Бауыржан Момышұлы мектебі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді
20.02.2023 0 769
Мамытбек Қалдыбайұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
лауреаты, бауыржантанушы
Телефон шырылдап, тұтқаны құлағыма тостым.
– Ассалаумағалейкум, аға. Айыпқа бұйырмаңыз, мен Құлбай Оралтай Қасымбекұлы деген Бауыржан Момышұлы атамның оқырманы едім. Кітаптарын бас көтермей оқып шығып, шексіз риза болдым. Жазғандары сезімге, ойға бай, маған ерекше ұнады. Көңліне түйген нәрселерін оқырман жүрегіне өткір, құнарлы тілмен әдемі жеткізе біледі екен.
Тағы маған ұнағаны – маршал-генералдармен, ақын-жа-зушылармен, ғалымдармен сөйлесе қалса, мысы басып, бәрінен биік тұрады. Ең кереметі – пікір таластырса, қарсыластары жеңілгендерін мойындайды. Бауыржан атамнан үлгі алып, мен де қарсыластарыма дес бермесем деймін. Ол кісі туралы:
Сізді ойлаймын қуансам да,
Топты жарып ту алсам да.
Сізді ойлап қайраттанам,
Жалғызсырап мұңайсам да, – деген бір шумақ өлең де жаздым.
– Өлеңіңнің мәні терең екен. Өзің ақынсың ба?
– Ақынға жақынмын. Қазір бізде жасанды оқиғаға құрылған кітаптар көбейіп кетті. Ол дүниелердің үш-төрт бетіне дейін көз жүгіртем де, ары қарай оқымаймын. Оқысам да, қабылдамаймын.
Ой-санама қозғау салып, пендешіліктің шаң-тозаңынан тазара түсуіме сіздің де жазғандарыңыз көмектесіп келеді. Бауыржан атамның оқыс мінезін бейнелеген қайсыбір эпизодтарды оқығанда қарқылдап күлемін.
Жеке пікірім, Александр Бектің де, Әзілхан Нұршайықовтың да кітаптары тамаша. Алайда Бауыржан аға ішкі жан дүниесін сіз жарқырата ашып, шынайы таныта алдыңыз. Сізге ол кісімен 21 жыл қарым-қатынаста болғаныңыздың пайдасы көп тиген тәрізді. Жасыңыз ұзақ болсын, Алла тағала күш-қуат сыйлап, алдағы кезде де Баукеңнің әлі беймәлім ерлік рухын, ішкі жан дүниесін бізге, келер ұрпаққа жеткізе беріңіз.
– Рақмет.
– Тақырыпшыларға бөліп, ой-сезіміңізді бейнелей білудегі қысқа де нұсқа жазу мәнеріңіз ұтымды. Сіздің суреттеуіңіздегі кез келген жанға сын көзбен қарайтын, өзіне де, өзгегеге қатал, әділ Баукеңді сүймеу мүмкін емес. Сол сүйіспеншілік сезімімді сізбен бөліссем деген ойдамын. Қазір үйіңізге барсам қалай қарайсыз?
– Қалауың білсін.
Жақын маңнан телефон соқса керек, сәл өтпей төбе көрсетті. Орта бойлы, балуандарға тән кең жауырынды, жұмыр денелі, ер мұрынды, сұр костюмді жігітағасы «ассалаумағалейкум» деп жайдары мінез таныта, күлімсірей амандасты.
Құрметтеп төрге шығарып, хал-жай сұрастым. Еркін, батыл сөйлейді екен. Даусы жуан, жігерлі.
– Әкемнің жолын қуып полиционер болып істеп, жақында зейнетке шықтым.
– Әкең бар ма?
– Ол кісі өмірден ерте озды. Рушыл біреулердің жаласы кесірінен қызметінен жазықсыз алынғанына келіспей әділдік іздеп, Москваға дейін барды. Ондағы бір дөкей «екі мың сом ақшаны алақаныма салсаң, ойлаған мақсатыңа жетесің, онсыз жете алмайсың» депті. Әкем:
– Ондай ақша менде жоқ, – дейді салы суға кетіп. Содан ашу-ызаға булығып, қан қысымы дертіне ұшырады.
– Анаң бар ма?
– Жақында бақилық болды. Анам өте қарулы кісі еді. Ерегіскен атпал азаматтың кез келгенін аттан аударып алатын. – Оралтай сыпайы жымиды. – Мен де сондаймын. Ұстаса кеткенді атып ұрамын.
– Анаң кім болып істеді?
– Мақта егістігі даласында звено жетекшісі болып істеді. Мектепті «беске» бітірген ол кісіні аудандық оқу бөлімі Москвадағы пошташының оқуына жібермек болғанда, әжем: «Орыс боп кетеді, Москвада оқу деген не сұмдық», – деп жібермей қойыпты.
– Жұмыс аяғында: «Қазір бас агроном келеді, кетіп қалмаңдар», – деген бригадирден жұрт қаймығып, тырп етпепті. Анам: «Мен тапсырманы екі есе орындадым. Үйде қарт әже, балаларым күтіп отыр. Жолымды неге бөгейсің?», – деп бригадирді тыңдамай, кетіп қалған.
– Анаң қайсар кісі екен ғой.
– Анам қолы босағанда газет-журналды, кітапты көп оқитын. Өзі
ақын еді. Бұрынғы кезде әпкелері екеу-екеу болып жігіттермен айтысқанда, мектеп оқушысы – анам столдың астында жасырынып отырып, әпкелеріне «бүйтіп айт, өйтіп айт» дейді екен сыбырлап. Жазған өлеңдерімді оқып берсем, «жақсы екен, құлыным» деп қуанатын.
1957 жылы Мақтарал ауданы бойынша 16 колхоздың ішінде біздің колхоз миллионер атанып, анам басқарған звено бірінші орынды жеңіп алады. Сөйтіп Москвадағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне бармақ болады. Әжем келіспейді. Әжемнің алдына колхоз басқарма төрағасы Тәңірберген Жайлыбаевтың өзі келіп:
– Әжетай, бір кезде маған бата берген едіңіз. Мен де сіздің балаңызбын, маған сеніңіз, – деп әрең рұқсатын алған екен.
…Мен Целиноград облысы Қорғалжын ауданының қызына үйленгенімде, ауылымыздың әйелдері анама: «Солтүстіктің қыздары орыс боп кеткен. Енді келініңді мықтап ұста», – десе, анам:
– Әй, жұмыстарың болмасын. Келінім «здрасти» десе де, мен көңіліме алмаймын, – деп бәрінің аузына құм құйған екен. Біздің оңтүстік адамдарының өмір салтын сіз жақсы білесіз, шал-кемпір үйге жиналып, шай ішеді ғой. Сонда әйелім кеселерді ұзатумен қатар, кітап оқып отырады.
– Әй, орыс келініңнің кітап оқығаны несі? Аталарына, апаларына дұрыстап шай құйып бермей ме? – дегендерге анам:
– Шал-кемпірдің әңгімесі бітуші ме еді? Қарағым келін, шайыңды құйып, кітабыңды оқи бер. Барлық жақсылық – кітапта. Ол ертеңгі күні балаларыңа жақсы тәрбие, жақсы білім беруіңе көмектеседі, – деген көрінеді.
Мен еріксіз күлімсіреп:
– Қазіргі біздің айтып жүрген демократия дегеніміз сенің отбасында екен ғой, інім. Меніңше, қалай ізгі болуды, демократияға қалай жетуді сенің отбасыңнан үйренгеніміз жөн тәрізді, – дегенімде, Оралтай мәз болып, аха-ха-халап күлді.
– Әкемнің қызметінен жазықсыз алынып, өмірден ерте озуына өз тайпамыздың ішіндегі рушылдықтың кесірі тигенін сезген күннен бастап қазақтың рушылдығын жек көріп кеттім. Қатты қайғырып, күйінгеннен:
– Қайран бабам қазақ,
Саның көп емес, аз-ақ.
Ұрпағың неге алауыз,
Болмаймыз ба мазақ?
Тіл таппаймыз неге біз?
Не ойлайды көкеміз?
Мазалайды жалғыз сұрақ,
– Ынтымаққа қашан жетеміз? – деген де өлең жаздым.
– Бұл қайғылы жағдай қашанға дейін созылатынын ешқайсымыз білмейміз, – дедім мен амалсыз қабағымды шытып.
– Неғып біз рушылмыз? Ананы жамандап, мынаны жамандап, жолына қақпан құрып, орға құлатқаннан қандай пайда табамыз? Неге баяғы бабаларымыздың адамзатты, табиғатты сыйлаған ісін жалғастырып, рушылдықтан жоғары тұрмаймыз? Бажайлап зерттеп көрсем, кейбіреулер жеті атасын да жөнді білмейді. Сөйте тұра рушыл. Бір-біріміздің үстімізден арыз жазып, бір-бірімізбен жағаласып жаға жыртысқаннан қашан құтыламыз?
Руға бөліну – дамуымызға ең үлкен кедергі екенін терең түсіндірген, көзімді ашып, ойшыл еткен, Бауыржан атам. Сәл оңаша қалсам, ойға батамын.
Мұхтар Шахановтың қырық жасқа толуына байланысты Москвада өткен шығармашылық кешіндегі бір ауыз сөзіне риза болғанымды әлі ұмытпай жүрмін.
– Ол қандай сөз?
Кешті жүргізіп отырған атақты ақын Евтушенко:
– Мұхтар Шаханұлы, шындық деп шырылдайсың. Шындық деген не? – деген сұрақ қойды. Мұхтар екі қолын қатар сермеп:
– Әй, айналайын, шындық деген адам шыға алмайтын биік шың. Оған біреулердің ғұмыры жетуі, біреулердің ғұмыры жетпеуі, жарым беліне дейін өрмелеп шығып, мерт болуы да мүмкін, – деді.
Он үш жасымнан өзіме-өзім шыншыл боламын деп жүрген мен:
– Ой, Мұхтар аға мықты кісі екен. Өзіне жолығып, сөйлессем, – дедім қиялға беріліп. 1982 жылы, арада 18 жыл өткенде Түркістан қаласының он бес ғасырлық тойында Алла тағала Мұхтар ағаға жолықтырды. Кітаптарын оқып, іштей дайындалып жүргем. Полиционермін. Бастығым Мұхтар Ермеков:
– Түркия премьер-министрі Қожахмет Яссауидің Түркістан қаласында салынатын мешітінің бірінші кірпішін қалауға Елбасымызбен келеді екен. Сен ескерткіш жанында тұрып, кимелеген жандарды алға жіберме. Тіл байлығың бар ғой, – деді. – Тұрмын. Адамдар біртіндеп келе бастады. Кенет Мұхтар ағаны көріп қалдым. Қасында «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы Юрий Кирюхин, тілші орыс әйел бар. Маған жақындау жерге келіп өзара әңгімелесіп тұрды. Бір кезде Юрий:
– Мұхтар Шаханұлы, қазір біреулер «менің атам батыр, ақын болған» деп ескерткіш қойып, ас беріп жатыр. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай? – деді.
– Кімнің атасы батыр, ақын, кімнің атасы қатын болғанын халық біледі. Ол ақшаны бауырының денсаулығын жақсартуға, не бала бақша салуға жұмсаса, сол пайдалы еді, – деген Мұхтардың пікірін естіп, арқам қозды. Шыдап тұра алмадым. Қасына жақын барып:
– Ассалаумағалейкум, Мұха, – дедім сәлем беріп. – 1982 жылғы Евтушенконың сұрағына берген жауабыңызды естігелі бері өзіңізге жолықсам деген ниетте едім. Маған батаңызды беріңіз?
Сол сәтте Рахманқұл Бердібаев аға келіп қалды.
– Сен батаны мына кісіден алмайсың ба? – деді Мұхтар. Көкірегімнен кері итергендей сезіндім. Ағылшын философының қанатты сөзін орыс тілінен қазақшаға өзім аударып алған едім. Есіме сол сөз түсе кетті. «Жігіттің сұлтаны қыздың сұңқарына ғашық болса, қыздың сұңқары алтынға құмар болады. Алтын сапасымен қымбат. Сонда адамзаттың құнын немен бағалау керек?». Мұха, сіз кісі болмаңыз. Кез келген жігіттің сұлтаны бір қызға ғашық болады. Мен де ғашықтық сезімді бастан кешкенмін, – дедім. Сөйтіп «көкірегімнен итермеңіз» деген ойымды астарлап жеткіздім. Мұхаңның «мына кісіден бата алмайсың ба» дегені Рахманқұл Бердібаев ағаның ғұламалық еңбегін сыйлағаны екенін жастық жалынмен аңғармаппын.
Ол бірден түсініп: «Мына айтқаның философия ғой», – деді де, визиткасын берді. – Кел, жолығамыз. – Мұхаңмен алғашқы таныстығым осылай басталды.
– Бұл пәниде таппадым
шынайы жолдас,
Араласатын, мұңдасатын.
Мүмкіндік болар ма екен,
Қияметте жолыққанда сырласатын, – дедім бір шумақ өлеңімді жатқа айтып.
Ол ойымның астарын түсінді.
– Қайсы кітабымды сыйлайын. Орысшасын ба, қазақшасын ба? – деді.
«Сіз айтып жүрген шала, жаңа, мәңгүрт қазақтың мәңгүртіненмін. Орыс мектебінде оқығанмын. Маған орысшасы да, қазақшасы да бәрі бір».
Ол «Рухани бауырыма» деп қазақша кітабын сыйлады.
– Басқа тілде сөйлесе де адамгершілігі мол жандар көп. Әр ұлттың табиғаты әртүрлі, – дедім.
…Оралтай екеуіміздің әңгімеміз барған сайын тереңдей берді.
Ол иегін қолымен ұстап, қалың ой құшағына еніп:
– Соңғы кезде пікірдің төрт түрі барына анық көзім жетті, – деді.
Мен елеңдей қалдым.
– Ол қандай төрт түрі?
– Оның біріншісі – әркімнің жеке пікірі. Ұлтымыздың қамынан гөрі өз қамын көбірек ойлайтындар бар. Олар өмірді түсіне келе халқымыздың тағдыры туралы толғануы мүмкін. Себебі, өз пікірі бар. Ондай азаматқа үміт артуға болады. Ең қиыны, өз пікірі жоқ жандар ешкімге ешқандай пайда келтіре алмайды.
Айтайын дегенім, әркім Бауыржан Момышұлы тәрізді жеке пікірін бала кезден қалыптастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сіз: «Тосыннан қойған кез келген сұрағыма Баукең мүдірмей жауап беруші еді. Соған әлі таңғаламын», – деп жаздыңыз. Оның сыры – ол сұрақтарға Баукең жас кезінен жауап тауып, жадында сақтап дағдыланған әрі оны замандастарына мойындата алған. Мұны мен пікірдің қоғамдық екінші түрі деп білдім.
Енді үшінші түріне келейін. Әр жауапты қызметкер көпшілікті айтқан уәжіне ұйытып, пікірін тыңдата алса, ол мемлекеттік пікірге айналады. Сіз бірінші басшысыз. Мемлекет атынан сөйлейсіз. Сөзіңізді мемлекет басшылары тыңдап, мойындаса, онда ол адамзаттық пікір болып саналады.
Біреулер өмірден орнын тауып, қалыптаса алмай жүріп, орыс, ағылшын, неміс, тағы басқа халықтар тұралы пікір айтады. Бауыржан атама ұқсап оларға: «Ондай дәрежеге әлі жете алған жоқсыңдар. Аузыңа келгенді оттай берме. Сенің еліктеушілік пікірің ешкімге керек емес. Адам байқап, біліп барып сөйлеуі, айтқан әр сөзіне жауап беруі керек деп тастадым.
Мен:
– Оралтай інім, өлеңдеріңнің ойы терең, алайда қайсыбірінің ұйқасы, ырғағы сақтала бермейді екен. Мұның кемшілік екенін байқайсың ба? ¬ – деген сұрақ қойдым.
– Байқаймын. Ең бастысы адамның өз ойы, пікірі болуы керек.
Өлең жазбаса да, ойы, пікірі бар жандар да – ақын. Меніңше, ақындық сезім барлық адамда бар, парасаттылық барлық адамнан табыла бермейді.
– Өзің жазушылықпен айналыса-сың-ау деймін?
Оралтай дауыстай күлді.
– КазМУ-дің журналистика фа-культетін 1959 жылы бітіріп,40 жылдай Жаңақорған аудандық газетінің абыройлы редакторы боп істеген, халқымыздың шежіресін жақсы білетін, өмірі аузына ащы суды алып көрмеген Айдархан Бибасаров ағаны есіме түсірдіңіз. Ол кісі: «Айналайын інім, сен ақкөңіл, ақ жүрек жігітсің, – деді үйінде сөйлесіп отырғанда. – Жұрттың бәрінің – дос-жаран, көршіңнің де, ағайыныңның да көңілін тапқың келіп, дамыл таппай жүгіріп жүретініңді білемін. Ол бауырмашылдығың жақсы. Ескертерім, жан-жақтан үйіп-төгіп алған міндеттеме-уәделеріңнің үде-сінен шығуың қиын. Кітап жазсам деген де ойыңның барын байқадым.
Совхоз директоры, кейін аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары қызметін атқарған құрдас досым зейнеткерлікке шыққанда:
– Енді қолым бос. Менің де көрген-білгенім бар, кітап жазамын, – деді. Мен:
– Бөлмеңнің есігін жауып ал да, 2-3 сағат ойлан, өмір белестеріңнің бәрін басыңнан қайта өткіз. Жақсы ой, пікір келсе, қойын дәптеріңе түртіп қой. Солай бір апта толған, – дедім.
Арада екі-үш ай өткенде жолықтық.
– Ой, мен кітап жаза алмайды екем, – деді ол мойындап.. Айдархан ағаның бұл сөзі маған да ой салды. Жазушылық менің де қолымнан келмейтінін сездім. Көрген-білгенімді қорытып, қанатты сөз жаза бастадым.
– Соңғы жазған қанатты сөзіңді айтшы.
Тыңдаңыз.
– Қалған көңілдің орны толмас,
Қасқыр ешуақытта қолды болмас.
Қара қарға қыранның арқасына
қонса да қыран болмас.
Намысты жігіт ұятқа қалдырмас.
– Тамаша! Тек «қара қарға қыран-ның арқасына қонса да» дегеніңді түсініңкіремедім.
– Қара қарға қыранның арқасына отырып алып, оны шұқиды. Сол кезде қыран қанат қағып, жоғары көтеріледі. Ауа қысымына шыдай алмаған қарға сыпырылып түсіп қалады.
– Е, енді түсінікті.
– Бірде Олжас ақынға: «Мен қанатты сөз жазып жүрмін» деген едім, ол кісі «это каждому не удается» («бұл әркімнің қолынан келер іс емес») деді. Ол кісі «бір жағынан, сенікі мүмкін жай сөз шығар, екінші жағынан, жазғаның анық қанатты сөз болса, жақсы екен» дегені-ау деп қабылдадым. Астарлап сөйлеу жөнінен Рахманқұл ағадан үренгеніім көп.
– Бір мысал келтірші?
– Философия ғылымының докторына: «Біз Абайдың сыртында жүрсек, сен ішіне кіріп алыпсың ғой», – деді оның әлі кірмегенін астарлай сөйлеп. Ана кісі оны түсінбей мәз болып күлді.
Жақында метроға енген едім. Бауыржан Момышұлы атамның көзге қораш суретін салып қойыпты. Жыным қозды. Ол кісінің көңлімізге қуаныш, рух сыйлар ақ атқа мініп, басына сусар бөркін киіп түскен суретін неге салып қоймасқа? Тәшенов туралы кинода Баукеңнің кә-ә-кәртейген ролін ойнаған артиске тіпті ашуым келді. Тәшенов кезінде Бауыржан кәрі емес еді. Келеке-мазақ еткендей батырдың қартайған кезін бейнелеген кино ұжымының намысы бар ма, жоқ па деп қынжылдым.
Өткенде туғанына 150 жыл толуына байланысты «Дина Нұрпейісова» деген фильмге түскен едім. «Жаратушысыз – өнер болмас, өнерсіз – пенде болмас. Өнер өлмейді, пенде өледі. Өнер руға бөлінбейді, өнерге әмір жүрмейді» деген сөзім орыс тіліне мағынасы мүлде өзгертіліп аударылыпты. Ағылшынша аудармасы да сондай. Онымен танысқандар «Түркістанның аула күзетшісі, не малшысы өзінше лағыпты» деп күлетіні анық. Менімен хабарласқанда, орысшаға өзім аударып, ағылшын тіліне білгір аудармашыны тауып, аудартар едім. Сонда фильм дәрежесі көтеріліп, көрермен қауым сүйсінер еді.
– Қайынатаң «Коммунизм нұры» газетінің тілшісі болып, ауылына автобус жүргізіп, аялдама жасатыпты ғой.
– Иә, Нұра өзеніне көпір де салдырды. Марқұм қайынатам Абжалов Күмісбек 1917 жылы туған, Ақмола облысы Картал ауданының тумасы. Майданда Бауыржан Момышұлының қарамығында соғысқан. Оқ тиіп жараланғанда , Баукең мейірбикелерге «ана ақсақалға көмектесіңдер» деп алға жүгіріп кеткен. Ол кезде менің қайынатам жас болған. Баукеңнің ақсақал деуі құрметтегені-ау деймін.
Екі мейірбике сүйреп, он қадамдай алға барғанда, қайынатам алғаш құлаған жерге снаряд келіп жарылып, топырағын аспанға атқан. Ол кісінің: «Мені ажалдан құтқарған әуелі – Құдай, екінші – Бауыржан», – дегенін өз құлағыммен естідім.
Соңғы демі таусылғанша намаз оқыды. Соны біреулер «өзі комунист, намаз оқиды. Оны парти қатарнан аластау керек» деп облыстық партия комитеетініің бірінші хатшысы Морозовққа шағым жазады.
– Оралтай, ақындардың екі түрі болатыны туралы ойыңды айтшы?
– Жас қаламгерлердің жиынында үндемей отырғанмын. Бір жігіттің теріс түсінігіне төзе алмай жауап бергелі сөз алып:
– Өз топшылауымша, ақын екіге бөлінеді, – дедім. – Бірі ақылын сезімге билетсе, екіншісі ақылымен сезімді билеп алады. Қайсысына жататынын әркім өзі талдап түсінер. Шамалауымша, ақындарымыздың көбі аузына келгенін оттап, сезім жетегіне еріп кетеді. Менің сүйікті ұстазым Бауыржан Момышұлы жұртқа не туралы айтсам болады деген толғаныс құшағында аудиторияны зерттеп, кімдердің жиналғанына үлкен мән берген, тарихшы студенттерге – тарих, әдебиетші жастарға – әдебиет, шаруа адамдарына шаруа мәселесіне байланысты сөйлеген.
– Сіз ақындық туралы қандай пікірдесіз?
– Ақындық деген пендешілік кәсіп емес, асаба болып күн кешетін, ақындық деген пендешілік кәсіп емес, жыр кешін өткізіп, дәнекер тауып көлік мінетін, ақындық деген пендешілік емес, біреудің мінін айтып, бүйірден шыншыл боп көрінетін. Шынайы ақындық өзін де, халқын да әдептілікке, парасаттылыққа, байқампаздыққа тәрбиелеуі керек. Кемшіліктің өзін «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей етіп, сыпайы түрде астарлап айтқан жөн. Айта алмасаң, жұртты дүрліктірмей жайыңа жүр. Бауыржан атамның: «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы» дегенін ұмытпайық.
Кейде мен мың жыл бұрын өткен Омархаям ақын кітабын оқимын. Кейбір пікірімен пікірім түйісіп қалады, содан өзіме ғибрат аламын. Рухани дүние дейтініміз осы.
Сөз деген қиын, жауапты нәрсе . Демократия дегенімізбен дұрыс, әділ пікір айтатын адамды таңдау керек.
Бұлай деуімнің себебі, мұның алдында ғана «Алматы» телевизиясы каналының «Шындығы сол» бағдарламасының жасөспірімдердің компьютрге құштарлығы туралы пікір алмасуға шақырылдым. Өзімше дайындалып бардым.
Тәртібі талқыға түскен баланың аты Темірлан екен. Жасы 13-те. Сабаққа мойын бұрмай, азаннан кешке дейін компьютер қарайды. Мен 13 жасар баланың түсінік, ойлау деңгейіне сәйкес әңгімелестім.
– Айналайын балам, атыңды кім қойса да, Ақсақ Темірдей болсын деген жақсы ниетпен қойған шығар? Мен саған Темірлан бабаңның кім болғанын айтып берейін. Сен сияқты ол 13 жасқа толған кезде Самарқанның ханы 40 уәзірін шақырып, дін саласындағы Бас уәзірінің зинақорлық жасаған тұңғыш баласына қандай жаза қолдану керегі жөнінде ақылдасыпты.
– Менің орныма дайындап жүрген адамдарың бар ғой. Негізгі сұрақты соларға қояйықшы. Қалай жауап берер екен, байқап көрейік, – дейді. Сөйтсе уәзірдің 14-і ханның , 14-і Бас уәзірдің баласын, қалған 12-сі Темірланды да-йындап жүр екен.
Хан бірінші өз баласынан сұрайды.
– Мына күнаһарға қандай жаза қолданамыз?
– Е, әке, оны өзіңіз білесіз ғой.
– Ойпырма-ай, мынаның өз пікірі жоқ қой. Бұл қарақан басын жөндеп алып жүре алмайды, – дейді хан шамданып.
Екінші шариғат жағынан Бас уә-зірінің тұңғыш баласынан сұрайды. Ол:
– Шариғат біледі де, – депті.
– Ой, мынау да ештеңеге жарамайды.
Бас уәзір баласының зинақорлық істеп қойғанын біледі. Білсе де «іштен шыққан шұбар жылан», өлімге қимай қиналып тұрады.
Үшінші кезек 13-тегі Темірланға келгенде, ол бас уәзірдің қылышын жұлып алып:
– Жақсы әкеден жақсы бала туса игі, жаман бала туса, барынан жоғы жақсы, – деп зинақордың басын ша-уып, жерге домалатып түсіреді. Хан:
– Міне, нағыз хан болатын адам, – дейді қуана дауыстап. Содан өзі, абыз ақсақалдары, әулиелері – бәрі жиналып, Темірланға бата береді.
Түсіндің бе, балам, атаң осы тарихты оқып біліп, сондай ақылды, батыр болсын деп атыңды Темірлан қойған шығар, – деп баланың намысын, рухын оятатын, жігерін жанитын сөздер айттым. Кейін білдім, «атам менен үміт етіп жақсы ат қойыпты, мына іс-әрекетім теріс екен» деген тоқтамға келіп, ойланған шығар, тәртібін де, сабақ үлгерімін де дұрыстапты. Ол баламен әлі де байланысымды үзгем жоқ.
– Оралтай інім, сенің бұл тал-пынысың педагогтарымызға ой салатын талпыныс екен.
– Жақында тоғызыншы сыныпты бітіріп, қазақтың тілін, салт-дәстүрін зерттеп, дамытатын техникумда оқып жатқан қыздар кездесу кешін өткізді. Көп сұраққа жауап бердім. Кешті жүргізуші «кімде қандай ой-пікір бар» дегенде, бір қыз орнынан тұрып: «Құдайға шүкір, біз біраз кітапты оқып, жазушыларды көріп жүрміз. Бірақ мына кісінің қарапайымдылығы менің өмірбақи есімде қалатын шығар», – деді.
– Аты-жөніңді айтшы, қызым? – деп едім:
Аты-жөнім – Құрбанов Ақерке Ғалымжанқызы, – деді әдеп сақтай.
Ол қыздың пайымынан адамды танып, баға бере алатынын, тұлабойында үлкен қасиет бар, тегін емес екенін байқадым. Құдай қаласа, болашақта іздеп барып, інілерімнің біріне таныстырып, келін етіп алсам деген ниеттемін.
– Ниетіңе жетуіңе тілектеспін. – Бауыржан атамыздың адам тану қасиеті өте күшті еді ғой. Ол кісі бір көргеннен-ақ кім екеніңді біле қоятын.
– Моряк болып жүргеніңдегі Александр Суворов атындағы крейсердің 1 – рангалы капитаны Николай Николаевич Сергеевтің саған оң көзімен қарағаны туралы айтшы?
– Бірінші Петрден бері, жеті атасынан бастап әулетімен адмирал болған екен. Өң-түсі түрікке ме, арабқа ма ұқсайтын. Маған шын ниетімен бүйрегі бұрып тұратын.
Кемеде қызмет етіп жүргеніме екі жарым жыл өткен. Ертең жексенбі, жетінші ноябрь мерекесі. Сыртқа шығып, 4-5 сағат қыдырып серуендеуімізге демалыс береді. Бүгін кеменің іші-сыртын түгел тазалап, жууы-
мыз керек.
Бізде бұрыннан қалыптасқан тәртіп бойынша, алдымен еденді жуып, тазалап, содан кейін ғана сандықшадағы киімдерімізді сыртқа апарып, шаңын қағатынбыз. Мен:
– Бұл дұрыс емес, алдымен сандықшадағы киімдерімізді тазалап алуымыз керек. Шаң еденді соңынан тазалаймыз, – дедім. Солай істеуге кірістік. Кезекші командиріміз ашуланып:
– Екі сағат өтті. Сендер әлі ештеңе істемегенсіңдер. Еденді неге жумадыңдар! – деді зіркілдеп. Мен ол кісінің сөзін қайталадым. Моряктар ду күлді. Командирім мені мазақ етті деп ойлап қалып, жаза ретінде маған бес тәулік кемеге кезекшілік етуді бұйырды. Бұл бірінші жылғы моряктар атқаратын шаруа еді. Намысым келді.
Лаж жоқ, бұйрыққа бағынып, күзетте тұрмын. Екі жарым жыл қызмет еткен моряктар айналып жүруге ерініп, дәлізбен, каюта алдымен өтетін. Солай бір моряк келе жатыр еді:
– Тоқта! Кері бұрыл! – деп едім, тыңдамады. Өзім ертеңгі демалыстан құр қалғаныма ызаланып тұрғанмын. Бірден әлгінің жағасынан ұстадым да, иегінің астынан бір ұрып едім, ол тарс етіп құлады. У-шу орын алды. Үлкен командиріміз Николай Николаевич каютадан шыға келіп :
– Не болды? – деді таңырқап. Мән-жайды айтып түсіндіріп:
– Мен сізді бірінші, адам ретінде, екінші командирім ретінде сыйлаймын. Устав өзгереді. Бүгін сондай әділетсіз жағдай орын алды. Бір ескертусіз екі жарым жыл қызмет еткен адаммын. Қазір кезекшілікте тұрғаныма жас моряктар күліп жатыр.
– Болды, түсініспеушілік орын алыпты. Командиріңнің жазасын өзгертсем, оның абырой-беделі түсіп қалады, – деді мені тыныштандырып. Басқа біреу болса, «морякты соққыға жыққаның қалай?!» деудің орнына, «кезекшілік мерзімің біткен соң, маған кел», – деді. Ол кісінің парасаттылығы, азаматтығы ұнады.
Айтқанын орындап, каютасына бардым. Шай іштік. Өмір тарихымды тәптіштеп сұрап, бәрін біліп алды.
– Сен бізде қал. Мичман етемін, партияға өтесің, өзім кепілдеме беремін. МГУ-дің қалаған факультетіне түсірем. Сен оқитын жігітсің, – деді. Мен елге ертерек қайтқанды жөн көрдім. Кейін сол шешіміме өкіндім.
– Үлкен қателік жіберген екенсің.
– Өзі жай емес, мықты кісі еді. Кейін «Красная звезда» газетінен контр-адмирал болғанын оқыдым. Құттықтайын деп іздеп, адресін таппадым.
Тағы біраз әңгімелескен соң Оралтай:
– Аға, рұқсат етсеңіз, мен қайтайын, Бауыржан атамның көзісіз. Маған бата беріңіз? – деді. Мен сөзге келмей алақанымды жайдым. Оралтай да алақанын жайды.
– Ақ ниетпен берер батам, адам бол,
Ол үшін сен ең алдымен адал бол.
Ар жолында адаспағын ешқашан,
Ел дегенде алынбайтын қамал бол.
Саған қастық ойлағандар оңбасын,
Тектілерден текті болсын жолдасың.
Қайда жүрсең, Алла тағала қорған боп,
Батыр Баукең аруағы қолдасын, –
Әумин. Бетімді сипадым. Ол да бетін сипады.
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 29 072
ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
Мар 13, 2019 0 15 903
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 8 467
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 733
КӨКТЕМ НӘРЛІ БОЛМАСА…
Ноя 10, 2024 0 156
ҚАЗАҚТЫҢ АЯУЛЫ ТҮСТЕРІ
Дек 4, 2024 0 70
АВТОПОРТРЕТ
Дек 4, 2024 0 73
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.