ҚАРА ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ҚАСІРЕТ (Әңгіме)

Габдул-сабит Юсупов+++

Ғабдул-Сəбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Жазушылар жəне Журналистер
одағының мүшесі, Кемел Тоқаев атындағы
детектив жанрының Республикалық
конкурстарының бірнеше дүркін жүлдегері, Қаратал ауданының құрметті азаматы

 

 

Ғани – қала баласы емес. Сәбет үкіметі тұсында Гурьев аталған, қазіргі Атырау қаласының іргесіне жапсарлай жайғасқан қала есебіндегі Балықшы ауданында өмір кешкеніне жиырма  жыл уақыттан асса да,  өзін қалалық санамайды. Зайыбы – Ғалия да ауылдан шыққан, қарапайым отбасында тәрбиеленген қыз. Олардың қосылу тарихын әңгімелесең — жатқан бір үлкен тарих. Екеуі де осы мұнайлы өңірдегі Ганюшкино ауылында бір жылы туып, бірге қара қанат болып өсіп, қатар жетілді. Алтын ұя — мектептің бірінші сынып табалдырығын бірге аттап, «тарыдай» болып кірді. Сынаптай жүйрік «уақыт» атты жарықтықтың, зырылдай өткен мектеп қабырғасындағы он бір жылдан соң, ауылдағыбілім ұясын «таудай» болып тәмамдап шықты.

…Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайыншы… Екеуінің үйлері ауылдың бір көшесі бойында, бірі – біріне қарама-қарсы орналасқандықтан, екеуі жұптарын жазбастан сабаққа бірге барып, бірге қайтады.  Осындай өзара  ынтымақты да,  тату тіршілік кешіп жүргендеріне, төрт жыл толып, міне, төртінші сыныпты аяқтауға таяды. Бойшаң да, тойған қозыдай топ-толық, денесінің барлық бұлшық еттері толқынша ойнап жетіліп келе жатқан Ғани мектепке барғанда да, қайтар жолда да, туғаннан тыриған арық, әлжуаз болып өскен Ғалияның кітаптары мен күнделікті сабаққа қажетті асай-мүсейге толы рюкзагын  арқасына таңып алады. Өзінің зілдей ауыр  сөмкесін екі қолына кезек ауыстыра ұстап үйлеріне жетеді.Олардың бұл  татулықтары мен бірі-біріне деген достық қамқорлықтары — көрер көзге, бейне, бір жанұяның тетелес өсіп келе жатқан ұл — қыздары деп ойларлықтай көрініс еді.

…Ғани бала болса да, бокс өнеріне құлшынып, үйге жапсарлас өсіп тұрған үйеңкі ағашының жуан бұтағына іліп қойған құм толтырылған кенеп қапты күн сайын ұрғылап жүреді. Ауылда арнайы секция қайдан болсын, Гурьевке ата-анасымен өткен жылы бір барғандарында, «спорт бұйымдары» дүкені ішіндегі спортқа байланысты көрнекілер сатылатын бөлімге кіріп, бокс және «жекпе жек» өнері туралы кітапты сатып алған болатын. Сол екі кітапты басшылыққа алып, ауа соғып, өңкиген өгздей қапты аямай, ақ тер, көк тер болып тепкілеп жаттығып жүр.

…Бүгін де,екеуі мектептен сол үйреншікті үрдіспен әлденелерді қызу талқылап, жәйімен әңгімелесіп келе жатыр. Бұйырса, екеуі де соңғы тоқсанды кілең «бестік» бағамен аяқтайтындықтарына бек сенімді. Сондықтан да олардың жағалары жайлау, көңілдері көгілдір көктем болып, әңгіме қызығына беріліп кеткендері сонша, айналасына назар аударар емес. Кенет, артқы жақтарынан, бір емес, бірнеше баланың хормен айтқандай:

-Тили-тили теста, жених и невеста — деген  дауыстары шықты. Бұлар артқа жалт бұрылып қарағанда, өздерінен екі сынып жоғары оқитын Жарас, Жалғас, және Болат атты бұзақы балаларды көрді. Сақ-сақ күліп, мазақ еткен олар:

-Теста упала, невеста пропала! Теста упала, невеста пропала! – деп, тілдерін шығарып, ауызы-мұрындарын қисаңдатып, дуылдаса күліп жатыр.

-Сендер ұятсыз екенсіңдер. Біз не істедік мазақ ететіндей – деп, ашуға булыққан Ғани бұзақыларға жеккөрінішпен, кектене қарап қалған.

– Кім ұятсыз? Қане, қайталашы – деген Жарас оған таяп келіп, бетіне жуан жұдырығымен салып жіберді. Өзінен үлкен баладан ондайды күтпеген Ғани шалқалақтап құлай жаздағанымен, бойын тіктей түзеп алды.

Жазықсыздан жазықсыз, оның үстіне, қыздың көзінше жұдырық жегеніне намыстанып кетті. Арқасындағы рюкзак пен қолындағы ауыр сөмкені жерге тастай салды. Артынша, көз ілеспес жылдамдықпен Жарастың иек астынан келістіре соқты. Жерге жығылмағанымен, өзінен кішкене баладан қарсылық боларын ойламаған ол иек тұсын ауырсына қос қолымен баса ұстаған күйі тізерлей отырып қалды. Ашудан қалшылдап, сабасына түсе алмаған Ғани:

–Кел, қане. Жігіт болсаң, жекпе-жекке шық!– деп, қолдарын кеуде тұсына ұстап, бокс стойкасына тұра қалды. – Тап сенен таяқ жесем, оңбай кетейін…

-Ғани, керегі жоқ… Төбелеспе, ұят болады… – Өңі бозарып кеткен Ғалия жыламсырап, кемсеңдеген күйі ұрысқа қырандай тас – түйін болып дайын тұрған досын қос қолымен қоса қапсыра құшақтап алды.

…Жоқ, олай емес екен… «Жалмауызға да жан керек» демекші, өзінен кіші қарсыласының қайтпас батылдығы, темірдей жұдырығының соққысы, жігерге толы жүзі мен шоқ шашыратып тұрғандай өткір жанарынан жасқанған Жарас жекпе – жек төбелесті әрі қарай жалғастыруды ойына да алмады. Сонымен, «жекпе-жек» өтпей, әшейінде «сен тұр, мен атайын» дейтін үш бұзақы жабылып кетуге де жүректері дауаламай, өз жөндеріне кетіп жоғалды.

…Тегі, бұл үшеуі қаланың пысықайлары сияқты өздерінше «шайка» құрып, әлі жеткен балаларды сабап, шамасы келмегендерге жабылып кетіп қалталарындағы тиын-тебендерін тартып алып жүрген қулар. Сүйенерлері Жарастың аудан орталығында прокуратурада қызмет істеп жүрген нағашы ағасы Әбен Сатаев. Бұрындар бұлар бір – екі рет сондай келеңсіз істерімен қолға түсіп, нағашы ағасының араласуымен, әйтеуір, «жабулы қазан» жабылып тынған. Обалы не, сол жолы «нағашы» бұларды бір бөлмеге қамап, үшеуін аш иттей ұлытып тұрып сабап: «Енді осындай бір сөздің шеті шықса, басқа емес, өзім іс қозғатып, балалар колониясына айдатып жіберем» деп ескертіп, қорқытып қойған. Бірнеше ай  бойы арттарын қысып, тыныш жүрген олар «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазар» демекші, тағы да бір-жар рет ұсақ қылмыспен көзге түсіп, әупіріммен жандары қалған болатын.

…Арада айлар асықпай сырғып, жылдар жәйімен жылжып өтіп, жоғарыда аты аталған кешегі әлжуаз қыз — Ғалия бой жетті. Ғани екі иығына екі кісі мінгендей болып есейіп – палуан жігіт атанды. Биыл, міне, екеуі де он бірінші сыныпты ойдағыдай аяқтап, құдай бұйырса, жаз шыға алтын ұя — мектеппен қимай — қимай қош айтыспақ. Осы көңілге жақын, жүрекке жылы сезілетін ұядан, қарақанаттанған қарлығаш балапандарындай, әрқайсы өз таңдаулары бойынша, әр жаққақимас сезіммен, қанат қағып ұшып кетпек…

…Әсіресе, қыз балалар, «өсер — өсер, өсер қыз, көкейіңді тесер қыз» демекші, тез жетіліп өсіп кетеді емес пе, кейінгі жылдары Ғалия бой түзеп,   ауылдағы «мен» деген көркіне ақылы сай сұлу бикеш болып шыға келді. Ғалия мен Ғанидың ағалы – қарындастай болған татулықтары мен достықтары қатарластаның арасындағы кейбір қызғаншақ балалардың іштеріне ыстық шоқ түсіргендей қаритын – ды. Шоқтай қаритын да жөні бар.Қара қастары қарлығаш қанатындай қиылған, көздері қарақаттай, екі беті алмадай балбырап, қос бұрым етіпәсем өрген білектей қара шашы тірсегін соққан Ғалия-аруға сұқтанбайтын, қызықпайтын жан, әсіресе, ер — азаматтар кем де кем. Бұлардың сонау сәби дерліктей, төменгі сыныптан басталған достықтарын көре алмай: «Ғани + Ғалия = любовь» деп, қыста ақ қар үстіне, тіпті сабақ арасындағы үзіліс кезінде сынып тақтасына ірі әріппен да жазып қоятындарын қайтерсің! Екеуі де: «Ұятсыздар! Мынаны кім жазған?!» деп, ашуланған түр көрсетіп, тезірек өшіріп тастағанымен, іштей сол жазуларды жек көрмейді. Әй, балалық — ай десеңші, сыныпқа кірген кезде, тақта бетінде  ол жазу жоқ болса, бірдеңе жетіспей тұрғандай, өздерін біртүрлі, қолайсыз сезінетіндерін қайтерсің…

«Ең алғашқы махаббат- басталады партадан» деп, сонау жылдардағы ән жолдарында айтылғандай, олар бірі – біріне деген ыстық көңілдерін білдірмесе де, екеуара балалық пәк те, кәусардай таза сезімдеріерекше — тін. Бірінші сыныптың сол бір көгілдір партасына тұңғыш ретқатар отырған сәттен бастап оянған ыстық сәбилік достықсезімдерінің соңы, уақыт өте келе ешбір бақай есепке құрылмағаншынайы, таза да, мөлдір махаббатқаұласқандығы анық еді.

Елге танымал сазгер — әнші Марат Омаров жанға жайлы дауысымен:

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жадыра жаны жаздай жайраңдаған.

«Қыз өссе — елдің көркі» деген сөзді,

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам… – деп, гитарасына қосыла шырқайтындай, есейе келе үйдегі тәрбиесі де, ата — анасынан көрген үлгісі де қайран қалатындай көрегенді, ақылдыболып өскен Ғалия ешқашан өз сезіміне ерік берген емес. Рас, Ғаниды сәби кезден жақсы көреді, бір сәт көрмесе аңсай сағынып, кездескенше асық болады. Қыздың сол ынтықтығына орай, Ғани оған оғаш қылық байқатқан емес. Сенсеңіз,Ғалияны құшақтап, сүймек түгіл, білегінен ұстап көрмепті.Қыз да, жігіт те бірі –біріне әлдебіреулер сияқты «сүйем», «күйем» деген арзан сөздерді айтқан емес. Олай айтса, таза да, пәк, жүрек түбіндегі шынайы ыстық сезімдеріне көлеңке, ноқаттайдақ түсіріп алатындай оғаш көрінетіндігі екеуіне де ортақ қасиет…

Түбіттей үлпек мұрты енді тебіндеп келе жатқан Ғанидың қысы-жазы спортпен үзбей айналысатындығы өз алдына, жеті ішекті гитарасымен өзі сүйемелдеп, майда қоңыр дауысымен келістіре ән салатын да өнері бар. Былайша көп сөзге жоқ болғанымен, сахна төрінде өзін судағы балықша еркін сезініп, әнді өне бойды шымарлата, келістіре шырқағанда, көрермендер сүйсіне тыңдап, оны сахна төрінен жібергісі келмейтіндерін қайтерсің!

…Шіркін, биатаулының сәні де, көркі де вальс қой… Мерекелік кештерде ұзын бойлы, спорт жарықтықтың арқасында денесі шымыр, жауырыны қақпақтайҒани мен қос бұрым етіп өрген қою, білектей қара шашы тізесіне түскен Ғалия сұлудың саз әуеніне беріліп, тоқтаусыз шыркөбелек айнала билейтін өнерлері кімді болса да таң қалдырады. Олардыңвальстың сазды әуенімен, сезімге беріле, көлдің жай ғана тербелген толқынындай, сурет сынды билеріне жастар түгіл, мұғалімдердің өздері сүйсіне қарап қалады.

…«Мектеп» атты білім ордасындағы соңғы жылының «Халықаралық Әйелдер күні» мерекесі құрметіне ұйымдастырылған мектептегі концерт өз жәйімен көңілді өтіп жатыр… Әуезді әндер шырқалып, мың бұралған бишілер таңдай қақтырар өнерлерін көрсетуде. Келесі кезекте Ғани Сәлімұлы әнін де, сөзін де ақиық ақын Мұхтар Шаханов шығарған сағыныш пен мұң аралас:

Асау өмір арнасында

шалқып сәби сезімменен,

Он жыл мектеп партасында

бірге отырдым өзіңменен.

Сездіруге батпадым да

Бала махаббатымды,

Тереземнің жақтауына,

Ойып жаздым атыңды… – деп айтылатын әуезді әнді өзінің

жеті ішекті гитарасына қосылып, қоңыр дауысымен,  жүрек тебіренерлік сезіммен шырқап тұр. Сазды да, мұңлы әннің  үшінші шумағына көшті:

Елес беріп келешегің,

мені өзіңе баладың ба?

Қоштасарда неге сенің,

жас толқыды жанарыңа?

Сездіруге батпадым да

бала махаббатымды,

Тереземнің жақтауына

Ойып жаздым атыңды…

…Залдың алдыңғы қатарында құрбылас қыздармен иықтаса отырған Ғалияның денесін діріл билеп, нәзік те, сезімтал жүрегі ән алғаш басталған сәттен – ақ асау аттай тулап, қабынан шығып кетердей бұлқына жөнелген…

Көк жүзіне шарықтап, самғай шығып, енді жәйімен ғана қанат қағып, баяулата барып жер бетіне сәнімен қонған, әлем бейбітшілігінің символы -ақ көгершін сынды әсем ән аяқтала бергенде, елкүтпеген жағдай болды.

Сазгер, аяулы ақын – Мұхтар Шахановтың, кімнің болмасын жүрегін еріксіз жаулап алатын сазды ән әуенінесиқырланып, лүпіл қаққан жүрек соғысы бүкіл залға естіліп тұрғандай сезінген Ғалия еш қимылсыз қалған. Тынымсыз дүрсілдеген жүрек соғысынаұштасқан, безгек ауыруы қысқандайдене дірілін ел біліп қалмаса екен деген ол жылан арбаған торғайдай, тырп етпестен, үнсіз отыр. Ән аяқтала бере, қыздың дәрмені мүлдем таусылып, сезімін де, өзін де билеуге қауқары қалмады. Жанары ыстық жасқа шыланып үлгерген, бірақ бағанадан әзер шыдап отырған ол өзін әрі қарай ұстауға шамасы жетпей, үнсіз егілген күйі залдан жүгіре басып шығып кетті…

 

***

 

…Өмірде ақ дүниең қараға айналып, көңілге кірбің, жүрекке жазылмастай терең жара салатын келеңсіз жағдайлардан ешкім алдын ала сақтана алмайтын бір шындық бар. Міне, жұптасқан қос көгершіндей жарасып жүрген Ғани бозбала мен Ғалия сұлудың ғазиз бастарына сондай бір келеңсіздік күтпеген жерден «сап» ете  түсіп, саналарын сансыратып жіберді.

…Осыдан үш күн бұрын қаздай жарасқан екі жас аудан орталығына барып қыдырыстаған. Парк ішіндегі қызылды-жасылды гүлге оранған көкжелек көрініске таңдай қаға қызықтап, күлдіргі кино көріп, көңілдері көктемдей құлпырып шыққан екеуі кафеге барып тамақ ішкен. Артынша, қайтадан паркке барып, армансыз сырласқан. Екеуінің жырлары да, сырлары да бітер емес. Кейінгі кезде жастар арасында шырқата:

«Жұбайлар бар әңгімесі таусылмас,

ал махаббат — таусылмайтын,

таусылмайтын әңгіме» — деп жиі айтылып жүретін әуезді әнді

аса қатты болмаса да, орташа дауыспен қосыла айтып, сол әннің әуені мен сөзінен жан ләззатын алып ұзақ қыдырғандарына қанағаттанар емес. Көңіл көгаршынын көкке шарықтата ұшырып, қолтықтаса сырласқан қос ғашық осы қуанышты сәттің аяқталмауын жүрекпен қалап келеді.

-Ғалиятай, «жұбайлар бар әңгімесі таусылмас» — деп әндетіп келеміз. Бірақ біз жұбайлар емес, ғашықтармыз ғой, ия…

-Ия, ғашықтармыз. Құдайым бұйырса, жас жұбайлар болу бақытына да жетерміз, жаным… – «Жаным» деген асыл сөз ауызынан алғаш рет шыққан қыздың беттері алаулай қызарып ұялып кетті.

-Ой, Ғани, мен «жаным» деп ойланбай айтып қалыппын ғой…

-Ғалияш, «жаным» деген сөзді айтқан ауызың емес, жүрегің ғой. Сол алтыннан да асыл сөзді айтқан жүрегіңнен айналдым – деген жігіт қыздың бетіне бетін тақап, ернінен сүюге ыңғайланды. Ондай батылдық бойына қалай пайда болғанына өзі де таңданып қалды…

-Жоқ, жоқ, Ғани. Біз әлі оқушымыз… Әр нәрсе өз уақытында. Асықпайық…

-Асығыстық еткеніме кешір, жаным. Сезімімнің, жүрегімнің әміріне елітіп, өзімді билей алмай қалдым, кешірші…

-Ия, мектепті бітірейік. Бұйырса, екеуіміз де жоғары оқу орнына түсейік. Жаратқан иеміз бізді ажырата көрмесін деп тілейік…

Ғашықтардың жанның терең түбіндегі осыған дейінгі ешкімге ашпаған жүрек сырларын бүкпесіз ақтарысқан ұзақ қыдырыстары, алтын күннің еңкейіп,екіндіге таяған шағына ұласып, таксимен ауылға қайтқан болатын.

…Қазақтың қайауылында болмасын, ауызымен орақ орып, су жыландай сумаңдаған тілімен өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, сумақайланып жүретін өсекшілер болатындығын, тіпті, өмірдің жазылмаған заңы дерсің…

Сондай кесепатшыл пәленің бірі де, бірегейі – Ғанилармен ежелденбір көше бойында тұрып келе жатқан, атына заты кереғар — Сұлубике атты, осы мектепте еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалім — өсекшіл, су жұқпас әйел. Ауылдастарды өзінің өсегі арқылы араздастырып, ұрсыстырып, тіпті жұлыстырып қойып, жағасы жайлаудай мәз болып жүреді. Сондай кесір қылығы үшін өткен жылыаудандық оқу бөлімі сөгіс  те берген оны ел «Су жұқпас Сұлубике» деп атап кеткен. Анығырақ айтсақ – өзіміз сөз басында таныстырып өткен бұзақы Жалғастың анасы. Сол сумақай әйелдің:

-Ойбай, әлігі ел жерге сыйғызбай мақтап жүрген Ғалия бұзылып кетіпті. Алдыңғы күні осында оқитын Ғани екеуі қалада ресторандатып, қыдырып гөләйттапты. Одан шыққан бетте сондағы гостиницаға кіріп кетіпті.Масқара-ай, мектепті бітірмей қатын болуға асыққаны несі-ай? – деп, екі бетін кезек  шымшылайды. – Сау сиырдың боғы емес ол қыз. Әйтпесе, еркекпен құшақтасып гостиницаға бара ма? Сұмдық қой бұл …!

Оның бірдеңені анық білмесе де, өсекті желдей естіре,  соғатынын білетін әріптесСәмиға апай шыдамай кетті:

-Қой, мүмкін емес. Ғалия өнегелі, тәртіпті де, тәрбиелі қыз. Өз көзіңмен көрмеген нәрсені долбарлап айтып, бекерге күнә арқаламасаңшы.

— Шыққыр, мына өз көзіммен көрдім. Пайғамбар жасына жақындап қалған маған өтірік айтатындай жаныма не зор келді? Шын айтам! Өлләһи-билләһи…

Әрине, бұл адам сенбес «сұмдық» хабар мектеп басшылығының да құлағына жетті.Мектептің «әйелдер кеңесі» аталатын қоғамдық ұйымының төрайымы Бәтиха Бәриқызы да өсекші Сұлубикенің ар жақ, бер жағындағы оспадарсыз әйел. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеткен Бәтиха Сұлубикенің бұл «қызықты» хабарының анық-қанығына жетпестен, ешкіммен ақылдаспастан, сол күні-ақ, мектеп жанынан өткен жылы құрылып, «ысқырығы жер жарып» айдарынан жел есіп тұрған «Жен советтің» отырысын өткізуді ұйғарды.

…Кезекті сабақ үстінде отырған Ғалияны мектептегі  тазалықшы апайдың:

-Бастықтар сені акт залына жиналысқа шақырып жатыр – деген сөзі,жаңа тақырып түсіндіріп тұрған ұстаз ағайын мұқият тыңдап отырған қызды «жылы орнынан» қозғады.

«Аяқ астынан мені іздейтіндей не болып қалды екен? Шамасы, бір пәнолимпиадасына қатыстыру бойынша шақырған болар» деп ойлады. Өйткені, ол аудандық, облыстық түгіл, Республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жеңімпаз болып, бірде жүлдегерлар қатарында жүрген талапты оқушы-тын.

Акт залына кіргенде жиналғандар әдеттегідей күлімсіреп емес, біртүрлі, секемдену ме, жеккөру ме, әйтеуір, бір түсініп болмайтын кейіппен қарап қалған. Оқушы есіктен енген бойда, әйелдер кеңесінің төрайымы Бәтиха Бариева кекесін түрмен, зымияндыққатқыл дауыспен сынықси тіл қатты:

-Кел, озат оқушы. Ортаға шық. Кел, кел, қорықпа…

Ғалия таңданысын жасырмай, қанша айтқанымен, мынандай түсініксіз жағдайда көпшілік алдына шығыпкөрмеген жас бала емес пе, сұраулы жүзбен жасқана басып, зал ортасына шығып тоқтады.

-Арғы күні қайда болдың? Не істедің? – дегенБәтиха Бариқызы жауап күтіп, қыздың бетінетіктеле қарады. Басқалар демдерін іштен алып, «оқушы қыз не жауап қайтарар екен?» дегендей,үнсіз құлақ түріп отыр.

Ғалия енді ғана,бүгінгі бұл шұғыл жиналыстың ненің құрметіне шақырылғандығын  анық білмесе де, ойша шамалап үлгерді.

— Не істеппін? Бір нәрсеге кінәлі болып қалдым ба? – Ашу қысқан қыз

дауысы әлсіз,дірілдей шықты.

-Мен емес, істегендеріңнің барлығын сен түсіндір. Қарашы, түк білмегендей тәлімси қалуын…

-Апай, не үшін тәлімсіуім керек? – Әншейінде үлкендердің алдында қатқыл сөйлеп көрмеген, алайда, жаны жазықсыз жараланғанына күйінген қыз ызаланып, әйелдің бетіне жақтырмай, тесіле қарады.-Олай қорламаңыз мені…

-Жақсы. Ұмытып қалсаң, мен есіңе түсіріп берейін. Осыдан екі күн бұрын

қалаға кіммен бардың және не себеппен бардың? – деп, сазарып тұрған беті одан әрмен көгереңдеп кеткен Бәтиха хас жауын «жекпе — жекте» жеңген батырларша, жан-жағына тоқмейілсіп, қораздана қарап тұр.

…Ғалия ежелден, қай пәнді болмасын, үздік оқуы өз алдына, болашақта заңгер болсам деп армандайтын. Сол себепті, «Заң» газеті мен Москвадан шығатын «Человек и закон» журналын жазғызып алып, қызыға да, тұшына оқып жүретін. Оқығандарын санасына берік сіңіріп, білімін өз бетінше толықтыру арқылы Заң тармақтарын датиістідәрежеде білетінқызеш саспады. Басқы кезде қолайсыздық сезінгенімен, өз өзіне келіп:

-Мен мына жерде Сіздерге бір ауыз жауап айтпаймын. Біріншіден, бұл «Әйелдер Кеңесінің» жиналысы заңсыз өткізіліп отыр. Өйткені,  аудандық оқу бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі арнайы комиссиясының өкілі жоқ. Екіншіден, заңдылы құқығымды пайдалана отырып, өзім  қорғаушы (адвокат) жалдап, солардың қатысуымен жауап беремін. Үшіншіден, келесі отырысқа өзімнің анамның шақырылуын талап етемін.Төртіншіден, оқушылық тәртіпті бұзбағандықтан, менің арам таза. Сондықтан, мынандай адамды жазықсыз қаралап, қорлайтын келеңсіз жағдайды мен аяқсыз қалдырмаймын. Сотқа жүгіну арқылы заңдылы құқымды қорғаймын–деген қыз аяқтарын тақылдата басып, залдан жұлқына шығып жүре берді. Жаны ауырмай, жұлқынбай қайтсін, мұғалім деген дардай аты бар мына оспадарсыз әйел өзінің пәк көңілі мен ақ бетіне еш жазықсыз қара күйе жағып тұрса…

 

***

 

Тоғызыншы сыныпты әупіріммен, жыпырлаған кілең үштік бағамен «қатырып» аяқтап, «оқу» атты ноқтадан басын біржолата босатып алған Жалғас өткен күзде аудан орталығындағы автобазадан төрт айлық шопырлық курсты тәмамдап алған болатын. Анасы Сұлубике қорадағы біраз малдарын шығандап, қолдан, сонша жаңа болмағанымен, күнделікті нәпаха табуға жарайтын «Ауди» машинасын сатып әперген. Мектептегі оқуға мойыны жар бермегенімен, пайда десе жанып түсетін Жалғас осы көлігімен күнделікті ауыл адамдарын тасып, «тау қопарғандай» болып күмпиіп жүр.

Сол күні кешкісін анасы ұлына бала кезден мектепте өзімен бірге оқыған сыныптастары Ғани мен Ғалияның аудан орталығындағы «қызықтарын» көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп баяндап берген.

-Балам, таңертең ертерек аудан орталығына бізді апарып, қайта алып қайтасың ба? Жолақысын әркім өздері төлейді – деп, ұлына өтіне қараған.

«Іздегенге — сұраған» демекші, мына жақсы хабарды қызыға тыңдаған ұл:

-Қозы мен Баяндай бірі-біріне ғашық болып жүрген екеуіне жүдә сауап болған екен… – Біреудің басындағы сәтсіздік пен әлдекімнің жолындағы қиындыққа тап болғанына сүйсініп, содан кәдімгідей жанына ләззат алып жүретін Жалғастың Құдайы оңдап, қуаныштан көздері жайнап кетті.

– Мама, жолақы пұлын өздері төлейтіндері анық қой? Мені қып — қызыл шығынға батырып, галошқа отырғызып жүрмеңдер, әйтеуір…

-Анық, анық… Әрқайсы өздері үшін төлейді. Оған еш уайымдама…

…Аудандағы орталық емхананың гинекология бөліміне кіріп, тән тазалығы ғана емес, ар мен жан тазалығына тексерілген  Ғалия дәлізге ширыға шықты. Қолына ұстаған медицина мекемесі дәрігерінің сойғақтата қойған қолы мен дөңгелек мөрі басылған көкшіл түсті бір парақ қағазын мектептің «әйелдер кеңесі» аталатын қоғамдық ұйымының «бақандайдәу бастығы» Бәтиха Бариқызының көз алдына қозғалмастан ұстап тұр. Қағаз ұстаған қолдары дір-дір еткен қыздың көзінен моншақ іспетті мөлдір көз жасы парлай ағып, тоқтар емес. Ендігі кезекте өсекті суша ағызатын суайт Сұлубике  мен су жұқпастығы мен қатігездігі анасынан асып түспесе, кем соқпайтын оның ұлы, яғни  машинаның жүргізушісіЖарастың жымысқы жанары алдына, көзін шығарып жіберердей тақай ұстап тұра қалды.

-Міне анықтап көріп алыңдар! Ендігі сөзді әділ заңның соты мен ар сотының алдында жалғастырамыз. Сіздерді бір Құдайға тапсырдым…!

-Ой, айналайын, қызым-ау! Мен ақымақбас мына сужұқпас  Сұлубикенің сөзінесеніп қалдым емес пе?!Кешірші, жаным! Былайша да бөтен емеспіз, Болат баламмен жастайыңнан бірге өскен қызымсың ғой. Бәсе, мен өзім де сенің тәнің де, жаның да жаңа жауған әппақ қардай таза, пәк екендігіне шәк келтірмеп едім… Кешір, айналайын!

…Бірде еңіске еңкейіп, бірде қырға қарай тартылған асфальт жолдың көптен бері күтім көрмегендігінен көнеленіп, тозғаны байқалады. Рөль ұстаған  Жалғастың: «Мыналар ауылға жетіп алғаннан кейін, жолдың ақысын кемітпей берер ме екен?» деген уайымға бергісіз  ойдың ұшығында келе жатыр.

Ғалия болса: «Құдай-ау, сақтай көр… Бала емес — шаға емес, үп-үлкен кісілердің осыншама төмен құлдырап кетулерінге не себеп екен? Жаңа Сұлубике тәтенің өзі айтпақшы, солардың көз алдында, баларымен бірге ойнап өскен қызы емеспін бе?! Ғани сыныптасыммен дос болғанымды, әнеу күнгі бірге қыдырып жүргенімді жамандыққа жорып, «гостиницаға кіріп кетті» деп өтірік жала жабуға қалай ғана ауыздары барды екен? Өздері де ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған аналар емес пе?!» деген ауыр ойдан жүрегі ауырып, жаны сыздап келеді. Артынша әлігіндегі сияқты дауыс шығара солқылдап жылап жіберді. Көлік үстіндегілер де  демдерін іштен алып, тым-тырыс отыр.

…Сапардың шамамен үштің біріндей қашықтығын еңсеріп өткен кез. Қызыл «Ауди» қара жолдың апшысын қуырып, жанын шығара зырылдап келеді. Анадайда, жанар ұшына қарайған адам сұлабасы  шалынды. Машина жақындай бергенде, әлігі адам қолдарын үсті-үстіне ербеңдете сермеп, көлік астына түсіп кете жаздады.

— Ой, әкеңнің… Мынауың өле алмай жүрген біреу ме, ей – деп, орысша

былапыт сөздерді қыстың ұйытқыта жауған қарынша бората жөнелген Жарас көлігін жәйлап баяулата берді.

-Қой, тоқтап, мына бейбақтың кем дегенде екі – үш жүз теңге болса да ақшасын қағып алайын. Пұлдың артықтығы болмас…

Үстіндегі жұпыны киімі адам көргісіз кір, сақал, мұрты өсіп, онсыз да жетісіп тұрмаған кейпін одан әрмен сүмірейтіп тұрған адам:

— Ағатай, Алла разы болсын, алдағы ауылға шейін ала кетші – деп,

Жарастың бетіне жалынышты жүзбен қарап тұр.

-Алланың разы болуы үшін кісі тасымаймын, Бұл такси, қанша бересің?

-Қалтамда нанға деген ең соңғы үш жүз теңгем бар. Соны берейін…

-Үй, жарымай қалғыр қайыршы. Ақшаңды алақаныма сал да, тез отыр…

-Тілеуің берсін, рахмет – деп, емпеңдей қуанып кеткен бейбақ жолаушы жүргізушіге кірден көрінбей, умаждалып жыртылуға шақ тұрған екі жүз теңгелік қағаз ақшаны ұсынды. Артынша бір уыс бақыр тиындарды Жарастың күректей алақанына салды да, оның арт жағындағы тысы сетінеп, жыртыла бастаған орынға жайғасып алды. – Мында артық – кемі жоқ – жүз теңге.

Көлік ішіндегілер әркім өз ойымен әлек болып, ауыздарына су толтырып алғандай, үнсіз тербеле, қалғып- мүлгіп келе жатыр.

 

***

 

…Арада жарты сағаттай уақыт өткенде, осы тылсым тыныштықты жаңадан қосылған жолаушының жарықшақтана шыққан үні бұзып жіберді:

— Менің есімім Хамит. Руым Найман. Оның ішінде Садыр деген ел боламыз. Біреудің проблеммасы біреуге қызық болмағанымен, бастан кешкен трагедиямды айта отырайын. Мүмкін, ішімдегі шерім жеңілденіп қалар — деген жолаушы бір сәтке кідірді де, сөзін әрі қарай жалғастырды.

«Тәуелсіздігімізді жариялап, егемен ел болып, Кеңес Одағының, яғни орыстың шеңгелді  қолтығынан босай салысымен: «Біз ашық мемлекетпіз.

Дін — мемлекеттен бөлек. Сондықтан, діни көзқарасқа  шектеу қоймаймыз. Қай дінге болса да есігіміз айқара ашық» деп, шет елдерге жақсы көрініп, ұпай жинау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шекарамызды атқораша ашып тастауға пәрмен бергенін білесіздер. Тек ішке кіретін кішкентай саңылауды тосып, өз сайқал саясатын жүргізудің мүмкіндігін аңдып отырған секталар,  шетелдік неше түрлі қитұрқы қоғамдар мен алапес ағымдар «Құдай берді ме, жоқ па?!» деп, елімізге лап қойды. Бірі – «қайырымдылық қоры», бірі – бізді демократияға «үйрететін»  қоғамдық институт, енді бірі-ұлт пен ұлыс ұрпақтарын ұйыстырып «достастыратын» мейірімді діни бірлестіктер. Түһ, бұлардың бәрі білгіш, бәрі бізді – қазақтарды үйреткіш…!

Міне, осы кезде біздің ұлты қазақ — қаламгерлер қауымы ата-бабаларымыздың «үй сыртында кісі бар» деген сақтық тәмсілін алға тартты. «Етек-жеңімізді қымтайық. Беталды ашылып – шашылу жақсылыққа апармайды. Сақтық шараларды да еш  ұмытпайық!» деп дабыл қақты.
Қаламгерлердің орынды айтқан дабылына құлақ асар билік қайда?! «Қайдағы жоқты шығарасыңдар» деп, оларды қара есекке мінгізіп, талай жерге апарып тастады. Ақыры не болды? Екі күннің бірінде атыс-шабыс. Жеріміздің әр түкпірінде болып жатқан жарылыстар, құқық қорғау Органдарының ғимараттары мен қызметкерлеріне дүркін-дүркін жасалған шабуылдар ел ішінде  қорқыныш, үрей туғызып, сананы сор етіп сансыратып тұр…

Мұндай жымысқы ұйымдардың елді қатарына тарту  қабілеті  де зорекен. Өйткені, қарапайым халықтың тұрмысы нашар. Тіпті,  кейбір  тұрмыс  тауқыметін  тартып,  барар  жер,  басар  тауы  қалмаған  шарасыз  қазақтарға  тиын-тебен  беріп,  киім-кешек  таратып  қана  қоймай,  «бог  вас  любит»  деп,  бастарынан  сипап,  жылы-жылы  сөйлеу  арқылы  қазақтарды  өз  дініне  кіргізуді  мақсат  етті. Онсыз  да  жүз-жүзге,  ру-руға  бөлінгені аздай,   бірі  «кришнаит»  бірі  «бхай»-тықай  болып  адасып,  ислам  дініндегі  анасының,  «иегованы» ұстанатын  әкесінің,  христиан  дініндегі  баласының  арасына темір сына қағылды. Қайшылық  көзқарас,   рухани  сәйкессіздік  салдарынан  талай  жанұялардың  быт — шыты  шығып,  шаңырағы  ортасына  түскенін көзіміз көрді. Өйткені,  ол  дінсымақтардың  уағызы:  «Жанұя  құрма»,  «дүние де,  бала – шағаның да  қажеті  жоқ»,  «мемлекет  заңына  бағынба», «тезірек нағыз  өмір – бақытты өмір — о  дүниеге  барғанда басталады»  болып  келеді. Сол себептен,  әнұран  айтудан  бас  тартып,  әскери  борышын  атқарудан  қашып,  өз  өзіне  қол  салу  арқылы  фәни  дүниемен  қош  айтысқан  жастардың  жарық күнде адасып жүргенін шыққыр көзіміз  көрді ғой…» — деп, сәл кідіріп, қалың ой жетегіне оранып кеткен Хасен Жарастың жүзіне барлай қарап:

— Аға, мүмкін құрдас та шығармыз, сұмдықтың үлкенін қазір естіп, шошып кетесіз… Сол сұрқия секталардың бірі- «Иттахид әл Мүсилим» ұйымына мына мен мисыз кіріп, ит болдым ғой. Ерте үйленіп, алтын асықтай екі ұлым бар өзім сол секта басшыларының азғыруы, тіпті солардың уағызымен уланған мен әйелімді көндіріп, алдыңғы жылы Сирияға аттандық. «Бүтіндей мұсылман мемлекетін құрып, жеке Ел боламыз. Бір кәпірді өлтірсең, еш сұрақсыз бірден ұжмаққа барасың» деп, одан қалса, кәдімгідей қомақы ақша төлеп, сонымен қызықтырды.  «Акрим ака» деген, ұлты белгісіз басшымыз «Сирияға барар құжаттарды жөндейміз» уәжімен жеке куәлік, тағы басқа құжаттардың бәрін жинап алып қойды. Бірақ, қандай жолмен екенін кім білген, құжаттардың бәрін өздері жөндеп, алдымен Тәжікстанға, одан әрі Сирияға ұшақпен ұштық. Діттеген жерге барған соң сұмдықтың көкесі басталды! Әйелімді көзімді бақырайтып қойып, әскерлердің ортасына тастап, ортақ қатын етті. Құдай-ау, «Жұмақ өмірді бастаймыз. Сен патшаның ұлындай өмір сүретін боласың. Қазақстанға екі жылдан соң қайтып ораламыз. Нағашыларының қолында қалған екі ұлыңды да мектептен соң  жоғары оқу орнында оқытамыз. Аста төк өмір сүріп, ақшаның астында қаласыңдар» деп емексітті ғой мен сорлыны. «Танымайтын жат жерге бармай-ақ қояйықшы» дегеніне көнбей, сүйіп қосылған әйелімді зорлағандай етіп апардым емес пе мен сормаңдай. Әйеліме ара түспекші едім, қайда… Өзімді итше тепкілеп, қызыл қанымды ағызып ұрды. Барғанымызға  алты ай уақыт өткенде, әйелім сол көп «жауынгерлердің» астына тапталып жүріп, зорығып өлді. Екі рет қашпақшы болып едім, ұсталып, тепкінің астына алды. Басымды екі жерден жарып, төрт қабырғамды, мұрын кеңсіргімді сындырды. Табаны жалпақтай қырық күн ас, сусыз итше бұратылып, ыңырсып жаттым. «Адам ит жанды» дейтіні рас екен, әйтеуір басымды көтеріп, құлан таза сауықпасам да, жүріп тұруға жарадым. Абиүр болғанда, Құдайға қараған қайырымды жандар жолығып, құжаттарымды жөндетіп, ит сілікпем шығып, еліме жеттім. Ендігі бар арманым: бауыр етім-қос құлынымды өз қолыма алып, оқытып адамша өмір сүру. Шіркін-ай, әйелім жанымда, балақандарым бауырымда, алқып-шалқып өмір сүрмесек те, біреуден ілгері, біреуден кері, өз қотырымызды өзіміз қасып, уайымсыз өмір сүргеніміздің өзі жұмақ екен ғой» деген Хамит еңкілдеп ұзақ жылады. Көз жасынан айғыздалған бет – ауызын сүртті де:

— Көпе көрінеу өз қолыммен азапқа апарып, өз қолыммен көрге тыққан әйелімнің аруағы алдына ант етем: Қайткен күнде де қос құлынымды асырап, оқытып, жеткізем. Сол арқылы балапандарымның да, олардың анасының да алдындағы күнәмді жуамын… Бұл арманыма қайтсем де жетемін — деп, өкіре жылаған Хамиттң қос иығы селкілдеп кетті. Ет пен сүйектен жаратылған адам түгіл, кәтепті қара нар көтере алмас ауыр қайғылы оқиғаның барлығын көз алдынан кино экранындай өткізіп жаны жылап отырған Хамит байқұстың жүрегі шаншып-шаншып кетті. Жанарының ыстық жасы нөсердей сорғалап отырған оның жүйкесі де әбден сыр берді. Өкініштен жаны   қиналып, сол өкси жылаған қалпы рөлдегі Жарастың кеудесіне басын салғаны сол еді…

…Хамиттің салмағынан тепе-теңдік күйін жоғалтып, денесі сол жағына қарай ауытқып кеткен жүргізуші қолындағы сығымдап ұстап отырған рөлден айырылып қалды. Құдай-ау, болды бір сұмдық…! Екпінімен зуылдап келе жатқан «Ауди» қас қағым сәтте аударылып, сол жаққа қарай допша домалай жөнелді. Сол арада көліктің алдыңғы жағындағы оң жақ есігі сарт етіп ашылып кетті  де, Ғалия ойын баласының лақтырған тасы құсап, анадай жерге ұшып кетті. «Ауди» аунай-аунай асфальт жолдан кемінде жиырма – жиырма бес метрдей жерге жеткенде, қашан, не үшін тасталғанын кім білсін, аумағы  бір самосвал машина кузовы шамасындағы бетон үйіндіге салдыр-гүлдір етіп соғылды.  Артынша, оқ тиген аюша өңкиіп, бір жағына жантайып жатып қалды. Осы сәтте мотор жақтан «жарқ» етіп тұтанған оттан, көлік дереу жана бастады. Ой, Алла-ай,  «лүп» еткен жел жоқ сияқты еді, батыс жақтан құйындай ұйтқи соққан долы жел, көзді ашып — жұмғанша машинаны лапылдатып, жалындата жанған оттың құшағына алып та үлгерді. Арада шамамен жарты сағат өтті ме, жоқ па, көліктің орнында бензин сасыған қарақошқыл күл үйіліп қалды. Тірідей кәуапқа (шашлыққа) айналған адам денелерінің қоңырсық, сасық иісі айналаға тарап, бос кеңістікке бу болып көтеріліп жатыр…

Бұл Құдайдың құдіреті дегенді қойсаңшы, сонау, жанған көліктен елу — алпыс қадамдай жерге түсіп қалғанҒалия аяқтарын ауырсына басып орнынан тұрды.Бетінің оң жағы мен оң қол шынтағының сырылып кеткеніболмаса, аударылу да, авария да, тіпті, ештеңе де болмағандай сап-сау…

Осылайша, жазықсыз жан – Ғалия қызға жала жауып, жүрегін ауыртқан «жен советтің» бақандай бір бастығы Бәтиха Бариқызының, су жұқпас суайт Сұлубике мен біреудің жылт еткен жақсылығын көре алмайтын ақшақұмар Жарас шопырдың жан шошырлық жаман пиғылдары өздеріне ажал, яғни, ғылым тілімен айтқанда — бумеранг болып оралды. Олармен біргемаңдай соры бес елі Хамиттың сүйегіне шейін жанып, орнында қарайған күлі ғана қалды… Сириядағы тұтқындық тозақ отынан құтылып, өзіне өзі берген серті қара жолдың қақ ортасындағы қасіреттен, қызыл жалынмен лапылдай жанған қызыл «Ауди»  көлігімен бірге жанып, күлге айналып жоқ болды…

…Жаратушы Алланың біз білмек түгіл, түсіне алмайтын тылсым күші көп қой. Мынандай адам сенбестей сұмдық апаттан Ғалия қызды аман-сау алып қалған қандай құдірет? Сормаңдай Хамитті өзі сүйіп қосылған жарын көрнеу ажалға сүйреп апарған күнәсі мен анасыз жетім қалған алтын асықтай қос ұлының көз жасы жібермеді ме екен, кім білсін… Әлде жазықсыздан жазықсыз жала жабылып, жүрегін сыздата ауыртқан, жаны таза, күнәдан пәк,  арманы асқақ Ғалия қыздың көз жасы мен назасы ма екен, әлде…

Оны тек құдіреті күшті бір Құдайдың өзі ғана білер…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *