Қазақ қалай өзгерді?.. немесе Ресей империясының Оңтүстік Қазақстанды отарлауы Қазақ қалай өзгерді?.. немесе Ресей империясының Оңтүстік Қазақстанды отарлауы
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, тарихшы Отаршылар Түркістан өлкесіндегі ең ірі екі этнос — қазақ пен сарттың1(өзбектермен шатастырмаңыз)  арасына  от жағып оты­руды да ұмытпады. Жергілікті үкіметтің үнсіз... Қазақ қалай өзгерді?.. немесе Ресей империясының Оңтүстік Қазақстанды отарлауы

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, тарихшы

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы

Отаршылар Түркістан өлкесіндегі ең ірі екі этнос — қазақ пен сарттың1(өзбектермен шатастырмаңыз)  арасына  от жағып оты­руды да ұмытпады. Жергілікті үкіметтің үнсіз қолдауымен «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, дала қазағының орыс қаруының күшімен  жуасығанын пайдаланып,  «жұмыртқадан жүн қырқатын» сарттар үлкен жолдардың бойындағы  бұлақтардың басынан керуен бекеттерін тұрғыза бастады. «Алғашында, даланың еркін ұлы қырғыз  (қазақ-Ө.Ш. ) бұдан қауіптене қоймады. Қайта жауын-шашында пана болып, қыстың боранды күндерінде түйесі мен аттарына жем алып тұруға жақсы болды деп қуанысты» – деп жазады 1891-93 жылдары Ташкент пен Верный қала­ларының арасынан бірнеше рет жүріп өткен орыс шенеунігі және зерттеушісі И.И. Гейер. …«Келер көктемде, әлгі сарт  керуен сарайдың айналасына тал-терек отырғызып, жоңышқа мен бау-бақша егіп, жазға салым сарайдың айналасын балшық дуалмен қоршайды. Ал, қазақтың ойында әлі дәнеме жоқ, жаңа пайда болған тату көршісімен бұлақ суын бірге пайдалана береді. Тағы біраз жыл өтеді, баяғы жалғыз керуен сарайдың айналасында басқа да керуен сарайлар салынып, баяғы шағын бұлақ басында қышлақ пайда болады. Күндердің күнінде, қазақтар өз арығынан бір тамшы да су таппай қалады. Ештеңеге түсінбеген қырғыз, салып ұрып сарт қыстағына барса, – бәрі заңды. Бұлақ та, одан шығатын су да сарттікі – қолында жергілікті орыс өкіметі берген  құжаты бар. Бұдан кейін  қырғызға  амал жоқ, басқа қоныс іздеуге тура келеді» (И.И.Гейер. «По русским селениям Сырдаринской области», (Письма с дороги) «Туркестанские ведо­мости» басылымы, Ташкент,1893 ж.).

Неизвестный объект
Сарт пен қазақтың өзара алакөз болуы патша үкіметі үшін өте тиімді екені айтпаса да түсінікті.
1896 ж. 2-желтоқсанда Ішкі істер министрлігінің құрамында «Қоныстандыру бас­қармасы» құрылды. Басқарманың қыз­меті – қазақ жерін зерттеп, оның көлемі мен ауданын, тұрғылықты халқының орналасу тәртібі мен құрамын, құнарлығы мен шұрайлылығын, егіншілік пен мал шаруашылығының қайсысына қолайлы, қысқасы, осы сауалдарға жан-жақты жауап алатындай егжей-тегжейін түгел қарастырды. Ал, Әндіжан көтерілісінен (1898 ж.)  кейін патша үкіметі  «орыс адамының қаны» төгілген жер мемлекетке сұраусыз алынады деп жариялады. Капиталистік қатынастардың  дамуы  XIX-ғ. соңында дүниежүзілік нарықта мақта талшығына деген сұранысты арттырды. Осыған байланысты патша шенеунігі А.В.Кривошейн: «Ресейде мақта өсетін жер өте аз…ал, мақтаның құны өте жоғары. Сондықтан, Түркістанда астық өсіру экономикалық тұрғыда үлкен қателік болар еді. Бұл өлке қымбат та болса  ішкі Ресейде өндірілген астықты тұтынып, барлық егістік жерге мақта егілуі тиіс» дейді. Бірақ, қанша қажырлы болса да келімсектер, машақаты көп  мақта өсіруден бас тартты.  Мақта өндірушілерге арналған несиелерді өкімет, амалсыз сарттар мен тәжіктерге бере бастады. Ол уақытта қазақтың мақта екпейтіні айтпаса да түсінікті. Ресейде 1900ж.  орын алған экономикалық дағдарыс, Корей түбегіндегі Порт-Артурда (28.01.1904 ж.) құйтақандай аралдарды мекендейтін жапондардан «оңбай таяқ жеген» Ресей халқының өз билеушілеріне деген «қара қазандай өкпесі», 1905-1906 жылдардағы аштық  Ресей үкіметінің басшысы П.А. Столыпинді аграрлық реформа аясында, «жаңа игерілген жерлерге» орыс-украин шаруаларын қоныстандыру бағытында көптеген шараларды жеделдете іске асыруға итермеледі.
П.А. Столыпиннің айтуы бойынша Ресей өкіметі «бейшаралар мен маскүнемдікке салынғандарға емес, әлділерге арқа сүйеуі қажет» болды. «Мықты жеке меншік иесін» жасау бағыты негізінен деревня орташаларының қатарын көбейтіп, ұсақ жеке меншік иелерін жермен қамтамасыз ету саясаты арқылы іске асырылды. Ал, шаруаларға бөліп бере қоятындай ішкі Ресейде бос жер жоқ. Патша өкіметі Ресейдің отар аймақтарында келімсектер үшін «бұратаналардың» қауымдық жерлерін ашық тартып ала бастады. Келімсектерге үй салу мен шаруашылық құралдарын алу үшін  көрсетілетін қаржылай көмек көлемін ұлғайтты. Ал, кедергі келтіруге әрекет жасаған «бұратаналардың» құны сұраусыз, яғни, кез-келген келімсек оларды атып тастай салуға құқылы болды. Осылайша, 1906 ж. 9 қарашадағы патша жарлығы бойынша жүргізілген аграрлық реформа қазақ халқының тағдырына тағы бір «соққы» беріп, олардың көпшілігін тағы да тау-тасқа, шөл-шөлейтке ығыстырды.
Сырдария қоныс аудару ауданы Басқармасына «Ұзын» (Қазіргі ОҚО, Төлеби ауд., «Ұзынарық ауылы-Ө.Ш.)  арығының бойындағы 1000 десятинаға жуық суармалы жерінің мемлекет қорына заңсыз алынғаны туралы Шымкент уезі Сайрамсу болыстығының шаңырақ иесі (түпнұсқада – юртовладелец) Жәнібек Жаназаровтың  6 шаңырақ  атынан жазған шағымына басқарма меңгерушісі Сахаров дегеннің 1912 ж. 16 ақпанда қайтарған жауабы төмендегідей болған: «Шағым иесінің шағымдануына еш негіз жоқ. Уақытша Комиссияның 1911 ж. 27 қарашасындағы шешімімен Қаратас болыстығының №61 қауымы мен Сайрамсу болыстығының №63 қауымы VI-ауылының жерлері есебінен құрылған «Успеновское» (қазіргі Төлеби ауданы Қоғалы ауылы-Ө.Ш.) участогіне берілген жер —  біріншіден, 1000 десятина емес, бар болғаны – 617,04 десятина, екіншіден, Жаназаровқа «Мыңбайыр» жотасының оңтүстік қия-беткейіндегі (түпнұсқада – склон) белгіленген нормадан әлдеқайда артық – суарылмаса да шөбі қалың шығатын құнарлы – 4996,98 десятина жері қалдырылды. Оның үстіне, шағым иесіне өзге 6 шаңырақ иелерінің берген сенім қағазы да жоқ».
1906 ж. өлкенің байлығын Ресейге тасу үшін екі бағыттан бастап, құрылысы  жоғары қарқынмен жүргізілген  Орынбор-Ташкент темір жолының пайдалануға берілуі  келімсектердің санын арттыра түсті. Халықтан алынатын алым-салық мөлшері де тым ауыр еді. Әр шаңырақтан 3 сом көлемінде алынатын «шаңырақ салығынан» басқа,  болыс басқармаларын, хатшылар мен шабармандарды ұстауға, жол-көпірлерді жөндеуге, егістік көлеміне байланысты «танап» салығы, түскен өнім көлемінен «хараджы», сауда жасағаны үшін «зекет» деген секілді алым-салықтар болды. Оның үстіне, мөлшерін  болыс басқармалары белгілейтін «қара шығын» деп аталатын қоғамдық қажеттілік пен қайырымдылық шаралары үшін алынатын алымдарды қосыңыз.
XIX ғ. соңы мен XX ғ. басында Түркістан өлкесінде шығып тұрған басылымдардағы орыс зерттеушілерінің  мақалаларынан Ресейдің қазақ жеріне мәңгілікке орнығуды көздегенін және жергілікті отаршыл үкіметтің келімсектерге қандай көңіл бөлгенін байқауға болады.
Түркістан генерал-губернаторы қыз­метінде 1-ақ жыл істеп қызметімен қош айтысқан П.И.Мищенконың орнына келген А.В.Самсоновтың (1909-1913 ж.ж,) тапсырмасымен қоныстандыру жұмыстарының барысын тексеру үшін өлкені аралап шыққан генерал-лейтенант Романовскийдің есебі.
Түркістан генерал-губернаторына
1909 ж. 3 шілде
Үстіміздегі жылдың маусым айының 21 мен 28 жұлдыздары арасында ескі почта жолы арқылы Ташкенттен Шымкентке, сосын Александров жотасының етегіне жаңадан орналасып жатқан поселкелерді аралап шығып, көргендерім:
Шымкент қаласында:
а) Почта-телеграф кеңсесі. Дабыл­датқыш (сигнализация. – ауд.Ө.Ш.) пен күзет ойдағыдай, терезелердегі тор — темірден.
б) Қазынашылықтағы (казначейство) қаражат сомасы тексерілді. Дабылдатқыш пен күзет қанағаттанарлық, терезелердегі тор – темірден. Дабыл қаққанымызда, басқалары тапсырмада болғандықтан, айдауыл топтың (конвойная команда) төменгі шендегі 2-ақ сарбазы келді.Бұрын атқыштар ротасына сарбаздар шақырылатын, бірақ, әскери басшылықтың пәрменімен, ол тоқтатылған. Жаз айларында айдауыл топ ылғи тапсырмада болатындықтан, атқыштар ротасына сарбаз шақыруды жаңғырту керек деп есептеймін.
в) Қалалық емхана – 5 орынға лайық­талған (1 сырқат жатыр), күндіз 12 адам ем қабылдай алады. Емхана қараусыз, жөн­делуі өте нашар, әсіресе фельдшердің бөлмесі қатты тозған, аула қоқысқа толы, ешкім жинамайтыны көрініп тұр. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тазалық сақтауға бұйрық бердім.
г) Әйелдер училищесі. Тазалық пен тәртіп өте жақсы. Ташкентте өтетін ауыл шаруашылығы көрмесі үшін оқушы қыздардың қолынан шыққан қолөнер жұмыстары өте жоғары деңгейде жасал­ған.
д) Шіркеу саябағы мен питомник өте ауқымды және аса зор қамқорлықпен кү­тіледі.
е) Шикі кірпіштен соғылған уездік басқарманың ғимаратының күтімі жаман емес. Іс жүргізу мен қаржы кітаптары тексерілді. Орындалуы кешіктіріледі, қа­жетті белгілер түсірілмеген.
Жекелеген үстелдер бойынша ескертпелер:
1). Хатшының үстелі (Шнейдерман). Қырғыз капиталынан 1892 ж. алынған 7908 сом әлі күнге қайтарылмаған. Себебін анықтау тапсырылды.
2). Пәрмен беру үстелі (Хат жүргізуші Гор­батов) Төтенше съезд туралы қағаздарда ұқыптылық жетіспейді, қажетті белгі­лер мен тілмаштың реестрден алған қағаздарына қол қойылмағандықтан, анық­­тама алу мүмкін болмады.17 сәуір мен 17 мамыр аралығында өткен төтенше съезд-уезд бастығы, оның көмекшісі мен приставтар қатысқандықтан өте сәтті өтті деуге болады (онда 1304 қылмыстық, 619 азаматтық іс қаралды).
Шымкентте тазалық өте жақсы сақталады, барлық жер суарылады, кө­шелер «Люкс» шамшырағымен жа­рық­­тандырылған. Базарда тәртіп бар (пәлен жыл бойы қаламызда тәртіп пен тазалық орната алмай жүрген қалалық әкімшілік, патша шенеуніктерінің тә­жірибесін үйренсе болар екен. –Ө.Ш.). Әсіресе, уездік басқарма мен Николаев көшесі аралығындағы шағын үстелдер мен орындықтар орнатылған гүлзар көңілге ұнамды әсер қалдырады. Бұл жер Шымкент жұртшылығының кешке қарай жиналатын сүйікті орнына айналған.
Ойылған, әрі шаңдақты ескі Шымкент жолының бойымен Жетісу мен Әулиеата уездерінен шыққан обоздар (арба керуендері) тоқтаусыз жүріп жатыр. Жол-жөнекей келесі поселкелер тексерілді.
Ташкент уезді бойынша:
а) Черняево (орыстар) 65 шаңырақ (қазіргі «Жібек жолы» ауылы-Ө.Ш.). Өте бақуат тұрады. Мектеп пен ғибадат үйі бір қоғамдық ғимаратта орналасқан. Шаруалар ескі почта стансасын ғибадат үйі үшін беруді сұранды.
Шығындар кітабы ойдағыдай жүргі­зілмегендіктен, оны ретке келтіру ескер­тілді.
б) Константиновское (немістер) 24 шаңырақ (қазіргі Дербісек). Өте бақуат тұрады. Мектеп үйінің жағдайы өте жоғары. Ғибадат үйі де сондай. Іс жүргізу мен қаржы кітаптары өте жақсы жүр­гізілген.
в) Ақжар (немістер) 100 шаңырақ. Жер өңдеу министрлігінен жалға алынған жерге енді ғана орналасып жатыр. Қара­жаттары бар сияқты.
г) Жері (джери?) (молокандар) (Жери –қазіргі Қазығұрт ауылы болуы мүмкін, молокандар – христиан-протестанттық діни ағым өкілдері- Ө.Ш.) 80 шаңырақ. Енді ғана орналасып жатыр, бірақ шаруалары мығым. Келес өзенінен өз қаржыларына 6 шақырым арық тартуға рұқсат сұрады. Мәселе жазбаша өтініш берілгеннен кейін қаралатын болады.
Шымкент уезді бойынша:
д) Фогелево (орыстар)(қазіргі Рабат ауылы- Ө.Ш.)) 14 шаңырақ. Жерлері өте көп, шаңырақ басына үй іргелік телімі 33/4 десятинадан болса, 380 десятина суармалы жер мен 150 десятина жайылым жері бар. Бақуат тұрады, оның үстіне өтіп жатқан обоздардан пайда табады.
Шымкенттен жаңа орналасып жат­қан орыс поселкелеріне бет алдым және жол бойындағы ескі поселкелерді де көре кеттім. Жол қанағаттанарлық деуге болады дегенмен, тауда жаңбыр жауғанда өзендерден өту қиындық тудырады.
а) Добра-Шалды (Даңғыра шалған – Төлеби ауданы Қаратөбе және Төңкеріс ауылдарының маңында сондай елді мекен болған- Ө.Ш.) (орыстар) 11 шаңырақ. Әзірше тек үйлерін ғана тұрғызған, өте кедей тұрады.
б) Майбұлақ (орыстар) 68 шаңырақ. Тау жағалай 4 шақырымға жуық жіңішкелей созылып жатыр. Енді орналасып жатыр, арасында темір шатырлы үйлер де кездеседі.
в) Петропавловское (қазіргі Тасарық ауылы- Ө.Ш.)), (орыстар) 48 шаңырақ сарттардан жалға алынған жерлерде тұрады. Бақуат. Ғибадат үйі үлкен және жақсы жабдықталған. Темір шатырлы, тастан қаланған тамаша Министрлік мектебі бар.
г) Суплатово (қазіргі Қасқасу ауылы- Ө.Ш.)) орыстар 53 шаңырақ, тау баурайында орналасқан, өз күштерімен ғибадат үйін салып жатыр, әрі оны мектеп орнына пайдаланбақ. Қазына есебінен мектеп салып беруді өтінді. Әзірше, тек тұрғын үйлер ғана салынған.
д) Қарымбай 7 шаңырақ. Тұрғындар өте кедей тұрады, үйлерін әзер салып бітірген. Жерлері өте аз болғандықтан жер телімін кесіп беруді сұрайды.
е) Дорофеевка («Бірінші мамыр» ауылы- Ө.Ш.)153 шаңырақ орыстар. Өте бай, ескі село. Темір шатырлы үйлер өте көп. Діни әндер орындайтын әншілері бар шіркеуі – жақсы жабдықталған. Қол еңбегін қоса үйрететін министрлік мектебі ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық базар жылына 200 сомға жалға берілген.
ж) Лятерь (Ленгір болуы мүмкін-Ө.Ш.) 23 шаңырақ. Өте жарлы тұрады. Көктемде арық ақсақалы су бермегендіктен, астықтың өнімі төмен болғанын айтып шағымданды. Тексеру жүргізіп, қорытындысын баяндау туралы уезд басты­ғына ескертілді.
з) Тоғыс 21 шаңырақ (орыстар). Әзірше, тек тұрғын үйлерін тұрғызған. Егістікті суару үшін суды қайдан тартуға болатынын сұрады, егер жұмыс бастала қалса өздері қазатынын айтты. Уезд бастығына арық ақсақалын жіберіп, қорытындысын баяндау туралы бұйрық берілді.
Жолай үлкен сарт қыстағы Сайрамды (бұрынғы қала) көре кеттім. Қалашықта тәртіп байқалады, базары тап-таза. Болыстық басқармасы 2-қабатты шағын ғимаратта орналасқан, мұнда да тазалық пен тәртіп ізі көрініп тұр. Мамандар жетіспеуінен болса керек, поселкелерге жер бөлінгеніне 3 жыл өтсе де, шаруалар әлі толық жайласып бітпеген, көші-қон басқармасы жер межелеуді де әлі аяқтамаған. Көші-қон басқармасы мамандарының салғырттығынан кей жерлерде шекара бірнеше рет өзгертілген (мысалы Айбұлақ). Осының салдарынан қырғыздармен арада жиі жанжал туып отырады. Бұл жерлердегі орыс шаруаларының кедей тұру себептері: Көші-қон басқармасынан уәде етілген жәрдемақыны ала алмайды, себебі әлі бір жерге бекітілмеген, ал жерге бекіту көші-қон басқармасының тікелей міндеті. Осындай себептерден, Қазыналық Палата «салық бірлігі» ретінде оларға салық сала алмайды, бұл өз кезегінде мемлекет қазынасын шығынға батыруда.
Егер жерге орналастыру міндеті көші-қон басқармасынан (жер өлшеушілермен қоса) уездік басқармаға берілсе, жағдайды 1 айдың ішінде түзеуге болады.
Өз басым, көші-қон басқармасының меңгерушісін таба алмағандықтан, одан ешқандай анықтама ала алмадым.
Жоғарыда айтылған бұратана және орыс болыстықтарынан басқа, келесі болыстықтар: Ақсу, Қарамұрт, Георгиев, Бадам болыстықтары тексерілді.
Генерал-лейтенант Романовский. (Ықшамдап аударған – Ө.Ш.).
1908 ж. Түркістанда Жалпы империялық әкімшілік жүйесін енгізу мәселесі қойылды. Телеграфпен жарақталған полиция бас­қармалары қалаларда ғана емес, тіпті, ірі  зауыт- фабрикаларда да құрыла бастады. Осымен бір мезгілде империялық құқықтың қолданылу аясы кеңіп, өңірлік заңнама қалыптаса бастады.Генерал-губернатордың құзіретін біртіндеп азаматтық басқаруға беру қарастырылды.
1911 ж. өлкені басқару ісін реформалауға кіріскен отаршылар  «Адай көтерілісі» (1870 ж.), Ташкент уезді (1872 ж. Қарасу өзені), Әндіжан, Марғұлан уездері (1885 ж.) диқандарының  бас көтерулері,   Ташкент бұқарасының «тырысқақ көтерілісі» (1892 ж.), Қоқан, Наманган уездері (1893 ж.) мен  Әндіжандағы «ғазауат» (1898 ж.) соғыстары мен көтерілістердің тәжірибесін терең зерттеп, өлкені Әскери Министрліктің құзырынан шығару әлі ертерек деп шешілді. Осы тұста айта кеткен ләзім: жоғарыдағы қозғалыстар   мен  көтерілістерді айтпағанда, 1887-1899 жылдар аралығында Түркістан өлкесінде жергілікті орыс әкімшілігіне қарсы бағытталған 38 ашық қарсылық орын алған. Онан өзге тек, 1887-1898 жылдар аралығында ғана патша шенеу­ніктері мен келімсектерге қарсы 668 қарақшылық шабуыл жасалған. Орыс отаршылдары мен жергілікті әкімшілікке  қарсы қозғалыстар Шымкент уезiнде  де көптеп орын алған. Мысалы,  Түркістан маңында 1903 ж. шаруалар мен жергілікті әкімшілік арасындағы жанжалдың  арты қантөгіске жеткен. «1906 ж. наурыз айында Бадам болыстығының №2 ауылында  орыс келімсектерінің Сайрамсу бойындағы суармалы жерлерді алуына қарсы Қоқай би Көкиев пен Досалы би Досмұратов  бастаған толқу болып өтті. Болысты аттан аударып тастап, №3 ауылдың құрметті азаматын соққыға жықты». Арыс болыстығында 1907 ж. Мамыр бастаған, Машат болыстығында  Қалыбек бастаған көтерілістер, Бадам, Арыс, Созақ болыстықтарында 1906 ж. қозғалыстар болып өткен. Түркістан өлкесін басқару ісін реформалау мәселесіне  1913 ж. қайта оралған Министрлер Кеңесі Түркістан өлкесін басқару құрылымын өзгертудің негізгі ұстанымдарын дайындап, оны II Николай патша мақұлдағанмен, Мемлекеттік Дума тарапынан кедергіге ұшырап, жоба тағы аяқсыз қалды. Бірінші дүниежүзілік  соғыс басталған соң (1914 ж.) ол мәселеге оралуға империяның мұршасы болмады.

Отаршылардың рухани бейнесі

Толассыз келіп жатқан қоныс аудару­шылардың бет-бейнесі  Пушкиннің Абай тәржімалаған кейіпкерлерінен мүлдем алыс еді. Бұлар негізінен өз туған жеріндегі ауыр тұрмыс тауқыметінен қатты жүнжіген, ішкі­лікке салынған, кей жағдайда тіпті азғын­даған жандар болатын.
…1890 жылдары  Егорьевка ( Көксәйек) селосындағы шіркеудің құрылысы аяқта­лып, енді тек ауыр шойын қоңырауды орнату жұмысы ғана қалады. Бірақ, көтеру үшін байланған арқан қайта-қайта үзіліп, қоңырау құлай береді. Бірнеше күн еңбегі еш болған село тұрғындары бастары қатып, дал болады.Шіркеу священнигі жұмысты тоқтатып, бірнеше күн жәрдем сұрап, өз құдайына құлшылық етеді. Құдайы «сыбырлады» ма, әлде басқа жағдай ма?! …Бір күні әулие әкей құлшылығын доғарып, селодағы жұмысқа жарамды ер-азамат атаулыны жинап, «Өз келінімен төсектес болғандар арамыздан шығып кетпесе, тап қазір осы отырған жерімізде бәріміз құдайдың кәріне ұшырап, қырыламыз» дейді. Аздаған ауыр үнсіздіктен кейін, поп әлгі сөзін қаттырақ дауыспен қайталайды. Сол кезде, топтан бастары салбырап, арасында жасамысы бар, қарты бар бірнеше кісі бөлініп шығады. Ал, аталған күнәдан ада селолықтар көтерген қоңырау еш қиындықсыз өз орнын табады.
Арқан неліктен үзілді? Азғындардың кейінгі тағдыры қалай болғаны да бізге беймәлім. Бір анығы, поп оларға Құнан­байдың Қодарға жасаған «тасборанын» (М.Әуезов) жаудырмаған! Бірақ, осы оқиғадан кейін келімсектер арасында кеңінен тараған, әлгі азғындық әдет саябырсыпты-мыс дейді жергілікті көнекөз қариялар. Шамасы, ақылды поп, қазақ халқының өздерін шеттерінен «бекзат» санайтын ұлттардың өздеріне үлгі тұтуға тұрарлық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен танысып, қорытынды шығарса керек…
Қарапайым келімсектердің сықпыты осы болса, Түркістан өлкесіне жіберілген  патша үкіметінің барлық деңгейдегі шенеуніктерінің надандығы, өркөкіректігі, озбырлығы мен шенқұмарлығы туралы орыстың атақты жазушысы  М.Е.Салтыков-Щедрин өзінің «Ташкенттік мырзалар» атты атышулы пам­флетінде керемет суреттеп  берді. XIX-ғасырдың  соңғы  ширегінде Түркстан өлкесінде болған американдық саяхатшы Скайлер: «Орыс әкімшілігін өздері жаулап алған халықтардың тұрмысы мен мәдениеті мүлдем қызықтырмайды. Мен жергілікті халықтың тілін білетін, бай мәдениетімен таныс бірде бір орыс шенеунігін немесе офицерін кездестірмедім. Олар өздерінің артықшылығын тек күшпен дәлелдеп, өздерін тек «жаулап алушы» ретінде ұстайды» – деп жазады. Түркістан генерал-губернаторы Кеңесінің  1911 ж. 3 ақпанда өткен  отырысында генерал-губернатор Иван Васильевич Самсонов: «…Орыс қоныс аударушылары өз жағдайларына қанағаттанбағандықтан, ішімдікке  әуес. Олар өздерінің осы кемшіліктерімен ішкіліктен қалжыраған орыстарды жек көретін еңбекқор халық мекендеген өлкенің толыққанды қожайыны бола алмайды» – деді. «…Уездің орыс тұрғындары жыртқыштық өмір кешуге дағдыланған  ішкі Ресейден қоныс аударған тобырдан тұрады. Соғысқа дейін ішкіліктен бас алмады, қырғыздарға өшпенділікпен қарап, алдап-арбады, еңбектерін қанады. Жергілікті халыққа мәдениеттің орнына өз бойларындағы ең жағымсыз қасиеттерді таратты…» (Әулиеата уезінде орын алған бейбастықтарға  байланысты инженер М. Тынышбаевтың мәлімдемесіне Әулиеата уезінің бастығы полковник Кастальскийдің 1916 ж. 10 қарашада берген түсінігінен. ОҚО облыстық мұрағаты).

Отаршылардың миссионерлік әре­кеті

1871 ж.  Верный қаласында бүкіл  Түркіс­тан өлкесі үшін православия дінінің  епархиясы ашылды. Жалпы, православия діні күштеп немесе ақшаға қызықтырып дінге тартуды құптамайды. Бірақ, Түркістан епархиясы  мемлекет  бөлген  қаражатпен миссионерлік әрекетпен айналысқаны белгілі. 1881 ж. 19 маусымда Түркістан епархиясының басшысы Александр Түркістан генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийге монастырь ұйымдастыру  туралы хат жолдайды. «…Монастырь – тек өзге діндегілерді православия дініне тартып қана қоймай, сонымен қатар, бұратаналар арасында  орыс мәдениетін насихаттайтын орталық болар еді. Монастырьдің ашылуының діни маңызы ғана емес, мемлекеттік ма­ңызы үлкен» деп аяқтайды ол өз  хатын. Осыған байланысты, Түркістан епархиясын  ХХ-ғасырдың басында басқарған епископ Димитрий (Абашидзе) статистикалық зерттеулер жүргізген. Жарты ғасырға (1867-1917 ж.ж.)  жуық уақыт ішінде бар болғаны  8 қарақырғыз, 2 түркімен, 3 өзбек (түпнұсқада сарт деп көрсетілген), 1 тәжік  христиан дінін қабылдаған. Есесіне, осы уақыт ішінде 9 келімсек  мұсылман дініне өтіп кеткен.
Миссионерлердің ісі Жетісуда өнімді болды.  Лепсі-Сарқанд маңын мекендейтін қалмақ арасынан 139 адамды христиан дініне кіргізгені үшін Василий Покровский деген поп императордан «3 дәрежелі Қасиетті Анна» орденін алған. «Бұратаналардың» ішіндегі дініне ең берігі  қазақтар болып шықты. Қазақтарды қалай да дінге тарту мақсатында, 1910 ж. Қазан қаласында араб әрпімен қазақ тілінде  Библия шығарылды. Бірақ, бұл да көмектесе қоймады. Жергілікті халық арасында христиан дінін уағыздауға әрекет жасағаны үшін Шымкент маңындағы Вревск қыстағының  попы  И.И.Лавринецті қазақтар Библиясын тартып алып, өзін  ұрып  өлтіреді.
Қазақ арасына христиан дінін тарату қиын екенін түсінген патша өкіметі басқа әрекеттер жасай бастайды. Қазақ даласына Ресейдің арнайы мектебінен өткен татар молдалары көптеп жіберіле бастайды. Олар әскери міндеткерлік пен салықтан босатылады. 1900 жылы «Аравияда індет шықты» деген сылтаумен Меккеге қажылыққа баруға тыйым салды. Осы арада, XIX ғ. соңында-ақ, қазақ арасына христиан діні мен дәстүрін  ғана емес, бүгінгі күні қоғамның «бас ауруларының» біріне айналған қыз балалар мен әйелдердің бетін бүркеп, ерлерден оқшаулау сияқты араб дәстүрін тарату әрекеттері де  орын алғанына тоқтала кеткен ләзім. Н.И.Гродеков «Ташкент маңындағы Жаңабазарда бұрынғы болыс, молда Мұса мен қырғыз Жұматай өз үйлерінде «әйелдерді оқшаулау» (затворничество женщин)  ғұрпын енгізуге тырысты. Бірақ, «әйелдерді бүркеу ата-бабамыздың салтында жоқ» деп қырғыздар олардың үстіне басып кіре берді. Молда Мұса қызының ұзату тойында да  «сарттар өлең айтпайды» деп ән салуға кедергі жасауға әрекет жасады, бірақ қырғыздар оған көнбеді» деп жазады.

Орыс зерттеушілері мен шенеунік­терінің қазақ халқы туралы пікірлері

Жалпы, Түркістан өлкесін зерттеген орыс зерттеушілерінің XIX-ғасырдың соңғы ширегіне дейін жазылған еңбектерін зерделесек, қазақ халқы туралы  оң пікір басым. Мысалы, 1858 ж. Сырдария бойында Қоқан әскерлерінің қолына түсіп, Жаңақорған мен Түркістан бекіністерінде 1 ай тұтқында болған орыс ғалымы Н.А. Северцов «қоқандық қырғыздардың өзге қоқандықтармен салыстырғанда адамгершілік деңгейі әлдеқайда жоғары»  екенін атап көрсеткен («Месяц плена у коканцев» Русское слово. № 11,1859 г.). Түркістан өлкесінің қазақ, қырғыз, түркімен секілді  көшпелі халықтарының қоғамдық құрылымы туралы «Әскери-статистикалық жинақта» (1868 ж. жарық көрген) түркімендердің қоғамдық қатынастарын сипаттай келіп, былай дейді: «…Қоғамдық қатынастарда  қарақырғыздар  (түрікмендерден)  бірнеше саты жоғары тұр, олардың солтүстік көршілері қазақтар – одан да жоғары тұр» («…На несколько высокой ступени общественного развития стояли дикокаменные киргизы, а еще выше – их северныя соседя, киргизы…»). «Түркістан өлкесі» атты энциклопедиялық басылымда В. И. Масальский «қырғыздар (қазақтар – Ө.Ш.) ақыл-ойы  жақсы дамыған, өте қабілетті, оқу-үйрену оларға қиындық тудырмайды… Қырғыздар көпшіл, көңілді, тапқыр, айлакерлік пен қулықтан да кенде емес, бірақ, салыстырмалы түрде адал. Қырғыздардың тағы бір ерекше қасиеті поэзияға деген махаббаты, шешендігі мен ойының айқындығы» деп көрсетеді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, үйренуге қабілеттіліктің де келеңсіз жағы болатыны айтпаса да түсінікті.
XIX ғасыр мен  XX ғасырдың басында Шымкент шаһарында  болған саяхатшылар: «Жыл сайын наурыз айының 1 мен 15-і аралығында  Қошқар ата өзенінің бойында, қазақтың киіз үйлері тігіліп, қой түлігінің киесі – Қошқар ата әулиеге  бағышталған  «Қошқар ата сейілі» атты ұлттық мейрам тойланады. Оған қазақтармен қоса өзбектер де белсене қатысады» деп  хабарлайды. Ал, Н. А. Северцов: «Тамбовтықтың (Тамбов — келімсектің туған жері-Ө.Ш.) бойында тың жерді жыртып, біраз жыл пайдаланған соң, оны тастай салып, басқа жерді жыртатын солтүстік америкалық скваттер (Солт.Америкаға қоныс аударып, бос жерлерді басып алған еуропалықтар)  сияқты жыртқыштық көзқарас басым… Ал, біз надан санайтын қырғыздар табиғат сыйын үнемді пайдаланады, тоқымдай жерден мол өнім алуға тырысады, өздерінің жайылымдарын күтіп ұстап, тиімді пайдаланады, дала мен тау бөктерлеріне ағаш отырғызады. Арыс, Шыршық өзендері бойындағы тоғайлар мен  Тянь-Шань тауларының ормандарын көзінің қарашығындай сақтауға тырысады. Біз келгенге дейін Орал тауының оңтүстігі мен шығысындағы дала ормандары мен  Наурызым, Аманқарағай және т.б. қарағай ормандарын сақтап келген. Сонда, қалайша орыс мұжығынан ғана емес, шетінен өнертапқыш-механик саналатын солтүстік америкалық скваттерден де, әлі күнге жерағашпен жер жыртып жүрген қырғыз егіншісі өркениеттілеу?» – деп таң қалады Н. А. Северцов. «1890 жылдың соңында Қарамұрт болысында Ақсу өзенінен тартылған үлкен арықтың құрылысы аяқталды» деп хабарлайды А.Дингельштедт. Ал, Шымкент уезді бастығының жоғары басшылыққа тапсырған рапортынан  3500 сом қаражат жұмсап, Ақсу өзенінің жоғарғы ағысынан тартылған арықты қаздырған Қоқан билігі тұсында датқа болған, Қарамұрт болыстығының  1887-89 жылдардағы болысы Қасымбек Қожабеков екенін білеміз. Ояз бастығы  арықтың суымен қосымша 1500 десятинадан астам  жерді суландыруға болатынын қуана хабарлайды. Шынында да, ол арықтың қызығын XX ғ. басында келімсектер орнатқан Самсоновка, Подгорное селоларының тұрғындары көрді. Жалпы, Шымкент уезінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында 130  бас арық немесе канал және  255 жанама арықтар болған (Түлкібас, Төлеби аудандарындағы тау бөк­терлерінде  сол арықтардың  іздері мен сілемдері әлі күнге сайрап жатыр).

Қазақ халқының діліндегі өзгерістер

 «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді дана халқымыз.  Қазақ халқы да келімсектердің маскүнемдік, парақорлық, жағымпаздық т.с.с. жағымсыз әдет-ғұрыптарын бойларына сіңіре бастады. Алғаш елді аралауға шыққан отаршыл өкіметтің шенеуніктеріне  «қонақ­жайлылық»  танытамыз деп арақпен бай-бағландар ауызданса, бірте-бірте қарапайым қазақ та  базаршылап кентке түсе қалса, баяғыдай бозаны місе тұтпай, «ащысудан» ауыз тимей қайтпайтын болды. Бірте-бірте атамыздың  асындай болып кетті. «1868-70 жылдардағы болыс-старшын сайлауларында ел алдында өз ақыл-парасатымен, шешендігімен бедел жинаған адамдар жеңіске жетті» дейді ресейлік тарих­шы Г. А. Арандаренко. «Бірақ, қағілез көшпенділер орыс өркениетімен ілесе келген орыс етігін кию, шарап ішу және  құмар ойнауды   ғана емес, «шар тастау» арқылы дауыс беру барысындағы сайлау қулықтарын да  тез үйреніп алды» дейді автор. 1890 жылдары болыстық орын үшін берілетін пара мөлшері 9000 сомға жетті. Салыстыру үшін айта кетейік:1892 ж. Түркістан өлкесінде 1 пұт еттің бағасы- орта есеппен 1,7-2 сомды құрады. Ал, Түркістан өлкесін тексеру үшін  Ресей Сенаты құрған комиссияны басқарған сенатор граф Паленнің есебі негізінде жасалған  Әскери Министрліктің 1906 ж. «Түркістан өлкесінің мемлекеттік және қоғамдық-экономикалық мұқтаждықтары туралы жазбаларында» көшпенділер арасындағы болыс, старшын, би сайлаулары туралы былай дейді: «…сайлаушыларды сатып алу мен үгіт-насихат жұмыстарына  40-50 мың сомға жететін орасан көп ақша жұмсалатын болды. …Сайлаушы­ларды сатып алу жүйесі кең етек алды», «Билікке осындай жолмен келген лауазымды қызметкер ең алдымен өз шығынын қайтаруға тырысатыны – табиғи жағ­дай, сондықтан лауазым иесі тегін сау­сағын қимылдатпайды, ал, сыйақы үшін барлығын шешеді»… «Болды да партия, ел іші бүлінді…»,  «Қалың елім — қазағым…» – деп Ұлы Абайдың күңіренетіні осы кез.  Қазақтың жаңа атқамінерлері параға жұмсалған шығынның барлығын қара халықтың мойнына салды.  Елде арты адам өлімімен аталатын «барымта, барымтаға қарымта» дегендей ұрлық-қарлық, оның арты бірінің үстінен бірі оязға шағымданып, екі жақты жем болу көбейді.
Бұрын жанындағы ақын-жырау, сал-серілерімен мақтанатын қазақтың бай-бағ­ландары, енді баукеспе ұрыларымен бәсе­келесетін жағдайға жетті. Қазақтың сонғы ханы Кенесарының ержүрек ұлы, бүкіл қайратты ғұмырын Ресейлік отаршылармен күреске бағыштаған  Садық сұлтан өмірінің соңғы кезеңін Қарабұлақтың маңындағы «Ханқорған» деген жерде өткізгені белгілі. Осы Садықтың  3 жылқысын Машат болы­сының бұрынғы болысы мен старшыны ұры жұмсап, алдырып сотты болады. Істі Шымкент уездік соты 1894 ж. 18 наурызында қарайды. Болыс пен старшынның аш емес екені түсінікті болса керек?! Ең сорақысы, қазақтың би-болыстарына «жандаралдың» (генерал-губернатор) қолынан медаль алу дүниедегі ең үлкен мәртебелі іске айнал­ды (Өкінішке орай, аталарының отаршылардың қанға малынған қолынан алған «салпыншақтарын»  мақтан ететін ағайындар әлі күнге арамызда баршылық).

Сөз соңы

Табиғатта кез келген күш, қарсы күш тудыратыны әмседен аян.
Тарихи қажеттілікке байланысты қазақ халқы да  өз арасынан Абай рухынан нәр алып  елді, жерді, ұлттық бет-бейнені сақтап қалуға ұмтылған жарық жұлдыздар шоғырын шығарды. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М. Шоқай, Т. Рысқұловтар бастаған топтардың ұстанған жолдары әрқилы болса да, көзде­гендері қазақ мүддесі еді. Ол мүдде Ресей мүддесімен мүлде үйлеспейтін. Ал, Ресей өз мүддесін көздеді. Сөйтіп, 1896-1914 жж. Дала мен Түркістан өлкесіне орналасқан келімсектердің саны –1 462 149  болды.
Бірінші дүниежүзілік  соғыстың басталуымен қазақ даласына ішкі Ресейден келімсектердің жаңа легі ағыла бастады. Соғысқа өзінің Еуропадағы басты бәсе­келестері  Германия, Австро-Венгрия және Түркиядан «түк тартып, олжа аламын»  деп кірген Ресей «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылыптының» кебін киді. 1916 жылдың жазынан бастап, елдің екі майданда –  Еуропада және Қазақстан мен Орта Азиядағы көтерілісшілермен соғыс жүргізуі  ішкі Ресейде революциялық ахуал қалыптастырды. 1916 ж. 1 қаңтарында Сырдария  облысының аумағында ғана 190 келімсектер қыстағы болды. Қырғыз тарихшысы Б.Исакеев «1916 ж. Түркістан өлкесінде  941 орыс қыстағы болды.  Өлкедегі жергілікті халықтың (қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен және т.б.) үлес салмағы 94 %, келімсектер 6 % құрады. Осы 6 % келімсектер суармалы, шұрайлы жерлердің  57,6 %-на ие бол­ды» деп жазады. Бүкіл қазақ даласы мен Орта Азияны қамтыған 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс  Ресей отаршыларының бұл өлкеде ешқашан «тыныш» өмір сүре алмайтынына көздерін түпкілікті жеткізді. Сондықтан да, 1917 ж. ақпанда тақтан құлаған патшаның орнына билікке келген Уақытша  үкіметтен қазан айында билікті тартып алған Кеңес өкіметі бұл халықты  бағындыру емес, жоюдың жоспарын жасай бастады.
…Халқымыздың мыңдаған жылдарға созылған негізгі өмір салты – көшпелілік, жаңа заман талаптарына жауап бере алмай, өз дамуының – ең соңғы құлдырап, жойылу кезеңіне таяп келді…
Қазақ халқын  бұрынғыдан да ауыр, жаңа «сынақтар» күтіп тұрды.
Ол енді басқа әңгіменің арқауы!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Статистические сведения Сырдаринской области».Состав туземного народонаселения по племенам.  По сведениям 1870 года.
2. «Статистический Ежегодник России» Издание МВД России -1913 г..Санкт Петербург 1914. 
3. Н.И.Гродеков. «Киргизы и каракиргизы Сыр – Дарьинской области. Том первый. Юридический быть, Ташкент Типо-литография С.И.Лехтина -1889. 
4. Н. А. Северцов. «Путешествия по Тур­кестанскому краю и исследование горной страны Тянь-Шаня, совершенные по поручению Императорского Русского географического общества доктором зоологии, членом Императорского Русского географического и других ученых обществ Н. Северцовым». – СПб., 1873.
5. Между туземцами степного уезда (Досуги в Туркестане. СПб.,1889). 
6. «Обзор Сырдаринской области за 1892 г.». Приложение к  всеподданнейшему отчету военного губернатора.Ташкент. Типо-литография С.И. Петухова – 1894 г.. 
7. А.Исмаилов. «Страницы истории Южного Казахстана» (1864-1917 гг.) Алматы-2003 г.). 
8. «Киргизское восстание 1916 г.». Киргиз­издат,1932 г.
9. Гейер И.И. По русским селениям Сыр-Дарьинской области (Письма с дороги).Чимкентский уезд
10. Ташкент: Тип-литография бр. Каменских1893.
11. Журнал Совета Туркестанского генерал-губернатора № 1 за 13.1.1911, ЦГА Узбекистана, ф. 717, оп. 1, д. 48, л. 86.
12. «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты кі­тапта (4-кітап.).
13. ОҚО облыстық  мұрағаты материалдары.
14. Өзбекстан Мем.Мұрағаты материалдары.
(1Сарт – XV-XX-ғасырдың алғашқы ши­регінде Орта Азияны мекендеген халық­тың атауы. Сарттардың бет-әлпеті тәжіктерге өте ұқсас,бірақ, «сарт тілі» аталатын түркі тілінің ерекше диалектісінде сөйлейді» (Ф. А. Брокгауз бен И. А. Ефронның  энциклопедиялық сөздігі). П. И. Лерхтың пікірінше «сарт тілі» шағатай тіліне өте ұқсас.Орыс шенеунігі, әрі зерттеушісі Л.И.Пашино «Түркістан өлкесі -1866 ж. Жолжазбалар» атты еңбегінде «Әрбір қырғыз өз руын біледі, ал, сарттар өздерін  тұратын жеріне қарай  Шымкенттік, Ташкенттік, Сайрамдық т.с.с. деп атайды» деп хабарлайды. М.Тынышбаев:   «Өзбектер қышлақтарда тұрса, сарттар қалаларда өмір сүреді. Өзбектен «руың не?» деп сұрасаң; «Кеңегес, Қыпшақ, Қатаған, Барын» деп жауап береді. Ал, сарттан ру сұрасаң; тек «қалалықпын» деп жауап қатады» (М.Тынышпаев. История Казахского народа. 178 б. Алматы,1993).
Ф. А. Брокгауз бен И. А. Ефрон аздап қателессе керек.  Біздіңше, сарттар IV-VIII ғасырларда Ұлы Жібек жолының Орта Азиядағы тармақтарының бойында сауда бекеттерін тұрғызып, керуен сарайлар ұстаған иран тектес халық — соғдылардың ұрпақтары.. Сол сауда бекеттері мен керуен сарайлардың айналасында Мерв, Бұхара, Самарқан, Үргеніш, Отырар, Сауран, Испиджаб, Баласағұн, Тараз, Талғар  және т.б. кенттер пайда болған. Ол кенттер кедейленген немесе басқа себептермен отырықшыға айналған түркілермен толығып отырды.Уақыт өте, түркі тілін алған сарттар саяси билікке көп ұмтыла қоймаған. Өз мүдделерінен шығып жатса, кез-келген билікпен келісімге тез келетін, сырттай қарағанда  бейбіт халық. Негізгі кәсіптері сауда, егіншілік және қолөнер болған.
Сарттар бүкіл Орта Азияның солтүстігі Түркістан мен Созақ, ал шығысы Әулиеатаға дейінгі кенттерін мекен еткен. Жергілікті халық әр түрлі себептермен кенттерге орнығып, тілдерінің түркілік негізін сақта­ғанмен, соғдылардың көп дәстүрін алған қазақтарды да «сарт» деп атаған.  Бізге анық белгілісі — XIX-ғасырдың  2 жартысында  шамамен әр 12 жыл сайын қайталанып жиі орын алған ауыр жұттар (1855-56, 1867-68, 1879-80, 1891-92 ж.ж.) малсыз қалған қазақтарды сарт қыстақтарына қоныс аударып отырықшылыққа ауысуға мәжбүрледі. ОҚО Сайрам ауданы — Қарабұлақ, Манкент және т.б., Төлеби ауданы – Сұлтанрабат, Ханарық, Қазығұрт ауданы – Тұрбат ауыл­дарының өзбек тұрғындарының көп­шілігі сол қазақтардың ұрпақтары, көп­шілігі әлі күнге өз шыққан руларын біледі. Қазақ халқының «Өзбек өз ағам, сарт садағам» деген сөзі осыдан шықса керек! 
1897 ж. халық санағында, олардың саны  968 655 жан  деп көрсетілген. КСРО-да 1924 жүргізілген халық санағында сарт халқы тегіс «өзбек» деп жазылып, «сарт» сөзі этноним ретінде қолданыстан шығып қалды. Осы жерде айта кеткен ләзім, тұрмыс-салт жағынан өзбектен көрі қазақ халқына жақындау – 1920 ж. халық санағында саны 40 000 – деп көрсетілген фер­ғана қыпшақтары да 1924 ж. санақта  «өзбек» халқының құрамына «сіңіп» кетті. Жалпы бұл тақырып  әлі терең зерттеуді қажет етеді – Ө.Ш.

(Соңы. Басы өткен санда)

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *