ӘТІР ИІСІ
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ,
журналист, жас жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР «Жастар саясатының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Qostanai» телеарнасының редакторы, облыстық әдеби байқаудың бірінші орын иегері. Әңгімелері мен өлеңдері республикалық газет-журналдарға, ақпараттық-қоғамдық сайттар мен порталдарға жарияланып жүр.
(Әңгімелер)
Ол жанымнан алғаш өткенде әтірінің иісі мас қылды. Солайша өзіне назар аудартты. Иығыма қондырылған басым көшедегі сергек камерасы секілді оп-оңай бұрылды. Бірақ оның жүзін көре алмадым. Тек еркек біткенді ынтық қылатын мінсіз мүсінін көрдім. Көз ұшынан алыстағанша қалт жіберместен шығарып салдым. Соның өзі маған жеткілікті еді…
Екінші мәрте тағы бетпе-бет кездесудің реті келмеді. Тек ғажайып мұрын жарар әтірінің иісі арқылы ғана сол екенін білдім. Дүкенде тұрған сәт. Нәзік үнді қыз «кешіріңіз мен де бір зат еді. Өтіп кетсем бола ма?» деді. Ойланбастан жол бердім. Ақымақтығым жүзіне қарамаппын. Бірақ сол екенін әтір иісі арқылы таныдым. Тек жігерсіздігім осы жерде тағы да жүзбе-жүз жүздесудің мезетін бұйыртпады… Сол күні түнімен қиялға баттым. Көрер таңды көзіммен атқызып, ұйқы жайына қалды. Қиялымның арасында Ол әртүрлі кейіпте құбылады. Бірде өзім ғашық болған мектептегі ақ жүзді қыз боп елестесе, енді бірде керісінше, көрші қызға ұқсап кетеді.
…Мен қазір аңғарымпаздықты үйрендім. Иә, қандай жағдай болмасын бәрін жіті назарда ұстаймын. Жанымнан өткен әр адамның бәріне, бет-жүзіне бажайлап қараймын. Түр-түсін анықтап қалуға тырысамын. Аялдамадағы барлық пенденің түрін жатқа, кімнің қандай кемшілігі барын айтып бере аламын. Аялдама бұрышында тұрған қыздың сол жақ бетінде меңі бар. Ал орындықта отырған қыз астыңғы ернін бояуды ұмытып кеткен. Үйінен асығыс шыққанын аңғару қиын емес. Міне, мен күткен автобуста келді. Автобусқа мінудің өзі қызық. Жанталасып мінеміз, тура солай түсеміз… Тағы да әтір иісі. Осы жолы да Ол қыздың жүзін көре алмадым. Мен автобусқа мінгенде, Ол түсіп үлгерді. Тек сыртынан ғана көру бұйырды…
Мен әлденеше рет Ол қызды көруге асық болдым. Қандай жағдайда да әрекетім сәтсіздікке тап келетін. Бірақ оған жүрегім алып-ұшып тұратын…
Бүгін қала көңілсіз, маужырап тұр. Неге? Кім білсін? Аялдама мен көше де сабылсып жататын көлік те, адам да жоқ. Бәрі жым-жырт. Кенет алыстан қалың нөпірдің қарасы көрінді. Думанды тойдан немесе іс-шарадан шыққан сыңайлы. Аяңдай басып жиналған адамдар арасына келдім. Мешіт жанында бір адамның жаназасын оқып жатыр екен. Имам «Жамағат сапқа жиналайық. Сауап болады. Жас бала ғой» деп жатты. Мен де мұсылман ретінде сапқа тұрдым. Алдыңғы қатардан орын тиді. Үнсіздік… Жаназа оқылды. Мәйіт нәселкесінің бір бұрышын мен ұстадым. Алдыңғы қатар да тұрғасын ба, маған реті келді. Әтір иісі. Иә, сол әтірдің иісі мұрныма тағы келді… Жан-жағыма мән бере қараймын. Жылаған, күңіренген адамдар. Алайда, нөпір арасында Ол қыздың сұлбасы көрінер емес…
Мүрде жер қойнына табысталды. Қалың қауыммен еріп мен де жүрмін. Аң-тай күйде. Тек қонақ асы берілгенде бір адам «Аңқылдаған, ақкөңіл қыз еді. Ешкімге жазығы жоқ. Ауру жасқа қарамайлы деген осы да» деген сөзден денем су ете қалды. Сонда білдім. Мен үнемі мұрныма келетін әтір иісін өз қолыммен апарып тар қабірге салыппын. Өз қолыммен қара жер құшағына табыстаппын… Аласармас арманым, көруге тынтық болған періштем солайша ешкім шықпас, қара жерге көмілді…
Р.S: Мезгілсіз дүниеден өткен әтір себінген аруға арналады.
КӨЗДЕГІ МҰҢ
– Кешіріңіз. Отыруға бола ма? – деді қара торы қыз, ұяң дауыспен тіл қатып.
– Әрине, отырыңыз, – деп елбең қақты ебедейсіздеу келген ұзын бойлы, қайың денелі, ашаң жүзді жігіт.
Дала меңіреу қалыпта. Кешкі уақытта ауыл халқы тым-тырыс. Күз мезгілі болғасын ба, саябаққа ешкім келмейтін болған. Ішіндегі мәуелі бақтай көркем әрі көрікті ететін тал-теректер жалаңаштанып, мүсәпір хәлге түскен. Жаңбырда пана, шақырайған күннің көзінен көлеңке болатын ағаштардың жоқтығы көңіл құлазытады. Төсемтас бетіне төселген жапырақтар ғана «Ее, бәсе» дегізіп, жаздың жайдары сәттінен хабар беретіндей. Болаттың жан-жағындағы сүреңсіз бейнеден іші пысты ма, әлде жанына жайғасқан қызбен танысқысы келді ме?! Жөткірініп:
– Қарындас, – жұтынып алып, қарлығыңқы дауыспен, – есіміңіз кім?
Төмен қарап отырған қыз басын көтеріп, қарақаттай мөлдіреген көздерін жігітке бұрып «не дейсіз?» дегендей сұраулы жүзбен қарады.
– Есіміңіз? – жігіт қысқа ғана ернін сылп еткізді.
– Көркем!
– Әдемі есім. Мен Болатпын, – деп сүйектері ырсиған қолын ұсынды. Қыз нәп-нәзік саусақтарымен жігіт қолының ұшын ғана болар-болмас қысты. – Күзді ұнатасың-ау, деймін, – сізден сенге қалай ауысқаннын аңдамай қалған Болат көзінің астымен қызға қарады. Онысы тіксініп қалмады ма деген ойы-тын.
– Иә, маған күз ұнайды. Мезгілдердің ішінде ерекше әрі жұмбағы, сырлысы күз ғой. Ішкі толғаныстар, жаз дәуренге есеп беретін шақ… –Әрмен қарай Болат сөзді жалғап:
– Көңіл түкпірінде жасырынып жатқан кейбір ойларды, жүрекке қуаныш сыйлайтын сезімдерді күз ғана ашық айта алатындай. Әлемді күнәдан тазарту үшін келетін қыстың алдында жасалатын бір ырымға ұқсайды. Бәлкім, табиғат дәстүрі болар.
– Олда мүмкін. Ойларыңыз терең екен. Философ емессіз бе?
– Жоға, ондай бақыт қайдан бұйырсын. Жай ғана филологпын.
– Ғажап. Ол мамандық та осал мамандық емес. Білесіз бе? Мен де филолог болуды армандадым. Мектеп қабарғасында тіл маманы болу басты мақсатым еді, – сөз басында көңілденіп сөйлегенімен, соңына қарай салы суға кеткен адамдай, тұнжыраңқы күйге түсті.
– Неге олай дейсіз? Сіз әлі жассыз ғой. Өмір жетіп жатса филологта боласыз.
– Өмір жетіп жатса… – деп қайталады.
– Көркем, сіз қай факультетті бітірдіңіз?
– Тарих. Әкем тарихшы. Кішкентайымнан ата-бабамыздың жасаған ерліктері жайлы әңгіме шертетін. Әсіресе Тұмар (Томирис) ханымның әйел болса да ерге тән іс атқарғанын керемет суреттейтін. Мектепті аяқтағаннан кейін университетке тарихшы мамандығына түсірген әкем еді.
– Нағыз қоғамға қажет маман екенсіз. Сиыр бүйрегіндей бытырап жатқан тарихты сіз біріктірсеңіз, шындығынан жалғанын ажыратып жарыққа шығарсаңыз жақсы жаңалық болары сөзсіз.
– Рахмет. Менен де білімді адамдар бар. Сол кісілерге қалдырдым.
– Мен әдебиетші және шығармашылыққа жақын адам ретінде бір нәрсе байқадым. Сіздің мөлдір көздеріңізде бір мұң бар, – деді әңгіменің ауанын өзгертпек болып.
– Қандай мұң? – ештеңе түсінбеген кейіпте.
– Сіз әлемді басқаша көресіз және әлемге деген өкпеңіз бар.
Сәл езу тарта жымиып, ой теңізіне батып бара жатқандай қозғалыссыз отырып қалды. Болат болса «қате айтып қойдым ба, ай, осы менің ойланбай сөйлей салатын әдетім-ай» деп өз-өзін жазғыра бастады. Ашық ойын білдіріп, жатырқамай, жатсынбай сөйлесіп отырған қыздың көңілін түсіргеніне қатты қапаланды. Не деп жұбатарын білмей әлекке түсті. Қызда оның дегбірсізденгенін байқап.
– Дұрыс айтасыз, – деді. – Мен әлемнен өзімді іздеймін, өзімді таба алмағаным үшін қапаланамын. Әр адамның жеке арманы, ой-пікірі болады. Оған ешкімнің қол сұғуға, өз дегенін жасатуға хақысы жоқ. Менің әлемім қайғыға толы. Қасаң тірлікте бағытынан жаңылған көліктей, бұралаң жолға түскен…
– Бәрін басынан бастарсыз?
– Мүмкін емес.
– Барлығы да мүмкін. Тек оны көре білсеңіз, жаңа өміріңіздің ақ парағы ашылары айдан-анық. Өзіңізге мүмкіндік беріңіз. Сонда ғана бәрі жақсы болады.
– Түн болып қалыпты. Мен үйге барайын. Сау болыңыз! – деп қыз орнынан тұрып кете барды.
– Сау болыңыз! Ертең тағы келесіз бе?
– Мүмкін…
Алыстап бара жатқан сұлбадан көзін алмай ұзақ қарады. Басын біреу күшпен бұрып қойғандай. «Ех, неткен пәк жүректі қыз… бар екен ғой, бар екен… – деп тамсанды, – аузын ашса жүрегі көрінетін перизат. Әттең, жанарын да мұң бар. Сәлде болса сейілте алсам ғой…» шалбарының қалтасынан смартфоннын алып сағат қарады. Оннан кетіпті. Отырған орныннан тұрып үй жаққа қарай беттеді. Әлсін-әлсін артына қарап қояды…
Көше шамдары мен-мұндалап тұр. Жол бойында өз ойымен өзі алысып Болат келеді. Санасында бүгін ғана танысқан, нәзік сырының шетін шығарған бойжеткеннің бейнесі. Оның мұңға толы көздері елестей береді. Ертең келеді ме, келсе сағат неше де келеді. Ол кезде мен болмай қалсам не болады. Әлде ерте барып отырғаным жөн бе… Жауабы жоқ, нөсерше төгілген сұрақтар. Үйге кіріп, тамақ ішіп отырғанда да өзіне осы сұрақтарды қоюмен болды. Баласының бойындағы өзгешелікті бірден байқаған ана.
– Балам, саған не болды? – деді әдепкі үнмен.
– Ештеңе, – кібіртіктей тіл қатып, – бәрі дұрыс!
– Күмәнім бар, дұрыстығына.
– Неге?
– Келгелі бері сорпаны шанышқымен ішіп отырсың, бұл тегін емес. Ештеңені түсінбей алдындағы ыдысқа қараса рас екен. Сұйық тағамға шанышқыны малып отыр. Кінәсін түзетпек болғандай қасыққа жармасты. Туа бітті қасиеті тағы да байқалды. Қасыққа қолын соза бере дастархан үстіндегі тұзды төгіп алды. Бұл қылығына ұялғандай анасына қарады. Анасы болса «жасырып отырсың-ау, ішке бүккенің бар ғой» деген оймен бас шайқайтындай
***
Түнде кеш жатқан Болат ұйқыдан да кеш оянды. Қанша қажып, қара терге түсіп, бойын шаршау билеген шақтарда да ол мұншалықты мең-зең күйде ұйқы құшағына берілмеп еді. Бұл жолғы ұйқының жөні бөлек, бұрынғыдан өзгеше бір тылсым тыныштыққа бөленгендей көрінді. Ояна сала бас жағында жатқан смартфонына үңілді. Сағат түскі екі жарым. Әрлі-берлі керіліп, созылып төсектен тұрды. Жаттығу жасаған сыңаймен қолын оңды-солды ербеңдетіп, бойын бір сергітіп алғандай күйде ас үйге бет алды.
– Қайырлы күн, анашым!
– Қайырлы… Ұйқы да кеткен өшіңді алған шығарсың? – анасының үні зілге толып, қатқылдау естілді…
– Алдым, алдым. Кеше кеш жатқасын-ау, түске дейін ұйықтағаным. Өзім де таң қалып тұрмын.
– Демалыста тыныққаның өзіңе де жақсы, – деп, «балам шаршап жүрген-ау» деген алаң оймен сәл кідіріп қалды. Сәлден соң ғана таң ертең болған оқиға есіне түсіп, сөзін жалғады, – Таң ертең, тоғыздар шамасында, Нұржан келген. Сенің ұйықтап жатқаныңды айтқаным сол еді, тіл қатпастан-ақ кері бұрылып, үн-түнсіз тайып тұрды.
– Иә, кеше смартфоным бұғатталып қалды. Соны таң ертең бірге қарап көрейік деген. Соған келген болар.
– Жарайды. Беті-қолыңды жуып келде тамағыңды ішіп ал. Сосын барып келерсің.
… Тамақтанып алғасын бірден бөлмесіне кірді. Нұржанға барамын деген сөзі жайына қалды. Керуетіне жатып кешегі саябақта жолықтырған қыз жайында; оның мұңға толы жанарын, кіршіксіз тазалығын, бірақ қалайша мұңлық қамытын арқалаған періште екенін түсіне алмай дал. Бар бітіргені оймен сол қыздың бейнесін жасап тілдесу болды. Миына тек Көркем жайлы ойлар кеу-кеулеп келе берді. Солайша тезірек кеш болуын арман етті… Бөлме қабырғасынан бір нүкте тауып алып ұзақ қарады. Жай қарамай өз-өзіне сұрақтар қоя бастады.
Болат: Бүгін қандай тақырыпта сөз қозғасам екен?
Ой: Абай мен Тоғжанның махаббаты жайлы айт. Қандай қызды болмасын селт еткізбей қоймайды.
Болат: Ол керек емес. Тым күрделі әрі ауыр. Ұлылардың сезімін түсіну үшін ұлы болу қажет емес пе?! Маған басқаша, жаңашыл тақырып керек.
Ой: Сен тек көркем әдебиетті оқыған адамсың ғой. Кітап туралы сөйлес.
Болат: Жо-жоқ, мен… мен, – жібі үзілген моншақтай ойы шашырап кетті. Қос қолымен бетін сипап төсектен тұрды. Көп ойланғанның салдарынан басы мең-зең. Қарауытқан көзін уқалап, қадамдарын теңселе басып терезеге үңілді. Қызыл күн ұясына батуға тақаған. Ақ бұлттарды қызартып, монтансығандай кейіппен баяу жылжып, төмен түсіп барады. Сыртқы көріністі көргеннен кейін, күртешесін киіп далаға шықты.
Айналмалы есіктен ішке кіріп, жапырағы сыпырылып, арса-арса бұтақтары тыриып қалған тал-теректердің арасымен баяу өтіп, кеше ғана өзі отырған орындыққа жайғасты. Көңілге кірбің ұялатып, «неге келдім?» деген өкінішті ойға жетелейтін сұрықсыз саябақтың өзі бұл жолы ерекше құлпырып тұрғандай әсер қалдырады. Көркем әлі келмеген секілді. Айнала да мүлгіген тыныштық. Жерге төгілген сарғайған жапырақтарды әрлі-берлі тербеп, самала жел соғады. Жан-жағына қайта-қайта жалтақтап, көңілі алаң күйде елегзіп Болат отыр. Кенет «ерте келіпсіз ғой» деген нәзік үнге елең етті. Дауыс шыққан жаққа қараса күткен адамы Көркем тұр. Әзір келмейді-ау, деген ой да болғасын ба, сасқалақтап аузына сөз түспей қалды. Кібіртіктеп «сәлем» деді. Ішінен «естіді ме екен» деп қызға қарады. Қыз естіген екен.
– Сәлем. Көп күттіңіз бе? – айыпты адамдай төмен қарады.
– Жоға, о, не дегеніңіз. Мен… – тілі күрмеліп, – жаңа ғана келдім. Міне, өзіңіз де келдіңіз, – соңғы сөзді не үшін айтқанын өзі де білмейді.
– Рахмет. Мен ерте келдім деп ойлаған едім. Алдымды орап кеттіңіз. Келесі жолы ерте келермін, – деп орындықтың бір бұрышына жайғасты.
Апыр-ау, келесі жолы деді ме, шынымен келесі жолы деді. Сонда ол да мені күні бойы ойлаған болды ғой. Ерте келуге асыққанын мына сөзі дәлелдеп тұр емес пе! Ғажап, ғажап.
– Көңіл күйіңіз қалай?
– Шүкір рахмет. Өзіңіз де қалай?
– Жақсы. Мен бүгін күні бойы сізді ойлаумен болдым. Әсіресе, түпсіз терең тұңғиықтай, сырлы жанарыңыз көз алдымнан кетпей қойды… Сізде мұң бар секілді?
– Мұң әр пенде де бар емес пе?!
– Сіздікі ерекше.
– Мүмкін. Сізге бір оқиға айтып берсем қалай қарайсыз?
– Назарым сізде.
– Мен күзді қатты жақсы көремін…
– Оны білемін… – сөзінің соңғы жағын аяқтатпай.
– Және жек көремін.
– Аа?.. – таңданған кейіпте.
– Күз менің жағымсыз және жағымды хикаямның куәсі.
– Сізді түсіне алар емеспін.
– Мен жетіммін. Анам мені өмірге әкелген де бір үйдің есігінің алдына тастап кеткен. Бұл тағдырымның өшіруге де келмейтін жағымсыз жағы. Өмірімнің күңгірт беті. Ал жағымды жағы – мені босағада жылап жатқан сәтімде де көтеріп алып, адам қатарына қосқан отбасымның болуы. Мұншалық мейірімділік пен кең пейілділік екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Кейбір адамдар табалдырығында құндақтаулы жатқан баланы үйіне кіргізу былай тұрсын, бірден жетімдер үйіне апарып тастайды. Өз балаларын асырауға тамақ таппай, еңбек етіп алған айлығы жалдамалы пәтердің ақысын төлеуге әзер жетіп отырған отбасылар бар. Олар жетім баланы қалай асырамақ? Мен оларға қарап өз өміріме шүкір етемін. Мені асырап алған адамдар бір перзетке зар болып, Құдайдан күнде тілеген жандар. Жаратушы тілектерін қабыл алып мені жіберді. Бірақ та мені бір сұрақ күніге мазалайды «менің туған анам кім?». Көзімдегі сіз көрген мұңға айналған осы сұрақ. Жүрегіме қаяу салып, жанарымнан орын тепкен…
Болат көзіне келген моншақтай тамшыны қолының сыртымен сипап өтті. Ақырындап Көркемге қарап еді жаңбыр тамшысындай жастар бетінен домалап жерге түсуде. Көздегі мұңның жасы…
МӘҢГІЛІК МУЗА
Бұл шығарма өмірде болған оқиға желісі бойынша жазылған. Ең алғаш рет «Мәңгілік муза» 2020 жылы күз мезгілінде жазылды. Ол кезде Гүлшат мектепте оқитын. Бұл араға бірнеше жыл салып түзетілген нұсқасы.
Автор
Жыл мезгілдерінің ішінде көктемнің жөні бөлек. Қалған үш мезгіл осы мезгілге байланысып тұрғандай. Жай байланысып емес тәуелді түрде. Ата-бабаларымыз көктемді «жыл басы» деп тануының өзі осында жатқандай. Ақиық ақындар да өлең-жырларына көрікті көктемді қоспаған кезі кемде кем. Жаратушы жер-әлемді жаратқан сәтінде пенделерге сыйлаған тартуы көктем болар. Шуақты мезгіл тек қуанышқа емес, кейде қайғыға да сай келетін секілді… Кім білсін?
***
Ақ мамық қарды көрпе етіп жамылған ағаштар бір сәтте жалаңаштанып, болмыстарына өзгешелік енеді. Ағаш сабақтарына жайғасқан қар орнына жас өскін, жасыл жапырақ, жеміс гүлінің түйнегі шыға бастайды. Үй шатырын ауыр салмақпен басқан қарлар мөлдір тамшыға айналады. Өзен жаққа қарасаң қырдан төменге қарай құлдилап аққан қар суы көз алдыңа бәйге тұлпарын еріксіз елестетеді. Осыншалықты сұлу көрініске еріксіз қалай сүйсіне қарағаныңды сезбейде қаласың. Үй маңына көз қырыңды салсаң қора жақтан сиыр танасының мөңірегенін, қозының қоңыр үнін және де ешкі лағының тұяқ дыбысы құлаққа жетеді. Ауыл тіршілігі жылдағы әдетімен көктем мезгілін осылай қарсы алады.
Наурыз айының күн сәулесі үйге шашырап түседі. Нұрлы шапақтар әр бөлмеге тарап, үй ішіне ғажайып сән беруге асығады. Адамдарға келгендігін білдіріп терезеден бөлме ішіне жайыла бір шолады да тұрақтап қалады. Осынау қызық күн сәулесін көргісі келді ме, Гүлшат күндегі қалыптан ерте оянды. Жуынып-шайынып таңғы асын ішті. Ас үй қабырғасында ілулі тұрған сағатқа көз қырымен қарап, сабақ уақытын бағамдады. Сағат тілі қозғалар емес, мелшиіп тұр. Ішінен жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілері шағы ғой деп ойлады ол.
…Мектеп киімін киіп алды да, айна алдында беліне дейін төгілген шашын тарап ұзақ тұрды. Өзінің сымбатына сұқтана әрі қызғана қарады. Өмір де өзінен басқа сұлуды көрмегендей, тіпті бар дегенге сенбегендей айна ішіндегі сұлу мүсіннен жанарын тайдырған жоқ. Қара шашы ерекше әсем. Көрер көзге қай пендені болмасын ынтызар етердей ғажап… Айна алдында ұзақ тұрды. Үйден кеткісі жоқ. Бүгінгі сабақта өзі ерекше жақсы көретін, жанына жақын пәндер бар еді. Сынып белсендісі болғандықтан, мұғалімдер де Гүлшаттан әрдайым тәрбиелілік пен ұқыптылықты талап ететін. Айнадағы ғажайып бейнемен үнсіз қоштасып, сырт киімін киді. Ұйқыдан енді оянып жатқан ата-анасына «сау болыңыздар» деп, үйден сыртқа шықты. Сол сәтте жүрегінің қарсылығына қарамастан, мектепке қарай бет алды. Жол бойы аяқтары алға емес, кері қарай тартатын сыңайлы. Әр қадамы ауыр, әр адымы өнбейді. Неліктен мұндай күй кешіп тұрғанын өзі де түсінбей дал. Мүмкін, бұл көктемнің әсері шығар… Қаһарлы қыстан кейінгі жадыраған кезеңге бой үйрету оңай емес. Жұмыр басты пенде ғана емес, қыс бойы інінде жатқан суырдың өзі де қараңғы қапастан жарық дүниеге шыққанда дел-сал күй кешеді екен. Сол ой санасына оралып, Гүлшат өзін іштей қайрап, алға қарай ілби басып жүре берді.
Қалың ойдың құрсауында келе жатып, мектепке қалай жеткенін де аңғармай қалды. Тек арт жағынан сыныптас құрбысы Дина дауыстап шақырғанда ғана есін жиды.
– Гүлшат, уфф, әйтеуір тоқтадың-ау, – деп ентіге дем алып сөзін ары қарай жалғады. – Айқайлап жатырмын қарамайсың соншалық не болды, бірдеңе болды ма?
– Тыныштық. Ойланып кетіппін. Дауысыңды шығарып айқайламайсың ба? – деді Гүлшат Динаның ентігіп тұрған түріне сәл қабақ шыта қарап.
– Қыз-ау, анау бұрылыстан бастап айқайлап келемін, – көк шарбақты үйдің шеткі жақ бұрышын қолымен көрсетіп. – Сонша мені елемейтіндей қандай ой, ақын болып кетпеген шығарсың? – Гүлшат бұл сөзді ести сала, біреу тасқа айналдырғандай мелшиіп тұрып қалды… Сәлден кейін бойын белгісіз бір жылылық жібіткендей:
– Жоға, о, не дегенің, қайдағы ақын?
– Білмеймін ғой. Естуім бойынша ақындар ойланғанда жан-жағында болып жатқан оқиғаларды елемейді дейтін еді.
– Дина, сенің де шығармайтының жоқ. Жүр одан да мектепке кірейік. Осылай тұра берсек сабақтан кешігеміз.
Мектепке оқушылар әлі жөнді жинала қоймапты. Дәлізде тек күзетші ағай мен бірен-саран мұғалімдер ғана көрінеді. Екі қыз сыпайы амандасып, жоғары көтеріліп, сыныпқа кірді. Сынып іші қоңыржай салқын да, ыстық та емес. Терезеден нәумез ғана көтерілген күн сәулесі сығалай түсіп, ішкі кеңістікті жұмсақ нұрға бөлеп тұр. Гүлшат өз орнына барып жайғасты да, басын партаға қойып, көзін жұмды. Санасы терең ойдың құшағына сүңгіп, түпсіз тұңғиыққа кеткендей алысқа шарықтай жөнелді. Нені ойлап отырғанын өзі де аңғармайды. Тек ішкі әлемінде қайта-қайта жаңғырып тұрған бір ғана тілек бар – үйге қайту. Құлақ түбінен бір тылсым күш сыбырлап: «Үйге бар… үйге бар…» дейтіндей. Бұл үнді өзінен басқа ешкім естімейтін секілді
Ой құшағында жатып, байқамай ұйықтап кетіпті. Дина оятқанда ғана есін жиды. Бірақ ол жай оятқан жоқ – Гүлшатқа адырая қарап:
– Сен ғашықсың. Иә, иә ғашықсың, – таңғала ауызын ашып. – Әпкем де осылай болған, бірақ өзі дымды да білмеді кейін бір-ақ білді. Сенде де сондай жағдай, ғашықсың.
– Кімге ғашық боламын? Сенде шығара бересің. Одан да жанағы ақын дедің бе, соның жақсы еді ғой. Тек басым ауырынқырап отыр. Ара-арасында осылай ауыратын әдеті бар, – деп Динаға қарады. Бірақ Динаның жүзінен «сендім» деген нышан білінбейді. Керісінше, «ғашықсың» деген жорамалын ақиқатқа шығаратын келбет анық менмұндалайды.
…Жарты сағатқа жуық уақыт өтті. Сыныпқа өзге оқушылар да жиналып, қоңырау соғылды. Сабақ басталды. Бірақ Гүлшаттың еңсесі көтерілер емес. Жүрек тұсын біреу инемен шаншып отырғандай, әлсін-әлсін сыздатады. Бар ойы – үйге қайту. Сабақтар өтіп жатыр, өтіп жатыр… Әдетте белсенді қатысатын әдебиет сабағында да үнсіз қалды. Жан-жағында болып жатқан дүниелерге мүлде назар аудармайды. Жартасты аралда жалғыз қалғандай, мең-зең күй кешуде. Кенет сынып есігі тарс ашылып, Әлия Тоқтарқызы ентіге кіріп келді. Әдетте есікті қағып, рұқсат сұрап кіретін ұстаздың бұл жолғы асығыс, баса-көктеп кіруі бәрін таңғалдырды. Ішке енген бойда Гүлшатқа көз тікті. Бұл кезде алгебра сабағы өтіп жатқан. Ол алгебра мұғаліміне алаңдаулы үнмен:
– Кешіріңіз, Гүлшатты үйіне жібересіз бе?
– Неге? Біз жаңа тақырып өтіп жатырмыз, – деп алгебра мұғалімі ежірейе қарады.
– Иә білемін, бірақ Гүлшаттың отбасын да оқыс жағдай болыпты. Соған байланысты хабарласып сабақтан босатуын өтінді.
– Оқыс жағдай… – сәл кібіртіктеп тұрды да. – Жақсы, барсын. – Гүлшатқа қарап: – Гүлшат, басқа оқушылардан тақырыпты сұрап ал, – деп қысқа қайырды да дәрісін жалғастырды.
Мектептен шығып Гүлшат үйіне қарай асықты. Манағыдай емес, кеуде тұсы едәуір шаншып барады. Көшден әрлі-берлі өткен көліктердей ойында сан мыңдаған сұрақ сапырылысып жатыр. Тізбектелген, жауапсыз сұрақтар. Адам бір жерге асыққан да, баратын жері алыс болып кететінін Гүлшат сол кезде ұқты. Қанша тез жүрдім десе де, жүргірсе де жол ұзарып жеткізер емес. Керісінше, қашқақтай береді.
Әлден уақытта шаршап-шалдығып үйіне жетті. Есік алды толған көлік, жиналған адам қарасы қалың. Не болғанын түсінбей, аңтарылып, қақпа босағасында біраз тұрып қалды… Жай ғана сырғып басып, есікке қарай беттеп, үйге кірді. Ішке енгенде көргені жылаған адамдар, естігені зарлы үндер. Гүлшат жатын бөлмесіне кіріп, киімін ауыстырып, сәл еңсесін тіктеп шығайын деп ойлаған еді. Бірақ ол ойы сәтсіз болды. Бөлмеге жақындай бергенде, көрші келіншек келіп, оны құшақтай алды. Әйелдің сөзі үзік-үзік жетті. Үзік-үзік жеткен сөздердің арасынан бір ғана тіркес ап-анық естілді: «Әкең келместің кемесіне мінді… алтын анаң бар, соған қолғанат бол…» Сол сәтте-ақ, Гүлшаттың тұла бойын әлдебір жоғары кернеулі тоқ шарпып өткендей, сілейіп, орнында қатып қалды. Ерні әрең қимылдап, қайталай бергені «Әкешім… әкешім?.. Қалайша?.. Не болды?..». Жан ұшыра орнынан қозғалып, анасын іздей жөнелді. Келесі бөлмеге кіргенде, анасы көз жасына ерік беріп, жылап отыр екен. Қасында он шақты әйел жұбатып, басу айтып отыр. Анасының жасқа толы жанарын көрсе де, Гүлшаттың көңілі сенер емес. Сену мүмкін де емес еді. Кеше ғана «Қызым» деп маңдайынан сүйген адам бүгін келмеске кетті дегенге кім иланар?!
Сенгісі келмеді. Қанша жерден “өтірік” деп өз-өзін жұбатса да, шындық біреу ғана. Енді оны ешкім “қызым” деп маңдайынан мейірлене сүймейді. Енді ешкім оның әрбір жетістігіне балаша қуанып, мақтанышпен марқаймайды. Енді ешкім шаршап жүрсе де, жұмысының көптігіне қарамай, еркелетіп, халін сұрамайды. Шынайы қамқор жан келместің сапарына аттанып кетті. Арқасына жүк артпайтын, “ертең барамын” деп алдын ала хабарласа алмайтын, қайтып оралмайтын ұзақ жолға кетті… Кетті. Бір шаңырақтың сүйеніші кетті. Бір отбасының тірегі кетті. Аяулы жарының жүрегінен, перзентінің жанынан, ағайын-туыс, дос-жаранның ортасынан кетті. Жақсы адам кетті. Орны толмайтын жан кетті. Келмеске кетті…
…Бөлме бұрышын жағалап анасының қасына жақындады. Анасы қызын көріп, бауырына көмкере қысып көз жасына ерік берді. Бұны көрген өзге келіншектерде анасымен қызының жан ұшыра жылаған дауысына қосыла жылады. Ақиқатты білсе де сенгісі келмеген Гүлшат қарлығың дауыспен:
– Әкем қайда? – сұрауына ешкім жауап бере алмады. Әкең «өлді» деп айтуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Тек шеткері босаға жақта отырған егделеу келген, қоңырқай жүзді қара әйел ғана естілер-естілмес үн қатты.
– Ботам-ау, әкеңнен қапияда айырлып қалдық. Сабырлы бол, – деп көзінің жасын сүртті.
Осы сөзді естігеннен кейін қандай жағдай болғаны Гүлшаттың есінде жоқ. Себебі «әкеңнен қапияда айырлып қалдық» деген сөзді көтере алмай талып қалған-тын. Бес күннен кейін ғана ауруханада есін жиды. Ояна салысымен әкесін сұрады. Амал қанша әкесін қара жер қойына екі күн бұрын тапсырған тұғын…
***
Өмір тоқтап қалмайды екен. Күн артынан күн өтіп, тіршілік өз арнасымен аға береді. Уақыт – бәріне емші. Жан жарасын толық жазбаса да, ауыртпайтын күйге жеткізді. Гүлшат та әкесіз өмірге біртіндеп үйренді. Әкесіз таң атыруға, әке дауысын естімей оянуға, әкесінің қамқор алақанын сезбей өмір сүруге үйренді. Әрине, алғашында оңай болмады. Кей түндері жастығы жасқа малынды. Өмір болғасын бәріне көнеді екен… Бірде ішіне сыймаған сағынышын жан құрбысы Шолпанға ақтарып еді:
– Шолпан, соңғы кездері өмірден түңіліп кеттім. Өзге қыздар әкелерімен жүргенін немесе ұялы телефонмен сөйлескенін көрсем мынау әлемнен бір жола кеткім келеді. Сен бақыттысың қос қанатың, берік қанатың әкең бар. Ал менде… – деп Гүлшат көз жасына ерік берген. Шолпан не істерін білмей тек жұбату айтқан еді.
– Гүлшат, болды жылама сабыр сақта. Есіңде ме имам бір рет кездесу өткізген де айтып еді ғой «Құдай тек сүйген құлдарын ғана сынайды» деп. Гүлшат жыламашы, менің де жүрегімді ауыртасың.
Міне, содан бері екі ай да өте шықты. Алғашқы күндегідей үй іші азан-қазан емес. Келіп-кететін адамдар да сиреді. Бұрынғыдай қаралы үйдің есігі тынымсыз ашылып жабылмайды. Тек анда-санда молда келіп, Құран бағыштап кететін. Сондай күндердің бірінде молда дұғасын оқып болған соң, аяқ астынан Гүлшаттың жүрегі атқақтап қоя берді. Кеудесіне сыймай, жарып шығатындай қатты соқты. Соңғы рет жүрегі дәл осылай әкесі өмірден өтетін күні дүрсілдеген болатын. Өзі де түсінбеген бір күйге түсті. Бойын үрей ме, сағыныш па, билеп алғандай. Қасында отырғандарға тіс жармады. Тіпті анасына да байқатпауға тырысты. Біршама уақыт өткен соң жүрегі қалпына келе бастады. Ал Гүлшат болса іштей ғана «Әкемді сағынғаннан шығар…» деп өзін жұбатты.
***
Мамыр айының алагеуім кеші. Алтын шапақты күн өз ұясына жарық әлемді қимай мұңлық түнге ашу қыса, нала айтып бара жатқандай қызара батып барады. Қыр жаққа таман жол бойында әдеттегі төрт қария жас кезінде басынан кешкен қызық та, қиын кездерін әңгімеге арқау етіп отыр. Оған таяу жас бүлдіршіндер доп қуалап улап-шулап жүр. Кейде отырған төрт қарияның бірі «шуламаңдар, әрі ойнаңдар» деп кейіп, қолын сілтеп, зекіп қояды. Әрбір үйдің есік алдында шиге құрт жайып жатқан жеңгелер көрінеді. Одан қалса сол құртты алуды мақсат етіп жүрген сол үйдің кіші тентегі. Жеңгелер әр қашан аңғарымпаз болып келеді-ау, тентектерін байқап жөнге салып жатқандары да баршылық. Бұл, әрине, қарапайым ауыл тіршілігі. Ешкіммен шаруасы жоқ, ешкімге шатағы жоқ ауыл өмірі. Үй жанындағы сәкіден осының бәрін көріп отырған Гүлшаттың жүрегі қайтадан қатты соға жөнелді. Тылсым бір күш бойын билеп, денесіне еніп алған сыңайлы. Ертеңгі күннің сабақ дәптері жанында жатқан соған қол созып, бірделерді жаза бастады.
…Көлегейлеп бірге өткізген шақтарды,
Өзеурі өлең әр тармаққа жасырдың.
Біз боп бірге аралайтын бақтарды,
Аңсап жүр ғой жасын мұң…
Жанымызды қоярға жер таба алмай,
Беймаза ойлар, біздер үшін сол қайғы.
Көздің жасы көр түбіне тамардай,
Үмітіңнің үлбір гүлі солмайды.
Күздің кеші жұмақ кеші демеп пе ең,
Сағынышқа кеткен мүлгіп айнала.
Менің барлық өкінішім,
Бар өкпем.
Еш айғызсыз жазылып тұр айнада…
Бір сәтке жүрек соғысы қалыпқа түсіп, жеңілдеп қалды. Бойын өзгеше сезім билеп тұр. Қандай сезім екені Жаратушыға аян. Ойына Динаның қалжыңмен айтқан «ақын болып кетпеген шығарсың» деген сөзі келді. Мүмкін Динаның аузына періште салған болар. Кім білсін? Осынау таңғажайып күйде отырып көзі ілініп кеткен. Түсінде әкесі Гүлшатты шашынан сипап:
– Қызым сен бойжеттің, оң мен солыңа бағамдап қарайтын жастасың. Білем, менің жаныңнан ерте кеткенім сенің құлын шағыңа әсер бергені рас. Ерте есейдің. Анаңа қолғанат болып жүрсің. Мен бәрін де көріп, біліп, сезіп жүремін. Сенің маған деген сағынышың мені әрқашан нұрға бөлейді. Әр таң сайын маған арнап тілеген дұғаңмен менің рухым, жаным нұрланады. Айналайын, қызым сен өмірдің ғажабымен азабы қатар жүретін жолды таңдадың. Бұл ісіңе енді өкінбе. Саған ақындық дарын берілді, қабыл алдың. Қызым мен сен үшін қуаныштымын. Қасыңнан ерте кеткенім Құдайдың жазғаны. Әр адамның пешенесіне жазылған тағдыры болады. Жаратқанның өлшеулі ғұмырынан асып қайда барамыз? Жүрегіңе құйылған нұрды қаламыңмен ақ параққа жеткіз. Қам көңіл пенделер сенің жырыңнан қуат алсын, сен арқылы құпиясы мол өмірді танысын. Қызым мен сені жақсы көремін. Қызым… – аяндай берілген сөздерді естіп Гүлшат оянып кетті. Түсінде емес, өңінде айтылғандай. Аспанда самаладай жарқырап мамыр айының жұлдыздары жымың қағып тұр. Ұйықтағанына көп болған секілді…
***
…Уақыт сынаптай сырғып өтіп жатыр. Кеше ғана қос бұрымы иығына түскен алаңсыз, бейқам қыз өсті. Бүгін де поэзия атты тылсымның сырын ұғуға әуес. Тұрмыс құрды. Аялу жар атанып, өмірге сәби де әкелді. Бұл өмірден бақиға әкесін жібергенімен жүрегінен жібермеді. Мәңгілік музасы ретінде жүрегінде сақтады…
