ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ХАЛЫҚ ТАРИХЫ
20.02.2023 0 1 319
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ,
композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері
Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Мұхит секілді сүлейлер әлдилеген сазбесікке бөленген, Шәмші, Нұрғиса, Әсет, Ескендірлер ескен сазқайықта тербетілген сары дала үнсіз жатса да, сыңсып жатады…
Қазақтың ән әлемі – алдыңғы толқынын кейінгі толқын қуып, соңғы толқыннан жаңа толқын туып, тулап аққан телегей теңіз тәрізді…
Алып теңіз сағасына құятын сала-сала асау өзендер, олардың жағасына жақын ағатын, бұлақ сылдырлы үн шығаратын көркем көлдер қазір де көп.
Бұрынғы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан), Бесқарағай ауданы аумағындағы 50-60 үйлі шағын ғана қазақ ауылы. Өңкей қарасирақ, қарадомалақтар қараша үйлерге, аулалар мен албарларға сыймай кеткенде жарыса жүгіріп, ауыл сыртына шығамыз. Ойыны қанбас құралыптастарым доп теуіп, көбелек қуып, гүл теріп кеткенде мен көбіне көк шөпке құлай кетіп, көзімді бір ашып, бір жұмып, аспанға қарап, ұзақ ойға шомамын:
Мен неге менмін?
Өмірге не үшін келгенмін?
Неге осындаймын?
Келешекте не тосып тұр?
Неге көп ойлана беремін?
Көрші үйде іңгәлап жатқан жаңа туған нәресте де мен сияқты кекілді ұл бола ма, ол да кәрі ата-әжелер сияқты қартая ма, өле ме?
Құдай адамды жаратқанда неге өмірді қысқа етіп берген? Өлмейтін етіп неге жаратпаған?
Әркім де осылай ойланған болар. Сол бала кезде өзіме қойған сауалдарымның кейбіреулерінің жауабын әлі тапқан жоқпын.
Әйтеуір, білетінім: Адам өмірге бекерге келмейді. Әрқайсысы міндет, парыз, борыш арқалап туады, өз миссияларын орындау үшін өмір сүреді. Кең дүние алабы адамдарға, ауылдарға, қалаларға толы. Бір жерде Алатаулы Алматы бар. Бір жерде Қызыл алаңды Мәскеу, мұнаралы Париж, пирамидалы Мысыр, қағбалы Мекке, пайғамбарлы Мәдине бар. Бірақ, қанша аспан шетсіз, қиял шексіз, сезім түпсіз болса да менің құм кешіп, тас тілген табаным ол түкпірлерге жете қояр деймісің?! Осылай мұңданатынмын. Шартараптағы шаһарларға қанша қызыққаныммен «Ахау, Семей, тіл мен көмей…» деп әндетпейтін қазағы кем өзім туып-өскен өңірдің өзі «жер жұмағына» барабар екенін үлкендердің әңгімесінен ұғамын. Аспан-жер арасында ұлы Абай тыныстаған киелі ауа қалықтап тұрғанын ойлағанда, сол ауаны жұпардай жұта бергім келеді. Өлең-өлкеге кіндік қаным тамған екен, демек, менің де «сау сиырдың жапасы» болмағаным. Әке-шешем маған басқа есімді емес, батырдың атын азан шақырып қойыпты. Ендігі жерде соғыстан сақтасын. Бейбіт өмірде ерлікке ұқсайтын ерекше әрекеттер жасауға үнемі ұмтылуым керек. Сансыз сауалдарымның соңын осы оймен түйіндеймін.
Семейден 150 шақырым жердегі кішкентай ауылда бір күні ғаламат жаңалық болды. Көшенің ортасындағы бағана басына ілінген қоңыраубас темір таң атқаннан күн батқанша самбырлап сөйлеп, сайратып ән төгетін болды. Үй-үйлерге де дәл солай сөйлеп, сайрайтын қораптар, күйтабақты «радиолалар» кірді. 11 жастағы кезім. Үйде радионың, көшеде репродуктордың жанында көп аялдаймын. Кейін өзім талайының қолын алып, қатарласып сахнада тұрған саңлақтар мен сандуғаштардың қилы-қилы құйқылжыған үндеріне елтіп, саз сиқырына арбалдым.
Әкем қай жерге қонаққа барса да, үйге кім келсе де, қолына домбырасын алып, ән салғанды ұнататын. Есімнен кетпейді: әкемнің маған домбыра шерткізіп, алғаш үйреткен әні – Абайдың «Көзімнің қарасы». Бірақ, мен музыкаға домбыра арқылы емес, сырнай арқылы келдім. Марқұм үлкен ағам бір күні мені орындыққа отырғызды да, қолыма сырнайды ұстатып, «Елім-ай» әнін үйретті. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» зары сай-сүйегімді сырқыратып әкетсе де, қолдарым жүрмей, орнымда байыздап отыру қиынға түсіп, қиқаңдай бердім. 10 жастан жаңа асқанмын, ағам 18-де. Үлкендігін көрсетіп, жағымнан тартып жіберді. Сырнайымды құшақтаған күйі орындықтан құладым. Бірақ, ағама ренжіген жоқпын. Халқыңның қасіретіне, өткеніне, жалпы өнерге жеңіл-желпі қарауға болмайтынын бірінші рет және біржола ұқтым. Шапалақты ауырсынып, өксіп алғаныммен «Ағам маған мұны үйрену керек өнер болған соң үйретуге жан салып тұр, қалайда сырнайды жақсы игеруім керек» деп өзіме-өзім сөз беріп, кешікпей әр түрлі әуендерді еркін ойнайтын болдым. Әуезшіл, думаншыл ағамның аты да Әуез еді, әскерден келген жылы, менің тәуір талпынысымды көріп, нота үйрете бастады. Балаларының өнерге іңкәрлігі әкемді қатты толқытты. Радио мен сырнайға әуейі боп жүрген маған баян алып берді. Оны да өзімнің табан ақы, маңдай теріме әперді. Өзінің ауылдық кеңестің төрағасы екенін пайдаланып, бесінші сынып бітірген мені жазғы демалыста пошташы қылып, хат тасытып қойған еді. Үш айда 35 сомнан 105 сом жалақы тауып, әкемнің қалтасына салғанмын. Қыстың күні сол 105 сомыма дүкенге өзі ертіп апарып, баян сатып алып бергені, сандықтан шыққан су жаңа баянды қызықтап, үйде мәре-сәре болғанымыз есімнен кетпейді. Содан кейін үйдегі сиқырлы баяныма қайда жүрсем де Қозының Баянға ғашық болғанындай аңсармен асығып тұратын болдым. Барған жерімде де алдымнан баян шығады. Ойынды да, ойды да ұмыттым. Көңілімдегі құштарымды баянмен басатын болдым. Музыкалық мектепте оқымасам да, нота мен баянды жетік игеріп алдым.
Өзімді талантты екенмін-ау деп ешқашан ойлаған жоқпын. Мен үй ішіндегі тіліміз таза қазақша болғанымен, пысықтау балаларын орыс мектебіне беретін ата-ана ғадетіне бағынып, орысша оқыдым. 9-сыныпты бітірген жылы ауылымызда орыс мектебі жабылып қалды. Қазақша да оқи беруіме болушы еді. Шешем «жоқ, сен қалалы жерде оқуың керек» деп жетектеп әкеліп, Семейдегі мектеп-интернатқа орналастырды. Бір бөлмеде 14 бала тұрдық, жұбымыз жазылмайтын бесеуімізге бәрі «баяншы бесеу» деп айдар тақты. Ауылды, анамды, бауырларымды, топырағы суи бастаса да әкемді сағынып, көңілім құлазиды. Баянды бауырыма басып, тағат табамын. Ересек баяншы жігіттерден кем ойнамауға қатты тырмысып жүріп, әбден шеберленіп алдым. Олардың біразы кейін кәсіби баянист болып кетті. Мектеп бітіретін жылы қалалық байқауға қатыстым. Ән шырқаған дауысымды ұнатқан қазылар алқасы қалалық музыкалық училищенің орындаушылық өнер бөліміне емтихансыз қабылдануға жолдама ұсынды.
Куәлігімді алып, ауылға келіп, жаңалығымды жеткізгенімде өзімді «болар бала…» деп қалаға сүйреп жүрген шешем зар жылап қоя берді. Нота әліппесін танытып, сырнаймен көзімді ашқан ағамның өзі: «Жын-ойнақ ішінде, ойын-сауық ортасында не бар? Өнеріңді былай да тастамайсың ғой. Ер баласың. Байыпты мамандық таңда. Тарихшы бол!» деп кеңес берді. Туғандарымның қалауына бағынуға тура келді. 1965 жылы 10-11 сыныптарды (Хрущев тұсында да осындай оқу үлгісі болды) бітіргендер көп болып, барлық оқу орындарында сынақ қатаң болды. Алайда оқуға түсіп кеттім. Педагогикалық институттың көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болып, мәдени-көпшілік жұмыстардың басы-қасында жүрдім. Спортпен шұғылданып, самбомен әуестене бастағанда, екі өнердің біреуін таңдауым керек болғанда музыкаға ынтызарлығым басым түсті. Ұстаздарым «зерексің, кандидаттық диссертация қорға, бізге жас тарихшы-ғалымдар керек» деп ғылымға бағыттағысы келді, бәрібір өнер қууға құштарландым да тұрдым. Бірақ кәсіби музыкант болуды нық мақсаттаған жоқпын. Әскерде жүргенімде де туған ел мен жерге сағыныш сазы менің баянымнан құйылатын. Әскерден келіп, М.Әуезов атындағы музыкалық училищеде «Комсомол тарихы» пәнінен және де… музыкадан сабақ бердім.
Жетпісінші жылдар басында «Досмұқасанның» даңқ-дабысының қалай құлақ тұндырғанын білесіз. Қазақ эстрадасы бірден бас айналарлық биікке көтерілді. «Досмұқасан» сәйгүліктеріне еліктеп, бозбалалар жағалай гитара тартуға көштік. Семейді сазға бөлеп жүрген белгілі қазақ жігіттерін жинап алып, Мұғалімдер үйінің жанынан «Лаула» атты қазақ тобын құрдым. Облыстың бірінші хатшысы Олег Морозовтың қолдауымен құрылған «Зинкус» атты орыс тобының өнеріне сүйініп, «шіркін-ай, осындай ансамбльді қазақтар да құрса!» деп армандап жүретінмін. 1973 жылы «Ән-қару» атты комсомолдық байқауда біздің «Лаула» «Зинкустен» озып кетті. Қазақтардың ешбір салада ешкімнен де кем еместігі айғақталды. Жастық шақ лирикасынан гөрі мені отаншылдық әуендер көбірек баурайтын. Жүсіпбек Елебеков классикалық деңгейге көтерген Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әні де мені тура «Елім-ай» сияқты тебірендіретін. Атым – Төлеген, жадымда, жан-жүрегімде батыр Төлеген. Бәлкім, бала кезгі ерлікқұмар қиялдар жаңғырығы… Бізге абырай әперген ән – сол «Жас қазақ» болды. Алматыға аталмыш байқаудың республикалық сайысына баратын болдық. «Жас қазақ» әнін лайықты өңдеу керек болып, музыкалық училищеде дәріс беретін кәсіби сазгер Теміржан Базарбаевқа жүгіндім. Әр жылдардағы ән-әуендерімді де нотаға түсіріп, ала бардым. Ол менің шалалау шығармаларымды тыңдап шығып:
— Айналайын, Төлеген. Атың да, затың да жақсы, талантты бала екенсің. «Жас қазақты» өңдеуге күш те, уақыт та жұмсай алмаймын. Дегенмен саған арнайы дәріс оқуға, бағыт-бағдар беруге ықыластымын, — деді. Таланттымын ба, талаптымын ба, екеуінің арасын айыра алмай жүрген мен қуанып кеттім. Теміржан ағаның сабақтарына құлшынып қатысып, тапсырмаларын тиянақты орындап, түрлі тақырыпқа музыка жазып апардым. Бір айдан кейін ол төте әңгімеге көшті:
— Сен композитор болуың керек! Табиғи дарының бар! Бәрін таста! Алматыға барғаныңда Анатолий Бычков деген профессор-композиторға жолық! Қазынаңды көрсет! Әрі қарай өздері жетектер.
Байқауда біздің «Лаула» тобы бір орындаушымыз шамалы болып, ұтылып қалды. Бұған бәлендей жасымай, Теміржан аға жолдаған Анатолий Бычковқа жолықтым. Ол «жақсы қабілетіңіз бар, консерваторияға түсіңіз, құжаттарыңызды алып келіңіз» деп кеңес берді. «Лауладағы» өзім шақырып алған жігіттердің алдарынан өттім. Көп жұмыстар аяқсыз қалып бара жатқан еді. Олар «Консерваторияға түссең, ол бізге мақтаныш емес пе? Ұшқыны «Лаулада» лаулаған деп аңыз қыламыз. Жолыңнан қалма, бізге қарайлама!» деп шығарып салды.
Өнер жолының оңай еместігін, тар жол, тайғақ кешулерге толы екенін Алматыға келген алғашқы сағаттарда-ақ ұғып үлгердім. Байқауға келгенімізде бізді жатақханаға жатқызып, шығарып салып, қарсы алған арнаулы топ болған. Ал, бұл жолы жалғызбын. Осынау үлкен қалада бір туысым не танысым жоқ. Бастапқы күндерде теміржол бекетіне түнеп жүрдім.
Иә, Алматы маған бірден құшағын кең жайған жоқ. Консерваториядағылар «Музыка мектебін не музыкалық училище бітірмегенсіз. Бастауыш музыкалық біліміңіз жоқ. Дайындық курсына ғана қабылдай аламыз. Онда да министрдің лұқсаты керек» деп құжаттарымды алмады. «Шешінген судан тайынбас» деп Мәдениет министрінің алдынан бір шықтым. Министр мырза, обалы не керек, «консерваториядан керемет талантты деген қолдау-хат әкелсең, лұқсат берейін» деді. Кафедра меңгерушісі Құдыс Қожамияров «онда емтихан тапсыр» деген талап қойды. Алып келген ноталарымды алдарына жайып, баянмен өз әндерімді орындай жөнелгенімде бәрі таң қалды. Музыкалық арнаулы білімім жоғына күдіктенді. Бычков бастап, Қожамияров қоштап, қолдау-хат жазылды. Менің талап-талпынысыма басынан сүйіспеншілікпен қараған, хатты қуана дайындаған оқу бөлімінің бастығы Ирина Ильинична ректор Еркеғали Рахмадиевтен салы суға кете шықты: «Қол қоймады Жасы жеткен, қартайып қалған, үйіне барсын деп айтты».
Мен де «жолым ауыр екен, есім барда елімді табайын, әйтеуір таланттысың деп мойындады ғой, әріқарай ізденейін…» деп көңілсіз ойланып, тұрған жерімде бір-екі минуттай аялдап қалдым. Кейде адамның тағдырын қас-қағым сәттер шешіп жібереді. «Қол қоймаса қойсын» деп алқын-жұлқын кетіп қалғанымда өнер сарайының есігінен сығаламаған күйі өмір бойы шепте жүрсем де, шетте жүруім әбден мүмкін еді. Қарсы алдымнан жолбарыстай жоны, арыстандай күркүрімен КСРО халық әртісі Құдыс Қожамияров шыға келіп, жөн сұрады. «Қол қоймағаны қалай?» деп қағазымды жұлып алып, ректорға кіріп кетті. Жарты сағат бойы жүрегім дүрсілдеп соғумен болды. Қожамияровтың көмегімен дайындық курсына қабылдандым.
Семейдегі жұртшылық танитын, комсомол қолдайтын, 250 сом айлық алатын жақсы жағдайыма үйреніп қалған маған 25-тен асқанда қайта тап болған жатақханадағы жалпы тіршілік, 21 сом стипендия, күніне 15-16 сағат музыкалық жаттығу оңай болған жоқ. Қатыңқырап кеткен қолдарыма күйсандықты үйрену «тың игеруден» кем болмады. Таңғы 7-ден күйсандыққа отырамын. 11 шамасында талықсып көз ілемін. Мен шамалас композиторлар Тілес Қажығалиев, Алмас Серкебаевтар танымал болып қалған. Ал, мен фортепианоны әлібінен бастап жаңа үйреніп жүрмін. Композиция кафедрасында жиналыс болып, Қожамияров күйіне сөйледі: «Сендер, өнерпаздар, ең білімдар студенттер болуларың керек қой. Бірде-біреуің Ленин стипендиясы түгілі, Мұқан Төлебаев атындағы стипендияны ала алмайсыңдар. 3 пен 4-тен көз ашпайсыңдар». Музыка теориясын игеріп қана қоймай, сан салалы білімді болу – кәсіби білік шарты екенін ұқтым. Ел-жұрттың білімдіні сыйлап, біліктімен санасатына мән бердім.
Күні-түні музыкаға берілген, қоғамдық жұмыстың маңына жууға икемім жоқ адам болатынмын. Екінші курс басталғанда жатақханада жиналыс болды. Күндіз де, түнде де тәртіп жоқтығы, жатақхананың өнерде ізденетіндердің емес, ойнап-күлетіндер мен шарап ішіп шалықтайтындардың тұрағына айналғаны әңгіме болды. Өзімнен көп кіші жастардың хореографтар театралдарды, олар композиторларды, ал олар вокалистерді айыптап, өзара даурығысқанына шыдамай кетіп, ересектігімді арқаландым ба, қол көтеріп, сөз алдым. Қазақтың төртеуі түгел бола алмай, алтауы ала болып, үшеуі үш жаққа тартып, өмір бойы айтысып-тартысып келе жатқан қасиетінің жақсылыққа жеткізбейтінінен бастап, «Жатақхана – ортақ үйіміз емес пе, үйіміздің берекесін кетірмейік» деп аяқтағаным есімде. Ду қол шапалақ жауып, мені ілезде студенттік кеңестің төрағасы сайлап жіберді. Тіпті Жандос Әлимұратұлы деген мұғалімім жиналыс үстінде тілдей хат жазып жіберіпті: «Төлеген, сен студсоветтің бастығы болуға келісуге тиіссің. Бұл – тарихи қажеттілік!» деп әзілдеп. Жатақхана бұрынғы беймазалықтан, бейбастақтықтан арылды. Осыдан бастап өзімнің қажеттілігім сезілген шептен тез табыла кететін қасиет жұқты. Үздік оқып, Мұқан Төлебаев атындағы стипендияға ие болдым. Маған дейін де, кейін де бұл стипендияға талаптанған табандылар болған жоқ. Комсомол ұйымының хатшысы болдым. Өзім өнер шалығы шалған қызуқанды адам, кейбір кем-кетікті түзететін тұстарда «шаш ал десе, бас ала жаздап» артық кетемін бе екен? Жоғары курста оқып жүргенімде баяғыда мақтап-жоқтап жүретін Құдыс ағам «карьеристсің», мансапқұмарсың деп. жерден алып, жерге салып, қатты сынады.
Комсомол кабинетіндегі сол ұзақ әңгімені көкейіме мәңгіге түйдім. Бүгінде ол кісіге сол сөгіс-кеңестері үшін өмір-бақи ризамын. Мүмкін, ұстазымдыкі мен асып-тасып ештеңе бүлдіріп қоймасам да, дандайсып, даңғойланып кетуден алдын-ала сақтандырған даналық шығар.
Үздік оқысам да, комсомол хатшысы болсам да, мен коммунистікке кандидат болғанда партбюроның 7 мүшесінің төртеуі маған қарсы болды. Ұлы ұстазым Ғазиза Жұбанова: «Төлеген, сен менің шәкіртім болған соң бұл саған емес, маған қарсы жасалып жатқан әрекеттер. Жасыма!» деп жігерлендірді. Алайда партия жиналысындағы жалпы жұртшылықтың көп дауысы мені алып шықты. Партия мүшесі болу – сол замандағы бедел биігі еді ғой. Осыдан кейін өмір туралы көзқарасымның көкжиегі кеңейіп, өмірдің ақ және қара түстерден ғана тұрмайтынын, алуан бояулардан құралатынын, шындықтың кемпірқосақтың қай жолағында жасырынғанын табу қашанда қиынға түсетінін ұқтым. Өмір – күрес. Арман, мақсат, мұрат үшін күресесің. Өмір – тартыс та. Мағынасыз, мақсатсыз тартыстар. Көпшілігі – өзіңнің «Эгоңды», «Меніңді» ләззаттандыру, жауыңнан өш-кек алу, біреудің жеңілісіне насаттану, жабырқағанынан жаның рахаттану. Адамға қатерлі, гуманизм идеясына қауіпті қасиеттер. Өзім үшін ұққан ұлы сабақтар: Ешкімге жамандық жасамаспын. Ешкіммен тартыспаспын. Ешкім туралы нақақтан-нақақ ғайбат сөз айтпаспын. Уақытша келген өмірімізді тартысқа толтырып, қажыр-күшімізді азайтып қайтеміз?! Нашар пиғылдағы ой-сезімдер, қияңқы-қиянатты әрекеттер адамның өмірге құштарлығын, қайырымдылығы мен мейірімділігін кеміткен сайын адамның болмысы басқашалана бермей ме? «Пейілімді алғанша, өзімді ал, құдай» деген сөзді бабаларымыз неге айтты дейсің? Осындай ішкі философияма ертерек келдім.
Ғазиза Ахметқызының тегеуі-ріндеуімен бірде-бір қазақ композиторын таудан өткізбеген Мәскеуге, аспирантураға түстім. Бүкіл музыка тарихын жаттап, классикалық шығармаларды шемішкедей шағу керек. Мәскеуден күрделі сабақтарға, кештер мен концерттерге қатысып, көп есейіп, кәсіби композитор болып оралдым.
Өзім түлеген консерваторияда ұстаздық ете бастағанымда қоғамдық жұмыс тағы да алдымнан кес-кестей берді. Республикалық шығармашыл жастар кеңесінің төрағалығы тапсырылды. Қазақстан ЛКЖО-сының мүшесі болдым. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера театрында да жетекшілік қолтаңбаларым қалды. Халықаралық «Азия дауысы» фестивалін бастапқы екі жылында басшылық қамқорлыққа алдым.
Мен өз шөлімді жеке шығар-машылығым арқылы қандырармын. Ал, көптің рухани шөлін қалай сусындатамыз? Осы мақсатта «Әлемді Мәдениет арқылы таниық!» деп ұран көтерген қоғам құрып, 1992 жылы Алматыда «Адам. Жер. Ғарыш» атты І-дүниежүзілік рухани келісім конгресін өткіздік. Республикада «Рухани келісім» күні белгіленіп, 1997 жылдың 18 қазаңы күні мерекелік қайырымдылық ас ұйымдастырып, 61 адамның сауабын алдық. Бұл – сол тұстағы бос қуыстары үңірейген қоғам кеңістігін тіл, діл, дін ұғымдарының қауыз, бүршік, дәнектерімен толтыруға бағытталған, ұлттық идеологияның жаңа сара сүрлеуін төсеуге талпынған алғашқы ізденістер болатын. Осы істерім немесе «Невада-Семей» қозғалысына үн қосқан «Полигон» киносы үшін жазылған «Заман-ай» атты әнімнің Мемлекеттік сыйлыққа иегер еткені себеп болды ма, музыкалық шығармашылық саласындағы еңбектерім үшін 1997 жылы тұңғыш Президентіміздің қолымен өңіріме «Парасат» орденін тақтым. Тәуелсіз даму даңғылымен сенімді адымдаған егемен елім үшін мен де бақытты едім. Нарықтан есеңгіреген жылдарында жұртыма рухани жігер беру үшін жасаған азды-көпті еңбегімнің ескерілгені мені шын мәнінде толқытты. Елбасымды алғыстай отырып, «Сіздің сарбазыңыз болуға дайынмын!» деп ағымнан ақ жарылдым. Екі аптадан кейін Ақмола облысы Әкімінің орынбасары болуға шақырылдым. Бұрын да мені мемлекеттік жұмыстарға көп шақыратын, шенеуніктің ортаның бюрократтығы басым болатынын білетін мен басымды ала қашатынмын. Мына жерде, «Айтылған сөз – айтылған оқ», уәдеде тұруға тура келді. Жаңарған Ақмолаға дәм айдап, оның алғашқы өркендеу жылдарына бас куәгер болғаным – бақыт. Жеті жыл Әкім орынбасары болып, басшылық сипаттан гөрі орындаушылық сипаты басым жұмысымда Астананың қазіргі кемелдене бастаған келбет-қалпына келуіне үлес қоса алғаным – мәртебе. Ал, қазір Парламент Мәжілісінің депутатымын. Депутат – кәсіби саясаткер. Қолымнан келгенше ұлт мүддесін ойлауым, адамдардың арыз-мұңын тыңдауым, халқыммен бірге болуым, қабылданып жатқан мемлекет заңдарына үн қосуым керек. Үкімет қызметінде болсам да, музыка дүниесіне кіндігіммен байланғанмын. Шығармашылығымды жылы жауып тастаған жоқпын. Шабыт шоғын үрлеп отыруға тырысамын. Өнер әлеміндегі музыкалық жобаларға қолдау көрсету де – менің көп борыштарымның бірі.
«Тұңғыш перзентімді» айтып кетейін. Балаң, жасаң кездегі жазғаныңның бәрі «шала туғандар» тобына кіреді ғой. Ал, өзім өз болып жазған және оркестрде орындалып, эфирге шыққан алғашқы әнім – Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Тың экспресі». «Героям 9-ой пятилетки» байқауында Нұрғали Нүсіпжанов орындады. Бірінші орынды Еркеғали Рахмадиев, екінші орынды менің әнім жеңіп алды. Әсіресе, егін жинау науқанында «Тың экспресі» жұртшылықты таң бозынан оятатын.
Маған дейінгілерге мың-сан мадақ айтылған. Менен кейінгілерге де сын айтуға хақым жоқ. Әркімнің өз деңгейіндегі дарыны, өнердегі өз жолы, таным-түсінігі бар.
Өзім жайында айтуыма болады. Мен кәсіби сазгермін. Әлемдік, одақтық, отандық композиторлардың көп шығармаларын тыңдадым, жинадым, зерттедім. Көптеген классикалық туындыларды өзім ойнадым, орындадым. Алуан сипаттағы кештер мен концерттерді ұйымдастырдым. Мұның барлығы адамға әсер етеді, талғамды тәрбиелейді, ұстарлайды. Еркеғали Рахмадиев ағамыз айтқан жақсы бір сөз: «Музыка не сочиняется в народном искусстве. Музыка сочиняется композитором на основе какой-то музыки и поэтому композитор должен знать, что он должен сочинить на основе очень хорошую музыку»).
Әуез, әуен тектен-тек топырақтан өсімдік сияқты өніп шықпайды. Оның астар, қатпарында тағы бір әуен жатады. Сілтемесіз болмайды. Глинка «Музыку сочиняет народ, а композитор ее аранжирует» дейді.
«Заман-ай» әні туарда маған Олжас Сүлейменовтің Жазушылар Одағында өткізген жиыны қатты әсер етті. Өзім де Семейдің түтінді ауасына қабылып өскенмін. Бала кезде қызықтаған «саңырауқұлақ», екпінді толқын, жарқыл, жарылыс дегендердің ажал сепкен тажал топалаңдары екенін көп кейін білдік. Өз туыстарым, достарым, ауылдастарым, жерлестерім өткен өткелек қой. Діні-дені қатты әкем 61-інде өмірден өтті. Үлкен ағам Әуез бен әпкем Дәметкен 27-лерінде шейіт кетті. Төлеш деген досым дәрігерлердің «ұрпағың болмайды» деген сөзінен кейін 24-інде асылып қалды.
Бірі де тегін болмапты-ау деген ой көкірегімді құсаға толтырды. Үйге қасіреттеніп барып, бір апта ішінде «Заман-айды» жаздым. Астарында баяғы бала кезде сәби жанымды тұңғыш тілгілеген туынды – жаныма ең жақын «Елім-ай» әуені жатты. Кеше «Елім-айлап» зарлаған қазақты бүгін «Заман-айлап» зар қақтырып қойған кеңестік жымысқы саясат, ядролық басқыншылыққа лағнет айтқан әнімді Роза Рымбаева халықаралық сахнаға да алып шықты. Қаралы жиындарда Қарауыл тұрғындары да жас-кәрісі қосылып, шырқырай шырқады. Полигонның зардаптары жан түршігерлік болды. Оның улы әсері 100 жылдан кейінгі тұқымда қандай белгі береді? Үрейленбеске лажың жоқ.
Кей әндер тез туып кетеді. Бірде Роза Бағланова апамыз Бәкір Тәжібаев екеумізді шақырып алды да, «Айналайындар, ғажайып сөз бар қазақта. Іңкәрлік – неткен керемет сезім! «Іңкәрім» деген ән жазып беріңдер!» деп шұғыл тапсырыс берді. Роза апайдың ойындағысын ұғып алған Бәкір аға қас пен көздің арасында жырлатып жіберді. Мен де айрықша ұшқыр жылдамдықпен лықсыған сазды күйсандықтан төгіп салдым. Бізге палау дайындамақ болып, ас үйге кеткен Роза апамыз жүгіре басып келді де, әнді қосыла шырқап кетті. Палау күйіп кетті…
Консерваторияның бірінші курсын бітіріп, ауылға демалысқа барғанда өнерге талпынған тұсымда қарсы болған анам өмірге дән риза кейпімді, жанымдағы әуендермен арпалысып жүргенімді көріп, бұрынғы қылығын жуып-шайғысы келгендей жалғыз сиырын сатып, күйсандық сатып алып берді. Ауылдың түнгі, таңғы аспанына, жымыңдаған жұлдыздарға, көлбеген құс жолына көз суарып жүріп, көкейімдегі жұмбақ әуенді ыңылдай беремін. Күйсандықты соққылап, жанымды тебірендірген ой-сезімдерді сазбен суреттеуге тырысамын. Шығармамнан музыка тереңдіктерін меңгере бастағаным, жинақтап қалған білімім көрінеді. Тіпті қайсыбір жерінде Шопеннен шуақ бар, ағылшыннан да иірім үйірілген. 1974 жыл. Бас-аяғы жиюсыз шығармамды толық ойнап шықтым да, қора маңындағы бөрене үстінде отырып, жас баладай елжіреп, «Осындай әсем сазды шығарған менен бақытты кім бар?!» деп масаттандым. Ойнаған сайын тілмен айтып жеткізгісіз күй кешемін. Алматыға келген соң Бәкір ағаға көрсетіп едім, бірден «Бағланова бағын ашады, апайға берейік» деді. Роза апамыз «Бұл «Махаббат астанасы» деген ән болу керек» деп ұнатты. Бәкір Тәжібаев төрт рет мәтін жазды, ән шықпады. Көп әншілер орындауға таласты, әннің бағы талайлы болды. Кіші Розаны бұрыннан білетінмін. Семейде жүргенде кішкентай қара қыздың талантына тәнті болып, «Лаулаға» шақыртып алғанбыз. Бір айдай үшінші дауыста бірге ән салған. «Әлиямен» дүние дүр сілкінген уақыт. Ұлықбек Есдәулетов ән сазы бұрынғы бірнеше нұсқадағы махаббат мазмұнымен үйлеспеген соң «Құс жолы» деп атап, патриотикалық пафостағы лирика аралас жаңа өлең жазып алып келіпті. Роза «Керемет! Менің әнім екен!» деп хош алды. Сонымен 1974 жылдан соқаланған саз соқпағы 1982 жылы ғана түйінделіп, алғаш рет Мәскеуде Юрий Селантьевтің оркестрінде жазылып, Розаның әнімді «аналық махаббатпен» әлдилей шырқағаны арқасында елге танылып, таралды.
«Құс жолының» әуені таза қазақ сазы деуге келмейді. Бұл әнге көптеген қазақ әншілерінің әлі келмеген. Роза ғана түн түндігін түргендей үнімен көктегі Шолпан-жұлдыз шуағына шағылыстыра шарықтатты. Жеке орындаушылықта бағы ашылды деп дәріптейтін әндерім сирек. Сондықтан ақындар менің әндеріме мәтін құрастырғанда әжептәуір қиналады. Саздарымның басым көпшілігінде Отанға, елге, жерге, балалық және жастық шаққа деген махаббат, тіршіліктің қас-қағым сәттеріне қимастық, адамның ойы мен бойы – тұнып тұрған телегей теңіз сезім екені қарасөзсіз-ақ жүректерге жетіп жататын сияқты.
Бірыңғай сазды әуендерден тұратын екінші күйтабағымды жазып жатырмын. Пәлендей философиялық туындылар деп аспандатпаймын. Қарапайым әуендер. Менің жанымның сазды түйіршіктері.
Заманалар ауысымында, ғасырлар тоғысында өмір сүріп отырғанымыз – біздің бақытымыз! ІІІ-мыңжылдықты жер-жаһан жыл бойына қарсы алды. Халықаралық телерадиостансалар бір жыл бойы осынау ұлы шеру жайында бейнелі-сазды ақпарат таратты. Біз бар болғаны бір апта қарсы алып, бір кеш өткізіп едік, онымыз сыншы-міншілердің жыл бойы жақ жаппай жамырауына азық болды. Осыдан 1000 жыл бұрын қазақ халқы қандай болды, мемлекеттігі бар ма еді?! Ал, қазіргі Қазақстан бір ғасырдан екінші ғасырға, бір мыңжылдықтан екінші мыңжылдыққа қандай іргелі мемлекет болып қадам басты?!
Мен бәрібір де ұлттық бөлінушіліктің қандай нышанына да қарсымын. Қазақтың тұңғыш операсын Брусиловский жазған. Ой-қырда қалқып-көшіп жүрген «Қазақ халқының 1000 әнін» Затаевич жинаған. Көрнекті өнер зерттеушісі Ерзакович. Қазақ телерадиосында «Дыбыстар мұражайы» деген ғажайып жобаны жүргізіп келе жатқан Юрий Аравиң. Ресейде де осылай: Шостакович – поляк, Пушкин – жартылай араб. Карамзин, Рубенштейндер де солай. Сөйте тұра олар орыс халқының мақтаныштары мәртебесінен қазірге дейін ажыраған жоқ. Ешкімді сыртқа шығармау, ешкімді есіктен қаратпау – өз шырынымызда өзіміз қайнап-қайнап сарқылуға әкеп соғады. Біздің өнерімізге, руханиятымызға зәредей де болса үлес қосқысы келетіндерге бауырмашылдықпен қарасақ, олар қандай да бір екіұдай жағдайда еліміз бен жерімізді бізбен бірге қорғамай ма?
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.