Мұғалім — мәртебелі мамандық
17.10.2021 0 6 386
«Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі»
Мағжан Жұмабаев
Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады.
Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қиын да маңызды міндеттерді жүзеге асыра алатын, тек ұлағатты ұстаз. Осындай ауыр жүкті алып жүріп, біздерді терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге дайындау тек білікті ұстаздарымыздың қолынан келмек. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель» десе, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеген екен. Осындай ұлы тұлғалардың ой түйіндеулерін оқып, өмірлерін зерттеп, өлеңдерін жаттап өскендіктен «Ұстаз» болуды бала күнімнен армандадым. «Ұстаз — жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп ғұламамыз Әл-Фараби айтқан ұстазға арналған барлық теңеудің иесі болғым келді.
Арманым орындалып, мектепті аяқтаған соң, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түстім. Теориялық білім алып, оны практида пайдалану үшін, үшінші курстан бастап оқушыларға сабақ беруді үйрене бастадық. Алғаш сабақ беріп, өзімді ұстаз санаған кезімдегі әсерді айтып жеткізу оңай емес. Мен үшін ерекше, өмірімде орын алған тарихи сәттің бірі болды. Өз мамандығымды сүйіп таңдағаным соншалықты шәкірттерімді көргенше асығатынмын. Өзіме бекітілген ұстазымның, «жарайсың», «мына әдісіңді қолдана отырып тақырыпты аша түстің», «керемет шықты», деген сөзін күнде естуді қалайтынмын, әр күні сабағымды түрлендіріп өтуге тырысатынмын. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен өлең жазуға, ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқуға, талдауға жаным құмар еді. Құмарлығыма таңдаған мамандығым дөп басқандай болды. Түрлі іс-шараларға, сайыстарға, жыр додалары мен айтыстарға қатысып, өз білімімді сынап көріп, тәжірибемді арттырдым. Менің ұстаздық жолым өз таңдауыммен, жүрегімнің қалауымен, шалқар шабытымның шарықтауымен басталған болатын. Міне, сол жолда шәкірттерімізге білім дәнін сеуіп, өз білгенімді үйретіп келе жатқаныма биыл тура 19 жыл болыпты. Осыдан тура он жыл алдын білім кеңістігіндегі әдісіміз бен тәсіліміз, дәл қазіргі жүйеден өзгеше еді. Қазір білім жүйесі өзгерді, сапа да өзгерді. Білім кеңістігіне келген үлкен өзгерістің тиімді, тиімсіз жақтарын да көріп келеміз. Көп сұрағымның жауабын табу үшін бірқатар мемлекеттердің білім деңгейін көріп, танысып, зерттей бастадым.
Қазіргі таңда білім көрсеткіші бойынша ең алдағы мемлекеттің бірі Сингапур елі болып табылады. Білім сапасы өте жоғары. Елдегі білім беру стандартын қалай жақсартамыз деген сұрақ ұстаз ретінде, мені де мазаламай қоймады.
Қазір білім беру сапасы жоғары деңгейде болуы үшін мұғалімнің біліктілігі басты рөл атқарады деген сенім көпшілігіне тән болып келеді екен. Мысалы, Финляндияда, Оңтүстік Корея мен Сингапурде мұғалім мамандығын мектеп пен университетті өте жақсы бағамен оқығандар мен әбден ысылып, тәжірибеден өткен университет түлектері ғана алуға мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттердің тек білімді азаматтарды ғана жұмысқа алуының тағы бір себебі – жоғары төленетін жалақы. Арнайы мамандардың зерттеуіне сүйенсек, осы елдердегі білім сапасы бүкіл әлем бойынша көш бастап тұр, ал мұғалімдерінің жалақысы елдегі басқа мамандықтарға қарағанда ең жоғарғы көлемде беріледі. Ертедегі Шығыс философиясында «Шәкірттің ұстаздың көлеңкесін басуға да құқы жоқ» деген сөз бар. Оңтүстік Кореяда осы пікірді қатаң ұстанады. Корея мемлекетінде білім беретіндердің басым көпшілігі – әйелдер. Бұл елде ата-аналар мұғалімдердің сырт келбетіне дейін сынауға құқылы.
Егер мұғалімге көңілі толмаса, мектеп әкімшілігіне немесе жоғары органдарға арыз-шағымдарын айтуы-
на да болады. Бұрын Кореяда ұстаз мамандығы «ақылды, бірақ кедейдің» мамандығы деп есептелсе, қазір әлеуметтік жағдайы жоғары мамандықтың бірі болып отыр. Абыройлы мамандыққа айналуының бір себебі: елдегі ерлердің 53%-ы қалыңдығының мұғалім болғанын қалайды екен.
Бұл жақта 55 жаста еңбек демалысын ойлауға әлі ерте. Мұғалімдер 62 жасқа толып барып, демалысқа шығады. Кәдімгі компания қызметкеріне қарағанда зейнетке шыққан мұғалімдердің орташа зейнетақысы 2-2,5 мың АҚШ доллары. Екінші бір себебі: мұғалімдер оқу жылының соңындағы демалыс кезінде де жалақы алып отырады. Әдетте, америкалық мұғалім аптасына 31 сағаттан, аустралиялық мұғалім 20 сағаттан жұмыс істесе, кореялық ұстаз аптасына 14,5 сағат жұмыс жасайды. Кореялық мектеп мұғалімдері Федерациясының жүргізген сауалнамасында мұғалім-дердің тек 4%-ы ғана қазіргі жұмыстарына көңілі толмайтындығын айтқан. Бұл елде мұғалімнің бір орнына 10 адам таласады екен.
Бауырлас еліміз – Түркияда ата-аналар ұстаздарға өз балаларын «Сүйегі – менікі, еті – сенікі» деп тапсырады. Егер оқушы киімін түймелемей келе жатқанда алдынан мұғалім шықса, құрмет ретінде киімін түймелеу керек деп есептейді. Ал кейде бастауыш мектеп бітіргендер бұрынғы ұстаздарына алғыс ретінде олардың қолдарын сүйеді. Бұл елде тағы бір түсінік қалыптасқан: егер ата-ана мен ұстаз арасы жақсы болса, баланың оқуы жеңілдейді. Сол себептен де, ата-аналар ұстаздарды демалыс күндері үйлеріне арнайы асқа шақырып, мереке күндері балаларынан сыйлық беріп жіберетін көрінеді. Түркияда мұғалімдердің орташа жалақысы айына 800-1000 АҚШ доллары шамасында. Тек осы елде ғана мұғалімдерге бірнеше жеңілдік қарастырылған: ғылыми дәрежесі үшін қосымша 320 АҚШ долларын, біліктілігін жоғарылатуға арналған курстарға қатысқаны үшін 210 доллар, баласы бар мұғалімдерге 165 доллар төлейді және жол жүру ақысы 50%-ға жеңілдетілген.
Сингапур елінде педагог маман-дығына түсу үшін мектепті алтын медальға бітіру шарт. Екінші педагог мамандығын аяқтаған соң мектепте практикадан өтіп, директордың характеристикасын алған соң диплом береді. Педагогика мамандығына түскен үздік оқушылардың 30% ғана диплом алады. Мұғалімдікке нағыз лайықты адамдарды тартады.
Мен білім жүйесі дамыған елдерді оқып, зерттей келе, оқыту мақсатын жақсартуда алдыңғы қатарлы мектеп жүйелері үш қағиданы берік ұстанатынына көзім жетті :
1. Мұғалімділікке лайықты тұлға-ларды тарту.
2. Бұл адамдарды тиімді педагогқа айналдыру.
3. Әр балаға жоғары табысқа қол жеткізе алатындай жүйені құру.
Ия, мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашан да жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екені айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді жауап бере аламын.
Сөзімнің дәлелі – биыл күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтің ¬ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді. Заңда педагогтің әдебі, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, педагогті материалдық және материалдық емес қамтамасыз ету, т.б. мәселелер қамтылған.
Мектептің жаны – мұғалім. Мұға-лім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім — деп Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай, білімді, педагогика мен методикадан хабардар, білімді, жақсы оқыта білетін әріптестеріміз, шәкірттеріміз көп болсын.
«Нашар ұстаз шындықты қайта-лайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп табуға үйретеді» деп Адольф Дистверг айтқандай, әріптестер «ұстаз» деген ұлағатқа лайық, шәкірт бойына терең білім мен бірге адамгершілік қасиеттерді сіңіріп жүрген, Ы.Алтынсариннің қалауындағы «жақсы мұғалім» үздік педагог болып, «Мұғалім мәртебесін» көтеруге бірге қызмет етейік!
Шымкент қаласы
№52 мектеп-лицейінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, шебер-педагог
Кенжеқыз Аяпова
Жұмбақ өмірдің қайсар ұстазы
Әр жаңалықтың ұтымды жақтарын саралап ала білетін ұстаз — жеңімпаз! Не үшін дейсіз бе?
Бір сәттен кейін не болатынын болжай алмайтын, тосынсыйларға толы өмірдің куәгері болудамыз. Әлем сағаттап, санамыз қабылдап үлгермейтін, жарық тездігімен дамып келуде. Жақын он жыл бұрын жоғары білім жақсы өмірдің кепілі болса, бүгінгі таңда білімнің өзі жеткіліксіз. Жоғары интеллектпен қоса іскерлік, қарым-қатынас, көшбасшылық, эмоциялық интеллект талап етілуде. Бұл біліммен тәрбиенің ошағы — мектеп және ұстаздарды алдымен сынға алуда.
X, Y, Z ұрпақтың Y ұрпағы ретінде өткен ғасырдың 90 жылдары мен бүгінгі күннің өзін салыстыру қиын болып тұр. Білім саласындағы бүкіл реформа көз алдымызда сынақтан өтуде. Жаңа білімді игере жүріп, оқушыларға игерту керектігі ұстаздардан тек сабақ өтіп шығудың өзі жеткіліксіз екендігін, тынбай жұмыс жасау керек екендігін көрсетуде. Оқушылардың миы сан түрлі мәліметтермен толы. Интернет желісі, түрлі гаджеттер, бір жағынан қауіпті кибербуллинг. Оқушыларға дұрысты бұрыстан, жақсыны жаманнан айырудың өзі қиын. Бұл жағдайда оқушыларда тек сыни ойлау дағдысын қалыптастыру арқылы ғана нәтижеге жетуге болады.
Сабаққа баруда сыныбымның 25 оқушысы көз алдымда тұрады. Әдіс таңдауда, тіпті сөйлейтін сөз таңдауда әр оқушым жадымда тұрады. Әр қайсысымен ашық сөйлесуге, достасуға тырысамын. Себебі тұйықтық — үлкен қауіп. Мұны ата-аналар да түсінсе деймін. Бір бұрышта үндемей, өзімен-өзі отыратын балаңыз дабыл қағуыңызға себеп болу керек. Бірақ көп жағдайда біздің менталитеттің қалыпты жағдайы деп ойлап, көп қате пікірлер қалыптасуда. Тіпті кейбір ата-аналар мұны артықшылық деп санайды. Жоқ, балаңыз сізбен ең болмағанда мәлім бір ақпаратпен бөлісуі керек.
Қазірде сынақтар оқушыларды дипрессияға жетелейтін болған. Шектен тыс сезімтал. Бір бақылаудан төмен баллдың өзі оларды абдыратады. Сол себепті мен сабақтарымда сайыстарды көп ұйымдастырамын. Әрі қызықты, әрі оқушы өзін-өзі қамшылайды, сынақтарға төзімді болады. Жеңіс, жеңіліс оларды есейтеді және бір артықшылығы оқушының дүниетанымы кеңейеді, оған қоса қарым-қатынас дағдысы да артады. Адамның психологиясында адам үшін түсініксіз нәрсе адамды сол нәрседен алшақтатады. Оқушыңыз математика пәнін түсінбесе, сол пәнді жаман көреді. Рас қой. Тіпті өзімізде, бізге түсініксіз дүниенің есігін тарс жабамыз. Үйренуді қаламаймыз. Осы сырды біліп, керісінше жасау керек. Денсаулықты нығайтқан сияқты. Бұлшық еті әлсіз балаларды жүзуге береміз. Аяғы нәзік болса велосипед тебеді. Білім беруде де солай. Жақыннан таныстырып көруге, жақындауға қорықпау керек. Қызық, иә?
Осының бәріне бір уақытта үлгеру үшін терең білімділік пен бірге қайсарлық, өжеттілік қажет. Бүгінгі күннің қаһармандары деп мына жұмбақ өмірдің қайсар Ұстаздарын көрсетер едім. Себебі, бір уақыттың өзінде әрі ұстаз, әрі ана, әрі дос, әрі психолог, әрі дәрігер болып қызмет атқаратындарын өздері де білмесе керек.
Шымкент қаласы
№52 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі
Гавхар Яхшибаева
Киелі білім ордасы
Мектеп… Осы бір сөзде үлкен мән-мағына жатыр. Осы сөзден біздің бүкіл өміріміздің баспалдақтары басталады. Мектеп, білім, ұстаз деген ұлы сөздер бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл сөздердің құдіретін ұға білу де парыз.
Дана халқымыз «Дарын – жанып тұрған жалын», – дейді.
Осы тұста шәкірттері дарынды, білімді және ұстаздары білікті Шымкент қаласындағы білім басқармасына қарасты киелі білім ордасы №52 мектеп-лицей туралы мақтана айтқым келеді. Мектеп – кеме, білім — теңіз. Мектепті білім айдынындағы үлкен кеме. Біздің мектеп-лицейіміз заманауи талаптарға сай, терезесі тең білім ордасы.
«Ұстаз» деген атқа ие болған адам бақытты адам деп білемін. Себебі, олар әрбір шәкірт тағдырына әсер етіп, әрқашан тірек болып шәкірт қасынан табылары сөзсіз. Мектеп-лицейімізде осы ұстаз бақытын сезініп жұмыс жасап жүрген ұлағатты ұстаздар көп. Жас ұрпаққа жаңа заманауи талаптарға сай білім беруде инновациялық іс-әрекеттің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгерген, дарынды оқушыларды қалыптастыруда нәтижеге бағытталған сапалы көрсеткішке ие болған жоғарғы санатты жаңашыл ұстаздарымыз өздерінің жаңашылдығымен, көш-басшылығымен әрбір оқушының, ата-ананың жүрегінен орын алып келеді. Ұстаздардың әрбір шығармашылық жұмыстарын көтеріп, мадақтап оған алға қарай бағыт беруде және теориялық білімді киелі ордада практикамен ұштастыру, нәтижеге бағытталған жобалар ұйымдастыру, ұстаз бен шәкірт бірлескен жұмыстың жүйелілігі мектеп әкімшілігінің басты назарында. Осындай тынымсыз еңбектің бағыты негізінде келешек ұрпақ беделі өсуде. Яғни, мектеп-лицей қай салада болсын білім сапасы жағынан да, әртүрлі іс-шаралардан да жоғарғы деңгейде марапаттарға ие. Ұжымдағы ұстаздар еңбегінің жемісі шәкірттер жыл сайын білім мен шығармашылықтарын ақтап қалалық, республикалық байқаулардан жүлделі орындармен оралып, мектеп мерейін өсіріп келеді. Бірнеше түлектеріміз беделді оқу орындарына түсіп, өнерлі жастар өркендеп өсуде.
Сонымен қатар, әр оқу жылы әртүрлі жаңашылдық алып келеді. Биылғы оқу жылында да мектеп дәлізі өтсеңіз көздің жауын алар, кеудеңді нұрға бөлер ақпараттар, заманауи құрылғылыр, оқу білім туралы мәліметтермен толықты.
Менің мектебім — менің мақтанышым!
Мен, Танкаева Гулнар Мауенқызы осы алтын ұяда бірнеше жылдардан бері бастауыш сынып мұғалімін. Еліміз көркейіп гүлденуі мен өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен мына біздер тәрбиелеп жатқан шәкірттерден көрінері сөзсіз.Ертеңгі күннің бүгіннен де нұрлы жарқын болуы тек білімге тән. Мектебімнің әрбір жетістігімен мақтанамын. Келешегінен зор үміт күттірер шәкірттері бар № 52 мектеп-лицейі өсе бер, өркендей бер!
Шымкент қаласы
№52 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі
Гулнар Танкаева
Шымкент қаласы мектептері қашықтан білім беруді жүйелей білді
Қашықтықтан оқыту жағдайында цифрлық білім берумен қамтамасыз ету мақсатында мұғалімдер мен оқушылар үшін «Bilim Land» платформасының OnlineMektep модулі жұмыс жасады. Аталған платформада мұғалімдер жыл бойы 6 млн. 812 мың рет, ал оқушылар 16 млн. 217 мың рет сабақ барысында пайдаланып, жыл қорытындысымен Шымкент қаласы республика кесіндісінде І, ІІ, ІІІ және ІV тоқсанда 1-ші орынды иеленді. Жыл қорытындысында «Ең үздік білім басқармасы» стелласымен марапатталып, алғыс хаттар табысталды.
BilimLand платформасындағы Online Mektep модулін қолдану, кіру статистикасы мен сабақ орындау, тексеру функциялары бойынша конкурстан «ЕҢ ҮЗДІК ЦИТ» конкурсында 25 мұғалім жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен және қаржылай сыйақыға ие болды.
«Мектеп жұмысын авто-маттандыру» байқауы – І орын алып, жүлдесі – ТВ панель болса, «BilimLand» компаниясы ұйымдастырған «Үздік БЖБ, ТЖБ» бойынша 1 тоқсан – І орын, сыйлығы – планшет, 2 тоқсан – І орын, сыйлығы – білімбук, 3 тоқсанда – І орын алып, білімбук, 4 тоқсанда – 3 педагог үздік атанып, компанияның арнайы стелласы мен алғыс хатына, 1 педагог бағалы планшетке ие болды.
2020-2021 жаңа оқу жылынан бастап Шымкент қаласының жалпы білім беру ұйымдары бағыныстылығына қарамастан толығымен «Kundelik.kz» электронды журналы мен күнделік жүйесіне өтті. Аталған электронды журнал педагогтердің қағазбастылық жұмысынан арылту және оқушылар мен олардың ата-аналарының кез-келген уақытта сабақ кестесін, бағалар тізімін, сабақ реттілігін көру үшін ашықтық мақсатында пайдаланылуда.
«Kundelik.kz» электронды журналында жүйелі жұмыс жүргізу, кемшіліктер бойынша әдістемелік қолдау көрсетуде қала мектептері арнайы тірек мектептеріне бөлініп берілген. Тірек мектептерінің жүйелі жұмыстарының негізінде мәселелер өз шешімін уақытылы шешіліп келеді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан енгізілген Күнделік.кz электрондық журналын пайдалану барысында 2020-2021 жылдың І және ІІ жартыжылдығы қорытындысымен Шымкент қаласы республикада өңірлер бойынша көшбасшы болып, екі рет компанияның тағайындаған «Алтын белгі» (Золотая кнопка) марапатының иегері атанды.
Электрондық журнал жүйесінде 23 126 педагог, 246 310 оқушы, 210 842 ата-ана жұмыс жасады.
Шымкент қаласы
№52 мектеп-лицейінің
мұғалімі Меруерт Медетбекова
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 7 361
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 425
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 400
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 686
АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН
Авг 29, 2020 0 6 789
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 44
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 56
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 53
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 79
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 58
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.