ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ЕЛ БОЛАШАҒЫН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУДЕ?

МАЙРА-сайт сурет

Майра АЛДАБЕРГЕНОВА

Мұнай мен газ секілді табиғи ресурстарға арқа сүйеген экономикалық модельдің шегі болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Кез келген мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы сілкіністерге төтеп беру қабілеті оның шикізатты жай ғана қазып алып, шетелге сатуымен емес, сол шикізаттан дайын, жоғары технологиялық өнім жасай алуымен өлшенеді. Дәл осы себепті нақты секторды, соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту – жай ғана экономикалық термин емес, бұл елдің тәуелсіздігі мен әрбір азаматтың әл-ауқатын айқындайтын басты стратегиялық бағыт. Қазақстанда соңғы жылдары қабылданған жаңа өнеркәсіптік саясат осы мақсатқа, яғни шикізаттық тәуелділіктен арылып, индустриялық-инновациялық секіріс жасауға бағытталған.

Жаңа өнеркәсіптік саясаттың негізгі философиясы – тек қана қазба байлықты сатуды тоқтатып, ел ішінде толыққанды өндірістік цикл, яғни қосылған құны жоғары дайын өнімдерді шығару кластерін құру. Бұл процесс экономикада «терең өңдеу» деп аталады. Егер бұрын біз металл кенін немесе мұнайды өңделмеген күйінде экспорттап, кейін одан жасалған дайын құрал-жабдықтар мен пластмасса бұйымдарын сырттан қымбат бағаға сатып алып келсек, қазір бұл үрдіс түбегейлі өзгере бастады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсімін алға сүйрейтін басты қозғаушы күшке – драйверге айналды. Мәселен, тау-кен саласында мұнай мен газ өндірісінің жаһандық шектеулер мен нарықтағы ауытқуларға байланысты біршама бәсеңдеуі аясында, өңдеуші сектор керісінше серпінді өсім көрсетіп отыр. Өңдеу саласындағы өндіріс көлемі жылдан-жылға артып, ел экономикасының құрылымдық тұрғыдан сауыға бастағанын көрсетті. Бұл – экономиканы әртараптандыру, яғни бір ғана мұнайға тәуелді болып қалмау саясатының алғашқы жемістері.

Нақты сектордың соңғы екі жылдағы тыныс-тіршілігіне көз жүгіртсек, елімізде ауқымды индустриялық толқынның жүріп жатқанын байқаймыз. Тек қана 2025 жылдың қорытындысы бойынша республика көлемінде 190 жаңа өнеркәсіптік нысан ресми түрде іске қосылып, өндіріске араласты. Ал ағымдағы 2026 жылы бұл қарқын бәсеңдеген жоқ, керісінше, өнеркәсіп саласында тағы 200 жаңа ірі жобаны іске қосу жоспарланып, олардың басым бөлігі қазірдің өзінде жұмысын бастап кетті. Бұл жобалардың басым көпшілігі (186 жоба) дәл осы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі екенін айту керек. Осы орасан зор зауыттар мен фабрикалар желісі ел экономикасына миллиардтаған инвестиция әкеліп қана қоймай, мыңдаған отандастарымыз үшін тұрақты әрі жоғары жалақысы бар жұмыс орындарын сыйлады.

Бұл өзгерістердің мәнін қарапайым халық тілімен түсіндіру үшін металлургия мен химия өнеркәсібіндегі нақты мысалдарға үңілу жеткілікті. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің қомақты бөлігін қара және түсті металлургия құрайды. Бұрын біз алюминий мен мысты, болатты тек шикі құйма күйінде шығарсақ, қазіргі жаңа индустриялық бағыт осы металдардан халықаралық стандарттарға сай келетін өндірістік дайын бұйымдар жасауды міндеттейді. Осы орайда, Павлодар облысында құны 92,4 миллиард теңге болатын «EkibastuzFerroAlloys» зауытының іске қосылуы қара металлургиядағы үлкен жетістік болды. Бұл кәсіпорын жылына 240 мың тонна ферросилиций шығара отырып, 800-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Дәл осындай бағытта Карағанды облысында да «Qaragandy Power Silicon» (Карағанды кешенді қорытпалар зауыты) іске қосылып, жылына 175 мың тонна ферросилиций өндіруді жолға қойды. Болашақта бұл зауыттың қуаттылығын 600 мың тоннаға дойын жеткізу көзделіп отыр. Ал түсті металлургия саласында Түркістан облысында ашылған «CENTRAL ASIA ALUMINIUM» зауыты жылына 20 мың тонна алюминий профилін шығарып, құрылыс пен өндіріске қажетті отандық материалдар нарығын байытуда.

Металлургияның ең озық әрі заманауи бағыты – сирек кездесетін және өте таза металдарды өндіру. 2025-2026 жылдары Қазақстан баламалы энергетика, авиация және электроника салаларына аса қажетті техникалық селен, жоғары таза марганец сульфатының моногидраты сияқты бірегей өнімдердің ассортиментін кеңейтті. Тіпті жаһандық алпауыттармен офтейк-келісімшарттар жасалып, елімізде галлий мен тазартылған сурьма өндірісі іске қосылуда. Бұл дегеніміз – қазақстандық өнімдер енді әлемдегі ең қымбат электр көліктері мен ғарыш технологияларының құрамында қолданылады деген сөз.

Химия өнеркәсібі де соңғы екі жылда айтарлықтай серпіліс жасады. Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының іргесінде іске қосылған «ЕуроХим-Қаратау» кәсіпорнының күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауыты – жалпы инвестициялық көлемі бір миллиард АҚШ долларына жуықтайтын ауқымды химиялық кешеннің маңызды бөлігі. Жылына сегіз жүз мың тонна күкірт қышқылын шығаратын бұл кәсіпорын отандық минералды тыңайтқыштар өндірісін шикізатпен қамтамасыз етеді. Демек, біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері сырттан келетін қымбат тыңайтқыштарға тәуелді болмайды, бұл өз кезегінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, нан мен өзге де негізгі өнімдердің баға тұрақтылығына оң әсерін тигізеді. Мұнымен қоса, Қарағанды облысында іске қосылған «ТЭМПО-Казахстан» зауыты жылына 250 мың тонна мұнай-газ құбырларын шығарып, мұнай саласының өзін отандық химиялық-металлургиялық өнімдермен қамтуға көшті.

Өңдеуші сектордың ішінде мұнай-химия өнеркәсібі де стратегиялық мәнге ие. Ұзақ жылдар бойы тек шикі мұнайдың көлеміне мақтанып келдік, ал бүгінде мұнайдан жоғары технологиялық полимерлерді алу қолға алынды. Атырау өңіріндегі ұлттық мұнай-химия технопаркінде іске қосылған полипропилен зауыты соңғы уақытта толық қуаттылығына шықты. Осы өндірістің базасында 2025–2026 жылдары полиэтилен мен бутадиен шығаратын жаңа кешендердің құрылысы белсенді фазаға өтті. Бұл зауыттардың өнімі – автомобиль өндірісіндегі пластиктерден бастап, медициналық құралдар мен тұрмыстық тауарларға дейінгі өте кең спектрдің негізгі материалы. Мұнай-химия саласының оянуы елдің шикізаттық келбетін мүлдем басқа, интеллектуалды деңгейге көтеруде.

Отандық нақты сектордағы ең көрінеу әрі халыққа жақын серпілістердин бірі машина жасау, соның ішінде автомобиль өндірісі саласында байқалады. Ұзақ уақыт бойы скептиктер «Қазақстанда өз көлігімізді шығару мүмкен емес, біз тек шетелдік дайын бөлшектерді ғана бұрап құрастырамыз» деген пікірді алға тартып келді. Алайда, соңғы уақытта іске қосылған алпауыт зауыттар бұл стереотипті тас-талқан етті. Мысалы, Алматы қаласында ашылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауыты 182 миллиард теңге инвестиция есебінен бой көтеріп, жылына 120 мың бірлік жеңіл автокөлік шығару қуаттылығына ие болды. Бұл кәсіпорын бір мезетте 3 600 тұрақты жұмыс орнын ашып отыр. Сонымен қатар, Қостанай облысындағы «KIA Qazaqstan» зауыты 131,5 миллиард теңге инвестициямен жылына 70 мың автокөлік шығаруды жолға қойды.

Бұл зауыттардың басты ерекшелігі – жай ғана ірі торапты құрастыру емес, шағын торапты өндіріс әдісіне көшуі. Шағын торапты өндіріс дегеніміз – көліктің шанағын ел ішінде дәнекерлеу, бояу және ішкі компоненттерін құрастыру деген сөз. Осы кластерді толықтыру үшін Қостанайда «KamLitKZ» кәсіпорны іске қосылып, құны 80 миллиард теңгеден асатын екі үлкен жобаны жүзеге асырды: олар жүк көліктері мен арнайы техникаларға қажетті блок цилиндрлерін, картер балкаларын құйып шығарады және оларды механикалық өңдеуден өткізеді. Осылайша, автокөліктің сыртқы қабығын ғана емес, оның ең күрделі темір бөлшектерін де өзіміз құятын деңгейге жеттік.

Машина жасаудың тағы бір маңызды бағыты – теміржол көлігі мен вагондар өндірісі. Атырау облысында іске қосылған «ТексолТранс» зауыты 30,8 миллиард теңге инвестиция құйып, жылына мыңдаған жаңа полувагондар, платформалар, жабық вагондар мен цистерналар шығаруды бастады. Бұл еліміздегі логистика мен тасымал саласының сыртқы вагондарға тәуелділігін толығымен жояды.

Сонымен қатар, энергетикалық және ауыр машина жасау саласы да қарқынды дамып келеді. Орал және Шымкент қалаларындағы трансформатор мен жоғары вольтты электр жабдықтарын шығаратын зауыттар 2025-2026 жылдары көршілес Орталық Азия елдерінің нарықтарын белсенді жаулай бастады. Қазіргі уақытта отандық өнеркәсіп орындары мұнай-газ секторына қажетті жоғары қысымды клапандар, сорғылар мен бұрғылау қондырғыларын локализациялау деңгейін елу пайыздан асырды. Мұның бәрі бұрын шетелдік компаниялар ғана монополиялап келген күрделі инженерлік нарықта Қазақстанның өз сөзін айта бастағанын дәлелдейді.

Агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібі де нақты сектордың ең маңызды тірегі болып табылады. Тек соңғы екі жылда еліміздің әр өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін ірі кәсіпорындар жұмысын бастады. Солтүстік Қазақстан облысында сүт өнімдерін шығаратын және еуропалық технологиямен ірімшік дайындайтын ірі зауыттар ашылды. Ал Ақмола мен Алматы облыстарында құс етін өңдеу мен дайын шұжық өнімдерін шығару кластері кеңейтілді. Бұл кәсіпорындар халықты тек қана отандық, таза әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге ауыл тұрғындарының өндірген шикізатын (сүт, ет, астық) әділ бағамен сатып алу арқылы ауыл экономикасын тікелей қаржыландырып отыр.

Жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалдарының өндірісі де халықты күнделікті қажеттіліктермен қамтамасыз етуде алдыңғы қатарға шықты. Бұрын қарапайым цемент қаптарынан бастап құрылыс әйнектеріне дейін сырттан тасымалданса, қазір жағдай басқаша. Атырау облысындағы «Гранд Материк» кәсіпорны жылына 200 мың дана полиэтилен қаптарын шығаруды бастаса, Шымкенттегі «Sauran Bricks» зауыты жылына 200 мың текше метр автоклавты газоблок өндіріп, отандық құрылыс қарқынын қолдап отыр. Қызылорда облысында ашылған «AynaGlass» зауыты жылына 720 мың шаршы метр құрылыс материалдарын шығарып, ішкі нарықтың сұранысын жабуда. Осы өндірістердің барлығы «импортты алмастыру» саясатының айқын көрінісі. Біз сырттан келетін дайын өнімдердің орнын біртіндеп өзіміздің отандық өнімдермен басып жатырмыз. Мұндай ішкі өндіріс дамыған сайын, теңгенің бағамы да сыртқы валюталарға дес бермей, тұрақтырақ бола түседі, себебі шетелге кететін қаржы ағыны азайып, ел ішінде қалады.

Қазіргі заманғы зауыттар мен фабрикалар – бұл тек түтіні будақтаған ауыр цехтар ғана емес. Бүгінгі индустрияландыру процесі «Индустрия 4.0» тұжырымдамасымен, яғни өндірісті толықтай цифрландырумен және IT-инновациялармен тығыз байланысты. Қазақстанның ірі өнеркәсіп алыптары, мысалы Павлодар мен Қарағанды өңіріндегі зауыттар қазіргі таңда процестерді басқару үшін жасанды интеллект пен цифрлық егіздер технологиясын тиімді енгізуде. Кен орындарындағы ауыр өндірістік техникалар мен экскаваторлардың жұмысы, зауыттағы пештердің температурасы арнайы сенсорлар мен датчиктер арқылы қашықтан бақыланады. Бұл технологиялық шешімдер өндіріс барысындағы қателіктерді нөлге түсіруге, шикізат пен энергияны үнемдеуге және ең бастысы – жұмысшылардың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Отандық IT-компаниялар өндіріс орындарына арналған бірегей бағдарламалық өнімдерді әзірлеп, өнеркәсіп пен ғылымның арасындағы алтын көпірге айналып отыр.

Жаңа өнеркәсіптік саясаттың халыққа тигізер ең үлкен тікелей пайдасы – жұмыс орындарының ашылуы және моноқалалар мен ауылдық аймақтардың қайта жандануы. Тек қана соңғы жылдардың ішінде елімізде жүздеген жаңа өндіріс орындары бой көтеріп, ондаған мың тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бұл жұмыс орындарының басым бөлігі ауылдық жерлер мен Жаңатас, Риддер немесе Балқаш секілді өндіріске иек артқан моноқалаларда ашылып жатқаны демографиялық тұрақтылық үшін өте маңызды. Мысалы, Павлодар облысында құны екі миллиард теңгеден асатын майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылып, жылына отыз бес мың тоннаға дейін күнбағыс майын шығара бастады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында ірі шетелдік инвестиция есебінен жаңа май өңдеу зауыты салынуда. Бұл зауыттар жергілікті шаруалардың өнімін тікелей сатып алып, оны дайын асханалық майға айналдырады. Бұл – ауылдағы диқаннан бастап, қаладағы тұтынушыға дейінгі аралықты жалғайтын, ешқандай делдалсыз жұмыс істейтін нағыз нақты сектордың үлгісі.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау тетіктері де бұл процестің тез жүруіне септігін тигізуде. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мен «Даму» қоры арқылы отандық кәсіпкерлерге төмендетілген пайызбен ұзақ мерзімді несиелер берілуде. Сондай-ақ, жаңадан ашылған зауыттарға алғашқы жылдары салықтық жеңілдіктер ұсынылып, олардың аяққа нық тұрып кетуіне жағдай жасалып отыр. Экономикалық аймақтар мен индустриялық зоналардың инфрақұрылымы – жол, жарық, су және теміржол желілері мемлекет есебінен тартылып, инвесторларға дайын алаңдар ұсынылуда. Бұл шаралардың барлығы бизнес өкілдерінің тәуекелдерін азайтып, өндіріске белсенді ақша салуына түрткі болды.

Әрине, индустриялық даму тек шикізат пен зауыттан тұрмайды, оның ажырамас бөлігі – инновация, яғни ғылым мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу. Бүгінгі таңда республикамызда бұрын-соңды шығарылмаған мүлдем жаңа тауар түрлерін өндіру қолға алынды. Химия өнеркәсібінде сутегі мен натрий сульфатын алу, ал металлургияда сирек кездесетін металдарды тазарту технологиялары енгізілуде. Бұл жобалар зауыттарға цифрлық жүйелер мен автоматтандырылған роботтарды енгізуді талап етеді. Осы ретте отандық инженерлер мен техникалық мамандықтардың рөлі арта түспек. Сондықтан мемлекеттік реформалар тек зауыт салумен шектелмей, техникалық білім беру жүйесін қайта құрумен де ұштасып жатыр. Зауыттардың жанынан ашылған зертханалар мен құзыреттілік орталықтары елімізде жаңа зияткерлік таптың – жоғары білікті жұмысшылар мен өнертапқыштардың қалыптасуына жағдай жасауда.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның нақты секторындағы, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі бүгінгі реформалар – бұл ұзақ мерзімді экономикалық егемендіктің негізі. Мұнайдың бағасына қарап елеңдеген экономикадан өз зауыттары, заманауи автомобиль кластері және жоғары технологиялық өндірісі бар қуатты мемлекетке айналу процесі басталды. Салынған әрбір жаңа зауыт, өңделген әрбір тонна отандық шикізат және ашылған әрбір жұмыс орны елдин ішкі тұрақтылығы мен әрбір қазақстандықтың болашаққа деген сенімін нығайтады. Өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты да осы – шикізат құлдығынан құтылып, өз күшіне сенген, бәсекеге қабілетті ұлттық экономика құру.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *