ҚОЖА АХМЕТ ЙАССАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ САЛЫНУ СЫРЫ
14.07.2024 0 206
Нұрхалық Абдырақын,
1976 жылы туған. Филология ғылымдарының PhD докторы, жазушы, аудармашы. «Иірім» атты романы, «Аңсау», «Жан тыныштығы» атты әңгіме жинақтары, «Елді ұстап тұратын төрт топ» атты эссе мен ой толғамдары жарық көрді.
Қазақ идеологиясы Йасcауиден бастау алады.
Қырық уәзірдің ортасында салтанаты жарасқан әлемді жаулаушы әмір Темір келеді, сайып қыран жігіттерді арқасына көтерген сәйгүлік тұлпарлар ауыздықпен алыса осқырынады, жеңіл баса шапшаң жүреді, сар даланың құмды бораны тоқтаусыз гуілдеп, құлақтарын тұндырып, көздеріне шаң үрлейді. Өз тегін хан әулетіне байлап, Қызыр қожаға күйеу болған Темір, жас тоқалға арнап көңіл ашар бақ салдырғалы бала мінез дарыды, қатал билеуші жұмсарды, шағын елді мекенге таяп жүрістерін баяулатты, жол шетінде бес алты бала ойнап отыр, кілт тоқтаған әміршіні, саз балшықтан үйшік жасап отырған балалар елер емес, өз алдарына бір патшалық.
-Балақайлар, не ойнап отырсыңдар?
-Жәннатта тұратын сарай жасап жатырмыз.
-Жәннатта тұратын сарай?
-Йә, жәннаттағы сарай,-деп шүңірек көз сар бала мойнын бұра қарады.
-«Жәннатта тұратын сарай»,-деп патша қайталап таң қалды.
-Ей, бала үйіңді маған сат.
-Қанша ақша?
-70 дирхам. Бұл кісі патша, патшаға сатып бере ме екен деп уәзірлердің бірі саңқ етті.
Жайшылықта аяғын жерге тигізерде оң жағында он адам, сол жағында он адам көтеріп алатын патша бұл жолы ешкімге қарамай бірдеңеден құрқалғандай, ақсақ аяғын ұмыта аттан тез түсті.
-Міне 70 дирхамың, ала-ғой.
— Ақшаны алған бала, үйшікті ханның қолына ұстатты.
Баламен бала болғаныңыз қалай,-деп уәзірлер іштерінен күңкілдесіп жүрістерін әрмен қарай Түркістанға жалғай берді.
Сол түн Әмір Темір түс көрді.
Маһшар алаңы, күн төбеде төніп тұр, күйдіріп, өртеп барады, тек Құран оқығандар көлеңкеде. Адамдар ғарасат майданына жиналуда… Ел алдаған алаяқтар бетімен жер сүріп жылжып келеді, кісі ақысын жегендер мен парақорлар қарнымен сырғып келеді… біреу басымен, біреу қолымен жүріп барады… тоқал ешкі мүйізі бар ешкіге кеткен есесін сұрайтын шақ та жетті… күнәһарлар лаулаған оттың шыңырау құзына шыңғыра құлауда, бөтен әйелге көз сүзгендердің иісі алыстан мүңкиді, түсік тастаған мен түсік тастатқандар зина күнәсы мен бірге кісі өлтірген жауыздардың қатарында отыны тастар мен адамдар болған терең шұңқырларға тоқтаусыз құлауда…Алапат қоқыныш…
Әмір Темір Сират көпіріне таяды, оны күтіп көп адам тұр, шу-шу етіп, кеткен ақысын сұрай бастады, Темірдің көзі шарасынан шыға шошыды, жазықсыз өлгендер құнын даулап, жағасына жармасты, патша қалшылдап кетті, ірі денелі Мәлик періште лаулаған қызыл оттағы мәңгілік тұрағын көрсетті. Әп-сәтте баладан сатып алған үйшігі көз алдында үлкейді, жәннаттан бір зәулім сарай болды. Шошып оянған Әмір патша ертемен кешегі балаларға жетуге асықты.
Балалар шу етіп сәлем берді.
-Бүгін тағы бір үйшік сатып бер, балақай.
-Міне,70 дирхамың.
-Бүгін бағасы 700 мың дирхам.
-Балам-ау, кеше ғана, 70 дирхам еді-ғой.
-Иа, 70 дирхам болған. Бүгін 700 мың дирхам, түнде түс көрдіңіз-ғой.
Көзінің оты жарық еткен патша, «бар қазынам сенікі босын балам»,- деді.
— Түркістанда жатқан Қожа Ахмет Йассауи өте үлкен әулие, түркінің пірі, тоқсан тоғыз мың шәкірті тәрбиелеген, машайықтары Ұрым мен Қырымға, Мағрып пен Машырыққа ілім тартқан, сіз басына үлкен кесене тұрғызыңыз, маған берген қазынаңыз сол болсын,- деді бала іштен оқып туғандай.
***
Қожа Ахмет Йассауи қабіріне жақындай бере Әмір Темірдің аты аяқ астынан жалт етіп үрікті, алтын жалатқан зерлі телпегі басынан ұшып кетті, аттан тез түсіп, иіліп бас киімін киіп, әулиеге құрмет көрсетіп, жаяулап барды. Патша Темір сол күннен бастап Жаратушыға жақындаудың жолына түсті. Түркістанға Әзірбайжан, Парсы, Үндістаннан аты шыққан атақты екі жүз сәулетшіні алдырып, кесененің жобасын сыздырды, таудан тас ойып, кірпіш күйдіретін бас бостандығы бар, ақыл-есі толық, кәмелетке келгендерден бес жүз шеберді қасына қосты, оларға басшы етіп Ирандық Мәулен Убайдулла Садыр ұстаны қойды. Үндістаннан тас тасуға тоқсан бес піл әкелді, сағыз топыраққа құстың жұмыртқасын қосып, қымызбен иледі.
Әмір Темір құрылысшыларға: «Алла досының кесенесін салудасыздар, сіздер сахар уақытында ғұсыл алып, бес азанмен тербеліп намаз оқып, күш жинаңыздар. Әр намазда дәрет жаңалып, дәретсіз жер баспай, әр кірпішті Алла атымен қалаңыздар. Ақшам намазымен жұмыс күні аяқталып, құптан намазымен ұйқыға кетіңіздер, бейсенбіден жұмаға қараған түн тасбих намаз оқып, жұма күні демаласыздар, Аллаға жақындап жұма оқисыздар» деді.
Аспаздар толық дәретпен бір Яссын, Аятул курси, Фалақ, Нас сүрелерін оқып демдерін ішіне жұтып, тамақ жасасын, адал тамақ адам жанының өзегі, ішкен тамақ барлық ісімізге тікелей әсер етеді. Балықтың өзі суда зікірін тоқтатқанда қармаққа ілінеді, оны жесек намазда ойымыз бөлініп, жалқаулық пайда болады, сол себепті үлкен аусыз ауланған балықты жемей, Жаратушы Құранда мадақтаған нағыз тақуаларға еліктеп, Алла разылығы үшін жұмыс істеңіздер. Сонда біздер Алланың рақметіне бөленіп, Пайғамбарымыздың ақ туының астына шапағатына қауышып, Қожа Ахмет Йассауи әулиенің шарапатына бөленеміз,-деп жүректен шыққан жылы сөзін айтты.
Сахар уақыты, жаздың бозамық түні, сол түннің соңғы сүрі үрленіп, қараңғының көбесі сөгілді, далаға шыққан Садыр өз көзіне өзі сенбей таң қалды, қабырға құлап жатыр, күні бойы асқан тақуалықпен қайта қалады, азанда тағы құлап жатқан қабырғаны көріп, патшаға кісі шаптырды. Темір патша сол түні өзі күзетке тұрды, көз ілмей күзетті, түннің алғашқы сүрі үрленгенде ханның ұйқысы қысты, қолын кездігімен кесіп қанын ағызды, оның ұйқысы тағы келді, ұйқысын одан сайын ашу үшін қолына тұз септі, кенеттен бір алып көк өгіз пайда болып қабырғаны құлата бастады.
Хан өгіздің сүркейлі түрін көріп, есі шығып,талықсып қалғып кетті, түсінде басына ақ сәлдесін үш қырлығып ораған, кең маңдайлы, қою қасы тостағандай шаралы көзінің үстінде құп жарасқан, жүзінен нұр тамған, қыр мұрынды, құлағының сырғалығы ат жағына құп жарасқан сұлу мүсінді, қызыл шырайлы Йассауи атасын көрді:
-Ей, әмірші, әуелі ұстазыма кесене тұрғыз.
-Ұсатазыңыз кім?
-Пайғамбарымыздың аманатын маған жеткізген Арыстан баб.
-Ұстазыңыз қайда?
-Отырадың маңында.
Садрдың құлады, тағы құлады,- деген үнінен оянған Темір біз әуелі Йассауи атамыздың ұстазы Арыстан бабтың басына кесене тұрғызбай болмайды екен, хикімет сонда деді.
Отырарға жете алдыға басқан қадамдары кейін тартты, аттары алға баспай табандап артқа шегінді, ақ таяғын қолына ұстаған ақ сақалды шал қойын жая бұларға жақындап, жол болсын жігіттер деді.
-Әлей болсын.
-Қайда кетіп барасыздар.
— Қожа Ахмет атамыздың ұстазы Арыстан бабтың сүйегін іздеп барамыз.
-Бала кезінде әкесі Ыбырайым атаға «арам шөбің жерді қапсын, адал жемісің бізді тапсын»,- дегенде бірден арам шөп солып қалған екен жарықтық, әулиелік туа бітеді. Әруақты жерден ат үркеді деген, маңына таяп қалдыңдар.
-Сүйегін қалай тапсақ болады ата.
-Ол оңай, менің мына қойларымды айдайық, қой қай жерді баспай айланып өтсе сол жер, әулие қайтыс болған соң қыннан шыққан қанжардай рухы еркін шарлайды.
-Мен білмейтін нәрселер не деген көп,- деп Темір патша өзіне осы жұмысты жүктеген жәннатағы үйін сатқан ойын баласын есіне алды.
Тоқтаусыз жел соққан аумақты қойлар еш баспады, қанша айдаса да айланып қашты, қарабас жел бір тынбай соғып тұр. Ешкінің сақалын қосып балшық илеген олар қалыптасқан жұмыс тәртібімен Арыстан бабқа кесене тұрғызуға кірісті, әр бейсенбі кеште хатым жасап, жұма сайын нәзір садақа таратып, Отырар ежелгі жұртына барынша тағзым етті. Құрлысшылар еш шаршамады, адамдар ауырмады, азанда тұрғанда қабырға өсіп қалғандай көрінді әр кез Сабыр ұстаға, ғаламат кесене тез бітті.
Түркістанға асыға жеткен Әмір патша Тоқтамыс ханның ескі кесенені тонап кеткені есіне түсіп, жұмыстың басында күндіз түні бірге болды. Темірдің жанында сансыз періште қызмет көрсетті, әдемі ойлар басында саулады. Ол таһажүт намазын қаза жасамады. Бір күні түнде Темір патшаның қытайға ғазауат соғысын жүргізу ойына келді, «патша өз құзіретін пайдаланып, қанша көп қауымды мұсылман жасаса, Аллаға сонша тез жақындайды, қытайдан көп қауым жоқ»,-деп Темір қабағат қуанды. Аллаға шүкір етті. Құрлыс біте қытайға қасиетті ғазауат соғысын ашуды ойлады.
Кесене кіреберісінің төмендеу болғанын байқаған Темір патша қайта көтертіп жөндетті, тіл жетпес тылсым метафизикалық хикметтердің ішінде құрлыс жүрді, әулиенің қабірінің үстіне Қызылбастың елінен жасыл түсті алтынмен зерленген құлптас жапқышты арнайы алдырды, сол сәтте Йассауи атаның көзі ашық жатқанын Темір патша көрді.
Құрылыс күмбезін жасап жатқан Үндістандық ұста байқаусызда жел шығарып, елеусіз қалдырды, әп-сәтте, қырық метр биіктен құлады, періштелер қанатын төсеп жанын сақтап қалды. Әмір Темір жалбыр шапан киген ақсақалды шалды бірнеше рет байқады, Садыр ұстаға Қызыр (ғ.а) әр кез ақыл көрсетіп, жетекші болды, жанында бірге жүріп ішкі биіктігі еш діңгексіз отыз тоғыз метр, сыртқы биктігі қырық екі метрге дейін көтертті, зәулім кесенені бір шегесіз, темірсіз тұрғызды, жел қағар мен жарық түсіп тұратын тесіктерді асқан арифметикамен жасады, сыртқы ұзын қабырға «Субхан Алла, уалхамдилилла, Аллаһу акбар»,- десе, еніне «Тағдырды Алла жазады, адамдар соған себеп жасайды»,- деп кірпішті қиюластыра қалады, сан түрлі түспен періштелер түнде әшекейледі. Қарнақта Әбділәзиз Шарафуддинұлы Тербезиге салмағы екі тонна болатын алып тай қазанды жасатып, төбедегі күмбездің дәл астына қойды. Ту жасатып оған Алла есімі мен Пайғамбарымыздың есімін, төрт досының атын екі жағынан бірдей оқылатын етіп, хикметпен жазды. Сыртына адам ақылы жетпейтін әлемнің ғажайып құрлысына айналды. Құрлыстың бітейін дегенде көңілі жайланған Темір патша кесененің батыс жақ түбінде түнеп, истахара намазын оқыды, азанмен көңілсіз оянды, «ғазауат соғыс жолында жан үзген адам шаһит болады»,-деп патша қалың қолын бастап қытайға суыт соғысқа аттанды, жолда тұйықсыз ауырып, Темірдің таза рухы денесінен ұшып шығып, Мәуараннахр жерін шарлап кетті, қалың періште таласа-тармаса көтеріп, оны баладан сатып алған жәннаттағы үйіне әкетіп бара жатты…
Боз дала алдыңғы толқын ағалар, соңғы толқын інілер болып, бәз баяғысынша мүлгиді, аталарының өмірде болғанына шұбаланып, өздерінің ертең мұнда болмайтынына еш сенбейтін адамдар «Түркістан жеріндегі Әмір Темірдің мызғымас билігі бұл кесене» деп талтаңдай басып, өтіп барады….Қызара батқан күннің соңғы шапағы әулиенің алып күмбезінің басынан сүйіп тұр, қызбен-жігіт қолтықтасып, сол қапталдағы қорғанға шығып барады…Орыстар зеңбірекпен атқылағанда қорықпаған Қызыр (ғ.а) бұлардан қорқа кесене ішіне еніп барады.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.