ҚАНАТЫН ЖАЙСЫН, ҰШЫРАМ АРМАН-ҚҰСЫМДЫ…
Есенгелді Сүйінов,
ақын, жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
ҚАЗАҚ ЖЕРІ
Сарыарқадан Атырауға ұласқан,
Өр Алтайы, Жетісуы – жыр-дастан.
Қазақ жері кеңдігіне көз жетпес,
Күн сәулесі заңғар көктен нұр шашқан.
Ізі жатыр аққұба өңді сақтардың,
Тарих сырын, құпиясын ақтардым.
Бой бермеген анталаған жауына,
Қуатыңа асып-тасқан мақтандым.
Аңыз болған патшалығы ғұндардың,
Қайран бабам шайқастарда шыңдалдың.
Еуропаны дірілдетіп, Римге жеткен ер Еділ,
Асып өтіп биік таудың шыңдарын.
Көк түріктер арғымақпен ойқастап,
Дұшпанының мысын басып, шайқасты.
Жеңіс туын желбіретіп майданда,
Ұрпағына кетті Күлтегін ой тастап.
Ұлы Дала. Халқы солай көшпелі,
Сөзге тоқтар, ұнатпайтын бөскенді.
Хандық құрды Керей менен Жәнібек,
Қазақ аты пайда болып, өшпеді.
Қазақ жері… қорлық болды көргені,
Аштық қысып, есіл жұртым шөлдеді.
Жеңіп шықты құжынаған жоңғарды,
Сын сағатта аман қалып, өлмеді.
…Ұсынды ғой заман жақсы кезегін,
Еркіндікті, бостандықты сеземін.
Бабалардың жасампаздық рухымен,
Жасай берсін қазақ жері, өз елім!
МАҒЖАНМЕН СЫРЛАСУ
Ұнатпаушы ең көлгірсу, жалғандықты,
Жетеледі аңсаған арман мықты.
Таң Шолпаны секілді ең жаңа туған,
Жарқын бейнең жарқырап алдан шықты.
Жан едің-ау жүрекпенен сүйген елін,
Халқыңның ақтардың ғой қайғы, шерін.
Түркінің басын қосып, біріктіру –
Арманың болып өтті, есіл ерім!
Өтті ғой бар ғұмырың өлеңменен,
Ниетіңде болмады өлем деген.
Жала жауып, ұсталып, кете бардың,
Қандай адам күнәһар, көрем кімнен?
Қалықтап қыран құстың қанатында,
Бас иер ұлтың асқан талантыңа.
Қызғанып көре алмады өңшең ездер,
Қоспады жүйріктердің санатына.
Есі бар ел асылын лақтырмайды,
Қаскүнем жауыздарды жақтырмайды.
О, Мағжан, жылдар салып оралдың ғой,
Алтынсың, ал алтынға дақ тұрмайды.
Қырандай биіктерге ұша алғанда,
Өлтірер айналдың-ау нысанаға.
Қасқайып сұм ажалға қарсы тұрдың,
Дегендей «Қазағым-ай, құсаланба!».
Жылдар өтті, қараймын айналама,
Көңілім өзің жоқта жайлана ма?
Әз елімді әлдилеп жатырсың сен,
Жырларыңмен Мағжан аға, қайран аға!
АЙЫРТАУЫМ
Айыртауым арманыма бастаған,
Көрнесің ерекше боп басқадан.
Өзіңсің ғой қанатымды қатайтып,
Биіктерге сан көтеріп тастаған.
Сенде тудым, сенде өстім, ер жеттім,
Әлдиледің, тал бесікпен тербеттің.
Самалыңмен өн бойымды аялап,
Қиялымды қияларға серметтің.
О, Айыртау, мен өзіңе баламын,
Қай жерде де сені есіме аламын.
Жалаңаяқ қырларыңда жүгірдім,
Иісін искеп жазиралы далаңның.
Жылдар өтер, ұмтылмайсың мәңгіге,
Өзің жайлы жазам өлең, әңгіме.
Төсің – пүліш, ормандарың – жап-жасыл,
Көлің – күміс, тауың асқақ, сәнді де.
Көкжиекке көзді тігем көк белде,
Арайлана күн шуағын төккенде.
Жыл құсындай сағындырып, сарғайтып,
Оралдым мен туған жерім, көктемде.
Емеспін мен қандас, яки оралман,
Сенде туған перзентіңмін оралған.
Жатбауыр деп сөкпе мені, ағайын,
Ешқашан да бөтен саған бола алман.
Құт мекені әкем менен анамның,
Мөлдіреген суыңды ішіп қанармын.
Баға жетпес жерұйығым өзіңсің,
Сәуле шашып тұра берсін жанарың.
АЛҒАШҚЫ ҚАР
Алғашқы қар. Қар жауып тұр себелеп,
Астанада, кең даңғылда, көшеде.
Табиғат та сый тартқандай межелеп,
Күрең күзің қысқа ерте көше ме?
Алғашқы қар ең алғашқы сезімдей,
Алақанымда жып-жылы боп ериді.
Бүгінгі күн менің жастық кезімдей,
Көңіл-дөнен шапқылайды, желиді.
Жауып жатыр жалт-жұлт еткен күміс қар,
Қонақтайды қайыңдарға ақ үлпек.
Таза ауамен ет жүрегім тыныстар,
Ғажап сәтті күткендей бір лүпілдеп.
ҚЫС
Ақ ұлпа жауған, сүйемін қарлы қысыңды,
Ақ көрпесін жайып, мамығын жұмсақ ұсынды.
Дүние аппақ, маңайым аппақ күмістей,
Қанатын жайсын, ұшырам арман-құсымды.
Қаһарлы, сұсты қабағы қырау қыс қандай,
Аязың бетті шымшылап, сүйіп құшқандай.
Шаңғымен келем сырғанап, зулап биіктен,
Баладай мәз боп, заңғарлы көкке ұшқандай.
Қарағай, қайың, ағаштар аққа оранған,
Еңсесін жиып, өршелене соққан бораннан.
Тау-тау болып үйіліп қалды аулада,
Аппақ қар жауып аспаннан, жерде бораған.
Көгілдір таулар қымтанып тымақ кигендей,
Табиғат қатал қысыңа басын игендей.
Жалтыратып алқа таққандай мұздан бұтақтар,
Маужырап төңірек, құпия сырды түйгендей.
Суретші өзі, терезе ою-өрнекті,
Қыс солай жылда айбарлы, сесті, төрлетті.
Суықта тоңып, жылынып үйде жыр жазам,
Бұл маусым түртіп көңілімді, шарпып, өрлетті.
САУМАЛКӨЛ
Саумалкөл десем көз алдыма бәрі келеді,
Жағажайдағы қайың, сәмбі тал, құрақ, терегі.
Айдынында жүзіп, шомылған бала кезімде,
Айнадай жалтыраған келбеті елес береді.
Бәрі де есте, жадымда қалған сақталып,
Саумалкөл деген атыңды айтам мақтанып.
Думанды сәттерімді есіме алам отырып,
Өмірімнің өткен парақшасын ақтарып.
Саумалкөл деген әдемі атың ұнайды,
Тұп-тұнық қалпы, жәудіреген көздей шынайы.
Алыстан сонау күмістей болып жарқырап,
Қол бұлғап мені шақырасың ұдайы.
ҰРПАҚ ЛЕГІ ЖАЛҒАСЫП
Туған ауыл мәңгі-бақи ыстықсың,
Сәуле шашып, көгіңнен кіл күн шықсын.
Қанша елді тамашалап көрсең де,
О, көңілім, неге осы ауылға ынтықсың?
Ұмытпаймын ауылдастар аттарын,
Осы ауылда білемін мен бақ барын.
Кездесуде қуаныштан жұртыммен,
Сырларымды келеді ғой ақтарғым.
Таныс маған мейірбанды жүздерің,
Ұстаздардың басқандаймын іздерін.
Қырандай қып қияларға ұшырдың,
Өзің барда үмітімді үзбедім.
Маған таныс барлық үйлер, көшелер,
Асыр салып ойнаған ем кешелер.
Сәби туып, ұрпақ легі жалғасып,
Түтінің шығып, туған ауылым, өсе бер!
ТАЛАБЫМДЫ ТАУДАЙ ҚОЛДАҒАН
Ауылым туған өзгеге бірден ұнарсың,
Қадірлеп өтем, бойыма тағар тұмарсың.
Шет жақта жүрсем, не сиқырың бар білмеймін,
Магниттей мені өзіңе тартып тұрасың.
Тілеген бақыт, сәттілік, түзу жол маған,
Ұмтылған алға, талабымды таудай қолдаған.
Қарашаңырағым – Мәдениет орта мектебі,
Мейірбанды ұстаздар, өздерің жайлы толғанам.
Өткен күндер бейнесі ұмытылмас, көзден өше ме,
Еңкейіп қалып, болса да жасым нешеде.
Аяулы анам ақ орамалы желпілдеп,
Иінағашпен су алып келе жатқандай көшеде.
Асығып келем жеткенше, тынбай тоқтамай,
Қарсы алар мені ағайын, туыс, дос талай.
Жүректен шыққан жырымды сыршыл арнадым,
Ардақты ауылым, келемін саған бос қалай?
Көсіліп сөйлеп, ақтарам сырды ағымнан,
Арманның оты балалық кезде жағылған.
Арқамды қысып, бауырыңа басшы құшақтап,
Жүрегім елжіреп, ауылым сені сағынам.
ТӨСІҢЕ БАҚ ДАРЫҒАН
Өзіңнен көкке ұшып, қанаттанам,
Суың-бал, жасыл далаң жәннат маған.
Ақын ақын ба, сенде тудым,
Жырымен елді аузына қаратпаған.
Сен десе елең етіп қарап қалам,
Кәдеңе керек кезде жарап қалам.
Сипайтын тал шашымды, самайымды,
Еліме бас иемін ардақтаған.
Халқымды игілікке бастап баршы,
Өркенді, зор істерге болшы жаршы.
Туған жер, айырға ұқсас тауларыңмен,
Күншілдің мысын басып, жасқап алшы!
Кілемдей мың құлпырған жерің барқыт,
Арманым аспаныңда жүрсін қалқып.
Төсіңе кие қонып, бақ дарыған,
Таппаспын ғажап мекен сенен артық.
Баурайыңда өтті өмірімнің балғын шағы,
Көркейді жастығымның гүлзар бағы.
Елпілдеп қырларыңда аунау үшін,
Айыртау, сағынышпен келдім тағы.
ЖАН АНАМ
Өмірге әкеп, айналдың қорған, панама,
Ақ сүтіңді беріп, сіңірдің тәрбие санама.
«Әскерге кетсең мен қалай өмір сүремін?»,
Деуші едің маған бозбала кезде, жан ана!
Өкініш өрті өзегімді қатты шарпыған,
Алты қыздың соңында жалғыз ұл едім талпынған.
Амалым нешік, жарық дүниемен ерте қоштастың,
Айырылмай сабырлы, көрікті кескін, қалпыңнан.
Білдім ғой сосын қадіріңді, кеш ұққам,
Егілу, өксу жанымды жеді, булыққам.
Ұлыңның жалғыз қызығын көрмей кеттің-ау,
Аяулы анам, бейнеңді жарқын ұмытпан.
Келініңді әкеп, үйленген елде тойымда,
Болмадың анам, жүресің әркез ойымда.
Немерелерің сүйер есейіп, өніп, ер жетті,
Сен берген өнеге, әкелік міндет мойнымда.
Алақаның аялы, керемет жанға санағам,
Мінезің жайлары, шуақты күнге балағам.
Түн ұйқыңды төрт бөліп мені өсірдің,
Әлдиіңе бөлеп, құлағымда үнің, жан анам!
ӘКЕМЕ
Әкетайым, асқар тауым қорғайтын,
Үміт артып, талабымды қолдайтын.
Тірлігімді ұластырған жазыма,
Сен едің ғой тұнған шежіре-қазына.
Ұл берші деп тәңірімнен сұраған,
Жан-дүниең жақсылықтан құралған.
Ерекше едің, жақын едің басқадан,
Мені арман биіктерге бастаған.
Жатырсың ғой туған жердің төсінде,
Ұмытылмайсың уақыттың көшінде.
Айта аламын сеніміңнен шықтым деп,
Түзу жолды таңдап, бәрін ұқтым деп.
Бауырмал ең, мінезің кең, аңқылдақ,
Ақыл айтып, сөйлеуші едің саңқылдап.
Нұрлы жүзің көз алдымнан кетпейді,
Ешбір адам әке, саған жетпейді!
