Санжар Султангазы-САЙТ

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облыстық «Jetisý» газетінің тілшісі. «Апа, сен болмасаң» атты жыр-жинағының авторы. Республикалық мүшәйралардың жүлдегері.

 

АПА, СЕН БОЛМАСАҢ

Апа, сен болмасаң:
Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.
Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой,

Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.
Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.

Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.
Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.

Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой…
Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой…

 

АҒАТАЙ, АУЫЛ ЖАҚТА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

–Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
Әлі ауылды көресің, көркейтеді
деген мендік көңілде боз ала үміт.

Ауылда қалған қайда,
Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?
Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,
Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?

Қала мұнаралы,
Көгіндегі көк туы – тұман әні.
Көк түтіннен қашқанда, қоңыр жолдан,
Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?

Ұнайтын ауылымның кеші маған;
Еркелеткен жалғызын есіл анам.
Егін салып ентіккен еңкіш шал мен,
Еміренген кемпірді есіме алам.

Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп,
Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.
Сағат санап, сан қойды санап жүр ме,
Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.

Қарттары жоқ, кімдермен кеңесеміз,
Онсыз-ақ ақылдымыз немесе біз.
Жылдан жылға жиделер жүз түп артып,
Қалың тоғай сиреді демесеңіз.

–Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
…Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,
Ойнамайды төсінде Қожа нағып…

 

НАУРЫЗ

Әзизім, жас болды көзім, Наурыз,
Ғазизім, қастерлім өзің, Наурыз.

Мол кезің желпінген сенің, Наурыз,
Кербезім, көркіңнен сенің, Наурыз.

Нұрдың бір нышаны өңің, Наурыз,
Жылдың бұл құшағы керім, Наурыз.

Сағымың сүйеді сенің, Наурыз,
Тамырың киелі сенің, Наурыз.

Шіркін-ай, ежелден шөлім, Наурыз,
Құртың-ай, көжеңнен сенің, Наурыз.

Қапада қалмаймын, Наурыз,
Батаңа қол жайдым, Наурыз.

Азаптың ұлан ері – Наурыз,
Қазақтың мұрагері – Наурыз!

Жүректен көшкен мұң, Наурыз.
Тілекпен қош келдің, Наурыз!
Дүр еткен қош келдің, Наурыз!

 

***

Қара пеш құтыңды кім жұлып алды,
Қасиетіңде қайсының құны қалды…
Қайран апам қозғайтын мұңын арғы,
Қайран шешем қанша рет жылу алды?
Көсеу қайда, тұратын суып әлгі.

 

***

Осы өмірдің қоңырқай кескіні еді,
Қоңыр ұлың ол кезде ес біледі.
Қоңыр қозы енесін іздегендей,
Қоңыр жолдан қоңыр үн естіледі.
Бәрі солай,
Қоңыр боп ескіреді.

 

АНАШЫМ

Аптамда өткізе алмай жеті күнді,
Ана, аңсадым…
Көре алмай не түріңді.
Шіркін-ай!.. тірі болсаң күнде сенің,
Отырушы ем майлап етігіңді.

Өзіңдей маған енді бола алар кім,
Жоғалып кетпейді ғой жоғалар мұң.
Жалғанда қандай қиын қасірет бұл,
Жалғыз-ақ өмірдегі жоғы анаңның.

Тағдырға тік қараған сыңар қалпым,
Атыңды атап қосамын құранға әр түн,
Сен тірі…
Мен бақытты… болсақ егер,
Дүние көре алмайтын шығар, бәлкім.

Дүниеден оңаша сыр ұғып бар,
Мұң шақтым.
Кім бар бірақ – мұны құптар.
Бір – қайғы,
Бір – өкініш,
Бір – мұңменен,
Бір – бақыт,
Бір – қуаныш,
Бір – үміт бар.

Құрыта алмай келемін құса-мұңды,
Жылыта алмай келемін құшағымды.
Мен әлі көрсетемін күш-арымды,
Тағдыр кескен себебі тұсауымды.

 

***

Енді қайтып келмеймін,
Сен беташар махаббатым болсаң да,
Бұл жалғанда ешкім татпас мендей мұң
және түсіп сарсаңға.

Қалғаны енді құр сүлдер,
Тек тірімін, ояумын.
Бақытсыздығымды білсін де ел,
Аямасын, сен де аяма, аяулым…

Құбыламын бір аптада жеті күн,
Өзімді әйтеу ұқпадым.
Теріс кидім тағдырымның етігін,
Сен де оңымнан шықпадың.

Саған қонсын бар бақыт,
Қыз мұңайса, сорлап қалды демей ме ел?
Ал сен маған өмірімдей әр уақыт,
Өгей бол.

Сен оңаша жалғызсырап қалғанда,
Ол қайғы боп жүрегімді қозғасын,
Тек өзіңнің тамбасыншы жалғанда,
көз жасың…

 

***

Көке, ауылға қайтайық биыл енді,
Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.
Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,
Ескі қосың өзгенің үйі болды.

Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,
Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.
Сары уайымға салынбас едім ғой мен,
Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.

Сағыныштан өзгесі бос ой демек.
Бала шақ та айтпады есейме деп.
Қарғыс сынды қаладан қажығанда,
Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.

Қаймақ қандай тәтті еді, қаспақ неткен.
Құрбы ұялып сүйдірмей қашпақ беттен.
Ойдым жолға түсіп ап орағытқан,
О, неғылған жүрек бұл тас боп кеткен?

Тас боп кеткен жүректі ая, құдай,
Қайда барсам жанға мұң таяды ұдай.
Итсің десем өкпелеп қаласың, рас,
Мен өкпелеп көрмеп ме ем, әй, өмір-ай.

 

ШАЛДЫҢ БАЛАСЫ

Сенен де жақсы жігіт жолықпай шоң елде,
Қыз күтіп тұрса қайтер ең осылай егерде;
Қала.
Асфальт. У-шу.
Қап-қара юбка. Ресторан.
Iphone-ны қымбат менен де.

Шалға ұқсап сосын тұрысың,
Жүргеніңді, әсте қайдан біледі жыр үшін.
Вилласы несі,
Коттеджі несі ол айтқан,
Ауылда қалған қосты
ойлап кетем, құрысын.

Қосылмай ешбір тобырға,
Ауылға қайту керек шығар, ә, соңында.
Түкті де ойламай көршім де
жүрген жоқ па әне,
Басып ап түнде қорылға.

Галстук. Пальто.
Костюм мен жейде шаршатты,
Ауылдың тозған тоңдары әбден аңсатты.
…Несіне мені сүйесің деймін.
Мен деген,
Қойшы бір ұлмын малсақ-ты.

Көргенсің, – дейді ол, – уды еміп,
Тұрғам жоқ және сенен бір асқан қу көріп.
…Ешкімге нанбай, ауылды ойлап келемін,
Сіріңкем жанбай су болып.

 

НАН

Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп.
…Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.

Айтамын күз деп соны,
Сол күздің жібімейтін мұз боп шері
«Жарты нанды қайтар» деп жеңгей сосын,
Кеш кірместен келетін іздеп сені.

Қайғырсаң жоқты қайғыр,
Тоңазымай таңдар да атты қайбір.
Орнына енді ойсырап олқы түскен,
Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.

…Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»,
Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай».
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.

Шешем солай өмірге өкпеледі…
Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
…Менің анам нан іздеп кеткен еді,
содан соң оралған жоқ.

 

***

Салқын кештер сезімдерге қорған боп,
Екеумізбен мұңданған-ды талай бақ.
Бүгін сенсіз?.. Ештеңе де болған жоқ,
Бәрі әйбат.

Солған да жоқ жаралы жан – жарты гүл,
Арпалысып, алысқам жоқ от күнмен.
Сүймейсің бе деп сұрайсың… Ол түгіл,
Сағынған да жоқпын мен.

Есіміңді жүрегімде жоқ қылып,
Өшіргенмін өткенде.
Хат жазбаймын, сөнген кеше отты үміт,
…Нөмірің де жоқ менде.

Сан сүрініп, жығылып,
Сапар біткен саған деген жолдағы.
Алматыға барсам, барам қыдырып,
Сенің үшін емес бірақ ол-дағы.
Сүю деген келген емес әзірге ой,
Жыла мейлі, өкіріп.
…Айтқанымның бәрі де рас,
Әзіл ғой!
Сүйем сені,
Өтірік…

 

AПА

Өмірдің өтеуін өтеп,
Жадырап жайқалдың елге.
Перзенттің жетеуін әкеп,
Төртеуін қайтардың жерге,
Апа.

Содан соң бір суып, бір ысып,
Мен үшін ғана тыныстадың.
Тамақ ішпесем ұрысып,
Арақ ішкенде ұрыспадың,
Апа.

Бәрімен тату боп туыстың,
Ешкіммен алысып, жұлыспай
Мұңымды төккенде ұрыстың,
Шылымды шеккенде ұрыспай,
Апа.

Өзіңнен үлкен неше есе,
Арқалап ардың-ау жүгін
Дана боп жүрдің де кеше сен,
Бала боп қалдың-ау бүгін,
Апа.

Күнің жоқ кешке демалған,
Жаралған жамалың неден?
Көзің-ай кестеден талған,
Сөзің-ай қарағым деген!..
Апа.

 

АПА

Қартаймауың керек, Апа,
Сен үшін –
Құдайменен жасап келем келісім…
Сен о баста қайсар, қатал, өткір ең,
Өмірге өткен өкпең менен
өкінішің көп білем.
Одан қалды сағынышың сарысудай тұр әні,
Ал жүрегің қаншама рет
қайғы жұтып, жылады.
Тіршілікте тірі күнің –
тауып жүрген табысым…
Қарсы алады қай кезде де
бауырсағың, бәлішің.
Одан қалды жан-жағыңа
көзіңді ылғи алартып,
Отырасың үнемі сен
оймағыңды жоғалтып.

Сиыр сауып, сүт пісіріп,
құрт та жайып оңаша.
Көз жасыңды көрсетпейсің
біреу саған қараса.
Ақ жүрексің, ақкөңілсің,
ақпейілсің соншама,
Көрші кемпір көйлегіңді
киіп тойға барса да…
Құйған, Апа, шәйің неге
сондай тәтті десем мен,
Ұсынады екенсің ғой
бар мейірім-кесеңмен…

 

***

Сен менің Мәдениетімсің:
Мазмұным,
Құрылымым,
Ұғымым да!

Сен менің Әдебиетімсің:
Трагедиям,
Лирикам,
Тұнығым да!..

 

***

Сен дүниеге келген күні
мендегі:
Жамандық,
Жаңылыс,
Жасықтық – қатар тұрған.
Мен дүниеге келген күні
сендегі:
Адалдық,
Сағыныш,
Ғашықтық – қатар туған.

Сен дүниеге келген күні
маған:
Бір уақыт
Бір шермен
Жайлы деп табысқан екен.

Мен дүниеге келген күні
саған:
Бір бақыт,
Бір сормен
Қайғы боп жабысқан екен…

 

***

Кектенсем де қайғырмайтын болыппын,
Жек көрсең де айырылмайтын болыппын.

Бұрынғыдай бағынбайтын болыппын,
Күнім, бір ай сағынбайтын болыппын.

Құса-мұңға кет дейтін де болыппын,
Құшағымда өппейтін де болыппын.

Күндес адам сен бе дейтін болыппын.
Мүлде саған шөлдемейтін болыппын.

Мұңдағыдай күз болмайтын болыппын.
Жылдағыдай қызғанбайтын болыппын.

Ескі өлеңді жырламайтын болыппын,
Ештеңеңді тыңдамайтын болыппын.

Не түріңді айырмайтын болыппын,
Кекіліңді қайырмайтын болыппын…

Қастарыңа қиылмайтын болыппын,
Жас жаныма бұйырмайтын, көріктім.

 

***

Мен тұрып кеттім,
көтергеніңде –
өзіңнің иығыңды асқақ,
Сен жүріп кеттің,
кетер дедім бе…
көзіңнің қиығын тастап.

Сен толғанып та алдың
төзіміме –
ойланып барып.
Мен жалғанып қалдым
сезіміңе –
байланып қалып.

Мен тілсіз қалдым,
алдыңда
басымды иіп
Сен де үнсіз қалдың…
зар-мұңға
жасыңды құйып.

Мен құлап қалдым.
оңаша
тек бөлмей қайғыны іштік.
Сен жылап қалдың
балаша
жек көрмей, айрылыстық.

 

ЖАСТЫҚ

Сенің қаның құйылғандай қаныма,
Менің қаным ұйылғандай қаныңа,
Сенің жаның үйір қандай жаныма,
Менің бағым бұйырғандай бағыңа.
Иықтарым тірейді екен басыңды,
Сүйікті әнім төккенінде жасыңды.
Тағат қалмай сен деп бара беремін,
Сағат болмай шөлдеп қала беремін.
Сен шықпайсың жазылғанша төрт өлең,
Сені көрсем өліп-өшіп, өртенем,
Шамам болса құшақтаймын тас қылып,
Одан қалса махаббатым асқынып –
Беліңдегі қолымды алдым.
Мен бейбақ
Еріндегі ерінді алғым келмейді-ақ…

 

***

Жүректегі жалын атқан көзімсің,
Кеудемдегі мәңгі өлмейтін сезімсің.
Жарым болып қалатын да өзіңсің,
Жанымды алып болатын да өзіңсің…

Жарым болу жарасады дәл саған,
Жансың-ау сен өзім күтіп, аңсаған.
Бұл жалғанда жалғыз өткен қанша адам,
Қосылмайын мен соған.

Ғашықпын мен, күйде жүрмін бақ қонар,
Жүрегімде сезім де бар, от та бар,
Бәрі маған қара күйе жаққанда,
Ақтап ал.

 

***

Менің тағдырым екен шыдай алмаған.
Сенің жаңбырың екен жылай алмаған.

Менің жолдарым екен тықсырып қалған.
Сенің қолдарың екен сұп-суық болған.

Сенің тілегің екем сағынып күткен,
Менің жүрегім екен ауырып біткен.

Менің Тәңірім екен таба алмай қалған,
Сенің жарығың екен жана алмай қалған.

Сенің жанарың екен жасырмай күлген,
Менің қабағым екен ашылмай жүрген…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *