Археологтар Шымкент шаһарының жасын зерттегенде көне кенттің шамамен 2200 жылдан бері өмір үріп келе жатқанын анықтады. Содан бері шаһар шамшырағы үнемі алаулап, сөнбей келеді....

Ханзада Есенова

Археологтар Шымкент шаһарының жасын зерттегенде көне кенттің шамамен 2200 жылдан бері өмір үріп келе жатқанын анықтады. Содан бері шаһар шамшырағы үнемі алаулап, сөнбей келеді. ХХІ ғасырдың биігінен қарағанда қаланың бүгінгі ахуалы қандай? Бабалар жағып кеткен шамшырақтың шуағы қаншалықты жерге түсуде? Қандай жаңалықтар бар? Міне осы сауалдарға жауап іздеу үшін Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада ЕСЕНОВАҒА арнайы жолыққан едік.

– Ханзада Әзімханқызы, сіздің өмірдерегіңізге үңілсек, мәдениет саласында ұзақ уақыттан бері қызмет істеп келесіз. Соның ішінде Алматы қаласының мәдениет тізгінін ұстағаныңызды да білеміз. Осы ретте еліміздегі мегаполис үшінші қала Шымкентке кел-генде қандай ой түйдіңіз? Неге көзіңіз жетті? Жұмысты неден бастағанды хош көрдіңіз?
– Расында, Шымкент маған бөтен емес. Осы аймақта туып, өстім. Балалық шағым осында өтті. Кейін білім қуып, республикамыздың түрлі қалаларында оқыдым, қызмет істедім. Қайта оралғанда мен басқа планетаға тап болғандай әсерге қалдым. Өйткені, менің балалық кезде көрген қалам бір басқа да, қазіргісі мүлде өзгеше еді. Әрине, жақсы жағына қарай өзгерген, дамыған, гүлденген, көркейген. Адамдары білімді, мәдениетті, жан-жақты. Алатаудың баурайы мен киелі Қазығұрттың етегін ала орналасқан қала қанатын жая түсіпті. Ерекше мәртебе алғалы қаланың қым-қуыт тіршілігі де көбейген. Әрине, республикамыздағы үшінші қала мәртебесі бар қалаға шетелдерден де кәсіпкерлер, инвесторлар ағы-лып келіп жатады. Соларға қала мәдениетінің мәуелеп өсіп келе жатқанын паш ету үшін де ауқымды жұмыстар атқаруымыз керек екенін жақсы түсінемін. Осылай жұмысты бастап кеттік.
– Әрине, замана талабына сай жаңғырту, жаңаша жұмыс істеу керек. Осы бағытта жұмысыңызды неден бастадыңыз?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында аса маңызды мәселелерге баса назар аударылды: жаңғыру тари-хи тәжірибемен және ұлттық дәстүрлермен шектелмеуі тиіс.
Керісінше, уақыт сынынан өткен озық дәстүрлерді табыс-ты жаңғыртудың маңызды алғы-шарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық және рухани тамырына енбесе, ол адасады.
Сонымен бірге, рухани жаңару оның ұлттық сананың түрлі полюстерін татуластыру қабілетіне байланысты маңызды.
Бұл – бай тарихтың, шығар-машылық бүгінінің және жарқын болашақтың көкжиегін үйлесімді жалғастыратын халық жадының алаңы.
Шымкент қаласының мәдениеті өте бай, оның ұзақ тарихы, дәстүрі бар. Бізде мақтана алатын көптеген қызықты фактілер бар. Шымкент ежелден мәдениет пен өнердің ордасы. Қазақтың көптеген ұлтжанды азаматтары, оның ішінде ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер майталмандары осында тұрып, өнерлерін ұштаған, кітаптарын жазған, ғылыми еңбектерін пысықтаған. Біз Шымкентте кезінде Ж. Аймауытов тұрып, өзінің «Ақбілек» деген романын жазғанын ұмытпауымыз керек. Шымкенттің театрында Жұмат Шанин еңбек еткен. Шымкенттің орталық саябағында кезінде В.Высоцский ән салған. Тәкен Әлімқұлов, Мыңбай Ілесов, Омарбай Малқаров, Исрайл Сапарбаев, Тұрсынай Оразбаева, Қарауылбек Қазиев, Нәсіредин Сералиев, Әбжаппар Жылқышиев, Әбілда Аймақ, тағы басқа да толып жатқан қаламгерлер Шымкенттің шапанынан шыққан.
Бір қызық дерек. Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы шаңырақ тіктеген. Содан бастап оңтүстік өңіріндегі ең көне мәдени нысандардың бірі саналады. 1972 жылы оған қазақтың тұңғыш режиссері, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушы Жұмат Шаниннің есімі берілді. Рас, облыс орталығы тұсында осы театр облыстық статусқа ие еді. Қазір таза шымкенттік. Өнер майталмандары әлемдік деңгейдегі және республикамызға танымал белгілі драматургтер мен жергілікті талапкерлердің спектакльдерін жиі сахналайды. Шетелдерден, республикамыздың түкпір-түкпірінен келетін қонақтар театрымызға таңырқап кетеді.
Шымкентте сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ар-налған музей бар. Бұл Қазақстандағы жалғыз музей. Тіпті, ТМД елдерінің осы тақырыптағы алғашқы музейі десек те болады. Осында нәубет жылдары жазықсыз жапа шеккен ұлт зиялыларының барлық өмірдерегі, еңбектері жинақталған. Сонымен бірге, шетелдерден келіп, осында жазықсыз атылғандардың да деректері бар. Біздің осы музейге көршілес мемлекеттерден көптеген адамдар келіп жатады. Өткен тарихтың қатігез кезеңдерін көзге елестетіп, жылап та алады.
Еліміздің барлық қалаларында хайуанаттар бағы жоқ. Солардың бірегейі Шымкентке орналасқан. ҚР хайуанаттар бағында қар барысын кездестіре алмайсыз. Ал, біздің хайуанаттар бағында ол бар. Зообаққа кіру бағасы аса қымбат емес. Қысы-жазы осында адамдар ағылып келіп жатады. Қазақстандағы барлық зообақтардан біздің зообақтың аумағы үлкен әрі хайуандардың түр-түрі кездеседі.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қоры аса бай. Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде екі ғасырға жуық уақыт бойы жарық көрген сирек кездесетін кітаптар бар. Солардың ішінде ағылшын жазушысы Вальтер Скотттың 1824 жылы жарық көрген «Ред гонтлент» (Қызыл қолғап) кітабының өмірлік (алғашқы) басылымы бар.
Үшінші мегаполис қала көпұлтты халықтар мекені. Сондықтан біз олардың әрқайсысына құрметпен қараймыз. Шымкент өзбек драма театры – Өзбекстаннан басқа барлық ТМД елдерінің ішінде тек Қа-зақстанда өзбек театры бар. Өзбек театрының да репертуары бай. Тіпті, өзбек драматургтері шығармаларын осында әкеліп, қойдыруға ынталы.
Нұр-Сұлтан қаласы мен бірер қалада болмаса опера және балет театры бізде аз ғой. Ал, біздегісі әлемдегі ең жас опера және балет театрларының бірі. Соған қарамастан бүгінде республикамызға танылып үлгерді. Онда өнер саңлақтары жеткілікті. Опера және балет театрына ҚР еңбек сіңірген әртисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы келгелі өнер ордасының жаңа тынысы ашылғанын да айта кетуге тиіспін.
Бізде сондай-ақ цирк бар. Шымкент-цирк ҚР мен Орталық Азия цирк ұжымдарының гастрольдерін ұйымдастыру үшін ең қолайлы географиялық логистикалық орынға ие.

– Осы жерде сіз басқарып отырған басқармаға қандай міндеттер жүктелетінін айта кетсеңіз.
– Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы осы салалардағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, қазіргі заман талабына сай халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету, мәдениет объектілерінің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету арқылы қала мәдениетінің дамуына жаңа импульстер беру, қала тұрғындарының бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру, қоғамның ұлттық-мәдени қазынасын насихаттау және сақтау, дарынды жастарды қолдау, тіл саясатын іске асыру, архив саласының қызметін дамыту бағытында жұмыстар атқарады.

– Жақсы екен. Енді басқарма тарапынан атқарылып келе жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз. Қандай іс-шаралар жалғасын табуда? Жалпы, сіздерге қарасты қанша мекеме бар?
– Басқармаға қарасты 20 мекеменің 12-і мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынд, 8-і коммуналдық мемлекеттік мекеме. Осы аталған мекемелердің жалпы штат саны – 1756 адам құрайды.
2021 жылдың бірінші жарты-жылдығында басқармаға қарасты мекемелерде 1600-ге жуық әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Соның ішінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, «Наурыз Шымкентте басталады» жобасы, балаларды қорғау, қала күні мейрамдары аясында республикалық «Наурыз айтыс» ақындар айтысы, «Дәстүрлі әндер шеруі» гала-концерті, «Әл-Фараби offline» республикалық конференциясы, «Наурыз дәстүрі жастардың қолында» халықаралық вебинары, «Айқап журналына-110 жыл», «Қамалдағы түн» іс-шарасы, «BalaShym» гала-концерті, «Сәлем, соседи» қалалық пикнигі, «Qala Camp Revibe» фестивалі және т.б. іс-шаралар өтті. Оларға мыңдаған адам тартылды. Театрларда «Домалақ ана», «Наурыз көне Шымқалада», «Рахмет саған, дәрігер» сынды 15 премьера өткізілді. Бұл шаралар әлі де жалғасын табады.

– Руханият орталығы-Шымкент кітапханаларының көптігімен де ерекшеленеді. Біздің білуімізше, биыл қаладағы бірқатар кітапхана күрделі жөндеулерден өтті. Ханзада, Әзімханқызы, ендігі әңгіменің басын осы жаққа бұрсаңыз.

– Шымкент қаласы әкімінің 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша 2021 жылғы ақпан айында халық алдындағы онлайн есеп беру кездесуінде жыл соңына дейін қалалық 10 кітапханаға модернизация жұмыстары жүргізілетінін мәлім-деген болатын. Осыған байланысты, ағымдағы жылы бірінші кезеңде 6 кітапхананы, екінші кезеңде 4 кітапхананы модернизациядан өткізу жоспарланды.
Бірінші кезеңге жоспарланған 6 кітапхананың 6-ы ашылды. Олар: 2021 жылғы наурыз айында орталықтандырылған балалар кітап-ханалар жүйесінің №8 филиалы модернизациядан өткізіліп, Қа-зақстандағы алғашқы «Отбасылық кітапхана» болып ашылса, мамыр айында «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Әл-
Фараби» атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы болып қайта аталып, модернизациядан кейін ашылды. «Абай» атын-дағы орталықтандырылған көп-шілік кітапханалар жүйесі, орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі, Абай» атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №8, 11 филиалдары маусым айында қала күні мен Нұр-Сұлтан қаласының күніне орай ашылды.
Бұлардың барлығы да бүгінде жұмыс істеп тұр. Жаңа келбетке ие болған кітапханаларда оқырмандар тек күнделікті газет-журналдар, кітаптар оқып кетпейді. Оларға көптеген қызмет түрлері ұсынылады. Соның ішінде кітапхана ішіндегі музеймен таныса алады. Айталық, Әл-Фараби атындағы кітапханаға кірген оқырман өзің мүлде басқа әлемге кіргендей сезінеді. Айталық, ғұлама ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған бөлмелерден оқырман көптеген құнды мағлұматтар ала алады. Осында сондай-ақ тынығу бөлмесі де бар. Сондай-ақ Оңтүстік өңірден шыққан қаламгерлерге арналған арнайы бөлме де келушілерді қызықтырады. Оқырмандарға айтарым, кітапханаларға келіп көріңіздер.

– Отбасы-үлкен мәселе. Отан-отбасыдан басталады. Осы ретте қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр екен. Соларды өз аузыңыздан естісек.
– Қалалық мәдениетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі – қоғамда отбасылық құндылықтар мен отбасылық демалысты ілгерілету және дәріптеу болып табылады. Демалыс сапасы мен мәдениеттің қолжетімділігін жақсарту керектігі жөнінде Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Сапалы отбасылық уақыт өткізудің танымал орындарының бірі жаңа форматтағы кітапханалар – «Отбасы кітапханалары» болуы тиіс, оларды құру идеясы Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолдау тауып отыр.
Жаңа ашылған отбасы фор-матындағы алғашқы кітапхана өзінің орналасқан жерімен қуантады, себебі қаланы орталықтандырып, дамыту қағидасы ескерілді және жаңа форматтағы кітапхана өз есігін орталықта емес, қала шегінде ашады, бұл аудан үшін жаңа тарту нүктесіне айналуы тиіс.
Модернизациядан өткізілген кі-тапханалардың айырықша ерекшелігі – олар әдеттегі оқу орындары шеңберінен шығып, үйірме жұмыстарын жүргізу, іс-шаралар өткізу, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамыту мүмкіндігі бар комьюнити орталықтар болып табылады. Бірақ бұрынғыша оқу мен жұмыс істеу үшін ыңғайлы орын болып қала береді. Мотивация жүйесіне ерекше назар аударылды, атап айтсақ, жаңа кітапханаларда тұрақты оқырмандарға Шымкент қаласының мәдениет басқармасы өткізетін ойын-сауық іс-шараларына, спектакльдерге тегін билеттер ұсынылады. Мұндай кітапханаларда абонемент отбасына беріледі, яғни кітапханаға бір отбасы мүшелері келген кезде олардың жеңілдік билеттерін алу рейтингісі өсетін болады.

– Домалақ ана бүкіл қазақ жұртшылығына аяулы есім. Сіздер осы ардақты ананы дәріптеу бағытында тың жобалар қолға алыпсыздар. Осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Шымкент қалалық опера және балет театрында 2021 жылғы 6 наурыз күні Т.Жармұхамедтің «Домалақ ана» операсының премьерасы өтті. Жаңа қойылым ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналды. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың либреттосына жазылған Тасқын Жармұхаметтің «Домалақ ана» әлемдік жаңа операсын көрермен қауымға тарту еттік.
«Домалақ ана» операсы – Тәуелсіз Қазақстан жылдарында жазылған екінші опера. Егемен еліміз үшін тарихи оқиға, жаңа белес болды.
Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз аналарымыздың ішінде қасиетті Домалақ ана туралы оқиға аңыз-әпсанадан гөрі тарихи шындығының молдығымен дараланып тұратын шығармалардың бірі екені сөзсіз. Қазақ халқының өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында терең жеткізілген.
Жас қыз Нүриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейірге толы ғұмыры арқылы ана махаббатының қуаты өте кең әрі шынайы көрсетіліп, суреттеледі. «Домалақ ана» операсы тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кең пейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғысып, қазақ елінің тарихи тереңдігін, мәдени көркемдігін кеңінен қамтиды. 4 көріністі қойылымда 160 әртіс рөл сомдайды.
Жаңа қойылымды сахналау әлемге әйгілі және елімізге танымал өнер майталмандарының қатысуымен өтті. Қойылымның композиторы – ҚР мәдениет саласының үздігі, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Президент стипендиясының иегері Тасқын Жармұқамет.
Либреттосын жазған – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Идея авторы – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы.
Қоюшы-режиссер – Беларусь Республикасындағы жалғыз опера театры және ең үлкен театр – Беларуссияның Үлкен театрының бас режиссері Михаил Панджавидзе (Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы). Қоюшы-дирижер – әлемге әйгілі дирижер, Италиядағы Карло Феличе театры қорының көркемдік жетекшісі, халықаралық опера байқауларының қазылар алқасы мүшесі Джузеппе Аквавива. Дирижер – Адай Жұмат, Мәди Өмірзақ; Қоюшы-балетмейстер – ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Абдурасул Есекеев; Қоюшы-хормейстер – Бағлан Алтаев.
Міне, біздегі жаңалық осындай!

– Шымкент-көне кент. Оның тарихынан хабардармыз. Бізді көбіне қала орталығыңдағы қамал қызықтырады. Соңғы кезде қамал жаңа сипат алды. Оның жаңа келбетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев та барып көрді. Енді осы қамал жөнінде айта кетсеңіз.
– «Шымкент ескі қалашығы» – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының архео-
логиялық объектісі. Қала-шықтың мәдени қабаттарының қуаты жалпы алғанда 14 метрді құрады. Қалашықтың ең төменгі қабатында б.з. д. III ғ. соңы – б. з. д. II ғ. басы даталанатын керамика кешені жинақталған. «Ескі қала» қазіргі заманғы қала құрылысының орталығында өзінің тарихи өзегін сақтаған Қазақстандағы жалғыз қалалық құрылым болып табылады. Дәл осы аумақта 2200 жыл бұрын қазіргі Шымкент қаласы пайда болған.
Шымкент қаласының әкімі М.Д. Әйтенов әлеуметтік-экономикалық дамуға қосатын мүмкін үлесі үшін Шымкент қаласының тарихи-мәдени көрікті жерлерінің жай-күйін және әлеуетін талдау бойынша кешенді және жүйелі жұмыс жүргізу міндетін қойды.
Осыған байланысты «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ашылуы бір жағынан Шымкент мегаполисі үшін тарихи оқиға болуға, екінші жағынан тарихи – мәдени мұра объектілерін бірыңғай мәдени-туристік және ағартушылық кластерге шоғырландыру мен оңтайландыруда интегративті рөл атқаруға бағытталған.
Осы орайда, «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде 2 мұражай, 8 зал, 2 көрме мұнарасында музеефикация жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, «Ескі Шымкент қалашығы» тарихи-мәдени нысаның ЮНЕСКО-ның Дүнижүзілік мұрасы тізіміне енгізу мақсатында қалашықты алдын-ала бағалау үшін арнайы сарапшылар шақырылып, қыр-күйек айында халықаралық ғалымдардың қатысуымен өткізі-летін конференцияға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

– Шымкенттің шырайын келтіріп тұрған этноауыл да қала тұрғындарының мақтанышы. Сырттан келгендер осы жерге бір соқпай кетпейді. Этноауыл жайлы әңгіме ерекше болар?
– 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні аясында ашылған «Шым қала» этноауылында қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттау бойынша түрлі мәдени, көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, халық назарына ұсынылып келеді. Маусым айында Шымкент қаласын «Қолөнер және халық шығармашылығы» бағытында ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желісіне қосу мақсатында желі хатшылығына өтінім дайындалып, жіберілді. Өтінім нәтижесі қазан айында белгілі болады. Бүгінде этноауыл қала тұрғындарының жиі келетін орны. Қалаға көрік қосқан осы нысанды одан әрі дамыта беру жоспарымызда бар. Мұнда келгендер тынығып әрі ой арқалап қайтады.

– Шымкент жаңа статус алып, жақын маңдағы аудандардан бірнеше ауыл қосылғаны белгілі. Осы ретте ономастика саласына бірқатар ауыртпалықтар түс-ті. Өйткені, көше атаулары қосамжарланып, жиі айтылды. Осыны қалай шешіп жатырсыздар?
– Қазіргі таңда, Шымкент қаласында барлығы 99 шағын аудан, 2829 көше бар. Оның ішінде атауы моральдік тұрғыдан ескірген 31 көше, атауы жоқ 28 көше бар. 2021 жылғы І тоқсанда 1 шағын аудан мен 325 көшеге атау берілді. Атауы жоқ 28 көшеге атау беру бойынша ұсыныс дайындалды. Алайда, Қазақстан халқының санағы өткізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының Президенті аппаратының тапсырмасына сәйкес көшелерге атау беру жұмыстары тоқтатылды. Тоқтам мерзімі ашылғаннан кейін көшелерге атау беру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл ретте барлық мүмкіндікті пайдаланып, халық пікірлерін де ескеретін боламыз.
Қысқасы, Шымкенттің бабалар жағып кеткен руханият шамшырағы сөнбейді. Біз оны жарқырата жағып, үшінші мегаполистің мүмкіндіктерін барынша кең аша түсеміз. Республика жұртшылығын Шымкенттейін шырайлы шаһардың жаңа келбетімен танысуға шақырамыз. Келіңіздер, құшағымыз қашан да ашық дегіміз келеді.

– Ханзада Әзімханқызы, уақыт бөліп, «Жалын» журналына сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Алдағы уақыттардағы жұмыс-тарыңызға сәттіліктер тілейміз.

Сұхбаттасқан –
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *