ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ЭКОНОМИКАСЫ: ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫС КҮШІНІҢ ДИНАМИКАСЫ МЕН САЯСАТ
26.09.2023 0 666
Жандос Құдайбергенов,
Еуразия ғылыми-зерттеу институты, ғылыми қызметкері
Қазіргі кезеңде жаһандану процесі жұмыс күшінің халықаралық көші-қоны сияқты жаңа үрдістердің пайда болуына әкелді. Халықаралық көші-қон ағындарын мәжбүрлі және ерікті деп ажыратуға болады. Мәжбүрлі көші-қон әдетте қауіпсіздік себептерімен байланысты болса, ерікті көші-қон процесінде экономикалық себептер мен шетелде жақсы мүмкіндіктері бар жұмыс табу себептері бірінші орынға шығады. Егер еңбек көші-қонының себептерін толығырақ қарастыратын болсақ, көшіп кеткен елде де, көшіп барған елде де әртүрлі экономикалық себептер, демографиялық құрылым және еңбек нарығындағы әртүрлі тенденциялар еңбек көші-қонына айтарлықтай әсер етеді [Калиева С., Мельдаханова, М. «Қазақстан Республикасындағы еңбек көші-қонының ерекшеліктері» 2017]. Көші-қон туралы шешім жеке тұлға тарапынан қабылданса да, көшіп кеткен ел үшін де, қабылдаушы ел үшін де макроэкономикалық деңгейде әртүрлі мәселелер тудыруы мүмкін. Мысалы, көшкен елде бір немесе бірнеше аймақтарда орын алған қарқынды көші-қон жергілікті жұмыс күші тапшылығын тудырса, қабылдаушы елде жұмыссыздық деңгейінің өсуін тудырады [Сыздыкбеков Е. С. «Қазақстан Республикасындағы сыртқы еңбек көші-қонының негізгі факторлары мен үрдістері», 2020].
Орта Азия елдеріндегі еңбек миграциясының тенденцияларына қарасақ, Ресей мен Қазақстанның негізгі маршрут елдерінің қатарында екенін көреміз. Соңғы жылдары көші-қон үдерісінде Қазақстанға деген қызығушылық артып келеді деп айта аламыз. Қазақстанның дамып келе жатқан экономикалық құрылымы көші-қонды қабылдайтын дамушы экономикалар сияқты қара жұмысшыларға да, білікті мамандарға да мұқтаждығы бар. Осыған байланысты жергілікті жұмыс күшінің ауыр және қиын жұмыстарды атқаруға құлықсыздығы және жергілікті білікті мамандардың, әсіресе, технология саласында білікті мамандардың тапшылығы шетелдік жұмыс күшін тартуды арттыратын негізгі факторлар болып табылады. Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылғы 1 қаңтардағы ресми хабарламасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстанда 14 932 шетел азаматы жұмыс істейді. Шетелдік жұмыс күшін тартуға бірінші санатқа – 635 рұқсат (басшылар мен олардың орынбасарлары), екінші санатқа – 3 206 рұқсат (құрылымдық бөлім басшылары), үшінші (мамандар) – 7 827 және төртінші санатқа (білікті жұмысшылар) – 745 адамға рұқсат берілген. Сондай-ақ, маусымдық жұмысқа 408 адам, корпоративтік ауысым аясында 2 057 шетелдік еңбек мигранттары жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар [Қазақстан Агробизнесі, 2022]. Бұл аз көрсеткіш емес. Сондықтан, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2021 жылы бөлінген квота саны 28 352 болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4 792 адамға қысқартылып, 23 560 дейін азайды [ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, 2022]. Бұл көрсеткішке Еуразиялық экономикалық одақ елдері кірмейді [Асау, Д. «Елімізде қанша мигрант жүр?» 2021].
Жоғарыдағы кестеден көрініп тұрғандай, 2022 жылға арналған квотаның төмендеуі үшінші және одан төмен санаттарда байқалады. Бұл шешім жергілікті жұмыс күшіндегі біліктілігі жоқ және орташа білікті шетелдік жұмысшылардың санын қысқарту арқылы жергілікті жұмыс күшін қорғауға бағытталған серпіліс дей аламыз. Бірақ бұл сандар Қазақстандағы барлық шетелдік жұмысшылардың нақты саны деп айта алмаймыз. Нақты саны белгілі болмаса да, Қазақстанда шамамен 500 000-ға жуық заңсыз мигранттар бар [Асау, Д. «Елімізде қанша мигрант жүр?» 2021]. Олардың көпшілігі – көршілес елдердің азаматтары. 360 000-ға жуық адам санымен Өзбекстан бірінші орында болса, 35 000 адаммен Қырғызстан екінші орынды алып тұр [Наджибуллах, «Орта Азиялық еңбек мигранттары жалақының аздығына қарамастан Ресейді емес Қазақстанды таңдады», 2021]. Осы себепті, мұндай тәжірибелерді тек квота негізінде жүзеге асырмай кешенді түрде жүргізіп, сондай-ақ жұмыс істеуге рұқсаты жоқ қызметкерлермен жұмыс жасай отырып, бұл жағдайды бақылауға алу арқылы азайту нақты түрде қажетті нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соңғы екі жылға қарайтын болсақ, COVID-19 індетіне қарсы вакцинация деңгейінің өсуімен қатар жағдайдың бірқалыпқа келуі экономиканың жаһандық ауқымда қалпына келуіне де әсер етуде. Экономиканың жандануы мен ауа-райының жылынуы еңбек нарығының қайта жанданатынын көрсетеді. Осы бағытта халықаралық көші-қонды реттеу аясында шетелдік жұмысшылардың еңбек нарығына әсері, заңсыз еңбек көші-қонымен күресу, шетелдік жұмысшыларға жұмыс рұқсатын беру, рұқсатты ұзарту және күшін жою мәселелері бойынша ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызмет комитетінің электронды ақпараттық жүйесін құру және тәжірибеге енгізу қажет. Екінші жағынан, Қазақстанның еңбек нарығы мен еңбек жағдайларын жоғары білікті мамандар үшін тартымды ету үшін қосымша шаралар қабылдау да маңызды. Сондықтан шетелден жоғары білікті мамандарды жұмысқа тарту механизмін әзірлеу Қазақстанның еңбек нарығы үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осы тұрғыда экономиканың және ұлттық еңбек нарығының даму перспективасын ескере отырып, шетелдік жұмыс күшіне сұраныстың тетіктерін әзірлеу қажет. Бұл мәселе қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді еңбек көші-қонын реттеудің әртүрлі тәсілдерін қолдану, қажетті мамандарды іріктеу және қажетті жұмыстарды жүзеге асыру тетіктерін пайдалану арқылы шешілетін болады. Сонымен қатар, әртүрлі көші-қон бағдарламаларының тиімділігін талдау, болжау, анықтау және бағалау үшін еңбек нарығына тұрақты мониторинг жүргізу осы саладағы мемлекеттік саясатты дамытудың қозғаушы күші болады. Шетелдік жұмыс күші мәселесі қозғалғанда, шетелдік жұмысшылардың құқықтарының бұзылуынан адам контрабандасына дейінгі мәселелерді де кездестіреміз.
Осыған байланысты орын алған оқиғалар негізінен шетелдік жұмысшылардың өздері жұмыс істейтін елдің заңнамасын және өз құқықтарын жеткілікті дәрежеде білмеуінен болып отыр. Қазақстанда 2021 жылы адам саудасы бойынша 120 қылмыстық іс, 2020 жылы 111 қылмыстық іс, 2019 жылы 182 қылмыстық іс қозғалған [Конырова, К. « Қазақстанда мигранттарға еңбек құлдығынан құтылуға көмектесетін пилоттық жоба жүзеге асырылуда: БҰҰ», 2021]. Бұған қоса, әртүрлі себептерге байланысты әртүрлі жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында дауларға негізделген құқықтық процестер де болып жатыр. Шетелдік жұмысшылардың жалпы еңбек нарығына және олар жұмыс істейтін компаниялар мен салаларға әлеуметтік әсерін зерттеу кезінде, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың арасында еңбек шарттарының әртүрлілігі, құндылықтардың сәйкессіздігі және көзқарастарының алшақтықтарына байланысты, сонымен қатар шетелдік жұмысшылар арасында жалақы айырмашылығы салдарынан көптеген қақтығыстар орын алып жатқаны анықталды. Бұған мысал ретінде Атырау облысы Тенгиз қалашығында, Нұр-Сұлтан қаласында «Абу-Даби Плаза» сауда орталығының құрылысы кезінде және басқа да ірілі-ұсақты оқиғаларды айтуға болады. Бұл толқулардың негізгі себептерінің арасында ұқсас жұмысты орындағанына қарамастан, отандық жұмысшылардың шетелдіктерге қарағанда әлдеқайда төмен жалақы алатындығы болып отыр [Тойкен, С. «Теңіз» жұмыс орнындағы қақтығыс және оның ықтимал себептері»., 2019].
Осы себепті, еңбек нарығына қатысты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау кезінде квоталар саны туралы ережелерден басқа, рұқсатсыз жұмыс істейтін шетелдіктердің жағдайын бақылау күн тәртібіне шығарылуы керек. Яғни, Қазақстанда білікті мамандарға, шетелдік кәсіпкерлерге, инвесторларға қажетті салаларға қолайлы жағдай жасап, ілгерілету, шетелдік жұмысшылардың құқықтарын қорғау және басқа да осыған байланысты мәселелер жан-жақты шешілуі тиіс. Қортындылай келе, тиісті салаларға шетелдік білікті мамандарды тарту үшін жасалатын қадамдар, яғни берілген әртүрлі жеңілдіктер мұқият талданып, отандық және шетелдік жұмыс күші арасында ешқандай кемсітушілікке жол берілмеуі керек. Жалпы алғанда, Қазақстанның еңбек нарығына шетелдік жұмыс күшінің пайдасын кешенді талдау және осы бағытта қажетті саясатты жүзеге асыру кейбір мәселелерді шешуге және шетелдік жұмыс күшінің тиісті салаларды дамытуға қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.