ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ- БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ
24.03.2022 0 944
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері
Сонымен, «Қасіретті қаңтар» оқиғасы елімізде орын алған бірқатар кемшін тұстарымыздың бетін ашып берді. Әсіресе идеология саласында, жастар мәселесінде олқылықтар қордаланып қалғанын көрсетті. Ендігі міндет – одан сабақ алып, қорытынды шығару.
Елімізде жылдар бойы жұмыссыздық пен әлеуметтік – тұрмыстық мәселе шешілмеді. Қалада да, ауылда да жұмыссыздық көбейді. Оқу бітірген жас маман мамандығы бойынша орын таба алмады. Тапса да, жалақысы мардымсыз, күнделікті күнкөрісіне жетпеді. Баспанаға қол жеткізу қиындады. Жұмыс іздеп, ірі қалаларға сабылды, шетелге кетуге мәжбүр болды. Жастар қоғамнан сырт қалды. Қоғамның өгей баласы сияқтанды, өмірден қағажу көрді. Қатыгез қоғамнан қайран болмады. Осындай себептерден қоғамға, билікке деген ашу- ыза кернеп, наразылық күшейе түсті. Парақорлық, сыбайластық жемқорлық жылдан- жылға асқына түсті. Маңдай терін сорғалатып, еңбек етпей, жеңіл жолмен байып, мемлекет қазынасына қол салған ат төбеліндей олигархтар тобы көбейді. Қоғамдағы осындай жағымсыз көріністер саяси көзқарасы қалыптаспаған, өмірлік тәжірибесі аз жастар санасына теріс ықпалын жасады. Барлық құндылықты ақшамен өлшеуді алға қойды. Қандай жолмен болса да баюды ойлады. Еңбекке қызығушылығы төмендеді. Қазіргі жастар ата- бабамыз тыйым салған дүниеден, көрсеткен өнегеден емес, әлеуметтік желіні бағып, «Тік Ток» арқылы тәрбиеленді. Қытай данышпаны Конфуцийден патша: «Ұлтты жою үшін не істеу керек?» деп сұрапты. Сонда Конфуций: «Дәстүрін жою керек» деп жауап беріпті. Сол айтқандай, ұлттық дәстүр кейінге ысырылды. Жастар арасында шетелге еліктеушілік етек алды. Халқымыздың ұлттық құндылықтарына немқұрайды қарады.
Жақында өткізілген «Nur Otan» партиясының сьезінде сөйлеген сөзінде Қ. Тоқаев елдегі қаңтар трагедиясының қорытындысын сараптай келіп, жастардың әлеуметтік-экономикалық бейім-делуіндегі олқылықтарға жергілікті атқарушы органдар мен жалпы мемлекеттік басқару жүйесі кінәлі екенін айтып, жастармен жұмыстағы олқылықтарды атап көрсетіп, оны жолға қоюды тапсырды.
Парламент Мәжілісінде Президент елдегі жұмыссыздық мәселесіне де назар аударды. Жұмыссыздықты жоюдың шараларын қарастыруды тиісті орындарға міндеттеді. «Жұмыссыздықты, әсі-
ресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастарды тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Біз мұны білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп күн көреді» деді Президент.
Жастарға бағыт-бағдар көрсе-тетін, көшбасшылық жасайтын »Жас Отан», «Жастар орталығы» жастармен мақсатты, пәрменді жұмыс жүргізуде дәрменсіздік танытты Олар мерекелік шаралармен ғана шектелді. Жастарды соңынан ерте алмады. «Нұр Отан» партиясы жастар ұйымына дұрыс басшылық жасай алмады.
Партия сьезінде Қ.Тоқаев: «Jas Otanның» нақты жұмыс істеу мүмкіншілігі зор. Партияның жастар қанатының республика бойынша 100 мыңнан аса мүшесі бар. Алайда қомақты ресурстар дұрыс пайдаланылмай отыр… Мемлекет жастарды жұмыспен қамту, оқыту бағытында бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырып жатыр. Алайда сауалдар көрсеткендей, жастар олар туралы ештеңе білмейді. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек» деп сындарлы пікір айтты.
Кеңес өкіметі тұсында жастармен жүйелі, тиянақты жұмыс жүргізу үшін мектепте октябрят, пионер, комсомол, оқушылар комитеті секілді жастар ұйымы жұмыс істегенін аға ұрпақ жақсы біледі. Олар оқушылардың саяси көзқарасын, патриоттық сезімін, ізгілік қасиеттерін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға зор үлесін қосты. Мұндай жастар ұйымы барлық халық шаруашылық салаларында, оқу орындарында жұмыс істеді. Бұл ұйымдар жастармен жүйелі жұмыстар жүргізіп, бір-бірімен сабақтасып жататын. Сондықтан еліміздегі жастар ұйымының құрылымын түбегейлі өзгертіп, жастармен қоян- қолтық, тығыз, нәтижелі, жұмыс істей алатын, жалынды жастарға жетекшілік ететін ұйым болуы керек.
Елімізде жастардың теріс бағытта тәрбиеленуіне «Қазтелерадио», әлеуметтік желілері белгілі бір ықпалын тигізуде. Олар қазақ менталитетіне қарсы бағдармалар, хабарлар таратады. Тәрбиелік мәні төмен, сайқымазақ, арзан күлкіге , өсек- аяң секілді ұсақ- түйек хабарлар, көрсетілімдер, шетелдік сериалдар дайындайды. Жастардың санасына, дүниетанымына әсер ететін, ойын дамытатын, таным-дық, ғылыми, патриоттық, эстетикалық сезімдерін байытатын қөрсетілімдер, халқымыздың дәстүрлі ән- күйлері экраннан сирек көрінеді.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылы ішінде кітап оқымайтын ұрпақ қалыптасты. Бұл жастардың ой- өрісінің төмендеуіне, санасының таяздануына әсерін тигізді. Оларды отбасынан, мектеп қабырғасынан кітап оқуға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға көңіл бөлгеніміз жөн. Жастарымыз әлеуметтік желілердің жетегінде кетті. Сол себепті соңымыздан сауатсыз, ойсыз, өмірге немқұрлы қарайтын жеткіншектер өсіп келеді. Газет- журналдардың, басылымдардың қолжетімді болуы үшін мемлекеттік, жеке басылымдарға қолдау жасап, газет- журналдардың арзан болуына көңіл бөлінуі керек.
Қалада да, шалғай ауылдарда да жастардың спортпен айналысуына, мәдени өмір сүруіне жағдай туғызу- мемлекеттің басты міндеті. Спорт кешендері, ойын-сауық отаулары тегін болуы керек. Ақылы болғандықтан, тұрмысы төмен отбасы балаларына қолжетімді болмай келеді.
Сондай-ақ жоғары білімнің қолжетімділігіне көңіл бөлген жөн. Саяси көзқарасы, дүниетанымы қалыптаспаған жастарды шетелде оқытуды азайтып, оның орнына өзімізде оқытып, жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын арттырып, материалдық оқу базасын жақсартқан жөн.
Діни радикалды топтардың ықпалында жүрген жастарымыз арасында үгіт-насихат жұмыстарын жандандырып, қоғамға, ортамызға тарту мәселесін қолға алу керек.
Ең басты мәселе- Үкімет жұмыссыздықты жоюды қолға алған жөн. Бұл үшін елімізде өнім өңдейтін жұмыс орындары, зауыт-фабрикалар мен кәсіпорындар қатарын көбейтіп, жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аудару керек.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы ел мен жердің амандығынан, мемлекетіміздің тәуелсіздігінен ең қастерлі де қымбатты ештеңе жоқ екенін тағы да дәлелдеп берді. Сондықтан «Жау жоқ деме, бөрік астында» демекші, әр уақытта қырағы болып, ішкі бірлігіміз бен тұтастығымызды нығайтып, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтай білейік.
Жастарға қамқорлық- болашаққа салынған инвестиция. Ендеше, оларға дұрыс бағыт- бағдар көрсету, тәрбиелеу басты міндетіміз. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жас ұрпақтың саяси сауаттылығына, білімділігіне, ізгілік, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруіне байланысты болмақ.
Алдағы уақытта жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оларға қолдау жасап, қамқорлықты жақсартайық. Өйткені олар – болашағымыз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.