ӨЗІМІЗДІҢ ӨЗАҒАҢ! ӨЗІМІЗДІҢ ӨЗАҒАҢ!
Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері   Профессор Құлбек Ергөбек інім әлеуметтік желі арқылы көпшілік қауымға «Өзбекәлі Жәнібеков кім?» деген риторикалық сауал тастады. Өзағаңның... ӨЗІМІЗДІҢ ӨЗАҒАҢ!

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

 

Профессор Құлбек Ергөбек інім әлеуметтік желі арқылы көпшілік қауымға «Өзбекәлі Жәнібеков кім?» деген риторикалық сауал тастады. Өзағаңның тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында қойылған бұл сұраққа дүйім жұрт дүрлігіп үн қосты.
– Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.
– Тарихшы-этнограф.
– Өнер зерттеуші ғалым.
– Жастардың жан-жақты жарасымды боп жетілуі үшін тер төккен тұлға.
– Ғұмыр бойы комсомол, партия, кеңес қызметінде құл болып жүрсе де тарихи және мәдени ескерткіштерді мемлекет қамқорлығына алу, қалпына келтіріп қайта ұқсату, оны халықтың игілігіне пайдалану жолында бел шешіп кіріскен бейнеткер.
– Күнсіген көйлектей тоза бастаған қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасы мен дәстүрін жаңалап, жаңғыртуға жан аямай кіріскен Азамат.
– Әлеуметтік ортаға ой тастап қана қоймай, сөне бастаған отын маздатып жаққан, ел тағдырына қатысты екі білегін сыбанып тарихтану, мұраттану, елтануды қазақтанумен ұштастырған ұстаз.
– Өзағаң – ұлттың ұйытқысы ғана емес, ұлттың ұстазы.
– Кешегі дәуірде қазақ мәдениетінің қабырғасын қалап, шатырын жапқан Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаровтай тұлпардың тұяғы.
– Шерхан Мұртазаның сөзімен пайымдасақ «Өзағаңның халыққа сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек».
Осы жерден тоқтай қалып, ой түйейік. Жаны бар сөз. Әрбір атқарған ісінің өзі бір кітаптың жүгін арқалап тұрса, бір кітаптық тізімде мың кітаптық тізім бар емес пе? Ұлты үшін ұшан-теңіз жұмыс істеген қайраткер ағаның өмірдерегіне бір сәт үңілейікші.

                                                            Өмірдерек
                                                   Өзбекәлі Жәнібеков

                            Мемлекет және қоғам қайраткері
                                                      (1931–1998)

озбекали-1

— 1931 ж. 28 тамыз айында Отырар ауданы, Маяқұм елді мекеніндегі Сарықамыс елді мекенінде туды.
— 1948 жылы Шәуілдір ауданы, Шәуілдір елді мекенінде «Жамбыл» орта мектебін бітірді.
— 1948 жылы КазПИ студенті.
— 1952 жылы КазПИ-ді бітірді.
— 1952 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданындағы «Ленин жолы» орта мектебінде мұғалім.
— 1955 жылдың тамыз айынан Келес аудандық Партия комитетінің нұсқаушысы.
— 1955 жылдың қараша айынан Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы.
— 1959 жылдан Облыстық комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 29.12. 1959
— 1962 жылы 1-ші наурыздан бастап Қазақстан орталық комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшы.
— 1970 жылдың қараша айынан Торғай облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы.
— 1975 жылдың шілде айынан Қазақстан орталық комитетінің сырт елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі.
— 1977 жылдан Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары.
— 1984 жылдың сәуір айынан бастап Алматы облыстық атқару төрағасының орынбасары.
— 1987 жылдан Қазақ ССР-нің Мәдениет министрі.
— 1988 жылдың ақпанынан Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы.
— 1991 жылдан Қазақстан Республикасы алдындағы «Ерекше еңбегі үшін» зейнетақы иегері. Зейнеткер.
— Белсенді Қоғамдық қызметі үшін үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері.
— Тың жерді игергені үшін медалінің иегері.
— Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен 4 рет марапат-талған.
— БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен 9 рет ма-рапатталған.
— Қазақстан БЛКЖО Орталық Коми-
тетінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
— КПСС сьездерінің делегаты.
— Қазақстан Компартиясының сьез-дерінің делегаты.
— БЛКЖО сьездерінің делегаты.
— Қазақстан Комсомолының сьез-дерінің делегаты.
— Шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.
— 1990 жылы Қазақ ССР Халық депутаты болып сайланды.
— Орта Азия мен Қазақстанда Комсомол ісін ұйымдастырушы, Комсомол қайраткері Ғани Мұратбаевтың құжаттарын мемлекеттік сақтауға өткізген және Шымкент қаласындағы Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнатты.
— 1990 жылы “Өнер” баспасынан орыс тілінде «ЭХО» атты кітабы шықты. Осы кітап 1992 жылы «Уақыт керуені» атпен қазақ тілінде жарық көрді.
— 1982 жылы «Өнер» баспасынан «Культура казахского ремесла» кітабы шықты.
— 1995 жылы «Рауан» баспасынан «Жолайрықта» атты қазақтың тұрғын үйі жайлы кітабы шықты.
— 1996 жылы «Қазақ киімі» атты альбом кітабы «Өнер» баспасынан шықты.
— 1996-1997 ж.ж. «Рауан» баспасынан өз өмірі, атқарған қызметтері жайында «Тағдыр тағлымы» атты мемуарлық жазба кітабы шықгы.
— 1999 жылы Ө. Жәнібеков пен Ж.Нұсқабайдың бірлесе отырып, жазған «Ежелгі Отырар» зерттеу еңбегі шықты. Осы еңбек негізінде «Отырар өркениеті» деген тарихи терминді өмірге енгізді. «Қазақ даласының жұлдыздары» атты Ә.Дербісәлиевтің кітабына алғы сөз жазды.
«Первые этнографы Казахстана» деп аталатын орыс тіліндегі кітапты құрастырып, оған алғысөз жазды.
— Асқар Тоқпанов (режиссер) сту-
денттердің күшімен қойған «Ақан Сері-Ақтоқты» пьесасында «Мыл-қаудың» ролін кәнігі актерше орындаған. (Студент кезінде).
— А.П. Чеховтың «Дядя Ваня» қойылымында Ваня атайдың ролін сомдаған.
— БЛКЖО Орталық Комитетінің бюро мүшелігіне тұңғыш қазақ Өзбекәлі Жәнібек сайланды.
— Қазақстан жастарын кәсіптік маман даярлау кезінде Орталықтағы ірі өндіріс орындарына жіберілген жастар қатарын тәрбиелеудегі өндірістен шыққан тарихи тұлғаның бірі Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұстазы – Өзбекәлі Жәнібеков.
— «Проблемы традиционного искусства Казахов в историко этнографическом аспекте» атты кандидаттық диссертация қорғады. «Аркас» тарихи танымдық басылымдарының негізін қалаушы және редакция алқасының төрағасы.
— Өзбекәлі Жәнібековтің жеке мұрағат құжаттары Қазақстан рес-публикасының Орталық Мемлекеттік архивінде 1970-1977ж.ж. аралығын қамтиды.
— Негізгі құжаттар мағынасына қа-
рай: «Ө. Жәнібеков туралы құжаттар». «Фотосуреттер». «Шығармашылық» «Ғылыми жұмыстарына пайдаланған құжаттар жинағы».
— Өзбекәлі Жәнібеков көрнекті этнолог ғалым, тарихшы, энцик-лопедиялық білімнің иегері, бірегей ұйымдастырушы, бірегей ұйытқы, философ, әдебиетші, ұлт өнерін қалпына келтіруші. Қоғам және мемлекет қайраткері, өнер зерттеуші, жыл басы наурызды Ұлт мейрамына ендіруші.
— Мәскеудегі Ғани Мұратбаевтың зиратын тапты.
— Қазақстан комсомолы орталық комитетіне арнайы ғимарат салдырды.
— Сол ғимараттан комсомол тарихы музейін жасақтатты.
— Қазақстан комсомолының тарихын қамтитын кітап жазып, «Молодая гвардия» баспасынан шығарды.
— Музыкадағы: Еркеғали, Ғазиза, Шәмші; әдебиеттегі: Әнуар, Олжас, Қадір, Жұмекен, Тұманбай, Мұхтар, Оралхан;
— спортта: Әбдісалан, Әбілсейт, Темір сынды азаматтарды қамқорлыққа алып, Комсомол сыйлығының ие-герлігіне дейін көтеруге қамқорлық жасады.
— Арқалықтан әуезді театрын, об-
лыстық филармония «Шертер», «Метелиці» фольклорлық этно-графиялық ансамбль, цирк тобын құрды.
— 1989 жылы 21 қыркүйек айындағы «Тіл туралы заң» қабылданды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Осы заң негізін құруға белсене қатысты.
— А. Байтұрсынұлы, М. Дұлатұлы, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш.Құдайбердиев А Бөкейханов сияқ-ты зиялы азаматтарды ақтап алуға ұйымдастырушы бола білді.
— «Қазақ тілі» қоғамының жанынан «Қазақ тілі» журналын ашты.
— «Қазақ тілі» қоғамының жанынан «Ана тілі» газетін ашты.
— О.В.Голушкевичтің қолжазбала-рын Ленинградтан және Москвадан алдыры, өзінде қалған жазбаларын ақтарып жүріп кітап етіп жаздырды.
— 1982 жылы музейге «Сазген» этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасына Н.Ә. Назарбаевты (сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы және Қ. Сұлтанов пен Н.Тілендиевті шақырды. Н. Назарбаев ансамбль мүшелерінің үстіндегі ұлттық киім үлгілеріне сүйсініп, өз ризашылығын білдірді.
— Қазақстан комсомолының мұра-жайын ұйымдастырды. Кейін мұражай жабылды, экспонаттары шашырап кетті.
— 1975 жылы Ташкентте, Орталық комсомол комитетінің ғимаратында өткен Ғани Мұратбаевқа арналған мұражайдың ашылуына Өзағаң бас-шылық жасады.
— Өзбекәлі Жәнібековтің ұйым-дастыруымен Қазалы қаласында Ғани Мұратбаевтың мұражайы ашылды. Мәскеу қаласындағы Ваганьков қорымында жерленген Ғани Мұратбаевтың басына қойылған Зақаш Камалидинов 1972 жылы жазда Ғанидың зайыбы Бақыт апайды арнайы қатыстыры ескерткішті ашқанда сөз сөйлеген бүкілодақтың комсомол жетекшісі Тяжельников Евгений Михайлович сөйлеген сөзінде Өзбекәлі Жәнібековтің өрелі ісін баса айтып, еңбегіне ризашылығын білдірген.
— СССР комсомол басшысы Е.Тяжельниковке барып, Арқалық қаласын салу бүкілодақтық комсомол құрылысы ретінде жариялатты. Үш-төрт жыл ішінде Арқалық қаласы кең құшақ жайып облыс орталығына айналды.
— 12. 07.82 ж. Қожа Ахмет Ясауи Мавзолейін қалпына келтіру үшін Д. Қонаевқа хат жазды. Жұмыс басталды.
-27.12.82 ж. «О тревожном положении дел воостановлением температурно влажностного режима комплекса Ахмеда Яссави» жайлы жоғарыға хат жазды. Хат негізінде мавзолейді қалпына келтіруге нақтылы көмек жасалынып, толық жөндеуден өткізілді.
— Санкт-Петербургтегі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің Тайқазанын өз орнына әкелуге тікелей басшылық жасады.
— Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің жалпы сипаттамасын жазып, зерттеді.
— Тайқазанды орналастыратын жер-ді белгілеп, басшылық жасады.
— Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді, ақын-дар айтысын, мәдениетіміздің тарихын қайта жаңғыртты.
— Қазақ театрының бейнелеу, сәулет өнерінің өрлеуі мен дәуірлеу кезеңін жасады.
— Торғайдан облыстық өлкетану мұражайын ашты.
— Облыстық музыкалық драма театрын ашып, оған Москвадан Шепкин атындағы театр училищесінен актерларды алдырды.
— Ғылым Академиясының ғалым-дарымен бірлесіп «Алаш» партиясы лидерінің даңқты есімдері мен еңбектерін халыққа қайтару жөнінде нәтижелі жұмыс істеді.
— «1916 жыл» жинағын 40-шы жылғы латын әрпі басылымынан өз қолымен көшіріп жарыққа шығарды.
— Алматыдағы саз аспаптары мұра-
жайын тікелей ұйымдастырып, Жамбылдағы «Жарастың дәу қара қобызын» ұста шебер Оразғазы Бейсенбекұлы арқылы алдырып, мұражайдың төріне қойғызды.
— Маңғыстау мен Үстірттегі, Отырар қаласының, Ұлытау маңындағы, Талас, Шу өзені жағалауларындағы, Жетісу мен Ертіс бойындағы Тәжік мазарын, Қарақан, Айша бибі, Бабахан, Петропавловскідегі Юзефовичейлер үйінің, тарихи аспектуралық ескерткіштерін қалпына келтірді.
— Алматыдағы Сәбит Мұқановтың мұражайының қайта қалпына толық келтірілуі — Өзбекәлінің жанқиярлық еңбегі. Жанында Құлбек Ергөбек пен Сәбит Мұқанов зайыбы Мәрия апай болған. Өзбекәлі Жәнібектің азаматтық қоғам мен парламенттікті орнықтыруда айрықша атқарған мемлекеттік дәрежедегі еңбектері бірнеше рет аталып өтілді.
— Министрлер Кеңесінің 1978 жыл-ғы 8 желтоқсанында қабылданған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимаратын қайта ұқсату жұмыстары жөніндегі қаулысы шықты.
— 1978 жылы бірінші рет Түр-кістандағы «Әзірет Сұлтан» қоры-ғындағы Қожа Ахмет Ясауи сәулет кешенін қалпына келтіру жөнінде жоспар жасады.
— Алматыдағы Панфилов жә-не Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы бұзылуға шешім қабылданған тарихи сәулет ескерткіш үйін сақтап қалып, 1982 ж. қалпына келтірілді.
— 1984 жылы Мәдениет Минис-трлігіне қарайтын «Қазкуль-тремстрой» жөндеу құрылыс басқармасын «Алматыреставрация» арнаулы шеберханасымен қосып «Алматыреставрация жаңғырту, жөндеу және құрылыс басқармасы» етіп құрғызды.
— Өзі ұйымдастырған «Сазген» ұлт аспаптар ансамбль әртістеріне арнап, Қазақ театр қайраткерлері қоғамының» киім тігу шеберханасында 22 дана бірегей киім коллекциясын жасатты. (Өкінішке орай ол ұстағанның қолында, тістегеннің аузында талан-таражға түсіп жоғалды).
— Роза Бердіғалиева: «Алматыда құрылған тұңғыш жасөспірімдер кітапханасының директорымын. Кі-тапхананың материалдық базасын жасау үшін Мәдениет министрінің орынбасары Ө.Жәнібековке барып еденге төсейтін линолеум сұрадым. Ол кісі маған линолеум орнына бүкіл кітапхана ішіне жететін паркет берді».
— Ғалым, академик Манаш Қозыбаев өз естелігінде Өзбекәлі Жәнібеков туралы айтады: «Жазған құнды еңбектерің бар. Сен этнограф ғалымсың, соны заңдастырсақ қайтеді», дедім. Не керек, мен Новосібірдегі тарих, этнография және археология институтының директоры көрнекті ғалым академик А.П. Деревянкоға шықтым. Келістік, менің ғылыми басшылығыммен қолжазба даярлап, ғылыми талдаудан өткіздік.
Өзекең қорғады, риза болғ-андықтарынан тіпті докторлық атақ беруге де жатады деді. Не керек, Өзекеңнің көңілі өсіп, жаны жадырады. «Сен, Мәке, қалай ойлайсың, осы Сібір ғалымдары жақсы екен» деді ол. Мен тұрып: «Өзеке, қателесесің, ең алдымен мына жерге алып келген, өзін танытқан, олардың сеніміне ие болған қазақ ғалымы мен жақсымын, одан кейін еңбегіңді қорғап, өзіңді таныта білген сен жақсысың» дедім. Өзекең мәз болды, өзіне тән мысқыл күлкісімен күлді. «Рас, оның рас, екеуіміз де осал емеспіз деді жарықтық».
Арқаның жас қаласы, Торғайдың бас қаласы болуына Өзбекәлі Жәнібектің қосқан үлесі зор.
— Аманкелді Имановтың жатқан кереуеті бар екенін естіп, көп іздетіп, таптырып, Торғай музейіне қойдырған.
— Арқалықтағы музыкалық драма театрын ашты.
— «Біз Торғайданбыз» атты телерадио хабар жүргізген.
— Арқалық қаласын «Бүкілодақтық комсомол құрылысы етті».
— Облыстық филармония құрды.
— «Торғай әуендері» халық өнері фестивалін өткізуді жоспарлады.
— «Торғай әуендері» атты алғашқы фестивальі 1971 ж 19-20 маусымда Арқалықта өтті.
— «Торғай әуендерінің» екінші, үшінші фестивальдері Торғай жәр-меңкесімен, ақындар айтысымен, Алтыбақан бөлімдерімен өтті.
— 1971 ж. 48 клуб, кітапхана толық жөндеуден өтсе, 22 клубтың құрылысы аяқталды. Кітапханалар саны 215 ке жетті.
-1972 ж. Есіл, Державин, Арқалық радиореле жүйесі жүргізілді.
— Облыстық тарихи өлкетану музейі ашылды.
— Аманкелдінің туын жаңғыртып қалпына келтірді.
— Музей қорына аты-жөні белгісіз ұстаның қолынан шыққан ғасырлық тарихы бар асадал төсек қойғызды. Ағаштары шекпе мәнерлі бояуымен нақышталған жәдігер бұрын-соңды еш жерде кездеспеген дүние. Осы жиhаздың иесіне, магазиннен бір шкаф, бір төсек алып берген.
— Музейдің бірінші бөлімі «Қазақ мәдениеті. Уақыт және өмір» деп аталады.
— Музейдің екінші бөлімі «Тас» (неолит) дәуірінде қазақ жерін мекендейтін тайпалардың тастағы бейнелеу өнері».
— Музейдің үшінші бөлімі «Сақтан Қазаққа дейін».
— Музейдің тағы бір бөлімі «Қазақ халқының этнография мен тұрмыстық мәдениетіне» арналды.
— Музейдің үлкен бір залы 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісіне арналды.
— Арқалықта облыстық әуезді драма театры ашылды. 1972 ж. 3 мамырда бірінші қойылымы «Айман-Шолпан», екіншісі «Қарақыпшақ Қобыланды» пьесасы.
— Арқалықта облыстық филармония ашылды.
— «Шертер», «Ғасырлар пернесі», «Сазген», «Адырна» халық аспаптары ансамбьлдері құрылды.
— Педагогикалық инстиут ашылды.
— Арқалықта Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесі ашылды.
— 1979 ж. 21 қазанда «Қазақ тілі» қоғамын құрудың басы-қасында басшылық жасады.
— 1985 ж. 22 қаңтарда келіні Гауһардың тойында өз қолымен тігіл-ген Қасаба сәукеле кигізген.
— «Мәдениет және тұрмыс» жур-налының атын редактор Камал Смайыловпен келісіп, «Парасат» деп өзгертті.
— «Қазақстан коммунисті» жур-налының атын редактор Камал Смайыловпен келісіп, «Ақиқат» деп өзгертті.
— Медеу шатқалындағы «Қазақ ауылын» жасақтатты.
— Шәкәрім туралы қаулының жобасын Өзекеңнің жұмыс кабинетінде Камал Смайылов екеуі жазған.
— Отырар жерінде Өзағаңның тікелей ақыл-кеңесі мен Қазақстан Республикасындағы тұңғыш рет қоғамдық негізде Әбу Нәсір әл Фараби атындағы «Руханият отырар» кітапхана музейі ашылды.
— Тарихи ескерткіштер тізімге алынды. Паспорттау жүргізілді.
— Тарихи ескерткіштер мемлекет тарапынан қорғалатындығы айтылып, шойын құймалар ілінді.
— Республикалық Орталық музей 28 гвардияшы парк ішінен Медеу жолына арнайы салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Оның бастамашысы болды.
— Алматыдағы «Керуен сарай», «Қызыл таң ғимараты» музейге айналдырылды.
— Жамбыл музейінің филиалы ре-тінде Ұзынағаш ауданынан ақын Үмбетәлі Кәрібаев, Кенен Әзірбаев, Әбдіғани Сарыбаев музейлерін жасақтатты.

озбекали-6
— 1976 жылы қыркүйек айында шет елдерде тұратын отандастармен мәдени байланыс жасайтын «Отан» қоғамын құрды.
— Ойыншық фабрикасына жаңа ғимарат салуды Орталық Партия Комитетіне арнайы мәселе етіп қойып жаңа ғимараттың бой көтерілуіне ұйытқы болды.
— 1990 жылы Бауыржан Момы-шұлының туғанына 80 жыл толуына орай, Кеңес одағының Президенті М.Горбачевтің 12 желтоқсан күнгі Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағын беру туралы» жарлығын оқыған Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков.
Бұл тізімнің бәрі бұрылысы мен бұралаңы көп атқарған қызметі мен алған марапаттары ғана. Бітті. Бар-жоғы осы. Бержағы белгілі болғанмен, аржағы – жұмбақ.
Өмірдерегін тәспідей тізіп тәп-тіштеп жазған себебіміз-кейінгі ұрпаққа керек бола ма деген ой ғана.

Әулиедей ұлын елейді ел

(Өзбекәлі аға дүние салғанда)

Маңдайына біткен халқымның
дара тұлға едің, жан аға.
Сөнгендей көкте алтын Күн,
түнерді бүгін дала да.

Жайсаңдар кетті,
-Кім қалды?
Сәуле себуші ең санаға.
Сұңқардай сұлу тұлғаңды
сұм ажал алып бара ма?

Сүйсінсең жүзің нұрланып,
жалғандық сезсең, шарт сындың.
Өнерлі болса, тұлға ғып,
жас балаға да бас бұрдың.
Жарамсақтарды жасқадың,
шындықты айтудан қашпадың.
Қандай сайларда жүрсең де,
биіктерге елді бастадың.

Қарттардың көзі бұлдырап,
бауырлар қалды тұнжырап.
Өлімге Сізді қия алмай,
қарындастарың тұр жылап.

Мекен ғып мәңгі сыз жерді
қаласыз ба мынау далада?
Қара жерге беріп Сізді, енді
қалай кетеміз, жан аға?

Әулиедей ұлын елейді ел,
Нұр төксін Алла-тағала.
Рухыңмен елді жебей гөр,
Қош деймін… қайтем, жан аға!
Қайраткер аға туралы қаншама естеліктер жазылды. Отырар ауданында комсомол комитетің бірінші хатшысы боп жеті жыл істеген шәкірті Арысбек Тәжиев «Тау тұлға» атты естеліктер кітабын шығарды. Өзағаңның тоқсан жылдығына орай Түркістанда өткен конференцияда сыншы інісі Құлбек Ергобек еріген майдай, есілген жібектей естелік кітабының тұсауын кесті. Он-он бес жыл бұрын бір атадан тараған туысы, белгілі қаламгер Еркінбай Әкімқұловтың повесі оқырмандар қолына тиді.
Бәрі де көкемнің көзі тірісінде араласқан сәттеріндегі ой-пайымдарын ортаға салды. Әдемі. Әсерлі. Ал, мен ше? Мен де көкеммен көп араластым. Сондай соқталы кездерімдегі ноқталы әңгімелерді жинақтап, көзбен көріп куә болған дүниелерімді ақ қағазға ақтарып түсірейін деп ойладым.

озбекали-2
ТОСЫН ХАБАР

1991 жыл. 28 тамыз. Өзағаңның туған күні.
Алпысқа келдіңіздер,
Бәрін де көрдіңіздер.
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер.
Алпысқа келсек екен енді біздер… Мұқағали Мақатаев армандаған асқар таудай алпыс жасқа толды. Қазақстан Жазушылар одағы ішіндегі «Қаламгер» мейрамханасына бір атадан тараған ағайындар кешкі сағат алтыда жиналдық. Көкеміздің туған күнін қалай атап өтпекпіз? Өз ортамызда той иесінің өзі жоқ. Өзағаң қайда? Бір сағат күттік. Жоқ. Екі сағат күттік. Жоқ. «Бір шұғыл шаруасы шығып қалған шығар, тойды бастай берейік, кешіксе де кеп қалар» деп жаюлы дастарханға жайғастық. Көкеміз көрінбейді, кімге тілек айтамыз? Алқақотан жиылған ағайындар бір-бірімен шүйіркелесіп, әжік-күжік әңгімеге көшті. Той ортасынан ауғанда алпысқа толған ағамыз жалғыз өзі жарқ етіп көрінді-ау әйтеуір. Бәріміз қол шапалақтап қарсы алдық. Өз тойына өзінің кешігіп келген себебін бір-ақ ауыз сөзбен түсіндірді.
– Орталық комитеттегі жиналыстан қазір шықтым, – деді, – Совет одағы тарады!
Үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін тосын хабарды естіген елдің бәрі үрпиісіп қалды. Әуелгіде «Әкең өлді!» дегендей естілді. Сенбедік. Аузымыз ашылып, аңырдық. Төбемізден жәй түскендей бір сәт Өзағамыздың түріне қарасақ… О, ғажап! Арқасы кеңіген адамдай арқа-жарқа. Жүзі жайдары. Коммунистік партияның құз басынан құлағанын қуаттағандай, өкініш табы өңінен байқалмайды.
Сыр алдырмайтын сырбаз аға-мыздың ішінде ұлт мүддесінің байыпты бағдарламасы жатқанын ол кезде аңғармадық.

ШАЛАЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ

Он айдай Мәдениет министрі боп істеген Өзбекәлі Жәнібеков 1987 жылдың соңына таман Қазақстан компартиясы орталық комитетінің идеология хатшысы боп таққа отырды. Қалпағымды аспанға атып қатты қуандым. «Бір адам таққа отырса, қырық адам атқа отырады» деген. Әй, енді менің айым оңынан туатын шығар. Саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналында жауапты хатшымын, енді бір секірсем Бас редактор боп қалуым мүмкін. Реті кеп тұр. Он екі жылдан бері осы журналдың отымен кіріп, күлімен шығып, келем. Сатиралық төрт-бес жинағым шығып, есімім елге танылды. СССР Жазушылар одағының мүшесімін. Өзағама барайын. Өтінішімді айтайын.» деп шештім. Белді бекем будым да, есігін қақтым. «Сүт сұрай келіп шелегімді несіне жасырайын», мақсат-мүддемді баяндадым. Меселімді қайтарып, жекіңкіреп сөйледі. «Ара» журналының Бас редакторы» деген құрғақ атақтың саған не керегі бар? – деп дүрсе қоя берді. – Ол жұмыс сенің қолыңды байлап, аяғыңа тұсау салады. Шідерленген ат секілді алысқа ұзап шаба алмайсың . Одан гөрі шығармашылықпен айналыс. Соған көбірек ден қой. Сені шыңға шығаратын шығарма ғана! Отырған орныңды емес, оқырманыңды ойла. Олардың обалына қалма!
Шаруам бітті! Шалқайып барып, еңкейіп қайттым. Іштей өкпеледім. Қазір бажайлап қарасам, менікі – шалалық, о кісінікі – даналық екен.
Профессор сыншы інім Құлбек Ергөбек те мен секілді бұрылған, мен секілді ұрынған. Ол айтады. «Бірде Өзағама барып, «Көке, осы мені неге бір жерге бастық қоймайсыз, өмір тәжірибем де, іс тәжірибем де жетерлік емес пе?» дегенім бар. Сонда «Қарағым-ай, сенің мінезің жұмсақ қой. Сен бала жыласа, қоса жылайтын жансың, айлакер емес адамсың. Пысық айла, тәсілің аз, тура мінездің адамысың. Осы жазушылығың жетпей ме, кімнен кемсің?» деп кесіп тастаған.»
Құлбек менен гөрі жастау ғой. Оныкі шалалық емес, балалық.

озбекали-3

ӨЗАҒАМНЫҢ ЖҮЗІМІ

Жексенбі болатын. Оянғаным сол…Таңалакеуімде телефон шырылдады. Көтердім. Жұмсақ биязы дауыс. Үні, сөз саптауы таныс. Бірақ танымадым. Аман-саулықтан соң:
– Бүгін қолың бос па? – деді.
– Сіз үшін уақыт табамыз ғой, көке! – дедім оңтүстікше орағытып.
– Онда қазір үйге кел. Дачаға барамыз, – деді «бейтаныс» көкем.
– Қай үйге барайын? – дедім кім екенін білгім келіп.
– Менде қанша үй бар еді? Бір-ақ үй ғой, – деді о кісі де алдырмай. «Ойпырмай, кім болды екен?» деп аң-таңмын.
– Көке, үйге кірмей-ақ қояйын. Далаға шығыңыз. Қай көше мен қай көшенің қиылысында тұрасыз? Сол жерге барайын.
– Сен онда былай істе. Әлгінде Керімге телефон соқтым. Машинаң бар ғой, соны үйінен алып, маған кел.
Керімді білем. Пірімқұлов. Парламент мәжілісінің депутаты. Сол бауырыма телефон шалдым.
– Кереке, көкеміз дачаға шақырып жатыр екен, – дей беріп ем:
– Иә,иә! Қазір ғана сөйлестім. Өзбекәлі ағамның дачасын көрген жоқ ем. Жақсы болды! – деп қуанғандай рай танытты.
Оһо-о-о! Өзекең екен ғой. Өзбекәлі Жәнібеков. ЦК-ның секретары. Жақында ғана зейнетке шыққан.
Сонымен «соқамызды» сүйретіп Өзағаның саяжайына бардық. Халихан жеңгем немерелерімен сонда екен. Қауқылдасып амандастық. Алатаудың баурайындағы айналасы алты-жеті сотық аядай жерге аршыған жұмыртқадай үй тұрғызыпты. Үй деген аты ғана. Бір-ақ бөлмелі. Кіре берісте дәлізі мен шағын асхана. Болды. Бар-жоғы сол. «Жұрттар тастан сарай салғызып жатқанда көкемнің мұнысы несі?» – деп ойладым. Осы ойымның ағынымен:
– Көке, мына жерге біреу театр салып жатыр ма? – дедім көршісінің көк тіреген зәулім ғимаратын иегіммен меңзеп.
Жауап бермеді. Үн-түнсіз. Тіпті жүзінде «Сен не деп тұрсың?» деген ишара да жоқ. Өзім ыңғайсызданып қалдым.
Білдей бір депутат, бір сықақшы, сосын ЦК-ның секретары үшеуміз түске дейін жер аудардық. Өзағаң шаршамайды. Күрегіне сүйеніп сәл-пәл демалады да әрі қарай кіріседі. Баяғы бала кезден кейін қолымызға кетпен-күрек ұстаған емеспіз, екі рет еңкейсек ентігіп қаламыз. Осыны байқады ма қайдам, Халихан жеңгей:
– Біреулерді әкелсе сөз қылады деді ме, ағайын болғасын екеуіңді шақырды ғой, – деді аяушылық білдіріп.
– Жо-жоқ, жеңеше. Қанымыз жүріп, адам боп қалдық! – деді депутат қайнысы тігісін жатқызып.
Түсте дастарқан басына жиылдық та, бұйырған дәмнен татып, тыныс-тадық. Әңгіме барысында:
– Ағаларың сондай, – деді жеңгем көкемізге өкпе-назын танытып. – Жұрт бір үйін екеу, екі үйін үшеу қып үлкейтіп жатса, ағаларың қызықпайды. Тіпті ондайларға аяп қарайды. Зейнетке шыққасын өкімет «Интернациональный» көшесінен үш бөлмелі үй берген екен. «Кемпіріміз екеумізге екі бөлме де жетеді» деп үш бөлмеден бас тартыпты. Соны естігесін дәулердің есігін қағып жүріп, үш бөлмелі пәтерді әрең қайтарып алдым.
Көкеміз жеңгейге көзінің астымен бір қарады да, қоя салды. Үндемеді. Не ойлады екен?
Мен енді көзіммен көріп,көңілмен түйгенімді баяндайын. Әңгімеміздің басы басталды да аяқталмай қалды ғой. Өзағаңның саяжайына оралайын. Түстен кейін жиі егілген жүзімдерді жегелеп, арасын сиретіп артылған оншақты түбін шетке қойғасын:
– Көке, – дедім сыпайылап, –баяғыда паркке барсақ, «Мына ағашты член Политбюро ЦК КПСС Пәленше Түгеншеевич еккен» деген жазуды оқитынбыз. Сіз кімнен кемсіз? Сіз де біз үшін член Политбюросыз. Осы артылған жүзімдеріңізді тамыры бусап тұрғанда біздің саяжайға апарып өз қолыңызбен ексеңізші. Бір жүзімнің түбіне «Өзбекәлі Жәнібеков отырғызған» деп жазып қоямыз.
Ойнап айтқанымды о, шіркін-ай, Өзағаң шындап көрді.
– Дачаң қайда? Кеттік! – деді. Апыл-ғұпыл ұбап-шұбап біздің саяжайға бардық.
–Көке, ырым болсын, өз қолыңызбен бір түбін қадаңыз! – дедім. Рахым Сатаев, Сағыныш Сариев секілді көрші-қолаңдарым Өзағаңды көргесін жиылып қалған еді. Ыңғайлы жерден шұқыр қазып, жеті түп жүзімнің біреуін өз қолымен отырғызды.
–ЦК-ның секретарына жер қазғызып қойған, әй, Көпен-ай, сен де пәлесің ғой! – деді көршілерім қалжыңға басып. Халихан жеңгей қызық оқиға айтты.
– Бұ кісі, – деді Өзағаға бұрылып, – комсомолдың бірінші хатшысы болғасын кейбір жиналыстар мен мерекелерге мені ертіп жүретін болды. Бір күні:
– Киін, кеттік! – деді.
– Қайда?
– Паркке.
– Өзің бара берші! – дедім.
– Сенсіз болмайды. Москвадан бір үлкен кісі келген екен. Сол кісі паркке ағаш отырғызады. Тәртіп бойынша біздер әйелдерімізбен барып, төңірегінде тұруымыз керек, – деді. Бардық. Аты-жөні есімде жоқ, бір еңгезердей орыс парктің бір шетіне шырша отырғызды. Қол шапалақтадық. Бітті. Қайттық. Келесі жылы шет жақтан тағы бір дөкей келген екен. Тағы да сол паркке бардық. Былтыр еккен ағаштың орны үңірейіп тұр. Оны жұлып тастап, дәп сол жерге әлгі бейтаныс дөкей жаңа шырша қондырды. Бәріміз қол шапалақтап қайттық. Келесі жылы тағы да сол шыршаның орнына жаңа келген біреу жаңа шырша екті. Көпен, сен сықақшысың ғой, осы көзбояушылықты жазшы! – деді.
Жаздым. «Жалғыз шырша» деген сықақ жаздым. Жеңгей берген идеядан туған сол сықақ өлеңім мінеки…

озбекали-4

ИТАЯҚ

Соноу жетпісінші жылдары Торгай облысы ашылғанда Өзбекәлі Жәнібеков сол өлкенің идеология жөніндегі хатшысы боп барды.
Қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбеков сол дәуірдегі Өзағаңның атқарған шаруаларын аузынан тастамай аңыз қып айтқанын талай естідім.
– Отызға да толмаған жас кезім, – дейді Серік аға көзбен көргенін кестелеп сөйлеп.
-«Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») осы облыстағы меншікті тілшісі болғандықтан Өзағаңның жанына ілесіп көп жүрдім. Неге екенін білмеймін, мені жақын тартатын. Сондай бір сапарда малшы ауылдарды аралап, айдаладағы шопанның ақбоз үйіне тоқтадық. Обком хатшысы келді деп бәрі бәйек. Киіз үйдің ішінде дастархан жайылды. Дәм татып сәл тыныстадық. Кетер кезде Өзағаң:
– Анау есік алдында жатқан ағаш ыдыс не ыдыс? – деп сұрады.
– Итаяқ! – деді шопанның әйелі.
– Итаяқ болса… Сол итаяқты маған беріңізші, Арқалыққа алып кетейін,-деп биязы даусымен өтініш жасады. Айналасындағылар «Обкомның хатшысы итаяқ сұрағаны несі?» деп аң-таң болды. Сол «итаяқ» Өзағаңның өзі ұйымдастырған Арқалықтағы өлкетану музейінің төрінде тұр.
Сөйтсек сол «итаяқ» XVII — ғасырда ағаштан ойып жасалған аса құнды астау екен. Бабалардың көзін көрген жәдігерді алыстан қалай аңдаған? Таң қаласың?
Ғасырлар бойы қалыптасқан қа-зақтың әдет-ғұрып, салт-санасы мен дәстүрі «итаяққа» айналып кетпес үшін Өзағаның атқарған шаруасы ұшан-теңіз.

АҚ БЕСІК

Белгілі сықақшы, жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлы қазақтың салт-санасы мен дәстүрі туралы әр томы диірменнің тасындай үш кітап жазғаны белгілі. Жазды дейміз-ау, жазған жоқ. Ел аузынан жинады. Жинақтады. Шөпшек тергендей терді. Зерттеді. Зерделеді. Түйді. Түйіндеді. Ол еңбектерін кейінірек қазақ, орыс, ағылшын тілінде бастырып «Өнер», «Атамұра» баспасынан әлденеше рет шығарды. Оқырмандар құнды кітаптың арзан-қымбатына қарамай пышақ үстінен үлестіріп талап әкеткенін білем.
– Сейіт аға,-дедім бір күні, — сіз әу баста әзілкеш боп жаралып, ғылым жолына қалай түсіп кеттіңіз? Әлде қызықтыңыз ба?
– Оның тарихын айтайын, — деп Секең ағынан жарылып, ақтарылды.
– Облыстық «Торғай таңы» газетінін жауапты хатшысы едім. Редакторымыз Ақтөбенің тумасы Нұқы Қартбаев деген кісі. Жұмыста отырғанымда:
– Сені обком хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақырып жатыр. Қазір барып қайт!- деді редакторым. Бетіне қарасам реңі қашып кеткен. Үрейлі. Сірә, «Менің орнымда алып қоюға әрекеттеніп жүр-ау?» деп іштей қауіптенсе керек. Бардым. Тапсырма берді.
– Қазақ халқының салт-дәстүрлері, дархан дастарханы, тұрмысы мен мәдениеті туралы ел аузындағы ескі әңгімелерді жина. Бүгіннен бастап осы шаруаға кіріс!- деді. Қаперімде жоқ нәрсе, қапелімде не дейін, қатты әбіржідім.
– Өзаға, мен облыстық газетте жауапты хатшымын ғой. Өзіңіз білесіз, оның жұмысы көп. Сіздің тапсырмаңызбен айналысуға уақыт бола қояр ма екен?-дедім.
– Жауапты хатшылықты басқа біреуге тапсыр. Бірақ сол айлықпен еркіндеу жүретін бөлімге ауысасың. Редакторыңа өзім айтам!- деді Өзағам. Келістім. Редакцияға келгенімше редакторыма тапсырма беріп қойыпты. Нұқы аға қуанғаны сонша құшақ жая қарсы алды.
«Өзағаңның тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындамаса ұят болады!» деп ойладым да құлшына кірістім. Мұншама міндетті маған неге жүктегенін кейін түсіндім.
Жас кезімде ағаш шебері болсам деп армандағам. Армандап қана қоймай ұста болам деп ұмтлғаным бар. Өз жиһазымды өзім жасап, үй ішіне қойып қоятынмын. Үйлендім. Перзентті болдым. Кіндігі кесілген жас баламды бөлейтін бесікті өзім жасадым. Баламнан несін аяйын, барымды салып өрнектедім. Сол бесікте екі қыз, төрт ұлым тербеліп өсті. Өзағаның ұйымдастыруымен ашылған облыстың өлкетану музейіне алты балам жатқан ақ бесікті тапсырған болатынмын. «Мынадай бесікті жасаған ұстаның ұлттық рухы бар» деп ойлаған-ау шамасы. Мені тауып алып тапсырма бергені де сол екен. Көрегендік емей немене?

ҚАНДАЙ ҚАЖЕТТІЛІК

Аманкелді ауданында өтетін шопандар тойына бара жатқан Өзағаң қасқа жолдың қақ маңдайындағы «Добро пожаловать!» деген жазуды көзі шалады. Алдынан шыққан аудан басшысына «Келген меймандарды орысшалап қарсы алу қандай қажеттіліктен туды?» дейді де үндемейді.
-Шопандардың алдында оқитын баяндамаң дайын ба? – дейді.
-Дайын. Мінеки…
Көз жүгіртіп қараса орысша жазылыпты.
-Қанша орыс қойшы бар? – деп сұрайды Өзағаң.
-Орыс қойшы жоқ. Бәрі қазақ…
-Қазақ қойшыларының алдында орысша баяндама жасау қандай қажеттіліктен туды? – дейді де баяндамасын көз алдында жыртып тастайды.
– Қазір барғасын қазақша сөйлейсің!
Ауданның бірінші хатшысы қара терге түсіп қазақ тілінде ауызша айтып шығады. Тілінің ұшынан емес, жүрегінің ішінен шыққан табиғи сөзге күллі шопан қол соғып риза болыпты.
Шопандар тойынан соң Өзағаң Арқалыққа қайтып бара жатып артына бұрылып қараса қасқа жолдың қақ маңдайына «Қош келдіңіздер!» деп жазып қойыпты.

ЖҮРЕК ЖҰТҚАН АДАМ

Іс сапармен Отар стансасына бардым. 1985 жылдың желтоқсан айы. Шағын қонақ үйде орын жоқ. Енді қайттім?..
– Люксте бір кісі жатыр. Соның ауызғы бөлмесінде бір диван бар. Соған жатасыз ба? – деді қонақ үйдің қожайыны.
– Жарайды.
Жайғастым. Бейтаныс кісімен амандастым. Екі көзінің нұры бар егделеу ер азаматпен таныстым. Аты-жөні Тастемір Байтелиев. Жалын атқан жас кезінде Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің құзырында бөлім меңгерушісі боп істепті. Қазір Жамбыл облыстық тұтынушылар одағының төрағасы екен. Жөн сұрастық.
– Қайдан келдің?
– Алматыдан.
– Туған жерің?
– Шымкент облысы.
– Оның қай жері?
– Шәуілдірден.
– Е-е, Өзбекәлі Жәнібековтің ауылынан екенсің ғой! – деді де әңгіменің тиегін ағытты. – Москвада өтетін бүкілодақтың бір жиынға Қазақстаннан 150 комсомол-жас бару керек. Олардың қайсысы қай облыстан, туған жылы мен ұлтын көрсетіп жазылған тізімді Өзекеңнің алдына апардым. Тұқшиып қағазға үңілді. Қарасам саусақ бүгіп санап отыр. Нені? Кімді? Білмеймін. Бір кезде алдына жатқан дәу қара қайшымен әлгі апарған қағазды турап-турап тастады да «Мәскеуге баратын 150 делегаттың жүзге жуығы орыс ұлтынан. Бұл қалай? Мәскеудегі орыстарға орыс апарып, орыстарды таң қалдыра алмайсың, – деді жай ғана жабырқау үнмен. – Жүз орыстың орнына жүз қазақ дайындаңдар. Қалғаны басқа ұлт болсын!»
Айтты – бітті. Тапсырманы тастай қып орындадық. Өзағаңның мұндай батыл қимылы ерлікпен парапар еді. Жүрек жұтқан адам ғой.
АЙҚАРАКӨЗ, МӘДИНА!

Қызылордадағы музыка учили-щесінен кейін Алматыдағы қыздар педагогика институтының музыка факультетінде оқып жүрген жас әнші Мәдина Ералиева «Ақбаян» әнімен әйгілі бола бастады да, кейін көгілдір экраннан көрінбей ізім-қайым жоғалды. Мәдина қайда? Не істеп жүр? Ешкім білмейді. Хабарсыз. «Ешкімге ұқсамайтын ерекше даусы бар еді, әншілікті бекер қойды-ау» деп уайымдап жүргенімізде бұлт арасынан шыққан алтын Айдай боп көрерменнің көзайымына айналды. Ақын Жарасқан Әбдірашевтің өлеңіне жазылған композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Кірмеші жиі түсіме» сияқты әсерлі әндерден кейін халық әні «Айқаракөзді» орындап, бар көрерменді баурап алды.
Бір ән кешінен кейін Мәдина екеуміз әңгімелестік. Өткен-кеткенді қозғап сырластық.
– «Ақбаян» әнімен атың жер жарды да, артынша көрінбей кеттің ғой. Себебін айтшы, неге? – деп сұрадым.
– Мен жоғалайын деп жоғалды дейсің бе? Жолым болмады.
– Жолың болмағаны қалай?
–Қос диплом қолымда. Бармаған жерім, қақпаған есігім жоқ. Мені ешкім жұмысқа алмайды, не «Қазақконцерт», не филормония, не театр… Бәрінің айтатыны «Даусың баланың даусы сияқты… Детский дауыс» дейді. Тауым шағылғасын ағалардың ақылымен кандидаттық диссертация қорғау үшін ғылым академиясына жұмысқа тұрдым. Тақырыбымды белгілеп, ғылым академисының архивінде отырсам Өзбекәлі аға өтіп бара жатыр екен, амандастым. Шырамытып тұрған кісідей бетіме қарап тұрды да «Мәдинасың ба?» деді. Мен бас изедім. «Мұнда неғып жүрсің?» деді. «Диссертация қорғайын деп жүрмін, аға» дедім. «Сенің бағың ғылымда емес, сахнада. Диссертация қорғамай-ақ қой, көп болса Қазақстанда бір ғалым кем болар. Ертең сағат он бірде маған кел!» деді. Жүрегім алып-ұшып айтқан уақытында жеттім. Ол кезде Өзағаң Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары болатын. Бағым жанды. Өзағаң құрған «Адырна», «Сазген» фольклорлық ансамбльдің белді мүшесі боп, әнім арқылы әлемді шарладым. Гастрольдік сапармен қаншама шетелдік көрерменге концерт қойдық.
–Айналайын Мәдина, оның бәрі белгілі. Ал тыңдармандардың аузын ашып, көзін жұмдырып таңқалдырған «Айқаракөз» әнін таңдауыңның тарихын айтшы. Жұрт білсін…
– Ол әнді орындау ойымда жоқ. Бір күні Өзағам «Халықтың жүрегінен туған «Айқаракөзді» орындап көрсең қайтеді?» деді. Күтпеген нәрсем. Ойланбастан «Ой, аға, ол ән өте күрделі ән. Менің даусыма келмейді!» деп басымды ала қаштым. «Айқаракөз» сені шыңға шығарады. Орында!» деп нұсқау бергендей сыңай танытты. Тәуекелге бел буып дайындалдым. Сан мәрте репетицияма қатысты. «Мына жерін олай айтпа, былай айт!» деп қоңыр даусымен қосылып әндеткенде, біраз нәрсені білмейтініме ұялдым.Егер Өзбекәлі Жәнібеков болмағанда… әнші ретінде бағым жанар ма еді, жанбас па еді. Бір мен ғана емес, бар қазақтың бағын ашуға барын салған ағамыз көреген ғой, көреген.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ

Жаңадан ашылған Торғай об-лысының әлеуметтік, мәдени мәсе-лелерін шешу мақсатымен ай сайын Алматыға келіп «Қазақстан» телеарнасы арқылы «Арқалықтан сөйлеп тұрмыз!» атты хабарды Өзағаңның өзі жүргізіп отырған. Не үшін? «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» өмір сүруіне болатын еді ғой. Жоқ, Өзағаң өйтпеген. Ұлты үшін ұмтылған, жаны жай таппаған. Вальс королі Шәмші Қалдаяқов пен жас ақын Мұхтар Шахановты облысқа шақырып, Торғай туралы ән шығаруды тапсырады. «Қосылған қос өзен секілді» екі дарыннан ерекше ән туады. Әннің аты – «Арқалықтың ақ таңы». Өзағаң құрған «Шертер» атты этнографиялық -фольклорлық ансамбльдің жас әншісі Отаркүл Мұқатова алғаш рет орындап, Торғай гимніне айналады. Қазір бұл әуенді Жұбаныш Жексенұлы шырайын келтіріп шырқап жүр. Өлеңіне мән бердіңіз бе? Ұлттық рухтың қаны қазақтың алпыс екі тамырында айналып тұрғандай. Өзағаңның көздегені де осы еді ғой.

АРҚАЛЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ

Жатырқап кетпе жаным,
Мен ертең аттанамын.
Жәудіреп от-жанарың,
Неліктен көп қадалдың?

Қайырмасы:
Қара көзіңнен мөлдір,
Торғай даласын көрдім.
Сен дала боп ендің
Өр тағдырыма.
Қара көзіңнен мөлдір,
Торғай тауларын көрдім.
Сен тау болып ендің
Өр тағдырыма.

Қанатқа қанат жалғай,
Пейіліңнен таң атқандай.
Тәңірім, еркем, сені
Мен үшін жаратқандай.

Қайырмасы:
Сенгенім, сүйіктімсің,
Шынардай иықтымсың.
Тек қана ұлт намысы
Сүюден биік тұрсын!
Қайырмасы:

Әйгілі композитор Әсет Бейсеуов:
– Шәмші аға, жақсы шығарыпсыз. Құтты болсын! – десе, жарықтық Шәкең:
–Торғайға барсаң әніңді сайлап бар. Әйтпесе Жәнібеков бөлмеге қамап қойып, ән шығарғанша шығармайды! – деп әзілдесе керек. Олай дейтін себебі де бар. Өнер адамдары, оның ішінде Шәмші Қалдаяқовтай халық қошеметіне бөленген дара дарынды қамап, қадағалап ұстамаса қолдан-қолға тимей кетуі әбден мүмкін. Ондай да оқиға болған. Әдемі ән туып, қамап қойған «қапас» бөлмеден шыққан Шәмші ағамыз Алматыға қайтатын күні табылмай қалған. Жоқ. Қайда? Ешкім білмейді. Бір білсе Серік Тұрғынбеков біледі дегендердің жорамалдары дәл келіп, Серік ақын арқылы Шәкеңді оңай тауып алады да, Өзбекәлі Жәнібековтің кабинетіне алып келеді.
– Бүгінгі рейстен қалып қойдың, қашан қайтасың? – дейді Өзекең түнеріп. Не дей қойсын. Жарықтық Шәмші:
– Бүгін қайт десе бүгін қайтам, ер-тең қайт десе ертең қайтам, арғы күні қайт десе арғы күні қайтам! – деп жауап қайырғанда қыртысы жазылмай отырған қиқар мінез Өзбекәлі Жәнібеков миығынан мырс етіп күліп жіберген екен.

ҰЛТТЫҚ БОЯУ

Түркістан қаласына Әбунасыр әл-Фараби мен Абайдың, Шәмші Қалдаяқов пен Елбасының ескерткішін орнатқан талантты мүсінші Тілеуберді Бинашевті білесіз бе? Білесіз. Жиырма жасында жамбасы жерге тимеген атақты палуан Қажымұқанның мүсінін Ордабасыға орнатып аты шыққан айтулы мүсінші, Өзбекәлі Жәнібековтің төл шәкірті. Күндердің күнінде сол Тілеуберді ұстазына мұң шағып:
– Өзаға, – депті, – менің бір өкінішім бар!
– Ол қандай өкініш?
– Москвадағы суретшілер академиясында оқысам шіркін деп армандаушы ем жасымда. Қолым жетпеді. Басқа өкінішім жоқ, аға.
– О жақта оқығаныңда қазақы қал-пыңнан айырылып, ұлттық бояудан жұрдай болатын ең. Сені қайта Құдай сақтап қалыпты! – дейді Өзағасы.
…Расында да солай-ау?

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *