ЕЛ ЖАДЫНДА ҚАЛҒАН СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ
12.06.2024 0 257
Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт журналисі, «Дене шынықтыру
жəне спорт жөніндегі республикалық
оқу-əдістемелік жəне талдау орталығы»
РМҚК директоры
ҒАЛЫМ-БАПКЕР
ЕРКЕТАЙ ИМАНБАЙ
Еркетай Иманбай – тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 9 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева, әлемнің 3 мәрте
чемпионы Хәкімжан Елеусін, әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері Фарида Әуесбаева, Қазақстан конфедерациясы кубогының жеңімпазы Төлеген Құлышев, т.б. мықты спортшылардың бапкері еді. Ағамыз тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасап, 4 адам ойнайтын тақта ойлап тауып, «Құмалақ санау жүйесі» атты ғылыми еңбек жазған маман болатын.
Бұл кісі қалыпқа сыймайтын бапкер болатын. Көп жаттықтырушылар тәрізді алдына келген баладан чемпион шығарамын деп, таңның атысы, күннің батысы жаттығудың соңында жүрген жоқ. Бір иығын рухани дү-ниеге, екінші иығын спортқа тіреп, таразының екі басын теңшеп отырды. Еркетай бапкер үшін шәкірттерінің ең әуелі дұрыс адам болғаны маңызды еді. «Адамға ең керегі – иман, иман мен ұят бір-біріне ілесе жүреді». Еркетай Иманбайдың өмірдегі басты ұстанымы осы болатын. Ерекеңнің рухани ұстазы – Абай. Абайды көп оқыды. Абай армандағандай, оқушыларының да «толық адам» бол-ғанын қалады. Сондықтан шәкіртте- рінің жан дүниесі иманмен, рухани нәрмен сусындаса, олардың ішкі бай-лығы тым жұтаң болмаса деген аңсарлы арманмен ғұмыр кешті.
Еркетай Иманбай әріптесі Досым Омаровпен бірлесіп «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі» атты кітап жазды. Тоғызқұмалақтың шығу тарихынан бастап, оның құрылымын, тереңдігін, логикасын, сандық ерек-шеліктерін қамти отырып, бұл ойын Абай Құнанбайұлын несімен баурады, неге қызықтырды, деген сауалға жауап іздеді. Еркетай бапкер ғұлама Абай тоғызқұмалақтың қатпарына дендеп бойлаған тұста «толық адам» туралы ойларын әбден пісірген тәрізді, деп пайымдады.
«Абай жеңіл, арзан дүниеге құмарт-паса керек еді. Ендеше ойшыл ақынды иіріміне тартып, ерекше сүйіп ойнауына себеп болған тоғызқұмалақ дүние жүзіндегі ең тартымды, ең күрделі зияткерлік ойынның бірі, – деуші еді Ерекең сеніммен, – Бүкіл жаратылыс Алланың аса шебер, дәл есебімен мүлтіксіз айналса, тоғызқұмалақ та нақты есепке, мықты жүйеге құрылған ойын…»
Иә, жаһандық аренаға шыққаннан бері тоғызқұмалаққа құмартушылар саны жер шарының әр қиырында жыл санап көбейіп келеді. Халықаралық Iggamecenter.com зияткерлік ойындар сайты арқылы басқа ойындарға қа-рағанда тоғызқұмалаққа қызығу-шылар мен ойнаушылар қатарының уақыт өткен сайын арта түсуі, тіпті шахмат пен дойбыға қарағанда ойыншылардың басым болуы – ең әуелі тоғызқұмалақтың күрделілігі мен тереңдігінде және тартымдылығында жатқаны анық.
«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, есте жоқ ескі дәуірде алаш топырағында тұсауы кесілген ақылды ойынның жалпақ дүниеге мәшһүр болып, бес құрылықтың ойлы адамдарын баурап әкетуі – ұлттық мәдениетіміздің мерейі әрі мәртебесі екені даусыз. Біле білсек, тоғызқұмалақ қазақ халқының әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесі, өзіндік қолтаңбасы.
1994-2015 жылдары Қызылорда облысында тоғызқұмалақ жаттықтыру-шысы болып қызмет атқарған Еркетай Иманбай осы кезеңде 24 спорт шеберін, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және Қазақстан Республикасының 2 еңбек сіңірген спорт шеберін баптап шығарды.
Еркетай Әлкенұлының командасы Қазақстан чемпионаттары мен халық ойындарында бірнеше рет командалық есепте жеке-дара шықты.
Еркетай Әлкенұлы табиғатынан ми-лы, зиынды адам еді. Ерекең 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірсе, 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық инсти-тутының автоматика және есептегіш техника мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады. 1981-1984 жылдары Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық ауылшаруашылығын электрлендіру ғы-лыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. Информатика мен компьютер бағытында көп ізденіп, елеулі жетістіктерге жеткені өз алдына бөлек әңгіме, сонымен қатар, республика бойынша тоғызқұмалақтан алғаш компьютерлік бағдарлама түзген еңбегін де айта кету керек. Яғни, жаратылысынан есеп-қисапқа жүйрік ағамыз әу бастан ғылымға оң иығын беріп тұрды.
Еркетай Әлкенұлы тоғызқұмалақты еліміздің мектеп бағдарламасына енгі-зуді армандап өтті. Сырдың құнарлы топырағын қанып иіскеген, қазақтың небір игі жақсыларының өнегесін бойына сіңірген Еркетай бапкердің басты мұраты – ұлттық мүдде жолында нық тұру еді. Ол кісі сол мұратынан еш айныған жоқ.
БІЛІКТІ БАСШЫ — АРДАҚ ТӨЛЕНДИН
АРДАҚ ТӨЛЕНДИН (ортада)
Ардақ Төлендин – Ерейментау өңі-рінің тумасы. Дзюдошы, дзюдо бапкері болған. Екеуміз 2000 жылдардың басында Астанадағы Қажымұқан спорт интернатында бірге қызмет істедік. Ол сол кезде екі видеокамерасын кезек асынып алып, интернат спортшыларының жарыстарын таспаға тартушы еді. Ардақ сапардан оралысымен жарысқа барған спортшыларды жинап, нәтижелерін видеомен сараптап, талдаушы едік. Спортшы-оқушылардың бәрі спорттық күнделік жазды. Жарысқа барарда әрқайсысынан протоколмен міндеттеме аламыз, келген соң сол протоколмен есебін түгендейміз. Әлі есімде, Қажымұқан интернатының бір кабинеті видео материалға толып тұратын.
Сол Ардақ інім, шәкіртім бірнеше жылдан бері басшылық қызметте. Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығын, республикалық Жоғары спорт шеберлігі мектебін, қысқы спорттан Олимпиадалық даярлық орта-лығын басқарды. Жақында Ақмола облысы спортының тізгінін ұстады.
Кезінде облыстағы үлкен шаруа-шылықтың әкімі болып, кейін Ерейментау ауданының спорт бөлімін, облыстық Бөгенбай батыр атындағы спорт интернатын, Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенін басқарған Абай Сүлейменұлы екеуміз Көкше-тауға арнайы барып, ата-баба салтымен Ардақ інімізге құтты болсын айттық.
Ісің өрге бассын, Ардақ бауыр! Ақмола спорты жиырма жылдан бері тоқырап, жанашыр, елжанды басшыға зәру боп жүр еді. Сен қазақтың қамын ойлайтын, намысты азаматсың. Алла Тағала қызметіңе береке берсін, саған бір Өзі пана болсын!
Қажымұқан бабаң, Талғат Бигелдинов атаң өмірге келген өңірдің спортын өрге тартуыңа, белің бекем, сертің тас-түйін болуына тілектеспіз!
АТЫ ДА, ЗАТЫ ДА ЖАҚСЫЛЫҚ
Жақсылық Үшкемпіров (оң жақта)
Жақсылық ағамның маңдайына Алла Тағала қазақ ұлтының мақтанышы, абыройлы азаматы болуды жазған екен. Сол үшін де оған Жаратқан Иеміз болаттай берік мінез, жігіттің жігіті ғана шыдайтын төзім, керемет сабыр нәсіп еткен шығар.
Кезінде классикалық күрестен дүние жүзіндегі ең күшті құраманың – ССРО командасындағы үзеңгілестерінің «терпеливый Жак» деп атауының өзі тегін емес.
1974 жылы Жақсылық Үшкемпірұлы совет чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Күміс медалис спорттық әділ принцип бойынша Еуропа чемпионатына не Әлем кубогына баруы керек. Жоқ. Апармады.
1975 жылы қолтоқпақтай балуан ССРО халықтары спартакиадасы мен чемпионатының алтын тұғырынан бір-ақ шықты. Грек-рим күресінен ССРО спартакиадасы мен чемпионатын ұтқан бірінші қазақ! Тарихи жеңіс! Мәскеудің қазаққа деген қырыс қабағы сонда да ашылған жоқ. 2-3 нөмірлі балуандар әлем және Еуропа чемпионатына, Әлем кубогына барғанда біздің жігіт бар өкпесін, бар ренішін көкірегінде тұншықтырып үйде қалды.
1978, 1979 жылдары ССРО чем-пионатының күміс жүлдегері. Жетпіс тоғызда чемпион болайын деп тұрған жерінен төрешілердің қиянатынан екін-ші орында қалды. Тағы да сол қысастық. Үшінші орындағы жігіт Еуропаға барды.
1980 жылы совет чемпионатын тас-талқан қылды. Басқасын айтпағанда А. Бозинді (Еуропаның 2 мәрте жүлдегері) 11:1, финалда мәскеулік В.Савчукты 12:0 есебімен ойсырата жығып, чемпион болды.
Содан қырғын таласпен, ит қыр-қылжың тайталаспен Мәскеу олимпиадасына зорға жетті. Олимпиада үстінде елден барған ағаларына: «Мен не чемпион боламын! Не кілем үстінде өлемін!» деп серт берді! Мұндайды жігіттің жі-гіті ғана айтады! Қазіргі інілеріміздің бұлай деуге дәті бара ма?! Олай деу үшін Жақсылықтай сұрапыл қайраттың, асқақ намыстың иесі болу керек шығар! Совет қанішерлері тоғыз бірдей аға-сының жанын қиғанда қайыспаған, жүнжімеген Күнтөредей анадан туған ұл ғой Жақсылық ағатайым!
Жанкешті азамат 1980 жылы, 29 жасында Олимпиада ойындарында жеке-дара шықты! Келесі жылы 30 жасында әлем чемпионы атанды! Жасы ұлғайғанына қарамастан, салмақты көп «қуса» да, шаршадым, зорықтым демей, өз ғұмырындағы ең басты екі бәсекеде маңдайы жарқырады!
Алла Тағала сенің торсық шекеңе ұлтыңмен бірге жасайтын ғажап тағдырды нәсіп етіпті! Жаның жәннатта болсын, асыл ағам!
ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН АСЫЛБЕК
Асылбек ҚИЛЫМОВ
Асылбектің ССРО чемпионы болған сәттегі суреті. Ташкент, 1984 жыл
1984 жылы әлемдік үш рейтингте және Еуропа әуесқой бокс ассоциациясының сараптауы бойынша өз салмағында үздік шыққан Асылбек Қилымов бүгін 60-қа толды.
Асылбек Қилымов (26.04.1964 ж.т.) 1984 жылы наурыз айының басында 19 жасында бокстан Совет одағының ересектер чемпионатында топ жарды.
Бұған дейін ол 1979-1982 жылдары ССРО-ның жасөспірімдер және жастар біріншілігі мен оқушылар спартакиадасында бес рет чемпион атанды. Бұл өте дарынды бозбаланың ғана қолынан келетін ерлік еді.
Қазіргі жастар Совет одағына қа-тардағы қалыпты мемлекет деп қарауы мүмкін. Кезінде ССРО құрамына Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Армения, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Молдова, Латвия, Литва, Эстония — барлығы 15 республика енді.
Қазір бұлардың әрқайсысы жеке мемлекет. ССРО чемпионаттарына спорттың даму жүйесі мен ғылымы өркендеген Мәскеу мен Ленинград (Санкт-Петербор) қалалары дербес командамен қатысатын. Сонда жиыны 17 құрама. Ал совет империясының негізгі тіні, темірқазығы іспетті, жері ұлан-байтақ Ресей федерациясын тарқатып көрейік.
1989 жылы Ресейдің бауырында 16 автономиялық республика (Татар АССР, Башқұрт АССР, Бурят АССР…), 15 автономиялық аймақ, 48 облыс болды. Егер бір автономиялық республика (АССР) мен бір автономиялық аймақтан жұптасақ (мысалы, Бурят АССР-ы мен Чукот автономиялық округын бір республика деп санасақ) Ресейдің өзінен Қазақстан мен Грузия тәрізді 16 мемлекет шыға келеді. Бұдан бөлек, Ресейдің 48 облысын шартты түрде екі мемлекет деп есептесек, біздің шолақ әрі жадағай есебімізбен ССРО-дан кемінде 35 (17+16+2) спорттық құрама жасақтауға болады екен. Асылбек бауырымыз жиырма жасына дейін дүние жүзінің алтыдан бір бөлігін бауырына басқан осындай жойқын империяны бес рет сыпыра жеңіп шығыпты.
Асылбек ССРО ересектер құра-масына он жеті жасында кірді. Иә, небары 17 жасында құрамында Қонақбаев, Нұрқазов, Шишов, Мирошниченко, Абаджян, Ягубкин, Качановский, Демьяненко, Хачатрян, Сабиров секілді әлемге танымал сайыпқырандары бар
советтің бас құрамасына ену қазақ жұр-тынан тек Асылбектің ғана маңдайына жазылды.
Бұл кезде Серік Қонақбаев пен Серік Нұрқазов жиырма екіде, Виктор Демьяненко жиырма үште, Самсон Хачатрян жиырма бірде еді. Қилымов болса, әлі сүйегі қатпаған жаспын, бозбала қалпымда кілең көкжалдың ортасына түстім-ау, деп толқыған да, жүрексінген де жоқ. Он жеті жасында ССРО құра-масы сапында Оңтүстік Корея мен Түркиядағы екі бірдей ірі халықаралық турнирді бет қаратпай ұтып алды.
Енді мына қызыққа қараңыз. 1984 жылы Лос Анжелес олимпиадасынан кейін A.I.P.S., Boxing illustrated, Amatuer Boxing атты ірі халықаралық ұйымдар 12 салмақ дәрежесі бойынша дүние жүзінің әр салмақтағы ең үздік 10 боксшысын анықтады. Осы 3 тұжырым бойынша 75 келі салмақта әлемдік рейтингтің көш басында Асылбек Қилымов тұр.
Мысалы, A.I.P.S. – спорт жур-налистерінің дүниежүзілік деңгейдегі ірі ассоциациясы. Жүзден аса елдің спорт қаламгерлерін біріктіретін бұл ұйым Асылбекті совет боксшысы немесе қазақ болғандығы үшін емес, оның шеберлігін мойындағаннан 75 келінің асқар шыңына қондырғаны анық. Ол кезде A.I.P.S басшылығы советтің боданындағы Қазақстан деген елді білмеуі де мүмкін еді. Себебі, Асылбектер халықаралық жарыстарға Совет одағының атынан баратын. Boxing illustrated және Amatuer Boxing ұйымдары да әр боксшыны шеберлігіне, жетістігіне қарап әділ бағалағаны дау туғызбаса керек.
Енді 12 салмақ дәрежесінде жо-ғарыдағы үш тұжырым бойынша үздік деп танылған боксшылардың атақ-дәрежелерін айтайық: 48 келідегі Паул Гонсалес (АҚШ) осы жылғы Лос Анжелес олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иесі; 51 келідегі Педро Рейес (Куба) Лос Анжелес олимпиадасымен тетелес «Достық-84» және Панамерика ойындарының жеңімпазы; 54 келідегі Маурицио Стекка (Италия) Лос Анжелес олимпиадасының жеңімпазы; 57 келідегі Мелдрик Тейлор Лос Анжелес олимпиадасының чемпионы; 60 келідегі Пернел Уитакер (АҚШ) Лос Анжелес олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс медалисі; 63,5 келідегі Василий Шишов (ССРО) әлем чемпионы; 67 келідегі Марк Бреланд (АҚШ) әлем чемпионы, Лос Анжелес олимпиадасының жеңімпазы; 81 келідегі Виталий Качановский Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионы… 67 келіде рейтингте екінші тұрған Серік Қонақбаев әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының күміс медалисі. Ал Асылбектің сал-мағындағы кубалық Бернардо Комас әлем чемпионы, Владимир Мельник ССРО және Еуропа чемпионы, оңтүстіккореялық Жун Суп Шин Лос Анжелес олимпиадасының жеңімпазы. 81 келідегі Эвандер Холифилд ХХ ғасырдағы ең атақты боксшының бірі. Түйіп айтсақ, жоғарыдағы үш тұжырым бойынша өз салмағында топ жарған дарабоздардың ішінде спорттық жетіс-тігі жағынан ең «осалы» біздің Асылбек екен. Қилымов 1984 жылы ССРО-АҚШ матчында және ССРО ересектер чемпионатында жеңіске жетті. ССРО кубогын жыл соңына қарай ұтты. Осы жерде мынадай заңды сауал туады: дүние жүзінің чемпионы Бернардо Комас пен осы жылы Олимпиада ойындарында топ жарған Жун Суп Шин әлемдік дәрежедегі үш тұжырым бойынша неге Асылбектен кейін тұр?..
Осы жерде Асылбектің 196 жекпе-жектің 152-сінде қарсыластарын ай-қын басымдылықпен ұтқанын айта кету керек. Біздің жігіт Лос Анжелес олимпиадасының чемпионы Жун Суп Шинді 1982, 1983 жылдары екі рет нокаутқа түсірсе, сексен төрттің қысында АҚШ чемпионы Майкл Гроганды есеңгіретіп тастады. Ал сексен төрттегі ССРО чемпионатында Қилымов барлық қарсыластарын күмәнсіз ұтып шықты. Бәлкім, бокс сарапшылары Асылбектің осындай талассыз жеңістерін жоғары бағалаған шығар. Қалай болғанда да, Қилымовтың дүниежүзілік дәрежедегі үш тұжырым бойынша 1984 жылы өз салмағында жеке-дара көш бастағаны қазақтың бокс тарихы үшін құнды дерек.
Енді осы жылғы ЕАБА-ның (Еуропа әуесқой бокс ассоциациясы) рейтингіне назар аударайық. 75 келіде Асылбек Қилымов бірінші сатыда тұр. Осы салмақтағы 1983 жылғы Еуропа чемпионы Владимир Мельник (ССРО) үздік «ондыққа» ілінбепті. 1983 жылғы Еуропа чемпионатының қола медалисі Генри Маскеге (ГДР) бұйырғаны бесінші орын. Он екі салмақтағы үздіктердің ішінде ең жоғарғы шек – 60 ұпайды Серік Нұрқазов (57 келі) пен Асылбек Қилымов қана еншілеген екен. Тоқ етері, әлем және Еуропа рейтингтерін саралай келгенде, Асылбек 1984 жы-лы дүние жүзінің ең үздік боксшысы атағын күмәнсіз иеленіп тұр! Бұлай деп Қилымов қазақ болған соң айтып отырған жоқпыз. Біз дүние жүзі боксын саралап, талдаған мүйізі қарағайдай халықаралық төрт ұйымның дерегіне сүйеніп отырмыз.
…Бұл деректерді Асылбек бауыр 2018 жылы ғана біліпті. Араға отыз төрт жыл салып… Оған дейін сексен төртінші жылдың рейтингтеріне мән бермеген екен. «1984 жылы ССРО чемпионы атанып, ССРО-АҚШ бәсекесінде жеңген мені дүниежүзінің білікті бокс сарапшылары үш тұжырым бойынша қалайша көш басына шығарғанына таң қалдым», дейді ақкөңіл жігіт бүкпесіз көңілден. «Сен ол іске араласқан жоқсың. Бұл – сарапшылардың әділ шешімі», дедік кеудені кернеп тұрған мақтаныш сезімін ірке алмай.
Асқаралы алпысқа толған Асылбек бауырыма Алла Тағала екі дүние бақытын нәсіп етсін, деп тілеймін!
Бокстың классигі немесе босағадағы алтын медаль
Әлем чемпионы — Болат Жұмаділ (оң жақта)
Болат ініммен үш Олимпиада ойындарында бірге болдық. Барселона-1992, Атланта-1996, Сидней-2000. Бірақ 1992 жылы Совет одағының қағаз жүзіндегі мұрагері ТМД чемпионатында топ жар-ған 19 жастағы Жұмаділовті Мәскеу бапкерлері Барселонаға апарып тұрып, Олимпиада ойындарына қосқан жоқ. Орнына Болаттан жеңілген өздерінің боксшысын шығарды.
1996 жылғы Олимпиада ойындарына Жұмаділов нағыз зар күйінде барды. Финалға дейін қарсылас шыдатпай, тегіс сыпыра ұтып шықты. Болатпен айқаста бармақ шайнап қалған жігіттердің ішінде 1995 жылғы әлем чемпионы, неміс Золтан Лунка да бар.
Финалда Кубаның қара маржаны Майкро Ромеромен қолғап түйістірді. Соңғы раундқа дейін Болат алда тұрды. Тіпті жекпе-жектің соңғы минутында біздің боксшы сынық сүйем озық еді. Қорытынды есеп – 11:12. Майкро Ромероның бағы жанды. Шіркін-ай, алтын мен күміс медальдің арасын бір ғана жұдырық бөліп тұр…
Бұл дүниенің біз байыбына бара алмайтын, тылсым сырын ұға алмайтын сәттері көп. Дәл осы айқастың қарсаңындағы түнде Болаттың анасы Оңалсын түс көріпті. Түсінде табал-дырықта жатқан жалт-жұлт еткен алтын медальді көреді. Болатының медалі. «Құдайым-ау, неге табалдырықта жатыр?!» дейді түкке түсінбеген күйі. Сөйтіп жатып оянып кетеді…
«Бұл айқаста Болат жеңілген жоқ, – дейді әйгілі бапкер Тұрсын Еділов.- Техникалық сауаттылық жағынан, соққы жұмсаудан, жеңіске керекті барлық қажеттілік жағынан Жұмаділов Ромеродан озық болды. Соңғы минуттарда Болатқа «сен жеңіп жатсың» деген хабар тиеді.
Болат сақтыққа басып, шешуші минуттарда қорғана бокстас-ты. Оның жеке бапкері Феликс Цой екеуміз рингтен алыста отырдық. Цой Болат шегіне ұрысқан сайын жан таппай кетті.
Еліміз үшін өте маңызды осындай сәтте спортшының қасында оның жеке жаттықтырушысы болғаны дұ-рыс еді…» Иә, «Жазмыштан озмыш жоқ». Маңдайға жазылғаны осы екен. Болаттың өзі осы жекпе-жек жайлы әңгіме қозғала қалса, «Төреші кімнің қолын көтерсе, жеңіс соныкі» дейді ердің мінезіне басып. Әрі қарай артық ауыз сөз айтпайды.
Сөз тізгінін тағы да Тұрсын ағаға ұстатайық: «Болат Жұмаділов ақылды, қажырлы, еңбекқор әрі сенімді боксшы болды. Дүлей біреуге қарсы салсаң, қиян-кескі төбелеспен ұтып шығады. Ойлы, техникасы кемел боксшыны айла-тәсілін алға салып, ақылмен жеңеді. Қысқасы, ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың сенімді көшбасшысы, ұлтымыздың мақтанышы болды. Совет заманында Серік Қонақбаев клас-сикалық бокстың шыңына шықса, азат-тық тұсындағы нағыз классик боксшы Болат Жұмаділ дер едім».
Тұрсекеңнен асырып не айтамыз? Бүгін ердің жасы 51-ге толған Болат
Жұмаділдің тарихи тұлға екенін естен шығармайық. Дәлел керек болса, міне-кейіңіз:
— ХХ ғасырда қазақ спортшыларының арасынан қатарынан екі бірдей Олимпиада ойындарының күміс медалін (Атланта-1996, Сидней-2000) олжалаған бірінші саңлақ;
— Қазақ боксшыларынан шыққан тұң
ғыш әлем чемпионы (Хиустон -1999);
— ХХ ғасырда Қазақстан боксшы-ларының арасынан дүниежүзілік үш бірдей чемпионатта жүлдегер атанған жалғыз спортшы (1995 — күміс медаль; 1997 — қола медаль; 1999 — чемпион).
Сөзімізді Олимпиада чемпионы
Бақтияр Артаевтың мына бір естелігімен түйіндесек: «1998 жылы сол тұстағы дүние жүзіне танымал боксшының бірі, кумиріміз Болат Жұмаділовпен Жамбылдағы жиында қолғап түйістіріп көрдім, ол кезде он бестегі бала едім. Сол жаттығудан кейін өзіме деген сенімім беки түсті.
1999 жылы Болат аға әлем чемпионы боп оралғанда алдынан плакатты кере ұстап, күтіп алдық. Сол сәтте ағама ұқсап әлем чемпионы болуды армандадым!»
Отанымыздың намыс туын сан мәрте шырқау көкке көтерген Болат ініме екі дүниенің бар игілігі мен бақытын тіледім! Ғұмырлы бол!
ЕРКІН КҮРЕС ШЕБЕРІ
Бапкер Асқар Ерболұлы мен Азамат балуан
Азамат Дәулетбек – қазақтың қазіргі таңдағы айтулы балуандарының бірі. Бішкектегі құрлық чемпионатында Азамат қатарынан үшінші рет Азия чемпионы атанды. Бұған дейін еркін күрестен үш мәрте Азия чемпионы болған жеңіл салмақтағы Дәулет Ниязбеков еді. Енді сол биікке Азамат та иек артты. Құтты болсын!
Азамат бұған қоса 2022, 2023 жыл-дардағы әлем чемпионатының қола медалисі. Бұл жетістіктер 30 жастағы сақа балуанның әбден кемеліне жет-кендігін, бабына келгендігін білдірсе керек. Ұзақ жылғы толассыз еңбектің, жанкешті ізденістің арқасында Азамат кейінгі үш жылда өзінің әзірге ең биік шыңдарына табан тіреді.
Бұл жеңістер қызыл тілмен тіз-бектегенде ғана әдемі естіледі. Мысалы, 3 дүркін Азия чемпионы! Ғажап жетістік! Жігіттің жігітінің ғана қолы жететін асқаралы белес!
Ал қара теріңді сығып алған зіл-батпан бейнеті, сарыуайымға батырып, тәтті ұйқыңды ұрлаған түндері, жолбарыстай жігіттермен жан аямай арпалыса тістескен сәттері, болмайтын жерде қапы кетіп көкірегі оттай жанған кездері Азаматтың өзіне ғана аян! Жеңістің ләззаты қандай тәтті болса, азабы одан да ащы! Азамат отыз жасында осыны ұқты. Ұққанда жан-тәнімен, қызыл қаны бүлкілдеген алпыс екі тамырымен сезінді.
Енді оның Бішкектегі үш белдесуін қысқа қайырайық. Қытай балуаны Лимен күресінде ғана Азамат айқын басымдылық танытты. Алдамшы қи-
мылмен бірнеше рет белге өтіп кет-ті, аяқтан ілді. Төрттағанға күшін сарықпай, ұпайды табан тірескен ай-қаста олжалап отырды. Бұл – өзіне сенімді, тәжірибесі толысқан балуанға тән қасиет. Есеп – 11:0! Бұл – бапкері Асқар Ерболұлы екеуінің есебінің дұ-рыс шыққандығының дәлелі.
Иран балуаны Хади Бахтиярмен жекпе-жек тым шиеленісті өрбіді. Азамат шыққан бетте сұмдық қуатпен жұлқып қап аяқтан ілді де, екі ұпай олжалады. Ал Хади ұстасқан бойда мұны күтпей, қапы қалды. Бұл да біздің жігіттің тактикалық есебі. Себебі, Иран балуаны еңселі, қарулы, төзімді жігіт. Тың кезіңде ұпайыңды арттырып алмасаң, әрі қарай қиын соғатынын Азамат білді. Соңғы секундтарда Хади біздің спортшыны аяқтан алып, ұтып кете жаздады. Осы жерде мына деректі айта кетейік: 86 келі салмақта Иранның мақтанышы Хасан Яздани Олимпиада жеңімпазы, әлемнің үш мәрте чемпионы болса, былтыр Азия чемпионатының финалында Азаматтан ұтылған Алирез Карими дүние жүзі чемпионатының күміс, қола медалисі, Азия ойындарының жеңімпазы. Биыл күрескен Хади Бахтияр Азия чемпионатының қола медалисі. Біз кейінгі үш жылда әлемдік додаларға жалғыз Азамат Дәулетбекті жіберсек, Иран құрамасы үш мықтысын қатар ұстап отыр. Ойланатын мәселе.
Азамат Азияның финалында өзін бұған дейін екі рет жеңген өзбекстандық Жабрайыл Шапиевпен бес жарым минут тең тіресіп тұрып, алдап соқты. Екеуі сыралғы қарсыластар. Азамат үнемі белге, аяққа ұмтылғандай сыңай танытып, онысынан түк шықпағандай алдаусыратып жүрді де, бәсеке бітуге 29 секунд қалғанда Шапиевті алапат қимылмен белден қапсырған бойда басып қалды. Бұл да алдын ала ойлас-тырылған қақпан болатын. Иә, ол аң-дысқан айқаста тым қырағы болды. Мүлт кеткен жоқ. Токио олимпиадасында қола медальға таласқан, былтырғы Азия ойындарында қола жүлдені олжалаған Шапиев Дәулетбектің тас-қамал қорғанысын бұза алған жоқ.
Аллаға шүкір, Азаматтай ұлымыз бар. Енді бұл жігіттің Париж олим-пиадасындағы мүмкіндігін шамамыз жеткенше саралап көрейік. Оның ең басты қарсыласы – 2021 жылы Токио олимпиадасында топ жарған, дүние жүзінің 2018, 2022, 2023 жылдардағы чемпионы Дэвид Тейлор (АҚШ). Тейлор 2021 жылы әлем чемпионатының финалында Язданидан жеңілгеннен кейін ешкімнен ұтылған жоқ. Былтырғы дү-ниежүзілік чемпионатта Азамат Дэвидке тек бірінші кезеңде ғана тегеурінді қарсылық танытты. Екінші кезеңде Тейлор қатарынан төрт рет аяққа өтіп, Дәулетбекті еркін еңсерді.
Париж олимпиадасында 86 келі салмақтың басты фавориттерінің бірі – Рио олимпиадасының жеңімпазы, әлем-
нің үш дүркін чемпионы, ирандық Хасан Яздани. Ол 2021 жылы Токио олимпиадасында және кейінгі 2022, 2023 жылдардағы екі әлем чемпионатында тек Дэвид Тейлорға есе жіберді. Бас-
қа ешкімнен жеңілген жоқ. Соған қара-мастан Париж олимпиадасында алтын медальдан үміткер бірден-бір балуан.
Біз өз бауырымызға мысықтілеу емеспіз. Бірақ Парижде Азаматқа осы екі саңлақпен тайталасу тым ауыр соға-
ды. Ақиқатын айтсақ, 86 келі салмақтағы басқа балуандардан Тейлор мен Язданидің шоқтығы әлдеқайда биік тұр. Бұлардан басқа Осман Нұрмагомедов, Назем Амин, Артур Найфонов, Дипак Пуниа, т.б. жампоздар Парижге турист боп бармайтыны белгілі.
Асылы, өз кәсібіне шын берілген, кәсібін терең меңгерген адамның іс-қимылы сенімді әрі нәтижелі болады. Азаматтың бапкері Асқар Ерболұлы жаттығу процесі тек жүйелі жоспармен жүретінін айтты. Екеуі Париж олимпиадасына дейінгі әр күнді шегелеп, жоспарлап қойыпты. Алла істеріне береке берсін! Иә, Азамат қазір нағыз зар күйінде. Тактикалық жағынан сауатты, сезімтал; күшін есеппен жұмсайды; қатты толқып, күйіп-жанбайды, жүйкесі берік; қарсыласты алдаусыратып жеңуге шебер; қарулы; ең бастысы, өзіне бек сенімді, қарсыласынан қаймықпайды! Алла Тағала Асқар екеуінің жолын оңғарып Олимпиада шыңынан қол бұлғап жатса, барша қазақ арқа-жарқа болар едік! Соған жазсын!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.