М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Базаралы бейнесі
Нақыпбек Садуақасов,
заңгер-құқықтанушы, публицист
Халық қамын ойлаған — Саралықтың белгісі.
Қандайда болмасын тарихи кезеңдерде қоғам тек көшбасшыларға ғана емес, қарапайым адамдарға да сүйенді. Халықтың адал және батыл ұлы — бұл жоғары әлеуметтік мәртебеге немесе байлыққа ие емес, тек биік моральдық принциптерді басшылыққа алатын отаншыл ұлтжанды тұлға. Мұндай адам ар-ұжданмен өмір сүреді, шындықты басшылыққа алады және басқалардың есебінен пайда іздемейді. Оның басты күші — шынайылық пен шыншылдық, ішкі адалдық және еңбек адамдарына деген кұрмет пен қамқорлық. Қашанда қоғам өмірінде мұндай адамның маңызы зор: ол үлкенді-кішіге үлгі болар келісті жан қатарына жатады. Бұндай бейнені зерттеу тарихтың қозғаушы күштерін түсіну және моральдық бағдарларды қалыптастыру үшін мейілінше маңызды. Күмән мен сенімсіздікке бой алдырған қоғамда ондай еразамат нықтылығы, нақтылығы мен табандылығы арқылы басқаларға дағдарысты жеңуге, адасудан ада етуге тырысады. Ол қашанда әділетсіздікке қарсы тұруға, жауапкершілікті өз мойнына алуға және жөнсіз де заңсыз қысым жасаушыларға қарсы тұруға дайын. Адал пиғылына берік тұлға өзінің әділетті шыншылдығымен қоғамның игілікке деген сенімін нығайтады. Ол ізгіліктің не екендігі туралы қоғамдық түсінікті қалыптастырады, турашылдық пен әділеттіліктің күшіне сенуге ықпал етеді. Халық арасынан шыққан ақылды, адал әрі батыл адам — елдің рухани тірегі, әділдіктің жаршысы. Оның өмірі мен ісі қоғамды дұрыс жолға бастайды, ал осындай тұлғалар бар жерде әділдік пен сенім жоғалмайды.Тарих халық ортасынан шыққан, өмірін қарапайым еңбекшілердің құқығын қорғауға, әлеуметтік әділеттілікке және езгіден азат етуге арнаған талай көрнекті тұлғаларды біледі. Ежелден қалың халықтың ауызына ілігіп, сүйікті каһармандарына айналған әйгілі Спартак, Робин Гуд, Жанна д’Арк, Вильгельм Телль, Махамбет, Сырым Датұлы, Махатма Ганди, Нобель сыйлығының лауреаттары Мартин Лютер Кинг, Нельсон Мандела және тағы басқаларды атауға болады. Олар халықтың әділеттілік, теңдік және билеушілердің озбырлығынан қорғану туралы арманын жүзеге асыруға бар күш-қуатын сарп еткен тұлғалар. Ал қазіргі дүрбелең заманда, әрқилы келеңсіз сенім-түсніктердіңжетегінде жүргендергебайланысты, мұндай адамдарға деген қажеттілік арта береді, өйткені олар қоғамдағы ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін биікке көтеруге бар күшін салады.
Осыған орай, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Базаралы бейнесі халықтық рухтың иегері ретінде көркем сомдалған, қарапайым еңбеккер-кедейлердің мүддесі үшін күрескен, әділетсіздікке қарсы тұрған қайсар да алып тұлғалардың бірі. Ол халық арасынан шыққан, әділет үшін күрескен батыл да ер адам. Жазушы Базаралыны былай сипаттайды: «…ол әрi сымбатты, сұлу, әрi шешен жүйрiк. Жiгiтек ортасы мақтан еткендей, атпал азамат, атан бiтiмдi жiгiт едi. Ерлiк мықтылығы да сай». Базаралы қарапайым халықтың өкілі, бірақ рухы биік, әділет үшін күресуге қашанда дайын тұлға. Ол өзінің адами ұстанымына байланысты былай дейді: «…-Мен өз басымның қамын жегенім жоқ, елдің сөзін айттым». Бұл кейіпкер арқылы 19 ғасырдағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік, бай мен кедей арасындағы қайшылық және қарапайым халықтың тағдыры кең де терең бейнеленген. Базаралының бойындағы басты қасиеті — оның халықшылдығы. Ол бай-жуандардың, үстемділердің озбырлығына қарсы тұрып, кедей-кепшіктің сөзін сөйлеп, олардың мүдделерін қорғайды («…-Айтпасақ, іште кетеді. Шындықты біреу болса да айту керек»). Ол күнделікті өмірде игілікті мақсатына жету үшін табандылық танытатын қайтпас қажырлы, ісіне өжет, әрекеттеріне әділ, қиындықтарға мойымайтын тұлға. Оның шыншылдығын романның мына эпизодынан аңғаруға болады. Өз әкесі Қауменге ол: “…– Оған қарама, маған қара! Менен сұра! Әнеугүнгi Майбасар жылқысы мен өткен түнде алынған Ырсай жылқысының ұрысы табылды. Ұрысы — тап мынау отырған сенiң ұлың Балағаз, – дедi.” Бұнымен Базаралы туған інісінің қылмысын ашып, оны әшкерілеп отыр. Базаралы ешқашан шындықтан таймайды, тіпті сол үшін қуғын-сүргінге ұшыраса да, өз мақсатынан бас тартпайды. Бұл қасиеттер оны қарапайым халықтың шынайы өкілі ретінде танытады. Ол кесапат, қыңыр байлардың озбырлығына қарсы тұрған, өз намысын, ел намысын қорғаған өжет адам. Оның пайымының басты сипаты әділеттілікке ұмтылу. Ол ешқашан зорлық-зомбылыққа бас имейді, керісінше, әділетсіздікке қарсы ашық күреске шығады. Бұл қасиеті оны қарапайым халықтың сүйікті кейіпкеріне айналдырады. Тіпті оны жақтырмайтын пенделері оған таңырқап, бойындағы ерекше қасиеттерін мойындауға мәжбүр (“…Құнанбай …Нұрғанымға қарап: …– Шіркiн Базаралы! Бұл өңiрдiң жiгiтiне бiтпеген сыртың мен нұрың бар. Iшiңде жатқан тұнық мөлдiр сырың да бар. Тек сорлы жазған, қарымы шолақ Қауменнен несiн тудың екен? – дедi. Қызығып та, қызғанып та сөйлеген сияқты”).
Базаралы тек қара күштің иесі емес, сонымен қоса, өмірінің мақсат-мәні етіп әділдікке бет алған тұлға. Ол ел ішіндегі зорлық-зомбылыққа, әсіресе Құнанбай әулетінің кейбір қаталдығына қарсы тұрып, халық мүддесін қорғаушы ретінде бой көрсетеді(“…Базаралы бұл келiсiнде Құнанбайдың қабағын бағайын деп келген жоқ. Отыра сала, сөзiне кiрiстi. … Базаралының әуелгi айтқаны Тәкежан қылығы туралы. «-Елдiң жазықсыз кәрiсiн, жетпеген жасын қосақтап тiзiп, сорлатқалы жатыр. Құнанбайды кәртайды, естiмейдi дей ме, болмаса тұғырдан тайды, әмiр құдiретi жүрмейдi дей ме? Осындай әкенiң көзi тiрiсiнде, сол Тәкежан, Майбасардың соншалық iске батылы қайтып барады?» деп, сұрау салды”). Құнанбайдың Базаралы айтқан уәждерінен кейін алған шынайы әсері: “…Жас жiгiт, адалдық ақтығымен өктеп тұр.”
Базаралының күрескерлігі оның мінезіндегі батылдық пен турашылдықтан туындайды («…Елге қиянат қылғанды мен жақтамаймын. Қара халықтың да наласы бар»). Ол тек күрескер ғана емес, сонымен бірге терең ойлайтын, өз өмірінің мәнін түсінуге тырысатын адам ретінде көрсетіледі. Оның ой-толғаныстары арқылы кейіпкеріміздің жан дүниесін, халық тағдырына деген жанашырлығына көзіміз жетеді. Ол өз тағдырынанда халықтың тағдырын жоғары қояды («…Елді жеген үстемдерге қарсы тұру – менің парызым»). Осы арқылы оның рухани биіктігі, азаматтық болмысы айқын ашылады.
Роман-эпопеяның бас кейіпкері Абай мен халықшыл Базаралының арақатынасы да мейлінше терең де “анық та қанық” суреттеледі. Абай оның бойындағы адалдықты, әділдікті жоғары бағалайды. Екеуін жақындастырып, біріктіретін ортақ мақсат — халыққа қызмет ету, ел ішіне әділдік орнату. Абай болыс ағасы Тәкежанға ашына: “…-Қажет болса, құшыр да жиям. Халық қырылар болса, амандығым садаға!”- дейді. Базаралы Абайдың ой-талпынысының халық арасындағы тірі көрінісі іспетті. Абай мен Базаралы арасындағы қарым-қатынас ерекше мәнге ие (“…– Мен қазiр мынау ұлық үйiне кiремiн. Базаралыға қамшы жұмсаса, қарап қалуға болмайды. Жазықсыз азамат басына қорлық таңба соқтыра алмаспыз.”). Абай Базаралының шынайы болмысын, оның әділет үшін күресін түсінеді және іштей қолдайды. Бұл Абайдың халыққа жақындығын, әділдікке деген көзқарасын танытатын маңызды тұс. Абай: “…– Базеке, адалыңа ара түспесем, азамат болам ба? Тәкежанның күшi елде емес, қалада екен ғой. Ендеше алдағы күндi сол қалада сынайық. Мен ертең Семейге жүрем! Осы iстерiн аяқтағанша жоқшының бiрi мен боламын!– дедi”. Базаралы Абайға мейлінше ырза боп, шын пейілді сүйсiне қарайды. Базаралы арқылы Абай да ел тағдырын, әлеуметтік теңсіздікті тереңірек ұғына түседі. Оның Абайға деген құрметі ерекше. Базаралы Абайды жасы үлкен ақылшы аға, дарынды ақын, ұлағатты ұстаз ретінде ғана емес, халықтың қамын ойлайтын әділ тұлға ретінде бағалайды. Осы тұрғыда ол Абайдың идеялық серігіне айналады. Базаралы мен Абайдың қарым-қатынасы жай ғана таныстық емес, өзара құрмет пен рухани жақындыққа құрылған терең байланыс. Базаралы бейнесінің тағы бір маңызды ерекшелігі -Абаймен рухани үндестігі. Екеуін де ой-пайымы – әділдікке деген ұмтылыс, халық қамын ойлау. Бұл қатынас тек жеке достық деңгейінде ғана емес, халық тағдыры, әділет, теңдік мәселелеріндегі ортақ көзқарастар арқылы көрінеді. Абай оны түсінеді, қолдайды, ал Базаралы Абайдың адамгершілік ұстанымдарын да құрметтейді. Абақты iшiнен Абайды көрiп шыққан соң, бұл жөнiнде Базаралы: «…-жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет дедi-ау Абай, ақылыңнан айналайын!» …Жолдасын таппаған ер азады, басшысын таппаған ел азады, десе болады. Жолдасты да басшыны да тауып мерейiм асып тұрған күнiм осы! Байлау бiреу-ақ. Не Абайды аман шығарып ап, күле жайнап бәрiмiз елге қайтамыз. Немесе Базаралы бас қияды да, осыдан ел бетiн көрмей айдауға кетедi. Қиянға кетедi. Тек, өкiнбей кетедi бұл жолы! – деген.” Абай Базаралыны ерекше бағалайды, оның шыншылдығын, батылдығын, адалдығын жоғары көреді. Базаралы да Абайды тек билеуші топтың өкілі ретінде емес, халықтың жанашыры, ақылгөйі ретінде құрметтейді. Бұл жерде әлеуметтік айырмашылықтар олардың достығына кедергі болмайды, керісінше, оларды бір мақсатқа біріктіреді. Базаралының басына қиындық түскен сәттерде Абай оған моральдық тұрғыдан да, кейде іс жүзінде де қолдау көрсетеді. Бұл Абайдың тек сөзбен емес, іспен де әділеттілікке қызмет ететінін дәлелдейді. Ал Базаралы өз кезегінде Абайдың сенімді тірегі, халық ішіндегі күрескер күші ретінде көрінеді.
Бұл қатынасты бірнеше қырынан қарастыруға болады. Базаралы кедей, күрескер, әділетсіздікке қарсы тұрған қайсар адам. Ал Абай әлеуетті болыс тұқымынан шыққан, білімді, ойшыл, кемелденген тұлға. Олардың қоғамдағы орны әртүрлі болғанымен, екеуін жақындастыратын нәрсе шындық пен әділеткеадалдық. Абай Базаралының бойынан халықтың шынайы үні мен батылдығын көреді де, былай дейді: “…– Есiл Базеке-ай, осындай найза тiлiң барда, сенен қазақтың қамшысы түгiл, мылтығының оғы да өтпес-ау!”. Базаралы Абайды тек болыс әулетінің өкілі ретінде емес, ақылды, әділ адам ретінде бағалайды («…-Елiм безсе де, сен безбепсiң. Бүгiнгi Тобықтыда кiсi болса, ол сенсiң ғой, Абай.”). Ол Абайдың әділет жолындағы ойларын түсінеді. Ал Абай Базаралыны «қара халықтың намысын жыртқан ер» ретінде жоғары қояды. Бұл олардың қарым-қатынасындағы теңдік белгісі. Екеуі де ел ішіндегі зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке қарсы. Базаралының тағдыры, айдауға кетуі, күрескерлік рухы Абайға қатты әсер етеді. Ол арқылы Абай халықтың шынайы ауыр өмірін тереңірек түсінеді. Абай Базаралыға тек қолдау көрсетіп қоймай, оған рухани тірек болады. Оның әділеттілік туралы ойлары Базаралының күресіне мән береді, бағыттайды. Абай iшiнен: «…Шiркiн, Базаралы оқыған болса, бiр Тобықты емес, бар қазақтың осындай мұң-мұқтажына алтын бергек, асыл дiңгек болар едi-ау!» деп ойлады”. Базаралы мен Абай қарым-қатынасы екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан адамдардың ортақ мұратта тоғысуының көрінісі. Бұл байланыс романның басты идеяларының бірі: халық пен зиялы қауымның бірлігі, әділет үшін күрес тақырыбын терең ашады. Базаралы озбырлыққа қарсы тұрып, бай-жуандардың зорлығына қарсы шыққан адам ретінде бейнеленеді. Ал Абай ойшыл, ағартушы, халықты білім мен мәдениетке жетелеуші тұлға. Екеуінің жолы әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ: халықтың жағдайын жақсарту, әділетті қоғам орнату. Олардың қарым-қатынасы романның идеялық өзегін барынша көтеріп, биіктетеді.Қоғамның өзгеруі үшін тек білім мен ой ғана емес, сонымен қатар батыл әрекет те қажет. Абай мен Базаралы осы екі күштің бірлігі. Бірі ақыл мен парасаттың, екіншісі ерік-жігер мен әрекеттің символы. Сондықтан Базаралы мен Абай арасындағы байланыс — әлеуметтік жіктерді жалғайтын, халық мүддесі жолында біріккен тұлғалардың үйлесімді де жарқын үлгісі.
Базаралы үрейге бой алдырмай, қиындыққа қарсы тұра біледі. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, рухы сынбайды. Бұл оның ішкі беріктігін, рухани күшін танытады. Сонымен қатар, Базаралы халықтық мінез-құлықтың өкілі. Ол қарапайым, турашыл, шындықты бетке айтатын адам. Базаралы болыс Тәкежанға: “– …Алыссаң, тентек деп бiзбен алыс. Онсыз да титығына жетiп отырған момында нең бар? Қатын-баламызды аштан қырам демесең, алғаныңды қайтар! Жалғыз-жарым сауын мен тiрлiгi осы сен әкеткен азғана қарада тұр. Жайымызды ұқ, ағайын”- деп, тойтарыс береді. Оның бойында қазақтың еркіндікке ұмтылған рухы, намысшылдығы айқын көрінеді. Базаралының тағдыры ауыр: басына біткен өмір сынақтары аз болмайды. Оның айдалып, “жапа шегуі” сол дәуірдегі әділетсіз биліктің озбырлығы. Ол өз ұстанымынан бас тартпайды және халыққа деген адалдығын жоғалтпайды. Осы арқылы жазушы Базаралыны рухы мықты, қайтпас, мұқалмас тұлға ретінде көрсетеді.
Шынында, Базаралы қарапайым халықтың ар-намысы мен үні іспеттес. Ол әділеттің символы, күрескер рухтың бейнесі. Оның кескіні арқылы жазушы халықтың шынайы болмысын, күнделікті күресін, жақсылыққа деген арман-үмітін терең де әсерлі жеткізеді. Шығармада Базаралының бейнесі тек батырлық қырынан ғана емес, адамгершілік және рухани болмысының тереңдігімен де ашылады: “…Өзiне бiткен азаматтық, зор көкiректiк бойынша Базаралы жоқ-жiтiк жайын көпшiлiкке айтпайтын”. Ол халыққа адал, уәдеге берік, достыққа тұрақты жан. Ол бай-болыстардың зорлығына, әділетсіздігіне қарсы тұрып, қарапайым халықтың “мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды”, олардың булығып, айталмаған сөзін батыл да айқын сөйлейді. Өз басының пайдасынан гөрі елдің мүддесін жоғары қояды. Осы қасиеті оны халыққа жақын, сенімді де қаһаман тұлға етеді: “… халық қалтқысыз сүйетін ері боп отыр Базаралы”. Ол “жоқтықтан” қысылған кедейлерге деген қамқорлығын аямайды (“…Осындағы бар жатаққа Базаралы ақыл айтыпты. – Жер емшегiн ем. Екi үйiң, үш үйiң бiрiксең де, бiр жер, екi жер салсаң да, жер тырналап, күш қауқарыңды соған сал. Ен тұрған қалың күзектер, бұлақ, бастау, қоныстар осы бауырда көп қой. Жаздай, жалғыз орақпен болса да, пiшен шабыңдар. Шыңғыстан кетiп, Семейге жақындап кеп отырғаныңның өзi үлкен ақыл. Базарың жақын, артық ауысыңды, пiшен-саламыңды сол базарға тасып, шай-пүйiңдi алып отырасың.”). Базаралының тағдыры — сол дәуірдегі әлеуметтік әділетсіздіктің айқын көрінісі. Оның жазықсыз жазаға тартылып, айдалып кетуі — патша өкіметі мен жергілікті үстем таптың жөнсіз де заңсыз қысымын көрсетеді. Бұл жерде жазушы Базаралы арқылы халықтың мұқалмас жігерін, қайсарлығын бейнелейді. Сонымен қатар, Базаралы қоғамдық сананың ояну белгісі. Уақыт оза Базаралының бірте-бірте өрбіген ой-пайымдары арқылы жазушы кейіпкердің рухани өсуін, дүниетанымын және замана шындығына деген көзқарасын терең бейнелейді. Ол өз ойларында ел ішіндегі теңсіздік, байлардың озбырлығы, болыстық биліктің әділетсіздігі туралы ашына толғайды (“…Ол жылағанды, жаншылғанды, күні күңгірт көпті ойлаумен өмір кешкен. Жүрегінің басынан удай боп төгілген шер болса, оның бәрі бұл отырғандар туралы ой емес. Сонау елде, бір аяғы жерде жатқан, мұңы айықпас елі туралы болатын”). Бұл ойлар жеке адамның күйініші емес, тұтас халықтың мұңы. Базаралының ішкі даусы арқылы автор қарапайым халықтың ауыр халін көрсетеді. Сондықтан оның ой-пайымы қоғамдық үнге ие. Ол өз әрекеттерін, өмір жолын іштей таразылап, «дұрыс па, бұрыс па?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Осы арқылы кейіпкердің тек батыр ғана емес, терең ойлайтын, өзін-өзі бағалай білетін саналы тұлға екені танылады. Оның ар алдындағы тазалығы – күрескердің басты қасиеттерінің бірі. Базаралының ішкі ойларында философиялық тереңдік те орын алған. Ол өмірдің мәні, әділдік пен зұлымдық, адам тағдыры туралы ой толғайды. «…Бай мен жарлы тең болмай, ел оңбайды» — деп, терең мағыналы тұжырымға тоқталады. Осындай пайымдаулар оның бейнесін күрделендіріп, көркемдік тұрғыдан байыта түседі. Жазушы Базаралы арқылы тек тарихи оқиғаларды ғана емес, адам болмысының терең қырларын да ашуға ұмтылады. Бастапқыда оның іс-әрекеттерінде ашу-ыза мен бұрқанған қарсылық басым болса, кейін оның ойлары тереңдеп, сабыр мен парасатқа ұласады. Бұл өзгеріс кейіпкердің өмір тәжірибесі мен көрген қиындықтарының нәтижесі. Базаралының толғанысы оның ішкі жан дүниесінің айнасы ғана емес, сол дәуірдегі қазақ қоғамының шынайы көрінісі. Олар арқылы М.Әуезов күрескер тұлғаның бейнесін сомдап қана қоймай, әділет, адамгершілік, халық тағдыры сияқты мәңгілік мәселелерді көтереді. Оның ішкі ойларында күрескерлік рух пен қайсарлық айқын көрінеді. Әсіресе, Сібірге айдалып, қиындық көрген сәттеріндегі ойлары ерекше мәнге ие. Осындай ауыр кезеңдерде Базаралы тағдырға мойынсұнбай, керісінше, өз күресінің әділ екеніне көз жеткізеді. Оның ішкі сөзі рухани беріктіктің дәлелі: бұл кейіпкердің сын сағатта сынбай, қайта шыңдалғанын көрсетеді.
Базаралы бейнесі «Абай жолы» романындағы ең шынайы, ең күрделі образдардың бірі. Ол әділет үшін күрескен халық өкілі, рухы мықты, намысты азамат. Бұл кейіпкер арқылы автор халықтың күшін, еркіндікке деген ұмтылысын және адамдық қадір-қасиетті жоғары қояды.Ол әділеттің символы, езілген елдің үні, күрескер тұлға. М.Әуезов бұл образ арқылы адамгершілік, батылдық және әділдік жолында күресу идеяларын ұсынады. Базаралы романындағы халықтың мұң-мұқтажын бейнелейтін, әділет үшін күрескен, қайсар рухты тұлға. Оның бейнесі арқылы жазушы қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды ашып көрсетіп, шындық пен әділдіктің мәңгілік құндылық екенін айқындайды.
