған өз білген ақылымды айтып келем.
Енді осы күні оған не айтып, не қойғаным есімде жоқ. Шамасы адам мен адамның тең құқықтылығы, демократия, еркіндік жайлы болса керек.
Мен мұны айтып жеткізе алмаған да шығармын, әйтеуір ол да жарытып ештеме түсінбеді.
Сол бір күні, мен аядай ғана кезекшілік бөлмесіне қайтып келдім де, өзіме-өзім неге сол кіп-кішкентай қызға соншама бытқыған ақылсымақты айттым екен деп күйзелдім. Бұл сахара қызына Кафканың қанша құны бар дейсіз?
Терезе алдына келіп сыртқа үңілдім, алдымда Бейжің түнінен әлдеқайда қараңғы түн шымылдығын қымтап тартыпты. Темекі тартқым келді, сынап көріп едім, қолымнан мүлдем келмейтіндігін байқадым.
Кенеттен Бейжің бұл қалашыққа тіпті жетпейтіндей сезілді.
Білімім бұл жердегі адамдардан көп болса да, сол біліктілігім мені осы адамдардан гөрі таяз, мардымсыз еткендей.
Көңілім астаң-кестең болып ұйықтай алмай, ақыры кезекшілік бөлмесінен сыртқа шықтым. Спорт алаңның шаңы шығып жатса да мен ештеңеге қарамастан шалқамнан түсіп жатып қалдым. Жата бере терең бір тыныс алдым. Құм, топырақ үстінде жатып денемді ұлы табиғат құшып, сипап жатқандай болады. Ал көз алдымда тұп-тұнық жұлдызды аспан.
Бұл есіме алғашқы махаббатымды түсіріп жіберді. Ол жұлдызды қатты жақсы көруші еді. Оның қазіргі ең басты арманы сол жұлдыздар жамыраған түнгі аспанды тағы да бір көру.
Енді міне, мен дәл сол жұлдызды аспанды бажырая бақылап жатырмын, ал ол болса мыңдаған шақырым шалғайда жүр.
Ол сегіз жасында басқа қаладан Бейжіңге көшіп келген еді. Біз алғаш кездесе бастағанда ол ылғи бір әңгіме айтушы еді: олардың есік алдында бір тау болыпты, кейін ол тауды кеншілер жарып жоқ қылыпты.
Олардың есік алдында бір аспанмен тірескен алып ағаш болыпты, өзі үнемі ағаштың саясында ойнайды екен. Кейін, бір күні ол осы алып ағаштың тоқ арамен кесіліп тастағанын өз көзімен көріпті.
Ол кезде ол әлі бала екен, солайша өз мекенінен айырылдым деп ойлапты. Ал шындығында адамдар ол қалашықты қайта құрып жатқан еді.
Бейжіңге көшіп келген соң көп жылдардан кейін ол баяғы қалашыққа барып туысын іздейді. Ондағы жағдайдың әлдеқайда оңалғанын байқайды, адамдардың тіршілігі де жақсарып қалған көрінеді.
Осы сәтте оның көңілі қобалжып үрейді сезініпті. Тіпті алып ағаш құлаған кездегіден де қатты көңілі құлазыпты.
Екеуміз кездесе бастағанда 16 жас шамасында едік. Оны түсіне қоймағанмын. Тек бар болғаны келешекте мықты арқа сүйер азамат болам, оған бір ну орман, орман ішіндегі кішкене үй сыйлаймын деп қайталай беруші едім. Ол үнемі жымиып күліп қоятын. Сол кезде мен оны қуантып тастадым деп ойлаушы едім. Енді байқасам ол маған жай күлген екен.
Шынымды айтсам, онымен бірге отырып терең сырласпаппын. Мүмкін, ол кезде мен оның тек жігіті болдым, досы емес. Бар білгенім оны қуанту еді. Ал қуаныш пен күлкіден адам бақытты бола қоймайтынын білмеппін. Олар тіпті онша маңызды емес екен-ау.
Мен оның өзіне таныс мекенінің қалай күйретілгенін айтқанда неге еш мінез танытпай, ашуланбай қайталай айта беретінін түсінбеуші едім.
Ол тыныш қана жеңіл үнмен маған «бұның бәрін қабылдау өте қиын» дейтін.
Ал оның сөз ауанына қарасаң ол өзі бұның бәрін қабылдағандай сезіледі.
Кейін келе біз қалай екені белгісіз айырылысып кеттік. Сол жас шамасындағы жастар үнемі солай етуші еді ғой.
Айырылысқаннан кейін барып, мен оның неге өз ауылының істері жөнінде айта беретінін білдім. Оның себебі – мен оның жігіті екендігімде емес. Қайта мен Бейжіңде туып-өссем де Шыңжаңдағы қалың қазақтың бір баласы ретінде жат жерде сергелдең өмірмен жүрген адамдарша көрінемін. Мүмкін, біздің махаббатымыздың жалынын тұтандырған да осы сезім болса керек.
Біз қазір жақсы достарданбыз. Үнемі бір-бірімізге дем беріп қолдап тұрамыз.
Ол қазір бір жақсы жоғары оқу орнында механика жасау мамандығы бойынша білім алуда.
Қызық! Кішкене күнінен техниканы көрсе төбешашы тік тұратын, сол техника өзінің балалық шақтағы естелігін құрдымға жіберген мына жас қыз он тоғыз жасқа қараған шағында механика мамандығын оқу үшін университетке түсіп кетті.
Қарап тұрсаң ақылға қонбайтын іс. Дегенмен, мен бұның бәрін жете түсінгендеймін.
Тек, оны қалайша сонша түсінетінімді өзім де білмеймін.
Бұл мүмкін оның неге барлығын қабылдай білетіні секілді болар.
Әйгеріммен жақсы дос болып кеткендіктен мен басқа да қыздармен де жақындасып қалдым.
Кештерде олар мені өз бөлмелеріне шайға шақырады.
Басқа бөлмелердегі қыздар менің шай ішуге келгенімді естіп барлығы келіп, кішкентай бөлмеге тығылатын. Мұндайда мені бір тәтті сезім билейді.
Кішкентай үстел үстіне түрлі-түсті стакандар қойылған. Кейбіреулерінің ернеуі сынған, тағы біреулері ғасырдан астам уақыт сыннан өткендей, өңі солғындаған. Қызылды-жасылды болып үстел үстіне толып қалады, адамға керемет әсер қалдырарлықтай. Ыстық шай құйылып қойылған соң ешкім алып ұрттайын демейді. Барлығы тып тыныш қарап отыр.
Шайды бұлай ішіп, бақытты сезінуді тек қазақ болсаң ғана жақсы түсінерсің.
Мен өз ата-бабам жайлы көп қиялға батам.
Қар жамылған дала, қақаған аяз. Бір үйлі жан аядай киіз үй ішіне жиылып отырып бір шәугім сүтті шайға жамырайды.
Кең байтақ сахарада өткен-кеткен адам «құдайы қонақ» болып кез келген киіз үйдің есігін ашса, үй иесі мейірін төгіп қарсы алады. Ұсынатыны тағы сол бір шәугім сүтті шай.
Мені шынайы тебірентетіні қаншама тағдыр тауқыметін көрсе де қазақтың осы бір шәугім шайды ғасырлар қойнауынан бәз-баяғысындай қонағысылық мейірімен бүгінгі күнге дейін жеткізген мықтылығы. Бұл халық бір шыны шайда тұнған бақытты жанымен түсіне біледі. Бір топ қара көз, қызғылт жүзді ағайын ентіге дем алып, дастарқан басына қаумалай отырып бір шәугім шайды бөлісе ішеді. Бұл қандай бір бақыт десеңізші!
Осындай сәтте, баршамыз стакандарымызды қолы-мызға алып бір-бірімізге қарап қойып жымия күліп шайды баптап сіміре бастайтынбыз.
Айдана бір-екі нан шығарып оны еппен бөліп алдымызға жаяды, бәріміз өз алдымызға тиген бір жапыраққа қол созамыз. Осындайда мен қазақ қыздарының қолына алғаш көз салдым. Бұл қолдар менің қолымнан да қайратты көрінеді. Қолдарының сырты бұжырланып жарылып та қалған. Тіпті, Әйгерімнің қолы да сондай екен.
Мен қолымды нанға қарай соза бергенде Әйгерім дауыстап, «Қараңдар, мұғалімнің қолы қандай нәзік! Баланың қолы секілді екен!» – деп қалды. Мен қолымды ток ұрғандай тартып қалдым. Қыздар бұл қылығыма жатып кеп күлді. Бейжіңнің қыздары күлгенде ұяла күліп, тіпті кейде аузын қолымен жауып алатын. Ал мына қыздардың күлісі бейне шарапқа тойған Ляңшән батырларының сақ-сақ күлкісі ғой.
Олар нанға сары майды қалыңдата жағып шайға бір малып жіберіп жейді. Бұл қазақша нанға май жағып жеу әдісі екен.
Бұны ести салып, мен де үлкен бір кесек нанға майды жағып жеберіп аузыма тыға салдым.
Қыздар мені көре салып, шапалақтап: «О, мұғалім жарайсыз», – десіп жатты.
Әйгерім менің нан жегенімді жымия бақылап отыр екен. Маған ол үнсіз ыммен «мұғалім, сіз қазір нағыз қазақ болдыңыз» дегендей болды.
Өзінің қолындағы наннан тағы бір үзім жұлып беріп, «Мінеки, тағы бір үзім жеңіз» – деп қояды.
Мен тағы да жүз пайыз қазақы әдіспен нанға май жағып жеп көрсеттім. Барша қыздар бұл ісіме тағы да ду қол шапалақ соқты, күлісіп жатты.
Мен оларға маған бұлайша нанға май жағып жеу ұнамайды деп айта алмадым.
Алайда, олардың мені қазақ баласы деп қарауын қатты қаладым. Әсіресе Әйгерім солай қараса екен деп тіледім. Неге екенін білмеймін.
Соңында баршамыз төсекті жағалай отырып бірге қазақша ән салдық.
Шынжаңның кеші суық болса да, аядай бөлмеге тығылып отырып бірге шай ішіп, ән салып отырғанда ол суықтың еш ызғары бізге сезілген жоқ. Мейлі терезеден ұрған сырттың суығы болмасын, әлде жүрек түбіндегі ызғар болмасын, бәрі де мұндай сәтте адам бойынан ада болады екен.
Әнді олар келістіріп айтады екен:
«Айналайын қарағым хал жақсы ма,
Сала берме көзіңді әр жақсыға.
Сала берсең көзіңді әр жақсыға,
Бәрі жақсы көрінер алғашқыда.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе,
Осы отырған отырыс,
Бір ғанибет емес пе, ай?

Мінген атым астымда құла қасқа,
Шеңбер салдым құдыққа құламасқа.
Әдейі іздеп ауылыңа барғанымда,
Танымаған адамдай тұра қашпа.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе.
Осы отырған отырыс
Бір ғанибет емес пе, ай?»
Қандай керемет ән. Осы әнді естіген бетте мен қазақты еш қайғысы жоқ ел болар деп ойлаймын.
Алайда, барлық нәрсе ән секілді әсем болмайды ғой.
Өмір деген өмір.
Сыныпта екі қиын бала бар еді. олардың үлгерімі тым нашар. Біреуінің аты – Қайсар, екіншісі – Қайрат.
Олар әр күні кеште барып сыра ішіп келеді.
Әйгеріммен бір бөлмедегі қыздарды үнемі асханаға апарып тамақтандыратынмын. Осы сәттерде ол екеуінің үнемі сыра ішіп отырғанын көремін.
Әйгерім менің құлағыма сыбырлап, «Олар жақсы оқушы емес. Мен оларды ұнатпаймын!» – дейді.
Мұны естіп мен жай ғана жымиып қоямын. Олардың жақсы оқушы болу-болмауы маңызды емес.
Бірақ, олардың сыра ішкен түрлері мені қатты ойлантады.
Екеуі бір ауыз сөз айтпайды. Сыраны ашып құмыраның ауызынан ақырын сіміріп қойып отырады. Іше отырып бірде-бір тіл қатпайтыны қызық.
Меніңше бұдан асқан еріккендік жоқ. Дегенмен, олар да бұл қылығын еш доғарған емес.
Бір ауыз сөз айтпай сыраны сіміріп отырғандары отырған.
Қалашықтағы асханалар айқай-шуға толы. Мұсыл-ман асханалары болса да, онда ханзулар үнемі көп жүреді. Шұрылдаған дауыстардың көбісі сол ханзу тілі.
Ал менің көз алдымда ана екеуі үнсіз ғана құмыра-дағы сырасын құшақтап анда-санда бір сіміріп отыр.
Егер қазақ болсаңыз тез байқайсыз. Қазір біздің ұлттан шыққан маскүнемдер өте көп. Мен олардың арақ ішкен-ішпегенін айтайын деп отырған жоқпын, менің санамды солқылдатқан олардың қалай мас болғандығы. Той-томалақ үстінде көп ішіп мас болды ма, жоқ әлде мына екі бала секілді қаланың шуға толы немесе тыныш қалған бір сергелдең бұрышында отырып жападан жалғыз мас болды ма?

* * *

Әйгеріммен көптеген ұмытылмас сәттерді бірге өткіздім.
Бір күні кеште онымен бірге кітап дүкенінен қайтып келе жатқанда ол біраз толғанып тұрып маған қытайшалап:
– Сіз білесіз бе? – деді.
– Нені?
Айтып болмай жатып өзі «мырс» етіп күліп жіберді.
– Сіз қонжыққа ұқсайсыз! Менімен сөйлескенде бейне бір қонжық секілді боп кетесіз.
Мен басымды шайқап күліп қойдым.
Мейлі Бейжіңдік болсын немесе сахаралық болсын, осы қыздар адамға таңғажайып бірдеңелерді айтады.
Дегенмен, бұл таңғажайып қыздың күші де мығым екен.
Бір күні спорт алаңында жүргенбіз. Ол кенеттен маған, – Мұғалім, біз күш сынасып көрейік, – дейді. Мен: – А! Бұлай болмайтын шығар, – деп тартынып қалдым.
Айтып болғанша ол жерге отыра кетіп, ыңғайласып та болды.
Мен амалсыздан отырдым да жымия күліп, алдымдағы мына 14 жасар қызбен білек күрестіруге дайындалдым.
Күшім аз деп айта алмаймын. Дегенмен, оның қолын алып енді күшей бергенде өкініп қалдым. Басып жығарлық қайрат менде жоқ. Ал ол болса түк те асығар емес. Жымиған екі көзі маған қадалып қалыпты. Мен қатты ашуланып қалдым. Қолымды сылқ босата салдым да, бұл шайқасты аяқтадым.
Ол көңілдене күлді.
Сол сәтте мен жан дүниеммен оны жек көріп кеттім. Ол маған қарап:
– Әлсіз күштіге бағынуы шарт – деді. Мен:
– Жарайды, – дедім. Ол орнынан тұрып:
– Сіз маған бойсұнуыңыз керек, – деп тағы айтты. Мен бір күрсініп алдым да тағы:
– Жарайды, – дедім.
Сәлден соң, ол мені шекеме қатты бір шертіп жазалаймын деді.
Мен көзімді жұмып тұрып бұл жазаны қабылда-мақшы болдым.
Алайда жаза орнына мұрныма келіп бірдеме ақырын тиді, иісі мұрынды жарады. Көзімді ашып қарасам Әйгерім қолына бір уыс шөп алып менің бет алдымда бұлғап тұр екен.
Мен мүмкін қателескен шығармын, сол сәтте ол маған ұялып тұрғандай бейне танытты.
– Жусан!
Мен түсінбей біраз тұрып қалдым.
Ол қолындағы шөпті көрсетіп тағы да:
– Жусан, – деді.
Шөпті маған ұсынды. Шындығында, аңқыған иіс тым тамаша да емес, шөптің қою иісі ғана. Кейін келе мен осы иіс мұрныма келе қалса болды қазақ қыздарын есіме алатын болдым. Ханзуша сөздіктен қарап «жусан» сөзінің мағынасын білдім, яғни ханзулар оны «айхао» деп атайды екен. Бұл өзі қарапайым шөптердің бірі емес пе?
Мен бұл шөптің қазақ мәдениетінде қандай мәнге ие екендігін біле алмадым. Тіпті, еш мәнге ие емес болса екен, оның иісі қарапайым шөптің иісіне ұқсайтыны болғаны секілді, ол өзі де тек қарапайым шөп болса екен деп тіледім.
Мен Әйгерімге «түсініксіз бойжеткен» деген ат қойдым. Түсініксіз бойжеткен кейде мені түсініксіз нәрселермен мазалайды. Бұнысы мені қаладан келген деп мазақ қылғаны ма деп қаламын. Дейтұрғанмен, кейде мені еріксіз тебірентеді. Мен Бейжіңде жүргенде де бүйтіп тебіренбегенмін.
Қарапайым өмірде адамның бақыты ұзағынан болады екен. Күндер осылай алмасып жатты. Алайда, бәрі бір-бірін қайталамайды.
Осындай қарапайым күндердің соңы ақыры Түсініксіз бойжеткен маған ғашық болып қалғандығын білдіруімен аяқталды.
Бір күні таң атарда мен кезекшілік бөлмесінің төсегінде жатып ұйқыға кеттім. Бір кезде кенеттен есік қағылды. Орнымнан тұрып шам жақтым. Бейжің уақыты сағат 2-ден енді өтіпті.
Бұл кім болды екен?
Киімімді де дұрыстап кимей жүгіріп барып есік аштым. Қарасам алдымда Әйгерім тұр.
Әдемі күлгін көйлек киіп алыпты. Ең қызығы бетін бояп жасанып алған екен. Тоқтың күңгірттеу жарығында қызарта бояған еріндері көзіме ерекше көрінді. Менің көңілім толқып сала берді, бірақ не күтерімді білмедім.
– Әйгерім, жайша келдің бе, тым кеш қой?
Ол үндемеді. Ештеме айтқысы да келіп тұрған жоқ секілді.
Әйгерімнің күлкісіз жүзін бірінші рет көріп тұрмын.
Ұйқыдан жаңа ғана тұрғандықтан ойымды шоғыр-ландыра алмай тұрмын. Оның осыншама тазарып, әдеміленіп боянғанын алғаш көрдім. Жүрегім кенет «дір» ете қалды. Ол шынымен әдемі екен-ау деген ой сап ете қалды. Бұлайша қалаймақан ойлауға болмайды деп өзімді-өзім тежеп қалдым. Көңілімді орнықтырып алып одан, – Әйгерім, менен көмек қажет болды ма? – деп тағы сұрадым.
Оның жанары кенеттен жасқа толды. Аппақ жүзі өзгеріп сала берді. Қазақшалап тоқтамай көп сөз айтты. Тым тез айтқандықтан мен тіпті түсінбей де қалдым. Сәлден соң қалтасынан бір жапырақ қағаз алып шығып қазақша маған арнап өлең оқи бастады.
Мен абыржыған күйде оған қарап тұрып қалыппын. Ол тағы бірдемелерді айтты. Ал мен ұйқымды аша алмай оған мелшие қарап тұрмын, бейне түс көріп жатқандай. Тек соңында ғана: «Ризалық білдіріңіз?» деген сөзін ғана ұққандай болдым.
Басымды шайқап:
– Түсінбедім, – деп жауап қаттым.
Басын иіп тұрған Әйгерім жасқа толы жанарын ақырын жоғары көтеріп маған қарады.
Мен үнсіз тұрып қалдым. Құлағымда тек оның тыныс алған сыбдыры ғана.
Сосын ол шала-шарпы ханзушасымен маған: – Мұғалім, мен… мен сізге ғашық боп қалдым, – деді.
Мен болсам мұны шындық емес, керісінше түсімде болып жатан хикметтер деп білдім. Есікті қатты жаптым да, аузыма келген сөзді жібере салдым:
– Ештеңені де білмеймін. Ұйқым келіп тұр, ұйықтаймын.
Әрине, бұлай істегенім жарамайды. Дегенмен, менде басқа шара жоқ.
Төсекке келіп қайта жатқанымда қатты сергіп кеттім. Ескірген үйдің төбесіне қарап жатырмын. Шындығында, мен бұл қызға қалай жауап қайтаруды жақсылап ойлануым керек еді. Алайда, ойым еріксізден Бейжіңге ауып кетті.
Бейжің – менің туып-өскен қалам. Бейжің – Тиан-ан мин (хан сарайы алаңы), Гугоң (хан сарайы музейі), Қытай қорғаны, Бейхай (хан саяжайы).
Қыз досымның қолынан жетектеп Шішахайда қалың адам арасында жүргенде өзімді тапқандай болам, бірақ қайта жоғалтып алам. Онымен бірге галлереяға барғанда суреттерді тамашалау орнына оның жүзіне қадалып қала берем. Жазды кештерде Нәнлогу көшесіндегі бір кафенің ең үстіңгі балконына жайғасып отырып оның сыраны тамсана сіміріп отырғанын тамашалаймын. Қысты күні Дитән паркіне тартамыз. Білеу-білеу тамырлары айқасқан алып ағаштар, батқан күннің шексіз әсем шұғыласы, қасыңда жанай ұшып асыр салған сауысқандар, бәрі-бәрі тамашаға толы.
Осындай жерде де кейде жайсыздық болады, менде. Мұндай жайсыздық өзімнің өзгешелігімнен туындап қалып отырады. Бейжіңнің тар көшелерінде кетіп бара жатсам алдымнан апамдай кісі мейірлене күліп тұрып, «Welcome to Сhina!» (Қытайға қош келдіңіз!) – дейді.
Осы «Welcome to Сhina!» жайлы болған істерді қыз досыма айтсам ол сықылықтап күліп жіберді. Мен де бірге күлістім. Дегенмен, бұл іс күлетін іс емес еді.
Кішкене кезімнен басқаларға ұқсамайтынымды ешкім байқамаса екен дейтінмін. Кейде осындай ұқсамаушылық адамға зор қысым тудырады екен.
Ойым он бөлек, санам сан бөлек боп жатырмын.
Мен тек қонақпын ғой. Жарты айдан кейін-ақ бұл қалашықтан кетемін. Қайтып баспасыма бекініп отырмын.
Қалай дегенмен өзгешемін. Ең бастысы Бейжің даму-дың, заманауилықтың, мүмкіншіліктердің символы…
ал бұл қалашықтан оның бір де бірін таппайсың. Дегенмен, Бейжіңде жүріп те мен өзімді сергелдең сезінемін. Бұл жерге еш тәуелді еместеймін. Ал сонда менің мекенім қайда?!
Дос қызыммен ешқашан бірге ұйықтамағанмын. Ал осы түні Әйгерімнің маған сыр айтқанын естіп қыз досымның менімен бірге болғанын қатты қалап кеттім. Өзімнің осал тұсымды танығандай болдым. Сол осалдық жанымның сонау ішкі қатпарында тамыр жайып көктеп өсіп келе жатқандай болды.
Төсекте ұзынымнан түсіп қимылсыз жатырмын. Ұйқыны мүлдем ұмытқанмын. Өзімді-өзім жегідей жеп күйзеліп барамын.
Келесі күні мен Әйгерімнің күлімдеген жүзіне қарап тұрып «Әйгерім, екеумізде көптеген өзгешелік бар, сондықтан біз бірге бола алмаймыз» деп айта алуым шарт.
Осы сөзді аузымнан шығарсам өмірдегі қаншама қастерлі үміт пен сезімді жоғалтқалы тұрмын десеңізші.
Мен ондай батылдыққа бара алмай қиналдым. Тіпті, ондай батылдықтың қажеті де бар ма, сірә?
Терезеден күннің нұры төгілді. Бұл таңның осыншама тез атарын кім ойлаған?!
Келесі күні сабақ алдында мен Әйгерімге жылы жүзбен түсіндіре бастадым: – Мен мұнда екі ай ғана тұруға келдім. Біздің бірге болуымыз мүмкін емес. Сен жақсы қызсың!
Айтып болысымен бәрі де аяқталды деп ойладым.
Алайда, қоңырау соғылысымен сыныпқа кіргенімде Әйгерім жылап жіберді. Оқушылардың барлығы Әйгерімнің не істеп жүргенін білетін секілді. Сынып іші тым-тырыс, ешкім де артық ауыз ештеңе айтпайды. Басым айналып толқып сала бердім. Ішімнен қатты ұятты болғандай сезініп түсімде жүргендей еш шешім таба алмай қиналып, бұлқынып жатырмын. Еріксіз Бейжіңді, Бейжіңдегі қыз досымды еске алдым. Оның келіп мені құтқаруын тілегендей болдым. Әйтсе де, мені неден қорғап, неден сақтайтынын өзім де білмеймін.
Тақта алдында жалғыз өзім қақиып тұрмын. Дәм татуы жоқ сабағымды бастап жіберіппін.
Тақтаға «Уаң фу жиң көшесіне қалай баруға болады?» деген бір сөйлем үлгісін жаздым да: – Уаң фу жиң көшесіне қалай баруға болады? – деп дауыстап оқыдым.
Оқушыларым байсалды отыр. Бәрі мені қайталап барынша дұрыс дыбыстауға тырысады.
Ал мен өкініп тұрмын. Мүмкін бұдан басқа үлгіні ұсынуым керек еді.
Оқушылардың жалаң қатқыл дауысының фоны болып Әйгерімнің сыңсыған жылауы естіліп қалып отырды, сынып іші сол жылауға толғандай. Мен өзімді тежей алмай қатты айқайлап жібердім: – Әйгерім ! Тұр, бар да бұрышқа тұр.
Ол орнынан тұрғанда ғана мен оның кеше түндегі көйлегін әлі ауыстырмағанын байқадым.
Қолымен жасын сүрте жүріп, бұрышқа қарай кетіп бара жатты.
Бұл сабақта Әйгерім жылауын бір доғарған жоқ.
Сабақ аяқталғанда мен оған мұғалім ретінде – Сабағыңды жақсы оқы, босқа жылай берме! Ұқтың ба? – деп ақыл айттым.
Ол әлі жасын сүртіп тұр.
Өксіп қойып, «Бәр-і бір сіз ке-те-ді е-кен-сіз…» – деп сөзін аяқтай алмай қалды.
Кейінгі күндері ол тағы да мені сүйетіндігін айтып артымнан қалмай жүрді. Мен қатты ашуланып кетіп, – Саған не керек өзі? – деп айқайлап жіберетін болым. Менің ашуланғанымды көріп ол да шошиды.
Менің бұлайша сұрақ қойғанымды ол күтпеген болар, тіпті бұл сөзімді сұрақ деп те ойламады білем.
Маған қарап тұрып ақырын ғана, «Мен тек сізді сүйемін» – деп қояды.
Мүмкін, бір пәк жүректі әбден жаралаған шығармын.
– Мұғалім, Әйгерімнің көзі ауырып жатыр! Әйгерімнің көзі ауырады екен! – деп Айдана ентіге жүгіріп келді.
Мен орынымнан атып тұрып сыныпқа жүгіріп бардым, қарасам Әйгерім екі қолымен көзін басып отыр екен. Қолын ашып қарасам екі көзі қып қызыл боп ісіп кетіпті.
Оны арқама көтеріп алдым да қалашықтағы емханаға қарай жүгіре жөнелдім. Ойымда ештеме де жоқ.
Емхана ішінен дезинфектанттың иісі бұрқырап тұр. Әйгерімді дәрігердің қарсы алдына апарып отырғызып едім, дәрігер асықпай отырып заттарын ақтарып құралдарын тауып, оның көзін қарағандай болды да жай ғана. – Ештеңе етпейді, аздап қабыныпты, – деді.
– Қалай ештеңе етпейді? Көзі қызарып ауырып қатты сыздап жатса ол қалай айтқаныңыз? – деп дауыстап қалдым.
– Емі табылады. Бірақ, алдымен көзге тамызатын дәрімен ғана емдей тұрыңдар, – деді дәрігер.
– Неге? – деп сұраған сұрағыма, дәрігер:
– Мен де оның жағдайын ойлап отырмын. Басқа дәрі оған жарамайды, – деді.
– Жарамайды дегеніңіз не?
Дәрігер маған ашуланып қалды білем, басын көтеріп маған қарап:
Бір шөлмегі тоқсан юань тұрады! Мен де оның жағдайын ойлап отырмын. Көзге тамызатын дәрі де жаман емес, тек жазылуы баяу болады демесең, – деді.
Әйгерімге қарап едім, қызарған көзін тайдырып төмен қарап кетті.
Дәрігерге бір қарадым да, қалтамнан жүз юаньдық банкнотты шығарып оның үстелінің үстіне қойдым.
Тістеніп тұрып әр сөзімді анықтап оған:
– Артылғанын қайтармай-ақ қойыңыз – дедім.
Қайтар жолда Әйгерімді тағы көтеріп келдім.
Арқамда келе жатып жай ғана үнмен, «Мен не болсам да енді маған қарамайды екен десем…» деп қояды.
Тіпті бүгін мына әңгімені жазып отырған осы сәтке дейін ол маған өзінің қаншалықты маңызды екенін әлі білмеген болар.
Ол маған бірінші болып күлімдеген қазақ жаны.
Маған көптеген қазақ бауырларым мақтау айтып мені жақсы азамат дегені есімде. Дегенмен, маған әлі еш қазақ баласы Әйгерімнің жымиған күлкісіндей қуаныш сыйлаған емес.
Әйгерім жатақханада демалып біраз жатты.
Оқушылардың бәрі дене шынықтыру сабағында еді. Жатақханада ешкім жоқ екен. Жалғыз өзім барып Әйгерімге амандастым, әрі жол жөнекей дәрі-дәрмек те ала бардым.
Оның көзіне дәрі тамызып жатқанымда ол маған кенеттен:
– Сіз неге мені ұнатпайсыз? – деп сұрақ қойды.
– Бейжіңде менің қыздосым бар, – дедім.
– Ханзу ма? – деді.
Мен езуімді жай тарттым да, басымды изедім.
Біздің қазақ ханзулармен құда-жегжат боп жатпайды ғой, сондықтан басында оған айтпаған едім.
Алайда, құпиямды айтып болған соң қыздосыммен бірге бола алмайтын себебім екеуміздің екі ұлт өкілі екендігімізден емес секілді сезілді. Әлде басқа себеп бар ма?!
Ол біраз ойланып тұрып:
– Ол әдемі ме? – деді.
– Иә, әдемі, – дедім.
– Қалайда, менен әдемі болар? – деді ол.
Мен жауап қайтармадым.
Ол ұзақ бір күрсінді де, «Е… бақытты болыңыздар!» – деді.
Кенеттен менің қолымдағы дәріні өзі алды да, өз көзіне өзі тамыза бастады.
Сені жаман дегенім емес. Мен енді он күннен кейін қайтамын. Сол кеткеннен енді қайтып бұл араға оралмаймын, – дедім. Ол кенет маған тақап келіп:
– Неге қайтып келмеймін дейсіз. Бұл жерде барлығы қазақтар. Бәрі сіздің бауырларыңыз. Біз сізді жақсы көреміз. Ал Бейжіңде сіздің қазақ бауырларыңыз жоқ та шығар, – деді.
Ол жақын келгенде мен әдейі иіс сезімталдығым-мен терең бір тыныс алдым.
Оның өн бойынан бір әдемі хош иіс аңқып тұр. Ханзу қыздарының бойынан мен ешқашан байқамаған бір хош иіс.
Сүттің қою жұпар иісі болар. Ол жастайынан ауылда сиыр сауып өскен. Содан болар. Маған бұл жұпар иіс қатты ұнайды.
Мен қатқыл батыл үнмен, «Жоқ, мен сахараға қайтып келмеймін. Біз бірге бола алмаймыз» деп өз шешімімді білдіргендей болдым.
Бейжіңдегі қыз досымның хал-жағдайы қалай екенін де білмедім.
2008 жылы университетке де түскенмін. Дегенмен, ондағы оқу әдіс-тәсілдеріне мүлдем үйлесе алмай ақыры оқудан қол үздім.
Ханзу тілі мамандығы бойынша оқи бастаған едім. Енді қапастан шыққан бұлбұлдай боп еркін шығармашылықпен шұғылданып жүрмін.
Бір қарағанда мұндай өмір шынымен әсем әрі көңілді секілді. Дегенмен, осы себепті жанұяммен бірге біраз қиыншылықтарды да бастан кештім.
Мен қыз досымды сүйемін, тіпті үйленіп онымен енді қалған өмірімді бірге өткізуге де дайынмын. Бірақ осының бәрін қалай жүзеге асыруды білмеймін.
Ұлты басқа болғандықтан достан, туыстан көп тілеулестік те ала алмаспын.
Ал өзім болсам университет те бітірген жоқпын, күні бойы ешкім сұрап қажет етпейтін нәрселерге мас болып шалқып жүрмін. Келешекте онымен бірге болғанның өзінде оны қалай асыраймын.
Ол өзі бір салмақты бойжеткен, мінезі де ұяңдау. Менің оған деген асау толқынды сезіміме кейде шыдас бермей қалады. Оған ұнайтыны тыныш әрі жай ғана өмір. Онымен бірге болсам кейде рухым қысылып, бойымды кеңге сала алмағандай күй кешем.
Ойға шомып отырып, ол мені Әйгерім секілді сүйсе қандай керемет болар еді деген бір арман келіп жүрегімді шарпыды. Солай бола қалған күннің өзінде ол болмай қалар еді ғой деп тағы қымсынам.
Ал мен асау сезімімді ноқталап, тыныш қана бір ұяң сезіммен оны сүйсем мен де мен болмай қалмаймын ба?

* * *

Бір күні мектепте бір сұхбат болды. Жұмыс берушілер 11-сынып оқушылары арасынан гид болуға жарамды бітірушілерді таңдауды жөн көріпті.
Әйгерім мен Айдананы ертіп алып тыңдауға бардым.
Костюм киіп отырғанымен алдағы үстел басында отырған ханзу қабылдаушы маған бір дөрекі, білермен адам боп көрінді.
– Қандай өнерің бар?
– Ән айтам, би билей алам, домбыра тарта алам.
– Қандай өнерің бар?
– Ән айтам, би билей алам, домбыра тарта алам.
– Қандай өнерің бар?
– Ән айтам, би билей алам, домбыра тарта алам.
Қабылдаушы қабағын түйіп, басын шайқап тұрып:
– Немене, сендер ән айтып, би билеп домбыра тартудан басқа ештеңе білмейсіңдер ме? – деді.
Ешкім үндемей қалды.
Тек қабылдаушының өзі ғана жағдайды жеңілдетуге тырысып өтірік күліп қойып:
– Хе-хе, бұлай жарамайды ғой. Қазақ ұлтының өкілдері тек ән айтып, би билеп домбыра тартудан басқаны білмесе бұл жақсы болмайды, – деді.
Оның жанында отырған мектеп басшылары да оған болысып күле жөнелісті.
Алдыда отырған қалың жұрт ақырын сыбырласып, даурығып кетті.
Қасымда отырған Әйгерім менің иығымнан ақырын қағып:
– Оның бұлай айтқаны көңіліме жаман тиді. Өзімді бейне бір қолынан ештеңе де келмейтін, топас жандай сезініп отырмын.
Айдана да маған шағынып, – Мұғалім, арамызда сіз ханзушаны жақсы білесіз. Оған бұлай айтқызбаңызшы, – деді.
Ақиқатында жаңа сұхбаттан өткен жас қыз-жігіттердің барлығы да сондай саналы, ақылды, терең ойлы жастар еді. Тек тілі жетпей ана ханзу қабылдаушыға өз өнерін паш ете алмай отыр ғой. Сырт көзге бұлар шынымен күні бойы ән айтып, би билеп, домбыра тартатын ойынпаз секілді көрінеді. Ал алдарында отырған мына адамға өздерінің ондай еместігін қалай ғана дәлелдейді, сонда?
Мен орнымнан атып тұрдым. Тұрысыммен не дерімді білмей сасып қалдым…
Қабылдаушы жанында отырған басшылар мен басқа да мұғалімдер барлығы маған көз тікті. Залда отырған оқушылардың барлығы күтіп отырып қалыпты. Олардың барлығы менің ханзуша таза сөйлейтін қазақ екендігімді біледі. Сондықтан бір үмітпен мына қабылдаушыға ақиқатты айтып, өздерін ақтап алуды күткендей.
Көз алдымда оқушылармен бірге отырып нан үзіп жеп шай ішкен сәттерім елестеп қоймады. Олармен бірге ән салып, би билеп өткізген шаттық кездер ойыма орала берді.
Бұрылып қарасам, Әйгерім мен Айдана маған жалынышты жүзбен тесіле қарап отыр екен.
Біздің ұлт тек ән салып, би билеуді ғана білетін ұлт емес. Біз адамдар арасындағы ең пәк сүйіспеншілікті нәзік сезіммен ұғына білетін жандармыз. Шындығында басқа халықпен иық теңестіру үшін осының өзі-ақ жеткілікті. Осы сәтте алдымызда отырған «басшы» маған жымия қарап:
– Ал, оқушы жігіт, сенің не айтарың бар? – деді. Мен ақырын тағы да Әйгерімге қарадым.
Өзімнің қалай өршеленіп кеткенімді білмей қалдым. Сұқ саусағымды манағы бастық сымаққа қадап айқайлап жібердім:
– Енеңді ұрайын! Сен бірдеме білем деп тұрмысың?!
Залда отырған балалар бұл ханзуша айтылған сөздің мағынасын түсінген секілді. Барлығы күнәсіз жүздерімен маған аңырып қарап қалыпты.
Әйгерім маған қарап тұр, жүзі тебіреніс пен алғысқа толы көрінді.
Мен басымды жай ғана изедім де жұтынып алып, тағы айтып қалдым:
– Сен тіпті ән айтып, би де билей алмайсың ғой!
Айтып болысыммен залда сәл ғана тыныштық орнады да, кенет ду қол шапалақ үні бұрқ ете қалды. Жұрттың бәрі алда отырған бастықсымаққа қарап қойып күбір-сыбыр дау айтып жатыр.
Әйгерім көптен бері күлмеп еді, енді қарасам қатты қуанып күліп отыр екен.
Өмірімде батылым барып мұндай іс істеп көрмеген едім. Есімді жиып алдым да Әйгерім мен Айдананы жетектей сыртқа сытылдым.
Шынымды айтсам, менің ондай сөздерді айтуым дұрыс болды дей алмаймын. Ол қабылдаушы шындығында біздің ұлтты танып білмеген адам ғой. Ойында еш жамандық жоқ та шығар. Оны түсінуге тырыстым. Ал өз айтқаныма келер болсақ, менікі тек ашу шығару ғана. Менің көңілімде тек белгісіз бір күйзеліс қана бар. Қазақтың жас қыз-жігіттерімен бірге осыншама қуанышты сәттерді бірге өткізіп, олардың оқуға деген талпынысы мен ынтасын көріп білдім. Оларды бұлайша бағалауға болмайды. Әсіресе, бір ұлттың бір топ уәкілі ретінде оларға мұндай баға үлкен қиянат болмақ.
Алайда, сол сәтте, біздің ұлтты әлі танып біліп үлгірмеген сырт адамға мұның бәрін түсіндіріп жату тым қиын еді.
Мектептен кетуіме бес күн қалған. Сондықтан, мектеп басшылары да менің айыбымды бетіме баспады, қудаламады. Келген басшыларға 11-ші сыныптың тентек оқушысы, енді аз уақытта мектептен де кетеді деп қана құтылыпты. Ертесі күні сыныпқа кіргенімде оқушылардың бәрі бұл істен хабардар болған екен. Есіктен кірер кірмесімнен ду қол шапалақ үні естілді. Мені қазақтың батыры қылып алыпты.
Шынымды айтсам, іштей қатты мазасыздандым. Қазақ ұлы халық қой. Алайда басқалар біздің рухымыз бен руханиятымызды танып біле алмайды. Мұндайда олар бізді қайдан ұқсын? Қазақты білмегендіктен де бізді тек ән айтып, би билей алатын ғана халық деп қарайды. Әрине, мұнда біздің де зор айыбымыз бар.
Ең бастысы біз өзіміздің ең құнды қасиеттерімізді тани білуіміз керек, әрі соны қарекет етерлік қабілеттерге ұштастыра білуіміз қажет деп білем. Өзімізді басқаларға танытып қоймай, сол барыста өзімізге тән құндылықтарды да жарата білуіміз қажет. Егер бұны теріс деп білсек онда мына заманнан, мына қоғамнан оқшау қаламыз. Соңында жұрт біздің қасиеттерімізден көз жазады. Тіпті, өз-өзімізге айтарлық уәж де таппай қалуымыз мүмкін.
Мен салмақты ой тастап оқушыларыма: «Бұнда тұрған дәнеңе де жоқ. Біз өзіміз талпынуымыз керек. Әне, олар біздің ұлтты танып отырған жоқ. Себеп неде? Себебі біз өзімізді оларға таныта білмедік» деп қоямын.
Біраз кідіріп тұрдым да, тағы да: «Егер басқа жұрттар бізді ән айтып, би билей алатын халық деп мақтай берсе онда біздің біткеніміз сол. Сендердің әрқайсысың соншама саналы, ақылды жансыңдар. Болашақта бір бір тұлға боласыңдар. Олар енді бізге бұлай қарамайтын болсын».
Осы сөзді айтып болғанда балалардың тынышталып қалғанын байқадым. Бағанадан бергі тыныштыққа енді жанарларының тұңғиық нұрлары мен көңілдерінің тынған теңіздей боп басылғаны қосылған екен.
Сынып іші тым-тырыс.
Мен сөзімді әрмен қарай жалғастырдым: «Менің айтайын дегенім, ол да ханзу ұлтына бір өзі уәкілдік ете алмайды. Мысалы, Айдана, сенің бұрынғы директорың өте жақсы адам болды емес пе?! Мен де бала кезімнен Бейжіңде өстім. Достарым түгелдей ханзу ұлтынан болды. Біз өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Мен көптеген білімді солардан үйрендім. Сендер де өмірлеріңде жақсы ханзуларды кездестірген боларсыңдар?»
Сынып ішін бір шолып өттім. Балалардың көбі ақырын ғана басын изеді. Тек бірнешеуі ғана жүздері мүсіндей боп тапжылмай маған қарап отыр.
Қайсар мен Қайрат солардың қатарында.
Көпшілік оқушылар менің әлгі «Енеңді ұрайын! Сен бірдеме білем деп тұрмысың?!» деген сөзімді жаттап алыпты. Олар менің сол кезде қаншама батыл мінез көрсеткенімді бірге суреттейді. Ал әлгі «жаман неменің» қалай сасып қалғаны тіпті қызық. Кейбіреуінің айтқаны тіпті таңғажайып. Әлгі «жаман неменің» аяғы дірілдеп, самайынан тер сорғалап кетіпті-мыс. Тағы біреулері аңыз да жасап алыпты: Әлгі «жаман неме» тіпті, «енді қазақтарға басы артық сөз айтпаймын» депті. Сөйтіп, «енді қазақтарға басы артық сөз айтпаймын» деген аңыз бірден-бірге тарап жайылып кетті. Кейде үйіліп отырып алып, соны көп айтысады. Біреу бір айтады, екіншісі тағы айтады.
Бұның бәрі қып қызыл өтірік емес пе?
Ал мен бұл сөзді айтқаныма қатты өкіндім.
Бір күні Әйгерімнің сөзіне жайлап құлақ түріп көрдім. Ол да әлгі жаман бастық сол сөздерді естігенде сақалына шейін дірілдеп кетті, сөйтіп, мен батылдық пен азаматтықтың үлгісіне айналып шыға келгенім туралы айта берді. Оның сөздеріне көпке дейін күліп жүрдім.
Әйгерімнің бұл айтқандары маған біздің ұлттың кейбір тұсы шынымен әлсіздеу болғанымен өзіне тән сондай бір сүйкімділігі де барын ұқтырғандай болды.
Оқушылар осы істен кейін ханзулармен араз боп кете ме деп қорқып едім. Дегенмен, барлығы бала көңілмен оны көп өтпей-ақ ұмытып та кетті.
Мен кетуге екі күн қалғанда мектеп басшылығы барлық оқушыларды жинап алып рухани тәрбие жиынын өткізді. Бұл рухани тәрбие жиналысы үшін мектепте бір күн сабақ тоқтатылды.
Жиында мектеп болып екі оқушыны сынға алды. Олар сабақ оқымайды, тіпті мектепте қыз-жігіт боп ерте махаббаттасқан. Оның – бірі біздің сыныптағы Қайсар. Қайсар мен басқа сыныптың бір қыз оқушысы алаңның ортасына тұрғызылды. Айналадағы оқушы, мұғалімдердің бәрі екеуіне тесіле қарайды. Сонымен мектеп басшылары желпіне, «Біз қазақтар нашар халықтардан болмауымыз керек!» десіп жатты.
Оқушылардың біреулері төмен қарайды, біреу-лерінің жүзі сұрғылт тартып үндемей тұр.
Сонымен басшыларымыз сөзін әрмен қарай жалғастырады: «Кейбіреулеріңіз әке-шешелеріңізге өкпелейсіздер, тағы біреулеріңіз жағдай жоқтығын айтып налисыздар. Дегенмен, бұның бәрін өзгертуге тек бір-ақ нәрсе көмегін тигізе алады. Ол – сендердің оқуға деген қажыр-қайраттарың. Ата-аналарың сендерге ақша беріп оқы десе сендер мектепке келіп махаббаттасасыңдар! Бұлай қайтып олардың үмітін ақтайсыңдар, а?!»
Менің тағатым таусылғандай болды. Бұларды айтқаны да жөн-ау. Балалар жақсы оқуға мінддетті де. Дегенмен, менің санамда қазақ деген ұлт еркін өскен тау қыраны секілді еді. Мұндай бұғаулы ойды бірден қабылдай да қоймас-ау деймін.
Ойға шомып тұрғанымда маған тесіле қарап тұрған Әйгерімді көзім шалды. Осы кезде мектеп басшысының «араларыңда махаббаттасқандар тағы бар ма? Өздерің келіп мойындасаңдар жаза жеңіл болады» деген дауысы тағы естілді.
Әйгерім маған сезімге толы жанарын қадап тұрып қулана бір жымиып қойды. Мен қабағымды түйіп, қолыммен ымдап «қой» деген белгі еттім. Сосын саусағымды ерніме тигізім үн шығарма деп тағы белгі бердім. Менің алаңдаған түрімді көріп Әйгерім жай бір күрсінді де күліп жіберді.
Кейін Әйгерімнен «сол сәтте не ойлаған ойың бар еді?» деп сұрадым.
Ол өзін әшкерелегісі келгенін айтты.
Басшыларға: «Мен Бейжіңнен келген мұғалімге ғашық болдым, бірақ ол мені ұнатпады» деп айтқысы келіпті.
– Неге? – деп сұрадым.
Егер осылай істегенде менімен бірге бола алар ма екен деген үміті болғандығын айтты. Екеуміз барлық оқушылар мен мұғалімдер алдында тұрсақ, баршасы бізге қарап тұрса өзін бақытты сезінетіндігін айтты.
Екі күннен кейін мен кетемін. Енді мүмкін өмір бақи кездесе алмайтын осы бір бойжеткенге қарап қатты бір қимас сезім жүрегімді шарпиды. Оның өне бойынан аңқыған сүттің хош иісі мұрныма келгенде осы иіс оған қана тән екендігін сеземін.
Мен таңдана:
– Әйгерім, шыныңды айтшы, неге мені жақсы көріп қалдың? – деп сұрадым.
– Себебі, сіз қонжық секілдісіз, – деп жауап қатты, ол.
– Жөніңді айт, – деп қабақ түйемін.
– Себебі – Кафка, – деді ол.
Кафка? Кафка дейсің бе? Неге себебі Кафка? Сен оны білмейсің ғой?
