ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚАСҚА ЖОЛЫ (эссе)
Қанипаш МӘДІБАЕВА,
М.О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Қасымхан БЕГМАНОВ
Ақындар жарық дүниенің игіліктерін ойға келмейтін әсерлерінде қабылдайды.
«Әдеби туынды – адамның қоршаған әлемдегі мінез-құлқы туралы баян. Мұндай туындылардың дүниеге келуінің өзі адам табиғатының түпкілікті ұмтылысын танытады; ал адам табиғаты – туындының басты арқауы. Туындының «мазмұны» көрсетілген оқиғаларда жатпайды. Мазмұн оқиғалардың түсіндірмесінде (interpretation) болады. Ал түсіндірме міндетті түрде «көзқарасқа» байланысты. Әдеби баяндаудағы «көзқарас» – формалық әдеби тәсілдердің тізбесіндегі жай кезекті бір техникалық ерекшелік емес. Кең мағынасында алып қарағанда, «көзқарас» – «қандай да бір мазмұн ірге тебетін сана мен тәжірибе орны». «Көзқарас» – әдеби туындының өзі қалыптастырған әлеуметтік ықпалдастық аясындағы басты құрылымдық бөлшектерін сипаттау үшін біз қолданатын термин» [1, б. 139].
Әдеби-теориялық талдаудың жаңа парадигмаларында жазылған өзекті зерттеулерден құрастырылған көптомдық «Әдебиет теориясы» антологиясындағы басым ұстанымдарға ара-тұра зер салып отыру қажеттілігі бар.
Аталған көптомдықтың бесінші тарауында берілген Джозеф Кэрролдың «Адам табиғаты және әдеби мазмұн» атты мақаласында шығармашылық заңдылықтарына арнайы ден қойылған. Осында дарвиндік әдеби сын, оның міндеті, дарвиндік психологиядағы жаңа парадигма, когнитивті мінез-құлық жүйесі, адам табиғатының диаграммасы, мазмұн мен әдеби туындылардағы көзқарас, т.б. көркемдік таным ұстанымдары дарвиндік әдеби сын мәселесінде «күні өткен», негізі солқылдақ ұстанымдарға мән бере отырып, әдеби туынды талдауының жаңа көкжиектерін көтерумен маңызданған.
«Авторлар – адамдарға адамдар туралы баяндап беретін жандар. Әңгімелердің көпшілігі қуат жинау мен көбею жетістігіне (бақыт пен махаббатқа) арналған. Сонымен қатар олар мазмұнды қабылдауға ұмтылатын, жеке өмірінің және өзі білетін әр адамның бастан кешкен оқиғаларына мағына дарытатын адамдар туралы сыр шертеді» [1, б. 140].
Қазақтың көрнекті ақыны Қасымхан Бегмановтың өлеңдеріндегі мазмұн, расымен де, оқиғалардың түсіндірмесі. Қасымханның өлеңі, расымен де, көбіне оқиғалы болып шығады. Балладаға келеді негізінде.
Талантты ақынның сондай бір туындысы «Кездемедегі кинолар мен Рахила қыз жайлы жыр».
Бозбала түркістандық саудагерден алған қол фонарын ғыжылдатып кеш түсе клубқа беттейтін. Байқамайтыны жоқ. Басына келмейтіні болмайды. Бұл ауылдан өзіне шейін неге бір де бір ақын шықпаған?…
Ғыж-ғыж еткен қолшам. Себезгі сәуле. Қарақшыдай сорайған бағана. Жарығы жоқ клуб. Қыздар… күпәйкесінен қысылады жігіт бола алмай жүрген ұл. Сол тұс, сол ауылда бір махаббат ғұмыр сүрді.
Балалық шақ елітті. Есеюге асықтырды. Бел асты. Ел көрді. Жер көрді. Адастырған ақ борандар болды. Осының барлығы ақынның жадында. Жап-жарық әлемдегі жарқын атрибут – ибалы жас құрбы. Жастық шақтың тылсым шаттығы.
Қарақшыдай бағана – көрініс.
Қай өлеңінде де ақынды соңынан жүгіртпей, үйірге жатырқамай қосылған жомарт теңеу, көз тоқтататын баянды тіркес болады. Жазыла алмай, ұйқы орап жоталар жатыр. Қарағаштың қабығын үнсіз сипалаған ұяң қыз. Тау теңселіп, күн күлген жастық күннің бір сәті. Күз өтті. Бәрі кетті…
Қара жолмен алыс көкжиекке сіңіп кеткен жас адамды көрдік. Қайда барады? Не біледі? Неге жетеді?
Айтақтады аямай таласын деп,
Қорқытты төмпешік боп қаласың деп.
Ызалы сол төбеттер бұл күндері
Жалайды жүрегімнің жарасын кеп.
Шығармадағы тұлға жан иесі бастан өткеретін қызу өмір додасына түсті.
Қасымханның «Кешкі вокзал» дейтін өлеңі бар. Айнала тұтас түскен. Жаратылыстың бар сәті ыстық. Көрініп тұрып сағынтады.
Кешкі алагеуімдегі жолаушы жігіттің әрі-сәрі бір күйіне оқушы да ортақ. Кәдімгі жаңбыр жауып тұр. Поэтикалық теңеуден кенде қалмаған жаңбыр. «Мұңлы жаңбыр» – Қасымханның айтқаны.
Қош жастық шақ, бес күнгі, қас қаққандай болған жоқ,
Өмір өтті осылай көңіл шіркін толған жоқ.
Лирикалық тұлға «жастық шаққа соқпайтын сапарларды» жақтырмайды, жатырқайды.
Жастық шақ қайтпаса да, «Ол көктем оралмайтынына» көнсе де, қайта айналып келетін көктемді ұдайы күтіп жүретінін «байқатып» алады.
Оның поэзиясы, бір мәнде, жас адамның өмір саяхаты. Сонау бір бозжігіт шақта шығып, туған үйді тастап кеткенде жеткені мен өткені. Бүлкілдеген бұлақтан көз алмайтын ауыл баласы алыстарды бетке алған.
«Содан кейін қаңғыдық елден жырақ,
Қасқырыңмен серік боп, түлкіңмен де» күй кешкені де бар. Аласапыран заманның ішіне түсті.
«Тәуелсіз елім» толғауында құшағына бар Дала сыйып шалқиды.
Бір сәт қатты, қайтусыз, мінезін бұзып, айтарын айтады.
«Сәби сатардай басыңа қандай күн туды», – дейді әлеуметке қатты ширығып.
Оның еш айыбы жоқ. Қақылы.
Кейде өзін «Сахараның жаумаған жаңбырына» теңейді. Қиырларға алып қашқан ақындық тағдыры жайлы толғанды. Дүмпуі толас таппайтын тайталас саяси әлем дүниені бүлдіруге құштар екен. Ақындық мұндайға араласпай, көк аспан, мөлдір су, сүйкімді сұлу деп, жайына қарап отырмаған. Ашынған. Айтқан.
Жиделібайсын – «Ыршыған көз жасы. Жанын қоярға жер тапқызбайды. «Жазира белді, көгілдір көлді көркемі».
Ұлы сахара, шапандай болды-ау, жеңі жоқ,
Жиделібайсын – атамекенім – теңі жоқ.
Азаматтық лирикада Қасымхан бәрінен озық. Биік. Алаңсыз күні болмайды. Таңғажайып дүниені оймен де талмай кезеді, аяғы жеткен жерлердің барлығын барып көреді. Көңілге түйгені, көкейге қонғаны – есілген желдей жағымды, сарынды жырлары.
«Жағаға қарай толқындап тулап қайтудан, теңіздей шулап айтудан» жазбаған Төлеген ақын туған жаққа қайта-қайта барады.
«Бір-ақ рет сүрген өмір жетпейтін» тіршіліктің шын бақытын сезінгеніңе сендіретін туындыларын кеңістікке қосты. Ағысты, аңсарлы өлең көпке жақты.
Бабайқорғанның баяғыда алысты көксеп, көздеп кеткен баласы өлеңнің соңына түскелі жаны тыным таппағаны – ақындық ғұмыр еншісі. Қағажу көргенін, жазықсыз жабырқағанын, «табандарға тапталған армандарын» жасырған жоқ. «Айтпаса сөздің атасы өледі» сәттерде «Бұл қалайы» болмайды.
Шығармашылығындағы тұғырлы желі – Ауыл. Сол ауылдың ендігі күніне елеңдеуі оқушыны да алаңдатады. Замана мұңына батырады. «Аласалар қаптағаны несі» деп дал қылады.
«Жарық дүние, ертең тарқар тойың бұл». Сескенесің.
Қасымхан поэзиясындағы қилы поэтикалық арқаулар, өлең сөздің тәжірибесінде маңыызға ие болатын дара сипаттар сүйіндіреді. Жеке зерттеулерді қажетсінеді.
Торда тұрған құстай шерлі кейде. Өмір кімге құқай көрсетпеген. Жұлқылайды. Жұлады. Жәбірлеп жылатады. Қажытады. Кейде сезім өледі. Осының барлығы Қасымхан ақынның бір басында бар.
Оның өмірсүйгіш, бабалар сөзі қайта жаңғырған, ежелгі Шығыс сарыны есілген өлеңінде тұр.
Отаншыл. Әсіресі жоқ отаншыл. Осы мұрат өлеңінде таңбаланды.
Қасымхан Бегмановтың дәстүр жалғаған, уақыттың үні есілген кеңқұлаш эпикалық; ықшам, сәулелі, суретті лирикалық поэзиясы – қазақ өлеңінің поэтикалық әлеуетінде, әлеуметтік мұраттарында мәнді.
Ақынның Таңдамалы жыр жинағы «Құланиек, құба таң» – Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына лайықты поэтикалық, рухани мазмұн ашқан елеулі кітап [2].
Жинақта өткен тарих айтылады. Бүгінгі күннің өзекті рухани мұраттары мазмұн ашады. Тұғырлы желі түзген бірнеше бағыттың темірқазығы – Адам. Ізгілік. Иман. Табиғат. Отан. Азамат Ердің баласының басындағы міндет.
«Ташкентпен қоштасу» тарихи-элегиялық балладасы сынды көкейкесті мұңмен жазылған тұтас бір цикл туындылар жинақтың әлеуметтік салмағын көтере түскен.
Ташкент енді қазаққа мәңгі қайтып келмейтінін дауысын шығарып айтуға дәті барды. Жал-құйрығы төгілген Байшұбар шекараның арғы бетінен жер тарпып кісінейді. Бейдауа. Неден жаздық?! Ташкент. «Тақымы кеппес ұрыдан аман қалған алтын еді».
Қарашықтан ұзап кеткен қара бала қазақы қара өлеңге ғұмыр бойғы бар көрген-білгенін, жиған-тергенін сіңірді. Елін, шерін, өткенін, кеткенін, көлін, бетпақ шөлін айтты. Ерлерін айтты, езін айтты. Сүйгенін, күйгенін қосты.
Бір жақтарға асықты, бір жақтардан оралды…
Арманы биіктерге жақын жүруді қалады. Бірде қара жолда жалғыз келе жатты. Бірде жақсылар жанына тартты.
Том-том жинаққа тұнған баянды мазмұн түзілді.
Ол Қарашық, Бабайқорған, төрт қақпалы Түркістан, Бесқала мен Ташкент жайлы талмай жырлар жазды.
Ара-тұра жүзжылдық сағынышпен ауылға қайтты. Белгісіз бір жақтарға алып баратын қара жолға тағы түсті.
Сөз таңдауда сақ. Өткінші әсерге әуестенбеген.
«Бір кезде шулап жатқан ормандай-ем» депті («Ана бейітінде»).
Осы тармаққа алып-қосар не бар?! Ана барда орман болғаның – аксиома!
Қасымхан Бегманов поэзиясындағы баянды желі, тілдік қор, форма мен түр, жанр жүйесі, дәстүрлі негіз, Шығыс жырының жұмбақ, жұмсақ таңбалары, қара өлеңнің қатарын, қалпын бұзбай сақтау, т.б. арнайы зерттеулерге сұранып тұрған поэтикалық маңыз.
«Төрт қақпалы Түркістанға тағзым». Намыс толғау. Көне күмбездер сәулеті, керуен кешулер белгісі елеңдеткен құтмекенге мадақ. Мың жылдық сағыну. Ақын салтанатты сәнін бұзбаған шаһарға арқа тірейді.
Қасымханның жырлары Даланың ғаламда жоқ жер-су атауларымен кенелтеді. Әрқайсысына «ұйқы беріп, қайғы алған».
Қан тартып келген көп дұшпан жер жастанған Түркістанын жырлауға «бір рет сүрген бұл өмірі жетпейтінін» мойындайды. Кеңістікті толғаудың тарихи уақыты ұстатпайды. Ұзақ. Озық. Көк күмбез шаһар ұрпаққа аманат.
Көріністі, есілген ерке желдей жұмсақ, жібектей көлбеген сұлу дастан.
Оқыдық құран тізерлеп мұңлы молаға,
Жасаурап жанар қарадық Ұлы Далаға.
Керіле түсіп алдымнан қашты қара жол,
Хан Кене кірген Наурызбайды ертіп қалаға.
«Бабайқорғанға бауырлай жылжып кеш кірген» шақ өзің де сондасың. Қасымхан өлеңді ойға келмеген теңеулермен байытып жазады.
«Бесқала» циклын ой қамап оқып отырасың. Ақын жырын Ел мен Жерді айтса, мұң орайды. Кетпейтін сарын. Кешпейтін кек. Бұл ақында әсіре екпіндеп патетика айту болмайды. Бір қайырмасы бүктеуін жазбайтын өткен шақтар тым жарқылдатпайды, бір кем қуаныш болып қатып қалған.
Қасымханның өлеңінен көшпейтін, өңінен де, түсінен де кетпейтін тарихта қалған есесі бар. «Қайғым аздай, айдалада қалған сол / Неге іздедім Қоңыраттың қаласын?» – десе де.
Шоқай шері, бұзылған қорған төбелер болып бұлдыраған тарих. Жүрегінен өтті. Жүйкесіне жетті.
Оның лирикасы осыған байланған. Шолмаған қиыр, шықпаған тау қалдырмай шарлап нені іздейді?
«Қызғалдағың жұлынымдай жұлынды» деп құмықты «жатта қалған қайран Құлындыға» барып.
Жатта қалған қайран, біздің, Құлынды,
Аңсап тұрмын тұтастықты бұрынғы.
Қызғалдағың жұлынымдай жұлынды,
Мен ғана ұғам сенің шерлі сырыңды.
Жылап алмай жаза алмаймын жырымды,
Көргім келіп көкпар тартқан қырыңды.
Неден жаздың!? Жауабы жоқ. «Мың пәлеге ұрынған» Елінің есесін қайтаратын ұл сұрайды. Осындайда жер мен көктің арасы өлеңге толады…
Қара өлеңде сурет ойнатқан, мінез көрсеткен, өмір сөйлеткен амал-айла бей-жай қалдырмайды.
«2021 жылы оған Нобель сыйлығы «Мәдениеттер мен құрлықтар арасындағы және шығанақтағы отаршылдықтың салдары мен босқындар тағдырын жанашырлықпен ымырасыз зерттегені үшін» берілді» («Жалын», №2, 2026, Ермек Зәңгіровтің Африкадан Нобель сыйлығына ие болған бесінші қаламгер Абдулразақ Гурна туралы «Тағдыр» атты (ақын-жазушылардың өмір тарихтары») танымдық мақаласы – Қ.М.).
Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» (2023) жинағын, «Менің Мұстафам» монодрамасын оқып отырып сол Нобель сыйлығының берілу шартын есіме алдым.
Монодрамада Қасымхан Бегмановтың поэзиясындағы ұзын арқау, кең тұсау – қашанғы сарын жаңа сапасында маңызданған.
Кейінгі кезеңде дәтіміз барып айта бастаған постотарлықтың күйінде.
Қазандағы төңкерістің түппиғылына қарсылық Мұстафаны босқын етті. Дүрліккен заманның Еуропаны бет алған жалқы босқыны. «Танзаниялық жазушы Абдулразақ Гурнаға Нобель сыйлығы «Отаршылдықтың салдары мен оның мәдениеттер мен континненттер арасында қалған босқындардың өміріне тигізген әсері туралы ымырасыз және жанашыр ойлары» үшін берілді.
Швед академиясы оның шындыққа деген керемет адалдығын және оңайлатудан бас тартатынын мойындайды. Оның романдары стереотиптік сипаттамалардан бас тартып, Шығыс Африканың мәдени әралуандығына көзімізді жеткізді» [3, 89-б.].
Сыйлық иегері аңға да орын жеткен Африкаға сыймай кеткен. Мұстафа Шоқай да кім қалмаған, кім тұрмаған кең Даласына сыймады.
«Ең қорқынышты және азапты сұрақтардың жауаптары әлі күнге дейін кітаптардың арасында жасырынған» [3, 90-б.].
Ауызға түспеген Ақиқат сөз.
Қасымхан Бегмановтың таңдамалы кітабындағы «ең қорқынышты және азапты сұрақтардың жауаптары» елеңдетеді.
Азапты сұрақтардың ықтимал жауаптарына жалтаң-жалтаң жан-жаққа қарап, жақын баруға әлі қаймығамыз.
Отаршылдыққа қауіп айту қазақ сөз өнерінің ілгеріден бар іргелі бағыты болса да, ауыз аштырмаған уақыттардың үрей синдромы айықпағаны.
Занзибарда дүниеге келіп, «аң мен құсқа табылған қара құрлықтан өзіне ылайықты орын табылмаған кездерде» Ұлыбританияға босқын ретінде көшкен Абдулразақ Гурна. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы жержүзілік сілкіністерде ел ауып кеткен Мұстафа Шоқай.
Мұстафа Шоқайдай Ердің қара үзіп, шет жұрттарда «Отаным» деп соққан оттан да ыстық жүрегіне қарай жоқ іздеп, жол тартқан Қасымхан шайыр…
Қасымхан Бегманов шығармашылықта ешкімді қайталамайды.
Қара өлеңде өз дауыс, өз үні, суретті, сұлу, баянды сөзі бар.
Өлеңі қоңыр даланың қоңыр желіндей майда, байырғы мекен, қорған төбелеріндей мұңлы, сырлы, әуенді. Қара өлеңде жаны қалған ата-бабалар дәстүрінен жазбайды, жаңылмайды.
Дала бұл қара жолы ширатылған,
Қаласы, моласы да қиратылған.
Зарығып жел өксиді, опырылған,
Қарқылдап топ қарға ұшты зиратыңнан.
Бұл Далада қабағын ашпайтын қаққан қазық – балбал тастар тұрады. Аспанымен ауық-ауық жылап алып, бұлттар көшеді. Таудан су алып қашқан сай-жыралар таңырқатады. Жазылмаған жарақаттары сай-сүйекті сырқыратады. Том-том кітапқа, толағай дастандарға сыймаған Дала бұл…
Ақын – Дала кезген дәруіш.
«Отырмын жалғыз суық архивте сарғыш құжаттан сыр ұғып» дейді бірде.
Қасымхан ақынның «архив қуалап» кеткені рас. Шын. Із кеседі. Бүркеуі қалың белгілерге елеңдейді. Асығып, алаңдап жетеді.
Мұрағаттарды мұң шаққан отырып үнсіз шоласыз,
Аралдай қайта тартылып барып, арнадан асып толасыз.
Жыр жаза алмады, әріпін ойып тасына,
Ел бара алмады, кебінделмеген, жанасыз асына.
Бейіттері жоқ барайын десем Құран бағыштап басына.
Қасымхан жырлары арғы-бергінің ел білетін, білмейтін көп әңгімесіне құнықтырады. Қуаттандырады.
Қоңырқай бел. Қоңыраулы замандар. Өлеңбаян, өмірбаян.
Жаңбырлы түннен көрдім ебіл-дебіл,
Даланың перзенттерін жоқтағанын.
Екі сөз. Қилы сыр.
Үнсіз жатты, үміт үзген қартымдай,
Арналары кеуіп кеткен ескі өзен.
Лирикалық тұлға кегі кетсе де, кек сақтамайтын Даласындай кең.
Қилы қалыпта бой көтеріп, образ ашады. Хан Кене болып көкке қылыш көтерген. «Отызында сағыныштан жанып кеткен» Төлеген ақын да өзі.
Оның жырларында «жүзжылдықтар» ағады. Асығып уақыт көшеді. Жөңкіліп, күркіреп, гүрілдеп айсбергтер соғылады. Аспан жарып зымырап зулайды. Асу бермес таулар биігімен тәкаппарланады. Алып мұхиттар гүрс-гүрс толқын құлатады.
Қозғалысы тынбайтын құштар жарық дүние…
Жүз жылдықтар ағады,
Құранның асыл парақтарында,
Ғасырдың қатал сабақтарында.
Домбыралардың сағақтарында,
Қазақтың тартқан табақтарында.
Қайран Ер Мұстафа есінен шыққан емес бір сәт те. Халқына тарта туған өр перзент. Мұстафа Шоқай.
Ол туралы жазу жан мұраты болды.
Империямен тірескен, «Жауда қалған жерлерін, дауда қалған белдері мен көлдерін» қорғаған Ағалар.
Мұстафа Шоқай ауылын іздеп барған. Көргені көңілін басқан.
Көміліп бүкіл ауыл қалған екен,
Құранды оқыдық біз құмға қарап.
… Қара жол ойдым-ойдым тынған анық,
Құлаған ескі столба сымға оралып.
Мұстафа Шоқай ердің ата жұрты,
Бұйығып жатыр екен құмға оранып.
Айрылған ауыл екен келбетінен,
Ұшқан құс көре алмайсыз көл бетінен.
Арнасын өзендердің өзгертіпті-ау,
Бұл әулет жоқ болсын деп жер бетінен.
Тұтас түркілік шер. Ортақ нала.
Ауыртады жүрегімді қимай күннің батқаны.
Ауыртады жүрегімді аңсап таңның атқаны.
Ауыртады жүрегімді бөлшектенген Түркістан,
Ауыртады жүрегімді жат өлкеде жатқаны.
Оның өлеңдерінде қой жайылған қоңыр белдер көз қуантады; қарашасын хан ұлымен тең көрген, қадірі бөлек қайран бабалар сөз ұстайды.
Сол түркінің қарағайға қарсы біткен Қазақ дейтін ұрпағы,
Жерден де ауыр сөйлесе сөздерінің салмағы.
Ат үстінде ұшқан құспен жарысып
Ақ сағымға сіңетін…
Өлең сөзінде «қоңыр» ұғымы қоса жүреді. Дағдылы. Ақын жүрек жас күннің іздеп жүріп тауып алатын «сарыуайымын» сағынады.
Тура жолда сүріндім де, құладым,
Көкке қарап, бойға қуат сұрадым.
Көңілімнің ағыта алмай бұлағын,
Ақ қағазда…
өксіп-өксіп жыладым..
Қасымханның қара өлеңі шолмайтын қиыр қалмайды.
Біреулерге ұнамаған-ұнаған,
Мені қойшы, қайран жырым, жүр аман.
Неге екенін әлі өзім білмеймін,
Өлең үшін елден кеткем, жылағам.
Рас.
… Қара өлең бе, елден қуды шаршатты,
Қанша бұлақ қапталдасты, қарсы ақты.
… Ақындық ғұмыр – көздің жасы бұл.
Аяулы сәтте таматын.
Ақындық ғұмыр – сөздің басы бұл,
Әдемі ән боп қалатын.
… Құрып барады даламның гүлі,
Ұлыды қасқыр алыста.
Құрып барады Анамның тілі,
Белшеден баттым борышқа.
«Қара талдармен бірге өскен» қара бала есейген. Халқына қарайлайды. Қамы көп. Қалың мұңы бар. «Тонна да тонна қайғысы жатқан» бір өлеңін Еділге арнайды.
Жалт беріп мәңгі бұрылдық, Еділ,
Жат топырақты жатсынбай ентелей еміп…
Бір қайғы мың қайғыны тұрғызады. Бесқала, Мойнақ, Құлынды, Ташкент…
Қасымхан атты Даланың қара баласы жылдар жылжып кеткенде, сулар ағып біткенде Мұстафа Шоқайды, адамзаттың асылын із кесіп іздеп шықты. Дүйім жұртты дүрліктіріп, дабыл қағып іздеген. Қаржы тапшы тұста арнайы экспедиция жасақтап, бел асты, ел шолды. Дегеніне жетті. Дерекнамалық тарихи фильм түсірілді. Кітап жазылды. Таусылмайтын сырлар жыр болып ақты. Сол жолда ардақты есімді ақтау міндетінде соттасты. Рухани соққы жеді. Жығылып, жеңілген жоқ.
Қасымхан Бегмановтың «Құлаиек, құба таң» Таңдамалы жыр кітабындағы (2023) поэтикалық мазмұн осы негіздерде түзілді.
Қазірде Қасымханның қара өлеңдегі қасқа жолы туралы айтылады.
Баяу есілген майда қоңыр толғамдары толқытады.
Қош болыңдар, жердің беті тартысты,
Ыстық күнде көңіліме қар түсті.
Құпия тылсым сыр бар жырларымда,
Қайтқан құс жаққа қарап тұрғанымда.
Баяғы шешем салған шерлі әуендер,
Қап қойған жүрегімнің ырғағында («Жолдар»).
Қасымхан бірде сабақтас, салалас, ұзақ, даналық тәлімін сіңірген баллада дастандар жазады. Енді бір өлеңі жедел. Қысқа серпінді. Екпінді. Суретті. Көріністі. Аса сезімді. Ішінде ғалам қозғалып жатады.
Бұлт торлады бірде кеп қала жақты,
Қарғын сулар жөңкіліп далаға ақты.
Құйып өткен ақ нөсер, жаңбыр билеп,
Тастан-тасқа секіріп бара жатты.
Теория тілінде шығармашылықтың мың сан атауы, он сан талқысы бар. Жалғыздық күй, жабыққан көңіл, қилы ситуация. Жан құштары. Ақынның шыны…
Ілік іздеп, сылтау тапқан досыма,
Жалынғам жоқ, менен ұзап кетпе деп.
… Ешкімге де болмайды екен сенуге,
Күн батқанда қашып кетті көлеңкем.
Етегінде боталар жайылатын, таулар мен жоталар қоршап алған Хантағында қиялында алғашқы жыры туған, белгісіз ноталар қалықтаған.
Ол жүрек жаулап жазуды көкседі. Алысқа қарайлады. Бағытын, жолын тапты.
«Жала жабылған» шала тарих жан алауы болды.
«Сатылғандар мен сатқандар, бірі біріне құрған қақпандары» көп өмірді сүріп өтудің қиын-қыстауы өлеңдерінде тұр.
Азаматтық, ақындық болмысы бітеқайнасқан өлеңдер осызаманғы қазақ поэзиясының поэтикалық өлшемінде өзіндік мән тапты.
Талқан қылып тас қамалын тағдырдың,
Шоқай өткен жолға түстім, қаңғырдым.
Қара өлең боп нұрын шашып жанымның,
Бабалардың сөздерінен жаңғырдым.
Көп айтты. Дөп айтты.
Жата алмадым ұйқымды бір қандырып,
Баса алмадым шөлімді бір қандырып.
Қоңыр майда лирикалық жыр – жанының жарығы. Көңіл бірде бұлт. Бірде Күн. «Көкірегіңде көкбөрі ұлыса» – бұл да таныс күй.
Таңдамалы кітаптағы ой бөгеген, ойға бөлеген он сан жыр, ойға келмеген теңеулер, тапқыр метафоралар – ақындық игілік. Ортақ олжа.
Әдебиет:
1 Әдебиет теориясы: Антология. 4-том / Джули Ривкин мен Майкл Райанның редакциясымен. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 452 бет.
2 Бегманов Қ. Құланиек, құба таң (Таңдамалы жыр кітабы) / Қасымхан Бегманов. – Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, Mereke baspasy, 2023. – 480 бет.
3 «Жалын», №2, 2026.
