КҮННІҢ КӨЗІ ЕРТЕГІ АЙТЫП ТҰРҒАН…
Иманғали БӨГЕТБАЙ,
2002 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында туған. Халел Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің Журналистика факультетін тәмәмдаған.
***
Бір
екі
үш
«Біз» десе, алай-дүлей сұм еді күш.
бір, екі қауырсынын мұңға малып,
Тор ішінде торығып жүр еді құс.
Қарайды кең далаға, көлден ада,
Көл алыс, алшақтады енді екі ара.
Құсбегі тор есігін ашты кейін:
«Жүр» деді қарындас құс, ермеді аға.
Қанатын самал тербеп, сай аралап,
Ұшады қарындас құс «ой, ағалап!»
Шалшығы шақырады шұбал-шұбал,
Жарқабақ, шәлкес-шәлкес
жол алалап.
Бір
екі
үш
Жаралы жүрегіңді түлетіп ұш!
Ал менің аққу құсым «сәруарлап»
сызылтып ән салып тұр
– кім еді?
түш….
ЕҢ
сен – ең, ең, ең!
еңдердің зәузәті ме ең?
«сен» деп тұрып құстарды сайратып ем!
кербез басып жүріп кел маған қарай,
ала-қызыл алдыңа жай да кілем.
тақ-тұқ етіп өкшеңмен еден құшып,
дәлізбен кел,
мен
көктен келем түсіп.
батиқасын ап түсем төнеу жақтан,
Қалқаманмен, Мамырмен сәлемдесіп.
суыр сосын кеудемнен
жүрегімді ап!
тәнім
көзім
тек сендік,
түгелі жат!
содан кейін шәліңді шешіп ал да,
өлең қылып мойныма жібер орап!
сен – ең, ең, еңсің,
еңдердің ішіндегі!
жүрегімді қолыңа ұстатайын,
өзіңнің жүрегіңе ұшыр кері!
***
қараша құстар,
қараша құстар,
біздің аймақтан әрі асасыңдар.
табыт көтеріп жаназа күні,
жоқтау айтумен тарасасыңдар.
терезе тұстан шым-шым үйіліп,
сәждесін жасап шымшық иіліп.
қараша құстар тізбектеп ұшты,
қараша бұлттан ұршық иіріп.
қараша құстар, құжынап бәрің,
құмарсыңдар, ә, жылы жаққа тым?
мен білсем жерден жылылық кеткен,
тұрғынысыңдар-ау,
ұжұмақ жақтың…
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында, қала ғой, өтінемін.
(с) Есенғали Раушанов
Бір қарады
артына – екі кейін.
Жібермей тұр өткенді, несі қиын?
«Раушан жырлар»
біз жақта оқылмайды,
Қайтшы үйіңе, қайта ғой, өтінейін.
Бар, бара ғой, мінсізім, мүсінді елік,
Біздер тек бұл өмірден «үзінді» едік.
Ас үйде мен қалайын аңтарылып,
Піспеген тағамыңның тұзын сеуіп.
Рабайсыз ғұмырлар, рақым етің,
Тастап кет төрде қалсын портретің!
Жарты жолдан үзілген сезім сынды,
Салынбай қала берсін жарты бетім.
Қыл арқанды осылай үзді бейбақ
Нем бар ед(і) күзді қинап,
қызды қинап?
Жетпіс екі хор қызын дұға еткен,
Жетімсіреп қалмайды біздің үй жақ.
Көкжиек көрінбейді теріскейден,
Жоғалып кетсін солай көміс бейнең!
Сол қаңтардың ішінен «күтем» дейсің,
Мен саған Шекспир ме ем,
Гетсби ме ем?
Шарайнаның кетпей тұр айғыздары,
Он ойланып кетпей тұр байғұс жаны.
Тезірек бұл ғаламнан шықшы Қалқам,
Келіп қалып жүрмесін хор қыздары
Көріп қалып жүрмесін хор қыздары.
СЕН ДЕ КЕТІП БАРАСЫҢ ГОГОЛЬЯМЕН
Жаным, әлем,
Сен де кетіп барасың Гогольямен
Мен де өтіп барамын Гогольямен.
Дәл сол күні жолымда
жолығар ең,
Бірақ… бірақ…
(бірақ та сұрақтар көп)
Мейман, мейман
көшеге кінә артпа көп!
бұл көшені «тамұқ»
деп ойладың ба?
мен де қалам Гогольды
«жұмақ па» деп?!
Кербез-кербез
жолдармен кетті құсни,
дәл осы бір жолдарға жат кісідей.
Тізбек
тізбек
көліктер өтіп жатты,
Үнсіз тартқан молданың тәспісіндей.
Құлазыған көңілді кешіп сол маң,
Гоголья да жүрек көп, көшіп-қонған.
Жолымда жолығар ең
дәл сол күні,
«Абайдың даңғылымен» кетіп қалғам.
КЕЛСАП
Күлгенім шат,
кигенім бүлде құсап.
Әуелден шадыман шақ,
сүрмедім хақ!
Қазір сауық көргенмен,
зіл келсап,
Мен сені ұмытпадым, мүлде бір-ақ.
Бір келсап бұрын да болды ауылда,
Сол келсап жететін жан бағуға.
Қайран шешем түйгілеп отыратын,
«Шаршадым» деп айтпайтын, алдады ма?
Зырылдап шешем сонда жаны дарқан,
Жасайды таң азанмен тары-талқан.
Қаумалап ауламызға тары сұрап,
Сорғалап шай ішеді кәрі-қартаң.
Күн сүйсініп шешемнің жамалына,
Көзін қадап тұрады ала-бұла.
Зіл келсап түйгілеп отыратын,
Тағдырдың бізге түйген қабағы ма?
Қабағы емес, тағдырдың жауы бөтен,
Бұл тағдыр – мұқым елге бәріне тең.
Ол келсап шешемнің түйгілеген,
Шүберекке түйілген жаны екен.
ЖАҢБЫРМЕН ЖАС
Парктің іші,
Мамырдың мұңлы жаңбыры,
Ағыл да тегіл жылайды қала паң гүлі.
Кірпіктерінен үзіліп жатыр тамшылар,
Етегі жеңіл, ауыр-ау, сірә тағдыры?!
Неге жылайды?
Кеткен бе бәлкім лай басып,
Жаралап кетті арудың жанын қай ғашық?
Толқындай тулап, жұбатайын деп жанына,
Қолшатыр болып отыра қалдым жайғасып.
Сүмбіле жұлдыз,
сүмбіл шашына төгілген,
Айдан да жарық жақұт па еді,
лағыл ма ең?
Оқталып сөзге, мойынымды бұрып аруға:
«Не болып қалды, жақсы ма бәрі?»
дедім мен.
«Өлемін» деді,
«жоқ енді өмір керегі»,
Шаршадым шудан,
тіршіліктен де себебі.
Көзінің жасын сүртті де кенет елік қыз,
Тосыннан маған
«өмірдің мәні не?» деді.
Ойланып қалдым
Айдан да ауыр сауалға,
Өмірдің мәні не еді шіркін, ой, Алла?
Сөз таппай біраз:
«Өмірдің мәні – сен» дедім,
Өлмесең егер ұғарсың оны таяуда.
Шешімің емес
шынтуайтында сұм ажал,
Өйткені сендей ғаламға керек құба тал.
Жүзіңді көрсе діндар боп кетер күнәһар,
Дінінен тайып кетер-ау бәлкім, пірәдар?
Сен қайта көрме,
Қайтатын кезің алдыда.
Қай күнәң тартты табытқа қарай тар мына?
Әлемнің өзі періште ме екен,
тап-таза?
Пенденің бәрі күнәдан аулақ,
арлы ма?
Парктің іші,
Жаңбыр да сиреп басылды.
Күрсіндік екеу, Алатау оған қосылды.
Ақымақ айтқан ақылға ұйып,
содан соң,
«Өмірдің мәні»
мойныма келіп асылды.
[кейін бір жолмен кеттік]
ҚАРА РАДИО
Ауыл, ымырт
Дөңге қарай құлайды теңселіп күн,
Анам қатық ұйытып тентегі үшін.
Босағада ілінген қара радио,
«Ертеде» деп бастайды ертегісін.
Ерте, ерте, ертеде – қай кез еді?
Жұмыр жердің ашылып желбезегі
Көрші шалдың бітпеген қой кезегі,
Ерте дейтін меніңше сол кез еді?!
Ырду-дырду әлемнен беймағұлым,
Теледидар, жиһаздан үй мақұрым.
Күннің көзі ертегі айтып тұрған,
Кешті күтіп алыстан кейде ақырын.
«Басталды!»
дегенді естіп анау қырдан,
Жүгіріп босағаға қарай жылдам.
Отырам,
сұраққа алып айналамды
«Радиоға қалайша адам сыйған?»
Балғын шақта бәрі де таңсық әлі,
Баланың таусылмаған сан сұрағы.
Ал қазір – көп сауалдың шешілмеген
Жауабы көктен жауып, тамшылады.
Ертегідей ғұмырдан үзілсеңіз,
Өткен шақты көз көрген «түсім» деңіз.
Бүгінде Мыстан кемпір, Алдар көсе,
Бәріміз қара радио ішіндеміз!
Ерте, ерте, ертеде – қай кез еді?
***
Мұңыңа тұзын сеуіп, меңіреу күз,
Өткенге орала алмай, еңірерсіз.
Шашыңды сабалақтап, тысқа шықсаң,
Желді де қарғап-сілеп, «долы» дерсіз.
Толықсып, одан сайын көмпіс келбет,
Үстіңе сыймай қалып әртіс көйлек.
Кештерден қалып қойып, мата таппай,
Тағдырды боқтап алып, қарғыс тілеп.
Миуан күз сыймай кетіп мишығыңа,
Өкініп, жұртқа жайған кей сырыңа.
Төбеңнен күн зілімен буырқанса,
Ішіңнен отырмысың күрсініп, ә?
Аспаннан жаңбыр төгіп, мезені алса,
Жуынып сол жауынмен көше болса.
Етегіңе ұстатып көше суын,
Көліктер мазақ қылып кете барса,
Жынданасың.
Сұп-сұр боп күнгеш өңің,
Жолдарын да жақтырмай бұл көшенің.
Осындай сәтсіздіктің барлығына,
Кінәлі мені қылып жүр ме екенсің?
ЖОЛТАРАУ
Көшенің арғы шеті,
Бергі шеті,
Сүйректей менмұндалап, көмпі көркі.
Қиылып қарап тұрған жолайырықтан,
Хафиздың сен бе екенсің, меңді дерті?
Сен шығарсың жанымның жол құрағы?
Ешкімдерге бұйырмас жалқы бағым.
Көшенің бер жағынан өткен сайын,
Ойымның ар жағында сол тұрады.
Қалада қалғып кеткен қаңқалардың,
Арасынан жолыққан таңдамалым.
Жолтараудай бөлініп, көшкен бұлттай,
Арғы беттен қарайды, сонша жаным.
Ләпілдек түнмен қалғып лиризмдер,
Аспанға жұлдыздарды көбейтіңдер!
Сірә мен ғашық болдым арғы жаққа
Жұлдыздар, бұған енді не дейсіңдер?
Не дерсіңдер?
тіл бар ма, айтарға сөз?
Шарпылып алдым да тұр шаңқан белес.
Қаңқулап, арғы бетке құстар ұшты,
Қолымнан жетектесе қайтарда тез.
арманым болмас еді.
(болмаған да…)
Мөлт етіп, қарайлап тұр айнам алда.
Қынадай қылпылдаған Тау гүліне,
Төбеден тамсанып тұр толған Ай да.
Көшенің арғы шеті,
Бергі шеті,
Қол бұлғап қарап тұрған хор қызы еді.
Тап қазір жаным шығып кетпесе егер,
Жұмаққа қашан енді жол түседі?
Беймәлім…
СЫЙМАЙ БАРАМЫН, АЛМАТЫ, СЫЙМАЙ БАРАМЫН
Құлап барамын, Алматы, құлап барамын,
Қаңбағын қуып, артынан жырақ даланың.
Желігіп келсең, білмейсің қай тұстан келіп,
Тағдырдың саған тосыннан сынақ саларын.
Сыймай барамын, Алматы, сыймай барамын,
Шаш етек болып шалынып, шимай қаланың.
Бағдаршамына қараумен көзің талады,
Жасылы жанбай, жаныңды қинай салатын.
Тулап барамын, Алматы, тулап барамын,
Арманды қусаң, мақсатың құндақталатын.
Қарының ашып, көңілге қаяу түсіріп,
Ішегіңмен бірге, ішіңнен шулап қаласың.
Ұнайсың солай Алматы, тым ерек тауың,
Тыншымас сені құшса да, кім елеп жаның.
Алматы сені сүйгенім – сорымның шегі,
Алматы, сені таңдаған – сүмелек бағым.
***
Махаббат музейіндегі «музам»
«Мұңылығым»
Түндігін ашқан өн бойымдағы
жырды ұғын!
Сағымға кетсе, сағынбай кетер кімді-кім?
Сені сағындым
Сағындым сені
Сағынысайық!
Алып-ұшайық, ұмытып күллі өкпені,
Тағы құшайын – деміме демің жетпеді.
[Қара пальтомнан қараймын қанып,
әтірсіз иісің кеппеді]
Тек сені сүйем,
Тек мені сүйші сен де шын!
Биязылыққа кереғар бұла келбетің,
Ұмыттырардай жұп-жұмыр
мына жер бетін.
Махаббат деген
монтансып тұрған ғаламда,
Сені іздеп жүр – мен жетім!
Сұмпайы сезім улады менің санамды әр.
Жайықта мен бар, келешегіңе алаңдар!
Күтеді сені Атыраудағы сығыңқы,
жана алмай тұрған фонарлар…
жаза алмай жүрген қаламдар…
НЕГЕ
Үйеңкіден жапырақ үздігер кеп,
Жапырақтар салады тізгін өрмек.
Неге бұлттар төбеде талықсиды,
Неге жаңбыр шақырды
сізді «кел» деп?
Бізді де ермек қылады неге Құдай?
(Бәлкім, бәрі – ойымның дерегі жай)
Неге өлеңім уақыттан жаңылдырды,
Сезім бе еді, келесі келетін ай?
Жаңбыр ма еді ғайыптан шық тасыған?
Неге ендеше жаумайды тап қасымнан?
Бәлкім жаңбыр аспанға біз туралы,
Елес шығар, құпия хат тасыған?
Жаңбыр,
дауыл
билейді сауығы көп.
Мен отырмын бұларды тағы жыр деп.
Жаңбыр неге өбеді дауылды кеп?
Неге менсіз билейді, о, Құдірет?!
Мені оятып, ұйқымнан күз үндесе,
«Бұның бәрі – тек көрген түсің», десе,
«Неге, неге»
сұрақтар қоймаушы едім,
Үйеңкіден жапырақ үзілмесе.
ЖАРЫҚ
Аулаға біздің жарық қондырыпты,
Жарымай жүр едік жарыққа.
Аудан басшысы енді біліпті,
Жарық керегін халыққа.
Жарықтық мына жарқырап тұрған,
Шынымен біздің аула ма?
Абайсыз көктен Ай құлап бұл маң,
Жарқырап кетті-ау айнала?..
Бұл жерде жиі ойланушы едім,
Толғанушы едім түнменен.
Ұлы классикке айналу үшін,
Аулаға шығам бөлмеден.
Сұлуларменен сыр шертетінмін,
Көрмейді шіркін көршілер.
Бермейтін едім түндерге тыным,
Үзіліп талай қол шідер.
Жыр да жазылған, басым да бірге,
Жасым да кеткен сырғанап.
Аруақ көргендей тосылған түрде,
Ал енді көршім тұр қарап.
ШАМШЫРАҚ
Сарпылыс дейді әлемді,
Тар қуыс дейді пәтерді.
Шамшырақ бір мұң әкелді,
Содан соң үнсіз жөнелді.
Ол менен бақыт сұрайды,
Бақытты болып жатсақ та.
Шамшырақ неге жылайды?
Көз жасы қалған асфальтта.
Шамшырақ кетті бұрылмай,
Сан-саққа соқты сарпылыс.
Сып-суық болып, жылынбай,
Жетімсіп қалды тар қуыс.
Ол қалды менің түсімде,
Жазылмай жүрек жарасы.
Мен қалдым,
сарнап ішімде
«Сығанның серенадасы…»
Өтінем, бір рет қарашы,
Жанарыңнан мен жай табам.
Сығанның серенадасы,
Сарнамай қалсын қайтадан!
Не барын білмей ойыңның,
Санамда қалды сан сұрақ.
Қайырылмай кеткен «хайырлым»
Қайдасың, қайда, Шамшырақ?
ТОҒЖАНЫМ
Менің жиырма күндік,
ешкімге жария етпеген «Тоғжаным».
Бар жаныммен құшқан таңдауым,
талғамым.
Жүрегім әзір күтпеген стихиясы
ерек кейіпкер.
Сүйікті ең,
шынайылығыңмен, кіршіксіз
бұл менің соңғы ойлауым!
Соңғы ойлауым өзіңді,
сол кезгі өзімді
дөңгелек көзіңді
Не жазып отырмын түсініксіз?
Түсін ұқтық, айлы бақтардың қараңғы
«Жарық болар» деп.
Жарық болмады
бірімізге қараңғылықты ұсыныппыз.
Біз неткен жүректерінде
жалыны жоқ кісілікпіз!
Кісілер сұрай қалса –
жасырып таныстығымызды,
жарықтығы жоқ шалыс күнімізді,
алыс күнімізді.
Мен қазір «Ғашықтар көпірінде»
отырмын,
еске алып бар ыстығыңды,
өзіңмен таныстығымды…
***
– Қалайсың?
– жақсы, өзің?
Өткенде ше,
бозарып кекшіл өңің.
Сонша мені шақырып «келші» деумен,
Барғасын неге сонша «кетші» дедің?
содан кейін:
бағдаршам
бағаналар
жолайырық
жарықшамдар
жағалаулар
білезік
шолпы
шашбау
орамалдар
бұлбұлдар
қара торғай
таңғы шымшық
ақ боран
қара бұлттар
жолды бүркіп
Алатаудың басынан
мөлт-мөлт етіп,
жүрегіме көз жасым тамды сырғып.
Алматы
Алатаудың
шыршалары,
күнбағыс
мемуар
гүлзар
күлте бағы.
мешітте уағыз айтып мен туралы,
«кет әрі» деп шырқалды шіркеу әні
Содан кейін әлемнің зұлман жұрты,
Бәрі маған «кет-кет» деп тұрған сынды.
Ал енді айтшы,
жағдайым қалай менің?..
