ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ: ТАРИХ ЖӘНЕ БОЛЖАМ
Жанна ИМАНҚҰЛ,
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері
Қазақ мәдениетінде жылқының рөлі

Халқымыз жылды мүшел арқылы санайтын өзіндік үлгі қалыптастырған. Бір мүшелді әрбіріне жан-жануардың аты қойылған он екі жыл құрайды. Тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз ретімен айналып тұрады.
Еніп жатқан жаңа жылымыз – жылқы жылы – жылан жылынан кейін, қой жылынан бұрын келетін мүшел санағындағы 7-ші жыл. Қазақ үшін қасиетті 7 санында қасиетті жылқы жылы тұруы да кездейсоқ емес шығар. Жылқы – жылдамдық, сергектік, күш және тәуелсіздіктің символы. Батыл қадамдар жасауға, жаңа бастамаларға, жеңіске жетуге ынталандырады. Шығыс, орта азия халықтарының – қазақ, қырғыз, өзбек, ноғай, ұйғыр, түркімен, моңғол, қытай, жапон, т.б. жыл санау күнтізбелерінде қолданылады. Астрологияда жылқы жылдары ерекше сипатқа ие: жылдам өзгерістер, энергия, тәуелсіздік, ұшқыр қадамдар мен қозғалысқа толы кезең ретінде қарастырылады.
Бір мүшел салып қайта қауышып жатқан жылқы жылын халқымыз: өз тұрмыс-салтында орны бөлек жануар болғандықтан, құт-береке жылы деп бағалап, асыға күткен. Бұған себеп ел тарихында жылқы жылдары қабырға қайыстырар ауыртпалықтар, аса қайғылы оқиғалар болмаған. «Жылқы жылы – жұтсыз» деген бір ауыз тұжырым сөз де тарихтың сан қатпарынан жеткені анық.
Тұлпар баптап, бәйге шауып, көкпар тартып, саят құрған халқымыз жылқыны жеті қазынаның біріне жатқызып, төрт түліктің төресі деп құрметтейді. Ұлан байтақ даланы мекен еткен арғы-бергі бабаларымыздың тыныс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, өнер-білімі, сән салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл өмірі жылқымен тығыз байланысқан. Сондықтан да қазақ өзіне «жылқы мінезді халықпыз» деп баға берді.
Жылқы түлігімен жіпсіз байланған халқымыздың танымындағы аталы екі сөздің бірі жылқыға қатысты болып келеді. «Ат ер – қанаты», «Қой іші – береке, Жылқы іші – мереке», «Ат арыса – тулақ, Ер арыса – аруақ», «Ат үсті – әулие», «Тұлпар үйірін табады, Сұңқар тұғырын табады», «Мықты айғыр үйірін бөріге алдырмас, Мықты жігіт ауылын ұрыға алдырмас», «Мың жылқыны бір жылқы үркітеді», «Біткен іске мінші көп, Жүйрік атқа сыншы көп», «Тұлпар қорада тұрса да, Көңілі далада тұрады» т.б. Өнегелі, тәлім-тәрбие беретін даналық сөздер мен мақал-мәтелдерге, айналған бұл түйін-тұжырымдардың барлығы жылқы малының қадірін ұқтырып, қазақ пен жылқының арасындағы ғажайып байланысты түсіндіреді.
«Тарихи Рашиди» еңбегінің әрі «Жаһаннама» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасынан шыққан өз заманы үшін жан-жақты терең білім алған, география, тарих, этнография, әскери іс сияқты салаларды зерделеген Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде: «Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз, қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз» деп жазды.
Жылқының қолға үйрену тарихы да қазақ жерінен шыққаны нақтыланған тарихи дерек. Жылқыны ерттеп мінгеннен бастап, адамзат тарихында үлкен-үлкен прогресстер басталды.
Ботай қонысынан (б.з.д. ІV-мың жылдықтың аяғы – ІІІ-мың жылдықтың бас шенінде) энеолит дәуірінде пайда болған ежелгі жылқышылар мекені әлемдік маңызы бар археологиялық нысан) яғни, бір қоныстан жүз мыңдаған жылқының сүйегінің табылуы – әлемдік археологияда кездеспеген жағдай. Осы сүйектерге жүргізілген археологиялық және палеологиялық зерттеулер жылқылардың қазақтың жабысынан айнымайтын дәлелдеген. Қазіргі қазақ жерін мекен еткен сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақтардың, көне түркілердің, барлық ру-тайпалардың жылқыны ерекше құрметтегенін археологиялық қазба жұмыстарынан да, ауыз әдебиеті үлгілерінен де аңғаруға болады. Сол заманның б.з.б. 1 мыңжылдықта мекен еткен сақтар: әйел бала-шағаларына дейін ат жалында ойнақтаған, жауынгер ел болды. Сақтардың батысқа жорықтарынан кейін жартылай ат кентаврлар туралы аңыздар туындаған. Жылқыны міну мен баптаудың қыр-сырын меңгеріп, оны әскери саламен шебер ұштастыра білген сақтар өзгелерден қуатты елге айналған. Жан серігі жылқыларының жүген, шылбырын алтынмен өрнектеп, құрмет көрсеткен. Адамзат пен жылқы малын біртұтас етіп қабылдаудан «О дүниеде аты иесіне серік болады» деген наныммен иесі қайтса, атын да бірге жерлейтін болған.
Ұлттық болмысымызға, таным-тәрбиемізге сіңіскен, тағдыр-тарихымыз үзілмей бірге келе жатқан текті түліктің орны қазақ халқы барда өзгермесі анық. Оған соңғы кездердегі жылқы малының күрт өсімін тілге тиек етсек болады.
ХІV ғасырдан тарихи бастау алатын «Қозы-Көрпеш Баян сұлу» жырында: «Қарабайдың тоқсан мың жылқысы бар…» деп баяндалады. Жылқылы байлар жайлы – өз заманынан дәлме-дәл деректер қалдырған Шоқан Уәлиханов: арғын ішіндегі Қуандық Сапақ байда 18 мың, Қаржас Азнабайда 25 мың жылқы болған деп жазған. Жомарт байлар мал басын санамаған, жұт жылдары мыңдаған жылқысы қырылса да, үйірімен бірге жоғалып жатса да тәубесінен жаңылмаған. Бұрын қазақта жылқысының саны 5 мыңнан асса ғана ортасында бай саналған деген сөздің растығына осылайша көз жете түседі.
Қазіргі уақыттағы еліміздегі жылқы санына назар салып өтсек, 2018 жылы Қазақстанда 2 миллион 500 мыңнан астам жылқы болғаны тілкелген. Содан бергі 7 жылға жуық уақытта бұл көрсеткіш екі есеге жуық өскен. Нақтылай айтсақ, 2025 жылғы статистикаға сәйкес елімізде жылқы малы 4,8 миллион басты құраған, бұл ретте Түркістан, Абай, Қостанай облыстары алда келеді. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметтерімен расталған бұл өсім, жалпы жылқы шаруашылығының жақсарғанын байқатады. Тарих беттерінде қалған деректерге үңілсек, 1861 жылға дейін қазақ даласында жылқы саны 20 млннан астам болған. Олай болса, қазіргі біздің келтіріп отырған статистикамызға марқаюға ерте.
Жылқы – адамзат тарихында аса маңызды орын алған жануар. Ол адамға қызмет етіп қана қоймай, көшпенді өмір салтын қалыптастыруда шешуші рөл ойнады. Тұрмыс-салтта, ұлттық танымда, қолөнерде және соғыс өнерінде жылқының орны ерекше болды. Халқымыз жылқыны тек шаруашылық құралы немесе көлік ғана емес, рухани танымды қалыптастыратын құбылыс ретінде қарастырған. Ал жылқы жануарының естілігі тіпті ерекше, әлі күнге бағыт-бағдарды айырып болмайтын ақ түтек бораннан иесін де, малды да аман-есен алып шығып жатқанын естіп қаламыз. Жылқының иесіне деген адалдығы мен естілігі, бекзат тектілігі мен тазалығы, желмен жарысқан жылдамдығы, бас бермес асаулығы – өзіне қызықтырмай тұрмайды. Осыдан да жылқы десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ.
Жырлар мен дастандарда жылқы батырдың досы, серігі, кейде тіл бітіп, адамша сөйлеп иесін қиындықтан құтқаратын жалғыз жанашыр да осы жануар болады. Алпамыстың Шұбар аты, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбардың Қарақасқасы болып, әр эпос кейіпкерінің аты қоса аталады. Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың Бөгенбай батыр сыйлаған, алғашқы жорыққа мінген, әрі сенімді серігі – Нарқызыл, сән-салтанат жағдайында мінетін – Алшаңбоз, ұрысқа мінетін – Құлаша аттары ел аузында қалған.
Яғни, жылқы тек жануар ғана емес – рухани мәдениет пен салт-дәстүрдің ажырамас бөлігі. Қазақ жырларында, жыраулық өнерінде жылқы – батырлық пен ерліктің символы, ұлттық намыс пен тәуелсіздіктің белгісі.
Ата-баба дәстүрінде жылқыны құрметтеу, оған ізеттілік көрсетумен қатар, жылқыға қатысты көптеген наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптар болған. Мысалы, үйірін аман сақтайтын айғырды құрметтеу, иесі қайтса атын тұлдап қоя беру, жылдығында сол атпен көрісіп, қоштасу т.б. қазақ қоғамында кең тараған. Жылқыны қайтыс болған адамға арнау салты сонау сақтардан қалған сарын деуге болады. Бала дүниеге келсе де бәйге шаптырып, той жасайды, қайтыс болған адамды еске алу асының да маңызы бәйге болған, бәйгемен ерекше қонағын да қарсы алып, қуаныш-қайғысын бірдей жылқы малына жүктеген халықпыз. Осылайша, жылқы – қазақтың дербестігі мен еркін өмір сүру идеясын бейнелейді.
Жылқы жылы туралы түсінік
Жалпы деректерде жылқы жылы туралы жайсыз оқиғалар жоқ, керісінше дәстүрлі түсінікте жылқы жылы табиғаттың теңгерімділігі мен шаруашылыққа игілік әкелетін кезең ретінде қарастырылған. Жылқы жылы малға жайлы жайылым, шабындықтың мол болуы, ырыс-береке артқаны сөз болады.
Жылқының жарытылысының өзі қандай керемет: «Мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе – ет» болған мал патшасының балдай саумал, қымызы мен қазы-қарта, жал-жаясы қандай! Қазақта байлықтың өлшемі жылқы болған ғой. Сол себепті жылқы жылы байлыққа, дәулетке жетелейді деген ырым бар. Бұл халықтың әлемді аңдап, табиғат құбылыстарын сезінуінен туындаған сенім болса керек.
Тарихи кезеңдерде жылқы жылдары әрқашан үлкен белсенділік, көшу-қону кезеңдерімен есте қалған деп айтылады. Бұл халықтық жорамалдар мен күнделікті тұрмыс тәжірибесінен туған қағидалар.
Өткен жылқы жылдарына шолу
Алысқа бармай ХХ ғасырдан бергі өткен жылқы жылдарына тоқталсақ – 1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014 жылдар аса бір арпалыс, дүрбелең туғызған емес, көбіне белсенділік, жаңа бастамалар мен өзгерістерге толы кезеңдер деп бағаланған. Кейде жылқы жылы әлеуметтік және экономикалық қозғалыстарға да әсер еткен деп есептеледі.
Соңғы жылқы жылдарының кейбіреулеріне қатысты әртүрлі түсініктер бар, бірақ олар көбіне жергілікті халықтың наным-сенімдері мен жорамалдарына негізделген. Белгілі бір нақты тарихи оқиғалармен тікелей байланысты айқын зерттеулер жоқ. Алайда жылқы жылдарында белсенділік пен жылдам өзгерістер байқалған, бұған дейінгі болған жылқы жылдарының барлығы да жақсылығымен келген деген халықтық түсінік бар.
Жаңа жылдан не күтеміз?
Бұл жыл қазақ халқы үшін ерекше мәнге ие, өйткені жылқы жылы жаңа, батыл қадамдарға, шығармашылыққа және іскерлік белсенділікке жол ашады. 2026 жылы адамдарда тәуелсіздікке, жылдам шешім қабылдауға, мақсатқа батыл жетуге деген ынта артады. Бұл жыл шығармашылық жобалар, жаңа серпілістер, жеке даму және табысқа жету кезеңі, бұл жыл қаржы, мансап, және жеке мақсаттарда батыл шешімдер қабылдауға шақырады дейді астрологтар. Кейбір астрологтар жыл басында инвестицияларға, жоспарларға, саяхаттарға көңіл бөлуді ұсынады.
Әлемдік тұрғыдан жылқы жылы – қауіпсіздік пен прогреске жол ашатын кезең ретінде қарастырылады. 2026 жыл қарым‑қатынастар мен қаржылық істерде жылдамдық пен ұтқырлыққа шақырады, ол өз ретінде мүмкіндіктерді уақытында ұстап қалу дегенді білдіреді.
Қазақстан тұрғысынан 2026 жыл ұлттық даму, экономикалық серпіліс, жастардың белсенділігі мен инновацияларға басымдық беру кезеңі болуы мүмкін. Бұл белсенді жыл елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, білім мен ғылымды дамыту, кәсіпкерлікті көтеру сияқты салаларда табысты жыл болуға мүмкіндік береді.
Қазақ мәдениетінде жылқы жылдары шығармашылыққа, батыл қадамдарға және мүмкіндіктерді дұрыс ұстауға шақырады. Осы игі энергияны тиімді пайдалану Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі мемлекеттік шекарамыздың, Алтай мен Атырауға дейін созылған байтақ даламыздың әр аттам жері жылқы тұяғымен алынған, өлшенген, қорғалған десек артық айтқандық емес. Келіп жеткен 2026 жылқы жылы қысылтаяң қиындықсыз, дүрбелеңсіз, ел-жұртымызды аман-есен, бай-қуатты, шат-шадыман күйде желдіртіп, желіп алып өте шығады деп сенеміз.
