Проблема түйінін БАҚ тарқатады
22.04.2022 0 1 148
Намазалы Омашев,
Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры
Тарихы терең, ұлан байтақ жерді мекендеген, қапыда бодандықтың қамытын киіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің тәуелсіздік алып, көк туы желбірегелі 30 жыл болыпты. Осы «бәрінен қымбат» (Қ.Тоқаев) тәуелсіздіктің отыз жылдығы алдында ел газеті «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» басылымы ғасырлық тойын тойлады. Іле шала әлемдік ақпарат кеңістігінің бір арнасы – бұрынғы КазТАГ, қазіргі ҚазАқпарат та осы межеге абыройлы жетті. Жақында ғана қазақ халқының үнжариясы атанған – Қазақ радиосы да өзінің жүз жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізді. Бұл ел өміріндегі ерекше, ал қазақ журналистикасындағы ғажап тарихи құбылыс болды. Шүкір делік…
Қазір қоғамда саясат, экономика, идеология саласында болсын қордаланып қалған проблема көп. Осыған орай бүгінгі қазақ журналистикасына да түсетін жүк осал емес. Өйткені кейбір жағдайда көп-шіліктің көңілі Парламент қызметіне тола бермейтінін, партиялардың жұмысына да әртүрлі пікір айтылатынын несіне жасырамыз. Ал осы мәселерді жан-жақты көрсетіп, оның шешілуіне өзіндік үлес қосып жүрген журналистер қауымы екені әмбеге аян. Әсіресе, әлемдегі немесе еліміздегі оқиғаларға шынайы көз жеткізгіміз келсе, алдымен салмақты басылымдарды қараймыз. Өйткені бүгінде белең алған әлеуметтік желіде шындық та, өтірік те, анайылық та, тұрпайылық та, ең ақыры жақсылық пен жамандық та мидай араласып кетті. Сондай кезде көпшілік сенімді ақпарат көзі ретінде кәсіби журналистикаға үңіліп, ден қояды. Оның үстіне қазір көне кезден тартып, түркі тілдес халықтар тарихынан, бергісі Алаш кезеңіне дейін ел сүйсініп оқитын сүбелі дүниелер «Егемен Қазақстаннан» бастап жиі жарық көретін болды. Сондай-ақ «Айқын», «Түркістан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті»,»Дәуір үні»,»Жас алаш»,»Жас қазақ», «Алматы ақшамы», «Астана ақшамы» секілді қазақ басылымдарының да бірін-бірі қайталамайтын ұстанған бағыты айқындалып, өзіндік беті қалыптасты.
Ал телевизияның жөні,тіпті бөлек қой. Ол әлі де болса ақпарат құралдарының алдында тұр. Мысалға, ұлттық арнадағы «Ашық алаң» бағдарламасын көрмейтіндер кем де кем шығар. Өйткені мұнда ел ішіндегі өзекті проблемадан бастап, Елбасы мен Президенттің жолдауы қалай іске асып жатқаны жайында жауапты адамдарды араластыра отырып проблеманы шешудің жолдары көрсетіледі. Яғни, бұл бағдарлама тек ақпарат жеткізуші ғана емес, аталған мәселені жүзеге асыруға тікелей ұйытқы болып отыр. Соны көріп отырып, «Шіркін-ай, еліміздегі бар¬лық телевизия мен радиоларда осындай хабарлар жиірек берілетін болса, қоғамдағы қордаланған проблеманың біразы шешімін тауып қалар ма еді?» деген ой туады.
Мысалы, Хабар арнасының 24кz дейтін каналы жарты сағат сайын жаңалықтарды беріп отырады. Сол сияқты «Қазақстан» телеарнасында ертеңгісін берілетін «Таңшолпан» деген бағдарлама бар. Бұлардың өз аудиториясы қалыптасты деуге болады. Бұл – телевизияның жетістігі. Ал радиода бұдан кең, көлгөсір мүмкіншілік бар. Қалай? Айталық, бұрын Қазақ радиосында «Тәулік тынысы» деген бағдарлама болды. Ол кезде радионың техникалық жарақтануы нашар еді. Соған қарамай халық тәулік тынысын Қазақ радиосынан естіп отыратын. Қазір сондай жағдай Қазақ радиосында бар деп айта алмаймын. Тіпті сол «Тәулік тынысы» деген тіркесті пайдаланса ешқандай сөкеттігі жоқ. Керісінше, осы мақсатты алдыға қойып, радионың жаңалықты берудегі рөлін көтеру керек. Онсыз болмайды. Өйткені радио телевизия мен баспасөзге қарағанда оперативті құрал. Бұның жедеқабылдық мүмкіншілігі өте мол.
Тағы бір көңіл бөлетін нәрсе, «Қайырлы таң, қазақ елі!» бағдарламасы бірде беріліп, бірде берілмей жүр. Бізге қазір ел-жұртты елең еткізіп, рухын көтеретін осындай дүниелер керек-ақ. Өйткені рухы түскен ел ешуақта оңбайды, тоз-тозы шығады. Осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін «Мен Қазақпын» секілді бағдарламалар көбейсе,қане.
Жалпы, телевизия мен радиода жақсы журналистер жетерлік бол-ғанымен, әлеуметтік мәселелерді қозғайтын бағдарламаға қарағанда, әлі де болса жеңіл-желпі берілімдер саны басым. Телевизия мен радионың алдымен ақпарат арнасы ретіндегі міндеті – бұқараны әлемдік, елдік жаңалықтармен қамтамасыз ету. Одан қалса қоғамдық проблемаларды ел-жұрттың талқысына салып, соның жөн-жосығын айтып, жол көрсеткені абзал. Содан кейін ғана көңіл көтеретін, жұртты демалдыратын хабарлар болуы керек.
Мәселен, Америкада бұқаралық ақпарат құралдарының дені халықтың көңіл күйін көтеріп, демалдырып, шаршағанын басады. Өйткені оларда мемлекеттік мәселелер түгел шешіліп қойған деуге болады. Ал бізде мүлде олай емес қой. Өмірлік мәселелер жетерлік. Соған сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлардың ара салмағын лайықтау керек. Осыған елдегі арналардың тұтқасын ұстаған журналистер қауымы жанашырлықпен мән бермей болмайды. Қажет болса, республикалық арналардың жанынан елдегі шешімін таппаған мәселелерді жіті зерттейтін мониторинг бөлімі ашылса дейміз.
Биыл Қазақ радиосына ғасыр толып отыр дедік. Бұрын осында «Тәулік тынысы» деген хабар болды. Қазіргі «Хабар 24» арнасы секілді күні-түні ақпарат таратушы еді. Негізінен, телевизияға қарағанда радионың ұшқырлығы, шапшаңдығы, жедеғабылдығы ілгері. Ал біз осыны пайдаланып отырмыз ба?
Өз басым радиоға бүйрегім бұратынын жасырмаймын. Онда жұмыс жасайтын жастардың көбісін білемін,қолдаймын. Бірақ, солардың жұмысына кейде көңілім тола бермейді.Өйткені олар ел тынысын толық жеткізе алмай отырған сыңайлы. Негізі радионың мүмкіншілігі шексіз ғой.Соны орынды пайдалану керек еді. Жаңалық аз, ізденіс жоқ, интернеттен,болмаса басқа арналардан ала салып эфирді толтырады. Ал радио жедеғабыл ақпарат құралы ретінде ел естімеген, жұрттың құлағына жетпеген жаңалықтарды алдымен естіртуі керек. Аудиториясы аса кең арнаны тыңдамайтын адам болмайды. Осыны кеңінен пайдаланған ел ғана ұтады, алға шығады.
Өмірлік өзекті мәселелер ашық айтылмайтын болса, көпшілік талқысына түспесе, ол ұлғая береді.Ондай жағдайда қоғам бір жақта, арна бір жақта қалады.Осындай болмас үшін журналистерге жақсы қаламақы төленіп, жағдай жасалуы қажет-ақ. Бұл мәселе Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің зиялылар қатысқан жиынында көтерілді. Жүз жасап отырған Қазақ радиосына қаржылай қолдау көрсетіп, жаңа тыныс еңгізсе, онда қызмет ететін журналистер бар істі дүрілдетіп алып кететініне сенім мол.
Кезінде Американың еңсесін көтеріп, елдің алдына түсірген радио болды. Сондықтан ол елдің халқы Рузвельтті «радио президент» деп ата-ған. Өйткені ол мемлекет басшылығына келгенде баспасөз бен телевизияның мүмкіндігі аз болды да, радио арқылы елді жұмылдырып, шаруасын шалқытты. Сөйтіп, Америка азулы елге айналды.Ұйымдастыра білсе біздің де БАҚтың қолынан көп нәрсе келер еді. Билік бұқаралық ақпарат құралдарын орынды пайдаланып, жұртшылықты ұйыстырса,елдің сеніміне кірсе, қазақ елі биіктен көрінеріне күмән жоқ.
1930-40шы жылдар аралығында Америка құрлығында, қарт Еуропада, Кеңестер Одағында да радионың шарықтаған кезеңі өтті. Радио – ел өмірінде, халық тұрмысында, шаруашылықта, сол сияқты саясат пен экономикада, мәдениет саласында кең қолданылды. Тіпті, әйгілі саясаткер, АҚШ-тың 32-президенті Франклин Рузвельтті «радио-президент» деп атағанын айттық. Яғни, ол өзінің ел басқару ісінде радионың зор мүмкіндігін кеңінен пайдаланды. Сол арқылы алып мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, елін байытып, мұратына жеткізді. Сондықтан да, радиохабарды зерттеушілердің өткен ғасырдың 30шы жылдарын «радионың алтын ғасыры» деп атауы заңды. Ал енді осы тарихи құбылысқа тереңірек үңілсек, сол кездегі тәжірибелер бүгінгі қоғамға да себі тиетіні ешқандай күмән туғызбайды.
Сол сияқты 70-80 жылдардағы республикалық радионың жұмысын да мақтанышпен атап өтуге болады. Өйткені, ол кезде Қазақ радиосы тәулігіне қырық «Правда» газетіне жүк болатын материалдарды эфирге шығаратын. Онда жұмыс істейтін журналистердің саны да қазіргіден бірнеше есе көп еді. Әрі оларға тәуір қаламақы төленетін. Яғни керемет көңіл-күймен жарысып жұмыс істегеін білеміз.
Сондай жағдайды, өкінішке орай, қазір көре алмай отырмыз. Ол кезде жазуды былай қойғанда, тіпті хабардың тыңдалуына, әуезділігіне де көп мән беретін. Ал қазіргі тікелей эфирлік хабарлар сөйлемдердің дұрыс құрылуына, ойдың анық жетуіне кері әсерін тигізіп жататыны бар. Әрине, оқиғаны, құбылысты жедел жеткізу керек-ақ шығар. Бірақ, осы саланы зерттеген ғалымдардың пікірі: «оперативтілікті сылтау етіп, шикі дүниені эфирге тоғыта беру – жетістік емес» дегенге саяды. Сондықтан осындай кемшіліктерімізді де айта отырғанымыздың артықтығы жоқ. Одан ештеңе кеміп қалмайды. Керісінше, олқылықтың түзелуіне, тыңдаушы құрметінің өсуіне тікелей әсері болады деп ойлаймын.
Иә, біздің бақытымызға орай бір кездері Қазақ радиосынының жан-жақты дамып, ел жұрттың сүйіспеншілігіне бөленгенін көрдік. Алдыңғы буын ағаларымыз небір тәуір хабарларды төгілтіп жасап, ғажап дауыспен құбылтып оқитын. Ол кез – Әнуарбек Байжанбаев, Сауық Жақанова сияқты талантты дикторлар жұмыс істеген кезең еді ғой. Мұхтар Бақтыгереев сынды белгілі актерлар радиохабарларды жиі жүргізетін. Редакциялардың да саны көп еді: насихат және партия-совет құрылысы; өндіріс және «Соңғы хабарлар» редакциялары; жастар мен балалар бағдарламалары; әдеби-драмалық хабарлар; «Ұшқын» бағдарламасы; «Қазақстан» радиотеатрлары болды. Сол сияқты «Ауыл өмірі» радиостанциясы өз алдына жеке бағдарлама болатын. Бұлардың барлығында да танымал журналистер,талантты очеркистер жұмыс істеді.
Әсіресе, «Көреген» сатиралық радиожурналы деген болды. Оны екі комитеттің тікелей араласуымен эфирге шығаратын. Яғни, халықтық бақылау комитеті ел арасындағы кейбір етек алған келеңсіз жайларды тексеріп, деректерін журналистерге беретін.
Ал фельетонистер әлгі деректерді әрі қарай журналистік зерттеуден өткізіп барып, фельетондарға арқау ететін. Мысалы,Әли Мұсақанов, Кәкімбек Наржанов, Құсман Игісінов, Нығмет Жандилдиндер халықтық бақылау комитеті берген деректерден ауытқымай, өмірде бар адамдардың образын артистердің орындауына лайықтап, ойнақы етіп жазатын. Көбіне басшы қызметтегі ел сенімін ақтамаған, алаяқтық жолға түскен кейбір директорлар, бухгалтерлерді нысана етіп алатын. Оны Таңат Жайлыбеков, Есболған Жайсаңбаев, Райымбек Сейітметов, Торғын Тасыбекова және Тоқсын Құлыбековтер драм-блоктың сахнасында құлпыртып ойнап, дыбыс режиссерлары түрлі құйқылжыған сазбен көркемдеп, өте әсерлі етіп шығаратын.
Осыдан екі жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығы аталып өткені белгілі.
Осы мерейтойға арнап бес томдық академиялық еңбектің жарық көруіне араласқандығымызды мақтаныш тұтамыз.Ол басылым да алғашқы кезеңде небір қиыншылыққа ұшы-рапты.«Еңбекші қазақ» деп аталған соң ол газеттің бетінде алаш арыстарының небір үлгі тұтарлық дүниелері жарияланған екен.Ол мақалалар ұлттық мәселелерге, ел мен жерге, мәдениет пен білім алуға арналды.Өкінішке орай жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан кейін, солақай саясаттың кесірінен (Голощекин тұсында) газет материалдарының мәні кете бастайды.Өйткені журналистиканың көрігін қыздырып жатқан алаш арыстарын шетінен тұтқындап, тілін кесіп, тізгіндеп ұстады.
Кейде осындай фельетондарға кейіпкер болған шаруашылық басшылары, совхоз директорлары, колхоз председательдері, райкомның секретарьлары ЦК-ға дейін шағымданып, «мені бекер жазғырды, ел-жұрттқа қарайтын бет қалмады» деп арыз түсіретін. Осындай жағдайда орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімі, эфирден өткен фельетондарды алдырып тыңдайтын. Артық кеткен жерлері болса, журналистерге ескерту жасап, ал, әлгі кемшілік жіберген кейіпкерлерді орындарынан алып, тіпті істі қылатын еді. Міне, журналистиканың пәрменділігі деп осыны айтса керек.
Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды
Біз кезінде осы тақырыпта зерттеу мақала жазып,зиялы қауым талқысына салған едік. Бұл проблеманың бүгінде өзектілігі одан сайын арта түскен сияқты.Өйткені қазіргі журналистиканың «төртінші билік» атағына лайық пәрменділігі қалмай барады.Сонда не істемек керек?
Журналистиканың негізгі қызметі – атқарушы орындарды қалғытпай, мүлгітпей, қоғамдық мәселерді шешуге ұйымдастыру екенін жоғарыда айттық. Өкінішке қарай ,біз қазір сондай ықпалды құралдарды елдің игілігіне толық пайдалана алмай отырмыз. Айталық, телевизия хабарларын құр жеңіл-желпі әңгімелерге,болмаса әртістер мен байсымақтардың не киіп, не ішетініне, ұрысқан мен таласқанына, қайда барып, қанша ақша тапқанына арнап жібердік.
Ал бұқаралық ақпарат құралдарың дүниежүзілік тәжірибесі бойынша басты міндеті – ол емес.Ол алдымен,тағы айтамын, ақпараттың еркін ағымын қамтамасыз етуі тиіс.Сол сияқты елде болып жатқан жағдайларды көрсету арқылы, жақсысын жақсы, жаманын жаман деп ашығын айтуы керек.Өйтпесе не болып жатқанын халық қайдан біледі?
Қазір, әсіресе ұлттық құн-дылықтармыз түрлі тосқауылдарға тап болып отырғанда қазақ ақпарат құралдары жанашырлықпен белсене араласуы тиіс.Көрінгеннің көңіліне қарап ұшпаққа жетпейміз.Орынсыз жалтақтық жарға жығатыны аян.Яғни, журналистикасы жалтақ ел тоқырайды.
Мысалы, кейбір арналар шешімін күткен мәселені экраннан бір көрсетіп, не эфирден бір рет берген болып,сонымен тынады.Әлгі проблеманы БАҚ біткен бірінен кейін бірі өрбітіп алып кету жоқ.Мәселе түпкілікті шешілгенше дамыл таппай нәтижеге жету дегенді көрмейміз.Сонда журналистиканың пәрмені болмағаны ма? Ол біздің шаруамыз емес пе сонда? Жазылған жайдан,айтылған әңгімеден еш нәтиже болмаса, ондай хабардың керегі не?
Тәуелсіздігі өз қолына тиген ел тағдырына қатысты мәселені бұлай аяқсыз қалдыру,тіпті күнә. Сондықтан журналистеріміз күрделі жағдайды көпшілік талқысына салудан, жұртты ұйыстырудан жалықпауы тиіс. Өйткені ел ішінде небір талантты, істің көзін білетін, терең білімді, жанашыр жандар жетерлік. Солардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы пікірін біліп, ел-жұртақа жеткізу –қалам ұстаған қауымның міндеті.
Әлемдік тәжірибе бойынша журналист болатын кісінің көзі қырағы,ойы ұшқыр,білімі терең болуы керек. Сондықтан да кезінде олардың қалай даярлаймыз деген төңіректе үлкен әңгімелер болды. Біреу-лер журналистерді арнайы факультеттерде жылдар бойы оқытпай-ақ, екі үш айлық курсты бітірсе болады деді. Сөйтіп, журналистиканы мамандық емес, машық деп түсіндірді.
Ал шын мәнінде маман болу мен машықтану екеуі екі бөлек дүние. Журналист – білім көкжиегі кең, ойын еркін жеткізе алатын,азаматтық ұстанымы бар мамандық иесі. Ондай маманды даярлау үшін университеттік білім беру қажет. Сондықтан да өркениетті елдерде журналист мамандарын арнайы жоғары мектептер мен университеттерде даярлайды. Аз мерзімдік курстардан-ақ дайындап шығара саламыз деген сөз – шолақ ойлайтын адамдардың пікірі.
Сол сияқты кейінгі кезде журналистиканы әркім өз білігіне қарай пайдаланғысы келетін жағымсыз тенденция етек алып бара жатқаны белгілі. Ондай дертті аластаудың жолы – БАҚ тың қоғам, ел алдындағы негізгі міндетін анықтай түсіп, халық мінберіне айналдыру. Егер ол тек биліктің қол шоқпары болып қалса, немесе ат төбеліндей ақшалының сойылын соғып кетсе, ақ жолдан адасатыны анық.
Ақпарат монополияланған жерде пікір алуандығы бұзылады, ақиқат айтылмайды. Ал біз, шын зиялы қоғам орнатамыз десек, Ахмет Байтұрсынов айтқандай:«халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болатындай кадрларды даярлауымыз керек. Журналист үшін одан асқан мәртебе жоқ. Ондай абыройлы істі келте ойлайтын кісі емес, кемел толғайтын жан ғана атқара алса керек. Бұл мамандыққа университеттік білімнің қажеттілігі де сондықтан.
Қай елде болмасын қоғамдық сана алдыға шықпай, өркениет жолына түсуі қиын екені бесенеден белгілі.Олай болса оған көпшіліктің жанашырлықпен араласуы ауадай қажет.Ал бізде қалай?Өзімізге де бірауық сын көзбен қарайықшы.Қазір небір белсенді деген жандардың өзі самарқау тартып бара жатқан секілді.Байқасаңыз қоғамдағы осы немкеттілік бірте бірте отбасының,тіпті отағасының бейғамдығына, шарасыздығына әкеле жатыр. Ондай жұрт қалай ел алдына шығады? Отанға, жерге жанашыр болып шырылдап жүргендерге қайда? Неге селт етпейміз.
Бұл жақсы емес, әрине. Ал бұрын аздаған сын айтылса да шамданып,дауласып,қызарақтап қалатын едік қой. Қазір етіміз өліп кеткен сияты ма, қалай? Бәлкім, бұл да бір алмағайып уақыт шығар. Дегенмен ес жиып,етек жабатын, жұдырықтай жұмылатын кез келді. Бұлай самарқау жүре берсек,ұлы көшке ілесеуіміз кәдік.
Ұйқылы ояу кісі ешқандай қам жасамайды, ізденбейді де. Әйтеуір қарын тоқ болса болды деп, соған қанағат қылады. Адам баласының мақсаты – тек қарынның тоқтығы ғана емес шығар. Ұрының да, кісі өлтірген адамның да қарыны тоқ болуы мүмкін. Ал біздің де мұратымыз ол емес қой,әрине. Мұратына жеткен адам ғана бақытты ғұмыр кешеді. Арғы-бергі тарихымызға үңілсек, адам баласына тән жақсы қасиеттер қазақ халқының да қанында бар. Әлі де түгесіле қойған жоқ шығар. Енді сол қасиеттердің көрінуіне, сақталуына тікелей әсер ететін ұлттық идея болуы заңды.Осының негізінде мемлекеттік идеология жұмыс істеуі керек. Ал идеологиялық жұмысты жүргізудің бір тетігі –тағы сол журналистика. Осындай елде ғана «төртінші билік» өз тұғырына қонады.
Жалпы БАҚ та ұлттық идеядан, мемлекеттік идеологиядан ал-шақ кетпейді. Қоғам қандай болса, журналистика да сондай. Себебі қоғамнан бөлек журналистика болған емес,болмайды да.
Кейбіреулер үшін қанша жерден жексұрын болып көрініп жатсақ та, болмаса «осылар- ақ бірдеңені түртпектемесе жүре алмайды» деген сөзге қалсақ та, журналистер әділін айтуы керек. Айтпаса сөздің атасы өледі дейді. Жауырды жаба тоқып, сылап сипап, жақсы көрініп, сұлу сөйлеп, қызыл сөзді қуырып, заржақтықпенен елдің алдына түсе алмайтынымыз анық. Қазір елге жанашырлық әңгіме,танымдық материалдар, қозғау салатын дүниелер керек-ақ. Жылтыраққа әбден тойдық қой.
Ұлттық құндылықтарды қастерлеу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кеңінен айтылды. Бірақ соның орындалуында кінәрат бар секілді. Себебі халықтың рухани жағынан жаңғыра қойғаны шамалы…
Бағдарлама шеңберінде мәң-гілік мұраларымыз бен ұлттық құндылықтарымыз жайлы көптеген кітаптар жарық көрді.Оған шүкіршілік дейік. Бірақ,осы рухани жаңғыруды айта-айта жауыр қылып, көрінген жерге тықпалап, жұртшылықты жеріндіріріп алмадық па деп қорқам ? Бұрынырақ қазақ ұлтының қонақжайлылығы, қайырымдылығы сияқты қасиеттері жайлы өзгелер көбірек тамсанып айтатын еді. Қазір, керісінше, мысқылдың нысанына айналып бара жатқан секілдіміз. Және соған етіміз де үйрене бастағандай. Тыңдап алып,түк болмағандай жүре береміз. Қашанғы осылай болады?
Әлемді аузына қаратып отырған АҚШ 1940-1955 жылдары, яғни 15 жыл бойы «Америкаға қандай идеология қажет?» деген тақырыпта үлкен талқылау өткізді. Оған елдің ғалымдарынан бастап, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, жалпы зиялы қауымы түгел араласты. Қаражатты аямай төгіп, ел-жұрттың көңілінен шығатын идеологиясын жасап алған.
Соның арқасында қазір дәулеті шалқыған, жер жүзі мойындайтын елге айналды. Барлығы оның қас қабағына қарайды. Оған ешкімнің тісі де батпайды.
Ал бізде ше? Біз не істеуіміз керек енді? Біздіңше, бәрі ұлттық идеяға тірелетін секілді.Ұлттық идеямыз қазақ халқының шынайы арман- аңсарына негізделсе, онда идеологиялық жұмыс та өнімді жүріп кетер еді. Ондай қоғамда халық еркін тыныстайды, бойындағы барын аямайды.
Соның арқасында мемлекет дамиды, ел-жұрттың еңсесі көтеріледі.Ал сенім болмаған жерде барыңды да бере алмайсың, әлеуетіңді көрсетуге мұрша жоқ. Адами қасиеттері ашылмағасын бәрі жалған дүние. Қай кезде, қай жерде болмасын авторитарлық қоғамның нәтижесі төмен болған.Осыны жасқанбай айта алатын журналистиканың орны бөлек қашанда.
Соңғы 2 жылдан бері ковид деген тәжтажал әлемді алқымнан алды. Оған қоса екі өкпеден қысып, емі табылмай тұрған тағы бір кесел – ол жемқорлық. Түрлі толқулар тағы бар. Елдің тынысы тарылып жатқанда емге жүретін дәрі-дәрмекті тығып қою деген не масқара? Батыс жақта қуаңшылықтың әсерінен жұттың да белгілері көріне бастады. Сондай апаттардың алдын алу үшін бір баланың әрекетіне тоқмейілсімей, атқарушы орындарға тыным бермеген жөн.
Жоғарыда айтқанымыздай қазақ тегінде мықты халық. Үлесімізді түгел алуға қазақ халқының ұлт ретіндегі ұйымшылдығы,салт — дәстүрі, бәрі септік ете алады. Біз осыншама байлықты, жерді, құндылықтарды аманаттап тастап кеткен ата-бабаларымыздың алдында борыштармыз. Олар ұлт ұпайын түгел жеткізді. Енді бізге соған лайықты болып, бар байлығымыздан ажырап қалмау ғана қалды.
Ендігі жағдайда, мынау ал-мағайып кезеңде, біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге, құн-дылықтарымызға аса мән бермесек болмайды. Өйткені біздің ортада қазір әртүрлі ағымдар көбейіп бара жатыр. Ол дінде де бар. Батыстан келген жағымсыз құбылыстарды қоздырушылар арамызда шолжаңдап жүр. Өздерінің ойына келгендерін істеп, көшеге шығып, жүздеп жүретін болды. Мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіншілігін дұрыс пайдаланып, елдің асыл мұраты не, қалай ұлт боламыз деген мәселелерді жиі қозғау керек.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.