– Сіз маған айтып берген жоқсыз ба? Сіз маған адам еркін болу керек, демократияшыл болу керек деп айтып бердіңіз.
– Онда сен ненің «демократия» екендігін білесің бе?
– Жоқ, білмеймін.
– Онда неге менің айтқан қайдағы-жайдағы сөздеріме бола мені жақсы көріп қалдың?
Кенеттен Әйгерім менің құшағыма құлай кетті.
Ол ерке үнмен: – Себебі, маған бұларды ешкім айтып көрмеген. Кафканың нендей бәле екенін білмеймін. Бірақ мен білетінім маған мұндай әңгімелерді ешкім де ешқашан айтпаған еді, – деп былдырлады.
Мен оның сүмбіл шашынан ақырын ғана сипап қойдым.
Әйгерім біраз тұрды да, – Мен келешекте жақсы оқып, көптеген кітап оқып Кафканың кім екенін білетін боламын, – деп уәде етті.
Мен оның құлағына тақап барып ақырын ғана, – Бір күні сен Кафканың кім екендігін, қандай ой айтқандығын білетін боласың. Бір күні бәрін танитын боласың, – деп сыбырладым.
Әйгерім басын менің кеудеме ақырын ғана сүйеп тұрды, мен де оны жеңіл құшақтап тұрмын. Сол сәтте ол тағы сол әнге салды:
«Мінген атым астымда құла қасқа,
Шеңбер салдым құдыққа құламасқа.
Әдейі іздеп ауылыңа барғанымда,
Танымаған адамдай тұра қашпа.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе.
Осы отырған отырыс
Бір ғанибет емес пе, ай?»
Қоштасар сәтте, бұл әннің жеткізген сыры мен сыны тіптен ашыла түскендей болды.
Әйгерім кеткен соң мен жалғыз өзім төсекке шалқамнан түсіп жаттым да төбеге қадалып ұйқысыз түнді өткердім.
Әлі есімде, Әйгерімдей 14 жас кезім еді. Мен де бір қызға ғашық болғанмын. Ақын еді, дәстүрлі үлгіде керемет өлеңдер жаза білетін. Өзі де сондай бір поэзия секілді тамылжыған ару еді. Қытайдың дәстүрлі классикалық өнерінен нәр алған тамаша ару болатын.
Біз бірге көп әңгімелесетінбіз. Біртіндеп оған ғашық боп қалдым, әрі өз сезімімді де білдірдім. Әлі бала болғандықтан айтқанымның бәрі балалықтың сөзі еді. Оны сүйетіндігімді айтып, келешекте онымен үйленемін деп те қойдым.
Ол болса, сол сәтте менің албырттығымнан сескеніп те қалған. Мені жақсы көреді деп ойлап жүрдім, өз өзімді бір жақсы жігіт қатарынан да көруші едім. Бірақ ол соңында ақыры маған келіспейтіндігін айтты. Менің албырт сезімім лапылдаған жалынды от боп көрініп, оны үрейлендіреді екен.
Сол жылдары мені бұл жайт көп күйзелткен еді.
Енді міне төсекте жатып бәрін еске алып байыппен ой жүгірттім. Сол кездегі менің сүю тәсілім дәл Әйгерімдікі секілді болыпты-ау. Олай сүю тек менің мінезіме ғана тән деп ойлаушы едім. Ал енді Әйгерімнің маған деген сезімін байқап мен кенеттен бәрін түсінгендей болдым. Мүмкін, бұлай сүю бір ұлтқа бүтіндей тән шығар.
Дегенмен, бес жыл шамасындай уақыт өткеннен кейін, 19 жасымда мен сол бойжеткен маған көрсеткен мінезін Әйгерімге көрсеттім. Оның сүюі тым албырт, тым байламсыз, тіпті тағатсыз еді.
Бұл сезімді теріске шығарсам өзімді теріске шығарған болмаймын ба?
Қасымда бірге жүрген көп достарым маған шынайы өмірге жақын болуға шақырады. Ал, шынайы өмір деген не? Баршасы маған ақылгөйсіп: «Сенің сүюің тым албырт, бейне лапылдаған от секілді. Ешкім де өйтіп сүймейді», – дейді.
Мүмкін менің бұлайша сүюім менің қазақ баласы болғанымнан шығар?
Қазақтар ұшақ ойлап тауып, көкке самғап, теңізге кеме жібермедік. Дей тұрғанмен, бойымызды кернеген бір шынайылық қашан да бізбен бірге жүреді. Бізде таусылмас бір сезім бар. Бұл сезім асқақ та емес, бәсең де емес. Сен оған бір уыс топырақ бер, ол онда жамырай жайылады, көктеп өседі. Мінеки, ол осындай бір сүйіспеншілік.
Бұл бір шынайы сүйіспеншілік.
Мен кезінде адамға осы бір шынайы сүйіспеншіліктің өзі жетерлік, бұдан асқан шынайлықтың не керегі бар деп ойлаушы едім.
Мен әлі де сондай сенімдемін.
Ой жетегінде кетіп өзімнің қалай сырқаттанып қалғанымды білмей де қалыппын.
Дене қызуым 39,5℃ болыпты. Ессіз жатып Әйгерімнің атын атап, шақыра беріппін. Осы уақытқа дейін өзімнің қандай аурумен ауырғанымды білмедім. Дегенмен, дене қызуым көтеріліп саусақтарым да қатты талып ауырғанын білемін.
Талықсып жатып Әйгерімнің төсегімнің жанына келгенін сездім. Оның жұпар иісі кеудемдегі бос жатқан бір олқылықтың орнын толтырғандай болды. Сырқаттанып жатып оның жүзінің менен соншалықты алыстап кеткенін байқағандай бодым. Тек күлгін көйлегі ғана көз алдымда желбіреп елестей береді.
Шаршап жатып-ақ көңілдегі бір арманым орындалғандай болды, алайда дәл осы себептен шаршағыным одан ары үдегендей болды.
Көзім жұмулы. Әйгерімнің жылағанын құлағым шалды. Біресе ол қасымда емес секілді боп та көрінеді.
– Мұғалім, мұғалім, қай жеріңіз ауырып тұр?
– Қызып тұрмын, саусақтарым да сырқырап шыдатпай тұр.
Үй іші сәл тынышталып еді, кенет біреудің сыртқа жүгіріп шыққан дыбысы естілді.
Бес-алты минуттан кейін қайта кірді.
Әйгерім төсегімнің жанына келіп отырды да: – Мұғалім, мұндай ауру сахарада үнемі болып тұрады. Оған қазақ емінен асқан ем-дом таппайсыз. Менде сол емдік дәрілер бар еді, мен сізге жағып берейін. Сіз бір түн тыныш жатып ұйықтасаңыз қолыңыз да ауырмайтын болады, қызуыңыз да басылады, – деді.
Есімді анық білмеймін, тек ақырын ғана басымды изеген екенмін.
Сонан соң оның қолымды ұстағанын сездім. Қыз қолының ойылған жерлері алақаныма анық сезілді. Алайда осы қатқыл жарғақтар менің көңіліме бір ғажайып тыныштық орнатқандай болды.
Ол тағы бір қолымен менің тырнақтарыма дәрісін жағып жатты.
Жаға отырып, – Қорықпа! Шыдай түс, аз ғана қалды. Асықпа, қорықпа! Бір ұйықтап тұрсаңыз бәрі жақсы болады, – деп мені жұбатады.
Бейне анасы сырқаттанған баласын жұбатып жатқандай болды.
Сол сәтте көзімнен ыстық жас еріксіз ытқып шықты. Мен өзімнің қателескенімді білдім. Осы жылдардан бері мен бір істе қателесіп келетін сияқтымын. Бірақ нақты не? Өзім де білмеймін.
Кенет оның қолын қатты қысып қалдым. Кететін мен емес, қайта ол секілді. Басбармағыммен оның жарылып қатайған қолының сыртын ақырын сипалап қоям, кейде қай уақтан бері пайда болғаны белгісіз, қолының ойылған жерлеріне барып тиісіп кетем. Бірдемені іздегендеймін.
Ол да осы сәтте жылап жіберді.
Мен күңгірт бір халде жатып оған, – Мынау сенің қолың ба? – деп қалдым.
Ол жауап қатпады. Мен де жауап күтпеген едім.
Оның қолдарын ұстап жатып бұл бойжеткенге өзімнің қаншалықты өзгеше екендігімді байқадым.
Енді кенет өзімнің қателігімді танығандай болдым: осы бір өзгешелікті байқамай немесе мойындамай жүр екенмін-ау, мен. Бұл өзгешелікті енді мойындадым, ал мойындаған сәтте еш өзгешелік жоқ секілді болады.
Қалай дегенмен де Бейжіңдік акцентпен ханзуша сөйлейтін қазақ баласымын ғой.
Менің қолым мәңгі осылай нәп-нәзік, бейне әйел затының қолы секілді. Ал қазаққа тән қайратты қол менде жоқ.
Мен дала қазақтарынан өзгешемін. Онда менің де бір ауылым бар дер едім, алайда мен ол ауылға қайта алмаймын. Мені осы іс күйзелтеді. Өзімді тастанды баладай сезінемін. Енді білдім, өзгешелік қолда тұрған жоқ екен.
Әйгерім екеуміздің қолымыз ұқсамайды. Дегенмен, бұл өзгешелік менің қолымда ойылған жер жоқ, ал оныкінде бар дегенде емес, біріміздің қолымыз біріміздікін қыса ала ма дегенде тұр.
Бұндағы айтар ой соншалық күрделі де емес. Оны кітаптан қарап тапқан емеспін: Тек қазақтың қолын қысып көрсеңіз сонда ғана қазақтың кім екенін, өзіңнің кім екеніңді, мекенің қайда екенін білесің.
Біраз жыласып алдық. Бірақ екеуміз де, бір біріміздің не себепті күйзеліп отырғандығымызды білмейміз.
Енді есіме түсті, қалада жүріп жыламағалы көп болған екен. Айрылысар сәтте де, жеңілгенде де, жалғызсырағанда да, күйзелгенде де мен жылаған емеспін. Қалада жүргенімде мен соншалық батыл ма едім? Әлде көз жасы мен жан жарасын көрсету қалада өрескелдіктің бейнесі ме? Әркім өзінің көз жасы мен жан жарасын жасыруға тырысады, махаббаты мен қарғысына бірдей тізгін салады. Метроның ішінде түрлерін байсалды ұстап бейне рухсыз бір күйде отырып, қолындағы түрлі ойыншығымен әлек болады. Тек «түсетін жолаушылар дайын болыңыздар» деген хабарландыруды естіген сәтте ғана еріксіз есік жаққа сығылысады. Есіктен шығады да қалың нөпір арасында ғайып болады…
Мен шаршағанымнан тағы ұйқыға кеттім.
Оянсам Әйгерім төсегімнің жанында күлімсіреп отыр екен.
Саусақтарымның ауырғаны шынымен басылыпты, басымның қызуы да қайтып қалған екен. Қолыма енді қарап едім, шошып қалдым. Тырнағымды күлгін реңге әсемдеп бояп тастапты. Жылтырап көздің жауын алады.
Енді оянып болған іске таңырқай қарап отырмын. Ал Әйгерім болса сықылықтап күле жөнелді.
– Сенің айтқан қазақы ем-домың сонда тырнақ бояғыш май ма?
– Мен мұны көп ақшаға сатып алдым. Қарамайсыз ба, ауырғаны басылды емес пе?
Ғажап! Шынымен ауырмайды. Ол сөзін жалғастырып: «Мен бұл майды жаққанымда ішімнен мұғалімнің сырқаты тезірек жазылып кетсін, тезірек жазылып кетсін!» деп тілеп отырдым. Міне, шын жазылып кетіпті, – деді.
Оған қарап жай ғана басымды изедім.
Қайтар уақытым таяды.
Үнемі қалашықта жалғыз сенделемін. Кешкі шапақта бұл қала сондай әсем сырға бөленеді. Адамдары да соншалық жайбарақат жүреді.
Бұл қаланы қалам ұшында көбірек суреттейін-ақ деймін, себебі ол да бір күні бүгінінен айырылар. Ағаштардың әйтеуір бір күні кесілетіні секілді. Алайда көп толғанып отырғанмен жазуға бара алмадым.
Жол жүрер алдында Айданамен «Хай мырзаның асханасында» болдым. Одан бұрын өзі жұмыс істеген ресторанға қайтып барасың ба деп сұрағанымда ол өзінің әлі бір шешімге келмегенін айтты. Мен оның келешекте өте тамаша жан болатынына сенімділік білдірдім. Ол бұл ойыма да еш пікір білдіре алмады. Айдана көбінде томаға-тұйық жүретін. Оған алаңдаушылық танытып бұлай бола берсе ханзушаны жақсы үйреніп барған күннің өзінде де бәрі сәтті бола қоймайтындығын айтайын деп оқталдым. Бірақ айтуға дәтім бармады.
Жасымыз енді жиырмаға жақындады. Бүгінгі күн қалай болса да ертеңіміз нұрлы болатынына сенімдімін. Әр адам қазақ әніндегі келешекке деген сеніммен өмір сүру керек деп білемін.
Мен Хай мырзаға қош айттым. Ол кісі таңданған түрде менен қайда баратынымды сұрады. Мен оған Бейжіңнен келгенімді айттым.
Қарт мырза қолындағы газетін қойып орнынан тұрды да, менің қолымнан ұстап тұрып, «– Балам, қайда жүрсеңде жақсы оқы. Жолың болсын деп тілеймін. Кейін елімізді көркейту үшін тер төгетін боласың» – деді.
Бейжіңде маған біреу мұндай сөз айтса оны қалжыңдап тұр деп қабылдаушы едім.
Ал мына шашын қырау басқан Хай мырза меніңше Шыңжаңға ең алғаш келген коммунисттік қоғам құрлысшылар қатарынан болса керек. Оның әр сөзінен шындықты аңғаруға болады. Өзінің ашып отырған мына кішкене асханасы іспетті шынайы.
Кеште бірге отырып соңғы нанды үзіп жеп, шай іштік.
Оқушылар маған тағы да сол әнді айтып берді.
«Айналайын қарағым хал жақсы ма,
Сала берме көзіңді әр жақсыға.
Сала берсең көзіңді әр жақсыға,
Бәрі жақсы көрінер алғашқыда.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе,
Осы отырған отырыс,
Бір ғанибет емес пе, ай?».
Тіпті қоштасар күннің өзінде де, біздің әңгімеміз таусылар емес.
Әйгерім аяғын ұяла басып менің бөлмеме кіріп келді. Бұл менің мұндағы соңғы түнім еді.
Бір бірімізге ұзақ қарап тұрмыз. Бірақ, айтар ештеңеміз де жоқ.
Мен одан:
– Кейін қайда боласың? – деп сұрағанымда, ол:
– Осы сахарада қаламын, – деді.
– Сахара дейсің бе? – деп күбірледім. Содан әрі ұзақ үнсіздік жалғасты.
– Өткенде ауырғаныңыздың себебі менің тентек-тігімнен болды ма? – деп өз өзін кінәлағандай болды ол.
– Әй, ақымақ болма. Мен өзімнің бостығымнан ауырдым, – деп жұбатып қойдым.
Оның жүзіне қарап тұрып қалдым. Ол шынында да бір әдемі бойжеткен. Тек өмір оны нәзіктіктен айырғандай көрінді.
Көз алдыма оның сиыр сауып отырған бейнесі елестеп кетті. Менің жүрегімнің түкпірінде бұдан асқан көркем бейне жоқ та шығар-ау, сірә. Ал бұны білсе ол қуана ма екен, білмеймін.
Кенет бір толқын сезім бойымды билеп әкетті. Оған, – Әйгерім, мені құшақтасаң бола ма? Кешір, сені сүймесем де… Мен ертең қайтамын. Сен мені құшақтай аласың ба? – дедім.
Мүмкін менің өтінішім орынсыз болған шығар. Сонда да ол мені өз құшағына алды.
Өзімді оның мұғалімі екендігімді ұмыттым, тіпті бұл маған ғашық болған қыз екенін де ұмыттым. Мен денемді бүрсите оның құшағында тұрып оның өне бойынан аңқыған сүттің жұпар иісін құшырлана иіскедім кеп.
Бұл жұпар иіс мен үшін қандай қымбат екенін енді байқадым. Бейжіңде зәулім үйлер, қайшыласқан көшелер бар. Ал мұндай жеңіл ғана сүттің хош иісін ешқайдан таппайсыз.
Мен Әйгерімге қарап, – Білесің бе, менің ойыма бірдеңе келіп тұр, – дедім.
– Қандай ой?
– Келешекте мен шығарма жазамын. Сен жайлы жазамын. Қазақ жастарымен бірге нан жеп, шай ішкенімді жазамын. Біздің ұлттың мына әлемге деген ең пәк, әрі ең терең сүйіспеншілігін жазмын. Басқалар бізді шынайы түсінсін деп жазамын.
Ол тебірене басын изеді.
Өз басым 14 жасар қыздың құшағында тұрып өз арманымды осылай баяндаймын деп ойламаппын. Дегенмен, мұндай дос алдында нені айтсаң да қысылмай айта алады екенсің.
– Аз уақыттан соң Бейжіңге жетесіз. Қыз досыңызды көресіз. Көңілді шығарсыз?
Басымды изедім де, қайта шайқадым. Сосын ойда жоқ сөз айттым:
– Білесің бе? Мен Бейжіңде жүрсем күннен мезі болам, – дедім.
– Неге? Неге күнді ұнатпайсыз?
– Себебі күн шыға қалса тағы бір қарбаластыққа толы мазасыз күн басталады деген сөз. Кейде күн ешқашан шықпаса екен деп тілеймін.
– Олай айтпаңыз. Біз қазақ халқы күнді сүйеміз. Біз күнді сүюіміз керек.
Айтып болды да, ол менің екі қолымды қысып-қысып қойды. Ол бұл сөздерді айтқанда баладай бейілденіп кетті. Мүмкін осындай балалық пейілмен біздің қазақ күнді сүйетін шығар.
– Иә, бір күні ханзу достарым менің шығармамды оқығанда біздің ұлтты шынайы түсінетін болады. Олар сахараға тек таза ауа мен суретке түсу үшін ғана келмейді, – деп барып тоқтадым. Оның көзіне тесіле қарап тұрып, тағы, – Олар сахараға келіп біз секілді күнді де сүйюді үйренетін болады –дедім.
Бұл сөздерді айтып болып өзімді шектен тыс шаршағандай сезіндім. Әйгерімнің құшағында, оның бойындағы сүттің жұпар иісін құшып тұрып ұйқыға кеттім.
Мені құшақтаған күйі Әйгерім де үндемей тұрып қалды.
Ол сүйетін жігіт өзіне осыншама дөрекілік істеп тұр, тіпті аз ғана мейірі де жоқ.
Әбден қайтар күн тақағанда ғана оны өз құшағына алып тұр. Бейне бір сәбиді әлдилегендей.
Ал жігіт тып-тыныш қана құшақта мызғымай қалғып кеткен. Бейне ешқайда кетпейтіндей, сол құшақта мәңгі қалардай…
Мен ауызымды дүрдитіп жатып ұйқыға кетіппін де ештеңені де сезбей қалыппын.
Ол маған мейірлене ұзақ қарап тұрыпты. Өзінің сүйген жігіті, осы бір сәби секілді балаң жігіт ертең-ақ өзін тастап алысқа кетеді.
Оның құшағындағы – өз жігіті. Өзіне ғана тән ханзадасы.
Тіпті, ең соңғы сәтке дейін болса да, мен оны 14 жасар, махаббаттан басы айналып жүрген жас қыз деп қараған емеспін. Қайта оны бүкіл бір ұлттың бейнесіндей елестемін.
Мүмкін бұл мен үшін трагедия болар.
Бұл жас жігіт, өзі кітапқұмар, білімпаз.
Мен кейде оның үрейі неге сонша басым деп таңғалып та қалам? Бұл құшақтасу оған жұбату бола алар ма? Оны өзгерте алар ма? Ал бұның бәрі не үшін?
Бәрін де қойдық. Бұл соңғы құшу, бұл осы кішкене қалашықтағы соңғы түн.
Біздің Әйгерім өзінің сүйген жігітін құшып ұйқыға кетті.
Өмірде бәрі сәтті бола бермес. Дегенмен, олардың бәрі ең пәк, әрі сүйкімді жандар. Адам пәк, әрі сүйкімді болса түбі бақытты болады…
Айырылысатын сәт ақыры келді. Сыныптағы бар оқушым мені қалашықтағы автобекетке келіп шығарып салды.
Көлік орнынан қозғалмастан қыз оқушыларым жылай бастады.
Әйгерім бәрін бастап еңіреп жылап тұр…
Айдана менің қолымнан жабысып: – Бұрын ешкім бізге сіз секілді ақыл айтып көрмеген еді, – дейді.
Мен олардың жүздеріне аңырып тұрып қалдым. Мұғалімнің міндеті оқушыларына ақыл айту емегенде немене? Білмеймін. Осы уақытқа дейін оларға нендей ақыл айтып үлгерді екем?!
Көзге түспеу үшін қалашықта жүргенде қарапайым киімдерді киіп жүрдім. Тек кетерде ғана сапалы қымбат киімдерімді ауыстырып алдым.
Өз киіміме қарап тұрмын.
Осы киім киісіммен-ақ олардан соншалық алыс екенімді сезіндім.
Автобус келген соң мен бірден билет алдым да ішіне жайғастым.
Көлік ішіндегі толып отырған жолаушылар сыртта жылап тұрған оқушыларды көріп таң-тамаша болысты. Терезеден сыртқа үңіліп жергілікті акцентпен, «Қарашы, мына балалар өзі қызық екен. Не болған өздеріне? Сонша жылағаны несі?» – десіп жатты.
Бұрын көнелеу киіммен жүргенімде жұрт мен жайлы не десе де елемеуші едім.
Бірақ енді осыншама адам мені көздерінің ұшымен бағып, күбір-сыбыр сөйлеп, өздерінше тұжырым жасайды.
Мен тартыншақтап, – Мен олардың қаладан келген мұғалімі едім… балалар ғой, көңілге алмаңыздар, – деп қойдым.
Барлығы маған қарайды, ал мен теріс бұрылып отырып алдым.
Сыртта оқушыларым шулап жатыр:
– Мұғалім, сау болыңыз!
– Мұғалім, сау болыңыз!»
– Мұғалім, бізді ұмытып кетпеңіз!»
Бәрі жылап жатыр. Түгелдей қолдарын бұлғайды. Бажайлап қарасам, Қайсар мен Қайрат та жылап тұр екен. Маған онша ұнамаған балалардың жылап тұрғаны менің жүрегімді жібітіп жіберді.
Мен тағы да теріс айналдым да жүргізушіге: – Жүргізуші, тездетіңіз, кеттік! – дедім. Жүргізуші бұндайды көрмесе керек, аңырып тұрып қалыпты.
Мен тағы: «Жүргізуші! Қане, жүрейік!» деп айқай салдым:
Жүргізуші енді ғана есін жиғандай боп, көлікті ақырын қозғалта бастады. Мен терезеден басымды шығардым.
Балалардың бәрі автобусқа жүгіріп еріп келеді екен.
Жүгіріп келе жатып: «Мұғалім! Қалай да тағы келіңізші!» деп жалынғандай болады.
Жүгірген топтың ішінде Әйгерім жоқ.
Өзінің күлгін көйлегін киіп әдеміленіп жасанып келген ол екі қолымен бетін басып жылап тұр. Оның даусы болса бірден таныр едім. Алайда ол маған әлі «сау болыңыз» деген бір ауыз қоштасу айтқан жоқ.
Тек жалғыз өзі шарасыздықтан жылап тұр. Маған таныс Әйгерім әдетте жылағанда дауыстап өкіріп жылаушы еді. Ал бұл қоштасарда үнсіз жылауда.
Күлгін көйлектің көлеңкесі көз ұшында ғайып болған сәтте мен де сол балалар секілді өкіріп жылағым келді.
Ал көліктегілердің бәрі менен көзін алар емес.
Мен италиялық танымал маркалы киімімді киіп алғанмын. Сөйлесем бейжіңдік акцентім білініп тұр.
Өз-өзіме дауыстап, «Е! Балалар емес пе? Әлі істің жөнін білмейді ғой!» – деп қойдым.
Кетерде бір уыс жусан ала кетем бе деп ойлап едім, ұмытып кетіппін.
Жол бойы автобус сахараны ендей өтіп зымырап барады. Анда-санда терезеде ақбоз киіз үйлер жалт беріп көрініп ғайып болып қалып жатыр.

***
Бейжіңге қайтып барғаннан кейін қазақ ұлтының өкілі ретінде аз ұлт жазушылар конференциясына қатыстым.
Конференцияда жиналған қауымның талқылағаны аз ұлттар өмірін қалай жанды да әсем суреттеп жазу болды.
Тақырып шынымен өзекті болды, дегенмен, мен белгісіз бір мұңда болдым.
Әйгерім, сені қалай жазсам толық суреттей алармын? Осыны ойлап өзімнің күлкілі жағдайда отырғанымды байқаймын.
* * *
Ақыры қыз досыммен де кездестім. Оған бір қуыршақ түйе сыйладым. Үрімжіде жүргенде өзім таңдап сатып алғамын. Дегенмен, оған онша ұнамаған сияқты. Оның себебін мен біле алмадым. Қалалықтардың нені шынайы ұнататынын біліп болмайсыз.
– Балалар сүйкімді ме екен?
– «М, иә. Мен сол жақтан келген бала емеспін бе?
Ол менен ол жақтағы бойжеткендер әдемі бола ма екен деп сұрады. Мен Әйгерім жайлы айтып бердім. Сонша құлақ қойып тыңдағанымен оның бұл істерге мүлдем қызықпайтынын байқадым.
Мен кенет оның қолынан ұстай алып:
– Айтпақшы, сенен сұрайын деп едім. Сен Шыңжаң жайлы не білесің? –дедім.
– Ән, би, домбыра…
– Одан басқа ше?
– Одан басқа, сен барсың – деп сыңғырлай күлді.
Ол менің жұбанған қабағымды байқағандай болды да, мені аяғандай боп, – Не болды? Ренжіттім бе? – деді. Осы орайды пайдаланып өз ұлтым жайлы айтып берейін деп ойладым да кенет ештеңе болмағандай, – Не болды? Ештеңе. Бәрі жақсы, – дей салдым.
Ол ойына бірдеңе оралғандай боп:
– Иә, айтпақшы. Сендердің қыздарың мойынын қозғалтып билейді емес пе? – деді.
Мен біраз ойланып қалдым да:
– Ол біздің би емес, ұйғырлардың биі, – дедім.
Ол таңданғандай боп маған қарады да:
– Әй, қойшы. Қазағың не, ұйғырың не, бәрі бірдей емес пе? Бәрібір сол жақтың биі ғой, – деді.
Мен үндемей басымды ғана изедім.
Бұл оның қателігі емес. Мәселенің мән-жайы мұнда: бұл қалада адамдар ұлт деген ұғымға қатысы жоқ өмір сүруде.
Ол қымбат жасану бұйымдарын пайдаланады, оның көйлегі де Әйгерімнің көйлегінен әдемі.
Әйгерімді ойласам, қазақты ойласам шарасыз сергелдең күй кешемін.
Қыз досымды одан бетер қаттырақ қыса құшақтап тұрып сүйіп-сүйіп алдым.
Енді оған жақындай бергенде күткенімдей мұрныма сүттің хош иісі емес, француз иіссуының ащы иісі келді.
Мен оны сүйемін. Ол сондай бір саналы, салмақты қыз. Дегенмен, бұл мені қатты шаршатады. Біздің бірге бір кофехана ашамыз деген арманымыз бар еді.
Дегенмен, әлі жасым 19-да университетте оқымаймын, бар болғаны мән-мағынасыз әңгімелер, жырлар жазып зорға күнелтемін.
Гүлзар маңындағы орындыққа отырып алып үнемі келешекте ашамыз деген кофехананы қалай жобалау жайлы көп айтысатынбыз. Айтып болып, екеуміз де үндемей қалушы едік. Мүмкін жастықтың желігі де шығар. Әйтсе де, жастығыңда бұлай арман қумасаң өміріңнің сәні не болмақ? Ел аралап, жеп-ішіп, ойнап күлумен өткерген өмір қуыс кеуделікке апарып соқтырады ғой. Ондай өмірден де қызық таппайсың.
Әйгерім жайлы үнемі ойланып жүретін болдым. Неге онымен болғанымда бәрі сондай қарапайым боп кетеді?
Қыз досым демалыс кезінде қосымша курстарға барып жүр. Сондықтан, Бейжің көшесінде үнемі жалғыз сенделуді таптым. Байқасам бәрі мен қиялдағандай жақсы емес екен. 789-шы өнер қалашығы толған жасанды сұлулық. Барлығы өзінше тәкаппарланған немесе жас бойжеткендерді алдауға ғана жарамды. Нәнлогу көшелерінде сатылып жатқан қолөнер бұйымдары индустрия желісінде топтастырылып өндірілген бұйымдар. Сәні болғанымен барлығының құны төмен, мәні аз.
Сөйтіп жүріп бір күні алғашқы махаббатымды да кездестірдім.
Онымен кездескенде алғаш айтқан әңгімем – Шыңжаңда жүріп ашық аспаннан жұлдыздарды тамашалағаным болды. Ол тыныш қана тыңдағаннан басқа еш реакция білдірген жоқ. Шындығында жұлдызды аспанды өзің барып тамашаламасаң басқаның әңгімелегені түк әсер етпейді ғой.
Енді ғана екінші курста оқып жүрсе де, ол ағылшын тілін өздігінен үйрене бастапты. Келешекте Америкаға барып оқуын жалғастырмақшы екен.
Мен бұрын оны ерекше жаратылған бір жан деп қараушы едім, енді бақсам ол да мына қоғамның бір сынығына айналып қалған екен.
Бар адам жанұшыра алға ұмтылған мына заманда өмірдің өзі жобаланып жоспарланып қойылғандай көрінеді. Егер аз ғана салғырттық жасасаң көрсеткішке жетпей қалатындай халде жүреміз. Тіпті махаббат, үйлену секілді нәрселер де сол жоба, жоспардың бір бөлегіне айналған.
Ол махаббат жайлы еш ойланбайтынын айта келіп, «27-28 жасқа жеткенде әке-шешесінің араласуымен бір арқа сүйер адам тауып тұрмыстанып кетсем болды» деді. Біраз нәрсе айтайын деп тұрдым да тоқтап қалдым. Қарап тұрсаң барлығы солай емес пе?
Алдымдағы мына бойжеткенді кезінде құшқан едім, сүйген едім. Енді оның айтқанына қарап тұрсам махаббат пен үй болудың өзін жоспарға айналдырып жіберіп отыр. Сүйіспеншіліктің өзіне қатысы шамалы дейді. Мүмкін бұл да қалыпты құбылыс шығар. Дегенмен, мен шексіз таңдануда қалдым. Мен сонда да:
– Махаббатқа мүлде сенбейсің бе? – деп сұрадым
– Шамалы сенемін, – деді ол.
Әрине, мынадай қалада мұндай сөзге түсіністікпен қарау керек.
Дегенмен, ол өзінің бала кезінде кесілген сол ағаштарды әлі де қимайтынын айтады. Құдай-ау, он жылдан аса уақыт болды. Жер-әлем одан бері сан құбылды емес пе? Қимайтын енді несі бар?
Тек сол ағаштарды ғана қия алмаймын дейді. Мен түсінгендей болдым.
Екеуміз де ұзақ үнсіз тұрып қалдық. Мен оған Әйгерім туралы айттым.
Ол маған: «Әйгерім мен менің ұлтым – менің жасыл ағаштарым» дейді. Мен түсіне қоймадым, түсіндіруді сұрамадым. Менен «не ойлап отырсың?» деп сұрайды.
«Қалалықтар мұндай ойға бармауы қажет, себебі бұл адамды шаршатқаннан басқа түк те бермейді» дедім. Ол: «Адамда бір мақсат болуы қажет» дейді. Сол мақсатқа жеткен күні өзіңді бірден тауып алатын боласың-мыс.
– Неге «бірден»?
– Иә, бұл енді дәл мақсатыңа жеткен сәтте ғана болатындықтан ғой.
Шындығында бұлардың бәрінің ұлтқа түк те қатысы жоқ. Мысалы, мен де, басқа да қала тұрғындары секілді осында өмір сүріп жатырмын. Біз ұлтсыз өмір сүріп жатқан тобырмыз. Кафка айтқандай біз қоңызға айналғанбыз. Бір күні өмірді түсінген сәтте қайтадан адам кейпіне енерміз. Әлі жаспыз, бір күні өзімізді бірден тауып алған кезде, қайтадан адам болып шыға келеміз.
Осынша бейнетпен өмір сүріп жатуымыздың мақсаты сол адам қалпына келу емес пе?
Ол дұрыс айтады. Дегенмен, оның неге махаббат жайлы ойламаймын, әйтеуір бір күні үйленіп кетсем болды дегенінің байыбына бара алмадым.
Оның қимайтыны ағаштар емес, себебі, ағаштан айырылу ештеңенің белгісі емес қой.
Туыла салып біз бәрінен айырыла бастаймыз.
Ойлай келе мен бәрін түсінгендей болдым. Қала өмірінде көз алдыңды қанша анық көрсең, сонша адаса бастайды екенсің.
Енді сол баяғы маған ағаштың қалай кесіліп қалай құлағанын айта беретін сол бір бойжеткенді қатты сағынатын болдым. Ал көз алдымдағы мына ақыл айтқыш қыздан безіп кеткім бар.
Егер ол бір күні өзін бірден таба алатынына сенімді болса неге өз өзінен алыстай береді.

* * *
Қыз досыммен ақыры айырылысып кеттім. Соңы осылай болатынына бұрын-ақ көзім жеткен, дегенмен, сонда да қатты мұң кештім.
Ол маған: – Кофехана жайлы армандарымыз тым асқақ боп кетті. Оны жүзеге асыру тек сенің ғана қолыңнан келеді, – дейді.
– Сен керемет жігітсің, бірақ мен сен іздеген жан емеспін.
– Сені есімде мәңгі сақтаймын. Сен жақсы жансың!
Осы сөздерді айтқанда менің ойыма келген жалғыз-ақ нәрсе оны бас салып құшақтап ешқайда да жібермеу еді.
Ақыры кетті. Жалғыз қалдым. Десе де, ол тіпті кетпеген күннің өзінде мен баяғыдан жалғыз емес пе едім?
Ол барда оны құшып өзімнің барлығымды сезінетінмін. Енді ол да кетті, мен өзімді жоғалтып алғандай боламын.
Оның айтқанының бәрі шындық. Дегенмен, оның тағы бір айта алмай кеткен шындығы бар. Ол мені енді қайтып сүймейді. Оның мені қашаннан бері сүймей қалғанын білмедім. Мүмкін ол мені басынан-ақ сүймеген шығар?
Оны құшақтап жібермей-ақ қояйын деймін. Алайда тек күліп тұрып, «Қош, сау бол!» деуден басқа қолымнан ештеңе келген жоқ.
Оның күлкісі қандай, шіркін. Маған: «Сен бірден есейіп кеттің. Нағыз азамат болдың» – дейді.
Бұлай есею өзімді бірден тауып алуыма көмегін тигізе ме, жоқ па білмедім.
Алғашқы махабаттымды іздеп едім, ол жалғасты білім алуға дайындалып әбігер болып жүр екен. Басқа достарымның жағдайы да шамалы солай.
Енді байқадым, жастайымнан өскен қалада менің арқа сүйер бір досым жоқ екен-ау.
Қыз досыммен айырылысып кеткеннен кейін күнде Әйгерімді ойлайтын болдым. Метроға отырдым да 13-ші желінің бас бекетінен соңғы бекетіне дейін бардым. Тапжылмай отырып вагонға кірген-шыққан жолаушыларды бағамын. Мен бейне жоғалған затқа іздеу салған жарнама іспетті ешкімнің де көзіне ілікпеймін. Ешкім сұрап білмейді. Осылайша метроның бас бекеті мен соңғы бекеті аралығында толассыз сан қайтара жүріп өттім.

* * *

Бейжің жазының түні еді. Жалғыз өзім үйден шықтым да көше жаққа беттедім. Seven-eleven супермаркетінен екі дайын Онигири (жапон тамағы, күріштен жасалады) алдым да жүре жей бастадым. Жолда ешкімнің қарасы көрінбейді. Дегенмен, біреу қуып келе жатқандай боп қолымдағы асымды обып келем.
Түннің осы бір тұңғиығында адасып кеткім келеді. Алайда өзімді өзім жоғалтып алудан қорқамын. Өзімді сүйгім келеді, әрі сонша бір қорлап, жерлеп алғым да келеді. Бірақ, бәрібір ештеңе де істей алмадым. Ештеңе де істей алмай Бейжіңнің түнгі көшесінде сенделіп әлі келемін, мен пақыр. «ба? Тіпті сол пақырлыққа да жарамаймын-ау. Бәрі де бос, бос күйде Бейжіңнің көшесінде келемін. Әредікте мас болып шалиып жатқан бір-екі шетелдікті байқаймын. Осыншама алысқа мастық іздеп келмеген шығар-ау, сірә. Неге бүйтті екен?
«Енеңді ұрайын!». Көпірдің астында жападан жалғыз тұрып боқтықты жібердім кеп. Бұдан басқа білер боқтығым болсашы. Жым-жырт түнде боқтайын десең, боқтайтын кісі де таппайсың. Әйгерім менің мына түрімді елестете ала ма екен? Осылай болғанына өзім де таң тамашамын.
Бейжің мені бауырына баспай ма деп қатты алаңдаушы едім. Енді ойласам бәрі бос алаңдаушылық екен.
Бұл қала ешкімді бауырына басып көрген емес, ешкімді де сыртқа тепкен жоқ.
Сөйтсем, мен бір жүрген жетесіз екенмін.
Сабақ бергенде, «Уаң фу жиң көшесіне қалай барамын?» деп үйретемін. Олар тіпті өмір бойы ол көшеге аяқ баспас. Олардың бұл сөйлемді қайталағандағы шаттанған жүзін елестетсем болды, өзімнің нағыз жетесіз екенімді түсінемін.
Әйгерімге демократия жайлы, Кафка жайлы көп айттым. Бұл оған не пайда береді?
Оған демократияның, еркіндіктің қажеті қанша? Оның өмірінің еркін болғаны соншалық ол өзі сүйген жігітінің қасында қалуын ғана тілейтін. Алайда оның жігітінің қолынан бұл келмеді.
Әйгерім, сенің жұпар сүт иісің бар. Мен үшін ол әйел затының ең бағалы иісі болса да, менің өмір бойы ұмыта алмайтын ләззатым болса да, мен сенің жаныңда қала алмадым.
Мен қорықтым. Өзімнің сонша қорқақ екенімді бірінші рет байқадым.
Басқалардың маған қарап, «Welcome to, Сhina» дегенінен қорықтым.
Өзімнің басқаларға ұқсамай қалуымнан қорықтым. Мүмкін ұқсамағандық емес, қайта қала өміріндегі белгілі бір мән-мағынасыздықтан болса керек.
Басқалардың менен безуінен қорқамын. Мына аспанмен тірескен зәулім үйлер ішінде жүрсем өз ұлтым менен безгендей болады. Енді бір күні мына қала да менен безсе не боламын? Ақылға мүлдем қонымсыз шығар. Бірақ мен бәрібір қатты үрейленемін.
– Кешір, Әйгерім. Мен осындай бір жетесіз екенмін.
Қыз досымды қиялдап кеткенде ол сен секілді мені өз құшағына алсашы, маған сен берген әсем сәт пен жұбанышты ол да сыйласашы деп тілеймін.
Алайда мұның бірі де болған жоқ.
Ол маған тек «сен жақсы жансың» деген бір ауыз сөз қалтырды да кете барды.
Айдана қанша еңбекқор делік, жарайды. Оның жеткен жетістігі сол бір үздік даяшы деген атақ қана емес пе? Одан басқа қандай арман болар дейсің? Оның армандағаны сол басқалар секілді ханзуша сөйлей алса, азғана білімді болса болды емес пе?
Қайсар мен Қайрат ше? «Төңіректеріңде жақсы ханзу азаматтары бар шығар?» – деген сұраққа олар басын да изеген жоқ. Кішкене асханада тамақтанғанда да, олар ханзуша сөйлеп отырған қалың жастың арасында тіс жарып бір ауыз сөз айтқан жоқ. Олардың өмірі бастан-аяқ осындай үнсіз секілді. Айналадағы жандардың не деп жатқанын ешқашан біле алмайды.
Ал сонда қалалықтар жетесіз емес деймісіз?
Қалалықтар үнемі арақашықтық сақтап жүреді. Мен достарымды қазақ бауырларым секілді құшақтайын десем, олар, «Үй! Бауырым, мені жыныстастардан деп ойлап қалдың ба. Аралық сақта, аралық» – деп ат тонын ала қашады. Басқаны құшақтап та көрмеген адам бақытты болады деп ойлайсыз ба?
Менің бір досым менің әңгімемді естіп болып, «Жетесіз болмау деген сонда немене? Айдана Бейжің университетіне түсіп оқыды делік, онда тұрған не бар? Бақытты бола ала ма? Әйгерімнің саған қолы жетті делік, сонда ол да жетелі болды дейміз бе? Бәрі де сол баяғы қалпында емес пе?» – деп айтып еді. Дәл солай сияқты.
Бәрімізді де сондай бір жетесіздік шырмап алған.
Тағы сүйетін қызым болса деп армандаймын. Онымен бірге Бейжіңде өмір сүрсем. Ол қызымның өн-бойынан сүттің иісі аңқып тұрар ма екен? Әйгерім, ол саған тартатын бола ма, жоқ әлде менің қыз досым секілді боп өсе ме? Ол сүйіспеншілік дегеннің не екенін түсіне ала ма?
Бұдан былайғы өмірде менің Токио секілді қайнаған қалада, Париж секілді романтика мекенінде немесе Лондондай классика отанында іздерім қалар. Ал сол баяғы кішкене қалашыққа енді қайтып баруым неғайбыл.
Әйгерім, сен де бір күні тұрмысқа шығарсың. Мүмкін, ауылдың бір малшы жігітіне. Ол маскүнем болмаса екен. Ол сені аяп күйінер ме екен? Сен ұзатылып бара жатқаныңда мені есіңе алармысың? Өз құшағыңда бір түн әлдилеген сол бейжіңдік жігітті қайтып ойлайсың ба?
Мен қазақпын. Мен де сені сүйемін. Бұл бар шындығым. Алайда, Әйгерім, біздің өмір міне, осындай екен. Ол сенің сүйген жігітіңнің құшағыңнан сытылып ұшып Бейжің асатынына еш күйінбейді екен. Бәрі бұлай болмауға тиіс еді.
Бір күні біздің ұлт та қала жағалайтын болады. Немесе қалалықтар секілді икемсіз бір тұрмыста ауылдарда топтасады.
Әйгерім, бір күні сенің де немере қызың иіс суының жұпарын аңқытып тұратын болар.
Сол кезде сен мені түсіне бастарсың. Болмаса мені одан бетер түсінбей кетерсің!
Таңғы сағат төрт мезгілі. CBD офистары иін тірескен коммерциялық аудан. Бұнда жұмыста жүрген ешкім де жоқ. Бейжіңнің ең сәнді деп саналатын бұрышы бұл сәтте тым-тырыс күйге енген. Осы бір тыныштықта әйел дауысының өкіріп жылағаны құлағыма шалынғандай болды. Дауыс жаққа қарай бет алдым. Бақсам форма киген бір тап-тұйнақтай бойжеткен ұзын орындықта өкіріп отыр екен. Өзі сондай бір әдемі жаратылыс.
Басын төмен салып алыпты. Шашы өксіген сайын денесімен бірге сілкінеді. Енді ғана бір қарапайым ақиқатты түсінгендей болдым: Бейжіңде де бақытсыз қыздар бар екен-ау. Айналып келгенде бәрі өмірдің істегені ғой. Ал өмір деген – өмір. Мейлі күлгін көйлек киейік, форма киейік, жұпыны киейік, италиялық марканы киейік, бәрібір күйзеліс пен жетесіздік сезімінен құтыла алмайды екенбіз.
Қағаз сүлгіні оған ұсынғанымда ол маған қарап жымия күлді. Тәйір-ай! Қалалықтар өкіріп жылап отырса да осынша тәтті күлкісін жоғалтпайды. Оңай емес-ау!
Оны жұбатайын деп ойладым. Алайда оның енді жылай қоймайтынын көріп лезде тайып тұрдым.
Көмек қажет болған адамдар көмек бергісі келіп тұрған жандарға осынша теріс мінез көрсетіп ырықсыз күйде қалдыратын заман туған ба?
Әлде, көмек қолын созғысы келіп тұрған адам кеткеннен кейін ғана оның көңілі жай таба ма?
Ал көмектесуші кетіп қалса тағы өзін біреу лақтырып кеткендей сезінеді. Жалғыздық оны жегідей жеп тағы біреудің келіп өзін жұбатуын күтеді…
Ары қарай талдамай-ақ қояйын. Таң атып, күн де шығайын деп қалыпты. Жол үстіндегі жүргіншілерге арналған аспалы көпірде тұрып қазақша ән салдым:
«Айналайын қарағым хал жақсы ма,
Сала берме көзіңді әр жақсыға.
Сала берсең көзіңді әр жақсыға,
Бәрі жақсы көрінер алғашқыда.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе,
Осы отырған отырыс,
Бір ғанибет емес пе, ай?

Мінген атым астымда құла қасқа,
Шеңбер салдым құдыққа құламасқа.
Әдейі іздеп ауылыңа барғанымда,
Танымаған адамдай тұра қашпа.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе.
Осы отырған отырыс
Бір ғанибет емес пе, ай?»
Күн де шықты.
Бәрі жым-жырт. Мына тыныштықта бұл қала тіпті Бейжіңге ұқсамай да қалды.
Әйгерім, сенің сүйген жігітің сенің жаныңда қала алмады. Сахараның перзенті қайнаған қала өмірін мәңгі түсінбейді. Менің тұңғыш махабатым өмір жайлы көп біліп ойына түйіпті, алайда ойдан кетпес сол кесілген ағаш оның мәңгі жүрек жарасына айналған екен. Ал ханзу қыз досым қашан да күлімсіреп жүреді. Табысса да, қайта айырылса да, бірақ ешқашан бақытты болған емес…
Мұның бәрі адамды қатты түңілтеді.
Мен мүмкін сенің ойындағы Кафка болармын немесе болмаспын. Нағыз жазушы қандай болатынын білмеймін.
Бірақ білетін бір нәрсем бар: қандай жетістікке жетсем де мен бір жетесізбін. Себебі, мен сенен айырылып қалдым. Біз бір бірімізден айырылып қалдық.
Осының өзі қандай жетесіздік екенін білесің бе?
Әйгерім, саған ешқашан тіс жарып айта алмағаныма өкініштімін.
Мен сені шынайы сүйемін. Себебі, сен маған жылулықты сезіндірдің, әр уақыт өзімді жетесіз сезінсем де, сол жылулық мені мәңгі жебейді.
Жетесіздіктен мен саған ғашықпын.
Жетесіздіктен мен сенен кетіп қалдым.
Оттай жарқыраған күнге қарап мен қазақтардың неге оны сүйетінін білгендеймін.
Күнге қарап біз бәріміз өзімізді жетесіз сезінерміз.
Бойымды қазақ халық әнінің толқыны тағы кернеді.
Мен енді түсіндім:
Біздің жетесіз болатын түкте жөніміз жоқ. Ал жетесіз болмасқа тағы шарасызбыз.

Ағылшын тілінен тәржімалаған жас аудармашы – Бибол ӘЛІПБАЙҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дің түлегі

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *