ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫ САҚТАҒАН АСЫЛДАРДЫ АРДАҚТАЙЫҚ
21.08.2024 0 181
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ
Қазақ билер кеңесінің төбе биі Сейітқали Серікқазы — Алматы облысы, Жамбыл және Қарасай аудандарының Құрметті азаматы, Құрметті спорт ардагері үндеу жариялапты. Ақсақал «Ел арна» телеканалында Бауыржан Момышұлын мазақ қылған Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқанның көргенсіз әрекетін ашына баяндай келіп, осындай қазақтың ардақтыларын келемеждеген адамдарды, телеарналардың басшыларын жазаға тарту керек дейді. Құрметті Ақсақал Мәдениет министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, прокуратураға арсыз әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғау керек деп ашына талап қойыпты.
Шындығына келгенде бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес, біздің күнде көріп жүрген үйреншікті әдетімізге айналды. Бұған дейін Әбу Насыр әл-Фарабиді, Абайды, Алаш ардақтыларын, Қажымұқанды қорлағанда;
Қаншама ғасырлардан бері бабаларымыз ұстанып келген дінімізді қорлап, дінбұзарлар елімізге қаптағанда;
Отан қорғаудың керемет үлгісін көрсетіп, әлемді мойындатқан Қайырхан бастаған Отырар қорғаушыларын аяққа таптағанда;
Жалынды жырларымен әлемді мойындатып, жырлары екі жүзден аса тілге аударылып, екі жүз елдің оқулықтарына енген Мұхтар Шахановты арсыздар түрлі жаламен аяқтан шалып жатқанда не істедік?
Егер өз арсыздарымыз етектен тартып, иттік қылмағанда Мұхтар Шаханов қазақтан шыққан тұңғыш Нобел сыйлығының иегері атанар еді. Өзіміз бергізбедік.
Мемлекеттің қаржысымен, «Хабар АҚ» телеарнасы шығарған Майя Бекбаеваның «Тайны и судъбы великих казахов. Кажымукан Мунайтпасов» атты фильмі Қажымұқанды, бүткіл қазақты ашық қорлау екенін президент Тоқаевқа дейін жазып, дәлелдеп бердік. «Хабар АҚ» телеарна басшылары кешірім сұрап, «Біз бұл филмді өшірдік, енді қайтып көрсетпейміз» деп уәде берді. Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі басшылары да барлық ресми ақпарат көздерінен өшіргенін айтып, енді көрсетпеуге уәде берді. Ғылым және Жоғары Білім министрлігі де бізді қолдап, ғылыми кеңестің шешімін берді.
Бірақ, Майя Бекбаева өзінің жеке парақшаларындағы бұл жалған фильмді өшірмек түгілі, ерегісіп, бір фильмді сегіз бөлшектеп көбейтіп, құтырынып кетті. Біздің министрлеріміз шарасыздық танытып, маған «сотқа беріңіз» деумен үні өшті.
Бұл біздің отыз үш жыл егемендік кезінде «жеткен жетістігіміз». Демократия мен нарықтық экономиканы бірінші орынға қойған үкімет ұлттық идеологияны ұмыт қалдырды. Нәтижесі: елде ақша бірінші орынға шықты. Елді жемқорлық, рушылдық, дінбұзарлық жайлап, ата-баба жолы, салт-дәстүр, отанды сүйю сияқты асыл қасиеттер екінші орынға кетті.
Ұлы ғұлама Әбу насыр Әл-фараби бабамыз «Адамға ең бірінші – білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы. Ол келешекте оның барлық өмірін апат етеді» -деген екен.
Балабақша, мектептенбастап жас ұрпақ бойында еліне, туған жеріне деген патриоттық сезім қалыптастырып, дені сау, рухани бай, мәдениетті тұлға қалыптастыру бірінші орында тұруға тиісті еді.
Ол үшін туған жерін, халқын насихаттап, тарихта өткен атақты патшалар мен билерді, батырларды, ғалымдарды,туған жері мен халқына адал қызмет еткен Ұлы Тұлғалардың өнегелі істерін жастарға үлгі етіп, жастардың санасына патриотизмнің дәнін себуге тиіс едік.
Біз керісінше, егемендік алғаннан бастап демократия, нарытық экономика деп батыстың мәдениетін үлгі еттік. Және халықтың санасына батыстың ең азғын, халқымыздың салт-дәстүріне, ислам дінінің ұстанымдарына қайшы көріністерді телевидениеден, интернеттен күндіз-түні көрсетіп, сіңірумен болдық. Болашағымыз жастардың тәрбиесін сол интернет пен телевидениенің тізгінін ұстаған кем ақыл шоумендер мен батыстық үлгідегі фильмдер мен сериялдарға беріп қойдық. Ұлттық идеологияны қалыптастыру дегенді үкімет те ғалымдарымыз да қолға алмады.
Нәтижесін көріп отырсыздар…
Түркі әлемінің алтын бесігі – Алтайды зерттеген орыс ғалымдары Алтайдан тараған түріктердің 300 мың жылдық керемет тарихы бар екенін,
олардың бұдан 50 мың жыл бұрын керемет жетістікке жеткенін,
бұдан 25 мың жыл бұрын астрономиядан, медицинадан керемет жетістікке жеткенін;
Америка құрлығында керемет өркениетті жасаған майя, ацтек, толтек және т.б. халықтардың түркі тілінің қазаққа ең жақын қыпшақ диалектісінде сөйлегенін;
Әлемдегі ең алғашқы альфавиттік жазуды ойлап тапқан шумерлердің түркі тілді халық екенін;
Т.б. қаншама түркілер үшін керемет жаңалықтарды шет ел ғалымдары өздері дәлелдеп жатса да, ол жаңалықтар түркілердің қара шаңырағын ұстап отырған біздің елдің оқулықтарына енбеді.
Қытай жерінде де түріктердің ондаған мың жылдық тарихы жасырылып жатқанын, Қытай жеріндегі алғашқы княздықтарды құрған түркі текті халықтар екенін, Қытай жеріндегі жеті княздықты біріктіріп, Қытай империясының негізін қалаған Цин Ши Хуанди императордың шыққан тегі Алтайлық түрік екені мәлім. «Цин Ши Хуанди» деген қытайшадан аударғанда «Цин княздығынан шыққан император» дегенді білдіреді. Қытайдың көне тарихында «Цин жабайылардың княздығы» деп жазылған. Императордың өз түркіше аты айтыла бермейді.
Сондықтан қытайлар Цин Ши Хуанди императордың мазарын зерттеуге рұқсат бермейді.
Ол туралы «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат», «Ұлы дала — адамзат өркениетінің қайнары», т.б. шығармаларда жеткілікті айтылды.
Қазіргі техникалық көлік құралдары пайда болғанға дейін жер бетіндегі ең үздік көлік — жылқыны қолға үйретіп, әлемнің алты құрлығын шарлаған түркілер, ең алғаш болып темір өңдеуді игеріп, мыңдаған жылдар бойы әлемнің қожасы болғаны қазір даусыз шындық.
Қазірге дейін біз оқып жүрген, орыстар тықпалаған жалған тарих бойынша Еуропаның ең көне өркениеті деп жүрген гректерді арасында болған екі Ұлы Дала баласы: Тоқсары (б.д.д.VII-ғ) «Өліні тірілтетін емші» деп мойындатса, Анақарыс (б.д.д 620-555 ж) «дөңгелекті, жозыны, көрікті, зәкірді ойлап тапқан Анақарыс» дегізіп, мойындатып кетіпті. Шындығына келгенді бұлардың ешқайсысын Тоқсары мен Анақарыс ойлап тапқан жоқ. Бұлардың бәрі түркі әлемі – Ұлы Далада күнделікті өмірде қолданып жүрген құралдар болатын.
Оларға қазір әлем мойындаған: музыканың атасы Әбу Насыр әл-Фараби, медицинаның атасы Әбу Әли ибн Сина, т.б. қоссаң өркениеттің басында Ұлы Дала ұлдары – Түріктер тұрғаны даусыз.
Еуропаның ең көне өркениеті деп жүргенгректерді тарих төріне сүйреп шығарған Ескендір Зұлқарнайынның заманында гректер әлі темірді игермеген, бар қаруы мыс болатын.
Біз әлі жетпіс жыл бойы орыстар миымызға құйып кеткен «қазақтар мал баққаннан басқаны білмеген, жазу-сызуы болмаған надан халық» деген шеңберден шыға алмай жүрміз.
Қазіргі қазақтың атағы дардай тарихшы ғалымдарынан сұрасаң «аталарымыздың мал бағып, көшіп жүргені шындық қой» деп күйбіжіктейді. «Оу, сонда қазіргі Қазақстан жеріндегі 1334 қаланы салған кімдер?» дейсің. Малы көп болғаны шындық. Бірақ, ол надандықтың емес, байлықтың белгісі. Орта ғасырларда «Аспанда да жоқ, жерде де жоқ, суда да жоқ, тіпті Қыпшақта да жоқ» деген жұмбақтың мағынасы «Қыпшақ-түріктердің өте бай, оларда бәрі бар» дегенді білдірген дейді Еуропа ғалымдарының өзі.
Ал көне түркі жазуын Еуропа ғалымдары түркі жазуы деуге қимай, руникалық жазу, манускрипт, санскрит деп сан қилы атап жүр. Бірақ бәрінің басында түріктер тұрғанын түптің түбінде мойындайтыны даусыз.
Ал түріктердің байлығы туралы талай дастан жазуға болады. Түрік қыпшақтар өте бай, оларда бәрі бар дегенді орта ғасырларда мәтелге айналдырған. Орта ғасырлардағы түріктердің ұлттық киімі мен қазір өздерін өркениетті ел санап жүрген орыс, қытайлардың ұлттық киімдерін салыстырып көрсеңіз, кімнің қалай өмір сүргенін бірден түсінесіз.
«Командар(қыпшақтар) өлген адамның мүрдесінің үстіне топырақтан биік төбе үйіп, бетін шығысқа беріп, қолына тостақ ұстаған балбал орнатады» деп жазыпты Вильгелм Рубрук.
«Қыпшақтарда қалыптасқан ата-баба дәстүрі бойынша қайтыс болған адамға биік қорған үйіліп, ескерткіш орнатылатын.Осындай ондаған мың ескерткіш қорғандар далалық жол бойынан кездесетін», деп жазады тарихшылар Э.Хуршудян мен Д. Мұқанова.
Ал бұл қорғандарда өлген адаммен бірге көмілген дүние-мүліктер қазіргі заман адамдарын қайран қалдырып келеді. Алтын, күміс, асыл тастардан жасалған асыл бұйымдар «скифтердің аң стилі» деген атқа ие болып, кейінгі ғасырларда, аруақтардан да қорықпай, көр тонаушылардың көбеюіне себепкер болды.
«Далалықтар мәдениетінің басқалардан әлдеқайда жоғары болғандығын көрсететін толып жатқан жәдігерлер осы күнге дейін Еуропа қалаларының, Ресейдің Эрмитажы мен мұражайларының қоймаларында, ешкімге көрсетілмей жатыр.
Эрмитаждағы байлықтар көрмеге қойылса, дүниежүзі далалықтардың кешегісін көріп таң қалар еді» дейді Қуанышбай Орманов «Ат жалындағы өркениет» атты еңбегінде.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.