АХМЕТ – БАДРИСАФА (Дастан)

Бадарисафа

Дәулетбек ҚАҢБАҚБАЕВ,
ақын, жазушы, фольклорист, зерттеуші. 1942 жылы 10 желтоқсанда ҚХР ШҰАР Нылқы ауданында туған. Осы салада табан аудармай 45 жыл табысты қызмет істеп, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне зор үлес қосқан. 1988 жылы «Біржан – Сара» айтысы бойынша көлемді опера жазған. 1988-2014 жылдар аралығында «Мәдениет қайраткері», «Үздік айтыс ақыны», «Үздік атамұра сыйлығы» қатарлы марапаттар берілген. 2013 жылы тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударған. ҚХР-дың мемлекеттік фольклоршылар қоғамының, Шынжаң жазушылар қоғамының, фольклоршылар қоғамының, ақындар айтысын зерттеу ғылыми қоғамының, Таңжарық зерттеу ғылыми қоғамының, Іле облыстық жазушылар және фольклоршылар қоғамының, «Әлем халықтары» жазушылар одағының, ҚР Жазушылар одағының мүшесі. 2019 жылы ҚР Жазушылар одағы «Қазақ ханы – Абылай» атты тарихи романын «Таңдаулы роман» деп бағалаған.

 

***

Ашық күн көкжиектен көтерілген,
Шығыстан шуақ тарап кетеді кең.
Құшағын ғаламшардың түрткілейді,
Нұрсәуле жерді ғашық ете білген.

 

Күн жермен, жер күнменен аймаласып,
Астында ашық аспан жай жарасып.
Алланың жігіт қызы осылар-ау,
Мейір төккен ғашықтық бал жаласып.

 

Қазақтың тұран дала жеріндегі,
Бай дархан Сарыарқаның төріндегі.
Қостанай, Әулие көл жағасында,
Мұғжиза «Мұғалім көл» жиегіндегі.

 

Жас жігіт таң нұрына малынып тұр,
Жолына арман қиял салынып тұр.
Туған халқы қазақтың ертеңінен,
Өзегі өрт тынысы тарылып тұр.

 

Ол қайсар ағартушы атпал жігіт,
Көз тастар мөлдір көлге жатқан тұнып.
Күбірлеп өзіне өзі сұрақ тастап,
Жауап іздеп «арманым, ақтар ма үміт?»

 

Қазақ орыс шәкірттер өрім жастар,
Жетелесем дейді ол өмірге асқар.
Қазақтың ұландары қиналады,
Орыс жазуына көңілсіз көзін тастар…

 

Қазағым жазуың жоқ меншігіңде,
Жауабы надандықтың ең түбінде.
Мен таппасам кім табар, бұған жауап,
Қалай шығар бұғаудан, ел түбінде?

 

Қазақтың жою үшін надандығын,
Ғаламға танытуға адамдығын.
Оқу керек дербес тіл, жазуымен,
Ондай болмас, басқанмен қадам бүгін.

 

Қазақты орыс әліпбиімен оңар ма еді?
Балама етіп көреміз оған нені.
Қазақтың өзінде әліпбиі дара болса,
Ұлттық болмыспен көрінер қоғамды елі!

 

О, шіркін орындалса бұл арманым,
Қазағым осы екен ау ұлы арманым.
Қазағыма арналған жүрегмінің,
Түбіне бұл арманды тұмарладым.

 

Бұл мынау жас жігіттің сырласқаны,
Жалғыз тұрып өзімен мұңдасқаны.
Өзіне-өзі сөйлейді, шабыт кернеп,
Білер ме, мазақтар ма құрдастары.

 

Құрдас емес, қарағай тал жамылып,
Құпия, сұлу қыз тұр таңда күліп.
Ұрлана көзін қадап жас жігітке,
Тағатсыз алып ұшқан арман үміт.

 

Жігіт оны көрген жоқ жалғызбын деп,
Ән төгеді көмейден тамылжып кеп,
Құшағында арманның ақын жүрек
Самай шашын жел үрлеп, алды уһілеп!..

 

Қыздың мөлдір жанары жігітті жеп,
Жігіт жақтан лебеді бір ыстық леп.
«Сұңғақ бойлы, кең иық, барыс кеуде,
Жұмыр жон, батыр тұлға» деп күбірлеп.

 

Үшінші рет көріп тұр қыз жігітті,
Паш еткендей жүректен ізгі үмітті
Орманшы Иван қызы – Бадрисафа,
Көңілінен арылтқан жүз күдікті.

 

Алғаш амандасқанда сыр алмаған,
Түні ұйқысын төрт бөліп қиялдаған.
Онда мектеп жанында ұшырасқан,
Содан бері қиялын жия алмаған.

 

Содан бері баураған бір тылсым күш,
Жүрек бауырын билеген бұл тілсімді іс.
Ахмет Байтұрсынұлы мұғалімді,
Көрмесе тұра алмастай бір құбылыс.

 

Өткенде де бір келіп, көл жағалап
Қос жанарын көп жүрді көлге қадап
Сары шашын тарады көл суымен
Ешкім жоқ деп маңында қадағалап.

 

Түз киікше селт етті сезім жұмбақ,
Жас жігіт жүр өзімен-өзі жырлап.
Қыз құпия қарағайлар арасында,
Астан- кестен, көзайым, сезім бұлғақ.

 

Қыз құмарта тыңдады өлеңіне,
Қарай алмас, дөп келсе ол өңіне.
Екінші рет тайсады кезіге алмай,
Нүкте, сұрау, үшінші келеріне.

 

Үшінші рет барғанда таң сәріде,
Мектебіне келмепті ол әлі де.
«Мұғалім көл» бойына кеткен шығар,
Деп қазақ бойжеткен қыз айтты жүре.

 

Ол бойжеткен қауышқан жігітімен,
«Мұғалім көл» бойында түгі кілем.
Сыртынан Ахметті көрген олар
Орыс қызға жауабы шыны – сырымен.

 

Бадрисафа сезімін билей алмай,
Солай ма деп, шын сырды білмей арнай.
Кербез басып көл жаққа кеткен жүріп,
Ес ақылды алатын көңілмен бай.

 

Теңселеді жол бойы ой соқты ма?
Жеті шақырым тез жүрді жол соқты ма?
«Мұғалім көл» бойына жеткенінде,
Жүрек тулап кетті ол, от соқты ма?

 

Қарағайлар ішінен ән шырқалды,
Қыз жүрегі өрекпіп әлсіз талды.
Ғашықтық ғаламаты осы ма деп.
Ғашық әні жүрекке дәл шымқалды.

 

Қызға ғашық боларлық жігіт шағым,
Ұлы арманға жөнелдім қуып сағым.
Жасасам деп қазақтың әліпбиін,
Жас өмір осы арманмен тыншытпадың.

 

Қыз естіді жігіттен шыққан әнді,
Ғашығы жоқ екен деп тұспаланды.
Енді ашыққа шығайын, кезігейін,
Батылдығы жасады бойын сәнді.

 

Қарағайдан уыстап, үгіп бүрді,
Мөлдір көлді жағалап, жігіт жүрді.
Көл бойында тосаттан, бір мүйістен,
Алдында айдай ару қыз, күліп тұрды.

 

Жігіт оған таңырқап шошығандай,
Қыз кезіге қаларын есіне алмай.
Адамзат па, көз байлар жын-пері ме?
Тұрды Аллалап жұмбақты түсіне алмай.

 

Қас- қағым сәт жазбады, таныды анық,
Нұрлы көзбен қараған қасын қағып.
Бадрисафа Иванның қызы емес пе,
Бұл қыз мұнда таң сәрі келген нағып?

 

Ай қабақтың астында көкшіл жақұт,
Қос жанары сұлу қыз бек нұрланып.
Жігіттің қос қарақат нұрлы көзі.
Ілезде шөгіп соған кетті ұрланып.

 

Қыз ибамен қарсы кеп сәлемдесті,
Қазақ тілге жүйрік қыз паң емес-ті.
Жастық оты жалындап кетті Ахмет,
Бадрисафа деп жиды әрең есті.

 

Бадрисафа құшағын жая келді,
Ахмет те жетті оған таяу енді.
Құшақтаса қауышып кеткендерін,
Ойлана алмай пана етті, сая көлді.

 

Екеуі де байсалды ұстамды еді,
Мұнша асыға құшаққа ұшқан ба еді,
Бұл не сұмдық, ғашықтық ғаламат па?
Ұмытты ма өздерін ұстауды енді.

 

Құшып сүйді құшақтар жазылмады,
Тілді сорып айқасты азулары.
Қос кеудеде, қос жүрек дүрсілдейді,
Қадалғанда қастары қағылмады.

 

Толықсыған айдай боп қос қара көз,
Тоқ жасыл, қыз жанары арбайды тез.
Ай қабақтар айқасып, дем алмасып,
Қайта оралмас балқытты қас-қағым кез.

 

Жас құшақтар жазылды, байсалданды,
Ғашық жолы болар деп қайсарланды.
Ұзынды күн сырласты қыз бен жігіт,
Көл бойында сырт көзден тайсалғаны.

 

«Мұғалім көл» атанды көлде мұнда,
Келгендер көп білмейтін кемде мұнда.
Мұны көрген – Ахмет Бадрисафа,
Қос аққу боп жүргендей көлде мына.

 

Мұғалім көл – ғашықтар сыр ұясы,
Алып ұшқан аққынның жыр ұясы.
Алаулаған үміттің ірі ұясы,
Асқақтаған арманның жылы ұясы.

 

Ахметтің арманы қосақталып,
Көтерілді қанатын қосақ қағып.
Ұлт рухы қатайтып қос қанатын,
Ғашықтықтың көліне қосат барып.

 

Аттан алғы шыдырман сапарыңа,
Ғашығың келді Ахмет қататырңа.
Көз жетпейді, түнек түн батарыңа,
Көз жетпейді, нұрлы таң атарыңа!?

 

***

Ұлт рухымен аттанып ұлы істерге,
Жүрді алысып, күресте құрыш кеуде.
Тілмен бірге ділде екен істің мәні,
Бодан ұлтын таныды ірі істерде.

 

Ұлты бодан, халықтың рухы бодан,
Қалай қашып құтылмақ үркіп одан.
Орыстың патшалық заманында,
Бар болмысы қазақтың тұрқы бодан.

 

Тілі тұрмақ, ділі де кісендеулі,
Патшалық саясат, күш өрдегі.
Бостандық, еріндік жоқ бастарында,
Құл халықтың қайтсе де ісі өнбеді.

 

Мылтық атып жапырды ауылдарын,
Байтұрсынның аға-іні, бауырларын.
Итжеккенге жазықсыз айдап кетті,
Айтқандықтан салықтың ауырларын.

 

Білді Ахмет қазақтың құлдық халін,
Бар қазақтың жеп жатқан құлдық жанын.
Тапты кілтін ақыры көп ізденіп,
Туған халқы туралы тұнық таным.

 

Батты жанға халқының надандығы,
Надандықтан көмілген адамдығы.
Оқу-білім, өнер жоқ, тұйық сана,
Айқындап тұр өмірден шабандығы.

 

Қажет деді, халқыма оқу-білім,
Дербес тауып, игеру ғылым тілін.
Ұлттың жасап төл меншік әліпбиін,
Ашпақ болды ұлтының ділін бұрын.

 

Тапты ақыры әліпби төте жазу,
«Білім деген инемен құдық қазу».
Мың михнат қажырмен жеңді бәрін,
Діл бұзылса адамдық жолдан азу.

 

Қуанышпен алты алаш тік көтерді,
Ақиқаттық жеңімпаз іс көтерді.
Орыс түркі ғалымдар әділқазы,
Ахмет ғылым, ғалымдық күшке толды.

 

Қазақ рухы жетті анық азат құнға,
Қазақ әліппе, азат қыз, азат ұл да.
Патшалық дәуірде қырғыз атап,
Аты өше бастаған қазақтың да.

 

«Қазақ» атты, қазақтан газет шықты,
Өз халқымен қауышқан газет күшті.
Ұлт атымен жан кірді ұлт бойына,
Ұлт жаулары құсалы ішті-тысты.

 

Алаш тұтас көтерді иықты енді,
Алаш рухы бәрінен биіктеді.
Қазақ тәуелсіз ел болу – ұлы мақсат,
Алаш бұзды тас қамал тұйықты енді.

 

Әлихан, Жүсіпбек пен Міржақыптар,
Алашшылдар Ахаңды қолдап, құптар.
Жүрек жара жырлады Мұхтар, Мағжан,
Бір дәуірдің жүйесі, әділет құштар.

 

Өз тілімен оқыды, ділі жарып,
Болмады енді қазақтың тілі ғарып.
Қазақ Әліпбиімен оқып ұландары,
Қазақ көзге көрінді ірі халық.

 

Қазақтан зиялы топ жүйеленіп,
Ташкентте Орынборды иеленіп.
Семейде ірге жайды Алашорда,
Қазақ мерей тасыды нұр өңденіп.

 

Қазақ автономия көтерді шаңырағын,
Қазақтығын жинады, танығанын.
Ар намысын оятып, жасақтанып,
Асқақтата шырқады ән ұранын!

 

Қазақ құрметпен атады «Ахаң» деді,
Ұлт көсемі, көшбасшы Ахаң енді.
Бодан халықтан көшбасшы көсем шығып,
Тәуелсіздік бастады сапарды енді.

 

«Ұлт ұстазы» атанды содан бастап,
Ахаң даңқы шырқалды қоғамға асқақ.
Ұстаз тұтты, тарихты ұлыларды,
Көп мылжыңды кетті олар артқа тастап.

 

Ішінде қызғаныштан ит қыңсылап,
Большевиктер өшікті құйтырқылап.
Сатып алып қазақтың сатқындарын,
Бөлшектеді қазақты сырт тыншылап.

 

Қазақ туы биікте желбіреді,
Қақ жарыла қуанды ел жүрегі.
Тұқым қуған рушыл жүген ауыру.
Аз қазақты бөлшектеп кергіледі…

 

Өктемдеді кеңестік зұлым билік,
Қатер деді тәуелсіз білім күйлік.
Алаш орданы бесікте тұншықтырды,
Қалдырмай, қырқамыз деп қанат құйрық!

 

Қазақ әліпбиін де бірге жойды,
Орысшаны жазуға тілге қойды.
Мақсаттады қазақты бастап таңды,
Орысқа бодан болу, сіңбе жолды.

 

Бұл қазақ ар-намысына басқан таңба,
Жүректі жеп басынан асқан таңба.
Ұлт қаймағы зиялы бір жүйені,
Ондап жүздеп арысты атқан таңба.

 

Алашшылдар атылды он мыңдаған,
Шыбын құрлы болмады ол күнде адам!
Миллиондаған қазағың қырғын тауып,
Құлдық ажырғы рухында ол күнгі адам.

 

Бұған қалай төзеді ұлт жүрегі,
Бодандық пен құлдықтан ұлт жүдеді.
Адамдықтан айырылды хайуан сынды
Айдауына еріксіз ұл жүреді.

 

***

Ғашықтардың қосылмақ басы қалай?
Жүздерінен күн сүйер алтын арай.
Қазақ жігіт, орыс қыз екі ғашық,
Аралықта жол басты күдір талай.

 

Бірі – ислам, біреуі – христиан,
Салты басқа екі ұлттың бір іс қиян.
Отаспайтын екі ұлттың екі ұланы,
Жүйкелерді жұқартты желдей құяң.

 

Шын ғашықтың болған соң ділі берік,
Шайтандыққа баспады тілдерге еріп.
Өтпек болып серттесті мәңгілікке,
Екі дүниен дидарын бірге көріп!

 

Бадрисафа қабылдап ислам дінін,
Ұшан теңіз Ахаңнан алды білім.
«Құдай үйі» мешітке бірге барды,
Ғашықтықтың тапты олар тылсым тілін.

 

Зейнолла, Ишан жаз дидар жалындаған,
Екі жасты құптады ғалым данам.
Бадрисафа екі айдай білім алды,
Дін исламға ұйыды, болмады алаң.

 

«Құдай бір, құран шын да, Пайғамбар хақ!
Дінім ислам, кітабым құран» деп нақ.
Шын ниетпен өтеді ислам шартын,
Сертін берді мешітте құран ұстап.

 

О, шіркін қандай ғаділ қақтың жолы,
Арам, адал, ап-айқын оң мен солы.
Арман үміт бәрің де нар тәуекел,
Бір Аллаға сыйынды істің оңы.

 

Екеуінің екі ұлттан ата-аналар,
Тектілігі бойында зат даналар.
Махаббатты бәрінен биік санап,
Кең өрістеп ұштасты ой-саналар.

 

Байтұрсын әке, Көнші ана бата беріп,
Құшақ жайды ауылы жасап ерік!
Бадрисафа келін боп үйге кірді,
Жігіттер қош беташар айта келіп.

 

Иван деген еңбекшіл момын орыс,
Ғашықтарға жүректен берген қоныс.
Байтұрсынға аңқылдап құшақ жайды,
Оған қазақ кең дархан болғанды өріс!

 

Александра бұл қыздың әуелгі аты,
Білімді текті ата-ана туған заты.
Ахметті талайдан елжіреткен,
Ғашықтық пәк жүректен жазған хаты.

 

Ахмет оған жаңалап ат қойыпты,
«Бадрисафаға» аударма нақ толықты.
«Кіршіксіз толық ай» деп атауына,
Бадрисафа дегенге бап келіпті.

 

Куә бұл ат ғашықтар құрметіне,
Дайындығы ғашықтық міндетіне.
Екі дүние бақытын, азабын да,
Бірге көрмек сертімен бір бекімде!..

 

Сұлулығын асырып екі ғашық,
Еміренді бақытқа есік ашып.
Ел еркінен айырылған кеңестік кез.
Өмірде жүр бір басып, екі басып…

 

Өмірінде ендігі зұлым заман,
Өткізе ме тыныштық ғұмырды аман.
Алда көре жатарамыз оқушылар,
Сұм-сұрқия заманның сұрын жаман!..

 

***

Бадрисафа тіршілік алыста жүр,
Желмен жетті, сұм хабар, таныс дабыл.
Көңілі көктем болып кетуші еді,
Ахметтен хат-хабар алысса бір.

 

Кеңестіктер кеңейген дүрбелеңі,
Өктем келіп бірінен бір белеңі.
Бай мансапты, молдалар жұрт иесі,
Толып жатқан топ- топпен түрмеге енді.

 

Жасырын да, көрнеу атқандары,
Елге үрей, қорқыныш шапқандары.
Бай халықтың мал- мүлкін таланға сап,
Мақтаныштай қылмысқа батқандары.

 

Болмай қазақ жер-үсті паналарға,
Қырғын тапты аналар, балалар да.
Астық малды, вагондап, от арбалап,
Алып кетті орыстық қалаларға!

 

Аштық жайлап қазақтың бай даласын,
Қарулы әскер меңгерді сай-саласын.
«Байтал түгіл, бас қайғы» тірі қалу,
Бар қазақтың жаулады ой-санасын.

 

Малы тұрмақ, тігулі үйі қалды,
Шетел асып құтқармақ тірі жанды.
Көк мылтықпен қуғындап солдаттары,
Қуып жеткен қазақты қырып салды.

 

Қалса аштықтан қырылды, кетсе қуғын,
Ит жеккенге айналды қуғын-сүргін.
Ахметтің де түрмеге алынғанын,
Бадрисафа естіді тосын бір күн.

 

Ет жүрегін мұздатты естігені,
Алыстады, достары, ес білері.
Талай мәрте талықсып, есін жиды,
Әрең-әрең орнықты ет жүрегі.

 

Маңында адам қалмады мұңдасарға,
Қайтсем болар деп ақыл сырласарға.
Ақыры батылданып белін буды,
Ап жыланға ақырған мұңды ашарға.

 

Жолға шықты Арқадан Семей жаққа,
Дұға жасап, тәуекел жалғыз хаққа.
Ай жүрді ме, беймәлім атты жаяу,
Жетті түрме алдына, тұрды сапқа.

 

Кезегі де алыстан басталыпты,
Қалың қазақ тас түрме жастаныпты.
Қарсыласқан немесе аштан өлген,
Көп мүрделер далаға тасталыпты.

 

Әскерлердің қарулы сұрқын көріп,
Қару сілтер бейкүнә тұрқын көріп.

Бадрисафа шошынып алыста тұр,
Кеңестік қызыл үкімет сыйқын көріп.

 

Екінтіде жеткенде түрме алдына,
Бума киім бермек боп, бір нанды да.
Темір тордан көрсетті Ахметті,
Көзі түсті көзіне нұрланды да.

 

Киім мен нан әскерге таланды жем,
«Үймелеген жемтікке қара құспа ең?»
Бадрисафа жанардан жас парлатты,
Бола алмаспын сендермен өмірде тең!»

 

Ахмет асқақ үнмен, сөйледі оған,
Қаскүнем, қазаққа тажал, зұлмат қоғам.
Қызыл үкімет құрымай жақсылық жоқ,
Сүйген жарым көзіңді жеткіз соған!..

 

Арт-артынан жасақтар түйгіштеді,
Қалың халық амалсыз күйді іштері.
«Таусылмаса, жалғасса қазақ әулет»,
Бір оянар кеткенмен білгіштері!..»

 

Ахметтің айтылған асқақ үні,
Әр қазақтық құлаққа жаққан жылы.
Көргненіне тәубә ғып Бадрисафа,
Тілек тілеп, шағылды қаққа мұңы.

 

«Әл жетпесе деген бар ақіретшіл»,
Қайрат кетсе халықпыз қасіретшіл.
Ахметтің үндеуі «Оян қазақ!»
Қайғы шермен арылмас қасірет бұл.

 

Осы күрес жалғасты он жылдарға,
Көктен тажал жаумады ол сұмдарға.
Ахметті бес мәрте түрмеге алып,
Жер аударды екі рет шөл құмдарға.

 

«Халық жауы, жалалы мұндағы ұғым»,
Алашшылдың түрмелеп, бар қауымын».
Өлім жазаға кесті, зұлым билік,
«Ұлт ұстазы» қазақтың тіл ғалымын!..

 

Алашшылдар ұлттың қаймағы еді,
Оларсыз ес жияр ма қазақ елі?
Өлім жаза бәріне кескен үкім,
Бар қазақты тірліктен айдар еді.

 

Тірі қалу үшін деп қашты қазақ,
Бастар кетті, құр дене састы қазақ.
Кеңестік зұлымдықтан жер жиіркенді,
Ай мен күнге арызын ашты қазақ!

 

Жер ауса да, Ахмет түрмеде де,
Бадрисафа онымен «бір кемеде».
Тіршілігін тілеп жүр көз жаздырмай,
Рухани жақтан айналып бір денеге.

 

***

Өтті заман жетпіс жыл артта қалды,
Момын халық құлдықпен датта қалды.
Жеткізем деп тірліктің жұмағына,
Большевиктер бәсейтті мақтағанды.

 

Зұлымдықтың кеткен соң бас иесі,
Коммунизмнің қашты сыры, қасиеті.
Горбачев «қайта құру» деп жар салды,
Басылмады халықтық қасіреті!

 

Зұлым заман кеткен соң бастаушысы,
Шыға алмады із басып, жақтаушысы.
Өйткені ол болмыспен отаспайтын,
Жеке адамға табыну мақтан күші.

 

Кейінгі әулет тарихқа құлақ түріп,
Сандырақтан пәктеніп жырақ түріп.
Бас қылмыстыны халықтық қырғындарға,
Жағасынан сілкіді бұрап тұрып!

 

Тарап кетті он алты республика,
Ленин, Сталин музейін лақтырып…
Тәуелсіз Қазақстан елі болып,
Қазақ әулет тойлады жылап-күліп.

 

Желтоқсанның рухымен Алматыда,
Алдауламақ халықты алғашыда.
Алашшылдарды ақтады қара үкімет,
Халық жақ боп құзғыны, қарғасы да.

 

Қырық-елуін бір жылда ақтадық деп,
Құжаттармен үкімет мақтанып көп.
«Бұрынғылар жіберген қателіктер,
Біз оларды бейкүнә атпадық деп…»

 

Оған бола сарқылмас сана кептер,
Мен ақтадым деп шықты дара бектер.
Партиясымен үкіметі жер шұқыды.
Жер астында қылмысты қара беттер!

 

Алашшылдар, алыптар, ардагерлер,
Әр біреуі бірегей сабаз ерлер.
Қайтіп қиып арам оқ, қылыш сермер,
Атқызған да, атқан да қанішерлер.

 

Мәңгі қазақ әулеті кешпес қылмыс,
Санасынан әулеттің өшпес қылмыс.
Бұл қылмысты кешіру-ұлт сатқыны,
Бар қазақты отқа ұстау, тектес қылмыс!!!

 

***

Ашты сабақ ғасырлық ғалам үшін,
Тірі жасаған адамдар, адам үшін.
Жауластырған, халықты тоздырған да,
Арамға алмастырып адал ісін.

 

Бірақ халық түбімен жойылмапты,
Халықтығын жауларға мойындатты.
Ақиқатты, ғылымды таза сақтап,
Тарихи қоймалығын орындапты.

 

Ахметтің ғалымдық еңбектерін,
Ділге-тілге қабылдап өрлеп сенім.
Ғасыр бойы жемісін елге беріп,
Соныменен жасапты, төрлепті елім!

 

Әліпбиді Ахмет түрлеп кеткен,
Халық екен қолданып құрметті еткен.
Ол жасаған ғылымдық теориялар,
Бой тартыпты, нәр алып, бүрлеп көктен!

 

Бадрисафа жарымен бірге ақталып,
Асыл ана ұрпаққа жыр боп кеткен.
Алашшылдар ардақтап, ұлықтанып,
Ұрпақтарға рухы нұр бопты өпкен!

 

Ғашықтықтан жасапты үлгі-өнеге,
Бақпен- сорды айналып бір денеге.
Опалы жар өмірлік отаспаса,
Киелі махаббатта гүлдене ме?!

 

Алашшылдар әуелгі рухы-ұраны.
Тәуелсіз қазақ елі, ұлт ұраны!
Орындалды ұлы арман кешеуілдеп,
Бақыт- бақша баптаумен құлпырады.

 

Адал жарлар әділдік рухыменен,
Жасай берсін ер-қазақ ұлтыменен.
Ми шарынан аластап, құлдық уын,
Айқасыңдар жауыздық бұлтыменен!

 

Жаса мәңгі тәуелсіз қазақ елі,
Бүтіндігін сақтасын қазақ жері!
Алашшылдар рухы жаса мәңгі,
Болашақтың жол ашар асқар белі!

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *