Қара нар керек біздің бұл іске…
26.06.2018 0 5 425
Мәдина Бәзілжан
Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта
мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Республикалық ғылыми жобалар сайысының,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Ұлан» газетінің ұйымдастыруымен өткен «Журналист болғың келе ме?» атты республикалық байқаудың І орын иегері
Қара нар – ыстыққа да, суыққа да, шөлге де төзімді төрт түліктің бірі. Ал Махамбеттің «Қара нары» – қиындыққа бірге төзетін, қолдау беріп, ауыр жүкті бөлісетін жол серігі. Автор «Қас үлектен туған қатепті, қара нар керек біздің бұл іске» деп өз қолдаушыларына нардай сабырлы, төзімді, қара күш иесі болуды жүктейді. Менің ойымша, Махамбеттің «Қара нарға» артқан жүгіне қазіргі уақытта мен өз тарапымнан Абай үндеген адамгершілікті, Махамбет берген өр рухты, Ахмет дәріптеген ұлы білімді артар едім.
Адамгершілік – әр адамның бойынан табылуға тиіс ұлы қасиет. Адам бойындағы асыл мінездер мен қасиеттерді Абайдай жырлаған, Абайдай жеткізген, Абайдай үндеген жан жоқ, сірә. Абай «Бес нәрседен қашық болуға, бес нәрсеге асық болуға» шақырады, егер де адам болам десеңіз. Ал менің көшбасшым ұлы ақын айтқан бес асыл қасиеттен қашық болмай, асық болса екен. Ұлы ойшыл айтқан бес жаман қасиетке асық болмай, қашық болса екен.
Сонымен қатар, менің көш-басшымның бойында адамгершілікпен қатар өр рух та болуы қажет. Рух – адам жаратылысы болмысының асылы болар. Хайуандарда бұл рух жоқ. Ал өр рухты, шаруалар көтерілісінің жалынды жыршысы Махамбет «Тар қамау» өлеңінде:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті,
Қара нар керек біздің бұл іске, —
деп кесіп айтады. Махамбет өз заманынының «Қара нарына» толарсақтан саз кешіп, қабырғасы қаусап, бір-біріндеп сөгілсе де қабағын шытпайтын өр рухты болуды жүктесе, мен өз «Қара нарыма» нәпсісімен күресіп, жанын тазартып, рухын кемелдендіру арқылы жаратылыстың хикметін тануды жүктер едім. Менің «Қара нарым» өр рухты болып қана қоймай, бәсекеге қабілеті жоғары білімді болуы да тиіс.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Осы қазынаның кілтін ұстаған қазақ елінің маңдайына біткен тарихи қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді» деген екен. «Білім» атты құралды дұрыс ұстап, жақсы жаққа сілтей білген ұста үлкен жетістікке жете алады. Менің де көшбасшым жақсы ұста бола білсе, Қара нар жүгін еш қиындықсыз арқалайтынына сенімдімін. Қазіргі уақытта мен сенім артып отырған көшбасшым, Махамбет айтпақшы «Қара нарым» Абай үндеген адамгершілікті, Махамбет берген өр рухты, Ахмет дәріптеген ұлы білімді қатар көтеріп жүре алар ма екен?! Әрине, ол – талапты, еңберқор, терең ойлы, қанағатты, рақымды, сонымен қатар өр рухты, білім қазынасының кілтін ұстаған бәсекеге қабілетті ұлы көшбасшы. Міне, қазақ елі дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылып, ғұмырлы, тұғырлы ел болып қалыптасу жолында «қас үлектен туған катепті Қара нарым», яғни көшбасшым менің артқан жүгімді абыроймен көтеретініне сенімім мол.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.