Самен Кулбарак+

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

әдебиеттанушы,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі

 

Басылым бетінде жарияланған үш әңгімені бүгінгі прозаның бір көрінісі ретінде қарастырып отырмыз. Авторлардың жазушылық тәжірибесіне де, жас ерекшеліктеріне де қарамадық. Өйткені туындылар – халық назарына ұсынылғандықтан, тең құқылы.

Қуаныш Жиенбай – ұлттық әдебиеттегі орны бар, өзіндік жазу өрнегі қалыптасқан жазушы. Оның «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар», «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романдары мен хикаяттары, көптеген әңгімелері қазіргі прозаның идеялық-көркемдік салмағын арттырған туындылар қатарына жатады.

Әңгіме жанры – автордың өнімді саласы. «Соттың жұмбақ шешімі» атты әңгімесінде («ҚӘ», 24 шілде 2025 ж.)бүгінгі уақыттың адамдық-отбасылық өзекті мәселесі қамтылған. Бір отбасы басындағы ситуациямен жазушыхалық болашағына қауіпті құбылысты бейнелейді.

Монолог – жазушы шығармашылығында басым қолданылатын өзіндік жазу өрнегі. Оның көптеген туындысы қаһарманның ішкі әлеміндегі тартысқа құрылады. Автор оқырманын ілкіден кейіпкерінің жан дүниесінің иіріміне енгізіп жібереді де, шығарманың соңына дейін осы динамиканы шебер өрбітеді. Бұл реттегібасты талап – бір мысқал артық, небір мысқал кем түспеу. Артық кетсең, жалаң ділмарлыққа ұрынасың, кем түссең, жадағайлыққа килігесің. Ал оның дәл мөлшерін сезініп, түйсініп жазу үлкен ізденіспен жәнемол тәжірибемен келеді. Қ. Жиенбаев осы жазу үрдісін, біздіңше, шебер игерген.Академик З. Қабдоловтың Т. Ахтановтың шығармаларына қатысты айтатын «адам бейнесін жасауда бірден адамның ішкі психологиялық иіріміне сүңгіп, характерді сол ішкі сыр-сезім жағынан келіп ашады» деген қағидасын осы авторға байланысты да айтуға болады.«Соттың жұмбақ шешімі» әңгімесі де ес біліп, жан-жағын тани бастаған Қыстаубай деген баланың ішкі арпалысына құрылған.

«Басталды! Ойпыр-ай, осылардың-ақ дау-дамайы бітпеді-ау! Бұл не? Түкке түсінсе бұйырмасын және мұның жөн-жосығын ажыратып беріңізші деп кімге өтініш айтпақсың. Былай қарасаң, бүлінген дәнеңе жоқ, бұл отбасы да – осы ауылдағы жүз қаралы шаңырақтың бірі. Тіл ұшын түртіп тұрса да «үлгілі» дегенді бүгіп қалды. Мынадай «керемет спектакльден» соң оны айттың не, айтпадың не?! Одан ешнәрсе өзгермейтінін іші құрғыр сезіп тұр».

Себепсіз еш нәрсе болмайды. Қыстаубайдың жан дүниесінің мұндай күйге түсуіне себеп – әкесі мен шешесі арасындағы соңғы кездері күшейіп бара жатқан жанжал-ұрыс. От басының шырқы бұзылған.Екі арада бейбіт тірлікті көксеп, ешнәрсенің байыбына терең бармаған әжесі жүр шырылдап. «Қыстаубайдан ұялсаңдаршы!» дегеннен басқа не айтады. Шешесі Оразгүл күйеуі Елеместің күнде ішетінін бетіне салық қылып басса, Елеместің уәжі мүлде басқа. Оның күйініші тым тереңнен бастау алған. «Егер менің орнымда басқа біреу болса, сені әлдеқашан дарға асып…» деп кіжінеді. Оу, бұлар сырт көзге Қыстаубай айтпақшы «үлгілі-ақ» отбасы емес пе еді.Әкесінің ішкені болмаса, шаруасына бүп-бүтін. Машина жүргізушісі болып істейтін ол ауыл адамдарының шаруаларына мүмкіндігінше көмектеседі. Алғаны алғыс. Шешесі бала бақшада тәрбиеші. Сырт көзге ешкімнен кем емес отбасы еді. Шаңырақ шатқаяқтап барып ортасына түссе, Қыстаубайға оңай ма?! Әңгімеде отбасы проблемасы кейіпкерлер арасындағы дауменөрши түскен. Қазіргі таңда қоғамда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көп. Ажырасудың ересектер үшін түрлі себептері болғанмен, екі арадағы бейкүнә сәбидің, баланың жайын кім ойлап жатыр? Баланың жүрегіне түскен жараны кім емдеп жазады? Әңгімеде жазушы осы түйткілді енді ересек тартып қалған Қыстаубай баланың қабылдауымен, жан дүниесіндегі күйзеліспен суреттейді.

Әкесі есікті солқ еткізіп жауып, тысқа шыққан. Бала ұйықтап кеткен екен, әкесінің қашан келгені белгісіз, оның «…Ұрмай-соқпай несіне жылайсың-ей, а?!» деген өктем даусынан тағы оянып кетеді.

Туындыда диалог қаһармандардың ішкі әлемін ашумен қатар, конфликтінің негізгі түйінінен хабар береді.

«- Күдер үзетіндей, дүниеден түңілетіндей не болды?! Құдай берсе әлі-ақ балалы боларсыңдар. Қыстаубайдың іні-қарындастары әлі-ақ өмірге келер. Тағдыр маңдайымызға өңшең жалғызды ғана жазып қоймаған шығар.

— Ай, анашым, анашым-ай, сіздей данышпанды енді қайдан кезіктірмекпін?! Дария пейіліңіз бен дарқан көңіліңіз сол күйі қарап тұр.

— Енді не деп ең?

— Ол үмітіңізді буындырып өлтіруіме тура келіп тұр.

— Тәйт, жаман ырым шығарма!

— Бүгін бәрінің бетін ашып алайық. Мына сұмырай… мына сұмырай арналы каналдың қақпағын жауып, бітеп тастапты.

— Ол немене тағы? Онысы несі, түсінсем бұйырмасын?! Канал, қайдағы канал?!

— Онан басқа не дейін? Мына сүйікті келініңіз, менің рұқсатымсыз бір емес, екі рет аборт жасатыпты. Түсік…

— Астапыралла… мынадай тыныш заманда. Құдайдың қарғысына ұшырайтындай, не бастарыңа күн туды?!

— О жағын мына бейбақ түсіндірсін!

— Сендей алқаштан жарымжан бала туғым келмеді. Естігің келсе, сол!»

Ұрыс-керістің жанды тұсын еріксіз естіген бала сыртқа ытқып шыққан. Автор дағдарған бала психологиясын туындыда біршама терең сөйлетеді. Әңгіменің жетістігі де осында деп білеміз. Әке-шешенің ажырасуы балаға қаншалықты зардапты екені Қыстаубай басындағыкүйзеліспен, оның әр тарап әрекетімен берілген. Жазушы бала бейнесін бір ситуация аясында қысып тастамай, жан-жақты ашқан. Оның көрші үйдің қызы Ақжарқынға деген тұнып жатқан жасырын сезімі әңгімеге лирикалық өң, мөлдір толғаныс әкелсе, «Торғай төбе» хикаясы адал, табиғат жаратылысына жанашыр көңілін аша түскен. Ұлттық құндылық – әже мен немере арасындағы кіршіксіз байланыс, шексіз әже мейірімі туындыда көрініс тапқан.

Әңгіменің соңғы эпизоды өзгеше реңкке құрылған. «…Сот процесі жүріп жатыр. Бұл не?! Елес пе, қиял ма, о жағын ажырата алмады. Кәдімгі жолдастық ашық сот. Ауыл тұрғындарының дені осында. Соттың төрайымы – Ақжарқынның шешесі» дейді автор бала атымен баяндап.Ажырасу жөнінде арыз беруші – шешесі. Соңғы эпизод авторлық идеяның –бүгінде өріс алып бара жатқан ажырасу мен аборт жасатудың – халықтың болашағына қаншалықты қатерлі екенін ашуға бағытталған. Бұл ретте автор сот процесін пайдаланған. Сотқа қатысушылар әлеуметтік мәселелерді өткір ашып айтады. Жасанды түсікпен ауылдағы бала санының азаюы – ең алдымен, ауылдағы мектептің жабылуына әкеледі. Ал мектептің жабылуы – қазақ ауылының құрдымға кетуі дейді автор.

Тұтастай алғанда, әңгімеде қазақ қоғамының бүгінгі таңдағы  өзекті мәселесі қозғалған. Соңғы эпизод автордың бастапқы жазу мәнерінен өзгеріп, ашық сарынға ауысқанмен, шығарманың әлеуметтік салмағын арттырған.

Жас автор Қаусылхан Қасымханұлының «Анамның ақ дорбасы» әңгімесі («ҚӘ», 4шілде 2025 ж.) нұрлы лиризмімен және мол этнографиялық сипатымен тартымды. Әлбетте өмір деректері жалаң баяндауға құрылмауы тиіс. Автордың өмірбаяндық дерегі асыл анасына, жат жерде қалған атамекеніне деген риясыз сағынышпен көмкерілген. Туындыдағы автор сағынышымен өрілетін ана бейнесі – қазақ халқының қаймағы бұзылмаған кездегі тұрмыс-тіршілігінен, халықтық мол өмір тәжірибесінен хабар беретін аяулы тұлға. Әңгімедегі суреттелетін өмір салтымен қазіргі қазақ халқы заманның асты-үстіне түсуімен байланысты осыдан бір ғасырға жуық бұрын қоштасқан болса, бүгінгі ұрпақ одан мүлде хабарсыз деуге болады. Қытай мемлекетінде қоныс тепкен қазақ халқы күні кешеге дейін өзіндік дәстүр-салтын, ежелден ұласқан дүниетанымы мен көші-қонын сақтап келді. Сол ортада өсіп-ержеткен автордың артықшылығы да осында – бүгінгі прозада сирек бейнеленетін өмір шындығын, қазақ салтын шынайы ұсына білуінде дер едік. Сондықтан да шығарма тың танымдық сипатымен мазмұнды.

Тошалада тұратын үлкен «қауіпсіздік саңдығы» кебеже мен шешесінің қайқы бас ағаш төсегінің бас жағында тұратын кіші «қауіпсіздік сандығы» – қызыл қобдиша хикаясы автордың алыста қалған алаңсыз балалық шағын еске түсіреді. Шаңырақтың берекесіне айналған шешесінің аяулы бейнесі ашылады. Үй соғым сойғанда,туыстарына оның тиесілі сыбағаларын баладан беріп жіберуі күні кешеге дейін сақталынып келген халықтыңқайталанбас жомарт көңілін танытса, суық тиіп ауырып қалған балаларын қызыл қобдишаның ішіндегі ақ дорбасыналып, түрлі шөппен емдеп жазуы халықтық ем-домды бойына сіңірген алғырлығын білдіреді. Балалардыңкебежеден құрт ұрлауы, қызыл қобдишада әкесі әкелген көк қағаз юаньдардың сақталып, аға-әпкелерінің қалаға оқуға аттанар алдында берілуі, өзге де жайлар –сағынышқа толы қазақ шаңырағының ұйыған тірлігінің көрінісі болып суреттелген. Береке басы шешесі болатын.

«Әлі есімде. Бір жолы екі ағам орманға отынға кеткен болатын. Біреуінің көзі көгеріп, бет-ауызы қан болып оралды. Орман арасына барып сөзге келісіп жат та кеп соғысыпты.

– Желкең үзілгір сол, ініңді өлтірейін деп пе едің? – деп жеңістік алғанның желкесінен түйіп-түйіп кеп жіберді шешем. – Бұл түрлеріңмен кейін де аға-іні болып жарытпассыңдар-ау!

Шешем қызыл қобдиын ашып, ақ дорбасынан бір тал маржан алды. Сосын, оны шөптің арасына лақтырып кеп жіберіп, екінші ағама бұйырды:

– Сүт піскенше тауып кел жаныңның барында! Анау өте қымбат маржан. Тауып келмесең бүгін үйге кіргізбеймін. Далаға жатасың, біліп қой!

Шешемнің айтқанынан қайтпайтын, уәдеге берік жан екенін тұтас ауыл біледі.

– Таба алмадым, – деп сүмірейіп екінші ағам келді.

– Сен барып іздес, – деп таяқ жеген үшінші ағамды жұмсады, – таба алмасаңдар тамақ та берілмейді.

Шешем анадайдан бақылап отыр.

Шамамен бір сағаттай уақыт өтті. Маржан табылмады. Бұлттарға жібек бояуын шашып, таудан асуға асыққан алтын табақ күн безіп бара жатты Көлқарағайдың жалына қарай.

– Сүт ішіп алып сен де барып іздесіп келе ғой, – деп шешем маған бір шыны сүт құйып берді.

Ары іздедік, бері іздедік. Табылар түрі жоқ. Біріміз іздеген жерді енді біріміз қайта іздеп жүрміз.

– Мұнымыз болмайды екен, – деді ағамның біреуі, – бағанағы маржан түскен аумақты үшке бөліп алып, шөптерді бірден ашып, тон ішінен бит қарағандай қарайық. Сүзіп шығайық.

Ақ маржанды ақыры тауып алып, бір-бірімізге қуана қарастық. Бағанағы күрең қабақ жағдай мүлде жоғалған. Риясыз күлдік.

– Берекелі болсаңдар алтын табасыңдар, берекесіз болсаңдар қолдарыңдағы асылдарыңнан айырыласыңдар. Ол асыл – ортақ күш, – деді шешем маржанды ақ дорбасына салып жатып, – «Саусақ бірікпей ине ілікпейді». «Тозған қазды топтанған қарға жейді». Қазақ мақал-мәтелдерін еске сақтап қана қалмай, оны нақты іс-әрекетке айналдыра білулерің керек».

Тәлім-тәрбие негізі қайда жатыр десеңші. Осындай аналар қазір бар ма? Бар шығар, бірақ сирек. Заманның өзгерісі ме, әлде жетіп-артылып жатқан дүние ме, қазіргі балаларда өзімшілдік басым. Өзімшілдіктен кейде адам ойына сыймайтын қатыгездік туындап жатады. Қазіргі мектеп жасындағы балалар, жастар арасындағы төбелес жағаңды ұстатқандай. Бірді-екілі емес, жиі көрініс беретін жағдайды көріп, жаның түршіккенде, автор анасының тағылымы еріксіз ойыңа оралады.

Әңгіменің өн бойынан есіп тұратын қазақылық мазмұнкөңіліңе жақын. Кейін автордың шекара асып, кіндік қаны тамған Алтынкөлге баруы, ескі жұрттан қойдың әбден қураған кәріжілігін тауып алып, «мүмкін, марқұм жапакеш әкем Қасымханның сол жылдары тап-таза мүжіп тастаған жілігі болар» деп толғануы табиғи жарасым тапқан. Туындыдағы «тошала», «тәтті-тәбіз», «әзбеніш», «әптер-тәптері шығып», «қузамайтын», «сәлдебоз», «бала саба», «биебау», «бітеу тошын», «шетпе шөп», «шипашақ», «емкөс қазақтар», «ілме», «көңіл суы» деп келетін бүгінде сирек қолданалатын сөздердің ұшырасуы тіл байлығымызды еселей түскендей.

Қазақ халқы небір зобалаңды бастан кешті. Қытай мемлекетінде бұрынғы заманнан қоныс тепкен қазақтар атажұртқа келдік деп өзін-өзі жұбатқанмен, туып-өскен, ата-бабаларының ізі, сүйегі қалған атақонысқа деген сағыныш, аңсау жандарын тербейді. Қ. Қасымханұлының «Анамның ақ дорбасы» әңгімесі соның бір әдемі көрінісі болып орындалған. Автордың Оралхан Бөкейдің «Жылымық» туындысын қытай тіліне аударып, ондағы қаламгерлердің жақсы қабылдап, жоғары бағалауын – өрісі кең игілікті ісі деп қабылдадық.

Жас автор Алмат Жалбағайдың «Pitbull» әңгімесінде («ҚӘ», 20 шілде 2025 ж.) үй-күйі жоқ, жұмыссыз жігіттің Алматыдағы сарсаңға түскен сұрқай өмірі суреттелген. Бұл тақырып прозада бұрыннан көрініс тапқан. Шындығында Алматы ауылдан келген қазаққа ешуақытта бірден жылы шырай танытқан емес. Кешегі уақытта үлкен шаһарға жас жігіт болып келіп, кейіннен қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан қаламы жүйрік, дарындылардың өзі баспана зарын бір адамдай тартты. Сол бір қиыншылыққа толы өмір кезеңі кейін олардың туындыларына арқау болып жатты. Өйткені жастық кезеңнің өз романтикасы мен толағай-тасқын жігер-қуаты болады. Үлкен мақсат жолындағы жанкешті еңбек, мөлдір махаббат пен олардың кейін тұрмыстың ауыртпалығына қарамастан шаңырақ көтеріп жатуы, жан-жақтан кездескен таланттылардың бас қосуы– өмірдің ортақ шындығына айналған.

«Pitbull» әңгімесінде де негізгі осы жай: үйсіз-күйсіз жігіттің тірлігі бейнеленеді. Жинаған ақшасына тау қуысындағы ескі, тозығы жеткен жатақханадан алдын-ала бір айға ақысын төлеп бөлме алған. Етектегі алып шаһарға барып, қол жұмыс болса да, күнкөріс жасамақшы. Дегенмен, жас автордың суреттеу объектісіне келуі өзгеше. Кейіпкерін барынша оқшау, тым сұрғұлт, тіпті қорқынышты да жиренішті ортада бейнелеген. Шетелдік әдебиеттерде кездесетін көрініс.Жас жігіттің өмірге түңіле қарауы байқалады. Автор әйтсе де өмірдің осы сұрқай көріністерін түрлі тарапта суреттейді. Оның қожайынды көруі, жатақхана түкпіріндегі күн сәулесі түспейтін күңгірт бөлме, табыт жасаушылармен кездесуі, олардың түн жарымында бөлмеге келіп, жігітті соққыға алуы, Саянмен арадағы әңгіме, ертеңіне таң алакеуімнен қалаға аттануы, тағы басқа жайлар кейіпкердің араласуымен орта шындығын біршама ашқан. Автордың негізгі идеясының бірі – үлкен қалада ауылдан келген қазақтардың көп бөлігініңәлеуметтік жағдайы нашар дегенге келеді. Кейіпкерлер арасындағы диалогтен осы жай аңғарылады.

«- Білесің бе, ана-а-ау Алматыда… — деді ол басын көтеріп, түн қараңғылығында шоқтай жайнап жатқан алып шаһарға көз тастап. – Алматыда бір көше бар… Жо-жоқ, сен ойлағандай, ол Фараби даңғылы емес, сен ойлағандай, Есентай жақ емес, ол басқа көше, онда адамдар… басқаша… Онда көбіне ауылдан жұмыс таппай, қалаға қаңғып келгендер жүреді. Аяқтарынан сыз өткеніне қарамай, қытайдың арзанқол аяқ киімін киеді. Көбінесе, сән қуғандары туфли киеді саршұнақ аязда… Ертең олар қайтып ұрпақ өрбітеді?» — дейдіолар екеуара әңгімеде. Ащы шындық екені рас. Үлкен қалада әлеуметтік жағдайы әркелкі адамдар бар. Қазақ деген халыққа мүлде жат талай іс-әрекеттер,жаға ұстатын жағдайлар болып жатады.

Дегенмен автор оқырманын қорқыныш, сүреңсіздік аясында тұмшалап ұстайды. Дүниенің бәрі күңгірт, сұрқай. Бәлкім, кейіпкердің жолы болмағандықтан шығар дейсің. «Есікті екі бұрап ашқан бетте көгерген әлдененің иісі мүңк ете қалды».«Тышқан иісі сіңіп қалған, тоз-тозы шығып қалған көрпені иегіне дейін қымтанып бірталай жатты». «Жартыкеш ай жап-жарық».«Ұзыннан ұзақ созылған дәлізде кіртиген жарықтан табытты, сол табытта әлдекімнің қарауытқан жансыз денесін байқады». Әңгіме түгелімен осындай сұрқай суреттеуге құрылған. Авторға басқаша жаз деуге болмайды. Әркімнің өз ұстанымы, дүниені көру, тану ерекшелігі бар. Бәлкім, бұл алғашқы туындыларының бірі болар. Әйтсе де, жап-жарық, әсем дүниенің осыншалықты жадау, мәнсіз суреттелуі, шындығы керек, көңілге қонбады.

Қазіргі проза даму үстінде. Күрделі өмір шындығы әр тараптан бейнеленіп келеді. Ешқандай тосқауыл жоқ. Тек өнер туындысының идеялық-эстетикалық талап биігінде болғанын қалаймыз. Қазіргі қиын, алмағайып заманда – ол тарихи, не бүгінгі уақыт тақырыбында болсын – ұлттық рухты шыңдайтын шығармаларды күтеміз. Әдебиет адам жанына ізгілік нұрын себетін, өмірдің мәні туралы ойландыратын ұлы өнер емес пе?!.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *