ӨНЕР, ӘДЕБИЕТ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ — РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ТІРЕГІ

САБЫРБЕК ОЛЖАБАЙ-САЙТ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

ҚР Жазушылар Одағының
мүшесі, ҚР Құрметті журналисі

 

Адамзат тарихына үңілсек, қай дәуірдің де шынайы келбеті оның әскери қуатымен немесе экономикалық көрсеткіштерімен ғана емес, өнерімен, әдебиетімен, мәдениетімен өлшенгенін көреміз. Қылыштың жүзі мұқалуы мүмкін, байлықтың дәуірі алмасуы мүмкін, ал сөз бен саз, бояу мен бейне, рухани мұра уақыттан озып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Сондықтан өнерді, әдебиетті, мәдениетті және шығармашылықты дамыту – тек бір саланың мәселесі емес, тұтас ұлттың болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт.

Өнер – адамның ішкі әлемінің көрінісі. Ол қоғамның айнасы ғана емес, сонымен бірге оның ар-ұяты, арман-аңсары. Әдебиет – халықтың жаны. Мәдениет – ұлттың өмір сүру тәсілі. Ал шығармашылық – осының барлығын қозғалысқа келтіретін тірі қуат. Егер осы төрт құбылыс әлсіресе, қоғам механикалық күйге түседі, рухани серпінін жоғалтады. Керісінше, олар дамыған сайын адам да, мемлекет те кемелденеді.

Қазақ өркениетінің тамыры тереңде: далалық ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, эпостық мұра – мұның бәрі ғасырлар бойы халықтың дүниетанымын қалыптастырды. Ұлы ойшыл Абай қазақ сөз өнерін жаңа сапаға көтеріп, ұлттық сананы жаңғыртты. Оның поэзиясы мен қара сөздері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әдебиет арқылы адам өзін таниды, қоғамды таниды, әділет пен ақиқатты іздейді.  Сол сияқты Мұхтар Әуезовтің эпикалық кең тынысты шығармалары қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге шығарды. Оның «Абай жолы» романы ұлттық болмыстың энциклопедиясына айналды. Бұл мысалдар өнер мен әдебиеттің ұлт өміріндегі орнын айқындайды: олар тек эстетикалық құндылық емес, тарихи жады мен рухани бағдар.

Әдебиетті дамытуда баспа ісінің сапасы, аударма мәдениеті, кітап нарығының жүйелілігі шешуші рөл атқарады. Қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударылса, ол жаһандық кеңістікке шығады. Сол сияқты әлем әдебиетінің үздік үлгілерін сапалы аудару отандық оқырманның көкжиегін кеңейтеді. Бұл – мәдени диалогтың негізі. Бүгінде елімізде осы бағытта атқарылдып жатқан жұмыстар жеткілікті. Бірақ, жергілікті авторлардың кітаптарын шығару ісіне келгенде мемлекеттің де, баспадағылардың да кежегесі кейін тартып тұратынының сырын біле алмай-ақ қойдық. Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселе айтылды да. Белгілі авторлардың шығармаларын бірнеше рет қайталап шығару дерегі анықталған. Бұлардың орнына алыстағы бір таланттың шырағын жақсақ, бұл Құдай алдында да, адам алдында да парыздың өтелгені болар еді. Билік басындағылар алдағы уақытта бұған көңіл бөледі деп сенеміз.

Халқымыздың мұраға бай музыка саласындағы күй өнері – сөзсіз философия. Домбыраның қос ішегінен төгілген сазда ғасырлардың сыры бар. Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова секілді тұлғалар күйді тек музыкалық жанр емес, ұлттық рухтың тіліне айналдырды. Бүгінгі таңда осы дәстүрді заманауи форматта жаңғырту маңызды. Этно-рок, симфониялық өңдеу, цифрлық платформадағы музыкалық жобалар – дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысуының нақты көрінісі.

Өнерді дамыту дегеніміз – тек атақты тұлғаларды дәріптеу емес, жаңа есімдердің қалыптасуына жағдай жасау. Жас ақын, жас суретші, жас режиссер өз ойын еркін жеткізе алатын орта таппаса, шығармашылық тұншығады. Сондықтан шығармашылық кеңістіктер, шеберханалар, арт-резиденциялар, әдеби клубтар мен тәуелсіз театрлар – мәдени экожүйенің ажырамас бөлігі. Мұндай орталарда идея алмасу жүреді, жаңа бағыттар туады.

Қазіргі цифрлық дәуірде мәдениет тек сахна мен кітап бетінде ғана өмір сүрмейді. Онлайн-платформалар, әлеуметтік желілер, подкасттар, цифрлық көрмелер – жаңа аудиторияның басты алаңы. Жастар ақпаратты жылдам қабылдайды, визуалды форматты қалайды. Сондықтан мәдени контент заманауи тілде ұсынылуы тиіс. Бұл жерде креативті ойлау қабілеті ерекше маңызға ие.

Театр өнері – тірі диалогтың алаңы. Сахнада қойылған әр қойылым – қоғаммен сұхбат. Классикалық шығармаларды жаңаша интерпретациялау, заманауи драматургияны қолдау – театрдың өміршеңдігін сақтайды. Көрермен сахнадан өз заманының үнін естігісі келеді. Сол үн шынайы болғанда ғана өнер әсер етеді. Бұған мысалдар көп. Айталық, таяуда Түркістан театры қойған «Пейіш пен періште» атты спектакльді алайық. Рас, қырғыздарда осы аттас фильм қойылды. Біз мұны белгілі сарынмен жүрді деп санағанымызбен, спектакольді көріп отырғанда бастапқы ойымыздан арылдық. Өйткені, театр фильм желісін параллель линиялар қосып, ғаламдық мәселелермен үндесетін жаңа ойлар айта білген.

Спектакльде Әділ деген отыздардағы жігіт бар. Бірақ, оның ойлау жүйесі сегіз жасар баланың деңгейінде қалып қойған. Бала жүректі Әділ аңғал да ақкөңіл,арамдықтан алыс. Жүрегін кір шалмаған періште дерсіз. Қойылым режиссері осы Әділ бейнесі арқылы бүгінгі қатігез де қауіпті қоғамның терең қойнауларына үңілгісі келеді. Қарап отырсаңыз, бүгінгі қоғам ас та төк заманда шылқып отыр. Не ішемін, не киемін демейді ешкім. Жұмыс істегеннің, қыбырлағанның бәріне нан табылып жатыр. Есебін тауып байып алғандар зәулім сарайларда тұрады, шетелдік көліктердің нәнін мінеді. Қаласа шетелге ұшып кетіп, сол жерде түстік ішіп, кешке қайтып келеді. Осындай шалқып өскен ортада жетіспейтіні не? Әрине, мейірімділік, инабаттылық, бауырмалдық. Осылай жалғасып кете береді. Осы жоқтардың орнын қалай түгендеуге болады? Адамдардың бойындағы  ізгі қасиеттер неге жоғалып барады?

Спектакльді көріп отырғанда бүгінгі өмірдің шындығы бала көңілімен ашылады. Айталық, әкесіз жетім Тамирдің «Мені неге барлығы түртпектей береді? Барлығы жабылып мені қорлай беретіні несі? Енді білдім, әкемның жоқтығынан бәрі маған соқтығады екен ғой» деп ой түюі бүгінгі өмір шындығы. Жан ауыртады, ойландырады. Сол Тамир Райхан апасы Меккеге жүрер алдында: «Апа, Меккеге барғаныңызда әкем ішуін қойсыншы, апам екеуі өмірі ұрыспасыншы деп дұға оқыңызшы» деуі бүгінгі арам судың жетегінде кеткен әкелерге үлкен сабақ болады деп ойлаймыз.

Қойылымның ерекшелігі неде? Мұнда жеке адамның басындағы трагедияның әлемдік деңгейдегі қасіреттермен астасып жатуы астарлы айтылады. Бұл жерде режиссер ұтқырлық таныта алған. Бала бейнесі арқылы бүгінгі күннің ащы шындығы айтылады, көрерменді ойландырады, толғандырады. Қай шығарманың болсын, басты мақсаты адамдарға ой салу десек, бұл қойылымның да өз мәресіне жеткенін көреміз. Иә, кешегі тәуелсіздіктің өтпелі кезеңінде әйелдер қап көтеріп, елдің әр түкпіріне безіп кеткенін қазір жасыруға болмайды. Осы босағаның әйелдерсіз қалуы қоғамға үлкен нәубет әкелді. Балалар жетім қалды. Күйеулер әйелдерсіз қалды.  Жұмыссыздық жайлады. Мақсатсыздық, масылдық, маубастық салтанат құрды. Кей еркектер «әйелім кілең қыз табады» деп араққа салынып кетуі бой көрсетті. Балалар арасындағы әлімжеттік, үлкендер арасындағы бақталастық белең алды. Осы жәйттер сахнада параллель линиялар арқылы әдемі өріліп, шеберлікпен жымдасқан. Сәтті режиссерлік шешімдер актерлердің шеберліктерімен қанаттасып, тамаша үйлесім тапты. Көрермендер екі сағат бойы тапжылмай отырып, сахнаға көзін тікті. Бұл нені білдіреді? Әрине, өнер құдіретін білдіреді.

2025 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алған венгр жазушысы Ласло  Краснахоркай «апокалиипсистік үрей жағдайындағы өнердің күшін қайта дәлелдеген көреген шығармашылығы» үшін марапатталғаны белгілі. Оны әлемге «Ібілістің биі» атты романы танытты. Осы романда адамзаттың үміті үзілген сәті шынайы баяндалады.  Оқиға Венгрия даласындағы иесіз, жұтап қалған елеусіз шаруашылық маңында өтеді. Социалистік жүйенің іргесі сөгіліп,  алда не боларын бір Құдайдан басқа ешкім білмейтін дағдарыс тұсында адамдар үмітсіздіктің үңгіріне кіріп кетті. Жауын-шашыннан қабырғалары арса—арса болған баспаналар,  терезелері желмен бірге зарлаған иесіз қалған үйлер оқырмандардың аза бойын қаза қылады. Жазушы осы сүреңсіз көріністі романның соңына дейін шебер суреттейді. Сүреңсіздікті, иесіздікті, үмітсіздікті бастапқыда  жатсынып отырған оқырман романның соңында осы кереғар көріністерге бауыр басып қалғандай болады. Автор мұнымен не айтпақ? Иә, бүгінгі жаһандану заманы әлсіздерді өз иірімене осылай бой үйретіп барып жұтады. Сондықтан адамзат бұл зұлматтан сақтанулары керек. Үмітсіздік адамды үрей қамалына тоғытады. Біз осы үмітсіздіктен де сақтануымыз керек. Жоғарыдағы «Пейіш пен періште» қойылымы мен «Ібілістің биі» романы осылардан сақтандырады. Сондықтан әр туындының тереңіне үңілуіміз керек. Әдебиет пен өнердің тоғысар тұсы да осы, адамдарды жаман әдеттерден сақтандыру, ойландыру.

Бейнелеу өнері де қоғамдағы өзгерістерді айқын көрсетеді. Суретші кенеп арқылы заманның күйін жеткізеді. Қалалардағы муралдар, заманауи галереялар, ашық аспан астындағы көрмелер – мәдениеттің күнделікті өмірге енуінің белгісі. Өнер тек музей қабырғасында тұрмауы тиіс, ол халықпен бірге тыныстауы қажет.

Бүгінде елімізде бейнелеу өнерінің майталмандары көп. Олардың кенептегі суреттері тек бір сәттің көрінісі емес. Ойлы көзбен үңіліп қарағанда әр суреттің астарында сантүрлі ой жатады. Мәселен, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы, әлемнің бірнеше елдерінде көрмелері өткен Қанат Қалқабай елімізге, тіпті шетелдерге танымал Құрасбек Тыныбеков, Тоқболат Тоғысбаев, Марат Қалқабаев, Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев, Еркін Айтбаев сынды өнер тарландарының жалғасы еді. Өкініштісі сол, баянсыз жалғаннан жарқ етіп өте шықты, ғұмыры қысқа болды. Бірақ, соңында өлмес мұралары қалды. Оның еңбектері Мәскеу, Алматы қалаларындағы өнер мұражайларында, Түркия, Бельгия, Германия, Венгрия, Франция, Жапония, АҚШ елдерінің жекеменшік көрмелерінде сақтаулы. Қанат Әбдіраманұлының «Таң», «Балалық шақ», «Отбасы», «Жеңімпаз», «Дауыс», «Егемен», «Атамекен», «Тыныштық», «Алтын адам» «Томирис», «Көкпар», «Иірім», «Көш», «Келін», «Айқай», «Дала қыраны», «Ерте көктем» тағы басқа да туындыларының астары терең. Осы суреттердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да тау баласының өнер жолындағы күрделі тағдыры, бұралаңы көп соқпақтары жатыр. Елдік ой айтуда, адамдарға асқарлы ой салуда қылқаламның құдіреті Қанат туындыларынан айқын көрінеді.

Кино – синтетикалық өнер. Ол әдебиетті, музыканы, бейнелеуді, актерлік шеберлікті біріктіреді. Ұлттық кино өндірісі дамыған сайын елдің мәдени бейнесі айқындала түседі. Тарихи фильмдер, әлеуметтік драмалар, авторлық кино – әрқайсысы қоғамның түрлі қырын ашады. Кино халықаралық фестивальдер арқылы елді танытудың қуатты құралына айнала алады.

Өкініштісі, бүгінгі қазақ киносында жақсы туындылар болғанымен, шетелдіктерді қайталаудан әрі аса алмаған, бір қайнауы ішіндегі дүниелер көп. Бірқатар қазақ киноларын көріп отырып, тұщына алмайсыз. Актерлер қопал сөйлейді, қимыл-қозғалыстарында шынайылық атымен жоқ, көрермендерді сендірмейді. Соңғы жылдары комедия жанрындағы кинолар көбейіп кеткенімен, олардың арасында тұщымды туындылар бар деп те айта алмаймыз. Барлық фильмдерде қарапайым ауыл өмірі, адамдарының аңқаулығы мен жалқаулығы сөз болады. Оның өзі діттеген жеріне жетпей жатады. Комедия күлдіре отырып, ой салатын дүние. Күлдібадам киносымақтармен бүгінгі көрермендерді алдай алмайсыз. Өйткені қазіргі дамыған заманда халқымыз мәдениетті, көзі ашық, сана жетілген. Дегенмен, мәдениетті дамыту – тек шығармашылық адамдардың міндеті емес. Бұл – мемлекеттік саясаттың, білім беру жүйесінің, қоғамдық сананың ортақ ісі. Мектеп қабырғасынан бастап балаға өнердің құндылығын сезіндіру маңызды. Әдеби шығарманы жаттап қана қоймай, оны түсіну, талдау, сахналау – шығармашылық ойлауды дамытады. Музыка сабағы формалдылыққа айналмай, ұлттық аспаптарды үйретуге, импровизацияға мүмкіндік берсе, жас буынның таланты ашылады.

Қоғамда өнер иесіне деген құрмет болуы тиіс. Материалдық қолдау, гранттар, сыйақылар, шығармашылық демалыс мүмкіндігі – талантты адамдардың ел ішінде қалып, еңбек етуіне жағдай жасайды. Әйтпесе дарынды жастар шетелдерге кетеді. Мәдениеттің дамуы – кадр саясатына да байланысты. Өнер иелеріне деген құрмет Астана мен Алматыда тұратын адамдармен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Қаншама таланттар жүр. Кітаптарын шығара алмай жүрген талантты жазушылар бар. Халықаралық  байқаулардан марапат алып келіп жатқан суретшілер, мүсіншілер бар. Бірақ, өз елімізде атақтан жұрдай. Өнерде сыбайластық болмауы керек. Кім лайықты сол адам марапатталсын. Жалпы, руханият әлемінде сыбайластыққа жол жоқ. Шығармашылық еркіндік мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Өнер шынайы болуы үшін ол еркін болуы тиіс. Әрине, қоғамның моральдық нормалары бар, бірақ шектен тыс шектеу өнердің дамуын тежейді. Диалог, пікір алуандығы, ашық талқылау – мәдени ортаға серпін береді. Қазақ мәдениетінің болашағы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімінде жатыр. Тамырдан ажырамау, бірақ өткенге қатып қалмау – негізгі ұстаным. Фольклорлық мұраны заманауи форматта ұсыну, классикалық әдебиетті графикалық романға айналдыру, поэзияны перформанс өнерімен ұштастыру – мұның бәрі шығармашылық эволюцияның мысалы. Өнер мен мәдениет экономикалық тұрғыдан да маңызды. Кітап сату, концерт, көрме, кино көрсетілімдері – барлығы экономикалық айналым тудырады. Шығармашылық индустрия жұмыс орындарын ашады, туризмге ықпал етеді. Бірақ ең бастысы – ол қоғамның рухани денсаулығын сақтайды. Рухани жұтаң қоғамда әлеуметтік шиеленіс күшейеді, ал мәдениеті дамыған ортада диалог пен түсіністік басым болады.

Әдебиет пен өнер адамды ойлануға үйретеді. Ол тұтынушылық санадан биікке көтереді. Кітап оқыған адам тереңірек ойлайды, театр көрген адам сезімтал келеді, музыка тыңдаған жанның жан дүниесі жұмсарады. Сондықтан мәдениет – тәрбиенің ең нәзік әрі ең әсерлі құралы.

Жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетті сақтау – өзекті мәселе. Әлемдік мәдени ықпал күшейген сайын өзіндік болмысты жоғалтып алу қаупі бар. Бірақ бұл үрейленуді емес, сапалы жауап беруді талап етеді. Өз өнерімізді бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізу – ең дұрыс жол. Сапалы әдебиет, кәсіби кино, терең мазмұнды музыка – халықаралық аудиторияға да қызықты.

Бір сөзбен айтқанда, өнерді, әдебиетті, мәдениетті және шығармашылықты дамыту – мемлекеттің стратегиялық міндеті ғана емес, әр азаматтың ішкі жауапкершілігі. Рухани байлықсыз материалдық жетістік баянды болмайды. Ұлттың жаны – оның мәдениетінде. Сол жанды сақтау, байыту, келесі ұрпаққа аманат ету – бүгінгі буынның қасиетті борышы. Өнері өркендеген, әдебиеті терең, мәдениеті кемел ел ғана болашаққа сеніммен қадам басады. Сондықтан, мұны мемлекеттік тұрғыдан, елдік мүддемен қатар қарастыруымыз керек.

Әдебиеті, мәдениеті, өнері дамымай ешбір мемлекет ілгері дамымайды, өркениет көшіне ілесе алмайды. Осы тұста Франция көсемі Шарль де Голльдің: «Егер Қорғаныс министрлігі жаман болса жеңілерміз. Егер Ауыл шаруашылығы министрлігі жаман болса бір жыл егін шықпай қалар. Ал, Мәдениет министрлігі жаман болса елу жылға кері шегінеміз» дегенін ешқашан ұмытпауымыз керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *