ШАҒАЛА-ҮМІТ ШАРҚ ҰРЫП ЖҮР КӨГІҢДЕ…

Бауыржан Мырзақұл-сайт+

БауыржанМЫРЗАҚҰЛ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері

 

ҚАЖЫ-ТАРХАН

Қажы-Тархан,
Соққан жоқ жолай балаң,
Ат шалдырдым өзің деп.
Қалағанда іргеңді Ноғай бабам,
«Қалсын, – деген, – көзім боп».

Қажы-Тархан –
Қаласы қажылардың,
Һәм ордасы Тарханның.
Наз қылығын көңілге жазып алдым,
Қылымсыған қалқамның.

Қажы-Тархан,
Еділдің еркесі едің,
Қазтуғанның аңсары.
Мен – Нағанай ұрқының серкесі едім,
Тірлігім бар қанша әлі.

Қажы-Тархан,
Көз тартқан мешіттерің,
Күмбездері күмбірлі.
«Тарих-и Астархан» – есіткенім,
Арқау еткен мың жылды

Қажы-Тархан –
Батудың батылдығы,
Хан Беркенің дүлділі.
Ашылғанда Саифтың ақындығы,
Ол – «Гүлстан» бұлбұлы.

Қажы-Тархан –
Хан Өзбек момындығы,
Аталығы Сейіттің.
Жәннат болғай бабамның көрімдігі,
Кебін киген шейіттің.

Қажы-Тархан,
Алтынның сынығысың,
Тұяғысың асылдың.
Өкініштен өртеніп, ұлып ішім,
Өткеніме бас ұрдым.

Қажы-Тархан,
Қол бұлғап тауарихтан,
Сен сәруар үн қаттың.
Үмітім бар атар деп ағарып таң,
Күндей күлші, қымбаттым!

Қажы-Тархан!!!

ЕДІЛМЕН СЫРЛАСУ

«Еділ» дедім, ол маған «егіл» деді,
Басып тұрып пернемді көңілдегі…
Көгіңдегі қара бұлт – қайғың шығар,
Қабырғасы ол бұлттың сөгілмеді…

Қабырғасы ол бұлттың қақырамай,
Күн күлмейді көгіңнен асыл арай.
«Ақ Еділім», күлімдеп, жадырашы,
Алабұртып, түнеріп, жасыма олай…

Жасыма олай, жанымды елжіретіп,
Шаттығымды жібердің селдіретіп.
Едігедей етікпен су кеше алмай,
Жүргеніме кім сенер ерлік етіп.

О, Еділім, қарағым, қаралым-ай,
Қазтуғандай жүрегі жаралым-ай.
Кейбір патша секілді кердеңдесем,
Еділ патша секілді қарадың-ай.

Сен қарадың тереңнен қарауытып,
Алғандайсың қасірет, нала жұтып.
Шемен-шемен шеріңді қозғадым ба,
Төбемдегі қалыңдап барады бұлт.

О, Ұлы су, толқынып тебіренген,
Мен – қыпшақпын, ноғаймын еміренген.
Орда құрған хандардың ұрпағы боп,
Қалай ғана езіліп, егілем мен.

Уа, Еділім, жағаңда жыр оқылды,
Көріп тұрмын: кім жылап, кім өкінді…
Қара бұлтты түндіктей түріп тастап,
Жалын жырмен жағайын бір отыңды.

Еділім!!!

ЕСКІ СУРЕТ
(Жұмабайдың Мағжанына)

Сурет бар менде ескірген,
Жүрексіз уақыт кімді аяр?!
Бояулар оңып кескіннен,
Ұқтырды сырлы бір баян:

Өй, мынау сері, сал ақын!..
(Өзіңе мәлім ар жағы.)
Еңбектің таптым дәл атын:
«Жұмабай шалдың Мағжаны».

Түсірер еске Түркіні –
Өмірі – бұйра шашындай.
Ниеті – көздің кірпігі,
Көптігі – соқа басындай.
Толған Ай бейне түр-түсі,
Көңлінің ағы – жағасы…
Аруларға арман – күлкісі,
Керімсал, кербез – қарасы.

Ұяты бетін маздатқыр,
Жалыны сумен өшпегір.
Төгіліп кете жаздап тұр,
Жүзінің мөлдір қос көлі.

Қайшылап қасы маңдайын,
Жазмышқа қатпақ өктем үн.
Азапты татып балдайын,
Еріні еске алды өпкенін.

Керілген иық, иекпен,
Қыранның сенсің қағаны.
Мағжанға тағдыр сый еткен,
Абайдың жанын жаралы.

Сағынған сорлы анасын,
«Мұңлық пен Зарлық» күйісің.
Сен, әттең, сурет ғанасың,
Сезе алмас жусан иісін!

АЛИШЕРШЕ ШЕРЛЕНУ
немесе
НАУАИҒА НАЗ

…Сөз қандай-ды жатқа айтатын бүткіл ел,
…Армен ғана ұпайыңыз түп-түгел.
Бала Алишер бәйітіне таң қалған,
Ләйлі көрген Мәжнүн мысал Лүтфи дер:

«Бала Алишер, бәйітіңе мына бір,
Жанмын түпсіз құзға-дағы құлағыр!
Мендей қарттың ғұмыр бойғы жазғанын
Ал да маған бұл сөзіңді мұра ғыл!».

P.S.

Енді мен де жылдар өтіп сөз алам,
Кешір мені, тақуашыл, Өз-ағам!
Науаидың нәйін тұрмын шалғым кеп,
Гүл бағымнан естілсін деп гөзәл ән.

О-о, Науаи, сенсің терең теңізім,
Ақиқаттан бастау алған негізі.
Парсылардың алты ақыны бір төбе,
Мен – өзіңмен бір тумаған егізің.
О-о, Науаи, нәтімді ұғар кім менің!
Сен де, мен де – орылмаған сынды егін.
Хаямдардың қайғысына ортақ қып,
Дәруіштікке салған бізді мұң ба еді?!

О-о, Науаи, о, Науаи, Науаи,
Сен секілді бола алмадым бала би.
Көңілімнің күмбезінен шарқ ұрып,
Ғазалыңдай сыңсып ұшты нала-күй.

Махбүбыңның қаққанына бір күлім,
Шып-шырайлы еттің тілін Түркінің.
Хафизбенен сенің пірің кім өзі ол,
Жұрттан ерек білген сөздің қыр-сырын.

О-о, Науаи, мұқалмасын қаламым,
Суалмасын жүректегі «шарабым».
Сұлу сөзбен тұрғызайын сен құсап,
Ғашықтықтың мұнаралы қамалын.

…Сөздерімді-ай, ішімде өлген кіл қыршын!
Алишердей болсам ғана жыр жырсың.
Қайран, дана Алишерді көргенде-ай,
Лүтфи шалға не боларын кім білсін?!

ТІЛ ЗАРЫ

Түркі тілім кем емес араб тілінен,
Сөздерімді көріп ем санап күнімен…
Солмен ойлап, солмен жеп, солдан оқитын,
Ұсқыныма бүгінгі қарап түңілем.

Көне түрік жазуы да оңнан оқылған,
Оны оқитын бүгінде бар ма оқырман?!
Малғадағы өзіндік таңба бастырдым,
Төлтаңбасыз жұртымды-ай
сорлап отырған!..

Латынға бір көз тастап, криллді қимай,
Неге сонша маңдайға сызылды шимай?!
Бес мың жылын сөйлеп тұр қытай жазуы,
Бес күн үшін көңілім бұзылды тым-ай!

Көне бітік тастарда – ерлігім қалған,
Сол кездегі етемін елдігімді арман.
Әл-Фараби мен Ахаңның арасындағы,
Мың мұрамды демекші енді кім жалған?

Табын сүйіп қолыңның қолжазбадағы,
Бабаларым-ай, мен сөйтсем ол қызғанады…
Дешті-Қыпшақ тілінде көсіліп тұрып,
Барып қайтқым келеді сол кезге тағы…

Түрік оғлан жат тілде шүлдірлемесін,
Мұқым халық қазақы үлгімді елесін.
Оғыз қаған бабамның зәузәті едім,
«Оғыз-намадан» соны
оқып білдің бе, досым?

Осы уайым күні-түн алған мазаны,
Ауыр екен бұл дерттің сордан да азабы.
Уа, Тәңірім, тілімді тұғырлы еткейсің,
Үшбу тілек ақынның арман ғазалы.

БАР МЕН ЖОҚ

Мен ешкімге таңқалмайтын боп алдым,
Өзіме де таңқалмайтын боп алдым.
Еш хабарсыз кеткен досым секілді,
Өзімді іздеп, өз-өзімнен жоғалдым.

Жоғалдым да, өз-өзімді таба алмай,
(Ол да мені жүрген шығар таба алмай)!
Жоқты-барды сөз етемін кей-кезде,
Жоқпен, бармен өз-өзімді тағы алдай.

Неткен әсем – алақанға қар қону,
«Ериді» деп, оны аялау – ар қору…
Қандай жаман – бар боп тұрып жоғалу,
Қандай жақсы – жоғалсаң да – бар болу.

ЖЕРГЕ ОДА

Мен саған қарап тұрмын мың ойменен,
Көзім күліп, тіл байланып.
Төлеген Айберген

Жер!..
Сенің алақаның – дархан далам,
Тауларым – жұдырығың тас түйілген.
Білегін иығыңа арта алмаған,
Базарын тарқатар бұлт басқа ырыммен.

Жер!..
Сенің мөлдіреген көл – жанарың,
Тулаған бойыңдағы қан – өзендер.
Көбейіп әжіміңдей жол барады,
Өзгеріс бәрімізге тән ежелден.

Жер!..
Сенің күрсінісің – жаз аптабы,
Қысқы аяз – ашуыңның асқынғаны.
Маусымдар – мінезіңнің ғажаптары…
Деміңді-ай!
…көзімдегі жас құрғады.

Жер!..
Сенің нұр емдірген Күн – биең-ді,
Жайлауың – көк аспаным көмкерілген.
Үр жүзің ұсайтындай гүл-гүл өңді,
Арқама айырылған жон терімнен.

Жер!..
Сенің құпияңды жар салды ақын:
«…Өзіңді тану үшін Хақты ұғын», – дер.
Бейнеттің таттыр маған бал шәрбатын,
Денеңнің дәнді өсірген дәстүрін бер.

Жер!..
Сенің үстіңдегі ер ісінің,
Асылдан ішіңдегі зор бағасы.
Жер!..
Сенің бұтағыңның жемісімін,
Жатсынбас тістеріңді алма – басы…

Жер!..
Сенің жан-діліңді жоқ десе де ел,
…Өтермін осы өмірдің отын ұстап.
Маңдайым ерініңді өппесе егер,
Жағдайым махшардағы өкінішті-ақ!

Жер!..
Сенің таусылған күн бар несібең,
Кетпегін ат қағынан жеріген боп.
Ұстап ап Айдың қолы – сәулесінен,
Жүре бер жұлдыздардай серуендеп!

СУ АСТЫНДАҒЫ ҚАЛА

Мына теңіз астында қорым қалған…
Есенғали Раушанов

…Иә, рас!
Теңдесі жоқ Тұранда,
Халқы Құдай атын қосқан ұранға,
Дүниенің төрт бұрышын жалғардай,
«Төрт қақпалы» қала болған бұ маңда.

«Шардара» атты шаһар болған бұ маңда,
Ал, бүгінде сіңіп кеткен «тұманға».
Қарғыс атқан қауымдардай боп бәлкім…
(Жо-жоқ олай, берілме ойым күмәнға!)

Қойнауында қалсаң-дағы теңіздің,
Құтты дияр, сен – ардағым, сен – ізгім!
Көңіл күйің толқытуда су бетін,
Келер күннен келмейтіндей қол үзгің.

Шағала-үміт шарқ ұрып жүр көгіңде,
Шақырардай қайта орал деп өмірге.
Жағалауда бетті сипап мен тұрмын,
Мына көлді – көрім емес, төрім де!

Не болар ең бұл өмірді көп сүрсең?!
Сен сондықтан пәктік үшін төктің тер.
Сезім – қармақ, сыры мынау аулаған:
«Атлантида» кебін киген жоқсың сен!

ЖҰБАТУ
(Ақын қарындасыма)

Жыладың неге жан-қарындасым,
Жүрегімді әлсіз жаралап тегі.
Үмітіңді үзбей, арманыңды асыл,
Тексіздер әділ бағалап па еді?!

Жасың тый, қалқам, жабырқай берме,
Болмасын десең ағаң да сендей.
Тең құрбың түгіл таңырқайды ел де,
Ойқастаса отың жанарда сөнбей.

Жыламашы енді, жыламашы енді,
Көзіңді мойыл мысықша тырнап.
Жыламай үнсіз тұра ма шерлі?!
Сырыңды жақсы кісі ұқса тыңдап.

Қарындасым-ау, қарлығашым-ау,
Сіңлісі – сенсің – Әлиялардың.
Басыңа тағдыр салды ма сынау,
Жүрегіңді онда зар ұялар мың.

Қарындасым-ау, жанымыз ұқсас,
Жұлдыздардайын жамырар түнгі.
Күл болып көкке тәніміз ұшпас,
Ерттесек біздер жалы бар Күнді.

Қарындасым-ау,
көңіл – желкенін көтеріп,
еңбек – ескегін ескін…
Қарындасым-ау,
Өмір – көркем үн…
Өмір – қас-қағым, өтпелі бес күн!

Көз жасын көптен жасырып өткен,
Болсаң, дер едім, қарындасым-ау:
«Аллаға керек асылық етпеу,
Ағаңа керек жаның жасымау.

…Әй, менің, қайсар қарындасым-ау!

АЛТЫН ҚИМА: 1,61803…

Алла әлемді жаратты
«Алтын қима» мәнімен,
Осы мәнді көресің –
Аспан, Жердің – бәрінен…

«1» және «6», «18», «0», «3» деген – әсілі,
Жаратқанның мөрі мен
Ғаламзаттың асылы.

Тәңірінің еркінде ашам десе хақ сырын,
Тыңдаңыздар, хикметлі
«Алтын қима» тәпсірін:

«1» – Алланың сипаты – Жалғыз,
Дара, Серіксіз,
Әміріне барлығы бағынады еріксіз.

Ғылым заңы бойынша «бірден»
кейін үтір сал,
Жаратушы, өйткені,
«бөлінбейтін бүтін сан».

«6» деген – Құранда келетұғын
«алты күн»*,
Біз айтпаймыз Інжілдей:
«Жетінші күн ал тыным»**.

Ал «18» дегенің – он сегіз мың ғалам-ды,
Құдіретімен Алланың
алты күнде жаралды.

Күллі ғалам жоқтықтан
пайда болды – «0» деген,
(Нөлге қарай ұмтылсаң
«мән» боласың өлмеген…)

«3» дегенің – үш бөлік жаратылыс тайпасы,
Санамалап берейін, айт дегенде, айташы:
Әрқайсысы алты мың –
жәмадат пен нәбәтат,
Һәм мақлұқат*** – деп дәйім
жауап берем дәл атап.

«Алтын қима» мәнінің
алты санын қосыңыз:
«19» деп шешімін, келсін көңіл қошыңыз!

* «Һуд» сүресі, 7-аят: «Ол (Алла) аспан әлемі мен жерді алты күнде жаратты…».
** «Жаратылыстың басталуы», 2 (Ін-
жіл): «Құдай жүргізген жарату жұмы-сының бәрін жетінші күні аяқтап, сол күні еңбек етпей демалды».
*** Алты мың жәмадат (адамзат, ұлт), алты мың нәбәтат (өсімдік), алты мың мақлұқат (тіршілік иелері).

МҰСТАФА (с.ғ.с.)!

Адамзаттың асылысың – Мұстафа!
Ғаламзаттың асылысың – Мұстафа!
«Хабибім» деп өзі сүйіп ұнатқан,
Ұлы Алланың асығысың – Мұстафа!

Жүректердің шаттығысың – Мұстафа!
Тілектердің тәтті үнісің – Мұстафа!
Адамзаттың маңдайына Сен біткен –
Солмайтұғын бақ гүлісің – Мұстафа!

Өмірің де өнегелі – Мұстафа!
Тағдыр неткен шебер еді – Мұстафа!
Қаңсып қалған қу медиен шөл дала,
Сен дегенде көгереді – Мұстафа!

Екі әлемнің сардарысың – Мұстафа!
Момындардың арманысың – Мұстафа!
Қасиетті Құран жолын нұсқаған –
Туралықтың бағдарысың – Мұстафа!

Пайғамбарлар мөрі де өзің – Мұстафа!
Көңілдердің төрі де өзің – Мұстафа!
Ескерту мен сүйіншіңді жеткіздің,
Ақиқатты көріп өзің – Мұстафа!

Нәбилердің имамысың – Мұстафа!
Мұсылманның иманысың – Мұстафа!
Жан серігің сахабалар дін үшін
Ғазиз жанын қиғаны шын – Мұстафа!
Үстем сіздің құрметіңіз – Мұстафа!
Сізге еру міндетіміз – Мұстафа!
Сансыз сәлем, салауатын жолдайды,
Сағынышпен үмбетіңіз – Мұстафа!

Бәрі сіздей асық болсын – Мұстафа!
Сезімдері тасып-толсын – Мұстафа!
Хаққа ғана ғашық болсын – Мұстафа!
Кәусар суын қолыңыздан ішейік,
Шапағатың нәсіп болсын – Мұстафа!

МӘЖНҮННІҢ МҰҢЫ

Мені есі ауған делқұлы, мәжнүн дейсің,
Ғашықтықтан жынды боп қалған ба ағаң?!
…Ит табанын сүюге мәжбүрлейсің,
…Ләйлісі үшін Қайыстай* арланбаған.

Жетпес еді-ау мүлкі де Ескендірдің,
Жету үшін өзіңдей арманға адам.
Сұлтандарды меңіңмен сескендірдің,
Қос қаладан қымбатсың, қарғам, маған.

Дауысыңнан естілді жаңғырып бір,
Бұлбұлдардың бақтағы байырғы әні.
Сұлулығың талайды таң қылып тұр,
Шабыттанды шығыстың шайырлары.

Ғашық болғым келеді мәңгілікке,
Бақыттардан баянсыз бас тартамын.
…Мәңгірікпе!
…салынба әңгілікке,
…Троялар шықпасын тас-талқаның.

Күнімбісің нұр төккен көгімдегі,
Жұлдыздарсың көп сыры ашылмаған.
Неге бәрі сорғалап төгілмеді,
Аптығымды қайтейін басылмаған.

Мені есі ауған делқұлы, мәжнүн дейді ел,
Ғашықтықтан жынды боп қалғандаймын.
…Ит табанын сүюге мәжбүрлей бер,
…Ләйлім үшін Қайыстай арланбаймын.

* Қайыс – «Ләйлі-Мәжнүн» дастанынын-дағы Ләйліге ессіз ғашықтықтан мәжнүн (жынды) атанған араб жігіті.

 

…ҚОЛЫМДА ЕМЕС ЖҮЗІГІ СҮЛЕЙМЕННІҢ

Тым болмаса, түссе көктен бір жүзік,
Кигізер ем, шіркін, ана біреуге…
Бауыржан Бабажанұлы

Дидарың деп күн кешсем диуаналық,
Дала кезген боп кетем дәруішің.
Қалыңдықты іздемен Хиуа барып,
Жыр жаза алман ақсайтан ару үшін.

Үр сезімнен несіне үрейлендім,
Мен аңсаймын көктегі «Бақшаны ұлы»!
…Қолымда емес жүзігі Сүлейменнің,
Кеткен оның келмеске патшалығы.

Таң сәріден тамылжыр тарап тәтті ән,
Кетсінші енді кеудемнен жосыла мұң.
Кемсеңдеумен күнұзақ «шарап» татқан,
Алқасына Хаямның қосыламын.

Төбемде әні-і, тыраулап барады ұшып,
Тырналардың көш түзеп тізбектері.
Мәйханада отырмын «шарап» ішіп,
Көңіліме білінбес күз де өткені.

Құжыраңнан киелі қашықтар кім?!
Бәтуасыз байламға бас сорламақ.
Қиссасына қанықтыр ғашықтардың,
Жанарымнан таусылсын жас сорғалап.

Дала кезген боп жүрмін дәруішің,
Дидарың деп күн кештім диуаналық.
Жыр жазамын жәннаттық ару үшін,
…Балдан тәтті жесем ғой миуаны алып!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *