мұражайдағы мұра
12.03.2019 0 3 458
Ақнар Шәріпбаева
«Қобыз» номинациясы бойынша, республикалық конкурстар мен Халықаралық фестивальдердің лауреаты, «Ықыластың қобызы» атты ән жинағының авторы, «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты кітабының авторы. Қазір Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің жеке орындаушы – қобызшысы болып қызмет істейді.
Бұл мақалада Санкт-Петербург қаласының Ресей этнографиялық мұражайы, Кунсткамера және Музыка үйі жинақтарындағы қазақ қобызының жәдігерлері сараланған. Коллекцияны жинаудың тарихи аспектілері қарастырылады. Жинақтардың материалдары бойынша аспаптану бойынша талдау жүргізіледі. Автор әрбір аспаптың морфологиялық сипаттамалардың айтарлықтай ерекшеліктеріне орай әрқайсысы сирек үлгі деген қорытындыға келеді.
ХІХ ғасырдың ортасында Ш.Уәлиханов Санкт-Петербургтегі Шығыстанушылар III Халықаралық конгресіне дайындық барысында ескірген дәстүрлерді анық сақтамай, тіпті ұлттық киімдерін орыс және дәстүрлі мәнерде кие бастағанын, соның себебінен тарихи және мәдени құндылықтарын зерттеуде қиындықтар туындағанын айтты (1: 39).
Бүгінде, XXI ғасырдың басында, Қазақстан мен Ресейдегі қазақтар белсенді түрде өздерінің дәстүрлерін, әсіресе, музыкалық ортадағы мәдени құндылықтарын жаңғыртып жатыр деп айта аламыз. Осындай дәстүрлердің бірі ұлттық ішекті музыкалық аспап қобыз болып есептеледі. Бұл аспап Санкт-Петербург мұражайларында: Ресейдің этнографиялық мұражайы (РЭМ), Ресей ғылым академиясының Ұлы Петр атындағы антропология және этнография мұражайы (РҒА АЭМ) және Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері мұражайымен (СПМТжМӨМ) ұсынылған.
Мұражайлардағы барлық аспаптар басы мен мойнынан бастап ожау тәрізді шанағымен бірге тұтас ағаштан шабылып жасалған. Төменгі жағы терімен тартылған (тек бір ғана данада терінің орнына жұқа тақтайша қолданылған). Басында екі құлақтары бекітілген тесіктері бар. Оларға қара немесе боз жылқының қылынан жасалған екі ішек керіледі. Мұражай қорының көбінде жылқы қылынан жасалған ішектердің бірен-сараны ғана сақталған. Қазақтың қылқобызының жоғарғы жалпақ және терімен керілген төменгі жағы қысаң болады. Аспаптың ұзындығы – 55-тен 77,5 см-ге дейін (кейбір даналары – 86 см-ге дейін). Қазақ қылқобызының ені – 19,5 см, ал ішектерінің ұзындығы 50,5 — 70,5 см аралығында болады.
Музыкалық аспаптардың ерек-шеліктерін толығырақ қарастырайық.
1. Қобыз, түгендеме нөмірі 8761-13518 К. (Ш. Уәлиханов, РЭМ) (2: 26). Аспап қалпына келтірілген, себебі ол толық күйінде сақталмаған (ысқышы және жарық бойымен басы мен мойны жоқ).
Резонатордың жабық бөлігі өте ұзартылған. Ол ағаш тақтайшамен жабылған (ағаш шегелер пайдаланылған). Декадағы резонаторлық тесіктің пішіні тікбұрышты. Аспапта көлденең ағаш маңдайшасына арналған кертпелері бар, корпустың төменгі жағында тері мембранасы бекітілетін тесік бар. Төменгі бөлігінде тиек бекітілетін ілгек бар. Бас жағында дөңгелектелген мойынның бөлігі сақталып қалған.
2. Қобыз, түгендеме нөмірі 8761-13517 (Н.А.Крыжановский, РЭМ) (2: 27).
Музыкалық аспап 2 дана ағаштан жасалған: мойынның төменгі бөлігі және денесі – бірінен, мойынның жоғарғы бөлігі және басы – екіншіден. Аспаптың ерекшеліктері:
— қобыздың ашық бөлігі сопақ пішінге ие, қатты кеңейтілген;
— жабық бөлігінің ұзындығы қысқа;
— мембрананың қосымша бекіткіші жоқ;
— ашық бөлігінің жоғарғы қыры сәндік тақтайшамен безендірілген.
3. Қобыз, түгендеме нөмірі 4-1/a,b (С. Г. Рыбаков, РЭМ) (2: 33).
Бұл ққобыз құрамалы болып келеді. Шанағы мен мойынның төменгі бөлігі бір ағаштан жасалған, мойынның жоғарғы бөлігі және құлақтары орналасқан алақаны басқа ағаштан жасалған. Екі бөлік құлыпқа бекітіліп, 2 жолақша қаңылтырға шеге қағылған.
Қобыздың шанағы 2 бөліктен тұрады: жоғарғы (шар тәрізді) және төменгі (қысаң бөлігі). Тері мембранасының қырлары шегеленген металл жолақтарымен бекітілген.
4. Қылқобыз, түгендеме нөмірі 5935-1/a,b (С. Г. Рыбаков, РЭМ) (2: 36).
Музыкалық аспаптың негізгі элементтері тұтас бір ағаштан жасалған. Аспап дөңгелектенген жоғарғы бөліктен және тері мембранасымен керілген төменгі бөліктен тұрады. Басының пішіні сопақ: оның алдыңғы жағында мүйіз пішінді 4 металл ілгектері бар. Ортасында жез дөңгелекшелері бар. Сол жақта аспаптың басы бұралған жіптер мен моншақтардан жасалған шашақпен безендірілген.
Ысқыштың таяқшасының басында ішектің қылын неғұрлым реттеу мақсатында ол ақ мақта-матамен оралған. Таяқшаның төменгі бөлігінде қылдың түйіні бекітілген тесік бар.
5. Қобыз, түгендеме нөмірі 8761-13515 К (А. А. Лейбин – инициалдары көнтеріде де жазылған, РЭМ) (2:39).
Кішігірім музыкалық аспап тұтас ағаштан жасалған және қарақошқыл лакпен боялған. Төменгі бөлігі көнтерімен тартылған. Аспаптың ашық бөлігі гүлмен безендірілген, оның айналасында «кобузъ» жазбасы және гүлден өрілген шеңбер бар. Мойнының алдыңғы жағы жалпақ пішінді және артқы жағын дөңгелектенген. Бүйір жағында былғары бауы өткізілген шағын тесік бар. Ол музыкалық аспапты ілу үшін қолданылады. Баудың шеттері шашақтармен безендірілген.
6. Қобыз, түгендеме нөмірі 8761-13241/a,b (Д. Д. Букинич, РЭМ).
Музыкалық аспаптың негізгі элементтері ағаштың тұтас бөлігінен жасалған. Жоғарғы бөлігі дөңгелек пішінді, ал төменгі бөлігі тікбұрышты (көнтері тартылған). Көнтерінің шеттері артқы жағында ағаш және металл шегелерімен бекітілген. Мойынның артқы жағы дөңгелек пішінді, алдыңғы жағы жалпақ пішінді.
Төменде осы аспаптардың негізгі сипаттамалары салыстырылады.
Дереккөз: Кесте мақала авторының есептемеде жазылған (2) РЭМ даналарын зерттеу нәтижесінде толтырылған
Ескерту* – аспаптың бөліктерінің толық емес болғанына байланысты мәліметтер жоқ
РҒА АЭМ жинағында келесі қазақ қобыздары бар:
1. Қобыз, түгендеме нөмірі 4043-1. Аспап Торғай облысында Э.Ф. Финдейзеннен мұражай иеленген.
Аспаптың пішіні ожау тәрізді және иілген мойны доға тәрізді. Аспап бір ағаш түрінен, ысқышы басқа ағаш түрінен (жұмсағырақ ағаш тұқымдасынан) жасалған. Көнтері керілген мембранада екі резонаторлық тесіктері және доға тәрізді ішектің ұстауышы – тиек орналасқан (биіктігі 6,5 см). Ішектің ұстауышы аспапқа 10-ға жуық түйіннен құралған жұқа металл пластинасымен бекітілген. Қобыздың бүйір жақтары да тойтармасы бар металл пластиналарымен бекітілген. Материалдың таңдауы тұрмыс-салттық көзқарасқа байланысты болуы әбден мүмкін.
Мойын ортасынан табанының соңына металл жамауларымен қапталған, кейбір бөліктері резонаторлық тостаған, яғни шанақтың ішіне кіреді. Ысқыштың қылдан жасалған ішегі таяқшасының ұшындағы тесіктерде түйінмен байланған. Жылқы қылының бір бөлігі қызық-ақ түсті шүберекпен оралған. Аспаптың салмағы — 1268 гр.
2. Қобыз, түгендеме нөмірі 3188-5. Музыкалық аспап Д.Д Букиничпен мұражайға 1930-жылдары Торғай уезінде берілген.
Аспап тұтас ағаштан шабылған, шанағы 4 жартылай шанақшадан тұрады. Басының пішінімен және көбелекке ұқсас шанағымен ерекше-ленеді.
3. Қобыз, түгендеме нөмірі 411-21. Аспап 1898 жылы Жетісу облысының Лепсі уезінде уезд басшысы К.Н. де Лазариден алынған.
Аспап тұтас ағаштан жасалған және 2 жартылай шанақтардан тұрады. Ең үлкен шанағы «төсі» деп аталады. Оның ені – 37 см, ал биіктігі – 25 см. Шанақтың жоғарғы жағы үкі тырнақтары тәрізді металл салпыншақпен безендірілген. Сол жағында кішкентай ромб тәрізді, ал оң жағында жапырақ тәрізді салпыншақтар бар. Аспаптың төменгі жағы терімен тартылған, әдетте қобыздың бұл бөлігін «аяқ» деп атайды. Ол жерде 2 тесік және ішекке арналған тиегі болады.
Аспаптың басы күрек тәрізді пішінге ие, оның артқы жағы ішектерін бұрау үшін ашық болып келеді. Басының алдыңғы жағы жабық. Ол өрнектелген металл пластиналарымен безендірілген: ортасында тесігі бар 2 ірі жалпақ және бүйірінде 3 жұқа салпыншақтар бар. Салпыншақтар аспапқа металл ілгектері арқылы бекітілген. Аспаптың төменгі жағында 2 симметриялы тесік бар. Басының екі бүйірінде металл салпыншақтары (бір салпыншағы жетіспейді) бар. Аспаптың салмағы — 1268 гр.
Бастың артқы жағында 2 бұрамалы құлақтары бар. Ішектер жылқы қылынан жасалған. Төменгі жағында ішектері қайыс тері бауымен бекітілген, жоғарғы жағында тесіктер арқылы алақанға өткізілген.
4. Қобыз, түгендеме нөмірі 298-10. Аспапты 1891 жылы Ресей географиялық қоғамы алған. Фотосуретін М. Дудин 1899 жылы түсірген (көлемі 17,0х23,0 см). Аспаптың салмағы – 2452 гр.
Дереккөз: Кесте мақала авторының мақалада суреттелген РҒА АЭМ-ның даналарын зерттеу нәтижесінде толтырылған.
Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері мұражайының (СПМТжМӨМ) жинағында 5 түрлі қобыз бар:
1. Екі ішекті қобыз (ГИК 16516/1656, XVIII в., МТМИ). Қобыз 1934 жылы МЭ-дың 5: 134-136) Шығыс бөліміне тапсырылған. Ожау тәрізді денесі және көбелекке ұқсас шанағы бар ағаштан жасалған аспап. Аспаптың иілген пішініне байланысты ортасында мүйізден жасалған тиегі бар. Алақанның артқы жағы сыртынан нақышталған табақ жезі мен 3 жезді салпыншақпен безендірілген. Терімен тартылған жабық бөлігінде терімен тартылған жабық бөлігінде үш резонаторлық тесіктері бар. Салмағы — 924 гр.
2. Ожау тәрізді денесі бар екі ішекті қылқобыз (ГИК 16516/187, XIX ғ. I жартысы). Ұқсас материалдар қолданылған: ағаштан жасалған, теріден жасалған дека, жақсы күйде сақталған жылқы қылынан жасалған ішектер. Аяққа тартылған тері деканы бекіту мақсатында ағаш шегелер қағылған.
Үлкен шанағы бұрыштары дөңге-лектелген тікбұрышты пішінді. Қобыздың ішінде шоколад иісі бар кондитерлік қағаз табылды. Салмағы – 520 гр.
3. Ожау тәрізді денесі бар екі ішекті қобыз (ГИК 16516/1503, XIX ғ. соңы – XX ғ. басы). Дәл жоғарыдағыдай материалдар қолданылған, алайда әшекей ретінде сүйек пайдаланылған. Төс пішінді – біркелкі дұрыс пішінді шеңбер. Төменгі жағы басқа даналармен салыстырғанда жіңішкелеу және ұзындау, дәл сондай ағаш шегелермен бекітілген терімен тартылған. Сүйек және металл әшекейлер салттық емес, эстетикалық сипатқа ие. Салмағы — 466 гр.
4. Ожау тәрізді денесі бар екі ішекті қылқобыз – құрамалы (ГИК 16516/2282, 1975 ж.). А.Н. Мирек 1975 жылы Алматыда алған. Салмағы – 924 гр.
Бұл қобызда дәстүрлі қобыз жасаудан басты айырмашылығы пластмассаны қолдану болып табылады. Сонымен қатар деканың құрамы да өзгеше: денесінің төменгі жағы теріден, ал жоғарғы жағы шыршадан жасалған. Салмағы — 541 гр.
Бұл қобызды Қазақстанның шебері О.Бейсебаев ЛТМжКИ-ның (Ленинградтық театр, музыка және кинематография институты) аға ғылыми қызметкері А.М. Миректің өтініші бойынша 1975 жылы жасады. Сол шебер тізімдегі келесі мұражай жәдігері – прима-қобызды жасады (6: 39).
5. Төрт ішекті прима-қобыз (ГИК 17249/362, 1975 ж.). Жетілдірілген қазақ қобызы. 1958 жылы алғаш рет 4-ішекті қобыздар жасалған (7: 256).
Ожау тәрізді денесі тері және шыршадан құрамалы, пішіні скрипкаға жақын. Материалдар — ағаш және тері, металл ішектер. Салмағы — 389 гр.
Төменде бұл қобыздар жинағының морфологиялық сипаттамалары көрсе-тілген.
Дереккөз: Кесте мақала авторының мақалада суреттелген СПМТжМӨМ-ның даналарын зерттеу нәтижесінде толтырылған (5).
Қорытындылай келе, Санкт-Петербург мұражайларының жинақ-тарында қазақ қобызының ұзындығы 55,5-тен 98 см-ге дейін, ожау тәрізді ішекті аспап ретінде 15 данасы ұсынылған. Ол тұтас ағаштан ортасында тесік ойылып жасалады. Жоғарғы жағында ұстайтын сабы бекітіліп, төменгі жағында тіреуіш ретінде қолданылатын шығыңқы бөлігі бар. Аспаптың ұзындығы 53-75 см 2 жылқы қылынан жасалған ішектері бар. Қобыздың морфологиялық сипаттамаларын салыстыратын талдау көрсеткендей, бұл аспапты жасауда нақты бір қобыз жасау технологиясы болмаған, өйткені сыртқы құрылымның кейбір көрсеткіштері айтарлықтай ерекшеленеді. Осыған байланысты мұражай жинақтарындағы әрбір аспап – құрылымның жалпы қағидаттары ғана ұқсас болып келген сирек үлгілер.
ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы мұражайдың фотосуреттерінде өте маңызды ақпарат бар, ол біржола жоғалып кеткен және басқа да тарихи дереккөздерде көрінбейтін өткен заманның деректерін анық көрсетеді. Мысалы, 1870-1872-ші жылдар аралығында түсірілген танымал «Кауфманның фотоальбомы» томында қобыз жайлы көңіл аударалық деректер кездеседі. 1950 жылдары РҒА АЭМ-ның тапсырысымен осы альбомның шыны негативінен (негативтер Материалдық мәдениет тарихы институтында сақталған) қосымша суреттер жасалды, оның коды И-1718. Аспаптану бағытындағы ақпараттардың молдығы таңғалдырарлық, әсіресе, анық түрде аспапты, оның құрылым және атрибуция ерекшеліктерін, екі қолды ойнау барысында қою қалпын, тіпті киімін, дене күйін, бет қимылын және музыканттардың жалпы психологиялық көңіл-күйін көре аламыз. Қобыз қазақ және көшпенді өзбектер арасында ерекше танымал болды. Кауфманның альбомында қарт Самарқан музыканты суретке түсірілген, ол шебер «кабузчи» болатын (8: 188).
Фототаңба, 17,0 / 23,0 см. 1899 ж. РҒА АЭМ, № 1199-284
Орталық Азия халықтарын зерт-тейтін РҒА АЭМ-ның иллюстрациялық қоры ресейлік саяхатшылар жинаған ең бай және әлемдегі ең ірі құжаттық материалдардың қоймасының бірі болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений: В 5 т. — Т. 5. – Алма-Ата: Казахстан, 1985. — 526 с.
2. Булатова Д. А., Гаджиева А. А. Отчет о НИР «Актуальные проблемы изучения, атрибуции и сохранения традиционных тюркских смычковых хордофонов (на материалах музейной коллекции)». – СПб: РИИИ, 2015. – 93 с.
3. Маслов А.Л. Иллюстрированное описание музыкальных инструментов, хранящихся в Дашковском Этнографическом Музее, в Москве / сост. А. Маслов. – М.: Т-во скоропеч. А. А. Левенсонъ, 1909 – 63 с.
4. Казгулов Б.А., Шаханова Н.Ж. Традиционный струнно-смычковый инструмент казахов кылкобыз (по коллекциям МАЭ и полевым материалам) // Памятники традиционно-бытовой культуры народов Средней Азии, Казахстана и Кавказа: Сборник статей / Институт этнографии им. Н.Н. Миклухо-Маклая АН СССР; отв. ред. В.П. Курылев // Сборник Музея антропологии и этнографии. — т. 43. — Ленинград: Наука, 1989 . — С. 98-108.
5. Санкт-Петербургский государственный музей театрального и музыкального искусства. Коллекция музыкальных инструментов. Научный каталог / автор-составитель В. В. Кошелев; н. ред. Н. Б. Захарьина. – т. 2 — СПб: СПб ГБУК СПбГМТиМИ, 2016. – С. 134-136
6. Сарыбаев Болат. Казахские музыкальные инструменты. Алма-Ата, «Жалын», 1978 . – 39 с.
7. Музыка: Энциклопедия / Под ред. Г.В. Келдыш. – М.: Большая Российская энциклопедия, 2003. – 256 с.
8. Музыка Кунсткамеры: К 100-летию Санкт-Петербургского музея музыкальных инструментов. Материалы Первой инструментоведческой научно-практической конференции «Музыка Кунсткамеры» (Санкт-Петербург, 26-27 июня 2002 г. СПб., 2002. 185-188.
9. Прищепова В.А. Иллюстративные коллекции по народам Центральной Азии второй половины ХIХ – начала ХХ века в собраниях Кунсткамеры. СПб.: Наука, 2011.- 67с.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.